БӘРІ МҮМКІН ТҮСІМ БОЛЫП, ОЯНА АЛМАЙ ЖҮРМІН БЕ…

* * *
Білегіңді жастанып бір,
Көз ілейін, Мейірім!
Түрегеліп, бір ояндым күйреліп,
Атқан таңды тоқып кидім жейде ғып.
Бала күнгі қиялыма ұқсайды,
Ауламызда ұшып жүрген инелік.

Балғын шағым қашан жапқан есігін,
Тіршіліктің тілін білем, есімін.
Уақыт сенен күттім бе,
екен қайырым,
Оралуға сұрасам деп кешірім.

Жүрегімде сәбиім бар сөйлейтін,
Есеюді, есіруді білмейтін.
Сол сыбырлап мезгіл атын айтады,
Күнтізбенің парағында гүлдейтін.

Санама да сіңіп алып билейді,
«Баяғыдай, жарқылда да сүй» дейді.
Сол сәбиді алмайын деп мұңайтып,
Өзім жылап қаларымды білмейді.

Жапырақ та желмен бірге салған-ән,
Әр өлеңім оқылып тұр ауладан.
Жұтып келем, ауа демін сен жұтқан,
Кеше мүмкін…
бұрын мүлде болмаған…

* * *
Әкесінің иығында,
Ұйықтап қалды бүлдіршін.
Өмір жатыр миығында,
Өлең бе екен кім білсін…

Екі жүрек бірге соғып,
Серт берісіп алғандай.
Күз бен Көктем Күнге қонып,
Бүршік ашып тұрғандай.

Дәл осы сәт ғажап неткен,
Сағыныш па сөгілген.
(Бір мейірім ұзақ күткем,
Осы ма екен көрінген…)

Құс тілінде былдырлаған,
Балаң үйрек саусағың.
Күзетеді күллі ғалам,
Лүпілдеген бал-шағын…

Қоршап алдым ғажайыпты,
Көркем, әсем гүлменен,
Сіңіріп ап тазалықты,
Келе жаттым бірге мен!

Қиқымын да суреттеймін,
Бояу түсі жап-жарық.
Қиялымды емдетпеймін,
Жүрем солай таң қалып!

Көшіріп ап қаламыма,
Сұлу сурет бейнесін.
Сәбиге ұқсап дала мына,
Өз тілінде сөйлесін!
Жұптасайық шаттанып бір,
Ыршып түсіп, күйігім.
Білегіңді жастанып бір,
Көз ілейін, Мейірім!

* * *
«Жүрегі кеткен жарылып,
Денесі жерге түскенше…»
Дәрігерде еді, бар үміт,
Тірі ғой дедім күткенше.

Күннен де қорғай алмадым,
Жерден де қорғай алмадым.
Алақан болып ашылып,
Жайылып неге қалмадым?!

Қорықтың ба екен, үркегім,
Таусылды ма екен, білте-күн.
Көзімнің жасын көл болған,
Сен емес, өзім сүртемін.

Тап-таза етіп, жаратып,
Тап-таза таңды таратып.
Шынтағың қапты жазылып,
Өткенде алған қанатып.

Түп-түзу жолмен жүретін,
Алаңсыз, мұңсыз күлетін.
Түймедей көзі, ақкөңіл,
Жайымды жазбай білетін.

Жұдырықтай болып бүрісіп,
Жанымда ұйықтап жылысып.
Бөпедей ғана саусағың,
«Адаммын» дейтін тырысып .

Осынша жақсы көрдің бе,
Аппақ боп жерге ендің бе.
Өміріңді тастар табыстап,
Аманатыңды білдім бе?

Аяғым бірде шалынып,
Аялдамалардан жаңылып .
Ертеңгі күнді жазамын,
Сүрейін сен боп сағынып…

* * *
Киіміңді тазаладым, үтіктеп,
Қазір келіп, киетіндей бүгін кеп.
«Мама,
менің ақ көйлегім қайда?» – деп,
Ас бөлмеге кіретіндей күлімдеп.

Дәл осылай, бере ме, Алла қинауды,
Дәл осылай түсіндім бе, ойлауды…
Таңнан тұрып, төсегіңе қараймын,
Сол бір төсек сен кеткеннен жинаулы.
Аунап алып, кетті ме деп, жылынып,
Көрмесін деп,
жылап алдым тығылып.
Қалың етіп салып қоям көрпеңді,
Тірімін ғой, тілгілеп жүр, қу үміт.

Көлденеңнен жатқан ұзын періштем,
Мендік хәлді ұғушы едің тек іштен.
Сол жатысың,
саусағың да қимылсыз,
Күйігімді кірпік қақпай бөліскен.

Алып қалсам, жібермесем деп едім,
Белгісіз ғой, қашан енді келерің?
Соңғы түннің таңы атты да, әкетті,
Осы ма еді, осы ма еді көрерім…

Не дерімді білмедім -ау, Қара жер,
Дауысымды алып жеткіз, ауа, жел!
Жаңбыр болып құйып өт те, ботамның,
Жұпар иісін құшағыма ала кел!

* * *
Қара Жер қалай қияйын,
Үстіңе қалай сияйын?
Түбі де, шексіз шырмалған,
Шындығың қайсы Күн-Айым!

Бүктеліп қалған қағаздай,
Сабырмен санам араздай.
Көздерден көңіл іздедім,
Сәндетіп салған мазардай.

Алақандай ғана төмпешік,
Балақайым жатыр үндесіп.
Түрегеліп маған жетердей,
Келердей күттім түн кешіп.

Бүгін бе бүгін, бейсенбі,
Күнменен таңым өлшенді,
Анаңның туған күні ғой,
Бас сұғып көрер, келсе енді…

Жаным -ау, жүрек, сынығым,
Бейкүнә ғана тұнығым…
Ол жақта жасыл бақ болса,
Ойнақтап жүрші құлыным!

Көз-жасым, жасым, мөлдірім,
Түрілмей қалды түндігім.
Қараша үйде қараңғы,
Дұға ету болды «ерлігім».
Ботам-ау, дейін, еркелеп,
Өзегімді өмір өртемек .
Төзер ме едім, Құдай-ау,
Сездірсең егер «келте деп»…

Жанымда жүрген жұмағым,
Ойнақтап тұрып құладың.
Жалған-ай, дәмің тәтті ме,
Жете алмай жүрмін бір адым …
* * *
Алақаныңды қойып,
ұйықтаушы едің,
Басыңды әнтек қисайтып.
Бұрылуға да батпаушы едім,
Кеудемді тербеп, күй-сандық.

Пысылдап қана демалатынсың,
Жұп-жұқа бетің, танауың.
Ұйықтап жатып, күле алатынсың,
Орындалғандай қалауың.

Жалғыздан-жалғыз әкетті сені,
Қақпайлап, қолдар шегінтті.
Өмір дегенің жеңіпті мені,
Өлгенді кім кеп тірілтті?

Тұла бойың тұнған, сөйлемге ұқсап,
Құлағың сұрақ белгісі.
Көп нүкте сынды көзің де-моншақ,
Келетін сынап білгісі.

Табаныңда әлі – бармаған жолың,
Көжегіндейсің қоянның.
Түн деген, ауыр, таң қалам сосын:
Сенсіз де, бүгін ояндым .

Мысықты үйге әкелгеніңде:
«Көп дедім, оның әлегі…»
Уақытты сәл-пәл шегергенімде,
Болар ма еді керегі?

Ой менен өксік ішімде тынып,
Күрсініп тұрып, күлдім де.
Бәрі де мүмкін түсімде болып,
Ояна алмай әлде, жүрмін бе?

Жолыңды жаяу қараушы едім,
Пейілім сыймай көлемге.
…Терезеге темір қадаушы едім,
Үңілмесін деп төменге.

Осынша неге суықсың ғалам,
Ажалы қайдан адамның?
Жұманы күтпей… жылытсын дұғам,
«Демі екен десін, Анамның!»
* * *
Бүгін қай күн,
кірсем бе екен, мешітке,
Иман-ием, жан-бойыма көшіп пе…
Күбірлеген кезім көп пе күңкілдеп,
Кінәрәтім қалқып тұр ма есікте?!

Екі аяқ та тартыла ма шегініп,
Неге тұрмын, көз-жасыма жеңіліп.
Жеп-жеңіл боп кіріп барсам, күлімдеп,
Баяғыдааай, бала кезім көрініп.

Мені жалғыз мазалайды ар-анық,
Кейде желге, күнге жүрмін тоналып.
Әжем бүгін түсіме енді тұнжырап,
Бөкебайын алған екен оранып.

Бір шәугім шәй ішкім келді
дейді әжем,
Күндерімді сезді ме екен күйреген.
Тәнім жүр ғой таңға қарай ұмтылып,
Жанымды ұстап түнмен неге иленем.

Қанша секунд берілді екен түс маған,
Жан сырымды жайып
неге ашпағам…
Көзім жұмып, көрсем,
Жігер, әжемді…
Жып-жылы боп неге
сол сәт құшпағам…

Тереземнен төгіледі самал жел,
«Мұңсыз сәтің,
күнсіз қалған ғалам дер…»
Бір күн болсын,
екі күн өмір сүрермін,
Жүрегіме жарығы бар қалам бер…

Сосын…
сосын тау суындай мөлдіреп,
Гүлге қонған көбелектей үлбіреп…
Ғасыр сүйген адам десін, көршім де,
Көбелектей қысқа ғұмыр сүрді деп.

Жо-жоқ,
өмір кеше берем тынымсыз,
Бір тіршілік қалмауы үшін ғұмырсыз.
Мендік бөлек арпалыс пен
мұң дәмін,
Татамын деп, ұрттамаңыз уын Сіз…
Түзде бөлек, үйде неге басқамын,
Көз-жанарым құлап түсті қас-қағым.
Мен бұрындааа сүргем
осы тағдырды,
Содан болар ересектеу жастамын…

* * *
Күндерге күнді жалғадым,
Түндерге сіңді арманым.
«Мама» деп сағат, сәт сайын,
Жанымда қайда болғаның…

Тап-таза болған бөбегім,
Таусылып іштей келемін.
Құралас жүрсе топ бала,
Бейнеңді құрап жүремін.

Жұмылмай қалған жанарың,
Кірпігің қақпай қарадың.
…Күн деген қойшы, тіршілік,
Түн деген салқын, қарағым.

Көрпең де қалды-ау, жабылмай,
Жапырақ жауған жолымдай.
Киіміңді ки де, күлімде,
Қалайша қалдың, сағынбай…

Сен тұрған үйден көшіп біз,
«Жеңілдерміз» деп сеніппіз.
Қыркүйек деген күйігім,
Өзіммен келді, еріп күз.

Сарсаңға түскен шара бас,
Есім мен түсім аралас.
Анасы «адам» боп жүрсе,
Пейіште ұлым, жыламас!

Мықтылық деген мың қатпар.
Тарауында түрлі тармақ бар.
Жүрегім сөйле, күбірле,
Сетінер кезде жырлап қал!

* * *
Әйтеуір бір жексенбіні жек көрем,
Түс ауғанда түрлі бейне өткерем.
Сен барасың, төмен қарай құлдилап,
Мен тұрамын бір-ақ қадам жетпеген…

Сен тұрасың Қара жерге ұмтылып,
Мен жүремін, мұңым -басқа,
бір тынып.
Соңғы ауаны қармап қалды-ау саусағың.
Қара Жер-ау, алдың ба екен сілкініп.
Соңғы ауаны жұттың ба екен, дамылдап,
Ажал деген ұлы бір іс орындап.
Топырақ-ау, жіпсігендей болдың ба,
Қара көрпең, аударылып, қалыңдап.

Білегімдей еді жұқа сирағың,
Алақандай ғана еді дидарың.
Қасиет ғой, кетсең балаң алдында,
Қасірет ғой, көз жасыңмен қиғаның.

«Шүкіршілік»,
«мықтылық» па сыналған,
Көрінгенмен «бүтін» өмір сүре алған:
Ақиқат деп айта көрме ештеңе…
Тұрақсыз боп түрленгенде
шығар жан.

Түске дейін жанмен бірге гүлдеген,
Түстен кейін сөйлемеген, күлмеген…
Өң мен түсің осы ма еді, Жаратқан,
Осы ма еді, жалғыз кінәм-білмеген…

* * *
Елу екінші түннің сауалы бөлек,
Ет пенен сүйек бөлініп.
Екі бөлек болып қонады демек,
Гүл менен таудан көрініп.

Дұғам бір қабыл болсыншы дедім,
Көнбеске жоқ қой амалым.
Ақ қар боп еріп қонсыншы дедім,
Көтеріп үйге барамын.

Соңғы түн балам сезіндің бе екен,
Табаныңды сүйдім мұздаған.
Ой тұнығында үзілдім бе екен,
Қашып кетсек деп ойлағам.

Көтеріп кетіп күзетсем дедім,
Сәл ғана ашық жанарың.
«Сабыр ет» дедің ізеттім менің,
Амалын айтшы, амалын.

«Кешірсін дейді күнәсін Алла»,
Оқыған молда дұғасын.
Жап-жарық жанға сұрағың бар ма,
Сынағың бар ма, сынағың?

Өмірдің түсін танығанынша,
Сүрмеді-ау өмір, боташым.
Қас-қағым сәтте қалғығанымша,
Көрінбей шер боп жатасың.
* * *
Өлімге енді жыламайтын болдым,
Сұрамайтын болдым, «неге» деп.
Соңғы рет деп те қия алмай тұрмын,
Жаныңды аппақ көбелек.
Сағынбай жүрген кезім жоқ мүлде,
Көзім жоқ Күнге ұқсаған.
Көрмеген едім төзім боп мүлде,
Көлеңке болып қысқарам.

Бүгінде көрдім, дидарыңды анық,
Кеттім ғой дейсің, фильмге.
Бас киім, қолбақ… жиналып алып,
Қоштаса салдың келдің де…

«Бес жарым дейсің, сағатым, Ана»,
Хабар күт дедің жеткенде.
Көршілер айтты: «жанатын бала,
Өзіне сеніп кеткен де»…

Оянып кеттім, бөлмеңе жетіп,
Жалғыздан-жалғыз күлімдеп.
Төсек тұр, өмір сүрмеген етіп,
Тоғызыншы қабат…уілдеп…

Терезе жақтау телміріп маған,
Сағатты кері бұр дейді.
Құлдилап түскен сен болып ғалам,
Шөгерін түбі білмейді.

Үнсіз егілдім, күрсініп алып,
Көшіп барамыз бұл үйден.
Ауаға қарап, тұншығып алып,
Жылытып кетейін төбеңнен.

Тетелес ағаң көрініп мықты,
Қарайды маған жаутаңдап.
Елуінші күннің түні де бітті,
Ботам-ау, күзде салқындап…

* * *
Қара Жер қалай қияйын,
Үстіңе қалай сияйын?
Түбі де, шексіз шырмалған,
Шындығың қайсы Күн-Айым!

Бүктеліп қалған қағаздай,
Сабырмен санам араздай.
Көздерден көңіл іздедім,
Сәндетіп салған мазардай.

Алақандай ғана төмпешік,
Балақайым жатыр үндесіп.
Түрегеліп маған жетердей,
Келердей күттім түн кешіп.

Бүгін бе бүгін, бейсенбі,
Күнменен таңым өлшенді,
Анаңның туған күні ғой,
Бас сұғып көрер, келсе енді…
Жаным -ау, жүрек, сынығым,
Бейкүнә ғана тұнығым…
Ол жақта жасыл бақ болса,
Ойнақтап жүрші құлыным!

Көз-жасым, жасым, мөлдірім,
Түрілмей қалды түндігім.
Қараша үйде қараңғы,
Дұға ету болды «ерлігім».

Ботам-ау, дейін, еркелеп,
Өзегімді өмір өртемек .
Төзер ме едім Құдай-ау,
Сездірсең егер «келте деп»…

Жанымда жүрген жұмағым,
Ойнақтап тұрып құладың.
Жалған-ай, дәмің тәтті ме,
Жете алмай жүрмін бір адым …

* * *
Не дейін, құлыным, не дейін,
Өксікке тығылып көмейім.
Жанымда бос қалған үстелің,
Сен болып, ас ішіп көрейін.

Екі аяқ менікі, қолым да,
Жүрмін ғой, жүргенім сорым ба?
«Мама» деп, ойнақтап шығардай,
«Мама» деп еркелеп жолымда…

Әр сөзді жеткізіп, байыптап,
Сөзбенен ұштың ба, қалықтап.
«Аппақ қып туғанда мені де…» –
деп кейде алушы ең айыптап.

Аппағым, кіршіксіз, тұнығым,
Білмеймін қалайша, тірімін…
Араша тұрар ма ем өзіме –
аударып ажалдың құрығын.

Қара шаш бір түнде ағарып,
Жылдарға жүрейін тоналып.
Өлшеулі өмірім, өлшеусіз,
Сен жаққа апарар Ол-анық!

 

                                                     Динара МӘЛІК




ПІКІР ЖАЗУ