МЕНІҢ ҚОЖАНӘСІРІМ КЕЛДІ ДЕ…
(Үзінді)
– Үйдің пеші түтін тартпай, бәрі аузынан шығып жатыр, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Түтін мұржаданда да, пештің аузынанда да шықпай қалса қайтер едіңіз, – деді.
* * *
– Нағыз ғашық болғанда сүйген адамыңа қарауға қорқады екенсің, – деді бір әйел.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Маған көз қиығыңды да салмайтының сондықтан екен ғой, – деді.
* * *
– Осы кісі жасына жетпей тез қартайып, бүкірейіп қалды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бастықтардың алдында иіліп-бүгіле берсең, сен де сүйтерсің, – деді.
* * *
– Аязды күндері желдің тымық болатыны несі екен? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жел аязда қатып қалады, – деді.
* * *
– Қазіргі дарынды жастар тез дандайсып, ішімдікке ерте бой алдырады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Махамбет, Құрманғазылардың ауылға арақ тарамай тұрғанда өмір сүргендері қандай ғанибет, – деді.
* * *
– Ақшасын әлі бермей жүрмін, менде де ұят жоқ, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ол сенен ұят сұрап жүрген жоқ, ақша сұрап жүр ғой, – деді.
* * *
– Пенсияға шыққалы не істерімді білмей жүрмін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Отыра қалып, мемуар жазыңыз, – деді.
* * *
– Бастығымыз қызық, басқан ізімізді аңдиды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Содан басқа жұмысы болмаса, не істесін енді, – деді.
* * *
– Мына шараптың ешқандай залалы жоқ, ішуге болады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ендеше, ішіп не керек, – деді.
* * *
– Жазушы болам деп талпынғалы жиырма жыл болды, әлі бір кітабы да шыққан жоқ, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Игіліктің ерте-кеші жоқ, – деді.
* * *
– Гете «Фаусты» алпыс жыл жазған, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бір шығарманы алпыс жыл жазса, Гетеңді мақтамай-ақ қой, – деді.
* * *
– Құранның әйел қауымын неге кем санайтынын түсінбеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Құранды жазған әйел емес, ер адам ғой, – деді.
* * *
– Арақ ішкен адам ақылын ішеді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ішуге жетсе, ақылының аз болмағаны, іше берсін, – деді.
* * *
– Мектеп үйін он жыл салып, азар бітірді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Он жылдық мектепті, әрине, он жыл салу керек, – деді.
* * *
– Шашым біртіндеп түсіп, сиреп келе жатқаны жақсы болмай тұр, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Біртіндеп түспей, бәрі бір күні түсіп қалса, қайтер едіңіз, – деді.
* * *
– Мен бәрін түсінуін түсінем, бірақ сөзбен жеткізіп бере алмаймын, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ит те бәрін түсінеді, бірақ сөзбен жеткізіп бере алмайды, – деді.
* * *
– Осы жасқа келгелі біреудің сабақты инесін ұрлап көрген емеспін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өнерді үйренгеннен кейін жирену керек, – деді.
* * *
– Мына кітаптың жарыққа шыққанына үш жүз жыл болды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Неге лақтырмайсыз, күнде шығып жатқан жап-жаңа кітаптар аз ба, – деді.
* * *
– Жақында бір роман оқып шықтым, диалогсыз жазылыпты, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Мақаулар өмірінен жазылған болды ғой, – деді.
* * *
– Жинағымды баспаға әлдеқашан тапсырып едім, бірақ шықпай жатыр, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Шығуға күші жетпей жатқан болар, – деді.
* * *
– Кеше жүз сомдай ақша жоғалттым, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қиналмаңыз, бұл дүниеде ештеңе жоғалмайды, – деді.
* * *
– Қазіргі жігіттердің шашты неге ұзын қоятынын түсінбеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қысқа қойса, әйелдерден қалай ажыратар едіңіз, – деді.
* * *
– Қазіргі поэзияда «мен» деп көкірек соғып өлең жазатындар көбейіп кетті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қарағым-ай, ақынның өзінен басқа кімі бар, – деді.
* * *
– «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өсек те тап сондай, – деді.
* * *
– Өзін-өзі мерт еткісі келетін адамды жазалауға бола ма? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Болады. Барлық жағдайды жасап, ұзақ өмір сүруіне мүмкіншілік туғызу керек, – деді.
* * *
– Оған айтқаныңның бәрі зая, бір құлағынан кіріп екіншісінен шығып кетеді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Шырағым, құлақ сол үшін екеу болып жаралған, – деді.
* * *
– Көздің көруі, құлақтың естуі кемігенде пайдаланатын аппараттар бар, ал ақыл-ой кемістігіне неге жоқ? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– «Ақыл-ойым кеміді» деп шағым айтқан адамды қайдан көрдіңіз? – деді.
* * *
– Оның баяндамасының тең жартысы цитата болып келеді, – деді біреу
Менің Қожанәсірім келді де:
– Көп оқып, аз тоқыған адамға цитата керек-ақ, – деді.
* * *
– Тоғызыншы класта оқушылар көбейіп кетті, бірақ екі класқа бөлуге жетпей тұр, – деді мектеп директоры.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Биыл сегізінші класта өздеріңіз қалдырған бес-алты оқушыны тоғызыншы класқа көшіре салсаңыз бітті, – деді.
* * *
– Кейде көп сөйлейтін адамдарға қарап отырып, екі аузы болса қайтер еді деп таңданам, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Таңданатын ештеңе жоқ, егер ауыз екеу болса, бірін-бірі ауызға ұрып сөйлетпейді, – деді.
* * *
– Лауазымы дардай болғанмен, аузынан шыққан сөздері дөрекі екен, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Кезінде көп естіп, құлағына сіңген сөздер ғой, – деді.
* * *
– Бұдан он жыл бұрын аяғымды ит қауып алды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Сол кезде айтқанда, тұқымын құртуға болатын еді, – деді.
* * *
– Қыздарды гүлге теңеуге қарсымын, себебі гүлдің ғұмыры өте қысқа ғой, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қыздың ғұмыры ұзақ деп сізге кім айтты, – деді.
* * *
– Рюмканы ұстағанда қолы қалтырайды екен, маскүнем болып кетпесе жарар еді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жаманға жорымаңыз, қалтыраса аруақ қонып келе жатуы да мүмкін, – деді.
* * *
– Барлық адамдарды жинап алып, кімнің қайда бастық болғысы келетінін сұраса, не болар еді? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қып-қызыл төбөлес болады, – деді.
* * *
– Көшелерде тұрған қаптаған автоматтардың жұмыс істейтіндері бармақпен санарлық, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Е-е, олардың ішінде де жалқау, тоғышарлар аз ба, – деді.
* * *
– Баламның жазуы жаман, ешкім танымайды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ендеше, балаңыз дәрігер болады екен, олардың да жазуын ешкім танымайды, – деді.
* * *
– Қисайған жағына қарай құламайтын ештеңе жоқ, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қисайған жағына тек мас адам ғана құламайды, – деді.
* * *
– Бір «Жигулиі» бар еді, жақында тағы біреуін алыпты, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жетіспей жатыр ғой, машинаға қосалқы бөлшек керек-ақ, – деді.
* * *
– Тарихта корольдарды номерлеп жататыны несі? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Атам заманғы оқиғалар ғой, номері болмаса, бір-бірінен қалай айырасың, – деді.
* * *
– Жазушы болу үшін көп оқу керек, көп білу керек, көп жазу керек, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Сонда ол қай уақытта өмір сүреді, – деді.
* * *
– Бәрінен үндемей қабатын иттер қауіпті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ал, үндемей қабатын адамдар ше, – деді.
* * *
– Осы күні саяхатнамә толып кетті ғой, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Саяхатқа жұмсалған қаржыны қайтарудың ең тиімді жолы сол, – деді.
* * *
– Неге екенін білмеймін, мұғалімі балама, «әкеңнің өзі келсін» деп сәлем айтып жіберіпті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Балаңыздан ештеңе шықпайтын болған соң, өзіңізді оқытып көрмекші болар, – деді.
* * *
– Бізде, «жолдастық сот» дегеннің құрылғанына талай жыл болды, бірақ соның жұмыс істегенін әлі керген жоқпын, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жолдасыңызды соттағанда сізге мүйіз шыға ма, – деді.
* * *
– Жұмыста бар бітіретіні – әр жерге дамылсыз телефон соғу ғана, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де;
– Қайтсін, бос уақытты өткізу оңай ма, – деді
* * *
– Пенсияға шығатын уақыты болды, бірақ әлі күнге дейін Қодардың ролінде ойнайды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Саспаңыз, бір күні Қозыны өлтіруге әлі жетпей өзі-ақ масқара болады, – деді.
* * *
– Соңғы уақытта қонақтан құтыла алмай-ақ қойдық, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Неге қиналасыз, қонақтың сыбағасында өзіңіздің де үлесіңіз бар ғой, – деді.
* * *
– Соңғы кезде ажырасу көбейіп кетті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Еркек пен әйел теңелген кезде, бірге тұрғаннан не пайда, – деді.
* * *
– Бұл жалғанда өліп-тірілген ешкім жоқ, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ұяты барлар бір емес, мың өліп, мың тіріледі, – деді.
* * *
– Кешегі базардан сатып алған қойымыз соқыр болып шықты, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Сізге көзі неменеге керек, қарауылға қоймайсыз ғой, – деді.
* * *
– Қазірде түрлі аңның терісінен тігілген киім-кешектерге әйелдер қойға шапқан қасқырдай тиісетінді шығарды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Араларында бір ұқсастық болуы мүмкін, – деді.
* * *
– Бойдақтардан гөрі үйленген адамдар ұзақ жасайтын көрінеді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Олар ұзақ жасамаса, әйелдерін кім асырайды, – деді.
* * *
– Күйеуімен ренжіссе, «шешеме кетем» деп жер тепкілейді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– «Шешеме кетемі» ештеңе емес, «шешемді алып келемін» демесе болды ғой, – деді.
* * *
– Әзіл, сықақ, мысқыл дегендер ұсақталып кетті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Оларға мен араласқан соң не оңсын, – деді.
* * *
– Бір жігітті иттің етінен жек көремін, өзі маған өлердегі сөзін айтып жүр, не істесем? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өш алудың ең тура жолы – соған тұрмысқа шығу, – деді.
* * *
– Әйеліме тон алу керек, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Басқаға емес, әйеліңе тоналуың дұрыс, – деді.
* * *
– Шешесін ұнатпаймын, қызының маған тұрмысқа шығуына қарсы, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ештеңе етпейді, ертең мәселе ажырасуға тірелгенде, шешесін жақсы көретін боласың, – деді.
* * *
– Қысқа юбка мен көйлекті ойлап шығарған кім екен? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Кім болсын, толық балтыр мен түзу сирақ, – деді.
* * *
– «Арақ ішуді қойдым» деп жүрген, кеше біз алған арақтың көбін сол ішті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ол тек өзінің ақшасына арақ алып ішуді қойған, – деді.
* * *
– Қорыққаннан әйелімнің тілі байланып қалды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Неткен бақытты жан едіңіз, – деді.
* * *
– Оныншыны жылап-сықтап азар бітіріп еді, оқуға қалай түскенін білмеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қорықпаңыз, енді институтты әндетіп жүріп бітіреді, – деді.
* * *
– Адамдардың дені өмірден өз орнын таба алмай сандалады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Таптым деген орныңда басқа біреу отырған соң қайтсін, – деді.
* * *
– Жұмыс кезінде ұйқыдан бас көтермейді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Шаршап жүрген ғой, месткомнан демалыс үйіне путевка алып беру керек, – деді.
* * *
– «Ажырасамыз» деп айқайласқандарына үш жыл болды, бірақ ажыраспайды да, қоймайды да, – деді.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Махаббаттың машақаты деген осы, – деді.
* * *
– Осы ерлі-зайыптылардың ажырасу сотына қатынастыра ма? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Күйеуден босаған әйелге ие болғыңыз келіп жүр ме, – деді.
* * *
– Бақытқа апаратын жол біреу, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бір жол кімге жетеді, – деді.
* * *
– Журналдардың ромаңдардан үзінді жариялағаны келіссіз, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Үзінді болмас, романдардың ең таңдаулы жерлері болар, – деді.
* * *
– Бір айдай болды, ұйқы қашып, түнімен ұйықтай алмай жүрмін, не істерімді білмеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Әттеген-ай, жазушылық қабылетіңіз болғанда, роман болмағанмен, повесть жазып тастайтын едіңіз, – деді.
* * *
– Ұйықтағанда да көздерін ашып ұйықтайтын адамдар болады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қойма, дүкендерге соларды күзетші етіп қою керек, – деді.
* * *
– Аз сөйлеу ақылдылықтың нышаны, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Үнемі емес, кейде үңсіздіктің тасасында топастық та тығылып жатады, – деді.
* * *
– Оны адам қылған – мен, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ендеше, Құдай деп жүргеніміз сіз екен ғой, – деді.
* * *
– Әр нәрсенің түбіріне қарау керек, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ол үшін түбірін қазу керек, – деді.
* * *
– Ертедегі қазақтар алпыстан аспай өле беріпті ғой, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Пайғамбардың жасынан асқан ұят емес пе? – деді.
* * *
– Адамдар бірін-бірі сыйлауы керек, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Сыйласу міндет емес, дұшпансыз қалай өмір сүресің, – деді.
* * *
– Кейбір газет сындары жазушылардың бір-бірінен өш алатын құралына айналып барады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ұрыс-керістің баспасөз арқылы жүргізілуін жетістік деп бағалауымыз керек, – деді.
* * *
– Оқығанның залалы жоқ, ең болмаса, тума-туысқандарыңа хат жазып тұрасың, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Телефон бар емес пе, – деді.
* * *
– Бүгін өзен жағасына барып, қармақ салғандарға біраз қарап тұрғанмын, шынашақтай шабақ үшін мәз болып жүр, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ол сізге шынашақтай, ертең жолдастарына айтқанда – сала құлаш, – деді.
* * *
– Қазіргі жастардың қайсысы қыз, қайсысы ұл екенін ажырату қиын, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қандай моншаға барғанын қарап тұрыңыз, – деді.
* * *
– Балаларының сабақ үлгерімі нашар, бір класта екі жылдан отырады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қайталау – оқу анасы, – деді.
* * *
– Белге түскен сақалдың жастарға неге керек екенін білмеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Моншаға барғанда жөкенің қажеті жоқ, – деді.
* * *
– Баламыздың үйлену тойына ту бие соямыз, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Неге, оның үйленгеніне ту бие кінәлы емес қой, – деді.
* * *
– Әлгінің баласына бір сабағыңды тапсыруға күзде кел депті, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қайтарған жауабы ұстазына өте ұнап кеткен ғой, – деді.
* * *
– Қазіргі актерлер сахнада айқайлап сөйлеуді әдетке айналдырып алған, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Әйтпесе, көрермендер ұйықтап қалады, – деді.
* * *
– Бесіктен белі шықпай жатып билік айтады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бесіктен белі шықпағанмен, тілі шыққан ғой, – деді.
* * *
– Былай барсам – өгіз өледі, былай барсам – арба сынады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өгіз өлсе – сойып ал, арба сынса – отқа жақ, – деді.
* * *
– Сайқымазақтық неменеге қажет, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өмірден өтірік күліп өту үшін керек, – деді.
* * *
– Әкесінде түк ақыл жоқ, баласы сондай ақылды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өзіне түк қалдырмай, бәрін баласына берген ғой, – деді.
* * *
– Адамға ақыл тіс қай уақытта шығады? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Аузыңыз тістен жұрдай болғанда шығады, – деді.
* * *
– Біздің бастық соңғы кезде пляждан шықпайтын болды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ендеше, өзіне секретарь қыз іздеп жүрген болды, – деді.
* * *
– Қыздардың тырнақтарын неге аюдай етіп ұзын қоятынына түсінбеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Тырнақтары аюдай болмаса, жігіттерді қолдарына қалай түсіреді, – деді,
* * *
– Орта ғасырға қай ғасырлар жататынын анық білмеймін, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жүз жылға толмайтын ғасырлар жатады, – деді.
* * *
– Ежелгі гректер шараптың өзіне су қосып ішкен көрінеді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бәсе, қайдан үйренді десем, сыра сатушылар солардан үйреніп жүр екен ғой, – деді.
* * *
– Қазірде оқушылардың сабағы өте қиындап кеткен, үшінші класта оқитын баласының есебін папасы шығара алмайды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Осы күнгі программамен әуелі папасын оқытып алу керек еді, – деді.
* * *
– Қазіргі студенттер жұмған аузын ашудан қалды ғой, – деп күйінді профессор.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бәрі сіздің қамыңыз үшін, уақытыңызды алмайын дейді ғой, – деді.
* * *
– Адамды түсіну үшін оның жан-дүниесіне үңіл, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Жан-дүние болсын, басқа болсын, үңілген ұят қой, – деді.
* * *
– Осы күнгі қыздарға түсінбеймін, әбден жүкті болғаннан кейін тұрмысқа шыққысы кеп жан ұшырады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Тұрмысқа шықпас бұрын, өзін сыннан өткізіп алғаны дұрыс қой, – деді.
* * *
– Бұрқыратып арызды жазады да жатады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Арыздан бастаса, алысқа барады, – деді.
* * *
– Соңғы кезде балам өтірікті көбірек айтатын болып жүр, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Түбі сол балаңыздан бірдеңе шығады, – деді.
* * *
– Қазірде біреуді кіналау да қиын, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бәріне арақ кінәлы десеңіз, ұтылмайсыз, – деді.
* * *
– Қазірде дос дейтін дос барма, сені ешкім де ескермейді, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Көрдіңіз бе, дос пен дұшпанның айырмашылығының қандай екенін, дұшпан сізді ешқашан да көзінен таса қылмайды, – деді.
* * *
– Жиырма беске толмай тұрмысқа шықпаймын, – деді бір бойжеткен.
Менің Қожанәсірім мелді де:
– Бірақ отызды алқымдап қалғаныңызды ешкімге айтпаңыз, – деді.
* * *
– Қырыққа келгеннен кейін арақ ішуді доғарам, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қырыққа келу оңай болғанмен, арақты доғару қиын, – деді.
* * *
– Көңілінің өскендігі сонда, құдайды да танымайды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Өмірінде көрмеген адамын қайдан танысын, – деді.
* * *
– Уәдесі таусылмайтын адам, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Уәде беруден көтеріңкі міндеттеме қабылдаған болды ғой, – деді.
* * *
– Әйелдерді қара жұмысқа салу дұрыс емес, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қара жұмысқа салмасаң оларды еркекпен қалай теңестіресің, – деді.
* * *
– Мінезі қисық, ешкіммен сиыспайды, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Мінезінің қисықтығы ештеңе етпейді, мінездемесінің дұрыс болғаны керек, – деді.
* * *
– Қонақта отыра бергенді жақсы көрем, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Шіркін, қонақта пенсияға шыққанға дейін отыра берер ме едім, – деді.
* * *
– Еттен жасалған гуляш заказ беріп едім, ішінен бір түйір де ет таба алмадым, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Асханада істейтіндердің де етті жақсы көретінін есіңізден шығармаңыз, – деді.
* * *
– Кейбір жасы келіп қалған актрисалар әлі күнге дейін жас қыздардың ролінде ойнауға құмар, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Әйел байғұстар қыз күнін аңсаумен өтетін жандар ғой, – деді.
* * *
– Кеше айтқанын бүгін ұмытып қалады, неткен адам, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ұмытшақ адамдар қартаймайды, – деді.
* * *
– Қолы қалтырап отырған адам не істей алатын еді? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Ұн елетіп қою керек, – деді.
* * *
– «Аға өлсе, іні мұра» деген, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қазірде ашынасы тұрғанда, ініге жол қайда, – деді.
* * *
– Арыңды сатқанда қайда барасың? – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Қайда баратынын білмесе, сата ма? – деді.
* * *
– Қалайда елге бір қыз алып кетуім керек, – деді бір студент.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Бірақ диплом алуды ұмытып кетіп жүрме, – деді
* * *
– Кеше диссертация қорғаған, соны бүгін жуады, – деді біреу.
Менің Қожанәсірім келді де:
– Е-е, диссертация қорғаған айыбын жуатын болса есі бар екен, өзінің, – деді.
Сайымжан ЕРКЕБАЕВ