АҚ ҚАЙЫҢДАР ЖҮЗІНЕН ҰЯТ ТАМЫП…

ҚАРАША ТҮНІ

Қаңқылында қаздардың,
Қаралы жыр маздар мұң.
Жатырқайды-ау тірлікті,
Жалғыз күні жалғанның.

Ызыңынан қурайдың,
Ызалы күй тыңдаймын.
Құстай ұшып қуаныш,
Құтырынар қу қайғым.

Күзгі моншақ мөлдір мұң,
Сезімімді семдірдің.
Шашасынан от шашқан,
Оралмайды-ау өндір күн.

Қызғылт шапақ шұбалып,
Күн батады қызарып.
Күнге қарап құбылам,
Жүз семіріп, жүз арып.

Құба құмның қияғы,
Безілдейді жиі әне.
Безіп кеткен бебеу үн,
Берен ақын қиялы.

Көкжал бөрі түн жүріп,
Құмығады қырда ұлып.
Түн түнегін тіледі,
Жанарында нұрлы үміт.

Сәби арман шетінеп,
Сыздап құрғыр көкірек.
Атар ма еді сызып таң,
Шымылдық түн сетінеп.

ҚАҚПАМДЫ КІМ ҚАҒАДЫ?

Қақпамды кім қағады?
Досым ба екен.
Жоқ, әлде сағыныш па
Іздеп келген,
Көз жазып қалған менен
Бір көктемде.

Қақпамды кім қағады?
Жолаушы ма,
Адастырған аулақта қысқы мұнар.
Жабырқау жанарында,
Үміттің ең ақырғы ұшқыны бар.

Қақпамды кім қағады?
Дұшпаным ба,
Желігіп желтоқсанның желіне еріп,
Есесін алмақ болып аласұрған.
Қаны суық,
Жаралған қарақшыдай
Қара сұлба.

Білмеймін сәби ме, әлде
Анасыз, панасыз қап,
Тап келген дауылдардың өтіне кіл.
Бұйығып пеш түбінде,
Тәңірге сиынамын.
Бүлдіршін елесімен,
Жанымды жегідей жеп
жетім өмір!
Кім білсін,
Махаббат па,
Мәңгілік құмар жаны жарық таңға.
Мұң еміп омырауынан,
Тамұх күннің,
Бармын деп мен өмірде,
Қақпамды қағып тұрма?
Қанаты қарға түннің талыққанда.

Қақпамды кім қағады?
Білмеймін,
Ашам ба, жоқ
Жұмбақ бәрі.
Мөп-мөлдір сағынышқа
шөлдеген бір,
О, тағдыр пендең едім,
Өлеңнің адастырған ырғақтары.

Қақпамды кім қағады?
Көлбеңдеп көкірегімде ескі елестер,
Сары аяз сақылдайды,
Жараған қарт бурадай тісін қайрап.
Жанымның ширықтырып арғымағын,
Дал ұрамын,
Тимейді жастыққа бұл жар құлағым.

САРЫ ЖҰРТ – САҒЫНЫШ

Жаным бірге көшеді бұлтыңменен,
Жүрек бірге сарғаяр жүртымменен.
Қасқа жолда сәбилік қалды елесің,
Қос өкпең бүлкілдеген.

Көңілімнің сіңгенде әні ымыртқа,
Әлдиленер сары әлем сағынышқа.
Көң қораның иісі буынды алар,
Қайта айналып соғайын
сары жұртқа.

Көңілімде көрікті сезіп ақ таң,
Жұлдыздардай көп еді,
Кезім аққан.
Ақ бастауым балдырлы аман ба екен?
Көктемде әкеміз көзін ашқан.

Өтіп жатар ың-жыңсыз өмір онда,
Серке бастап қой келер сері жоннан.
Алтынға да бергісіз аңғал өмір,
Алғаным-ай, сусытып сені қолдан.

Енді міне кеудеде арман-азап,
Тәтті мұң да, өксу де, бар ғаламат!
Қара бала қағылез сені ойлаймын,
Лақпен бірге жүгірген жар жағалап.

Отырамын ымыртқа мұң ақтарып,
Ертең күнім шығады құлақтанып.
Ауыртады жанымды сары жұрттағы,
Ақ қайыңдар жүзінен ұят тамып.

ҚАЛАДАН АТТАНЫП
БАРАМЫН

Емделген даланың жырымен,
Туған ел ұлыңның бірі мен,
Қаладан аттанып барамын,
Шыққандай шыңырау түбінен.

Домбыра-даламның тұрағы ән,
Мен, мен едім құлағын бұраған.
Абызым алдыңа барайын,
Арылып қасірет күнәдан.

Жүрегім ақ нұрға тамсанып,
Жабығып жаттым мен қаншалық.
Тамұхтан тұрғызып кеткендей,
Періште дәл бүгін жан салып.

Жаныңды жадылар сиқыр ән,
Қорқамын даңғаза
дауыстар сиқынан.
Тас табыт жүрегім тарсылдар,
Оянып ғасырлық ұйқыдан.

Алмадай алқызыл таңды үзіп,
Бойымда тулайды қан қызып.
Өшсе екен, көңіліменен
көшсе екен,
қызылды-жасылды бар қызық.

Ерліктің тағалап тарланын,
Ақ бұлтқа қондырған арманын.
Қаһарлы қара тау қойнында,
Бар менің періште жандарым.

Жүрекке шып толып кесе мұң,
Сағынып соларға жетемін.
Ауылдан, бауырдан алыстап,
Амал не, ертең-ақ кетемін.

Бейуақ қонақтап кеш өрген,
Қасірет төсегім төселген.
Үн-түнсіз қалаға қайтамын,
Сорлыдай соғыста досы өлген.

ЕСКЕ АЛСА

Өмірге өкпең жүрмейді,
Жүреміз солай сабылып.
Ақ көйлегің де кірлейді,
Көңілге күйе жағылып.

Бәрін де Бастан өткеріп,
Жетерміз жердің түбіне.
Іздейді мүмкін көктемің,
Жете алмай кеткен тіріде.

Көзіңнен ұшып барша үміт,
Шайқалар кесең жыр-шүбат.
Ақ бұлақтарың алқынар,
Ақ көбік жасы бұрқырап.

Тауларың қалар мүлгіген,
Орманың тұрар тұнжырап.
Келер деп күтер кезінде,
Бара алмай кеткен түнгі бақ.

Жүрегің соқпай қалса егер,
Жүретін пенде тың тыңдап.
Жамандығың да айтылар,
Қалтарыс жерде шым-шымдап.

Сен үшін көктеп бір шынар,
Молаңа, құстар көп қонса.
Адамдар емес,
Шіркін-ай,
Табиғат қана еске алса.

ҚАЛАДАҒЫ ҚАРЛЫҒАШТАР

Жырлады тірлік бар ғалам,
Жапырақтарға тіл бітіп.
Отырмын жалғыз аулада,
Ауадан жылы жыр жұтып.

Қоздатып көңіл күйімді,
Қағатын әсем қанатын.
Мәтшәсі да жоқ үйімнің,
Қарлығаш ұя салатын.

Шалғынға көміп іргесін,
Таңдап бір тігер қолатын.
Ақбоз үйлер жоқ аймалап,
Шаңырағына қонатын.

Ақ тамақ құстар,
Күрсінгем!
Таңдайым құрғап, тамшы күй,
Қарлығаштарым жүрсіңдер,
Ғаламнан іздеп балшық үй.

Өретін өрім балапан,
Бинәнің жапсарларынан.
Өседі ешбір хабарсыз,
Еркін бір аспан барынан.

Жауы жоқ енді арбайтын,
Діңгекпен өрлеп құныққан.
Тірлігі бейқам жандай тым,
Жылан барын да, ұмытқан.

Еркіндікке әр кез бастаған,
Қоңырқай тамдағы ұлылық.
Табанын қарып, тас-таған,
Бере алмас әсте жылылық.

Бинәні зәулім бақ санап,
Байқалмас жанда жарамыз,
Қарлығаштарым, ақ тамақ,
Алыстап кетті арамыз?!

ҰМЫТТЫҢ БА, БОЗ ДАЛА

Өткен күннен көп екен ой басымда,
Аңыздардың жүрегім қоймасындай.
Ертегі боп қалыпты балалығым,
Ертек тыңдап атамнан қой қасында.

Көкірегі секілді күй табағы,
Қобыз көңіл қозғайды мұң шанағын.
Дала жырын жаттаған дана қарттың,
Хиялымда қалқиды хиссалары.

Мақамымен жанымды мұңға бастап,
Қанат қағар аспанға жырлар асқақ.
Баба – жырын жүйткітіп тамырларда,
Ата – бала бақыт қой бірге адассақ.

Сарайымда сан бүлік ойлар ұлып,
Ертегі – өмір жатыпты-ау
бойда бұғып.
Көзім жұмсам келеді көлденеңдеп,
Күрең дөнен жүретін қойға мініп.

Қос шырағы күреңнің
шоқтай жанып,
Осқырады әредік тоқтай қалып.
Жанарының ішінде мен отырам,
Елік – үміт жетелеп көпке ойланып.
Ен сап берген өзіме тай шығарда,
Күрең дөнен құлағын қайшыларма?
Күңіренген атамның жырына елтіп,
Айналушы ек алпамыс, байшұбарға.

Әудем жерге қас жауын жібермеген,
Батыр едім онда мен түнермеген.
Күндерім бар ал бүгін күреңіткен,
Күрең дөнен секілді шідерлеген.

Ертегімен өткіздім ерте күнді,
Сілтеймін деп жауыма семсерімді.
Ұмыттың ба, боз дала бабам менің!
Ертегіңе телмірген тентегіңді.

ЫМЫРТ ЖЫРЫ

Жүрегімді жабырқау қылғыса мұң,
Арманымның аңсаймын
нұрлы шағын.
Қарабарқын ымыртқа арқа сүйеп,
Жанқалтамда жартыдан
бір жұтамын.

Баян жасап жер жайлы ымырт маған,
Өзегімді күйдірер у ұрттаған.
Еміреніп ел жайлы түн айтар деп,
Түн айтар деп жанымды
мұңайтар деп,
Теңіз түннің қойнына кіріп барам.

«Бұл жалғанның алды үміт,
арты уайым»,
Баба сөзі жадымда нарқы дәйім.
Менің жармақ ғұмырым айтар әнім,
Бесігінде ымырттың шайқалады,
Көзедегі көпірген жартыдайын.

Жарты көңіл түбінде мұжық тамның,
Сенің неңді, ей, өмір, Қызықтармын!.
Жадау күннен жанында жара қалған,
Жолбарыстай жаралы барады арман,
Білмеймін құрықтар кім?

Ой-хой! Әсем жанымның тал – шынары,
Қашан ғана?
Жауынына көктемнің малшынады.
Жартылығым бітуге шақ қалыпты,
Жүрегімді, жанымды,
… Ақ таң ұқты …
Дүние жарты бәрі.

ЕРТЕГІ ЕМЕСПІН

Тарихым ертегі,
Мен тегі,
Біреулерге елеспін.
Жүректе жатады мұң бүрлеп,
Жусанның иісіндей қырлардан,
Оянам бір – бірлеп,
Және де оятам ғаламды,
Домбыра дала боп күмбірлеп.
Шығыстың қанымын тасыған,
Ұлы һұн иісі туласа тамырда,
Қалайша басылам.
Батыстың көгіне күн болам,
Жұлдыз боп шашылам,
Мен енді ертегі емеспін!

Шыдаған жасынға,
Дулыға басымда,
Ақберен асынып,
Өзендей тасынып,
Ақ сауыт киініп,
Аттанған тәңірге сиынып,
Рухы боп кешегі ерлердің,
Аңыздар ауылынан келгенмін.
Бар бүгін тұяқты тұлпарым,
Қияқты сұңқарым,
Келеді ғаламмен теңескім,
Мен енді ертегі емеспін!

Ақырған ғасырлар,
Айғыр жал замандар,
Төбемде күн күлген,
Әлемге өктемдік жүргізген,
Түркінің тұғыры,
Ертегі ғұмыры,
Бахадұр бабамыз,
Садағын сағымға ілдірген.
Келеді ғаламмен кеңескім,
Мен енді ертегі емеспін!

Тауарих тәңірім сиынған,
Ақ таңның нұрына жуынғам,
Ақиқат айбыным,
Жоқ менде қайғы – мұң.
Балбалдар ақиық армандар,
Шақырған қол бұлғап қиырдан.
Жусандай бұрқырап өлеңім,
Соларға сенемін!
Аңыздан несібем бұйырған,
Балбалмын шындықтан құйылған.
Құбылам ғаламмен теңестің,
Мен енді ертегі емеспін!

   Тұрдыхан АЙДАРХАНҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ