КӨКСЕГЕНІ ЖЕТКІЗБЕС ҚАЙРАН КӨҢІЛ…

Бір мезет
Шөп басына шық тұнған таң еді бұл,
Қарап тұрған –
қамкөңіл жан еді бір…
Алқызыл таң.
Жасыл шөп.
Мөп-мөлдір шық,
Жабырқаған жалғыз жан…
және ғұмыр.
Ғалам үнсіз… ойланар мұңға батып,
Өкінішін әр өткен күн жалатып…
Қарашыққа түсірер көлеңкесін
Шөп басына мөлдіреп тұнған ақық.
Бірін бірі қимайды, амал қанша,
Деп сұрай ма тілекке таң арбалса…
Көксегені жеткізбес қайран көңіл
Айыбы жоқ бір сәтке… сәл алданса.
* * *
Із қандай ақ қардағы –
ақпандағы,
Ақ қарда ақ дүниенің жатты арманы…
Түтеген ақ боранның бұл бейбақты
Белгісіз қайда бастап ап барғаны.
Ақпанның ақ үйіне соқпаппыз деп,
Омбылап қар кешіпті
соқпақты іздеп,
Адасып айдалада қалып қойған
Сол ізді жоғалтып ап
Жоқтаппыз көп…
Ақ түтек асып кетіп құздан әрі,
Төнеді көктен жұлдыз жүз қаралы.
Жанының ұқты ма
олар жаурағанын,
Демінің жетті ме екен мұздағаны?!
Тірліктен бойы суып…
жүз құбылған,
Із бе еді
тастап кеткен ізгі бір жан?!
Табылар тұсқа жетіп, жалт бұрылып,
Жоқ қарап жүргендерміз
біз бұрыннан…
Ақпанның аямаған ала желі
Ақ қардың қарауытып қалады өңі.
Жете алман жоғалғанға
жүйрік мініп,
Із кескен ізшіл тағдыр табады оны…
Алтын балық туралы шындық
Толқында ойнақтаған
жарқылды алып,
Тереңге сүңгіп кетті алтын балық.
Қалт тұрды
жүйткіп бара жатқан бір сәт,
Жағада қалған жанның
қалпын бағып.
Болса да балықты ілер жоқ қармағы,
Бұл жанның
оған айтар көп-ті арманы.
Бәрі де ұмытылар…
Ұмтылмас тек
Өзекке өкініш боп шоқ тамғаны…
Тірілер түске айналып көп естелік,
Жұбатар бір сабырлы ой
соны ескеріп.
… Жүзеді алтын балық түс ішінде,
Сәулесі су түбінен елес беріп.
Әрбір сәт өз үлесін кетер алып,
Жалғыз жан мұңға батар жеке қалып.
…Сол балық…
бір күндері сол жанды іздеп,
Жағаға «мен келдім»
деп жетері анық…
* * *
Көңілдің түкпірінде кірбің бұғып,
Қасына жайғасады бір мұң кіріп…
Өмірдің серті солай, әр пендені
Жетелер бір жылатып, бір күлдіріп.
Қиялдың қиясына жетпейді арман,
Тау түгіл таба алам ба
беткейді алдан?!
Жаяудың жалғыз шыққан
шаңын көрмей,
Адасып алты қазым көкті айналған.
Алты қаз – алты күнім мына менің,
Ұқтырар осы жайды ұлы әлемім…
Білмеймін шабандоз –
күн қайда әкетті,
Мәреден табылмады Құлагерім.
Бүркеді мінімді түн,
мұңымды ымырт,
Сырт берді сырғыма
күн сырын бүгіп.
Бұрылып қарамадың деп өкпелеп,
Бұлдырап бұлтқа
сіңді бұрынғы жұрт.
Асығар әрбір сәтім аялдамай,
Жүйткіді…
Ара-тұра аяңдамай.
Мұңымды мұнар шыңға
бұлт қып байлап,
Кірбіңді жанымдағы шаям қалай?!
* * *
Неғыласың өзі әлсіз
шырақты үрлеп,
Жарығымен жазайын бір өлеңді.
Бұтағында жанымның сұрақ бүрлеп,
Санамдағы сартап ой түрегелді…
Тым кішкене…
Тым әлсіз тұғыры да,
Білтесінде бір тамшы от лүпілдейді.
Жарық беріп өткінші ғұмырыма
Жұлым-жұлым көңілді бүтіндейді.
Қайран көңіл…
мәрттікті күтті кілең,
Жарық күні жалғанның
мың алдады…
Маздар шырақ жанымның түкпірінен –
Шындық еді тұтынған шырағданы.
Неғыласың өзі әлсіз
шырақты үрлеп,
Жарығымен жазайын бір өлеңді.
Жұмбақ қылып жауабын
сұрақтың көп,
Өз ғұмырын осылай сүреді енді…
Жанды жара, көңілді қаралы етіп,
Қараша өтті…
Қаңтар да барады өтіп.
«Қалайсың?» деп қарамай қабағыма,
Өмір шыңдар осылай, саналы етіп.
Ағаға – жат, құрбыға бөгде болдық,
Осылайша жапан түз,
шөлге қондық.
«Кім едің?» деп ішімнен күлер біреу,
Не деп жатыр күңкілдеп
көлденең жұрт?!
* * *
Түн қойнынан таң өреді…
Ол анық,
Таң ояна түн кетеді жоғалып…
Бүлкілдеген тіршіліктің тынысын
Әлдеқайда бара жатыр жол алып.
Жол жұтылар көкжиекке…
Ол анық,
Керуені уақытқа тоналып.
…Қалып қойды неге менің бауырым
Ат-көлігін орта жолда доғарып?!.
Дәурен көшер басымыздан…
Анық бұл,
Амалы жоқ, көнеді де ғаріп-құл.
Ей, дүние, біздің көңіл бұл күні
Жат түгілі жақыннан да қалып тұр…
* * *
Түн не десін…
Білемін үндемесін.
Мен не дейін түн сырын білмегесін.
Шамы күлген қаланы қара тұтып,
Көшесінде көлбеңдеп жүрді елесім.
Жүрді елесім
Жүрегін қолына ұстап,
Жөн сұрайтын жан болса жолығыспақ…
Көңіл деген қанаты қайрылған құс
Тапса алақан
амалдап қонып… ұшпақ.
Түнгі қала…
Жұлдызы мүлде күлгін,
Көлегейлер дидарын мұңлы өмірдің.
Елес кезген көшесін көзіме іркіп,
Сынық қанат сол құспен
бірге жүрмін…
* * *
Тереземе жақындап Ай келеді,
Арамызға кедергі әйнек еді…
Түйір нұрын түйме қып алар едім,
Бола қояр пенденің қай дегені…
Түннің өңі ақ емес…
қара да емес,
Сан сұрақты суырар санадан ес.
Түс көреді түнгі әлем
шым-шытырық
Ойдан, қырдан жиылып тәмам елес.
Ай бетінде қалғандай өткен ғұмыр,
Соны айта ма тылсымнан
жеткен күбір?!
Жүрегімнің дүрсілін іле кетті
Құйғып барып сол айға
шөккен дүбір.
Сәттік қана мезеттің неге бәрі,
Неге үркектеп қашады менен әрі?!
Әлдеқайда бір сәуле ағып өтті,
Түнді оятып
«Мен – ғайып» деген әні.
Қол жеткізсін ғайыпқа
пенде қалай?!
Сәттер жүйткіп барады
жерге қарай…
Әйнек деген әлемге басын сүйеп,
Тереземнен қарайды дөңгелек Ай.
* * *
Көкжиекке күн қонған мезет еді,
Сайрауық құс жалғанды сөз етеді…
Қызыл-жасыл дүние
көшке айналып,
Көз алдыңда…
тезден де тез өтеді.
Төбеме кеп шуағын шашып тұрған
Күнді осынша
кім екен асықтырған?!
Тіршіліктің дүбірін тең қып артып
Бара жатыр көш ұзап…
асып қырдан.
Кетті ілесіп қимайтын сәттер бірге,
Алдын орап
«Тақсырым, дат!» дермін бе?!
Әншейін бір қиял ғой…
көштен қалған
Бұйырады беті ашық дәптер кімге…
Сөйлемі бар ішінде аяғы жоқ,
Бас көтерер әр жолдан баяғы боп.
Кім қояды нүктесін…
сөйлем түгіл
Мына ғажап дүниенің баяны жоқ.
Көкжиекке күн қонған мезет еді,
Сайрауық құс жалғанды сөз етеді…
Көшке қолын бұлғаған бір арманның
Көзіндегі жарқылға не жетеді…
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ





