ЖАРҚЫРАҒАН БАҒДАРШАМ – АБАЙ ҒАНА
АБАЙ ЕЛІ
Абай дейміз, аяулы жырың үшін,
Бар қазақтың мәңгілік тұғырысың.
Көш керуен барында замандардың
Жалғасатын ұрпақтың ғұмырысың.
Керемет бір шуақ бар келбетінде,
Уақыттың ғұмырын желді өтінде.
Жарық сыйлап келесің әлі бізге
Жүзген Айдай түндегі көл бетінде.
Биіксің сен,
бәйтерек,
бар шынардан,
Құралады теңіз де тамшылардан.
Сен жұртымның таптанбас асылысың
Ғасырлардың ішінен аршып алған.
Таң атады ел барда арайлана,
Көкжиектен көз тіксем сәл ойлана.
Қанша уақыт өтседе бір сөнбейтін
Жарқыраған бағдаршам — Абай ғана!
Нұры шуақ болғанда,
жолы арайлы,
Көз алдыма келтірген Толағайды.
Биіктіктен көз жазып қалмау үшін
Қайта-қайта оқимын сол Абайды.
Абай десем,
кең дала жаңғырады,
Мәңгі жыры ұласып,
мәңгіге әні.
Өлең сөздің өлмейтін үлгісіндей
Жаттатқызып бір өзі бар мұраны.
Сол шындықтың келеді сырын ұққым,
Бастауында өзіңсің бір үміттің.
Қазағына мәңгілік Темірқазық –
Абай елі – мекені ұлылықтың!
ШЫҢҒЫСТАУДАҒЫ НАУЫРЫЗ
Жүздесіп жанымдағы арайыммен,
Табысып тағыда бір Абайыммен.
Шыңғыстау!
Науырызда тағы келдім
Қауышып қайту үшін ағайынмен.
Шыңғыстау!
Атыңа сай биік едің,
Жасымнан жаныма нұр құйып едің.
Осы елдің біздер едік бір бөлшегі
Атыңды бала жастан сүйіп едім.
Барады көз алдымнан сурет көшіп,
Келгенде қарсы аласың жүрек тосып.
Ортаңа тағы келдім көрісуге
Науырызда кетейін деп тілек қосып.
Жолымды сан армандар жалғады ма,
Жырменен таңда айтылар толғауыма.
Бөрілі,
Ақшоқы мен Қасқабұлақ
Ақ сапар айтып тұрды жолдарыма.
Ақын ба осы күнді жыр етпеген,
Ақ пейіл,
Әппақ ниет жүрекпенен.
Қарауыл,
ақшаңқан үй маңайында
Жүздесіп жаттық ғажап тілекпенен.
Балалар тай бәйгеде жүр жарысып,
Көңілдің бір сәті еді тұрған ысып.
Абайдың шумақтары өрнектелген
Аспанға бара жатыр мың шар ұшып.
Бұл жерде сұлу қыздың сәні де бар,
Сызылтқан «Қаламқастың»әні де бар.
Қыз қуу,
аударыспақ,
Палуан күрес
Қол өнер,
салт дәстүрдің бәрі де бар.
Мекен бұл ақын туған,
дана да асқан,
Өзіне іңкәр еткен бала жастан.
Балқаштан,Қызылқұмнан ағайын кеп
Табысып,
шұрқырасып,
араласқан.
Мәжіліс,
ғибрат алар нелер үлгі,
Жиында мен де оқыдым өлеңімді.
Наурызда жаңа күнге есік ашып
Бағына Қарауылдың тал егілді.
Сенің де бұл өмірде бар таласың,
Ұрпақтар сеніміңді арқаласын.
Алдыңда Абай тойы келе жатыр
Қызығы Шыңғыстаудың тарқамасын!
АБАЙ ДЕСЕМ
Абай дедік,
бастағы бағым дедік,
Замандардың келгенбіз бәрін көріп.
Арттағы көш адасып қалмас екен
Қырдан асып жоғалған сағымға еріп.
Оның аты қашаннан өмірге азық,
Абай деп күй шертеді көңіл нәзік.
Толқын-толқын күндердің керуенінде
Көрінеді жарқырап — Темірқазық!
Абай десем,
көңілім көгере ме,
Қуанышқа тағы да кенеле ме?
Ұлдарыма Абай деп ұғындырғам
Айтып кетем атыңды немереме.
Бұл халықтың байқасам әр күні алаң,
Көл бетінде қайықтай қалтыраған.
Абай десем,
алыстан арай көрем
Шұғыласы шарқырап жарқыраған.
Абай десем,
көрместің бәрін көрем,
Жырыңменен сырласып әніңменен.
Атыңды айтып ішімнен күбірлеймін
Отырғандай тілдесіп тәңірменен.
Абай десем,
тербеліп жыр өлеңге,
Ашыламын,
бір сәтке түнерем де.
Әлеміне кіргелі ұлы Абайдың
Мен де айналып барамын бір әлемге!
АБАЙДЫ ІЗДЕУ
Жапырылып алдымда қоғадай күн,
Алыс-алыс шақтарды аралаймын.
Тағы кетіп барамын бір көруге
Топырағын басуға сол Абайдың!
Абай десе есіме ел түседі,
Абай десе есіме жер түседі.
Ғасырлардың көгінде жарқыраған
Ұлылықтың мәңгілік белгісі еді.
Уақыт шіркін артына қарайлай ма,
Жарық болып көріндің талайларға.
Елдігімнің еңсесі өзің едің
Өшпейтұғын мәңгілік арай барда.
Еске алғанда таң сайын тебіреніп,
Көктем болып қарайды көңіл елік.
Ғасырлардың асқарлы биігінен
Қараймын да таңданам сені көріп.
Сенің ойың жарқырап шамдай жарық,
Жырларыңа бар қазақ таңдай қағып.
Оңашада сырлассам өзіңменен
Қиялымның құстары самғайды анық.
Арасында айнымас сезімдердің,
Ұлылықты тек сенен сезінгенмін.
Абай болып оянып әр таң сайын
Абай болып күн сайын көз ілгенмін.
Сырласқанның басына қонар бағы,
Арманына ұмтылар олар дағы.
Мәңгіліктің өшпейтін сәулесіндей
Абайы бар халықтың жоқ арманы!
АБАЙ ӘНІ
Абай әні «көзімнің қарасындай»,
Түсінсең екі дүние арасындай.
Шырқау көкке шарықтап бара жатыр
Дүниеде әуен жоқ тап осындай.
Абай әні – мен білсем көктің әні,
Жұмыр жердің бетінде жоқ тұрағы.
Жидебайға жол түссе ара-тұра
Әуелетіп ән салғым кеп тұрады.
Абай әні – өлмейтін ғұмыр әні,
Жүрегіңе түсірер шұғыланы.
Көңіліме көктем боп қанат жайып
Көздеріме жас болып тығылады.
Абай әні – мөп-мөлдір бұлақ әні,
Толқынымен жанымның бір ағады.
Асу-асу келеміз жол үстінде
Көз ұшынан көреміз мұнараны.
Абай әні – көгерген көңіл әні,
Толған Айдай уақытпен жолығады.
Сол әуенге салғанда әуелетіп
Көңілімнің көлдері толығады.
Абай әні білгенге бақтың әні,
Көз алдыңда сол өткен шақ тұрады.
Жайлау кезіп кетесің кеңістікке
Ақтарылып жаныңның ақ бұлағы.
Кейде адамның көңілі қараяды,
Өлең жазып өтеміз талай әлі.
«Абай жолы» секілді қайталайын
Әуелей бер қазаққа Абай әні!
АБАЙДЫҢ ҰЛЫ ӨЛЕҢІ
Бақытым,
Барым,
Бағым да,
Айналмай мәңгі сағымға.
Өмірдің өлмес өзегі
Абайдың жыры жанымда.
Өтседе талай бұрқақ күн,
Мәңгілік әнін шырқаппын.
Абайдың жыры жаңғырар –
Ұлағатындай ұрпақтың.
Өмірді тауып өзінен,
Көктемді көріп көзінен.
Шалдығып жүрген шақтарда
Абай жырымен кезігем.
Толқындап жатқан көп күннің,
Жүзіндей болып өткірдің.
Көңіліңнің нұрын сезініп
Көзімнің жасын кептірдім.
Басыма бақ боп түнеген,
Қасиетіңді де білер ем.
Жанымды тербеп жүреді
Абайдан қалған бір өлең.
Тербетер мәңгі бесігін,
Жанғырып тұрар есімің.
Керуенін бастап келесің
Қазақтың ұлы көшінің.
Уақыттың бөлек бедері,
Айтатын ойым көп еді.
Жанымның мәңгі сазындай
Абайдың Ұлы Өлеңі!
Бауыржан ҚАРАБЕКОВ


