КІМГЕ АЙТАМЫН МҰҢЫМДЫ ЖАНЫМДАҒЫ

 

* * *
Адалды адал деп едік,
Арамды арам деп едік.
Ақиқат үшін айқасып,
Ажалға барған ел едік.

Сатқынды сатқын деп едік,
Сайтанды сайтан деп едік.
Сындарлы сәтте әрқашан,
Сапқа да тұрған көп едік.

Дүмшені аяр деп едік,
Діншілді даяр деп едік.
Дүние емес тірлікте,
Дүйімнің қамын жеп едік.

Жесірді жесір деп едік,
Жағдайы үшін кеп едік.
Жалғызды жалғыз деп едік,
Жанына оның сеп едік.

Отанды Отан деп едік,
Отбасы содан деп едік.
Ортаға түссе қан майдан,
Ормандай болған көп едік.

Осындай біздер ел едік,
Осындай біздер жер едік.
Орыны бар да оңалар,
Озып бір туған ел едік.

Алаш деп туған арманбыз,
Арға да бәрін салғанбыз.
Айырылып соның бәрінен,
Аңырап қалай қалғанбыз?

* * *
Ақтөбеде дәл қазір боран екен,
Қар да қалың, қара жел соғады екен.
Бестамақтың бойында анам жатыр,
Киімі жоқ, япыр-ай тоңады екен.

Елек жақтан жел соғар екіленіп,
Анамыз жоқ, біз қазір жетім едік.
Жыл құсындай жамырап
жетуші едік,
Ұямызды қалдырып кетіп едік.

Осы жерде жанымның жарасы бар,
Осы жерде өмірдің бағасы бар.
Үш інімді амал жоқ жерге бердім,
Үмітімнің үріккен наласы бар.

Келген сайын жанарым
жасқа тұнар,
Осы жерде өмірдің басқа аты бар.
Інілерім алдымнан шығушы еді,
Құландайын маңдайда қасқасы бар.

Бестамақтың бойында
мұңым жатыр,
Ана деген ұлы бір ұғым жатыр.
Айтылмаған осында әнім жатыр,
Жазылмаған осында жырым жатыр.
Сағынышым жанымды шегелеген,
Соны ойласам жүрекке енеді өлең.
Жетім қозы секілді енесі жоқ,
Мың айналып бұл жерге келе берем.

* * *
Бозаң дала, боз жусан, алыстады,
Қала деген қартпенен танысқалы.
Кең ойлайтын мінез де кішірейіп,
Ұсақтадық салқындық табысқалы.

Айдын еді бала шақ, бала күнім,
Қайдан білдік өмірдің алалығын.
Қайдан білдік пейілдің шалалығын,
Қайдан білдік бабаның даналығын?

Бара жатыр алыстап барлығы да,
Ешкім қазір құмартпас таң нұрына.
Адамдардан алыстап кете бардық,
Араласып қаланың даң-дұңына.

Араласып қаланың даң-дұңына,
Куә болдық көңілдің қалғуына.
Жылдан жылға жалғыз боп
кетеріңді,
Артып салдық уақыттың тарлығына.

Артып салдық уақыттың тарлығына,
Бір шеңберге салдық та жанды мына.
Алыстағы айдынды көре алмайтын,
Не айтасың қоршаулы тағдырыңа.

Не айтасың қоршаулы тағдырыңа,
Кім түсінер жан тербер зарды мына.
Салт-дәстүрді тегінге сатылатын,
Кім қайтарар, кімдерде қалды мұра?

Бармақ тістеп өкініп, алаңдадым,
Кім түсінер қоршауда адам барын.
Шығып едім шерімді айтайын деп,
Тыңдайтұғын бір адам таба алмадым.

Кімге айтамын мұңымды
жанымдағы,
Ол да шіркін,
жылдан-жыл қалыңдады.
Тамырымнан тепсініп ағып шықты,
Толған уәйім тарылған қанымдағы.

* * *
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондыра алмадым.
Есіл де есіл, жалған-ай,
Жер тойдыра алмадым.

Жайықтың бойы жасыл ну,
Салқыны өткен терістен.
Жылымы терең жанды су,
Балығы тайдай тебіскен.

Сонау Еділдің басында,
Сансыз сағаның қасында,
Айналып намыс, жасынға,
Ағалық болар жасында,
Махамбет өткен мұңданып,
Исатай өткен дұлданып,
Дулығалары басында,
Бауырын жазып, бұлдырап,
Булығып өткен ғасырда.

Еділді тастап еңіреген,
Етекте тұрып шөлдеген,
Қимастай жасы мелдеген,
Сақалын санап шерлеген,
Сарынын сөздің сермеген,
Ақтабан аты ақ танау,
Атылып шыққан кермеден,
Ауыздығы – айбалта,
Жуасқа басын бермеген,
Тәңірден туған екі су,
Толқындап жатқан көлденең,
Сағыныш деген сары ауру,
Бойды алып әбден кернеген,
Селебе қалған тот басып,
Сайысқа салса селдеген,
Ерлерім қайда, ел қайда,
Еңіреп бір тұрып жерлеген,
Көрем бе қайта мен деген…

* * *
Тұманда көшкен тау сынды,
Нөсерде қалған бау сынды.
Жасанды сана дегенің,
Жасанып келген жау сынды.

Жоғалттым тұмса даусымды,
Тағатым содан таусылды.
Жасанды сана дегенің,
Жанымды торға қаусырды.

Жасанды бәрі, достығың,
Туысқан, жақын қосты кім?
Жасанды сана дегенің,
Табиғи емес, бостығың.
Айнала бәрі жасанды,
Кәрілер кенет жасарды.
Тағдырың болған табиғат,
Тұрады енді қашанғы?

Сөйлесең, күлсең – өтірік,
Көңілің ащы кекірік.
Санаңыз егер сүрінсе,
Қояды бұлар екілік.

Жылдарда алыс ел қалды,
Жұпарын шашқан бел қалды.
Санамды алса жасанды,
Өлмеген менің нем қалды?

Табиғи сана бұл тынды,
Жүректің еті жыртылды.
Жасанды сана дегенің,
Жоғалту екен ұлтыңды.

Жоғалту туған ұлтыңды,
Осыған кімдер ұмтылды?
Санасын ғылым ұрлаған,
Жұбатам қалай жұртымды?

* * *
Жол мұраты жету ме?
Жеткен дұрыс,
Сүрлеулер мен
соқпақтан өткен дұрыс.
Ай астында арманың –
бір жолаушы,
Күн астынан күлімдеп
жеткен тыныс.

Жолдың заңы,
жүргенге жөргем ілер,
Жігеріңнің құлашын желден білер.
От басында омалып отырғанша,
Дүниенің қызығын ерген білер.

Жылауық жыр айналар
басқа өлеңге,
Сүрінсең де жетерсің жас белеңге.
Темір таяқ қолыңда ине болар,
Темір етік мүжілер тас жегенде.

Ауыздығын арманның салған дұрыс,
Алам деген арзуды алған дұрыс.
Жұмыр жердің
жұмбағын шешу үшін,
Жер шетіне шегінбей барған дұрыс.
Атың өліп, жүгенің бос қалғанда,
Жаныңдағы жау болар дос қалғанда.
Жол мұраты жету деп жүре бергін,
Бір күндері айтарсың «хош, жалғанға».

Жүре бергін, жалқы дос, аялдамай,
Сонда үміт те жол жүрер саған қарай.
Мен келемін сен салған сүрлеуменен,
Ұры соқпақ, жылымға қарайламай.

* * *
Киік көрдім құба жоннан құлаған,
Суыр көрдім сыңсып тұрып жылаған.
Аңшы көрдім автоматын асынған,
Құба далам, болсаң екен дін аман.

Қақпан көрдім
қанға бөккен тармағы,
Зіл қаратас, атан тартпас салмағы.
Кең далаға сыймадым деп мұңайып,
Барады ұшып байтақ
қырдың қаңбағы.

Жосылған із, жосықсыздар өтімді,
Тау қопарып, тас шашуға бекінді.
Кең даланы айқұш-ұйқыш
кесті олар,
Кескендей боп мына менің бетімді.

Ақтау менен Қаратауда бір мұң бар,
Талтаң-талтаң жүр ғой мұнда
мың мұндар.
Арқарлардың атакүлдік жері еді,
Бұл жерлерге қалай
қақпан құрдыңдар.

Серуен емес есер ойлы серілік,
Ниеттері тұр ғой әбден көрініп.
Аң-құс ауып, жыландар да жоғалды,
Жат пиғылдың түстерінен жерініп.

Байтақ далам, жүрегіме тым ыссы,
Қалай еркін аларсың сен тынысты?
Қысық көзді, мысық пейіл толып жүр,
Қарағаны, қалағаны жымысқы.

Бұл даланың халқында еді тобасы,
Шежіре еді шалғайдағы обасы.
Құлпытастар қолын жайып жылап тұр,
Құлай ма деп ата-баба моласы.

                                                Өтеген ОРАЛБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ