ҚҰРДЫМҒА АЙНАЛҒАН ЖҰЛДЫЗ ЖАРЫҚТЫ ЖҰТЫП ЖІБЕРЕДІ

Жұлдыздар түнгі аспанда ұсақ-ұсақ меруерт тастар сияқты көрінгенімен, жаратылысында олар – үлкен отты шарлар Өйткені  Жұлдыз – газдан (негізінен сутегі мен гелий) тұратын аса ыстық плазмалық шар. Оның ішінде термоядролық реакциялар жүретіндіктен жарық пен отты жалын атады. Бірақ жұлдыздың бәрі бізге көрінбейді. Біз түнде бар болғаны 2000-3000 жұлдыз ғана көре аламыз. Ал бүкіл Әлемде шамамен септиллион жұлдыз бар (1 септиллион = 1 000 000 000 000 000 000 000 000)!

«Жұлдыздар отты жалын атады» дедік. Мысалы, кейбір жұлдыздардың температурасы 1000-2000°C шамасында. Ең ыстық жұлдыздардың жылуы 50 000°C-тан асады! Температурасына қарай жұлдыздардың түсі де өзгереді. Суық жұлдыздар да болады.

«Күнді де біреу күн дейді, Жарқыраған нұр дейді» (Абдырахман Асылбек, ақын). Шын мәнінде Күн – кәдімгі жұлдыз. Басқа жұлдыздар Күннен әлдеқайда үлкен немесе кішірек болуы мүмкін. Күн жүйесінде алып 9 планетана жайғасқан. Астрономдар «жұлдыздардың да жартысынан астамы қосарланған (бинарлы) немесе көпжұлдызды жүйе» дейді. Яғни екі немесе одан көп жұлдыз бір-бірінің орбитасында айналып жүреді. Кейбір жұлдыздардың айналасына планеталар шеңбер құрған. Олар да  Күн жүйесін құрайды. Ғалымдар мұндай экзопланеталарды зерттеп, онда тіршілік бар ма, жоқ па – соны анықтағысы келеді.

Білесіз бе, Жұлдыздың жарығы бізге өте кеш жетеді Кейбір жұлдыздар бізден мыңдаған жылдар бұрын туған. Біз олардың бүгінгі емес, өткендегі жарығын көріп отырмыз. Қазір әлгі жұлдыздың болмауы да мүмкін… Массасы өте үлкен жұлдыз өмірінің соңында қара құрдымға (чёрная дыра) айналатын көрінеді. Ең сұмдығы – құрдымға айналған жұлдыз жарықты да жұтып жібереді-міс…

Өшпейтін, өлмейтін жұлдыз – Темірқазық. Темірқазық ғасырлар бойы теңізшілер мен саяхатшылардың, дала көшпенділерінің  бағдаршамы болған. Себебі ол Жердің айналу өрісіне таман орналасқандықтан мызғымай бір жерде тұрады.

Жұлдыздар да туып, тіршілік етіп, ақыр соңында жойылады. Ұсақ жұлдыздар ұзақ өмір сүреді (миллиардтаған жыл). Ірі жұлдыздар тез жанып, суперновалар арқылы жарылады.

Жұлдыздар да адам тағдырлы… Жарқ етіп көрініп, ерте дүние салған адамды қазақ аққан жұлдызға теңейді. Ақындар оларға өлең арнайды. Жұлдыздар туралы қысқаша деректеріміздің соңын Бауыржан Бабажанұлының белгісіз себеппен белгісіздік «орбитасына өтіп», хабар-ошарсыз кеткен ақын досы Әділ Ботпановты сағынып, іздеген өлеңімен түйіндейік.

ӨМІРЗАЯ

…Өзге жұлдыздардан бұрын туып, Айдың жанында ерекше жарқырап тұратын бір жұлдыз бар. Басқа жұлдыздар туған кезде жоғалып кететін оны қазақ «Өмірзая» дейді.

Өмірзая жұлдыз болып келем мен,

Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.

Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,

Тіршілігің тек әншейін қырт екен.

Әділ БОТПАНОВ

 

 

Тағдырың кеп байланды ма сөзіңе,

Аспан жаққа аңсары ауған, саяқ ұл?

Басқа жұлдыз түспегендей көзіңе,

Сол жұлдызда нең бар еді, әй, Әділ?!

Су аяғы сіңгендей кеп құрдымға,

Ай-жағалы қамқа-түнге оранып.

Сол жұлдыздай сәл жарқырап тұрдың да,

Аяқ асты кеттің бір күн жоғалып.

Қос қабағың жауар бұлттай түнеріп,

Жігеріңді жасытқанда қырт тірлік.

Ай-ару қыз нөкерлерін жіберіп,

Әлде сені әкетті ме тұтқын ғып?

Ертегіге ішім менің жылиды,

Жақсылықпен аяқталар ақыры.

Арлан-көңіл Айға қарап ұлиды,

Жанындағы жұлдызда қап жақыны.

Бір өзеннің бұрып кеткен арнасын,

Өмірзая!

Сен ұрладың күлкімді.

Жек көремін… Әділ сенде болғасын…

Тағы сұмдық жақсы көрем біртүрлі.

Өйткені сен – Әділсің!..




ПІКІР ЖАЗУ