ТУҒА ОРАНҒАН КОМАНДИР
Мектеп қабырғасында болашақ академик Зейнолла Қабдоловпен, ардагер мұнайшы Рахмет Өтесіновпен бірге оқып, арқалы ақын Хамит Ерғалиевтың, Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған жалынды ақын Далабай Жазықбаевтың дәрістерін тыңдап, кейінірек өзі де соғысқа қатысқан майдангер журналист, бұрын «Ембі» деп аталған Жылыой аудандық газетін ұзақ жылдар бойы басқарып, білікті кадрлар даярлаған, туған өлкесінде баспасөз саласын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген Мұңал Далбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Оқырман назарына мерейтой иесінің екі әңгімесін ұсынбақпыз.
– Командирге аңғырттық жараспайды.
Кенет естілген дауыс, сөз жоқ. Наташанікі. Қайрат тоқтап айналаға аңдап қарады. Енді көрді, таяудағы шоқ қайыңның тасасында өңінен нұр төгіліп Наташа тұр.
– Наташа, қалқам менің.
Қайрат қарсы ұмтылды. Ыстық құшақтар айқаса кетті. Оттай жанған еріндерден бал таматындай, олар осылай ұзақ тұрып қалып еді.
Қияқтанған ай бозамық сәуле төгеді. Жас командир ертеңгі қалыңдығын таяу тұстағы шағын деревняға бағыттап, қолтықтап келеді. Ақырын ғана қылша белінен қапсыра құшады. Жиі тоқтап ыстық ернінен өбеді.
– Ертең жексенбі ғой, Наташа, ұмытқан жоқсың ба, – дейді Қайрат алдында айтқан әңгімеге қайта оралып. Одан әрі жастық көңіл шалықтап, қияға құлаш ұрады. «Ертең Кирсановка деревнясына барамын» деп қиялдап кетеді. Бұрын да бір-екі мәрте барған. Бірақ, ертеңгі бару мүлдем өзгеше. Кіреберіс маңдайы, терезесі мен еңкіштеу желқағары украинша әсем оюлап өрнектелген жеңіл есікті имене, иіле ашады. Биік табалдырықты сыпайы аттайды. Өйткені, қарт ата-ананың мәпелеп өсірген гүлі Наташаны қалындығы хақында қолтықтай кіреді. Мұндай өмірлік қадамға иіліп тұрып ата-ана, туыстардың келісімін сұрамақ.
– Папам мені өте жақсы көреді. Саған бермесе қайтесің? – Осылай деп Наташа наздана, сылқылдай күледі. Иығына асылады. – Папам мені бермеймін десе шығып жүре бересің бе? Сондағы сенің жүзіңді көрсем, Кайратик!
– Әрине, жасы үлкен кісімен егесу орынсыз. Жүре беремін, бірақ, сені алақаныма қондырып ала кетемін.
– Қалайша, папам мені бермесе де ме?
– Иә, өйткені, сенің жүрегің менен қалмаймын деп соғып тұрғанын әлдеқашан түсінгем. Екі жүрек біртұтас боп кеткелі қашан?
Жігіт осыны айтты да жас қыздың нұрлы жүзіне шынайы барлай қарады. Бетіне ойнап шыға келген батар күннің жалынындай қызыл сәуле тез тарап, қыздың өн бойын алып бара жатыр еді. Жалындаған жас жүрек жігіттің иығына асыла берді. Жігіт аялы жұмсақ алақанымен сәл демеп, иіле берген қызды белінен құшақтады. Көйлегінің етегін әнтек көтеріп, сусылдаған жұқа жібектің астынан теуіп тұрған қос анарын аймалап, дүрсілдей соққан жұдырықтай жүректің бір өзіне ғана арналған үнін тыңдады.
Ұзақ тұрып олар алдағы күндердің жоспарын құрады. Жас командир демалыс алып Наташа екеуі алыс сапарға, Қазақстанға аттанбақ. Қайраттың елі батыс шекараға тақау орналасқан тоғайлы өлкеден келіп, иіле сәлем етіп тұрған сындарлы келінді салтанатпен қарсы алады.
– Ертеңге дейін, шынарым менің!
Жас жігіт от шашып тұрған қыздың ернінен үзіле сүйді. Қызды қимастықпен қайта құшақтады. Тал шыбықтай бұралған екі дене бірігіп кеткендей. «Оларды ажырататын ешқандай күш жоқ» деп ойлап қаласыз.
Жас жігіт әскери бөлімшеге қарай адымдап келеді. Ойы, көңілі кейіндегі деревняда. Көк қақпаға сүйеніп, ізінен ұзақ қарап қалған тал шыбықтай қыз есінең шығар емес. Келесі кездесуге дейінгі арада талай сәт, қым-қуыт оқиғалар тізбегі өтерін екеуі де ойламап еді.
Полк штабы жанындағы басқару взводының солдаттары орналасқан палаткілерге таяп қалған. Сол сәт әскери дабыл ойнап қоя берді. Түнгі тыныштықты тілгілеген ащы үн құлақты жарады. Қайрат палаткілерге ұмтылды. Сәтте солдаттар шұғыл жиналып, сапқа тұрып үлгерді. Қарулары қолдарында.
– Командирлер, штаб бастығына!
Шолпан жұлдызы көтеріліп, шығыстан таң рауандап келеді. Батыстың жыртылып үлгермеген қараңғы пердесін тілгілеп самолеттер тізбегі көрінді. Полктің зеңбірек паркіне алғашқы екі бомба түсті. Келесі бомба штаб орналасқан казарма маңында жарылды.
Бөлімшелерге жауынгерлік тапсырма беріліп үлгерген жоқ. Штаб бастығы командирлерді жедел жинап, өзі терең білмейтын жағдайға бейімдеп жауынгерлік міндет қойып жатыр.
Штабқа жақын алаңқайда екінші бомба жарылды.
Штаб бастығы жарлық етті – «Лейтенант Жексенов, взводыңызбен штабты қорғауға кірісіңіз, полктің жауынгерлік Қызыл Туын сақтауға Отан алдында жауап бересіз».
Полк штабы автомашинаға тиеле бастады. Күн көтеріле батыстан жау танктерінің легі көрінді. Штаб тиелген бір машинаға снаряд түсті. Лейтенант осындай жан түсініп болмас қарбаласта полк туы жанындағы постыны таратып, туды гимнастерканың ішінен беліне орап алды. Взвод штаб машиналарына тосқауыл болып шегіне берді. Аздаң соң жау танктері бұлардың шебін бұзып, автомашина колоннасын жақын келіп атқылай бастады. Танктің тасасымен мотоциклге тиеліп келген солдаттар автоматтан оқ жаудырды.
Кезекті ұмтылыста лейтенант құлап түсті. Жауырыннан тиген оқ Қызыл туды пәршалап, кеуде тұсын тіліп өткен. Қасындағы екі жауынгер командирді қолтықтап ілгері ұмтылды.
Полктің медсанбатына жеткізілгенде туға оранған жас командир ес-түссіз еді. Гимнастерканың астындағы бірнеше жерден оқ тескен, қанға боялған полк туы сол бойда арнайы нарядпен дивизия штабына жөнелтілді.
* * *
Наташа ақырын басып үйге кірді. Өз бөлмесіне беттеген. Ниеті ата-анасын оятпай ұйықтап кету. Бірақ, жалғыз қызын күткен қарт ана сергек жатыр екен.
– Келдің бе, күнім? Тым кештетіп оралдың ғой.
– Ұйықтаймын, мама. Ертең қауырт шаруаларым бар. Мен ұзағырақ ұйықтап қалсам, оятарсың.
Анасымен қысқа тіл қатысқан қыз оңаша бөлмесіне еніп, шешіне бастады. Шытырма жібек көйлекті сусыта шешіп, шкафқа ілді. Ішкөйлегін түсірместен айнаның алдына келді. Бұрала тұрып өз-өзіне қызыға көз салды. Теуіп тұрған қос алманы мақпалдай жұмсақ алақанымен сипап өткенде жана ғана «ертеңге дейін» деп қимай қоштасқан биязы жас жігіттің алақан табы мен жылуы айқын есіп тұрғандай сезілді. Айна алдында бұралып тағы біраз тұрды да сәлден соң жұмсақ төсекке сүңгіп кетті. Кірпігіне ұйқы ұялар емес. Басына неше түрлі ойлар келіп, шырмаап алғандай. «Аз күннен соң осындай тар төсекте Қайрат екеуің жатасың» – дейді бірінші дауыс. «Жоқ!» – деп бұлқынады екінші дауыс. – «Ондай сәт әлі ілгеріде. Әуелі Қазақстанға барамыз. Ондағы ата-енеме иіліп сәлем етемін. Кейінірек оңаша бөлмеге төсек салады». «Айттым ғой, Қайрат екеуің бір төсекке жатасың деп. Балалы боласыңдар». Бірінші дауыс осылай өзеурейді. Екінші дауыс іркіліп, тосылып қалады.
Сөйтіп жатып ұйықтап кетіпті. Оқыс дауыстан селт етіп оянып, кеудесін екі қолымен көлегейлеп терезенің алдына келді. Күн көтеріліп қалған екен. Шағын деревняның күнделікті бей-жай қарекеті күрт өзгерген. Көше де адам толып жүр. «Наташа, Наташалаған» анасының ащы дауысынан селк ете түсті. Есік айқара ашылып, анасы табалдырықтан сүріне-қабына аттай бере құлап түсті. «Соғыс, соғыс!» деп естілер-естілмес күбірледі. «Қайдағы соғыс, шекарада Қайрат тұр». Осы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін жас қыз аңғарған жоқ. Ешнәрсе ойлап үлгеруге мұршасы жоқ. Кеудесін алақанымен басып, есіктен басын шығарып далаға көз жіберді. Көше абыр-сабыр. Кімнің не істеп жатқанын еш түсініп болар емес. Жұрттың бәрі әбігерленіп, ерсілі-қарсылы жосылып жүр. Жоспарлы қимыл-қарекет жоқ. Басшылық етіп, бағыт сілтейтін де сәт емес сияқты. Аспанды тілгілеп жау самолеттерінің бірнеше тізбегі шығысқа қарай өте шықты. Деревняға алғашқы бомбы түсіп, жарылды. Жаудың бір самолеті құлдилап келіп, пулеметтен оқ сеуіп жіберді. Бұл онсыз да үрейленіп тұрған адамдардың арасына от лақтырғанмен тең. Халық одан әрі сапырылысып кетті. Адамдар сеңдей соғылысады. «Шығысқа, шығысқа қарай!..» Осы бір каһарлы үн әр жерден естіле бастады.
Күн шаңқай түске іліккенде дереянядан шұбаған халықтың алды шығысқа бет түзеді. Әркім қолына іліккенін ұстаған. Біреуде дорба, екіншісі асығыс оралып, апыл-ғұпыл байланған киім-кешек арқалап барады. Кейінгі лектен сиыр жетектеген бір-екі қарт адам көрінеді.
Жедел жиналып Наташа да жолға шықты. Анасы жанында. Бұл жолдың қайда бастайтыны, қашан аяқталары ешікімге мәлім емес. Бірақ, тұрғындар тізбегінен үзіліп қалуға болмайды. Не болса да көппен бірге болу керек.
Жазғы жолдың шаңын көтеріп автомашиналар өте бастады. Арасында адам тиелген атты арбалар да көрінеді. Наташа солдаттар мінген автоколоннаға қол көтерген. Екінші тізбектегі автомашина шапшаңдығын сәл тежеді.
– Әкел қолыңды, бикеш!
Қыз өндірдей сұлу саусақтарын созды. Бірнеше солдат оны гүл шоғындай көтеріп әкетті. Наташа машинаға мініп үзгерді, бірақ анасынан көз жазып қалды. Мұндай қарбалас, қиындық пен қатерге толы сәтте еш қимыл-әрекетті саналы ой сүзгісінен өткізуге уақыт жоқ. Тағдырдың өзі ұстараның жүзіндей қыл үстінде түрған сәт. Сөйтіп, Наташа колоннамен ілгері кете барды. Солдаттардан білсе, бұл шекарада тұрған дивизияның медсанбаты екен. Ілгерілеп, ұмтылыңқырап барып жаралыларды қабылдамақ.
Қыз жөнін сұраған солдаттарға медицина училищесінде оқитынын айтты. Алдыңғы қатарда үнсіздеу жабырқау отырған капитан көзін ашып алды. Тал шыбықтай бұралған ақ борықтай әдемі қызға байыппен қарады. Аз іркіліп, ойланып қалды. Содаң соң ойын кенет бұйрық түрінде, әр сөзін қаққан шегедей нығыздап айтты: – «Осы сәттен бастап медицина қызметінің кіші сержанты боласыз». Капитан тағы іркілді. Қарауына келген жауынгердің фамилиясын білмейді екен ғой. Жағдайды тез топшылаған қыз орнынан атып тұрды: «Медицина қызметінің кіші сержанты Жексе… кешіріңіз Бурченко». Наташа фамилиясын Жексенова деп айтып қала жаздағанына қатты қысылды, қызарақтап қалды. Айнала қарады, бірақ, солдаттардың өңінен мұның ағаттығының астарын түсінген рең байқалмады. Дереу бойын да, ойын да жинап алды. Енді ол совет жауынгері. Өз қылығына өзі іштей күліп отыр. «Менің лейтенант Жексеновтың қалыңдығы екенімді бұлар қайдан білсін». Ішкі ойын әрі жалғастырды. «Бірақ мен қашан Жексенова болып едім? Мына дүлейдің қаншаға созыларын кім болжапты? Қайрат қайда, жаумен шайқасып жүрген болар. Ертең-ақ жеңіспен оралса, бір шалғайға, Қазақстанға аттанып бара жатады. Сонда жол айырығында көз жазып қалған анасын қалай кездестірмек?» Осындай сан-сапат сауалдардың шырмауында қалды. Шешімін таптырар емес.
Автоколонна Украинаның шағын бір қаласынан өтті де қалың тоғайға тіреле тізгін тартты. Шешім – осында дала госпиталін ұйымдастыру. Палаткілер орнатылып, дәрігерлер іске кірісті. Алғашқы жаралылар әкеліне бастады.
Екінші күннің ертеңіне машинадан жаралы офицерді түсірді. Палаткіге сүйемелдеп кіргізген солдат қысқа ғана мәлімет айтты: «Лейтенант Жексенов, взвод командирі. Жаумен алғашқы шайқаста жауынгерлік Қызыл Туды сақтап қалған. Осы операция кезінде ауыр жарақат алды».
Дәрігер жаралы лейтенантты ақырын ғана жатқызып, жүрек соғысын тындап көрді.
«Жағдайы ауыр» деді өзіне-өзі. Сөйтті де жәрдемшілеріне жарлық етті: «Кіші сержант Бурченко, командирдің жарасын тазалап, операцияға шұғыл әзірлеңіз».
Осы жарлықты құлағы шалған жаралы сол мезет көзін ашқандай болды да күрт әлсіреп, қайтадан жұма қойды. Есін жоғалтқандай. Оқ тескен өкпесі шуылдап, әзер тыныстайды.
Кіші сержант қыз жаралының ауыр жағдайын ышқына үзік тыныстауынан-ақ сезген. Қатты қиналып жатыр. Бірақ, шыдамдылық тізгінін берік тұтып, дыбыс шығармауға тырысады. Іштей ауыр қиындық сәтін бастан өткеріп жатқан командирдің бетіне қарауға шыдамы жетпеді. Гимнастеркасын ақырын шеше бастаған, Ішкі жапсардан еденге сағат сусып түсті. Көтеріп алды, алтынмен әрленген әйелдің қол сағаты. Қақпағындағы жазуға үңілген: «Сүйіктім Наташа, туған күніңмен. Қайрат. 23 маусым, 1941 жыл» деп жазылыпты.
Алғашында алтын түсті бояумен жазылған жолдардың мәні мен сыры жас қыздың санасына жетпеген. Оны өзіне қатысы бар деп ойлауға діттемеді. Бойдағы бар сабыр-қайратын жинап жаралы командирдің бетіне қараған. Сол сәтте жүретін қанжармен осып жібергендей ошарылып, алдында жатқан жаралының үстіне құлап бара жатты. «Қайратым менің» деуге тілі шақ келді. Қара жер дөңгеленіп, көз алды мұнартып кеткен. Өзі де есінен айырылып, сылқ етіп құлап түсті.
Оқыс дабырға палаткідегі дәрігерлер жиналып қалған. Жаралы командирдің тынысы ауырлап кеткен, көзін ашпайды. Оның жанында кіші сержант қыз сұлық жатыр. Бетінің ұшына дейін атқан таңдай бозамық тартқан. Әлгінде ғана піскен алмадай бал-бұл жанып тұрған өңінде тамшы қан жоқ. Көгіс тартқан ернінен анда-санда «Қайратым менің» деп сарқылған, ақырғы демдей үзілген емескі үн шығады. Дәрігерлер жас қыздың ауыр жан жарасын іштей түсіністі де өз істеріне қайтадан кірісті.
* * *
– Жолдас подполковник, кіші сержант Бурченко сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр.
Телефон трубкасын ұстап отырған егде подполковник кіші сержантқа отыруға ишарат етті. Аздан соң телефонды ысырып қойып, келушіге бұрылды. Госпитальдің бас дәрігері жауынгерлік жарлықты жария етпес бұрын алдында отырған талдырмаш қызға назар салып, барлай қарады. Ойланып отыр. Әлде сенім биігінен табыла қояр ма екен деп күдіктенді ме? Ұйқысыз өткен түндердің көзіндегі кірбінін сілкіп тастап, самайын қырау шала бастаған подполковник жауынгерлік бұйрық емес, жай ғана әкелік нұсқауын айтты.
– Қызым, саған ауыр тапсырма жүктемекпіз. Аяғы мүкіс, қолы кем қызыл командирді еліне жеткізуің керек. Шалғай мекен – Орталық Қазақстанға апарасың.
Қыз жүрегі дір ете қалды. Жүзіне қан ойнап шыға келді. Қайраттың жарақаты жазыла бастаған. Толық сауықтыру үшін елге жіберуге шешкен ғой. Бірақ оны жеткізіп салуды Наташаға неге жүктеді? Әлде бас дәрігер бұлардың ішкі сырын біле ме екен? «Мүмкін емес» дейді Наташаның ойы. Соғыс басталғалы бұл госпиталь алты айда сан мыңдаған жаралыға жәрдем етті. Көбі сапқа қайтып оралып, қас дқшпанға қарсы батырларша шайқасуда. Ауыр жаралылар емделуден кейін туған топырағына, туыс-бауырларына жеткізіліп жатыр. Қайраттан басқа емделіп жатқан қазақстандық командирді кездестірген емес. «Демек, Қайратты үйіне апаруға тиіс болғаным ғой», — дейді ішкі дауыс. Ол қарсылық білдірмек болды.
«Мен ол босағаның болашақ келінімін ғой. Жаралы күйеуімді жетелеп келгенім ерсі болмай ма?» Ішкі дауыс келекелей сықылықтап күледі. – «Мәселе оның ерсілігінде емес, Қайраттың мінезі белгілі. Ол сенің көмегіңмен елге барудан бас тартады». Олай шиеленістіруге жеткізбей, қазір барамын да бас дәрігерге бұл сапардан бас тартатынымды баяндаймын». Бұған ішкі дауыс қарсы дау айтады: «Сен әскери адамсың. Жауынгерлік тапсырманы орындамағаның үшін әскери трибунал алдында жауап беретініңді ұмытпа». Міне, осылай жан қиналысы, шытырманды ой тұйығында отырған Наташаға жол документтері әзір екендігі, оларды дәрігерден алуы керектігі ескертілді. Кабинетке имене енген, подполковник орнынан жеңіл көтеріліп, қарсы жүрді. Жаралы командирдің документтерін ұсынды.
Тапсырманы мүлтіксіз орындайтыныңа сенемін.
– Рахмет сеніміңізге. Тапсырманыңызды абыроймен орындаймын! — деген кіші сержант кері қарай бұрыла берген. Подполковник ақырын ғана қолын көтеріп, әңгіменің аяқталмағанын аңғартты. Қасына таяп келді. Жүзінен ерекше бір жылылық еседі. Талай ауыр жарақатты жауынгерге шипа әкелген аялы алақанын қыздың иығына салып, бетін өзіне қаратты.
– Қайрат екеуіңнің араларыңдағы жүрек тынысы маған көптен аян. Әлбетте мен оны сөгуден аулақпын, өйткені, жүрекке бұйрық жүрмейді, соғыс та бұған кедергі емес. Осы сапарда некелесіп оралсаңдар, өте орынды. Тек той жасауға асықпаңдар. Жеңіспен бірге тойлаймыз.
Бас дәрігердің қоңыр дауысы қызға алыстан талып естілгендей. Бірте-бірте қашықтап бара ма, қалай? Дүлей соғыс жүріп жатқан айларда қыздың жас жүрегі жылы сөз естімей қоңырқайланып кеткен.
Подполковниктің аузынан шыққан жылы лебіз осынау қатқылдана бастаған мұзды ойсырата бұзғандай болды. Қыз жүрегі елжіреп кетті. Көзінен төгілген моншақ жасқа ие бола алмады. Бас дәрігердің кеудесіне басын сүйеп, өзін-өзі билей алмай, солқылдап жылап тұрғанын бір-ақ білді. Бірақ соған ұялған да, қысылған да жоқ. Дәрігер де әкелік мейірімін төгіп, көз жасына ерік берген қыздың келте қиылған мақпал шашын ақырын сипап тұрған. Наташа басын әкесінің иығына сүйеп тұрғандай сезініп, ұзақ тұрды, өксігін баса алмай ұзақ жылады.
Златоуст қаласының орта шеніндегі жатағандау госпиталь үйінен екеуі бірге шықты. Оң аяғы кеміс жас командир медсестра қызға сүйеніп келеді. Командирдің бір қолы да мүкілеу. Оны қанша жасырмақ болғанымен байқалып тұр. Госпитальдан шығар сәттегі кикілжіңді әрқайсысы өз ойынша саралап әуре.
Жанжал аяқ астынан басталды. Жол қағаздарын алуға келген лейтенант өзіне жол серік болып кіші сержант Бурченко тағайындалғанын білгенде айрандай іріді. «Елге бармаймын!» – деді үзілді-кесілді. Сөйтіп бас дәрігердің қабылдауына ұмтылды. Оны байсалды тұрда тыңдап алған подполковник дауысын көтермей, баяу ғана бір сұрақ қойды:
– Сіз Совет Армиясының офицері боларсыз деп ойлаймын?
– Иә, жолдас подполковник, мен взвод командирі лейтенант Жексеновпін.
– Олай болса, бұйрықты орындаңыз. Совет Армиясының Уставы жараланған командирге де міндетті екенін естен шығармағаныңыз жөн.
Сонымен олар жол үстінде. Соғыс жылдарындағы жол азабын жүрген ғана біледі. Кинельде екі тәулікке тарта поезд күту екеуін де титықтатып біткен, әскери комендантқа әлденеше дүркін кіріп, жағдайын айтты. Ақыры комендант Орта Азияға бағытталған әскери эшелонды тоқтатып, оларды медсанбат вагонына зорлықпен орналастырды. Бұл составтан Орынборда тағы да түсіп қалуға мәжбүр болды. Ақыры арада сегіз күн өткенде Қарағандының вокзалына да жетті. Қайраттың шешесі колхозда еңбек етеді. Қала мен ауылдың арасы шалғай, отыз шақырымға тарта. Наташа Қайратты әскери комиссариаттың жанындағы медпунктке орналастырды да өзі көлік іздеуге кетті.
Оның бағына колхозға баратын қарт кезікті. Түйе шанасы бар. Бір ғана адам алуға келісті. Наташа жаяу еріп отыруға ұйғарып, жаралы жауынгерді шанаға орналастырды. Сөйтіп, арқаның ызғары мол, қалың қарлы қысында жолға шыққан.
Көлік иесі қарт адам ақжарқын, әңгімешіл адам болып шықты. Азғана жүрген соң бір жасаңдау адамды түсіріп, Наташаны шанаға отырғызды. Оның қарсылығына назар аударған жоқ.
– Ұзақ жолды әңгіме қысқартады», – дейді біздің халық. Кімнің баласысың?
Көлік айдаушы Қайратқа тесіле арады. Қайраттың әңгімеге зауқы жоқ. Үйіне жақындаған сайын өз жағдайын қайталап екшейді, ой елегінен өткізеді. Наташамен ара қатынасы да бұрынғыдай емес сияқты ма, қалай? Мынадай мүгедек жағдайда сылдыраған сындарлы қызды сүйемін деп қалай айта аламын? Осы ойының ұшқының жол үстінде қызға сездіргенде ол ыршып түсті.
– Мен мәңгі сендікпін. Егер саған тиген оқ менің аяғымды алып кетсе, сен менен бас тартар ма едің? Жоқ, жоқ, жоқ!..
Жас қыз өксіп жылап жіберді. Көпке дейін тыныштала алмаған. Кеше кеште оқыс шешім айтты.
– Сенің батылың жетпейді. Сондықтан ертең үйдің босағасын аттағанда, анаңа «мен сенің келініңмін» деп өзім жария етем. Менің бойымда сенен болған екі айлық бала бар. Ұл туып беремін деймін!
Осындай сан қилы ойлардың шырғалаң шатқалында малтып келе жатқан Қайратты қарттың сұрағы тұңғиық түбінен жоғарыға кенет суырып алғандай болды. Ол қартқа жаңа көргенде аңырая қарады. Содан соң сабасына түсіп, сауалына ойысқан.
– Қарқара бойындағы егінші ауылда көрікші-ұста Жексен деген болған. Мен соның…
Қарт онын сөйзін аяқтатпай іліп әкетті.
– Тоқта, тоқта! – деді ол екі қолын кезек сермелеп. – Сен кәдімгі Сәлима кемпірдің ұлымысың? Байжанның жиені болдың ғой. Демек менің де жиенімсің.
Қарттың ортақ таныс-туыстарды еске алуы ұзаққа созылды. Біраздан соң жігіттен қайда, қалай жарақаттанғанын сұрады.
– Батыс шекарада алғашқы күні жараландым. Оң аяғымды тобықтан жоғары кесіп тастады. Қолымда да жарақат бар.
Қайрат осылай деді де тоқтап қалды. Ауылға барған соң да талай рет оралатын, тіпті таусылмайтын тақырып деп түйіндеген ол полктің қызыл туын оқ пен оттың арасынан алып шыққанын, осы ерлігі жоғары бағаланып, жауынгерлік Қызыл Ту ордені берілгеніне айтпай іркіліп қалды. Бұл тақырыптағы әңгімені әзірге қозғағысы келмеді.
– Мынау қыз өзіңе тесіле, мөлтектей, төгіле қарайды екен. Келін емес пе, сірә? – деп қалды бір уақытта.
Сәуегейлігі, көрікпелі бар ма мына кісінің? Бұл Қайраттың ойы. Жауап қатқан жоқ. Бірақ жүзі қызыл бояуға малынғандай болғанын өзі айқын сезіп отыр. Соны жол серігі байқап қалмаса деп қымсынып, өңін көрсетпей теріс айналды. Алақанына дейін күйіп барады. Осынау аязда тері малақайын шешіп, бір сәт қалтасына тықты.
Қарт адам үзілген әңгімені жалғастырып, ауылдағы жаңалықтарды айта бастады. Мұның бәрін селсоқ тыңдап отырған Қайраттың назары мына бір хабарға елең етті.
– Ауылға сонау Украинадан көптеген босқын келді. Сенің үйіңде де бір кемпірлеу әйел тұрады.
Қыстың көзі қыраулы, бұлыңғыр аспан сықырлаған аязбен астасып, қалың ақ көрпе жамылған жер-ананы тұмшалап алған. Аяздан інжу ілген шағын тоғайдан асып, оңға бұрылғанда ауылдың шеті көрінді. Міне, бұл Шиелі. Қайраттың туған топырағы, өскен мекені осы шалғайдағы шағын ауыл. Әскер қатарына аттанғанша тұрған құбақан мекен үйі көзіне оттай басылды. Соның арасынша шана да сол үйдің алдына тізгін тартты. Бәрі түсіп жатыр.
Қыз ақырын ғана қолтықтай сүйеп Қайратты шанадан түсірді. Жаралы жауынгер өз жағдайынан қорынғандай, балдағын ұстаған жоқ. Қыздың иығына сүйеніп, барынша ақсағанын көрсетпеуге тырысып, қақпаға қарай беттеген. Екеуі ақырын жүріп келеді. Үйден кім шығар екен?
Ішкі үйдің есігі ашылды. Ескілеу тон киген қартаң әйел көрінді. Қайрат іркіліп қалды, анасын көремін деп күткен, бірақ ол көрінбеді, үйдің есігін басқа әйел ашты. Сонда анасы қайда? Осы ойдың шешуін таппай аңырап қалған Қайратты ебедейсіз ілгері сүйреп, Наташа алға ұмтылды,
– Мама! Анашым!..
Анасы да құшағын жая қарсы жүгірді.
– Наташа! Таптың ба мені!.. Мынау кім?.. Қайрат қой, жаным-ау!.. Екеуің бірге келгенсіңдер ме? Қайдан білдіңдер, менің мұнда екенімді?
Әйелдің есі шығып кеткен. Жан дауысымен айқай салды.
– Адамдар!.. Көршілер, көріңдер!.. Наташам мен күйеу балам іздеп тапты мені!
Қайраттың анасы қорада жүрген. Жан ұшырған дауысты естіп, ол да шықты.
– Мынау менің Наташам мен күйеу балам Қайрат, танысып қой! Бір бөлмені осыларға бер, екеуімізге бір бөлме жетеді ғой! – деп бастырмалатып жатыр.
Қайраттың анасы аңырап қалды. «Мына әйел ақылынан адасқан-ау, шамасы. Әйтпесе, өз баламды өзіме таныстыратын не орны бар? Оны күйеу балам дейтіні қалай? Қайратым әлі үйленген жоқ. Мынадай сұрапыл соғыс жүріп жатқанда жеке бастың жағдайын ойлауға мұрша бар ма? Түк түсінсем бұйырмасын»…
Қайраттың анасы буыны босап, бойын билеуге жарамай, отыра кетті. Дүлей дауылдың – сұрапыл соғыстың отына шарпылып, ұзақ жолдан талықсып жеткен жауынгер ұлын құшақтап, бетінен сүю де есіне келмепті. Осындай бей-жай күйде отыра берді, отыра берді…
ӘКЕ СЫРЫ
Кешкі дастархан әдеттегідей кешірек жайылды. Шеткі бөлмедегі ескіріңкіреген диванда жатып аяқ дыбысынан үйдегі барлық қимыл-қарекетті бұлжытпай сезіп жатырмын. Ләйлә келін жұмыстан күндегі уақытында келді. Өз бөлмелеріне кіріп, біразға дейін шықпай қойды. Ас бөлмеде әдеттегідей кешірек көрінді. Плитканы жағып, ыдыс-аяқты сылдырлатып, кещкі астың қамына кірісті.
Жарас та жұмыстан оралды. Келіншегіне қысқа тіл қатты да телевизордың алдына отыра кетті. Арасында бүгін келген газеттерге үңіледі. Балалар өздерінің бөлмесінде сабақтарын даярлауда. Аракідік Мараттың оқыс дауысы естіледі. Жанарға орынсыз тиіседі де оның қолы тиіп кетсе дауыс көтереді. Дереу анасына жүгіреді. Көбінесе өзін жақтайтынына сенімді.
Шағын әулет кешкі тамаққа жиналдық. Мен жатқан бөлменің есігін жұлқи ашқан Марат:
– Ата, тамақ ішеміз! – деп дауыстады. Әдеттегідей оң жақ бұрышта сүйеулі тұрған ала таяқты қолыма ұстатты. ШапаныЙмды иығыма жапты. Бөлмелердің орналасуы мен дәліз жадымда жатталып қалған. Ақырын келіп дастархан басына отырдым.
Ләйлә Жарасқа қабағын шыта қарап алды да әңгіме тізгінін өз қолына алды.
– Аташка! – деп бастады да біраз іркіліп, тосылып қалды. Бұлай қатқыл басталған лебізден жылы, ілтипатты реңк күтпейсің. Бұрын да байқап жүргенмін. Намысыма тиер әңгіме осылай басталады. Бірақ «шыдам керек» деп өз-өзімді сабырға шақырып, сөзінің ақырын тостым.
– Аташка, – деді Ләйлә тағы қайталап. – Біз шаршап жүрміз. Демалып қайтуымыз керек. Соны мына Жарас кеш бойы мүләйімсіп Сізге айта алмай отыр. Еркектің де осындай батылсызы болады екен.
– Е, оларың жөн. Мені Жанаржан бағады да. Жылда сөйтіп жүрген жоқ па?
Ойымды аяқтатпай Ләйлә қайтадан килікті.
– Жылда солай болған. Биыл басқаша болады. Балалар да демалады. Оларды да Кавказға жібереміз.
«Күннің қату тартқанын жауырыныммен сезгенмін. Бірақ, бұлт ашылар, азды-кем нөсерлетіп өтсе несіне тарыламын», – деп өзімді-өзім жұбаттым. «Маған не істе дейсіңдер сонда, ұлым?» Жанарымның нұры жетпесе де жүзімді Жарасқа бұрдым. Ұлымнан қолдау күтпегенде кімнен күтемін? Билікті сол айтқаны жөн. Осы шаңырақтың бүгінгі діңгегі сол емес пе!
Менің тілсіз сауалымды ұққан ұлым баяу тіл қатты.
– Папа, бізге демалу керек, – деп құптауымды күтті. Мен үнсіз бас изедім. Қарсы шығар жағдайым бар ма?
– Сіздің де демалғаныңыз жөн деп едік.
Осыны айтты да кілт тоқтады. Сөзден де, ойдан да тосылғандай.
– Менің әр күнім демалыс емес пе? Осыдан артық қандай демалыс бар?
Осынау сөз аузымнан қалай шыққанын өзім де аңғармай қалдым. Бірақ оғаш айттым деп опынғаным жоқ. Тек келіннің әлгі сөзі жүрегіме шаңшу боп қадалды. Шынымен, осы үйдегі бас қамқоршым Жанаржан демалысқа аттанса маған кім қарайды? Төрт бөлмелі жасақталған үйді кімге сеніп қалдырмақ? Бөлме сайын екі-үш кілем, гарнитура, сылдырлаған хрусталь, мұның бәрін Ләйлә маған сеніп демалысқа жаймашуақ аттанады деп айта алмаймын.
Үнсіздік ұзаққа созылып кетті. Тылсым тыныштық, шешілмеген түйін жанды жеп, ойды пәрелейтіні белгілі. Сондықтан тұңғиықтай тұмшалап тұрған осынау қалың пердені серпіп, ілгеріге жол, бағыт-бағдар сілтейтін өрелі шешімді аңсадым. Сайып келгенде әңгіме менің тағдырым хақында. Осыған дейін, шынымды айтсам, өз болашағымды таразы табағына тастап көрмеген екем. Өз шаңырағым, өзімнен тараған ұрпағым аман болсын деп қанағат тұтатынмын. Тағдырдың соңғы сағаты да осы шаңырақта, балаларымның алдында соғарына ешқашан шек келтірген емеспін. Ал бүгінгі, дастархан басындағы әңгіменің райы дәстүрден тыс, желге қарсы серпілетін сияқты, осындай ойлар көңілімді әр саққа ала жөнелді. Өз-өзіме тоқтау айтып, сабырға шақырып бақтым.
– Папа, – деді Жарас зорлана сөйлеп, – сізді Бозайшыққа орналастырайық. Сонда біраз демалыңыз.
Бүгінгі әңгіменің осылай сыңарезулей тартарын бірден-ақ байқап едім. Бірақ әлі де үміт жібін үзгім келмейді. Бозайшық маған жақсы таныс. Облыста жұмыс істеп жүргенімде талай болған жер. Жайық өзенінің құйылыс иіріміне әдемі орналасқан. Жеміс-жидек өсіріп, сауын сиыр бағатын совхоз бар мұнда. Гурьевтен Оралға тартылған асфальт жол шағын мекенге таяу өтеді. Жолдың оң бетінде «Автовик» деп аталатын ықшам санаторий бар. Ал сол бетте – қариялардың пансионат үйі. Ұлым Бозайшықты аузына алғанда, өзім бұрыннан білетін осы екі мекен ойыма оралды. Бірақ, ол анығын ашып айтпады, мен де сұрамадым. Өйткені, оны сұрасам тілім-тілім боп жарақаттанып үлгерген жүрегім одан әрі пәрелене түсер еді. Мен мұны қажет деп тапшадым.
* * *
Ұйқысы қашқан адам түнгі уақытты шығындайтын жол іздейді. Бұрын да аракідік ұйқым бұзылатын. Ондайда ой орманын саралаймын. «Өткен күнде белгі жоқ» деген халық нақылына жүгінемін. Кейде осы тұжырым теріс пе деп қаламын. Өйткені, әр күннің, тіпті әр сәттің өзіндік өрнегі, келешекке, тарих бетіне жазар қағида-нақылы бар емес пе? Елеусіз, белгісіз өткен күн жоғалған теңге іспеттес. Рас, өткен күнді елемей, оның қадір-қасиетінің байыбына бойламай өткізетін сәттеріміз де көп. Мұны бәріміз мойындауға тиіспіз. Мен де бұл жайдан аулақ емеспін. Жұмысбастылықпен күннің қалай өткеніне, бедер-белгісіне мән бермедік қой. Сөйтіп, нағыз саналы кез – жүмыс үстіндегі жылдар тасқын судай өте шықты. Ол жылдардың өмірімізде қалдырған бәрімізге ортақ белгісі – көбіміз жүйкені жұқарттық, денсаулықты қисынсыз өрге итермелеп мүжгіледік, тоздырдық. Алпыстың асқар биігіне үзеңгі сілтегенде өзім ұзақ жыл жетекшілік еткен үлкен мекеменің коллективі сый-құрметпен пенсияға аттандырды. Сол мәслихаттан соң көп жыл қызмет бабында пайдаланған ақсұр «Волга» бәйбішем екеуімізді соңғы рет үйге әкеліп салды. Өмірдің келесі бір кезеңі осылай басталған. Шынымды айтсам, бұған көп өкінгенім жоқ. Ұлымыз ер жетті, инженерлік диплом алуына көмектестік. Жарас менің пенсияға шығып, әулетіміздің қала ішінде мінетін жеңіл автомашинасыз қалатынын алдын-ала болжағандай жүргізушінің куәлігін алып алған. Енді әлі де ұмытыла қоймаған беделімді салып, жеке машина сатып алуға итермеледі. Сөйтіп, қырық бес жыл еңбек еткенде жиғанымның біраз бөлігін беріп, «ГАЗ-24» жеңіл автомашинасын алдым. Бәйбішеммен ақылдаса келіп, аспан түсті көгілдір машинаны осы келіннің босаға аттаған тойында ұлыма сыйға тартқанмын.
* * *
Көп ұзамай аз мезгіл сырқаттанды да қатерлі дерт бәйбішемді алып кетті. Өмірдің ауыр тауқыметі мен үшін енді басталды. Жоқ, әділін айтсам, қиын сәттің босағама қағылған қазығы келін түсірген кез екен.
Ілкі жылдары келіннің олпы-солпы қылығына, шатырлақтау мінезіне кешіріммен қарайтынбыз. Ол да менің балам, оны тәрбиелеу, өмір жолына бағыттап жіберу аталық парызым деп санадым. Осындай пайымдау, ішкі түйінді күні бүгінге дейін ұстанамын. Табиғатымнан шыдамдымын, құрдастарымның арасында аракідік мақтанып айтатыным да бар, оның несін жасырайын. Бірақ шыдамның да шегі бар ғой. Өйткені, табиғатта ешнәрсе шексіз емес.
Ұлы Отан соғысының ел арқасына аяздай батқан ауыр жылдары мектепті аяқтап үлгермей еңбекке араластық. Мұнайлы Ембідегі озат кәсіпорын Ескене мұнай өндірісіне жұмысқа тұрдым. Аз ғана ай оператор болып істедім. Көп ұзамай кәсіпшіліктің комсоргы болып сайландым. Мұнайшы коллектив белсенді еңбегі, жоспардан тыс өндірген жоғары сапалы мұнайымен Одаққа әйгілі болды. Үш тоқсан бойы үздік шыққан біздің коллективке Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызылтуы ескерткіш ретінде сақтауға қалдырылды. Осы салтанат сәтінде мұнай өнеркәсібінің наркомы Байбақов бір топ жұмысшыға бағалы сыйлық ұсынды. Мен алтын сағат алдым. Отан соғысының ыстық демі есіп тұрғандай осы сыйлық мен үшін қастерлі де қасиетті. Дүниеге қызықпайтын едім, бірақ осы сағатты мәңгі ескерткіш ретінде тұсыма іліп қойдым. Бірде сол сағат жоқ болып кетті. Дүниеқор болып көрінбейін деп ешкімге ештеңе айтпадым. Біреуі хабарын жеткізер деп күттім. Арада бірер күн өткенде Жанарым ентелей жүгіріп келді: «Ата, сенің алтын сағатың апамның құлағында ілулі тұр». Сонда Ләйлә келінім менің қырық жылдан астам қастерлеп сақтап келген сағатымнан сырға соқтырғаны ма? Жанарымның балдырған көңілмен аузынан төгілген әңгімесін тындаймын.
– Апамның бұрыннан үш сырғасы бар. Бір тойда қызметтес келіншек бес сырға, төрт алтын сақинам бар деп мақтаныпты. Сол кештен апам қатты ренжіп оралды. Келе папама тиісті. «Табысың аз» деді.
Жүйке жұқарғанда алдыңды аңдамайды екенсің. Келінім де бұл тақырыпқа оралмай қойған соң, бірнеше күн өткізіп, «Қарағым, Ләйлә, соғыстың қатерлі кезінен қалған бірден бір ескерткіш осы сағат еді, оны менен алғаның жөн болмады» дедім. Менің жай ескертпе деп айтқаным Ләйләға найзағай ойнағандай әсер етті. Бар бояуы бетіне шапшып, көзі шатынап біраз үнсіз отырды да бөлмеден шыға жөнелді. Бар айтқаны:
– Подумаешь, үйде жатқан шалға сағат не керек? Жұмыстан кешігіп бара ма?!
Оған күйеуі ілесе шықты. Араларындағы ұзақ әңгімені естігенім жоқ. Кейін Жанарым айтқан.
– Апам ұзақ жылады, көп сөз айтты. «Жас өмірімнің бар қызығы ауру кемпір-шалды күтумен өтетін болды», – деді.
* * *
Арада бірнеше күн өтті. Ұл мен келіннің қимыл-қарекетіне құлақ түріп жатамын. Одан аңдағаным – бәрі жолға шығуға қамданып жүр. Келесі кеште менің бөлмеме де шағын қолсандық кіріп қалды. Әзірге аңдап жатқаным – оған менің жазғы жеңіл киімдерім салынды. Не қажеттігі хақында менімен ешқайсысы пікірлеспеді. «Бұл кісіге қысқы киім де қажет қой» деген Жарастың күңгірттеу дауысын естіп қалдым. «Немене бар, қажет болса қалың пальто кигізіп жібереміз». Бұл Ләйләнің жауабы. Біраз күбірден соң дауысы қайтадан құлаққа шалынды: «Төсекте жатқан адам пальто киіп қайда барады?»
Жан жарасы жүректі осып жібергендей сезіледі. «Менің тағдырым неге менсіз шешіледі?» – деймін іштей. Осы сауалды неге жария етпеймін оларға? Бірақ менің дауысымды кім тыңдайды, кім естиді?.. Жанарым ғана есітер. Бірнеше күннен бері ол да жаныма жоламайды. Бұрынғыдай естігенін айтуды қойып, оқшаулана бастады. Ол да бар жағдайды сезіп, басқаша шешілуіне ешқандай ықпал ете алмағанына налып, іштей күйінетін шығар. Әрине, Ләйләға ықпал ету деген бос далбаса. Бұл үйде одан билігі жоғары адам жоқ. Жарас болса оның жетектеген есегі іспетті. Алғашқы күннен сондай мүсәпір жағдайға тап болды. Бұл тұзаққа қалай түскенін ешкім түсіндіріп айта алмас. Сырт көзге де солай. Жарас Ләйләнің қуыршағы, қалай билік етсе солай қозғалады, сөйлейді, тыйым салса тілін жұтқандай үнсіз қалады.
Ілкі жылдары ошақ басы, шаңырақ аясында менің тұзым биігірек сезілетін. Оның бәрі жұмыстағы лауазым, өзгеге айтылар билік, таңертең күтіп тұратын дербес машина, кейбір билік басындағылардың ілтипатына тікелей байланысты екенін кім сезген. Әулетте жасы үлкен адам жарлық етеді, жастар (тіпті бұлардың бәрі менің ұрпағым ғой) басын иіп, елгезектеніп, бәріне дайын тұрады деп үйренген едім. Заманымыз ата-бабадан бастап солай тәрбиелеген бізді. Енді байқасам, дәуірдің өзі аумалы-төкпелі құбылып тұрады екен. Адамдардың, тіпті бір әулеттің мүшелерінің қөзқарасы, өзара қарым-қатынасы құбылмалы болады деп кім ойлаған. Жоғарыда айтқанымдай, бәйбішем дүние кешкеннен кейін жағдай кенет өзгерді. Аса есті бір құрдасым келінді тәрбиелейтін, бағатын кемпір деуші еді. Кезінде сол сөзіне күлуші едік. Енді көзім жетті – шынымен солай екен. Соңғы жылдары өз келініммен бір сәт те ақтарылып сөйлесіп көргенім жоқ. Оның да менімен әңгіме өрбітуге зауқы шаппайды. Жанарым әкелген кейбір екіұдай хабарға қанағат етемін. Жарас болса байлаулы бұзаудай, ноқтасын сыпырып алысқа ұзай алмайды. Менімен де пікірлесуден тартыншақтай береді. Өз пікірі болмағасын өзгенің ақылымен ғұмыр кешу қандай қиямет.
Осындай санқилы шырғалаң ой, әрекеттер тоғыса келгенде тағдыр тауқыметінің қою қара бұлты да түйіле бастады. Күздің қоңыржай күнінде дүлей боран есетіндей сезіледі. Өйтпегенде ше! Күні ертең өзіңнен бастау алып өрбіген балдырған жас ұрпақ безінеді, жат болады деген ой ұғымыма сыймайды. Кей сәт менің пайымдауыма көне бермейтін жайттарға, тағдырдың ғажайыптарына бас иемін. Ішкі ойыммен арпалысамын, ой үстіне ой қосылып, шешу тапқызбайды. Өзімнен туған балам мен он сегізге толмай үйіме түсірген, әлпештеп алақаныма салып өсірген келінім менен бас тартады, жиған-тергенімді иемденеді де өзімді қартайған шағымда босағадан итеріп тастайды дегенге қалай сенермін. Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес деймін іштей. Осылай ой тізбегі жалғаса береді. Осыдан жиырма жылға жуық бұрын біздің босағаны аттаған Ләйлә марқұм бәйбішемнің жерлес-жуығының қызы. Анасы ерімен дәм-тұзы жараспады деген қауесетпен ажырасып тынған. Жас қызды ертіп кеткен анасының бала тәрбиесімен ісі болмады ма екен… Іштей жан түсіністігі, ой бірлігі болмаған соң ақыры анасы қызды мектеп-интернатқа өткізіп, өз басын дербестендіріп алыпты. Ішімдікке, жеңіл жүріске бой ұрған. Аз жылдан соң қызына қамқорлық жасауды мемлекеттің мойнына іліп, басқа жаққа кетіп тынды. Ал Ләйлә жоғары класта оқиды, жібі түзу бала. Қаладағы танитыны, іш тартатыны біздің үй. Сабақтан бос мезгілінде келіп тұрады, жеңіл-желпі үй шаруасына икемі бар. Сөйтіп, өз баламыздай болып кеткен.
– Таяуда Ләйлә емтихан тапсырады, мектеп бітіреді. Сонан соң біздің үйде тұратын болсын, – деді бірде Жарас. Бұл сөзге мән бергенім жоқ.
– Бұрын да бос мезгілінде келіп жүрген жоқ па. Ілгері де солай бола беретін шығар, – дедім де өз жұмысыммен бөлмеме кеттім. Соңымнан ілесе кірген бәйбішем:
– Әкесі-ау, сен ештеңе түсінген жоқсың. Жарасжан Ләйләға үйленбек болып уағда байласыпты, – деді.
Шынымды айтсам, ошарылып қалдым. Былтыр ғана институт бітіріп оралған инженердің махаббат тұзы осындай балапан қызға, қауырсыны бекімеген бүлдіршінге түскені ме? «Бұлар отбасылық өмірден не түсінеді, әсіресе, Ләйлә не көрді?» деген сауалды іштей қайталап қоямын. Жауап іздеймін, таппаймын.
Сөйтіп, орта мектепті бітірген жылы күзге салым Ләйлә біздің босағаны аттады. Келін келді деп дос-туыс, таныстарға жария салдық. Той салтанатты өтті. Бірақ менің ойымда жаныма тыныштық бермейтін бір сауал көлденең тұрып алды. «Қандай көргенді келін болар екен, не қуаныш әкелер бізге?»
Бір күні кешкісін бәйбішем әңгіме бастады.
– Әкесі-ау, – деді жүзіме үңіле қарап, – не ойлап жүрсің, біздің әулетке ақ пен қараны ажырата алмайтын адам қосылыпты ғой.
Мен жалт бұрылдым, таңдана қарадым.
– Кімді айтасың?
– Е, Ләйлә келін-дағы.
– Тапқан екенсің қара танымайтын адамды. Орта білімді, аттестаты қолыңда.
–Тәйірі-ай, орта білім деген не бүгінгі заманда. Ең болмағанда, ғылыми дәрежесін айтпасақ та көлдей көк дипломы болмаған соң…
– Сонда не дегің келіп еді?
– Не дейтіні бар, беделіңді салып, келінді ең болмағанда осы қаладағы институтқа түсіру керек.
Қарсы жауап айта алмадым. Шынында да бәйбішемнің пікірі орынды болып көрінді. Интернатта алған орта білімде қандай тереңдік бар! Сол кезде-ақ қаладағы педагогика институтының ректорына өтініш еттім. Келін институтқа қабылданды. Бірінші курстың көктемгі семестрі, емтихан қарсаңында Ләйләнің аяғы ауыр еді, жеңілденіп қалмасы бар емес пе. Тағы бір проблема алға тартылды – жас нәрестені қалай бағу керек?
Әулет шеңберінде бұл проблеманы да шештік. Пенсияға шығуына бір жыл қалғанда бәйбішем ұзақ мезгіл істеген ғылыми институтын тастады. Немересін бағуға ұйғарды.
Өмір тізбегі сан қилы қиын бұралаңда өз шешімін тауып келе жатқан сияқты еді. Ілгеріде де солай бола береді дегенге сенімім мол болатын. Ал бүгін…
* * *
Сәске әлеті. Күздің әлі күшіне ене қоймаған күні шапағын төгіп тұр. Аспан шайдай ашық. Ақырын баяулай жел еседі. Ұзақ жылдар бойы ұқыптылықпен егіліп, күтім жасалып, қамқорлыққа алынған кең аулада жеміс ағаштары мол. Қалың ұйысқан көк жапырақ баяу төрбеледі. Ақырын сыбырласып құпия сыр шерткендей. Ертемен алабұртқан көңілім кәрі жүйкемді шағын бөлмеге сыйғызбады. Аулаға шығып, теректің көлеңкесіне келіп отырдым.
Үйдің жанындағы гараждың қақпасы ашылып, көгілдір машина көлбеңдей келіп тоқтады. Рульде Жарас. Бұрын машинаға отыру, сапарға шығу, ең алдымен, балалар үшін, қала берді үлкендерге де саяхат, салтанат болатын. Әрқайсысы шағын қолсандығын алып, машинаға мініп жатыр. Бір ғажабы, жадыраңқы жарқын көңіл ешқайсысында жоқ. Жанаржаным өз жүгінен кейін менің қомақтылау саңдықшамды тиеді. Жүзі жабырқаңқы, көзінде жас табы айқын байқалады. Бетіме қарауға қаймығып, бір ауыз тіл қатқан жоқ. Машинаға мен де отырдым. Үйдің есігін құлыптап, арлан төбетті шарбаққа бос жіберіп, машинаға ең соңынан кеп отырған – Ләйлә. Оның қолында жеңіл сөмке.
Машина кең асфальтқа табаны ілінген соң-ақ көсіле жөнелді. Талай жүрген жол ғой. Бірден аңғардым, Жол арқаға – Оралға бағыт ұстады. Бетіміз – Бозайшық. Мен енді шыдамның соңғы тамшысына дейін шашу шығармай шыдап бағуға шештім.
Машина ілкі қозғалғанда Ләйлә Жарасқа бұрылды да: «Аташканы алдымен апарып тастайық», – деді. Жарлықтай етіп айтты. Бірақ, мен үшін бұл атылған оқпен бірдей еді. Туған ұлымның қойнында жатқан келінім беті қызармай «апарып тастайық» дейді, өз құлағыммен естідім. Үміт шіркіннің талшығы тым нәзік қой. Үзіліп болмайды. Жол шамасын болжағанда Бозайшыққа таяп қалдық. Енді асфальт жолдан бұрыламыз. Көлігіміз сәл іркілді де солға қарай бұрылып түсе бастады. Үміттің соңғы талшығы енді үзілді. Бұл – қарттардың пансионат үйі. Шағын жатаған мекен. Таяудағы орындықта екі-үш қария жай ғана ақырын күбірлесіп отыр. Сиректеу өскен тоғай арасы оңаша. Көп сапырылысқан адам саны аңғарылмайды. Мені машинадан сүйемелдеп түсіре бастады. Оң жағымда Жарас.
– Ұлым! – дедім аузымды әрең ашып. Жағым қарысқан ба, әлде сөйлеуді ұмытып қалдым ба – осындай жағдайға келгенімді қазір білдім. – Жаңа оңға бұрылып, «Автовикке» неге жеткізбедің? Сендер дем алып оралғанша сонда аялдайтын едім ғой.
– Біз осылай шешіп едік. – Ұлымның солғындау жауабы маған өте алыстан, тіпті жердің астынан естілгендей болды.
– Мен мұнда қанша уақыт боламын?
– Қаншаға ғұмырыңыз жетеді.
Бұл Ләйләнің дауысы. Болат балғаман темір келісапты ұрғандай шыңылдап өткір естілді. Құлағымды жарып өтті. Осы дауысты естігенде соңғы кездері онсыз да талықсып жүрген кәрі жүрекке ыстық қорғасын тамып өткендей болды. Осындай сан қилы сезім талшықтары түйісіп, шиеленісіп, шешімін таппай шатысып жатты. Бірақ соның бәрі ішкі дүлей, сыртқа белгі бермеу үшін шыдап бақтым. Бұл менің табиғат берген қасиетім. Ойымды дауыстап айтуға именетінімді жасырмаймын. Ләйләнің соңғы лақтырған лебізі мен үшін атылған оқпен тең болды. Абай айтқандай, «күшік асырап ит еттім, ол өзімді қапты». Ұлы ақынның жазғаны жеңілірек – менің асыраған күшігім өміріме от лақтырды, тағдырыма үкім кесті.
Осы үзілді-кесілді пікірінің соншалықты қатыгездігін, ар-намысты езгілеп, ата-анаға арсыздық көрсету, үлкенді сыйлаудың шегінен аттап өту екенін жас бейбақ бір сәтке болса да ойына алды ма екен? Әй, қайдам. Билік тізгінін өз қолына алған келінім «жаман атқа жал бітсе жанына торсық байлатпас» деген халық мақалының кебін киіп тұрғанын ұқпайды-ау деймін. Өмірдегі үмітімді артқан, келешектің керегесін тіреп қалар Жарастың түрі мынау. Әйеліне қарсы бір ауыз тіл қатуға жарамайды. Орынды сөз айта алмағанына жаным күйді, жүрегім ауырды. Бірақ, оны сөгу – өзімді сөгу емес пе деп өз-өзіме тежеу қойдым. Бұрын да қатты сөзге, қақтығысқа бармайтын едім. «Ұлым менің» деп ойымды жалғастырмақ болып едім, дауысым үзіліп кетті, жүрегім кенет тоқтап қалғандай болды. Әлде бұл менің соңғы демім бе екен?..
Мұңал Далбаев





