АБАЙДЫҢ РУХЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ
(Ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай өткізілген танымдық шараларға шолу)
Ұлтты ұйыстырған тұлға
Кейде бір тұлға ғасырлар бойы ұлттың рухын сақтап тұрады. Қазақ халқы үшін сондай тұлға – Абай Құнанбайұлы. Ол – поэзия ғана емес, парасаттың, дін ғана емес, даналықтың, сөз ғана емес, ойдың өкілі. Абайдың 180 жылдығы – Қазақстан тарихындағы рухани салмақты белестің бірі болды. Бұл дата – бір ақынның туған күні емес, ұлттың өзіне қайта үңілу, ішкі жан дүниесін жаңаша көру мүмкіндігі еді.
Абай – бізге тек өлең қалдырған жоқ. Ол бізге сұрақ қойып кетті. Сол сұрақтар – бүгін де көкейкесті. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» деп күйзелген Абайдың жан айқайы – біз үшін әлі де жауап күтіп тұрған үн.
Мерейтой – құрмет емес, жауапкершілік
Абайдың 180 жылдығы жай ғана мерекелік дата емес, ұлттық жауапкершілік жүгін арқалаған кезең болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Абайдың мұрасын насихаттау науқаншылдық емес, терең таным мен ой елегінен өткізуді талап етеді.
Осы орайда Қазақстанның барлық өңірінде өткен түрлі форматтағы шаралар – Абайды танытудан бұрын, Абайша ойлауға шақырған игі қадамдар болды. Республиканың әр түкпірінде өткізілген Абай оқулары, ғылыми конференциялар, театр қойылымдары мен мәдени экспедициялар – бір ғана мақсатты көздеді: Абайдың рухын жаңғырту арқылы ұлттық санаға қозғау салу.
Рухани орталық – Семейден басталған шеру
Абайдың туған топырағы – Семей қаласы мен Қарауыл ауылы – бұл жылы рухани ордаға айналды. Мұнда өткен халықаралық конференцияларда Абай шығармашылығы әлемдік ой көшбасшыларымен салыстыра зерделеніп, оның рухани тереңдігі мен өркениеттік болмысы жаңаша бағаланды. Музейлер жаңарып, балаларға арналған «Абай әлемі» бұрышы ашылып, ауыл сахналарында жасөспірімдер Абай өлеңдерін оқып жатты. Бұл – сөздің емес, рухтың жаңғыруы еді.
Абайға оралған Алматы мен Астана
Алматы мен Астана қалаларында өткен кештер мен форумдар – ақыл мен өнердің түйіскен жеріне айналды. Абайды тек поэзия немесе әдебиет контексінде емес, философия мен адамгершілік мектебі ретінде қарастыру бастамасы осы орталықтардан басталды.
Мысалы, Елордада өткен «Абай және ұлттың болмысы» форумында жастар Абайдың әділет, парасат, еңбек, білім жөніндегі ойларын бүгінгі қоғаммен байланыстырып, пікір-таластар арқылы дамыта алды. Алматыда Абай атындағы опера және балет театрындағы симфониялық кеш – поэзияның музыкалық өлшемдегі жаңа тынысын ашты.
Бүкіл Қазақстан Абай рухымен тербелуде
Қазақстанның әрбір өңірі Абайды өзінше таныды, өзінше ұсынды. Бұл – Абай тұлғасының ауқымын көрсетеді.
Жетісудағы Талдықорған қаласында жастар Абай өлеңдерін заманауи рэп, театрлық монтаж, бейнероликтер арқылы жеткізсе,
Түркістанда киелі орындарда өткен әдеби керуендер Абайды сопылық таным аясында пайымдауға ұмтылды.
Ақтөбеде ауыл жастарымен кездесулер арқылы Абайдың еңбек пен әділет жайлы ойлары қайта жаңғырып, қарапайым өмірмен қабысты.
Маңғыстаудағы Бекет Ата мешітінде өткен рухани кештер – Абай сөзінің ислам философиясымен үндестігін дәлелдеді.
Павлодар мен Қарағандыда балалар сурет арқылы «Менің Абайымды» салып, сөздің бейнеге, ойдың суретке айналу процесін көрсетті.
Солтүстік пен Батыс Қазақстанда Абайға арналған пікірсайыстарда жастар оның құқықтық мемлекет, еркіндік туралы көзқарастарын қазіргі демократиялық ұстанымдармен салыстырды.
Атырау мен Қызылордада өнер ұжымдары Абайдың жан күйзелісін сахна арқылы көркем тілмен жеткізді.
* * *
Ұлы Абайдың 180 жылдығына байланысты 1-10 тамыз аралығында бүкіл елімізде 10 күн бойы аса ауқымды рухани һәм мәдени шаралар шеруі өтті. Бұл айтулы мереке Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бойынша жүзеге асты. Ауқымды бағдарлама «Абай Академиясы» энциклопедиялық порталының ашылуымен басталды. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сондай-ақ, Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халың әртістерінің концерті өтті. Содан соң бұл концерт Семейде жалғасып, Үржар, Аягөз, Жарма, Жаңасемей аудандарында өнер көрсетті.
5 тамызда Семейді «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанды және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Ә.Бөкейханов университетінде «Өлең сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
7 тамызда қазақ ақын-жазушыларының жаңа кітаптарының тұсаукесері өтсе, 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысына жалғасты.
9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрлі» мұражайында көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылды. Сол күні кешкісін орталық алаңда «Абайға тарту» концерті басталды.
10 тамыз күні Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалынды. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.
Абай – бұл тұрғыда әр қазақтың жүрегінен табылған тұлға. Бір өңір оны парасат иесі ретінде көрсе, екінші өңір оны еңбек адамы, үшінші өңір діни ойшыл ретінде таныды. Бірақ бәрінің айтпағы бір: Абай – қазақтың рухани темірқазығы.
Абаймен сырласу – уақытпен үндесу
Абайды оқу – өзіңмен сырласу. Абайды тыңдау – заманмен үндесу. Ол бізге не қалдырды? Өлең бе, қара сөз бе? Жоқ. Ол бізге өзіңе сұрақ қоя білуді қалдырды. Өз арыңмен диалог жасауға шақырды. Осы 180 жылдық мерейтой – дәл осы сұхбаттың қайта басталған сәті болды.
Қоғамда рухани серпіліс пайда болды. Балалар Абайды жаттап қана қоймай, түсіне бастады. Жастар оны сахнаға шығарумен ғана шектелмей, өз жүрегіне енгізе білді. Ғалымдар оның ойларын әлемдік өркениет аясында зерделей бастады.
Абай – бізге мәңгілік бағдаршам
Абайдың 180 жылдығы – бұл ұлы данышпан бізге мирас еткен қағидаттарға жаңаша қадам басу десек те болады. Бұл ұлы дата бізге ұлт болып ойланып, бойымыздағы келеңсіз әдеттен арылып, ішкі мәдениетімізге, болмысымызға қайта үңілуге себеп болды.
Абай – тек сөз емес, Абай – әрекет.
Абай – тек ақын емес, Абай – ұстаз.
Абай – тек бір дәуірдің емес, Абай – барша заманалардың ақылманы.
Осы мерейтой соны көрсетті. Біз елімізде болып жатқан сан алуан шараларға қатыса жүріп, осы тағылымды түйсінгендей болдық.
Сонымен, ұлы Абайдың 180 жылдық тойы бүкіл елімізде, әсіресе, Семей шаһары мен Абай ауданында дүркіреп өтті. Көздің жауын алған ғаламат сахналарға, көпшілікті тәнті қылған рухани, мәдени шараларға шетелдік қонақтар таң-тамаша болды. Осы керемет көріністерді аралай жүріп, біздің түйген ойларымыз, алған әсеріміз әлі талай жылдарға азық болатын түрі бар.
Қорыта айтқанда, ұлы Абай жалғыз қазаққа ғана емес, әлемге ортақ кемеңгер екеніне көзіміз жете түсті.
Ажар ЖҰМЫРБАЕВА