ЖЕТІҚАРАҚШЫ
Қазақ атаулы түгел білетін шоқ жұлдыздың бірі – Жетіқарақшы (Большая Медведица).
Жетіқарақшы бір тәулікте Темірқазықты (дәлірек айтқанда дүние полюсін) бір айналады. Оның іңірдегі, түн ортасындағы, таң алдындағы орны жыл мезгілдеріне қарай әр қилы келеді. Жетіқарақшының қозғалысын жақсы білетін малды елдер мыңдаған жылдар бойы онымен түн мезгілдерін білдіретін аспан сағаты есебінде пайдаланып келді. Бажырайған жеті жұлдыз аспанды бір шолғанда-ақ өзінің ерекше түрімен «мен мұндамын» деп көзге түсе кетеді. Тек аспан ашық болса болғаны. Қалтадағы сағатты алып, оның тілін жарыққа ұстап көріп, әуреленіп жатпайсың.
Жетіқарақшы қандай жұлдыз деп сұрай қалсаң, кез келген қазақ оның неге бұлай аталғанын, оның сыр-сипатын, қозғалысын түгендеп айтып берумен қабат, өзін аспаннан көрсетіп, керек десең, қағазға суретін де нобайлап сызып береді.
– Жетіқарақшы батпайтын жұлдыз, ол тек шыр айналады. Төрт жұлдызы бары оның бас жағы. Үшеуі артында, ол – құйрығы. Ол күндіз де жүреді, қазір (11 август, күндізгі сағат 3) ол төбеге таман келді.
– Қазақтың бұрынғы сағаты Жетіқарақшы. Ол шыр айналып жүреді. Ол таң қысқа кезде қысқа айналып, ұзарғанда ұзын айналып, еңістеп барып, күншығысқа қарай көлденеңдеп жүріп, содан өрге ұмтылады. Еңістегенде таң атады (жазға салым). Қысқа қарай айналып төбеге келіп, құбылаға қарай бұрылғанда таң атады. Таңды айнытпай білдіреді. Қыс басында Жетіқарақшы төбеге келгенде таң атады. Түн ұзарған сайын ол төбеден ауа таң білінеді. Түн ұзарғанда қой мен жылқы күзетшілері Жетіқарақшының орнына қарап, ауысып күзетеді.
Астрономияда белгілі аңыз бойынша, жұлдыздардың ескі картасында Жетіқарақшының үш жұлдызы «аюдың құйрығы» есебінде суреттеледі. Қазақ ортасында да ол үшеуі Жетіқарақшының «құйрығы» деп аталатынын ескерте кетейік.
– Үркер шығыстан шығады да Күнге ұқсап жүреді, ал Жетіқарақшы төбеге келген соң қайта айналып өзінің ізіне барады. Жетіқарақшы жерге түспейді, ол Үркерше жиектен батпайды, таң сызып келе жатқанда сол тұрған жерінде болады (көрінбей кетеді).
Жұлдыздардың тәулік сайын туып, батуы, Жетіқарақшы сияқты жұлдыздардың Темірқазықты айнала қозғалуының бәрі шынында біз тұрған Жердің өз осін тәулік сайын бір айналып тұруынан болатын құбылыс. Бізге жер қозғалмай тұрып, аспан айналған сияқты болып көрінеді. Ал, Темірқазық өзге жұлдыздардан гөрі дүние полюсіне жақын тұрады да, түні бойы бір орыннан қозғалмайды деуге болады. Оның Темірқазық аталуы да сондықтан болған. Полюстен қашығырақтағы жұлдыздардың бәрі де тәулік сайын туып, батады. Ал Жетіқарақшы, Кассиопея (Қарақұрт жұлдызы) сияқты полюске жақын шоқжұлдыздар батпайды, яғни көкжиек астына түспейді. Жетіқарақшы (Жеті ұры) деп аталуы да содан.
Иә, жұлдыздар жапа-тармағай қозғалыста. Жұлдыздардың кең дүниеде орын ауыстыру салдарынан, мыңдаған жылдар өткеннен кейін «бажырайған» Жетіқарақшының «шөміш» тәрізді пішіні бұзылып, осы кездегісіне мүлде ұқсамай кетеді. Дүние полюсінің орны да ақырындап өзгереді. 12 000 жылдан соң дүние полюсі Вега (еркектегі Ағласон батыр деп аталатын) жұлдызының қасына барады да, Темірқазық сол болады. Полюстің орны осылай жылысып отырып, эклиптика полюсін айналып шығып, 26 000 жылдан соң осы кездегі Темірқазық жұлдызының өзіне қайта оралады.
Дегенмен, Темірқазық жұлдызының өзі де мәңгілік тұрып қалмайды. Мәңгі өзгеріп, мәңгі қозғалып тұратын дүние! Миллиондаған жұлдыздардың жапатармағай қозғалыстарында да рет бар: мұның күллісі, соның ішінде біздің Күн де Галактика кіндігін айналып жүреді.
…Жер Күнді айналады. Зымырап жылдар өтер, ғасырлар өтер. Аспан ертегісіне арқау болған жұлдыздардың орны да өзгеріп кетер.
Хасен ӘБІШЕВ