Саған айтқым келген еді…

Саған айтқым келген еді, аяулым,
Бәрін… бәрін…
Жылдарымның сәлемін
алып ұшқан құстар жайлы ақ қанат,
жарықтықтар қанатынан хат борап
жетуші еді көктем сайын алқынып…
Сосын…
Сәуірдің ақ жаңбырына малшынып,
Дүр еткенде талшыбық
шаттанғаным туралы
албырттықтан адасуға шақ қалғаным туралы
Тегіс жерде сүрінгенім туралы
Өліп, қайта тірілгенім туралы…
Жалқы сәтте жылап, күліп үлгерер,
есерлігім туралы,
Түйсігіме туа бітті байланған
кесел мұңым туралы…
Сосын… сосын
Ажарыма қол салған
Өктем әрі аусарлау
Уақыт ағай хақында
айтқым келген өзіңе…
Ақылдым…
***
Мен сені жіберетін шығармын…
Өзімнен…
Күндей бейнеңді көшіріп көзімнен
сәттерді ұмытып таппаған төзімге ем.
Сөйтетін шығармын…
Жаныңнан өтермін жай таныс адамдай
өтірік жымиып
тұрса да көзіңде мұң ұйып
көрмеген болармын әдейі…
Хәлімді бейдауа бұрынғы
жанымды арбаған үніңді
бәрін де ұмытам, көр де тұр
таршылық қылса да жер беті…
Тамыздың талықсып күзге орын бергені секілді
бір кезде олардың бізге орын бергелі секілді
кетуді жөн көрдім…
Бұл маған таныс хәл-
Бұрын да осылай өлгенмін!
Бара ғой…
***
Сенесің бе?.. Көөп болды…
Жыламадым…
Тұңғиықта тыншыған тұма жаным.
тым биіктен үмітім құлағанын
аспан арлы кеудемнің асқақтығын
оспадарлау біреудің сынағанын
бәрін көрдім…
бәрібір жыламадым.
Сенесің бе?.. Көп болды…
Сағынбадым…
Шашып-төгіп жанымның лағылдарын
шағым қылып тауымның шағылғанын
көп ішінен талдырып жанарымды
біреуді іздеп бейуақ сабылмадым…
Сенесің бе?.. Көөп болды…
Адаспадым.
Күмәнмен де, күнәммен таласпадым.
Кей құрбының көңілі жарасқанын
Кей құрбының өтірік бал ашқанын
Күліп қана бойымнан аластадым.
Сенесің бе?.. Асқынды…
Мұңым, шерім,
Құлын жастық артына бұрылса еді…
Сенесің бе?.. Мен тағы толқу кештім
Көздеріңді көрдім де бүгін сенің…
***
Мен сізбенен дерттімін… Сіз қалайсыз?
Жүз жаралап жанымды жүз жамайсыз.
Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай,
Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз.
Мен сізбенен дерттімін… Сіз қалайсыз?..
Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз,
О, несіне телміріп қарадыңыз.
Жылдам елтіп қалғаным содан шығар,
Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз.
Ырғағанда қурайдай құйын уақыт,
Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып
жүргенімде бір көріп өзіңізді,
Өмірімді алдым-ау қиындатып.
Ал өмірім сізсіз де күрделі еді,
Түсіндіре аламын кімге нені.
Биылғы күз суық па, қалай өзі?..
Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді…
Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,
Ақылсызбын, ардағым, тапшы неден.
Дәл осылай сандалып, сағым қуып,
Жақсы көргім келмейді!
Жақсы көрем!
***
Құбылтып жүргенімен құнын әркім,
Сенсеңіз, махаббаттың мұңы да алтын.
Өзекті өртер… бірақ өкіндірмес,
Аяулым, «Арман» дейді мұның атын.
Қиылса қарашықтан сыр ұғатын,
Ажары әлденеше құбылатын.
Сәттер бар ғұмырдан да қымбатырақ,
Алтыным, «Аңсау» дейді мұның атын.
Ырқына ынтызардың жығылатын,
Жартусыз лебізіне жылынатын.
Дүние жалқы сәтте төңкерілсе
Ардағым, «Сезім» дейді мұның атын.
Кеудеңде жетім бұлбұл құмығатын,
жанарға жалғыз тамшы тығылатын
кез келер…
Өзгереді бәрі-бәрі
Қалқам-ай, «Өмір» дейді мұның атын…
***
Сендегі от-жалынды,
Мендегі төзім байлап.
Бәрі үнсіз ақтарылды,
Ұялы көзіңде ойнап.
Ұялы көзіңде ойнап,
Жаныңның жарқылдары.
Салдырмай сезімге ойнақ,
Біз солай салқындадық.
Сен шалған қоңыраулар,
Мұң-моншақ тағып кетті.
Бұлқынып омырауда
Бір арман қалып кетті…
Естіміз сен де, мен де,
Тапқанбыз ойдан кесел.
Сен мұнда келмегенде
Өлеңге айналмас ең…
Жыр деген жапырақ қой,
Күрсініп тұрақ табар.
Ал жүрек… Ақымақ қой…
Қит етсе жылап қалар…
***
Қас-қағым сәтте оянып алған,
Ұялшақ түске боянып алған,
ессіздеу менің арманым…
Мен сенен қайтсем безер екенмін,
Алқынған күйді сезер екен кім?..
Ардағым…
Жан қызуыңды жалап кететін,
бар қызығыңды тонап кететін
күндерім менің бұлағай.
Көзіңде ұяң сыр түнеді ғой…
көрмеуім- дағы мүмкін еді ғой…
Бұ қалай?!..
Жаңбырға тоңған жапырақ сынды,
жапырақ жауған атырап сынды,
сағыныш түстес тағдырым.
Не айтайын саған
күліп тұрсың ғой,
Көрмей-ақ сезіп, біліп тұрсың ғой
барлығын…
***
Жаныңнан өте шықсам көрмегендей…
өртеніп сағыныштан өлмегендей
ешқашан көз отыңа күймегендей
ешқашан есім кетіп сүймегендей
ешқашан алқынып кеп құшпағандай
содан соң жеті көкке ұшпағандай
сенделіп сергелдеңге түспегендей
сезімнің у шарабын ішпегендей
Жаныңнан өте шықсам көрмегендей
Жасанды бола алар ма ең сен де мендей?..
***
Сенде кетті бір өлеңім,
Қанатына мұң іліп.
Жанарыңда түнер едім,
Жүрегіңе үңіліп.
Сенде кетті бір өлеңім,
Беймәлімдеу тағдыры.
Төзімімді үге берді,
Жаздың жылы жаңбыры.
Сенде кетті бір өлеңім,
Саған ғана аманат.
Үнсіз ғана жүре бердім,
Үмітімді сағалап.
Сенде кетті бір өлеңім,
Менде қалды бір арман.
Қара түнге сіңе бердің,
Сіңе бердің тұманға…
Сенде кетті бір өлеңім…
***
Қиял өртеп тұрғанымен, кейіпкері батылсыз,
Өлеңіме сене берме, ол да мендей ақылсыз.
Күйбең күндер бояп қойған көлеңкелеп, көлгір ғып,
Күлкімдегі жоқ баяғы риясыз мөлдірлік.
Тірлік қанша тартқанымен жігеріңе құм құйып,
Бәрін ұмытып кетесің ғой шақырғанда бір биік.
Саған қарай ұмтыламын қажытқанда санамды ой,
Сезімі жоқ күннің бәрі сағынышқа сараң ғой.
Жоқ қып мені жібереді мазалы кез, тоқмейіл,
Көшіп жүрсе қандай жақсы, кеудемдегі көп киік.
Мүлгіп жатқан медиенде құйын ойнап өткендей,
Жасынымен жасқандырып, тентек нөсер төккендей,
Саған ғашық болсам қайтед, қауіпсіз һәм күнәсіз,
кейіпкерім,
кезіккенде ылғи күліп тұрасыз.
Кейіпкерім, қайтем сені… бақытты һәм батылсыз,
Өлеңіме сене берме, ол да мендей ақылсыз..
***
Бәрін айтып тұрса-дағы ісім кей,
Өп-өтірік жүргеніңіз түсінбей.
Өмір деген арбайды ғой, арбайды,
Менің қызыл көйлегімнің түсіндей.
Амал қане, асқақтамай, кішірмей,
Жүре алмадық бағамызды түсірмей.
Өмір деген алдайды ғой, алдайды,
Менің қызыл көйлегімнің түсіндей.
Жанарыңыз жанарыма сүрініп,
Жалқы сәтке қалғанымыз ұрынып.
Жалқын тартқан сонда қоңыр жүзіңіз,
Менің қызыл көйлегімдей құбылып.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА



