Астана – заң мен тәртіптің үлгісі

Астана қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты – елорда тіршілігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Бұл бағдарлама – Астана қаласы әкімдігі мен прокуратурасының бастамасымен қолға алынған кең ауқымды жоба. Оған құқық қорғау органдары, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, волонтерлер мен спортшылар белсене атсалысып келеді. Жобаның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті күшейту, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және қала тұрғындарының қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау.

«Заң және тәртіп» қағидаты 2024 жылдың соңына таман жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Оның аясында Астана қаласында күн сайын профилактикалық рейдтер, түсіндіру жұмыстары, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар өтуде. Жобаның өзегі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңсыз әрекеттерге «нөлдік төзімділік» қағидатын орнату. Осы бағытта тек тәртіп сақшылары ғана емес, қарапайым тұрғындар мен еріктілер де жұмылып отыр. Себебі қоғамдық тәртіп – бір ғана органның емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Бұл мақалада 2025 жылдың алғашқы жартысында Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылған басты іс-шаралар, олардың нәтижелері мен қоғамға әсері жайлы баяндаймыз.

Насыбай мен шегілмейтін темекіге қарсы күрес

Жуырда Астана қаласының аудандық әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен рейдтік шаралары барысында елорда аумағында заңсыз айналымдағы 5 тоннадан астам насыбай тәркіленіп, жойылды. Бұл өнімнің жалпы құны 25 миллион теңгеден асты. Рейдтер барысында қаланың алты ауданындағы 500-ден астам сауда орны тексеріліп, шегілмейтін темекі өнімдерін сату бойынша 100-ден аса заң бұзушылық анықталды.

Тәркіленген барлық өнім өндірістік база аумағындағы медициналық қалдықтарды жоятын арнайы қондырғыда термиялық жолмен жойылды. Бұл қондырғы – Қазақстандағы «жасыл технологиялар» тізіліміне енгізілген жалғыз жабдық. Жою процесін арнайы құрылған комиссия бақылап отырды.

Аталған акция «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты, «Kazecotech» ҒТК ЖШС және «Еуропа-Азия» Жасыл экономика қауымдастығының қолдауымен өтті. Осылайша, зиянды заттардың айналымына тосқауыл қойылып, экологияға зиян келтірмейтін тәсілдер қолданылды.

Қоғамдық тәртіп пен балалар қауіпсіздігі

Астанада жасөспірімдердің заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс алаңында тұрған көліктерді бүлдірген бірнеше жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, ата-аналарға тәрбие мен бақылаудың маңыздылығы ескертілді.

Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Жас үміт» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында жоғары сынып оқушыларына спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу, құқықтық оқыту және тренингтер ұйымдастырылуда. Мәселен, мектеп оқушыларына танымал хоккей командаларының ойындарын көруге мүмкіндік жасалды.

Форумдар мен семинарлар арқылы балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу жолдары, олардың құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілуде. Психологтар мен педагогтер, құқық қорғау органдары өкілдері бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл балалардың құқықтық мәдениетін арттырып, болашақта заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Су қауіпсіздігі: жағажайлардағы рейдтер

Шомылу маусымының басталуымен Астанада су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Есіл ауданындағы коммуналдық жағажай мен басқа да су айдындарында Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және «Жастар рухы» ұйымы бірлесіп рейдтер өткізді. Демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдай кезіндегі әрекет алгоритмдері түсіндірілді.

Қалада бес ресми шомылу орны белгіленген. Сонымен қатар, Ақбұлақ пен Нұра өзендерінің жағалауында да профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Рейдтер барысында балалар мен жасөспірімдермен әңгімелер өткізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды.

«Біз жергілікті атқарушы органдармен, әкімдікпен және ТЖД-мен бірлесіп “Қауіпсіз қала” акциясын өткізіп жатырмыз. Оның аясында жағажай келушілерімен профилактикалық әңгімелесу жүргізудеміз. Шомылу маусымы басталды, сондықтан су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте маңызды. Қайғылы жағдайларды болдырмауымыз керек. Біз халықпен, әсіресе жастармен судағы тәртіп ережелері туралы сөйлесеміз. Бұл жас жігіттер мен қыздар, біреулер шомылғысы келеді, бірақ бәрі бірдей қай жерде шомылуға болатынын, қай жерде болмайтынын, қай жерде қандай қауіп бар екенін, судың қай тұста терең екенін біле бермейді. Сол себепті бұл жұмысты бақылауға алдық және жаз бойы осындай профилактикалық рейдтерді жалғастырамыз», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Астана қалалық төрағасы, мәслихат депутаты Мағзұм Арсланбек.

Есірткі жарнамасына қарсы әрекеттер

Елордада есірткі құралдарының таралуының алдын алу мақсатында Сарыарқа ауданында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, есірткі жарнамасы бар граффитилер жойылды. Осы бағыттағы жұмыстарға белгілі блогер те атсалысып, жастарды есірткіден аулақ болуға шақырып, салауатты өмір салтын насихаттады.

Полиция өкілдері соңғы уақытта синтетикалық есірткінің таралу әдістері жетіліп келе жатқанын айтып, алдын алу шараларын күшейтуде. Есірткі жарнамасы заңсыз әрекет болып саналады және оны қолданғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Есірткі жарнамасымен күресуде есірткінің граффитиін өшіру ғана емес, әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыс та көмектеседі.

«Мұндай суреттерді өшіру – есірткінің таралуымен күресудің нақты шарасы. Біз еріктілермен бірлесе отырып, мұндай граффитилерді тез арада жойып, оны жастардың назарын аударуына жол бермеуге әрекет етіп жатырмыз. Есірткі заттардың заңсыз айналымы мен таралуы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – дейді елордалық Сарыарқа ауданы әкімдігінің бас маманы Дамир Хисматуллин.

Вандализммен күрес және алдын алу

Елордада вандализммен күрес – «Заң және тәртіп» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. 2025 жылдың басынан бері қалада бөтеннің мүлкін әдейі жою немесе бүлдіру бойынша 80-нен астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 57 адам қамауға алынса, 28 азаматқа жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Тәртіп сақшылары түнгі және күндізгі рейдтер барысында ойын-сауық орындарында, аялдамаларда, қоғамдық нысандарда орын алған бірнеше оқиғаны тіркеген. Мысалы, 44 жастағы азамат ойын залының сенсорлы экранын әдейі сындырған, ал тағы бір ер адам «Лото клубта» үш мониторды жарамсыз еткен. Жасөспірімдер аялдама павильонының әйнегін тепкілеп сындырған. Барлық құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар «Тоқта, вандал!» атты алдын алу акциясы аясында жүзеге асып жатыр. Акцияға еріктілер, қоғам белсенділері, спортшылар мен журналистер де қатысып, қала тұрғындарына вандализмнің салдары туралы түсіндіруде.

Қоғамдық орындарда кальян мен темекі шегуге қарсы шаралар

Сарайшық ауданында өткен түнгі рейд кезінде ойын-сауық мекемелерінде кальян шеккен бес адам анықталып, жалпы сомасы 294 900 теңгеге айыппұл салынды. Қоғамдық орындарда кальян шегу ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша заң бұзушылық болып есептеледі.

Бұдан бөлек, қалада тұрғындарды зиянды әдеттерден арылту мақсатында ерекше акция ұйымдастырылды. Спортшылар тұрғындарға темекі мен вейп өнімдерін спорттық жабдықтарға айырбастауға мүмкіндік берді. Акцияны кикбоксинг және ашихара каратеден әлем, Азия чемпиондары қолдады.

Рейдтік іс-шаралар «Заң және тәртіп» аясында өткізіліп жатыр.

Сотталғандарды бақылау және рецидивтің алдын алу

Астанада «Заң және Тәртіп» қағидасын жүзеге асыру аясында Сарыарқа ауданы прокуратурасының бастамасымен жергілікті полиция және пробация қызметтерімен бірлесіп сотталғандарды тұрғылықты жері бойынша тексеру жөнінде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырады.

Іс-шараның мақсаты – сотталғандардың сот жүктеген міндеттерін орындауын бақылауды қамтамасыз ету және рецидивтік қылмыстардың алдын алу.

Бұл бағыттағы жұмыс күн сайын жүргізіліп, жүйелі негізде жалғасын табуда.

Тыныштық пен тұрақтылықтың басты негізі – заң мен тәртіп

Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты елорданың тыныс-тіршілігіне оң ықпалын тигізіп отыр. Қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл бастаманың мәні зор.

Аталған бағдарлама шеңберінде елордада заңсыз насыбай саудасына тосқауыл қойылып, қоғамдық орындардағы кальян мен темекі өнімдерін пайдалануға қарсы тиімді шаралар қабылданды. Нәтижесінде жүздеген құқық бұзушылық тіркеліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Мұндай әрекеттер тек заңды сақтауға мәжбүрлеу емес, қоғамға үлгі көрсету мен құқыққа құрмет сезімін нығайтудың амалы болып табылады.

Сонымен қатар жастардың есірткіге тәуелді болуына жол бермеу мақсатында граффитилерді жою жұмысы жүргізілді. Бұл – көрінбейтін, бірақ маңызды күрестің көрінісі. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін спорттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, құқықтық түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүріп жатыр.

Қысқасы, «Заң және тәртіп» қағидаты – жай шара емес, бұл қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін, қоғамды біріктіретін пәрменді жүйе. Оның берер пайдасы – тек тәртіп орнатуда ғана емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда да зор.

Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың басты негізі – заң мен тәртіп. Бұл ұғымдар күнделікті өміріміздің барлық саласына тікелей әсер етеді. Заң – мемлекеттің азаматтар алдында қоятын ережелері мен талаптары болса, тәртіп – осы заңдарды орындау мәдениеті мен жауапкершілігі. Екеуінің үйлесімі болмаса, қоғам анархияға, ал адамдар өзара қақтығыс пен хаосқа ұрынары сөзсіз.

Заң үстемдік құрған мемлекетте әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін нақты біледі. Бұл қоғам мүшелерінің өзара түсіністігіне, әділетті қарым-қатынасқа жол ашады. Мәселен, заңсыз әрекеттердің (ұрлық, алаяқтық, зорлық-зомбылық) алдын алу – бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүруге негіз болады.

Заң – әр адамның ар-намысы мен мүддесін қорғайтын басты құрал. Ол әлеуметтік теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз етеді. Мысалы, еңбек құқығы бойынша қызметкерді заңсыз жұмыстан шығару мүмкін емес, ал тұтынушы құқықтары туралы заң тауар мен қызмет сапасына талап қоюға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерліктің дамуы үшін де заң мен тәртіп қажет. Егер елде заң жүйесі әлсіз болса, инвесторлар да, кәсіпкерлер де тәуекелге барғысы келмейді. Керісінше, әділетті салық жүйесі, меншік құқығын қорғау, келісімшарттардың орындалуы – тұрақты экономиканың кепілі.

Заңды құрметтеу мәдениеті бала кезден қалыптасады. Мектептерде құқықтық сауаттылықтың артуы – жас ұрпақтың адал, әділ, жауапты азамат болып өсуіне ықпал етеді. Бұл – ұлт болашағы үшін аса маңызды қадам.

Тәртіп орнаған қоғамда адамдар билікке, құқық қорғау органдарына және бір-біріне сеніммен қарайды. Сенім – бірлік пен татулықтың бастауы. Ал сенімсіздік – наразылық пен бөлінушілікке апаратын жол.

Заң мен тәртіп – жай ғана қағазға жазылған ережелер емес. Олар – қоғамның рухани, әлеуметтік, экономикалық тірегі. Оларды сақтау – тек полицияның не соттың міндеті емес, әр азаматтың борышы. Егер әрбіріміз заңды құрметтеп, тәртіпке бағынсақ, еліміз де гүлденіп, көркейе түседі.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА

Астана




ПІКІР ЖАЗУ