ІЗДЕР ҚҰПИЯСЫ

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

(Жалғасы. Басын осы сілтемеден оқисыздар)

Сегізінші тарау

Төртінші шегініс.
Ала сиырды кім ұрлады?
Сиырдауысты үрей. Көрінбейтін кездесу.
Ғажап із. Біреу қашты.

Сол күні Ерік сайдағы көкмайсада әдеттегідей балалармен футбол ойнап, қас қарая үйге келсе, шешесі аулада тықыршып жүр. Әдетте, үйде тып-тыныш тамақ дайындап отыратын. Бүгін неге біртүрлі мазасыз? Бірдеңе боп қалды ма?
– Айналайын-ау, қайда жүрсің? Ала сиыр әлі келген жоқ. Жемге үйренген, күнде өзі-ақ жалмаңдап жетіп келуші еді. Бүгін не көрінгенін… Әкең әлі жұмыста, қолы тимей жатыр. Енді сен іздеп келе ғой, айналайын! Асыл тұқымды екенін білсе, біреу ұрлап кетер. Қараңғыда қорықпайтын шығарсың?
– Жо-оқ, қорықпаймын.
– Дегенмен, жолдастарыңның бірін қасыңа ертіп ал. Қаңғыбас иттер қауып алып жүрмесін.
– Жо-оқ, керегі жоқ, өзім-ақ тауып келем, – Ерік кетуге асықты.
– Ал, онда тездет.
Жалғыз іздеген көңілсіз, Ерік жүгіргеннен жүгіріп, парталас досы Әділбектің үйіне барды. Келісіп алған үйреншікті шартты белгілерінің бірі – үш рет ысқыру. Үш рет ысқырықпен әндеткеннен кейін ауыр қақпаның бұрышындағы темір есік ашылып, Әділбектің бұйра басы көрінді.
– Жай шақырдың ба? – Апақ-сапақта досының келгеніне таңданып қалды.
– Біздің ала сиырымыз жоқ. Жүрші, бірге іздеп келейік. Жалғыз ішім пысады.
– Жарайды. Фонаригіңді алдың ба? О, жақсы болды. Қараңғыда жарық жүгіртеміз.
– Айтпақшы, екі болт алдым гайкасымен. Сіріңке ала салшы, мен ұмытып кетіппін.
– Соның керегі бар ма? – деді Әділбек іздеп жатуға қиынсынып.
– Керек болғанда қандай. Қараңғыда көрейік, қалай атылар екен.
– Жарайды, – деп, Әділбек қора жаққа кетті. – Ерік, бір ысқырық сатып алғам, милицияныкі сияқты, оны да ала шығайын. Көрейік, түнде қалай естілетінін…
Екеуі ауылдың сыртына шыққанда, күннің қызыл алауы әлдеқашан семіп, айналаны қоңыркүңгірт қараңғылық басып қалған. Әдетте, өрістегі табын күнде ауылға қайтатын тас жолдың бойында сорайған электр бағанына жеткенде, ымырт жабыла бастайды.
Екеуі күншығыстағы жоңышқаны, күнбатыстағы арпаны жағалап өтіп, оның төмен жағында түнеріп қарауытқан қараағашы мен үйеңкісі бытысқан Амантоғайдың ішіне кірді. Ауасы қапырық. Бәйтеректермен қабаттасқан бұталар ығы-жығы. Күндіз байқалмайды екен, түнде қарағаштың қатқыл бұтақтары әдейі тосып тұрғандай беттен тырнап, көзіңді шығара жаздайтыны жаман. Аттаған сайын бір еңкейіп, бір жалтарып, ығыр боласың. Бәрібір бос әуре, ала сиыр ұшты-күйді жоқ.
– Әділбек, шаршаған жоқсың ба? Енді не істейміз?
– Жүр, Күйгенжарға барып көрейік.
– Ой, ол жақтан сиыр не алады?
– Өрістен қайтарда сиырлар ылғи соның қасынан өтетін.
– Өтсе, неғыл дейсің?
– Сондағы жыралардың біріне жатып қалған шығар?
– Иә, саған, сиыр ақымақ дейсің бе?! Құр топыраққа үстін былғап, жатып нағылады?! Сүтін саумаса, желіні сыздап қиналмай ма?! Мен сиыр болсам, бірдеңе бітіргендей, бірден үйге келер едім. Берген жемге тойып ап, сүтімді түгел беріп, содан кейін апам сияқты «үһ, жаным-ай» деп, алаңсыз ұйықтап жатар ем.
– Сен сиыр болсаң, солай етер едің. Бірақ сен сыйырадам емессің ғой.
– Сен де сиырбала емессің, хи-хи.
– Ха-ха-ха, сиырдың бала құрлы мыйы жоқ. Біз сияқты қулықты қайдан білсін.
– Ақылды десеңші.
– Өз сиырыңа жаның ашып тұр, ә. Олай ойласа, сыйыр сыйыр бола ма?
– Сен сиыр болсаң, бақташы болып, қуалар едім, – деді Ерік күліп.
– Сен сиыр болсаң, мініп алып, шапқылар едім.
– Мөңкіп кеп жіберсем, «апа-а» деп бақырып, ұшып кетесің.
– Ұшып кетсем, бишікпен қуып жүріп сабаймын.
– Онда мүйізіме іліп алып, лақтырып жіберем.
– Жарайды, сиыр болсақ, екеуміз де жаман сиыр болатын түріміз бар. Одан да тілалғыш, әйбат бала болып, тезірек тауып алайық та.
– Е, өзің ғой. Жүрші тезірек, егер онда болмаса, қайтамыз үйге. Мүмкін, ол жақта жарғанаттар бар шығар, көрейік те, – деді Әділбек қызынып. Ерік қарны ашып, үйге қайтқысы келіп тұрса да, досының сөзін жерге тастауға қимады:
– Жарайды, көрсек, көрейікші.
Бағанағыдай емес, бұл кезде түн қараңғылығы тіпті қоюланып, ұйып қалған. Түнерген тоғайдан шығып, анадайда ақырын сылдырап баяу аққан өзен иісінен салқын леп сезілген сайға келген екеуі шегірткелердің жан-жақтан жарыса жамыраған шырылына үнсіз құлақ тосып, біраз кідірді. Сезік алатын ештеңе білінбейді.
– Айсыз, тас қараңғы түнде көп жүрген адамның көзі өткір, алыстан көргіш болады деседі үлкен кісілер, – деді іші пыса бастаған Әділбек.
– Иә, иә. Спортшылар чемпион болу үшін көп жаттығу жасайды ғой. Соның арқасында әбден шынығады. Меніңше, көз де сол сияқты. Үнемі түнде жүре берген соң, қараңғыда әр нәрсені анық көруге үйреніп алады.
– Екеуміз бүгіннен бастап, түнде осылай қыдырайық та.
– Ой, қойшы, бостан-босқа сандалып жүреміз бе? Одан да мультфильм, кино көріп, тып-тыныш жатқаным рахат емес пе?
– Күнде қызық мультфильмді қайдан табасың. Ал кино… олар сұмдық көп. Бітпейді. Бәрі біріне-бірі ұқсайды, жалықтырып жібереді, – деп күмілжіді Әділбек. – Алғаш қызығып көріп отырасың. Сосын көзің де, басың да ауырып кетеді. Арада бірталай күндер өткен соң, ұмытып қаласың. Көрдің не, көрмедің не, бәрібір.
– Олай болса, көрмей-ақ қой, – деп күлді Ерік.
– Бәрі көріп жатқан соң, мен де көрем. Әйтпесе қарамай-ақ қояр ем. Одан гөрі маған кітап қызығырақ. Батырлар жырын қайта-қайта оқимын.
– Е, сөйт, онда. Кітап оқы да, жата бер.
– Сен де көзіңді сақтауың керек.
– Бұдан былай мен де аз қарайтын шығармын, – деді досының көңілін орнықтыру үшін.
Әділбек үндемеді.
– Түн салқындай бастады, – деді тағы біраз жер жүргеннен кейін.
– Ой, бұл ештеңе емес. Мұндай түнде жейдешең далада ұйықтасаң да, жаурамайсың.
– Аһа, – Әділбек бірден қоштады. – Ананы қарашы, анау жұлдыздарды айтам. Жаураған сияқты дірілдеп кетеді.
– Ал маған қытығы кеп қозғалып тұрғандай әсер етеді.
Шығысында арбиған жарлар зорайып қарауытқан сайдың табаны – қалың шалғын. Балаққа оралып, тізені қағып, еркін жүргізбейді. Ерік алға адымдап, бойымен шамалас шоқ-шоқ сүттігендерді, ағараңдаған түп-түп шилерді айналып өтіп келе жатқанда, бірдеңе шашынан желпіп, сипап өтті.
– Неге сипайсың? – Артына жалт қарап еді, Әділбек қол жететін жерде емес, сәл әріректе келе жатыр. Сонда кім шашынан желпіп, сипап өтті?! Біртүрлі секем алған Ерік тағы да сұрап, анықтағысы келді. – Сен бе шашымнан сипаған?
– Жоға. Менің де шашымнан біреу үрлеп, сипап өтті. Жел емес пе? – Әділбек қалт тоқтады.
– Қайдағы жел?! Міне, ешқандай леп жоқ!
– Енді не?
– Білмеймін.
«Шайтан емес пе?» деп бір-бірінен сұрауға екеуі де жүрексінді. Атын атаса, көрінбей бірден жетіп кеп жүрер. Сонда не істемек? Енді екеуі қатарласа адымдады. Кенет Еріктің шашынан бірдеңе ақырын ғана желпіп тартып өткен тәрізді болды.
– А-а! – деп қалды ол сасқанынан. Селк еткен Әділбектің де шашынан біреу сипап өткенде:
– Ы-ыһ… Бұл кім? – деп, тітіркеніп қалды.
Ерік дереу фонарикті жағып жібергенде, білінер-білінбес су-су етіп, өте шыққан әлдебір қанатты құбыжықтарды байқап үлгірді. Әділбектің де бойын лезде бір майда діріл аралап өткенде, сескеніп, тоқтай қалды:
– Мәссаған, жарғанат қой мыналар. Қанымызды сормай ма?
– Малдың қанын соратындары бар деуші еді. Бізге де шабуыл жасап жүрмей ме?
– Білмеймін. Бірақ олар жүнге қызығады деп естігем. Егер біз тып-тыныш тұрсақ, шашымызға қонуы мүмкін.
– Түһ, түрі құрсын. Жексұрындарды көргім де келмейді..
– Маған да ұнамайды. Түнде кейде шатырға шығып, шаммен қарасаң, бірен-саран отырғанын көресің. Тышқанға қатты ұқсайды. Түрінің жаманы-ай.
– Мен де көргем. Жеркеніп, қаштым.
– Ха-ха, ұшатын тышқаннан да қорқамыз ба?! Ұрып кеп жібермейміз бе?!
Айтпақшы, бұл жерді неге «Күйгенжар» деп атайды?
– Баяғыда осы сайдағы жарларды қора ретінде пайдаланған деседі, анығын өзім де білмеймін. Біреулер ордалы жыландарды көрген екен. Соларды көшіріп жібереміз деп, өртепті дейді.
– Солай шығар. Ол кезде көшіп жүретін болған соң, әрине, сөйтеді.
– Тсс, ақырын. – Әділбек Еріктің білегінен ұстай алды. – Естідің бе? Дыбыс шығатын сияқты.
– Естідім. Бірақ ол мұнда емес, алыста. Шамды өшір.
– Сонда… қайда болуы мүмкін?
– Білмеймін.
– Жүр, жоғарғы жаққа барып көрейік. «Күйгенжардың» бас жағынан шығып жатқан сиқты.
– Ал, маған құмығып па, тұншығып па… бір түрлі тұмшаланып естіледі.
– Маған да солай.
– Басына қап киіп алып, қалай қарай жүрерін білмей, бір жерде мөңіреп тұрған шығар?
– Қайдағы қап? – Әділбек күліп жіберді.
Екеуі ұзыннан-ұзақ созылған терең сайдың шығыс бетінде біріне-бірі жалғасып, қараңғыда бірнеше қабат үйдей зорайып арбиған жарлардың етегін жағалай, біраз жер жүрді. Бір уақытта тағы да сиырдың мөңірегені құмығып естілді.
– Ерік, тоқтай тұршы. Дауыс арт жақта қалып қойған сияқты.
– Маған да солай естілді. Жүр, кейін қайтайық. Айтпақшы, фонарикті тағы жағайын.
– Үркіп, қашып кетер.
– Қашқанын көрсек, тіпті жақсы емес пе?! Кезек-кезек қуып жетеміз екеулеп. Алдымен тауып алайықшы. – Екеуі де үндемей, тың-тыңдап тұрудан жалыға бастады. Айнала қамаған тас қараңғы түнек. Қарауытып өңкиген жарлардың жарықтарында, қуыстарында қасқырлар жасырынып жатуы да ғажап емес. Екеуі де іштей қобалжығанын бір-бірінен жасырып, дауыстап, еркін сөйлеуге тырысты.
– Дыбыс ала сиырдікі емес шығар? – деді Әділбек.
– Көрейік, не болса да.
Балақтан сипай берген раң, селтиген селдір көк мия мен шаршап мүлгіген қалың сүттігеннің арасымен аяқтарын абайлап басқан екеу айналасына мұқият құлақ тігіп, сергек адымдады. Қоңырсалқын, ұшы-қиыры жоқ ымырттың тұңғиық қойнауында екеуден-екеу қалғандай сезініп, тезірек сытылып шығуға асықты. Алакөңілденіп келе жатқанда, тағы да мөңіреген дауыс естілді.
– Мәссаған, тағы да өтіп кеттік, – Әділбек алақандарын ақырын шарт еткізді.
– Тшш, ақырын. – Ерік фонарын өшіріп, тың-тыңдады. – Өстіп күтіп тұрғанда, мөңіремей қалатыны-ай. Тездетіп тауып алар едік.
– Әнебір қалың шилердің арасына жатып қалған шығар. – Әділбек жарға тақау тұста үрпиген ағарыңқы селдір шашақ шилерді сұқ саусағымен нұсқады.
– Сиыр табыннан неге бөлініп қалады? Жемге қызықтырған біреу кездеспесе, сайдың ішінде жападан-жалғыз босқа жатпайды ғой. Бір шұңқырға түсіп кетуі мүмкін. Бұзаулайтындай буаз емес, – деді Ерік малдың жайын біршама жақсы білетінін аңғартып. Қолшамын қайтадан жақты. – Осы маңда шұңқырлар бар ма еді?
– Жо-оқ, қайдағы шұңқыр?! Кейде осы арадан да ойнап өтеміз. Ешқандай шұңқыр көргем жоқ сиыр түсіп кететіндей.
– Мен де көргем жоқ. Сонда қайдан мөңіреп тұр бұл сиыр? Жарайды, жүр анау қарайғанды көріп шығайық.
Қолшамның жарығын алға зулатып жіберіп, өздері соған ілескен екеу қауымдасып алған ну сүттігеннің қасына тақады. Қараңғы әлемнің құшағында құпиясын ішіне тұмшалап алған қалың жыныс тәрізді. Ары-бері айнала жүріп, жерге қанша шұқшиып үңіле қарап шыққанымен, сиырдың ізін таба алмады.
– Мынаның ішіне сиыр кірсе, сүттігендердің ең болмаса, кейбірі сынып, не жапырылып жатпай ма? – деген Әлібектің болжамына Ерік келісе қоймады:
– Сүттіген сынады дейсің бе, майысып, иіледі де, сиыр түгіл түйеңді де өткізіп жібереді.
– Жүр, онда. Ішін аралайық.
Қолшамның елгезек, ұшқыр жарығын жан-жаққа сумаңдатып жүгіртіп, ну сүттігенді ерсілі-қарсылы аралағанымен, сиыр түгіл сынған шөп табылса, кәнеки. Балалардың бойымен таласқан бойшаң, шоқ-шоқ сүттіген екеуін де қармап, тұтқынға алып қалғысы келгендей қайта-қайта тұтасып, өткен жолдарын тұмшалай берді. Бірақ екпіндеп жүргендердің қарқынына бөгет жасай алмай, томсырайып соңдарында қалып жатыр.
– Бізге өкпелеп түнеріп тұрған сияқты, ә? – деп езу тартты Әділбек.
– Шынында да. Бізден басқа кімге өкпелейді?!
Біреу іздеп жүргенін сезгендей тағы да сиыр мөңіреді. Жаңа ғана біресе алдан, біресе арт жақтан естілгендей еді, енді бір шеттен – иін тірескен қалың жарлардың әйтеуір бір пұшпағынан шығатындай.
– Меніңше, жардың бір жерінде біз білмейтін шұңқыр бар. Соған абайсызда түсіп кетіп, әлсін-әлсін мөңіреп тұр. Адамның келгенін сезеді-ау деймін, мөңіреп, көмек сұрап тұрған сықылды.
Әділбек басын изеді:
– Мен де солай ойлап тұрмын.
– Жүр, кеттік.
Қолшамның асыға, алға заулаған жарығының соңынан екпіндеп жүгірген екеуі жарқабаққа лезде жетіп келді. Шамның жарығын жалтаңдата сілтеп, биік жардың өн бойын тінте қарады. Көз сүріндіретін бөтен, бөгде белгілер байқалмайды. Әр жер-әр жері шұрық тесік. Кілең көк қарғаның көзге үйреншікті шұқырайған ұялары. Жарға тарбиып жабысып алған моншақкөз бірнеше жарғанат көрініп қалды.
– Көк қарғаның балапанын аламыз ба? – Әділбек иегімен ұяларды нұсқады.
– Ой, қойшы. Ойнап жүреміз бе түн ішінде. Ала сиырды тездетіп тауып алайық та, қайтайық.
– Жаңа мөңіреген дауыс осы жақтан шыққандай болып еді, – деп күмілжіді Әділбек.
– Қайда кетті енді? – Ерік таңданып, иығын қомдады.
Тағы да сиырдың мөңірегені естілді. Дауыс жардың көрінбейтін, белгісіз тасасынан шығады. Бірақ мына қарсы алдында тұрған арса-арса жарлардың арасына қалай кіріп кетеді? Мал қызығатындай не бар? Сиыр кіре алатындай ешқандай есік-тесігі жоқ.
Қолшамның жеңіл, ойнақы сәулесі бірнеше қабатты үйдей алып жарлардың қабырғасын жоғары-төмен, ерсілі-қарсылы тінткілеп, түгелдей шарлады. Елерліктей ештеңе жоқ. Мына жарға қатарласа дүрдиген тағы бір жар, оған іргелес келесісі… Сөйтіп тізіліп кете береді. Бір қызығы – кейбірі қатар-қатар сап түзеп тікіреймеген. Жарты шеңбердей дөңгелектеніп, кім келсе де, қолма-қол қамап ала қоюға әзір тұрғандай сұсты. Батыс жағы ғана аңырайған дарбазаның орны секілді.
– Жүрші, анау жерге барайық, – Ерік екі жардың түйіскен тұсын иегімен мегзеді.
– Мен де соған қарап тұр едім, – Әділбек бірден көнді.
Әлдекім арнайы бөлгендей қиғаш қаңқиған жардың іргесі мына алдыңғы жардың қалқасында екен. Анадай жерден қарағанда, екеуінің арасында ешқандай саңылау жоқ, бітеу, біртегіс тәрізді. Таяп келгенде байқады: екеуінің түйіскен тұсынан түйелі кісі емін-еркін өте алатындай үңірейген өңешінің арғы жағынан ұңғысы зор кең қуыс көрінді. Жақындаса, жұтып алатындай. Қуыстың арғы жағындағы аңырайған ашықта көлденеңдеген терең өзектің алға созыла түсіп, оншақты қадамнан кейін шұғыл оңға бұрылып кеткенін аңғарды. Арғы жағы тұғыл болса керек.
– Осы жерге талай келіп жүріп, мынаны қалай байқамағамыз?! – сыбырлаған Әділбек иегімен алдыңғы жақты нұсқады.
– Шынында да, – Ерік те сақтана сыбырлады. – бізге бұл қызық емес. Меніңше, осында бір құпия бар.
– Иә, нағыз қарақшылар мал жасыратын жер екен мынау.
Кенет дәл құлақ түбінен дерлік шыққан соншалықты зор дауыстан екеуі де селк етті. Жарлардың ішін кернеген дауыс жаңғырығып, толқындап таралып кетті. Жаңа ғана мұндай даусы зор емес еді, бұлардың таяғанын сезіп, күшене мөңіреген сияқты. Басқа ештеңе емес. Аумаған сол – сиырдың мөңірегені. Алайда көз алдарында ешқандай мал жоқ.
Екі бала демін ішіне алып, қалт тұрып қалды. Мұншалық зор дауыс қайдан шықты? Қалайша дәл құлақ түбінен жаңғырығады?
Әділбектің сыбыры зорға естілді:
– Бұл не бәле-ей?
– Білмеймін. Өмірі мұндай қорқынышты дауыс естіген емеспін. Сиыр сияқты мөңіреп тұр, ә?
– Аһа.
«А» деп ауыз жиғанша, жаңағы мөңіреген әлемет дауыс тағы да қайталанды. Алғашқыдай емес, одан да зор үн қатты естіліп, өзекшенің ішін де, соңдарында қалған дәу жар мен оған қатарлас, іркес-тіркес анау қабырға жарларды да тітірентіп жіберді. Түн қойнында бірдеңе іздеп өршелене қуғандай, немесе зуылдап жанталаса қашқандай безектеп ұшқан жаңғырықты бұған дейін екеуі де естімеген еді. Екеуінің жақын келгенін сезіп, үрейлі сиырдауыс түсініксіз ишара аңғартатындай. Мөңірегені – шақырғаны ма, әлде жолатқысы келмей, сес білдіргені ме?
– Шайтан шығар, – Әділбек Еріктің шынтағынан түртіп сыбырлады. – Мынандай тас қараңғыда жардың ішінде одан басқа не жүруі мүмкін?
– Қайдағы шайтан? Ертекте ғана емес пе ол. Шынымен шайтан болса, оның даусы қандай? Сиыр секілді мөңірей ме?
– Әжем айтатын кішкентай кезімде. Шайтан ешкіден аумайды. Кейде маңырайды, кейде адам құсап сөйлейді деп.
– Мынау ешкіге ұқсамайды.
– Мен де түсіне алмай тұрмын. Әжемнің бала кезіндегі ешкідей шайтандар әлемге тараған радиация салдарынан өсіп, сиырдай болған шығар. Ондай дәу болса, сүзіп, не таптап өлтіреді ғой бізді… Қорқынышты, ә?!.
– Сондықтан сиыр тәрізді мөңірей ме?! Мүмкін емес.
– Енді не?
– Егер шайтандар солай мөңіресе, олар да сиырдай, бұқадай дәу болмай ма?
– Менің де соған басым қатып тұр. – Ерік жүрексінгенін білдіргісі келмей, нықтап сөйлеуге күш салды.
– Шайтандардың ешкі сияқты мүйізі болады деуші еді.
– Мынау ешкі емес, сиырдың даусы ғой, – деді Ерік Әділбектің қобалжуын басқысы келіп.
– Дию шығар?
– Қайдағы дию? Оның бәрі ертекте ғана. Мынау бір түсініксіз керемет. Қалайша дәл құлақ түбінен шығады?!
– Мен қорыққаннан құлағым шуылдаған шығар десем…
– Шамды өшірші, қайтер екен?
Тас қараңғылық орнауы мұң екен, әлгі дауыс екеуінің аза бойын қаза қылып қайталанғанда, жардың іші күңіреніп кеткені сонша, қақырап, тітіреп, топырағы үгітіліп түсердей сезілді.
– Қашайық, – деді Әділбек алқына сыбырлап.
– Қашқанда, құтылсақ жақсы… Әйтпесе… – Не дерін білмеген Ерік сөзінің аяғын жұтып қойды. – Сиыр дауысты бұл не болуы мүмкін?
– Жер сілкінейін деген шығар. Қатты сілкінер алдында үрейлендіретін бір гуіл ме, гүріл ме, сондай қорқынышты бірдеңе естіледі деуші еді…
– Солай болуы да мүмкін.
Шамның жарығын жан-жақтарына тіміскілей жүгіртіп аңыстады. Көлденең жатқан кішкене өзекшенің бас жағы әрі қарай ұзаңқырап кетіп, түнек түннің түпсіз қойнына ұласатынын, ал бергі жағы созылып барып, шұғыл оңға бұрылып жатқанын тағы да байқады.
– Не де болса, анау бұрылмаға барайық. Сосын тұғылды тексерейік те, қайтайық.
– Жүр. – Әділбек алға түсті. Жүректерінің аттай тулағанын біріне-бірі білдіргісі келмей, батылданып адымдаған екеу барынша сақ. Бір жақсысы – енді шегірткенің шырылынан басқа бөгде дыбыс жоқ. Жаңағы дауысты жер жұтып қойғандай. Әлдебір тажал арт жағынан аңдып келіп, байқатпай бас салатындай сезік екеуін де іштей қобалжытқан.
– Ерік, сен арт жақты абайлай жүр, – деді Әділбек аяғын аңдып басып. Нөсер жырып, пайда болған шолақ жыра, өзектер көріне бастады. Олай бір, былай бір бұрыла беріп, ақыры қап-қара түнге тірелген тұғылға тұйықталыпты. Біресе шашақталған, біресе ұйысып ұйпаланған қалың қияқ, қызыл мия мен көк мия таласа иін тірескен, жерге жабысып, бір-біріне оралып, шырматылған ажырықтың арасында ордалы жыландар кездесетінін екеуі де талай естіген. Биік, тік жар қыртыстарының бұлың-бұлың қуыс, көлеңкелерінде бой тасалап, шибөрілер аңдып жатпасына кім кепіл? Әлдеқайдан келіп тынығып жатқан қабан шошқа бір қалтарыстан шыға келіп, дүрсе қоя берсе, не істемек? Өзеннің қасындағы осындай сайларда өріп жүретін бунақты, буылтық буын, қос орақты бұзаубас шаяндардың кейбірін таптап, кейбірінен аттап өтіп келеді. Солай келе жатқанда, балақтың астынан аңдаусызда кіріп кетуі де мүмкін. Олар шақса, оңдырмайтынын біліп, сақтануға мәжбүр. Жан-жағынан анталап, арбиған жарлар бұған дейін ешкім көре алмаған өзгеше бір үрейлі әлем секілді. Ауылға жап-жақын осы қалтарысты бұған дейін қалай көрмеген?! Сайтабандағы көгалда күндіз футбол ойнағанда, жақында жарбиған жарларға мүлдем назар аудармаушы еді. Түндегі тұрпаты тіпті басқаша. Кіммен болса да қаймықпай, қолма-қол айқаса кетуге дайын, айбарлы, апайтөс жарлардың барлығы түрегеліп, ызбарлана тік тұрып алғандай. Жақын жолатқысы келмей мелшиіп, сұстанған түрі біртүрлі тіксіндіреді.
– Ерік, сен арт жағымызды тағы да мұқият байқашы. Мен алдымызды қарайын.
– Айтпасаң да, абайлап келем.
Келесі бір өзектің бұрылар тұсына жетті. Осы жерден бастап, оңға бұрылған өзек жардың ішіне қарай сұғына бере, айналып ары қарай үңірейетін жыраға ұласыпты. Ішкері кірген сайын жыра жырымдала таралып, тереңдеп кеткен. Әне, анау арғы жағы – тағы да бір тұйық тұғыл. Қараңғылық әлемін олай-былай шарлаған шам жарығынан жан біткендей қақаңдап, қаптап шыға келген көлеңкелер арбиып-арбиып тұрып алудан жалыққандай, жоғары-төмен, оңға-солға біресе билегіштеп ұмсынып, біресе лып-лып етіп, тап беретіндей теңселіп-теңселіп қояды. Әділбек нығыз топырақты нығырта басып, алға адымдады. Сол бетімен тағы да оншақты қадам жүрді. Соның өзі екеуіне ұзаққа созылғандай сезілген. Алда не күтіп тұрғаны белгісіз сәттер қобалжытады екен. Кездейсоқ бетпе-бет ұшырасар ұры ма, қараңғы қуыстан тап беретін қасқыр ма, жұлқынып ұмтылатын қабан шошқа ма, балағыңа орала кететін жыландар ма, тынышы кетсе, жынданып ұмтылатын борсық па, суға жақын сайларда өріп жүретін бұзаубас шаяндар ма, қайсысы тап келерін кім білген! Жұлын-жүйкелері үзілгелі тұрған сымдай шиыршық атады.
Бір уақытта Әділбек сақылдап күліп жіберді. Қап-қара, қою түннің ұйып тұрған тып-тыныш, қара әйнектей теп-тегіс тымырсығына тас лақтырып жібергендей оқыс күлкіден Ерік селк етті. Мәссаған! Досының көзіне әлдене елестеп шошынып, аяқ астынан жынданғаны несі? Шайқалақтап, бір шалқайып, бір еңкейіп күле береді. Іс-міс жоқ, қараптан қарап ішек-сілесі қатқан адамның өзі де, шашы да селкілдегені қап-қара түнде біртүрлі үркітеді екен. Көлеңкесі де сексиіп, селкілдеп ала жөнелгені несі?
– Өй, Әділбек, Әділбек, саған не болды? – Екі иығынан сығымдап ұстап, сілкілей бастады.
Әділбек жауап беру орнына ішін басып, сақылдап күле берді. Еріктің төбе шашы тік тұрды. Бұған не болды аяқ астынан? Жаңа ғана «маған бере тұршы» деп, қызықсынып алған қолшамды жағып тұрудың орнына өшіре салды. Неге өйтті? Перінің салқыны тиеді деуші еді, шынымен-ақ солай ма? Тас қараңғыда бұл сұраулардың біріне де қолма-қол жауап таба алмаған Ерік досын сілкілей берді. «Әділбек, Әділбек, саған не болды? Не болды саған?».
– Өй, Ерік, қойшы-ій, иығымды ауыртып жібердің! – деді Әділбек күлкісін әзер тыйып. – Ананы қарашы одан да. Мә, шамыңды өзің жақшы. Әне! Көрдің бе?
Қызықтың көкесі осында екен. Жыраның өзенге қарай ойысып, тереңдеп біткен тұсында ала сиыр тұр. Жыра тереңдейді деп ойлап келе жатқаны бекер екен. Бәрі керісінше болып шықты. Кішкене ғана төмендеп, сосын сәл жоғары өрлейді, оның есесіне екі жақ қапталы тіпті биіктеп, жыра тереңдеп бара жатқандай әсер қалдырады екен түн ішінде.
Белгісіз біреу қабаттаған жіңішке алюминий сыммен ала сиырды мүйізінен тастай қылып шандып қойыпты. Сымның бір ұшы темір қазыққа байланған.
– Мәссаған, мұны кім байлап қойған? – Таң қалған Әділбек қазықты бір қолымен суырып алуға әрекеттенгенімен, ештеңе өндіре алмасын біліп, қолшамды өшірмей, қызыл мияға қисайта сүйей салды… – Кел, екеуміз шығармасақ, жалғыз өзімнің күшім жетпей жатыр.
Екеулеп, жуандығы үлкен кісінің бас бармағындай темір қазықты ары ырғап, бері ырғап жатып, әупіріммен әзер суырды.
– Мәс-с аға-ан!! Кім екен, ә, біздің сиырды бүйтіп байлап қойған?!
– Меніңше, біреу ұрлайын деп жасырып, бекітіп кеткен, – деді Әділбек ойланып.
– Расында да, солай. Әйтпесе жаңағы қуыстан өткізіп, мына қазыққа байламас еді.
– Мәссаған, Ерік, мынаны қара! – Әділбек жарықты қазық қағылған тұсқа бағыттады. Кебірлеу сортаң топырақта – тарбиған ғажайып үлкен із. Екеуі де осы уақытқа дейін мұншалықты үлкен із көрмеген. Алып етіктің табан таңбасы. Әділбек темір қазықты Ерікке ұстата берді:
– Мә, ұстай тұршы. Мынаны өлшеп көрейін.
Етіктің ізі ұзыны үш жарым қарыс, ені бір қарысқа таяу шықты.
– Не деген дәу етік! Біздің ауылда осындай етік киетін дәу адам бар ма?
Еріктің иығы қиқаң етті. Үнсіз тұрғанымен, осы сауалға іштей жауап іздеп, екеуі де бастарын қатырған. Бірақ қанша талқыласа да, бір тоқтамға келе алмады. Ауылдарында ешкімде мұндай етік болуы мүмкін емес. Тағы бір қызығы – етіктің өкшесінде сопақша жарты айға ұқсайтын нәл бар сияқты. Соның ізі сәл шұқырайып, баттиып түскен. Етіктің табан таңбасының қасында – ат тұяғының ізі.
– Демек, біреу ала сиырды мұнда атпен қуып келіп, байлап тастаған, ә, Ерік?
– Солай болуы керек. Ұрының істегені.
– Әйтпесе бұл арада қайдағы дайын жатқан қазық пен сым темір бар дейсің.
– Әділбек, екеуміз бір амал жасайық.
– Қандай?
– Қазір, кішкене шыдай тұр. – Ерік қолындағы қазықты қайтадан суырып алған орнына тепкілеп жатып, әзер сіңірді. – Былай етейік. Қазір екеуміз де мына жардың төбесіне шығайық. Анау жақтан айналып-айналып бармасақ, бұл тұстан шыға алмаймыз. Меніңше, мына сиырды осы араға атпен байқатпай қақпалап әкеліп, байлап кеткен. Сосын өзі машина іздейді, әрине. Түн ортасында ма, немесе қазір ме, әйтеуір, бір жасырынып келмек. Содан кейін сиырды жетектеп шығып, машинаға салып әкетуді ойластырған. Атпен алысқа ұзауы қиын. Біреу-міреу байқап қалуы да мүмкін. Егер милиция шындап іздесе, аттың ізіне итпен түсіп, тауып алады. Ал машина асфальт жолға түсіп кеткен соң, тауып көр.
– Ендеше аңдиық па?
– Иә, машинаның нөмірін көріп алайық.
– Сиырды қайтеміз?
– Қандай машинаға тиегенін көріп аламыз да, хабарлаймыз.
– Сол дұрыс. Әйтпесе, ұрылар ешкім жоқта екеумізді де өлтіріп тастауы мүмкін. Жалғыз келмейтін шығар, шопырды қосқанда, екі адам…
– Біз осылай отырғанда, кеп қалса, қайтеміз?
– Қашамыз.
– Ауылға дейін бір-екі шақырым шығар. Ұстап алса, не істейміз?
– Бақырамыз.
– Сен бірінші бақырасың ба?
– Керек болса, өзің бірінші ойбайла.
– Cенің даусың күшті сияқты. Сен баста.
– Таласып тұрғанда, екеуміз де айқайлай алмай қаламыз. Мен аузымды ашқанда, сен де аш. Қолымды сілтеп қалғанда, бірден бақырып кеп жібереміз, мақұл ма?
– Мақұл.
Бір уақытта жер-дүниені көшіріп жіберердей күңіренте азынаған, біртүрлі үрейлі дауыс естілді. Екеуі де сасқалақтап, бір сәтте ауыздарын ашқанмен, бақырып үлгіре алмай қалды. Мұндай дауысты бұрын да, жаңа да естіген. Жаңағы таныс дауыс! Сиырдың тағы да мөңірегені!
Ерік досының білегінен ұстай алды:
– Жүр, кеттік.
Екеуі келген ізді жобалап, кері қайтқанда, жүректері дүрсілдесе де, бір-біріне айтуға намыстанған. Биік жардың үстіне арғы жағындағы қиядан тырмысып жатып, әзер дегенде шықты.
– Ала сиыр зәремізді ұшырды, ә! – Әділбек дыбыссыз қылғына күлді.
– Сен мөңіреген дауыстың неге тура құлақ түбінен естілетінін түсіндің бе?
– Әрине, түсіндім. Расында да, құлағымыздың түбінде тұрыпты ғой. Тек арамызды бір жағы құлама қия, бір жағы тік жар қабырға ғана бөлген.
– Біреу әдейілеп жасап қойған сияқты, ә?!
– Жаңбыр жауа берген соң, топырағы ақырындап езіле береді. Сосын аралары ырсиып-ырсиып ашылып, біреуінен бірнеше жарлар пайда болатын шығар.
– О, жарайсың. Нағыз білгіш екенсің мен сияқты.
– Керісінше, сен мен сияқтысың.
– Жарайды, нағыз білгіш болсаң, айтшы кәне, сиырды кім ұрлауы мүмкін?
– Соны да білмейсің бе?
Ерік еріксіз таңданды:
– Сен бірдеңе білесің бе?!
– О-о, мен нағыз білгішпін ғой! Бірдеңеден де көп білемін.
– Тез айтсаңшы қылжақтамай. Кеп қалуы мүмкін.
– Меніңше, ұры алыс жақтан емес, өзіміздің ауылдан.
– Неге олай ойлайтыныңды біліп отырмын. Басқа жақтың адамы бұл жердің қуыс-қуысын жақсы білмейді дегелі тұрсың.
– Иә солай. Сен де мен сияқты мықты екенсің. Айтайын дегенімді айтқызбай біліп қойдың.
– Бірақ ұрлайтын адам алдын ала келіп, барлау жасамай ма?! Қай жерге жасыратынын алдын ала білмесе, қалай келмек?
– Иә-ә, солай етуі де мүмкін.
– Қай жердікі болса да, осының бәрін істеген, меніңше, малшы немесе малдың жайын жақсы білетін адам сияқты.
– Неге олай ойлайсың?
– Олай ойлайтын себебім – бұл жердің қалтарыстарын қаншама жақсы білгенімен, табыннан сиырды бөліп алу оңай емес.
– Сиыр өзі бөлініп қалса ше?
– Өзі бөлініп қалса да, табынның ұзап бара жатқанын көріп, сау мал ілеспей қалмайды. Біздің ала сиыр ауру емес. Бірақ шынында да, жайылып жүргенде, сәл кейіндеп қалуы мүмкін. Соған қарағанда, ұры тасада атпен аңдып тұрып, бақташы ары кеткенде, бері қарай қайыра салған. Немесе екеу болуы ықтимал. Біреуі сиыршыны әңгімеге айналдырып, екіншісі осылай қарай қақпалап әкеткен.
– Әділбек, осы сен Шерлок Холмс сияқтысың!
– Көп кітап оқымасам, ол сияқты бола алмас едім, – Әділбек ақырын ғана күліп қойды. – Енді сөзді қояйық. Ұры біздің дыбырымызды сезіп, жоламай қояр.
– Ұрылар баладан қорқа ма екен! Жарайды, енді тып-тыныш күтейік.
Бірақ ызылдап келіп, білдірмей бізін пісіп ала қоятын масалар мазаны кетірді. О жер, бұ жерін ұрғыштап, қаққыштап отырған балалар ұрының жылдамдатып, кинодағыдай тез келе қоймағанына іштей қынжылды. Ала сиырдың екі-үш рет күңіреніп, аянышты мөңірегеніне де тырс етпеді.
– Әділбек, біз, сірә, босқа отырмыз. Әкемнің құрдастарының бірі әзілдеп, қорқытайын деп, байлап кеткен шығар.
– Сен де қызықсың осы. – Әділбек басын шайқап, қарсылық білдірді. – Құрдастары, үлкен кісілер айтатындай, екі кештің арасында ерігіп, осы Күйгенжарға келіп жүреді дейсің бе?! Өздерінің малдарын кім байлайды? Тағы біраз шыдап көрейік. Ешкім келмесе, жетектеп кете береміз.
Екеуі көпке дейін үндемеді. Бір уақытта сиырға таяу тұстан аттың пысқырғаны естілді. Әділбек бірден алақанымен Еріктің аузын басты. Сөйлеме дегені. Ерік жалма-жан қалтасынан екі гайка мен екі болтты, сіріңке талдарын алды. Оның не ойлағанын бірден ұғынған Әділбек бас бармағын шошайтты – «жарайсың» дегені.
Ерік сіріңкенің күкіртін асыға-үсіге сыдырып үгіп, әр болттың иіріне әр бұрама сайын мол етіп, мұқият салып отырды. Үндемеген қалпы алақанын жайды. Ымды ұққан Әділбек шалбарының қалтасынан бағанағы ысқырықты алып ұсынды. Неге олай еткенін айтпаса да, Әділбек досының не істегісі келгенін бірден ұғынып, басын изектеді. Өйткені ұры машинамен емес, атпен келді. Сиырды алдына салып қуып әкетсе, бұлар жаяу жете алмайтыны анық. Сондықтан оны қорқытып қуып жібергеннен басқа амал жоқ. Айғайлап үркітем деп үміттену – бекершілік.
Аяғының өзі әлгіндей керемет дәу ұры бұл екеуінің дауысынан бала екенін білсе, не өлтіріп, не байлап кетеді, әрине. Қол-аяқтарын байлап тастаса, қалың маса таң атқанша таламай ма! Басқаша амал жасау керек.
Екіойлы боп отырған Ерік тапжылмай тұтасқан тас қараңғыны көзімен бұрғылағандай алға мойын созып еді, ештеңе көрінбеді. Оның есесіне төмендегі адамның ырсылдап, өзі байлаған сымды бірден шеше алмай, әуреленіп жатқаны сезілді. Нағыз ұрымтал сәт енді келгендей. Тап кәзір бірдеңе қылмаса, ұры құтылып кетеді.
Ерік ысқырықты Әділбекке берді де, өшірулі шамды оңтайлап, өзі ұстады. Сөйтті де, досының иығынан қысып қалып, белгі берді. Сол сол-ақ екен, ащы ысқырық түн кеңістігінде шапшып, шар-шар етті. Іле-шала бір-біріне сарт етіп ұрылған екі темір болт мылтық атылғандай тарс етіп, қып-қызыл ұшқын қабаттаса жылт етті.
О, ғажап! Ат дүбірі әп-сәтте жардың сыртында естілгеніне екеуі де қайран қалды.
– Қалай тез шығып кетті-ей? – деді таңданған Әділбек түрегеле беріп.
– Ылғи келіп жүрген, немесе күні бұрын келіп, әбден көріп алған қу сияқты.
– Сиырды ала кетпегеніне рақмет де.
Ерік күліп жіберді:
– Ха-ха, ха, ұрыға да рақмет айтамыз ба?
– Енді не дейміз?
Төмен түскенде, ала сиырдың мүйізіне мықтап шырмалған сымның ажырап босап кетуге шақ қалғанын көрді. Мынадай тар қылтада аттылы кісінің қалай тез сытылып шыққанына қайран қалмау мүмкін емес еді. Әбден әккі ұрының тірлігі екенін екеуі де сезді.
– Үйдегілерге көргенімізді түгел айтамыз ба? – деді Әлібек былай шыққан соң.
– Неғып бізге бірден хабарламадыңдар деп өзімізге ұрсып жүрмей ме? Ұрыны ұстай алмағанымызды, тым құрыса кім екенін біле алмай қалғанымызды естісе, атам мені жайлауға жібермей қояр.
– Әй, жарайды, әзірге айтпай-ақ қояйық.
Батпаққараға батқан совхоздың тарғыл сиырының өтеуі деп, Шахан Әкімжанды кінәлап, ферманың малына ықтиярсыз қостырған ала сиырды сол түні Ерік пен Әділбек осылай құтқарған еді.

Тоғызыншы тарау

Құпия тапсырма. Тас қараңғы түн.
Адам-қасқыр. Ауада қалықтап жылаған нәресте.

Елсіз жапан түзде түнделетіп, елеңдеп келе жатқан жалғыз салт аттының құлағы түрік. Мидай жазық, қарауытқан далада оқта-текте сонадайдан даланы дүбірлете, жапырыла қашқан ақбөкендерден басқа тірлік иесі жоқ тәрізді.
Жұлдыздары жыпырлаған түннің тұңғиық қойнауында бүгін ешкімге көрінбеген, ешкімді көрмеген жұмбақ адам тізгінді тартыңқырап, майда желіске ерік берді. Тұтасқан меңіреу түнекті көктеп өтердей шүйілген өткір көздеріне әзірге күдік шақырар ештеңе шалынбаған. Бағыты дұрыс екені күмәнсіз. Ендеше бүгін соңғы, шешуші түн.
Соны ойлауы мұң екен, ысынып, омырауын жалаңаштады. Қарсы алдынан аңқылдап соққан түнгі самал іштегі жалынын баса алмаған соң, түнде ешкімге байқалмас үшін киген шақпақты қарала жейдесін шешіп алып, жеңіл, кенеп қоржынның оң жақ басына сүңгітіп жіберді. Қара түнде тықыр шашы қап-қара, өңкиген тұлғасы да көмірге ыстағандай қарауытқан беймәлім біреу қу даланың түкпір-түкпірін қоймай, қуалай аралап, тірі жан кездессе, кеудесіндегі жанын шиқ еткізіп суырып алардай түнерген. Әзірге алдынан қыбырлаған тірі пенде кездеспей, қан тіленіп келе жатқандай қатал, ашулы кейпін өзі де іштей сезіп, тістене мырс етті. Иә, соңғы түн, соңғы әрекет. Бүгінгідей тасқараңғыда тындыру керек. Тапсырма солай.
Бір уақытта әлдене есіне түскендей, тізгінін бірте-бірте тартып, аяңға ауысты. Көп ұзамай тоқтады. Өйткені межелі жер енді жап-жақын. Кешелі бері жеткізбей әуре қылып еді, бүгін біржақты қылар, бәлкім.
Қарғып түсіп, анау-мынау қапқа бергісіз түбі терең қарасұр қоржынның түбіне дейін қолын жүгіртіп, шиыршықталып оралған, қалың киізді алды. Салмақтап байқады да, сыртынан орай байлаған кендір жіптерді шешіп, қажетін бөлектеп алып, артығын қоржынға сүңгіте салды. Сосын үзеңгіні таралғы өткізген тесігінен бастап, екі айналдыра мұқият орап шықты. Екінші қабаттың сыртынан қамшының қаңылтырланған басымен ұрып көрді. Құмыға дүңк-дүңк еткенімен, енді үзеңгінің нәзіктеу, серпінді сыңғыры жоқ. Түнгі тыныштықта жаңғырығып, алысқа естіле ме деп қауіптеніп еді.
Екінші жақтағы үзеңгіні де солай екі қабаттап орап жіберіп, тәуекел еткендей тізгінді жиып, оңтайлап алды. Тек…
Иә, жолы оңғарылғай! Әміршінің тапсырмасын тап-тұйнақтай бітіріп тастайтын сәт жақын. Осы тапсырманы орындаса, уәдесінде тұруы тиіс. Алда-жалда айнып кетсе, дүние – кезек. Басы екеу емес шығар…
Расында да, ол үйреншікті жай бастық емес, әмірші болуға айналған еді. Біреуге ісің түссе, оған тәуелді, кіріптар болғаның. Кіріптарлықтың құлдықтан айырмасы шамалы емес пе? «Құл қылатын да, алдауға көнетін де адамың мен емес», – деп тістеніп алып, түн тұңғиығына сүңги берді.
«Қайтсең де тындыр, – деп еді бастық-әмірші. – Есіңде болсын, екеуміздің де тағдырымыз саған байланысты. Егер сен осы барғанда, сескенбей-жасқанбай, бірдеңе тындырып қайтсаң, тасымыз өрге домалайды. Адамын өлтір демеймін, тек тірі жан білмейтіндей әрекет қылсаң, жетеді».
«Түу, қаныпезер, маған жақсылық қылып жүр ме десем… Іш есебің осылай бықсып жатқанын білсемші, – деп, ойлаған бұл түксиіп, сыр бермеді. Бастықтың сөзін әрі шамданып, әрі іші шымылдаса да, сыр алдырмай, тым-тырыс тыңдап алған. – Осындайды да ойлайтын адам баласы жаратыла береді екен-ау…»
«Бір түн ұйықтамасаң, бәрін бітіресің. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» демеуші ме еді. Өзім-ақ тындырар едім. Күнде ертемен директордың кабинетінде болуым керек. Үлгіре алмаймын алысқа барып келуге. Айналып келгенде, екеуміз бір кемедеміз, ендеше жанымыз бір. Сендей мықты жігітке бұдан да зорын сеніп тапсыруға болады», – деп еді бастық. Кәне, біткені! Алғашқы күні-ақ тындырардай белсеніп келіп еді. Бірақ жеме-жемге келгенде, дәті бармады. Әу бастағы ойлағаннан басқаша болғанын қарашы.
«Асықпай-саспай артыңа қарап, шаруаңның біткен-бітпегеніне көз жеткізіп ал, – деп тықақтап еді бастық. – Есіңде болсын. Екеуміздің кіндігіміз тап осы күндері байланысып жатыр. Маған зауал келсе, сен де шәниіп жата алмайсың. Сондықтан маған көмектескенің керек. «Сыйға сый, сыраға бал» деген, үй алып бердім, алдыңа мал салып бердім. Менің соңыма түссе, сен де барыңнан айрыласың. Әлі де талай керегіңе жарармын. Ертеңгі күніміз қандай боларын кім білген. Ары-беріден кейін осы тапсырма бір жағынан сен үшін де емес пе?»
«Қызық екен, – деп ойлаған бұл. – Ауыл-аймақта менен де гөрі етене, ет-жақын туыстары болмауы мүмкін емес. Біреумен ерегескен екен, неғып соларды жұмсамайды? Әлде олардың қолынан мен сияқты шаруа тындыру келмейді деп күдіктене ме, немесе мені отқа айдағаны ма? Әлде туыстарына бүйрегі бұрмай ма? Пайда түспесе, осы күні жақынның өзі жатқа айналып кетуі қиын емес көрінеді… Маған қол ұшын беріп жүрген секілденіп, өзінің ұпайын түгендемекші. Оған мен не бере алам? Иә, айтпақшы, бергенім – осылайша барып кел, шауып келге жүгіріп, тапсырмасын тындыруым ба? Басқа не болуы мүмкін? Әлде кезінде қайғыдан көкірегіміз қарс айрылса да, амалсыздан өтінішін орындағанымызды ескергені ме?».
«Егер осы жолы тапсырманы орындасаң, жақсы атақ пен молшылыққа кенелдім дей бер, – деп еді бастық-әмірші. – Бірақ үлкен кедергі бар. Біздің тамағымызға көлденең тұрып қалатын сүйек – сол. Егер оны жолдан былай алып тастамасақ, екеуміздің де түбімізге жететін – сол. Мен оны әбден білдім. Айтқанға көнбейтін қыңыр, тура жүрмейтін қисық. Ол аз болғандай, «ә» десең, «мә» дейтін шаппа-шап, көрге көмбей, түзелмейтін қояншық. Осы жолы ол ештеңеден тайынбайды. Егер бұдан аман кетсе, мені аудандық милиция, прокуратурадан бір-ақ шығаратыны сөзсіз. Мен барған жерге сен де жетесің. Тергеуге түстім дегенше, мүңкір-нәңкірдің шеңгеліне түстім дей бер. Одан адам баласы аман-есен құтылған емес.
Ендеше, біз оған қарсы амал жасауымыз керек. Жалғыз ғана амал – оны жолдан былай алып тастау. «Өлтіреміз бе?» дейсің бе? Кекетпей-ақ қойсаңшы. Құдай сақтасын, ол енді тым… шектен шығу… – Қараптан қарап, екі иінінен дем алып отырғанда, сықсиған көзі сығырая түскен. Шаппашотпен дәл шапқандай, ұшы шорт кесілгендей бұзау мұрны түйсіксіз өңмеңдеуден өлмей тартынбайтын, өз есебін түгендеуге мәш, бірақ терең сезімнен мақұрым топастың бұлтартпас белгісі тәрізді жиіркендірсе де, сыр бермей, шыдап бақты. – Егер мен айтқан тапсырманы орындасаң, олардың адамы жазым болмаса да, малы қырылады. Бірінен ештеңе шықпаса, екінші көздегеніміз жүзеге асып қалар. Сосын сау басы сарсаңға түскеннен кейін, менің соңыма қалай шырақ алып түсер екен! Жатсын сөйтіп өз басты істі болып… шатылып. Бізге сол да жетеді!».
«Мұндай тапсырманың алды-арты осы болсын, – деген бұл ширығып. – Мұндай тірлікке бұрын-соңды барған емеспін. Жиіркенем…».
«Жарайды, жарайды, – деген бастық, – шығатын шыңыңа жақын қалдың. Осы – соңғы баспалдақ. Бұдан өтсең, көздегеніңе жетесің. Сосын ақша да, абырой да сенікі емей, кімдікі?! Содан кейін мен сені, сен мені жөнді танымайтындай миығымыздан күліп, жүре береміз. Келістік пе? Ендеше жолың болсын!».
Бұл онша иліге қоймай, үнсіз түйлігіп кеткен.
Иә, бүгінгі – соңғы әрекет, соңғы тапсырма – ақырғы баспалдақ! Жұлын-жүйкені шиыршық аттыратын қиын тапсырма! Жазықсыз кісілерді көпе-көрнеу ажал аранына айдау – сұмдық қой, нағыз сұмдық! Қанды тапсырма! Әлде ат басын кері бұрып, өз жөніне кете бергені жөн бе?
Иесінің күмілжігенін бірден сезінген есті жылқы тоқтай қалды.
Бірақ бүгін тағы да бас тартса, жоспарлары жүзеге аспай, түптің түбінде бастық-әміршімен бірге жауапқа тартылып, түрмеден бір-ақ шығуы мүмкін екенін қалай ұмытпақ?! Ендеше, шегінетін жер қалмағаны ма?!
Тебініп қалып, тағы да сыпылдата аяңдады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, аңғармады, әлгіндей сан-сапалақ ойлардан басы қатып, мәңгіре бастады. Оның үстіне ұйқысы жөнді қанбаған, күндізгі ыстықта шылбырды белге байлап жатып, қайбір көз шырымын алмақшы. Тым құрыса жейдені іліп, көлеңке жасайтын иә сексеуіл, иә дүзген ербисеші. Осынша байтақ даланың қурап, қуырылып жатқаны-ай тектен-текке. Мұндай шөл-шөлейтте алыстан бой тасалап, аңдып жүру – оңайдан гөрі қиын.
Алдыңғы күні түнделетіп, тапсырманы тындырам ба деп ойлаған. Егер белгісіз біреу кедергі болмағанда, бәрі ойлағандай бітер ме еді, қайтер еді. Жеті қараңғы түнде айдалада өзінен басқа адам алдын орайтынын күнбұрын қайдан білсін. Мінген жылқысының қасиеті ғой, күнібұрын құлағын қайшыламаса, ештеңе сезбей ұрынып қалатыны сөзсіз еді. Аттарды түгендеуге келді ме, әлдекім айналсоқтап аз жүргеннен кейін кетті де қалды. Сонысына қарағанда, иелерінің бірі болса керек. Бірақ олар бұл атты да шідерлеп, тынықтырып алуға тиіс еді. Айтпақшы қойшылар – үш-ақ адам ғой, демек, ат та үшеу емес пе?! Ал анау қайдан шыққан төртінші аттылы? Әлде мұның өзін біреу аңдып жүр ме? Не үшін аңдымақ? Ондай ойы болса, жасырынып, көзден таса жүрсе керек-ті.
Біраз уақыттан кейін сол адам қайта айналып соға ма деп, бекер алыс кетіпті. Тапсырманы орындауға құлшынбаса да, мән-жайды білгісі келіп, бірнеше сағаттан кейін оралғанда, тіксініп қалды. Бұрын келген жаңағы адам ба, басқа ма, кім екені белгісіз, қойшылардың аттарын жоқ қылған. Қап, әттегене-ай, тым құрыса кім екенін аңғара алмай қалды!
Қойшылар талайды көрген жырынды, әккі немелер екен, қалай ғана тез тауып ала қойды? Ешқайда бұрылған да, аңырған да жоқ, сайрап жатқан ізге түсіп алғандай, түйесін тайраңдатып отырып, көп ұзамай тауып алды. Көріпкелі бардай-ақ. Демек, аттылы кісі басқа біреу болғаны. Сонда ол кім? Неге ештеңе тындырмай, кетіп қалды. Қайта айналып келіп, аттарды жытырып жібергені несі? Әлде мұның алыстан аңдығанын сезіп қойып, сосын келіп, шаруасын бітірген бе? Әлде бастық мұның соңынан аңдытып, оған да осындай тапсырма берген бе? Ол адам мұны аңдыса, бұрын келмесе керек еді. Түу, басты қатырды әбден.
Бұрынырақ келсе керек, басқа біреу келіп, ештеңе бітірмей кетіп қалғанын, сосын сол ма, әлде басқа біреу ме, қайта оралып, қойшылардың аттарын әлдеқайда айдап жібергенін, бірақ иелері бәлендей қиналмай тауып алғанын айтқанда, бастық әрі таңданып, әрі үркіп қалды. «Өзіңді расында біреулер аңдып жүрмесін. Мен ешкімді жұмсаған жоқпын. Ондай иттігім жоқ. Енді өте сақ жүр. Құрып кетіп жүрмейік. Шаруам ойдағыдай жүріп жатса, мені келесі жылы басқа совхозға директор етіп жібермекші. Аудан басшысы – бізге жамағайын. Менің жанұшырып жүрген себебім сол. Үстімнен арыз түссе, бәрі жайына қалмақ. Сонда саған да шапағатым тимейді».
Төлебайдың басы қатты. Келіп кеткен, жылқыларды жоқ қылған екі адам ба, әлде бір ғана адам ба? Екеу болса, бір-бірімен байланысы бар ма? Немесе кездейсоқтық па? Олар нағып жүр елсіз қу медиенде? Неге біржола ұрлап алып кетпеген?! Белгісіз адам мұның аңдығанын білсе, жылқыларға мүлдем жоламас еді. Сонда оның көздегені не? Ұрлап алып кетпей, айдалаға айдап апарып тастап, жөніне кетті. Онысы несі? Бастықпен ым-жымы бір басқа біреу табылғаны ма? Ондай жасырғаны болса, бастық мұны неге әурелейді? Іштей тартыншақтағанын сезіп, жасаған айласы ма? Тегінде, айласы шапалы адамның бастық болуы да қиын-ау. Әйтеуір, бұл білмейтін бір астыртын есеп көміліп жатыр. Мейлі, уақыт өте келе, қандай құпия да ашылмақ. Қарасұр кісі ауыр ойға қалып, ауылға қайтты.
Оны аңдыған Белгісіз біреу еді. Ол өзін Қарасұрдың сезіп қалғанын аңдап, тайып тұрған. Оның ауылға кеткенін тұяқ дыбысынан, астындағы жылқының қабағынан біліп, көңілі жайланған.
Енді бөгет жоқ. Тұңғиық түнек түн бәрін жасырады. Аттарын оңай тауып алған қойшыларға зығырданы қайнап, тағы да тәуекелге бекінді. Кеше күні бойы, түні бойы жақындай алмады. Алаңдап, мазасы кеткен қойшылар бүгін сілесі қатып, қатты ұйықтауға тиіс.
Бүгінгі түнде үш атты да жетелеп, қырық-елу шақырымнан да асыра ұзатып тастамақшы. Бәрін ұрлап, түгелдей сіңіріп кету қиын, милицияның құрығы ұзын, қайдан да тауып алатыны сөзсіз. Жете алмайтындай қашыққа қуып тастамақшы. Сосын қой соңында салпақтаған үш жаяу беталбаты лағып кеткен аттарын қуып жетіп көрсін. Естері шыққанда, не амал жасайтыны шамамен белгілі. Баланы түйеге мінгізіп, хабарлауға жібереді де, өздері жатып, жәрдем күтеді. Салақтықтың салдарынан уақтылы жайлауға көшпеді, астындағы аттардан айырылды, қойларын қырды, сөйтіп, қарап отырып, «жауапкер болды, сау басы сарсаңға түсті» деген сол. Шақшадай басы шарадай болып, өз әуресімен есі шыққан адамның біреудің бүлдіргенін қазбалап жататын шамасы, кәне? «Менімен ерегеспе!» деген ескертуге құлақ аспаған Әкімжан енді өзінен көрсін! Әкесі омақасқанда, баласы қалай шыдар екен, көрейін…
Кенет бір бүйірден ұшқын елестеп өткендей болды, астындағы жылқы осқырына үркіп ала жөнеліп еді, қарулы қол тізгінді қарыстыра тартып, еркіне жібермеді. Сонадайда төрт ұшқын жылтырайды. Қасқырлар! Екеу-ақ.
«Мені қайтесіңдер?» – деп, езу тартты қара түндей қап-қара Белгісіз. – Маған қызығам деп мерт боласыңдар. Сендер жай бөрісіңдер. Мен бүгін адам – қасқырмын. Нағыз көкшулан көкжал – мен. Қорықпасаңдар, жақындаңдар. Көрейік кім мықты екенін». Астындағы жылқының құлақтарын қайшылап, жалтақтап, үркектегеніне қарамай, қамшылап жіберіп, қасқырларға қарай аяңдатып еді, бөрілер бопсаға шыдамай, жылыстай жөнелді.
«Әп, бәлем, өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» деген осы! Өзімен өзі жайылып жүрген қорғансыз жылқыларға ұмтылмай, жалғыз атты жолаушыны торығандарың – қай сасқандарың?» – деп, езу тартып қойып,ілгері тарта берді. Кенет өз ойынан өзі жаңалық тапқандай біртүрлі тосын күдігі оянды. Расында қасқырлар айдалада жайбарақат жайылып жүрген, шідерлеулі жылқыларға беттемей, бұған назар аударғаны несі?! Бір кілтипан күмпиіп жатпасын. Әлде бос жылқылардың қасында біреу бар ма?.. Өткендегі аттылы біреу айналып келіп, анадайдан аңдып жүрмесін. Абайламаса, бәле деген аяқ астынан. Өткендегі сәтсіздікке аузы күйген қойшылар да сақтанып, күтіп жататыны күмәнсіз. Атысып, біріміз мерт болып, ел-жұрттың алдында ұры атанып, масқара боп жүрмейін.
Межелі жерге жақындаған сайын, жүрегі өрекпіп, аузына тығылғандай күй кешті. Кешелі бері үркектеп, біресе бас көтеріп, біресе бұғынып жатқан жайсыз сезім бүгін біртүрлі күшейіп, қобалжыта бергенін қарашы! Осы уақытқа дейін именіп, қорқасоқтаған жері жоқ еді, бүгін қараптан қарап, күпті күй кешкені қалай? Не десе де, мұның бәрі жақсы ырым емес. Тура шешуші күні бұлай божыраған себебі түсініксіз. Әлде ұйқысы қанбай шаршағаны ма? Ғайыптан тайып, біреу-міреудің көзіне түсіп қалмайын деп, бой тасалап жүргенде, қайдағы тыным?! Әлде… осы ашулы тәуекелге бармай-ақ қайтып кеткені жөн бе? Екідай күй кешкен адам – нәмарт, әрі-сәріленіп жүріп, бірдеңеге арандап, масқараға ұшырап жүрмейін …
Мінген жылқысының сезімталдығына сүйсінді. Елең етіп, құлағын қайшылап-қайшылап алғаны іздеген малға жақын қалғанын білдірді. Е, анау қарауытқан – солар, кешегі аттар. Ахметтің отарынан басқа мына елсізде мал да, адам да жоқ. Олар да шаршап, қатып жатқан шығар. Обал-ақ. Жай-жапсардың барлығын естіп алған. Ахмет шал бүлдіріпті. Ерегіспей-ақ көне салса, қайтер еді-ай. Кертөбелді қайтарып алам деп, Шаханмен керілдескенін естіген. Қартайғанда… қарт адамға да обал-ақ. Баласы Әкімжан ше? Бір қарағанда жуас-ақ сияқты, жеме-жемге келгенде, әкесінен алыс ұзамапты. Ерегесіп, ымыраға көнбеді емес пе?!
Мына түн қызық өзі, біресе қымсынғандай қызара жымиып, біресе шаттанғандай жайнап тұратын жұлдыздар шексіз қара тұңғиықта телміріп тұрудан шаршаған тәрізді, көмескі тартып, тұншығуға айналғандай көңілсіз. Солардың әлсіз жарығымен-ақ жер нобайын шамалап, ештеңеге алаңдамас еді. Бірақ бүгін түлей тас қараңғы, жер бедерін түстеп танымақ түгіл, болжап та білу қиын. Түпсіз түнек телегейдің үңірейген қай қойнауында келе жатқаныңды біле алмай, пұшайман күй кешесің.
Қара түннің қамауынан қаймықпай дөңкиген Белгісіз тізгін тартты. Анадайдан жылқының пысқырғаны естілді. Дәуде болса, кешегі торы айғыр. Кеше танып алып, «кел-келдеп» шақырғаны секілді. Бірақ… О, тоба!
Іңгә-іңгә… іңгә-іңгә… Жеті қараңғы түнде жылаған қайдағы бала? Мәлін бе, әлде қаңғып жүрген жабайы мысық па? Оның қай-қайсысы да адам қарасын сезгенде-ақ, бірден безіп қашпаушы ма еді? Жан баласы жоқ жапан түзде жылап шақыратын мысықты естіген емес. Мәліннің даусын да. Бірақ, кім біледі, басқа бір ғажап шығар.
Жұмбақ салт атты нәрестенің ақырын жылағанына тағы да құлақ түрді. Сәби тоқтамай, үсті-үстіне жылады да, қалт кідірді. Біразға дейін үні шықпағанға біртүрлі таңданып елегізген салт атты өзегіне ғайыптан бір суық құйылып кеткендей сезінді. Әрі нәзік, әрі таңданарлықтай біркелкі, жансыз секілді іңгә тағы да құлаққа шалынды. Ыңырситын сықылды. Жоқ, олай емес. Еркелеп шағынғаны ма, әдейі келемеждегені ме? Белгісіз, жұмбақ сәбидің қайта-қайта жылағанына құлақ түріп, жақындаған сайын анық естіді. Ешқандай да мысық та, мәлін де емес. Нағыз сәбидің іңгәсі. Еріксіз тітіркендіреді.
Елсіз меңіреу түзде түнделетіп адасып жүрген қайдағы нәресте? Бұған дейін шайтан бар дегенге бірде сеніп, бірде сенбейтін. Сонда мынау неғылған жалынышты дауыс? Аттылы адамнан басқа түгіл елсіз ен даланың тажалы бөрі екеш бөріге дейін жасқанып, жылыстап кетпеуші ме еді. Дәл кәзір анау қарауытып жайылып жүрген үш жылқыдан басқа бұл жерде ештеңе болмауы тиіс. Бірақ мына жылап-жылап алып, тоқтай қалған, сосын қайта бастала берген іңгә – анық сәбидікі. Ышқынып, ішегі қатқанша шарылдап асқынған жылау емес, ұйқысы келгендей, «мені көтерші» деп өтінгендей бірқалыпты жылау. Естіген адамның жаны ашитынын, ия ашымайтынын сынағысы келгендей біркелкі. Әрине, сәбиде ондай ниет, ой қайдан болсын. Қағыс естіп тұрған жоқ.
Әне, тағы да естілді. Неге екені белгісіз, нәп-нәзік іңгә анадай жерде қарауытып бір биіктеп, бір төмендеп ирелеңдеген шылбырдай ұзын, қара жыланның жәдігөйленіп арбағаны секілді төбе құйқасын шымырлатып жіберді. Сонда да ерегісе қырсықтанып, тізгінді тартпай ілгерілей берді. Әлде бір жауыз осы араға біреудің баласын ұрлап әкелді ме? Олай болса, сазайын тарттыру керек. Бірақ дені сау адам емшектегі сәбиді жан жоқ жапан түзге не үшін әкелмек? Мылтығын алға кезеп, тәуекелге бекінді.
Қас қылғандай, тап осы шақта тұңғиық қара түнектің бүкіл дүниені қаусырып алғанын қарашы. Күллі жер-көкті шексіз қойнауына сүңгіткен қою түннің түлейленіп, қара көрпедей тұмшалап, басып алғанына көнбеске лаж қайсы? Бірдеңені бажайлап ажырату қиын.
Апырай, мына іңгә қайта шықты!.. Жылап-жылап, баланың ішегі қатып қалар ма екен?.. Обал-ай!
Жұлдыздар жыбыршып жымыңдамай, енжарланып қалыпты. Бұған дейін болып көрмеген тосын сұмдықты күткендей үрейлене тынып, қорғалап қорғанғандай қыбырсыз. Күллі дүниені жайлап, мелшиген мейірімсіз түнекте нәрестенің жылағаны денеңді түршіктіреді екен деп қобалжыңқырап ойлады. Есі ауысқан әлдебір әйел еметін баласын айдалаға қалдырып кетті ме? Өзі осы төңіректе адасып, тентіреп жүрмесін. «Баламның керегі жоқ, өле берсін, өзім аман қалайын. Әбден шөлдедім. Мені мінгізіп алшы» деп, тізгінге жармаса кетуден тайынбас.
Апырмай, жеті қараңғы түнде, жан жоқ жапан түзді кезіп, қаңғып жүрген қайдағы әйел? Неге оның үні шықпайды? Есінен танып ұйықтап жатыр ма, немесе сілесі қатып, бір елеусізде көзі жұмылып кетті ме? Олай болуы мүмкін емес. Әлде қорлыққа шыдамай, үйінен қашып шыққан байғұс па? Не жанына зор келді екен? Сірә, әлденеге наразы, тіршіліктен баз кешіп, тентіреген бейбақтардың бірі. Шырылдаған нәрестесін қорғаймын деп арпалысқан ананы өшіккен қасқырлар дала-дала етіп, боршалап кетіп жүрмесін. Бәлкім, бағанағы екі қасқыр шығар. Әйелді жеп қойып, менен қорқып, сәбиді қалдырып кетуі мүмкін. Дегенмен, оның да қисыны келмейтіндей. Шідерлеулі жылқылар тұрғанда, қасқыр адамға шабуыл жасап нағылсын.
Ойпырмай, нәрестенің іңгәсі тағы естілді. Ашыққан ба, шырылдай береді. Бірақ сәбидің даусы жерде емес, көтеріліп алып, олай бір, бұлай бір кезетін сықылды. Ауада қалқып жүретін бала кездеседі дегенді ешқашан естімеген.
Күдіктен күптіген салт атты тізгінді жиыңқырап, қосауыз мылтықтың құлағын қайырды. Алда-жалда біреу тұтқиылдан шабуыл жасай қалса, шүріппені басып жіберуге дайын. Көзі жасаурап, қарашығын талдырып, қанша тесіліп қарағанымен, түнегі тығыз, тұңғиық қараңғылық не сұйылмай, не ірімей, міз бақпаған күйі бедірейіп, бетін қайтара берді. Шексіз қараңғының белгісіз қойнауында іңгәлаған нәресте біресе адасып жүргендей, біресе ойнап, олай бір, былай бір қалқығандай. Енді бірде қаңғып жүрген жалғыз салт аттыны мазақ еткендей ырғағы бірқалыпты естіледі де, кенет одан жаңылып, біресе ішегін тарта шар-шар етіп, біресе солықтап шаршағандай іңгәсін созып жылайды. Белгісіздің бойы тоңазып, қобалжуы күшейе түссе де, ниетінен қайтпай, тастай суық мылтығын сығымдап ұстаған қалпы жақындай түсті.
«Міне, енді қараң-құраң елестер секілді қарауытып, әзер байқалған жылқылардың нобайын жобалап шырамыта аламын. Кәзір білем нағылған жұмбақ екенін. Бәлі, іңгә да тоқтай қалды. Соған қарағанда, менің келе жатқанымды білгені ме? Біліп күтіп отыр ма, әлде жатыр ма?» деп ойлады. Қобалжығанын өзінен жасырғысы келсе де, әлдебір түсініксіз секем ішін суытқанын іштей қымсыныңқырап мойындады. Ата-анасынан айрылған тұл жетім сәбиді құндақтап, атқа мінгізіп, қамданған біреулер қара жамылғы бүркеніп, мылтықпен аңдып отырмасына кім кепіл?! Әй, бірақ қандай жауыз болса да, бесіктегі баланы шырылдатып кепілге жатқызып қойып, өздері қанын ішіне тартып, тосып отыруға дәті шыдамас. Сонда бұл не жұмбақ?
Кенет іңгә қайтадан жылап қоя берді. Дауыс жерден емес, шамамен кісі бойындай деңгейде дір-дір етті. Ауада қалқып жүретін қандай сәби деп ойлағанша болмады, қарауытқан жылқы секілді нобайдың әлде басы, әлде мойны екенін ажырата алмады, бір добалдай қызғылт бас бұған бұрылды. Салт атты мылтығын көтеріп алса да, бірден атып салмады.
Қараңғы түнектің ішінде жылқы шоқтығына орнығып, биікте қарауытқан бас шелектей үлкен. Қыл арқандай қара шеңбер жиектеген бет алабы түгелдей қанқызыл, аузы-мұрны түгелдей қызғылтқошқыл қанкүйе, жұдырықтай екі көзі қып-қызыл. Ең күдіктісі, ең шошындырғаны – екі көздің дөңгелек қызғылтының ортасынан ұшы имек, шамамен бір-біржарым қарыстай екі иір қара мүйіз секілді қара бірдеңе тік шаншылып шығып тұр. Жұмбақ адам әжептәуір тіксініп, қобалжыса да, қызыл бастың құнанға мініп алғанын, жағы мен мойыны түгелдей әлде ешкі сақал, әлде тұтасқан қалың қылшық екенін, қарауытқан тұлғасы міз бақпай, мұны аңдығанын байқап үлгірген сәтте әлгі жылаған дауыс тағы да іңгәлап қоя берді. Құдай біледі, жылаған дауыс ешқандай да сәби емес, жылқының шоқтығына мініп алған шайтанның қасақана нәрестеге ұқсап жылаған дауысы. Шайтан жоқ дейтін сөзге енді қалай сенбек? Тіпті шайтан демегеннің өзінде мына түсініксіз іңгә алдаусыратып шақырған, алдына ала қамданған қойшылардың немесе соларға тілеулес басқа бір жұмбақ салт аттылының құрған қақпаны секілді құпия бірдеңе болуы да ғажап емес.
«Өзі келіп ұрынғанға обал жоқ» деп, атып тастамай тұрғанда, қайтудан басқа амал қалмаған сияқты. Бұған дейінгі құпиялары қоса ашылмай тұрғанда, табанды жалтыратып, құтылу керек. Келгенімді ақыры сезіп қойған тәрізді, соңымнан қуып атысу оңай емес екенін біліп, жасырынған жерлерінде жатсын солай. Осыны қас қағымда сараптап үлгірген Белгісіз бұдан әрі ойланып жатпастан, мылтықты аспанға қарата, шүріппесін басып салды.

Оныншы тарау

Екеуі не бүлдірмекші? Бастық-әмірші.
Тағы да тапсырма болуы мүмкін.
Қанжар.

Жан біткендей жиырылып, тітіркене бастаған қызғылт тікенекті жұлдыздарға да, шөміштеніп созылған Темірқазыққа да анда-санда қарап қойып, бағытын түзеп алған жұмбақ қарасұр кісі кенет ішін тоңазытқан беймәлім күдіктен арыла алмады. Содан жол-жөнекей құтылғысы келгені ме, белгісіз бір ғажайып тастап кеткен қара төсеніштей жайылып, қарауытып жатқан маң далада ұзақ жосылтқан.
Таң қараңғысында бастық-әміршінің үйіне келді. Ит абалап, қақпадан атылып шығардай аласұрғанмен, үйдің шамы жанбады. Сыртқы есік сақтанғандай ақырын сықырлай ашылып, қоңылтаяқ кие салған бәтіңкесін тырп-тырп сүйреткен бастық келді. Таяп келіп, естілер-естілмес қақырынғаны – өзі екенін білдіргені. Қақпаны ашпай, оймақтай тесігінен сығалай бере:
– Тындырдың ба? – дегенде, жуан, қысқа мойынның майына кептелгендей қысылып шыққан шолақ қиқыл кілт тоқтап, қайта қырылдады. – Осы уақытта келетініңді біліп, ұйықтамай күтіп жатыр едім.
Келген кісі қайран қалды: «Көріпкелі бар ма, қайдан біледі қай уақытта келетінімді? Әлде біреу менің айдалада не істеп жүргенімді дүрбімен қарап, рациямен хабарлап отырды ма? Бәлкім, белгісіз біреулер немесе қойшылар мені көріп қойғандай болса, тас қараңғыда «ұры» екен деп, атып тастасын деген арам есебі болуы да… Сонда куәгер ешкім қалмайды. Олар да құриды, мен де құримын. Арғы ойы солай емесіне кім кепіл?
Зілденіп, күдігін айтып еді, бастық-әмірші шиқ етті, күлгені ме, жөтелгені ме, белгісіз.
– Қорықпай-ақ қой, сені аңдыған жан баласы жоқ, – деді сыбырлап. – Өткенде күмілжігеніңді аңғарғанмын, бірден іске кірісіп кете алмас деп ем, айтқаным айдай келді. Оның үстіне анау да оңай шағылатын жаңғақ емес, сауысқаннан сақ бәле. Жарайды, тоқ етерін айт, бітірдің бе шаруаны?
Қатулы қарасұр болған жайдың бәрін нақпа-нақ айтып беріп еді, анау қақпаның арғы жағында тұрып, қатты кіжінді:
– Қап, оңтайы келіп тұрған істі тындырмай! Сені мұнша сужүрек деп ойламап едім.
– Су жүрек емеспін, қапелімде сасып қалдым. Солардың адамы ма, басқа ма, білмедім. Бірақ қосанжарласқан тағы біреу барын байқадым. Әлде екеу ме еді? Соны нақтап ажырата алмай қалдым. Ол да ұры ма, әлде басқа ма, білмедім. Неге мылтық атты, кімді атты, ол жағын білмедім. Екі ортада біреу-міреу мерт болып, қолға түсіп қалсам, екеуміздің де масқарамыз шығады.
Бастық тағы да шиқ етті. Бұл «шиқты» да түсіне алмаған қарасұр сөзін жалғады:
– Сосын, амал жоқ, жылыстауға тура келді.
– Тағы да аңдымадың ба?
– Бекер аңдығаннан не пайда?! Ондай оқыстан соң, атының шылбырын беліне байлап ұйықтайтын шығар.
– Өй, қорқақ…
– Намысқа тиме – деді қарасұр түксиіп. – Менде де оқтаулы мылтық бар екенін ескертем…
– Жарайды, жарайды, ашуланбай-ақ қой, менікі – әшейін қалжың. Жолсоқты боп шаршағаныңды біліп тұрмын. Амал жоқ, енді барып демала бер. Бір қимылдайтын кезің осы еді, жіберіп алдың. Енді жайлауға жеткенше, мұндай оңтайлы қылта кездесуі әй, қайдам. Ым-ммм… – бастық-әмірші ойланып қалды.
– Сонда қалай: сол «бірдеңені» бітірмей, тоқтауға болмай ма?! Басқаша келісудің жолы таусылып па еді?
– Дәл солай, – деді бастық-әмірші. – Басқаға бәрібір сенің шамаң келмейді. Ендігі қалғаны – екінің бірі. Не ол, не біз жеңуіміз керек. Бұл арада мәмілеге жол жоқ. Біз бейіл білдіргенмен, анау – қиқарлана беретін нағыз қасарыспа. «Айтпан, айтқанымнан қайтпанның» қылышы. «Бүкірді көр ғана түзейді», оны біз жабылып түзей алмаймыз. Ақыры, бастадық па, бастадық. Енді соны аяғына дейін жеткізбесек, құримыз.
– Аяғына дейін апаратын жол көре алмай тұрмын.
– Шұрқ етпе. Енді… – Бастық-әмірші бір сәтке кідірді. – Бәсе, бәсе… қалайша құтылып кетеді деп ем, айла табылды. Соған кірісеміз.
– Қаш-шан? – Қарасұр арқасын аяз қарығандай тоңазып, ұнатпай шіміркеніп, тістене сөйледі. – Қаш-шан? –
– Оған енді асықпа. – Саусақтарын бүгіп, есептеуге кірісті. – Біреу, екеу, үшеу… Бір аптаның о жақ, бұ жағы. Оған дейін көлігің де, сен де тыңайып қаласың.
Қарасұр үндемеді.
– Сені біраз азапқа салдым-ау, айып етпе, – деді бастық-әмірші мүләйімсіп. – Жалғыз өзім үшін емес екенін білесің. Қайтем енді? – Мұңайғансыды. – Мен оны құртпасам, ол мені құртады. Тұрып жатқан мекеніміз – бір Қазақстан. Дала деген жетеді, әне, қалай шапқыласаң да. Алайда өрісіңді тарылтып, қуырып жіберетін – осындай пысықайлар.
– Сені не үшін «құртады»? Ондай ойдан аулақ шығар.
– Оны кейінірек айтармын. Ал, сен, бара бер, сөзімді жерге тастамағаныңа рақмет. Шынтуайтқа келгенде, екеуміздің мақсатымыз бір-біріне байлаулы. Айтқанымды орындасаң, сен де көздегеніңді аласың. Менің де жаным жай табады.
– Бопты, – қарасұр бұрылып кете бермекші еді, қаңылтыр қырыл тағы да ақырын қақырынды:
– Тұр-ра тұршы, – деді сыбырлап. – Бері келші, берірек. Жақындасаңшы кішкене. Мынаны сен ала бер. Менен естелік болсын. Бір керегіңе жарап қалар.
Былғары қынға бойлата сүңгіткен, қолға ұстауға ыңғайлы бірдеңені ұстата берді. Салт атты ұстап көріп, таңданыңқыраса да, ештеңе демей, етігінің сала құлаш ұзын қонышына сүңгіте салды.
«Бабасының мұраға қалған мүлкі ме, әлде біреудің қолынан қапысын тауып алғаны ма? Мұндай заттарды кәзір іздесең де, таппайсың. Нағыз зергердің қолынан шыққан қанжар. Баяғы заман болса, құнына құрығанда бір қара беретін шығар, – деп ойлады, – дегенмен, мұның да кейде осындай қолы ашықтығы бар ма, қалай?.. Әлде алдаусыратып, алдағыны алыстан орағытып жүргені ме?»
Ұзап шыққаннан кейін тағы да ойланып қалды. «Жақын тартқан адамына пышақ, қанжар сыйламаушы еді. Бұл қалай:бірдеңеге арандатқысы келгені ме? Арам есебін жасырып жүр ме, әлде…»

Он бірінші тарау

Үрейлі тыныштық.
Мелшиген шағылдар арасында.
Қалай құтылады?

Отардың алдында әдетте томардай мүйізін анда-санда бір шайқап қойып, топ бастайтын нән сары, сергек серкеге ілескен ешкілер жүретін. Таң қараңғысының қарабарқын, қалың қоюы сұйылып, жер бедері көзге іліге бастаған шақта, олардың жан-жағына жалтақтауы жиілеп, әредік қыдиған жусан басын шалуға әуестігі көбейе берді. Айнала төңірек түгел ағарып, таңғы самарқау самал еріне сылап сергіткен сайын, ешкілердің елең-елең етіп, көрер көзге топ бастайтын дағдысын ұмытқаны Ерікке ерсілеу көрінді.
Дегенмен, нән сары серкенің сырбаздығы әлі қалмаған, арагідік қойқаңдаған жүрісінде көсемсымақ сыңайы әлі де бар. Ешкі әулетінің осалдығын ескертетін атасының сөздері есіне түсіп, бірауық аяды да. Қалың қойдың алдына түсіп алып, желпілдеп, алға бастап жүрмей, қайта-қайта шетке шығып, оттағансып, тіпті кейде кейіндеп қала беретін ешкілер, шынында, күн көтерілген сайын сыр бере бастаған. Соларға қарап, Ерік қарны ашқанын сезді. Қоржын ішін тінтіп, қатқан екі тоқашты іліп алды. Қаужай отырып, көз алдында ілбіген қойлардың бір жаққа бұлтарып, құтылып кетуді тіпті ойына да алмайтын соншалық жуастығына қайран қалды. Мүлгуге мүмкіндігі жоқ, жедел жүруге шамасы кем, қыбырлап бара жатқан ұсақ малға жаны ашығанымен, не істесін.
Жалықтыратын жапан түзден құтқаратын кездейсоқ біреуден көмек іздегендей, алдыңғы жаққа көз жіберді. Сонау тұста көкжиекке дейін сұлаған құлабоз құм шағылдар. «Сен мықтымын десең, мен сенен өткен мықтымын, келсең кел!» – деп, іштей долырғанын жасырып, тапжылмай, тастүйін бекінген қалпы күтіп жатқандай.
Қой тұяғынан көтерілген қою шаңнан тынысы тарылып, былайырақ шетке ығысқан Ерік төңкеріліп жатқан құласұр шағылдарға қайта қарады. Жаңағы бұлдырлап көлденеңдеген елес алдамшы сияқты. Тағы бір назар аударып еді, алдының бәрі – атам заманғы алып мақұлықтардың дөңкиген жонындай бір-біріне тізбектеле қатарласып жатқан өлі құм белдері. Қанын ішіне тартып, сұрланып алған безбүйрек белестер түу сонау көз ұшынан да асып, алысқа ұзап кеткен. Қадалып, ұзақ қарағанға көз шаршап, кірпік ауырлайтынын Ерік алғаш сезінді. Шалғайдағы селдір көкжиек сәл күлгінқоңырқайланып көрінгенімен, тірлік елесінен жұрдай жансыз құм адырлары оның да сол бояуын біртіндеп сұйылтып, сорып алуға кіріскендей созыла түсіп, толқын-толқынымен солай қарай бет бұрып үлгірген. Жер бетіндегі тіршілік атаулының діңкесін құртып, өзіне біржола тәуелді етуге деген құж ниетін тырмыштап жасырмаған, сұп-сұр әйкәпір құмның бүгінгі бедірейіп мелшиген сұсы қорқынышты.
Сансыз шағылдары бір-біріне мінгесіп-ұшқасып жатқан ұшы-қиырсыз телегей құм жан ұшырып қанша қармансаң да, құтқармайтын, жүрегің алып ұшып қанша қашсаң да, қуып жетіп, созылмалы өңешінен өткізе салатын, түк көрмегендей бедірейіп қарайтын, безерген ғажайып аждаһа іспетті. Тынышын алған тіршілік иелеріне үн-түнсіз жауығып алғандай, тымырайып жатқаны.
Аждаһаның аранындай шексіз сұр кеңістікке амалсыз қыбырлап, кіріп бара жатқандар үнсіз, шарасыз. Үп еткен самал жел де, әредік шырлайтын бозторғай да, кейде елең-алаңнан қорек іздеп ұшатын сары қанат, тыртақай кішкене қоңыз да, қайдан шыққанын ешкімге білдірмей сап ете қалатын шыбын да, қыл аяғы қаңғыған, шашсирақ шіркей де жоқ. Бүгін мұнда екі құдірет қана. Бірі – жер әлемді қуыруға белсенген күн, екіншісі – ықылым заманнан бері дүңкиіп жатқан дүлей, құм шағылдар.
Сызданып, сазарған түлей шексіздіктен құтылу мүмкін емес. Ақшыл ма, құла ма, күннің ыңғайына қарай өзгере беретін түсін айырудың өзі қиындап бара жатқан тұңғиық кеңістік. Құлақты мезі қылған тұяқтар сытыры енді мүлде қызықсыз, жоғалған сықылды. Аспан мен жер, адам мен жан-жануар мелшиіп үңірейген шексіз әлемге еріксіз кіріп бара жатқанын білсе, тоқтап көктен жәрдем сұрар ма еді, қайтер еді. Ешбір кинодан көрмеген сұрқай әлемнің айтып жеткізе алмастай жасырын сұстылығы мен сорлататын сойқаны қай жерден қашан шығуы мүмкін? Ешкім айта алмайды.
Ақылға сыйғысыз тымырайған, тылсым тыныштық. Тұяқ сытырынан басқа дыбыстарды долырған ыстық жидітіп өлтіретінін, қаңғалақтап келе қалған самалға елең еткен болмашы дыбыс та түлей тыныштықтың тас құрсауына шыдай алмай жойылып кететінін бұған дейін аңғармаған. Біреу оқыс айқайлап жіберсе, аспан мен жердің арасын кернеген күйі тынып қалған шексіз тыныштық қақырап, қақ айырылып түсіп, бұларды мәңгі-бақилыққа басып қалатындай үрейлі. Соны сезгендей жүрексінген жапан түз үнсіз, тыбырсыз. Құмды борпылдатып амалсыз кешуге мәжбүр мүйізгек тұяқтар бұларды біртіндеп, тыныштық аждаһасының аранына бойлатып тықсырып барады.
Тыныштықтың осынша үрейлі сезілетінін алғаш түйсінген Ерік айналасына қайта қарап еді, өлі шағылдар өздеріне қарай қыбырлап келе жатқан тіршілік иелерін түйсініп, «осылардың өз еркімен келе жатқаны рас па?» дегендей, таңдануға икемделген сыңайлы. Өңіне болмашы рең кіріп, бірте-бірте сарғышшалыс, нәзік сарықызғылт рең еміс-еміс білінуге бейім. Айналаға тарала бастаған ұнасымды торғынсары, жұқалтым қызғылт бояу бұлар ілгерілеген сайын молая, қоюлана түсті.
Ендігі сәтте құм шағылдардың манағыдай жан баласын жақтырмайтын қыңырайған суық кейпінде тартымды жылылық ояна бастағандай. Сұлқ жатқан салқар құмға тіршілік нышанын әкелген жандарға жұмсақ бейілмен қарап, ажарланған келбет танытты. Ерік артына мойын бұрып еді, алтынсары шар секілді баяу қалқып көтеріле бастаған күнді көрді.
Құлазыған қу медиен шөлдің әлпетін ибалы, ерке нұр дарыған құлашалыс бояу торғынымен әрлеп, бет-бейнесін мөлдірлеп ажарлаған да, неше алуан нар бітім, айыр жоталарды өркештеп көрсеткен де осы сиқырлы күн еді. Ерік ескі танысы тәрізді жылыұшыраған күннің жан біткендей жоғарыға білдірмей жылжығанын біртүрлі таңсық көрді.
– Құлашөлдің аранына іліндік-ау, аға. Ә? – деді Қараман кезеріп, тілініп кеткен ернін бір жалап алып. – Аналар көрінер емес.
– Менің жобам бойынша осы шетке жетіп, құлауға тиіс еді.
– Жылда сөйтуші ек, биылғысы түсініксіз. – Қараман айтуға дәті шыдамайтын секемі бардай тұнжырап, ернін жымырды.
– Бұларға да бұйрық соғып өтті ме деймін, – деді Ахмет қарт кіртиіп ойланып келе жатса да, күрең қасқаны сипай қамшылап.
Қараман түсініңкіремеді:
– Қайдағы бұйрық?
– Шаханның бұйрығы да.
– Не жөнінде?
Қарт жымиды:
– Қаройдан осы жаққа қарай бұрылатын жол бар емес пе еді?
– Ал…
– Сол тұста әусәлім Шахан әдейі соғып өтіп, тездетіп айдаңдар деп бұйырған шығар деймін. Әйтпесе әуселесі мәлім қойшылар ғой, осы тұста қайтсе де, бір түнесе керек еді. Бірақ… – Қарт күмілжіді. – Кім біледі, алдымызда тағы қандай кілтипан барын. Біз өзіміз қапы қалмауымыз керек.
– Е-е, енді түсіндім. Біз қуып жетіп қалар деп қауіптенген екен. Олар алыс кеткен болды онда. – Қараманның ұнжырғасы түсіп, қырыс қабағы шытылды. – Шынымен біткеніміз бе?
– Құдай біледі… – Ахмет қарттың қабағы түйілді.

Он екінші тарау

Қауіпті сапар. Қорқыныш пен тәуекел.
Кім қалса, сол өледі.

Атасы көңілсіз. Шаң басқан кірпіктері сұрғылт қыл тікендерге айналған­дай. Шынымен-ақ, аждаһа-шөлдің аранынан аман шығатын амал табылмай ма? Тірідей өлгені ме бәрінің? Күнге қақталып. Терідей бырысып-тырысып. Шынымен-ақ….
– Енді қайтеміз? – тұнжырап, салы суға кеткен Қараман атының мимырт аяңына мән бермеді.
– Көзіміз жұмылғанша, жүре береміз, – деді Ахмет қарт әлдекімге ерегескендей аяқ астынан қасарысып. Қараман қағыс естігендей мойын бұрды:
– Қалайша?! Бірдеңе ойластырмаймыз ба?
– Не айтайын деп едің?
– Сіздер Ерік екеуіңіз түйеге мінгесіп, ауылға тартыңыздар. Ертең бе, бүрсүгіні ме, әйтеуір, бір жетерсіздер. Сосын су таситын мәшинені алып, зырылдатып қайтып келмейсіздер ме? Үш-төрт күнге мен өле қоймаспын-ау. Су табылмаса, малдың бірін адал бауыздап, шыдамасам, соның қанын ішермін.
– Ол – ең соңғы амал… Бірақ… ол амалдың бізге пайдасы шамалы, – деді қарт ойланыңқырап. – Біз келгенше, шөлдеп келе жатқан мал құмның ыстығына шыдай алмай, қаталап, талайы қырылатыны сөзсіз. Қалың құмның ішінде ақ таяғыңды ұстап, соқа басың сопиып қалмасыңа көзің жете ме? Біз барып қайтқанша, қанша күн өтетінін бір құдай біледі. «Мә, су таситын мәшине!» деп бере қойса, жақсы. Онысы бұзылып жатыр ма, басқа қойшыларға кетті ме, басқа мәнақасы бар ма, қайдан білесің? «Ауылда сөлбіреп жүріп алдыңдар. Жылда осы уақытта көшетінін біле тұра, әдейі сөйттіңдер» деп, өзімізге бәле салмаса де.
«Малын қасақана қырыпты. Қолынан түк келмейтін сорлы екен» дегізбеймін. Ел-жұртқа масқара боп, абыройдан айрылғанша, осы құмның ішінде сүйегім қурап қалсын. Ешқайда кетпеймін. Қорықпай-ақ қойыңдар. Екеуіңді түйеге мінгізіп жіберем де, өзім қалам. Иен құмның ішінде құм шайнап, қурап қалсам, сүйегімді ауылға апарып жерлерсіңдер! – қарт, неге екені белгісіз, өзінен өзі қызына сөйледі. Атамның «басы ауырыңқырап, сыр бере бастағаны ма?» деп ойлады Ерік.
– Қойыңыз, аға, сізді қалдыра алмаймын. Бала-шағаңыз, немереңіз бар, сіз оларға керексіз. Мен кімге керекпін? – Қараманның өңі бұзылып, жылап жібере жаздаған секілді көрінді. Қабағын шытып, тістене сөйледі. – Балалар үйінен шыққан мендей тастанды кімге керек? Қатыным жоқ, балам жоқ, алаңдайтын ата-анам жоқ, бұралқы иттей қаңғырған менің кімге керегім бар? Кімге? Кімге?!..
Ашынған Қараманның ызалы ыңыранғаны Еріктің іші-бауырын әлем-жәлем өртеп, күйдіріп бара жатты. Қараман ештеңе ойламай, өзімен өзі қаннен-қаперсіз жүретін жігіт сияқты еді, бар мұңы, сыры ішінде тынып жатыпты. Күнделікті шаруадан басқаға алаңдамайтын, уайым-қайғы дегенді білмейтін қамсыз, жігерлі сияқты еді. Жаңағысы – уайымы ішіне шөккен еркөңіл азаматтың сөзі емес пе?! Атасы айтпақшы, «мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде». Шікірейген Шахан осындай мәрттікке бармас еді, ал Қараман… азапты өлімді өзі қалап, бұлар үшін басын бәйгіге тігуге даяр.
– Әй, шырағым! Тоқтат гөй-гөйіңді! Ендігәрі мұндай сөзіңді естімейін. Немене, сені жаңа көріп отырмын ба? Басың жас, өмірің алда! – деді қарт ашуланып. – «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» дегенді естіген шығарсың. Не бұл, күн жаумай жатып, су болып? Сөзді қой, түйеге мініңдер де, мына осы таңғы салқынмен тартып кетіңдер ауылға. Шаханға емес, бірден деректірге барыңдар. Сол жерден, болмаса поштадан тура аудандық партия комитетіне телефон соғыңдар. Біреу болмаса, біреу алар. Сөйтіп хабар беріңдер.
– Оһо, мұныңыз табылған ақыл! – Қараман қуанып кетті. – Ауданның құлағы шалса бітті, вертолет жібереді.
– Иә, саған, вертөлөті дайын тұр. Қайдағы вертөлөт? – деп ызалана мырс етті Ахмет қарт. – Вертөлетпен су тасыды дегенді естіп пе ең? Сөзді көбейтпей, барыңдар, күн ысып кетпей тұрғанда. Екі ортада сендер де бірдеңеге ұшырап жүрерсіңдер.
– Жоқ, аға, мұныңызға келіспеймін, – сәл ойланып үлгірген Қараман төмен қарап, басын шайқады. Ахмет қарт: «Не дейсің? Неге айтқанға көнбейсің?» дегендей сұраулы кескінмен шамдана жалт қарағанда, кіртиген көзінде қызғылт ашу ұшқыны лып етіп өтті.
«Атам біз үшін өзін құрбандыққа шалмақшы, – деп тұнжырады Ерік. – Өмірдің қызығын да, шыжығын да көріп болдым. Енді нем қалды қызығатын» дейтін шығар. Бірақ оны біз қалай қалдырып кетеміз? Қараман да қасарысып, үзілді-кесілді қарсы. Кеткен адам құтылады, қалған адам тұтылады. Тұтылғаны – өлгені. Күмән жоқ. Екеуін бірдей тастап, мен қалай кетем? Үшеуміздің арамыздағы ең әлсіз, ең сужүрек мен бе? Атамды ажалдың аранына тастап кетуге қалай көнем? Өліп кетсем де, қасында болам. Иә, солай! Аспаннан тас жауып, қара жер қақ айырылып кетсе де, тастап кетпеймін!» Осы шешімге тастүйін бекініп еді, бойына күш құйылғандай сезінді.
– Ата, мен де кетпеймін. Қасыңызда қалам, – деді жігерлене.
– Қой ары, сандалмай! – Ахмет қарт немересін жаңа көргендей шақшиды. – Құлашөл саған ойыншық деп пе ең?! Мұндайда ойсыз тәуекел орға жығады. Ақылмен амал таппасаң, аяғың аспаннан келгенін білмей де қаласың. Ал сендер шелтеңдеп, «біз қаламыж, біз қаламыж» деп, басымды ауыртасыңдар. Сендерді қалдырмайын деп тұрмын ба мен? Басқа лаж жоқ.
– Жоқ, аға, бұл сөзіңізге көне алмаймын. Сізге қарағанда, мен жаспын, ендеше, мықтырақ болуым керек. Ерік екеуіңіз кете беріңіздер. – Қараман аттың тізгінін қымти ұстап, тәуекелге бел байлағанын білдірді.
– Айтқанға көнбедіңдер ме? – қарт кенет қатуланды. – Ендеше, сазайларыңды тартыңдар! Кеттік! – шыбыртқысын ысқырта сілтеп, ауаны осып-осып жіберді.

Он үшінші тарау

Ажал елесі. Көрінбейтін өрттің ішінде.
Құм жана ма? Өлі өлке.

Таңғы қарқынмен жүрісті мандытқанымен, күн шыққаннан бастап, ұлғая берген ыстық ұшы-қиырсыз кеңістікті тырп еткізбей басып алды. Төбеден төніп, көкжиектің іргесіне дейін қалдырмай қамтып алған көз жеткісіз кеңістік апшысын қуырған аптаптан есеңгіреп қалғандай үн-түнсіз. Сұлқ жатқан маң далада маңып келе жатқан мал түске таман титықтап, анда-санда бір маңырап қоюдан да тыйылған.
Шөлге иек артар тұсқа таяғанда, әсіресе қозы-лақтардың әбден ұсқыны кетті. Қартайып кеткендей шаңсұр кірпіктері ауырлап, енесінен қалуға қорқа ма, ілесіп ілбіген түрлері аянышты. Отардан бір елі қалмай, бірге жылжып, қамап алған қою шаңнан шеттеп шығып, бір мезет тыныстап алып, қайта оралуды білмей, қарындары қабысып, өлусіреп келеді. Бастары салбырап, топыраққа тие жаздаған ауыздарын бірауық амалсыз ашқан дәрменсіз күйі сәлден кейін етпетінен түсердей. Әдепкі балғын, жұмсақ тұмсықтар бүгін бұрқ-бұрқ шаңға баттасып қаспақтанғаны аздай, езуіне дейін сұрғыш, кір қабыршақ иректеп жиектеген. Танауларын тозаң бітеп тастады ма, далбасалап, жағын болмашы керіп, көрінбейтін ауа қалдығына қоса шүйкедей түтіліп, созалаңдаған тозаңды талшық еткендей, талмап келе жатыр. Тұмсығымен жер сүзе құлайтындай салбыраған бастарын тым құрыса қас қағым сәт көтеріп қалып, айналаны көз қиығымен бір шолып өтуге құлықсыз.
Езуі жағалданып, ырсиған ауызға тұяққа ілесіп, жер бауырлаған сұрғылт ұлпа тозаң кіріп, қашан қақалып құлары белгісіз. Бәріне көніп, неге болса да мойынсұнған шарасыз тірі өліктер шеруі сықылды. Мына қалпымен жайлауға жете алмай, қырылады-ау деп ойлауы мұң екен, тұла бойы ысынып жүре берді. Сонда жауапты кім? Әлбетте, атасы!. Неге? Шөлге де, ыстыққа да атасының не қатысы бар? Малдың да кінәсі жоқ. Неге бұлар осылай азап шегіп келе жатыр? Жайлауға жетуге шыдай ала ма?
Жуықта ғана алаңсыз, еркін жайылған төлдер ара-тұра айналасына біресе таңдана, біресе жайбарақат қарап қоятын. Енесінің бауырына тұмсығын сүйкегіштеп, «міне, мен де өсіп, өзім жайылып жүрмін. Еме беретін кішкентай емеспін. Сенбесең, қарашы» дегендей құлшына оттап, қуана қунақ жүргенде, бозшасұр кірпіктері торғындай жеп-жеңіл сезілетін. Кірсіз ақбөрте, жұмсақ жүні биязы жібектей әдемі еді. Ара-тұра бір-бірімен ойнақтап жарысып, еркелеп сүзісіп алатын. Лақтар көкке шаншылардай секіріп, тік тұрады да, басын лақ еткізіп, төмен тастағанда, таңдана қарап тұрған момын қозыны тұқыл мүйізімен періп кеп қалады. Селт еткен қозы «ой, қойшы, жынды емеспіз ғой. Не болды босқа төбелесіп? Әркім өз жөнімен жүрмей ме?!» дегендей үн-түнсіз сабырмен бұрылып ұзап кеткенде, әумесерлігіне қымсынғандай ақ лақ оның соңынан басын қисайта таңырқай қарап, аз-кем тұрып қалушы еді.
Кәзіргі түрлері адам көргісіз. Шаң тұтып, желім жаққандай ауырлап, қуарған қамысқұла кірпіктері шырышқа шылап кептірген қылшықтардай ауырлаған. Осы қалпымен ілби берсе, былшықтанған, балшықтанған сояу-сояу қылпық кірпіктер бір-біріне жабысып, кіртиген көздер, сірә, көруден қалар. Өлім жазасына кесіліп, айдауда кетіп бара жатқан тұтқындар тәрізді тозаң мен топырақты иіскеп, қыбырлап келеді. Енесінен адасып қалса, іздеуге әлі жоқ, бірінің көлеңкесін бірі пана көргендей, әйтеуір ілесуден әзірге жаңылар емес.
Кәзір көбіне жал-жал, оқта-текте далиып жазылып алатын шөлдің қызыл өңеш аждаһа секілді аранынан көрінбейтін жалын іспеттес аңызақ үсті-үстіне тарай беретінін, демі ыстық отты лепке айналатынын, көк пен жердің арасындағы байтақ кеңістікті іркілмей басынып, тап бүгін дәл осылай аптапқа қақтайтынын кім білген?! Күнібұрын ойлағанда, ауылдағы бақтардың жұмсақ, қоңырсалқын көлеңкесінен мұнда келер ме еді, келмес пе еді. Осындай жерде қасқырлар, шибөрілер, мәліндер жүретінін талай естіген. Бұлардан қорқа ма, әзірге кешегі мәліннен басқа ешқайсысы да ұшырасқан жоқ. Әнеукүнгі Батпаққарадағыдай ұры бұл жаққа өлсе де, келе қоймас. Ендеше атасы айтатындай, ит-құстан басқа қайдағы қауіп…
Бірақ мына аптап көрінбейтін ыстығымен аямай қақтап, бір мезет шегінбейді. Әсіресе қозы-лақтарға обал-ақ. Тыныс аулап, жеке-дара жүруге – жан-жақтан анталаған жал-жал құм шағылдары бөгет. Сосын жайылып, бет-бетімен тарап кеткен қойларды қайырып, түгендеудің өзі бөлек әуре, ығыр қылатын машақат. Бір қарағанда, көрінбейтін жалыннан жаралған отты толқындар жарыса келіп, жан шыдатпас жалынды шарпуымен, күдер үздірер көптігімен баса-көктеп, жарық дүниедегі толайым тіршілікті түгел қаусырып алып, не замандар бойы осылай өртей беретіндей.
Күмпиіп күтіп алған қисапсыз бархан белестері бір дөңкиіп, бір созылған аждаһалар секілді мың бүктеліп, мың бұратылып, алды-артынан орай қоршап алып, «ал, енді қайда қашып құтылар екенсіңдер?» деп, бұлардың аңысын аңдып, тып-тыныш қана арбап жатқан тәрізді. Құрмалдық болуға амалсыз көнген бұлар қора толған қойын айдап, ажал аранына өз еріктерімен қыбырлап еніп келеді… Мелшиген ажал кеңістігімен бұлай шарасыз бетпе-бет ұшырасу Ахмет қарттың нар тәуекелден туған табанды, еркөңіл шешімі емес, ызалы мәжбүрліктің ашынуы мен ышқынуы еді. Осындай азабы көп жолмен жүруді қай заманда кім ойлап шығарды екен? Атасынан сұрап еді, кіділеніп, «білмеймін» деп, тоқ еткізді.
Оқта-текте қылтиған әлдебір күйікқара сояулар ұшырасқанымен, бүрі түгіл жапырағы ұшып кеткен. Сидиған қарақотыр тікендердің жұртта қалған жұрнағы секілді.
Қалпақтарымен көзін көлегейлеген үшеудің қаңырығы түтеп, кенезесі кепкелі қашан. Түнделетіп, қарасудың құсық сұйығынан шағын-шағын екі ақ піләкқа дәкемен үш қайтара сүзіп құйып, сосын қайнатып алған еді. Бір тамшы да қалдырмай ішіп қойған.
Адамды да, малды да діңкелетіп, соңынан бір елі қалмай қуалап келе жатқан аңызақ осынау сансыз құм жалдарының арасын кезіп жүрген ажал отының үрейлі демі тәрізді. Жол бойы іркілмей қапталдасып, жан-жақтан қаумалаған өркеш-өркеш шағылдардың арасынан амалдап сытылуға асыққандарды аждаһаның жалын шашқан аузынан лек-легімен лықсып шығып жатқандай толқындаған ыстық тежеусіз шарпиды. Қорғанып үлгірмесе, беттің терісін қарып, сыдырып алып түсердей үздіксіз шүпілдейді. Кеберсіп кезерген еріндердің қимылдауға да шамасы жетпей, ағаштанып қалатынын еріксіз аңдаған үшеуі де тіксінді. Сусыма, таза қызыл құмның қойын-қонышын қуалап, жан сауға іздегендерді даладай алып табада шектен шыққан қатыгез біреу асықпай қуырудан бұл заманда жалығатын емес.
Бір мезет аңызақ жел басылып еді, әп-сәтте жер-әлемнің тынысын тарылтып жіберген қапырық үн-түнсіз сау етіп, басты да қалды. Мұның қасында аңызақ айналайын екен. Ыстық зілмауыр батпан салмақ әрі таптап-жаншып, әрі құрсаулай қысып босатпайды.
– Сұмдық қой мынау! – Қараман торығып, күрсіне жаздады. – Шынымен-ақ, өлеміз бе?
Шеттеу ілбіген ор саулық бөгеліп, құныса қалып еді, Қараман тебініп тұра ұмтылды. Қорыққан саулық кіш етіп үлгірмей, шашыратып, тапырақтап қаша жөнелді.
– Қап, үлгірмей қалдым. – Ат үстінен еңкейіп, тоса берген алақанымен санын шарт еткізді. – Не болса да, бір ұрттап алайын деп ем.
Ахмет үндемегенге, қолдады деп ұққан Қараман құшырланып, үдей түсті:
– Бір қозыны сойып, қанын жылыдай бөліп ішпесек, қаталап өлетін түріміз бар.
– Тәйт ары. Шыда, өлсең де.
Жылағысы келгендей өңі бұзылып кеткен Қараманның жел қағып тотыққан өңі одан әрмен қарауытып, түтігіп кеткен. Қақталған жалпақ беті атам заманнан қалған үйдің қарайып кеткен жез түнікесі тәрізді. Отты көзін шақырайта кең ашып, «Біткен жерлерің осы, тып-тыныш жата қалыңдар. Қыбырлағанмен, бәрібір қақталып құрисыңдар, босқа әуреленіп, қайда барасыңдар?», – деп, қақ төбеден төнген дию көз күнге төтеп берерлік қауқары таусылған дәрменсіздер құр сүлдерін сүйретіп, көп ұзамай құлайтын сәт жақындап келе жатқанын сезгенімен, шарасыз.
Еріктің тамағы құрғап, қурайланып кеткендей сезінді. Иттерге қарады, оқтаудай жұтынған Заула мен алпамсадай сарала төбет Мойнақ тілдерін салақтатып, қос бүйірін соғып келеді. Бұлар да ыстықтаған шығар. Ұйысқан қалың жүн қалайша ыстықтатпасын?! Қалайша терлемейді? Қаншама шүйіліп қарағанмен, шүмектеген, тіпті жылт еткен терін көре алмады. Екі ит те қабырғалары – қурай, денесі – қаңқа, өздері кепкен теріге кептеп керіп қойған уақытша тірлік иесінен ауса, кәне?!
Күнде таң қараңғысынан тұрып, жұлдыз туғанша жол жүру мұншалық азап деп кім ойлаған? Атпен шапқылап, жер көріп, рақаттанып жүрем ғой десе… Әсіресе, ұйқының қанбағаны жаман. Қалғып кетсе, сортаң тер көзіне жылжып, удай ашытады. «Тоқтап, дем алайықшы» деуге намыстанады. Сөзі атасына ұнамаса, «Сені біреу мылтықпен айдап келе ме? Өзің емес пе ең құлшынған? Айтпап па едім «сазайларыңды тартыңдар» деп. Шыдамасаңдар, кете беріңдер», – деп, сөгіп тастауы ықтимал. Не болса да, шыдағаннан басқа не істемек? Алайда қанша төзгенмен, мынау сұрықсыз дүние еріксіз еңсені түсіріп, естен тандырады…
Анау айдаһар жалдардың арасы – шалқып тербеліп жатқан мөлдір жалын. Бұл жер өзгерген, өзгеше. Ертемен құла түстеніп, бірте-бірте жұқа құбасұрланған, келесі әлетте шыңылтыр ақшылданып, сосын жазық бозғылтым тартқан шағылдар енді ағара жанып, бірте-бірте балқып былбырап пісіп жатқан сықылды. Сонау әріректе, көлдей мөлдіреп, толқындаған сұрқия ақ сағым айдыны бұлың-бұлың, күлің-күлің етіп шақырады. Дәл қасында – үнсіз сұрланып жамбастаған меңіреу құм әлемі. Шаңытып безерген аспанның түгелдей күл түстеніп кіжінген, қатқыл, кісәпір сұсы жаннан бездіреді.
Қарой мен Шоқаманда кейде оқжыландар ойқастап көрініп қалушы еді, бастарын қамшы бойы көтеріп алып, қайқаңдап ирелеңдегенде, аттың жай жүрісіне жеткізбейтін. Жайбарақат жайылған, жуас адыраспан мен бусанған, түкбалақ жусанның ара-арасымен сусып сумаңдап, бұл даланың өз тіршілігі қайнап жатқан Жер планетасы екенін сезіндіретін. Ал мынау – бұрын көрмеген, естімеген басқа бір әлем.
Түске қарай мұндағы ажалсары құмның жер астынан тепсінген қызуы мен бір бәсеңсімей өршіп, көк пен жердің арасын түгел жайлаған аптап жарыса қыздырған қазандай бауырын әп сәтте қарып жібере ме, олардың да қарасы өшкен. Күдірейген түкті бүйі, орақты, бұзаубас сары шаян, утүйір қарақұрт та жоқ секілді, немесе солар көзге түспеген мынау түлей құм – сірә, тіршілік атаулыдан мақұрым, өзге бір өлі планета.

Он төртінші тарау

Ертегідей шаң. Қалықтаған көздер.
Жанатын ауа. Шайтандар биі.
Мөлдір жыландар биі.

Ауылда жүргенде, кинодан көрмеген, кітаптан оқымаған, бүгінгідей қызыққа кез боламын деп ойламаған. Бұлыңғыр, күлгінсұр аспанның астына жайып жібергендей шет-жиегі көрінбей, белгісіз қиырға барып астасатын ұлан-байтақ құла түз. Көз алды қарауытқанша қараса да, елең еткізерлік бірдеңе табылатын емес.
Үп еткен леп жоқ. Қапырыққа қақалып, бойын жазуға дәрмені қалмаған жусандар уақытынан ерте қурап, серейіп-серейіп тікірейіп қалыпты. Көзге шалынбайтын әлдеқандай бір сиқыр тап осы өңірді тұтқиылдан бас салып, асықпай азаптауға кіріскендей, оны азсынып, мәңгіріп келе жатқан бұларды мазақ етуге қам жасағандай.
Құлазыған құла шөлде жыпырлаған қисапсыз тұяқтар түрткілеп мазасын кетірген ұлпа тозаң жерден ерініп, шудалана көтерілгісі келеді, бірақ бойын жазып тіктеле алмай, бұратылып шөге бастағанда, төменнен біресе тақиятөбеленіп, біресе сақиналанып, үздіксіз көтерілетін жалғасы дем береді. Шаң екеш шаңға дейін қапырықтан шаршап, әлі біткендей былғалаңдап, жайғасатын жантыныш іздейтіндей. Жер бауырлап шұбыра шұбатылғанда, самарқау, салғырт. Сонда да шөгіп қалмай, ілесе беретін өлермендігі сұмдық. Жер бетіндегі тымырсықтан тығыла алмаған соң ба, бір көтеріліп алғаннан кейін шөккісі келмей, сәт сайын күш алып, ұлғая беретін, қыбырлаған тіршілік иесінің соңынан қалмай сүметілуден еш жалықпайтын шаңды Еріктің көргені осы. Мал тұяғы қоздырған сайын түтімі бір үзілмейтін шаң әлсін-әлсін жанданып, алға қарай ақырын ілгерілеп бара жатқан кір-кір, жыртық-жыртық сұрша перделер керуені, біріне-бірі қосыла беретін жын-шайтандар шұбыры сықылды. Кейде тіпті қоюланып, салбырап алға созалаңдаған шүйке-шудаға ұқсап кетеді.
Енді бірде бергі жағынан қарағанда, арғы жағы, ол жақтан бергі жағы көрініп тұрған, тұтасы іріп селдіреген, сетінеген, әбден тозыңқы, жалбыр-жалбыр, іріп кеткен жұқа киіздей тұтылған қалпымен өлерменденіп, ілгері жылжып бара жатады. Маңырауға әлде ерініп, әлде шаршаған қойлардан қалмай ілесіп қоймаған шаңның да, сірә, өз құпиясы бар шығар…
Расында аспанға қалықтап кете алмай, жүнжіп, жер бауырлап, шудалы жүнтұмсықтанған күйі сүйретіліп, кеше кешкісіннен бері бір елі қалмай қойған жансебіл шаңнан құтылу сірә да неғайбіл. Отарды мазалап, қаттырақ қуаласа, қолма-қол қоюланып көбейе кететін шаң бәрібір бірден лып етіп, көкке өрлеуге құлықсыз. Әр тұяқтың ізіне ілесіп сәл-сәл білініп, биіктеуге тырмысқанымен, құлықсыз қозғалысы көңілсіз, енжар. Сансыз тұяқ бір сәтте қисапсыз сытырымен түрткілеп берген бейғам жердің тынышы кетіп, жақтырмаған ыңғайда тозаңын себелей шашыратып, серпіп жатқандай. Әр тұяқтан оянған балапантүк шаң көбейіп, ұлғая беретінін байқады. Күшейген төменгі тұсы қалыңдау сезіліп, сол мығымсынды қоюдың көмегімен көтерілген тозаң жоғарылаған сайын сескенгендей селдірленіп, сұйылуға бейім. Әлденіп, көтеріліп алған соң, әлде қимастығы ма, әлде аңдығаны ма, төменге түсіп жайғаса кетпей, отармен бірге сілбіп келе жатқаны.
Ерік өзін кино әлемінде келе жатқандай сезініп, таңсық айналаны тамашалаудан танбады. Талай кітап оқып, көп фильмді көрсе де, тап бүгінгідей суреттер көзіне түспепті. Әне, шанда бір кездейсоқ ұшырасып, анадайда көлденең сұлаған бозаңқы жер көпсіп, борпылдап жатқан бос та емес, безерген қатты да емес, кәдімгі үйреншікті шөлейттің оқта-текте қабыршақтанған ақ кебірі. Айдалада ұмытылған, қажетсіз ақ шілтер іріп жыртыла-жыртыла, содан сиретіліп қалған үзік-үзік ақ жіптер секілді бірталайға дейін ирелеңдеген әппақ сор шашырандысы тым сирек. Шөлде де ішінара сор кездесіп қалатынын бұған дейін білмепті.
Шайтандар сиқырлы әпсүн оқып жаратқандай, шұбатылып қалмай қойған шаң жалықтырып жіберетін сұп-сұр әлемге де, қуғындап келе жатқан жүндес құбыжыққа да ұқсас. Енді бірде бөртесұр, құласұр, қарасұр, сұрғылтжүн, құлақоңыр жыландар қауымы жаппай көтеріліп, біріне бірі араласа ұласып, бірімен бірі жалғасып, бір сұйылып, бір қойылып, іріп-жыртылып бара жатып, қайта қауымдасып алады. Сосын тағы да іри-тіри тозғаны – ешкім білмейтін жаңа бір жанды құпия тіршілік дүниесі тәрізді. Сол әлемнің ішінде қыбырлаған қисапсыз қибыжық ию-қиюдың ара жігін қанша шүйілгенмен де, ажыратып аңғару – өнбейтін тірлік. Өрнек-оюлар ма, бу-түтін бе, жыланқұстар ма, бұрын ешкім көрмек түгіл естімеген есепсіз көп құбыжық бейнелер мен ирелеңдерді және бір белгісіз сиқыр иелері үзбей жаратып, жалықпай тарата беретін тәрізді.
Одан қашқалақтап, сәл былай шықсаң, шаң ійісі сені іздегендей, немесе бойыңда соны тартатын магнит бардай саған шұбатылып жетеді. Одан қашып, жан сауғалап, шеткері кете алмайсың, ырыйт-шүулеп демеп отырмаса, қойдың жүрісі іріп сала береді. Басың салбырап, екі иығыңнан басқан мең-зең, дел-сал күйдің уысынан құтылу – қиынның қиыны. Адам түгіл тілдері салақтаған иттер де марғау. Осы мимырт жүріс бұл дүниеде таусылмайтын сықылды.
Бастарын бір-бірінің көлеңкесіне әлсін-әлсін жасырып, күннен қорғалаған қойлар қыбырлаған бойы мүлгіп бара жата ма, үнсіз. Кейде аңқасы кеуіп, «а-а» дегендей ауыздарын ашады. Бірақ даусы жоқ. Көмейіне шаң толып кете ме, қайта жауып, өлусіреп келе жатқаны. Ілбіген қойлардың соңынан көтеріліп, шудадай шұбатылған шаңның тымырсығына қуана рахаттанған шайтандардың бұйралаң жүндес балалары мазақ етіп қисалаңдайтындай. Ерік ызаланып, шолақ брезент бишігімен тартып жібергенде, ыс-с етіп, ауаны осып өтті. Жүнін үрпитіп дударланған бала шайтандарға дәнеңе болған жоқ. Бір тыржиып, бір түксиіп, біресе жамбастап құлағыштап, біресе қойлардың үстіне айқыш-ұйқыш созыла сұлағыштап, енді бірде ирелеңдеп, буыны жоқтай асықпай қалқып, бұрала билеп, біресе ербеңдеп тұрып алады. Шаршамайды да, ерінбейді де. Осылар өзі шаң ба, немесе шайтандар шұбыры ма?!
Отардың бірде ортасында, бірде соңында сорайған жалғыз түйенің өркешінен кейде асып шығып, көбінекей қолтық-бауырын, алды-артын орағыта айналған шайтан шаң бұларды әбден басынып алған. Үңірейген, сықсиған, жыртиған шаңсұр көздері ара-тұра көрінер-көрінбес белгі аңғартып қалады да, дереу тозаң тұманына жұтылып, жұмыла береді. Қолқаны қапқан сәл сортаңдау шаң жұтқан ауамен бірге қабаттасып, кеңсірікке кептеліп, салмағын сездіре ауырлап, ішке сіңіп, өкпені кептейді. Шаңның осындай тұз татыған сортаң дәмін, ауаның иықтан басатын салмағын бүгінге дейін қалай байқамаған?! Көп ұзамай-ақ әбден тойдырып, өңешке дейін бітеп тастайтындай қобалжытады.
Шұрқ тесік, іріген ескі киіздей тозыңқы шаң өліспей беріскісі келмейтінін аңдатқандай жәдігөйленіп алған, сейілуге мүлдем бейімделгісі жоқ. Жайшылықта селт етпейтін шаңның осынша өлермендігіне Ерік қалжырап келе жатса да, еріксіз таңданды, әрі жыны ұстап, арқасы құрысты.
Бұл шіркін ауылдағыдай бұрқ етіп қалса да, ауырғандай әрең көтерілгенге шыдамай, әлсіреп қылжия кетуге бейімделе беретін кәдімгі үйреншікті шаң емес, сірә. Кірпікті бүркеп ауырлатудан жалықпай, көзге кіре жаздап келе жатқан жүн-жұрқалар серуені секілді. Біресе ұқыппен биязы түтіліп, біресе жалба-жұлба түтеленіп созалаңдаған шаң шұбыры қолма-қол жырымдалып шашыла бере, арасы үзілмей, қайта жалғаса кетеді. Алды-артынан анталағаны аздай, жан-жағынан шаршамай қоршап орай берген, ауылда да, қалада да көрмеген бейтаныс тылсым жаратылыс – бір тыным таппай қозғалып, қойқалаңдап қалмай қойған, адам баласына бұрын-соңды белгісіз тіршілік әлемі, тап кәзір ғана жаралып жатқан шайтандар дүниесі.
Сайқымазақтанып, есірген шайтан шаңның балалары өзімен өзі бұйығып, мөлдіреп тұрған әп-әдемі, момын әлемді былғап тұншықтырумен, тозаң бүркіп, бүлдірумен әлек. Жүріп келе жатқандарды көре алатын құпия көзі бардай, алды-артынан, жоғары-төменнен орағытып, бұралаңдағанын місе тұтпай, топыраққа жасырынып тып-тыныш ұйықтап жатқан тозаңды түрткілеп, тынымсыз оятудан жалықпайды. Ол аздай сол тозаңды ара-тұра желкеден алғандай желкілдетіп, әкесінің үйінде жүргендей емін-еркін сүйрегіштегеніне қалай тітіркенбеске?! Тып-тыныш тыны5ып жат0ан топырақты түрткілеп, түтелеп, тозаңды жұлмалап сүйреп әкеле береді, әлпештеп көтере береді. Оны да қанағат тұтпай, тыржиған мұрындарға түткен жүндей білдірмей тықпалап бағады. Еріксіз түшкіргенде, оңбағандар мұрын қуысынан ыршып шыға салысымен, шашылып-шашылып түсіп қалатын тәрізді. Шаңның да осындай әуреге салатын сиқырын бүгінге дейін қалайша ескермеген?!

* * *

Ерік көзін бір ашып, бір жұмды. Айнала төңірек – бұлдырап, мал да, адам да көлкіп, бір көрініп, бір өшкен елестер әлемі. Жан-жақтағы жал-жал бархандар іштей шымырлап, қойнауы көрінбей балқып жатса керек. Ақ шағылдарды белуарлап шалқыған көлдей меймілдеген сағым айдыны ма, жанып жатқан мөлдір ауа ма, бірден аңғару қиын. Еркелеп лүпілдеген сансыз, майда толқындары бұлықсып, мың бұралып, аударылып-төңкерілуден бір жаңылмайтыны қайран қаларлық. Әне, шеті-қиыры белгісіз, алысқа көсілген айдында мың бүктеліп-жазылған, жиырылып, шиыршықтанған мөлдір жыландар аунап-қунап, ирелеңдеп бұралаңдап, созалаңдап билегіштеп жатыр. Сондай да болушы ма еді?! Әлде басы айналып, көзіне нешетүрлі адам сенгісіз елестер көлбеңдеп шалынғаны ма?
Қалғығысы келеді, қалғи алмайды. Әлденеге алаңдап, көзін қайта ашса да, кірпігі зіл тартып, қайта жұмылады. Қойлар маңыраудан әлдеқашан сап тыйылған. Бастарын жерге салып, бір-бірінің көлеңкесін қалқалап, сүйретіліп барады.
– Жағдайың қалай? – Атасының үні қаңсыған кәрі қобыздың шанағынан шыққандай сезілді.
– Орташа, – деді Ерік сыр бергісі келмей.
– Бәсе, бәсе. Жетісіп келе жатпағаның көрініп тұр. Шыда тағы біраз. Қиындық көрмесең, кәйтіп шыңдаласың?! Енді бір-екі белден ассақ, жылда осылай көшкен отарларға су әкелетін науаларға жолығамыз, сол тұста осы шөлдегі жалғыз бекет секілді қалқиған бастырма бар. Сонда машиналар тұруға тиіс.
– Тұрмаса ше? – деді Ерік мазасыздана.
– Тұрмаса ма?… – Атасы қабағын түйіп, қапелімде не дерін білмей, дағдарып қалды. – Егер бізге машина келмесе, иә кетіп қалса, сендер екеуің түйеге мініп, ауылға тартасыңдар. Оған жетуге енді түйе ғана шыдайды.
– Сізді қалай тастап кетеміз? – Ерік атасының сөзіне қарсыласқысы келсе де, ыңғайын таппады.
– Мен үшін қам жемеңдер, адам сусыз жеті күнге шыдайды деседі, сендер келгенше, жан бере қоймаспын оңайлықпен.
– Аға, мен қалам,– деді Қараман қырылдап.
– Доғар сөзді! – Ахмет атын қамшылап кетіп қалды.
Соңғы шақырым… енді бір шақырымнан кейін белдің астында шифер шатырлы, жан-жағы ашық, жападан жалғыз қалқиған бастырмаға жетпек. Сол жерде машина бар шығар деген есекдәмеге елітіп келе жатыр. Бастықтардың нұсқауын ескерген шопырлар шопандардың қай күні шыққанын біледі де, соған қарай жүрісті есептеп, шөлдің осы бір талма тұсында тоқайласады, немесе алда тосқан қойшыларға құм кешіп отырып жетеді. Жалғыз-жарым емес, іркес-тіркес әлденеше отар – тұтас бір керуен басшылардың назарында, сусыз қалдырмайды.
Үшеуін үздіктірген соңғы шақырым… Аждаһадай лебімен ішке тартқан түлей шөлде жалғыз үміт – алдағы бір шақырымда. Көп ұзамай, күн тас төбеге шығады. Сол кезде ұлы сәскенің іші-бауырыңа дейін жидітіп жіберетін ыстығына мықты болсаң, шыдап көр! Ұлы сәске төнді дегенше, төбеңнен жалын шыжғырып, табаннан қызыл шоғы түтеген құла құмда тірідей қуырылдым дей бер. Талма түс естен тандырып, талықсытпай тынбайтын меңіреу, қас түлейдің өзі… Осы Құлашөл туралы бір оқығаны бар еді «Совет еліндегі ең ыстық құм» деп. Қызылқұм да, Қарақұм да емес» деп. Америкадағы «Ажал аймағынан» да қатерлы деп. Демек, Құлашөл – екінің бірі желе жортып өте беретін әшейін емес, жанкешті мықтылар мен шарасыз мәжбүрлер ғана өте алатын ұлы құм, нағыз сынақ пен өлім өлкесі.
Ұлы сәске – аждаһа шөлдің мейлінше кәр төгіп, есіріп түтеп тұрып алатын шағы. Кімді кім сынайды? Бәрін айқындайтын – соңғы шақырым. Иә Құлашөл, иә адам…
Ақыры, көңілдеріне түйген сол келесі белден асқанда, жолдан сәл шеткерілеу пұштиған шолақ өзекте қаңсыған ұзынша бастырмаға жетті. Суы жылтырап, шүпілдеген, қаз-қатар тізілген науалар. Таңдандырғаны – жапан түзде жарбиған екі-ақ күрке. Қабырғалап жайған керегенің үстіне ілдалдалап, үзік жауып, көлеңкеде дамылдауға кіріскен – небәрі екі-ақ отардың иелері. Басқа қойшылар қайда?
Бұлардың қойы ең соңында қырқылып, кейінірек шығыпты да, басқалары жайлауға бұрынырақ көшіп кетіпті… Е, екі күн деп шамалап жүрсе, алды үш күн бұрын жолға шыққан екен.
«Қап! – деді Ахмет қарт іштей. – Сонда бұл не қылғаны? Шахан бірдеңе ойлады-ау, сірә… Жылда барып жүрген үйреншікті, жайлы қонысқа басқалар бұрын жетіп, орнықсын дегені ме екен. Әй, зәндемі!..»
Өркеш-өркеш шағылдардың қыспағынан құтылып, Құлашөлдің жазығына шыққан қойшылардың тынысы сәл кеңіп қалғанымен, барлығы да шаршаған, алғашқы күндегідей әзілге де, әңгімеге де зауықсыз. Мұндайда көппен бірге келе жатсаң да, өзіңмен өзің қаласың. Алғашқы күндері әңгімелесуге адам іздеп, елегізіп тұратын тәрізді еді, енді қай-қайсысы да сөйлесуге зауықсыз.
Не алда емес, не артта емес, шұбатылған отарлардың ортасында жүрген жаман. Алдыңғылардың тозаңы кейінгі қойлардың тұяғынан көтерілген қою шаңға ұласып, қауымдасып алады да, киіздей тұтасып, көз алдыңды тұмандай тұмшалайды. Оң жағың да – шаң, сол жағың да – шаң, алдың да, желке тұсың да. Қою тозаң кірпіктерді перделеп, көзді жаба жаздайды.
Ерік шаңнан шеттегісі келіп, құнанын тебініп, қой шетіне шығып еді, бос далбаса екен бәрі. Күннің жарығын күңгірттеп тұмшалаған тозаң тұманының арасынан құс суырылып өтердей саңылау қалмаған. Бірден бірге ұлғая берген тозақы тозаң бұйралаңы мен шұбалаңы құдды бір шаң аласапыраны, әлде бір қалқымалы шаң әлемі сықылды. Артта бұйраланып шұбалған қою тозаң жылжымалы, жанды шымылдық секілденіп, соңыңнан қалмай, ілесуге ұмсына түседі. Бірақ іле онысынан айнып, шудаланып көтерілуге тырысады. Алайда оған шыдамай, іріген, ескі сұр дәкедей жырымдалып жыртыла бастайды.
Соңыңнан қалмай сүметілген соншама өлермен, көшпелі киіз шаңнан құтылу үшін отардан бөлініп шығып, анадай жерде жападан-жалғыз жүрмесең, қалған әрекетіңнің бәрі бекер. Көзге шыққан сүйелдей көрініп, шеттеп, өз жаныңды ғана күйттеу – ерсі. Бөлек кете алмайсың, қойлар бір-біріне қосылып кетсе, нағыз ит әуре. Мыңдаған қойдан өзіңдікін бөліп жүргенде, көштен қаласың.
Шіркін-ай, осынша күн жүргенде, ындыны кеуіп, қаңсып келе жатқан адам мен малдың жанын жай таптырар аз ғана мөлдір ағын су кездесер ме еді. Темір науалардан бір ішкен әлгі жылы су не болады?! Өлдім-талдым дегенде, әзер жеткен жылғаның жылымшысы мен әлдеқалай қаңғылестеп келген, шығар-шықпас қана жаны бар қара судың арасына ертеден түске дейін, түстен іңірге дейін жүргенде, тырмысып әзер жетеді.

Он бесінші тарау

Қараман да кетті.
Ерік жалғыз қалды. Қасқырлар.

Ахмет қарттың бес қанат киіз үйі Көксүңгінің етегіне тігілді. Қар басқан алып шыңдарға ұласып жатқан Көксүңгінің алып жоталарының бергі оңтүстік беткейлері – қалың арша. Ара-арасында жіңішкеленіп барып үзіле бере, қайта жалғасатын, жасыл барқыт түсті ойдым-ойдым ашық алаңдар – қойдың жайылымы. Аршадан арыда аспанға шаншылардай асқақтаған найзасүйір шыңдарда – күнге шағылысқан, айна жалтырына көз тайғанайтын шыңылтыр мұздақ. Шығыста да, батыста да ақар-шақар шыңдар. Ақшыл, бурылша бұлттар қоян-қолтық, қызу араласа қойындасып, бұйралана жайылып, шыңдарды тұмшалап ойнауға бейім. Тұтасып алып, бір сәт ұйып тынышталғаннан кейін, жалыға ма екен, ыдырап жұқара бастайды. Жаңа ғана ұжымдасқан қалпы ұнап қалғандай жиылып, қайта жентектеледі. Сосын жан-жаққа шудалана созылады. Бірдеңенің аңысын аңдағандай қалт тынып қалады да, зерігіп, қайта қозғалады. Шіркін, арасына барып көрер ме еді. Қайда-а-а… альпинистер жете алмайтын асқарға қайдан шықсын. Бергі жақтағы қарсыз, қоңыркүрең шыңдарға сүйкеніп өтіп жатқан бұлттарға жете алса да, айызы қанар еді.
Етектегі шағын алаңқайға дөңгелентіп тігілген үйдің айналасы – оңайлықпен жүргізбейтін қалың шалғын. Сегіз күн сергелдеңге түсіп, қапырықтан әзер құтылып келгенде, көк шалғын иісі мұрын жарған сап-cалқын жайлау таңғажайып ертегі дүниесі тәрізді. Жоны көк аспанға тірелген алып беткейге жапатармағай жабыса тарбиып, ұйпаланып қалған жас аршалардың ұйысқан жыйыны көз тойдырарлық. Жоғарылаған сайын биіктеген аршалар төменнен қарағанда, тау жоталарында жайқалған көк шалғынның үстіне жайып тастаған бұйра түкті, шымқай жасыл кілемдей еріксіз назар аударады. Одан әріректе ақ шапан киген, ақ бөрікті алпауыт, алпамса шыңдарды Ерік ертегінің батырларына, мына жақтағы қамқалы қалың қарағай орманды самсаған сарбаздарға ұқсатты. Ал беріде жер бауырлап жатып алған мына аршалар шай ішуге жамбастаған шаруақор шалдарды еске салады.
Киіз үй тігілді. Аршаның жұмсақ, балғын бұтақтарын қабаттап, қалыңдап жаймалаумен, оның үстіне тастаған қос қабат төсеніш қоңыр киізді жасыра үлкен текемет төсеп, үйге темір пеш орнатып жүргенде, қас қарайды. Атасының айтуымен, киіз үйді айналдыра, керегелердің түбіне төрт темір қазықты балтамаен шаңқылдатып қағып болған Ерік таяқ тастам жердегі қайнарға барып жуынып келген соң ғана таудың кешкі салқынын анық байқады. Бойы тоңазып, жедел басып келсе, төрден төменіректе дөңкиген темір пеште сытырлап от жанып жатыр. Шабылған жас аршаның танауды қытықтаған қымыз қышқылтым жұпарына темір пеште сәл түтіндегеннен кейін бірқалыпты маздаған қу аршаның жеңіл, саумал иісі қосылды. Баяғы ертектегі өмір тәрізді… Жып-жылы үй көзіне ұйқы шақырып, есінеп алды.

* * *

Ертемен атасының қаңғырлаған қаңылтыр даусынан оянды. Сыртта самбырлап сөйлеп жүр:
– Мен түйені апарып, төмендегі түйешілерге тапсырып келейін. Биыл олар алысырақ жайғасыпты. Бүгін қайтуға үлгере алмаспын. Оларға кешке дейін жетсем де жақсы. Абай болыңдар малға! Қараман-ей, Ерікті де жұмса, қой қайырып үйренсін әбден. Амандық болса, ертең түс ауа келіп қалармын.
Естіп жатыр: «һауп» дегені – атқа мінгені. Түйені «әтшу-әтшулеп» тұрғызған – Қараманның даусы.
– Ал, жолыңыз болсын!
– Әй, тұра тұр, мына қарынды қалдырып кеттің, бізге шұбат ала кел. – Анар апасы кебісті тырпылдатып бара жатыр.
Ат тұяғының көк майсаға көміліп, дүңк-дүңк еткен дүбірі ұзап барады…
Тағы бір ат асықпай өтті. «Торы айғыр біреу мінген бе, кетіп барады ғой» деп ойлады Ерік. Көрпені бүркеніп, салқыннан қорғанып, тағы ұйықтайын деп көзін жұмып, біраз жатып еді, ұйықтай алмады.
Сыртқа шықты.
Әжесі жер ошаққа қу аршаны көмейлете тығып, қара қазанды орталаған ешкілердің сүтін пісіріп жатыр екен.
– Әже, Қараман қайда?
Әжесі иегімен оң жақты нұсқады:
– Ана жақта.
Кешегі арша шапқан биік жотаға қанаттаса оң жақта созылған түйетайлы беткейге көз жібергенде, Қараманның қаупін бірден іші сезді. Аршаның арғы жақтағы ну жынысының қойнында қойлар жоғалып кетер деп қаймығып, бұрыстау былайдағы алаңға әдейі қайырған. Жаңа өріске бірсін-бірсін бейімдеп үйретпекші. Әне, дүрбі салып, айналаны шолып тұр. Дөңгеленген киіз үйдің қасында ербиген Ерікті көрді ме, атының басын бері бұрып, қиялап төмен түсе бастады.
Құнан сонадай жердегі былқылдақ, саржасыл саздың шетіндегі шымқай жасыл тығыз шымға басын төсеп, бір қырынан жатыр екен. Ерік қасына келгенде, елең етіп, басын көтерсе де, тұрғысы жоқ. Ұзақ сапардан кейін жақсылап тынығып алғысы келгендей.
– Тұр енді, сен түгіл мен де тұрдым. Жүр, қойға барамыз, – Ерік құнанның жалынан, мойнынан сипап, тұрғызып алды. Басына жүген іліп, ауыздығын салмай, үйге алып келіп, мама ағашқа байлады. Ат дорбаға кішкене табақпен сұлы салып, апарып басына ілді. Қараман келгенше, құнан жемін жеп үлгеріпті.
– Иә, батыр, тұрдың ба? – деді Қараман торы айғырды мама ағашқа байлай беріп. – Саған бола келдім. Бір маңызды шаруа бар. Ағамен келісілген. – Қолсағатына қарады. – Сағат, міне он. Кешке дейін қайда-а әлі. Сен қойға ие бола тұр біраз. Оған дейін жылқышыларға барып, бір-екі аттың майын сұрайын. Біздің аттар алыс жолдан қажып келді, демалсын.
– Жылқышылар бере ме?
– Беретін шығар, тіпті болмаса ауыздарын майлармын, бүгін соларға автодүкен жетеді, сонымен бірге кассиріміз жалақы алып келеді деп естідім. Кітапханашы қыз кітап алып келуі де мүмкін. Біреуміз бармасақ, соның бәрінен құр қалайық деп тұрмыз.
– Жылқының ішінен ең жүйрігін, ең мықтысын таңдап алыңыз.
Қараман езу тартты:
– Иә, «жылқының ең жүйрігін, ең мықтысын» бізге сақтап отыр… – Кекете мырс етті. – Менің әкемнің малы деймісің. Әрине, қалай дегенмен, таңдауға тырысамыз. Солармен осы жолы жақсылап сөйлесіп, әмпейлесіп алмасам, болмайды екен. Әдейілеп барған соң… Ал сен бар ғой, Ерік, қойды қалың аршаға жіберме, таудың күні құбылмалы… Қазір күн шығып тұрса, аяқ астынан бұршақ жауып, нөсерлетіп жіберуі оп-оңай. Қанжығаңда күпәйке мен сулық үнемі байланып жүрсін. Басқа, басқа, Көксүңгінің мінезін білем ғой мен. Шайпау!
Әсіресе, аршадан абай бол. Оның қойын-қонышына кірген қойды табу – азаптың азабы. Келістік пе?
– Келістік…
– Мә, қолым.
– Міне.
– Міне, енді келісіміміз тастай. Құнанға қазір мін де, бар. Әлтаман қой жусайды, түскі тамаққа сонда бір соғып кетерсің.
Қарулы Қараман қарсыласқанына қарамай, Ерікті белдігінен ұстап тік көтеріп, ер үстіне бір-ақ қондырды. Ерік құнанын тебініп, ілгері кетті. Қараман ошақ жақта күйбеңдеп жатқан Анар әжейге беттеді…
– Апа, мен жылқышыларға барам. Жаңа естідіңіз ғой, кассир де, автодүкен де сонда. Не ала келейін?
– Қазір, айналайын, қазір. Әлгі ала қоржын қайда еді? Әкелші бері. Шай-қант, сабын ал. Тұз, бұрыш ал. Сіріңке де бітейін деп қалыпты. Тағы не алу керек, құдай-ау… Е, кәмпит-сәмпитті де ұмытпа.
Қараман үйден біраз ұзаған соң, торы айғырды сыпылдата аяңдап, Ерікті қуып жетті. Екеуі қалың арша тоғайдан батысқа қарай қиыстап, сонау пілжон жотаның бергі қапталында шашылған ақ тастар секілді ағараңдаған қойларға бет түзеді.
– Жүр, саған жаңа өрісті көрсетейін. Былтырғы жеріміз бұған қарағанда жазық, әйбәт-ақ еді, үлгере алмай қалдық өткендегі әуренің салдарынан. Қап! Ій, жарайды, «бір аштықтың бір тоқтығы бар» шығар. Бір мәнісі болар. Асықпа. Әлі уақыт көп. Қарашы, сәл салқындығы демесең, ауасы қандай, таң асырған қымыз сияқты, ә! – Қараман тұңғиық зеңгір көкке шалқалап, қызыға қарады. – Ерік, осы сен өлең айта аласың ба? Неге үндемейсің? Жәрәйді, сен әлі баласың. Осындай жайлауда айтпағанда, қайда айтамыз? – Қараман жан-жақты мойын бұрып, мұқият шолып өтті. – Е, бәсе, ұялатын ешкім жоқ.
Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда,
Шай көйлегің желп етер, жел тұрғанда.
Күн мен айын басқаның неғылайын,
Талшыбықтай бұралып сен тұрғанда.

Құралай,
Жатырсың жайды сұрамай.
Мәнісін айтшы, қалқа, бұл қалай?!..
Қараманның бірсыдырғы тартымды, қоңыр даусы алып жотаның баурайына тербеле таралып жатқан секілді.
– Оо, қарашы-ей, мына жақта қандай әдемі жаңғырығады! Көрдің бе?! Біз жылда шығып жүрген Бұрғаннан гөрі мына Көксүңгі көп биік қой. Әне, анау жотаның төбесінен ары қатпар-қатпар тастар, былайы – жақпар-жақпар жартастар. Нағыз ән салатын жер. Па, шіркін! Микрофонның керегі де жоқ. Тау іші жаңғырықтырып алып кетеді. Шіркін-ай, осы даусым Құралайға жетер ме еді…
Қараман қамшысын екі бүктеп, домбыра сияқты іліп тартып, өзге дүниені ұмытты. Тізгінді ердің басына бос тастап, көзін жұмып алған жас жігіттің даусында жел тербеген айдынның бетінде шымырлаған толқындарды еске салатын майда діріл бар. Содан жаралып, алыстағы аңсар қызды іздегендей балғын әуен шығыста қарауытқан қарағайларға, қапталдағы жасылбұйра аршаларға, батыста аспанды арқалап тұрғандай алып, момақан жоталарға бет алып, бара жатты.
– Е-еһ, шіркін, дүние-ай, – деді Қараман үлкен кісі құсап. – Cүйген қызына үйленген жігіттің арманы бар ма екен? Мен саған бірдеңе айтайын, Ерік, біреуге айтып қоймайсың ба?
– Айтпаймын.
– Маған бір қыз қатты ұнап жүр.
– Сұлу ма?
– Оо, сұлу болғанда қандай! – Бас бармағын шошайтты. – Мынандай!
– Бармақ сияқты кішкентай ма?
Қараман шиқылдап күлді:
– Әй, бала, бала-а! Дәдаңды мазақ қылғың келеді, ә! Керемет дегенім ғой. Ертектегідей сұлу. Әппақ! Ондай әдемі қызды өмірі көрген емеспін.
– Онымен қалай таныстыңыз?
– Ахмет ағам ауылдағы кітапханадан «Батырлар жыры» мен «Рүстем-Дастан» деген кітаптарды әкелші деген. Сонда бірінші рет көрдім. Неге екенін білмеймін, есім ауып, құлай жаздадым.
– Қыз құлатпай ұстап қалды ма?!
Қараман жаңағыдан әрмен шиқылдап күлгенде, шашалып қала жаздады:
– Поу, сенің тіліңнің қотыры да бар екен-ей! Айттым ғой, «әлі баласың» деп. Құлағам жоқ, сөйлей алмай, сілейіп қалдым.
– Ол да сөйтіп тұрды ма?
– Е, жоға. Дегенмен, мені жақсы көретінін бірден байқадым, күлімсіреп: «келе ғой, айналайын, аты-жөнің кім? Қандай кітап керек? Ұялма, сұрай ғой» деп, мені баласынады әуелім.
– Ағамның тапсырмасын айтып едім, «жақында автодүкенмен бірге жайлаудағы малшылардың өтінішімен кітаптар апарам. Сонда ала барайын, жарай ма? Ренжіме, айналайын, келіп тұр» деді. Маған ешқандай қыз «келіп тұр» деп, бұған дейін айтпап еді. Сол сөзін де, өзін де қатты ұнатып қалдым. «Келіп тұр» деп, өзі өтінді. Соған қарағанда, маған кетәрі емес. Ұнатып қалғаны да. Әрине, қыздың аты қыз, аты-жөні жоқ, ұнатқанын бірден қалай айтып салсын! Ол түгіл мен де ештеңе айта алмай, бүгежектеп қалдым ғой. О-оой, содан бері ойымнан бір кетпейді. Күндіз-түні сағына берем. Әй, әттегене-ай, сол күні аузыма бір тәтті сөз түспей қойғаны-ай.
Ой, Ерікжан, бала болған қандай жақсы. Әке-шешеңнен басқа ешкімді сағынбайсың. Ал, ғашық болған сұмдық жаман екен, басқалардың бәрі тып-тыныш жүргенде, өзіңнен өзің азап шегесің. Ұшып барғың келеді, ұша алмайсың. Не істеріңді білмейсің, не ешкімге айта алмайсың. Ешкім ұрыспай-ақ, қиналып жүресің. Тағы бір жаманы – мұндайда ешкім көмектесе алмайды.
– Атама айтпайсыз ба?
– Мәссаған, не деп айтам?! Ғашық болғанның тағы бір жаманы – ешкім көмектесе алмайды. Іштей ұнатып жүре бересің, көз алдыңнан кетпейді. Үнсіз азап шегесің.
– Ұнаса, үйленбейсіз бе?
– Қайдан… Дұрыстап сөйлеспей жатып, қалай?.. Бір кеңірек жерде жолығып, шүйіркелесудің сәті түспей қойды. Жанына жолай алмай жүрмін. Неге екенін білмеймін, ешкім жоқ, осындай оңашада елжіреп сала берем. Тіпті қатты сағынғанда, шыдай алмай, өстіп ән айтатынымды ол білмейді. О-ой, шіркін, анау ақбасты шыңдардың басына шығып алып, мен ән салғанда, ақша бұлттар сағынған даусымды, жасырған сырымды қанатымен құшақтап алып, бірінен кейін бірі соған сәлемдеме етіп, жеткізіп жатса. Айтып болғаннан кейін мені де бұлттар қалықтап көкке көтерсе. Ол жақтағы бұлттар қызды да солай аспанға көтеріп, Айдың қасында екеумізді кездестірсе. О, шіркін, сондай күн қашан келер екен? Сағынатыным сонша, кейде тіпті тау түгіл шексіз далаға сыймай кетемін. Іздеп, биыл екі рет жұмысына бардым. Бірақ ылғи айналасында біреулер жүреді де, бөгет жасайды. Оңаша шықшы деп айтуға жасқанам. «Менде шаруаң болмасын» десе, біттім ғой. Сосын қайтіп жер басып жүрем?!
– Ештеңе айтпасаңыз, қалай үйленесіз?
– Өй, сенің осы сөзің дұрыс-ақ. Расында ештеңе демесем, қалай үйленем?! Мәселенің мәселесі сол айтудың сәтін келтіруде боп тұр ғой. Айтпақшы, өткенде ауданға барғанымда, әйелдердің көйлегін сататын бұрышты алысырақтан бақылап тұрып, бір әдемі қызыл көйлек көрдім. Содан кейін әйелдер аяқ киімінің арасынан ақ қардай әдемі туфли байқадым.
– Оны неге алыстан қарап жүрсіз? Барып, анықтап көре салмайсыз ба?
Қараман мейірленіп, миығынан күліп қойды:
– Бәсе, бәсе, баланың сөзі осындай болады. Ол жерде өңкей әйелдер жүр, солардың арасына бақандай жігіт басыммен қайтіп сопайып барам?
Қыздың туған күніне сыйлық ретінде поштамен салып жіберсем, қуанып қалатын шығар. Сосын мені үнемі есіне алып, көз алдына елестетіп, ойлап жүрмей ме? Сосын ол қыз менікі емегенде, кімдікі?
– Туған күні қашан?
Қараман сасып қалды:
– Мәссаған, білмеймін. Қап! Енді кәйттім? Кімнен сұрасам екен, ә?
– Өзінен сұрамайсыз ба?
– Қалай сұраймын? Әлі бетпе-бет келіп, дұрыстап бір сөйлесіп көрген жоқпын. Тегі, соның бір реті келмей-ақ қойды. Өстіп, қиналып жүрмін деп, аты-жөні жоқ, кімге айтамын?
– Айтпақшы, размері қандай, тура келе ме?
Қараман таңданып, қабағын кергенде, қысықтау көзі жайшылықтағыдан үлкейіп кетті:
– Оны кім біліпті?! Бойы мен шамалас, аяғы да менікіндей шығар. Қап, аузым аңқиып, аяғына жөндеп қарамағаным-ай. Бірақ қарамағаным да дұрыс бопты…
– Несі дұрыс?!
– Үй-и, сен де қызық екенсің өзің. Қарақаттай көзіне қараудың орнына аяғына телміріп тұрсам, мынау бір жынды екен деп ойламай ма? Қарамағаным қандай абырой болған! Масқарадан құдай сақтапты әйтеуір.
– Мен әшейін айтам. Размерін білмесеңіз, қалай аласыз?
– Түһ, тақылдап, білгішсігеніңді қойшы осы!. Оның несі бар басты қатыратын?! Қырық сегізінші көйлек, қырық екінші туфли алам да, шаруаны тездетіп бітірем. Жүрем бе ыбылжып?!
– Өзіңіз апарып бересіз бе, біреуден беріп жібересіз бе?
Қуанып кеткен Қараман қамшымен ердің басын ұрып қалды:
– Ой, азамат! «Ақыл тастан, ақыл жастан» деген мінікій осы. Сен айтпасаң, менің ойыма да келмепті. Өзім апарсам, «сені жөнді танымаймын. Керегі жоқ» деуі, немесе алмақ түгіл қып-қызыл боп ұялып, үйіне қашып кіріп кетуі мүмкін. Қыз деген үйіне бір кірсе, шықпай қояды дейді білетіндер. Ең дұрысы – поштамен жіберген. Жазуы маржандай біреуге әд-демілеп жаздырам да, жолдаймын. Қыз алдымен әдемі жазуға қарайды, содан кейін қызығып, жәшікті ашады. Қызғалдақтай алқызыл гүлдері, жүректің суреті бар әдемі открытканы көреді. Кім екенін білгісі келеді сосын. Ең соңында керемет жазумен құлпыртып, өрнектелген менің атыма көзі түседі. Ұялғаннан беті ду етіп, жан-жағына қарайды. Тірі жан жоқ. Қуанышын жасыра алмай, открытканы кеудесіне басып, ұза-ақ тұрады. Сол сәтте үйінің есігі жайла-ап сықырлап ашылады да, шешесі шығады. Қыз қысылып қалса да, ештеңе білмегендей, теріс айналады. Сыйлықты көрсетпей құшағына алып, үйіне кіріп кетеді. Түнімен көз ілмей, мені ойлап, нешетүрлі қиялға бататынын сеземін. Ертеңіне шешесіне «осылай да осылай. Мен тұрмысқа шығамын. Жүрегім қалаған жігітім бар» дейді. Шешесі қуанғаннан көзіне жас алып, келісімін береді, әрине. Әкесі де елжіреп, маңдайынан иіскейді. О-о, бақыт деген, міне, осындай болады.
– Сыйлықты жіберген сізден басқа Қараман деп ойлауы мүмкін ғой.
Қараман тыржиып, шырт ете қалды:
– Өй, осы балалар, сендер қызықсыңдар өзі. Ал, жарайды, менен басқа да Қарамандар бар шығар. Бірақ Қараман дегеннің барлығы оған ғашық емес қой. Сосын айдаладағы қызға менен басқа кім сыйлық іздеп, сандалып жүреді?! Қызыл гүлдері мен жүректің суреті бар открытканы қайдан табады? Ал, мен демалыс алып, апта бойы, ай бойы соны іздеймін.
– Сонымен қашан барасыз?
– Соны бар ғой, шынымды айтсам, өзім де анық білмеймін. Қайта-қайта іздеп баруға қойдан босай алмаймын. Бір тойда кездесіп қалсақ деймін. Сонда айтайын дегенімді жаңағы әнмен жеткізсем деймін. Тойда ән айтып көрмеппін. Бұдан былай оңашада қайта-қайта айтып, әбден жаттықпасам… О-о, ол – өте сұлу, асқан ақылды, керемет нәзік қыз. Мені сөзсіз түсінуі тиіс. Сосын менің елжіреп қарағанымды, әрине, оның да іші сезеді. Ақылы бар ғой. Сонда да білдірмегенсіп, сыртқа шығады. Оның соңынан ешкімге байқатпай, мен де шығамын. Алма ағашының гүлін иіскеп, елтіп тұрғанын көріп, жүрегім дүрсілдеп кетеді. Үркітіп алмас үшін, қасына ақырын-ақырын жақындаймын. Сол сәтте маған әдеппен биязы жымиып қарайды. Қарағаны қандай ғажап! Тұрған қалпыңда балқып кете жаздайсың. Хордың қызынан да сұлу екенін еріксіз мойындайсың. Жауап ретінде мен де күлімсіреймін. Көздеріміз түйісіп, үнсіз сөйлеседі. Әрине, сен Ерік, баласың, көзбен үнсіз сөйлескенді түсінбейсің. Бақыттан балқып тұрған сәтімізде ол шашын түзеп, басқа ешкімге, ештеңеге назар аудармай, тек маған… маған ғана қарайды. Алма ағаштың ақшыл, нәзік гүлдері толған айдың сүт сәулесімен толықсып, тілеулестігін білдіргендей үлбіреп тынып тұрады. Осындай сиқырлы әлемде тек екеуміз ғана. Не деген таңғажайып ертегідей дүние! Ана жақта музыка бізге тілектестігін білдіріп, еркелеп шалқиды. Ал, мен тебіреніп жақындағанда, ол да қатты толқып күтіп тұрады. Сосын…
– Сол кезде алма ағаштың арасында мен жасырынып қарап тұрам. Қолымда – бір тостаған су. Шашып кеп жіберем. «Ойбай!» деп, екеуіңіз екі жаққа қашасыздар.
Қараман селк ете қалды:
– Шашып көр, қуып жетіп, әкеңді танытамын! Білдің бе?
– Мен бақырып жіберем. «Кішкентай баланы сабады. Жаман адам екен» деп, қыз сізді жек көріп қалады.
Қараман не дерін білмей, қамшының ұшымен желкесін қышырлатып қасыды:
– Ерік-ей, кетші-ей ары! Сен өйтіп жасырынып қарамай-ақ қойсаңшы. Оның саған не қызығы бар?! Қайтесің бізді ұялтып. Сөйлесе алмай қаламыз. Мен саған не жамандық жасадым?! Осындайды аяқ астынан қалай ойлап таба қоясың, а?! Сенің келмегенің жақсы. Біз сөйтіп, тып-тыныш тұрғанда…
Қараман үндемей қалды.
– Содан кейін ше? – деді Ерік шыдамай.
– Cодан кейін бе? – Қараман селк етіп, сескеніп қалды. – Білмеймін, үйленетін шығармын.
Ерік жорта таңғалды:
– Алма ағашының түбінде тұрып, қалай үйленесіз?
Тап осы сұрақ тұзақтан құтқарғандай Қараман қалбалақтап, қуанып қалды:
– О, міне, не істерімді білмей тұр едім, жақсы болды. Ахмет ағама айтам, ол кісі барып құда түседі. Арғы жағын үлкен кісілер өздері реттейді. Маған не істеу керегін әбден түсіндіретін шығар.
– Ұмытып қалсаңыз, қайтесіз?
– Адамды шошытпашы-ій. Тіпті болмаса, нөмірлеп, тілдей қағазға жазып алам да, соған оңаша қарап қойып, ептеп-ептеп іске кірісе бермеймін бе?
– Ол тойда атам да бола ма?
– Е, жоға, қойды екеуміз бірдей тастап кете алмаймыз. Кезекпен барамыз да.
– Жо-оқ, мен оны айтпаймын. Екеуіңіз де алма ағаштың түбінде тұрған жоқсыздар ма?! Сосын үйге қайтып келіп, атама айтасыздар ма?!
– Ерікпеші-ей, оны қайтейін деп ең?! Ары қарай не істейтінімді сен түгіл өзім де білмеймін. Бұрын қызға ғашық болып көргем жоқ, үйленіп те көргем жоқ, мен қайдан білем? Оған дейін әлі қайда-а, талай уақыт бар. Бір ретін табармыз. Ағадан сұрап аламын ғой не істеу керегін. Әлде әскерге барып келгеннен кейін бір-ақ үйленсем бе екен? Ойбой, бақандай екі-үш жыл керек, шыдай алам ба, жоқ па? Ал, жарайды, мен өйтіп-бүйтіп шыдармын-ау, қалай дегенмен жігіт емеспін бе?! Бірақ қыз шыдай ала ма? Мен әскерге кеткенде… – Қараманның қабағы түйіліп кетті, – сонда-аа… алда-жалда біреу алып қашып кетсе, шатақ сонда. Командирден дереу рұқсат алам да, келе сала, үйлерін төңкеріп тастаймын!
Кенет ойына бірдеңе түскендей, қабағын түйгенсіп, жинақыланып ала қойды:
– Мәссаған, уақыт кетіп барады.Үлгере алмай қалармын. Таудың күні аяқ астынан құбыла салады дедім ғой саған. Соны ұмытпа, сақ бол. Ал, енді қойға ие бола тұр. Енді сен де малды сеніп тапсыруға жарайтын азаматсың. «Жұмса» деп, аға тапсырып кетті.
Қараман торы айғырды сипай қамшылап, қимайтын бірдеңесін ұмыт қалдырғандай, соңына қарай-қарай ұзап бара жатты.

Он алтыншы тарау

Жұмбақ салт атты.
Бұлттың арасындағы қойлар.
Аңдып жүрген кім?

Белгісіз біреу жотаның етегінен жоғары өрлеген сайын ұйыса түскен қалың аршаның арасына атын тебіне, сыналап кірді. Бойын жасыруға тырысқандай сәл еңкіштеніп, төңіректі мұқият шолып, не іздегені жұмбақ. Назары шалғаны – ұзыннан ұзақ созылған шалғынды, түйетайлы беткейдің бел ортасына таяп қалған, құнан мінген бала ғана. Ішінара тастақты, аршалы беткейдің де шөбі шүйгін. Бала соны білетін тәрізді, мына жақтағы ну жынысты биік жотаға аяқ басатын түрі жоқ. «Қаршадай болып ап, шаруақорын қарай гөр!» – деді іштей сүйсінді ат үстіндегі денелі, қарасұр кісі.
Бала өмірі тас көрмегендей сонадайда сүңгіленіп көкке шаншылған мұнара тасты тамашалап, аңқиып қалыпты. Жұмбақ адам қызықсынып таңырқады:«Несіне қарайды екен?». Беріде қаптаған қойбүлдірген сол тұста жоқ болса керек. Қызығына түсіп, қойын ұмытар еді. Бірақ бүлдірген іздейтін түрі жоқ. Әне, құнанын тұсап жібермекші. Тастардың бірінен соң біріне шығып, жан-жағынан төніп тұрған ақар-шақар биік құздарға қадала ұзақ телміреді. Не іздейді екен?
Бұл бала – Ерік еді…
Алашабыр бұлттар шексіз керілген көк аспан айдынының алыс шетіне бет алғандай алаңсыз, баяу қыдырып барады. Әл-әзір жаңбыр жауа қоймас. «Бүгін сәті түсе қояр ма екен?…». Дүдамал күйден арыла алмаған екіойлы кісі көлкіген көгілдір торғын мұнардың бірде еркелей қалқып, бірде шымырлай толқығанына қызыға қарап сәл кідірді. Сосын тау жоталарында сыңсыған қалың аршаның ішінен бірде сыналап сытылып, бірде солардың тұтқынға алардай қоршалап, үйіріліп шиырылған иір-шиырынан саңылау тауып, басқа бір бүйірінен шығуға бет алды…
* * *
Оңтүстік жақтағы аппақ, қарлы шыңдар сол қашанғы асқақ қалпы. Одан сәл төменіректе – зеңгір көкпен тілдесіп тұрғандай алып жоталар зәулім шыңдарға бергісіз биік. Алыстан көз жібергенде, қадап қойған мұнаралар секілді әйдік тастар күзетшілерге ұқсайды. Замандар бойы тапжылмай тұруға бейім. Беріректегі үлкенді-кішілі саналуан тастардың көптігінен көз тұнады. Үйтас, қойтас, шелектас, шәугімтас, малтатас… Қарай-қарай назары талып, басы айналардай. Неғұрлым биіктеген сайын ылғал иісі соғұрлым молайып, бетіне жұмсақ сыз лебі білінер-білінбес желпігендей сезілді. Едәуір салқын. Иығына іле салған сырмалы жүн кеудешені киді. Жеңсіз дегенмен, осының өзі – салқыннан әжептәуір қамсау.
Қойлар сонау көз ұшында сарғайып жатқан жазық даладағыдай ашқарақ, сабырсыз мінезден арылып, басалқы тапқан. Жалмаңдап, ілгері өңмеңдей бермей, бырдай боп жатыр.
Түскі астан кейін әжесі Ерікке Қараманның бағанағы сөзін қайталап, таудың күні кенет құбылатынын ескертіп, қойды алысқа ұзатпай жаюды тапсырған.
Үйден шыққанда-ақ таңданды. Жаңа ғана шекесін қыздырып, маңдайын жіпсіткен күн көзі енді көрінбей қалды. Бағанағы реңі ашық, жайдары жасыл жоталарды түгелдей көлеңке басып, шымқай көкжасыл бояуға малынып үлгерді. Бұйра-бұйра, қалың бұлттар анау беткейлерді де жасыруға оңтайланып, шұбырып, шұбатылып жеткен бойда асығыңқырап жауып жатыр. Қойлар аршадан былайырақ шеттеп, шөбі тырбық, тастақты биікке тырмыса жайылған екен, алды аяқ астында қалқып жүзіп бара жатқан ақшулан бұлттарға араласып кетіпті. Бір көрініп, бір көрінбейді. Бұлтқа жайылып жүрген тәрізді.
Өмірі бұлтты үстінен қарап көрмеген еді, әрі жүрексінгендей, әрі таңданғандай біраз байқастап тұрды. Батыстан үзілмей дүмеп келіп жатқан бұлттардың астыңғы, арғы жалғас қабаттары мүлде көрінбейді. Әне, батыстан жан біткендей екпіндеп жеткен келесі бұлттардың қалың қабаты құнанның тізесіне дейін көміп, төменді көзден тасалады. «Осылардың арасымен барыс келіп бас салса, қарсы тұра алмас едім. Бірақ барыс өте сақ, адам жүрген жерге жоламауға тырысады. Әйтпесе он-он бес метрге бір-ақ қарғитын барысқа өзіндей бала түгіл Қарамандай мықты жігітті де ат үстінен алып түсу бұйым емес.
Тауда ең қауіптісі – қасқыр. Мынадай бұлттар көлегейлеген сәтте бөрінің қашан, қайдан, қалай келгенін мүлдем көре алмайсың. Бірақ оның да адамнан жасқанатыны қандай жақсы» деп ойласа да, іштей қаупі бар. Лап берген қасқыр әуегінің лебіндей дымқыл, салқын жел уілдеп соғып кеткенде, іші-бауырын әлдебір салқын аралап, бойын тітіркендіріп жіберді. Көк жүзі түнеріп еді, өзімен өзі, бейқам тұрған ақар-шақар шыңдар төнуге ыңғайланғандай, сұстанып, түксиіп шыға келді. Қатулы, суық кейпінде ызғар басым.
Еріктің жүрегі дүрсілдеп, құнанын тебініп келе жатып, «Иттердің Қараманға ілесіп кеткені-ай» деп өкінді. «Олар жанында жүрсе, кәдімгідей ес болар еді».
Беткейдің ортасынан асқан соң, таңдануы үдей түсті. Жаңа ғана зау биікте еркелегендей оралып айналған мамық бұлт, кәдімгі ақ түбіт бұлт ендігі сәтте жөңкіліп келіп, топырақ түстес қошқыл тұманға айналды, жаңа ғана көз тойдыратын әдемі суреттей жайнап тұрған төңіректі әп сәтте тұмшалап үлгірді.
Күл түстене бастаған тұманмен араласа жүріп, қойға жетті. Отардың бергі шетінің өзі бағана межелеген тұстан әрі асып кетіпті. «Алды қайда кетті екен?» Құнанын қамшылап, жотаның қыр арқасына жеткенде, тұманның қошқылы қоюлана түсіп, ақ жаңбыр сіркіреп берді.
Қойдың алды жотадан асып түсуге таяп қалыпты, шайт-шайттап, қайт-қайттаған айқайға қоса қалбырды салдырлатып жүріп, әупіріммен әзер қайырды. Арғы жақ – жалама жартас, терең шыңырау деп еді Қараман. Бірақ мына ұбақ-шұбақ шуда тұман оны көрсетпей, тұмшалап тастаған. Әйтеуір қойды қайтарып үлгергені қандай оңды.
Қайтқан қой тойып алған, асықпайды, жүрісі керенау. Еріктің жыны ұстаса да, сабыр сақтап келеді. Кергіген қойларға қарағанда, бұйра жүн, жұп-жуас қозы-лақтар әлдеқайда сүйкімді. Жаңбырға малшынса да, жаурағанын білдірмейді. Үн-түнсіз жүре оттап, қашанда момақан қалпынан айнымай, тымпыңдап бара жатқаны.
Ерік тоңазып, қанжығада байлаулы күпәйкені, оның сыртынан қалың, ұзын сулықты киіп алды. Атасының сулығы тізеден асып, үзеңгіні жапты. Осындай ұзын болғаны жақсы-ақ, жаңбыр етігінің қонышынан құйылмайды.
Сіркіреген ақ жауынның майда тамшылары сулықты сытырлата ұра бастады. Ерік өзін күмпиген кішкене ғана брезент үйшіктің ішінде отырғандай сезінді. Қойды осы бағытпен ақырын жылжытып, етекке жақындата беру керек. Жоғары өрлете беру қауіпті, батысында шыңырауға тіреліп, шығысында бұл беткей анау аршалы алып жотаға ұласып кетеді. Оған тұмсығы кірген отарды жанталасып, қанша қайырса да, шырмауықтай шым-шытырық матасып, жабағы жүндей ұйысқан қалың аршаның арасынан шығару – титықтататын азап .
Салбыраған тұманның сәт сайын көбейе берген қатпарлары қалыңдап, ақсұр шуланы қоюлана түсіп, күңгірттеніп келеді. Бүйте берсе, көп ұзамай-ақ отардың о шеті мен бұ шетін көрудің өзі қиынға соғатын түрі бар. Қойларға балғын балаусадан басқа ештеңе керегі жоқ, майда жаңбырға әзір қыңатын емес. Тек мұндайда алдымен сыр беретін ешкілер болмаса…
Мына ешкілердің қуын-ай! Бәсе, неғып көрінбей қалды десе! Өзінше бір әлем секілді жайылып жатқан қияға шашырап кеткен қойларды алдаусыратқандай алға жіберіп қойып, өздері аумақты үй тастың астын қалқалап, ықтай қалыпты. «Шайт, әй, шайт! Үйге қайт!» деп, айқайлаған Ерікке сақалдары шошаң-шошаң етіп, көнгісі келмей, ежірейіп қарайды. Бишік ұшындағы қаңғырлаған қалбырдан жасқанып, салқын жаңбырдың астына, әне, амалсыз шықты. Тұяғы былғанып қалардай жақтырмай кегжиіңкіресе де, төменге қарай ойысуға бет алды. Ешкілер үнемі осындай аяншақ, өз пайдасын білетін қу.
Кеш жақындаған сайын қоюланған тұманның күңгірті көбейіп, қаракүлгінденіп, баса берді. Жүз-жүз елу қадамнан ары ештеңе көрінбейді. Буалдыр қаракүлгін әлем бұрын түсінде көріп ұмытылғаннан кейін еске түскен ертек секілді. Соның бұлыңғыр қойнауында ырықсыз қалқып жүргендей. Одан құтылуға жан салып, тасты тысырлатып, сусіңді көкті шылқылдатып, қанша жүрсе де, бұлдыр тұман алды-артын жасырып көлегейлейді. Көзін уқалап-уқалап жіберіп, тұман төсін тесердей-ақ қадалғанымен…. қайда– а… дым көрінбейді. Аспанда да, жерде де қырқылған қалың жүндей жұп-жұмсақ бұлттар. Бұлт шіркіннің, шынтуайтқа келгенде6 кәдімгі тұман екенін Еріктің өз көзімен көргені – осы бірінші рет. Алыстан қарағанда – бұлт, ортасына енсең – тұман. Сан-сапалақ сапырылысып, бір жаққа асыққандай жөңкілген салқын бу – аспанға көтерілсе – бұлт, жерде жүзсе – тұман.

* * *

Соңғы екі-үш күнде аршалы алып жотаның жықпыл-жықпылын тінтіп, сақтана аралап, қылта-қалтарыстың бәрін өз көзімен көріп тексерген тағы бір жұмбақ салт атты күн ашықта барынша бой тасалаған. Ешкімге көрінбей келіп, баланың қай жерде қой бағып жүргенін байқап кетсе де, әрі-сәрі күйден арыла алмаған…

Он жетінші тарау

Неге алдайды? Қауіпті кездесу.
Жылқышылар ортасында.
Қараман жалақы алды.

Қараман Айғайтастағы жылқылы ауылға жеткенде, басқалардан әлдеқашан бұрын көшіп келген жылқышылар үйлерін тігіп, жайғасып үлгеріпті. Ерін алып, тұсап жіберген жарау аттары анау көк майсада. Желіге оншақты бие қаз-қатар байланыпты, ноқталы құлындары бөлек. Киіз үйлердің арғы шетінде – автодүкен. Оның қасында – «Уазик». «Бастықтардың бірі келген-ау», – деп ойлады Қараман.
Басқалардан үлкендеу алты қанат ақ үйде әйел-еркегі аралас бір топ адамның дуылдасқан дауыстары естіледі. Қараман кірер-кірмесін білмей мүдірсе де, тез қайту керектігін ойлап, жүрексіне беттеді:
– Ассалаумағаликүм!
– Уағалайкүмәссалам! – десті бірнеше дауыс қабаттасып.
– Е, сен бе едің, – десті біреулер көңілі толмағандай.
Бұл отырғандар кілең сақа жылқышылар еді, көмекшілерін жылқыға жіберіп, өздері бір көңіл ашпаққа оңашаланған. Бас зоотехник Шаханның бұларға келуі – жел беріп, желіктіріп жіберсе керек. Қойшыларға көмекшілердің бірін шаптырып, марқа сойдырып, былқытып пісірген майлы қуырдақты ортаға енді алған. Ешкім шақырмай, өзі келіп қалған Қараманды кейбіреулер жақтырмай, салқын амандасты. Бас зоотехник отырған үйге батылы жетіп кіргенін жақтырмағандардың ыңғайын аңдағандардың бірі – шай құйып отырған, көк орамалды, быттиған кексе әйел астыңғы ернін бұлтитып:
– Өй, жарымаған, сені кім шақырды мұнда?! Неғып сандалып жүрсің? – «үлкендер отырған үйге батылың барып, не дәметіп келдің?» дегенді қатқыл даусымен бірден аңғартты. Алқалы топтың ықылассыз аужайын байқаған Қараман кетерін де, кетпесін де білмеді. Сасқанынан:
– Мен де бір керекке жарармын. Іздеп жатқан шығар деп жеткенім осы, – дей салды сөзінің соңын әзілге икемдеп.
Қараманнан мұндай сөзді ешкім күтпеген. Бастықтың қабағына қарап, тым-тырыс бола қалған жұрттың көңілін бөлген – тұншыға шыққан күлкі. «О кім?» десіп, елең еткен жылқышылар бас зоотехниктің шайға шашала жаздап, оң бүйірге қисая, селкілдеп күлгенін көрді.
– Кім десем… ой, кел. Кел бері! Кім десем, Ахмет қарттың Алыпсоғы екен ғой. Кел, кел, – деді екі иығы селкілдей өтірік күліп.
– Иә, соның иті, – босағаға тізерлеген тарамыс жылқышы жәркелештеніп, қылғына күлді.
– Өй, Алыпсоқ деп оны итке теңеп отырған жоқпын, мықты дегенім ғой. Қалай сөз ұқпайсыңдар осы! – Шахан маңғаздана бір ырғалып қойып, түзеліп отырды.
Бөтелке ұстаған жігіт үлкен қырлы стақанға толтыра арақ құйып ұсынып еді, Қараман азар да безер бас тартты:
– Ішпеймін, ағасы, ішпеймін.
– Қой енді, Шәкеңнің келген құрметі үшін.
– Өмірі татып алған нәрсем емес, ішпеймін.
– Әй, – деді Шахан зекіп, – не ауру, не арам ішпейді. Сен не, аурусың ба? Әлде мына кілең ішкендердің арасындағы жалғыз адам сен бе? Әлдеғандай болуын…
– Жоқ, сап-саумын.
– Өй, мынау тентек болып қалған ба, басын шайқай береді, жығып сап аузына құю керек. Қарай гөр, Шәкең айтып отырса да қасарысып, – деді Тастемір деген суық шүңірек көз, шалғы мұртты маңғазданып. Отырғандардың бәрінен иығы асатын серегейдің бойына лайықсыз шіңкілдек шыңылтыр даусынан үйдің іші шыңылдап, құлағы ауырып кеткендей сезінген Қараман көзін жұмды.
– Иә, сөйту керек, сөйтейік, – алқақотан отырғандар шуылдап кетті.
Қымызға желігіп, бусанып отырған еңгезердей екі жігіт орнынан тұрып, босағаға тізе бүккен Қараманды тарпа бас салды.
– Қазір, қазір, ағалар, тұра тұрыңыздаршы. Есімді жиып алайын. Қазір өзім-ақ… – деді жаны қысылған Қараман. Әлуетті жылқышы жігіттер иығынан басып, тынысын тарылтып жіберген. – Алдымен ақшамды алайын да, әйтпесе не алып, не қойғанымды білмей қаламын.
– Е-е, оның дұрыс. Міне, бұл – есі бар жігіттің сөзі. Ал, кассир жолдас, мынаның жалақысын бер, – Шахан күреңіткен, тығыншықтай жігітке қарады.
– Дайын ғой, мінеки, – деп, ол белдігіне байлап, оң жамбасына ысырып қойған, шағын, шаршы брезент қапшыққа қолын сүңгітіп жіберіп, қағазға ұқыптап оралған ақшаны ұсынды:
– Үшеуіңдікі бірге. Аға шопан Ахмет, көмекшісі саған, шалдың күзетші кемпіріне. Мінекей. Асықпай санап ал, кейін дауласып жүрмеңдер.
– Ой, жарайды, аға, бірінші рет алып отырмыз ба? – қағазға қол қойған Қараман санап отыруға көпшіліктен ыңғайсызданды, – көріп жүрміз ғой, – деді тағы да қарап тұрмай, өзі үшін ақша деген қағаздың бәлендей тансық емес екендігін мыналарға ескерткендей.
– Уай деген! – Шахан кеңк-кеңк күлді. Іле қабағын түйіп, шүйіле қарады. – Қараман үшін ақша мәселесі баяғыда-ақ шешілген. Ал енді ішесің бе, жоқ па?
– Қазір, аға… – Қараман мына қыспақтан қалай құтыларын білмей, қашудың амалын ойлады. Бірақ аты-жөні жоқ қалай қашады? Қашқанмен, мыналар жібере қоя ма? Не сылтау айту керек? Әп-сәтте санасын талай ой шарлап үлгерді. «Ауызды толтыра ұрттап алып, дереу сыртқа шығып, ешкімге байқатпай бүркіп тастасам» деп бір ойлады. Құтылмайтынын іштей сезіп те отыр. Бірақ не лаж бар, қап!
Шаханның неге жұрт көзінше дарылдап, асқақ сөйлеп, аңқылдақ көрінгісі келіп отырғаны, Қараманды бүгінгі түн осы жерден тапжылтпауға тырысқаны өзіне ғана белгілі. Уәделескен адамы дәл бүгін осы жерге келуі керек. Ақылдасатын шаруа бар. Бірақ сәл кешігіп жатыр. «Жолаушының кешіккеніне сүйін» деуші еді, күн райы әзір онша бұзылмай тұр, бірдеңе бітіре алар ма екен? Қорғасын бұлттар тұтасып, ана жақты тұман басып алыпты, соның арасында жүрмесе, неғылсын…
– Ассалаумағалейкум! – деп гүр ете қалған зор дауыс ойын шашыратып жіберді.
– Әліксалам, – деді жалма-жан. – Оу, Төке, келіп қалғансыңдар ма? Мал-жан аман ба?
– Аманшылық, – деп қысқа қайырды Төлебай жапырлап амандасқандармен қол алысып жатып. – О, Шәке, өзің де кеп қалғансың ба?
– Иә, мына елдің хал-жайын білейін деп. Өзің қайдан жүрсің?
– Жалақымды алайын деп. Кассир осында деген соң.
– Е, айтпақшы, ұмытпай тұрғанда, соныңды ал. Сенен сұрайтын шаруа бар. Әнеугүні ауру сиырлар бар сияқты еді, соның жайы қалай?
– Қазір, Шәке, алдымен айлығымды санап алайын, – деді ұсынған қағазға қол қойып, ақшасын шытырлатып санап алған Төлебай. – Бәрі дұрыс. Ал мен кеттім. Айтпақшы, Шәке… ол сиырлардың кейбірі жолды көтере алмай ауырып қалған ба, кінәрат бар сияқты.
– Не дейт?! Сен өзің былай… түсіндіріп айтшы, – деп Шахан қинала орнынан тұрды. – Жүр, менің машинамда дәрілер бар еді, саған беріп жіберейін. Айттым ғой саған, уақытында ішкізіп тұр деп ем ғой, – деді басқаларға байқатпай көзін қысып. Ишараны бірден ұққан Төлебай жорта ақтала сөйледі:
– Дәрі бітіп қалды да, жайлауға кеттік, тап сол қарбаласта тарс есімнен шығып кетіпті.
Екеуі «Уазиктің» жанына барды. Кабинаны ашып, ішінде ешқандай дәрісі жоқ, көз алдау үшін ғана оралған газетті Төлебайға берген Шахан көз қиығымен жылқышылар дабырласқан үй жаққа сезіктене көз тастады.
– Аналар естіп қоймасын, ақырын сөйлесеңші. Не бітірдің?
– Әзірге ештеңе бітіргем жоқ. Ыңғайы келмей жатыр.
– Бүгіннен ыңғайлы күн бола қоймас. Көрдің бе, күн бұзыла бастады. Қараманды мен бүгін тірі тұрсам, сау жібермеймін. Қалғанын өзің бірдеңе қыларсың. Тамақты шайнап беретін бала емессің.
Төлебай бірден қитыға қалды:
– Жұмсай беретін бала емеспін.
Наразы күйі атқа мініп, шоқытып бара жатқанда, Шахан әдейі қатты дауыстап сөйледі:
– Әй, байқа, андағы – табылмайтын қымбат дәрілер. Бұдан кейін жыласаң да, таба алмайсың. Уақытымен ішкіз суға қосып.
Төлебай үн-түнсіз шоқытып бара жатты.
Шахан оған айтқан астыртын келісімді жүзеге асыру үшін, көп басын қатырмай, жылқышыларға біресе көзін қысып, қабағымен ымдап, жасырын бұйрық бере бастады. Солардың кеу-кеуімен, ішінара өзі де алдаусыратып жылы сөйлеп, Қараманды мас қылып тастады. Босағаға қылжиып құлаған жігітті көздеген уақыты жеткенде, жұлқылап оятып, қоярда қоймай, тағы жұтқызып: «Ал, енді бара ғой, неге ішесің сонша, қойыңа ие болмайсың ба?» – деп ұрсыңқырағансып, жолға салып жіберген.
Қараманның мас болуы – Шахан құрған айла қақпанына түсуі еді…

Жалғасын «Таңшолпан» журналынан оқи аласыздар

Пікір қалдыру