«Бабамның мұрасы толық зерттелмей келеді…»
Суретте: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын танымайтын жұрт кемде-кем. Мәшһүр десе, Мәшһүр. Ол – сан-салалы еді: ойшыл, шешен, этнограф, фольклортанушы, тарихшы, ақын, діни қайраткер, ағартушы, аса білімдар жан, шежіреші, ел жайын ойлаған таутұлға. Ертіс-Баян топырағында туып, Арғын ішіндегі Күліктен тарап, кейіндері Алаш қамын жеген. Парсы, араб, түркі, шағатай, тәжік, өзбек, т.б. тілдерді білген. Әулие бабамызға қазақ қашанда қарыздар. Басқасын айтпағанда, табанынан таусылып, ел-жер аралап, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін: айтыс, шежіре, аңыз-әпсана, тарихи жыр-дастандарды хатқа түсіріп, көптеген әдеби-мәдени мұраны сақтап қалған-ды. Мәселен, «Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Ер Сайын», «Нәрік ұлы Шора батыр», «Алтынбас-Күміс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Бозторғай», «Киік», «Еділ-Жайық», «Есен тентек туралы», «Ертеде бір хан болыпты», «Алаша хан», «Әз Жәнібек және бір ұста», «Екі патша», «Көр ақтарған Жаманбай», «Баһырам патша туралы», «Әділ би», «Тама Сарыбас мерген», «Ұлбике қыз бен Күдері қожа айтысы», «Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа айтысы», «Қалдыбай қожа мен Соқыр Шөже айтысы», «Қаракесек Қамбар Жанақ пен Найман Сарыбай айтысы», «Ақбала қыз бен Боздақ жігіт айтысы», «Шайқы Бұрқы әулие мекіре балықтан туған», «Абылай аспаған сары бел», т.б.
Ғұламаның өз кіндігінен үш ұл тараған: Мұхаммед Шарапи, Мұхаммед Әмен, Мұхаммед Фазыл. Тұңғыш ұлынан өрбіген ұрпақтың бірі, бүгіндері алпыс сегіздегі бабаның шөбересі – Абай Шарапиев. Ағамыздың телефон нөмірін белгілі жазушы, ақын, «Жошы хан» тарихи романының авторы Ұларбек Дәлейұлынан алып, қоңырау шалып, сұхбат құрып, көкейде жүрген көп сауалды қойған ек. Соны назарларыңызға ұсынамыз…

– Абай Төлеубайұлы, әуелгі әңгімені Сізден бастасақ. Өзіңізді оқырманға таныстыра кетсеңіз…
– Мен 1958 жылдың 15 тамызында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келгем. Еңбек жолын механизатор болып бастағам. 1982 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының экономика және ауылшаруашылығын ұйымдастыру факультетін тәмамдадым. Сол кезде Баянауыл аудандық ауылшаруашылық басқармасына аға экономист ретінде жұмысқа қабылдандым. 1985 жылы Екібастұз ауданындағы «Степной» кеңшарының аға экономисі болдым. 1985-1992 жылдары «Шідерті», «Белогорский» кеңшарларында және Май ауданы әкімшілігінде бас экономист қызметін атқардым. 1992-1995 жылдары Екібастұз қалалық қаржы бөліміне бас маман, ал кейіндері қалалық Салық инспекциясының бас салық инспекторы боп тағайындалдым. 1995-2007 жылдары Қаржы полициясында, сондай-ақ Екібастұз аймағында аға инспектор ретінде жұмыс жасадым. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықтым. 2008 жылдан Екібастұз ауданаралық қаржы полициясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасында қызмет еттім. 2003 жылы ҚР Қаржы полициясы агенттігі Төрағасынан ерекше еңбегі үшін берілетін «Құрмет қағазы» марапатын, 2018 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасынан «Құрмет грамотасын» алдым. Павлодар облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының, Екібастұз қаласы әкімдігінің Алғыс хаттарын бірнеше рет иелендім, ҚР Қаржы полициясы Агенттігінің медалімен екі рет марапатталдым. Қазіргі кезде өмірлік серігім, жарым – Қарагөз екеуміз қызымыз Алтынай және ұлымыз Сымбатты тәрбиелеп отырмыз.
– Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының ұрпағысыз. Осындай ұлы тұлғамен туыстық қатынас қандай жауапкершілік жүктейді?
– Аталарымыз айтады ғой: «Ардақтайтын ардағым бар, сыйынатын аруағым бар» демекші, Мәшһүр бабамның ұрпағы болу үлкен міндет жүктейді, халық осындай атақты адамның үрім-бұтағы деп сыйлайды да, кейбіреуі сыни көзбен қарап бақылап жүреді, сондықтан барлық жағынан жақсы, үлгілі болуың қажет. Бүгіндері ұлы бабамыздың артында қалған немере, шөберелері бар. Тұңғышынан: Төлеубай, Сүйіндік және Қонақ есімді үш ұл өмірге келген. Мен – үлкен ұлдың ұрпағымын. Екіншісі – Әмен Ташкентте 1921 жылы мектепте мұғалім болып жүрген жерінде кісі қолынан қайтыс болады. Ал, кенже ұлы – Фазыл 1969 жылы өмірден өткен. «Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» дегендей, артында тұяқ қалды. Даңқты бабамыздың: «Бір балам бар өзіме жете туған, бір балам бар өзімнен өте туған, бір балам бар артымнан кете туған» деп үш ұлына қарата айтылған әйгілі сөзі бар.
– Өміріңізде бабаның шарапатын, о, дүниелік болса да қолдап-қоршап жүргенін сезген кезіңіз болды ма?
– Иә, бұл сұрағыңа төмендегідей жауап берейін… Мен құқық қорғау саласында қызмет еттім (қаржы полициясында), осы салада жүріп 2007 жылы зейнетке шықтым деп ем ғой. Құқық қорғау саласында жұмыс жасау ауыр ғой, денсаулығыңа орасан зиян келеді. 2006 жылы асқазаныма күрделі ота жасалды. Асқазанның ойық жарасы (язва) боп, одан аман қалдым. 2018 жылы жүрегіме күрделі ота жасалды (коронарное шунтирование), аяқты да сындырдым. Осындай қиындықтардан, әрине, әуелі, Алла, сосын бабамның аруағы аман сақтап қалған шығар деп есептеймін.
– Бабаның ел ішінде сақталған, айтты делінген өнеге-өсиеті көп. Соның бір-екеуіне тоқтала кетсеңіз…
– Тоқталайын… Бабам: «Менің үйім мола болмасын, қонақ үй болсын. Келген қонақтың ат арбасы, ертоқымы сынып қалса, менің заттарымды қолдануына рұқсат. Тек қайта әкеліп қойса болғаны. Менің мүлкімді пайдалануға рұқсат», – деп айтып кеткен екен. Зираттың екінші бөлмесіне өзі жататын жер қаздырады, ағаш кереует қойдырады. Сөйтіп: «Ұйықтаған адамдай болып жатамын. Ашық жерлеңдер, мені төменге түсіп көруге рұқсат, тек ақыретімді жаз айларында ыстықтан сарғайса ғана айырбастаңдар, басқа түк істемеңдер», – депті, әулие. Өзінің қашан өмірден өтетінін сезіп-білген, бәрін алдын ала ескертіп кеткен: «Денем қырық жылға дейін шірімейді, оған кепілдік беремін. Қырық жылдан кейін тағы да көрерсіңдер». Содан не керек, 1931 жылдан 1952 жылға дейін атамыздың қабірі ашық жатты. Бұл хабар Мәскеуге жеткен соң, анық-қанығын білуге бұйрық шығарылады: «Айдалада Ленинге ұқсап қазақтың бір шалы жатыр, алып тастаңдар». Өйткені, сол кездің өзінде басына түнеп, құран оқып, бала сұрайтын кісі көп болған екен. Бірде, Баянауыл ауданының бірінші хатшысы Кенжебай Макинге тапсырма беріледі. Әулиенің қасиетінен хабардар ол қабірді бұзғысы келмейді, тартынады, қорқақтайды. Мұны биліктегілер: «Бұзбасаң Партиядан шығарыласың!» – деп әбден зәрезап қылады. Ол қасына аудандағы белсенді азаматтарды ертіп, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының зиратын талқандауға жібереді. Содан әулиенің кенжесі – Фазылға, немересі – Төлеубайға: «Бастаңдар!» – деп бұйырады. Олар мұндай оспадарлыққа бара алмайды. Басшылар айлаға көшіп, өз ішіндегі шен-шекпенге үйір бір кісіге ұсыныс жасайды. Ол болса ойланбастан, қолына қайла алып іске кіріседі. Кейіндері сол адам бір айдан соң суық тиіп, қиналып өледі. Аудандық Ішкі істер Халық комиссариатындағы шенді де ақыл-есінен алжасып, қызыл шұнақ сары аязда жалаңаяқ жүгіріп, көше-көшені кезіп кетіпті. Бірінші хатшы Кенжебай Макин суға батып қайтыс болған. Зиратты талқандағандардың тағы біреуі саятшылық құрып жүргенде, өзіне-өзі оқ атып өледі. Енді бірі жарыста аттың астына түсіп, мойны үзіліп дүние салады. Баянауыл айнала-маңындағы азаматтар осы оқиғалардан хабардар.
– Бүгіндері Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мұрасы толық түгенделді ме? Әлде әлі де зерттелетін дүниелер бар ма?
– Бабамның мұрасы әлі толық зерттелмеген, көп дүниесі Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар қорында шаң басып жатыр, енді ғана саралануда, жекелеген адамдардың қолында да жасырулы жағдайда, өзінің былай деп айтқаны бар: «Менің жазған еңбектерімді зерттеймін деген адамға Нұх пайғамбардың жасы, Айып пайғамбардың сабырлығы, Ніл дариясының суындай сия керек». Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының кенже ұлынан өрбіген ұрпақ рухты бабамыздың шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысып жүр. Ғұламаның қолжазбалары араб графикасымен жазылған нұсқада сақталған. Сондықтан, материалдарды кириллицаға аудару жұмыстары қолға алынды. Ал, 2020 жылы мен «Ақиқат» деген кітапты басып шығардым. Бабамыздың мұрасын жинақтап, сұрыптап, саралауға үш жылдан аса уақыт кетті. Бірақ, бұл – осығанға дейінгі ізденістің нәтижесі еді. Тұңғыш ұлдан тараған Сүйіндік пен зерттеуші Нағи Ахметов бабамыздың еңбегін құрастырумен айналысқан, солардың басын қосып, баспадан шығардым. Кітаптағы деректерді бұрыннан жинап жүрдім, ара-тұра жергілікті газеттерге мақалам жарияланып тұрды. Мұражай қалай ашылғандығы, әулиенің еңбектері қалай зерттелгендігі, кім басы-қасында болғандығын жүйелеп, ретке келтіріп, жинаққа енгіздік. Кітапты шығаруға ең әуелі бабамыздың мұрасын насихаттау, тарату себеп болса, екінші жағынан соңғы жылдары ғұламаның мұрасына қатысты азды-көпті қате кеткен еңбектер жарық көріп жатты. Соның тоқетерін айтып, шынайы ақпармен бөліскім келді. Әулиенің мұрасына ықтиятты қараған Нағи Ахметов өмірден өткен соң: «Мәшһүр-Жүсіпті мен аштым, мен таныттым…», – деген небір псевдозерттеуші қаптады. Сөйттіп, ұлттық баспасөзде бір-біріне кереғар деректер тарай бастады. Әкем Төлеубай да бабамыздың жазған-сызғандарын, шығармаларын жинақтаумен шұғылданған. Ал, мен соның бәрінің басын құрап, хронологиялық тұрғыдан реттестірдім. 1965 жылдан бастап мұражай ашу жөніндегі баянды бастама дүркін-дүркін көтерілді. Нағи Ахметов Орталық партия комитетіне, Қазақстан компартиясына, сонымен қатар Жазушылар одағының съезіне хат жолдады. Олар Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы діни адам деп қатты секемденіп, ат тонын ала қашты. 1976 жылдың 1 мамырында Төлеубай Шарапиұлының үйінде Мәшекең тіршілігінде тұтынған бұйымдар қойылып, Жаңажол ауылында мұражай ашылған еді.
2024 жылы «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабым жарық көрді. Онда әулиенің өмірі мен шығармашылығы кеңінен қамтылған. Бұл кітапта бабамыздың шәкірті әрі атқосшысы – Иманғали Мәненов топтаған мұрағат деректерін аударып, әзірлеген Төлепберген Алдабергеновтің жинақтары және атаны көрген, батасын алған, өзі азан шақырып, есімін қойған адамдардың естеліктері, мазмұнды мақалалары бар. «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы бұрын-соңды жарияланбаған материалдарымен құнды, бағалы деп білем.
– Алашқа ортақ Атамыздың шежіресін тарқатып берсеңіз…
– Бабамның қысқаша шежіресі: Арғын – Мейрамсопы – Сүйіндік – Құлболды – Күлік – Тілеуімбет – Бесім – Ақжігіт – Сермұхамбет – Көпжасар (Көпей) – Адам Жүсіп (Мәшһүр-Жүсіп).
– Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың қай өсиетін, қай даналық сөзін бәрінен биік қоясыз, бойтұмар етіп ұстайсыз?
– «Ғибрат ал атқан таң мен батқан күннен, Шықпассың адам болсаң айтқан жөннен, Басыңа қайғы келсе қапа болма, Қайғырып назаланып шықпа діннен…».
– Әгәрәки, Мүшһүр-Жүсіптей әулие, ғұлама тіріліп келсе, бүгінгі қазақ жастарына не айтар еді? Әуелі, нені түзер еді? Қалай түзер еді?
– Қазақтың маржан тілін қадірлеген бабам: «Тіліңді, діліңді ұмытып, дініңді бұрмалаған екенсіңдер ұрпақтарым, осыларды түзетіңдер» деуші еді деп ойлаймын.
– Көзі тірісінде бабаның басынан өткен бірнеше таңғажайып, тылсым оқиғаны баян етсеңіз… Әулиенің айтқан болжамдары қаншалықты дәл келді?
– Мәшһүр бабамыздың қара қылышы бар, ол қазіргі кезде мұражайда сақтаулы. Сол қылышпен Ақзейнеп әжем (Шарапи Мәшһүр-Жүсіпұлының жары) әйелдерді босандыратын. Ол уақытта медицина бүгінгідей қарыштап дамымаған. Толғағы қысып, босана алмай жатқан әйелге барып, қылышпен ұшықтайтын қасиеті бар-тын. Соны өз көзімен көрген дәрігерлер болған. Естеліктері де сақталған.
1907 жылы Қазан баспасынан патшалық үкіметтің қазақ жерін отарлап жатқандығы хақындағы үш кітап жарық көреді. Бұлар орыс сарбаздарының қолына түскен соң, авторын табу туралы тапсырма беріледі. Осы хабарды естіген бабамыз Ташкентке табан аударады. Ал, бала-шағасы нағашыларының қолында қалып, сонда өсіп-өнеді. Қайын атасы бай-бақуатты, алайда кемпірі сараң кісі болған екен. Сөйтіп: «Мына күйеу бала сонша жыл қаңғып жүріп алды, балаларын біз асырай береміз бе?» – депті. Елге оралған соң, соның бәрін естіген Мәшһүр-Жүсіп енесі қайтыс болғанда топырағының жанына барып, басқа кісілерге құран оқыпты. Ал, енесіне қайырылмапты. Сонда қасындағы кісілер себебін сұрағанда: «Сараңға дұға жүрмейді!..» – деп шорт кесіпті. Енді, қалған сұрақтарыңның жауабын Ютубтағы сұхбаттарымды тыңдау арқылы аларсың. Каналда Абай Шарапиев деп шығады.
– Оқырманға айтар тілегіңіз!..
– Бабамның қысқа да нұсқа бір батасын берейін: «Алла бере берсін, Жақсылық абыроймен келе берсін, Не берсе де қайырымен берсін, Есесін Алла берсін! Әумин!».
– Сұхбатыңызға рахмет, Абай аға!..
Сұхбаттасқан:
Әлібек БАЙБОЛ





