СӨЗ КИЕСІН ҚАСТЕРЛЕГЕН
Жанат Елшібектің шығармашылық әлемі хақында
Қолына қалам ұстап жазушы болуға бел байлаған адамның алдында екі жол тұрады: оның біріншісі – басқа еш нәрсеге алаңдамай бүкіл уақытын, күш-жігерін тек қана қаламгерлікке арнау. Бұл жолға түскен жазушы жазудан басқа ештеңе ойламайды, өзге ешбір тіршілікке алаңдамайды. Күн сайын үстел басында қыбыр етпей отырып, көкейіндегі ойын ақ қағазға түсірумен ғана айналысады.
Ал қолында қаламы, бойында жазушылық дарын-қабілеті бар адамдардың ендігі бір тобы бұған мүлдем кереғар, өзгеше жолды таңдайды. Олар уақытының басым көпшілігін құлқын-сәріден басталып, қара кешке дейін созылатын күнделікті кеңсе жұмысына, түрлі қоғамдық қызметтерге арнайды. Қаламды қолына осы таусылып бітпейтін ұшан-теңіз жұмыстан босағанда ғана алады. Шығармашылықпен көбіне түн ұйқысын төрт бөліп, ойын-той, серуен-думаннан қашып жүріп айналысады.
Бұл жалғыз қазақ қаламгерлеріне ғана емес, жер жүзіндегі барлық жазушыларға ортақ тағдыр. Сонда бұл жолдың қайсысы дұрыс, әдебиетте өз атын, өз қолтаңбасын барынша айқын қалдырамын деген қаламгер мұның қайсысын таңдағаны жөн, оны тап басып айту қиын. Біздің ойымызша, әр адамның маңдайына жазылып қоятын тағдыры сияқты әр жазушының да о бастан жаратқан, Тәңір белгілеген өз жолы болады.
Біз бүгін сөз еткелі отырған Жанат Елшібек жазушылардың жоғарыда айтқан тобының екіншісіне жатады. Бұған Жанаттың бүкіл өмір жолын, шығармашылық-қаламгерлік еңбегін оймен қайта бір шолып шықсақ, айқын көз жеткіземіз. Жанаттың қолына қалам ұстап кәсіби журналист-жазушы болып жүргеніне тура жарты ғасырдан асыпты. Бұл аз уақыт емес, бір адамның ғұмыры десе де жарасады. Және осы жылдар ішінде Жанат екі-ақ жерде жұмыс істеген. Оның біріншісі – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті. Жанат бұл газетке жиырмадан жаңа ғана асқан уыздай шағында келіп журналистиканың ыстығына күйіп, суығына тоңып, осы ұжымда табан аудармай он жылдай еңбек еткен. Әуелі әдеби қызметкер, кейін жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып қаламы жүйрік журналист ретінде танылған.
Ол кездегі «Лениншіл жастың» абырой-беделі қандай! Біртуар редакторлар, даңқты тұлғалар Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов тізгінін ұстаған әйгілі «Ленжастың» тиражы 289-300 мың аралығында болатын. Бұл газетте алақандай әңгімесі, не бір-екі өлеңі жарияланған адам ертеңіне бүкіл Қазақстанға танымал болады. Тіпті, шағын мақалаңның өзі елеусіз қалмайды. Соған орай, бұл газетте ең таңдаулы, ең мықты қаламгерлер жұмыс істейтін. Бүгінде аты бүкіл елімізге танымал ақын-жазушыларымыздың кемінде жартысына жуығы осы «Лениншіл жастың» мектебінен өтті десек болады. Міне, осындай атақ-даңқы дүрілдеп тұрған газетке КазПИ-де оқитын Жанат атты қарапайым студентті қызметке кімнің және қалай қабылдағанын қазір тап басып айту қиын. Бірақ қалай болғанда да Жанаттың бұл газеттің табалдырығын біреудің желеп-жебеп қолдауымен емес, өз күшінің, өзінің ерте танылған дарын-қабілетінің арқасында аттағаны анық. Бұған ең алдымен, Жанаттың газетте қалай жұмыс істегені дәлел. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, Жанат «Лениншіл жас» редакциясына «тастай батып, судай сіңді». Небір «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты журналистер ұжымында Жанат Елшібек те өзінің қаламгерлік қажыр-қайратымен, ізденгіштігімен, еңбек сүйгіштігімен көзге түсті. Үлкен мектептің көрігінде шыңдалды. Кез келген қаламгердің тағдыры оның шығармашылық қалыптасу кезеңі мен жастық шағының қандай ортада өтуіне де тікелей байланысты. Егер талапкер жастың қаламгерлік дарын-қабілеті дер кезінде қолдау көріп, дұрыс бағыт-бағдар алса, онда ол бірте-бірте жарқырап көрініп, жан-жақты ашылады. Бұл жөнінен Жанат Елшібекті жолы болған қаламгер деп айта аламыз. Осындай сөз реті келгенде мынадай бір жайтты де айта кеткеніміз жөн. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында жазушы-журналистердің біразы не жазса да қызыл сөзбен айды аспанға шығарып, неше түрлі теңеулермен бұрқыратып әсіресе мақтайтын тәсілді меңгеріп, сол жолға біржола түсіп кетті. Ал Жанат Елшібектің қаламгер ретінде жазғандарын араға ондаған жылдар салып қайта оқып отырсақ, мұндай қызыл сөздің әсерін мүлде байқамайсыз. Қаламгер қай тақырыпқа барса да, қандай оқиғаларды қозғаса да үнемі өзі де ойланып, оқырмандарын да ойландырып отыруға тырысады. Әр сөзінің, әр сөйлемнің астарында өзі туып-өскен жердің бүгінгі мұңды тағдыры, ертеңгі күмәнді жағдай жүрегіңізді сыздатады. Бұл, әсіресе, жазушының өзінің атамекені Балқаш бойы мен Қаратал өңірі туралы жазған повестері мен әңгімелерінен аңғарылады.
Жанат Елшібек жазушы ретінде мұндай шеберлікке жетуі үшін ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, журналистік ұзақ жолдан өтті. Бұл мамандықтың да өзіндік ерекшелігі жазушы боламын деген кісіге берер пайдасы мен ықпалы көл-көсір. Сондықтан да Жанат Елшібектің «Лениншіл жас» газетінде өткізген жылдары оның шығармашылық тағдырына айрықша ықпал етті. Ол осы газетте жүріп республикамыздың түкпір-түкпірін түгел аралады. Тағдыр талайы, тіршілік-тынысы, іс-әрекеті, жан-дүниесі, мінез-құлқы бір-біріне мүлдем ұқсамайтын ондаған, жүздеген адамдармен (өзінің болашақ кейіпкерлерімен) кездесті. Сол арқылы біреулердің қайғы-қасіретін тағдырын көзбен көріп, құлағымен естіді. Және олардың бәрін шамасы жеткенше қағазға түсірді, тасқа басылатын сөзге айналдырды. Әрине, Жанат Елшібектің мұндай дүниелерінің бәрін бір мақаламызда қамтып шығу мүмкін емес. Дегенмен, Жанаттың «Лениншіл жаста» жүріп жазған «Адамдар мен шағалалар», «Кербез Көкше», «Маң далада жайқалған жасыл желек», «Самғау», «Жезқазған жұлдыздары», «Сақалды тентектер…», «Маңдай тер» сияқты дүниелерін ерекше айта кеткеніміз жөн. Кейін бұл шығармалардың бәрі әр түрлі жинақтарға енді.
Жанаттың бізді қызықтыратын, дәлірек – оның сөзжұмбақ құрастыратыны еді. Ол осы күні үлкенді-кішілі газет-журналдарда қаптап шығып жататын сөзжұмбақтар мен сканвордтың қазақшасының негізін қалаушы десек те болады. Қазір бұлар оқырмандарға ең керек дүниеге айналған. Ал ол кезде біздің көбіміз мұны маңызды нәрсе деп есептемейтінбіз. Жанат болса шығармашылықтың бұл түрімен тым ерте, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұзақ әрі жүйелі түрде айналысқаны мәлім. Және бұл салада кәдімгідей үлкен табыстарға жетті. Оның газет-журналдарға жарияланған мұндай дүниелерінің ұзын саны екі мыңнан асады. Жанат Елшібек Қазақстандағы тұңғыш алып сөзжұмбақ пен ең алғашқы алып сканвордтың авторы. Жасыратыны жоқ, Жанат нартәуекел деп осы жанрға бір жолата бел шешіп кірісіп, сөзжұмбақ пен сканворд жариялайтын журнал не бір газет ашып алғанда қазір еліміздегі жағдайы жақсы баспагерлердің бірі болуы әбден мүмкін еді. Бірақ Жанат одан гөрі «Егемен Қазақстандағы» қиын да мазасыз жұмысын әлдеқайда артық көрді. Оған қоса, жазушылық, журналистік қызметін де тастай алмады.
Жанат Елшібек бүкіл ғұмырында екі-ақ жерде қызмет еткенін жоғарыда айттық. Ол «Лениншіл жаста» қаламгерліктің үлкен мектебінен өтіп, шығармашылық жолда өз үнін, өз қолтаңбасын қалыптастырса, «Егемен Қазақстанда» бүкіл елімізге белгілі журналист-жазушы деңгейіне көтерілді. Жанат «Егемен Қазақстанға» сонау 1978 жылы келген екен. Ол кезде отыз жасқа жаңа толған Жанат қазақ баспасөзінің қара шаңырағында да абыроймен табысты қызмет етті. Көркемдеу және безендіру, жаңалық, спорт және туризм, экономика бөлімдерін басқарды. Редакция алқасының мүшесі болды. Бұл жылдар Жанат Елшібектің қаламының барынша төселіп, құлашын кеңге салып, сан алуан тақырыпта көсілтіп өндіріп жазған кезеңі еді. Ал 1991 жылы ол осы газеттің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Газет шығарудың не екенінен хабары бар кез келген адам жауапты хатшы болудың қаншалықты мазасыз, бейнеті мол, тынымсыз ауыр жұмыс екенін жақсы біледі. Жанат Елшібек болса еліміздегі ең беделді, ең белгілі газетте осы жауапты лауазымды зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни табан аудармай 23 жыл бойы үзбей атқарып келді. Бұл қазақ журналистикасы мен баспасөз тарихында сирек кездесетін жағдай болса керек.
Жанат Елшібектің қазақ баспасөзіне 50 жылдай сіңірген ұшан-теңіз еңбегі, әдебиет саласында тынбай төккен маңдай тері толығымен бағаланды. Ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын үш мәрте иеленді. Сондай-ақ Кемел Тоқаев атындағы арнаулы сыйлықтың иегері. Қаламына сүйенген азаматтың еңбегі бірнеше үкімет наградаларымен де марапатталған, оның омырауында «Құрмет» ордені жарқырайды. Жанат өзі туып-өскен Алматы облысының және Қаратал ауданының «Құрметті азаматы».
Жанат Елшібектің қаламынан ондаған танымдық-деректі, көркем әдеби кітаптар дүниеге келген. «Қош бол, теңіз» повесі республикалық «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алған. Сондай-ақ, жазушының бұдан басқа «Жетім жұрт», «Балықтың қылтаны», «Жазылмайтын жара», « Табиғат-тылсым» атты повестері де қазақ әдебиетінен өзіне лайықты орын алатын шынайы көркем туындылар. Жанаттың мөлдіретіп жазған көркем әңгімелерінің де орны бір төбе. Бұлардың арасынан «Әлем көз тіккен Мекке», «Ауылдағы дос», «Бір күн, бір түн», «Теңіз тағдыры», «Қайда жүрсің, Балзия?», «Көңілге түскен көлеңке» сияқты шығармаларын айрықша атай кеткеніміз жөн. «Сырлы әлем», «Тағдыр желі» кітаптары да талғампаз оқырмандар талабынан шыққаны баршаға аян. Бұл повестері мен әңгімелерінің бәрі жазушының өзі туып-өскен Балқаш бойы мен Қаратал өңіріне арналған. Жанат осы өңірдегі «Көпбірлік» ауылындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген ғой. Сол оқу бітірген бойда таудай талаппен білім іздеп Алматыға кеткенімен жазушының көкейінен туған жердің көркем келбеті, қайталанбас әсем сұлулығы ешқашан өшпегені, керісінше, жыл өткен сайын сағынышы мен сүйіспеншілігі, ықыласы мен ынтызарлығы арта түскені бірден байқалады.
Мен өзім Балқаш бойы мен Қаратал өңіріне осы күнге дейін жолым түсіп бір де бір рет бармаппын. Бірақ Жанаттың шығармаларын оқып отырып бұл өңірді түгел көзбен көріп, аралап шыққандай әсерге бөлендім. Және менің де көкірегімде жазушы Жанат суреттеген кең байтақ жерге, оның әсем көркемдігіне деген қызығушылық оянды. Бәлкім, бұған менің өзім туып-өскен Сыр бойының да Балқаш өңіріне соншама ұқсастығы себеп болған шығар. Өйткені, біздің ауыл да тура осындай сыңсыған қалың қамыс, ойдым-ойдым көлдер, сексеуіл, тораңғыл өскен шағыл бұйрат құмдар болып келетін. Сол таныс суреттер жазушы Жанаттың ақ қағаздағы сөздерімен жан бітіп, менің көз алдымда қайта көлбеңдеп жатты. Менің де көңілімде мұңды бір сағыныш оянды. Әрине, бұған қарап Жанат Елшібек өзі туған жердің табиғатын қара сөзбен жырлаумен ғана шектелетін жазушы дейтін ұғым тумауға тиіс. Жанат кіндік қаны тамған өлкенің әсем табиғатын суреттей отырып, оның осы сұлулықтан айырылып, азып-тозып бара жатқанын бір сәт естен шығармайды. Бір кезде сүттей ұйып, тып-тыныш, мамыражай ғұмыр кешіп, өсіп-өркендеп отырған ауыл халқының жан-жаққа, тым-тарақай көшіп, орынында құм басып, жоғалуға айналған жетім жұрты ғана қалғанын жаны күйзеле отырып жазады. Ең бастысы, осының бәрін туған жердің ғажайып адамдарының қайталанбас тағдырымен, іс-әрекетімен байланыстыра суреттейді. Бұл, әсіресе, «Жетім жұрт» повесіндегі қаладағы жаңа өмірге үйрене алмай, ғұмырының соңғы сәтін ел көшіп кеткен жұртта өткізген, ақтық демі осында үзіліп, топырақ осы жерден бұйырған Торғын кейуананың образынан айқын аңғарылады.
«Қош бол, теңіз» повесіндегі Балқаштың жағасында туып, бүкіл ғұмырын сол теңіздің үстінде өткізіп, ақыр соңында соның асау толқынына батып, опат болған қара қайықты Мақан ақсақалдың да тағдыры осыған ұқсас. Сонымен қатар жанкешті қаламгердің әр жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланған «Ой үстінде сорғалайды көз жасың…», «Түсімде көрген кітап», «Найзағай жаралаған егіз қайың», «Сұңғыла» секілді эссе- толғамдары бұл жанрдағы соңғы кездегі жазылған жақсы да тартымды туындылардың бірі екені даусыз. Өткір де, көкей кесті проблемаларды өзек еткен осы туындылар егемендіктің елең-алаңындағы бүгінгі замандастар үшін қызықты, ал келер ұрпақ үшін ғибрат болар оқиғалар.
Лебізімізді түйіндей келе айтарымыз, туып-өскен жері Балқаш бойы мен Қаратал өңірінің қадірлісі болған, сөз киесін қастерлеген жазушы Жанат Елшібек жаңа мерейлі белесіне шығып, енді бүкіл ел құрметтейтін азамат дәрежесіне көтерілді. Соған орай, біз жаны жайсаң, қаламы жүйрік Жанат Елшібектен алдағы уақытта шығармашылық салада жаңа биіктер, туған жері туралы тебірене жазған жақсы шығармалар күтеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ