Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ. Мәңгілік Аза жыры немесе зұлмат жылдар елесі

Соңғы бір ғасырдың ішінде халқымыз қаншама жан шошырлық нәубетті бастан кешті десеңізші: Он алтыншы жылғы дүрбелең, қызыл революция, колхоздастыру, аштық, үркіншілік, отыз жетінші жылғы қанды репресия, Отан соғысы, тың игеру, ядролық сынақтар… Осылардың бәрі түгілі, біреуінің өзі-ақ ұлттың омыртқасын үзіп есеңгіретіп түсірер алапат қасірет екені даусыз. Әйтсе де солардың ішіндегі ашаршылық нәубеті халқымызды біржолата тұралатып тығырыққа тіреген қанды шеңгел зұлмат еді. Мешін жылғы ақсирақ аштықта қазақтың үштен екісі қырғын тапты, яғни, қазіргі ресми мойындалған есеп бойынша, бес миллионнан астамы опат болған. Соңғы уақыттағы құпия архивтегі мәлім болған кейбір мәліметтерге жүгінсек, бұл деректер тіпті жеті жарым миллионға жетіп жығылады екен. Сталиндік зұлым билік шөкімдей жұртты шөптей отап, түгелге жуық жусатып салды. Көшпенді елді отырқшыландырамыз, аз жылда мәдениетке жеткіземіз деген зымиян саясатпен қазақтың алдындағы малын тартып алып, тіршілік нәрінен айырды. Жұтқа ұшыраған жұрт сеңдей соғылысты, өмір үшін жанталасқан пенде баласы не істемейді, шөптің тамырын жеді, тышқан аулады.., небір жан түршігерлік сорақылыққа барды. Тоз-тоз боп жан-жаққа босты жан далбасалап. Шарасы болмаған аш-жалаңаштар қарлы боранда ауыл-ауыл боп қырылып қалды. Жаз шыққанда қазақ даласының бетін қазақтың қураған сүйегі ақсөңке боп жауып жатты. Өлікке жемсауы тойған құзғындар ғана қазақ аспанында қара бұлттай үйіріліп жүрді… Бұл деген, шын мәнінде, қолдан жасалған қастандық, қанды қырғын геноцид еді. Халқымыздың құнары тамырынан қырқылды, генофонымыз түгелге жуық жойылды, демографиялық бұл жойқын апаттың салдары әлі қаншама ғасырларға созыларын бір Құдайым білсін. Есті ұрпақ үшін бұл Ашаршылық – қазақтың жүрегіндегі мәңгі жазылмас қанды жара, көкірегін жасқа буып жаңғырып тұрар мәңгі Аза.
Қызыл империя өзінің қанды қылмысын жасыру үшін ашаршылық тақырыбын күні кешеге шейін темір қамақ астында құпия ұстады. Ол туралы айтуға, жазуға, тарихи кезеңнің қателігі ретінде зерттеп-зерделеуге қатаң тиым салынды. Тек сексенінші жылдардың басында ғана қоғам өміріне жылымық кіріп, жеті қат түнекте қамалған шындыққа жабықтан сығалуға мүмкіндік туды. Халықтың қасіретін көзімен көріп, куә болған Сәкен, Бейімбет, Жақан Сыздықов т.б көптеген жазушыларымыздың көзінің қанды жасын сорғалатып отырып жазған шығармалары шым-шымдап болса да оқырманға жетті. Осы бір орайлы сәтті біздің үлкенді-кішілі замандас қаламгерлеріміз де қапы жіберген жоқ. Жарыса атсалысып, кеуделерінде кектей түйілген зар заманның запыранын қағаз бетіне түсіруге асықты. Түрлі жанрда көптеген туындылар дүниеге келді. Көркемдік өрелеріне қарамастан, солардың қай-қайсысы да қасіретті тарихымызды танып-білуге сабақты жіп болса да үлес қосқан құнды дүниелер. Бұл орайда жазушы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» роман-трилогиясын айрықша атап өткен абзал. «Ақ боз үй» – ашаршылық шындығы көркемдік қуатпен шебер кестеленген, автордың азаматтық позициясы барынша жарқырап көрінген классикалық туынды. Жазушы қаламының ұшын жүрегінің қанына малып алып жазғандай, кітап бетіндегі әр көрініс, әр кейіпкердің тағдырды жаныңды тебірентіп, жараңды тырнайды.
Халқының көз жасын көкірегінде тұндырған Сәкең шын мәнінде күрескер, патриот жазушы. Әйгілі трилогияның жазылғанына қырық жыл өтсе де, содан бергі уақытта ашаршылық тақырыбын табан аудармай індете қаузап келеді. Көркем туындылармен қатар, архив қойнауын ақтарып, тарихи деректерге негізделген көптеген тың зерттеулер, танымдық эсселер жазды. Ұрпақ санасын қалғытпай қоңырау қағып, қазағым деп көл қорыған қызғыштай шырылдаудан һеш жалыққан емес. Бүгінгі таңда сол қайраткерлігінің арқасында, қуғын-сүргін құрбандарының жоғын жоқтайтын жалпыұлттық Қозғалыстың табанды көсемдерінің біріне айналып отыр.
Жақында «Ақ боз үйдің» экрандық нұсқасын тамашалап, көзайым болдық. «Әке көрген оқ жонар» демекші, шығарманы кино тілінде сөйлеткен жазушының өз ұлы Бегарс Елубаев екен. Бұл оның кинодағы төртінші фильмі. Режиссердің бірден елең еткізер өзіндік қолтаңбасы, профессионалдық шеберлігі көрерменді тәнті етеді. Алғашқы кадрдан бастап соңғы кадрға дейін жүрегіңді тұтқындап, жұлын-жүйкеңді домбыраның ширыққан шегіндей шиыршық аттырып өз уысында ұстап отырады. Нанымды, табиғилығы сондай, бірге күйзеліп, бірге күңіренгендей күй кешесің.
Фильм басталғаннан-ақ уақиға өрістер кеңістіктің өте сәтті таңдалғаны байқалады. Құм сусыған тұлдырсыз сұрқай сахара, түйдек-түйдек жөңкіген қара-шұбар бұлт, қобыздың жүрек тырнаған сарыны бір-бірімен үндесе үйлесіп, төніп келе жатқан әлдебір зауалдың хабаршысындай тұлабойыңды шымырлатады. Құм бетінде көлеңкедей сырғып бір шоғыр көш келеді. Көш емес, жаяу-жалпы арып-ашып құр сүлдерін сүйреткен шұбырынды. Қоржын арқалап жол бастаған Пахраддин қарияның көз алдынан өтіп кеткен қайран өмір алыстан қол бұлғап сағымдай бұлдырайды. Иә, ен даланың бұла өскен ерке оғланы бақытты еді-ау! Атадан қалған қара шаңырақтың отын өшірмей Сырғадай сұлу жар құшып, Ақбақайдай жүйрік мініп желдей ескен сол күндер қайтып оралар ма? Өмір шіркін бір қалыпты тұрмайды ғой. Ойлап отырса, өзек өртеген өкініші де аз емес екен. Егіз туған қос бірдей сәбиі шетінеп, Сырға екеуі қу бесікті тербетіп қосыла зарлаған сәт есінен кетер ме. Шүкір, ізінен өмірге Хансұлуы кеп, көз жастарын құрғатқан. Сол жалғыз тұяқ бойжетіп, қызығын көрем бе дегенде, міне, аяқастынан заман желі жалт беріп терісінен ұйтқыды.
Картина авторлары ашаршылық қасіретін бір әулеттің бастан кешкен азапты тағдыры арқылы бейнелеген. Ең бір ерекшелігі, бас кейіпкер – қазақ фильмдерінің бірінен-біріне көшіп жүретін шапса қылыш өтпейтін батыр, не аузын ашса ақыл саулап тұратын би емес, яғни, ішіне лықылдатып мораль толтырып қойған монумент емес. Пахраддин – қаймана көптің бірі. Аядай ғана ауылдың баскөтерер ағасы. Қысылтаяң сәтте бойынан қайрат тауып, соңынан ерген аш-жалаңаш шұбырынды бейбақтарды ажал тырнағынан қалай құтқарам деп жанталасады. Ескі қазақтың кез-келген ауылынан табылатын осындай есті қарияның қанына қарысқан қайсар мінезі, сабырлы қалпы, небір сын сағатта қадыр-қасиетін сақтап, кісілік биіктен көрінуі шынайы тәнті етеді.
Фильмде дала бетінде жайрап жатқан өліктер, қара бұлттай үйірілген қарға-құзғын, іші-сырты бірдей азып-тозған бейбақтар т.б сияқты ашаршылық туралы қалыптасқан жаттанды штамп- көріністер жоқ. Ұтымды деталь-ишарадан-ақ жаның дір етіп, көп нәрсені түйсінесің.
Бұл ашаршылық сахара тұрмысында соқпалы дерттей табиғаттың тосын мінезінен аракідік қайталап тұратын жұт емес, большевиктер әдейі қастандықпен ұйымдастырған қанды қылмыс еді. Колхоздастырамыз, отырықшылыққа көшеміз деп, бүкіл елдегідей, құм жайлаған аядай ауылдың да алдындағы малын қидай сыпырып алды. Күнкөрісінен ажырап сансыраған жұрт бас сауғалап Ауған аспақ болады. Бірақ, қызылдар жолын кес-кестейді. Қашанда іштен шыққан жау жаман. Сол жылдары жандайшап, шолақ белсенділердің ел ішін ұлардай шулатып, жаудан бетер лаң салғаны белгілі. Қырағы үкіметтің қалғымайтын көз-құлағы Сұржекей солардың бірі еді. «Елді азғырып жүрсің, бүлік басы сенсің!» деп, би Пахраддинді атуға оқтала бергенде, тапанша кезенген қолын аңшы Бұлыш атып түсіреді. Өлтіріп кетейік дейді. Бірақ Пахраддин «ит те болса, өз қанымыз ғой, осы жақсылығымызды түсінер» дегендей, жарасын таңып, қоя береді. Бұлыш: «жауды аяған жаралы» деген өкінішпен тістеніп басын шайқайды. Айтқаны айдай келіп, Сұржекей ақыры қаруланған отрядпен көштің алдынан шығады. Жота басына пулемет құрып, қарауылға іліккенді жусатып салады. Бас көтерген ер-азамат түгел қырғын табады. Құм суырған қу медиенде ошарылған көліксіз көштің ендігі тізгін ұстары – Ахун мен Пахраддин. Екеуі ақыл қосқанмен, ойлары бір арнада тоғыспайды. Бұл жерде енді қайыр жоққа сайған Ахун шекара асып кетуді жөн санайды. Пахраддин оған келіспейді, қалада аштарға көмектесіп жатыр екен деген сыбысқа емексиді. Ақыры Ахун «Мен Меккеге кеттім! Көрмегенім кәмөнес болсын!» деп Ауған жаққа бет түзейді. Пахраддин бастаған аш-жалаңаш жас бала, жесір қатын қайтсек тірі қаламыз деген жандалбасамен кейін қарай қалаға шұбырады. Айдаладағы жым-жырт жұртта қара қазан төңкеріліп, ақ боз үй жығылмаған күйі қаңырап қала береді.
Азапты сапар үстіндегі түрлі уақиғалар фильм желісін ширықтыра түскен. Күйеуі Бұлыштың қазасынан соң күйікке шыдамай жынданып кеткен Балхияның түн ішінде кейін қарай қашуы, соңынан Пахраддиннің іздеп шығуы жүрек шымырлатар драмаға құрылған. Пахраддин құм бетіндегі ізді қуалай-қуалай ескі жұртқа оралады. Көп бейіттің арасында күйеуінің қабірін құшақтап жатқан Балхияны көреді. Бірақ қанша қуып, шақырса да есуас келіншек ұстатпайды. Әбден сілесі қатып кеп өзінің ақбоз үйіне түнейді. Таң алдында түсінен шошып оянса, шаңырақта оратылған шұбар жыланды көреді, керегеден жынданған әйелдің көзі сығалайды. Жылан жайлап, жын иектеген өз үйінен Пахраддин зәре-иманы ұшып тұра безеді. Осынау сәл штрихтың өзі көп нәрсені аңғартқандай. Ғасырлар бойы басына пана, айналасына айбын болған ақ ордасы – ақ боз үйін тастай қашқан қазақ ендігі жерде өз топырағында бұрынғыдай салтанат құрып, дәуірлей алар ма екен?
Аштықтың азабын тартқан босқындар ұзақ жолда талай өткелектен өтеді. Қол жайған тіленші жетімектерге Пахраддиннің жарты құртты жарып, бес түйір бидайды онға бөліп беріп, өзінің нәр сызбай отыруы, айдалада өліп жатқан шешесін құшақтап жылап отырған кішкентай сәби… бәрі-бәрі ашаршылықтың жан шошытарлық суреттері. Сырға науқастанып, жүре алмайтын болған соң, Пахраддин амалсыз айдалада қалуға мәжбүр болады. Балалар аман қалса екен деген ниетпен, Дәу апаны бас қылып Хансұлуды немерелірімен жолға шығарып салады. Шұбырынды топ бірте-бірте бұлыңғыр кеңістікке сіңіп ұзай береді. Бұл ата мен баланың бір-бірімен мәңгілік қоштасуы ғана емес, қазақтың көшпелі дәуірмен қоштасуы, аға ұрпақпен бала ұрпақтың бір-бірімен қол үзуі, ажырасуы еді. Хансұлулар арып-ашып Қарақалпақтың жадау бір Қоңырат деген қалашығына жетеді. Расында да мұнда аш балаларды Балалар Үйіне жинап жүргендер бар екен. Пахраддин немерелері сол жерден пана табады. Хансұлу мен Дәу апа аспаз болады. Құдай-ау осы күнге жеттік пе, жетпедік пе деп, лап беріп тамаққа бас қойған өңшең көгенкөз жетімектердің желкесіне төніп, Сталиннің портреті қарап тұрады. «Мен сендерді құтқардым! Мен болмасам, қайтер едіңдер?!» деп тұр. Бұл – «Сендерді құрып-бітуден аман алып қалған, оқытып адам қылған, бақытқа жеткізген, т.т… тек совет үкіметі, коммунистік партия!» деп жетпіс жыл бойы ұрпақ санасын улаған, әлі күнге дейін көбіміздің бойымыздан індеттей арылмай жүрген советшіл, орысшыл кеселді идеологияның символы. Ауызы асқа тиіп, мәңгірген балалар аман қалғанмен, солардың амандығы үшін басын тауға да, тасқа да ұрған би Пахраддин мен Сырға айдалада ажал құшады. Сөйтіп, бабалардың бекзаттығы мен бар даналығын бойына сіңірген әз қазақтың асыл сүйегі қарға-құзғынға жем боп, жота басында қалады.
Қазақтың ашаршылықта қырылғаны аздай, тірі қалғаны не көрген жоқ? Әлсіз, қорғансыз бишараларды кім басынып, кім қорламады? Мәселен, Қоңырат базарында басқа жұрт қауын-қарбыз сатып отырса, аштан бұралған қазақтың қайыршы қатыны бүлдіршін қызын сатып отыр. Жарты қап астық беріп, балиғаға толмаған сәбиді мосқал сең-сең бөрікті бір шалдың шырылдатып білегінен сүйреп бара жатқанын көргенде, қалай жүрегің тілінбейді?
Жалпы, фильмнің өнбойынан тарихи-әлеуметтік құбылыстарды астарлап меңзейтін символикалық ұтымды кинодетальдар мол ұшырасады. Хансұлудың көз алдында елес боп кең далада арқырай қашқан Ақбақайды Сұржекейлердің атып өлтіруі қазақтың еркіндігінен айрылып, азат рухының өлуін әйгілесе, аштықтан амалы таусылған би Пахраддиннің көз жұмар соңғы сәтінде мал сияқты еңбектеп шөптің басын шалып жеп жүруі қазақтың бекзат басының қаншалықты қорлыққа түскенінің айғағы еді. Сондай-ақ, режиссер ашаршылықта қазақтың қаншалықты қынадай қырылғанын кино тілімен кең далаға сыймай кетіп бара жатқан ақ кебінді аруақтар елесі арқылы ұтымды бейнелейді.
Сөзіміздің тобықтай түйіні, кинодағы осынау жаңа туындысымен режиссер Бегарс Елубаев өзінің шығармашылық мол потенциалын, шебер қолтаңбасын таныта білген. Осы фильм арқылы біз өнеріміздегі соны өріске жол ашқан бір жаңа сапалық деңгейді көрдік. «Жібекті түте алмайтын…» режиссердің небір асыл драмалық дүниені қалай «жүн» ететінін де көріп келдік қой! Бегарс бауырымыз талантты сценарийдің бағын ашып, гүлін жайнатыпты. Әсіресе актерлер ансамблі сәтті таңдалғанына тәнті болдық. Актерлер ойнамайды, уақыт пен кеңістік аясында шынайы өмір сүреді. Қисынсыз әрекет, артық эмоция жоқ, режиссердің қырағы жанары елеусіз сәл нәрсенің өзін қалт жібермейтінін байқадық. Сондықтан Пахраддин (актер Қайрат Кемалов), Сырға (актриса Күлжәмила Белжанова), Хансұлу (актриса Ұлдана Құдайбергенова) образдары барынша шынайы, табиғи сомдалған. Олар бейнелеген ер мен әйел, әке мен бала, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас, сыйластық, қас-қабақтан түсінісетін бекзаттық қандай десеңші! Уақытқа тән салт-сана, киіз үй ішіндегі жиһаз-жабдыққа дейін көз сүйіндіріп, түп санамызда елесі ғана сағымданған сағынышты бабалар әлеміне кіріп кеткендей боласың. Бұған қоса оператордың (Александр Рубанов) ұтымды ракурста түсірген психологиялық сахналарға сай бояуы қанық көріністері де эпизодтар ажарын аша түскен. Композитордың ( Әділхан Байысбай) фильмнің музыкалық кілтін таба білуі де үлкен жетістік. Қылқобыздың «Елім-айды» түрлі интерпретацияда жүрек үздіре аңырата боздауы миллиондардың азасына айтылған жоқтаудай көңіл күрсінтеді. Сөз, сурет, музыка синтездене тоғысып, бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан.
Қызуы бет шарпыған қызыл сөзбен небір мадақ айтсақ та артық болмас еді. Бірақ, ойымызды өйтіп арзандатпай, бір-ақ мысалмен тізгін тартсақ дедік. Бір жарым сағат бойы қасымда жайғасқан бейтаныс кексе әйел қайта-қайта беторамалын көзіне басып, тұншығып өксумен болды. Міне, фильм құдіреті, міне, өнер магиясы! Фильм үшін осыдан артық мақтау, осыдан жоғары баға бар ма? Өз мұратына жеткен шынайы туынды ғана осылай жүрегіңе жол тауып, жұлын-жүйкеңді сілкілеп, неше алуан сезім жетегінде толқытып-тебіренте алмақ.

3 комментария

  1. Reply
    Қалекеговорит

    Киноны(фильмді) көру керек.

  2. Reply
    Әбиірбекговорит

    Керемет шолу!

  3. Reply
    Ертайговорит

    Сіздің «Құзғын тойған қыс» атты повесіңіз де бұдан кем емес, тіпті артық десек те болады. Нағыз киноға сұранып тұрған шығарма.

Пікір қалдыру