НҰРҒИСА ШЕРТКЕН СЫР ЕДІ…
Нұраға көңіл күйінің шуақты шағында әңгімені шешіле шертетін. Тілге шешен. Ойға бай. Зердесі мықты.
Бес жасында әкесі, дәулескер күйші Тіленді Атабайұлының «Арманы» мен «Терісқақпайын» шерткен, «Қабан жыраудың құла жорғасын» тайпалтып, «Сарыбай бидің Желмаясын» желдірткен Нұраға тумысы бөлек жан еді ғой. Аталарымыз «Тәңірі өзі сүйіп жаратқан пендесінің жүзінен нұр төгіліп тұрады» дегенді жиі айтушы еді. Біле-білгенге қазақ ән-күйінің сүлейі – Нұрғиса нақ сондай жаратылыстан. Жер жәннаты Жетісу топырағында дүниеге келген Нұрғиса – Тіленді күйшінің алпыс бестен асқанда сүйген перзенті. Тумысы да, бітімі де бөлек тұлға еді…
Алматының кіндік ортасындағы Тіленді қорасының төбесінде домбыра шертіп, жанарынан от шашып отырған бес жасар Нұрғисаны Ахаңның, дәл сол жылы Санкт-Петербург консерваториясын тәмәмдап келген қазақтың «сиқырлы таяқшалы» түңғыш дирижері, академик Ахмет Жұбановтың кез келтіруі де кездейсоқтық емес. Айта берсек, қазақтың әйгілі композиторы туралы ақтарылар сыр көл-көсір.
…1997-1998 жылдары Нұрағамен өте жиі жүздесіп жүрдік. Абырой болғанда, екі жылдан астам уақыт ішінде Нұрағаның бізге деген әуелгі ықыласы еш өзгерген жоқ. Үш-төрт мәрте сапарлас, әлденеше рет дастархандас болу бақыты бұйырыпты. «Айналайын, күнім» деуден жаңылмады. «Бұл баламның қалқайған құлағы естіген әңгімесін құйып алуға керемет. Қазір мен не айтсам да түк қалдырмай жазады да тастайды. Ертең-ақ, газетке шығарып жіберуі мүмкін. Байқап-байқап сөйлейік», – деп, мені жиналған жұртты ду күлдіре таныстыратын еді. Еңсеміз кәдімгідей көтеріліп қалатын. Сол тұста біршама әңгімелері республикалық баспасөз бетінде бірнеше мәрте жарық көрген-ді.
…1998 жылдың қыркүйек айының соңында Нұраға ауруханада еді. Сонда «Осы кезге дейін де бірталай әңгіме айтылды ғой. Соны бір жинақтап алып келсеңші, күнім. Өзім шолып шығайын. Әуелгі бағытымызды тағы бір жөндеп қойғанымыз дұрыс» деген соң, осы кітапқа енгізілген дүниелерді Нұрағама апарып берген едім. Екі-үш күннен соң: «Әзірге жарап тұр, бірақ, кітап болып шығуы үшін бұған әлі көп дүние қосуымыз керек. «Аң ауласаң алыстан қорша» деген бар. Бұл кітап – мен жайында емес, қазақтың қасиетті өнері, талантты ұл-қыздары туралы кейінгілерге мол мағлұмат беретін кітап болса деймін. Сондықтан айтар әңгімемізді аяқтауға әлі талай уақыт керек қой», – деп, қолжазбамды өзіме қайтарып берген-ді.
Түрлі себептерге байланысты сол әңгімелер арада тоғыз жыл өткен соң ғана бір кітаптың бауырына жиналып, қаз-қалпында өз оқырманына жол тартты. Қашаннан әр іс сәтіне қарай ғой. Нұрғиса Тілендиев әңгімелерінің жарыққа шығу сәті осы жыл екен. «Ештен кеш жақсыны» есте ұстасақ, бұл оңтайы келген игі іске де «Аллаға шүкірден» өзге не айтуға болады…
…2007 жылы жарық көрген «Нұрғиса» атты кітаптың негізгі өзегі – Нұраға айтқан әңгімелер топтамасы болды. Асылында Нұраға әңгімелерінің өзі тұнып тұрған мол қазына еді. Өкініштісі сол, жауһар қазынаның тек оннан бірін ғана естіп, қағаз бетіне түсіре алғанымыз.
Биылғы 2025 жыл – дәулескер күйші, атақты компизитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Осы мерейлі жыл қарсаңында оқырман назарына жоғарыда аталған кітаптан біршама үзінді ұсынуды жөн көрдік.
ДИМАШ АҒА ҚАЗАҚТЫҢ ШЫН ЖАНАШЫРЫ ЕДІ
…Нұраға 1997 жылдың күз айларында өте қауырт жұмыс үстінде болды. Өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестрінің сахнаға шыға бастағанына он бес жыл толыпты. Қазақ өнері мен мәдениетінің шын жанашыры болған атақты Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың нұсқауымен 1982 жылы кұрылып, тұсауы кесілген «Отырар сазының» өткен тарихынан Нұрағаның өзі былай деп сыр шертетін.
– Сол, сексен екінші жылдың ақпан айы болуы керек. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы іздеп жатыр деген соң, дереу бардым. Мақтанғаным емес, аруағыңнан айналайын Димаш ағамның есігі кезінде мен үшін әрдайым ашық болды. Шаруам болса, өзге жұрт сияқты емес, қабылдауына емін-еркін кіретінмін. Бірақ ол кісінің алдына өмірі жеке басымның шаруасымен барған емеспін. Алматыда композитор Шәмші Қалдаяқов пәтерден-пәтерге көшіп жүргенінде: «Шәмші деген қазақтың біртуар талантты ұлы. Димаш аға! Үй-жайы болмай қиналып жүр», – деп баспана беруін өтінгенімде екі сөзге келген жоқ. Көп ұзамай пәтер ордерін Шәмшінің қолына ұстатты. Әйгілі актер Кененбай Қожабековтің тұрмыс жағдайына, көлік алуына жәрдем керектігін айтқанымда да қолқамды жерде қалдырмады. Бірге жүрген достардың, өнерлі інілердің шаруасымен қанша мәрте өтініш айтсам да, бір рет меселімді қайтарған емес.
Жаның жанатта болғыр, Димаш ағам, қазақтың шын жанашыры еді ғой…
Сонымен қойшы, сол Димаш ағамның қабылдауына барып, үш ұйықтасам түсіме кірмейтін тапсырма алып қайттым. Екеуміздің оңаша кабинеттегі әңгімеміз қысқа болды.
«Нүркен, сені шақыртқан себебім мынау. Сенің композиторлық дарының, оркестрдегі дирижерлік шеберлігің елге танымал. Ән-күйлерің тыңдаған жанның жүрегін баурайды. Ұйымдастырушылық қабілетің тағы бар. Соның бәрін ескере келіп, өзіңе бір үлкен шаруаны жүктегелі отырмын. Ұлттық өнеріміздің тендессіз екендігін өзге жұртқа танытуымыз үшін бізде фольклорлық-этнографиялық оркестрдің болуы керек-ақ. Қазіргі дирижер, композиторлар арасынан сені ыңғайлы көрдік. Соны тездетіп қолға алуың қажет», – деді Димағам шаруаға төтесінен көшіп. Не айтарымды білмей калдым. Мен ол кезде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмде» музыка редакциясының бас редакторымын. Жоспарлап тастаған қыруар жұмыс бар. Қалай бірден келісе қояйын. Димағамның жүктеп отырған шаруасы оңай-оспақ шаруа емес. Ол кез – ел ішінде көне аспаптың тым азайып кеткен шағы. Ал, ондай аспаптардың тілін білетіндер тіпті жоқтың қасы ғой. Соның бәрін ой елегінен өткізе келе қарсылығымды әр түрлі сылтаулармен білдіре бастаn едім. Димағам бұлтартпады. Сөйтіп, аты тұрғай, заты жоқ оркестрді «басқарып» шыға келгенім бар емес пе. Димағамның қайрауымен жатпай-тұрмай еңбек еттім. Ақыл-кеңесін берген ағалар да аз болған жоқ. Ұлттық аспаптар жасай алатын, оның тілін білетін адамдарды іздеп әр өңірге сапар шеккен күндер бұл күнде айтуға оңай. Сонымен, сол жылғы қазан айының 17-сі күні Жамбыл атындағы филармонияның концерттік залында небары 12 өнерпаздан тұратын оркестрді сахнаға бастап шықтым. Сол күн «Отырар сазының» туған күні саналады.
Нұраға бұл күні құрамы алпыстан астам өнерпазға жетіп, дүниежүзінің 27 мемлекетінде болып, қазақ ән-күй өнерін әлемге паш етіп жүрген «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің кешегісін осылайша бір тұжырып өтті. «Қайран Димаш аға болмаса, бұл оркестрдің дүниеге келуінің өзі екіталай еді ғой» дегенді де жиі айтады.
Сол «Отырар сазының» он бес жылдық мерейтойы қарсаңындағы Нұраға атқарған ұшан-теңіз жұмыстардың біз шет жағасын ғана көріп жүрдік. Әкесі Тілендінің әйгілі күйші болғанын, бірталай күйлерінің бар екенін әңгіме арасында еске алып қоятын. Қыркүйектің басынан бастап біржарым ай ішінде өзі бес жасында естіген Тілендінің «Арман», «Терісқақпай», «Сарыбай бидің Желмаясы», «Ақ бөкен», «Бооуырлаштарым», «Қабан жыраудың құла жорғасы», «Қоянкөз ана» атты жеті бірдей күйін нотаға түсірді. «Бүгін түнде ғана аяқтап шықтым» деген «Арман», «Терісқақпай» күйлерінің ертеңінде-ақ оркестрдің орындауында құйқылжыта орындалғанының куәсі болып, таңдай қаға тамсандық. Филармонияның аядай залында күніне сан мәрте ойналды бұл күйлер. Сәл ғана үйлесімі келмеген тұсты ертеңнен кешкe дейін «Жүрегіңмен ойна, айналайындар» деп қайталаудан жалықпайтын Нұрағаның табандылығына, қажыр-қайратына қайран қалып, ұстаздарының діттеген талабынан шыға білген оркестр өнерпаздарының шыдамдылығына сүйсіндік. Өнер жүгінің соншалықты ауыр екендігін түйсіндік.
Сондай бейнетті дайындықтан соң алдымен Орталық концерт залында 17 қазан күні (1997 жыл), екінші рет 4 желтоқсанда Республика сарайында «Отырар сазы» оркестрі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Он бес жылда дүниежүзілік ірі-ірі фестивальдерде бірнеше дүркін лауреат атанған, Солтүстік Кореяда 1994 жылы әлемнің алпыстан астам мемлекетінің музыка майталмандары қатысқан «Сәуір қызғалдағы» фестивалінің бас бәйгесі саналған күміс Кубокты олжалап қайтқан «Отырар сазының» мерекелік концерті де жұртшылық көңілінен шықты. Мыңдаған көрермен рухани ләззат алды. Қазақтың ұлттық саз аспаптарынан төгілген күй, асқақтата салған әсем ән қалың елдің жүрегіне шуақ болып құйылды. Жігерін жаныды, рухын асқақтатты. Нұрағаның өзі де сахнаға сан шықты. Дирижерлік өнердің қайталанбас құдіретін көрсетті. «Күйдің аты «Әлқисса», орындайтын Нұрғиса» деп алып, он төрт жасында ұстазы, академик Ахмет Жұбанов сыйлаған қоныр-қызғылт домбырасымен төгілдіріп атақты «Әлқисса» күйін шерткен. Концерт соңынан халық әдеттегісінше «Құстар қайтып барады» әнін ерке композитор ұлымен қосыла айтып тарасты.
Осы соңғы концерттен кейінгі түнде жетпіс жасаған ұлы жүрек тағы да сыр берді. Сонша уақыт тынымсыз атқарылған қыруар еңбек жүрекке үлкен салмақ түсірсе керек. Дес бергенде, жеті түнде үрейді алған жедел жәрдем машинасы үшінші рет инфракт соққан Нұрағаны ауруханаға дер кезінде жеткізіп үлгерді. Он екі күн бойы нәр сызбай реанимация төсегіне таңылған Нұраға он үшінші күн дегенде беті бері қарап, жеке палатаға ауысып шықты. Ести сала ұшып жеткенбіз. Палатаға енгенде жон арқамыз шымырлап коя берді. Осыдан екі апта бұрын ғана сахнада дауыл соқтырған кайратты композитордың орнында өзге біреу отырған секілді. Жүдеу жүзіне қарап, тіксініп қалдық. Өңі аппақ қудай. Көзі шүңірейіп, ішке кірген. Өте әлсіз. Өздігінен таяқ тастам жер жүруі мұң. Қос тізе бастырмайды. Туған-туысқандарынан өзге сырт адамдардың келуіне, көп әңгімелесуге дәрігерлер тыйым салған. Бірақ, оған көнетін Нұраға ма?! Көңіл сұрай келгендердің бірін де жолдан қайтартпайды. Келгендерді кемінде жарты сағаттай жанында ұстамай және жібермейді. Сырқатының жанға батып отырғанын елеместен атақты өнер иелері туралы сыр шертеді, не болмаса қиыстырып қалжың айтып күлкіге кенелтеді. Сондағы темірдей төзімін сүйегінің асылдығына балап, сүйсінетін едік.
Ал, арада үш ай өткенде Нұраға сондай ауыр науқастан айығып шыққан. Аяғынан қаз тұрып кетуіне өзіне деген жұрттың ыстық ықыласының да септігі аз тимегенін сезетінбіз. Ақпан айында дәрігерлер рұқсатымен үйде күтінетін болып, ауруханадан шықты. Шықты да, ол-пұл, киім-кешектерін Дариға тәтеміздің қолына ұстатып: «Даһ, сен өзің үйге жүре бер. Мен оркестрдің жұмысын бір тексеріп қайтайын», – деп үйіне де соқпастан бірден филармонияға қарай бір-ақ тартты. Біз үнсіз ілесе жөнелдік. Кешке дейін сонда болып, іңір қараңғылығы үйірілген шақта ғана үйіне қайтты. Қанында өнерге деген туа біткен ғашықтық бар жанның осындай кесек мінезіне қалайша тәнті болмассыз?!
АБАЙ ҰЛЫ ҰСТАЗ
Нұрағаңның көңілінен шықпай әңгіме арасында жиі реніш білдіріп отыратыны – әдебиеттегі аударма жайы еді.
– Аударманы Абайдан үйрену керек, – дейді ойлана отырып. – Ұлы ойшылдан алатын өнеге көп. Мысалы, Абай атамыздың «Татьянаға хаты» бар ғой. Бұл – қазақша. Енді Пушкиннің жазғанын қараңыз. Екеуі екі бөлек дүние. Ұғымдары бірдей болғанымен – Абайдың «Татьянасы» қазақша қалпында көп жоғары. Түсінігі – Татьяна қазақ қызы сияқты. Абайдың ұлылығы сонда!
Жалғыз өлең ғана емес, Абайдың әнін де тыңдап көріңіз. Әнді қазақтың халық әнімен бірге жаңаша әуенге келтіре отырып, екі елге де түсінікті, екі елдің де жүрегіне жақын қылып шығарған. Бұл – ұлы Абайдың екінші қасиеті.
Бізде әнді реформа жасаушылар көп. Бірақ қаны мен жүрегінде жатқан ұлттық дәстүрді сақтамау ән дүниесін бұзуға алып келіп соғуда. Сондықтан да қазіргі композитормын деп жүргендердің ең әуелі халық композиторларының шығармаларын, әндердің, күйлердің шығу тарихын білуі басты міндет. Қазаққа құдайдың өзі сыйлаған ән дүниесі бар. Осы қазынаны сақтау бәріміздің парызымыз.
Қазақтың өнері мен әдебиетіне араласып жүрген қазіргі жастар Абай атамыздың «Әнді сүйсең, менше сүй» дегенін «Неге айтты екен?» деп есте ұстай жүрсе, жолдары оң болар еді ғой…
ШАШУБАЙДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА
…Нұрағаның сырқаттанып ауруханада жатқан кезі. Сол уақытта көңілін сұрай барғанымызда, «Шаршап қаларсыз, Нұраға» деген қарсылығымызға қарамай, «Өткен-кеткенді еске түсірсем қайта бойым жеңілдеп қалады» деп әңгіме тиегін еркін ағытатын. Құс жастыққа арқа сүйей, аурухана төсегі үстінде отырып көкейде жатқан сан қилы ойларын ортаға салады. Ондай сәттерде көкірек сырылдап, ентігіп отырғанын елең қылмайды. Қайта біздің көңілімізге қарап, әңгіме арасында қалжың айтып, күлдіріп отыруды көп ойлайтынын байқаймыз. Сол кездері белгілі спорт журналисі, қаламгер ағам Қыдырбек Рысбекұлы екеуміз бір барғанымызда өзінің өтінуімен әріптес ағамызды ерте бардық. Нұрағамен амандық-саулық сұрасқан соң: «Бұл журналист ініңіз. Көңіліңізді сұрай келген беті ғой» деп ол ағамызды да таныстырып өттік. Нұраға бар ықыласымен алғысын айтты. Ол жолы да көп әңгімелердің куәсі болдық. Құрманғазы оркестрінің көптеген кемшілігін қынжыла айтып отырған еді. Телефон шырылдап, Нұраға көңілі хош кезіндегі әдетінше: «Қазір, айналайындар! – деп бізге бір қарап алып, трубканы көтерді. Сөз ыңғайына қарағанда Нұрағамен тұстас ағаларымыздың бірі. Емін-жарқын сөйлесіп жатыр. Бір кезде сірә, ap жақтан, «Жаныңызда біреулер бар ма?» деп сұраса керек. Нұраға:
– Е, неге жалғыз болайын. Бар ғой, жанымда бар. Әлгінде журналист балаларым келді, – деп Қыдырбек ағам екеуміздің атымызды атады. Сосын төрдегі толықша денелі, қалың бұйра шашын бастыра қара құндыз бөрік киген, кеудесінен ақ жейде-галстугі жарқырап отырған әлгі әріптес ағамызға қарап жіберіп: – Әй, сен осы Алтайдың ақ төс, қара аюын көріп пе едің? – деп сұрады ар жақтағы кісіден. Ол білемін десе керек.
– Білсең тура сол Алтайдың ақ төс қара аюының ересек қонжығындай тағы бір жігіт отыр мұнда. Атын ұмытып қалдым. Ал, басқа сұрайтының болмаса, дәсбидәние, – деп трубканы ұясына тастай салды. Сырқаты сонша меңдеп отырған кісінің табан астынан сондай тапқырлықпен дәл айтқан теңеуіне қалайша күлмессіз. Қалайша таң қалмассыз. Және артынша-ақ әлгінде айтып отырған әңгімесін тура сол үзілген тұсынан іліп алып жалғастыра беретінін қайтерсіз.
Нұрағаның жүрегі өте нәзік еді. Сөйтіп күлдіріп отырып та, әлдебір сағынышты сәттерді еске алса бірден көңілі босап, аялы жанары жасқа толып, кемсеңдейді.
Бірде жыр жампозы Жамбыл атасы туралы айтып отырып, бала кезінде атақты Шашубайды көргенін, бірнеше мәрте үйлерінде болған кездерін әңгімелегені бар.
– Жамбыл атам Алматыда біздің үйде тұрған жылдары ақын Шашубай әлденеше келген. Бес-алты жасар кезім. Неге екенін білмеймін, бала кезімде жұрттың бәрі мені Тұқатай дейтін. Алдынан құлдыраңдай жүгіріп шығатынмын. Мені көргеннен:
– Ой, Тоқ-Тұқатай айналайын, кел-кел, келе ғой, – деп елжірей сойлеп, тік көтеріп алып төбемнен иіскер еді. Жерге түсіріп, басымнан сипайтын. Әкемнің өмірден өткен шағы ғой. Бала да болсам шын ықыласпен айтылған сөздер, қамқор алақан табын сезініп, бір көтеріліп қалатынмын.
Шашубай тек ақын, әнші ғана ма? Шашубай нағыз бесаспап дарын иесі емес пе. Өмірінің соңғы жылдарында, яғни, жетпістен асқан қарт кезінің өзінде жас жігіттер жасай алмайтын өнерді көрсете білген кісі.
Соғыстан кейінгі жылдар. Мына Бақанас жақтан Алматыға келмек болып жолға шыққан ғой. Көліктің сирек кезі. Келе жатқан алғашқы машинаға қол көтерсе, тоқтамай өтіп кетіпті. «Қап!» деп санын соққан Шашубай келесі машинаның қарасы көрінісімен жалма-жан қара жолдың шетіне екі колымен тік көтеріле төбесімен шаншылып, бір аяғын тіп-тік ұстап, екіншісін тынымсыз бұлғап тұра қапты. Ақсақал кісінің мына қылығына аң-таң болған жүргізуші өзінен-өзі тоқтаса керек.
Ал, Шашубайдың ән айтып отырғандағы әртістігі тіптi сұмдық. Өзгесі өзге, ол ән салғанда киіп отырған оюлы тақиясының тақыр төбесінде бір қалыппен айналып жүретінін бала кезімде өзім де сан көрдім. Ғажап! Еш қимылсыз отырып-ақ, басындағы тақиясын қалай айналдыратынына жұрттың бәрі аң-таң қалатын.
Шашубайдың әндері қандай еді?! Мына бір әні ше? «Та-та-та-та-та!»
Айға жуық қос тізесі бастырмай қойған, аурухана төсегінде еңкіштеу қалыпта отырған Нұраға бойына бейне бір тың күш құйылғандай, тап осы қазір тік тұрып жүре беретіндей кенет қуаттанып кетіп, әлдебір әуенді кеудесін кере шалқайған күйі «Та-та-та-сына» салып айта жөнелгені. Жүзі әп-сәтте нұрланып шыға келді. Іле оң қолы көз ілеспес шапшаңдықпен әдемі бір өрнекті қимылдар жасап жіберді.
– Міне, осы әнді, – деп жүзін бізге бұрғанда жанары жасқа толып тұр екен. – Қазір келістіріп айтатын әнші жоқ. Атақты «Ақ қайың» ғой бұл. Жалғыз-ақ Жәнібектен естідім. Өзгелер бұл әнді ондай келістіріп сала алмайды. Қазақтың классикалық бір әні қалып барады.
Нұрағаның тамағына өксік тығылып, жанарынан мөлт-мөлт еткен бірер тамшы жас үзіліп түсті. Босаңсығанына бізден ынғайсызданды ма, жалма-жан қол орамалын алмаққа қалтасын қарманып, жүзін қырын бұрып әкетті.
ƏMIPE
– Әміре – әншілердің әулиесі, – деп бастады бірде Нұраға әйгілі Қашаубаев туралы әңгімесін. – Бұл ағамыз ХХ ғасырдың басындағы қазақтан шыққан үлкен дарын иесі, халқымыздың классик әншісі. «Ағаш аяқты» Әміренің өз аузынан тыңдағанмын, Сегіз серінің әнін қалай шырқағанын көргем. Бала да болсам есімде. Біздің үйде болғаны бар. Әміренің даусы қазір ешкімде жоқ. Сондықтан одан асатын әншіні де таба алмайсың. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухановтардың жөні бөлек. Бекболаттың болашағы үлкен. Ол нағыз фольклоршы, этнограф.
Әміре ән айтқанда иегі майысып, мойнымен тұтасып кетеді екен. Ерекшелігі де содан шығар. Қазақ халқының тарихта енді қайтып келмейтін сүйікті әншісі… Әміренің арқасында Естайдың, Әсеттің, Біржанның, Ақан серінің, Абайдың, халық әндерінің қаншасы болашақ ұрпақ үшін тарихта қалды. Әміре дауысындай дауыс, ол сияқты әннің әрін келтіріп, өрнегін кілем тоқығандай қылып, ішкі сырын жүректен шыққан дауысымен құйқылжытып айтқан әншіні осы күнге дейін кездестірген жоқпын. Әміре ағамыздың мінез-құлқында үлкен сабырлылық бар еді. Адамгершілік қасиеті мол ерекше аруақты адам болатын.
Әміренің өмірде көрген қызығы көп, тартқан азабы да аз емес. 1925 жылы маусымда Париж қаласында өткен дүниежүзілік көрмеге Совет одағының атағы шыққан өнер шеберлерімен бірге қатысқан Әміренің бірнеше әндері сол жолы осы елдің этнографиялық кабинетінде жазылған дейді. Шіркін, іздеушісі табылып, сол әндерді бір тыңдасам ғой.
Әміре асқақ әншілігімен 1927 жылы Германияның Франкфурт қаласындағы Бүкілдүниежүзілік музыка көрмесіне де шақырылған. Шет елге көп шыққаны ақырында Әміренің басына бәле болып жабысты емес пе? Кейіннен Францияға барғанында атақты Мұстафа Шоқай жасырын түрде Әмірені арнайы қонаққа шақырып, әнін тыңдаса керек. Осы жағдайды кейін Совет тыңшылары біліп қойып, Әмірені қатты қудалаған. Саяси сенімсіз адам деп танылып, жауапқа тартылған Әміреге НКВД жендеттерінің көрсетпеген азабы жоқ көрінеді. Жақын адамдарының біразына өз аузымен айтыпты. Сөйтіп жүрген күндерінің бірінде Алматыдағы мына «Тастақ» маңайындағы бір үйде қонақта отырғанда түзге шығып кетіп, белгісіз бір жағдайда қайтыс болған. «Жүректен кеткен» дейді көзі көргендер. Тап басып ешкім де айта алмайды.
Әміре атақты Майрамен, Естаймен, Қалимен үлкен сыйластықта болған адам. Оның әншілік мектебі ерекше, ұмытылмайтын үлкен дүние еді. Ағамыздың артында қалған көп әншілер Әміреге қатты еліктейтін-ді. Мысалы, Қазақстан халық әртісі Жүсіпбек Елебеков Әміре ағамыздың әндерін аузынан тастамайтын және «Әміре былай айтушы еді» деп әңгімелеп алып, шырқай кететін. Өзі керемет әнші бола тұра Әміре ағасын ұлы тұтып, әрқашан да ән айтқанда есіне алып, әнді де, сөзді де Әміреден бастайтын. Сол Жүсіпбектің айтуына қарағанда, 1920 жылдары Затаевич Москвадан Қазақстанға келіп, ел аралап қазақ ән-күйлерін жинаған кезінде көп әндерді Әміреден алып, нотаға түсіріпті. Қазақстанның халық әртісі Қали Байжанов та Әміре өнерін ықыласпен еске алатын. Пір тұтып, қатты сыйлайтын. Әңгімелерін талай естідік. Жүсекең де, Қали да өз әңгімелерінде Әміре, Майра, Қалибек Қуанышбаев бастаған өнер тарландарының Қажымұқанмен жақын дос болғанын, Қоянды, Қарқаралы тағы басқа жәрмеңкелерде бірге өнер көрсеткенін жырдай қылып айтушы еді. Академик Жұбанов Ахмет ағам да Жүсіпбекті өте қатты сыйлап өтті.
Жүсіпбек ағамен екеуміз Қазақ Мемлекеттік филармониясында бірге қызмет істедік. Жүсіпбек ағаның мінезі қызық еді. Мені жақсы көргені сол – кездесе қалсақ, бас салып құшақтап, құлағымнан қырши тістеп, жанымды көзіме көрсететін. Әй, аруағыңнан айналайын, қайран ағам-ай!
Осы тұста Нұраға күлімсірей сәл ойланып отырды да, маған жалт қарап: «Осы мен саған сырнайды көрсетіп пе едім?» – деп сұрады. «Көрген жоқпын» дедім.
– Онда бері жүр, – деп түпкі қонақ бөлмесіне бастай берді. – Міне, – деді ол үстел үстінде тұрған, бір жақ былғары құлағы үзілген ескілеу шағын сырнайды аялай сипап тұрып. – Шешем Салиқадан қалған көз. Апам марқұм осы сырнаймен өлең айтатын, ел жақсы көріп, сүйіп тыңдайтын әнші болатын. Ол кісі – Нартайды, Шашубайды қуана қарсы алатын еді. Себебі, екеуі де өлеңді сырнаймен сүйемелдейтін. Оларды менің шешем өле-өлгенше құрметтеп өтті. Сол Шашубай, Нартай ұстаған сырнай – осы. Әлі күнге сақтаулы тұр. Анда-санда оңаша кезде қолыма ұстап, жайлап тартсам көз алдыма анам Салиқа, Әміре, Шашубай, Нартай қатар тұрып ән салғандай күй кешемін. Жастай өнерге жуық болуыма сол ән саңлақтарының шапағаты тиген болар деп ойлап қоямын іштей осы күні. Шіркін, Арқаның әніне не жетсін. Сол Біржан, Ақан сері, Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Әміре салған әндердің әрқайсысы бір-бір ария емес пе?! Мысалы, Әміренің «Ағаш аяғы» қандай? Естайдың «Қорланын» не болмаса Шашубайдың «Аққайың» әнін қазір кім айта алады? – дегенді Нұраға өте бір өкінішпен айтты.
– Менің таң қалатыным, осы ХХ ғасырда менен үлкен-кішісі, қатарласы бар бір композитордың осындай ән жазғанын естіген жоқпын. Мұқан аға (Мұқан Төлебаев) жөнінде неге көп айта береді ғой дейсің мені. Оның ұлылығы – «Біржан-Сара» операсын жазғанында. Оның керемет боп шығуы Арқаның маржандай әндерін шебер қолдана білуінде. «Біржан-Сара» сондықтан да теңдессіз.
Көп композиторлар соны ескермейді. Кейде ойлаймын, ескергісі келмейді-ау деп. Композитор Е.Брусиловский «Қыз-Жібек», «Ер-Тарғын», «Жалбырды» жазғанда тек қана қазақ әндерін пайдаланған. Сондықтан бұл шығарма Брусиловскийдікі емес – мұны Батыстың терминологиясымен айтканда «аранжировка» дейді. Демек, ән-күйлерді өңдеп, сол қалпында түсіре салған. Оны кейін Е.Брусиловский өзінің жазған кітабында мойындады. Бірақ ол кезде опера жазатын қазақ композиторлары жоқ болатын. Сондықтан оған кінә қоймаған дұрыс. Айтайын деп отырғаным, біздің музыкатанушыларға қазақ халқының тарихы мен дәстүрін, ана тілі мен өмірін жақсы білуі және де соның барлығын қазақша түсіне білуі керек.
Қазақ халқы аман болса, Әміреден де асатын әнші тудырар. Бірақ, ХХ ғасырдағы әншілердің әулиесі Әміре болып қала береді, – деп Нұраға сөз соңында сұқ саусағын безеп қойды.
«ШОПЫР БАЛА»
Нұраға әсіресе, дастархан басында жұртты көңілдендіріп, күлдіріп отыратын әдетімен бірде өзі туралы мына бір қызық оқиғаны айтып берген еді:
– Құрманғазы оркестрінде дирижер кезім. Ол уақытта гастрольге жиі шығамыз. Сондай сапардың бірінде мына Ұйғыр ауданына бара қалдық. Концертімізді қойып, ертеңінде сол аудан орталығына таяу тағы бір ауылға жүргелі тұрағынымызда, Қасен деген жүргізуші жігітіміздің аяқ астынан ауырып қалғаны. Содан әлгі «Газ-69» машинасын келесі ауылға дейін өзімнің айдап баруыма тура келді. Ескілеу көлік еді. Жолда бұзылып, жұрттан кештеу жеттім. Бұрын барғандар совхоз директорының үйіне түсіпті. Мен онда жеткен соң да біраз уақыт машина моторын шұқылап, жөндеп болған соң ғана үйге беттедім. Қол қап-қара май. Үстім шаң-шаң. Әбден шаршағам. Есік алдындағы қол жуғышқа таяп қалғанымда шошала жақта жүрген бір әйел:
– Әй, қайным, – деп дауыстады. Жалт қарасам қолында екі шелек. – Анау жердегі құдықтан су әкеле қойшы, тілеуің бергір! – Үндемей барып әкеліп бердім. Енді болған шығар деп тұрсам, әлгі әйел:
– Ой, айналайын, мен саған мына ауыз үйге шай дайындай берейін, әне бір сексеуілдерді бұтай салшы, – деп тағы жұмсағаны.
– Жақсы, – деп үюлі сексеуілді он-он бес минутта тас-талқанын шығара бұтап келсем, кіре беріс дәлізге маған жеке дастархан жасап қойыпты. Қара нан, жарты тәрелке сары май, бір кесе мен шәйнек.
– Өзің құйып іше бер, – деп мен кіргеннен ол кісі сыртқа шығып кетті. Онсыз да у-шудан қашып тұрғанымда танымайтын жеңгемнің мына ісі маған тіпті оңтайлы болды. Бір-екі кесе қара шайды сіміре салдым да қайта шығып, орталықтағы мадениет үйіне тарта бердім. Онда да қыруар жұмыс күтіп тұрған. Соған асықтым.
Сонымен қойшы, кешкі жетілердің шамасында концерт басталды. Шымылдық ашылған. Жұрт оркестрге дүркірете қол соғып жатыр. Әдеттегідей:
– Құрманғазы оркестрінің көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижері Нұрғиса Тілендиев, – деп сәлден кейін мені ортаға шақырды. Шыға келіп, бас иіп амандастым. Сахна мен көрерменнің арасы жап-жақын. Бір кезде тура алдыма қарасам – совхоз директорының жанында күндіз мені қайта-қайта жұмсаған әлгі әйел отыр. Көзіміз түйісіп қалғаны сол екен, әлгі кісінің бетін басқан қалпы орнынан тұра жөнелгені. Директор аң-таң қалпы қала берді. Өзгелер ештеңе аңғара қойған жоқ. Концерт те өте бір көңілдегідей өтті. Содан сол әйелдің біз кетер-кеткенше ешкімнің көзіне көрінбей қойғаны. Соңынан айтады дейді:
– Өзі жалғыз келіп, май-май болып, машинаны айналып шықпай жүргенге, шопыр бала екен деп қалсам. Өзі де жұмсағанға жүгіре беретін елгезек жігіт екен. Қайдан білейін!, – деп.
Нұраға рахаттана күлді. Біз болсақ, Нұрағаның қарапайым жұрт алдында олардан да кішіпейіл бола білетін мінезіне сүйсіне езу тартамыз. Біле білгенге бұл оқиға үлкен өнегенің бірі емес пе?!
БАШПАЙЫМЕН КҮЙ ТАРТҚАН
1998 жылдың қаңтар айының басында әйгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев ақсақалға сәлем бере барып, сөз арасында соңғы кездері Нұрағамен жиі әңгімелесіп жүргенімді айтқан едім.
Жетпістің бел ортасынан асса да қаламнан қол үзбеген Мұзаға салған жерден:
– О, о, Нұрғиса – бүгінгі қазақ музыкасының шыңында тұрған дара тұлға емес пе! Нағыз талант қой. Кезінде бірге жүрдік. Сыйластығымыз жарасқан жандармыз. Оның жан баласының қолынан келе бермес ғажап өнеріне кезінде шын ғашық болған жанның бірімін.
Нұрғисаның тұла бойы тұнған өнер! Қазақтың барлық ұлт аспаптарының тілін ол кісідей білетін композиторды әлі естігем жоқ. Нұрғисалар еш қалыпқа сыймайтын ерекше жаралған жандар ғой.
Бір қызықты айтайын. Нұрғисаның өзі солақай күйші екенін барлық қазақ жақсы біледі. Домбыраны сол қолымен тартады. Ал, ертеректе Нұрғиса әлдекімдермен бәстескенде домбыраны қос қолымен ұстай отырып, оң аяғының башпайымен күй тартып жұртты таң қалдырғаны бар. Қандай күй, қай жылы екені есімде қалмапты. Бұл туралы Нұрғисаның өзінен сұрағаның жөн болар, – деген. – Сол жолы көпті көрген көне көз қария Мұзағаның аузынан өзге де көптеген әңгімелер естіп, бір қуаттанып қайтқан едім.
– Кеудедегі намысты шар қайраққа салғандай жаныса, одан зорғысына басар кезіміз ғой, – деп ризалықпен күлген еді Нұраға сөз орайын келтіріп осы башпаймен күй тарту жайлы есіне салғанымда. – Сол жетпісінші жылдардың іші болатын. Жазушы, ақын ағалармен бірге осы Алматы маңайындағы атағы дүрілдеген бір колхозға қонақ болдық. Отырыс өте көңілді. Қазақтың қасқалары мен жайсаңдары жүрген жер ән-жырсыз бола ма?! Елдің өтінішімен мен де бірталай күй тарттым. Сонда ғой, былайғы қалың жұрт риза болып қошемет көрсетіп жатқанда, біз қонақ болып барған колхоз директорының алабөтен шіреніп:
– Мұндай күйді екінің бірі тартады. Күй деп шіркін баяғының күйшілері тартқан күйді айт. Домбыраны желкесіне қойып шертсе де бір мүдірмейтін солардай қайдан болсын? – демесі бар ма! Күйіп кеттім. Ойланбастан:
– Ағасы егер шындаса, ондай өнердің біразы мына інініздің де бойынан табылады, – дедім.
Ол да осындай бір егесті ішінен тілеп отырған біреу болса керек.
– Мықты болсаң қане бір күйді башпайыңмен тартшы, бес мыңды қазір қолыңа санамай берейін, – деп шап ете түсті. Ондай ортада намысты қолдан беріп көрмеген басым екі сөзге келместен оң аяқтағы бәтеңкені жерге атып ұрдым. Жұрт демін ішіне алып тына қалған. Күмбірлетіп бердім. Сондағы тартқаным импровизация. Директор да мәрт екен. Бес мыңды қалтасынан суырды да ортаға тастай берді. Бес мың сом дегенің ол кезде бір көліктің құнына пара-пар ақша ғой. Сол сәтте мол денесімен еңсеріле түскен Ғали Орманов ағамыз:
– Жадыңда жүрсін, күйші інім. Мұндайды үлкендер алады, – деп бес мың сомды жол ортадан қақшып алып, қалтасына сала салды. Ләм дегем жок.
Әкем марқұм «Аққу» күйін пышақ ұшымен тартатын. Ол кісілердің деңгейіне жету қайда-а-а бізге.
«ИІСІ ЖОҚ» ДОМБЫРА
1992 жылы Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрында «Қажымұқан» атындағы қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жеңіл атлетика саңлағы, әйгілі желаяқ Әмин Тұяқовтың кеші болып өтті. Нұраға сол кешке «Отырар сазы» оркестрін толық құрамымен алып келіп жұртшылық алдында Әмин досының мәртебесін және бір аспандатып тастаған. Әуелі сахна төрінде шын пейілімен ақтарыла құттықтау сөз сөйледі. Содан соң кең құшағын айқара ашып, Әмин досын құшағына қысты. Сөйтті де, өзінің дирижерлік етуімен досының тойына ән-күйден шашу шашты.
Кеш соңына қарай «Қажымұқан» атындағы қор президенті, белгілі спорт журналисі, жазушы Қыдырбек Рысбек Нұрағаның құрметіне арнайы дастархан жасатты. Нұрағаның зайыбы Дариға тәте мен қызы Динара-Дінзуһра және бірнеше кісілер бас қосқан отырыстың шырайын кіргізген әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың қоңырлата салған әсем әндері болды. Әсіресе, Нұрағаның әндерін бірінен соң бірін төгілтті. Нұрағаның ризалығында шек жоқ. Көңілді. Ән айтыла бастағаннан бар зейінін сала тындайды. Аяқталған соң да біразға дейін көзін жұмып үнсіз отырады. Екі-үш мәрте бірер әнді қайталата айтқызып, Қайрат шәкіртіне ескерту жасады. Біздерге Қайратты сонау бала кезінен білетіні туралы айтып өтті.
Қайратты он екі жасында әпкесі Нұрағаның алдына ертіп келіпті.
– Қарағанды қаласындағы қонақ үйде жатқан болатынбыз. Тыңдап көргеннен бірден ұнаттым. Қазақтың халық әндерін өте жақсы біліп, жүрегімен түсініп айтады екен. Әпкесіне айттым. «Он жетіге толғанда Алматыға алып кел, өзім тәрбиеме аламын. Түбінде нағыз әнші шығатын бала екен» деп. Бұл ұмытпасам шамамен алпыс бесінші жыл болатын. Сол айтқаным тегін болмай шықты. Міне, Қайрат бүгінде бүкіл қазақтың сүйікті әншісі атанды, – деді Нұраға шәкіртіне ризалықпен көз тастап қойып. «Рас, менің де күні бүгінгідей есімде», – деді Қайрат та ұстазының сөзін мақұлдап.
Қызыл күрең коньяктан әр ән соңынан аздап ұрттап қойып отырған Нұраға біраздан соң қыза бастады. Бір уақытта Қайратты дастархан басынан тұрғызып, өзіне қарама-қарсы төр жаққа жеке отырғызып қойды. Ұстазының өзіне деген бөлекше ілтипатынан ба, Қайрат шабыттана түсті. Бауырын енді жазған жүйріктей, тағы да оншақты әнді қонырлата салды. Қайратқа сүйсіне қарап отырған Нұраға бір кезде:
– Осы домбыраң-ай, сенің. Кәне, бері әкелші өзін, – деп қолын созды. Қайрат лып еткізіп ұстата салды.
– Сәндеткен-ақ екенсің, – деген Нұраға шалқая отырып, ою-өрнегі көз тартқан қалақтай ғана әдемі домбыраны әуелі айналдыра қарап шықты. Сосын құдды бір жас нәрестеге ұқсата қос алақанына салып, кеуде тұсына көтере шанақ тұсынан мейірлене иіскеді. Таң қала қарап отырмыз. Аялап апарып тізесінің үстіне қойды. Көз жұмулы. Сөйтті де, шамалы уақыттан соң шошып оянғандай селк ете түсті. Жанарын жарқ еткізіп ашып, тізесіндегі домбыраға тіксіне қарады. Түрі сәтте құбылып шыға келді. Басын шайқап жіберіп: «Қателеспедім бе?» дегендей еңкейе бере демін терең тарта тағы бір иіскеді.
– Әй, – деді сосын ашулы дауыспен Қайратқа қарап. – Әй, мынауыңда түк иіс жоқ қой? – Әлгінде ғана үлбірете ұстап отырған домбыраны тізесінен мойнынан қылғындыра ұстап жұлып алды. – Иісі бар екен деп отырсам мен мұның! – Алданып қалғанына ыза болған керемет ашу бар үнінде. Біраздан кейін:
– Өткенде үкімет басшылары қатысып отырған бір жиында, «күй тартып беріңізші» деп өтінген соң жарайды дегем. Әкелген домбыраны шертіп көрмей-ақ, ортасынан қақ бөлдім. Содан тағы біреуін әкелді, тағы сындырдым. Кемінде бес-алтауын әкелген шығар. Біреуі де тартуға жарамайды. Өйткені, мүлде иіс жоқ ешқайсысында. Масқара ғой. Сен біздің үйдегі Ахаңның (Ахмет Жұбанов.-Т.Ж.) маған сыйлаған қызыл домбырасын көріп пе едің? Иісі қандай, ә?! Әне, сондай болуы керек қой домбыраның бәрі.
Нұраға «мынаны қайтсем екен» дегендей сол қолындағы өлген үйректей бұлғаңдап тұрған домбыраға бір қарап қойғанда, Қайрат ағамыздың өңі бозарып сала берді. Аузына сөз түспей жалт-жалт етіп домбырасына бір, аяқ астынан өзгеріп шыға келген ұстазына бір қарайды. Нұраға болса, шынымен-ақ ортасынан опырып тастай салатындай қимылмен домбырасының екі басынан ұстап алдына алғанда Қайраттың шыр-пыры шықты. Енді үндемесе домбырасының қақ бөлінуі кәдік еді.
– Нұреке, енді күй тартуға келмесе де, неше жылдан бері жаныма серік қып жүрген домбырам ғой. – Қайрекеңнің үні жалынышты. – Исі болмаса да ән айтуға жарайды, әйтеуір. – Жеделдете айтып жатыр. Нұраға илігер емес.
– Иіс жоқ, – дейді тыжырына сөйлеп. – Домбыра дегенде аңқып тұрған жұпар иіс болуы керек.
Өзге айтқандары арашаға жарамаған Қайрат бір кезде Нұрағаның өз сөздерін көлденең тартты.
– Нұреке осы былтыр ғана бүкіл ел алдында «Қайраттың мына домбырасында бөлек үн бар. Дауысы күмбірлеп шығады» деп едіңіз ғой. Сол мақтаған домбыраңыз емес пе, қолыңыздағы.
Нұраға ойланып қалды. «Расында да солай деп пе едім» дегендей бірауық үнсіз отырып-отырып райынан қайтты-ау. Ештеңе деместен қолындағы домбыраны Қайратқа ұсына берді. Ұшып жеткендей болды Қайрекең. Домбырасы қолына тиісімен сондай бір шалт қимылмен шамырқана қағып-қағып жіберіп, орындығына отырар отырмастан әуелете әнге баса жөнелді.
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
журналист
Автор туралы:
Төлеген Жәкітайұлы Ақмола облысы, Теңіз ауданы, Жанбөбек ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Көп жылдар республикалық газет-журналдарда қызмет атқарды.
«Нұрғиса» (композитор, Халық қаһарманы Н.Тілендиев туралы), «Саян» (саңлақ хоккейші С.Шәймерденов туралы), «Керей» (самбоның даңқты бапкері К.Қойшыбеков туралы), «Жақсылық» (тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы) атты кітаптардың және ежелгі көкпар ойыны мен командалық көкпар спортының тарихын қамтыған, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген «Көкпар» кітабының авторы.