Толғауы терең, өлеңі өлмес ақын
2023 жылы 16 қазанда Несіпбек аға дүниеден озды деген суық хабарды естігенде дүниедегі барша құбылыстан жұмбақ астар, символикалық нышан тауып алар әдетпен бір детальға – иісі қазақтың маңдайына біткен қасқа-жайсаңдары өмірден өткен күн – жыл құсындай қайта оралып келе берген 16 санына мән бердім.
Ұлтына бергені мол алаштың біртуар ардағы Ақселеу Сейдімбектің беймезгіл қаралы хабары 2009 жылы 16 қыркүйекте шықты. Ұлттық әдебиет ғылымын көркейткен ғұлама Рымғали Нұрғали арада тура 6 ай өткенде 2010 жылы 16 ақпанда жалғанмен қош айтысып кете барды.
Анаммен аталас Шәкір Әбенов – Шәкер атамды соңғы жырау деп ойлайтын едім. Дешті қыпшақта бағзы ноғайлы-қазақ жыраулардан еш кемдігі жоқ, эпостық қуаты Тайбурылдың шабысындай Несіпбек Айтұлы дәл осы тылсым цифрдан аспай кете барды. Рухы бір, дәурені бір, тіршілігінде сыйласып, бірін-бірі қадір тұтқан үшеудің өмір парағының соңғы бетінде «1» және «6» саны басым тұрғаны неліктен?! Мұның қандай мистикалық құпиясы бар?!
Зерттеушілер кез келген ғылымның бастауында магия жатады деп жазады. Цифр магиясы – сандардың тылсым сырын, күшін, құдіретін есте жоқ көне бір замандарда абыздар, маг, алхимиктер, балгер-сиқыршылар жете білген. Қазіргі нумерологиядан ғөрі тереңірек меңгерген.
Араб цифры «1» күллі әлем жаратылысы бастауында тұрған бір Жаратушыға тиесілі құдіретті сан болса, қасиетті діни кітаптарда Құдай дүниені алты күнде мінсіз жаратты делінген. Аспаннан жапалақтай жауған кіршіксіз аппақ қар түйіршіктері алты қырлы болса, бал араларының бал сақтайтын балауыз ойықтары да алты ұяшықтан түзілген. Алты – тазалық, мінсіздік, құрылымдық, жасампаздық тұспалы болып шықты. Расында бұл кісілер барын, нәрін, асыл рухын қазақ халқына аманаттап беріп кетті.
Несіпбек аға алдындағы асқар тау тәрізді екі ағасын тіршілігінде мәртебесін асырып, өлгенде өлім хақтығын мойындап, арыстарды жоқтап аза жыр жазды. «Дүние елесі» атты өлеңінде «Байтақ жерден бәрімізге тиетіні тар қабір» деп өзі жазғандай, ажалсыз жан жоғын әсіресе ақындар анық біледі.
Ақселеу Сланұлы беймезгіл қайтқанда тұнжыр күн қоса жылаған тәрізді қатты салқындап, ауыр қазаға жиылған құсалы ел іші-сырты қоса жаурап тұрғаны көз алдымда. Әйтпесе күн суытуға әлі ертерек мезгіл болатын.
«Ағатай, қалай түстің көрге мұздай? / Өмірің болды бізге енді аңыздай. / Қасқайып көшті бастап жүруші едің, / Күңіреніп көкірегің нар қобыздай. / Секілді Асанқайғы дала кезген, / Іздедің елдің жоғын бала кезден. / Күйдірдің қанатыңды қазағым деп, / Алайған арашалап ала көзден. / Өз басын күйіттеуді ар санаған…/ Халықтың қазынасын арқалаған, / Ер едің өрге салса шаршамаған. / Байтақ жер, байтақ жұртты айтпағанда, / Жасаған жақсылығың қанша маған»; «Әкелді ауыр қазаң елге қайғы, / Көңілдің жайлауынан шаң борайды. / Мөлтілдеп екі көзге жас келеді, / Естісек «Сарыарқаң» мен «Дәурен-айды»»; «Алтайды, Алатауды алты айналған, / Арқаның көкбөрісі өзің едің»; «Жасайсың қазағыңмен мәңгі бірге, / Рухыңның жаққан отын өшірмейсің!».
Несіпбек Айтұлы Ардакүрең атаған академик Рымғали Нұрғали ағасын тірісінде данышпан көтеріп: «Сарайына жаныңның ендік келіп, / Жүрегіңе жүректі бердік теліп. / Жүрдік, рас, ақылға зәру болып, / Жүрмегенмен тұрмыстан кемдік көріп»; сол аяулы ағадан айрылған соң құлазып шер төкті: «Ағатай, үлгің өшпес ізіңдегі. / Сен едің қара тілді, айыр көмей, / Бүгіннің қаз дауысты Қазыбегі. / Қайғыңды көтере алмай әзер тұрмын, / Түнеріп төбемдегі жайнаған күн».
Қос тұлға Ақселеу Сейдімбек пен Несіпбек Айтұлының бірі ақын, бірі композитор болып бірлескен шығармашылық тандемі «Сарыарқа» мен «Дәурен-ай» атты әндері ұлттық иммунитеті берік әр қазақтың жүрегінде. Бұл ұлт туралы, ұлттық мүдде, ұлттық мұрат, өткенге қайырылып, келешектен үміт күткен лирикадан елдік идеологияға алмасқан астары тұңғиық туындылар.
Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінде Ақселеу ағаны ақтық сапарға шығарып салған қаралы жиында «Отыз жыл біз ергелі қасыңа да», «Желден жүйрік қаламы», «Сен де бір Асанқайғы» деп бекзат қалыбын таныған қимас аға досын жоғалтқан Несіпбек аға қас жақсыны қоймайтын ажалдан түңіліп, теңселіп тұрды.
Қаралы фойеде екеуге ортақ көркем туынды, бабалар рухынан аманат әрі қазақ ұлтының гимні сияқты сезілетін «Сарыарқа» әні қалың жұртты тебірентті. Олар тіршілігінде бірге жүрген, тілегі бір, жүрегі бір таңдаулы тұлғалар болатын. Өзара рухани үйлесім белгісі болар, мүмкін құдіреті күшті құдайдың қалауымен бауырластық феномені шығар, үшеуі де бір «16» цифріне байланып, келместің кемесіне мініп кете барды. Бірақ руханият барда олар өлмейді. Артында қазақ халқымен бірге жасайтын ардақты есімдері қалды.
2024 жылы 27 көкек күні «Тұран» мейрамханасында Семей топырағынан шыққан дара тұлға Медеу аға Сәрсекенің 40 күндік асы өтті. Үлкен жазушының жиені түсірген деректі фильмді көрсетті. Кадрдан тыс «Аққудың көз жасындай көлге тамған, / Жанымды тербетесің шерге толған. / Ой-арман» деп мұңды дауыспен музыкасыз салған ән естілді.
Тұрысбек баласы Несіпбектің өлеңдері халықтық асыл мұраға көзі тірісінде-ақ айналып үлгергені оның жыр әлемде Құлагердей қас ақындығын, Ақтамберді мен Абайдың нағыз мұрагері екенін білдірмей ме!
Былтыр көктем туа 13.04.2023 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» атты жыр кітабының тұсаукесері өтті. Әдебиет қауымы көп жиналды. Үлкен ақындар баталы сөз сөйледі. Сонда ел алдына шыққан ірі ақындардың топ басында Несіпбек аға, оның қасында Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Светқали Нұржан тұрды. Несіпбек аға сөз бастамас бұрын төртінші қатарда отырған маған ілтипат танытып: «Қалайсың, Айгүлжан?» деп жұрт білсін дегендей назар аудартып жарқын үнмен амандасты.
Сол күні кешкілік Несіпбек аға қоңырау шалып: «Айгүлжан, сенің жақында шыққан кітабың бар ма?» деп әңгімені тікесінен бастады. Не айтқысы келгенін бірден сездім. «Несіпбек аға, мен Мемлекеттік сыйлыққа түспеймін!» дедім жұлып алғандай. Несіпбек аға «Неге?» деп сұрады. «Шын лайықты жазушылардан Медеу аға, Роллан аға бұл сыйлықты алған жоқ. Ол кісілерден бұрын мен ұмтылсам ұят емес пе?!». «Сонда не, сенің Медеу ағаңды күтіп, мен де алмауым керек пе?! » – деді Несіпбек аға телефонның ар жағынан тыз ете қалып. «Жоға. Сіздің жөніңіз бөлек қой!», – дедім. Бірден дауыс әуені өзгеріп, көңілі оңала қалды. «Сен қатарлы қыздар алып жатыр ғой», – деді сосын. «Маған әзірше керек емес. Шыным осы. Қазақтың ата дәстүрі бар, үлкендердің алдын кеспеймін. Бұйырса, әдеби конкурстар бар, шетелден үлкен сыйлықтар аламын!», – дедім. Ақынның ендігі дауыс интонациясынан өте риза болғаны сезілді. Бұл ойыма келісіп, баталы сөзін айтты.
Енді қарасам, адам өзінің қанша ғұмыры қалғанын бейсаналы түрде сезеді екен. Маған бауырмалдық танытып, ірі додаға түс деп айтқаны, егер түсе қалсам қолдау көрсетіп, жақсылық жасауға асыққандай болған сәті Несіпбек ағаның қоштасқаны екен.
2015 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген жеті томдық кітабын Несіпбек аға маған сыйлады. Бұл жеті кітап тұнып тұрған поэзия қазынасы, өз басым эссе жанрында көсіле жазған сайын ішінен тақырыпқа зерлеп салып жіберуге лайық інжу-маржан тұстарын екшеп алмаққа көп қараймын.
Тіл байлығы керім, қазақы дүниетанымы асқақ әрі бекзат ақын «Тәңірі» және «аруақ» деген сөзді өлеңде жиі қолданады әрі сүйіп жазады. Суреткерлік қасиет ұлттық код, ұлттық иммунитетті сақтауға бағытталады. Қазақ «аруақ» деген сөзді тегін айтпайды, киесін білген соң айтады, мұны тіпті кванттық физика жоққа шығармайды.
Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз,
Әзірейіл батыс пен шығысымда.
Несіпбек Айтұлы туған халқын сүйіп жырлап, оның болашағына тілек қосып, ел қорғаған қас батырларына кесек-кесек жыр-дастан арнап, жыраулардың тұяғы болған соң небір тұңғиық толғаулар төкті.
Ақын өз портретін айқын жазып кетті:
Мен-дағы бір белгімін ғасырдағы,
Дүркіреп дәурен көшер басымдағы.
Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан,
Көз жазбай көргенімнен жасымдағы.
Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,
Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.
Ақынның құпиясы өзіне аян,
Ұясын жүрегінің мұң кемірген.
28.04./ 30.04. 2024.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА