АЛЛАҒА АЙТЫЛҒАН АРЫЗ
Жезөкшемін. Бірақ сіздер мені жеңіл жүрісті әйел заты екен деп ойлап қалмаңыздар. Кәдуілгі, сақал-мұрты тікендей, бұғағы бөдененің жұмыртқасындай еркекпін. Қытайлардың жасамайтын заты, қоймайтын аты жоқ. Олар әйел жезөкшелерді «тауық», әйелдерге тәнін саудалайтын мендейлерді «үйрек» деп атайды. Құлаққа тосын естілсе де, өзімді қазірше осы атаумен атап, елдікін ала тұрайын. Бізде мұнсыз да қазақшаланбаған, орынын таппаған атау аз емес.
Ағайды ағалап, апайды жағалап ере жүріп, мөрті келгенде бере жүріп дегендей университетті дәтке қуат бітіріп, табақтай диплом алған соң, ауылда екі жыл жұмыссыз сандалып жүріп, орта мектептің спорт пәні мұғалімі болдым. Бұл да оңайға тоқтамады. Әкем аудандық оқу бөлімінде істейтін бір танысына жалынып-жалпайып жүріп, неше миллион теңгенің басына су құюдың бодауына келді.
− Үкімет орны ғой, «өкімет өзегіңді талдырмайды» деген. Жақсы істе, «бай болып көргем жоқ, кедей болып өлгем жоқ» деген, елден алған қарызды тышқаншылап қайтарармын, қарызданып отырған жалғыз біз емес, көппен көрген ұлы той-ғой, ден сау болсын, балам! – деді әкем.
Мектеп директоры қырықты қырқалаған жасамыс әйел. Тәртіп-түзімге қатаң болғанымен былай шықса сылаңдап, қасы-көзі ойнап сала беретін, ажырасқан қылықты қатын. Әріптестерімнің айтуынша, білім бөлімі ме, басқарма ма әйтеу сол жақтағылармен әмпей-жәмпей. Тамыры тым тереңде. Көңілдесі бар-мыс…. «Үйректік» кәсібім міне осы жұмыс сапарыммен бірге басталды.
Аудан бойынша өткізілетін оқушылардың спорт жарысы жөніндегі жиналысқа барғамыз.
− Әнді, басқа жұмысың болмаса оқушыларды қалай дайындау жөнінде алдын ала ақылдасып алайық, − деді бастығым.
− Жарайды. Мектепке барамыз ба?
− Ой қой. Онда барсақ есікке маза жоқ. Маған ілес.
Дәмханаға бардық. Бастығымның қабағын бағып, ауызыма алып көрмеген арақты да көмейлеттім. Іш дегенде ішпесем, жұмыстан шығарып жіберер деген алаңдау басым. Мұрынын тескен тайлақтай өңкілдеп, үйіне барып қондым.
− Алғаш көргенде-ақ көзім түскен саған, − деді бастығым мойныма оралып, қыңсылап жатып. − Өзім құралыптастарды ұнатпаймын, керемет жігітсің, шөлімді бір бастың-ау, шіркін қара айғырым… Әнді емес әңгісің-ғой, әңгісің…
Сағат санымды көбейтіп берді. Арқар жалақ айлық не болады, жағдайымның тым мәз емес екенін білген соң, Kaspi-іме анда-санда ақша аударып та қоятын, айналайын жарылқаушым. Есесіне, оған төсек ләззатын сыйлаймын. «Тамақ байдан, ажал құдайдан» деп екі жеп биге шыққаныма мәз болып жүре бердім.
Жамандық жерде жатама. Бірер шаруа болғанда:
− Анауыңа айтшы-ей, − дейтін болды әріптестерімнің кейбірі.
Екеуіміздің қалыпсыз қатынасымыздан күбір-сыбыр көбейе түскенде, өз басын амандағысы келген төсектес бастығым ең соңғы рет пәтеріне ертіп барып, «сөлімді сығып, тулақ қып қақты» да, қолыма ақша ұстатып, мені жұмыстан шығаратынын айтты.
Қаладағы қаптаған жұмыссыздардың қатарына қайта қосылдым. «Дәніккеннен құныққан жаман», жұмыс іздестіре жүріп, той-томалақ, шарапхана, түнгі клуб дегендерден жасамыс әйелдерді торуылдадым. Бастық қатынның: «Біздей ұрғашылардың – қырықтан асып кемелімізге келіп толыса түскен шағымызда жыныстық нәпсіміз де күшейеді», – деген сөзі есіме мықтап орнап қалған. Бірнешеуімен аралассам да, біреуінің қалтасы таяз, біреуінің байы бар дегендей себептерден араластығымыздың ғұмыры ұзаққа бармады.
Нәпсің тояттап, жан көп қиналмайтын осы кәсіпті тәуір ұнатып қалдым. Көрінген қатынға сақалымды салып жүрген сандалбай кезімде, түбіме жеткен Екатеринаға жолықтым.
Таныс жігіттің үйлену тойына барғамын. Қайтуға беттеп есік көзіне келгенімде:
− Шақпақ барма? – деді жерлік қияр секілді мелжемдірек қатын. Қазақша сайрап тұр. Разы болып қалдым.
− Жоқ.
− Әкеліп берші, − деді қиылып.
Шақпақ әкеліп беріп жүре бергенімде, өңі салқындау ол жылы үн қатты:
− Қайда барасың, көлігіме мін, апарып салайын қаласаң.
Көзіме тігіле қарады. «Сылаң қатынды жылмаң еркек көзінен таныйды» деген рас, жанарынан жылт ете қалған тойымсыз нәпсі оты жанарыма лып етіп қонып, тұла бойыма жайыла жөнелді. Онсыз да қала шетіндегі тойханадан жарым түнде қалай кетуге басым қатып тұрған.
Міне сол таныстықтың арты Екатерина екеуіміздің көңіл қосуымызға жалғасты. Оның көңілдесі, көңілдесі деймін ау, «ойыншығы» болдым. Өзі үш қабат котеджде тұратын бай қатын. Жүрек аурудан тұтқиыл кеткен аса қалталы күйеуінің бар байлығын басып қалған. Ақшаны аямай береді, оның есесіне ойына келгенді істетеді. Оның көңілдесі болғаннан итаяғын жалайтын иті болған әлдеқайда абыройлы. Негізі мен оны емес, ол мені «илейді»… Ауызы темекі сасып, қарыны қатпарланып тұрса да ақша үшін ол маған «дәмді», «сымбатты». «Тебініме» еміне түскен сайын, одан ақша сұрап алуым да жиілей түсті. Ақша сұрауым жиілеген сайын оның мені «икемдеуі» көбейіп, сақсынуы артып, салғырттана бастағанын да ептеп сезем. Өз есебіміз өзімізде. Бұл «айырбасым» екі жылға жалғасып, әке-шешеме жаңа баспана салып беріп, сүйген қызымды алып, үйлі-баранды болдым.
− Ақша тапқаның жақсы, денсаулығыңды аяшы, жаным. Арқа етің арша, борбай етің борша болып, өзбектің қара мейізіндей семіп барасың. Сенің осы жұмысың да қызық, − дейтін әйелім кейде күндіз, кейде түнде «жұмысқа» баратын тұрақсыз уақытыма жіп таға алмай.
− «Тісің барда тас шайна» деген, жас күнімізде көбірек ақша тауып алайық, ұрпағымыз біздің аяғымызды құшып байлықтың үстінде отырып қайыр тілеп жүрер, − деймін.
Осы суық жүрісім ақыры түбіме жетті. Екатеринаның маған сырт беріп жүргеніне біраз болған. Үйіне неше рет бардым «сағынып». Кіргізбеді. «Енді мені мазалама, жігітім бар, есеп анық» деген жауап алдым. «Жақтырмаған бақсының демі сасық» дей тұрсам да, табыс көзінен оңай айырылғым келмеді.
− Күйеуіңе у беріп өлтірген құпиялығыңды ашамын, − дедім ақыры. Ол рас. Бір жолы Екатерина удай мас болып жатқанда сандығын ашып, ақша алып жатып, сандық түбінде жатқан шағын дәптерге көзім түсті. «Тауықтың түсіне тары кіреді», байлығының тізімі шығар деген ой сап ете түсті. Өмірінің елеулі бір сәттерінен үзіп-жұлып жазылған естелік екен. Кіммен ойнас болғаны, төсек қатынасындағы тырдай жалаңаш әрекеттер… Қызығып оқып отырып, жерден алтын тапқандай қуанып, бір бетін суретке түсіріп алдым: «Мен оны құлай сүйдім. Сүйгенім соншалық, кейде оны, тіпті, анасынан да қызғанатынмын. Бірақ, ол менен жеріп, басқа бір жас қызға көңілі ауды. Ажырасу ойында. Оның осы күнге жетуі ықпалы күшті, десі басым әкемнің арқасы. Арамызда бала жоғын сылтау етеді. Сондықтан оған XXXX жылы XX желтоқсан күні у ішкізіп, көзін жойдым. Дәрігерге пара беріп, жүрек шаншуы ұстап өлді деген анықтама жаздырдым. Мен үшін басқа еркек енді ойыншық ғана. Еркектерді қолжаулық етуім керек!»
− Пәлен күні кешке кел, сөйлесейік, − деді амалсыз.
Үйіне келдім. Шарап құйды, ішпедім. У қосып берер деген сақтық басым. Сұраған ақшамды алып, енді қайта іздемеуге келісіп жолыма түстім. Күнде жарқырап тұратын көше шамдары андыздап ғана жанып, бозамық сәуле шашып тұр. «Көп қабатты үйімнің өсімі жоғары қарызын қайтарып тастап, асқан ақшаға бір кәсіп көзін ашсам, қаржы қажет болса өзімен қоса әкесін де бопсалсам» деген ойда келе жатқамын. Артымнан біреу күшеп теуіп кеп қалды. Жол шетіндегі қақпағы ашық тұрған терең құдыққа төбеммен тік шаншыла құлап бара жатқаным ғана есімде…
* * *
Адал жарыма опасыздық жасаған лас денемді ертесі таңертең екі сақшы құдықтан шығарып алып, емханаға қарай алып жүрді. Мойыным үзіліп, шекем жарылыпты. Ұлы денем сау. Біреуінің телефоны шыр ете қалды.
− Өліп пе?
Екатеринаның дауысын жазбай таныдым.
− Өліпті.
− Ауызын ашып, бірер стакан арақ құйып жіберіңдер. − Орысша бұйрық беріп, қатқыл сөйледі. − Әрі қарай түсінікті шығар? Қалтасындағы ақшаны да сендер алып, қараларыңды батырыңдар, түге.
Олар ауашалау бір жерге тоқтап, водканы ауызыма құя бастады. Жансыз денем мандытып «іше» алмай, көбі мойынға ақты.
− Іш, − деп қояды құйып жатқан сақшы ыржалақтап.
Қарап отырып, мүрдеме де мыналарға да жаным ашып кетті.
− Болды, осы «ішкені» де жетеді. Қалғаны дәрігерлердің шаруасы. Ақшаны алдың ба?
− Кеше алғамын.
− Оқиға туылған маңдағы бейнебақылау ше?
− Бір күн бұрын үзіп тастап, «бұзылды» деген анықтама шығарып қойғамын.
− Жел шықпай ма?
− Шұрқ етпеңіз, басеке.
− Ақшаға мықты ие бол. Әдетімізше 60-40 пайыз бойынша бөлеміз.
Қайдан оқығаным есімде жоқ, ойыма мына бір сатиралық қайым тақпақ оралды:
− Халыңыз қалай, басеке, сақшы аға?
− Шүкір, өзің ғана батып жүрсің бе пайдаға!
− Жоға, беріп жүрміз ғой пайда бөлісін.
− Не? Өздерің алып қалдыңдар ғой көбісін.
− Алғысым шексіз, қалқансыз бізге әр қашан.
− Болмаспын. Не керек таппасам пайда бір ташан!
− Сонда қанша аласыз, ашық айтыңыз?
− Бересің бұдан кейін алпыс бес пайыз!
− Ойбай, басеке-ау, бізді аясаңыз етті!
− Жарылқауым керек қасымдағы топты.
− Тоба, нағыз қарақшы сіз болдыңыз ғой онда!
− Жоқ, қарақшының көкесі отыр жоғарыда.
− Ондай көп бере алмасақ нетесіз?
− Белгілі ғой. Жай-жайымызға кетеміз.
− Дос едік, сіз бүйтер деп ойламадым мүлде!
− Қайдағы достық? Біздерді байлаған ортақ мүдде.
− Айтқаныңыз қалжың ба әлде, шыныңыз?
− Жә, сау бол! Түрменің түбінде шіріңіз!
− Тоқтаңыз, аға, сұрағаныңызды берейік.
− Жарайды. Алғанымызға қарай іс көрейік!
− Алыңыз аға, мынау сіздерге алғыс ақша.
− Әріптестерім қорғаның болар пайда тапса!
− Жарайсыз, аға, жігітше міне келістік.
− Тапқаныңды суытпай, уағында бер «ыстық».
− Біреулер шағым бермекші, артымды ашып.
− Шұрқ етпе сен, арыздарын қоям басып.
− Тазаларсыз жолымдағы көлденеңді?
− Әрине, үстіндеміз бәріміз бір кеменің!
Ал, басқа ауданға мені алмастырса нетер едің?
− Артыңыздан мен де көшіп кетер едім…
− Бірақ, «майлы жілікті» жібере қоймас қасынан!
− Ха…ха, деген сөз бар: «Шіриді балық басынан»…
Бұлардың мына қылығын біреу-міреу көрсе екен деген үмітпен жан-жағыма жалтақтадым. Қастық қылғандай-ақ, жайшылықта адам аяғы үзілмейтін көшеден қылт еткен пенде байқалмады. Мүрдемді арнайы сараптау жасайтын емханаға жеткізді.
«Өліктің денесінде сырт қолдан салынған жарақат жоқ. У ішкені немесе қандай да бір жанға залалды заттар тұтынғаны жөнінде ешқандай белгілер байқалмады. Тосын сырқат жоқ. Өліктің құдықтан табылғанын назарға алсақ, удай мас күйде құдыққа жығылып, мойыны үзіліп өлген. Қандағы спирт мөлшері мас екенін дәлелдейді. Шекесіндегі жарақат басы құдық қабырғасына соғылғанда түскен» деген анықтама шығарды. Бәрін көріп отырмын. Қан тексеру қағазына неше күннің алдында мас күйде көлік жүргізген Дмитрий деген біреудің сараптамасын пайдаланды. Қастандығын жасырудың жолына төселіп алған Екатеринаның бәрін алдын ала жоспарлап, шешіп қойғаны белгілі.
− Жас, сымбатты әрі денелі екен, ағзалары қуатты. Сонысына қарай қымбат болады, − деп жатты сараптама жазып отырған дәрігер көңілдене. Адам өліміне қуанатын тәрізді.
Мүрдемді құшып, әке-шешем мен әйелімнің жылағанын көргенде қайтерімді білмедім. Олардың қатарында егіліп отырмын.
− Мүрдені соямыз, − деді жалақтаған бір дәрігер.
«Адам қолынан жасалған қастандықтан бір өлсем, мына қасаптар бір сойса, «мың өлу» деген осыдан өтпес. Мұнан артық қорлық та жоқ шығар бейшара денеме, мүрдені бұлай аяқ асты ету барып тұрған жауыздық, әділетсіздік қой» деп ойладым.
Жылай-жылай көзі қызарып, бір-ақ күнде жүдеп-жадап, жақ жүні үрпиіп кеткен байғұс әкем орнынан атып тұрды:
− Сойғаның не ей айтып тұрған? Көже қатықтан тарығып отырсың ба?
− Ішкі ағзаларын алып қалуымыз керек.
− Не үшін?
− Ағзаларын басқа науқастардың қажетіне пайдаланамыз. Өлі денені тірілер үшін пайдалану, бұл сауап!
− Өліктің заңды иесі біз шығармыз?
− Иә.
− Онда біздің мақұлдығымызсыз неге союың керек? Адам өлерде «ағзамды тегін арнаймын» деп өсиет қалтырса немесе мүрденің заңды иегері өз тарапынан мақұлдық берсе бір сәрі. Өліктің ағзасын тартып алу сауап емес, барып тұрған қылмыс!
− Жұмыс принципіміз бұрыннан бері осылай.
− Сойғызбаймын!
− Ұнамаса, – деп дәрігер кейін шегінді. − «Мас күйде жығылып өлген» деген анықтаманы күштен қалтырып, заң дәрігерінің сараптауына қайта береміз: у ішті ме, жоқ, есірткі тұтынды ма, тосын сырқат па деген мүмкіндіктерді қарастырады. Сойылады. Мүрдесін он неше күнсіз әкете алмайсыз.
Қойшы әйтеу, ырғасып жүріп әкем оған біраз ақша беріп, өлі денемді «сатып алып» ауылға тартты: «Келін, қарашаңырақтан шығарайық». Қалтасында сақшы мекемесі мен емхана берген екі бет анықтама.
Ауылда өлімге танысын-танымасын тайлы-таяғына дейін қалмай келеді. Қатарласа отырғандардың арасында көңіл айтуға адам келсе бетін басып дауыс шығарып, сұңқылдап, ел шыға бере күбір-сыбыр өсекке өтіп бірнеше туысым отыр. Бәтшағарлардың көз жиектері титтей де дымданбаған.
− Қарызын қайтара алмай өзіне қол салыпты дейді ғой, − деп күбір етіп еді, қатарындағы қайқыш ерін қатын:
− Бәсе, ұлымыз ақшаны күреп тауып жатыр дегенде-ақ бір шикілік барын біліп едім, − деп ауызын сылп еткізіп, бетін шымшыды.
Бітті. Тұтас ауылға енді осындай өсек түрленіп-түрленіп тарайды деген сөз. «Әттең, кенет тіріліп келіп көздеріне шұқысам еді, шіркін!» деп тісімді шықырлаттым. Өлім жөнелтудің дайындығын істеп бір топ еркек жүр тойда отырғандай қалжың айтып, қарқ-қарқ күліп. Тамға арқасын сүйеп біреу отыр жас сорпаны терлеп-тепшіп сораптап. Өз өлімімнің осы адамдарға ешқандай қадірі жоғын мықтап сездім. Тіпті, қоғамға да керегім қалмаған. Өлгенім де жөн болған секілді. Айыбы, «өлімтігімді көрсетіп алдым». Қаптаған қалың тойдан әбден мезі болған басым, мұндай өтірік-шыны аралас жылап-сықтауға қарап отыруды қыртысым сүймей, «әужайды біле берейін» деген оймен Бақиға қарай тарттым.
Бұл арада сұрқы бөлек сот жүріп жатыр екен.
− Ал, Альферд Нобель мырза, − деді сот төрағасы қабағын түйіп. − Нобель тапқан қопарғыш дәрі соғыстың құралына айналды, соның кесірінен фәни дүниеде қырылыс-жарылыс толастамай жатыр. Оны соттау керек деген арыз бойынша ашық сот ашып отырмыз. Не айтарыңыз бар?
− Құрметті судья, − деп сөзін бастады ашаң жүзді, дөңестеу мұрынды, отты көзді Нобель. − Құдіретті жаратушы Алла Тағала адамзатты жаратқан кезде, олардың бақуатты өмір сүруі үшін түрлі қазба байлықтарды да жаратты. Мен ол қопарғыш дәріні (динамит) тауды қопарып, қазба байлықтарды оңай алу үшін ғана жасадым.
Отырғандар ұясына тас тиген араша ду ете қалды:
− Солай.
− Дұрыс айтады.
− Сол бәленің кесірінен экология бүлінді.
− Тау-тас талқан болды.
− Шуламаңыздар. Уәжін тыңдайық, − деп сот төрағасы көпті тыныштыққа шақырды.
− Алла берген қазба байлықтарды тесемен, күрекпен қазсаң да, динамитпен партылатсаң да жұмыр жер бәрібір қорс-қопа болады. Осы заттың себебінен көп адам азапты еңбектен, басыбайлы құлдықтан құтылды. Қазба байлықтың игілігін ел көрді. Ал оны соғысқа пайдаланса, оның жазасын өздері тартулары керек. Мәселен, жан-жануарлар шөлін бассын деп Алла өзен-бұлақтарды жаратты. Алланың бұйрығынсыз қурай сынбайтынын білесіздер. Жаңбыр қатты жауып, сел жүріп, адамдар тасқыннан зардап шексе, оған кім кінәлі? Жаңбыр жауғызған Құдай ма, жоқ әлде, дайындықсыз өкімет пе? Немесе сел өті екенін біліп тұрып сай ауызына қоныстанған тұрғындар ма?
− Рас-ау!
− Мынау өзін Құдаймын демекші ме-ей!?
− Осы қопарғыш бәлені жасағаныма өзім де қатты өкіндім. Жауыздыққа арқау болып, осының кесірінен жазықсыз жандардың опат болғанын білгенде, көз жасымды көлдеттім. Оны Құдай көрген шығар… Осы опығымның орнын толтыру үшін, өнертапқыштықтан тапқан ақшамды адамзаттың игілігіне арнап, «Нобель сыйлығын» жолға қойдым. Өз өсиетімде бұл сыйлықты «Физика», «Химия», «Әдебиет», «Физиология немесе медицина» және «Бейбітшілік» саласындағы әйгілі ғылыми зерттеу, мәдениет немесе қоғам дамуына, әлем тұрақтылығына зор үлес қосқан жұмыстар үшін беруді жазғамын. Кейін, 1969 жылдан бастап «Экономика» сыйлығы қосылып, жалпы алты түрге берілетін болды. Пәни дүниеге қосқан осы үлестерім әрине Алланың назарынан қағыс қалмас деп сенемін! Алайда, тұтас адамзаттың тек ат төбеліндей ғана парасаттылардың еңбегінің жемісін малтап, «алма піс, ауызыма түс» деп отырғанын жасыра алмаймын. − Нобель сәл кідіріп, судьяға қадала қарады. − Құрметті судья мырза, үстімнен түскен домалақ арызға мынадай уәж айтқым келеді: Ісмер атты ұста көптеген өткір пышақ, бәкі соқты делік. Әрине, нан турап, ет кесіп жеп, тұрмыс қажетіне пайдалану үшін. Сол пышақты сатып алғандар қазір ет жүректі пенде түршігетін жауыздыққа қолданып отыр, осындайда пышақ соққан адам сотталуы керек пе? Сөзім тәмәм.
Сот алқасы ақылдаса келіп, Нобельдің үстінен түскен арызды орынсыз деп үкім шығарды. «Әділ шешім болды» деп ойладым.
− Жұмаққа тек мұсылмандар кіреді деуші еді ғой? – деп сұрадым қасымда тұрған біреуден. − Анадайда тұрған Эдисонды нұсқап.
− Тура уағызшылардан: «адамдарға жақсылық жасағандар, ғалымдар, ғұламалар, тура жолға бастағандар жұмаққа кіреді» дегенді естіп пе едің? – Ол өзіме сұрау тастады алая қарап.
− Естігенмін.
− Онда тұтас адамзат мәдениетіне үлес қосқан ол кірмей, шенді мен шекпендінің тоқымында, желіккен жесірдің тақымында жүрген екеуіміз ғана кірсек жөн болғаны ма?!
Жаман өсегім осы жерге де жетіп болған. Тайып тұрдым.
Неше жылдың алдында қайтыс болған ауылдасыма жолығып қалып, аман-сәлем жасадым. Руластығы да бар. Тозып жүруші еді, өңі тәуір, шырайлы. «Қатты қиналып тұрмын», − деп қарыз сұрағанда бермеп едім.
− Бақидың жағдайы қалай, ағасы? − дедім жағдайдан хабар табайын деген ойда.
− Сен де келдің бе, айналайын? Маған бермеген ақшаңды мұнда ала келмедің бе? – деп қыжырта күлді. − «Өзекті жанға бір өлім» деген, хан да қара да осы бір жұмыр жерден өзіне мәңгілік пана табады, бақи дүниеге барған соң бәрі тең болады деп ойлаушы едім. Бұл ойлағаным далбасалық екен.
− Сонда?
− Жұмақ та неше облыс, ауданға бөлінеді. Алғашында әруақтардың бәрі бір өңірде жасаған екен. Кейін бір-бірлерін мүйіздеп, қайшылық туыла берген соң өңірлерге бөліп орналастырыпты. Өңірге бөлінген соң әрине оған басшы да, шабарман да керек. Тозақпен шекаралас өңірлер сұмдық ыстық. Ол жерге барғандарға жағдай жасау саясаты да бар. Адамдар бақида теңелу үшін, пәниде де тең болулары керек екен. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген мақал есіңде ме?
− Есімде.
− Есіңде болса, бұл мақал бақиға да үйлеседі. Пәни дүниеде алған білімі, қоғамдық орны, жинаған байлығы ұқсас болмаған соң, бақиға барғаннан кейін де кедей мен бай, мансапты мен бұқара тіл табыса алмайды екен. Сонымен, байларға, мансаптыларға, ханға, қарашаға табиғи бөліну туындайды. «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген де рас болып шықты. Құлдық сана қанына сіңгендер мен жағымпаздар патшаға, мансаптыларға, ақсүйектерге жарамсақтанып, жемістің тәуірін үзіп, жылы-жұмсақ әзірлеп, шарбат дайындап, арқаларын ысып беріп, солардың қабақтарын бағып құрша жорғалап жүр. Басқа өңірлердегі хор қыздарын да таныстырады. Бір жеміс бағының қақпасын қараймын. Күзетшімін. Жағдайым пәнидегіден тәп-тәуір.
− Бірақ, бағана бір ашық сотқа қатыстым, өте әділ үкім шығарды ғой.
− Адам разы боларлық ондай әділ үкім сенің өлкеңде некен-саяқ болғанымен, біздің өңірде өте әділ әрі жария! Оның үстіне сот тек бір-ақ рет өтеді. Алланың дәргейінде тұрған соң, қара қылды қақ жармасына амалдары жоқ. Інім, адамдар үшін өлім ең әділ деп ойлайтынмын. Ана табиғаттың заңдылығы бойынша болғанда, жас өсіп, кәрі көз жұмуы керек. Өлім де әділ емес екен. Тосын келген пәледен көз жұмып жатқан қыршын жастар қаншама!? Аянышты тарихты бағамдай білетін азырақ зердең болса, «Желтоқсан көтерілісінде» өкіметтен нәпақа алып отырғандардың көбі бұғып қалып, найза ұшында кілең жастар кетті. Сол боздақтар тарихи бағаларын толық алды ма? Менше, жоқ. Ұлт тағдыры үшін шыр-пыр болған солардың басына келген өлім әділ ме, сенше? Әділетшіл, ұлтшыл сол жастардың көбі тірі болғанда, қазіргі жағдай басқашалау болар ма еді!? Оны айтпағанда, өлім әділ болса, жұдырықтай бейкүнә Айкөркем неге оққа ұшты? Жемқорлыққа, жауыздыққа қарсы шығып, қастандықпен мерт болғандарға келген өлім әділ деп ойлайсың ба? Қастандық жасап, қан ішкендердің, жай бұқараны қан қақсатқандардың кейбірінің заң жазасынан қағыс қалып, Алланың да қаһарына жолықпай тірі жүргеніне таңмын! Өлім әділ болса, осындайларға бір зауал келер еді. Осылардың күнәләрінің зардабын кейінгі бейкүнә, ештеңеден хабарсыз ұрпақтары тартсын делік. Бұқа үшін бұзау шажылы болудың қай жері әділдік?! Бір елдің жерін, байлығын иемденіп алу мақсатында қозғалған соғыстан қырылып жатқан бейкүнә бұқараға, балаларға келген өлім әділ ме? Өз қолымен жаратқан жұмыр жердің жілік майын сорып болып, енді басқа планеталарға ауыз сала бастаған, мүдде, байлық үшін бір-бірлерін қынадай қырған тойымсыз, нысапсыз үмбеттерін бақылап отыра-отыра Алла да жалығып, кей нәрсені көрмеске салатын секілді. Бақылаумен отырып әбден шаршап, кейде қалғып та кете ме деймін!? Ха….ха… Бері қара сен бала, бір тәуірі бақида ақшаның керегі жоқ. Елден қарыз, банктен кредит сұрап та жаманатты болмайсың! Егер ақша қолданылатын болса, шендіге жегізіп, өзі де жеп үйренгендер пара беріп періштелерді сатып алудан тайынбайды. «Алтын көрсе періште жолдан тайыпты» дегенді шығарып жүргендер де дәл осындай жылпостар. Пәниде адам болып жасап, бақида адам болып жүргенім үшін Аллаға мың мәрте алғыс айтамын.
− Неге?
− Ол кісі барлық жан пендесіне тең көзбен қараушы еді. Жануарлардың адамдардан аяусыз азап тартып, куғын-сүргін көргеніне, қырып-жойылғанына шыдамай, келешекте адамды жануарға, жануарларды адамға айналдырып жібереді екен деген сөз шығып жүр. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды», байқайым, сол сөз тегін емес. Ана жаққа қара, қабырғасы ырсыйған торы атты қамшымен сабалап, тепектеп бара жатқан кісіні көрдің бе? Көрсең, торы ат бұрын осы «адамның» иесі болған деп жүр «құдайға бір табан жақындар». Жә, сау тұр. Айта берсек сөз көп. Жұмысыма барайын. Қолың тисе, баққа кел, ағаң тұрғанда жемістің ең дәмділерін таңдап аласың! Туыспыз ғой.
Жарты күн жол басып, (бақида бір минут бір сағатқа тең) бір өңірге келгенде, «Оташылық орталығы» деген маңдайшадағы жазуға көзім түсіп, солай беттедім. Ер адамды жазбай таныдым.
− Ассалаумағалайкум.
− Уағалайкумассалам.
− Сіз аты аңызға айналған «киелі емші» шығарсыз?
− Үстінен түстің. Өзің қай баласың?
− Пәлен аудандікімін. Неше күннің алдында қайтыс болғам. Бақиды көзден кешіріп жүрмін. Жетім өтіп, жолхатым дайын болғанда қайта келемін. Көне кәсібіңіз бұл жақта да дүркіреп тұрған секілді ғой?
− Бұл дүниеде ішіп-жем, ауа-су дегендердің бәрі абсолютты таза. Сондықтан адамдар мәңгі қартаймайды да ауырмайды. Жығылып-сүріну себебінен болған сынықтарды тегін саламын. Тек оташымын.
− Аяқ астынан хабарсыз кеттіңіз ғой?
− Иә, ата-бабамнан жалғасып келе жатқан қасиетті өнерге мұрагерлік етіп, «киелі емші» атандым. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай сынды елдерден де ем іздеп келетіндердің аяғы толастамайтын. Алмас, тотияйын, күкірт, сақар, сынап, сыр сынды химиялық улы заттарды қойдың құйрық майына өлтіріп, құрт ауруын емдедім. Құмайдың асқазанына дәрі шөп араластырып, жай асқазан ауруларын қойып, асқазан рагін де жаздым. Қойдың, құлынның терісіне орап, жаңа сойған малдың жынына немесе бұлауға салып, жел-құз ауруларын қоймадым. Менің себебімнен абыройынан айырылып, табысынан қағылған аудандық емханадағылар бизнесімді тартып алып, өзімді осында ерте «аттандырды». Қастық жасағандар пәниде жазаланбағанымен, қазір бәрі тозақта тозып, азапты малтап жүр.
− Осы өнеріңізді жалғаған шәкіртіңіз бар ма?
− Ұлым шет мемлекетке барып, сонда жалғастырып жатыр. Ол білмеген кей емдер жөнінде түсіне кіріп, аян беремін. Әй, − деп ауыр күрсінді ол. − Өз ұлтына еңбек етсе жақсы болар еді. Оған зәтте болып қалған жүрек шіркін…
− Әруақтардың аян беретіні шын екен де. Тұтас дүниенің адамдары бар, науқастармен қалай сөйлесесіз?
− Ой айналайын, жұмақ дегеніміз тұнып тұрған «ана тіл әлемі» емес пе! Тек өз тіліңде сөйлей білсең барлық адам ұғады.
− Қалай?
− Көкем-ау, не қалайы бар! Мәселен, араб па, ағылшын ба әйтеу басқа бір ұлт адамына неміс әруақ тек неміс тілінде сөйлесе ғана қарсы тарап толық түсінеді, ағылшын немесе басқа бір тілде сөйлесе, ешкім ұқпайды. Ана тілінде сөйлей алмайтындар бұл арада ешкіммен тілдесе алмай, тілі бар мылқауға айналған соң, жаратушы оларды жануарлар әлеміне апарып тастаған. Туыс-туғанға да бұл жөнінде аян беріп жүрмін, өнімі қалай болар екен? Әй, ұмытшақпыз, ұмытшақ. Сөз қонбай ма деп қорқамын!
− Жұмақтағы күндеріңіз көңілді болсын!
− Е, балам-ай, білмейсің ғой, Жұмақ дегеніңмен бұл жер мен үшін әлі тозақ.
− Бұл не дегеніңіз, ағасы?
− Өлгенде хор қызын аласың дегендері шылғи өтірік болып шықты. Ойлашы өзің. Еркектер түгел хор қызын алса, өлген ұрғашылар шетінен байсыз қалмай ма? Пәниде жесір жүргендердің қасіреті аз ба?! Біздің қыздарға жетпегені енді бақи дүниенің жесірлігі ме еді!? Хор қызы дегені, өзіңнен бұрын не кейін келіп, ай дидар, ақ тамақ, ұлпа ерін қас сұлудың бейнесінде қасыңнан табылатын қатының. Бір түйгенім, адамның сырт келбеті қанша өзгергенімен, адамдық болмысы мен мінезі мүлде өзгермейді. Жасырары жоқ, қатыным Айнұр отбасын сабалап, көрші-қолаң, туыс-туғандармен мүлде шығыспаған атақты көкбет, танымал долы еді. Қазір сол кісімен бірге тұрамын. Отбасыңда береке, құлақта тыныштық болмаса, тозақ емей не?! Жолыққанша аман бол, айналайын, ол «жауыз» келе жатыр, әне, − деп жұмысына айнала берді.
Біраз өңірді аралағанда, әлгі туысымның айтқандарының шын екеніне көзім әбден жетті. Белгілі аумақты тұтас әулеті үшін меншіктеп алуға қам жасап жүргендерді де көрдім. Өңір басшысы бола қойсам деп қанжілік болып жүргендер де байқалады. Пәни дүниеде ұлтының болашағын емес, өзінің алашағын ғана ойлайтындар еді. Шариғатта өлімді алаламау айтылса да, адамдар ат-атақтыларды бір сайға, жай бұқараны басқа бір жерге қоюды салтқа айналдырып, жансыз өлікті жерлеуді де дәрежеге бөлгендіктен, әруақтар да осыған масайрап, топқа, жікке бөлінетін секілді. «Адам тең болмай, заман кең болмайды» деп ой түйіндеп, Аллаға арыз жаздым.
Тұтас әлемнің жаратушысы,
шексіз құдірет иесі Алла Тағалаға
АРЫЗ
Аса құрметті жаратушы ием, сәлеметсіз бе! (Әрине сізге Ассалаумағаликум деп сәлем беруге келмейді)
Әуелі сізден кешірім өтінемін. Біз жақта өзара сәлем, сізге жасалатын мінәжат негізі араб тілінде ғана айтылады. Арызымды арабша жаза алмадым. Әрине, тірілерге жаздыра алмаймын. Жаздырдым деген күнде де, бәрі қымбатшылық. Екі ауыз арызға екі мың теңге сұрайды, сиырқұйымшақтатып уағында жазып та бермейді. Он сегіз мың ғаламның тілін білетін сіз қазақшаны түсінеді деп сендім.
Пақырыңыз жер бетінен көңілі толарлық әділдік таппаған жан еді. Жаратқан пенделеріңіздің байлық, мансап, абырой үшін қырқысып, берісі орайын тауып бірін-бірі орға жығып, арысы қастандық жасап көзін жойып жатқанын көріп-біліп отырсыз деген ойдамын. Он сегіз мың ғалам бойынша ақпаратты әр күні ең көп қабылдайтын өзіңіз-ау деймін. Мен де мезгілсіз жазым болған жанмын. Ажалыма сіздің бұйрығыңыз емес, өзім себепші болдым-ау деп ойлаймын. Қайтыс болған соң, бақи дүние жаққа барып тың тыңдап, жалпы ахуалды өз көзіммен көріп қайттым. Ол жақта да әділдік азайып барады екен. Сондықтан, Жұмаққа кіруден бас тартамын. Мені адамдардан аулақ бір жайға жіберсеңіз!
Өзіңіз жаратқан жан пендесі болған соң аты-жөнімді білер, алда-жалда ұмытып қалса, күнәләрімді қалт жібермей тізімдеп отырған сол жақ иығымдағы періштеден сұрар деген оймен, бүркеніш ат қалдырдым.
Құрметпен өзіңізге шексіз адал мүмініңіз:
Қанағат Мешкей Шүкірұлы
Пәни жылының 10 жұлдызы.
Бұлтқа жазған арызымды желге жүктеп жіберген соң, өлім шыққан жерге қайта оралдым. Жер бетіне қалың қара шымылдық тартылған. Тұтас атырап түнере мүлгіп тұр. Ауық-ауық байғыздың сұңқылы құлаққа жетеді. Күні бойы етегін жасқа шылағандар селт етпей тәтті ұйқыға шомған. Әр тұстан қорылдаған-пысылдаған дауыстар шығады. Әкем мен шешемнің қайта-қайта ауыр күрсінгенін естідім. Екеуі ғана ояу. Талай жыл дәм-тұздас болған денемді көрмекке сүйегім жатқан кілетке беттедім. Үйге келген сайын аяғыма оралатын қара ала ит көзі мөлтеңдеп, табалдырық алдында мелшиген күйі шоңқиып отыр. Әдетте тікірейіп жүретін құлағы да салпиған. Оң жаққа тартылған жұқа қара шымылдық ішінде өңім қуарып, сұлқ жатырмын. Құшағымнан түспейтін ақ мысық бетіме тесіле, жанары жасқа шыланып, бас жағымда мұрты дірілдеп отыр. Жансыз денемді күзеткен екеу. Біреуі нағашым, біреуі көңілім жақын әріптес мұғалім. Тошаладағы әлсіз электр шам қуаты жоғары шамға алмастырылған. Әңгімелеріне құлақ түрдім.
− Марқұм жастай кетті. Үлбіреген әйелі жесір қалды, – деді нағашым. – Өмірі әнді, өзі сері болсын деп ырымдап, атын Әндісер қойған. Жалғыз ұлын жұмысқа орналастырамын деп жапакеш әкесі тәуір қарызданса да, опалы ұл болып, әкесінің сол қарызын түгел жауып, жаңа үй салдырып берді. Бір жерден шығайын деп тұрған тамаша жігіт еді, жарықтық.
− Ой, сіз білмейді екенсіз ғой. Жұмыстан шығып қалғанына екі жылдан асқан.
− Не дейді? Білмейді екеміз. Ақшаны қайдан тауып жүр онда?
− Сатты. «Үйрек» болып.
− Бүйрек сатты дейсің бе?
− «Үйрек» болды.
− Онысы несі ей?
− Еркек жезөкше болды. Мұндайлар қазір көбейді. Аузыңыздан шығармауға ант етсеңіз айтамын.
− Жан баласына айтпаймын. Әкел қолыңды!
Әріптесім бар жағдайды баяндағанда, намыстан тағы бір мәрте өліп кете жаздадым. Дәл мендейлерге екі өлім де аздық етер. Кісі қолынан жазым болғанға дейін, намыстан қайтып өлмей тірі жүргеніме тұңғыш рет таңғалдым. Әр адам өмірдің қадірін, тірі жүрудің бақытын толық білу үшін бір рет өліп-тірілуі керек секілді. Әріптесімнің айтқандарынан білгенім, баяғы бастығым талайды тақымында ойнатқан аса тәжірибелі «аңшы» екен. Менің орныма бір жас жігітті алыпты. Бірақ, оның арам пиғылына балта шапқан намысты жігіт жұмыстан өздігінен босаған. Мауыққан мысықтай қыңсылайтын бастығымның «айқас» аяқтағанда айғыр қуған қулық биедей бусанып жатып: «Еркектер, сендер жас қыздармен ойнасаңдар болады екен, біз де көзіміз түскен жігіттерден сусындауға құқылымыз», − деп қуланатыны бекер емес екен.
− «Тесік моншақ жерде жатпас» деген, әйелі сұлу әрі жас қой, басында өзіне тиесілі үйі де бар. «Үйлі қатын күйлі қатын». Кезекті дүние ғой, ағасы, бұл марқұм суық жүріске түсіп жүргенде, әйелін торыуылдап жүретіндерді де білемін. Кейбірі өз ағайындары. Ескертуге үлгермедім.
− Есепсіз дүние қайда!? Жақыныңа опасыздық жасасаң, оның қарымжысын да қайтартады екен құдіреті күшті Алла. Иншалла, жан жарыңа адал болып, тек жүрген жақсы ғой. Арынан айырылған адам бәрінен айырылады. Көңілімізге тәупиық бер, Алла!
Көңіл айта келгендердің ішіндегі әлгі бір ағайынымның әйелімнің мойнынан көп құшақтап тұрғанын енді түсінгендей болдым. Орайын тауып құшырлана иіскеп тұрған болды, бәтшағар! «Сағындым, орайын тауып ауаша шық» деп сыбырлаған да шығар, ұлар-шу дауыстан ести алмай қалдым бәлкім. Қызғаныш өзегімді өртеп, шамды періп кеп қалып, шыға жөнелдім. Мысық болып мүлгіп, сүттен ақ, судан таза бейнеге еніп, ауызын қу шөппен сүртіп отырған бұл нағашымның ауылдағы бір жесір қатынмен әмекбас екенін де әбден білемін.
− Ой, тәубе, лампа сынып кетті, − деді әріптесім.
− Тіріні қойып өлгеннің артынан ғайбат айтқанымызды жаратушым жақтырмады, бисмилла, бисмилла, күнәмізді кешіре гөр Алла, − деп тәубесін үйіріп жатты нағашым.
* * *
Ұзақ күттірмеді. Жеті нәзірім өте сала арызыма жауап келді.
АЛЛАДАН КЕЛГЕН ХАТ
Ей, менің Мешкей мүмінім. Қазір «адал» деген атау сендерге лайық келетін қалпақ емес. Не жамандық істегендеріңді неге тез ұмытасыңдар түге? Ата-анасына, ұрпағына, жарына, халқына, отанына адал болған мүміндерді өзіме адал болды деп санаймын, әрине, табиғат анаға адалдығы да ескерусіз қалмайды. Өз тарапымыздың заң-тәртіптеріне сай үшбу арызыңды тәптіштей оқып шықтым. Уақыт тығыз, жұмыс қарбалас болғандықтан хатымды қысқа қайырамын. Арызды өз тіліңде жазғаның өте дұрыс болған. Бұныңа ептеп разы болып отырмын! Бейіш – ананың табанының астында. Ана тілге құрмет аяулы анаға деген құрмет!
Сен айтқандардың бәрі менің назарымнан қағыс қалған жоқ. Мен негізі адамдардан үміт үзіп те болдым. Адамдардың дені маған қарсы жұмыс істейтін Шайтанның бейнесіне еніп те болды. Көбінің ауызынан өз есімім түспегенімен, жүректерінде жоқпын. Басы ауырып, балтыры сыздап, бастарына күн түскенде ғана маған жалынады, жалбарынады. Аузында дін, жүрегінде жын! Бәрі ұмытшақ. Сонысына қарамай әсіре жұмақшыл! Жұмаққа барудан бас тартқан тұңғыш қазақ сенсің.
Жұмақтан да әділдік таппаған болсаң, рухыңды адам ретінде емес, басқа бір жануар ретінде қалыптастыру шешімін жасадым. Өйткені, хайуандар адамдардай озбыр, мешкей, нысапсыз емес. Тойса қанағат етіп жатады. Кейбірінің тіпті адамдардан да есті, жанашыр екенін өзің де естіп-біліп жүрген шығарсың. Жан үшін сырт күштермен арбасу, айқасу болмаса, оларда өзара қырқысу да жоқтың қасы. Сол үшін сені ендігі өміріңде мәшіге (есектің ұрғашысы) айналдыруды жөн көрдім. Қайта арыз жазсаң қабылданбайды. Өтінішіңді қабылдаудың өзі адамдық құқық нормаларына сай істелген шаруа. Адам бейнесіндегі хайуани күйден шынайы мақұлыққа айналып, нағыз табиғатымды таптым деп есептесең, жаңылмағаның!
Сен айтқан жағдайлар жіті бақылауымда болады. Сұраусыз қалатын шаруа мүлде жоқ, әркім өз істеген жамандығы үшін әйтеу бір күні түрлі жолмен жауап береді!
Өткізген күнәләріңді өзгеріп жасаған өміріңде адал еңбегіңмен жу!
Бақи жылының 17 жұлдызы.
Қаусылхан ҚАСЫМХАНҰЛЫ





