Асылдың сынығы – Ильфа апай

«Қазақ поэзиясының – Құлагері» деп мойындалған ақын, драматург, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың артында қалған ұрпақтары – Саят, Болат, Үміт, Ильфа атты аға-әпкелеріммен тіршілікте араласып тұрдым. Қазір олардан көзі тірісі Ильфа әпкем ғана. Оларды аға-әпке дейтінім, мен де Ілияс ақынның туған жері – Алматы облысы, Ақсу ауданында өмірге келгенмін. Ілияс ақынның жары Фатиманы ана ретінде ардақтадық.
Ильфа апай бүгінгі таңда Алматы қаласында тұрады. Төрт қыз, бір ұлдан немере-шөберелері бар. Оның жолдасы мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Оразұлы Жандосов 1983-1986 жылдары Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеді. Бүгінде Шымкент қаласында Санжар Жандосов атында көше бар. Ә.Диваев көшесіндегі ол кісі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылған.
Ильфа – еш жерде кездеспейтін есім. Ата-анасы кенже қыздың атын өз есімдерінің бастапқы буындарынан (Ілияс, Фатима) құрастырып қойған екен. Апай неміс тілінің маманы, әдебиетті жанындай сүйеді, суретті де тамаша салатын. Ол кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Білімі терең, сөздері салмақты. Сонымен қатар, өте бауырмал, ақкөңіл жан. Бертінге дейін өзара хат жазысып, амандық-саулық сұрасып тұрдық. Ал, соңғы қанша жылда хат жазу үрдісі үзіліп қалды… Ильфа апайдың кезінде маған жазған хаттарын компьютерге түсіріп қойған едім, Қазақ әдебиеті, мәдениеті деген оймен сол хаттарды оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.

* * *
Серікжан, сәлеметсің бе?
Не жұмыс істеп жүрсің? Балалар аман ба? Бірнеше күн бұрын Болат маған кітабыңды көрсетті. Сен бұл кітапты Ілиясқа арнап «Матайфондқа» ұсыныпсың. Қарап шықтым. Бірақ, оқуға бермеді. Өте жақсы, ұнады. Суреттерді көріп қуанып қалдым. Ал, аман-есен бол! Тағы осындай шығармаларың жарық көре берсін. Өзіңнің жоспарларыңды жазып жібер. Қолдан келетін көмегім болса, көрсетемін. Балаларыңды сүйіп қой!
Ильфа тәтең.
3 сәуір, 1995 жыл.
* * *
Серік! Саған мына бір өте құнды, қызық кітапті ұсынып отырмын. Өзің оқып, танысарсың. Санжар ағаң туралы жазғаныңды алдым. Сонымен бірге бүгін О.Жандосовтың 100 жылдығына жазылған мақалаңды алдым. Саған рахмет! Ниетіңе де, еңбегіңе де. Манап Өтебаев немересіне Санжар деп ат беріпті. Мәкеңе сәлем айтып қой менен. Аман-есен болыңдар.
Ильфа тәтең.
12 желтоқсан, 1999 жыл.
Алматы.
* * *
Қымбатты Серікжан!
Жазған хаттарыңды алып тұрамын. Құдай саған күш-қуат берсін. Үлкен бақыт, денсаулық берсін. Істеп жатқан ісіңе, жұмыстарыңа сондай ризамын. Жақын арада Ілияс Жансүгіров қорын құрдық. Мен осы қордың президенті болып сайландым. Алдымызда өте үлкен жұмыс. Алматыға келгеніңде бір сөйлесіп, ақылдасып алармыз. Мен саған Аширов Орақ арқылы «Мамания» деген Жекен Қалиұлының кітабын жіберіп едім. Алдың ба? Өте керекті, мазмұны бай кітап.
Ал, Жаңа жылыңмен бәріңді құттықтаймын. Үлкен денсаулық, амандық тілеймін. Сұрағандарға сәлем айтарсың! Әсіресе, Манап Өтебаевқа. Санжар деген немересіне айрықша сәлем!
Ильфа Ілиясқызы.
22 желтоқсан, 1999 жыл.
Алматы қаласы.
* * *
Серікжан, сәлеметсің бе?
Хатыңды алып, дереу жауап жазып отырмын. Санжар ағаңның биографиясын жіберіп отырмын. Сенің ағаңа жасаған ісіңе, жылы сезіміңе рахмет.
Аман-сау болып жүр.
Ильфа тәтең.
Бізде аман-есенбіз.
27 тамыз, 1997 жыл.
Серіжан!

* * *
Саған жіберіп отырғаным Ілиястың мақалалары және Үміткүл Олжайқы­зының «Құлагер» деген дастаны. Маған өте ұнады. Адресін саған да жазып беріп отырмын. Сен бұл кісіні танисың ба?
Тағы да саған Жансүгірова Нұржібектің адресін жіберіп отырмын. Ол Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрда әртіс болып қызмет жасайды. Бірнеше кітаптар жібердім.
Сәлеммен Ильфа тәтең.

* * *
Болат Серікұлы Жанәбілге!
Айналайын Болатжан! Хатыңды алып, қуанып қалдым. Үлкен жігіт болып хат жазғаныңа көңілім өсіп қалды. Ал, туған күніңмен сені шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, оқуда табысты болуыңызды тілеймін.
Саят, Болат ағаларың аман-есен. Мұрат ағаң Голландияға кетті. Мұрат ағаңды көп ойлаймын. Папаң Серікке, мамаңа сәлем айт.
Жақсы жігіт болып, еліңе адал қызмет жаса!
Ильфа тәтең.
02 мамыр, 2000 жыл.
Алматы қаласы.

Балаларым Ильфа апайға хат жазып, жауап хатын асыға күтіп жүретін. Ұлдарым – Өскен, Болат, Ілия, Шоқан. Алматыға барған сайын Ильфа апайға сәлем беріп шығады. Ол кісі әкесі жайында әңгімелегенді жақсы көреді:
– Маған әкемнің «Жетісу суреттері» атты өлеңі ерекше ұнайды. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы ретінде Мәскеуде өткен Кеңес Жазушылар одағының бірінші съезіне қатысып, баяндама жасады. Орыстың ұлы жазушысы М.Горькиймен кездесіп, әңгімелескен. Сол жылы бірге түскен суреті де бар. Француз жазушысы Луи Арагонмен танысқан. Амал не, 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, құрбан болды. «Исатай мен Махамбет» атты жаңа пьесасын көре алмады. Оның «Құлагер» поэмасын оқырмандар жылы қабылдады. Құлагер тұлпар сияқты жұлдыздай жарқырап, поэзия әлемінің есігінен енді енген сәтінде қыршын кетті, – деп Ильфа апай өткенді есіне түсірді.
– Анаңыз Фатима Ғабитова туралы не айтасыз?
– Анам 1903 жылы Қапал қаласында өмірге келген. Өте зерек әрі алғыр болған. Қазақстандағы белгілі педагогтардың бірі, орыс тілінің маманы. Ғұмыр бойы мектепте бала оқытты. Орыс, татар, қазақ әдебиеттерін терең білді. 1932 жылы әкеме тұрмысқа шыққан. Ілияс пен Фатима екеуі 1935 жылы жетісулық айтыскер ақын Сүйінбайдың жыр кітабын шығарды. Әкем Ілияс жаңа шығарма жазарда анаммен ақылдасады екен. 1936 жылы орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің туғанына 100 жыл толуына орай әкем оның «Евгений Онегин» атты өлеңмен жазылған романын қазақ тіліне аударды. Әкем алты ай бойы үйде отырып осы шығармамен айналысты.
Ақынға жар болу оңай емес. Анам әкем Ілиястың отбасындағы ғана емес, әдебиеттегі де сенімді серігі бола білді. Жарының әруағын құрметтеп, басына қандай күн туса да шығармаларын аман алып қалып, бүгінгі ұрпаққа аман-есен жеткізуге зор үлес қосты. Өкініштісі, әкеміз Ілияс «Халық жауы» ретінде тұтқындалғанда, оның зардабы анама да тиді. Бес баласымен екі жыл Семейде, жеті жыл Жамбыл облысындағы Мерке ауданында айдауда болып, тұрмыстың небір ауыртпалықтарын көрді, – деді Ильфа апай.
Ол кісі әр сөзін ойланып барып айтады.
– Ерім Санжар Жандосов – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың бел баласы. Ол өте мәдениетті әрі білімді, әдебиет құмар жан еді, өзі де өлең жазды. Қолынан келгенше халыққа көмектескенді ұнататын. Шетел, орыс, қазақ, татар, ұйғыр әдебиеттерін көп оқыды. Ол 1992 жылы өмірден өтті, – деді Ильфа Ілиясқызы.
– Санжар ағаны күнгей халқы құрмет тұтады.
Шымкент қаласындағы Бауман көшесі бүгінде Санжар Жандосовтың атымен аталады, – дедім.
Бұл 2001 жылдың 17 қыркүйегінде Ильфа апайдың үйінде болған әңгіме еді. Төрде Санжар Жандосовтың суреті ілініпті. Үйге енді келген апайдың кенже ұлы Кененмен құшақтасып амандастым. Сәлден кейін апайдың қыздары Дина мен Фатима келді. Еркін, Шалқар дейтін күйеу балалары бар. Еркін – тұңғыш қызы Ақжардың күйеуі.
– Еркін қайын атам мен Санжар туралы жазылған кітаптарға демеушілік көрсетті. Еркін мен Ажарым – қамқоршыларым, – деді апай.
Проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына енген айтулы туындылар жазып, артына аса мол көркем мұра қалдырған Ілияс Жансүгіровтың туғанына биыл 125 жыл толады. Қысқа ғұмырында қаламгерлік күш-қуатын сарқа пайдаланып, заманының көкейтесті әлеуметтік мәселелеріне үн қосып, өз дәуірінің жыршысына айналған ақынның есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Жақын күндері Алматыда тұратын Ильфа апайыммен хабарластым. Біздің үйге ыстық сәлемін жолдап, ұлдарым Өскен, Болат пен Шоқан, Ілиясты сұрады. Кезінде Ильфа апай Манап Өтебаевқа айтып, осы балаларымның оқуға түсуіне көмек көрсеткен болатын. Төрт балам да Манап Өтебаев атындағы колледжді бітірді. Балаларым бүгінгі таңда жеке-жеке отау болып, бала-шағаларын өсіріп жатыр. Біздің отбасымыздың тілеуін тілейтін Ильфа апамызды құрмет тұтамыз. Ол кісі өте мейірімді адам.
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді, – деп жырлаған Ілияс ақынның өлеңдер есіме түсе береді. Ильфа Ілиясқызы қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитовадан қалған асылдардың тұяғы еді.

Серік ЖАНӘБІЛ

Пікір қалдыру