БАБАЛАРДЫҢ ІЗДЕП ЖҮРМІН САРЫНЫН…

Шеше                  

Дүние ме, дүние- көш ағым,

Әп-сәтте бүгін босадым…

Сағынып кеттім, қамығып,

Шешемнің жаққан ошағын!

 

Даладан жетсек құлдырап,

Ауызғы үй, еден сырқырап,.

Танауға ұрып тұрушы ед,

Қазанның исі бұрқырап…

 

Жаныңды жұпар шәйғандай,

Кіреміз үйге айқайлай,

Таба нан  ыссы, сары маймен,

Піл сүгірет үнді шәй қандай…

 

Бауырсақ тәтті болмай ма,

Пісірген шешең тоң майға.?

Құбыладан қайтқан құс тізбек,

Ғажап қой шіркін, ондай да…

 

Ол күндер қазір бір арман,

Сол арман шықпас құмардан,

Ызылдап шәйнек шоқтағы,

Шаттауық тартып шығарған…

 

Сол бір жаз, қайтып келмейді,

Өксігін, жыла, сен мейлі…

Әйелің, мейлі келінің,

Шешеңнің шәйін бермейді…

 

Өмірің өткен кеше ғой,

Жүректің түбін теседі ой…

Әкенің орны бір бөлек..

Шешенің аты «Шеше» ғой!

 

***

Күнмен бірге аулаққа мен де қашам,

Ымырт баса мұң шалық әнге ұласам…

Ескі досым- домбыра! Одан басқа

Мен бәрінен түңілгем әлде қашан.

 

Ымырт мұңды… мұңды әуен… мен де мұңды…

Жұтып тынды ақыры Теңге күнді.

Шешем еске түседі осындайда,

Мұңды әуенмен ораған жөргегімді…

 

Иегіне жабысқан көсе күздің,

Өлі жапырақ төсегі көшеміздің.

Жаздың даусы алыстан естіледі,

Әлдиіндей тербеткен шешеміздің…

 

Жалғаншының жәй басып кешкі реңі,

Тентек ұлдың ақылы кеш кіреді…

Күрең-қызыл іңірдің құшағынан,

Күрең күздің дауысы естіледі.!

 

Шүйкедей кемпір

Қара кемпір еді, шүйкедей ғана,

Мама деуші едім, мен  оны…

Жып-жылы еді, күркедей жаңа,

Қаңбақтай ғана көлемі…

 

Қарқара жаулық, аппақ шың,

Көкке жеткізгендей төбесін…

Сөзім жоқ менің, жап-жақсым,

Есімнен кетпес елесім…

 

Деуші еді маған, құлыным,

Жоқсың ба, шаршап-шөлдеген…

Көженің беріп тұнығын,

Қатты айтып, сірә, көрмеген…

 

Аруана ұстап сауынға,

Жабуын да өзі тігетін…

Қой айдап қайтсам ауылға,

Күн астынан мені күтетін…

 

Шешесі бөлек әкемнің,

Мамасы деуші еді, Сәрсеннің…

Бұл күнде мен де бөтенмін,

Әкенің сөзіне мен сендім…

 

Кездер ғой шіркін тамаша,

Парызым да көп, өтеусіз…

Отырдық талай оңаша,

Кәкемді жамандап екеуміз…

 

Бөтенмін, мама-ау, мен деген,

Адамша ойлай алмаймын…

Біреумін жырға шөлдеген,

Тасырлап тойлай алмаймын…

 

Сағындым рас көп болды,

Көздің бір жасы сірә шық…

Шүйкедей кемпір жоқ болды,

Шөкім бұлт  құсап қыр асып…

***

Не көрмеген қасқамыз,

Тасқа түскен біздер жүріп басқан із…

Бөрі тектес, ана сүті Ұмайдан..

Біздер деген, басқамыз ғой, басқамыз!

 

Жан шыңғырып жалғандықтан қашқанда,

Адалдықтың туын тіктік аспанға,

«Шындық» деген, шыға майдан үшін біз..

Таяқ жедік, дұшпан түгіл достан да…

 

Біз деген де  қысқа татыр көктем де,

Жүрек жасын жуып көрдік отпен де,

« Сүйемін» деп, күйіп қалған қасқаны,

Табаласа тұрлауы жоқ көп пенде…

 

Жүрек жалғыз, тасығанда қан аға,

Алып қаштық, ұлып қаштық далаға,

Тасқа соқтық толқындай кеп, атылып,

Өмір өзен лақтырғанда жағаға…

 

Біз басқамыз, басқамыз,

Іздеріміз жазып кеткен тасқа аңыз,

Бізден қалған өлең болса оқыңыз,

Біздер қалған ізді, бірақ, баспаңыз.!.

****

Тасырқасаң мызғымайтын тас түнмін,

Жалғандықтан безіп жүрген қашқынмын.

Жарық іздеп сілекейім шұбырып,

Жортып барам соқпағында қасқырдың.

 

Жан дос болсаң жатырқама сен мені,

Мен емеспін ғаріп пенде жердегі.

Мен емеспін тексіз құлдың тентегі,

Мен емеспін көрінгеннің ермегі.

 

Сенсең егер жатырқаман,  дос қылам,

Арманыңды бір арнаға қостырам…

Қарсы тұрып саған соққан дауылға,

Майыспаймын, керек болса морт сынам!

 

Бас тарттырмай кетем кейде, енді шын,

Шын дос болсаң сондай шақта сен түсін.

Біреулердің бұзғанменен тұмсығын,

Мен ешкімнің дауламаймын еншісін…

 

Қанмен берер қара өлеңнің төлемін,

Ақын болса жолында да өлемін.

Өсек жыйып, кесек терген қырттардың,

Рас енді, оқымаймын өлеңін…

 

Керек те емес ондай иттің үргені,

Бөрі тектес, айға соқсын, жыр лебі…

Қазақ бола, жау болса егер қазаққа,

Қанжар қыл да жүрегіне ұр мені…

 

Жыртып таста, өртеп жібер жан дәрмен,

Жантық болсаң күйлес болған жалғанмен,

Жүрегіңе қадалмасын кірш етіп,

Қалам емес, жазған жырым қанжармен!

***

Ол мені сүйген де жоқ, сүйе алған жоқ,

Жүргенмен көкжиекте жиі арман боп.

Ол, бірақ қоштасқан күн меніменен,

Артына бір қарады жыларман боп…

 

Содан соң қайта оралды көктем болып,

Самал боп, ту сыртымнан өпкен болып…

Мен оны аймаладым, жақсы көрдім,

Бүтіндеп оң-солымды, кеткен келіп…

 

Онда емес, барлық кінә менде ме екен,

Кінәлі өлең десе сенбе, көкем…

Қаншама араздасып, табыстық біз,

Көңілің басын имес өргек екен…

 

Бірде ол қонып жатад ғарыштан кеп,

Жұлдыз боп,

жаңбыр болып,

талыс таң боп.

Төсекке бірге жатып, бірге өретін —

Шамасы жөргегімнен жабысқан дерт…

 

Мен одан ұзақ таңға қаштым, көріп,

Қуды ол — қыр шалдырып, қасқыр делік.

Ілді ол қырандайын қызыл көрген,

Соқты ол ақ жал толқын-тасқын болып…

 

Шақтарда бауырыңды мұңға басқан,

Таптарда тағатыңды шындап аспан,

Оранып оттан көйлек,  шығып кетсең,

Жолыңнан пері түгіл, жын да қашқан…

 

Көрдің сен отқа қарып, сотқа тартып,

Жүргенде тілді безеп, жоққа шалқып.

Ой, сонда, досың безіп, дұшпан тырқып,

Қасыңда қалмайды екен оққағар түк!

 

Сүйгенім болмай шықты — мәңгі бақыт,

Таңдайың тамсағанмен таңды қатып.

Мысалы, махаббаттың мәні қайсы,

Алмаса арасында қан жылатып!?

                  ***

Күтер мені тасқа айналған тағы кім…?

Бабалардың іздеп жүрмін сарынын,

Әлі талай жолдарым бар алдымда,

Сен таусылмашы жарығым…

 

Жолдар қалды  жанарымнан мұңымды –ап,

Мен ешкімнен жазғаным жоқ,жыр ұрлап.

Құмдар айтты оны маған ымменен,

Тастар айтты сосын оны сыбырлап…

 

Дала сенсің таусылмайтын аңсарым,

Жолда жатыр жазылмаған қанша жыр,

Тас қорымдар аялдамам келесі,

Келесі жыр Барша құм мен Сарша құм…

ТҮЙМЕ ЖОҒАЛТУ

Екеуіміз қоштасатын соңғы түн,

Ұмытпаймын, ұмытпаймын қорлығын.

Саған сеніп, шынымды айтқан өлеңге,

Ой, сормаңдай, неткен ғана сорлымын?!

 

Қара түнде ақ көйлегің сүттей ақ,

Ай тамсанып, қанбағасын түк тоят,

Тап осылай бітетінін білгенде,

Кетер еді-ау соңғы жағын күтпей-ақ.

 

Ол да мендей күйге енді,

Түсінбейді алданыш қып сүйгенді.

Бәрі жалған, айтарыңды айтып боп,

Тұра бердің шұқылаумен түймеңді…

 

Бекер болды-ау ақ көйлегің кигенің,

Пәк болмаса, хақ болмаса сүйгенің…

Айға қарап айтшы соңғы сөзіңді,

Жіберші енді, жазығы жоқ түйменің.

 

Жо-жоқ, қарғам, енді маған сүйкенбе,

Шошып кеттім саусақтарың тигенде.

Тұр едім ғой мен аспаннан айды іздеп,

Түсті үзіліп сонда сенің түймең де…

 

Аппақ түйме ардың аппақ дағындай,

Қараңғыда көрінеді лағылдай.

Мен де кеткем қараңғыны бетке алып,

Өкситіндей бұлттың арғы жағында ай.

 

Сор кеудемнен бұлт арылмай мұң басып,

Бола алмадым мен ешкімге шын ғашық…

Аппақ болып қалып еді-ау сол түні,

Ақ түймені қалды-ау, шіркін, құм басып…

 

Ай тығылып, аппақ түйме жоғалды,

Жыр жаза алмай қорланамын орамды…

Бізді қойшы, айды да қой, өлмес-ау,

Бәрінен де ақ түймеге обал-ды…

 

                                                                       Сәрсен ҚАДЫР

 

 




ПІКІР ЖАЗУ