МЕН ГҮЛДЕН ДЕ НӘЗІКПІН…

                                                                                                        Айдана БЕЙСЕН

ТАУ САМАЛЫ

Тау жақтан бір самал жел есіп өтті,
Елеңдеп, ерке гүлдің есі кетті.
Өзіне шақырғысы келді ме екен,
Мені де ерте кетсе, несі кетті?..

Мойнымды соза қарап асқарына,
Өлең оқып берер ем, аспаныма.
Ескен желдің есінде қалар, бәлкім,
Тебіренсе тауымның тастары да.

Шыршаларын сағындым,
қайыңдарын,
Бір ауыз сөзге сыймас,
мәлім жайым.
Тау жақтан бір самал жел есіп өтті…
Сағынғаным,
сейілсін уайымдарым!

Жұпаргүлдерді сағынам

Санама қосып сыр бөлек,
Арпалыс өмір, жай-күйім.
Мен жүрген көше бойынан
Жұпаргүл иісі аңқитын.

Ақ жауын алға жетелеп,
Шешілмес жұмбақ күн кештім.
Мейірім шығы секілді
Табылмас сәуле іздеппін.
Ауада қалқып бір бақыт,
Тәп-тәтті сезім кешемін.
Ізгілік таңын атырар
Жүрегімдегі шекер үн.

Еркіндік сездім өзгеше,
Тамшыдай көктен дарыған.
Көктеммен бірге неге ылғи
Жұпаргүлдерді сағынам?!

* * *
Кімге керек басыңдағы мұң-қайғы,
Жер тепкілеп, жатып қалсаң езіліп.
Маған сенің ғашықтығың ұнайды,
Жанарымыз қалған сәт те.. кезігіп.

Сезіміңді ақтап алар тілекпен
Сен беймәлім ғажайыпқа асықтың,
Жүрегінің дүрсіліне дір еткен,
Мен сендегі адалдыққа ғашықпын.

Ғашықтық па, ғашық болсам мен енді
Шуағына шомылайын, жарығым.
Өмірдің де сонда болар керегі
Сен арқылы махаббатты таныдым.
Тыным алып, тыншымайтын тірлікте
Берер саған тағдырыңды жазып кім?
Ақтарылар менен, жаным, сыр күтпе,
Мен қайыңнан қаттымын,
Мен гүлден де нәзікпін!

Жаңбырдан қалған естелік

Естелік пе, бұл әлде сағымдар ма,
Қуат алар жанарға жалын бар ма?
Терезеден тырсылын тамшылардың
Қиялыммен құшамын сағынғанда.
Мөлдіреген моншақтай
жауында мұң,
Алыстарға ерте ме, дауылдарың?
Қиырларға жетеді жаңғырығып,
Сеніменен бір нәзік жанымдағы үн.

Келем жолда…бір әнім шырқалды деп.
Кірпігіме ілініп бір тал жібек!..
Менің назды жанымдай ақ жауынға
Сырын ашып соғады іңкәр-жүрек.

Ару Аспан, жанымның мекені едің,
Тамшыларды бағым – деп, мәпеледім.
Бар қалғаны жаңбырдан естелік боп:
Қолшатырым қолымда…
кете бердім.

* * *
Есте қалды,
естеліктей бал күнім,
Ал бүгін ше,
бүгін неге зарлымын?
Ақша бұлттың арасынан жылт етті
Сенің аппақ жаулығың!
Өзің жоқта
көңілім де мұңлы еді,
Сен секілді әлдилейді кім мені?
Саған жазған,
оқылмайтын хат барын
Әлі ешкім білмеді.

Дәл осылай
сезбес едім, білмес ем,
Жерде жұмақ орнамастай
күн кешем.
Сен періште
болған күннен, ендігі
Мен аспанмен тілдесем.

Күн өтеді,
күн артынан ай бар-ды,
Алақаның сағынышқа айналды.
Сандығыңның
бұрышында сақтайтын
Орамалың қайда әлгі?..

Балалығымның көктемі

Мұң шалып өтті жүректі,
Жылылық, тегі, шеттеді.
Келмеске қайда кетіп ең,
Естелік етіп өткенді.

Сағынам сені, бал күндер:
Жаңбырлы күні ойнаған.
Әй, соның бәрі шын ба еді,
Түн көзі ұзақ ойланам.

Сағынта жүріп арманмен
Бәйшешек атып, нұрланам.
Жалғайды жанның тілегін,
Құлпырып ғазиз гүл далам.

Тербелуші едік бір бимен,
Шырқаса көңіл тәтті әнді.
Ұмытылмайтын еркелік
Есімде мәңгі сақталды.
Тереземдегі тамшылар
Мен жаққа неге жетпеді?
Қол бұлғап қайта тұрмысың,
Балалығымның көктемі?!

* * *
Есік пе қағылған, кірпік пе,
Бір елес көзімді торлайды.
Ақылды-ақымақ әлемде
Есуас болмасаң, болмайды.

Бақыттың нұрына шомылып,
Жалғанның бал дәмін татты ма?
Жанардан аққан мұң тәтті ме,
Қуаныш көз жасы ащы ма?

Еңбектеп шыққанда биікке
Жанкешті күндермен қансырап.
Із-түссіз батырар күйікке,
Бәрібір жауапсыз сан сұрақ.

Кіршіксіз көңіл мен әрдайым
Пейілді түзу ет, Тәңірім!
Адалдық жолында ор дайын,
Ақ жүрек жандардың жауы кім?

Кешірмес мәңгілік өкпесін
Бір жылдар бәріне айыпты.
Санаңнан ғайып боп кетпесін,
Кей сәттер бәріне лайықты.

Сағымға айналған сағыныш,
Тірі жан ұқпастай бұлыңғыр.
Бір күні болады жарылыс,
Мен сонда келемін:
Біліп жүр!

Мен күткен көктем

Іңкәрлік шегі біткен бе,
Сағынтпай жаным, кел енді.
Көктемін күткен қызғалдақ
Қып-қызыл нұрға бөленді.
Армандарыма жетем мен,
Шегінетінге жоқ қадам.
Өзіңе сенген жүрекпен
Болашағыма аттанам.

Шуағын төгер күні бар
Келеді – дейді, құт көктен.
Қолында қыздың гүлі бар,
Құшағыңды ашып күт, көктем!

Жетеле мені, жет бірге,
Асығып қайда барасың?
Асықтың сен де көруге
Мөп-мөлдір көздің қарасын…

Сағыну

Жанымды тербеген бір сезім
Ішіме сақтаған сырлар ма?
Алыстан сарылу – бір бөлек,
Жақыннан сағыну – тым басқа.

Дәл солай ұмыттым дегенмен,
Кеудемді кернейді сағыныш.
Арманға айналған періштем,
Ақ бұлтқа жырымды алып ұш!

Ең алғаш танысқан кештегі
Көк бел мен көктемді сағынам.
Сарғайған сағыныш кеш, мені!
Мен әлгі…
Сол жерден табылам!

Пікір қалдыру