Оянарсың бір күні, О, жанартау, шерлі өлең!

Мен жапырақ сарғайғанда,

Атырап қартайғанда,

Өзеннің дірілін тыңдаған инеліктеймін,

Суға түскен шегірткедей төсегіме жетем сүйреліп кей күн,

Бүгінгі жұмысым жайлы сұраған жарыма,

Күрсініп,

Қайраңдаған Қазақстанды сүйредік деймін.

 

Мен қара жер мен қара бұлт бірдей сұрланғанда,

Елбасымен қартайып, қадірі қашқан нұрлы арманға –

Иек артқанымды ойласам, өрмегінен діріл күтіп,

Өлген өрмекші сезінем өзімді бұл жалғанда…

 

Мен жапырақ сарғайғанда,

Атырап қартайғанда,

Ұйқыға кеткен суырдың түсін аулаймын,

Түсін аулаймын, содан соң ішім лаулайды.

Мен Қазақстандағы шенеуніктердің ояу екенін,

Ұйқыда екенін түсіне алмаймын,

Ешкім түсіне алмайды…

* * *

Жұлдыздарды жұтып алып таңсəрім,

Көмейінен күн шығып…

Мен түнектің əуенінен шаршадым,

Айта алмайтын тұншығып.

 

Көлбақа да керіп салып əукесін,

Опера айтқан сиқы əні…

Қап-қара түн шолп-шолп еміп тау төсін,

Шымырлатты-ау құйқаны.

 

Ит кеміріп ақжем болған жіліктей,

Мыж-мыж мына өкшемен.

Сілекейінен сырғанақ тепкен сүліктей,

Бір із салам деп сенем.

 

Суретшідей көкті сипап қанаты,

Періштеден түскен əлем хат алса.

Үш жүз алпыс күндегі бір таң аты,

Не болады, есіміммен аталса?

 

Өлер еді қызғаныштан,

Біраз ақын қапалы.

…Кометасы мұздап ұшқан,

Олар түннің үмметіне жатады.

Ал мен таңмын!

 

Аң-таңмын мен бұларға,

Өлең-жырмен от өріп.

О, сорлылық,

Шыңға біткен шынарға,

Сарығысы келеді,

Қу сирағын көтеріп.

 

 ҚАМБАР

Қарқаралыда арғын-қаракесек тайпасының қамбар тармағы жиылып ас берді. …Талай ас пен бәйгенің сәніне айналған Дулат Баештің аты Қамбар отыз шақырымдық бәйгеде көмбеге дара келіп, сәл қалғанда құлаған. Қызыр тайды ма, әруақ шалды ма?! Ел оның шабысына сүйсінетін. Шыға шауып, шығандап озатын ерен жүйрік еді жануар.

Бір сілтесе тұяқты,

Өтер ме еді көмбеден,

Ей, жарықтық арғымақ, жүйрік едің сен де ерен.

Көз алдымда құлады, мұрттай ұшты қаракер,

Нүктесіне байланған секілденді соңғы өлең.

 

Шыға шапқан жануар, жұлдыздай бір аққанда,

Қалықтады аспанда, жер айналып жатқанда.

Көмбе емес алдынан ажал күтті ыржиып,

Тұяғы бар тұлпарлар, талай түскен қақпанға.

 

Тағаңды алып аспанға Ай қып қағып қояр ма?

Құндыз қара түгіңмен түңгі аспанды бояр ма?

Күрек тісің қақшитып, кетпен етсең болар ма,

Көз жасымдай көл болды іркілген су жаяңда.

 

Омырауын ойып ап, қалқан қылса болатын,

Құйрығының бір талын арқан қылса болатын.

Тұяғының ізіне үй қондырса болатын,

Ат ойнатып тас қамал талқан қылса болатын,

Әй, арғымақ, сәні едің, мына сахи даланың,

Түнгі аспандай тұнжырап, қатып қалды жанарың.

Шабысыңнан күй естіп, қуат алған ұл едім,

Мұң сорғалап, дірілдеп, құса жазды қаламым.

 

Қайран жүйрік,

Сен де бір арғымақтың пірі едің,

Көңілімде зілдей боп қалып қойды кіре мұң.

Шабыттанып жазбаса ақын үшін бір өлім,

Шаң шығарып шаппаса арғымаққа тірі өлім!

 

Көмбедегі көп елдің көзі қалды жасаурап,

Қиқулады, “Қамбар” деп, “Қамбар!” “Қамбар!” “Бас!”, “Әруақ”!

Қайдан ғана білсін ел, соңғы шабыс екенін,

Қара бұлттай қаптап кеп, қарғып кетті асау бақ.

 

Бағы тайған сәт болды арғымақтың басынан,

Өзен құсап сай-сайдан гүрілдеп кеп тасыған –

Тасыр-тұсыр тас атып, пысқырынды өзге аттар,

Өтіп жатты көзге ілмей көмбе көздеп қасынан.

 

Өтіп жатты қиқулап, Қамбар пірін елемей,

(Естисің бе, адамзат, өліп кетсең көбі өгей.)

Қамбар жатты тоғанға тоқтап қалған өзендей,

Қамбар жатты көшкіннен кеуіп қалған төбедей.

 

Қамбар жатты – арындап  кілт үзілген ән сынды,

Қамбар жатты – ақ қарға тамып кеткен қан сынды.

Қамбар жатты – кітаптың соңғы беті сияқты,

Қамбар жатты – Сарыарқа сауырына жаншулы.

 

Жатты Қамбар осылай, қара жерге көмілді,

Жатты Қамбар осылай, қабырғамыз сөгілді.

Жатты Қамбар осылай, жалғандағы жампоз-ай,

Жатты Қамбар осылай, өлім басып өмірді.

 

Қара көзге мөлтілдеп, жас кеп тұнды, жылаймыз,

Дүбір көрсек жүйріктей қалайша біз шыдаймыз?

Құдай сызған шеңбермен шаң шығарып шабамыз,

Қамбар құсап содан соң, бәріміз де құлаймыз.

 

Бір серпісе тұяғын,

Өтер ме еді көмбеден?

Заулап келіп құлады, күмбірлі күй, зерлі өлең.

Қамбар қайтып туар ма, желдей ескен шабысы,

Түнгі аспандай қаракер, жұлдыз тамып терлеген…

ЖОШЫНЫҢ ЖҰРТЫ

Жошының жұрты – сен аспан секілдісің,

Күннің күркірін,

Бұлттың сіркірін өткерген,

Жошының жұрты – сен Жер секілдісің,

Зеңбіректердің зіркілін,

Тұяқтардың дүркірін көп көрген.

 

Сенің аспан болмысың,

Бұлтқа жұтылса да,

Күн тұтылса да – Аспан боп қалады,

Сенің Жер болмысың,

Құйын құтырса да,

Жұртыңды жұт ұрса да дастан боп қалады.

 

Жошының жұрты – сен мұхит секілдісің,

Ішкі ағысыңды жасырған,

Толқын боп тулап басылған.

Жошының жұрты – сен жанартау секілдісің,

Өзіңді өртеп, шашылған,

Оянған жаңа қара басқан ғасырдан.

 

Сенің Мұхит болмысың —

Сырыңды ешкім білмейді,

Тіліңді ешкім білмейді.

Сенің Жанартау болмысың —

Ұйықтап кетсең үстіңе кім мінбейді?

Оянсаң Күн гүлдейді.

 

Жошыны құлан тепкенде,

Батыйдан бақ кеткенде,

Жұртыңды жұт жұтқанда,

Тұлғаларыңды тұтқанда,

Сен Аспан құсап гүрілдемедің,

Жер құсап дірілдемедің,

Мұхит құсап сыр бермедің,

Жанартау едің,

Оянып үлгермедің.

 

Біз аспандай аңырайған жұртпыз,

Жердей қоңырайған жұртпыз.

Мұхиттай тынған жұртпыз,

Жанартаудай қалғыған ұлтпыз.

 

Жошының жұрты,

Аспан болмысыңмен күркіре,

Жер болмысыңмен сілкіле.

Мұхит болмысыңмен тасынып бір күре,

Жанартау болмысыңмен оян,

Көз ілгендей ілкіде.

 

Сен аспан секілдісің,

Тұнжырап ұзақ бұлттаған,

Сен жер секілдісің,

Төскейіңді жебір тесіп, құрттаған.

Сен Мұхит секілдісің,

Өзін-өзі жұта жаздап, жұтпаған,

Сен Жанартаусың.

Сыздауықтай әлі өзегі шықпаған.

 

Жошының жұрты – сен аспан секілдісің,

Күннің күркірін,

Бұлттың сіркірін өткерген,

Жошының жұрты – сен Жер секілдісің,

Зеңбіректердің зіркілін,

Тұяқтардың дүркірін көп көрген.

 

Сен Мұхит секілдісің,

Өз суына шөлдеген,

Көкке қарап кезерген, өз тереңін көрмеген.

Сен Жанартау секілдісің,

Ыза-кегің отқа айналып, мелдеген,

Оянарсың бір күні,

О, жанартау, шерлі өлең!

 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ

 




ПІКІР ЖАЗУ