ТАЯҚ

 «Дүниедегі зұлымдық атаулы қашан да

 надандықтың жемісі…»

 Альбер Камю.          

 

Шағын шаһар шетіндегі әскери казармадан аумайтын, ұзыннан-ұзақ салынған бір қабатты сұрқай мекен-жайдың алдына шілде айының ыстық күндерінің бірінде, түс ауа шымқай көк «Лексус» темір тұлпар келіп, бір құшақ қою шаңды бұрқ еткізіп тоқтай қалды. Кабинадан түскен ұзын бойлы,  қара көзілдірік таққан, қара кәстөм-шалбар киген қараторы жігіт жан-жағына қарап сәл тұрды да аяғын санап басып, ғимаратқа беттеді. Бірер қадам аттаған соң тоқтап, қалтасынандағы жылтыр темекі қорабынан бір талын шығарып, оттықпен тұтатты. Қорапты әспеттеп жан қалтасына қайыра салып, асықпай шылымын үсті-үстіне сорып біраз тұрды. Кенет мұнда неге келгені есіне түскендей, үсті-басын реттеп, галстугін түзеп алға аттады.

***

Жабырқаңқы бұл ғимаратта ұзын саны жүз қаралы панасыз қарт адам тұратын. Бөлмелер жұпыны, төрт-бес кереует қойылған. Аяқ астында тозығы жеткен ескі палас. Әр төсектің қасында ағаштан жасалған аласа шкаф. Онда тіс щеткасы мен паста, сабын, тарақ және кітаптар сақталады.

Қариялар кешкілік бір мезгілде ұйқыға жатып, таңертең бір мезгілде тұрады. Олардың түнгі ұйқылары да әркелкі. Біреуі уһілеп, біреуі қорылдап, енді біреуі ары-бері аунап, сағаттар бойы дөңбекшіп жатады да әрең дегенде барып кірпігі айқасады.

Әр айдың алғашқы аптасында олар зейнетақы алады, сол кезде қонақ көбейіп кетеді. Алған ақшаның  жартысы қарттар үйінің шотына түседі де артылғаны өздерінде қалады. Әлгі меймандардың көпшілігі сол ақшаны алу үшін келеді…

Әдеттегі күндердің бірі. Сымбатты, орта бойлы жігіт анасын қарттар үйіне жетелеп әкеліп, ауладағы ұзынша орындыққа отырғызды да көп кідірмей шығып кетті. Кейуана біраздан соң мазасыздана бастады. Баласы әлі жоқ. Бір кезде мекемедегі қызметкер әйел қасына келіп, жөн сұрады:

– Апа, амансыз ба? Халіңіз қалай?

– Аллаға шүкір! Анда-санда ыңқыл-сыңқыл болып тұрады, әрине. Кәрілік қой…

– Неғып отырсыз?

– Ауруханаға жатқызам деп алып келіп еді балам.

– Өзі қайда?

– Келіп қалар… тысқа шығып кетті…

– Апа, бұл аурухана емес.

– Енді не?

– Бұл – қарттар үйі.

– Көтек!.. Онысы не тағы?

– Қамқоршы, жанашыр адамы жоқ қарттар мекендейтін үй…

Ұлының алдап кеткенін білген кемпірдің түр әлпеті қабарып, самсоз күйде отырып қалды.

– Балаңыз барлық құжаттарды дайындап, бірнеше күн бұрын өткізіп кеткен.

– Апырым-ай, ә? Қалай сонда?.. Бірін де білмеймін… Не жаздым алдайтындай?..

– Мен де таң қалып тұрмын, апа.

– Қателік емес пе? Өзге біреумен шатыстырған жоқсың ба?

– Неге қателесем! Күләйхан Шалабаевасыз ба?

– Ия, солмын.

– Аты-жөніңіз, міне, жазулы тұр. – Қызметкер әйел қолындағы қағазды көрсетті. – Балаңыз дөкей бастық па, білмедім, дігерлеп мазамызды алды әбден.

«Қарттар үйі несі! Не деп тұр мына әйел?! Не дейді, Аллам-ау?!.»

Кейуана меңзығыр күйге түсті. Қамыққанда көзден жас та шықпайды екен. Жүрегі қысып, басы айналған қарт ана құлап бара жатқанын аңдамап еді.

Түн ортасында көзін ашқан. Аппақ шатырдай бөлмеде жалғыз жатыр. Ақ халатты бір әйел төбесінен төне қарап тұр.

«Қайдамын мен?!.»

– Оянды! – деді ақ халатты әйел қуана дауыстап. – Оянды!

Қарт ананың кірпіктері қамасып, көздері жұмыла берген.

– Апа!.. Апа!.. Естисіз бе?.. – Дауыс сонау-сонау алыстан естілгендей.

«Марқұм шалы қайдан келген? О дүниелік болғаны баяғыда-а-а-а емес пе! Қайда әкетіп барады?.. Әуре болмасаңшы, бәтір-ау!..»

Қара барқын  аспан әлемі не деген шексіз!

«Құтылдың бес батпан бейнеттен!..»

Кейуана басын көтермей жатып қалды. Есін жиған кезде жанындағы дәрігерге ұз-а-а-а-қ қарайды да көзі жасаурап, басын бұрып әкетеді. Ақыры ауыр қайғыдан құса болған қарт ана жүрегі парша-парша болған күйде бесінші тәулікте көз жұмды.

***

Жасы сексеннен асқан, жұрттың бәрі «профессор» деп атайтын (өйткені ол кісінің қолынан кітап түспейтін) Ошан қарт дүние салды. Қарттар үйінің басшылығы облыс орталығында тұратын ұлына хабарласқан, қалта телефоны өшірулі тұр. Одан соң да бірнеше рет қоңыраулатқан, жауап жоқ, ләм-мим.

– Қанша күтеміз? Күн ыстық, мәйіт иістеніп кетер, жерлемесе болмайды, — деген байлау жасады қарттар үйінің басшылары.

Ертеңінде марқұмды аудан орталығындағы мешіттен келген молда бастаған бес-алты кісі жуындырып, ақыретке орады. Шариғат талабына сай барлық рәсімін сақтап жаназа намазы оқылып, жер қойнына тапсырды.

Ошан ақсақалдың екі-үш айда бір мәрте келіп тұратын баласын білетін қарттар жағаларын ұстады.

– Мұндай тасжүрек баланы көргенім жоқ, – деді шоқша сақалды Декей қарт басын шайқап.

– Әй, Деке! Неге таң қаласың? – Дәйім саясат сапырып отыратын Төрегелді ақсақал арықша келген, аласа бойлы Декей құрдасына дүрсе қоя берді.

– Баласының тасбауырлығын айтам… Жүрегінде зәрредей  иман – адамгершілік болса, зауал шағында көзін жәудіретіп әкеліп тастай ма!

– Оның рас…

– Атаңа не істесең алдыңа сол келер! Ол да қартаяр!.. Бойынан күш-қайрат қайтар!.. Құдай құтқармас!..

– Жә, ақымақ ұлдың жетесіздігіне бола таусылмайық. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз ғой. Кімге ақыл айтқандаймыз, ойлашы?

– Тасбауыр балалар көбейіп бара жатқан сияқты…

– Бұрын қарттар үйінен қазақтарды сирек көретінбіз…

– Ақырзаманның белгісі болар…

– Қара аспанды төндірмеңдер өйтіп… Сол келеңсіздікке мына біз де кінәліміз!..

– «Қойын алдырып, қорасын бекіткен» соң айттың не, айтпадың не!..

– Бұл дүниенің қысастығы о дүниеге кетпес…

***

Арада алты күн өткен…

Қара көзілдірік таққан, қара кәстөм-шалбар киген қараторы жігіт жан-жағына қарап сәл тұрды да аяғын санап басып, сұрықсыз ғимаратқа беттеді.

Бұл – Ошан қарттың ұлы еді.

Қарттар үйінің басшысынан әкесінің қайтыс болғанын естігенде аздап қамығып, аздап қайғырып, үнсіз тұрып қалды. Қайтсін! Қалай дегенмен, туған әкесі ғой!

– Аяқ астынан, жүректен кетті… Сізге хабарламақ болғанбыз, таба алмадық, жерледік содан соң… Қазаның қайырын берсін! Басына барам десеңіз, осындағы қарттардың біреуі алып барар… Өзіңіз таба алмассыз бейітін…

Қара көзілдіріктің астындағы көзден ештеңе сезілер емес…

Қараторы жігіт кенет тіктеліп:

– Әкемнің таяғы бар еді, – деді төбеден түскендей.

– Таяқ дейсіз бе? Сән үшін ұстамаса, әкеңіз таяққа сүйенбейтін.

– Менің сұрап тұрғаным – таяқ! Кәдімгі іші қуыс, темір таяқ!.. Басы имек, әдемі! Арнайы тапсырыспен жасатқам…

– Айып етпеңіз! Жұмысыңыз соған ғана тіреліп тұрса, қарайық! Іздейік таяқты.

– Іздеңіздер! Жылдам тауып беріңіздер! – Қара көзілдірікті жігіт ашулана бастады. – Ойнап жүрген ешкім жоқ! Жұмыс деген бастан асады! Облыстық көлік басқармасында «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары екенімді білетін шығарсыз…

– «Нұр-Отанның» бұл жерге қандай қатысы бар?

– Байқап сөйлеңіз! – деді қара көзілдірікті жігіт қызарақтап. – Байқап сөйлеңіз!.. Елбасы төрағалық ететін бірден-бір көшбасшы, жетекші партияға деген көзқарасыңызды дереу өзгертуіңізді… тоист… құрметпен қарауыңызды сұраймын…

Ошан ақсақалдың бөлмесі астаң-кестең ақтарылды. Таяқ ұшты-күйді жоқ! Табылар емес. Қарттар үйінің басшысынан бастап ақсақалдар тегіс жұмылды іздеу жұмысына.

Қара көзілдірікті жігіт дызақтап мазаны алып барады.

Қарттар арасында сыбыр-күбір молайды:

– Тірі күнінде әкесінің қадірін білмеп еді.

– Соны айтсаңшы!

– Олай сөйлемеңдер, – деді Әбуталып қария. – Біле білсеңдер, әкесінің таяғын іздеп жатқаны кісілігі оянғаны емес пе! Адамгершілігі!.. Сөгуге даяр тұрасыңдар қашан да!..

– Таяқты әкесінің көзіндей көргені де!..

– Бәсе десеңші!

– Таяқ та болса әкесі тұтынған зат емес пе!

– Сөге жамандамаңдар баланы…

Кенет астаң-кестең бөлмеде, абың-күбің жүргендерді көрген Қажыбек ақсақалдың дауысы елді елең еткізді.

Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған байырғы ұстаз Қажыбек қарт пен Ошекең сыйлас-сырлас болатын.

Өмірден түйгені мол, көп оқитын, ешқашан асып-саспайтын Қажыбек қарт жұрттың бәрін таң қалдырып:

– Ошекеңнің таяғы ма іздегендерің? – деді мойнын бұрып.

– Иә.

– Ошекеңнің таяғын іздеп жатырмыз…

– Білсең айт! Баласы асықтырып, екі аяғымызды бір етікке тығып жатыр.

– Солай ма? Таяқ қой іздегені… Әкесін неге іздемеген тірісінде, а?! Ой, Алла-ай!.. Таяқ деңіз-з!.. Таяқ қой керегі…

Қажекең қалың қасын керіп, қалтасынан оймақтай күміс шақша шығарды. Сасар емес. Күміс шақшаның қалпағын бұрап ашып, оң алақанына тық еткізіп бір шөкім насыбай салды да ылп еткізіп ерніне тастап жіберді.

– Қажеке-ай!.. Ошекеңнің таяғын іздеп ошарылып тұрғанымызды көрмейсіз бе! Сіз болсаңыз… насыбайыңызды асықпай атып… одан сайын тағатымызды тауыстыңыз…

– Қайсың өткізіп қойып едіңдер маған таяқты? О несі… ұлардай шулап…

– Білсеңіз айтсаңызшы? – деді шыдамы таусылған қарттар үйінің басшысы тықыршып.

– Ал, менде болсын-ақ!.. Не істемексіздер оны?

– Баласы іздетіп жатыр!

– Ғибраты мол мына бір оқиғаны тыңдаңдар, – деді Қажыбек қарт айылын жимастан. – Балам, бері таман кел. Саған да қатысы бар бұл әңгіменің.

Түрі қаталдау, қалың қастың астындағы көзі өңменіңнен өтетін мына кісінің әңгімесін Ошекеңнің ұлы да құлақ қоя тыңдады.

– Ертеде бір жігіт жолда келе жатса жол екі айырылыпты, – деп бастады хикаясын Қажекең. – Біреуі – шариғат жолы, екіншісі – еркіндік жолы. Сонда әлгі жігіт шариғат жолымен жүру қолымнан келмес, аса ауыр ғой, әлі жаспын, ойнап-күліп қалайын деп еркіндік жолын таңдаған екен.

Қалың орман ішіне енеді. Жан-жағына қарап беймарал келе жатса артынан бір арыстан қуып келеді екен. Жанұшырып қаша жөнелгенде алдынан бір құдық шығады. Не де болса құдыққа түсіп жансақтауға ыңғайланғанда салбырап тұрған ұзын арқанды көріп жүрегі жарылардай қуанып кетеді. Арқаннан ұстап төменге түсіп келе жатса төменде айдаһар жатыр дейді ысқырып. Жігіт сасқалақтап жоғары қараса, ақырып арыстан тұр.

Төменде – айдаһар.

Жоғарыда – арыстан.

Не істеу керек?..

Сол екі арада бір ақ, бір қара тышқан арқанды кеміріп, қия бастайды. Сөйтіп тұрғанда қолы араның балына тиеді. Тәтті балды жалаған кезде ақырған арыстанды да, құдық түбіндегі аждаһадай ысқырған Айдаһарды да ұмытады. Аяқ астынан жіп-арқан үзіліп кетеді. Шошып оянса түсі екен. Келіп ұстазына көрген төсін баяндайды. Сонда ұстазы:

– Мейірімді Алла түс арқылы тәубаға келсін деп саған аян беріпті. Арыстан – сенің ажалың! Айдаһар  – сенің қабірің!Ақ пен қара тышқан – күн мен түн. Балам, өміріңді қалай болса солай өткізіп жатыр екенсің. Тәтті балды жегенде боқ-дүниеге салынып, Арыстан–ажалды да, құдық түбіндегі Айдаһар-қабірді де ұмытыпсың. Тезірек иманға кел! Ертең кеш болады, – депті. – Бәріміз де жастық шақта «жаспыз» деп уақыт өткізіп аламыз, ажал айтып келмейді! Адам баласының барар жері – қабір! Арғы дүние! Әкеңе жасаған қиянатың өтті-кетті!.. Ол саған кінә артқан жоқ!.. Қайта сенің болашағың жақсы болуын тілеп өтті Жаратқаннан!.. Сол үшін жақсылап басын көтер!.. Құран-хатым түсірт!.. Жетісі, қырқы, жылы сияқты игі істерді атқар!..

– Ғажап хикая!

– Керемет әңгіме!

– Тағылымы мол! – деп сөз қосты қарттар.

– Таяқ менде, – деді бір кезде Қажыбай қарт.

– Бәсе, бәсе!.. соны… сол таяқ құрғырды іздеп… тайлы-таяғымызбен… сүрініп… – Қарттар үйінің қасқа бас басшысы тұтықты.

– Сіз… менің әкемнен қалған асыл таяқты, неге «құрғырға» теңейсіз, а?! – Қара көзілдірікті жігіт шытыр етті. – Сіздің қолыңызға қалай түсті ол, соны айтыңызшы?

– Өзі берді ме? – деді қарттар үйінің басшысы дегбірі қашып.

– Ошекең өлерінен тура бір күн бұрын… қайтыс боларын сезді ме екен, жарықтық… таяғын маған қалдырған.

– Сізге сыйлады ма сонда?!

– Жоқ!.. Ұлыма табыста деп берді. Ол – аманат!.. Аманатқа қиянат жасауға болмайды!..

– Қайда ол таяқ?

– Орнында шығар.

Қажыбек қарт алға түсіп бөлмесіне келді де төсектегі матрастың астынан таяқты алып берді.

Қара көзілдірікті ұл әкесінің таяғын көріп, жерден жеті қоян тапқандай көзі жарқ етті. Біреу тартып алардай таяқты қыса ұстап, алды-артына қарамастан шыға жөнелді.

Ел-жұрт айран-асыр…

Қара көзілдірікті жігіт аулада тұрған дәу «Лексус» темір тұлпарының қасына келіп, кабинадан сырылған жұқа көрпе шығарып капоттың үстіне жайды. Одан соң темір таяқтың әдемі имек басын бұрап ашып, төңкеріп еді, кептеліп қалған ба, біраз сілкіп тықылдатқан соң ішінен шиыршықталған бес-он, жиырма мыңдық теңгелер түсе бастады. Соңында алтын сырға, жүзік, алқа дейсіз бе, біраз заттар сауылдасын. «Бар-жоғы осы ма?» дегендей таяқ ішіне үңіле қарап, тағы сілкіген. Таяқ босаған сияқты.

Көрпедегі ақшалар мен алтын заттарды мұқият орап, кабинаға апарды…

Аз-кем жан-жағына қарап тұрды…

Қалтасынан шылым шығарып, асықпай шекті…

Қарттар үйінің қызметкерлері мен кәриялардың көздері атыздай.

Қара көзілдірікті жігіт таяқтың басын қайтадан орнына бұрады да бар пәрменімен аулаққа лақтырып жіберді.

Көп ұзамай дәу «Лексус» қарттар үйінен ұзап, шаңдатып бара жатты.

БОПСА

Ахау, дүние жалған…

Ақан сері.

 

  Қызыл кірпіштен қаланған бес қабатты ескі үйдің шеткі кіреберісінен шыққан  қағылез қарт белін жазып, айналаға  ұзақ қарады. Далаға шықпағалы бес-алты күн болыпты, таза ауаны құшырлана жұтты.

«Даланың аты дала ғой, шіркін!..»

Қаққан қазықтай тапжылмай біраз тұрды. Тұрмағанда қайтсін! Қапалы қарт кімге кінә тағар, кімге мұңын шағар?.. Қанаты болғанымен самғап еркін ұша алмайтын, шықылдаудан өзге амалы жоқ торға қамалған құстай ғой қалалық қарттың өмірі. Қазақ атамыз қамшының сабына теңеген қысқа ғұмыр өстіп өтіп жатыр…

 Аққала соғып жүрген балалар ара-арасында күресе кетіп, алысып-жұлысып, бірін-бірі қуып, қолдарындағы жұдырықтай домалақ қармен атқыласып ойнайды. Қарттың көз алдына  бұлдыраған сағымдай алыста қалған балалық бал күндері елестеп өтті.

Биыл Астанада қар қалың. Күнара қалта телефонына Атбасар, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар бағытындағы тас жол жабық деген хабарлама келіп жатады.

Кемпірі екеуі отыз жылдан бері үш бөлмелі аядай пәтерде тұрады. Үлкен ұлдың отауы бөлек, үйленген соң бір жылдай бұлармен бірге тұрды да ипотекаға үй алғалы жеке шаңырақ болып кеткен. Тұрмыстағы екі үлкен қыздың орны бөлек. Әттең, олар алыста. Ойлап қараса, Әлімхан құрдасы жиі айтатын: «ұл — түтінге, қыз — күтімге» — деген сөз шындық екен.

Кемпірі екеуінің зейнетақысы күнкөріске жетеді. Аллаға шүкір! Біреуден кейін, біреуден ілгері жүріп жатқан жағдайы бар. Дегенмен бас ауырып, балтыр сыздағанда кіндіктен өрбіген балаңмен бір үйде тұрған жақсы-ақ қой, шіркін. Басына осы ой келгенде көңілі жабырқап сала береді. Тәңірім тасыр мінезді, шайпау келіннің қолына қаратпасын! Еркектің әйел алдында айбын көрсете алмағаны қандай қиын, босбелбеу ұл соның айтқанына көніп, айдауына жүреді.  «Ынжық неме, кімге тартты екен, ә?! Дәу де болса нағашы жұртынан жұққан-ау, сірә! Бәсе-бәсе!.. Әй, саппас-ай!..»

Өткен  жазда қан қысымы екі жүзге дейін көтеріліп, инсульт алғалы  қорқып қалыпты.  Кешке қарай  үйден ұзамауға тырысады.  Аяқтары  бастырмай,  құлап түсердей зәре-иманы ұшатынын қайтерсің. Сол жағдайды  жақсы білетін кемпірі «тығыз шаруаң болмаса,  тыныш  отыр» – деп құлағына құйып қойған.

Немересі Даниярдың өтінішін атқаруға тез жиналды. Кешкі астың қамымен күйбің-күйбің қыбырлап жүрген кемпір отағасының тысқа шыққанын аңғармай қалды.

– Ассалаумағалейкум, Құсеке! – Құрылыста күзетші болып істейтін көршісі Байбол екен. Елпелек қаққан, ақкөңіл. Қай кезде ұшыраса қалса әңгіме көрігін қыздыратын  сөзшең адам.

– Уағалейкумассалам! – деді  қарт..

– Көптен  көрінбейсіз, сізді кеше еске алдық. Амандық біліп шығайын деп ойлағам. Екі кештің арасында қайда тарттыңыз?!

– Студент немеремнің телефонына ақша салайын деп…

– Баламысың деген… Атасының пенсиясына жармаса ма, әлі?

– Шәкіртақысын жұмсап қоятын шығар… Өзі грантқа оқиды.

– Әке-шешесінен сұрамай ма ақшаны?

– Бес-алты  мың теңгеде не тұр,  тәйірі?..

– Көше көк тайғақ. Жығылып, мертіккендер көбейіпті. Байқаңыз!

– Қап, таяғымды ала шықпай… Бұл ұмытшақтықты қойсаңшы!

Қарттың қалта телефоны безілдей жөнелді.

-Сенсің бе, құлыным? Бара жатырмын, шыдай тұр…

«Гүлжан» сауда үйіне бет түзеді. Енсіз тар көшеден  әупіріммен зорға өтіп, астыңғы қабаттағы терминалдан немересінің телефонына ақша салып, іле-шала кері бұрылды. Көшенің арғы бетіне жалғыз өзі бөтуге қорқыңқырап, біреу-міреу өтер деп  жалтақтап тұрған. Анадай жерде  кетіп бара жатқан орта бойлы етжеңді келіншекке:

– Мына жерден өткізіп жіберші, айналайын, – деді жалынып.

– Қолтығымнан мықтап ұстаңыз! – Жас әйел қартты  кең көшеге дейін жеткізді.

– Алла разы болсын! – Қарт алғысын үйіп-төгіп алға аттай берген. Әлгі әйел недәуір ұзаған соң қайырылып келді де:

– Ата, қалта телефоным жоқ,  қане, қайтарыңыз! – деді қабағын түйіп.

– Не айтып тұрсың, қалқам?

– Сіз ұрлап алдыңыз!

– Ұрлағаны несі?!. Түсінсем бұйырмасын…

– Көп сөзді қойып, тез қайтарыңыз! Әйтпесе, полиция шақырам!

– Апыр-ау, осы мен… түс көріп тұрған жоқпын ба?!

– Мәймөңкенің қажеті жоқ! Қайтарыңыз жылдам.

– Менің телефонымнан өз телефоныңа соқшы.

– Күйеуімді шақырайын.  – Келіншек  тиісті номер тере бастаған,  арғы жақтан жауап естілмеді.

– Менің телефонымнан өз телефоныңа  қоңырау шалшы?

Келіншек  күйеуімен  сөйлесті.

Көп ұзамай жинақы киінген, сымбатты жігіт ағасы  келді. Қарт болған жағдайды ретімен баяндады.

– Айтжамал-ай! Ойпыл-тойпыл осы мінезіңді қашан қоясың?! Айтып тұрғаның  жала болмасын, – деді   ыңғайсызданып. – Үлкен кісі, ауру адам, қан қысымы жоғары көрінеді…

– Біреудің затын ұрламай, жәйіне жүрсін!

– Ұрыға ұқсай ма өзі?! Қарасаңшы!.. Ұят болды ғой!

– Адам аласы ішінде… Көріпкелсің бе? Адалдығын қайдан білесің?! Осы күнгі шалдарға сенім жоқ… Не шықса да үлкендерден шығады… Әне-е, полиция келе жатыр! Ақ-қарасын ажыратады солар, — деді долырып қасарысқан толық келіншек.

Қарт полицияға болған жағдайды тәптіштеп түсіндірді. Қалтасынан  жеке куәлік, әмиян,  көзілдірігі мен дәрілерін  шығарды.

– Әлі де ойланшы, – деді күйеуі жарының қасына келіп. – Бәлкім, ұмытып үйде қалдырған шығарсың?

Көкайыл  қатын столға жайғасып, арыз жаза бастады.

– Ата, мені дұрыс түсініңіз! Жағдайдың анық-қанығын тексеру біздің міндетіміз, – деді аға лейтенант әдеп сақтап.

«Маған ашулануға болмайды, сабыр сақтайын!.. Шыдайын…»

 Неше жерден сабырлы болуға  тырысқанымен көзі қарауытып, жүрегі дүрсілдей соғып, өзін-өзі меңгеруден қалып барады.

Етжеңді келіншек  орнынан тұрып келіп:

– Ата, арызымды қайтып алдым, – деді ештеңе болмағандай жайбарақат.

– Рахмет!..

Кенет қарттың дауысы дірілдей шықты:

– Мен жазам енді арызды! Ар-ұждан арызын жазам! Адамшылықтан аттаған, көргенсіз адамға айтылар нала! Көпе-көрнеу бопсаладың мені! Ардан безген алаяқ, ұры-қары болып шықтым ғой! Ескертуді елемей, тасыр мінез таныттың!..

 Қарт жүрегін ұстап шөкелей отыра кетті. Апырым-ай, жел соға ма уілдеп?.. Қалтырап неге тоңады? Қараңдаған кісі кім?.. Баласы  ма жүгірген? Немересі – Данияр екен ғой! Әлдеқайдан…  құмығып… талып  жеткен айқай-шу:

– Жедел жәрдем! Жедел жәрдем шақырыңдар! Тез!.. Болыңдар!..

Қан қысымы жоғарылап, қарауытты жанары. Төңірек неге қап-қараңғы?.. Қайда ұшып барады?.. Марқұм әкесі қайдан келген?! Шақыра ма қол бұлғап?.. Аласапыран дүние!.. Әуелеп кетті-ау, әуелеп кетті  қалықтап!..

Ары-бері өтіп жатқан адамдар жиналып қалды. Біреулері әуесқойлықпен көз тіксе, енді біреулері мүсіркей қарайды.

 «Күзетші» деген жазуы бар тығыршықтай қара жігіт айқай салды:

– Дәрігер келе жатыр! Жол беріңдер, халайық!..

ПИМА  ХИКАЯСЫ

  Көнетоз көк қалпағын милықтата киіп, қара көзәйнек таққан Ерсін бала-шағасының, ұлы мен келінінің, өзінің  аяқ киімдерін қысқа дайындамақ ниетпен шұғыл кіріскен. Алдында бес-алты етік, жалғыз пима. Қалың қасын жиырып, ауызына су ұрттаған кісідей үнсіз. Бұл –  үлкен  жұмысқа кірісер алдында жасайтын әдеттегі кескін-кейпі. Ондай кезде  қасына әйелі де жоламайды. Бірдеңе сұрамақ болсаң  пәлеге қалғаның, «бөгет жасама» деп айқайлап, боқтап жіберетін жынды мінезі де бар.

Ерекең  аяқ киімдерге жаңадан ұлтарақ салып, қайта-қайта қолын сұғып,  сыртынан басып тексеріп, былайырақ тізіп қойып жатыр. Тершіген самайын бет орамалмен сүртіп, жан-жағына масаттана көз тастады. Құттыханасынан біреу-міреу шыға қалса істеген ісін тәптіштеп  әңгімелейтіні бар.

Қас қылғандай ешкім көрінбейді. Ұсақ-түйек шаруамен есік алдында жиі көлбеңдейтін әйелі де жер жұтқандай зым-зия.

– Қап-ай, ә! – деп қояды күбірлеп. – Соңыра шәй үстінде айтармын…

  Бәкене бойлы, әпенділеу, ақкөңіл Ерсінді көрген адам еріксіз езу тартар. Кісімен сөйлескенде көзін ойнақшытып, бет жүзін құбылтып, қилы-қилы кейіпке енетін. Арқасы қозып, шабыттана сөйлейтін сол дағдысын жақсы білетін құрдастары «әртіс» деп атағалы қашан. Оған Ерекеңнің де еті өліп кеткен.

– Консерватория бітіргенде не мықты әнші, не болмаса Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты атақты актер болар едім, – дейді күліп. –  Ол дағы бірі кем дүние…

Бақташы шақшиған күнге қолын көлегейлей ұз-а-а-ақ қараған. Аякөздегі құрдасы Қапан әнеукүні: «Әй, Ерсін, тегінде жарқыраған күнге кірпік қақпай бес мүйнет қарасаң көз болаты қатаяды. Катаракт деген көз сырқатына шалдықпайсың»  деп еді.

Өткір күнге кірпік қақпай қарау қиын екен. Суайт Қапанның қырық өтірігінің бірі шығар деп жасаураған жанарын уқалап-уқалап, жұмысын жалғастырды.

Ерекеңнің жападан-жалғыз отырып сөйлей беретін де әдеті бар.

Пәлі-і, мына қызықты қараңыз! Оң жағында тойған қозыдай томпиып, әп-әдемі пима тұр. Келіндікі шығар. Ары-бері ұстап отырды-отырды да жаңадан ұлтарақ қиып салды. Қызығып, оң аяғын сұғып еді, тарлау екен. Алқымы жібермей тұр-ау деп бар күшін сала нығарлап, шірене тартып еді,  жып етіп аяғына киіле кеткені. Орнынан тұрып ойқастап әрі-бері жүрді.

– Қандай әйбат, ә?

Оймақтай пиманы қызықтап біраз жүрген соң шешпек болған, қызықты қара, пимасы түскір шешілмейді. Ары отырды шеше алмай, бері отырды, аяғына жабысып қалған сияқты. – Астапыралла! Сау басыма сақина тілеп алғанымды қарашы, ә!

 Қонышын пышақпен кесейін десе көзі құрғыр қимайды. Ашуы келді, тер одан да, быдан да кетті ағып-саулап.

Тап осы кезде қалта телефоны безілдей жөнелгені.

– Ассалаумағалейкум! – деген Жандостың дауысын естіп жүрегі зырқ ете қалды.

– Уағалейкумассалам.

Ерсін аудан орталығында пошта бастығы болып істейтін Жандос деген кісінің жетпіс бес сиырын бағатын. Сол қожайыны ана жолы біраз сиырларды сатып, орнына асыл тұқымдыларын алмақ ниетін  айтқан болатын.

– Алоу? – дейді ар жақтағы дауыс.

– Тыңдап тұрмын.

– Табын қайда жатыр?

– Майлышатта.

– Мал көруге келе жатырмыз, қасымда екі-үш кісі бар. Табынды тас жолға қарай  айдай беріңіз.

«Алпыс шақырым деген джипке бұйым емес, Аякөз мына тұрған жер, қазір-ақ жетіп келеді деп ойлаған Ерекең орнынан атып тұрды. Оң аяқта  ақ пима, сол аяғында керзі етік. «Менің аяғымдағы екі түрлі аяқ киімді не қылсын, тәйірі! Оларға керегі мал емес пе?..»

      Кер қасқаға мініп, табын жайылып жатқан Майлышатқа тұра шапты. Сиырлардың біразы бытырап, біразы тауға қарай өрлеп барады екен, қайырып әкеп иіріп тастады.

Қасындағы қара жолмен Шаяхмет ақсақалдың қыстауына қарай «Беларусь» тракторы өтіп бара жатыр. Тракторшы жігіт кабинадан басын шығарып, Ерекеңнің оң аяғындағы пимаға сүзіле қарады. Күн шыжып тұрғанда мына кісінің пима кигені несі деп таңырқаған шығар, кім білсін. – Жаңа көргендей неге көз алмайсың, одан да алдыңа қара! — деп ымдайды Ерекең  жұдырығын түйіп.

Трактор ұзап кетсе де рульдегі жігіт артына бұрылып әлі қарап барады. – Ызасы-ай мынаның! – деп жыны ұстады бақташының. – Өзіме де сол керек! Ел-жұртқа күлкі болып…

Сол екі ортада шаңдатып ақ джип келіп қалды. Машинадан түскен кісілер бақташы иірген малды қарай бастады. Ерекең болса келгендерге жақындамай, пима киген аяғын тау жаққа қарата ойқастап жүр.

– Жақындаңыз, – деп қояды Жандос бақташыға.

– Бағана айттым ғой сіздерге, мына кісі менің  кәттә малшым.  Нағыз  еңбек торысы,    қолымда тұрса орден берер едім.

– Зейнеткер ме?

– Иә, пенсияда… Бұл кісінің зейнеткер екенін ұмытып та кетіппін-ау… Ау, Ереке, қай жылы шығып едіңіз?

– Алты  жылдай болды-ау.

– Жетпіске жақындаса да ағамыз әлі тың.

«Мақтаса мақтай берсін, оң аяқтағы  пиманы көрмесе болғаны!»

Бақташы бір орында тұра алмай тыпыршыған керқасқаның басын бұрып әлек.  Келгендер малды асықпай көрді. Бір кезде меймандардың біреуінің көзі сиыршының пимасына көзі түскендей болды. «Қап-п, көріп қалды-ау!..»

Қонақтар асығар емес. Ерсін шашыраған сиырларды қайыруды сылтауратып, тау жаққа кетіп қалды.

– Ой, Ереке  жақындамайсыз ба! Неге қашқақтай  бересіз? –  деп дауыстады Жандос.

– Қазір, – деп қояды бақташы.

«Өлімнен ұят күшті. Пиманы көрсе қайтем?..»

– Ерсін аға, мына шетте жүрген қасқа сиырды, ана қоңыр өгізшені, ана біреуін мына кісілер жақында келіп, алып кетеді, – деді Жандос қайта-қайта тапсырып.

– Түсіндім, – деп елп етті бақташы. – Түсіндім…

Джип артына қою шаң қалдырып, қалаға тартты.

– Уһ, – деді Ерекең иығынан ауыр жүк түскендей. – Құтылдым ба, жоқ па? Аналар шынында байқамады-ау! Әне біреуінің көзі түсті ме, немене?..

***

– Малдың күйі жақсы екен, –  деді артқы орындықта отырған Мұқан есімді толық қара бұжыр адам. – Ана сиыршыңыз кембағал адам ба, қалай өзі?

– Не дейсіз? – Жандос  артына бұрылып қараған.

– Бір аяғы протез бе деймін…

– Кім айтты сізге?

– Көрген көзде жазық жоқ…

– Атқа отырысын байқамадыңыз ба?

– Иә, ерге отырысы мығым, бірақ, меніңше, бір аяғы кем сияқты. – Олай болса, барып білейік.

Малды Аякөз өзеніне құлатқан Ерекеңнің құлағы елең етті. Тас жолдан бұрылған джип  жақындап қалды. «Апырым-ай, бұлары несі? Бір нәрселерін ұмытты ма?»

Бақташы атын шаужайлап, машинаға қарай жүрді. Әдеттегідей атының басын бұрып маңайлар емес.

– Ереке, сізге не болған? Жақын келсеңізші!

– Мына ат  сыңар езу болайын деп жүр ме? Осылай қашқақтайтынды шығарды.

– Ондайы бар ма еді?

– Қайдан білейін.

– Жақын келіңіз, бері қарай.

Жандос шұғыл бұрылып сиыршының оң аяғын анық көрді.

Амал жоқ, өтірік соғуға  тура келді бақташыға.

– Аяғым мұздап, қақсап… Қатты ауырған соң пима киіп алдым…

– Қашаннан бері?

– Үш-төрт күн болды.

  • Ерсін аға, ыстығыңыз көтеріліп тұрған жоқ па? Бетіңіз қып-қызыл. – Жандос жік-жаппар болып жатыр.

Бақташы жердің тесігі болса кіріп кетерліктей халде болатын.

– Аяғым мұздап… (Пима ішінде қайдағы мұздаған?!. Терлеп әкетіп барады…)

– Випросал деген жақсы дәрі бар, ертең беріп жіберейін.

– Рахмет! – Бақташы қолды-аяққа тұрмай тез келісті.

– Қақсаған жерді тез басады, өте жақсы гель. – Алла риза болсын!

Жандос машинаға мініп кетіп қалды.

– Саудың асын ішіп, аурудың ісін істеп!.. Әй, өзімді де сабап алатын кісі жоқ-ау осы!..

Шағын көлшікке тақап қалған екен. Тереңдігі аттың бауырынан келеді. Кер ат суды жалдап келіп шөлін басты да тұрған жерін тарпып-тарпып аунай кеткені.

– Қап, әкеңнің!.. Жер жетпегендей, қырсығын қарашы мынаның!

Аяқ астынан суға малынды. Қамшымен сауырлата ұрып-ұрып жіберіп еді, кер қасқа атып тұрды. Жағаға шыға бере аяғын сілкіп қалғанда су тиген пиманың қонышы кеңіп, өз-өзінен аяғынан сыпырылып түсті де қалды. – Басыма қалай келмеген? Бір ожау емес, екі шелек су құяр едім ғой! Әй, аңқаусың-ау, Түке!..

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ




ПІКІР ЖАЗУ