АБАЙДАН «БАТА» АЛҒАН

 

Абдуғопур ҚУТЛУҚ

Осыдан 500 жыл бұрын Үсейін Байқара заманында мынандай бір оқиға орын алған екен. Ел билеген патша мәуелі бәйтеректің саясында отырған сүйікті жары Гүлидің екі өрім қолаң шаштарын үлкен алақандарымен сипап тұрып, оған мейірлене қарап, нөкерлеріне: «Бүгін аң аулауға барамын, Гүлиді Аллаға тапсырдым, оның ай-күні жақындап қалды, егер кімде кім сүйінші хабар жеткізсе, оның қалағанын беремін, алда-жалда жаман хабар жеткізген адамның басын аламын», – деп жар салыпты. Ағаштың көлеңкесінде отырған сүйіктісі жылы күлімсіреп «Құдайға аманат», – деп шығарып салыпты. Сол күні шаңқай түсте Гүлидің мазасы кетіп, толғағы басталыпты. Әйелдер жан-жақтан ем-домдарын жасап, шыр-пыр болғанына қарамастан, нәресте теріс келіп, Гүли ес-түссіз жатып қалады. Суық су шашып, әртүрлі әрекеттер қолданғанымен ол есін жимапты. Амал жоқ, беттерін сипап, дұғаларын айтысыпты. Енді бұл хабарды патшаға жеткізуге ешкімнің жүрегі дауаламапты. Сол мезетте алып ағаштың түбіне келген Әлішер Науаи бір парақ ақ қағазға «Бәйтеректің саясында солды гүл, не істеу керек?» деген сөздерді жазып, оны төрт бүктеп, сарайдың шабарманына тапсырады. Шабарман тауға қарай атын қамшылап, құстай ұшады. Әлішер Науаи бәйтеректің саясында қиялға беріліп патшадан хабар күтіп отырады. Ол кездегі сарай ақындарының ережесіне сай өлеңге өлең жолдарымен жауап беру керек екен. Үсейін Байқара сол дәуірдің атақты ақыны болғандықтан әрине өлеңмен жауап береді. Әлішер Үсейін жолдасының жауабын күтіп ұзақ отырып қалады. Бір кезде шабарманы аман-сау келеді. Басы да, өзі де сау келгендігін көріп таң-тамаша болады. Сонда Әлішер ақын жауап күткен көп қауымға екі жол өлеңін оқыпты:
«Бәйтеректің саясында солды гүл, не істеу керек?» – деп сұрасам, ол:
«Сол ағаштан табыт жасап, гүлден кебін тігіңдер», – депті.
Патша мына алып бәйтеректі кесіп табыт жасаңдар, оның жапырағына орап көміңдер, – депті Әлішер. Жалпы құдіреті күшті өлеңде адамды өзіне тартатын ерекше күш болады, кісіні өзіне бағындыратын қасиет болады. Мен шабарманның аман келетіндігіне сендім, сол үшін де өлеңді апаруды соған тапсырған едім, – дейді Әлішер. Жиналған қауым: «Бұл өзі әулие ғой», – деп бір-біріне қарасады. Әрине, ол әулие болғандықтан арада 500 жыл өтсе де аты аңызға айналып, тірілермен тірі болып жүргені.
Пайғамбарымыз Рәсуллиллаһ өз хадистерінің бірінде «Сөзде сиқыр болса, онда ақын онда – сиқыршы» деген. Сондай-ақ сөз бен өлеңнің ежелден ғажайып құдіретін әлем мойындаған. Құран Кәрімдегі «Ақындар» деген сүренің бір аятында да «Аллаға ең жақын адамдар – пайғамбарлар, жеңімпаздар және ақындар» делінген, осыдан-ақ Жаратушы иемнің ақындарға әулиелердей қарағандығын байқауға болады. Біз жоғарыда баяндаған оқиғадан екі жол өлеңнің бір адамның басын аман алып қалғандығына дәлел болса керек.
Шындығын айтар болсақ, ақын жерден өніп шықпайды, ол көкке ойланып қараған бір мезетте шабыт періштесі арқылы құдды Құран аяттарындай көркем сөздерді санасына құяды. Асыққанда ақын жазып үлгере алмай қалатындай терлеп-тепшіп әуре-сарсаңға түседі. Ал төрт құбыласы тең жазылған өлең бас-аяғы жұп-жұмыр, тоғыз ай толғағы жетіп туған сүйкімді баладай тартымды болады. Ай-күні жетпей туған жарымжан баладай жазылатын өлең болады, Құдай сақтасын, оны жазған адамның да абыройын асырмасы тағы анық.
Бір күні «Йеңи һаят» (Жаңа өмір) газетінің әдебиет бөліміне жауапты хатшымыз Һебибулла Юнусов күлімсіреп кіріп, қара сиямен жазылған қолжазбаны, бір топ өлеңді қолыма ұстатты. «Оқып көрші, інім» – деп өзі қасыма отырып, темекісін тұтатты. Мен оқи бастадым. Өлең өзіне елітіп бара жатты. Мына бір тамаша ақынның өлеңдері ғой. Барлық өлеңдері қатты ұнады, – дедім. «Олай болса дайындап берші, маған ұнады, өзіңнің жерлесің екендігін жазғанынан таныған шығарсың» – деді жымиып. Сол әкелген бір топ өлеңдері газетке басылған соң Һебибулла ағам оның авторының жұмыс таба алмай жүргені жайында жазған хатын көрсетті. Мен сауатты бала екен, жұмысқа орналастырсақ, сауапты іс болар еді, оның үстіне жат емес, өз жерлесіміз болса, – дедім. Солай істейік, – деп келісті. Арада көп уақыт өтпей баспаханаға жұмысқа орналасты. Сонан соң жоғары білім алу үшін 1976 жылы Ташкент қаласына кетті. Өзбекстан мемлекеттік теле және радио тарату комитетінің ұйғыр бөлімінде жұмыс істеді. Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдап, 1984 жылы Алматыға қайтадан қоныс аударды. «Йеңи һаят» газетіне жұмысқа орналасты. 1986 жылы «Бесінші мұхит» атты тұңғыш топтамасы жарық көрді. Ол отыз жыл бойы өзі мәпелеген бағының жемісін достарына осылайша ұсынды. Олар да ұзақ күткен жемістің дәмін татып, мәз-мейрам болысып, алғыстарын жеткізді. Осындай жылы сөздерді естіген ол да бір ерекше сезімге бөленгені даусыз. Ол өзінің тұңғыш баласының бетін көргендей мәз-мейрам болып, ақындықтың керемет күйін кешті. Ол менмендіктен биік, өзін мақтасын деген қасиеттен де ада еді. Өзінің дара жолымен жүрді. Біреуге өтініш артып немесе міндетсіну дегенді мүлдем ойламады. Қырық жыл бойы тұңғыш жинағын күтті. Аты айтып тұрғандай «Бесінші мұхит» көпшілікті өзіне тартып, жаңаша бір леппен келген жинақ болды. Біз автордың сол өлеңінен үзінді ұсынсақ:
Жер шарын қиялмен беске бөлгенде,
Соның бірінде ғана құрлық…
Деп ұстаз мектепте үйреткен тәлім,
Сенің де есіңде қалды ғой, әулет.
Демек әлемде сулар қисапсыз,
Және де көбі мәңгілік мұздық.
Құдды бір көлшіктің ортасында,
Қалқыған бүршіктей біздің құрлық…
Жүректің бөлшегі ол Жер-Ана,
Келіңдер, қорғайық, әлемді жаһан,
Аналар көз жасы, жомарттар қанынан,
Пайда болмас үшін бесінші мұхит.
Мәһәмәттимин: «Осы жер шарын беске бөлсек, оның төрт бөлігі су, біз ғұмыр кешіп отырған бір бөлігі ғана құрлық, оны қорғап, күтудің орнына, қойын-қоншымызды оқ-дәріге толтырып, дүниені сен емес, мен билеймін деп көтензорлық жасап, тапа-тал түсте өзгенің жерін басып алып, қан төксек, ал біз тамаша көргендей қол қусырып қарап тұрмай, жүректері жұмсақ жандар бірігіп, бас қосып, әлемді ойран етіп жатқан қанышерлерге соғыс тілеген батыстағы, шығыстағы империяларға тосқауыл болмасақ, бейкүнә төгілген қанға аналар мен балалардың көз жастары қосылып, біз тұрып жатқан құрлық мұхитқа айналса, қиямет-қайым деген осы. Оян, абай бол!» деп бір толқиды.
«Бесінші мұхиттан» соң сәтін салып бірінен соң бірі «Садағаң кетейін, халқым», «Сен – ең үлкен қайғым», «Тұранның ұлы қыздары», «Таңдамалы» шығармаларының 1,2,3,4 томдарының және «Әдеби ойлар іздеріндей» ғылыми мақалалары топтамаларының жарық көруі ұйғыр әдебиеті тарихындағы кемшін дүниелердің орнын толтырды деп айтуға толық болады.
Лақап ат деген адамның мінез-құлқына, қылықтарына қарай қойылады емес пе? Қаламдас досым, әріптесім, інім Мәһәммәтиминнің лақап аты – Алмасбек. Бұл есім оның бар болмысына, сыртқы тұрпатына өлшеп тігілген тондай қатты жарасады. Алмас деген аса қатты минерал әйнек немесе темірді дыбыссыз тіліп түсіреді емес пе? Мәһәммәтимин өткір, таза мінезімен адамды өзіне тартады.
1943 жылы 7 сәуір күні Ұйғыр жұртының сұлу да көркем Чөчәк деген қаласында Алмасбек дүниеге келген. 1962 жылы тағдырдың талқысымен бауырлас қазақ еліне баспаналап келіп, Жидебай ауылына қоныстанады. Алмасбек ол күндерді есіне алып, «Көк тәңірдің сөз басы» деген қазақ тілінде шыққан кітабында былай дейді: «Өткен ғасырдың 62 жылы, көктем мезгілі ұстазым әдебиет пәнінің мұғалімі Кәмен ағам қолымнан жетектеп аудандық «Совхоз туы» газетінің редакциясына алып барды. Редакторға: Мына жігіттің бойында Абай аруағының бір лебі бар секілді. Бір дәптерге толтырған өлеңдері бар екен. Оқып көрші» дегені есімде. Арада аз ғана уақыт өтіп, апарған өлеңдерінің бір тобы газет бетіне жарияланады. Мұғалімдеріміз «Біздің мектепте ақын бар екен ғой» деп мені құттықтаса, құрдастарымның қуаныштарында шек болмады. Өлең әлеміне деген қызығушылығымды сезіп, одан әрі қанаттана түсуіме түрткі болған ұстазым Кәмен ағай мен редакция қызметкерлеріне риза болған едім. Бір күні Кәмен Оразалинге «Мінәжат» деген Абайдың қабір басында жазылған өлеңімді ұсындым. Өлеңім қатты ұнаған болуы керек: «Сен бала, осыдан бастап қазақ тілінде өлең жаз, нағыз қазақ бол, ақын керек болса ұйғырлар бір күні өздері тауып алады» деді. Мен Алмасбектің 19 жасында жазған өлеңін оқып таңқалдым. Ол сол 1962 жылы-ақ ақын болған екен.

Мінәжат

Алдыңа келіп тұрмын жан атам-ай,
Түркиде шағирларға хан атам-ай.
Шыңғыспен қарайласып жатыр, әне,
Мен өскен алтын ордам – Тарбағатай.
Өлеңге құштарлығым – бала кезден,
Жыр тумас жылтыр сезім, қара сөзден.
Басыңда бір түн түнеп, табынсам деп,
Архаттан жаяулатып, дала кезгем…
Уа, аруақ!
Жарылқай көр, Қыдыр болып,
Тәңірдің рухы сіңген бір нұр болып.
Тасжарған бұлақ сынды сөз сарасы,
Құйылсын жүрегіме мың сыр болып.
Уа,аруақ, Жарылқай көр, қайран нарым,
Қазаққа Құдай қосқан пайғамбарым.
Меккені тәуіп еткен атам Жапар,
Мен саған келіп тұрмын ай-арманым.
Аймалап алақаны көкте Күнді,
Найманның қызы кескен кіндігімді.
Батаңның шапағаты – шабыт болып,
Бір көрсін ұйғыр-қазақ кімдігімді.
О,Абай!
Пайғамбарым, бер батаңды,
Не арман – хикметіңе қанық өссем.
Өмірді дәл өзіңдей танып өтсем.
Шындықты діл шыңына ту ғып тігіп,
От болып, жасын болып, жанып өтсем.
О,Абай!
Пайғамбарым бер батаңды.
1962 жыл, тамыз, Жидебай.

Осы оқиғадан сәл бұрынырақ ұстазынан Абайдың қабірін сұрағанда, ол алыстан көрінген Шыңғыс тауын көрсетіп тұрып, анау таудың баурайында деген екен. Бір күні ол таңсәріде тұрып алыстан мұнартқан тауды бетке алып жаяу жолға шығады. Шетіне көз жетпейтін айдалада кеудесін ашып жіберіп, саф ауамен тыныстап, Абай атасының басына қарай жылдам басып бара жатты. Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, онымен іштей тілдесіп, мұңдасып, ұзақ жолды қысқартады. Тап-таза бұлақтың басына аялдап, қалтасындағы қатқан тоқашты суға жібітіп аштығын басады. Күн ұзаққа жүріп күн ұясына батар шақта ұлы Абай атасының қабіріне жақындап, балалық шақтағы арманына жетіп, «уһ» деп терең демалады. Қабірдің алдына тізерлеп отырып, ата-анасынан үйренген құран аяттарын дауыстап оқып, алақан жайып, Жаратушыға мың мәрте алғыс айтып, рухани ұстазының біліп-білмей жіберген қателіктері үшін кешірім сұрап, дұғасын қайта-қайта оқиды. Осылайша түн қараңғылығына сүңгиді.
Қодастың терісіндей қап-қараңғы түн жарымынан асқан шақта аспанда жұлдыздар жарқырай бастайды. Олар Алмасбекке көз қысып тұрғандай жымыңдасады. Шыңғыс тауының сілемелерінен ләззат алып, көзі ұйқыға кетеді. Таң сәріде Аллаға шын ділімен мінәжат етіп, Абайдың батасын алайын деген қиялына қанат бітіп, ол орнынан тұрып бетін құбылаға қаратып екі реттік рәкәт намазын оқиды. Намазының соңында арман, тілектерін, мақсаттарын тізіп шығады. Намазын аяқтаған соң бірден тұрып кетпей өзімен-өзі сұхбат құрып, күбірлеп сөйлеседі. Қалтасынан қалам, қағаз таба алмай, аспанға қарап санасына қонақтаған ойларын ділінің дәптеріне түсіреді. Таң сәулесі шуақ шаша бастағанда «уһ» деп демалып, жаны тазарғандай күй кешеді. Күн ұзарып қыза бастағанда Мәһәммәтимин орнынан тез тұрып, қабірге қарап ойында құрастырылған өлең жолдарын жатқа дауыстап оқып, арманымды қабыл ете гөр, Ұстазым! – деп орнынан қозғалады.
Артынан басына қара тақия киген Қызыр бабаға ұқсас ақсақал: «Мен оның рухымын, арманыңды естідім, мұратыңа жет, ұлым» деген сөздерді анық айтып, аппақ сақалын сипайды.
Поэзияның биік шыңы саналатын поэма-дастанға бар дарыныңды сарп етіп «Тұранның ұлы қыздары» атты тәбәрік кітап шығарыпсың. Онда биік Тұранның біртұтастығы, егемендігі үшін күрескен Анарида,Зарина және Тамирида «Тұмар» сынды батыр апаларымыз жайлы тарихи-драмалық дастан жазыпсың. Он мың жолдан тұратын бұл дастан бүгінгі заман ұйғыр әдебиетінің қоржынына қосқан баға жетпес үлесің. Ежелгі тарихи оқиғаларды жырмен баяндау ақыннан зор талантты, талапшылдық пен шыдамдылықты, білім мен биік сезімді, ерекше еңбекті қажет ететіні сөзсіз. Осы еңбегіңнің өзі тағзым етуге лайықты. Қомақты дастандарды жазбақ түгілі оқымағаныма ұзақ уақыт болған екен. Ерік-жігеріңе ризамын. Ұмыт бола бастаған тарихымызды ерінбей ізденіп тауып, оны қаузап, қаһарман қыздарымыздың көркем бейнесін қайта жаңғыртуға сөздің жауһарын тізіпсің. Бұл айтуға оңай болғанымен іс жүзінде аса ауыр жүк. Еңбегіңе мың тағзым.
Поэма-дастан жазу ақын үшін үлкен сынақ болғанымен оны құрметке бөлейтіні тағы рас. Ұйғыр әдебиетінің қоржынын толтыра түскен баға жетпес дүние, «Қутадғу біліктей» сақталып, тарихта қалары сөзсіз. Ақын өлсе де оның сөзі өлмейді. 400 дей рубаят жазған Омар Хайямдай өлең-сөздің пірі атанып, ортамызда мәңгі жүреді. Ұйғыр әдебиетінде рубаят жазбаған ақын кемде кем. Дей тұрғанмен Омар Хайямның деңгейіне жете қойған ақынның жоқтығы кейде ойландырады. Меніңше рубаят кезегі келіп қалған бір пікірдің бір шумақ өлең жолына тізіліп жазыла салынуы емес, терең мағынасы бар, шайнасаң дәмі тіліңді үйіретіндей, мейіріңді қандыратын дүниені төрт жолға сыйдырып, көркем тілде жеткізілуі және өте шағындығымен ерекшеленуі тиіс. Мұндай биіктіктен қарайтын болсақ Алмасбектің ұзақ толғаныстан кейінгі туған терең ойларын рубаят деп есептеуге болады. Мен оқып, ләззат алған бір топ рубаяттарын оқырман назарына ұсынғым келді.
Ұлтымнан сөйледім, анам ұлтым,
Сенсіз еш пұлсыз жоқ қымбаттым.
Ақындар – патша деп аталса бір күн,
Тағы да бұл сенің арқаң…
* * *
Әділ хан ешқашан нақақтан қан төкпес,
Ақылды айыпсыз ешкімді сөкпес.
Әділет, бақыт жасар салтанат,
Ақиқат күймес және суға батпас…
* * *
Ақылға әрдайым мехнат, еңбең тер,
Міндет болмаса ол онда – баспагер.
Қадірімді елім білмеді деме,
Алтынның қадірін біледі зергер.
* * *
Дос-дұшпан алдында болмайсың рәсуа,
Әр істе еңбек қыл, өзіңді шыңда.
Патшаның байлығын бермейді ешкім,
Аспаннан алтын жаумайды шынында.
* * *
Ұйғырым, ұйыған ел, құйылған алмас,
Құйылған алмас ел болса, ажал алмас,
Күлме дос, ұйғырдың тағдырына,
Күн келер тәлейі құсы қонбай қалмас.
* * *
Ниетім пәк, ешкімге жоқ қастығым,
Біреуге жаман ойлар ойымда жоқ,
Болсада таудай тұлға таласым жоқ,
Дұшпаным Әзірейілге амалым жоқ.
Алмасбек тума талант иесі болғандықтан ол өлеңді ермек үшін жазбайды. Ол не жазса да әр жазғанын шығармашылық деп бағалап, басқалар айтып кеткен, жауыр болған ойлардан бойын аулақ ұстап, жаңашылдыққа басымдық береді. Оқыған адамды ойландырады, бірер пайдалы кеңес беріп оқырманын рухтандырады. Сондықтан мен бұрын жұмыстан шаршап келгенде, басым ауырғанда аспирин ішетінмін, ал қазір Муһәммәтжан Рашидин мен Мәһәммәтимин – Алмасбектің өлеңдерін оқып, рахатқа батып, басымның ауырғанын жазып аламын. Алтыннан да қымбат, Құдай берген мінезі бар, ғажайып жырларымен танылған ақындарымызбен кездесіп қалған сәтте де бір ауыз жылы сөзімізді қимайтын әдет таптық. Алмасбек, Жәмшит сияқты атақты ақындарымызбен замандас болғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

* * *
Шындық иілгенмен сынбайды, бір күні менің «Ойнама» атты 10 жолдық өлеңім туралы «Уйғур авази» газетінде бір беттік сын мақала шықты. Мақала авторы «Біз табиғатты мойындатамыз деп жүрсек, А.Қутлуқ «Ана табиғатпен ойнама, оны асырау керек» – деп қалың көпшілікке ұсыныс айтыпты. Ол мына өлең еді…
Ойнама табиғат пенен,
Ол әркімге ойыншық емес.
Асыра оны ақ ниетпенен,
Оның есігі біз үшін ашық.

Ойнама табиғатпенен,
Ақылың болса ойнама әркез,
Ол ойнауға сенімен менімен,
Бұл дүниеде қалмайды бір із.
Ол ойнаса көз жасымыздан
Пайда болар бір сорлы теңіз.
Осы өлең туралы бір беттік сын мақала жазған қарапайым адам емес, ғалым деген атағы бар екендігін естігенде оның ғалымдығына күмәнданып қалдым. Арада біраз уақыт өтпей сынға қарсы жарты беттей мақала шығып, менің құлазыған көңілімді жұбататындай сөздер жазыпты. Оны жазған Алмасбек. Ол да араласпай, қолын қусырып, көпшіліктің қатарында жүре беруіне болар еді. Бірақ ол ондай немқұрайдылыққа бара алмады. Оның таза көңілі мен пәк ары оның қолына қалам алдыртты. Ол нағыз ақын болғандықтан менің сол жырымды жанымен түсінді.
Қаламдас, рухтас ақын інімді Қашқардың жазда мөйілдеп тұрып жемісін беретін, кешеуілдеп күз түскенше саясын адамдардан аямайтын мәуелі бәйтерекке ұқсатқым келеді. Алмасбек тұңғыш кітабын 40 жастан асқан шағында өте қиындықтармен шығарғандығына қарамастан ұйғыр поэзия әлемінде жарқын жұлдыздай жарқ еткен Чимәнгүл Авуттың өлеңдерін әдемі гүлдәстедей тізіп шығып, оның жарық көруіне атсалысқандығын көзіміз көрді. Ол кітапты Алматыда елдің қолына ұсынғандығын көргенде оның кішіпейілділігіне таңғалғанмын. Мейір-шапағатқа кемкөңіл мына заманда біреудің ісіне атсалысып, оған қамқорлық жасап, оның кітабын жарыққа шығарып, шығарып қана қоймай үйме-үй жүріп кітап ұсынып жүретін рухы биік Муһәммәтиминнен басқа тағы біреу бар ма, інім?!
Сен ақындардың патшасы болуды бір рубайыңда армандаған едің, 60 жыл бүкшеңдеп, тырысып-тырмысып жүріп адал маңдай теріңмен сол арманыңа жеткенде, баяғы кішіпейіл, адами қалыбыңды ұстанып Жәмшит ақындардың патшасы, – деп басыңдағы тәжіңді қаламдас, замандас ініңе ұсынып жібердің. Не деген кісілік, не деген кішіпейілділік. Осындай болмасаң сен нағыз ақын болар ма едің. Біздің қайғы, қасіретті көп көрген халқымыз дана ғой. Ол кімнің кім екенін айтпай-ақ біледі, таниды. Сен де сезесің ғой, халқыңның өзіңе деген сенімі мен мейірімін. Сен саналы ғұмырыңды халқыңа арнаған азаматсың. Бала ақын кезіңдегі арман, мақсаттарыңа жетейін деп қалдың. Халқыңның көңіліне жасырынған, ұлы Алладан күнде сұрайтын арманыңды өзің де жақсы білесің. Сен шынайы ақын, әулие болғаныңмен Жаратушы емессің. Дәуірдің дөңгелегі бізге қарай аяңдай бастады. Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқтығын бәріміз жақсы білеміз. Ит құтырған болса, оның тістеген жері оңайшылықпен жазылмайды. Әлемді қанға бояған екі коммунист империяның айбатты кемелері су түбіне батуға әзір. Сабыр түбі сары алтын дейді халқымыз. Жетпіс жылдан бері біз телміріп күткен сол армандаған құтты күндер келгенде елмен бірге біз де айт мерекесін тойлап, айт күндері кеуделеріңе ай жұлдыздай ордендер тағылып, басыңа армандаған тәжіні кигізеді. Сол күндерді көруге несіп етсін.
Ақындық – халқыңның берген бағасы, басыңа кигізген тәжісі. Осыдан артық қандай атақ, абырой керек. Бір халықтың ақыны болу оңай ма? Тырысып-тырмысып биік шоқыларға шыққан ердің жанында қолдаушысы болып періштедей әйел болмаса оның жүзеге асуы екіталай. Һавахансыз, оның қолпаштауынсыз 9 томдық таңдамалы шығармаларыңды жазу, шығару мүмкін емес еді, інім.
80 жастық мерейлі тойың құтты болсын. Самрұқ құс келіп басыңа қонсын. Ендігі жерде тек жақсылықтар салтанат құрсын!

Пікір қалдыру