БАРЫМТА

 Ұйқысынан құрыстанып оянған Доржы киік терісінен тігілген шалбарының екі балағына көк теректің қисық томарындай қысқа аяқтарын сұға беріп, үйге лып етіп кіріп келген үнемі жанында ұстайтын жас нөкерге ақырып жіберді.

– Қоржыны шақырып кел!

Доржы  – жүзбасы. Әккі әмірші Хаюкенің тақта отырғанына қырық жыл. Осы  ұзақ мерзімде сырттай іріп, іштей шіри бастаған Еділ қалмақтарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Кезінде әлемді тітіреткен Шыңғыс қаһанға еліктеп қарамағындағы әскерін ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, он мыңдыққа яғни түменге бөліп, әскери тәртіп орнатты.

Хаюке ханның көп жылдан бергі сенімді атсейісі Моржы деген қарт қалмақ болатын. «Ақсүйектер» қатарына жатқызылмаса да билеушіні күн сайын көріп, сарқытын ішіп жүргендіктен сарай төңірегінде едәуір «салмағы» бар адам боп есептелетін. Доржы, Қоржы есімді балаларының бірі жүзбасы, екіншісі онбасы болуы жайдан-жай емес-ті.

Доржы жүзбасыға шағындау-шағындау он шақты ауыл қарайды. Бұл  ауылдардан қылыш тағынып, найза ұстаған жүз нөкер шыға қоймайды. «Аһа-қу, Хаюке!» деп ұрандағанда, отыз-қырық жігіт шықса қалай. Жүздіктің қалған орын-олқысын шал-шауқан мен ересек ұл-қыз толтырады.

Жүгіре басып жеткен онбасы Қоржы ағасына емес, лауазымы жоғары жүзбасына иіліп сәлем беріп, үнсіз тұрып қалды. Қалмақтар туыстық қатынасты табысқойлық өлшеммен бағалайтын жұрт. Қайсы малды болса яғни әлді болса жасының үлкен-кішісіне қарамай өктемсіп-омыраулап тұрады. Доржы – жүзбасы болғандықтан еңселі үйі бар, қараң-құраң малы бар адам. Қалмақ хандығында онбасы, жүзбасыларға қазынадан көк тиын берілмейді. «Бөрі азығы жолда» деген сөз соларға арналып айтылғандай. Сондықтан, ұрлық-қарлық, ашық барымта қалмақтардың ата кәсібі болғалы қашан.

– Қазақ бетке аттанамыз. Ондығыңды даярла, – деді Доржы інісіне қысқа қайырып.

– Тек менің ғана ондығым ба? – деп ағасының аузына үңілді Қоржы.

– Соғысуға бара жатқан жоқпыз. Қазақтардан жылқы қуып келеміз. Шу шығармай, еппен әрекет жасауымыз керек, – деді Доржы інісіне төне түсіп. – Ұқтың ба? Шу шығармай!

Жүзбасының бұлай деуінде негіз бар. Қалмақтар мен қазақтар бітімдесіп тұрған кез. Шектен шығуға болмайды. Бұлардың үстінде мыңбасы тұр. Оның қолы қатты. Мұны Доржы да, Қоржы да талай мәрте жонарқасымен сезіп-білген.

Беріштердің қалың жылқысы бірнеше қосқа бөлініп бағылады. Әрқайсысы қырық-отыз үйір шамасында. Қостағы қылқұйрықтар күні-түні көзден таса қалдырылмайды. Қос сайын күндіз екі жігіт, түнде бес жігіт кезектесіп ат үстінде болады. Қалған үшеуі кездейсоқ оқиғаға даяр тұрады. Таза ауа, жұғымды ас жігіттерді шыңдай түскен. Жалқаулық бойымызды жайлап алар деп жиі-жиі күресіп, аударыспақ ойнауды, аң қағып, асау үйретуді дағдыға айналдырған. Құлкештің өзі жігіттердің кесікті ақысына қоса жыл сайын әр жылқышыға тай-жабағы «сыйақы» беріп тұрады.

Көптен бері ел іші тыныш. Сырттан да жасанған жау, құдайға шүкір, көріне қойған  жоқ. Десе де жігіттер құсұйқылы, сақ қалыпта.

Бір үлкен қостың басшысы Тұрсынғали – Құлкештің аталас ағайыны. Бидің төрт ұлының үлкендеріне іні, кішілеріне аға есепті. Абыздың бесінші, «киімді баласы» Жүсіппен түйдей құрдас.

Құлкештің сынынан сүрінбей өтсе де Жүсіпті өз қатарластары орталарына бірден тарта қоймады. Жүсіп те еменнің иір бұтағындай мінезіне бағып, биден басқаға елпілдеуді білмейді. Құлкештің төрт ұлының ауылында кезек қонақ болып жүргенде осы Тұрсынғалимен танысқан. Тұрсынғали әрі атбегі, әрі палуан ретінде танылған адам,  Жүсіптің бойынан өзіндегідей қасиеттерді іздеген. Ауыл адамы тұңғыш көрген кісісін тесіле-тесірейе қарап сынамайды. Ақыл-парасатын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, төңірегіне ықылас-ілтифатын, киім-киісін, бәрі-бәрін ой-санасының елегінен өткізіп барып, бәсін береді. Арғы жағында  қара қытай қаптаған, бұлар үшін беймәлім жердің шетіндей Ұлы жүзден келген Жүсіпке сын салмағы түсуі орынды еді. Үш-төрт күндей мәжілістес-дастархандас болған соң Тұрсынғали Жүсіпті біршама танып-білгендей болды. Көңілі толып, бауырына тарта бастады. Екеуі біліс болып бастап, дос болып тарқасты. Тұрсынғали бір жолы Жүсіп құрдасын жайлау қызығын бөлісуге шақырған. Соның сәті түсіп, Жүсіп ауылдың екі жігітін ертіп, сәске шамасында құрағы қалың өскен өзен жағасында тігілген төрт қанат боз үйге атбасын тіреді. Тұрсынғали қадірлі қонақтың келетін кезін шамалаған болатын. Жақында үйленіп, отауында шымылдығы желпілдеп тұрған екі көмекшісіне  үйлеріне барып келуге рұқсат етті. Жүсіптің қасындағы екі ауыл жігіті қарап жатпас, жылқы бағысуға қолұшын  берер деген.

Обалы нешік, Құлкеш – қолы ашық, сақи адам. «Малдан шығын бермесеңдер болды, сойыстың семізі сендердікі» дейтін үнемі. Қысыр емген тайдың еті тез пісті. Жылқы соңындағы екі жігіттен басқасы алдарына тартылған астау толы жас етке сұғына кірісті. Жүсіп пен екі жігітті қосқанда, барлығы он адам. Біраз тояттаған жігіттер табаққа сиректеу қол апарып, әңгімеге көңіл қойған.

– Жүсіп, – деді Тұрсынғали төрдің төбесінде отырған құрдасына сүрік тысты аткөпшікті ысырып. – Ұлы жүз жұртының кәсібі не? Мал дегенің ол жақта да бар болар.

– Оған сөз бар ма. Төрт түлік ол жақта да баршылық. Жылқыны осылайша қос-қос етіп бағады. Егін егіп, бау-бақша өсіреді. Ал жеміс-жидек дегенің ырғын. Аяқ алып жүре алмайсың. Қолдан өсіргеннен жабайысы мың есе көлемді, – деп бір тоқтады Жүсіп.

– Апыр-ай, ішіне біздің балаларды жіберіп алатын жер екен, – деп желпіне бастаған жылқышылардың бірін Тұрсынғали тыйып тастады.

– Мал баққан елдің жай-жапсары бізге таңсық емес қой. Басқа күн көрісі қандай? – деп Тұрсынғали әр нәрсенің байыбына бармай тынбайтынын байқатты.

– Ұлы жүздің жері таулы болып келеді. Басынан қар кетпейді, бұлт дегенің балағын орап қана тұрады. Тауда, оның қойнауларында аңның алуан түрі көп. Бәсі басым аң терілерін илеп, ұқсатып базарға шығарады. Ол жақтың халқы базаршыл келеді. Ештеңе алып, сатпаса да базар араламаса ішкен асы бойына сіңбейді, – деп бір тоқтады Жүсіп.

– Қара қытай дегенді естуіміз бар да көруден аманбыз. Олар кімдер, тегі қайдан? – деді Тұрсынғалимен оң тізелес отырған шомбал денелі жылқышы.

– Көріп қайтесің, құда болайын деп пе едің? – деп қағытты оны Жүсіпке ере келген екі жігіттің бірі. Екеуі құрдас болар, шамасы.

– Таңсық ел болғасын, білгім келеді де, – деді жігіт басын тұқыртып.

– Сұрағанның айыбы жоқ. Иә, қытай деген халқы көп, құмырсқадай құжынаған қалың ел. Жауынгер, өнерлі, ақылмандар көп шыққан жұрт, – деп білгенін айтты Жүсіп. – Біздің жақ керуен тартып, Қытай еліне барып-келіп тұрады. Ал өзімнің жолым түспеді.

– Жөн, жөн, – деді Тұрсынғали. – Анадағы бір әңгімеңде қалмақтармен қақтығысқа қатысқаныңды айтып қалып едің?

̶ Жай қақтығыс болса әңгімелейтін несі бар, Тұрсеке, Ұлы жүзде жан алысып, жан беріскен соғыс қалмақпен арада жиі болып тұрады, – деп жауап қатты Жүсіп. – Талай еңіреген ерлер шаһит болып кетті ғой…

Етке тойып, әңгімеге самарқау құлақ түре бастаған жігіттер «қалмақ», «соғыс» деген сөздерді естігенде бейжай бола бастаған денелерін тіктеп, сергіп сала берді. Кіші жүз қазақтары да Еділ қалмақтарымен елжіреген тату емес-ті. Ақ қылыштар жарқылдап, көк сүңгілер шошаңдаған оқиғалар талай болған. Қазіргі Хаюке хан тырнағын ішіне бүккен нағыз жыртқыштың өзі.

Күн екіндіге таяғанда жігіттер дамылдауға кірісті. Жүсіп пен Тұрсынғали өзен жаққа беттеді. Қазіргі майда шуақ қандай! Шекені шақпайды, жұмсақ лебімен жаныңды жай таптырып, бойыңа нәзік жылуын таратып тұрғандай. Міне, осындай мамыражай сәттерде Жүсіп алыста қалған елін, қартайғанда сүйенішсіз аңырап жүрген анасын, өскен ортасын жүрегі сазып есіне алады. Құшақ жая қарсы алған Кіші жүз еліне, қалың Берішке алғыстан басқа айтары жоқ қой. Сонда да!..

Біраз уақыт бой сергітіп, үнсіз қатарласа жүріп қыдырған екі жігіт кері қайтты. Киіз үйдің күншығыс жақ іргесіне төселген киізге жантайып, қатарласа тасталған биік қасты ер-тоқымға бастарын сүйеді.

Кеш түсе бастады. Күні бұрын міндеттенсе керек, жігіттердің бірі үлкен шәйнекті мосыға іліп, астына от қойды. Тұрсынғали орнынан тұрып кетті. Оның ойы жылқының түнгі күзетінде болатын.

 Құрымға орап тастаған жылқы еті былқыған қалпын сақтайды. Құмаршық ұнынан пісірілген таба нан қандай! Асқа тойып, шайға қанған бес жігіт жылқының түнгі күзетіне аттанып кетті. Күндіз жылқыда болған екеуі тамақтарын ішіп, жатуға ыңғайланды. Қалғандары аулақта алау жағып, аракідік домбыра күмбірлетіп қойып, өзара шүйіркелесуге кірісті.

Жүсіп пен Тұрсынғалидың жұбы жазылар емес. Әдетте адамдар  бірден достасып кете қоймайды. Бұл үшін біраз уақыт керек. Достық деген биік те ауқымды ұғым. Жүсіп те, Тұрсынғали да азаматтың ақ жолынан  ауытқымайтын, өмірдегі ұстанымы берік жандар, осыны өзара сезініп, ұғынысқан  болатын.

– Құрдас, мен жайлауға етке тойып, ұйқы қандыру үшін келген жоқпын. Аң қағып, жылқы ішіне барып асау үйретсек қалай болады? – деп Жүсіп ойындағысын ақтара салды.

– Дұрыс! Менің де ойым осы. Тақым қыздырғанға не жетсін. Қазір-ақ аттанайық жылқыға. Әп-сәтте жетіп барамыз, – деп қуанышын жасыра алмады Тұрсынғали.

Әудем жерде шідерлеулі жүрген екі қазмойынға ер салынды. Тұрсынғали киіз үйге сүйеулі тұрған құрыққа қол созбай, мама ағаштың үстіне көлденең шегеленген оқтаудай жұмыр ағашқа ілінген қайың сойылдардың бірін қарына іліп алды. Жүсіп те сөйтті.

– Жылқы жел жақта. Кезек ұйықтап, құлақтарыңды түрік ұстаңдар. «Жау жоқ деме жар астында…» деген бар, – деді Тұрсынғали үзеңгіге аяғын салып жатып аттандырып тұрған төртпақ денелі жігітке. Ол құптап басын изеді.

Ер тұлғалы екі жігіт қалың жылқыны бетке алып жорта жөнелді.

 

ІІ

Жүзбасы Доржы қанша құпиялағысы келсе де барымтаға аттаныс жайы әйгіленіп қалған. Көрші ауылдағы төркініне іркіт алып барған бір нөкердің сүйір тілді қатыны онбасы Қоржының барымтаға даярланып жатқанын құрбыларына айтыпты. Осы сыпсың сөз мысықтабандап мыңбасы Сартаққа жетсін. Ол Доржыға бір сенімді адамын жөнелтті. Ойы барымтаны тыйдыру емес, керісінше, өршіте түсу болатын. Араға от салып, бітім шарттарын бұзу, сөйтіп соғыс бастау, ел тонау, баю. Құпия тапсырма – Доржы тағы бір ондықты ертіп, өзін қосқанда жиырма үш қарулы шерікпен қазақтардың жылқысына тиіп, кемінде он шақты айғыр үйірін алдына салуы қажет. Олжаның тең жартысы мыңбасыға тиесілі болмақ. Сартақ айтты – болды! Доржы екі ондықты бастап қазақ даласына жол тартты.

Суыт жүрген қалмақтар таңды шағын тоғай ішінде қарсы алды. Зауал ауғанша аттарды тынықтырып, ауқаттанып, бел жазып алу керек. Қазақ жайлаулары әлі алыста.

Доржы інісі Қоржы мен екінші онбасы Дамбаны оңашаға алып шығып, жоспарын ортаға салды. Түнгі күзетте қазақ жылқышыларынан бес жігіт болатынын ол жақсы білетін. Өзі бастаған он үш адам жылқыға лап қояды. Бес адамға тосын тиіскен он үш адам шыдатсын ба. Жылқышыларды өлтірмей, батыра сабап, аттарынан аударып тастаған жөн. Доржы қалған он нөкерге Қоржы мен Дамбаны басшы етті. Олардың міндеті – қалың қазақ  қоныстанған өңірді тосқауылдау, ешкімді әрі-бері өткізбеу, қос басында қалғандарды қалың ұйқыда жатқанда теңкитіп байлап тастау. Жүзбасының жоспары екі онбасыға ұнады. Жүктелген міндетті мүлтіксіз орындау керектігі нөкерлерге қатаң ескертілді. Атасының асы – борсыған етті тоя жеген қалмақтар өңезі бір елі торсықтарындағы шалаптан қанып ішіп, шоғыр талдардың көлеңкесінде «қор» ете түсті. Мініс аттары бас түйістіріп, құйрықтарымен шыбын-шіркей қағып, тыныштықта бой сарықтырды.

Жау жылқыға ық жақтан тиісті. Бірден қалың ортаға кеулеп кіріп, жас айғырларды сойыл астына алып, тез есеңгіретіп тастады. Алғашқыда малға қасқыр араласты деп топшылаған жылқышылар опыр-топыр болып жатқан ортаға қойып кетті. Жылқының едәуір бөлігі шекпеннің желді күнгі етегіндей желп-желп етіп маңып барады. Аттылылардың бастары қылтың-қылтың етеді. «Қалмақтар!» деп ақырды Тұрсынғали атын тебіне беріп. Екі-үш жылқышы жігіт жылқының негізгі тобын қайырмалап жүргенін байқады. Жүзге жуық жылқыны алдына салып алған қалмақтар Еділ қайдасың деп безіп барады. Тұрсынғали жылқы соңындағы барымташылардың есебін шамалап үлгерді. Он шақты адамнан артық болмаса кем емес сияқты. Қалмақ қырының бағыты оған бесенеден белгілі болатын. Бір-екі тәуліксіз елдерінің шетіне іліне алмайды. Жолда аялдап, ат шалдырады. Тұрсынғали қараңғы-қарбаласта Жүсіптен көз жазып қалды. Қазір қалмақтардың ізіне түсу асығыстық болатынын топшылап үлгерген ол жанұшырып жүрген жылқышыларына ұмтылды. Үстеріндегі құлын жарғақтары тілім-тілім болған үш жігіт жылап көрісті.

– Қалғандары қайда? – деді Тұрсынғали салған жерден.

– Жау онның үстінде болды. Топталып келіп, жан-жағымыздан сойыл жұмсады. Бізді тізе қостырмай, бөлшектеп әкетті сұмырайлар, әйтпесе… – деп кіжінді Қайырғали есімді кеуделі жігіт үні құмыға шығып.

Қалмақтар жағы көптігін істеп, екі жылқышыны тобықтан ұрып, аттарынан құлатыпты. Бұлар қаша ұрыс сала жүріп, бір қалмақты омақастырып, ессіз күйінде көденің түбіне тастай салыпты. Жылқының қызығына берілген қалмақтар аттан ауған нөкерді жоқтамаған сияқты.

Жүсіп ізім-қайым жоқ. Тұрсынғалидың дегбірі қашты. Қос жақтан неге хабар болмады? Дүрліккен жылқының тұяқтары шөпті ұйпалап, кейбір жерлерді ошақтай етіп қазып тастағаны байқалды. Қараңғы болса да бір-бірінен онша қашық емес жерде қансырап жатқан екі жылқышыны тауып алып, бастарын сүйеді. Сүйектері майып болудан аман екен, әйтеуір.

– Жүсіп… Қос жақ… – деп әлсіз үн қатты құлап жатқан жігіттің бірі салдырап қалған қолын көтермек болып.

Тұрсынғали қас-қағым сәтте болған жайды ой елегінен өткізіп үлгерді.

Гәп қайда! Қоста қалған жігіттер бір жағдайға душар болды-ау, сірә. Әйтпесе жан ұшырып жетер еді.

Олжаға кенелген қалмақтардың қайта оралмасына сенімді болған қосағасы қазмойынға қамшы басты. Бұл кезде көктемнің қысқара бастаған түні кейін ығысып, құланиектеніп таң атып келе жатқан.

Бүкіл жүйкесі бір нүктеге кеп ұйысқандай күй кешкен Тұрсынғали, қостан қозы өрісіндей жерде он шақты аттылының жұлқысып жүргенін көрді. Аттарының жалы жалбыраған бақабас қалмақтар көбі.

– Апыр-ай, анау Жүсіп қой, – деп дауыстап жіберіп, атын тебіне түсті. Опыр-топыр топқа ұмтылды. Тоғыз қалмақ Жүсіпті қоршап алып, сойыл сілтеуде екен. Жүсіп болса ердің үстінде ұршықша үйіріліп, соққыларды денесіне дарытпауға күш салуда. Десе де әлсірей бастағаны байқалғандай. Қалмақтар да оңып жүрмеген сияқты. Жүсіпке тым жақын жанаса алмай, сойылдарын шошаңдатып доңайбат көрсетіп жүр. Тек онбасының айырым белгісі бар шымыр денелі екі қалмақ белсенділік танытып, Жүсіпті екі қапталдан қыса түсуге тырысуда.

̶  Уа, аруақ! – деп ақырған Тұрсынғали ұрыс салып жүрген топтың шетіне таяп келді. «Ортадан бастаған оңбас, шеттен бастаған қоймас» дегендей, әп-сәтте бір  қалмақтың аты ойнап шыға келді. Тұрсынғали досын көзі шалып қалған Жүсіп айбынданып кеткендей. Оң жағынан таяп қалған онбасы Қоржы сойылын көтере бергенде Жүсіп сәл шалқайып барып қалмақтың топшысынан дәлдеп ұрып үлгерді. Оң қолы салдырап қалған Қоржы шошқаша «қорс» етті де ат жалына еңкейе берді. Дәл сол сәтте Тұрсынғали бір қалмақтың ту сыртынан келіп, екі иығынан бүре ұстап ат үстінен атып жіберді. Өзара маңқ-маңқ етіп тез сөйлескен қалмақтар қас-қағымда ұрыс орнына сыртын беріп, құла түзге шашырай қашты. Қулықтары белгілі болды. Әр тарапқа зытып бара жатқан жаудың қайсының ізіне түсерсің…

ІІІ

Ентіккен Жүсіп біразға дейін жақ ашпады. Тұрсынғали да үнсіздік сақтады. Қауіп-қатерге кезіккен адам көбіне осындай жай-күй кешсе керек басынан. Сәл-пәлден кейін екі жігіт құшақ айқастырды. Бұл көріністе қимас достық, аман көріскендеріне шүкіршілік, жаудың бетін қайтарғандарына тәубешілік сияқты сезімдер сәулеленген болатын. Алуан сезім астасқан тұста жауға алдырған жылқыны кері қайтаруға серттескендік те бар еді.

Жүсіп пен Тұрсынғали пенде болған үш қалмақты аттарымен қоса алдарына салып, қосқа беттеді.

Тұрсынғали Жүсіптен көз жазып қалған кезде оқиға былайша өрбіген боп шықты.

Доржы бастаған он үш қалмақ қалың жылқыға тиіскенде Қоржы мен Дамбаның  қарамағындағы қалмақтар қосқа жақындап қалған болатын. От басында сергек отырған қарауыл жігіт жылқыда тосын жағдай болып жатқанын бірден аңдайды. Алыстан талып жеткен қым-қуыт дыбыстар жылы орнынан атып тұрғызған ол әудем жерде жусап тұрған мініс аттарды көзімен тез шолып өтіп, қоста ұйықтап жатқан жігіттерді оятуға жүгіреді. Жылқышылар көйлек-дамбалшаң сыртқа атып шыққанда қалмақтар төніп келіп қалған екен. Сойылдың бәрі мама ағашта ілулі қалды. Жігіттердің бір-екеуі киіз үйге сүйелген құрықтарға қол жеткізіп үлгерді. Әрине, қалмақтар басым түсіп жатты. Құрық сілтегендері әзірге алдырмай жүр. Шегіршін құрықтың жерге сүйретілетін тұсы найза ұшындай үшкірленіп тұрады. Қаптай ұмтылған қалмақтарды жігіттер жанұшыра жасқау үстінде. Жүсіп осындай сын сәтінде жеткен болатын. Мұның алдында Тұрсынғали екеуі жылқыға жақындағанда барымтаның үстінен түскен. Қолды болған жылқы қалмақ сойылдары астында жөңкіп барады. Жүсіп те Тұрсынғалидан көз жазып қалды. Бөріккен жылқының бетін қайтарып, тығыздай түсу керек. Жау пиғылы әлі мәлімсіз. Бытырап кеткен жылқының бір шетін шөлкеп жүргенде соққыға жығылған жігіттердің біріне кезігіп қалды. Өзімен ере келген жігіттердің бірі екен.

– Аға, маған алаңдамаңыз, тәуірмін, қос жаққа барыңызшы, – деді ол атынан секіріп түсіп, алдына тізе бүккен Жүсіпке телміре қарап.

̶  Неге олай дейсің? – деді Жүсіп жұлып алғандай тез тіл қатып.

̶ Ондағы жігіттер төбе көрсетпеді ғой. Бұл жайдан-жай емес, – деді жас жігіт қабағы кіртиіп.

̶  Шынында… – деп Жүсіп сөзінің соңын жұтып қойды.

Ойы зерек оғлан қателеспепті. Қу қалмақтар «майданды» екі жақтан ашқан болып шықты. Жүсіп қосқа дәл уақытында келді. Әйтпесе, жағдай қиындауға айналған. Жүсіп қостың жанындағы арпалысты көрген бойда бір шеттен қиқулай тиісті. Еңгезердей жігіттің зор дауысы қозыкөш жерге жеткендей еді. Батыл да бастырмалата қимылдап жүрген қалмақтар бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, «енді не істейміз» деген күдікке бой алдырғандай. Жүсіптің кескін-келбеті, тегеуріні бөлектеу көрінді оларға. Әп-сәтте бір қалмақ жер құшты. Жау жақ қаша ұрыс салып, иен далаға қарай шегіне бастады. Қоржы мен Дамба бірінші болып аттарына қамшы басып, алға түсті. Жүсіп өкшелеп арттарынан қалмады. Қос басындағы жылқышы жігіттерден қайран жоқ еді. Жарақат алғандары бар, дымы құрып титықтағандары бар, сойыл сілтемек түгіл аяғын алып жүрердей жағдайда емес-ті. Оның үстіне жырынды қалмақтар шідерлеулі жүрген мініс аттарын босатып жіберіп, қатты сойылдап, алысқа қуып тастаған болатын. Сөйтіп жылқышылардың Тұрсынғали тобына көмекке баруға о бастан жолдары кесіліп қалған.

̶ Апыр-ай, мына ит қалмақтардың қай басынғаны бұл? – деп үн қатты қосағасы Тұрсынғали бірінші болып.

̶  Иә, Құлкеш абыз қалмақ жақтан әзірге қатер бола қоймас деп айтып отыратын үнемі, – деді Жүсіп сабырмен.

̶  Не де болса бұл Хаюке ханның араласуынсыз болған іс. Бұған күмән болмауы керек. Қазір біздің жақ бел алып тұр, қалмақтарға бітім шартын бұзу өте-мөте тиімсіз, – деді Тұрсынғали өрелі ойдың шетін шығарып. – Ауыл тентектерінің әуресі болар. Мал қуып әкеліп, бір көрініп қалғысы келген парықсыздардың әрекеті ме деп ойлаймын.

Жүсіп пен Тұрсынғали кеңес құрды. Олар мына жайды қалың елге хабарлауға болмайды деп шешті. Әйтпесе, ұрынарға қара таба алмай жүрген ауыл жігіттерінің бірі ұран тастаса берісі он, әрісі жүз ауыл қостап, ұшқын өртке айналып жүре бермек. Қолды болған жылқыны сұраусыз жіберуге және болмайды. Әңгіме малда ғана емес, намыста! Соққыға жығылған жылқышыларға түрлі ем-дом жасалып, пенде болған қалмақтарға да көмек көрсетілді. Тұтқындарды қатаң күзетке алу қажет деп шешілді. Жау ойын біліп бола ма, жылқыны күндіз-түні өте мұқият күзету керек деген тоқтамға келді. Жылқышы жігіттердің ат үстінде жүруге жарайтындары ықшамдалып қалған. Сондықтан қалмақтарға Жүсіп пен Тұрсынғали екеуі аттанатын болды. Қауіп айтқандар да болмай қалған жоқ. Елге хабар салайық деушілер де табылды. Екі жігіттің де қайрат-қажырынан ешкім күмәнданбайды, дегенмен сайланып келген осыншама қалмақты жайпап, қыруар жылқыны қайтарып, кері бағыттау оңай шаруа емес. Мұны екеуі де түсінеді. Бірақ басқа амал болмай тұр ғой.

 Қалмақтар соңдарынан қуғыншылар келетінін жақсы біледі, әрине. Мұны Жүсіп те, Тұрсынғали да жете  пайымдады.

 Қалмақтардың ойлары мынаған сайған. Тосын, тұтқиыл шабуыл қазақтарды абдыратып, абыржытып тастады. Біразы соққыға жығылды. Олар елге хабар салады. Жігіт-желең бас құрағанша, жорық аттарын дайындап, қару-жарақ қамдағанша аз дегенде бір-екі күн өтеді. Осы мерзім ішінде бұлар да елдің шетіне таяп қалады. Соңындағы нөкерлерді күтіп алады. Қалмақтар ханнан қорыққаннан елдеріне хабар сала алмайтын.

Жүзбасы Доржы бастаған қалмақтардың саны әу баста өзін қосқанда жиырма үш адам болатын. Солардың он екісі қазір қатарда келеді. Қалғандары соңдарынан қуып жетуге тиіс. Менменшіл Доржы қарамағындағы нөкерлердің қақтығыста жазым болуы мүмкін екенін қаперіне де алған емес. Ал шындығында, жылқының өрісі мен қос басында қалмақтар  қаша ұрыс салған кезде басы онбасы Қоржының өзі болып барлығы бес қалмақ ауыр жараланып, қолға түсіп қалған. Солардың көпшілігіне Жүсіп пен Тұрсынғалидың сойылдары «бұйырған».

 

IV

Үріккен, бөріккен жылқының іздерінен айқын не бар иен далада!..  Шалдығыңқыраған аттарын жылқыға қосып, көздері шатынаған тоқпақ жалды екі айғырды таңдап мінген Жүсіп пен Тұрсынғали ет пісірім уақыт өткенде үнемі шауып отырған жылқының жүрісі саябырсығанын байқады. Демек алпыс-жетпіс шақырымдай ұзаған соң қалмақтар малға да, өздеріне де сәл-пәл кеңшілік жасаған сыңайлы.

 Жүсіп пен Тұрсынғали бәрі-бәрін кітаптан оқығандай көріп келеді. Тіпті, қалмақтардың мініс аттарының қай жерде, қалай тұрып сарығанына дейін тап басып біліп алып, пікір алмасады.

̶  Жау жақ та шаршаған сияқты. Темір емес, ет пен сүйектен жаралған пенде ғой олар да. Меніңше, олар енді бір қалың тоғайға сіңіп, алаңқайларға жылқыны қаптатып дамылдайды, – деді Тұрсынғали өз ойынан хабар беріп.

– Иә, шамасы солай болуға тиіс. Артта қалғандарын күтеді, ауқаттанады, бел босатады дегендей, – деп Жүсіп те қостады оны.

 Жүсіп пен Тұрсынғали көптен ер салынбаған, сын сағаттарда ғана мінілетін арғымақ текті екі айғырдың ащы терін біраз шығарған соң түлкі жортаққа көшті.

 Бұл жүріс тіл қатысып, іс-әрекеттің жоспарын жасауға қолайлы еді.

̶  Қандай әрекет істейміз, құрдас? – деп сұрады Тұрсынғали. – Мұндай жорықтардың талайын көрген шығарсың.

̶ Оған сөз бар ма, Тұрсеке, қалмақтың аты бір болғанмен, заты бөлек боп жүрмесе неғылсын, – деп сәл іркілді Жүсіп. Сосын сөзін одан әрі жалғады. – Біз көрген қалмақтар жекпе-жекке құлшынып тұратын. Ал мыналарың мен үшін жұмбақ.

̶  Айлакерлік жасағаны болар, – деп жауап қатты Тұрсынғали тізгінді тежей ұстап. – Бұл қалмақтар да жекпе-жекке кетәрі емес. Самсаған қолдың алдында барын салады. Ал барымта-қарымта тұстарында қатыншылаудан да тайынбайды, малғұндар!

̶   Бұны қалай түсінеміз? – деді Жүсіп қатар келе жатқан Тұрсынғалидың бетіне оқыс жалт қарап.

̶   Көпшіліктің көзінен таса жерде біреуі жекпе-жекке шығады да жеңіліп бара жатса бәрі жабыла кетеді, – деді Тұрсынғали жайымен. – Қатыншылау деген осы емес пе сонда!

̶   Не дейді?! – деп таңдана ішегін тартты Жүсіп. Иә, кім білсін, өзі көрген қалмақтар да сондай болар. Бірақ ұрыс кезінде ондайды кездестірмепті. Алдарында не күтіп тұрғанына ой жіберген екі жігіт біраз уақыт үнсіз қалды.

Жаугершілік кезде атқа мінген азаматтың бір өзіне төрт көз артықшылық етпейді. Ал жаратқанның қиғаны екі-ақ көз ғой. Жүсіп пен Тұрсынғали өте сақ, тас түйін қалыпта келеді. Алда да қалмақтар, артта да қалмақтар. Екеуі кезектесіп, соңдарына тесіле қарайды. Пышырай қашқан қалмақтар уәделі жерде бас біріктіріп, жылқы қуғандарға қосылуға тырысатыны мәлім.

Жер реңкі өзгере бастады. Мезгіл көктем кезі болса да шөп сирексіп, күлгін тартқандай. Сары топырақтың ішінен құм қиыршықтары молдау кездесе бастады. Бұл қалмақ қыры басталды деген сөз. Тек алыста ағып жатқан алып Еділ өзенінің арнасын көмкерген жасыл орман көзтарта қарауытады. Жылқы іздері солай қарай ойысты.

Тұлпар текті айғырлардың қаны әбден қызып, жүріс тілеп, тізгін созады. Құйма тұяқтары құм аралас сары топыраққа шашаға шейін батып, екі жігітті сергітіп жібергендей болды. Жүйрік аттың желі болады деген осы.

Бас басқа болса да ой бірдей дегендей, Жүсіп пен Тұрсынғали жаумен болатын болашақ шайқасты негізінен бір адам ойластырғандай пайымдаған. Қалай әрекет жасау керек? Жылқы сонау қарауытқан алқапта. Оған күмән жоқ. Сайрап жатқан іздері бастап апарады. Ондағы қалмақтар кәміл онның үстінде. Артта келе жатқандары алтау-жетеуден кем болмауы керек. Бұлар ауыл арасындағы қойшы, түйекеш емес, Хаюке ханның жасағындағы сойдауылдай жігіттер. Оны Жүсіп пен Тұрсынғали қақтығыс кезінде бірден байқаған.

Бұл бағытта сөз иесі де, іс иесі де – Тұрсынғали. Құлкеш абыздың тумасы әрі сенімді адамы, оның үстіне, жылқы үшін жауапты тұлға. Иә, салмақ Тұрсынғалиға түсіп тұр. Кесімді сөзді де сол айтты. Өзі жылқының ізіне түседі. Қалмақтармен тілдеседі. Біраз нөкерлері тұтқындалғанын айтады. Мәселені мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешуге күш салады. Қалғанын көріп алады!.. Ал Жүсіп болса артта келе жатқан қалмақтардың жолын тосып, мәмілеге келуге көндіруге тырысады. Бас тартып жатса… Жүсіп бірден-бір дұрыс шешім осы екенін түсінді. Алайда, қауіп орасан! «Екі кісі бір кісінің құдайы» дегендей, өктемсінген қалмақтар сөзге түсіне қойса жақсы, түсінбесе… Сідіктері бастарына шауып, қаруға жармасса ше? Қызыл қырғын сонда болады. Екі жігіт қанша жүректі болса да жиырма шақты адамға қалай қарсы келе алады? Бірақ басқа айла-амал да жоқ. Осы шешімге тоқтауға тура келеді. Нар тәуекел!

Қалың өскен бір түп қарағанның көлеңкесіне келіп Жүсіп пен Тұрсынғали аттарынан түсті. Әрі-бері адымдай жүріп, денелерінің құрыс-тырысын жазды, ерді сыпырып, терліктерін күннің көзіне жайып тастады, торсықтағы қымыздан қанып ішті. Өйткенше-бүйткенше шай қайнатымдай уақыт өте шыққан. Екі жігіт жаратқанға сыйынып, төс түйістіре құшақтасты. Бір-біріне сәттілік тілеп, іштерінен құдайға жалбарынды. Тұрсынғали атын жүріске қамдай бастады.

 Тұрсынғали күнбатысты бетке алып, суыт жүріп кетті де Жүсіп арттағы қалмақтарды осы көз таса жерден күтіп алмақ болды. Мезгіл екіндіден  ауып бара жатқан. Жүсіп өзінен гөрі Тұрсынғали үшін қатты қобалжулы. Иә, Тұрсынғали қатерлі іске басын тігіп бара жатыр. Жүсіпке де жеңіл болмайтын сияқты.

 Жүсіп әжептәуір тынығып, қунап қалды. Сиырдың майлы сүтінен жасалған малта құртты сорып, күншығыс беттен көз алмайды. Екінді әлетінде дала сағымданбайды, әр нәрсе анық көрініп тұрады. Әне, көз ұшында бір топ салтатты көрінді. Қалмақтар екені даусыз. Дамылдауға асыққан олар да Жүсіп бой тасалаған бір түп қарағанды қолай көрген тәрізді. Сар желіп келеді. Жүсіп торы айғырға оқша атылып мініп алды. Дауыстап Бәйдібек бабасының аруағына сыйынды. Кіші жүз елінің топырағын басып тұрған соң Құлкеш абыздың аузынан жиі естіген осы өңірдің екі-үш аруақты батырының есімін атауды да ұмытқан жоқ. Сөйтіп, екпіндетіп келіп қалған қалмақтардың алдынан оқ жыланша атылып шыға келді. Тосын жағдай қалмақтарды қатты сескендіріп тастады. Айдалада алдарынан тосқан жалғыз атты кім бұл? Есі дұрыс па өзінің? Топ басшысы онбасы Дамбаның қысық көзі одан сайын бітеліп қалғандай. Қалмақшалап бірдеңе деп маңқ-маңқ етті. Қалмақ тілін жақсы білетін Жүсіп түсінбеген сыңай танытып, жақ ашпады. Ежелден елі іргелес жатқан қалмақтардың қазақша судай болып келетінін ол жақсы білетін. Дамба Жүсіпті анық танып тұр еді. Қос жанынан тықсыра қуған жойқын жігіт.

̶  Иә батыр, не тұрыс бұл? – деді Дамба қазақшалап, – Қолды болған жылқының орнына біздің мініс атарымызды олжалағың келе ме? Оның бола қоймас!

̶  Кәкір-шүкірге мойын бұратын ұсақ адамың мен емес. Қылыш үстінде серт жүрмейді деген. Аттан түс, тіл қатысайық жөнімен, – деді Жүсіп әр сөзін нақпа-нақ айтып.

Дамба қасындағыларға үндемеңдер дегендей оң қолын көтеріп белгі берді. Сәл-пәл ойланып қалғаны байқалды. Жүсіп жіті бағып тұр. Қалмақтар қатты шаршаған. Соңдарынан қуғыншы шыға ма деп аттарын аямай қамшылап, не де болса қазақ жерінен ұзай түсуге тырысқан. Алдарынан алып денелі жігіт шыға келеді деп ойлап па бірі? Жүсіп жалғыз, қалмақ алтау. Қазақ тың, қалмақтар шаршап-шалдыққан. Дамба қулық ойлады.

̶  Аттан түсіп, мәмілеге келейік дегенің жөн сөз екен, – деп Жүсіпке жылы шырай білдірді. – Кәне, нөкерлер!..

̶  Тоқтаңдар! – деп ақырды Жүсіп аяқтарын үзеңгіден шығара бастаған қалмақтарға. –Аттан тек басшыларың түссін, қалғандарың тұрған жерлеріңнен қозғалмаңдар!

̶  Бұның қалай, жігітім? – деп қинала шыр етті онбасы Дамба. Шаршағаннан үні өте нәзік шықты.

̶ Алтауың аттан түсіп, маған жабыла кетсеңдер қайтпекпін? – деп күле сөйледі Жүсіп. – Сақтықта қорлық жоқ деген. Аттан тек өзің түсесің. Атың кім еді, айтпақшы?

– Есімім Дамба! Талай қазақтың шаңын қаққанмын, шырақ, – деп өзеурей жөнелді ол. Сірә, көптігіне сенген сияқты. Енді біраз аялдаса аттарының денесі суып қалатынын білген қалмақтар не де болса жалғыз жігітке бас салған жөн деп шешкен сияқты. Дамба бұйрығын сыбырлап жеткізді нөкерлеріне.

Қалмақтар «Аһа-ху, Хаюке!» деп  ұрандап жіберді де Жүсіпке дүрсе қоя берді. Жүсіптің астындағы торы айғыр сырмінез емес еді. Осыдан секемденген, бекер қауіп ойлапты. Торы айғыр талай жорықты көрген әккі болып шықты. Лезде екі құлағы жымырылып, үстіндегі адамның әбжіл екенін сезінгендей болды. «Ер қанаты – ат» деп бекер айтылмаған ғой. Торы  айғыр тақым қысысынан-ақ ер үстіндегі жігіттің тегін адам еместігін аңғарғандай. Жылқы малынан сұңғыла не бар десеңізші! Азамат пен ат тұтасып бір бұла күшке айналып кеткендей.

Алты қалмақ қиқулап, тұс-тұстан төніп қалды. Сойылдар ауаны тіліп, суылдап берсін. Торы айғыр жоталы, шоқтығы биік жануар. Қалмақтың қаба жалды аласа аттары оның жанында тай сияқты көрінеді. Қалмақтар төменнен жоғарыға қол сілтеп әлек. Ал Жүсіп болса жоғарыдан төніп, қалмақтардың сойылдарын басынан қағып, денесіне дарытпауға тырысуда. Торы айғыр алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, ешкімді маңайлатар емес. Кенет тақым ыңғайын түсініп, алға қарай атылды да қалмақтардың орта тұсына келгенде төмендей беріп, таяп қалған қалмақтың атын омырауымен оңдырмай соқты. Шаршауы жеткен қалмақы ат омақаса құлады. Үстіндегі жігіт зақымданып қалса керек, «баж» етті де үні өшті. Жүсіп торы айғырдың «қулығын» қалт жібермей, не болғанын түсінбей абдырап қалған қалмақтардың екеуіне сойыл сілтеп үлгерді. Олардың біреуі жерге жалп етті де екіншісі атының жалын құшты. Әп-сәтте үш қалмақ қатардан шығып қалды. Әрине, бұл жерде қалмақтардың титықтағанының да пайдасы тиді. Әйтпесе, алты адам көптігін істейді ғой. Жүсіп Ұлы жүзде жүрген кезінде талай жорыққа шығып, Үйсін жасағында жүзбасы болған. Бір өзі бірнеше қалмаққа қарсы келіп, талай рет жеңіске де жеткен. Қалмақтардың тауы шағылып қалғанын байқап, «Уа, Бәйдібек бабам, қолдай гөр!» деп ұранға басты да онбасы Дамбаны нысанаға алды. Еркек қой ол да. Қарсы  шапты. Қалмақы ат пырылдай тыныс алып, барынша екпіндетіп келеді. Дамба талай соқтығыс-қақтығысты көрген сығыр болатын. «Аһа-ху, Хаюке!» деп құлақ тұндыра айқайлап, Жүсіпке сойылын сілтеуге таяп қалды. Осы сәт торы айғыр тосын қылық жасады. Мойынының  астына келіп қалған қалмақы аттың оң құлағынан қыршып тістеп, сілкіп қалды. Дамбаның аты қос тізерлегендей болды. Жүзбасы алға қарай ауытқыған тұста Жүсіп қайың сойылымен қалмақтың жауырын ортасынан оңдырмай ұрды. Басынан соққанда асқабақтай быт-шытын шығаратын еді.

Қос жауырынның ортасынан тиген соққы, басқа әсерлерге қосымша, екі қолды жансыздандырып тастайды. Онбасы Дамба екі көзі мен бақа аузын ашып-жұмып, ат үстінен сыпырылып түсті. Екі қалмақ аттарын төпелеп, бас сауғалауға тырысып, қашып барады. Жүсіп еті әбден қызып, шабыс тілеген торы айғырмен оларды лезде қуып жетіп, ақсақ қойдай қақпайлап, кері айдап келді.

Жау толық жеңіліс тапты. Жүсіп қолды болған жылқының соңынан кеткен Тұрсынғалидың жайын ойлады. Мына қалмақтарды қайтпек? Алдына салып айдамайды ғой. Олай етсе жүрісі өне ме? Ең дұрысы – осы жерде тастап кету. Қол-аяғы бос болса аштан, шөлден өлмес. Уақытша бірдеңе қылып күндерін көрер. Жүсіп сәл есін жиған онбасы Дамбаға осы ойын білдірді.

– Жандарыңды жаһаннамға жіберу мен үшін түк емес. Қандарыңды жүктемейін мойныма. Осында қаласыңдар. Ал аттарыңнан үміт етпейсіңдер, – деді шегелей сөйлеп. Жуасып қалған қалмақтар енді өлмейтіндерін біліп, мүләйімси бастарын изеп, қысық көздерін жыпылықтатты.

Кеш түсе бастаған тұста Жүсіп қалмақтардың алты мініс атын алдына салып, күнбатысты бағытқа алды, Тұрсынғалидың соңынан түсті. Болдырған қалмақы аттарды Еділдің аңғарына қарай сойылдай қуып, өзеннің дымқыл иісі сезілгенде тізгін тартты. Шатқаяқтаған жылқылар судың жақындығын біліп, алға қарай емпеңдей жөнелді. Жүсіп аттан түсіп, қос айылды сәл босатты. Текті мал қанша шөл қысса да қалмақы аттардай суға телміре көз салмай, маңғаз қалыпта тұрды!

Жүсіп аты біраз сарыққан соң жарқабақтан төмен жетелей түсіріп, тұнық судан суғарды. Өзі де асықпай жуынып-шайынды. Жанторсығына су толтырып алып, кісесіндегі құрым дорбадан үш-төрт малта құрт алып, торсыққа салды. Шайқала-шайқала дәмді шалапқа айналады. Қоржында піскен ет, нан бар. Торы айғыр иесінің ой-ниетін түсінгендей жүріс тілеп, алдыңғы екі аяғымен жер тарпиды. Жүсіп қалмақтардың мініс аттарын өзен бойында қалдырып, ымырт қараңғылығына сіңіп кете барды.

…Тұрсынғали қолды болған жылқының ізімен жүріп отырды. Еділдің жағасына жақындай бере бір тоғайдың ішінен жайылып жүрген малды көргенде Ай тас төбеге келіп, төңірек сүттей аппақ болып тұрған. Жылқыларды бірден таныды. Ат үстінде қалғып-мүлгіп отырған күзеттегі үш-төрт қалмақты да көрді. Таң қылаң бермей, ешқандай қозғалыс болмасын білген ол сәл-пәл кейінірек кетіп, ық жақтағы қалың ағашқа бой тасалады. Атының ерін алып, тұсады да ұзын шылбырды беліне байлап, жаратқаннан медет тілеп ерге басын сүйеді. Қатты шаршағанмен мұндайда ұйқы келе ме? Тұрсынғали қара қазанға қағылған күміс шегелердей жылт-жылт еткен көктегі мың сан жұлдыздарға көз тастап, ойға берілді. Құлағы жылқы жақта. «Дәл қазір қиқулай тиіп, бір-екі қалмақты соққыға жығып, жылқыны кері қууға әрекет жасауға болар еді. Алғашқыда ісі сәтті қалыптасар. Кейін ше? Әбден тыныққан  жау жабылмай ма бұған! Оншақты адамға не істей алады? Қой, асыққан шайтан ісі деген. Тіл қатысып көрген жөн болар».

Осындай тоқтамға келген Тұрсынғали не де болса ақырын күтуге бекінді. Ер қасына ілінген қоржынға қол созып, жол азықтан дәм татты. Құбылаға қарап мінәжат етіп, іштен күбірлеп сапар аятын оқыды. Бұдан елу-алпыс жылдай бұрын осы Еділ қалмақтарымен болған қанды шайқаста қазіргі Хаюке ханның мыңбасы болып жүрген ағасын жекпе-жекте жер құштырған атасы Жұбанғали батырдың аруағына сыйынды.

Көктемнің таңы тез атады. Тоғай ішіндегі алуан түрлі құстар әнге басып, тіршілік қамына кіріскен. Осынау тұнық таңда адамдардың араздығын қоздыратын оқиғаларға жол жоқтай көрінеді. Қайтерсің, өмір шіркін осы!

Тұрсынғали орнынан сергек тұрды. Жаугершілікті талай көрген құла айғырға ризалықпен көз тастап, ер салды. Атының шеке тұсын, құлағының түбін қасып, қысылғанда көмек етуін өтінгендей болды. Қалмақтар жақтан да қозғалыс байқалды. Олар да оянып, ауқаттанудың қамына кіріскелі жатқан сияқты. Енді кідіруге болмайды. Жаудың құтын қашырып, абыржытып тастау керек. Тұрсынғали «иә, сәт» деп атына ырғып мінді де ағаштың арасынан екпіндетіп шыға келді. Жылқы малының жаратылысы ерекше ғой, құла айғыр мен Тұрсынғалидың иісін сезіп-біліп, бұлардан сәл дыбыс болса кері қарай тура тартуға дайын тұрғандай. Қулық биелер құлақтарын сәл-пәл қайшылап, тұрпатты жаралған құла айғырға сынық мінез таныта қарағандай болады… «Қожайын, бізден кінә жоқ, сойылдың салдары ғой» деп шарасыздық танытқандай.

 Тұрсынғалиды беріректе жүрген атты нөкер алғаш көріп, жамбасына от басылғандай  «баж»  етті. «Қазақ, қазақ» деп тоғайды басына көтеріп айғайға басты. Тұрсынғали шу мен дудан еті қызып, тізгін сүзетін құла айғырды қалмақтар түнеп шыққан жерге қарай бағыттады.

Шынында да жау жақ абдырап қалған. Екі-үш нөкер әудем жерде шідерлеулі жайылып жүрген аттарға жүгіріп бара жатыр. Тұрсынғали олардың алдын орап, кейін қайтуға мәжбүрледі. Қалған қалмақтар ашық-шашық, қаруына қол соза алмай қалды. Тұрсынғали арқан бойы жерге келіп, сұсты жүзін жүзбасының айырым белгісі бар шойынқара қалмаққа бұрып, көмейінде дайын тұрған сөздерін ақыра айтты.

  ̶ Есімім Тұрсынғали! Мына жылқының жоқтаушысымын. Басшы сен болсаң, былай шық, сөйлесейік! – деді екі аяғын үзеңгіге шіреп тұрып.

  ̶  Мен жүзбасы Доржымын! Қазақтарда қырық жылғы кегіміз бар. Мына мал соның бір хиуазы ғана. Не сөйлесетіні бар, өлгің келмесе, жолдан былай тұр, қазақ! – деп шойынқара да тіке кетті.

  ̶  Екі ортадағы бітім қайда? Мұныңды хандарың Хаюке білсе жоныңнан таспа тілер. Қалың қазақ қозғалса, күндерің не болмақ, осыны ойладың ба, жүзбасы!

Тұрсынғали қалмақтың ханын әдейі тілге тиек етіп, барымташыларды ықтыра сөйлеуге тырысты. Доржының бұл осал тұсы болатын. Бітім тек хан жарлығымен бұзылса керек. Өзі әу баста ойланбапты, оның үстіне мыңбасы Сартақ қолтығына су бүрікті. Енді, міне, екі оттың орасында қалғандай жайы бар. «Мына жаужүрек қазақ жіңішке жерден ұстап тұр.  Жабыла  кетсе нетер? Оңайлықпен алдырмас. Біраз адамы жазым болары күмәнсіз. Арты не болмақ сонда?» Доржыға шындап қысылыс кірді. Ат үстінде қасқайып отырған Тұрсынғалидың батырға тән бітімін аңдап, сөйлескен жөн болар деген шешімге келді. Не айтар екен, мүмкін тығырықтан  шығудың жолы табылып қалар. Доржы ілгері бір-екі қадам басты. Тұрсынғали кесімін күтіп  тұр.

– Болсын дегенің, жігітім. Сөйлеселік, кім қуып барады бізді, – деп ыңғайға жығылғандай болды жүзбасы Доржы.

– Олай болса, соңымнан ілес жаяулап. Былайырақ шығып тіл қатысайық, – деді Тұрсынғали. – Өзгелерің орындарыңнан қозғалмаңдар, шартым осы!

Доржы домаланып ілесіп келеді. Жаяудың жүз қадамындай жер ұзағасын Тұрсынғали аттан түсті. Қалған қалмақтар анық көрінетін алаңқайға бетін бұрып, отыратын орын сайлады. Атын бос жіберіп, шылбырын беліне байлады. Сақтықта қорлық жоқ деген. Уақытша болса да қалмақтардың бетін бері қаратқан сияқты. Жүсіптің жағдайы нешік? Өзі қысылтаяң сәтте тұрса да досын ойлап мазасы қашып тұр.

 Тұрсынғали мен Доржы ұзақ сөйлесті. Тұрсынғали жылқыны алдыма саласың деді. Ашкөз Доржы көнетін емес. Тұрсынғали қолға түскен қалмақтар жайын айтты. Дамба бастағандарды да пенде болғандардың қатарына қосып жіберді. Жүсіптің бір амал табарына сенген. Әрине Доржы былқылдап-ақ отыр. Бірақ әккі барымташы қолға түскен малдан айырылар ма! – Сөзім таусылды, жүзбасы! – деді Тұрсынғали қатулана сөйлеп. – Қазір өзіңді ұрып жығып, байлап тастаймын да қалғандарыңа ұрыс ашамын. Басқа амал жоқ. Не боларын болашақ көрсете жатар!

– Не?! Не дедің, қазақ?! – деп түкірігіне шашалып алға еміне берді Доржы.

– Сабыр, сабыр, жүзбасы! Қарусыз кісіге тиісетін нәмәрттігім жоқ. Жекпе-жек шайқасқа шығамыз! – деп Тұрсынғали екі қолымен қалмақтың иығынан басты. Алыстан қарағанда екі жігіт құшақтасып жатқандай көрінді. Жылқы жақта қалған қалмақтар бұларды жіті бақылап тұрған.

– Жақсы, жекпе-жек болса, болсын. Ата дәстүрден аттамайық, – деп көнгенін білдірді Доржы. – Тек талабыңды білдір, қазақ!

– Жекпе-жекте жеңілсем, жылқыны дауламаймын. Хаюке ханға да шағымданбаймыз. Ал жеңсем, жылқыны шып-шырғасын шығармай алдыма саласың. Айтпағым осы! – деді Тұрсынғали әр сөзін шегелей айтып.

Доржы жаяулап ұзап кетті. Тұрсынғали асықпай атын жетелеп, алдында көзі шалып қалған оймақтай қарасуға беттеді. Атын тарта суғарып, ер-тұрманын сайлап, қайың сойылын оңды-солды сілтеп, ұрысқа даярлық жасағандай болды. Ежелгі батырлардың ырымымен құла айғырдың омырау тұсын қақты. Бар ойы жекпе-жекте болғанымен Жүсіптің жағдайы да көңілінен кетпей қойды. Арттағы қалмақтардың жететін уақыты әлдеқашан болды. Демек олар Жүсіптің тосқауылынан шыға алмаған. Қалай болғанда да Жүсіптің қалмақтарды тежегенін пайымдады Тұрсынғали.

 Доржы сарбаздарына келіп, әңгіме ауанынан хабардар етті. Жекпе-жекке ешкім қарсы бола қоймады. Жүзбасыға сенімді еді олар. Доржы жеңілген жағдайда жылқыдан  күдер үзуге тура келетінін білгенде қалмақтар әжептәуір қозғалақтап қалды.

̶  Жеңіс сенікі болады, жүзбасы! Біз тіпті күмәнданып тұрған жоқпыз. Алайда ұрысқа кірген екенсің, шығуын да біл дегендей, күтпеген жағдайға душар бола қалсаң бейжай қарап тұрмаспыз, – деді өзін мыңбасы Сартаққа туыс санайтын өңкиген кексе қалмақ өзімсіне сөйлеп.

Тұрсынғали таяп келгенде жекпе-жекке сайланған Доржы алдынан шықты.

Тоғай ортасындағы алаңқай едәуір көлемді екен. Жылқылар аракідік пысқырып қойып, әріректе жайылып жүр. Қалмақтар аттарына мініп, қаздай тізіле қалыпты.

Негізінде, қазақ-қалмақ жекпе-жегінде бұлжымас қағида жоқ. Жалпы нұсқа ғана бар. Яғни еркін іс-қимыл. Қарсыластар бұл жолы садақ тартпайды, найза толғамайды. Тек сойылмен қайрат қылады.

Адам дауысы  жететін жерге дейін ұзаған екі жігіт аттарын оқыс кері бұрып, қарсы шапты. Құла айғыр секіріп келе жатқандай да қалмақы ат жермен-жексен болып зулап келеді. Екі жігіт ерге жабысып қалғандай. Жанаса бергенде сойылдар сарт-сұрт етті. Денелеріне дарымай, қайың сойылдар бір-біріне соғылған еді. Біраз ұзап барып, екеуі тағы кері салды. Әдіс ала бастаған екі жігіт бір-бірінің осал жерлерін іздеген. Әккі сойылшылар оң қолмен де, сол қолмен де бірдей қайрат көрсете алады. Сөйтіп қарсыласын алдап түсіруі ғажап емес. Доржы оң қолында көтере ұстаған сойылын Тұрсынғали таяп қалғанда лып еткізіп сол қолына ауыстырды да қарсыласының тізе тұсынан ұрып кеп жіберді. Қимылы тез де тосын болды. Тұрсынғали өз сойылын тізе тұсына көлденең тосып  үлгерді. Негізгі күш сойылға түсті. Десе де, Тұрсынғалидың сан еті шым етті. Сүйекке тисе оңдырмайтыны сөзсіз. Мына соққы етін езіп жіберген тәрізді. Бұл қас-қағым сәтте болып еді. Доржы дәл қасынан зу етіп өте бергенде Тұрсынғали тізгінді қоя беріп, қарсыласының екі иығына жармаса кетті де аттан жұлып алып, оңға қарай атып жіберді. Көзді ашып-жұмғанша Доржы қалың шөптің үстіне домалай  құлады. Тұрсынғали екпінімен біраз алға кетіп барып, кері бұрылғанда тұра алмай тырбаңдап жатқан жүзбасыны көрді. Қалмақтар басшыларын қаумалап алыпты.

̶  Уәде құдайдың аты. Жүзбасыларың жекпе-жекте жеңілді. Енді жылқыны алдыма салыңдар. Осымен іс бітсін, – деді Тұрсынғали жақын келіп.

 Есін жиған Доржы қасындағыларға маңқылдап бірдеңе айтып жатыр. Шартты орындау керек дейтін сияқты. Көбі көнбей жатқан тәрізді. Енді тұтас денелі кексе қалмақ сөз тізгінін ұстағандай. Сарбаздарға өктем сөйлеп, бұйрық бере бастады. Іс насырға шапқалы тұрған сияқты. Қалмақтар жүзбасының айтқанын құлаққа ілер емес. Жалғыз жігітке жылқыны қайтарып беруді намыс көріп әрі ашкөзденіп, қатыншылауға баратын сыңай танытуда. Тұрсынғали солай боларын алдын-ала болжаған. Енді ол ұрыс салуға бекінді. Қаша ұрысып, қалмақтарды бір-бірлеп жамсатуды қолай көрді. Қалмақтардың ауыз біріктіргенін күтіп тұрмай, ақыра ұмтылды. Ортадан жарып өтіп, бір қалмаққа жер құштырды. Сол беті кері бұрылмастан жылқыға тиісіп, құлын кезінен сылап-сипап жүретін жас айғырдың үйірін алдына салды. Астындағы құла айғыр азынай кісінеп, басқа үйір басы айғырларға хабар бергендей болды. Мына кереметке қараңыз – сол-ақ екен, айғырлар кісінеп, биелер шұрқырап, тоғай іші азан-қазан болып кетті. Жылқы біткен Тұрсынғали алдына салған үйірдің соңынан қозғалды. Қалмақтар өз тілдерінде ойбайға басып, жылқының алдын орауға күш салуда. Малды аямай бастан, көзден төпелеп ұрып жүр. Бір-екі үйірді ғана тежегендей болды. Екі-үш нөкер сол жылқыны қайырмалап, қалғандары Тұрсынғалидың соңына түсті. Шаңның астында қалған Тұрсынғали қалмақтардың қуып келе жатқанын білсе де қай тұста екенін шамалай алмады. Шаң сәл сейілгенде бес-алты қалмақтың үздік-создық шауып келе жатқанын көрді. Тосып тұрмай қарсы шауып, алда келе жатқан қалмақты көз ілеспес шапшаңдықпен аттан аударып кетті. Қайтадан жылқының соңына түсті. Тұрсынғали қалмақтардың қолында қалған екі үйір жылқыдан күдер үзген. Қолына түскенін құтқарса да аздық етпес деп ойлады.

 Күн сәскеге таяп қалған. Өрісін аңсаған жылқылар ешкім айдамай-ақ жөңкіліп барады. Қалмақтар да қалысар емес. Қазақ қоныстарына дейін әлі алыс. Жылқының бір байыз табары анық. Тұрсынғали да шаршайды кезі келгенде. Қалмақтар осыны шамалап, құтылмас жемтігінің ізіне түскен аш қасқырдай сүмеңдеп салып  келеді.

 

V

…Адал көңіл, ақ ниетке жетер не бар жалғанда! Кенет бозала шаңның арасынан торы айғырын екпіндетіп Жүсіп шыға келді. Дәл сын сағатта жетті. Тұрсынғали толқытқан сезімнің әсерінен алғашқыда үнін шығара алмай қалды. Жүсіп таяп келіп, оң қолын досының иығына салды. Бастарынан өткен жайларды екеуі де айтпай-ақ ұғысты. Жүсіпті көрген қалмақтар бір сәт тосылып қалды. Сірә, бұл жігіт қазақ жасақтарын бастап келген болар деп ойлаған тәрізді, әріректе шоғырланып тұр. Олар да өздерінше жоспар құра бастады. Елге, Сартақ мыңбасыға хабар жеткізбесе болмайтын сияқты. Ханның қаһарынан сол ғана қорғай алады. Әйтпесе бұлардың басы кетеді. Бәрі бірігіп Доржыны көндіреді. Көнбесе де мыңбасыға бәрібір хабаршы баратын болады. Доржы көнді.

Қалмақтар қазақ жасағы келіп жетті деп ойлап қалды.

Жүзбасының өңі бұзылып кетті. Дес бергенде қалмақ ауылдары алыс емес еді. Аты жүрдек бір нөкер тоғайларды тасалай жортып, былай шыға қылқұйрыққа аямай қамшы басты. Тұрсынғали мен Жүсіп оны байқамай қалды. Екеуі ақылдаса бастады. Алдарына түскен жылқы енді қалмақтардың түсіне де кірмес. Жау қолында қалған малды қайтпек? Дәл қазір ұрыс салса ше? Қалмақтар сақ. Оңайлықпен алдырмайды. Қандай айла-амал бар? Қалмақтардың саны әлі де басым. Қалың жылқыдан күдер үзбек емес. Тұрсынғали мен Жүсіп әліптің артын баққанды жөн көрді.

Дәл осы тұста жүзге жуық қазақ жігіті таяп қалған болатын.

Бошалаған інгенін іздеп жүрген бір шал Құлкеш жылқышыларының қосына тап келіп, болған жайға қанығып, жылқышылардың құпияны сақтаңыз дегеніне құлақ аспай, барымта туралы елге жайып жіберсе керек. Бидің рұқсатымен іріктелген жүз жігіт табанда жорыққа шығады. Екі  жүз шақырымдай қашықтықты күн жарымда басып өтіп, қаптап келе жатқан жылқыға кезігеді. Бұл Тұрсынғали мен Жүсіп үшін тосын іс болды. Арттан көмек келеді деп ойлап па екеуі? Жағдай өзгеріп сала берді. Жасақ басшысы Құлкештің үшінші ұлы Иманғали мырза екен. Ол бірден Тұрсынғалиға бағынатынын білдірді. Сірә, әкесінің өкімі солай болған сияқты. Қосағасы Тұрсынғали әңгімені созбады. Өзі жиырма жігітті бастап, қалмақтарға қолды болған жылқыны қайтарып алуға барады. Қалғандары жылқыны Еділге бағыттап, саялы бір тоғайды уақытша қоныс етіп, демала тұрады. Қалмақтардан сескенудің енді жөні жоқ.

Андыздап келе жатқан қазақтарды көргенде қалмақтардың көзі атыздай болды. Сонда да  жылқыны қоршап алып, өліспей беріспейтін сыңай танытты. Атқа мінуге жарап қалған Доржы жақындап келді.

̶ Әй, жүзбасы, нөкерлерің айтқаныңды тыңдамайды. Қит етсе қатыншылауға бейім тұрасыңдар. Не дейсің бұған?! – деп тұқырта сөйледі Тұрсынғали салған жерден.

 ̶ Иә, солай болғаны рас. Ондайда жүзбасы міндетінен бас тартар болар. Мен енді ештеңеге араласпаймын. Анаумен сөйлес, – деп мардымсынған қартаң қалмақты нұсқады Доржы. Дегенмен өзінде жігіттік мінездің жұқанасы болса да қалған сияқты. Тұрсынғали жауы болса да Доржыға түсінушілікпен  қарады.

Нөкерлердің жаңа басшысы қартаң қалмақтың есімі Жамба болатын. Ол мыңбасы Сартақты жақын тұтып, жүзбасы лауазымына жетуге жанын салып жүрген бір бейшара болатын. Қулықтан да кенде емес.

  ̶  Батыр, – деді ол Тұрсынғалиды көтермелей сөйлеп, – біздің жақтан бір білместік кетті. Әу баста қарсы болып едім. Жас жүзбасы құлағына ілді ме? Түнді осында өткізейік, ойланып, мәселені ертең шешейік.

Тұрсынғали дәл қазір дүрсе қоя берсе қалмақтарды жайпап өтіп, барымталанған жылқыны әп-сәтте қайтарып алатынын жақсы білді. Бірақ мәрттікке басып, келісімін берді. Қалмақтар түн жамылып жылқыны қуа жөнелуі де мүмкін. Сондықтан қалмақтармен келісіп, бес жігітін осында қалдырды. Жамба қастық-қараулық жасамауға уәде берді. Тұрсынғали оның уәдесінің қағаз күркедей салмағы жоғын біліп тұр, оны тек қара күш қана тежемек. Кепіл – қазақтардың келіп жеткен жасағы.

  Түн тыныш өтті. Тұрсынғали ұйқысы қанып оянды. Соңғы күндері бойы да, ойы да айтарлықтай шаршаған жігіттің көңілі біраз жай тапқандай. Енді қауіп жоқ. Соңдарынан жеткен жігіттер өздері ала келген ішіп-жемін ортаға қойып, ауқаттануға кірісіп кетіпті. Бәрі қосағасы мен Жүсіпті қолпаштап, төрге отырғызды. Әңгіме кілті өзінен өзі ашылып жүре берді. Қай-қайсысының да басынан өткен жағдай аз емес. Соғыс та, қақтығыс та, барымта-қарымта да болды ғой талай. Мына Еділ қалмақтарымен бітімге келгелі бар болғаны бес-ақ жыл. Оның арғы жағын айтпаңыз!

 Жүсіп пен Тұрсынғалидың осы отырғандардан жастары мазалдырақ еді. Сондықтан әңгіме тиегі ағытылса да жастар екеуіне жиі мойын бұрып, тежеліңкіреп отыр.

Жүсіп те, Тұрсынғали да аузына берік адамдар. Екеуі де қалмақтарға қарсы талай жорыққа қатысқан. Бірақ айтарлықтай ерлік жасай қойған жоқ. Сөз бір басқа да, іс екінші басқа ғой. Естіген – өтірік, көрген – шын.

 Тұрсынғали ымдап, Жүсіпке орнынан тұруға белгі берді. Ас қайырған соң екеуі дастархан басынан тұрып кетті. Жылқы күзетінде жүрген жігіттер келісім бойынша сырмінез екі айғырды ұстап, ерттеп  жатыр екен. Лып етіп аттарына мінді де қозы өрісіндей жердегі қалмақтарға қарай жүрді. Оларда да өзгеріс байқалмады. Қосағасы кеше осында қалдырып кеткен бес жігітті демалуға қайтарды. Олар ешқандай жаңалық айта қойған жоқ. Ұзын шашы иығына түскен Жамба қолтығын тыр-тыр қасынып жақындап келеді. Өңінде мүләйім күлкі.

̶  Батыр, уәде орнында! Біз жылқыны қайтарамыз. Тек тілхат беріңіз, талабымыз жоқ деп. Мен кішкентай адаммын, қожайыным көп, – деп төменшектей сөйледі кексе қалмақ.

̶  Байқадың ба, Тұрсеке? – деді Жүсіп арқан бойы ұзаған соң. – Анау Жамба бір қулық ойлаған тәрізді. Ішім сезіп тұр.

̶  Иә, иә, мен де күмәнданып едім. Сөйлегенде жылтыраған екі көзі ойнақшып тұрады екен кәззәптың, – деп Тұрсынғали досын қостап қойды.

Екеуі қайтып оралғанда жігіттер тас түйін болып жинақталып қалған екен. Мініс аттары қаңтарулы тұр.

̶  Ал жігіттер, қайсың хатқа жүйріксің? Қалмақтарға хат жазамыз, – деп ойнақылана сөйледі қосағасы таяп келгенде.

…Еділ жағалауындағы тоғайлықтарда жылқы алдырған қазақтар мен барымташы қалмақтар өзара түсіністікке қол жеткізгендей болған тұста мән-жайдан хабар алған Сартақ мыңбасы үнемі қол астында ұстайтын жүз нөкерін бастап, межелі жерге жетіп қалған. Бір өзін жүз адамға балайтын Сартақ шынымен айтулы баһадүр болатын. Әдетте жауласқан жақтар бір-бірін кемсітіп жатады ғой. Бірақ қазақ батырлары Сартақты мойындайтын.

Тұрсынғали мен Жүсіп тілхат жазу қамымен кері оралғанда тоғайды тасалана жортқан Сартақ тобы абдырап отырған қалмақтарға келіп жетті.

Мыңбасыны көрген бойда жүзбасы Доржы жарақатын ұмытып тұра жүгірді. Нөкерлер бойларын түзеп, үстерін қағып-сілкіп жатыр. Жүзі сұсты Сартақ Доржының айтқанын салғырттау тыңдады. Жағымпаздана қипақтап жанына жақындаған «туысы» Жамбаға алара бір қарап, жүзін бұрып әкетті. Мыңбасының қылығы бағыныштыларының іс-әрекетіне разы еместігін білдіріп тұр.

̶  Қазақтар қанша адам? – деп сұрады мыңбасы дірілдеп тұрған нөкерлерге жалпылай сұрақ қойып. Олар кібіртіктей берді. Жүні жығылып, жуасып қалған Жамба таң алдында өз бетімен барлау жасап, қазақтарды бақылап, мөлшерін шамалап келген.

̶  Жүздің сәл үстінде сияқты, мыңбасы! Екі жылқышы жігіттің соңынан шыққан жасақ кеше келіп қосылды, – деді Жамба басын иіп. Сартақтың миығына менмен күлкінің табы үйірілгендей болды.

̶  Екі жылқышы дейсің бе? Осынша адаммен екі қазаққа күштерің жетпегені қалай, ә? Алдарыңа түскен жылқыдан айырылғанша өліп неге кетпедіңдер, өңшең малғұн! – деп мыңбасы Сартақ қорыққаннан зәре-құты қалмай тұрған нөкерлерге қамшы үйірді. Олар бытырай қашты. Бассауғалаған Доржы атының бауырына кіріп кетті. Екі жылқышы қазақтың жойқын қайраты туралы ешкім ештеңе дей алмады. Сартақ түтігіп кетті. Ол қазақтарды шетінен жамсатып, бүкіл жылқыны алдарына салуға серт қылды. Тобындағылардың ішінде нөкерлерге қоса он шақты онбасы және бір жүзбасы бар болатын. Соларға қысқа-қысқа бұйрық бере бастады.

Қосағасы Тұрсынғали қалмақтарды сырттан бақылау үшін екі-үш жігітті күні бұрын бөлген. Солардың бірі жедел жетіп, қалмақтардың жағдайынан хабар берді. Жамба сұмырайдың қулық асырғаны мәлім болды.

Екі жақтың күші тепе-теңге жақын. Қалмақтар сәл көптеу. Оның үстіне, «алушыны аңдушы жеңеді» дегендей, Сартақ ұрысқа сайланып келіп отыр. Аянатын-аяйтын түрі болмас.

Жігіттердің түстері суып, қатуланып кетті. Сын сағаты келген сияқты. Өліспей-беріспейтін шайқас болады қазір. Қайсының талқаны таусылғалы тұр екен? Бұрын беймәлім болып келген ауыл жігіттерінің қайсының даңқы дүрілдемек? Шайқас барысында күтпеген жағдайлар бола береді. Бетіне жан баласы келе алмайтын қаһарлы батырлар мерт болып жатады. Сондай-ақ, елеусіз жүрген жігіттер орасан қайрат көрсетіп, елге аты тарап кетеді.

Салмақ қосағасы Тұрсынғалиға түсіп тұр. Ол қазақ-қалмақ бітімі болмай тұрғанда талай қақтығысқа қатысқан сыралғы сарбаз. Жау түсірген сәттері де болған. Енді жасағы шағын болса да қолбасы болуға тура келіп тұр. Тәжірибе керек мұндайда. Жігіт іштей қысылып тұр. Соның бәрін Жүсіп пайымдап тұрған. Ортақ істе тартынуға болмайтынын түйген ол әудем жерде өз ойымен оңаша қалып, атын қайтадан ерттеп жатқан Тұрсынғалиға таяп келді.

̶  Қапаланба, Тұрсеке! Жаудың бетін қайтарамыз. Жігіттерді басқар. Олар саған сенеді. Мен сенің оң жағыңнан табылармын, – деп досына қайрат бере сөйледі. Бұл түсінген адамға «бас батырға мені қолайла» дегені еді. Тұрсынғали оқыстан «уһ» деп терең тыныс алды. Бірден арқа-басы кеңіп жүре берді. Жо-жоқ, Тұрсынғали ұрыстан тайсалған емес. Әскер басқарып көрмегендіктен қобалжыған. Жүсіп жол тауып кетті. Дұшпанға қарсы ұрыс салуды өз қолына алатынын досының намысына тимейтіндей етіп, жұқалап жеткізіп тұр.

Тұрсынғали жігіттерге дайындалуға бұйрық берді. Бес қару сайланды. Тұрсынғали мен Жүсіптің бар қаруы сойыл мен қамшы болатын. Барымташы қалмақтардың да қаруы сондай. Ал Сартақ тобы мұздай қаруланып келген.

Күн көкжиектен тұсау бойы көтерілді. Сәскеге таман ыси бастайды. Оған дейін ұрысты бастау керек. Екі жақ та осындай шешімге келген.

Алдымен тілдесу қажет. Уәделесіп қойғандай, қалмақтар жақтан онбасының айырым белгісі бар жас жігіт қазақтар тобына атын желдіріп келе жатты. Оң жақ қарына ақ шүберек байлаған. Тұрсынғали қарсы жүрді. Жігіттердің бірі басын танған ақ орамалды шешіп, қосағасының оң қарына байлап берді. Қалмақ жігіті ат үстінде таудай болып отырған Тұрсынғалиға тіксіне қарады. Оқыста бас сала ма деп сескенген тәрізді. Дәстүр бойынша, жаушыға ешкім тиіспейді.

– Бізді бастап келген Сартақ батырдың айтқанын жеткізбекпін, – деді қалмақ жігіті нақпа-нақ сөйлеуге тырысып. – Басшыларың біздің мыңбасымен кездесуі керек. Болашақ ұрыс тәртібі келісілуі тиіс. Айтпағым осы!

̶  Жақсы! Барады басшымыз, – деп қысқа қайырған Тұрсынғали атының басын кері бұрды. Қалмақ та кейін шапты.

Мыңбасы дегенді естігенде басы Тұрсынғали, Жүсіп болып жігіттер ойланып қалды. Бірақ бұл үрейлену емес. Ұрыс жойқын болатын түрі бар. Сонда қалай? Бітімнің бұзылғаны ма? Хаюке хан жарлық шығарған ба? Осы ойлар қосағасы Тұрсынғалиды уысында ұстап, қыса түскендей болды. Мұның анық-қанығын білу керек. Ұрыс ауаны соған байланысты болмақ. Бітім шарты сақталып тұрса Сартақ мыңбасы шектен шыға алмайды, абайлап басады аяғын. Дәстүр бойынша, ойбасы мен ойбасы (билер), қолбасы мен қолбасы (батырлар) тіл қатысуы керек. Яғни Сартақ мыңбасымен сөйлесуге қосағасы Тұрсынғали емес, Жүсіп бармақ болды. Себебі ұрыс жағдайында қолбасы қарсы жақтың қолбасшысын жекпе-жекке атап шақырады. Егер қолбасы алға шықпаса бүкіл жасақ ұрыссыз-ақ жеңілген болып есептеледі. Қосағасы Тұрсынғали мен Жүсіп  біраз мәселені тез-тез пысықтап алды.

Қалмақ жағы самсап бері қарай төңкеріліп келе жатты. Шұбар ат мінген мыңбасы Сартақ  найза бойы алда келеді. Екпіндері қатты.

Жүсіп сыралғы тоқпақ жал торы айғырға мінді. Бес қаруы бойында. Сейілге қарусыз шыққан, соңдарынан келген жүз жігіттің қаруынан өзіне ұнағанын таңдап алды.

Екі қолбасы дауыс жетер жерге жақындады. Сартақ «заңды» мыңбасы әрі жасы үлкен, жекпе-жектің шартын сол айтуға тиіс. Дәстүр солай.

̶  Кім екеніңді білдір, жігітім, өлеріңде атыңды естіп қалайын! – деді Сартақ тап-таза қазақ тілінде. Бұл қу қазақ батырларын жүзбе-жүз жақсы танитын. Ал Жүсіп мүлдем көрмеген адамы.

̶  Есімім Жүсіп, тағдыр айдап алдыңа шығып тұрмын. Қай шартыңа да көнемін, батыр! –  деді Жүсіп қасқайып тұрып. Үнінен Сартақ күткен қобалжу сезілмеді. «Жүректі жан екен» деп ойлап қалды қалмақ қолбасы.

̶  Шарттарыма көнсең, екі бөлек жылқыны қосамыз. Қалмақ-қазақ жақтан үш-үш жігіттен мал ішінде болады. Жекпе-жекте кім жеңсе жылқы түгелімен соның олжасы. Қалай қарайсың бұған? – деді мыңбасы езу тартқанның ырымын жасап.

̶  Түгел келісемін, – деп Жүсіп қысқа қайырды. – Менің бір сауалым бар, Сартақ батыр, айтуға бола ма?

̶  Айтың, айтың, жігітім! – деп мыңбасы өзінше мейірлене тіл қатты.

̶  Айтсам, екі ел арасындағы бітім шарты бұзылды ма? Мына болғалы тұрған ұрысты қалай түсінеміз? Менің сыртымда ызғындай ел тұр. Не деп барамын оған? – деді Жүсіп турасына көшіп.

– Әуелі аман қалуды ойла, шырақ. Дәмең зор екен, елге оралғың келеді. Үміттенуге хақың бар, әрине! Бітім шарты бұзылған жоқ. Бұл барымтаға шыққан қазақтардың бетін қайтару болмақ. Күн келбетті ханымыз Хаюкеге осындай хабар барады, – деді залым мыңбасы беті бүлк етпестен. Өздерінің қарау істерін бұларға жаппақ, ардан безген қалмақтар. Жүсіп ызадан түтігіп кетті. Қаны басына шауып, ала аттың үстінде маңғаз отырған Сартаққа жолбарыстай атылуға шақ қалды. Әзер тежеді өзін. Иә, бұл жерде қызбалыққа салынуға болмайды.

Әккі Сартақ жекпе-жектің шартын қиындатып жіберді. Садақ тарту. Найза лақтыру. Аударыспақ. Сойылдасу. Қылыштасу. Әуелі қатардағы қалмақ нөкері мен қазақ сарбазы шығады садақ тартуға. Сосын екі жақтан бір-бірден онбасы шығып, найза лақтыру өнерімен сайысқа түседі. Бұдан соң екі жүзбасы аударыспаққа шығады. Ең соңынан Сартақ пен Жүсіп сойылдасады. Бұдан екеуінің бірі қатардан шықса, жекпе-жек тоқтатылады. Екеуі де төтеп берсе қылыштасу жалғасады. Алдыңғы үш сайыс жігіттердің жай күш, шеберлік сынасуы болып есептеледі де бүкіл түйткілді екі қолбасшының жекпе-жегі шешеді. Нәтиже соған байланысты болмақ. Дәстүр бойынша, қойылған шарт орындалуы керек. Қазақ-қалмақ жекпе-жегінің мұндай көп сатылы болуы өте сирек кездесетін. Зымиян Сартақ қазақ сарбаздарының соғысқа дайындығын білуді мақсат еткен болатын. Мұны қазақтар да түсінді.

Жүсіп пен Тұрсынғали тез іске кірісіп, сайысқа түсетін жігіттерді іріктей бастады. Кеңесшілікке жасақты бастап келген Құлкеш абыздың үшінші ұлы Иманғалиды тартты. Садақшы тез табылды. Қашқан киіктің алдыңғы екі аяғы қатар келгенде, тұсап ататын  Мыңғали таңдалды. Найза сілтеуге бесті асауды бір қолымен-ақ тұқыртатын Ізбасар шығатын болды. «Аударыспаққа өзім шығам» деп Иманғали мырза отырып алды. Жүсіп пен Тұрсынғалиға келісім беруден басқа амал қалмады. Жекпе-жекке шығатын Мыңғали, Ізбасар, Иманғалиға жүздікпен бірге келген қарт батыр Батырғали бата берді. Кезінде жүзбасы болған бұл кісі егдетартқан соң жас сарбаздарды жаттықтырушы болып жүрген.

Иншалла, бәрі сәтімен болып жатты қазақтар жақта. Ал қалмақтар о бастан дайындалып келген. Мәселе тез шешілді.

Сартақ өз жігіттерін, Жүсіп өз жігіттерін ілестіріп майдан алаңына келді. Жекпе-жекке шығатын екі жақ бір-біріне көз сұғын қадап, тінте қарайды.

Жасы үлкен Сартақ батыр тізгінді өз қолына алды. Садақшылар әуеде ұшып жүрген қарақұсты дәлдеп атып, мойнын қиып түсіруге тиіс. Иә, жемтік іздеген түздің қанатты жыртқыштары аспанды қаптап жүр.

Бірінші кезек Мыңғалиға келді. Ол ат үстінде отырып, көнсадағын қолына алып, жебенің құс қауырсынды түп жағын адырнаға тіреп, көз ұшында қалықтап жүрген кереге қанат қарақұсты нысанаға алды. Жебе тұнық ауаны ысқыра тіліп, зу етті. Майдан алаңында шоғырланған қазақ-қалмақ тыныстарын тежеп, аспанға көз тігуде. Әне, көк жүзінде еркін самғап жүрген қарақұс екі қанаты жалбаңдап, төмен қарай құлдилап келе жатты. Жебе жұтқыншақты тесіп өтіпті. Құстың басы мойнынан ажырап түсті. Мыңғали шартты орындады. Қазақтар жағы қуаныштан шулап кетті.

Қалмақтардан кексе нөкер Жамба шықты. «Оқ атарға қолы ұзынның» нағыз өзі екен. Садағын қиғаштау ұстап, шірене тартып жіберді. Әккі мерген екені бесенеден белгілі болып тұр. Жерге жалп еткен қарақұстың мойны қиылып кетіпті. Жамба да сыннан сүрінбеді. Енді қалмақтар дуылдай жөнелді.

Найзаны алысқа лақтыруға Ізбасар мен Манжы есімді нөкер шықты ортаға. Қуатты қолдар сілтеген найзалар оқтай ағып барып жерге кірш-кірш қадалды. Ізбасардың найзасы жебе бойы озық түсіпті.

Аударыспақ қарап тұрған адамдарға қызық та, қатысушылар үшін ауыр сын екені белгілі. Құлкештің мырзасы Иманғалиға қарсы жүзбасы Мантық шықты. Дене бітімдері қарайлас екен. Мінген аттары ірі де, белді, омыраулы. Екі жігіт ұзақ  сілкілесті. Өздері де, аттары да терге әбден малшынды. Неше түрлі әдіс-айла қолданса да бір-біріне алдырмады. Қозы еті пісетіндей уақыт өткенде тең түскен екі жігіттің жекпе-жегі тоқтатылды.

Бес мың жылқы біткен Құлкештің мырзасы Иманғали байлықтың буымен селтеңдеп жүрген босбелбеу емес-ті. Бейнеттен бой тартпайтын ауыл жігіттерінің арасында өсті. Қара жұмыстан қашпады. Әсіресе, құдық қазуға белсеніп тұратын. Асау үйретуге де епсекті. Осыдан бес жылдай бұрын қалмақтармен болған соңғы соғыста ерекше көзге түскендіктен, батырлар кеңесіп жүзбасылыққа лайықтаған. Екі арада келісім жасалған соң мәселе одан әрі қозғалмай қалған. Иманғали жекепе-жектің жалғасуын талап етті. Мұндай жағдайда екі жақтың қолбасыларының сөзі бір жерден шығуы керек. Сартақ пен Жүсіптің пікірлері бір арнада тоғысты. Жекпе-жек тоқталды. Бұл жерде уақыт оздырмай, өзара айқасқа түсуге құлшынған екі қолбасының ойлары қабысқаны мәселені тез шешіп жіберді.  Жауар бұлттай түнерген Иманғали амалсыздан ұрыс алаңын тастап, жасаққа келіп қосылды. «Қайратың қажет болады әлі де» деп жігіттер оның арқасынан қағып жатты.

Ендігі кезек екі қолбасыға келді. Өте жауапты тұс! Көпшіліктің тағатсыздана күткен сәті де осы. Қазір қазақ-қалмақ қатынасына болашақта әсер ететін оқиға болатынын үлкенді-кішілі сардарларды былай қойғанда, жорыққа алғаш рет қатысып отырған екі жақтың түбіт мұрт сарбаздары мен нөкерлері де түсініп тұр.

Ауыздығын қарш-қарш шайнаған ала атын ойнақтатып, қарсыласының мысын баса доңайбат көрсеткендей болып мыңбасы Сартақ шықты ортаға. Қазақтармен болған талай соғыстарда ерлік көрсеткен ол қысқа мерзімде жүзбасылықтан мыңбасылыққа көтерілген. Сартақты Хаюке ханның өзі қолдап-қолпаштап отырады. Қазір сондай батыр қалмақ түгіл, тіпті қазақтар үшін де беймәлім кірме жігіт Жүсіппен жекпе-жекке түскелі тұр. Қазақтар қатты қобалжулы. Жүсіптің Ұлы жүз Үйсінде жүзбасы болғанын төңіректегілердің бірі білсе, бірі білмейтін.

Иә, «шешінген судан тайынбас» дегендей, соңғы санаулы күндерде әбден сыралғы болып алған тоқпақ жалды торы айғырын ақ бөкендей орғытып Жүсіп ортаға шықты. Қазақтар жағы жаппай жаратқанға жалбарынып, төңіректі күңірентіп жіберді.

Іштей қатты ширыққан қос қолбасшы бірден қатты кетті. Шарболаттай қайың сойылдар сартта-сұрт, шартта-шұрт сілтеніп жатты. Қарсыластардың ойлары бірін-бірі жанды жерден ұрып, қатардан шығару. Қалың жылқы олжаға тігулі. Негізгі мақсат сол болғанымен, жекпе-жек қызғанда ел намысы мен ер намысы алға шығады.

Адамдар бір-біріне іштей жау болып тумайды. Күнделікті алуан түрлі оқиғалар, солардан келіп ушығатын себеп-салдарлар кекке ұласып, тұқым қуалап кете барады. Сонау-сонау алыста қалған жылдарда Жоңғар жерінен шыққан қалмақтар бірде соғыс, бірде бітімшілік жағдайда қазақ даласын көктей өтіп, Еділге таяу бос өңірді қоныс еткен. Ол кездерде орыс елінің аумағы шап-шағын болатын. Сол қалмақтар келе-келе қою түтінденіп, төңірегіне аш көздерін аларта бастады. Шаруа бағуға шорқақ қалмақтар ежелден барымта, ел тонау, әлсізді қан қақсату сияқты оспадар істерге бейім болатын. Иен даланы еркін қыстап-жайлайтын қазақ елімен көрші қоныстанған қалмақтар «ескі әніне» басып, тыныштықты кетіре берді. От қаруы бар орыстарға бата алмай қазақ, башқұрт ауылдарын кезек шабындыға ұшыратып отырған. Нағыз соғыс, қақтығыс-соқтығыста есеп жоқ. Осы мыңбасы Сартақ жеті атасынан бері қазақтармен кектесіп келе жатқан безбүйректің өзі. Хаюке ханға сөзі өтетінін білгендіктен аяусыздыққа барудан тартынбайды. Қазақ жасағының қолбасын өлтіріп, жылқыны олжалап, батыр атағын аспандатып әрі шекесі шылқып қайтуды мақсат тұтқан әккі Сартақ сойылды жойқын сілтеуде. Екі қолын кезек жұмсайды. Көптен майданға шықпаған Жүсіп қорғануға көшкен. Әзер төтеп беріп жүр. Қазақтар жақта зәре жоқ. Сартақтың басым түсіп жатқаны айқын көрініп тұр.

Жүсіптің тұла денесі ұрыс заңына бағына тұрса да ойы еріктен тыс алыстарды шиырлауда. Ұлы жүзде жоңғар қалмақтарымен соғыс кезіндегі жағдайлар миын қым-қуыт шырмап алған. Айтулы батырлардың жекпе-жегі ойына оралды. Жүздігін бастап алғаш ұрысқа кіргені есіне түсті. Қарт батырлардың жаттығу кезінде айтып-көрсеткен тәсілдері сана түкпірінен сыбырлап, елес бергендей. Басым түсіп, жеңіске толық жететініне әбден сеніп алған Сартаққа қарсы тосын айла-амал ойлап табу керек. Бетпе-бет келіп, қалмақ батырын түсіре алмайды. Жүсіп әбден шаршаған кейіп танытып, қашқалақтай бастады. Сартақ болса тышқанмен ойнаған мысықтай, жас жігітті қайырмалап, ұрыс алаңының ортасына қуып әкелуде. Екі-үш рет солай қайталанды. Сырт көзге Жүсіп ұрысты тоқтатып, бас сауға сұрайтындай көрінген. Сартақ жекпе-жекті біткен шаруаға санап, ақсия күліп, нөкерлері жағына руһ бере, әлсін-әлсін «Аһа-ху, Хаюке!» деп ұрандап қояды. Қалмақ батыры бір мезет өте жақын келді. Жүсіп торы айғырды оқыс кері бұрды да сойылын басынан асыра көтеріп, менменсіген мыңбасының оң тізесінен оңдырмай ұрды. Бұл қас-қағым сәтте болған, бақылап тұрғандар түгіл Сартақтың өзі ештеңенің байыбына бара алмай қалды. Ұршығының күл-талқаны шықты. Оң қолындағы сойылын жерге тастап жіберіп, тізесіне алақанын апарды. Аттан құламады бірақ. Жүсіп үшін бұл толық жеңіс емес еді. Дәл қазір желкеден бір ұрса Сартақ бабаларының соңынан о дүниеге кетер еді. Өлтіруге болмайды. Қарусыз қалған адамға қандай қайрат көрсетпек? Жекпе-жекте қарусыз жауды жамсатуға болады, әрине. Бірақ Жүсіп мәрттік танытуға бекінді.

̶  Батыр, жеңілгеніңді мойындайсың ба? – деді Жүсіп қалмаққа қамшы сабындай жер тақап келіп. Басын тұқыртып, ер үстінде еңкейіп кеткен Сартақ әлемтапырық болып кеткен жүзін көрсетіп, ақыра дауыстап жіберді.

– Әй, қазақ, мен жеңілгем жоқ, жараландым! Жекпе-жек аяқталуға әлі ерте, – деді даусы қырылдай шығып. Ат үстінде әрең отырса да намысқа шапқан түрі.

– Ендеше, суыр қылышыңды! – деп гүр етті Жүсіп. Әккі Сартақ  қарсыласын бейқам тұр деп ойлап, қылышын тез көтерді де Жүсіптің сол иығы тұсына сілтеп жіберді. Жүсіп көз ілестірмес шапшаңдықпен жалтарып үлгерді. Қалмақ қылышының ұшы құлын жарғағын бұғана тұсынан бір қарыстай тіліп өтті. Терісіне сызат түскенін «шым» еткенінен сезді Жүсіп. Енді тайсалудың реті жоқ еді. Сойыл соққысынан есеңгіреп қалған Сартақты Жүсіп қылышының қырымен сол жауырыны тұсынан бар күшімен қиғаштай ұрды. Елдегі қарт батырлар титықтаған қарсыласын ат бауырына осылай түсіру керектігін құлағына құйып қойған. Сартақ ойқастаған аттардың тұяғы ойран-ботқасын шығарған құм аралас сары топыраққа өкіре құлады. «Кім жеңері талай-ды?» деп осындайды айтқан болар бұрынғылар. Қалмақ жағы күңіреніп, қазақ жағы қуаныштан дуылдап кетті. Тері бауырына сорғалаған торы айғырмен  жасаққа қарай жосылтып келе жатқан Жүсіптің алдынан Тұрсынғали мен Иманғали шығып, ат үстінен көтеріп әкетті. Сарбаздар жан-жақтан қаумалап, қошамет сөздерін жаудырып жатты. Иә, бүгінге дейін беймәлім болып келген кірме жігіт Жүсіп қалмақтың айтулы батырын жеңді! Мұны өзі де әлі толық түсініп үлгерген жоқ…

Ер намысы бір намыс! Ел намысы өлшеуге келе ме? Жүсіп ең алдымен Кіші жүздің топырағында жүріп, Ұлы жүздің  намысын аяқасты етпегеніне қуанды.

 

(«Ер Жүсіп» хикаятынан үзінді)

          Айтқали НӘРІКОВ




ПІКІР ЖАЗУ