ЖАЛҒАН ДҮНИЕ МЕНЕН ДЕ ӨТЕР…
АРПАЛЫСЫП БАҚҚАНМЕН
«Дүние – жалған!» депті бабам,
Жалт-жұлт етіп өтті заман.
Мынау жарық тіршілікті,
Аманат қып кетті маған.
Жыл құсындай келер-кетер,
Жалған дүние менен де өтер.
Арпалысып баққанменен,
Қай дүлейге шамаң жетер?
Келмейді оған құлазығым,
Бұл өмірге разымын.
Арман қудым іздегендей,
Ғайып болған құлан ізін?
Амал қанша талса белім,
Қылша мойным талша менің.
Құландардай қырды кезген,
Еркін өмір аңсап едім.
Күліп шығар күнім алда,
Бер жаныма тыным, Алла?!
Ақын байқұс байыз таппас,
Таңдайында тілі барда.
ӨЛМЕЙМІН МЕН ДЕ
Мен осы өлмейтін шығармын.
Мұқағали
Өзіммен өзім кеңестім,
Өлетін сірә емеспін.
Қанжарын қайрап жүргенмен,
Өлтіре алмайды мені ешкім.
Тұрғанда асқар тауларым,
Өлтіре алмайды жауларым.
Білмейді байтақ даланың,
Ұлында өлмес жан барын.
Орманым, тауым жаңғырып,
Сөйлейді таңды-таңға ұрып.
Сөйлейді туған тілінде,
Байтағым менің мәңгілік!
Домбыра менен қобызым –
Кіндігі бірге егізім.
Екеуі аман тұрғанда,
Шалқиды шалқар теңізім.
Жапырақтың жаны – бүрінде,
Топырақтың жаны – гүлінде.
Адамның жаны – жүректе,
Халықтың жаны – тілінде!
Жаныма батқан бүгінде,
Қайғым бар көңіл түбінде.
Тілімді кесіп алмаса,
Сембейді жағым тірімде.
Бәріне төзіп шыдармын,
Тағдырын кешіп қыранның.
Қазақтың жаны өлмесе,
Өлмейтін мен де шығармын…
ҚОС ҚАЙҒЫ
Тағдыр салса тас өткелге,
Жанарыңа жас тығылар.
Зарға толы қос өкпемде,
Қос ғасырдың өксігі бар.
Бір өкпемде ел қайғысы –
Аштан өлген, оқтан өлген.
Бір өкпемде жер қайғысы –
Түн ұйқымды төртке бөлген.
Қос өкпемді қысады кеп,
Күндіз-түні екі қайғы.
Бүйте берсе құса жүрек,
Қақ жарылып қақырайды…
ОЙЛЫНЫҢ ЖАНЫ УЛАНҒАН
Ғұмырды судай сапырған,
Саудагер, сайқал бұл жалған.
Талайлар басын қатырған,
Тағдырға кез боп тұлданған.
Қайғысыз, қамсыз – ақымақ,
Болмайды онда мүлде арман.
Запыран жұтып ақылдан,
Ойлының жаны уланған…
Таусылған шақта шарасы,
Түнеріп жүрек тұншығар.
Жазылмас ойдың жарасы,
Ұлғайған сайын ушығар.
Ушығар-дағы тұншығар,
Сөнгенде ақыл-санасы.
Күн батар, қайта күн шығар,
Құлшынар, Адам баласы…
ƏЙНЕКТЕЙ АЯЗ ҚЫСҚАН
Бабаның баяғы өткен жұрты қайда,
Малынған заман қайда мұрты майға?
Қат-қабат ойға түсіп қамыққанда,
Бұршақтап көзден жасың ыршымай ма?
Сары аяз сақылдаған – өмір мынау,
Әйнектей аяз қысқан көңіл – қырау.
Шалқыған айдын көлдей кең дүние,
Көзіме оймақтай боп көріндің-ау?!
Шықпайды бұрынғыдай күн жадырап,
Бос қалған жүрек төрі тұр қаңырап.
Ішіңде алай-дүлей боран ұрған,
Тағдырың керек сенің кімге бірақ?
БІЗДІҢ ДЕ
Біздің де басымыздан озды заман,
Күндей боп екінтіге тез құлаған.
Тұғырдан түскеннен соң мезгілі кеп,
Сіңірден не шығады созғылаған.
Кезінде белден де астық, таудан да астық,
Сан жықтық алысқанды ақ жамбас қып.
Асауды құлағынан басып мінген,
Қай жерде қалып қойдың, балуан жастық?
Көрген жоқ сұм жалғанды кісі жеңіп,
Өткен күн мазалайды түсіме еніп.
Опасыз дүниеден опық жеген,
Менің де сыртым тірі, ішім өлік.
ӨТЕ ШЫҚТЫ
Самайына ақ түскен,
Астым, міне, жетпістен.
Аққан жылдар сездірмей,
Көрінеді мезгілдей,
Қазан қайнап, ет піскен.
Артқа мойын бұрғызбай,
Қолды-аяққа тұрғызбай,
Аман-сәлем қылғанша,
Көзімді ашып-жұмғанша,
Зуылдады жұлдыздай.
Қолға тізгін тигенше,
Ойдан түйін түйгенше,
Өрепкіген көңіл-ай,
Өте шыққан өмір-ай,
Ернім тиіп сүйгенше…
ЖАҢЫЛҒАН БІР ДҮНИЕ
Тұрса да тас төбемнен нұр құйып күн,
Қаншама жүрегіме мұңды ұйыттым.
Кім мені іздеп келіп алып шығар,
Түбіне түсіп кетсем тұңғиықтың?
Алдырмас оңайлықпен тағдыр сырын,
Пәнидің кім шешеді бар қырсығын?
Атаның ақ жолынан адасып қап,
Мен-дағы бармағымды сан қыршыдым.
Қайтпайды еңкейген күн, ауған бесін,
Тоқтатар құдірет жоқ жалған көшін.
Қонар ма кейінгінің зердесіне,
Біздерге бұрынғыдан қалған жосын?
Қарасам алды-артымның бәрі тұман,
Жаңылған бір дүние бағытынан.
Алысып, арпалысып баққанменен,
Түбінде ол ұтады, мен ұтылам.
ҚАЙДА ЖҮРСІҢ?
Ерте тұрып бабамдай ала таңда,
Көшкен жоқпын жүк артып сары атанға.
Зымыраған жұлдыздай көлік мініп,
Мәпелеген ержеттім алақанда.
Аз ғұмырдың алданып көркіне құр,
Мән бермеппін дауасыз дертіне бір.
Іздегенге қойдың-ау таптырмай-ақ,
Қайда жүрсің, алаңсыз еркін өмір?
Алған қарыз тұрады күнде ойымда,
Өтелмеген парыз бар қыл мойында.
Шық бермейтін Шығайбай заман келді,
Шөліркетер жатсаң да су бойында.
Саясына алса да ну қарағай,
Құлазиды көңілім қу даладай.
Қарсы шаппай бола ма бәле келсе,
Қашқан қиын қашанда, қуған оңай.
Жан төзбейтін қиянат жасалғасын,
Адам қалай көзіне жас алмасын?
Айдағанға жүргенмен анда-санда,
Байлағанға көнбейді асау басым…
АЙНАЛЫП ТҰРҒАН ДҮНИЕ-АЙ
Барайын десем ел қандай?
Бармайын десем шөл қанбай,
Өзекке түсіп сағыныш,
Өртеніп жүрек жанғандай.
Асайын десем бел қандай?
Үзіліп белім талғандай.
Саудаға түскен сары жұрт,
Сарсаңға күнде салғандай.
Шығайын десем тау қандай?
Басынан бұлты ауғандай.
Аспанның емес жартастың
Көзінен тамшы тамғандай.
Түсейін десем көл қандай?
Сораптап тажал сорғандай.
Сортаңда қалдым сопайып,
Жан едім неткен сормаңдай?
Ішейін десем су қандай?
Ішіне қосқан у бардай.
Қайран да менің қазағым,
Қайғымен егіз туғандай.
Қазайын десем жер керек,
Қазбайын десем көр керек.
Айналып тұрған дүние-ай,
Ай менен күндей дөңгелеп…
ӨЛДІ ДЕП ОЙЛАМАҢДАР
Тағы да бір таң атты, бір түн өтті,
Жанымды қайта шыққан күн түлетті.
Қарайған жұрттың бәрі Құдай емес,
Береді сұрағанмен кім тілекті?
Пенденің қаптап жүрген қатарында,
Белгілі тұрарым да, жатарым да.
Кететін мәңгі ұйқыға кезің алда,
Атқан таң оян дейді атарында.
Оянам бозторғайдай таңмен бірге,
Қуанам аман-есен көрген күнге.
Оғына сұм ажалдың ұшқандар көп,
Үлгірем көңіл айтып өлген кімге?
Шырақ жоқ бұл жалғанда сөнбей қалар,
Тірліктің дөңгелегі мәңгі айналар.
Өлді деп ойламаңдар өлгендерді,
Тірілер тұрған кезде өлмейді олар!…
Несіпбек АЙТҰЛЫ