БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ
…Кейінгі кезде Баукең жиі төсек тартып жатып қала беретін болды. Үйіне бір барғанымда сәлемімді алысымен:
– Я скоро уйду от вас, – деді естілер-естілместей, баяу үн қатып. Бұл сөздің құлағыма ерсі, суық тигені сондай тұлабойым мұздап сала берді.
– Бауке, – дей бастаған маған:
– Сен орынсыз килігіп, ойымды бөлме, – деді сұқ саусағын шошайта сермеп.
Ендігі жай белгілі, ырқына көніп, үнсіз тыңдағаннан басқа амалым жоқ. Қосарлана берсең, «бар, жөніңді тап!» деп үйінен қуып шығуы да сөзсіз. Мұндай жағдай басымнан талай өткен.
…Екі қолын таяныш етіп, төсегінен әрең тұрып, түзеліп отырды. Суланған дәкіні маңдайына әлсін-әлі басып:
– Әркімнің, қарағым, соңғы күндері болады. Соңғы күндерінде кейбіреу алжып өледі, кейбіреу адасып өледі. Сол маған жақындап келе жатыр. Сен Бауыржан Момышұлы алжып өлді ме, адасып өлді ме дегенді ойланғын. Әй, несіне түксиесің?! Ол – шындық. Өлемін деп қорқып отырған мен жоқпын, – деді әр сөзіне салмақ сала сөйлеп. – Жақсы да, жаман да, жас та, кәрі де өліп жатыр. Мен олардан әулие емеспін. «Бір өлім – хақ, тірілмек жоқ» дегенді естіп пе едің?
– Естігем.
Суық жымиып, дәкіні қасындағы аласа стол үстіне асықпай қойды.
– Емдеуші дәрігерім Маргарита Александровнаға Құдай реңді де, ақылды да берген екен. Өзі невропатолог. Бірде одан мен туралы біреу:
– Халі қалай? – деп қайта-қайта сұрапты. Маргарита Александровна:
– Ол кісі аурудан да, өлімнен де қорықпайды, – депті.
Оны білгенім, Мәжікен Бутин дейтін министр бар еді. Ұзын бойлы, келісті келген қара жігіт. Обалы не керек, ақылды министр болатын. Сол палатама кіріп келді. Ішімнен: «Мынаны кім шақырды, министр-пинистрмен қарым-қатынасым жоқ еді ғой, мүмкін біреумен шатастырып келді ме?» – деп таңырқап қалдым.
– Е, қалайсыз? – деп жаттанды сұрақтарды қойып жатыр. Ең соңында:
– Бауке, бірнәрсеге келдім, – деді.
– Айтыңыз.
– Дәрігеріңіздің сөзін естідім. Сізді «аурудан да, өлімнен де қорықпайтын кісі екен» – деді. Осы рас па, өтірік пе? Екеуміз құрдаспыз ғой, өтінем, шыныңызды айтыңызшы? – деді.
Мен таңғалып қарап қалдым.
– Сіздің қалай түсінгеніңізді білмеймін, дәрігер айтса, рас.
Енді ол маған таңырқап қарады.
– Інжілді оқымапсыз ғой?
– Иә, оқымап едім.
– Онда Мұса пайғамбардың «жизнь коротка, смерть неизбежна, воскрешения нет» деген сөзі бар.
– А, ойбай, мынауыңыз қызық екен.
– Несі қызық? Бәріміз де өлетін кісіміз. Мұсаның айтқаны – шындық. Ал, шындықтан қорқуға бола ма?
Баукең қабағын түйе сөйледі.
– Мұны еске алудағы себебім, өлмейтін адам болмайды, қарағым. Әрине, соның біреуі менмін ғой…
Ауырсам, ойбайлап, өліп бара жатсам, «өлдім-ау!» деп бақырмаймын. Неге десең, бәрібір өлесің. «Мына жерім ауырады, аһ, маған су беріңдерші?» дейтін мазасыздар болады ғой, мен ондай топтан емеспін.
«Ағажан, басқа тақырып төңірегінде сөз қозғайықшы? Рұқсат етсеңіз, дайындап әкелген сұрақтарым бар еді», – дегім келіп, үндей алмадым.
– «Кәрі өле ме, жас өле ме?» деген сөзді естіген шығарсың? Әрине, өзімнен бұрын жастар өлсін деп отырған мен жоқпын. Тілегім жастар аман, бақытты болсын. Әркімнің кезегі бар, оны уақыт шешеді.
Көзіме тура қарап:
– Шынымды айтсам, шырағым, қатты шаршап жүрмін. Шаршағанда адам алдымен сүрінеді ғой, – деді екі иінінен ауыр тыныс алып. – Білмеймін, қолымнан келе ме, келмей ме, жаманды-жақсылы Бауыржан Момышұлы деген атағым бар, сүрінбесем деймін. Ақ ниетпен, адалдықпен өлгім келеді. Түсініп отырсың ба?
– Түсініп отырмын.
Жүзіме тағы тіктей қарады. Жанары жұмсақ, ойлы.
– Менің сүрінгім келмейді, – деді бәсең үнмен. Іле қабағын түйе, жігерлене сөйледі. – Көп жасадым ба, аз жасадым ба, Отанымның, халқымның алдында, арымның алдында азаматтық міндетімді орындағандардың біреуімін деп ойлаймын. Олай ойлайтын себебім, орынды ма, орынсыз ба, оны мен білмеймін, халқым маған: «Мынау менің адал ұлым», – деген атақ берді. Ол рас па, өтірік пе?
– Рас.
– Одан артық құрметтің маған керегі жоқ. Қысқасын айтқанда, қарағым, мен әке-шешемнен, халқымнан тәрбие алдым. Еліме, жұртыма қоятын ешқандай кінәм жоқ. Жаңа айттым ғой, әлімнің жеткенінше қызмет еттім. Ол жағынан мені елім айыптай қоймас. Жоқ, айыптар ма екен?
Тұнжырай қабақ түйіп, үнсіз қалды. Әңгіме арнасын басқа жаққа бұрғым келіп:
– Мұқағали ақынның бірер жол өлеңі есіме түскені, – дедім.
– Есіңе түссе айт, естиік.
– Адамдықтарын алтынмен,
Өлшегендерге ашынам!
Мансапқорлардың қасынан,
Шықпайтындарға ашынам!
Жалданып өскен жасынан,
Жағымпаздарға ашынам!
Өзіңе ғана бас ұрам,
Сенесің бе, Отан, осыған! –
дей келіп: «Мұңымды несін жасырам?, – деп өкінеді.
Баукең менен көзін айырмай: «Бұл жолдармен ақын не айтпақ болған?» – деді сынай қарап.
– Меніңше, ақын өзі армандаған әділетті қоғамға қолы жетпей, әртүрлі пиғылдағы жандармен тірлік кешкеніне қорланатынын әйгілеу арқылы Отанын ойлантып-толғантуды көздеген.
– Дұрыс! Өте дұрыс! Мұқағали да елге ес болар ақын екен, – деді Баукең сұқ саусағын шошайта жоғары көтеріп. – Кейбіреу Абайды қазақ халқын оңдырмай сынаған деп ойлайды. Сынау, түсінсең, жаны ашу. Абай:
«Ойында жоқ бірінің,
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой», – деп те ашынады ғой. Халқын кім жаман болсын дейді. Сөйтіп ойлайтын адам табылатын болса, мен одан аулақпын.
Халқын сүйгенді кейбіреу ұлтшыл-мұлтшыл дейді. Көңіліңе келсін, келмесін, бұл бос сөз! Шырағым, ешкім аспаннан топ етіп түскен емес! Түсінген кісіге, біздің аспанымыз – халық даналығы. Біріміз жақсы, біріміз орташа, жаман болып біз халықтан шықтық.
Рас, біз дербес мемлекетіміздің жоқтығынан көп қырғынға ұшырадық, қиын-қыстау, шешуші күндерде жол бастар серкелерімізден айырылдық. Жаңсақ басқан қадамымыздан дұрыс қорытынды шығарып, сабақ алмадық. Бұл қателігімізді ескеріп, түземесек, алда да бізді күтіп тұрған қиындық, қауіп-қатер көп…
Көсемдеріміз Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов 1930, 1940, 1950, 1980-ші жылдары халіміз мүшкіл болуы мүмкін деп әулиелік сезімдерін білдіріп, білдірмек түгілі жазып та кеткен болатын…
Мен саған, қарағым, сырымды айтып отырмын. Бұл, білсең, исповедь. Бұл Құдай алдында сырыңды айт, Құдайдан жасырмастан айт деген ежелден келе жатқан сөз.
Бауыржан Момышұлы боп туған едім, Бауыржан Момышұлы боп өлемін. Мен ешкімнен әулие емеспін. Бірақ та ел сеніміне, ел мейіріміне бөлендім. Ол рас па, өтірік пе?
– Рас.
– Оған мен қатты ризамын, – деді өңі жылып, күлімсірей. – Жасым жетпіс бірге жеткенше көп нәрсені өз көзіммен көрдім, өз құлағыммен естідім. Менің түсінігім, білімім, тәжірибем, қатем ана дүниеге бір тиынға керек емес. Көңілге түйгендерімді жалғыз өз атымнан емес, шама-шарқымша, түсінуімше, біздің қауымның атынан сен арқылы ұрпағыма айтып кетуім керек.
Әрине, көргендерімнің бәріне бірдей тоқталуым мүмкін емес. Халқымның тарлан ұлдары мен тарлан қыздарының бәрін бірдей біле бергем жоқ. Білгендерімнің ішінде жастарымызға өнеге бола алатындары аз емес.
Өмірден өтіп кеткендеріне: «Имандарың жолдас, жатқан жерлерің торқа болсын, жаманды-жақсылы аттарыңды атап, өздерің жайлы білген-сезгендерімді кейінгілерге қалдырып кетейін. Менің сендерге бағыштаған құраным, берген асым да осы» – деген ойдамын.
Біреуі туралы бір бет болса да, белгі қалдырғым бар. Ұрпақтары оқыса: «Ойбай, біздің атамыз осындай адамгершілік, ерлік істеген екен ғой. Тағы пәлен-түген емес қасындағы адам айтып отыр» – дегені қандай қуаныш! Мұны, қарағым, қоғамдық, азаматтық парызым деп түсіндім.
Кешегі Отан соғысының зардабы еңсемді езіп, рухымды әлсірете алған жоқ. Рухым әлсірегенде мен ана дүниеге кетіп қалар едім. Соғыс зардабынан менің рухым күшті болып шықты. Бұл жағдай да ұрпағымды ойлантса деймін.
Я продолжаю выполнить свой гражданский долг и верно служить своему народу. Бірнәрсе дәметіп, өйтіңдер, бүйтіңдер деп отырған мен жоқ. Рас, бір кезде Қазақ ССР-і Қорғаныс министрі болсам деп ойлап едім. Ол ойымды кейбір адамсымақтар кесе-көлденеңдеп, іске асырмады. Іске асқанда, ұлтыма пайдам көбірек тиер еді деп дәмеленгенімді жасырмаймын. Оқасы жоқ, осы жеткен жерімді қанағат етем. Зейнеткерлікке шыққан жиырма жеті жыл ішінде үйімде жатып Құрмет Белгісі, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерін алдым. Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері атандым. Бұл мені асыра бағалағандық.
Бір сөзбен айтқанда, мен елімнің азаматымын! Жақсы азамат болдым ба, жаман азамат болдым ба, кейінгілерге көргенім, естігенім осы деп айтып кетсем дедім. Бір басыма бұйырған дәулет те, атағым мен шатағым да жетіп жатыр. Көп қиыншылықтардан өттім. Әлі денсаулығым бар. Егер өзімді өзім жақсылап күте білгенімде, менің денсаулығым (бас бармағын көрсетті) мынандай еді… Оқасы жоқ, осының бәріне қанағат ету керек. Маған осылар да жеткілікті. Жеткілікті деу аз, тіпті артық.
– Қай күні Абай атындағы педагогикалық иниституттың оқытушысы, жазушы Нина Павловна Скалковская деген кісімен сөйлесіп қалдым, – деп мен сөзге араластым. – Ол кісі: «Аты аңызға айналған қолбасшы, талантты жазушы, күрделі мінез иесі Бауыржан Момышұлымен ұзақ жыл творчестволық байланыста болып, «Генерал Панфилов» деген шығармасын орыс тіліне аудардым. Біздің шығармашылық бірлестігіміз достыққа ұласты» дегенді айтты.
– Көңілімді басқа жаққа алаңдатпа, – деді Баукең төсегіне қисайып, көзін жұмып.
Мен іштей ойға баттым. Кейде жұмысыма кешігіп қалмау үшін сүрініп-қабынатыным бар. Неге десеңіз, дәрісті уақытында бастауым керек, студенттер күтіп қалмауы қажет. Сондай сәтте: «Баукең қанды шайқаста өзінің табандылығын, тәртіптілігін, ұқыптылығын сақтай білді. Мына мамыражай бейбіт күнде менің салбөкселеніп сабаққа кешіге жаздағаным қалай?!» деп өзіме өзім ұрсып, байыпты қалыпқа түсуге тырысатынмын. Ешуақытта екі сөйлемеуге, әділ, адал, қарапайым болуға, маңдай термен табылмаған дүниеге қызықпауға барынша талпынып бақтым. Бұл Баукеңнің – өнегесі.
Өкінетінім, билік тізгінін ұстағандар Баукеңді бағалай алмады. Тиісті көңіл бөліп, түрлі пікірталасын ұйымдастырғанда, халқымыз көп қазынаға кенелер еді. Ол кісіні біріншіден, соғыс (төрт жыл алғы шепте шайқасу оңай ма?), екіншіден, қолында билігі бар шіренген шенеуніктердің көре алмай, «тәкаппар» деп сыртынан өсектеп, менсінбеушілігі қажытып жіберді. Олар Баукеңнің бойындағы талғампаз тазалықты, намысшыл сұстылықты, тектілікті ұнатпайтын. Баукеңнің тәккапарлығы – тақуалығы, тектілігі – бекзаттығы екенін мойындамайтын, неге ол біздей емес деп күстаналайтын.
Ұзақ жыл жанынан табылғанда мен ол кісінің қалыпқа сыймайтын өр мінезі ішкі ой, жан дүниесінде қайнап жатқан қайрат-жігерінің қуаттылығынан, ар-намысының асқақтығынан деп шамаладым. Баукең саяси, әлеуметтік теңсіздіктегі халқымыздың жағдайын көп ойлайтын. Реті келген жерде жұрттың назарын өзіне баурап алып, еліміздің рухын көтерер отты сөздерді төпеп айтып тастайтын. Ондағы мақсаты – халқымыздың көмпіс мінезін өзгерткісі келетін. Мұндай күрескер тұлғаның тарихымызда өте сирек кездесетінін бар жан-тәніммен түйсініп, әрбір іс-әрекетін, сөйлеген сөзін ұмытпай есімде сақтап қалуға тырысатынмын.
Шынында да Баукеңнің табиғаты, жаратылысы мүлде бөлек еді. Ол кісі туралы зерттеп, зерделеп, ізденген адам таусылмас қазынаға жолығары сөзсіз.
Менің ойымды Баукеңнің:
– Сен кітабыңның атын «Бауыржан Момышұлының соңғы күндері» деп қой. Бұл дұрыс ат, түсіндің бе?! – деген өктем үні бөліп жіберді. Жастықтан басын көтеріп, жанарын жанарыма тік қадап, түсін дегендей иегін қақты. Аяқ астынан не айтарымды білмей аңырып, абдырап қалдым.
– Я доверяю эту тему только тебе. Ескертерім, бәрін ашық жаз. Мына жерін бүйтсем, ана жерін өйтсем деп жалтақтасаң, шындықты айтудан қорықсаң, онда сенің кітабыңнан елге пайда жоқ.
– Бауке, мұны кейін… – деп сөз бастай беріп едім, көзін аларта, оң қолын ашулана сермеп, «ойымды бөлме!» дегендей ишара жасады. Мен жым болдым.
– Екінші ескертерім, – деді байсалды қалпына еніп. – Кейіпкер тілі деген бар. Оны сақтай білмесең, образ шықпайды. Сол себепті кейде менің орысша айтқандарымды аудармай сол күйінде жаз. Түсінікті ме?
– Түсінікті.
– Тағы да ескертем, кітабыңның атын «Бауыржан Момышұлының соңғы күндері» деп қойғын. Бұлай ат қоюға сенің толық хақың бар.
– Кешірерсіз, мен көптен бері «Ай мүйізді ақ серке» деген тақырып төңірегінде ойланып жүр едім.
– Жоқ! Мен келіспеймін!
– Бауке, – дедім ішкі қарсылығымды жасыра алмай. – Сізбен қарым-қатынасым жиырма жылдан асып жығылады.
Баукең жымия езу тартты.
– Жиырма жыл дейсің, ол, бәлкім, жиырма күнге татымас…
– Енді бәрі түсінікті.
– Тыңда, – деді Баукең төсегіне қайта жантайып. – Біздегі Лұқпан хәкім есімі даналықтың символы ғой. Сол кісі өлерінде туысқандарын шақырыпты.
«Әй, бері келіңдер, қоштасалық. Мен кетем…
Жиналған жақындарының біреуі:
– Жәке, мың жасағаныңыз рас па? – депті.
– Өтірік деуге де, шын деуге де аузым бармай тұр, шырағым.
– Енді, тақсыр, айтыңызшы, сізді ел мың жасады деп жүр. Сонда елдің айтқаны өтірік пе?
– Рас.
Отырғандар аң-таң.
– Мен бір көрген жақсылықты да, жамандықты да бір жастан есептедім. Кей күні бір жақсылық, бір жамандық көріп, екі жасаған да кезім бар.
– Ол қалайынша, тақсыр-ау?
– Көрген жақсылығым мені ойға салды. «Е, бұл қайдан шықты? Бұған көп ел кезіге алмай жүр ғой. Бұл кей кезде жыл бойы көрмейтін жақсылық екен» – дедім. Жамандыққа ұшырасқанда да: «Әй, мұның себебі не, бұл жамандықты неге көрдім?» – деп ойландым. Ол кезікпесе, жыл бойы ойланбауым да мүмкін ғой. Осылай мың жасадым…»
Лұқпан хәкімнің бұл айтқаны – даналық. Кейде жақсы көретін кісің жолықса: «Қарағым, сені көріп бір жасап қалдым» – дейміз ғой. Бұл сөздің тамыры, біле білсек, Лұқпан хакімнен тарайды.
Жақсылықты, жамандықты көрмесең, ол екеуін таразыға салмасаң, өмір өмір емес. Жақсылықты көріп құтырғандар да, жаманшылықты көріп шөгіп қалғандар да аз емес. Сол екеуіне шыдай білу керек.
Жаманшылық көріп шөккендердің азаматтығы, ерлігі жоқ. Түсінгенге жамандық ой салады, ақылыңа ақыл қосады. Мұның дәмін мен өз өмір тәжірибемнен татудай-ақ татқанмын…
Баукең жастықтан басын көтеріп:
– Асығып отырмын деген сендерге, асығып жүрмін деген маған жарасады, – деді біртүрлі жабырқаңқы үнмен. – Сол себепті сұрағың болса, жасып, жалтақтамай сұра. Мен сен үшін қайта тірілмеймін. Ол мүмкін емес…
– Сізді соңғы күндері деген сөзге қимаймын, – дедім мен іші-бауырым елжірей, қинала қобалжып. Баукең қатулана қабақ түйді.
– Жетпіс бір жарым жас аз ба?
Мен үндемедім.
– «Жетпіске жетіп өлген шал армансыз» деген мақалды мен шығарғаным жоқ. Соны айтқан кісілерден әулие емеспін. Өміріміз қалай өтті, оны тарих тексереді. Мақтанбаймын да, қорланбаймын да. Әркімге әділетті бағаны ұрпақ береді. Бүгінгі Бауыржан Момышұлы ертең жоқ. Ол – табиғат заңы.
Мақтанды десең, дей бергін, мен – жауынгермін, халқымның азаматымын. Халқым тер төгіп, еңбек ет деді. Әлім жеткенінше еңбек еттім, іздендім. Халқым, соғыс, қаныңды төк, керек болса өлгін деді. Тайсалмадым. Демалысқа шыққаныма жиырма жеті жыл болды. Осы мерзім ішінде мен бір жанға жиырма жеті грамм арамдық істегенім жоқ. Әлде істедім бе?
– Істеген жоқсыз.
– Мақтанды десең, дей бергін, мен із қалдырған қазақтың біреуімін. Мен із қалдырған Бауыржан Момышұлымын! – Бұл сөздерді жастықтан басын көтеріп, шамырқана, жігерлене айтты. – Өмірім күреспен өтті, мені сатқандар да аз болған жоқ. Зейнеткерлікке шығып, Москвадан елге оралғанда: «Бүгінгі Бөкейханов келді» деп Орталық Комитетке арыз жазған да өзіміз. Меніңше, сатқындарды әшкерелеп, су бетіне шығару керек, әлі бәрі шығады. Ондағы мақсат – оларды кеміту үшін емес, жас ұрпағымызды сақтандырып, ұлтын шын сүюге баулу.
Мені жамандап, құртамыз дегендер, әріберіден кейін фельетон жазып, мазақ етпек болғандар да кездесті. 1963-ші жылы «Қазақ әдебиеті» газеті «қоғамға бағынбайтын адам не аң, не Құдай» деген Аристотельдің сөзін келтіріп, маған көпекөрнеу жала жапты. Қоғамға бағынбайтын адам төрт жыл алғы шепте соғыса ма? Ең үлкен надандық – газет менен кешірім сұраған жоқ. Кешірім сұра деп ақсақалдық ететін Ғабит, Сәбиттер үнсіз қалды.
Бір рет Жазушылар одағына барсам, Ғабит, Сәбит, Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, тағы біраз ақын-жазушылар екінші қабаттағы фойеде сөйлесіп тұр екен.
– Ассалаумағалейкум, Ғабит, ассалаумағалейкум, Сәбит, ассалаумағалейкум, Хамит. Енді амандаспаған қалды қай ит? – деп сөзбен бір түйреп өткенім бар.
Мені жамандап, құртамыз дегендерге білген боқтарыңды жедіңдер ғой, тойдыңдар ма? Тоймасаңдар, тағы жеңдер деп мен олармен қастаспадым.
Баукең жастыққа жантая жатып, әл-қуат жиғандай бір қауым уақыт үнсіз қалды. Басқа тақырыпқа көшейік дегім-ақ келіп отыр. Оған батылым жетер емес.
– Неге деп қастаспауымның себебін сұрамайсың ба?
– Неге?
– Біздің елде атақты Байзақ датқаның баласы Қабылбек деген кісі өткен. Ол кісі менің аталас бабам.
Сайлау кезі екен. Сайлау жатқан шатақ қой. Менің нағашым жас жігіт Серкебай Қабылбекпен сөзге келіп қалып, тілі тиіпті. Сонда датқаның 40 жігіті Серкебайды ортаға алып, сабаймыз дегенде:
– Әй, тоқтаңдар! Өзіңе өзің қол көтеріп, ақымақ болдыңдар ма! – деп Қабылбек тентектерін тиып тастаған екен. Сол кісі айтқандай, өзіме өзім қол көтергенде, мен не ұтам?
Орнынан тұра алмай төсек тартып жатқан әкесі, атақты Текебай биге ұлы Серкебай келіп: «Сен неге оязға менің әкемді барымташы жұмсайды деп жамандайсың? Мақсатың сайлауда көп дауыс алып, болыс болу ма?» – деген тәрізді сөздерді айтып, қарсыласыңыз Қабылбекті сілейте сөктім, – дегенде Текебай би ұлын қамшымен тартып жіберіп, атына міне салып, қырық жігітімен Қабылбектің ауылына шауып жетеді. Соғысқалы келе жатыр деген ойда Қабылбек қырық жігітімен ат үстінде қарсы алады. Текебай би «менің күшігім саған үріпті. Кешіре алсаң, кешір» дейді атынан түсіп, қолын қусырып. Қабылбек: «Жәке, сізді соғысқалы келген екен деп ойлап, жасыңыздың үлкен екенін ескермей, ат үстінде отырып сөйлескенім үшін сіз мені кешіріңіз? Мен енді сайлауға түспеймін. Болыстықты сізге қидым», – деген екен Текебай бидің аяғын құшақтап. Это очень благородный поступок. Менен ешкім кешірім сұраған жоқ, сұрамаса да кешірдім… Менімен нағыз ақыл-парасаты, түйсік-түсінігі жоғары жандар жауласса, қуанар едім. Майда өсекшілермен жауласпаймын. Ол маған намыс.
Баукең біраз үнсіз қалып, қайта сөйледі.
– Жоспарың қандай деп маған сұрақ қой.
– Жоспарыңыз қандай?
– Менің жоспарым мынандай. Бірінші, өмірімнің соңғы тынысына дейін Отаныма адал қызмет ету. Екінші, мен Отаныма қайтыс болғаннан кейін де қызмет еткім келеді. Сол себепті саған өз ой-пікірімді, біздің ұрпақтың басынан кешкендерін келер ұрпаққа жеткіз деп адал жүрегіммен айтып беріп жүрмін. Үшінші жоспарым – халықтарымыздың (халқымыздың емес) жақсы салт-дәстүрін кейінгілерге үлгі етіп қалдыру. Төртінші, біздің немерелеріміз, шөберелеріміз Отанымыздың жауынгерлік ерлік даңқын мақтаныш етсе деймін… Өліп бара жатқанымда да сендердің бала-шағаларыңа, туған-туысқандарыңа, өрен-жарандарыңа ақ ниетпен батамды беремін.
Мұртының ұшын шиырлай ойға еніп:
– Марқұмға бәрі бір, шырағым. Оның құлағына мақтау да, даттау да жетпейді. Жоқ, жете ме? – деді.
– Жетпейді.
– Почтим его память, он оставил хороший след в наших сердцах, – дейді ғой орыстар. Өлген кісіге мақтаудың да, даттаудың да керегі жоқ. Ол тірілер үшін, бәрінен ұрпақ тәрбиесі үшін керек.
Бірінші, «е, мына кісі өмірінде жақсы боп өткен екен ғой, мынандай өнеге, өсиет қалдырыпты ғой» деп тірілер оның жолымен, жобасымен танысып, сондай болғысы келеді. Марқұмның жақсылығы осы үшін керек.
Екінші, өлген кісінің жаман мінезін, зияндық істегенін еске алып, қаншама жаманда, қаншама лағнет айтқын, бәрібір оған жетіп жатқан жоқ. Бірақ тірілер: «Ойбай, сондай сұмырай өткен екен, соған ұқсамайық, өлгенде де жұрт оны жамандап жатыр» – деп шошынады.
Баукең шабыттана, жігерлене сөйледі.
– Менің көрген-білгендерім, тәжірибем, түсінігім, қатем ана дүниеде ешкімге керек емес деп айттым ғой. Ол дүниеде радио да, газет те, баспа да жоқ. Әлде бар ма?
– Жоқ.
– Солардың жоғын біліп, өзіммен бірге алып кетпейін, авторы Мамытбек бола ма, Михаил бола ма, кейінгі ұрпаққа қалдырып кетейін. Олар қалай түсінеді, қалай қабылдайды, өздері білсін. Тақырып, ой-пікір менікі, оны көркемдеп кітап ету сенің жұмысың. Мен материал мен образ ғанамын. Но я объект с козырными шестеркой, вальтом и дамой. Қанша көзір болды?
– Үшеу.
– Астапыралла-а! Менің көзірім аздау ма? Оқасы жоқ, ойлай білген, ойнай білген кісіге тұйықтан шығар жол табылады. Әскери тілмен айтсам, оқтың ұшын үшкір етіп жасау керек. Сонда ол алысқа ұшады, көздеген нысанаға дөп тиеді.
Жарайды, жай өмірдің тілімен сөйлейін. Пышақтың жүзі өтпесе, сабы қанша жақсы болсын түкке жарамайды. Алдымен оның жүзін өткір етіп жасау керек. Жүзі өткір болса, қандай сап керегін өзі айтады. Айт десең де, айтпа десең де айтады.
Бір нәрсені тессең, елдің бәрі «ойбай, мынаны тесті ғой» деп қарайды. Тескен жоқ дей алмайды. Тесемін деп не атып, не шауып тесе алмасаң, қарқ-қарқ күледі. Одан соң сені ұмытады. Сол себепті оқтың ұшын өткір етіп жасау керек. Мұны айтудағы мақсатым – біздің жастар сергек ойдың серігі болып өсуі тиіс. Түсінгенге пышақтың өткір жүзі – сергек ой… Сергек ой – сезімі, шыдамы, айла-әдісі бар деген сөз.
Мен қартайсам да, шүкіршілік, ойым қартайған жоқ. Ойым әлі жастар сапында… Кейде кешегі ерлерімізді еске алып, қайраттанам, айбаттанам. Неге ақын-жазушылырамыз Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулақтарын жазды? Ақын-жазушы болам десең, адам тану құралымен қарулан. Көркем шығармалардың кейіпкерлері арқылы өзіңді, өзгені танисың. Бір мысал. Тәкен Әлімқұлов кітаптарын оқысаң, ел тарихын, ұрпақ тағдырын көресің, адам, қоғам жан дүниесін танисың. Оның туындыларында оптимизм де, пессимизм де бар. Өйткені өмірдің өзі оптимизмнен, пессимизмнен тұрады. Түсінікті ме?
– Түсінікті.
– Тәкен шығармаларын оқысаң, пәни, бақи, мәңгілік ғұмыр деген не деген сұрақтарға жауап аласың. Бізде толып жатқан ғылым докторлары, академиктер бар. Көңілдеріңе келсін, келмесін, олардан Тәкен жоғары тұр. Тәкен ел тарихында, ұрпақ тарихында із қалдырды. Ал аналар ше?
Баукең біраз бөгеліп:
– Сен неге Тәкең туралы сөз қозғап отырсың деп сұрақ қой, – деді.
– Сіз неге Тәкең туралы сөз қозғап отырсыз?
– Ол жақында маған келіп кетті. Абай туралы ғылыми зерттеу еңбек жазып жүргенін айтып, біраз ой-толғамдарымен таныстырды. Тәкен мені Абайға жақындай түсуіме көмектесті.
Баукең үнсіз қалып:
– Е, ұмыта жаздаппын, үйіңде төрт күн болдым ғой, қарағым. Саған сеніп, арқа сүйеп, сенің сыр шашпайтыныңды, табаламайтыныңды, шын көңілден сыйлайтыныңды сезгендіктен үйіңе бардым. Менде ет жақын туыстар аз емес. Оларға айтуға аузым бармады, аяғым тартпады. Сенің таза көңіліңе сендім, – деді әр сөзін асықпай, жайымен айтып.
– Бауке, рұқсат етсеңіз мен қайтайын. Ертең жұмыс…
– Жарайды, өзім де сезіп жатырмын. Қазір, әй, нақсүйер!
Көрші бөлмедегі жеңгей жылдам басып, қасымызға келді.
– Қарағым қатын, мынау Мамытбекті сен де, мен де жақсы көреміз. Бірақ бұл жаманға жақсы келін тап болыпты. Тағы мұның бойы мыртық қой. Әй, айтсаңшы, қанша сантиметр?
– 170 сантиметр.
– Қой, мен 176 сантиметрмін, сонда сенен қанша сантиметр артықпын?
– 6 сантиметр.
– Салмағың қанша?
– Сексен килограмм.
– Менің салмағым қазір алпыс. Сонда сенің салмағыңнан қанша кило кем?
– Жиырма.
– Қайтайын дегенің «алжыған шалдан аларымды алдым» деген сөзің ғой, ә? Оған біз түсінеміз.
Мен езу тарттым.
– Әй, неге күлесің? Үйіне барып ем, кейінгі кезде төсегінде жатып сөйлесті десең, өзің біл… Менің айтқандарым келешекке, ұрпаққа керек. Кәдеге жаратсаңдар ризамын… Кітабыңның атын өзгертуші болма.
– Жақсы, Бауке, тапсырмаңыз орындалады…
ҰЛЫ КҮН ҚУАНЫШЫ
Бауыржан ағаны 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, үйіне бардым. Мені күлімдеп қарсы алды.
– Бүгінгі күн адамзат баласының азаттық үшін арпалысқан күрес жолындағы ең ұлы күн, – деді Баукең қуана дауыстап. – Бұл Жеңіс дүние жүзі халықтарының Жеңісі. Егер Гитлер әскері жеңгенде, оның беті аулақ, біз өмірмәңгі отар ел боп қалар едік. Сондықтан бұл Жеңіс мәңгілік мәнге ие, білген адамға баға жетпес байлық.
Бүгін біз еліміздің еркіндігі үшін құрбан болған ерлерімізді еске алып, аруақтары алдында басымызды иеміз, алғысымызды арнаймыз. Дүние жүзіндегі тіршілік иелері үшін халқымыздың асыл қыздары Әлия мен Мәншүктің ерлігі үлкен маңызы бар тарихи ерлік. Осы екі қыз жауынгерлерімізді ерлікке бастап, қазақтың даңқын әлемге мәлім етті.
Ақ ниет, адал көңіліммен тілейтінім, халқым әруақытта да Жеңістің тойын тойлай берсін. Саған тілейтінім, Жеңістің сексен жылдық тойының төрінде отыр. Ар жағында өзің де қалтырай бастайсың. Сенің жүз жасқа жеткеніңді, одан да асып кеткеніңді қалаймын. Біреу мені сексенге қолымнан жетектесе де бармаймын. Неге дейсің ғой?
– Неге?
– Мен бозбала кезімде: «Сексенге дейін өмір сүре алмаймын. Одан арыға барғым келмейді», – дейтінмін.
– Неге?
– Тоқсанға жетсем, қатар-құрбымнан ешкім қалмайды. Үрімбұтағым қаусаған менің не сөзімді тыңдамайды, не өзімді сыйламайды. Мұндай масыл өмірден өлімнің өзі жақсы. Мен жетпістен көп арыға бара қоймаспын, – дейтінмін.
– Сіз Жеңіс күнін қайда, қалай қарсы алдыңыз?
– Мен Балтық жағалауында қарсы алдым. Тоғызыншы дивизия командирі едім. Командирлерім, солдаттарым бірін-бірі құшақтап, қайсыбіреулері алақайлап, бөріктерін аспанға атып, қайсыбіреулері егіле жылап, ән айтып, би билеп, уралап қарсы алды. Мен салқынқандылықпен қуанғанымды сыртқа шығармай, сабар сақтап, сезімге берілмедім.
Ұлы күн қуанышымен құттықтағаныңа рахмет, қарағым. Жеңістің сексен жылдық тойын тойлаған кезде мені ұмытып кетпе. Көп серуендейтін адам ұмытшақ келеді.
– Сізді ұмытқаным өзімді ұмытқаным, – дедім Бауыржан ағаның әзіліне байсалды жауап қатып…
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ


