Әділбікті алдыма шырақ етем…
РИЗАМЫЗ АЛЛА БЕРГЕН ӨМІРГЕ
Біз екеуміз астық талай белдерден,
Қол ұстасып өттік қиын жерлерден.
Әлі күнге сақтап келем жоғалтпай
Орамалды қыз кезіңде сен берген.
Сол орамал-сүйген жүрек белгісі,
Асыл жарын аялайды ер кісі.
Адамымын адалдық пен тәртіптің,
Бәз біреулер келмесе де сенгісі.
Жеңілдеттім жұмысыңның көбісін,
Ақын ғой, – деп еңбек еткен ел үшін,
Күндіз-түні жалау болып жаныңа
Көрсін,-дедім бейнетінің жемісін!
Өмірімнің көбі өтіпті байқасам,
Саған салмақ түсірмедім ешқашан.
Ақын жарым өлең жазсын,- дедім мен,
Бөлмемізде сөнбейді әлі кеште шам.
Ризамыз Алла берген өмірге,
Ризамыз Тараз деген өңірге.
Мені ешкімге қимайсың-ау әлі сен
Суыған жоқ махаббатым менің де!
ӨМІРІҢНІҢ АҚИҚАТЫ, ӘДІЛІ
Ел де тозды, жер де тозды көнерді,
Қаз-қалпына келмейтіндей ол енді.
Адамдардың амалы артып күн сайын
Көрсетуде не бір ғажап «өнерді».
Байқасаңыз өзгергендей ғалам бар
Көкейкесті мәселе көп алаңдар.
Миллион жылдар тозып келген жер-көкті.
Қайта орнына келтіре алмас адамдар!
Неге сонша кейбіреулер ашқарақ?
Түсінігі кейбіреудің басқарақ.
Жер-жаһанды жаулап алған Ескендір,
Кеткен жоқ па бар байлықты тастап-ақ!
Кейбір байлар кедейлерді құл санап,
Жолын бөгеп жүргізбейді тұмшалап.
Ескендірден қалған сол бір өнеге
Адамзатқа емес пе екен бір сабақ?
Осы ағайын менің саған айтарым,
Азғырмасын тірлігіңде сайтаның.
Адамзаттың өмір сүру тәртібі,
Құран сөзі екендігін байқадым!
О, өмір, арыны
мол тасқыныңның
О, өмір, арыны мол тасқыныңның,
Қызығы мол екен ғой жас күнімнің.
Өмірде мол күлкімен жүргенімде,
Біразы өтіпті ғой жастығымның.
Болсыншы сенің сырың тылсым мейлі,
Азамат оған бірақ күрсінбейді,
Әр түрлі толқындарға жолықсамда,
Жүрегім жігерлене дүрсілдейді.
Жастықтың көкірегіме құям әнін,
Өлеңсіз күндеріме ұяламын.
Әр күнім баға жетпес қазынам ғой,
Қалайша осыларды қия аламын.
О, жастық, жігеріңмен шынықты адам,
Мен емес қаситіңнен сыр ұқпаған.
Өмір атты тіршілік сатысымен,
Бақыт іздеп биікке шығып барам.
Келмейді ешбіріңе өкпелегім,
Кеудемді мазалайды отты өлеңім.
Кінәм да жоқ ешкімге артатұғын,
Кей жылдарым өтті деп текке менің.
Есейдім, енді білдім барлығын да,
Санамды сараладым нәрлі ұғымға.
Ертемен тұрып алып өлең жаздым,
Жанымды шомылдырып таңғы нұрға.
Алар бір күн өлеңім өз бағасын,
Өлең жазып не керек озбағасын.
Сұлулыққа оранған мына әлемнің
Мүмкін емес шабытты қозғамасы.
Ей, өмір, ұқтым сенің күйіңді әсем,
Сыңғырла , көкірегіме құйыл да сен.
Бір жақсылық көрмесем адамдардан,
Мен ешқашан өзіңе сыйынбас ем.
Болашаққа өлеңім сәлем берер,
Арман бар ма таңдантсам әлемді егер.
Тарих бетін ақтарып қараса ұрпақ
Жыр жазғаным менің де дәлелденер.
Еш нәрсем жоқ халқымнан аянатын,
Қазынасын түгелдей жаяр ақын.
Жүрегім бар өмірге сергек қарап,
Таңмен бірге таласып оянатын.
Қиянаттан қалады жанымда түн,
Сәл нәрседен , замандас, тарылма тым.
Аямашы жылы сөз, мейіріміңді,
Егер де, жүрсін десең бабында ақын.
Шуақ толы жанымнан күн өремін,
Ренжісем, бір сәтте түнеремін.
Бақытты боп өтер ем бұл өмірде,
Мәңгілік боп қалса егер бір өлеңім.
СӨНБЕСЕ ЕКЕН
Мен сенен еш нәрсені жасыра алман,
Болғандықтан бізге ортақ асыл арман.
Табиғаттан, тағдырдан жан жүрегім,
Әділетті шындықтың бәсін алған.
Бәз біреулер сыртымнан жамандаса,
Көңіл бөлме, сәулем-ау, оған да аса.
Бір биікке жеткізер мені әйтеуір,
Шындық деген –шырағым аман болса.
Жақсы ойымды жамандық бөлмесе екен,
Бүгінгі ісім қайталап келмес ертең.
Шыр айналып Жұмыр Жер тұрған кезде,
Шындық деген шырағым сөнбесе екен!
АҚЫН МОНОЛОГЫ
Жетіп жатыр өз мұңым, қуанышым,
Өзекжарды өлеңім-жұбанышым.
Қайран өмір, қайырылмай кетесің-ау,
Өтей алмай миымның сұранысын.
Әз жанымды бөлеп ап, рахатқа,
Құштарлықпен көз тіксем ғаламатқа.
Қызығыңа қанбас ем, беу, дүние-ай!
Қалдырсаң да мәңгіге аманатқа.
Бәрін, бәрін бөлер ем, гүлді реңге,
Риза болып осынау күндеріме
Қарсы келген жауыма оқ боп тиіп,
Адастырам қара түн төндірем де.
Ешқашан да шығарман елді есімнен,
Тірлік етем әрқашан ер кесіммен.
Керек кезде сөйлеймін елім үшін
Мына жаңа ғасырдың мінбесінен.
Мақтаншақ та емеспін мақтанатын,
Сотқардың да емеспін сотталатын.
Тұла бойым тұнған жыр оқи білсе,
Қыз кеудеде қысылмай жатталатын.
Әділдікті алдыма шырақ етем,
Дәуірімді дауылпаз қиял етем.
Ғасырыма сыймаған мына басым,
Қара жерге қалайша сияр екен.
Қайырбек Асанов