ЖАНЫ КЕДЕЙ АДАМ БАҚЫТСЫЗДЫҚҚА ҰШЫРАЙДЫ

Сөз жоқ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының игілікті істерінен әдеби орта тұрақты хабар алып отырады. Осы ретте «Одақтың облыстағы өкілдіктері не істеп жатыр, олардың өңірде туып-өскен ақын-жазушылармен қарым-қатынасы қандай?» деген сұрақтың алдымыздан шығуы заңды сияқты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбекұлымен сұқбатымыз өкілдіктің өңірдегі қызметінен басталып, бүгінгі адам мен қоғам мінезі және ендігі жазылар көркем шығармалардың тақырыбы мен мазмұнына ұласты.

«Көркем әдеби шығармаларды оқымаған адам толық дамымайды. Жаны кедей адам бақытсыздыққа ұшырайды» дейді ол.

 

– Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілдігінің жұмысы қандай бағытта дамып келеді? Алдымен осы жайында әңгімелеп берсеңіз…

– Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілдігі ұзақ жылдан бері өңірдегі ақын-жазушыларға, олардың шығармаларына демеу көрсетіп, әдебиетшілерге бағыт-бағдар беріп, қолдап отыруды дәстүрге айналдырған. Атап айтқанда қаламгерлердің мерейтойлары, шығармашылық кеші, жарық көрген кітаптарының тұсаукесері, мәдениет ошақтарында оқырмандармен кездесу, жазушылардың кітап көрмесі, төл әдебиетіміздің онкүндігін өткізу – міне, осының бәрі Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілдігінде атқарылып жатқан іс-шаралардың өзегі болып табылады. Сондықтан да ұйымның басты бағыты – облыстағы көркем әдебиет саласына бет бұрып жүрген туындыгердің жалт еткен тың дүниелері болса, қалт жібермей қадағалау, «жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту». Бұл орайда аға буын өкілдері: марқұм Сейіт Кенжеахметов, Ғұмар Ахметчин, Жолбарыс Баязид, Нағашыбай Мұқатов, Сәлім Меңдібай, қазіргі қасымызда жүрген Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет және басқалары ұзақ жылдар қалың көпшілікке өздерінің шығармашылық ұстаханасы хақында ағынан жарылып, сыр шерткен-ді. Кезінде Жұмағали Арғынбаев, Әбутәліп Әмір, Нұрғанат Құлабаев, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбек, Батырлан Сағынтаев, Дәулет Жадырасынның шығармаларына ақжолтай тілеген осы жазушылардың аға буыны, замандастары мен үзеңгілестері. Олар облыстық «Қостанай таңы» газетінде, «Қостанай телеарнасынан көрініп, әлеуметтік желілерде кеңінен танылды.

 Көпшілік әлі ұмыта қоймаған шығар, облысымызда «Қостанай Меценаттар клубы» деген басқа өңірде кездеспейтін бірегей жоба бар болатын. Өңірдегі атымтай-жомарттар 20 жылдан астам уақыт бойы өнер иелеріне қаржылай қамқорлық көрсетіп, соның ішінде ақын-жазушылардың шығармашылық салада ілгері дамуына қолдау жасап бақты. Оған облыстық бөлім белсене араласып, дарындылар мен қарымдылардың ең үздік деген туындыларын сарапқа салып, аламанға қосып отырды. Нәтижесінде талай рет «Әдебиет» аталымы аясында «Қазына» және «Шабыт» атты номинациялар бойынша жергілікті танымал әдебиетшілер де, жастар да бәйге мәресінен көрініп жүрді. Мысалы, жерлесіміз, еліміздегі саусақпен санарлықтай сатирик әйелдердің бірі Күләш Байдалы «Ұры ой» атты кітабымен, аудармашы Әбдірахман Досов қазақ ақындарының өлеңдерін шебер аударған тәржімасымен, тырнақалды туындылары арқылы Жандос Жүсіпбек, Қасқырбай Қойшыманов, Асылан Қанғожин және басқалары көзге түсті. Өкінішке орай бүгінде осы бір бірегей жоба өз жұмысын тоқтатып, тарап тынды..

 Соңғы жылдардағы тың бастама – ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсаринге арналған әдеби байқау өткізу дәстүрге айналды. Қостанай облыстық мәдениет басқармасымен бірлескен жобада жыл сайын жаңа қаламгерлер анықталуда. Олардың қатарынан басқа өңірдің таланттарын да көре бастадық. Бұл деген жобаның танымалдығының арта түскені. Сол секілді үш жылдан бері Толстой атындағы облыстық кітапхананың бастамасын қолдап, «Қазақ әдебиетінің онкүндігі» ұйымдастырылып жүр, бұл да өзінше рухани фестиваль іспетті құбылысқа айлып келеді.

– Өкілдіктің жергілікті жазушылармен қарым-қатынасы туралы не айтасыз? Қостанайдағы жас жазушылар мен ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

– Бізде Одаққа мүше жергілікті қаламгерлер саусақпен санаулы ғана ғой. 12 жазушы. Олармен апта сайын хабарласып, ретіне қарай кездесіп, түрлі іс-шараларда өзара пікір алмасып, тұрамыз. Елең еткізер жақсы дүниелер кездессе, үнсіз қалмаймыз. Алған әсерімізді, берер бағамызды ізін суытпай айтып жүреміз. Шынайы ықыласымызды білдіріп, рухани қолдаймыз. Қасымыздағы Одақ мүшесі, баспагер, жазушы Әбутәліп Әмірдің атымтай-жомарттығымен сүйсінтіп жүрген істері көп. Ол кезінде талантты ақын Нұрғанат Құлабаевтың, белсенді жазушымыз Абылай Маудановтың жеке жинақтарын, облыстағы жетпіс жастан асқан танымал тұлғалар туралы жанры бөлек, сұрақ-жауап түріндегі кітап жазып, өзінің «Қарылғаш» баспаханасынан шығарып берді. Ал облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжанов Дәулет Жадырасынның «Тығылмақ ойнамаймын» жыр кітабын Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан шығуына тікелей қаржылай қолдады.

– Қазіргі қазақ әдебиеті жайында не айтасыз? Әдебиет қоғамда қандай орын алуы тиіс деп санайсыз?

Қазақтың жаны – әдебиетте. Әдебиет заман тынысын, қоғамдағы адамдардың тыныс-тіршілігін, аңсар тілегін, тебіреніс-толғанысын, жан дүниесін жарқырата аша алса ғана құнды. Шындығына келгенде, төл әдебиетіміз мұндай талап тұрғысынан әрдайым көрініп жүрген жоқ. Есіме Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген сөзі оралғанда, еңсем түсіп қалады. Өйткені, бәрі рухани қазығымыздың мықтылығында жатыр емес пе?! Бірақ..

 Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Демек, сөз ұстаған адам қай қоғамда, қай елде болсын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор болған. Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Қазір ғаламтор деген төрткіл дүниені түгел көруге, оқып білуге мүмкіндік беріп отыр ғой. Соған сүйенсек, көркем сөздің қадірі кетіп бара жатқандай… Замандастарымыз кітап оқуды сиретті. Жастарымыз смартфоннан бас көтермейді. Ал сол смартфондардан көркем дүниелерді оқып жатса ғой сөз бөлек болар еді, әрине. Жан дүниеміздің жұтаң тартуы соның салдары. Әйтсе де мүлдем күдер үзбек емеспіз. Қазіргі қоғамға кітап керек.

 Алысқа бармай-ақ қарапайым бір мысал. Облысымызда өткізіле бастаған «Оқы және жең» атты онлайн байқауы. Былтыр оған алты мыңнан адам қатысты. Қатысушылар әр түрлі жастағы адамдар. Біреуді біреу мәжбүрлеп көркем әдебиетті оқытпағаны белгілі. Қорытындысында байқау кітап оқуға деген ынталы адамдарға тың серпін берді. Қызығушылығын еселей түсті. Тойғанына мәз болып, тоғышарлыққа дендеп кеткендердің ортасына ой тастады. Рухани сұраныстың маңызын аңғартты. Көркем әдеби шығармаларды оқымаған адам толық дамымайды. Жаны кедей адам бақытсыздыққа ұшырайды.

– Жас ақын-жазушылардың шығармашылық ізденістеріне қандай баға берер едіңіз?

– Бізге бәсекелестік керек… шығармашылық бәсекелестік. Бірақ бұл бізде жоқтың қасы. Ел көлемінде тыңнан түрен тартуға талпынып жүрген жастар баршылық. Біздің облыста да некен-саяқ болса да жігіттер мен қыздар өлең жазып, көркем сөзге көңіл бөледі. Дегенменде олардың басындағы басты мәселе – күнкөріс. Олар сол жанбағу қамымен әр түрлі кәсіппен, журналистикамен айналысады, қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Күйбеңнен қол босағанда ғана жеке шығармашылығына көңіл бөледі. Соған қарамастан ізденіс үстіндегі таланттарымыз бар. Айталық, сондай ерен жастарымыздың бірі – Жанна Ерекина. Жанна: «Махаббатты сезінгенде ғана біз бармыз. Сүйе алатын, сағына алатын адам ғана тірі» дейді де ары қарай былай жырлайды:

Қыстың түні

Тым ұзақ түн

Ұзақ тым.

Түн ортада торыған ой,

Тұзақ – мұң.

Қалыңдық – күз қайда дей ме кешегі?

Әлдеқашан

Ұзаттым.

Қараағаштар,

Қар аулалар,

Көшелер

Жал-жал түтін

Жалғыздықты еселер.

Алдымда – қыс

Артта қалған өмірім

Қарайлама, көше бер…

Қарайлама,

Баста, қане, алға қыс,

Қиялыма қанат жалға, арман ұш!

Білесің бе,

Күнді көре алмайтұғын көздерге,

Айдың бары алданыш…

Ұйқыда ауыл,

Көп оттарын сөндіріп,

Айналам – қыс

Менде

Көктем – өңді үміт.

Қарашы, сәуле, жүрегімді қойғанын,

Шоқжұлдызға қондырып.

Мен сенімен

Сөйлескем де жоқ көптен.

Көрдің бе, әне,

Жымың қаққан от көктен,

Сол кішкентай сәуле – жүрек менмін ғой,

Жай

Сағыныш боп кеткен…

Бәрімізді

тұр төбеде ай бағып,

Мен тоқтайтын аялдама

Қайда?

Күт.

Талай сезім қап жатыр-ау байқалмай

Шоқжұлдызға айналып».

 Сол секілді іздемпаздығымен сүйсінтіп жүрген жас перілердің бірі – Дәулет Жадырасын. Қостанай топырағында түледі, жауһар жырларын жазды. Әдеби ортамыздың гүлі болды. Қазір астана төрінде, «Менің шығармашылығымды Қостанай өсірді, дамытты, ризамын» дейді.

– Әдебиет әлеміне келіп жатқан жас қаламгерлер туралы не айтасыз? Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әдебиетке бірнеше тіл білетін талант­ты жастар келіп жатыр. Олардың көбі ақыл-кеңеске зәру емес секілді көрінеді. Себебі, не іздесе де бәрін қолындағы ұялы телефонынан, ғаламтордан тауып ала қояды. Керек десеңіз олар кейде аға ұрпаққа ақыл айтып та кетеді (күледі). Қазіргі кезде бұрын қазақ оқырмандары білмей келген әлем классиктерінің шығармалары аудары­лып, жарық көріп жатыр.Үйренем десе, үлгі алам десе қазына көп. Бірақ айналып келгенде қазақтың құнарлы сөзі мен ғажайып жанына ештеңе жетпейді. Сондықтан олар алдымен өз классиктерімізді, өзіміздің қазақы ақын-жазушыларымыздың тұщымды туындыларымен сусындаса екен дейміз. Таңдап-талғап оқысын. Мысалы, Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның..» әңгімесін оқып шықсын. Жаныңды бір толқытып, жаңғыртып аласың.

– Қостанай облысындағы көркем әдебиеттің дамуына қандай жаңа бастамалар қажет деп санайсыз?

– Бір қарағанда шын талантқа биліктің де, басқаның да ықпалы, көмегі керек емес. Көркем туынды – жүрек толғанысының, ақыл-ой қиялының, парасат-пайымның тұңғиығындағы қайнар бұлағынан шығатын құбылыс. Ұлы Абайдың дүниеден озғанына жүз жылдан астам уақыт өтті, бірақ оның туындыларына мұқтажбыз. Неге? Ұлы Мұқтардың «Абай жолын» талай ұрпақ әлі оқып келеді. Неге? Осыны ойлайық. Ел қаламгерлерге зиялы қауым деп қа­райды. Ал олардың билікке сөзі өтпесе, бе­делі бола ма? Сондықтан біздің мақсатымыз – ең алдымен қоғамда қаламгерлердің қа­дірін арттырып, оларды билікке сөз өтетін, ха­лықтың мәселесін көтеретін тұлғаға ай­налдыру. Мысалы, Қазақстан Жазушылар ода­­ғының облыстық бөлімшелері бұл күнде әкім­дер санасатындай мәртебеге ие. Мені облыс әкімі Құмар Ақсақалов әдебиетті жақсы түсінетінімен тәнті етті. Ол облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін айта жүріп, өңірдегі әдебиет оғыландарын ұмытпай, халыққа рухани азық сыйлай білген ақын-жазушыларды назардан тыс қалдырмайды. Былтыр Қазақстанның халық ақыны, марқұм Қонсыбай Әбілге арналған республикалық ақындар айтысы өте мазмұнды өтті, көрнекті ғалым-жазушы, жерлесіміз Қойшығара Салғараның шығармашылық кеші де көңілімізден шықты. Драматург ақын Ақылбек Шаяхметтің бұрын сөреде жатып қалған Ілияс Омаров туралы қойылымы облыстық қазақ драма театры көрермендермен қауышты. Сондай-ақ әділдігін айту керек, бұл орайда Қостанай облыстық Мәдениет басқармасы бізді үнемі қолдауда. Басшысы Құралбек Атамұратовтың шығармашылық адамынының жай-күйін де, жан күйін де түсіне қоятын сезімталдығы ұнайды. Сол сияқты Толстой атындағы облыстық кітапхана мен облыстық музей және Ыбырай Алтынсарин мұражайының есігі әрдайым ақын-жазушыларымызға айқара ашық. Ал облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы, оның басшысы Дәмер Қалқаевтың аудан мен ауылдардағы таланттарды іздестіріп, тауып, демеп, жарыққа шығуына, танылуына тигізіп жүрген көмегіне дән риза боласың. Дәмерге айтарымыз: «Ел іші – өнер кеніші», талантты ақын-жазушыларды көбірек тартыңыз.

– Жазушылар одағының мүшесі болу деген не? Бұл мүшелік шығармашылық адамына қандай жауапкершілік жүктейді?

– Маған соңғы кезде Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғысы келетіндер қоңырау шалатын болды. Кәдімгідей қуанып қаласың. Бірақ олардың арасындағы қайсыбірінің жазғандары талапқа сай емес, соған қарамастан қайткенде де одаққа мүше болып алып, беделімді өсірсем деген пенделік пиғылын сезгенде, көңілің құлазиды.

«Әдебиет – ардың ісі» дегенді шынайы түсінгендер ғана ЖО-ға мүше болуға хақылы. Әдебиеттің міндеті – руханиятқа қызмет ету. Қолыңнан келсе, бүгінгі оқырманға қажетті дүние жаз. Көкірегі ояу адам өзі-ақ оқиды. Жауапкершілік деген сол.

– Сіз үшін әдебиеттің мақсаты не? Бүгінгі қаламгерлер қандай тақырыптарды жазуды басты назарда ұстау керек деп ойлайсыз?

Меніңше, қазақ әдебиетіне жаңа бетбұрыс, тың ағыс керек секілді. Бірақ, қоғам оған дайын емес секілді көрінеді. Әдебиеттің мақсатын айттым ғой, ол адам жанына рухани қуат беру. Адамды ізгілікке тәрбиелейді. Көркем әдеби шығармамен айналысатын әр адамның жаны қай тақырыпты қалайды – соны жазсын. Бірақ не жазсаң да жүрегіңмен толғанып жазбасаң, жүрекке жетпейді. Қоғамда тұнып тұрған тақырып көп. Мысалы, қазақ қоғамында әке мен бала қарым-қатынасы. Бұрынғы құндылықтар құнсызданып барады. Қайтпек керек? Аға ұрпақта материалдық игілікке деген тітіркену, жеккөру сезімі бар. Егер адам маңдай терін төгіп, еңбекпен байып жатса, неге ол жаман болуы керек? Осы секілді әлеуметтік құбылыстардың тереңіне бойлап, иірімдерін саралап жазса, оқырман табылар еді.

Рас, мойындау керек, әдебиет қайраткерлерінен көрі әлеуметтік желі белсенділері күшке мінген мына заманда жас әдебиетшілердің көбінде шығармашылық бап жоқ. Жағдайы келіспеген соң, өндіріп жазып та жатқаны шамалы. Шығармалары түрлі ортақ жинақтарға шыққан болады. Бірақ ол жинақтар жас таланттың қарымын аша қоймасы анық. Содан ба деп ойлаймын, жастар әдебиет айдынына әлі құлаш сермеген де, көркем әдебиеттегі өз сөзін әлі айтқан да жоқ. Бірақ ондай уақыттың келетініне сенемін, күдерімді үзбеймін.

Сұхбаттасқан – Айтолқын АЙҚАДАМОВА




ПІКІР ЖАЗУ