ҚАМШЫ
Еркіндіктің өлкесі еді
балғын шағым – балалық,
Өкінтеді сол кешегі
жасағаным шалалық.
Түсінбеген екенбіз деп,
еске аламын әкемді,
Бірде ол інім екеумізге
бір-бір бөрік әкелді.
Бөріктің сол оюлары
көзге ыстық көрінген,
Сосын тағы тобылғы сап
қамшы ұстатты өрілген.
«Түсінсеңдер мен бұларды
берген жоқпын сән үшін» –
Деді әкем, сосын бізге
түсіндірді мәнісін:
«Бөрік деген – бас киімің,
емес сенің ермегің,
Берме ешкімге, оны берсең –
беделіңді бергенің.
Қамшы – билік, болсын сенім,
салмақ болсын сөзіңде,
Берме ешкімге, болсын сенің
өз билігің өзіңде».
Мақтандық па, шаттандық па,
берілдік пе сезімге,
Әкеміздің сөздеріне
мән бермеппіз кезінде…
Бірде інім жылап келді,
көршіміздің бұзығы
Басындағы бөркін оның
тартып апты қызығып.
Намыстандым, ашу-ыза
орныққандай бойға нық,
Бұзақыдан қылығы үшін
кек алуды ойладық.
Тентек еді, тарамыстай
болса-дағы қушиған,
Каратэнің шебері еді,
хабары бар «у-шудан».
Ваня досым екеуіміз
кешке таман аңдып ек,
Досым қашты сонадайдан
көрінгенде Ханзубек.
Жалғыз өзім бата алмадым,
қорқып шыбын жан үшін,
Інімнің сол қорғамадым
беделі мен намысын.
Рухсыздық, әлсіздігім
үшін әлі өкінем,
Кешіре алсаң кешір інім,
кешіре гөр, өтінем.
…………………………………………………………………
Туған елім! Баста – бөркің,
қамшың болсын қолыңда,
Дәрменсіздік танытпа сен
тәуелсіздік жолында.
Қайбір көршің жік салатын
тия алмаса тентегін,
Жанымды да аямаймын
қайтаруға ел кегін!
Соңғы дем
Көкжиде, ол – менің туған ауылым,
Сағынамын кейде құмды дауылын.
Құм ұйытқыса бір керемет болады,
Құлағыңа, аузыңа да толады.
Туған ауыл ыстық саған сонда да,
Жас кезіңді еске аласың толғана.
Сол ауылда бір ағамыз бар еді,
Сұлу әйел сол кісінің жары еді.
Жеңгемізге жарасатын кербездік,
Білсеңіздер жараспайды ерге ездік.
Ал ағамыз тектілердің әулеті,
Асып-тасып жататұғын дәулеті.
Жеңгеміздің көркіне ешкім жетпейтін,
Оның сөзін ағам екі етпейтін.
Аузын ашса, орындайтын тілегін,
Ағамыздың жаулап алған жүрегін.
Ел ішінде беделді еді сол ағам,
Денесі зор құйылғандай қоладан.
Жастайынан айналысқан күреспен,
Жеңістері кетпейді әлі бір естен…
Бірде ағамыз алаңдатып халықты,
Қатты ауырып, төсек тартып қалыпты.
Уайымдап, болды халық әбігер,
Шет елдерден алдырылды дәрілер.
Өміріне туған кезде қауіптер,
Алдырылды емшілер мен тәуіптер.
Дейді олар ана жаққа шауып кел,
Ананы әкел, мыналарды тауып бер.
Тауып берді сұрағанын, керегін,
Білмеді олар науқасының дерегін.
Шақырылды жан-жақтан көп дәрігер,
Жастары бар, жасамысы, кәрілер.
Емдерінің бірі шипа болмады,
Туыстардың көңілі оған толмады.
Ауру меңдеп, байғұс қатты қиналды,
Алыстағы ағайындар жиналды.
Отбасының уайымға батқаны –
Отағасы әл үстінде жатқаны.
Әзілдейді: «Сәл бөгелсе шығар дем,
Ауруменен белдессем мен жығар ем».
Туыстары үзді одан үмітін,
Молда отыр дем салған боп күні-түн.
Тіршіліктен алыстады сол ағам,
Жатқан төсек кем болмады моладан.
Демі үзілмей салды оны азапқа,
Ажал оны айналдырды мазаққа.
Молда ойлады: «Не ақылға сыймайтын,
Көңілінде біреуі бар қимайтын».
Сыр жасырмай айтар деген үмітпен,
Оңашада сұрады ол жігіттен.
Жігіт сонда жарылғандай ағынан,
Айтқан сөзі: «Анашымды сағынам.
Әйелімнің сөзі улап санамды,
Үйден қуып шығып едім анамды.
Барған жері шағын қала Текелі,
Сондағы бір қарттар үйі – мекені.
Бұрын мұндай болмаған ғой қазақта,
Ажал мені айналдырды мазаққа».
Соны айтып, көздеріне жас алды,
Жылағаны емес еді жасанды.
Мұны естіп, молда анасын алдырды,
Баласымен оңашада қалдырды.
«Құлыным-ай» деп егілді анасы,
«Кешір, ана» деді сорлы баласы.
Қиналғанын ана сонда түсінді,
Аймалады арып солған мүсінді.
«Кешірем ғой, қалай сені кешірмен,
Әр күн сайын кетпей қойдың есімнен».
«Кештім» деді үш қайталап егіліп,
Омырауына жаңбыр боп жас төгіліп.
«Кештім» деген сөзді естіп жайланды,
Бәлкім демі осы сөзге байланды.
Рахаттанып, жүзіне нұр түзіліп,
Соңғы демі кете берді үзіліп…
Күл төбе
Әлі есімде бала кезім,
анам жүрді ашулы,
Түсінбеймін шала сезім
қайтіп көңілін басуды.
Ашуланып сөйлеп жүрді,
өз-өзінен күңкілдеп:
«Көрші отырып бұлай жасау
қалай ғана мүмкін?» – деп.
Ашу-ыза өршіп ақыр,
өз шегіне жетіпті:
«Ауламызға көрші қатын
күлін төгіп кетіпті».
Әкем сөзге араласты:
«Сұлу көрші Күлжамал –
Оны нағып қарабасты,
ырым дейтін бұл жаман.
Ауламызға күнде келіп
күлін төксе ол кісі –
Дауласудың – бұл дегенің –
жауласудың белгісі».
Бұл анамды ашындырып,
(сөзінде бар кекесін,)
Деді: – «Барып шашын жұлып,
көрсетемін көкесін».
Ашуының басы қатты,
бүлдірмесе не керек,
Әкем сонда басу айтты,
әрбір сөзін шегелеп:
«Болайықшы даудан аман,
бөлме көрші іргесін,
Балалардың аңдамаған
ісі болып жүрмесін».
Анам түсті сабасына,
өтті арада бір апта,
Күл төгуін көрші әйел
тоқтатпады бірақ та.
Шуақ шашқан көктем күні
анам жүрді күйініп,
Көршіміздің төккен күлі
төбе болды үйіліп.
Бір күні сол көрші әйел
шықты аулаға сыланып,
Қарсы алдынан анам шықты
білектерін сыбанып.
Түскеннен соң дара сынға,
кім тұрады жасқанып,
Екеуінің арасында
кетті қаңқу басталып.
Мен анамды ойлаушы едім,
жуас, момын адам деп,
Ондай мінез көрсетеді
екен, байғұс, маған тек.
Күш көрсетсе намыстанбай,
жүре алмас алданып,
Қаһарланып арыстандай,
шыға келер жалданып.
Түс кезінде басталған дау
аяқталды бесінде.
Анамның бір айтқан сөзі
қалыпты тек есімде:
«Сыйламайды ел мінезі жоқ
сорлы қара халықты».
… Ертеңінде күл өзі жоқ,
орны ғана қалыпты.
……………………………………………………………………
… Отан – ана, арың менен
намысыңды қорлатпа,
Өз еліңде өзгелердің
үстемдігін орнатпа.
Тілеуғазы Бейсембек