ЖҮРЕК ШЕРІН ЖЫРҒА АЙНАЛДЫРҒАН ШАЙЫР

Бірегей ғалым, білікті ұстаз, абайтану ілімінің іргетасын қалаушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Кеңестік Қазақстан Республикасының әнұранын жазған Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толды. Ол 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Ғалымның мерейтойына қатысты іс-шаралар Семей, Алматы, Астана қалаларында басталып та кетті. Ал оның ақындық қырын бүгінгілер мен болашаққа танытатын «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» («Мектеп «баспасы, 2025 ж.) деп аталатын өлеңдер жинағы өткен жылдың аяғында жарыққа шықты.
«Жұлдыз» журналына жарияланып отырған мына өлеңдерден Қ. Мұхамедхановтың ақындық тұлғасын тануға болады.
«Жүрек» атты өлең жас Қайымның Семей облыстық денсаулық сақтау және білім беру басқармаларында қазақ тілін жедел үйрету курстарында оқытушы болып жүрген кезінде жазылыпты.
«Ауыздығын қарш-қарш шайнаған», «Қазақтың батыр ұлдары» өлеңдері 1940 жылы Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік мұражайын ұйымдастырып жүрген кезінде жарияланған. Қайым Мұхамедханов сол жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
«Жеңеміз» деген өлеңінің тарихи мәні бар. Бұл өлең соғыс басталған күні жазылып, 1941 жылы 22 маусымда «Екпінді» газетінде жарияланған.
«Салтанат жыры» – жеңістің, қуаныштың, бақыттың жыры.
«Сүйген жар» өлеңін 1951-1955 жылдары Қайым Мұхамедханов Карлагтың Теміртау лагерінде отырған кезде жұбайы Фархинурға арнап жазған, онда жазықсыз жапа шеккен жанның көңіл шері жырланған.
«Ағайын» өлеңі 1950 жылы ақынның өз жақын-жуықтарынан шетқақпайлық көріп жүрген кезінде жазылыпты.
Қайым Мұхамедханов өмірінің соңғы кезінде де жүрек шерін өлеңге түсіріп кеткен. Бұл сөзімізге ақынның «Қайран қазақ» және «Қартайдым қайғы басып, көңіл күңгірт» өлеңдері дәлел бола алады.
Жарияланып отырған өлеңдерден Алаштың біртуар тұлғасының ақындық қырын тани аласыздар.

Әбубәкір Қайран

Жүрек

Жалындап жанған жүрегім.
Су құйылып сөнгендей.
Демім құрып, жан кетіп,
У ішіп жүрек өлгендей.
Миым су боп езіліп,
Көзімнің нұры сөнгендей.
Қуаныш, үміт сезіліп,
Болды құр түс көргендей.
Не рақат, не қызық,
Дүниеде бүйтіп жүргендей?
Неғып тірі отырсың,
Үмітпенен бірге өлмей!
Орын берді жүрегім,
Қайысып бірге кіргендей.
Не қасиет, не қадір,
Болдың бір ит үргендей?
Мазақ болып бұлайша,
Не бар өмір сүргендей!
Қайғы салған адам де,
Болмайды-ау, бірақ бір көргендей.
Уайымшыл кім сабыр қылсын,
Болмайды басқа түрге енбей.
Уақыт берші аз ғана,
Алды-артын әбден білгендей.

1935 ж.,
16 қаңтар.

Ауыздығын қарш-қарш шайнаған,
Жұлдыздай көзі жайнаған.
Құрыш болат тұяғы
Таудан-тастан таймаған.
Ауыздығымен алысқан,
Ұшқан құспен жарысқан.
Айғай-сүрең күн туса,
Күн-түн талмас шабыстан.
Ескен желмен ойнаған,
Қуғанын жетпей қоймаған.
Жақын қылған алысты,
Жібермес жауға намысты.
Жібек жалды, құйрықты,
Жел жетпес мекен жүйрікті.
Қара терге ағылтып,
Кептірмей терлік сабылтып,
Ақ көбікке малынтып,
Құйрық-жалын сүзілтіп,
Қаншырдай белін үзілтіп,
Төрт аяғын көсілтіп,
Ескен желдей есілтіп,
Басқан жерін шаң қылып,
Көрген елін таң қылып.
Елге шапқан дұшпанның
Жағасын жыртып, қан қылып.
Текежәуміт тұлпарын,
Ер қанаты сұңқарын,
Айқай-сүрен салыса,
Күңіренте дабыл қағыса,
Жер тарпып жауға шабыса,
Ерлері жауға мінген күн.

1940 ж.

Қазақтың батыр ұланы

Қырандай көзі қырағы,
Алатау шыңы – тұрағы,
Арыстандай айбаты,
Жер сілкінтер қайраты,
Жас жолбарыс жүректі,
Құйған құрыш білекті,
Көк болаттан кигені,
Қарына қару ілгені,
Жүзі нұрлы балқыған,
Көңілі дария шалқыған,
Қатуланып қаттанса,
Қайратын жиып ақтарса,
Қабағынан қар жауып,
Қиыннан шыққан жол тауып.
Қас дұшпанмен алысып,
Қиялай қылыш шабысып,
Алған талай жүлдені
Қазақтың батыр ұланы.
Ауыздығын қарш-қарш шайнаған,
Шырақтай көзі жайнаған,
Табаны тастан таймаған,
Шиыршық атып ойнаған.
Астында тұлпар пырағы,
Алмастай асыл тұяғы,
Болаттай топшы, қияғы,
Қиялай самғап қияны,
Құлаштай жайса қанатын,
Әлемді долы дауыл ғып,
Нөсерлі бұршақ жауын ғып,
Аспанда асыр салатын.
Қолында сұңқар қыраны,
Асу-асу белдерді,
Асусыз асқар шөлдерді,
Айдын шалқар көлдерді,
Аса басып асқақтап,
Тау асуды жеңген-ді!
Жауының белін сындырып,
Өмірін қара түн қылып,
Жігерін жексен құм қылып,
Қабырғасын қақыратып,
Талқандап тарпып күл қылып,
Досының көңілін тындырып,
Көктен күнін күлдіріп,
Ержетіп, өсіп, батыр боп,
Қажымас, таймас батыл боп,
Жиырмаға жасы келген-ді!
Алтынменен апталған,
Күміспенен күптелген,
Өркендеп өскен мал басы.
Айы туып оңынан,
Күні туған солынан,
Нұрлы өмірге бөленген,
Бақытқа батып, кенелген,
Ерікті, еркін елі бар,
Шөбі – майда, суы – бал.
Текежәуміт сәйгүлік,
Торылы, топты жылқылы,
Ақтылы қой, қоспақ нар,
Түгел өскен төрт түлік!
Құнарлы құтты жері бар –
Қойнынан кенін қотарған,
Талқандап тауын қопарған.
Еңбек сүйген ері бар,
Денесі сом темірден,
Жері – мұнай, көмірден.
Арымайтын, талмайтын
Тұлпардың талай тегі бар!
Гүлстанда жайнаған,
Бұлбұлдайын сайраған,
Айдындағы аққудай,
Ғылымға терең бойлаған –
Бақытты қазақ баласы!
Алтын бесік – Отаны,
Ақ сүтін берген анасы!
Даңқты Қазақстаным –
Өмір берген, бақ берген,
Адамзаттың данасы!

1940 ж.

Жеңеміз!

Асқар бел,
Шалқар көл,
Кені мол жеріме.
Шат көңіл,
Ұлы өмір,
Ерікті еліме.
Құтырған қандыауыз,
Емінген жалмауыз,
Салмақ лаң,
Төкпек қан,
Кіжінген қас дұшпан:
«Сені ме, сені ме!»
Ей, жауыз!
Жарғанат:
Жарықтың, халықтың дұшпаны,
Дөп келдің – өлетін жеріңе,
Қазылған көріңе!

Алмасын асынып,
Қайратын асырып,
Айбатты арыстан,
Жау көрсе ашынып,
Ешбір жау өмірде
Көрмеген басынып.

Аспанның тәңірі – Ай,
Суда да, жерде де
Жүретін әмірі.
Кез келдің Отанның
Еңіреген еріне!

Арам ниет,
Қарабет,
Әрмен кет!
Отанға – Анаға,
Кемеңгер, данаға,
Кең ақыл алыпқа,
Ұлы елге, халыққа
Ұланы берген серт –
Келмейсің теңіме!

Ел шетіне жау келсе,
Арыстандай алысқан.
Тұлпар мініп, ту алып,
Қан майданда қарысқан.
Толғай тартқан көн садақ,
Тиетін барып алыстан.
Қынаптан алып қылышын,
Кескілесіп шабысқан.
Ел үшін жаным құрбан деп,
Емен найза салысқан.
Терлігі кеңіп демалып,
Тұлпары тынбай шабыстан.
Бір күні құр өтпеген,
Айқай-сүрең дабыстан.
Еш қымбатты болмаған
Елі мен ары намыстан.

Даланы түнек басқанда,
Шалдығып елі сасқанда,
Көкте бұлт түнеріп
Күн көрінбей аспанда.
Кемеңгер дананың,
Ұлы Отан – Ананың,
Ақ сүтін ақтайтын
Күн туды баланың,
Бір тілек,
Бір жүрек,
Бір мақсат,
Бір білек.
Ал, аттан,
Күл-талқан,
Болсын жау,
Қайтпасын жүректен
Таймасын табаның!

Желменен жарысқан,
Ауыздықпен алысқан,
Туыңды ал, мін тұлпар
Үлы елдің ұланы арыстан!

Таңырқат тарихты,
Сүйсіндір халықты,
Аспанда – ақсұңқар
Қи жаудың желкесін қарысқан!

Әділет, жаңалық,
Бұл майдандасқаны.
Тұманға айналмақ,
Жауыздың аспаны.
Сенеміз,
Жеңеміз,
Көрінер
Ертең-ақ,
Әділет –
Ақ нұрын әлемге
Шашқаны!
1941 ж.

Салтанат жыры

Ауыр жыл, тар кезеңдер
кетпейді естен,
Жорықтар шеру тартып
қанды кешкен.
Ұлы күн, ұлы тойда еске аламыз,
Қиял шалқып, ой толқып,
көңіл өскен.

Зуылдап қардай борап атылған оқ,
Шаң, түтін будақтаған,
жарқылдап от.
Өмір, өлім алысып майдандасқан,
Күндіз-түн жер күңіреніп
бір дамыл жоқ.

Снаряд түскен жерін ұйпап-жайпап,
Кеткендей екпінімен жерді шайқап.
Қопарып жер қыртысын
аспанға атып,
Күн көзін мұнарланған
болмас байқап.

Миналар әдейілеп түскен көктен,
Жарылып жан-жағына ажал төккен.
Көктасты күл-күл етіп
көкке ұшырып,
Дал-дұл ғып гранаталар
тауды сөккен.

Құрсанған көк болатпен,
бронь қаптап,
Тауды асып,
орман нуды жүндей таптап.
Қоғадай дүм қарағай жапырылып,
Сұлатып көк танкілер өтеді аттап.

Бомбовоз асыр салып көкте сонда,
Теңдеген ажал оғын тонна-тонна.
Апат боп түскен жері астан-кестен,
Аспаннан жай оғындай жауса бомба.

Жайындай жайқындағы
сүңгіп жүзіп,
Теңіздің тәңір ісі суды сүзіп.
Тап келсе таудай кеме талқан қылып,
Батырған су түбіне белін үзіп.
Пулемет, автоматтар келсе үнге,
Пушкалар күркіреген ұқсап Күнге.
Су толқып, тау тітіреп,
Жер солқылдап,
Жарық күн айналғандай қара түнге.

Теңіздің асты-үсті – жер мен аспан,
Жауыздық әділетпен майдандасқан.
Тарихтың таразысы тартылғанда,
Әрқашан да әділет жағы басқан.

Әділеттің туын біз қолға алып,
Жауыздық дүниесіне ойран салып,
Мұз төсеп, қар жастанып,
бұлт жамылып
Майданға шыққан
кеше біздің халық.

Боялып күн шұғыласы қызыл қанға,
Зұлым жау қол созғанда жарық таңға.
Біз сыйындық,
біз сендік сол кездерде,
Біз ант еттік сол кезде Ұлы Отанға.

Сандуғаш таңмен
бірге сайрай алмай,
Қызыл гүл шешек атып
жайнай алмай.
Қарт ата, қарт анаға қайғы төнді,
Жадырап жас бөбектер ойнай алмай.

Арулар айырылып сүйген жардан,
Ақ жүзі гүлдей солды, көңілде арман.
Жалақтап арсыз ажал аузын ашып,
Бар әлем күңіренді қайғы-зардан.

Майданға, жеңіске деп бастап елін,
Тайсалмай шыққан
сонда кемеңгерім.
Жау жығасы жығылып талқан болды,
Гүл жайнап,
бұлбұл сайрап туған жерім.

Дауыл тынды тебіренткен
жерді-көкті,
Бұлт ыдырап көктен күн нұрын төкті.
Қаһарман қайтпас болат
қайсар елміз,
Қайтарған жеңіспенен қанды кекті.
Ақындар шаттық жырын нөсерлетті,
Домбыра көңіл күйін шалқи шертті.
Күн күліп, өмір күліп, елім күліп,
Кең-байтақ Отан жерін емірентті.

Қуаныш кеуде керіп, ойды тербеп,
Ақсұңқар аспанға ұшты
қанат сермеп.
Ақсұңқарым – әділет, Жеңіс күні –
Қанатын күн аймалап көкке өрлеп.

Сақтаған Ұлы Отанды зор апаттан,
Еліме Күн боп шығып, таң боп атқан.
Мың алғыс,
миллион алғыс халқымызға,
Жеңіспен салтанатты той тойлатқан!

1945 ж.

Сүйген жар

Тіршілікте не көрмеді ғазиз бас,
Кейде шаттық,
кейде қайғы көзде жас.
Шаттығыңа әркім ортақ, дос та көп,
Қайғыңа ортақ шын
адал дос табылмас.

Қайғы атына бірдей жаным күйетін,
Ыстық жүрек, ақ көңілмен сүйетін.
Адал ана, асыл жарым, ардақтым,
Қағбамдай-ақ алдыңда бас иемін.

Жарым болып, жаман атақ тақпадың,
Ана болдың, ана атыңды ақтадың.
Айнымайтын адал досым бір өзің,
Сүйген жарым,
сенсің менің мақтаным.

Мақтанамын сенің биік жаныңа,
Мақтанамын адамшылық арыңа.
Отқа, суға, түссең-дағы қажыма,
Жүрегіңе мені сақтағаныңа.

Қайғы бұлты шөксе-дағы басыңа,
Жасым жетпей ақ кірсе де шашыма.
Жаным сенбес,
жаным жас боп қайтармын,
Сүйген жарым, жабырқама, жасыма.
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп, адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп арам астан татпадым.

Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүние жолына даңғыл боп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.

Қарлаг. Теміртау лагері.1952 ж.

Ағайын

Құлқының күшті арыңнан,
Саған қайтып жағайын.
Мал ардақты жаныңнан,
Қай бабыңды табайын.
Сөзіңде жоқ береке,
Ісінде жоқ тағайын.
Іздегенің әреке,
Жалмағаның маңайың.

Бақ тұрғанда басыңда,
Жағалаған ағайын.
Қошеметтеп, құрметтеп,
Қамалаған ағайын.
Басыңнан бақ тайғанда,
Табалаған ағайын.
Дұшпаныңа жалтақтап,
Сағалаған ағайын.
Басыңды емес, асыңды,
Бағалаған ағайын.
Қылығын айтсаң жауығып,
Абалаған ағайын.

Бас аманда бауырмал,
Жақындасқан ағайын.
Айтқаныңа бас изеп,
Мақұлдасқан ағайын.
Жау жағадан алғанда,
Тақымдасқан ағайын.
Ажал алмақ болғанда,
Бақұлдасқан ағайын.

1950 ж.

Қайран қазақ

Кешегі сол қызыл тажал тағы да,
Қайта қонды қан сасыған тағына.
Қан жылаған қалың қазақ сорына,
Сұм-сұрқия жебірлердің бағына.

Баяғы алдау, баяғы арбау – өтірік,
Сорлатты елді берекесін кетіріп.
Жалған сөзбен
жалықтырды халықты,
Көке мылжың аузы-басы көпіріп.

Момын елді емексітіп алдады,
Жарылқайтын
айтпаған сөз қалмады.
Қайран қазақ қайыршыға айналды,
Жалмауыздар
ел байлығын жалмады…
1999 ж.

* * *
Қартайдым, қайғы басып,
көңіл күңгірт,
Жалғыз ессіз қалғандай дүние жым-жырт.
Құрбы-құрдас,
дос-жардан жұрдай болдым,
Бәрі безіп кеткендей айналып сырт.

Біреуі де қалмапты құрдасымның,
Көңілқосым –
тілектес, сырласымның.
Жұртта қалған кәрі иттей
сорлы болдым,
Қасіреті асып жатыр бір басымның.

Мұңдасар жан,
сырласар досым қалмай,
Тигендей қартайғанда тасқа маңдай.
Құлазып күйінемін, күңіренемін
Қамалған тар қапасқа
жалғыз жандай.

Өкініш, өксуменен өткен өмір,
Енді айналып келмеске кеткен өмір.
Ауыр жүгін арқалап кәріліктің,
Сексеннің төртеуіне жеткен өмір.

2000 ж.




ПІКІР ЖАЗУ