ТОЛҚЫНДЫ КҮТКЕН БАЛА

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан стратегиялық жобалардың бірі – «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» әдебиеттегі жаңа есімдердің танылуына жол аша бастады. Жобаның алғашқы легінде қазақ әдебиетінің қоржынына сүбелі дүниелер қосылған болса, былтырғы жылы да 20 жас қаламгер өңірлерді аралап, шығармашылық ізденіс жүргізді. Нәтижесінде жастар қаламынан 8 прозалық, 12 поэзиялық туынды кітап болып жарыққа шықты. Аталған жоба аясында жазылған туындылар «Жұлдыз» журналында жыл соңына дейін жалғасып жарияланатын болады. Соның алғашқысы – жас жазушы Абай Аймағамбеттің «Толқынды күткен бала» романының ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Міне, көз алдымызда бір кездегі арнасынан асып,
ақтолқынын аспанға шашып жататын алып теңіз
ауру меңдеген адамдай жантәсілім еткелі жатыр».
Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ».
Бекұзақ Тәңірбергенов
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар – бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр-тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын-дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
* * *
Шеті мен шегіне көз жетпейтін Көк теңіз кемерінен асып, толқып, шалқып жатады. Бірінің үстіне бірі мінгесіп ойнаған ерке толқындар жағаға жетуге асық. Бала әркез түсінде сол толқындарды көрер еді. Толқындар бала үшін жақсылықтың хабаршысындай сондай жылы, сондай көркем…
Үнемі, баланың нәзік кірпіктері еріксіз айқасып, көзі ұйқыға кетер алдында атасы оған сол бір ертегіні айтып беретін. Тоқмұраттың одыраң әйелі сатқан жөке сабынмен қанша ысқыласа да кетпеген, әбден күстенген кедір-бұдыр алақанымен самайынан сипайтын. Бұқшия түсіп, бұған төніп отырған атасының бұжыр қолдары сонда балаға мақтадан бетер жұмсақ сезілетін. Ертегі де сондай қызық еді.
– Ертеде-е-е-е, – дейтін атасы әдейі даусын соза түсіп, нәшініне келтіріп, – Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызылда, құйрық жүні ұзында, қарасаң көз тірерлік тауы түгіл төбесі жоқ, мүлгіген мимырт тыныштық орнаған Тұран ойпатының бір қиырында – Көкжал деп аталатын тайпада қасиет қонған, текті әйел өмір кешіпті. Ол өзі пайғамбарлардың ұрпағының бірі екен, сондықтан болар, әр сөзі мен ісі келісім тапқан, әрі сұлу, әрі парасатты жан екен. Жары да жігіттің сұлтаны, өзі көркем, өзі балуан болыпты. Тағдырдың тәлкегі ғой, екеуі енді табысып, тұңғыштары дүние есігін ашқан сәтте жігіт көрші елге жасаған қанды жорықта қаза тауып, әйел жесір қалады. Жігіт тумысынан жетім еді, әйелге баланы өзі жетілдіріп, тағдырдың тар соқпағымен ілдәлдалап өмір сүруге тура келеді. Әйел түндер бойы көз жасын көл етіп, сағыныш азабын тартса, күндіз бойына қайсарлықтың дәнін егіп, «сен де ержетесің, әкеңдей батыр боласың, осы өлкедегі ай десе аузы, күн десе көзі бар ажарлы қызды жар етесің» деп бесігін дамылсыз тербетуші еді. Сонда сәби әлденені түсінгендей ыржалақтап, көзі жыпылық-жыпылық етіп, айырықша сүйкімді кейіпке енетін.
Ол заманда ойпатта тұщы су қасқалдақтың қанындай тапшы. Әйел сәбиін құндақтап мойнына іліп, жауырынына шандып байлап алып, иығына екі басында екі шелегі салақтаған иінағашты қондырып, күн сайын құдықтан су тасиды. Құдықтан су тартарда әбден сүтке тойып, мейірі қанған шақалақ ұлын жасыл майса шөптің үстіне жатқызып қоятын. Әйел осы дағдысынан ешқашан айныған емес. Кей-кейде құдық түбіне үңіліп, өзінің сұлу жүзінен көзін айыра алмай, еріксіз аялдап та қалатын… Бала анасының омырау сүтінен нәр алып, күн сайын жетіліп, күн сайын қылығы шығып келе жатты. Тағы бір күні шешесі әжептәуір салмақ жиып, есейіп қалған алты айлық ұлын құдық маңында асықпай емізіп, содан соң көк майса шөпке жатқызып, су алуға беттеген. Су толы шелекті емпеңдеп тартып жатқан мезетінде көк жүзінен шаңқ еткен ащы дауыс естілді. Шелекпен арпалысып, нәзік денесі терге малшынған әйел бұған әуелде мән бермейді. Екінші ретте әлгі жағымсыз дауыс жақын маңнан естілгендей болды. Олай да емес, дәл қасынан естілді. Кенет шайдай ашық аспан жүзі кілт түнеріп, күн күркіреп, оңтүстіктен баяу жел соқты. Келіншек жалт бұрылғаны сол, құндақтаулы сәбиді бүрген қалпы, жерден енді көтеріліп бара жатқан үлкендігі түйеқұстай дәу бүркітті көріп, аузы ашылып тұрып қалды. Әлгінде ғана әрең тартқан су толы шелегі құдықтың түбіне күмп етіп құлады. Бала шырқырап жылап бара жатты. Мына жақта аңырап шешесі қалды. Желдің соңы бұрқасынға ұласты. Жаңбыр шелектеп жауып, құйып берді.
Ашулы бүркіт ештеңеге қараған жоқ. Ұябасар майтүбіт бүркіт иілген тырнақтары сойдиып, арбиған сирақтарымен сәбиді қапсыра бүрген күйі зәу биікке лезде көтеріліп, батыс тарапты бетке алып ұша жөнелді. Аздан соң-ақ ебіл-дебіл болып, солығын баса алмай жылап, шарасыз күйде көк тәңіріне жалбарынған әйелдің көз алдында жыбыр-жыбыр еткен ноқат қана қалды. Аздан соң ол да ғайыпқа біржола сіңіп кетті.
Бұл уақытта ойпаттың батысындағы Самұрық тайпасының қатал әміршісі ұстамасы ұстап, дертінен айыға алмай, жаны шығар-шықпас хәлде жатқан. Дерт буғанда ханның аузынан ақ көбік ақтарылып, денесі безгек тигендей селкілдеп, тілі күрмеліп қалушы еді. Қол жетер жердің бәрінен бақсы мен балгерді, емші мен тәуіпті жинаса да дәруі табылмай қойған. Тек елдің соңынан келген бір дәруіш шал:
– Егер орындай алсаң, шипа боларлық бір амал бар, – депті сыр бүге сөйлеп.
– Айт! – дейді хан ақырып. – Саулығым үшін аянарым жоқ, тіпті жас тоқалымды сыйлауға дайынмын!
Дәруіш ондай сыйдан ізетпен бас тартады.
– Мен… – дейді сосын аз-маз бөгеліп, – әсілі бұл дүниенің адамы емеспін-ау, осы өмірге келгеніме 500 жылдың шамасы болды. Сенің хандығыңнан бірнеше күншілік жерде бір парасатты әйел өмір сүреді. Өзі пайғамбардың тұқымы. Текті жан. Соның келешекте әрі қайсар, әрі сымбатты, әрі билеуші болып өсетін алты айлық сәбиі бар. Әйел күнде ойпаттың қыр беткейіндегі ескі құдықтан су тартады. Сол кезде құндақтаулы сәбиі көк майса шөптің үстінде жатады. Сол баланы алдыр. Баланың езуі мен ұртында шешесінің омырау сүті болады. Соны қалайы қасыққа тамызып, сумен араластырып іш. Содан кейін құлан-таза айықпасаң маған серт. Ал баланы ешқашан өзіңнен алыстатпа. Ол сенің өле-өлгенше қорғаушың болады. Ақылды да қайсар болып ержетеді. Ержеткен соң жаныңдағы би мен батырдың бірде-бірі онымен шендесе алмайды. Әлденені сылтауратып өлтіріп тастама. Оның көзін жойсаң, өзің өліп қана қоймай, тұқымың да тұздай құритынын ұмытпа, – дейді дәруіш басын ие сөйлеп.
– Баланы қайтіп алдырмақпын? – дейді хан әлсіз, деміккен қалпында.
– Оның жарасы жеңіл, – дейді шал қулана күліп. – Менің тырнағы тасты да тесетін, қанаты жер бетінде дауыл тұрғызып, жасын ойнататын бүркітім бар. Соны жұмсаймыз.
Сөйтеді де дәруіш шал көзден ғайып болады. Көп ұзамай шырылдап жылап, ұрты уыздай сүтке толы сәби жатты алдында.
– Ата-а-а! – дейді тәп-тәтті ұйқының тереңіне шым батып бара жатқан бала жәймен ғана. – Сосын не болды?
– Ең қызығы сонда, балам, – деді атасы сыбырлай сөйлеп. – Дәруіш шал айтқандай, баланың сілекейін суға араластырып ішкен хан шынымен-ақ дертінен құлан-таза айығыпты. Ал бала бұйра шашты, қыр мұрынды, өткір көзді, ару біткеннің ұйқысын қашырған сері жігіт болып ержетіпті. Шешесінің қасиеті балаға да дарыған еді. Ана сүтімен келген тектілік баланың бойында тамыр жайып, бала адуын мінезді, арқалы жігітке айналған сайын қасиеті де қабындай артып, адами қарымы да, беделі де биіктей түсті…
Атасы сонда баланың мұрны пыс-пыс етіп ұйқы құшағына енгенін көріп, сөзін доғара қояр еді. Бала да ертегідегі сәби секілді ештеңеден алаңсыз, ештеңеден хабарсыз қалпында ұйықтап бара жатты. Дәйім осылай, бала ертегінің соңын естімей қалатын. Атасы да айтпайтын. Көк теңіздің жағасындағы көңілсіз тіршіліктен әбден шаршап, жалыққан балақай тынықсыншы деп атасы артық-ауыз сөйлемейтін. Бала әрдайым «қап, қазір ұйықтаймын, сосын ертегінің соңын естімей қаламын» деп сары уайымға салынушы еді. Қанша солай ойласа да ұйықтап қала береді. Қайта айналып түн шымылдығын түргенде басқа емес, сол ертегіні сұрайды. Атасы да жалықпайды – сол бір қасиет қонған әйел, сол бір бейкүнә сәби, сол бір қайырымсыз хан туралы ертегіні бастай жөнеледі.
Арада біраз жыл өткенде кеудесіндегі ұлы сағыныш шегіне жетіп, көңіл ағысы шамырқана тулаған бала шешесіне қарай арсалаңдай жүгіріп бара жатқанда үнемі басын естіп, аяғын естімей қалатын айтулы ертегінің қалай аяқталатынын өзінше түсінген.
«Ата! Әр кеш сайын сен айтып беретін ертегінің немен бітетінін білемін, ата. Мен бәрін түсіндім, ұғындым, ата» деген еді жүрегі атқақтаған күйі жүгіріп бара жатып. Анасының ұлы құшағымен әне-міне қауышар алдында…
* * *
– Қалада биік үйлер бар дейді ғой, аға, сондай үйді білесіз бе? А-а, айтыңызшы, сондай үйлерге кіріп те көрген шығарсыз?
Баланың таңдайы тақ-тақ етеді.
Темекісін езуінен алмаған күйі бұрқыратып отырған орта бойлы жігіт ағасы баланың бетіне тесіле қарап, үндемейді.
– Аға, айтсаңызшы-ы-ы… Қалада тұрасыз ба өзі-і?
Бала сөз аяғын әзілге сүйеп қояды. Өзі қорыс болып үйіліп жатқан жыңғылдың бұтақтарын пәттелеп жинап жүр. Отын шабамын деп шаршап қалған ба, әлде мына кісіден сыр суыртпақтай тұрайын деп әдейі баяу қимылдап жүр ме, ілбіп қана қозғалады.
– Көкем қалаға апарамын деуші еді. Өзі солдат болып жүріп, талай барған. Тіпті әлгі тау басында зымырап жүретін аспалы машинаға да мініп көрген.
Бала отынды үшбұрыш етіп үйіп жатыр.
– Қазір ана шеті құлайды, – деді жігіт ағасы темекісін қыстырған саусақтарын ілбите нұсқап.
Бала оң аяғын көтеріп, қисайып тұрған, бірақ тып-тығыз жиналған жыңғылдарды сырмасы әлдеқашан істен шыққан бәтеңкесімен сілкіп-сілкіп түзеп қойды.
– Жүр, ендеше. Қатты құмартып бара жатсаң көрсетейін қаланы.
Бала сойдиған отынның уақ шыбықтарын бұтап тұрған. Лақтырып жіберді.
– Рас па? О, рақмет, ағатай! Аға, менің атым Шырынбек болады. Айтқаныңызды екі етпеймін. Қаланы көрсетсеңіз болды.
Бала қорыс боп жиналған отынның ортан белінен бір тепті. Арасынан ине өтпестей жиналған жыңғыл шашылып түсті.
– Менің атым – Мәукен.
– Мәукен аға, ендеше бүгіннен бастап мені «інім» деп атаңыз.
Шырынбек теректің діңіне қадалып тұрған балтаның сабына ілінген шарфты алып, апыл-ғұпыл мойнына орай бастады. Көңілденіп, әндете жөнелді. Қалтасынан құрт алып, аузына салды. Аузы томпиып, екі ұртына кезек лақтырады. Етігін шешіп, ішіндегі жаңқаларын қаққыштап, қары оязданған жерді тепкілеп, қайтадан киіп жатыр. Мәукен баладан көзін алмай қарап тұр. Бұйраланған шашы өсіп кетіпті, жалбыраған жаман қалпағынан шығып, ұйпаланып тұр. Әлгінде ғана мынау тіршілікке бейқам қарайтындай көрінген жанары өткірленіп, қаһарланып алған.
– Әй, барамысың өзің?
Мәукен екінші темекісін тұтатып, торы жорғаға қарғып мінді.
– Мен дайынмын, аға. Қалаға бірден барамыз ба, әлде тағы бір ауылға соғамысыз?
– Тоқмұратқа кіріп шығуым керек. Егер үйінде болса.
– Үйінде, үйінде. Тоқмұрат дегенің таңнан қара кешке дейін үйінен шықпайды.
Бала соны айтты да ағасына мінгеспек болып, аттың үстіне лып етіп қона кетті. Мәукеннің белінен құшақтап алды. Жолай бүгін ғана көрген, қазір бірге келе жатқан ағасының бет-әлпетін елестетіп келеді. Қыстың мынау қақаған күнінде жаздық күнқағар киген, сап-сары жүзіне секпіл қонақтаған, қалың қара шашты, арық кісі. Жүзіндегі секпілі Сәлиманың секпілінен аумайды екен. Қап, Сәлиманы сағынатын болдым-ау деп ойлады сосын. Ол бір аңқылдаған жан. Құдай біледі, қазір де аңқылдаған қалпы күйеуі Мәметжанның байпағын тартқылап, одан қалса ошаққа жүгіріп, одан ана жылауық қызын уатамын деп, шыр-пыры шығып жүрген шығар. Осыдан өсіп, жігіт болсам, Сәлиманы өзім аламын деп түйді сосын. Байпағын тартқылап, балықтың сорпасын аузына тосып жүргеніне қарамастан Мәметжан ашуланса көзін қан жуып, байғұс әйелді тепкілеп тастайтынын Шырынбек жақсы біледі. Әлгінде ғана өзі аялап ұстап, сипалап сүрткен етігі іші бауырын тызылдатып, теуіп жатқанда байғұс Сәлима не ойлайды деші? Мәметжанның сол қылығы есіне түсіп, бала қарадай тісін қышырлатты.
Сәлима таяқ жеп, үйдің іші алай-дүлей болып жатқанда жылауық қызын Шырынбек аулаққа алып кетіп, ойнатып қайтушы еді. Сәлима уыздай сұлу ғой, қалай ғана тепкілеуге болады оны? Жоқ, айтқаным айтқан. Осыдан өссем бітті, бұл ауылда бір сәтке де қалдырмаймын оны!.. Мәукеннің белінен тас қып құшақтап, торы жорғаның үстінде отырған бала көлбей шөккен нардың өркешіндей болған Айпара қыратынан асып бара жатып өз-өзіне осылай деп серт берді.
Кімді айтсаң сол деген, қыраттан ойпаңға құлап келе жатқанда ақсаңдай басып, алдарынан жаяу-жалпылап Мәметжан шыға келді. Үстінде жалбыраған жаман тон, оның аңғал-саңғал түймеленген ілгектерінің арасы ашылып, ішінен жиенінің құдалығынан киіп қайтқан боз кәстүм-шалбары көрінеді. Аяғында Сәлиманы итше тепкілейтін жаман етік. Қолында қамшы. Бала Мәметжанмен көрші еді. Құдайдың құтты күні тыңдайтыны соның жыры. Қайда барды, кімді көрді, кім не айтты, кімді боқтады, кіммен ішті, бала шырт ұйқыда жатып-ақ жатқа соға береді. Мәметжан насыбайын атып, бейқам келе жатыр екен, сақауланып «Әссәләумәликүм» деді үсті- басын қағып. Мәукен екеуі бір-бірінен көз алмай қарап қалыпты. Сосын барып Мәукеннің артында қылқиып отырған баланы аңдады.
– Әй, қуаяқ, сен неғып жүрсің? Қайда бара жатырсың?
– Қалаға, көке. Мәукен ағаммен қалаға барамын.
– Мынау ма көкең? – деді Мәукен ағасы Мәметжанның көзінен көзін айырмаған қалпы балаға иек қағып.
– Жоғ-ә, бұл басқа көкем…
– Қалаға дейді?! Қалада сені кім күтіп отыр екен? Ойпырмай, отырысың жаман…
Мәметжан мынау шындап айналыспаса болмайтын мәселе екен дегендей, аузындағы насыбайды былш еткізіп түкіріп тастап, кәстүмінің жеңімен аузы-басын сүртінді.
– Жаяулатып өзің қайдан келесің? – деді Мәукен.
– Құрығыр көкқасқа, иесіне тартқан өлімтік келгір, оттасын деп бос қоя беріп едім, орнын сипап қалдым…
Мәукен оның сөзін аяқтатқызбастан атын тебіне жөнелгенде Шырынбек ауып түсе жаздады. Шалқая құлап бара жатып Мәукеннің беліне қол іліктіріп үлгерді.
– Әй, сен өзің… кімсің өзің?! Әй, Шырынбек, тоқта! Жын ұрды ма, немене?!
Мәметжан ақсаңдап бұлардың ізінен тез-тез басып қуғысы келгендей бір әрекет жасады да мынау түсініксіз жағдайдың өз пайдасына шешіле қоймайтынын пайымдап, тоқтай қалды.
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр- тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын-дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
Бұл өлкедегі былтырғы қыс біртүрлі жайсыздау соқты. Не қақаған суық емес. Не жаймашуақ жылы емес. Ел абдырап, дағдарып қалды. Нәпақасын теңізден айыратын балықшылардың да басына нәубет орнайтын шақ осы. Дегдіген мұз омырыла ойылып, әкесінің қаза болатыны да сол кез. Әкесінің жан дегенде жалғыз түйесі бар еді. «Ленинград» деуші еді оны. Сол «Ленинград» жылым тартып жатқан кезде мұз гүрс етіп ойылып, әкесі оқыста су түбіне кетті. «Ленинград» әупіріммен аман қалып еді, кейін ол да біржола қарасын батырды. Ауыл болып іздесе де таба алмады. Бала біржола жалғыз қалды. Сонда оны жалғызсыратпай, жанына жалау болған осы «достары». Бірақ соңғы кезде бұл достарының да жәйі мәз емес пе деп алаңдайды арагідік. Былтыр жазда толқынның үні құмығыңқы болып шығып жүрді… Суырыла соғатын құмның мінезінде баяғыдай жылылық, мейірбандық емес, әлдеқандай суықтық, долылық бар. Дойырлығын көрсеткісі келгендей, басы-көзіңе қарамай соқтығып, мазасыздана береді… Жаз бойы қара күзге дейін бала өзіне бағынышты оркестрдегі арагідік көрініс беріп қалатын түсініксіз жайларды ұға алмай қалушы еді…
Ол әлдеқашан ұйқыға бас қойған. Мәукеннің де кірпігі ілінісіп әрең келеді. Қу тақыр далада Тоқмұрат жалғыз үй отыр. Үй жанында ат арба, есек арба, одан әріректе ат-шана тұр. Айдың бозамық сәулесі айналадағы оны-мұны заттарды әйгілеуге жетіп жатыр. Тіпті сарайдың есігіне ілінген добалдай қара құлып та алыстан мен мұндалайды.
Кенет аспан көгінде найзағай ойнағандай әлдене шатыр ете түсті де күркіреген дауыс жеті қат көкті тілгілеп өтіп, жердің үстіне көз қарықтырар самала жарық шашырады. Аз да болса сергектеу келе жатқан Мәукен не болғанын түсінген жоқ. Түсінуге шамасы да жете қоярлықтай емес еді. Ал бала қолын жайып, айғайлап жіберді. Мәукен шошып, аспанға аңтарылған күйі оң қолымен баланы қармалай берді. Таңды күтуге шыдамы жетпеген күн құдды аспан көгіне түн ортасында шыға салғандай. Мұнартып, бозарып тұратын қыс аспаны алтын шұғылаға боялып, кәдуілгі күн сәуле шашты. Бала ештеңені ұғып болар емес. Ат үстінде ұйықтап қалғанына сенбейді. Жалпы, ештеңені байыптайтын хәлі жоқ. Дел-сал. Былқ-сылқ етеді. Мәукен аттан секіріп түсті де, баланы жан-дәрмен көтеріп алып, есікке беттей беріп еді, мына алапат дауыс төсегінен жұлып алған Тоқмұрат та дамбалшаң далаға шығып келе жатыр екен. Бұлардың кім екенін шала-пұла шырамытып, дір-дір еткен қалпы «кіріңдер, кіріңдер» дей береді.
* * *
Биік бетон қоршауы бар құпия нысанды сайдың тасындай сарбаздар кірпік қақпай күзетіп тұр. Бұл нысанға ешкім жақын барып, жанаса алмайды. Бұдан сәл әріректе старттық кешен орналасқан.
«№1 Мемлекеттік орталық полигон» сондай суық та самарқау. Ештеңе болып жатпағандай, ешнәрсе жасалып жатпағандай бейжай.
Старт алаңы жуан арқандармен қоршалып (мұндайды бұрын ешқашан істемеген), шамамен 40-50 метр қыры бар шаршы аумақ пайда болды. Барлық қызметкерлер білектеріне қызыл таңғыштары мен нөмірлері бар жетондар тағып алған.
Механикалық және электрлік түйісуді орындайтын транспорттық-түйістіру машинасы ядролық оқтұмсықты тиеп, ауыр қозғалып, старт алаңына қарай беттеп келе жатты. Оның алдында және артында күзет көліктері баппен қозғалады. Бетон жабынды жолдың бойында әр 25-30 метр сайын штык таққан карабинді сарбаздар сап түзеп тұр. Ұшырылым алаңындағы бақылау-өткізу пункті мен күзет мұнараларынан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің офицерлері көрінеді.
Түйістіру көлігі жылдамдығын одан сайын баяулатып, кран-манипулятор іске қосылды. Оқтұмсықты тиеп алып, жоғары қарай көтерді де арнайы гидравликалық жүйемен оқтұмсықты зымыранның жоғарғы бөлігіне орналастыруға бағыт алды. Жағдайды бірнеше генерал көз айырмай бақылап, жауапты сәт алдындағы маңызды орналастырудың сәтті іске асуын қадағалап тұрды.
– Жолдас министр, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Мен білсем, бұл Кеңес одағының ядролық әлеуетін көрсете алатын бірегей мүмкіндік, – деді Кагановский көкейіндегі күмәнді мейлінше сыртқа шығармауға тырысып.
Р-5М кеңестік стратегиялық зымыран кешені бас конструктор, білікті ғалым Сергей Кагановскийдің тұла бойы тұңғышы іспетті бірегей туындысы еді. Осыны ойлап табуға, оны мейлінше мінсіз қылып жетілдіруге қаншама жылын, алтын уақытын сарп етті. Міне, енді сол туындысын әуеге самғатып, сынап көрер сәтке де жетті.
– Біліп тұрмын, жолдас Кагановский, – деді маршал Варламов. – Бәрін білемін. 12000 километрге дейін ұша алады, қуаттылығы 300 тонна тротилға жетеді, мұндай қуатпен бірде-бір Еуропа елін аман қалдырмауға шамасы бар. Бірақ мәселе мынада – бүгінгі операция сәтімен жүзеге ассын және соңы дабыраға ұласып кетпесін.
– Оған алаңдамаңыз, – деді Кагановский терезеге көз салып. – Алаң болмаңыз.
Алаңқайда зымыранды ұшуға даярлаудың соңғы жұмыстары жүргізіліп жатқан еді.
– Метеоқызмет рұқсат етпесе күте тұрғандарың абзал. Қалайда бәрі сәтті аяқталуға тиіс. Оның үстіне, ертең компартия съезді басталатынын естен шығармаңдар, – деп қайталай ескертті Варламов.
Р-5М зымыранын ұшыру алдындағы дайындық шамамен екі сағатқа созылды. Инженер-капитан Кузнецов «Жолдас министр, жолдас жетекші, зымыранға соңғы тексерулер жүргізілді. Температуралық режимді қалыпты деп бағалаймыз. Тетіктердің бәрі орнында» деп баяндады.
Зымыранның ұшырылуына бірер сағат қалғанда үш адамнан құралған шағын және төтенше жиналыс ұйымдастырылды.
– Жолдастар, – деді Кагановский екі серігіне барлай қарап. – Бұл Кеңес одағының ғана емес, адамзат тарихындағы айтулы оқиға. Біз оны өз қолымызбен жасағалы тұрмыз. Тарихта аты-жөніміз таңбаланып қалмақ. Тек ол қаралы әріппен жазыла ма, алтын әріппен әдіптеле ме — бұл бәрін дұрыс орындап шығуымызға байланысты…
Кагановский сәл-пәл күмілжіп қалды. Тарихи оқиғаның алдында әйгілі ғалымның өзі де толқып кетсе керек. «Толқымағанда ше» деп ойлады серігі Вадим Барабанов. Қаншама жылдан бері Кагановскиймен бірге қызмет етіп келеді. Не ойлайтынын, не сезетінін бірінші болып аңдайтын осы Барабанов. Жылдар бойғы ойларың мен еңбегің аз ғана айда тұмсығы көкке шаншылған, мойнын зәу биікке созып, самарқау һәм сұсты кейіптегі алып зымыранға айналып, қақ алдыңда тұрса толқымай көр! Сол оймен Кагановскийге қарады. Ол шынымен-ақ толқулы екен. Қобалжығанын білдіргісі келмей, төс қалтасынан шылымын шығарып, тұтатты. Терезеден сыртқа көз тастады. Р-5М старт алаңында қаннен-қаперсіз.
– Айвенго! – деп саңқ ете қалды Кагановский кенет жадырап. Темекісін қаттырақ сорып-сорып, лақтырып жіберді.
– Жолдастар, есте болсын, бұл біздің құпия сөзіміз. Айвенго. Мұны мен ойлап таптым ба, әлде Леонид Воскресенскийдің идеясы ма, бұл енді маңызды емес, – деп күлді ғалым. – Маңыздысы – Айшоқы аспанындағы алапат жарылыс. Солай емес пе, жолдастар?
– Дәл солай!
Барабанов пен Уминский қатарласа жамырады.
– Әгәрәки қандай да бір ауытқу байқалса, жолдас Уминский, құпия сөзді айтуға міндеттісіз. Біздің пунктті бункермен байланыстыруға міндетті телефонист сол сөзді телефон тұтқасында айнытпай қайталауы керек.
– Құп!
– Содан соң бункерде отырған Воскресенский ұшып бара жатқан зымыранның радиобайланыс желісі арқылы командаға жөнелтетін батырманы басады.
– Түсінікті, жолдас Кагановский!
Старт алаңында бұрын-соңды болып көрмеген қарбалас. Себебі арғы-бергі тарихта Капустин-Яр полигонынан мұндай алып әрі айырықша мақсаттағы зымыран ұшырылып көрген емес. Әскери бөлімнің жауапты офицерлері теодолит жұмысын тағы бір мәрте пысықтап жатты. Басқа әскерилер секундомерлерін тексеріп, сын сағатты толқи күтіп жүр. Барабанов пен Уминский екінші окулярдың жанына барып, тиісті параметрлерді тағы бір мәрте пысықтап өтті. Мұндайда мың рет қарасаң да артық емес. Көзіңді талдырып, санаңды талықсытсаң да зәредей қателік жіберуге болмайды. Қаптаған ғылыми теорияның ортасында көзі ағарған Кагановскийдің жанынан бір елі қалмайтын Барабанов пен Уминский бұл жағын жақсы түсінеді.
Бәрі өз орындарына барғаннан кейін бункермен байланыс тексерілді. Бәрі дұрыс. Бәрі ғажап. Енді сәл шыдаса болды, Одақ қана емес, күллі әлем ғылыми-ғарыштық технологияның жаңа дәуіріне өтпек. Сол жаңа дәуірге аяқ бастырар ғаламат әрекетті міне, Астраханның қақаған аязында дірдек қаққан осынау топ іске асырып жатыр. Бұл ой Кагановскийдің көңіл түкпірінде әлсін-әлсін қылаң беріп, әлі болып бітпеген істің қуанышы біресе бойын кернейді, біресе уайымы жан-дүниесін астан-кестең етеді. Қорқыныш пен қуаныш қатар асыр салады. Кагановский тәртіпке қайшы болса да шылымын ауызынан бір тастаған жоқ. Сонда да шегіп жарытып жатқаны шамалы…
«Стартқа 15 минут қалды» деп хабарланды. Маңайдағы қызметкер атаулының бәрі кіші дәрет сындырып – «әдеттегі дәстүрді» бұлжытпай орындады да қайтадан өз жұмыс орындарынан табылды.
Зымыранды әуеге жөнелтуге пәрмен берілді.
9, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1. Кетті!
Гүрілдеп оталған, тұмсығын көкке қадап тұрған алпауыт зымыран ышқынып қалып, қозғалтқыштың гүрілі жер-әлемді тітіретіп жіберді. Көп ұзамай 001 зауыттық атауымен тіркелген, ядролық от-қару тиелген, салмағы 28 тонна, ұзындығы 20 метрден еркін асатын, диаметрінің өзі 2 метрге пара-пар баллистикалық зымыран көз ілеспес жылдамдықпен көк жүзіне шапши көтеріліп, шексіз биікке қарай адам айтқысыз жылдамдықпен самғай жөнелді.
Старт алаңында тұрғандар жапа-тармағай бір-бірінің қолын алып, құттықтасып, құшақтасып жатты. Осынау тарихи сәтте Уминский Кагановскийге естіртпей, жәймен ғана Барабановтың құлағына сыбыр ете қалды.
– Қалай ойлайсың, күндердің бір күнінде бізді әскери қылмыскер ретінде соттап жібермей ме?
Барабановтың беті әлгінде ғана лаулап ұшқан зымыранның құйрығындай алаулап кетті.
– Бұл не дегенің? Бұл тарихи сәт… Біз тарихи оқиғаны іске асырдық!
– Мен де соны айтып тұрмын, – деді Уминский. – Тарихи болғандығы үшін де қатерлі емес пе? Сонау Қазақстанның қиыр түкпіріндегі Айшоқыға қуаттылығы 80 килотонна болатын жарылысты төбелерінен тастай салудың ақыры не болар екен? Бұл шын мәнінде қауіпті…
Барабанов ойланып қалды. «Не болушы еді?» деді ол өз-өзін бекіте сөйлеп:
– Түк те болмайды!
Тап осы уақытта Көк теңіздің солтүстік-шығысындағы құмды шөлде – Қарақұм даласында тағы бір әскери топ баллистикалық зымыранның сәтті жарылуын бақылап, оны ресми тіркеуге алуға даяр тұр еді. Аяз бетті аяусыз шымшылайды. Минус 30 градустың ар жақ, бер жағы. Қар биыл қалың түскен. Бір жарым-екі метрден кем емес. Жер-дүние ақ көрпеге оранып, мүлгіп жатыр. Уақыт өте жел басылып, еңсені басар қалың тұман айналаны көзге түртсе көргісіз ете салды.
Жағдайды бақылау тобының өкілдері мұндай ауа райында ядролық жарылысты құлау квадраты шекарасынан бірнеше шақырым қашықтықтан оптикалық тіркеу мүмкіндігі қалай болар екен деп алаңдай бастады. Өйткені дәл осы қашықтықта жарылыс фактісін жедел құжатпен растау және оның қуатын экспресс-әдіспен анықтау үшін оптикалық аппаратура орнатылған болатын. Күннің суықтығы жағдайды одан сайын қиындатты: ақырында аппаратура мұздап, жұмыс істемей қалды.
– Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады деген осы, – деді шынымен алаңдай бастаған генерал-майор Звинцов жерге шырт түкіріп. Ақезу аяз түкірігін жерге түсірмей, ұшырып ала жөнелді. Мұны байқаған әріптесі күліп жіберді:
– Айшоқының мына адуынды аязы Құдай біледі, сенің түкірігіңді Астраханға қарай алып ұшты-ау. Ал біз сол Астраханнан әлгі зымыраны құрғыр қашан жетеді деп асығып отырмыз.
– Көрмей тұрмысың, – деді Звинцов танкті нұсқап. – Оталмай қалған.
Сосын екіншісіне жақындады. Ол біраз қиналып тұрды да гүрілдеп ала жөнелді. Танк ішінде кинокамера, аккумулятор, сосын радиостанция бар. Ақырындап жүріп экипаж құлау квадратының шекарасына да жетті-ау. Звинцов мазасызданып отырып стартпен байланыс орнатты.
– Танкінің үстіне аппаратураны орнатып, жарылысқа дейінгі бүкіл уақыт бойы үздіксіз радиобайланысты сақтап тұрыңдар, – деді арғы жақтан байланысқа шыққан генерал-лейтенант Осин. Сәлден соң тағы да байланысқа шығып, «зымыран есептелген траекториядан оңға қарай ауытқып бара жатыр» деп мәлімдеді.
– Тезірек танктен шығып, люкті жабу керек! – деді мұны естіген танкистер абдырап. Сөйтті де олар Звинцовтың үстіне екіқабат тон жауып қойды. Аппаратура мен аккумуляторды аяздың ырқына беріп қоймау өте маңызды. Звинцов әрең дегенде аппаратты қосып, оның бағдарын аз да болса түзетуге күш салды. Бітті! Көзін ашып-жұмды ма, оны да білмейді. Жарылыс! Соққы толқыны жердің өзін теңселтіп жібергендей әсер етті. Танкистердің бірінің малақайы домалап кетті. Торы жорғаның үстінде келе жатқан Мәукен мен баланың да ауып түсіп қала жаздайтын сәті осы кез.
Звинцов көк жүзін алапат жарылысқа айналдырған сәтке аңырайып қарап отырған қалпында Осинге бәрін мұқият баяндап жатты. Сосын генерал-майор бастаған арнайы топ тоғысу нүктесіндегі құлау квадратын мөлшерлеп, ядролық жарылыстың бүкіл параметрін – радиация мөлшерін, соққы толқынын, жарық сәулеленуін есепке алды.
Арада бір сағаттан астам уақыт өткенде екі тікұшақ келіп, команданы тиеп алып, Айшоқы аэродромына қарай ұшып кетті.

* * *
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр- тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын-дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
Тоқмұраттың үйі вокзалдан алыс емес. Оны толыққанды вокзал деуге де келіңікіремейді. Тоқтаусыз зымырап өтіп жатқан пойыз жоқ. Анда-санда ысқырып, шыңғырып тауарлы вагондар өтеді. Тоқмұратқа соның өзі жеткілікті. Құмаралдың құжыра сияқты кішкентай разъезіне пойыз тоқтаған кезде мықшыңдап жүріп қап-қап көмірді түсіріп алады. Сосын үсті-басын қаққыштап, пойыздың бас жағына беттейді. Сол кезде Тоқмұраттың үстіне қонған көмір тозаңдары жан-жаққа бытырай ұшып, жайылып, қап-қара шаң айналасын қаумалап бара жатады.
Тоқмұрат жерде тұрып өзінен құлаш бойы жоғары машинистке мойнын созып, «Здрәсте, Сережа» дейді. Ол «саламалейкім Токмурат» дейді жымың етіп. Сосын Тоқмұрат көмірдің иісі мен шаңы сіңген жаман драп пальтосын шешіп жерге қояды. Оның ішіндегі мақтасы әлдеқашан сетінеп, артылған бірен-сараны түйдектеліп не жеңіне, не етегіне жиналып қалған жаман кәстүмін шешеді. Сосын әкесінен қалған сары дақтары бұл күнде қарайып, қошқылдануға айналған тозыңқы жейдесінің төс қалтасынан сапырылысқан ақшаны уыстап алып шығып, көмір-көмір саусақтарын бір-бір жалап қойып, ақша санай бастайды. Әбден санап болған соң ақшаны жұмарлап қысып, уыстап дөңгелектеп Сережаға қарай лақтырып қалады. Машинист әлгі жұмарланған ақшаны жерге де түсірмей, желге де ұшырмай қағып алады. Кейде Тоқмұрат жаңылысып, қайта санап тұрып алса сап-сары Сережа қып-қызыл болып ашуланып кетеді.
– Сен қызықсың, Тоқмұрат, – дейді ол көздері дөңгеленіп, төменге төніп тұрып. – Алатының 35 қап, соның ақшасын алдын ала дайындап қойсаң болмай ма?
– Міні, міні, болып қалдым, – дейді Тоқмұрат сонда да саспай, қап-қара саусағын ұртына сусылдата салып тұрып. Сережа амалсыз басын шайқайды.
Пойыз жүріп кеткен соң Тоқмұрат майпаңдап келіп, теңкиіп жатқан көмір салынған қаптарды арбасына тиейді. Әр қапты лақтырған сайын қамытқа жегіліп тұрған ақ есегінің мойны қалтаң ете қалады. Қарадан қарап жүріп жалғыз есегімнен айырылып қалмайын дей ме, біраздан соң қамытты ағытып қояды. Ондайда ақ есегі серуендеп, дала кезіп кететіні бар. Борша-борша терлеген Тоқмұрат ақ есектің ата-тегін түгел сыбап, шыбықпен сабалап әкеліп, жеге бастайды. Ауыр жүк тиелген арбаны қинала тартқан ақ есегі әшейінде тез-ақ жүріп өтетін қашықтықты күндік жолға айналдырып, таң сібірлеп ата бастағанда үйге әрең маңдай тірейді. Болдырып жетеді. Шаршадың-ау, маған тағы да қажетсің-ау деп жатқан Тоқмұрат жоқ, есегімен шаруасы болмай, ол байғұсқа жем де берместен, су да берместен қаптарды арбадан мықшыңдап түсіріп, сарайға тасуға кіріседі.
Кейде колхоздың қоймасынан ұрлайды. Оған ат арбамен барады. Қазалының базарынан қайбір жылы көмір салатын қаптың неше атасын алып келген. Қойманың күзетшісі Әбдікәкімге әнеугүні бір жайын беріп кеткен. Бір жайын – бір айдың нәпақасы. Одыраң әйелі соның өзіне риза емес. Алдыңғы күні «Комбинаттың жанынан да склад ашылған көрінеді. Ол жаққа да көмір келеді. Сөйлес» деген шәй үстінде. Тоқмұрат шоршып түсті.
– Әбдікәкімнің өзі қай күні есінен танып қалар екен деп әрең жүргенде, айналайын, комбинатыңды айтпа маған, – деген шыр-пыр болып.
Бүгін де сөйтіп бейнеттеніп, әрең дегенде төсегіне жантайған беті еді. Екі бөлмелі жаман тамының қаңбақ құрлы болмай, ұшып кете жаздағаны. Тіпті жаман тамы шынымен ұшқысы келгендей, бір-екі рет төбеге қарай ұмтылғандай болып та көрініп кетті. Тоқмұратта зәре-иман қалған жоқ. Әйелі түк сезер емес. Әрі аяз, әрі тұманды, тас қараңғы түннің әп-сәтте жап-жарыққа айналып сала бергенін көрген Тоқмұрат әуелде ақырзаман деген осы шығар деп түйген. Кейін әлгі жарық сейіліп, жердің теңселісі басылған соң бұл ойынан қайтайын деді. Кейде отырып алып, «Осы Ақырзаман дегенді бір көріп үлгерсе болар ма» деп қай-қайдағыны ойлайтыны бар еді, енді сол «Ақырзаманмен» бетпе-бет келгенде кіші дәретін босатып жіберуге шақ қалды.
Әйелі сонда да ештеңе сезбейді. «Әй, мен болсам бұтыма жіберуге аз-ақ қалдым, бұл болса серейіп жатысы мынау» дейді күйгелектеніп, әр терезеге бір барады. Сөйтсе де, әйелінің қаннен-қаперсіз қорылдап жатқаны бойын тіктеп, буынын бекітуге септескендей болды. Солай абдырап жүріп дамбалшаң күйі сыртқа қашқанда әлгілердің алдынан шыға келмесі бар ма.
Өзі де көмір тасыған құрлы қылкөпірдің үстімен өткендей болып жүр еді, біреулер ізімді аңдыған ба деп зәресі зәр түбіне кеткен. Бірақ бұл байғұстардың кісі баласына зияны тиер ыңғайы байқалмайды. Тіпті өздері өле жаздап, мұның үйін сауғалап келсе керек. Соларды жайғастырамын деп өзі де әбден сілелеп бітті. Жастыққа бас қойғаны сол, ұйқы шіркін қақ маңдайдан ұрып, сілейтіп түсірді.
Бала түні бойы көзі ілген жоқ. Мәукенмен бүгін танысқан. Мәскеуден келе жатқан беті екен. Алматыға аз-кем аялдадым да тікелей Айшоқыға тарттым дейді. Мұнымен үлкен адам секілді сөйлесті. Өзі де Мәметжанның отынын амалсыз бұтап тұр еді, мынадай қызық адамның кезіге кеткеніне қуанбаса ренжи қойған жоқ.
Бұл күнде балаға бәрібір. Кіммен болса да қуана табысады. Адам болса болғаны. Бұл дүниеде ең жаманы жалғыз қалған ғой дейді оңашада өз-өзіне күбірлеп. Жалғыздық неткен жаман еді. Бұл өзі қандай адам? Тоқмұратты неге іздеп жүр? Қалаға апарамын дейді, қаласы қандай екен деп біраз ойланып жатты. Сосын есіне атасы түсті. Атасы іздемей ме мұны? Ақымақ басы бейтаныс аттылының ізіне ілесіпті де жүре беріпті. Ол болса шарқ ұрып іздеп жатқан шығар. Кейде ертерек ұйықтап қалатыны бар еді. Бәлкім, сөйткен болар. Бұрын да бірер мәрте Тоқмұраттың үйіне түнеген. Тоқмұрат ол кезде де осы жерде тұратын, Мәметжанмен бірігіп бригада құрып, балық аулап жүрген. Кейін онысын қойып кетті. Мәметжанның да бұл күндері балықпен онша ісі жоқ… Сөйтіп жатып есіне Сәлима оралды. Сәлиманы ойлауы сол, баланың тұла бойы шымырлап, көңілі қызынып кетті. Езуіне болмашы күлкі үйірілді. Сосын Мәметжанның үйіне ашуланып баратыны, бүкіл өшін Сәлимадан алатыны түсті де қайтадан бойын көңілсіздік жайлады. Иә, бала бәрін айна-қатесіз біліп жатыр, көріп жатыр. Ұйқысыраған күйінде сырттан дүниенің бір бұрышын сұқ саусағымен тіреп тұрған адамша аһылап-уһілеп Мәметжанның кіргенін, сосын ошақтың отын түрткілеп, бүрсеңдеп отырған әйеліне ажырая қарағанын, бәрін-бәрін көріп жатты, сезіп жатты…
Мәметжан кеше сойған лақтың жас сорпасын шылқа терлегенше сораптап, ішіне ел қонғанша тырс етіп дыбыс шығарған жоқ. Сәлима шоқты көсеп, аздап тұтандырды да үстіне әлдеқашан істен шығып қалған тоқшәйнекті қойды. Біраздан соң тоқшәйнек ызыңдап қайнай бастады.
– Ана бала кетіп қалыпты, – деді бір кезде барып Мәметжан. – Есірік неме, әлдебіреуге мінгесіп алыпты өзі.
– Көтек, неғыл дейді, кімге мінгесіп алыпты?
– Кімге деп еді-әй.., – Мәметжан әйеліне зәрлене қарады. – Әй, соныңды сен танып жүрме…
– Оттама, Мәметжан…
– Өзі бір реңді жігіт… Рас танымаймысың?
Мәметжан жүзі түтігіп, қарақошқылданып кәрлене түсті. Оң қолын босағада жатқан жаман етігіне қарай созды.
–Кімді айтып тұрғаныңды түсінсем неғыл дейсің? – деді Сәлима жалынышты дауыспен.
Өзіне қарай табаны ырсиып, тілі салақтаған жаман етіктің екпіндей ұшып келе жатқанын кеш аңғарған әйел әрең бұғып үлгерді. Етік топ етіп ошақтың алдына түсті. Күйіп қалмасын дегендей, Сәлима жалма-жан етікті алып, былай ысырып қойды.
Баланың ұйқысы қайтадан ашылып кетті. Иә, сөйтті, оңбаған Мәметжан тура солай істеді ғой деді әрі-бері дөңбекшіп. Әлгінде ғана бойы балбырап, кірпігі ілініп бара жатыр еді, ұйқысы ашылып кетті, көзі бақырайып, сол күйі жатты да қойды. Мәметжанға тигелі Сәлиманың басынан соры арылған емес. Ауыл әйелдері «байғұстың бет-ажары өзіне сор болды-ау» деп сыпсың-сыпсың етеді. Олар мұны аяғаннан айтты ма әлде сұлулығын қызғана ма, ол жағын айырып білу қиын. Бір анығы – оны аяйтындар да, қызғанатындар да көп. Бала Сәлиманы жақсы көреді. Мәметжаннан таяқ жеген күндері бұлардың үйін сағалап келеді. Атасы аяп ішке кіргізеді. Үстіне көрпе жауып, ыстық су беріп, бәйек болады. Бет-аузы адам көргісіз, көкала торғайдай қылып сабаған. Мұны көріп, баланың ашуы қозып кетеді. Тап қазір барып Мәметжанды қылғындырып, Сәлиманың кегін алсам ғой деп армандайды. Бірақ оған әзір күш-қайраты жетпейтінін жақсы біледі. Өскен соң міндетті түрде Сәлиманы құтқарамын деп өз-өзіне серт етеді.
Сәлима сондай сұлу. Қасы-көзі қиылып тұрады. Ептеп бұйраланған шаштары әппақ жүзін одан сайын әсемдеп, нәркес жанары жәудірей қарайды. Бала дүниеге келіп, айналасын танығалы тап мұндай сұлу әйел көрген емес. Өз анасын сұлу деп ойлаушы еді… Бұрын солай ойлайтын… Қазір оған өз анасы сұлу емес секілді. Баласынан безініп кеткен ана сұлу бола ма дейді бала тағы да өз-өзіне сұрақ қойып. Сосын жауап күтеді. Олай болуы мүмкін емес қой, мүмкін емес дейді сосын жауап ретінде.
Сан алуан ойлармен арпалысып жатып қалай көзі ілініп кеткенін байқамай қалыпты. Сөйтсе де ерте оянып алды. Түнімен разъезден көмір тасимын деп шаршап, одан әлгі алапат жарылыстан қорқып, одан қалды ойда-жоқта келіп қалған қонақтары абдыратқан Тоқмұрат әбден сілелеп қалыпты. Ұйқыны соғып жатыр. Күн тас төбеге бір-ақ шыққан екен-ау деген ойдан шошып, тапырақтап атып тұрған. Алдында Әзірейілдей болып бала отыр. «Өй, сенбісің?!» деді шошығаны басылып, добалдай саусақтарымен шылқа терлеген мойны мен маңдайын сүртіп.
– Тоқмұрат, амансың ба, әй? – деді бала.
– Аман, аман…
– Тағы да көмір ұрлап әкелдің бе?
– Әй, сен де… Ұрлап деме…
– Ұрламаған нең қалды енді? Соншама көмірді сатып алатындай әкең Шұбаркөлдің шахтасын басқарып па еді?
– Әй, сен де… Сөзуар боп алыпсың.
– Қатыныңа айтшы, шәй берсін.
– Береді, ойбай, тек үндеме жалмауыз бала-ау, дымыңды шығарма.
– Шәйға қансам сенде не шаруам бар.
– Болады шәйің, болады…
Тоқмұрат орнынан әрең тұрып, мықшыңдай қисаңдап, шығып кетті. Ауызғы үйде әйелімен күбір-сыбыр сөйлесті де көп айналмай, қайта шықты.
– Ау, әлгі қонақты оятайық. Неғылған жан, жөнін сұрайық, – деп төргі бөлмеге беттеді.
– Қонақ далада, – деді бала. – Темекі шегіп тұр.
Бала мен Тоқмұрат сыртқа шықса Мәукен созылып жатқан далаға қарап шылымын бұрқыратып тұр екен. Бұлар жанына таяп барса да сол арқасын берген күйі қайырылмай тұра берді. Аспан күңгірт. Кешегідей емес, аяз аздап сынайын депті. Тоқмұрат пышылдақ мұрнын тартып-тартып қойды.
– Бір күлімсі иіс шыға ма, а? – деді сұрау тастап. – Айтпақшы деймін-ау, кешегі жер-дүниені астан-кестең еткен не пәле болды? Сол пәлемен жағаласып сендер неғып жүрсіңдер?
Мәукен енді ғана бұрылды. Бетінің әр тұсына ала шұбар дақ қонған, шашы қап-қара әрі қайратты, ұзын бойлы, денелі жігіт екен. Тоқмұраттың бет-жүзіне барлай қарады. Баланың да Мәукеннің бейнесіне анықтап зер салғаны осы. Тоқмұрат алып бара жатқан кәрі емес еді, бірақ осы тұрысында Мәукеннің әкесіндей дерлік шамада көрінетін. Бала соның бәрін оңай аңғарды. Қалт-құлт еткен түріңе қарамай көмір ұрлайсың-ау деді бала Тоқмұраттың үсті-басын тінти қарап. Өзі шынымен шөгіп қалған ба? Бұл ес біле бастағанда Тоқмұрат кәдімгідей айпаралы кісі еді. Қос иығына балық толы қос ақаншаны артып алып, балпанақтай аяғымен Айшоқының шегеқұмын борп-борп еткізіп, ертегідегі дию құсап келе жататын сәті әлі көз алдында. Ол кезде шешесі де бар еді.
Тоқмұрат ырғаң-ырғаң басып, бұлардың үйіне соқпай өтпейтін. Көкесіне сәлем беретін. Көкесі үнемі шәй үстінде «Тоқмұрат дегенің дамбалы бұтынан түсіп қала жаздап шауып жүретін бала еді, қарашы енді, далиған дәу жігіт болған» деп мейірленіп отыратын. Айтуынша, оны алғаш балыққа ертіп шыққан көкесі көрінеді. Баланың ата-бабасы осы өлкеде туып-өскен, ал Тоқмұраттың әкесі аштық жылдары теріскейден ауып келіп, шалқып жатқан ұлы теңіздің жағасынан тұрақ тауыпты. Сөйтіп осы жерге сіңісіп кетеді. Одан бері де заман бір ізді болған жоқ. Ашаршылықтан кейінгі алағай да бұлағай шақтарда осы Тоқмұрат ержетті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен уақыт, біреудің біреуге қарайласа қоярлық шамасы жоқ. Сонда көкесі «пана іздеп келген адамды ағайынға айналдырмасақ қайтіп ел боламыз? У ішсең руыңмен» деп өзге жұрттың сөзін жиып қойып, осы Тоқмұратқа балықшылықтың қыр-сырын үйретіпті.
– Атам осы өңірге атағы жайылған балықшы еді, – деп тамсанып отыратын көкесі. – Ол заманда Көк теңізге құяр сағаға бір жіптің бойында қаздай тізіліп, сырғауылға бекітілген тор мен ауларды құрып тастап, өзі қамыстың көлеңкесінде шәлжиіп жататын көрінеді, жарықтық. Жұрттар артель құрып, өзара қауымдасып әуре болып жүргенде бұл кісі ешкімге жақындамайды екен. Тіпті сол үшін жазаға тартыла жаздаған. «Қайбір жылдары бір балықты Орынбордың кекірейген көпесіне 3 рубль 30 тиынға саттым» деп отырушы еді, – дейтін әңгімесін ұзақтан бастап.
Шешесі соның бәрін үнсіз тыңдайтын. Көк теңіздің қасиетін бала жастан түйсініп, тағдырын теңізге тапсырған осынау әулеттің келіні атанғанына ма әлде осындай ержүрек жанның жары болғанына ма, әйтеуір әлдеқандай бір мақтаныш кеудесін кернеп, онысы жүзінде болымсыз күлкі табы болып көрініс беріп, жымиып қана отыратын. Томпаңдап жүрген мұның шашынан сипап, аузына құрт езіп береді. Сол құрттың дәмі баланың таңдайынан әлі тарқай қойған жоқ… Сол кез қандай мейірлі шақтар еді дейді бала арагідік есіне түсіп кетсе. Бақытты едік. Ондай бақытпен, ондай шаттықпен мынау аласұрған теңіздің астына түсуге де, анау зеңгір көктің төбесіне шығуға да болар еді ғой. Енді ше? Енді қайтпек? Көкесі оралмас сапарға аттанды. Өзі қатты жақсы көрген, өзі өлердей сүйген теңізбен тұтасып кетті… Шешесі ше? Ол орала ма?
– Мен білсем, бұл тегін емес, – деді Мәукен.
– Тегін болмаса айт енді, – деді Тоқмұрат.
– Түнеугүні біздің арамызда Мәскеу ядролық зымырандарын сынап көреді деген қауесет тараған. Сірә, сол болса керек.
– Ай, соры арылмаған Айшоқы-ай! – деді Тоқмұрат санын ұрып. – Міне, әлденені сынап көргісі келсе де бізді нысанаға алады. Бастан кешкен теперішіміз аз болды ма екен? Теңіз анау, апандай арнасы қуықтай арыққа айналып бара жатыр… Бүйте берсе, бізді өлтірудің де керегі болмас… Өзіміз-ақ жайрап түсерміз…
– Қойшы-әй, түңіле бермей, – деді Мәукен күліп. – Менің атым – Мәукен, Мәскеуден келе жатырмын. Жолай Алматыға соқтым.
Тоқмұрат та өзін таныстырып, атын айтуға ыңғайланып жатқан, одан бұрын сөйлеп кетті.
– Сені танимын, – деді ол. – Айтатын әңгіме бар. Мүмкін болса, оңаша сөйлесейік.
Алып денесі шөгіп, бұл күндері мықшыңдап жүретін шалға айналған Тоқмұрат та темекісін тұтатып, Мәукенді ертіп үйді айнала берді.
* * *
Бәрі де баланың кешегідей көз алдында. Көкесі білте шамның әлсіз жарығымен ошақ алдында тебен иненің бауырын отқа төсеп, қыздырып, иіп отырады. Әбден қызып, бабына келген темірді суға малып, бекітіп алады.
– Міне, жұтпа қармақ дайын болды, – дейді жайраңдап. Көкесі өте ісмер еді. Оң қолының үш саусағын оқ жұлып кеткен. «Саусақ садаға. Аз болып қалмасын деп үшеуін бірдей кермәнге бердік» деп күліп отыратыны баланың санасында әлі күнге сайрап тұр.
Шешесі күні бойы тыным таппай инелік, жауын құрты, су шаяны тәрізді жэәндіктерді жинайды. Оны көкесі жұтпаға пайдаланады. Балықтар әлгілерді бір тістесе бітті, қармақ басы қалтаң ете қалады. Ондайды мүлт жібермейтін кәнігі балықшы су астында асыр салған балықты әп-сәтте аспанға ұшырады. Көбіне көксерке, сазан, қаяз, шортан түсетін. Бала көкесінің жанына енді-енді ғана еріп, балық аулаудың қызығын көре бастаған, сезіне бастаған сәтінде бәрі шорт үзілді емес пе.
Көкесінің «Бүгін жылым тәуір-ақ майлады» деп көзіне түскен бөркін ысырып тастап, босағада леген толы балықты ұстап, бала-шағасына мейірлене қарап тұратыны кеше ғана сияқты еді. Үй ішіне балық иісі лап ете қалғаннан-ақ бәрі мәре-сәре болады. Оттың басы берекеге толып жүре береді. Шешесі үлкендеу бір қаязды таңдап алып, ішін жарып, кеспелеп қазанға салуға асық. Бұлар да балық қашан піседі деп ошақтың айналасында шуылдасып жүреді. Ал бұл сәт – көкесінің ең бір мазалы, берекетті шағы. Сырт киімдерін асықпай шешіп, Қиғашкүл салған төсекке жантайып, транзистордың құлағын асықпай бұрап, тыңдауға ыңғайланады. Қарындасы екеуінің асыр салып ойнағанын қызықтап отырып, тыңдап та қарық қылмайды-ау соны. Сонда да риза, сонда да көңілді. Біраз жасы ұлғайып барып көрген перзенттері болған соң ба, ерекше балажан еді.
Көкесі балыққа кеткенде шешесі үйде ұзақты күн мардан тоқитын. Бұл бір азап шаруа. Алдымен енді көктеп келе жатқан жұмсақ қамысты шауып алып, молынан жинап қояды. Сосын оны тоқуға кіріседі. Шешесі көбіне қамыс қурайларын қолмен ширатып алып, тігінен қойып, бірнеше жерден көлденеңінен қамыстың өзімен шақпақтап өріп шығатын. Көкесі кешкілік балықты сол марданға тастайды. Оның үстінен тағы да мардан жауып қояды. Марданда жатқан балық бұзылмайды да, шірімейді де. Балаға соның бәрі таңсық. Соның бәрі жат. Бірақ біртіндеп теңіз иісіне бой үйретейін деді. Ол кезде шалқып жатқан теңіздің әлі де болса қатты қайырлай қоймаған кезі. Ал қазір ше? Қазір теңіз дегенің күн санап емес, сәт санап шегініп бара жатыр. Атасы да ертелі-кеш соны айтып, сарыуайымға салынып отырады. Көк теңіз тартылса көрер күніміз не болмақ дейді күнде кешкілік жатар алдында. Сосын «Жаратқанның бір есебі бар да, тарихында Көк теңіздің аңқасы талай кеуіп, талай толды емес пе» дейді. Өзін жұбатып жүр ме, әлде баланың құлағына жете берсін деп айта ма, ол жағын айырып болғысыз. Әйтеуір, өз-өзімен күбірлеп сөйлеседі де жүреді. Атасы бір қызық жан…
Бұлар қам кесектен салынған кәдуілгі соқпа тамда тұратын. Айналдырған қуықтай қос бөлме. Арасын пеш бөліп тұр. Әдеттегідей атасы мұның үстін қымтап, маңдайынан сипап, бір ұрсып, бір айналып-толғанып жүріп, өзі де пештің жанындағы үйреншікті орнына жантая берген. Баланың көз алдына кешегі түн келді. Түн болғанда ымырт енді үйіріле берген, алагеуім шақ. Торы жорғаның бүлкілі әлдилеп, көзі ілініпті. Тарс-тұрс еткен ащы дыбыстан, аспан астында алау жаққандай болған беймәлім құбылыстың әсерінен оянып кетті. Басы мең-зең. Ештеңені түсініп болатындай емес. Сонда баланың байқағаны – көз жетер жерге дейін дүние жап-жарық болып, самаладай сәуленің Айшоқы даласының қойны-қонышын түгел кезіп кеткені еді. Құдды аспан төріне аспалы шам іліп қойғандай дерсің. Бала осынау ғажайып көрініске аңтарылып қарап, тілі байланып қалыпты. Аз болмағанда шошына айғай салып, аттан аударылып түсіп қала жаздапты. Одан арғысы есінде жоқ. Денесі дел-сал болып, Тоқмұраттың одыраң әйелі салып берген төсекке қисая берген. Бала соны ойлап, көз алдына елестетіп жатты. Бірақ әлгі құдіреттің не нәрсе екенін толық түсіне алған жоқ. Мәукен айтқан әлдебір зымыран туралы сөзді де ойы қорыта алмады.
Ұйқысы келді. Есіне атасы айтып беретін ертегі түсті. Атасын оятып, сол ертегіні тағы да айтып беруін сұрағысы келген. Бірақ ол ойынан тез айныды. Атасын мазалағысы келмеді. Ол бір қызық ертегі. Сол күйі соңына жете алмай келе жатыр. Ертегіні түнде, тек жатар алдында тыңдағысы келетіні де қызық. Әйтпесе, күндіз сұрап алса да болушы еді. Күндіз тыңдағысы келмейді. Ертегі деген түнге қарай айтқанда қызық. Анасынан алты айлық сәби кезінде ажыраған әлгі бала ержетіп, есейді ме екен? Есейсе не істепті? Хан оны қалай сыйлапты? Кейін анасымен көрісіп пе? Анасы оны іздеп пе екен? Әлде күдерін үзіп, күндерін құсалықпен өткізді ме? Бала бәрін білгісі келеді. Балаға бәрі жұмбақ.
Кенет үй маңы дүсірлеп қоя берді де іле-шала әлдебіреу есікті тарсылдатып ұра бастады.
– Астапыралла, – деді шошынып кеткен атасы. – Бейуақта бұл кім болды екен?
Әлгі адам есікті ұрған үстіне ұрып, тоқпақтап жатыр. Енді болмаса бұлардың ашқанын күтпей-ақ, өзі сындырып кірердей. Атасы еңкеңдеп орнынан тұрғанша әлі ұйықтай қоймаған бала зып беріп дәлізге шықты да есіктің ілмешегін көтеріп қалды. Шашы тікірейіп, бет-жүзі әлем-жәлем болған Сәлима тұр.
– Кіргіз, кіргіз үйге өлтірмесең, – деді жан дауысы шығып. Сөйтті де аяғын шешпестен төрге өтіп, көрпенің үстіне отыра кетті. Екі иығы селкілдеп, өзіне бағынар емес.
– Шырынбек, қалқам, шамды жақ, құманмен су әкел, – деді атасы Сәлиманың жүзіне абыржи қарап. Сәлиманың әлденені түсіндіріп айтарлық шамасы жоқ. Түсіндірмесе де бұларға бәрі түсінікті. Күнде болмаса да ара-тұра куә болып жүрген үйреншікті тірлік. Мәметжан сұлу әйелін тағы да таяқтап, үйінен қуып шыққан. Басқа түк те емес. Араққа сылқия тойса болды, Мәметжан қатынын сабайды. Бас-көзге қарамай, қолында не бар, сонымен ұрады. Алдыңғы жылы, ол кезде бала 4 не 5-те болса керек, босағада ілулі тұрған қазамен ұрып қабырғасын сындырып қойған. Сонда Сәлима аудан орталығындағы ауруханада 10 күн жатып, он бірінші күн дегенде Мәметжан өзі барып алып келді. «Қабырғам сынды екен деп, адам доғдырға қарала ма, сынған қабырға өзі бітпей ме» деп жер-жебіріне жетіп, алып қайтыпты.
«Бұлар нені бөлісе алмайды? Осындай сұлу әйелді қалай дәті барып ұрады?» деп баланың басы қатады. Кейін білсе, Мәметжан мұны әркіммен бір байланыстырып, сыныққа сылтау іздеп, таяқтай беретін көрінеді. Ішпесе ашуы көтерілмей, үнсіз жүреді де ішсе болды, ошақ басындағы қатынына шауып, көздері шатынап, білек тамырлары адырайып шыға келеді. Сондағы айтатыны «Кеше анаумен сөйлесіп тұр едің, қойындасып үлгердің бе?», «Селсоветтің жиналысына неге бара бересің? Колхоздың шаруасы саған қарап қалып па? Әлде колхоз бастық сені көрмесе жиналыс өткізе алмай ма?», «Сылаңдап жүргеніңді қашан қоясың? Сылаңдаған сенің неңді алыпты, пәтшағар?», «Білем, мені ақсақ деп менсінбейсің, мен бірақ ақсап жүріп-ақ талайды қан қақсатармын» деген сияқты адамның шамына тиіп, ызасын оятатын уытты сөздер еді. Байғұс Сәлима соның бірде-біріне ләм деп жақ ашпастан тымырайып отырады да қояды. Кей-кейде айнаға қарап, сұлу болғысы келмейтіні бар. Бұрын қыз күнінде сұлу болуға, әдемі болуға ынтық еді. Қазір бәрі басқаша. Сұлу болу деген сорлы болумен тең болып шыға келді.
Түн баласы «Е-е, Құдай, мені бүйтіп азаптағанша, неге ала салмайсың? Маған мына өмірді сүрудің берекесі қалды ма өзі?» деп жанын жеп шығады. Жалт бұрылып, жүре беруге таяныш боларлық бір жан жоқ. Өзі тұл жетім. Әкесі халық жауы деп айдалып кетті. Сол ұсталғаннан кейін-ақ хабар-ошар сап тыйылған. Шешесі бұған дейін он бір құрсақ көтеріп, он бірі де тұрақтамаған байғұс. «Бар өмірім сенің жолыңа құрбан» деп өбектеп жүруші еді. Бұл 9-ға толған жылы соқырішектен көз жұмды. Кейін нағашы әпкесі қолына алды. Ол бір бағы ашылмаған, адуын қатын еді. Мұны туысы деп емес, күңі деп қабылдап, тірліктің бүкіл тауқыметін жас қыздың нәп-нәзік иығына арта салғаны. Сөйтіп жүргенде Мәметжанмен жолықты… Кекіл шашы маңдайын қытықтап, бұрымы мықынына соққан үр қыздан кім-кімнің де дәмесі бар. Мәметжан нағашы апасының алдына шарт жүгініп, «Ас-судан тарықпайсың, апажан, балық дегенің алдыңда тау болып үйіліп жатпаса, маған кел» деп қызыл сөзді сапырып, бір түнде мұны артына мінгестіріп алып кеткен. Содан бері Мәметжанға әйел болып келе жатыр. Мәметжан мұны әйелім екен-ау демейді. Құдайдың құтты күні әлгіндей сөздерімен шаншып-түйреп, сабайды да жатады, сабайды да жатады.
Міне, бүгін де таяқтың астына алыпты. Екі беті домбығып ісіп, қолдары жуыспай қалған жас әйел тілін икемге келтіре алмай, булығып отыр. Байқаса, Мәметжан мұны әуелі мұздай суық сарайға қамап қойған сияқты. Сірә, содан әрең дегенде сытылып шығып, паналап келген беті сияқты.
Бала бұл жолғы жанжалдың мәнісіне қаныққан сықылды. Мәукен мен Тоқмұраттың күңгірлеген дауысын шала-шарпы естіп қалған. Мәукен Сәлимамен танысқысы келетін сыңайлы. Бұрын да ептеп араласқан көрінеді. Сәлима күйеуге тимей тұрып па, әлде таяу арада ма, бала ол жағын біле алған жоқ.
– Мен оны бақытты ете аламын ғой, Төке, – деп жатты Мәукен. – Бір тапсаң оның тілін сен табасың…
– Мәметжан ешкімді оңдырмайды, – дейді Тоқмұрат асығып-аптығып.
Әрі қарай екеуі аяңдап ұзап кетті де бала сөздерін аңдығандай болармын деп ілесе жүруге ұялып қалды. Сол беті не деп, не қойғандарын ести алған жоқ. Түсінгені, Мәукен Сәлимаға ғашық. Оны алып қашқысы келеді. Соған қарағанда Сәлиманың да жігітте көңілі болғаны ғой. Бір жағынан, Сәлима Мәметжанның бұғауынан босап шықса жақсы болар еді деген ой көңілін орнықтырса, екінші жағынан өзі де Сәлиманы қимайтын сияқты. Ау, ертең есейіп, жігіт болғанда Сәлиманы өзім аламын, басынан құс ұшырмай аялап, мәпелеп өтемін деген серті бар емес пе? Бала да болса нәті еркек еді ғой! Серттен таюға бола ма екен? Арманын қалай сатады? Бірақ өзі Мәукенді де теріс көрмейтін сияқты. Бет-жүзі келіскен, айтатын ойы мен жұптаған сөзі нанымды, байсалды жігіт. Бұл өлкеден бала бұрын-соңды ондай тиянақты, ондай ойлы кісіні көрмепті. Ондай салауатты адам тек атасы айтатын ертегі, аңыздарда ғана болатын шығар. Ал шын өмірде кездесе бермейді. Шын өмірде ондай адам болса, ол көкесі еді. Міне, ол да жоқ. Мәңгіге жоқ. Мәукенмен әлі де әңгімелесіп, араласа түскісі келетіндей. Ал егер Мәукен мен Сәлима үйленсе, бұл солармен бірге кетсе қайтеді?! Олар мұны ертер ме екен? Кенет есіне атасы түсті. Атасы бар екен-ау. Оны қалай жалғыз қалдырмақ? Баланың санасында ысынып-суынған сан мыңдаған ойлар тулап жатты, тасып жатты.
Сәлиманың жүзі бусанып, қолдары икемге келіп қалыпты. Ол келген соң атасы ошаққа жыңғылды үстемелей салып, тағы да жылыта түсті. Жазға салым пешті қайта салып, мұржасын тазалау керек екен деп ойлады бала. Ырсиған кірпіштің арасынан лаулап жанған от жылт-жылт етіп көрінеді. Кейде сол тесіктен бықсыған түтін бұрқырап, үй ішін көміп тастайтыны бар. Ондайда есік, терезе атаулыны ашып тастап, жан сақтайды.
Бала Сәлиманың жүзіне үңіле қарап отыр. Мұрнының үсті терлепті. Басындағы жұқалтаң орамалын шешіп, қайта тартты.
– Ата, отырыңыз, мен әзірлейін, – деп шалдың қолындағы шұңғыл табақты алып, оған су құйып, сазанды салды. Ағаш сапты ескі пышақпен қабыршағын тегіс қырып, басын бөлек кесіп алып, өтін суырды.
– Шырынбекжан, мыналарды тастай салшы, – деді қоқысты бұған қарай ысырып. Бұл лып етіп, сыртқа лақтырып келді.
Сәлиманың сұлу жүзіне күлкі үйірілді.
– Қазір-ақ сорпа дайын болады, – деді қазанға балықты кесіп салып жатып.
Үшеуі отырып терлеп-тепшіп сорпа ішті. Балық жеді. Атасы онша сұғына қоймады. Беторамалымен бетін, қолын асықпай сүртіп, мамығы босап кеткен масаты жастықты шынтаққа алып, әдеттегі орнына барып қисайды. Сәлиманың қарны ашып қалыпты. Қылтанын асықпай теріп отырып, бипаздап біраз жеді. Бала да қалыспады. Балыққа емес, Сәлиманың ажарына қарап отырып-ақ ықылық атып, тойып қалғандай.
– Кеше үйге қонбапсың ғой, қайда болдың? – деді көңілденген Сәлима сыр тарта сөйлеп.
Бала малдасын құрып, әйелдің алдында жігітке ұқсап отырды. Сосын баппен тамағын қырнап алды.
– Кеше Тоқмұраттың үйінде болдық… Сендердің жыңғылдарыңды бұтап тұр едім, торы жорғаға мінген бір жігіт келді. Айтысына қарағанда, Алматыдан келе жатыр. Іздегені Тоқмұрат екен, – деді бала. Сәлиманың бетіне анықтап қарап еді, ол ештеңеден бейхабар жанша қамсыз отыр.
– Аты – Мәукен.
Сәлима бұл жолы да сыр алғызбады. Газет бетіне жиналып қалған балық сүйектерін буып, бүктеп, дастарқанды жинауға кірісті.
– Мен қалаға барғым келді, Сәлима. Әлгі Мәукен ертіп барайын деді. Бұл жақтың мектебі ит өлген жерде ғой. Қалаға барып оқысам, одан әрі қарай шешемді тауып алсам…
– Шырынбекжан, сен зерексің ғой, – деді Сәлима мейірлене күліп, – Айтайын ба, сенен үлкен ғалым шығады.
– Мәукен мені ерткен жоқ. Шұғыл шаруам бар деп Қазалыға кетіп қалды. Бірақ келесі жолы міндетті түрде қалаға апаруға уәде етті. Кім біледі, жақын күндері кеп қалар, – деді бала самарқау. Осы сәтте Сәлиманың жүзіне қан тарағандай, көздері күлімдеп, томпиған бетіндегі шұңқыры тереңдеп кеткендей көрінді.
Сәлима екеуіне арнап төсек салды. Шамды сөндіріп, сыртқы есікті қымтай бекітіп келді. Бекітіп тұрып, тың-тыңдап, өзінің үй жағына мойын бұрып, аз бөгелді. Тып-тыныш. Сәлиманы итше тепкілеп, жынын шашқан Мәметжан бұл уақытта бүк түсіп, қорылға басқан болуы керек. Кеше Тоқмұратқа көмір сұрап барған екен, бермей жіберіпті.
– Өзім станцияға келген көмірден жырымшылап алып, әрең күн көріп отырмын. Жұрт қарызын ақшамен емес, балықпен бергісі келеді. Балықты не істемекпін? Тартылып бара жатқан теңіздің түрі анау. Бүйте берсе, көмірді де тастап, көшіп кетермін, – деп өзінің жайын айтып зар қағыпты.
– Ау, тым құрыса, қатыныңа айт сабын берсін, – деген екен:
– Біз мәгәзінді жапқалы қашан, сабын дегенің әлдеқашан таусылған, – деп жуытпапты.
– Әлгі одыраң қатын Тоқмұратқа не айтып, не қою керектігін тәптіштеп түсіндіріп қояды да. Бейшара Тоқмұраттың қолынан тотықұс құсап соны қайталап айта беруден басқа не келсін! – деген Мәметжан үйге кірісімен терісіне сыймай ашуланып отырып.
– Отын бітті, – деді Сәлима ошақтың ішіне үңіліп отырып, – немене, көмір жоқ дей ме?
– Тоқмұратта көмір болмаушы ма еді? Сарайына жинап, онысын сыртынан құлыптап тастапты. Ақымақ неме, алдағысы келеді тағы…
– Күнің жұртқа қарағасын сол ғой, – деді Сәлима қу жыңғылға әрең дегенде тамызық тастап.
Мәметжанның бұрын да көмір мен сабынға жарылқап жүргені шамалы. Сирағын баржадағы станок кесіп кетіп, ақсаңдап қалғалы балыққа шығуды да қойды. «Әлі-ақ менің күнім туады, әкем халықтың әлгі ерке балдарын қан қақсатқан қызылдың әйгілі сарбазы еді. Содан туғаным рас болса жерде қалмаспын» деп кеудесін соғады Мәметжан. Бірақ оның кеуде соққаны ас болып па, су болып па? Сәлима амалсыз, қалбырға құйған балықтың майын күлге араластырып, сабын жасағансиды. Қамыстың күлі де әлсіз болады екен. Уыты аз. Ауға жайын балық жиі іліге бермегендіктен көбінесе көксеркенің майын місе тұтады. Беті-қолдарын да, киім-кешекті де сол сабынсымақпен ілдәлап жуған болады.
Сол түні Мәметжан әйеліне деген ашу-ызасы кеудесін кернеп, кеш ұйықтады. Әйелін сабаймын деп жүргенде ұйқысы шайдай ашылып, мастығы тарқап кетіпті. Сосын ертең балыққа шықсам ба әлде басқа бір жұмыс тапсам ба екен деп ойланады. Ана бір күні колхоз бастықтың «шопырлыққа келсеңші» деген ұсынысына келіспегеніне өкінді. Әрі ол бастықпен өткен жолы төбелесіп қалып, аралары тіпті суыған. Енді шопырлық тұрмақ, маңайына да жолатпас. Жәй жолатпай қойса ештеңе емес, «Ленинградты» сатып жібердің, Сағынтайды өштесіп өлтірдің деп лаң шығармаса де. Ел ішінде осындай бір жайсыздау әңгіме тарап жүрген көрінеді. Мәметжан соны ойлап, қорқады. Сосын есіне бала түсті. Оны ойлағанда бойы тіпті мұздап сала берді. Ол шіркін шынымен-ақ қалаға тайып тұрса ауыл гулеп қоя берер. Әкесін өлтірді, түйесін құртты, баласын қуып жіберді деп. Масқараның көкесі сонда болмай ма…
Мәметжан бір қырына аунап түсті. Қызы Ләйләнің үсті ашылып қалыпты. Үйдің іші азынай бастады. Ошақтағы аз отын жанып бітуге таяп, шоқ өлеусіреп сөнуге айналған.
Сәлима пысылдап ұйықтап жатқан қызын еске алды. Алды-артына қарамай, басы ауған жаққа жөнеп берейін десе сол қызын ойлайды. Мәметжан қызды берді деген күннің өзінде оны асырай аламын ба, өлтіріп алмаймын ба деп аза бойы қаза болады. Бірақ әлгіндегідей қайыс белбеу жон арқасын тіліп өткенде мынау тіршілікті тәрк етуге біржола бел буатыны бар. Мәметжан әскери плащының беліндегі қайыс белбеуді суырып алып, тозыңқы ақ жемпір киген Сәлиманың жон арқасынан салып қалған кезде ештеңеден алаңсыз отырған. Қолы шошаң ете қалып, консервіленген еттің қалбырындағы азғантай жермай ошақтың алдына төгіліп кетті. Іле-шала Мәметжан желкесінен бүріп, тозыңқы жемпірін жоғары көтеріп жіберіп, жалаңаш арқасынан қайыс белбеумен тағы екі-үш мәрте осып жібергенде жас әйелдің жан дауысы шықты. Арқасына түскен із әуелі көгеріп, көп ұзамай шып-шып етіп қан шықты. Арқасы емес, бүкіл денесі сыздап қоя берді.
Осыны еске алуы мұң екен, тап қазір сабап жатқандай арқасы, оған қосылып бет-аузы шымырлап қоя берді. Кілт бұрылып, салулы төсекке келді. Бала ұйықтап қалыпты. Әлдебір қуанышты түс көріп жатыр ма, ауық-ауық ерні жымқырылып, жымың ете түседі. Баланың жүзіне қарап тұрып, еріксіз күліп жіберді. Қаншама азап тартып жүрсе де қылықты әйел бәрін байыптап, бәрін аңғаратын. Тағдырдың тәлкегіне тым ерте ұшыраған осы бала да өзін өлердей жақсы көретінін, бұл дегенде шығарда жаны бөлек екенін түсінуші еді. Бойында аналық мейірі мен әйелдік сезімі қатар оянып, еміренген қалпы баланың шашынан, маңдайынан сипады. «Ұйықтай ғой» деді сыбырлап. Мынау қысы қытымыр, жазы аптап өлкеде жүрегіне мейірім ұялаған бір адам болса ол осы бала еді.
Көк теңіздің арнасын Құдай түбегейлі тарылтпай тұрса бұл осындай бірен-саран кең жүректі жандардың пейілі шығар деп топшылайды Сәлима. Сосын баланың бейтаныс жігіт жайлы әңгімесі ойына оралды. Ойлағаны сол, көңілі тасып, әне-міне келіп тұрған ұйқы қайта қашып кеткендей болды. Бұл тіршілік дегенді, тағдыр дегенді, сезім дегенді қойсайшы… Жас әйелдің қиялы қырды кезіп жүре берді…
* * *
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр- тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын- дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
Көк теңіз бұл күндері баяғыдай буырқанып-бусанып, кемерінен асып-төгіліп жатқан жоқ. Самарқау ғана толқиды. Жағаны ұрған жал-жал толқындар әлдеқашан көзден ғайып болған. Несібесін балықтан айырып отырған Айшоқы өлкесінде қыс қайтып, жаймашуақ көктем орнады. Бұл өлкенің көктемі де қызық. Ә дегенде жылт еткен жылы шуақ көңіліңді жылытады да ізінше сүйегіңді кемірер қара суық қайта бас көтереді. Ол да бітті-ау, енді көктем қайтадан күшіне енетін шығар деп дәмеленіп отырғанда жаңбырлы, бұрқасынды күндер басталады. Сөйтіп әбігерге түсіп жүргенде қар біржола еріп, әр-әр тұста қалған қардың астынан көк шығып, көктем белгісі анық біліне бастайды.
Бұл – теңізде навигация ашылатын кез. Теңіз қанша тартылып бара жатыр дегенмен көк айдындағы тіршілік әлі де түбегейлі толас таба қоймаған. Жолаушы кемелері Көкарал, Қаратерең, Бөген, Ұялыға үздіксіз қатынап жатады. Жүк кемелері мен балық таситын траулерлер, сейнерлер, баржаларды тіркеген теплоходтар ерсілі-қарсылы жүзіп, әркім өзі діттеген межені бағдарлап, теңіз суын әр-әр жерден қақ айыра жыртып бара жатады.
Сәлима ертемен келіп, ашыған жасап, бетін дәкемен жауып кетіпті. Бала көзін тырнай ашып, ашыған құйылған шелекті оңай тауып алды. Бетіне жыпырлап шыбын-шіркей түсіпті. Мұндайға көзі үйренген бала оны елең қылған жоқ, қалайы қасықпен қалқып алып тастады да ашығанды сіміріп салды. Сосын көмеш нанды уыстап жұлып, аузына бұралақтата тықты. Сосын тағы айран ішті. Қарны лезде-ақ тойып шыға келді.
Үйде атасы көрінбейді. Далада жүрген болуы керек. Соқпа тамның қабырғалары дымдана бастапты. Бала оны байқамас та еді, мұрнына ызаның иісі келіп, қай жерге түсті екен деп иіскелеп іздеген, ескі кебеже сүйеулі тұрған қабырғаның үстіңгі жағы тұтастай көгеріп кеткенін байқады. Ескі кебеже ашылмағалы қай заман. Шешесі ішіне оны-мұны салып, сақтап жүруші еді. Шешесі кеткелі тек кебеже ғана емес, үй ішіндегі көп мүлік қозғаусыз қалды. Үйде өзі пәлендей мүлік те жоқ. Бірақ аз дүниенің өзі әкесі мен шешесі барда базарлы еді, барақатты еді. Қазір бәрі де қадірсіз, ескі қоқыр-соқырға айналып бара жатыр. Терезе терлеп тұр екен. Жақтау тақтайлары әбден көнерген ескі терезеге не деп кінә артарсың. Оны жөндей қоятын да адам жоқ.
Теңіздің бір мүйісіндегі алыс елді мекенде өзі құралыптас бала болса кәнеки. Азғантай отбасы балық аулап күн көреді. Сабақ жайын айтқанда атасы: «өзіміз деген сол мектепте оқымай-ақ адам болғанбыз, барарсың, асықпа» деп қысқа қайырған. Атасы тегінде мұны оқытқысы келмейді емес, тек оны мектепке тасу жайын ойлап, кейінге шегере тұруға ұйғарған сияқты. Бала солай ойлап, солай түйді. Мәметжан бір жолы келіп:
– Сен баланың да қара танитын уақытың болып қалды деп жатыр. Не ойың бар? – деген құдды өзі қатарлы үлкен адаммен сұхбаттасып отырғандай. Бала не десін. «Иә, оқығым келеді. Хат танып, білім алғым келеді. Сосын болашақта үлкен ғалым боламын» деген әдеттегі, өз достарына айтатын сөздері көмейіне келіп кептеліп тұрды да қойды. Бірақ соны түсінетін Мәметжан бар ма? Түсінген күнде де қолынан жетелеп алып, мектепке апарып, әкеліп жүреді дегенге өлсе сенбейді. Солай қорытқан бала:
– Балықшы боламын ғой, аға, – деген. – Оқу деген ойыма кіріп-шықпайды. Оған қатынайтын ат та жоқ менде. Түйе де жоқ.
Түйе де жоқ деген кезде Мәметжанның көзі аларып, жан жарасын әлдебіреу тырналап, қанталатып жібергендей түксиіп кетті. Түнеріп, төмен қарап отырып қалды. Сосын барып басын көтерді.
– Дұрыс, – деді баланың жүзіне барлай қарап. – Оқығанда нені көгертер едің. Жүр ғой әні, оқығандар, ел мен жұртты дүрліктіріп. Тұтас аралды меншіктеп алған. Ел-жұрттың саулығына, жер мен теңіздің тазалығына түкіріп қойғандары бар. Ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс.
Бала Мәметжанның нені айтып тұрғанын түсінген жоқ. Әйтеуір әлдебіреулерге кіжініп, тісін қайрағаны анық. Мәметжан үнемі әлдекімге ренжіп, әлдекімді жамандап, әлдекімнен өшін қайтарғысы келіп, кеудесі кекке толып, осылай жүреді де қояды. Сөйтіп дүниені аласапыран етерлік ашумен жүрсе де жарытып біреудің жағасынан да алмайды. Мәметжан әлдебіреуді ұрыпты, сілтей соғыпты, жазасын беріпті дегенді де бұл өлкеде ешкім естімеді. Есесіне Мәметжан бар ашуын шайын қайнатып, балығын асып, бабын тауып отырған Сәлимадан алады.
Бала қыс кезінде расымен, Мәукенге ілесіп қаладан бір-ақ шыққысы келген-ді. Ол қандай қала, қай жақта орналасқан, оны да сұрап әуре болып жатпады. Қала дегенді атасы текшелеп жинаған ескі кітаптардан көрген. Бір жолы шешесі бұған Шалқардың базарынан сырты матамен тысталған әдемі кітапша әкеліп берді. Іші толған сурет. Әсіресе сондағы бір сурет көзіне оттай басылып, таңданып, көз алмай қайта-қайта қарай берген. Әлгі суретте қала көшесімен кетіп бара жатқан өзі сияқты балақайдың суреті салыныпты. Қала дегенің мүлде басқа әлем екен. Биік-биік ғимараттар көк тіреп тұр. Қызық-ау, мынадай сарайда тұрған адамның басы айналмай ма деген бала сонда аң-таң күйде. Суреттегі бала қолына балмұздақ ұстаған. Суы аспанға атқылаған фонтанға қарап, ыржиып тұр. Шырынбек фонтанның да не екенін білмеуші еді. Апыр-ай, бұл не болды екен деп ұзақ ойланды. Бұл шалқып жатқан теңізді білетін. Арнасынан аса толқып, ағып бара жатқан дарияны білетін. Бірақ тікесінен тік тұрған қалпында аспанға қарай атқылаған суды алғаш көруі. Не болса да балаға қала сол кезде-ақ қатты ұнап еді.
Кейін көкесі өліп, шешесі кетіп қалған соң қалаға баруға біржола құмартып алды. Сөйтіп жүргенде Мәукен кездесті. Бұл өзі кездескен адамынан қала туралы, ондағы беймәлім тіршілік туралы сұрағыштай беретін. Мәукен көп ашыла қойған жоқ, бірақ «барамын десең, апарамын, кеттік» деп турасын айтты. Олай айта қояды-ау деп күтпеген болатын. Сөйткенмен қалаға барудың ол жолы сәті келмеді. Әйтсе де бала «түбі барармын, Мәукен уәдесін орындайтын кісі сияқты ғой» деп үміттеніп қалған. Айтпақшы, шешесі кеткен жақта да үлкен қала бар деседі. Бала не туралы ойласа да шешесі жайлы ой келіп киліге береді. Шешесі туралы ойлаған сайын баланың кежегесі кейін тартып, жан-дүниесін күйзеліс жайлайды.
Көктем келгелі бала өзінің ескі достарымен қайта қауышты.
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр- тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын- дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
Бүгін де бала теңіз жағасына жападан жалғыз келді. Алыста, көз ұшында кемелер жүзіп барады. Жағалауда қараң-құраң еткен бір-екі балықшы көзге шалынады. Көк теңіз тып-тыныш қалпында, сабырлы күйінен бір айнымай, тұнжырап жатыр. Әнеугүні атасы екеуі теңіздің шекарасына таяқ тығып, белгі соғып кеткен. Сол таяқ бүгін сопайып, жалғыз қалыпты. Бірнеше күн бұрын ғана су болып жатқан жер бүгінде сортаң тартып, құрылыққа айналған. Теңіз күн санап шегінеді. Қайда жылжып барады? Неге жылжып барады? Бала оған жауап таба алған жоқ.
– Толқын-ау, толқын, сен жағаға қашан оралар екенсің? Сен оралсаң, шешем де оралмай ма? – деді бала бұдан қол созым жердегі ұлы суға көзін тесірейте қарап отырып.
Бұл атасының сөзі еді. Бала түні бойы иығы солқылдап өксіп, шешесін сағынып шыққанда атасы солай жұбататын. «Көр де тұр осыдан, толқын жағаға соққан күні шешең де келеді. Ол маған «ата, Шырынбекке айтыңыз, мен келемін, толқын соққан күні келемін, сізді де, оны да алып кетемін» демеді ме? Ә, Шырынбек? Солай деді ғой. Олай болса, сен жылама енді. Жігіт емеспісің! Өй, мен сені әне-міне теңіз суына шомылдырып, балыққа жұмсайын деп отырмын. Ал сен болсаң жылайсың…». Сірә, сөз аяғы осыған келіп тірелгенде шалдың өзі де босап қалады. Онысын байқатпай, әлденені сөз еткен болып, басқа бір жайға алаңдаған болып орнынан тұрып кетеді.
Көкесі оқыста суға кетіп, қаза тапқаннан кейін Қиғашкүл жалғыз қалды. Күйеуі барда Тоқмұрат осы үйдің бір баласы секілді, осылардың көмекшісі секілді еді. Күйеуі барда Мәметжан бұлардың үйіне адам сияқты аттап басып, пәлен деп аузын аша алмайтын. Соның бәрі көрген түстей…
Көкесінің жылын берер-берместен Қиғашкүл Қарақалпақстан мен Айшоқының арасында қатынайтын кемедегі матрос жігітпен сөйлесіп жүр екен, көп ұзамай бас қосатын көрінеді деген әңгіме тарады. Сол әңгіме рас болып шықты. Бала болса да бұл әңгіменің шет-жағасын Шырынбек те естіп қалатын және естіген сайын ыршып түсетін. Әуелде басқа жаққа кететін болдық деп балаң көңілмен қуанып жүрді. Кейін «Қиғашкүл баласын осында қалдыратын көрінеді» деген сыпсың сөз шыққан кезде бала бәрінен түңіліп кетті. Бір күні түс әлетінде шәй ішіп отырып:
– Тұрмыс болса ауырлап кетті, көкең болса жоқ, жұмыс істеп, жан шақырмасақ болмас, – деген әлдебір әңгіменің шетін шығарып. Сосын:
– Мына тұрған Айшоқыда да, анау Ақтөбеде де жарыған жұмыс жоқ көрінеді. Мойнақ жаққа барып сауда істеп келсем бе деймін. Таныстарым бар, – деп бір қойды.
Атасы біраз уақыт үндеген жоқ. Кеше ғана ажарлы да базарлы күй кешкен отбасының бүгінгі күйі ақсақалға оңай тимейді, әрине. Атасы қай кездегідей тереңнен ойлап, кеңінен пішеді. Ел ішіндегі әңгімені ол әлдеқашан естіген. Тіпті анау матрос баланы ептеп таниды да. Қай бір жылдары, қырықтың қырқасына енді ілінген шақтарында әкесімен таныс-біліс болған. Әйелдің солай қарай ыңғай танытып отырғаны анық болса, енді оның жолына кесе-көлденең тұрып, тоқтатудың қисыны шамалы.
– Шырағым-ау, осында қал деп қалай айтайын, – деді деміге сөйлеп. – Тіршілік ноқтасы қай жаққа қисаярын шешу біздің пешенеге жазылмаған. Бәрі де Жаратқанның жазуымен болады…
Келіні ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Басын жерден көтермеген күйі кесеге шәй құйып отыра берді. Баланың іші бір жағдайды сезе қойды. Жағымсыз бір күй. Іші алаулап жанып бара жатқан сияқты. Ол жалынды өшірерлік құдірет жақын маңайдан, жақын арада табыла қоймасын да аңдайтындай. Шәйін ішпестен орнынан тұрып кетті. Есік алдында теңізге қарап отырды да қойды. Ауызғы үйден атасы мен шешесінің ара-тұра сөйлескен дауыстары шығады. Сол жолы шешесі:
– Шырынбекжан сізбен қалсын. Мен ол жаққа барысымен, жұмысқа кірісемін. Бала қарап отырарлық жайым жоқ. Тұрмысымызды түзеп алған соң сізді де, баланы да алып кетерміз, – деген екіұштылау үнмен.
Шал бұған не «жарайды» деп, не «мұның не» деп пікір айтпады. Бүкшиген қалпы көзін терезеден айырмай отыра берді.
Ертесіне шешесі жолға жиналар алдында Шырынбек үйінен аулаққа тайып отырды. Осы қалпында көз көрмес, құлақ естімес мекенге жоғалып кеткісі келген. Бірақ олай еткенде қайда бармақ? Айналып-айналып, теңіздің қыр беткейіндегі жағасына барып отырды. Сол жерде толқынмен сырласты.
– Толқын-ау, толқын, – деді мұңайып. – Шешем кеткелі жатыр. Басқа қалаға. Басқа мекенге. Маған атаңмен бірге қал дейді. Иә, мен атамды өлердей жақсы көремін. Оның жанында әңгімесін тыңдап, құшағына кіріп отырған маған қатты ұнайды. Бірақ енді шешемді құшырлана бір иіскемей қайтіп ұйықтамақпын? Енді сонда шешеме еркелемеймін бе? Тіпті оның ұрысқанын да сағынамын ғой. «Қағынғыр Шырынбек, қармақтың бауын ағытып, ұста Тілеубайға апарып берсең нетті» деп айғайлайды кейде. Бір жолы «Түн баласы көз ілмей, кітапқа телміру деген не сұмдық. Жат, ұйықта!» деп ұрысқан. Алдыңғы жылы жазда қаладан келген баламен бірге теңізге шомылып жүргенімде тіпті қатты кейіді. «Көкеңді жұтқан теңіз сені де жұтсын деп жүрмісің?! Шық жаның барында!» деп жағаны басына көтерді. Одан соң екі-үш күнге дейін ашуы тарқамай, долданып жүрді. Кейін мен «шеше, енді ұрыспай-ақ қойшы, теңізге түспеймін, сөз берейін» дедім. Сосын барып жібіді. Анам маған ұрысқан кезде де соншалықты жек көрмейтін сияқты. Мені қателеспесін, дұрыс адам болсын, көкем сияқты мықты адам болып өссін деп ұрсады ғой. Солай ғой деп, оның ұрысқанын ешқашан көңіліме алмаймын. Енді маған өйтіп ұрсатын да ешкім жоқ. Өмірімді шешемсіз елестете алмаймын. Осыдан аз ғана уақыт бұрын көкем де бар, шешем де бар, жер бетінде менен бақытты адам жоқтай көрінетін. Ал қазір ешкім жоқ. Ешқайсысы жоқ. Тек атам қалды…
Сонда баланың иегі дірілдеп, кемсеңдеп, көз жасы Көк теңізге бырт-бырт тамды. Баланың көз жасы теңіздің көкпеңбек суымен лезде араласып, теңіздің бір бөлшегіне айналып, ағыспен ойнап ала жөнелді. Осыдан бастап бала теңізге келмесе тұра алмайтын болды. Ұйықтаса да, тұрса да теңіз ойынан бір кетпейді. Сол жолы Қиғашкүл жанына жаңа күйеуі Әлібекті ертіп үйге келген. Атасы Әлібекпен қалбалақтай амандасып, ол келінінің бетіне, келіні оның бетіне тура қарай алмай әбігерге түсті де қалды. Бұған дейін «кетем, кетем» деп жүргені жәй нәрсе екен. Тура аттанатын сәтте Қиғашкүлдің табаны осы үйдің ауласындағы топырақтан ажырасайшы. Алға басайын десе аяғы ұйып, жансызданып сала бергендей. «Ал, енді аттанып барамын» деп айтайын десе, қолайсыз секілді. «Қош болыңыз!» деуге жүрегі шыдамады. Мына аула, мына қам кесектен тұрғызылған жаман соқпа там, оның ішіндегі бір кездегі шат-шадыман өмір, бәрі-бәрі көз алдынан кинолентадай сырғып өте шықты. Әсіресе, есіне ұлы мен қызы түскенде аңырап қоя берді.
– Қой, қоя ғой енді, – деді Әлібек асып-сасып. – Жүрейік. Кеменің қозғалатын уақыты таяп қалды.
Қызы Раушанды осыдан екі жыл бұрын ойда-жоқта жер қойнына тапсырған. Шапқылап ойнап жүрген, тұлымы енді желбіреп келе жатқан сүп-сүйкімді қыз еді. Әп-сәтте қызуы көтеріліп, ауырып, тіпті ұзақ та жатқан жоқ, іңір қараңғылығы түсе бергенде кетті де қалды. Көк теңіздің айдынын еркін шарлап жүрген теңізшілер «Осында бір қару сынайтын полигон бар деседі. Аурудың төркіні сірә, содан келді» деген жорамал айтты. Жалғыз оның қызы емес, Айшоқыда тағы бірнеше адам оқыстан келген дерттен опат болыпты. Бірақ оның ақ-қарасын ашып жатқан кім бар?! Жабулы қазан жабулы күйінде қала берген. Ал мына баласы – Шырынбек ел-жұртқа жұғымды, өзі елгезек, айдарлы бала еді. Қашан көрсең шешесінің қас-қабағын бағып, аяғының ұшымен жүргені. Көкесі көз жұмғалы тіпті жасықтау болып кетті… әлде Қиғашкүлге солай көріне ме… соның қабағы ашық болсыншы, сол жасымасыншы деуші еді. Тағдыр шіркін, ондай арман-тілегіңе пысқырмайды екен. Міне, енді сол алтындай ұлын да тастап, теңіздің арғы бетіне, алысқа, тым-тым қиырға шиырлап аттанғалы тұр.
Не айтарын білмей қиналған Қиғашкүл «Келеміз ғой… Келеміз ғой» дей берді абдырап. Атасы да айтарға сөз таппады. Басын изеді.
– Шырынбекжан жаңа ғана осы арада жүр еді, демнің арасында қайда жоғалып кете қойды екен, – деп атасы әрі-бері іздеген болып еді, таптырмады. Шешесі үйге кіріп, үй ішін түгел тінтіп шықты. Тіпті ренжіп, жасырынып жатыр ма деп кебежені де ақтарды. Ауладағы жертөленің мың жылдан бері ашылмаған есігін Әлібекке ашқызып, ішіне түсіп қарады. Ұшты-күйлі жоқ. Бұл өлкеде айналдырған он шақты үй. Сосын маңқиып созылып жатқан аңызақ дала. Содан кейін беті тақтайдай тегіс ұлы теңіз ғана бар. Шырынбек сонда да көзге ілінбеді.
Порт бұл жерден онша қашық емес-ті. Әлібек пен Қиғашкүл баланы ақыры таба алмай, Тоқмұраттың ат арбасымен айлаққа аттанып кеткен. Қиғашкүл баласының өзіне ренжігенін, әдейі кетіп қалғанын білмеді емес, білді, әлбетте. Айлаққа жақындаған сайын ұлымды шынымен-ақ көрмей кетемін бе деп қобалжыған жүрегі одан сайын лоблып, аузына тығылғаны. Қатын алып, көңілі жайланған Әлібекке бәрібір. Оған Қиғашкүлдің соқа басы сопайып, баласыз келе жатқаны тіпті жақсы. Неше күн, неше түн арпалысып, ұрысып жүріп баласыз келуге ақыры көндірген. Сонысына өзі іштей масаттанып қояды. Әйел көнбей бара жатқан соң «байғұс шалды жалғыз тастап қайтпексің, онда бүкіл ел бетіңе түкірмей ме, қалса өзінің қаны ғой, қайта қасына қара болады» деп екіжүзділікке салынып көлгірсіген. Бұл сөз Қиғашкүлге де нанымды көрінді. Ақыры, осы уәжге тоқтаған. Тоқтамасқа шарасы жоқ еді. Алды-артына түсіп лыпылдаған Әлібек басқа амал қалдырмады.
Айлаққа келіп, кемеге мінер кезде де Қиғашкүл жалтақтап артына қарай берді. Кемеге мінген соң жүктерін орналастырып, Әлібек екеуі сапар қамымен әуре болып кетті. Теңізшілер порттың айлағындағы «Ганс кранға» байлаулы тұрған баржаның тұмсық жағындағы болат арқан буксирді тіркеуге дайындап жатыр екен. Көп ұзамай буксир беріп, буксир алу ісі сәтті аяқталып, Көк теңіз флотилиясының көшбасшысы «Коммуна» теплоходы айдында жүзуге толық дайын болды.
Бұл уақытта ешбір жан табанын қызыл құмға күйдіріп, ебіл-дебілі шыға бақырып жылап, жер-дүниені басына көтеріп келе жатқан баланы байқаған жоқ. Бәрі теңіздің дабырасымен әуре. Бәрі де баржаның ары-бері сілкінгенін қызықтап тұр. Бала бар күшімен айлаққа қарай жүгірді. Аяғы жерге тимей, жанұшыра ұмтылады. Желмен жарысып келеді. Әй бар ғой, абайсызда сүрініп кетер болса ұшып түсу былай тұрсын, бір жері оңбай майып болар еді. Құдай оңдап, ондай ештеңе болған жоқ.
Бұл айлақ маңына жеткенде теплоход жағалаудан алыстап та үлгеріпті. Шешесі баржадағы шкипердің рубкасына баспалдақпен көтеріліп, жағадан көз айырмай тұр екен.
Порт маңына ебіл-дебіл жүгіріп жеткен баласын көргенде жүрегі қан жылап, байғұс ұлына қарап тұруға дәті шыдамай, кері айналып кетті. Титімдей бала ноқатқа айналып бара жатқан кемеге көзін тігіп, жағалауда состиып тұр. Шешесі сол күйі тарс жұмған көзін ашқан жоқ. Қоп-қою, қап-қараңғы дүниенің тұңғиығына баяу батып бара жатыр… Ашқан жоқ емес-ау, ашты… Бірақ ештеңе көре алмады. Басы айналып, баяу тербетілген теңіз толқынының ауанымен кеменің еденін таянып, етпеттеген күйі сұлап түсті. Бұл кезде Үшсайды бетке алған теплоход қалқымалы сигнал шамның жанынан сырғи өтіп бара жатқан.
Бала қараңғылық құшағына сіңіп, жылт етіп бір көрініп, бір жоғалған кемеге қарап әлі жағада тұр. Қолын бұлғаған жоқ. Жылауын да сап тыйды. Тап осы сәттен бастап тағдырына мойынсұнғандай бір кеп бар еді бойында. Бір жыл бұрын көкесін осы теңіз құшағына басқан. Міне, аяулы шешесі де осы теңізбен жүзіп, қиыр тарапқа аттанып барады. Бала жүрегі әлденені сезеді… Шешесімен қайта қауышар сәт туатын-тумайтынын емес, сол бір сәттің бұлыңғыр тұман ішінде буалдырланып қана шаң беретінін байқайды.
Міне, содан бері бала бар сырын теңізге айтады. Арман-аңсарын теңізге ақтарады. Көк теңізден өзге мұңдасы да, сырласы да қалған жоқ. Бүгін де теңізге телміріп, алаңсыз отыр. Әуелгі сұрағын тағы қойды.
– Толқын-ау, толқын, жағаға қашан ораласың? Сен оралсаң, шешем де оралмай ма? – деді қол созым жердегі ұлы суға көзін тесірейте қарап отырып.
Теңіз тырс етіп үндеген жоқ.
Бұл уақытта атасы есік алдында күндегі әдетімен сурет салып отыр еді. Атасы суретті шебер салады. Күнде ертемен оянып, есік алдына орындығын сайлап, балықшылардың ескі желкенінен қалған матаны кергішке тартып, оның үстін әуелі бор ұнтағымен және желім араласқан ақ қоспамен бояйды. Сосын аудан орталығынан сарылып іздеп әрең тапқан графит қарындашын қолға алады. Атасы үнемі теңіздің суретін бейнелейді.
– Балам, теңіздің суретін салып жатырмын. Шіркін-ай, біздің кезіміздегі теңізді айтсаңшы, – дейтін санасын сағыныш торлап. – Жер де су, әуе де су секілді еді ол заманда. Теңіз бір күні тартылады-ау, арнасы сарқылады-ау деп ойламаушы едік. Сол теңіздің бір күні қайта оралатынын кәрі жүрегім сезеді. Мен білсем, ол міндетті түрде қайтып оралады.
– Ата, сол теңіз, оның асау толқындары тезірек оралсыншы. Бәлкім, Құдайға солай деп сәлем жолдармыз? – дейді аңқау бала.
– Құдайға деймісің? – дейді шал қулана күліп. – Құдай онсыз да бәрін көріп, біліп тұр емес пе! — Шал жанарын аспанға қадады. Іле бала да назарын көк жүзіне бұрды. – Құдайдың қасиетті Көк теңізді назарынан тыс қалдыруы мүмкін емес, – деп тұжырады сосын байыппен.
– Бәлкім, шалқып жатқан теңіздің суретін үлкен етіп салсаң теңіз шынымен-ақ арнасына оралатын шығар? – деді бала жерден жеті қоян тапқандай марқайып. Қарт та ойланып қалды. Сосын жүзіне күлкі жүгірді.
– Ә, мына ойың ыңғайға келеді, – деді сосын күлімсіреп, – Енді күн сайын асықпай теңіздің үлкен суретін салайын. Ол үшін бірақ кө-ө-ө-ө-п уақыт керек. Салып біткен кезде теңіз де келеді, толқындары жағаға ұрады. Сол кезде шешең де оралады. Шешең толқынмен бірге келемін деп уәде берді емес пе?
– Берді, – деді бала ыржиып.
– І-і, міне, берсе сол, келеді. Ал қара, мен бастадым…
Атасы шынымен сол сәттен бастап ұлы теңіздің суретін кенепке түсіруге кірісті.
– Әй, шал, – дейтін көршісі Мәметжан оның бұл «өнерін» жақтырмай: – Қартайғанда немене, художник болайын дедің бе?
– Ақымақ! – дейтін сосын аузындағы былжыраған насыбайын жерге былш еткізіп түкіріп: – Жұрт сені оқу өтіп кеткен, алжыған деп текке айтпайды-ау, сірә. Келініңнің де кетіп қалғаны бекер емес. Анау қаршадай балаға ақыл беріп, еңбекке үйретудің орнына омалып не отырыс мынау?
– Мәметжан, қарғам, – дейді шал сонда да ашуланбай. – Бізде нең бар, шырағым? Мына бала сурет салып үйренсін. Оның не кемдігі бар дейсің…
– Әй, қойшы, – дейді Мәметжан қолын бір сілтеп. – Өзің ақымақ болып қана қоймай, баланы да әулекі етпексің ғой. Білгеніңді қыл…
– Астапыралла-а-а, – дейді атасы налып. – Осының өзінен сөзі ауыр…
Мәметжанның шалға тиісуі бір бұл емес. Үнемі іліп-шалып, соқтығысып жүреді. Сәлима бұлардың үйіне қонып шыққан күннің ертесіне тіпті маза бермейді. «Анау әркіммен әуейі болған қатынды да өлтіремін, сосын мына екеуіңнің де жандарыңды жаһаннамға жіберемін» дейді қалш-қалш етіп.
– Сөзді қойып, ана баланы кешке маған жібер, – деді Мәметжан шалға төніп кеп. – Әйтпесе, суға ағызып жіберемін. Сендерді емес, шүберекті. Қорқып кеттіңдер ме, немене?! Ха-ха-ха.
Мәметжан дойыр даусымен айналаны басына көтеріп, қарқылдап тұрып күлді сосын.
– Барады, барады ғой, – деді атасы балаға жаутаң-жаутаң қарап. – Өзім де айтып жүрмін, ағаңның отынын шауып бер, шөбін орып бер деймін.
– Отын да жармайды, шөп те ормайды, – деді Мәметжан тесірейе қарап. – Қатынды аңдытамын! Қатын оңбай тұр. Түсіндің бе, әй, бала?
Бала тіс жарып үндеген жоқ.
– Әй, бала, кімге айтып тұрмын?!
– Шырынбекжан, ағаңа жауап бер, – деді шал сасқалақтап.
Бала жауап қатқан жоқ. Тымырайып, үнсіз отырды да қойды. Оқтын-оқтын көзін алартып, Мәметжанға ызбарлана қарайды.
– Ағаң қалжыңдап тұр, құлыным, – деді қария жасаураған көзін сүрткілеп. – Барады ғой, Мәметжан, сені тыңдамайды дейсің бе, тыңдайды ол. Бала емес пе, оған мән беріп қайтпексің…
– Осыдан Мәукен келсін! – деді бала шаңқ етіп. Оқты көзі Мәметжанның өңменінен өтердей.
– Келсін осыдан Мәукен, сабатамын сені!
Тап бұлай айтып салады деп атасы да, Мәметжан да күтпеген.
– Өй, шілбиген шірік неме!
Мәметжанның көзі шатынап, мойын тамыры адырайып шыға келді.
– Қу жетімек! Тап сол Мәукен деген пәлеңнен таяқ жемеспін. Аға болып жетістірер саған! Балықты қайтіп сойсам, әлгі аға-сымағыңды мына қатынмен қосып сояр күн де туар. Асықпаңдар. І-і-і… Көріңдер де тұрыңдар осыдан!
Мәметжан жылыстап үй жағына қарай бет алды. Мәукеннің атын естігеннен кейін сәл де болса жуасып, жүні жығылып қалғандай көрінді балаға. Баланың бойында әлдеқалай бір сенімділік оянған секілді. Енді осы сөзімді жерге қалдырмай, мына иттің алдында жер етпей, сол Мәукені құрғыр қайта оралса екен деп ойлады бала. Оралса екен! «Осыдан оралса бар ғой…» деді өз-өзіне сыбыр етіп.
– Ата, осыдан Мәукен ағам оралса бар ғой… Аямаймын, аяттырмаймын мына итті…
Баланың кішкентай жүрегі тасырақтап қатты соғып, өз денесін өзі билей алмай кетті.
– Құдай-ай, кім дейді? Қой, қалқам, қай-қайдағыны сандырақтама! Мәметжан деген білесің, ақкөз ғой, ақкөз. Мені жезде деп ойнайды ақымақ, әйтпесе бұл, ішпесе бар ғой, аңғал, ақкөздің нақ өзі. Істе дегенін істе де тыныш жүр.
Бала үндемеді.
– Түсіндің бе-әй, Шырынбекжан? Сөйте ғой, ақылың бар емес пе! Сен есейіп, жігіт болғанда мына Мәметжан дегенің мыжырайған жаман шал болады. І-і-і, – дейді атасы әдеттегі дауыс ырғағына салып, мақұлдата, күле сөйлеп. – Сол кезде бар ғой, мұны жақсылап тұрып тепкілеп аласың.
Атасы соны айтады да, шиқылықтап тұрып күледі. Тепкілеп аласың дегені балаға да күлкілі естілді. Ол да қосылып күлді. Екеуі қайтадан алаңсыз, қамсыз шақтарына оралғандай болады. Көкейлерінің арғы жағында елес беріп, сәл қамықса, сәл мұңайса ытқып шыққалы тұрған қайғы мен шерді бері қарай жібермеуге жанталасып күліп жатқандай, сол үшін сөйлесіп жатқандай. Екеуі қайғы мен қасіретті матап ұстап, ілдебайлап өмір сүріп жатқандай. Атасы өз- өзімен сөйлеп отыра берді:
– Бұл өзі ақылды тентек емес пе, ертең-ақ ойбай, ағеке, жездеке, жаздым-жаңылдым деп жетіп келеді. Ит қой, ит. Ит болмаса сөйте ме… Тентек қой, тентек…
Бірақ бір жолы Мәметжан көкіректеп қоймай, тиісіп тынды. Ұрынарға қара таппай жүрген сотқарға қаңбақтай жаман шал бұйым болып па! Салып отырған суретін далау-далау етіп жыртып, Айшоқының суыртпақтап соғып тұратын соқыр желіне ұшырды да жіберді. Бітті, теңіз енді ешқашан келмейді деп түйді бала. Атамның суреті салынып біткенде теңіздің арнасы толатын еді, сурет болса дал-дұл айырылды, ендеше теңіздің де толуы мүмкін емес деп ойлады ол жаздың ыстық күнінде тісі-тісіне тимей сақылдап, көкесінің ескі қайығының бүйіріне тығылып отырып. Тезірек өссе екен! Мәметжанның сзайын тарттырар еді сонда!.. Бірақ оған дейін әлі біраз-біраз уақыт бар. Қаншама күндер мен айлар бар. Әзірге атасы екеуі біріне-бірі жұбаныш. Біріне-бірі алданыш.
* * *
Бұл өлкедегі ойпаңдар мен қыраттар, өзендер мен көлдер, күн, ай мен жұлдыздар, талдар мен жапырақтар, тастар мен қиыршық құмдар, тіпті айбыны асып жатқан телегей су – Көк теңіздің түбіне шөккен балдырлар мен ойнақ салған балықтар, Барсакелместің даңғайыр даласында жосыла құйғытқан құландар бәрі-бәрі бір адамның жебеушісі. Олар таңнан кешке дейін баланың тілеуін тілеп, сол адамның ғұмыр- тәлейін дұғаларына қосып, тебіренеді.
Бала көңіл сарайында қонақтаған аяулы сырын соларға ғана шертеді. Бүгін құмға, ертең шалқып жатқан қарт теңізге, одан әрі аңқасы кеуіп, жапырағы сарғая бастаған терекке келіп, сыр ашады. «Әй, әй, тек! Байқаңдар, дос деген сырға берік болса керек-ті. Ешкімге тіс жармаңдар. Сенген соң айтып тұрмын- дағы. Әйтпесе…» дейді ол ашуланып. Қиыршық құм шырқ үйіріле соғып, «О не дегенің? Қашан саған сатқындық жасап едік?» дейді. Бір-бірімен қуаласпақ ойнаған ерке толқындар «О не дегенің?! Сенің құпияңды қашан жайып едік?» дейді. Күн сорып, таңдайы қақсыған талдың өзі кілт жайдарыланып, «О не дегенің?! Мен сенің адал досың емеспін бе!» дейді. Бала сосын ғана тынышталады. Сосын ғана көңілденеді.
Байырқалап, мына дүниеге қарайды. Өзін осынау ғажайып өлкенің қожайыны сезінеді… Қожайын емес, дирижер. Бұл – дирижер, қалған достары – оркестрдің мүшелері. Толқын соғып, жел гулеп, жапырақтар сыбдыр қағысып, құм ысқырып, тас шақылдап, бәрі-бәрі өз үнін қосып жатады. Бәрі де балаға бағынады. Бәрі де баланың бұйрығын күтеді. Бала шолақ таяғын сермеп қалса бітті, достары өз үндерін өзгелерден ерек шығаруға тырысып, улап-шулап қоя береді.
Бүгін де сөйтті. Қолындағы таяғын шошаң еткізгені сол еді, дала төсі аласапыран күйге түсті. Бұл жәйт баланың өзіне де таңсық. Қызығы сол – мұның жебеушілері баланың тілегін екі еткен емес, көңілін қалдырған емес. Күн бұрынғысынан да жарқырап кетті. Айшоқы жеріндегі азын-аулақ тал жапырақтары сыбдыр қағып, олар да өзінше үн қосып жатты. Қиыршық құм суырыла соқты. Шөгіп бара жатқан, шегініп бара жатқан Көк теңіз түбіндегі балықтар айдын төсінде асыр салды. Даңғайыр далада жосылған құландардың тұяғының тарсылын естіді бала. Бала қолын олай-бұлай сермеген сайын табиғаттың мимырт мінезі сергек қалыпқа еніп, олай да, бұлай да өзгереді, жарықтық. Әлгінде ғана тып-тыныш жатқан теңіз бетінде тіршілік қайнап сала берді. Әлгінде ғана алаңсыз жатқан ауыл үстін ақ боран жапты. Ел-жұрт түк түсіне алар емес. Табиғаттың тап бұлай тосын мінез танытуы бұл өлкеде тым сирек кездеседі. Бірақ балаға түсінікті. Балаға қызық.
Әйткенмен, бұл екеуі үміт артты екен деп, арманын арқалатты екен деп теңіз шіркін кері қарай бір қарыс та оралған жоқ. Сол күйі жылыстай берді. Ауыл арасында теңізге қатысты, балықтың азайғанына қатысты күңкіл-сүңкіл көбейді.
Атасы мен баласы да мұңайды. Көз алдарынан аулаққа кетіп бара жатқан Көк теңіздің қазіргі сықпытына қарап торықпау, мұңаймау мүмкін емес тәрізді. Атасының бар алданышы – осы қара домалақ бала. Баланың бар арқа сүйері – осы шүйкедей сары шал. Күнде кешкілік атасы әдеттегідей баласына ертегі айтып ұйықтатады. Ең қызық жеріне келгенде баланың көзі тағы да ілмектесе бастайды.
– Ата-а-а, – дейді тәп-тәтті ұйқының тереңіне шым батып бара жатқан бала жәймен ғана. – Сосын не болды?
– Ең қызығы сонда, балам, – дейді атасы сыбырлай сөйлеп. – Дәруіш шал айтқандай, баланың сілекейін суға араластырып ішкен хан шынымен-ақ дертінен құлан-таза айығыпты. Ал бала бұйра шашты, қыр мұрынды, өткір көзді, ару біткеннің ұйқысын қашырған сері жігіт болып ержетіпті. Шешесінің қасиеті балаға да дарыған еді. Ана сүтімен келген тектілік бала бойында тамыр жайып, бала адуын мінезді, арқалы жігітке айналған сайын қасиеті қабындай артып, адами қарымы да, беделі де биіктей түсті…
Бала тағы да мұрны пысылдап, ұзақты күнгі тынымсыз тіршіліктен қажып, шаршап, ұйқы құшағына еніп бара жатты.
– Ұйықта, ұйықтай ғой, – деді атасы еміреніп. – Ертең балыққа шығамыз. Батыр бірінші рет теңізге шығады. Көкеңді де бір кезде осы теңізге алғаш рет алып шығып едім. Ол кезде теңіз қандай еді!.. Шалқып жатқан ұлы су, шеті мен шегіне көзің де, көңілің де жетпейді… Ойпырмо-о-о-о-й десеңші.
Шал өткен дәуренін ой елегінен өткізіп, көңіл сарайы көтеріліп қалды. Тап сол сәтке қайта оралғандай, қуаныш сезімі тұла бойын кернеп кетті. Кезінде осы өңірге аты жайылған балықшы еді. Қармағы қаппай, бос қайтқан кезі жоқ. Қармақтың өзі бала кезде, бозбала дәуренде ғой. Бертін келе тор құрып, ақанша тастап, теңізді шыркөбелек айналдырды. Балықшылықты әкесінен үйренген. Сөйтіп бұл да елге үйретті, баласын баулыды. Сөйткен ұл қапияда теңіз құшағына түсіп, қайтып шыққан жоқ.
Біреулер абайсызда болды деп налиды. Біреулер қастық қылды деп дұшпан іздейді. Шалдың өзі жазмыш-дағы дейді қысқа қайырып. Ұлының өлімі туралы көп сөйлегісі жоқ. Сол ұлының артынан ерген қарасы – әулеттің жалғыз тұқымын теңіз тіршілігіне бейімдеп, балықшылық дейтін ата кәсіппен таныстыратын сәт таяпты. Соны ойлап, шалдың көңілі қобалжыды. Жүрегі дүрсілдей қатты соқты. Апыр-ай, мұндай жайсыз күй болмаушы еді, жүріп кетпесем нетті, мына сорлы бала тақыр-тапа жалғыз қалмаса болар еді деп уайымдады. Өлмеуім керек, тап бүгін өлмеуім керек деп күбірледі сосын.
«Мына ұлды теңізбен таныстырмай жатып ғайыпқа аттансам, кешпеспін өзімді, кешпеспін».
Бала түн ортасындағы ыңырсыған түсініксіз дыбыстан оянып кетті. Дыбыс көрші бөлмеден шығатын сияқты. Атасы ешқашан мұның қасына жатқан емес. «Баяғыда кемпірім барда екеуміз осы пештің түбінде жатушы едік. Ол кезде мұндай үй қайда, тауықкепе сияқты құжыра. Соның өзін ай салдық па, жыл салдық па, әрең бітіргенбіз» деп отыратын. «Балам, мен пеш түбінен ажырамай-ақ қояйын, сен көкеңнің кереуетіне жат. Әулеттің ендігі тірегі сен емес пе, биігірек жат, қалқам» деген қашанғы ырымға әуес әдетімен. Бала үстіндегі көрпесін серпіп тастап, келесі бөлмеге өтті. Пеш түбінде атасы алаңсыз жатыр. Тың-тыңдап көріп еді, қорылдап жатқан жоқ. Білінер-білінбес пыс-пыс етеді.
Енді қайтадан өз кереуетінің жанына барды. Әлгі дыбыс тағы шықты. Құмыққан үн ыңырси естіледі де қайта басылады. Тың-тыңдап аз тұрса тағы шығады. Сосын тағы басылады. Асығыс-үсігіс шалбарын киді. Жейдесін үстіне іліп, есікке беттеп бара жатып, жолай түймелерін қадады. Түйме дейтін түйме де қалмапты… Түн тып-тымық. Жыпырлай жарқыраған жұлдыздар шалқасынан шәлжиіп жатқан ай шіркінді жан-жағынан қаумалап алыпты. Айдың бозамықтанған сәулесі жерге түсіп те жарытпапты.
Айналдырған он шақты үйде оңған ит те жоқ. Балықшы Тілеубайдың қаншығы үлкен иттерге еліктеп, абалағансиды. Тымық түнді шақылдатып, әуп-әуп деп үреді. Бала сол жағына бұрылып еді, Мәметжанның терезесінен шам сәулесі байқалмады. Баспалап, тамның артына қарай жүрді. Әлгі беймәлім ыңырсыған дыбыс сәл-пәл анығырақ естілгендей болды. Сықсыңдап жылағандай ма… Айшоқы қаласы мен Айпара қыратының екі ортасындағы елсіз далада шибөрілер жүреді, олар түнде бала сияқты шырқырап жылайды деуші еді, үй-үйді тіміскілеп жүрген солар емес пе екен деп ойлап денесі дір ете түсті. Тағы да ақырын басып, таяп келді. Жоқ! Мыналар адам. Әрі бір емес, екі адам… Жақындаған сайын күбір-сыбыр, күбір-сыбыр үдей түсті. Бала тоқтай қалды. Әлбетте, әрі қарай жақындауға болмайды. Кім болса да көріп қойса ұят. Әуелі бала Сәлиманың дауысын таныды. Атасы жаздай шөп орып, күзге салым сазбен араластырып, қораның құлаған жерін сылаймыз, керек болады деп жинап қойған. Сірә, Сәлима соның үстінде отыр. Сәлима емес, екі адам.
– Қойшы, енді, жыламашы, Сәлимаш, – деді еркек дауысын бәсең шығаруға тырысып.
Бала селк ете қалды. Мына таныс үн кімдікі деп ойланды да көп өтпей-ақ есіне түсті. Мәукен ғой мынау! Иә, соның өзі. «Ақыры келіпті-ау» деген қуаныш жүрегін өрекпітіп жіберді, Сәлиманың жанында отырғанын ойлап көңілі құлазып кетті.
– Қалай жыламайын, қалай аһ ұрмайын, Мәукен, – деді Сәлима тағы да үні құмыға шығып, тамағына өксік тығылып.
– Қазір айнаға қарауға да зауқым соқпайды. Кейде өз бетімді өзім тілгілеп, паршалап тастағым келеді. Әлдеқалай бетім күйіп қалса екен, жара қаптап кетсе екен деп жалбарынамын…
– Қой, қайдағыны айтпа…
– Рас-ау, сөйтем, өйткені көрген құқайым, жеген таяғым осы беттен болып тұр. Айнаға қараймын да ойланамын, қай жерім сұлу, қай жерім көркем, жұрттың салпыетек, сарықарын бәйбішелерінен қай жерім артық? Мен де солар секілді салбөксе әйел емеспін бе? А? Мәукен?
– Сәлимаш, жетер енді, кетейікші, өзің де азаптан тозып біттің. Енді бізді не ұстап тұр? Не тежейді? Батырайық қарамызды.
– Мен оны білемін, Мәукен. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын нағыз қызылкөздің өзі.
– Қорыққаның Мәметжан болса, алаңдама. Айшоқының айналасынан ұзап көрмеген байғұс қой ол, өзің түгіл ізіңді таба ала ма!
– Оның үстіне, нағашым да долы. Көрсе желкемді үзер…
– Жә, қойшы, Сәлимаш. Тоқтатшы енді. Кім көрінгеннен қорқа бермеші. Мен бармын жаныңда. Алысқа кетеміз біз, тым-тым алысқа, ешкім танымайтын бір қиырға тартып отырамыз…
– Қорқам, Мәукен, қорқам. Асықпайықшы… Ойластырайық әлі де…
Мәукен күліп жіберді.
– Сәлимаш, сен де қызықсың. Ойластырайық деген не сөз? Біз не, Көк теңіздің тағдырын ойлап отырмыз ба? Әлде анау биополигонның мәселесін ақылдасып отыр ма едік? Өз өміріміз, өз тағдырымыз ғой. Оны кейінге шегере бергеннен кім ұтады? Кім ұтылады? Ұтатын, әлбетте, сенің байың. Ұтылатын – біз. Ұтылғанда да оңбай омақасамыз…
– Мәукен, сонда да… Дәл қазір тәуекел ете алмайтын сияқтымын…
Жазғы түннің салқыны баланың денесін тоңазытып жіберді. Теңізден ескен дымқыл леп ауаны одан бетер салқындата түседі.
– Қарашы өзің, бұрымыңды түбінен қиып тастапты. Адам емес ол! Қорлаудың ең сорақы түрін тауыпты. Бұдан әрі төзе берсең түпсіз тозақ күтіп тұр алдыңнан. Мәметжанның тозағы. Басқа түк те емес, Сәлимаш!
Баланың бойын үрей билеп алды. Сыбдырымды естіп қалмасын, тыңдап тұрғанымды аңғартып қоймайын деп абайлай қимылдап, қабырғадан кішкентай басын шығарып, жылтиып қарады. Оңаша сырласып, құшақтаса өбіскен еркек пен әйел титімдей баланы байқаған жоқ. Сәлима орамал тартқан, өзі бұл тұрған жаққа теріс қарап отыр. Мәукен онымен қатарласа, оң қолын әйелдің иығына артып, құшағына қысып алған. Сәлиманың шашын қалай қиып тастағанын аңдай алмады. Бірақ Мәметжан нағыз басбұзар, одан бәрін күтуге болады. Әнеубір күні «Балықты қайтіп сойсам, әлгі аға-сымағыңды мына қатынмен қосып солай сояр күн де туар» деген жоқ па! Өз әйеліне аяушылық танытпай, бұрымын қырқып тастауы қандай қатыгездік! Баланың денесі мұздап сала берді. Бұл жолы жазғы түннің салқын ауасы да, Көк теңіздің алыстан ескен лебі де емес, Мәметжанның мынау оспадар әрекеті тәнін тоңдырып, жанына батып кетті.
– Мені сүйесің бе, Сәлимаш?.. Соны айтшы… Сүйесің бе мені?
Сәлима судыраған жеңіл халатпен отыр екен. Аз-маз ай жарығымен сұлу тәні айқындала білінеді. Мәукен оң қолымен иығынан қыса ұстап, сосын абайлап қана әйелдің омырауын сипалады. Сәлиманың жеңіл ышқынысы тыныс алудың сәл күшеюі секілді шаң беріп өтті. Мәукен одан әрі батылдана түсті. Сол қолымен әйелдің шашын сырғалығына қарай қайырып, әппақ бетінен өпті. Оң қолымен иегінен ұстап, өзіне икемдеді. Әйел де еш қарсылықсыз ыңғайлана берді. Бала қос алақанымен бетін басып, көзін тарс жұмып алды.
– Мәукен…
– Айта қойшы, өз аузыңнан естиінші… Сол сөзіңді естісем болды, қосыла алмай кетсем де арманым жоқ…
– Мәукен-ай, қинамашы… Сүйем ғой, сүймесем осылай жанымды шүберекке байлап келемін бе қасыңа?!
– Мен де сені жанымдай жақсы көремін. Сендей перизатты алақаныма салып аялап өтуге дайынмын. Тіпті сол үшін қызметтен бас тартуға бармын. Кетер едім қиянға. Ұшар едім аспанға!
– Мәукен… Жалғыз сүйенішім сен ғана… Таң да атып қалыпты…
Бала орнынан кілт қозғалды.
– Қызымның түн ортасында бір жыласа уанбайтыны бар. Барайын… Әлгінің де қаладан келетін кезі болып қалды…
Бала жалт бұрылып, баспалап үйге кірді. Есіктің ілмешегін салмады. Бәлкім Мәукен осында келіп түнер деп ойлады. Сол күйі көз іле алмады. Атасының білмейтін ертегісі, айтпайтын аңызы жоқ. Мұның бойында да әлдебір қияли көңіл-күй қанат жайып, табиғаттың әр мүйісінен сыр аңдап, сәл нәрсеге көңілі бұзылып, сәл нәрсеге қанаттанып жүрсе, атасынан жұққан сырмінез қалпынан шығар. Көз алдына бұрымы кесілген Сәлиманы елестетті. Майда кекілі, тоқ бұрымы өзіне айырықша сән беріп тұрушы еді.
Сосын ойына атасы айта беретін әйгілі Бегім-Ана аңызы түсті. Атасы сол аңызды алғаш айтып берген кезде Бегім-Ананың сұлу келбетін елестетер алдында көкейіне Сәлиманың түрін орнықтырып алған. Сосын барып аңызды алаңсыз, өз қиялындағы суретпен қиыстыра отырып тыңдаған. Енді қарашы, тағдырлары да бір-біріне ұқсайтын сияқты.
* * *
Осынау шексіз жазирада қаншама дәуірлер бұрын сәні мен салтанаты келісім тапқан ұлы хандық салтанат құрыпты. Хандықтың бас қаласы – Жанкент шаһары екен. Сол заманның өзінде-ақ егіншілік пен сауда-саттыққа ден қойып, жан-жақсы өркендеген, өркениетті ел болған көрінеді. Ол кезде Көк теңіз Жент теңізі деп аталыпты. Жергілікті халық – оғыздар егін егіп, аң аулап күн көріп жүргенде теңіз маңынан үлкен тұз көзі табылып, халық бұл ен байлықты Қытай, Иран, Үндістанға тасымалдап, пайдаға кенеле бастайды.
Одан қалды, көршілес қоныстанған қыпшақ-қимақ тайпалары Карлан өткелі арқылы мыңғырған малын – үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойын айдап өтіп, Жанкент жұртымен сауда жасайды екен. Осындай қызу тіршіліктің арқасында шаһар өмірі бұрынғыдан да жандана түсіп, Жанкент Ұлы Жібек жолы бойындағы ең нәрлі, ең сәулелі мекенге айналып жүре береді. Оғыздар орналасқан осынау қаланың түкпір-түкпірінде сәт сайын үнді маталары мен жемістері, құрмалар мен науаттар, Қытайдың көз арбайтын жібектері үздіксіз сатылып жатты. Көңілі де, қарны да тоқ халық барақат дәуірді бастан кешеді. Жанкент әміршісі Санжар хан халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, қатал, қызуқанды билеуші болыпты. Аптасына екі рет аптап ыстықтан топырақтың өзі күйіп кеткендей көрінетін Жанкенттің сары даласында аңға шығып, құмарын басатын. Және өзі көздегенін мүлт жібермейтін сыралғы мерген еді.
Бір жолы ол қасына сенімді сарбаздарын жиып, аңғы шығады. Санжар ханның аң аулағанда тастамайтын қарағайдан қиып жасаған жебе толы бес қорамсағы мен жүзі лыпып тұрған тоғыз қанжары бар екен. Солардың бірі, өзі аса ұнататын, қыпшақ тайпасының көсемі тарту еткен наркескен қанжарын үйде ұмыт қалдырыпты. Хан сарбаздарының бірін қанжарды алып келуге жұмсайды. Сарбаз келсе Бегім-Сұлу он екі қанат ақ отаудың ішінде отыр екен. Сарбаздың сұрағын естіген соң, жабықтан жүзін көрсетіп, ханның қанжарын әдеппен ұсынады. Әдетте көпшілік алдына шыға бермейтін Бегім-Сұлудың тәңірі сәуле төккен сүттей аппақ ажарын көрген сарбаздың тілі байланып, көзі тұманданып кетеді. Өзін-өзі билей алмай, аяқ астынан жігіттігі ұстап, Бегім-Сұлудың нәп-нәзік білегіне шап беріп жабыса түседі. Осы сәтте өзі де ат үстінен ауып кетіп, басы зеңіп, заматта есінен танып қалыпты. Сарбаз сол жатқаннан мол жатады. Бір уақытта есін жиып, айналасына қараса ешкім жоқ екен. Дереу атқа қонып, хан мен нөкерлері күтіп тұрған маң далаға желе жортып, лезде жетеді. Сарбаздың ұзақ айналысынан кіді алып қалған әмірші терісіне сыймай, құралмалы тақ үстінде айбатын шегіп, әрең отыр екен. Сарбазы келген бойда:
– Иә, соншама уақыт бойы қайда болдың? Неге кешіктің? – деп дүрсе қоя береді.
Ханның қаһарынан қорыққан жауынгер:
– Әміршім, ордаңызға тездетіп-ақ жеткенмін. Ханымның отауының жанына барып, ат үстінде тұрған қалпымда: «Хан ием қанжарын ұмытып кетіпті. Соны алып кетуге келдім» деп хабар бердім. Көп ұзамай ханымның өзі де көрініп, ауыр қанжарды маған қарай еппен көтеріп ұсына берді. Көзін алмай қарап қалыпты. Мен кірерге тесік таппай, төменшіктей бердім. Қанжарыңызды көтеріп алып, ердің жанына байладым да енді жүрмек болғанда мәртебелі ханым:
– Жігітім, сәл аялдашы, – деді. Шыны керек, есімді жия алмай қалдым. Ханымнан ондай сөз күтпеген едім. Тезірек қайтпақ болып аттың басын кері бұра бергенімде жаныма жетіп келіп, білегімнен ұстай алды. Сол жабысқан күйі айырылмады. Бұл жағдайда не істерімді білмеген қалпы аттан құлап түсіп, сол күйі есімнен танып қалыппын. Есімді жиып, үсті-басымды реттеп, келіп тұрған бетім осы, – дейді жауынгер жәдігөйленіп.
Өзі де ішінен күдіктеніп, терісіне сыймай ашу буып, зорға отырған хан қаһарланып, қалшылдап кетеді. Ер-тұрманға байланған қанжарды жұлып алып, жауынгердің басын шауып түсіреді де аңшылықты доғарып, бірден өзінің ордасына бет алады. Үйіне жете салысымен алдынан жайраңдай шығып, қарсы алған Бегім-Сұлуды әй-шайға қаратпастан аттың бауырымен қағып, шалқасынан құлатады. Содан соң қолынан жетектеген күйі отаудың ішіне кіргізіп, ақылын ашуға жеңгізген қалпы жас әйелінің оң қолы мен оң жақ бұрымын шауып тастайды. Онымен қоймай, әбден азаптап, танауын тіледі. Іле нөкерлерін шақырып, «күнәһар» әйелді зынданға тастауды бұйырады. Әйелінің әлдене айтпақ болып әрекеттенгеніне пысқырмайды да. Оның бірде-бір уәжін тыңдауға құлағын да түрмейді.
Кеше ғана елдің ханымына айналып, әдебімен, ибасымен, әйелдік парасатымен мұқым жұртқа пана болған, үлгі болған сұлу да ақылды әйел зындан түбінде қансырап жатады. Уақыт өткен сайын жағдайы нашарлап, көп қан жоғалтады. Мұп-мұздай зындан ішін жаңғырықтырып жылайды, еңірейді. Бірақ ол дауысы өзінен аспайды. Жер үстіндегі пенде баласына тіпті де жетпек емес. Сұлулығы мен қасиеті астасып жатқан Бегім-Сұлу – сол замандағы әйгілі Қарабура әулиенің қызы екен. Қарабура әулие Қараханид патшасы Әбуәлі Хасан Жақыптегінің ұлы еді. Кейде оны жұрт Ахмед деп те атайтын. Жастайынан ілім-білімге құштар болып, Қожа Ахмет Яссауимен бірге Отырарда Арыстан бабтан, кейін Бұқарадағы Жүсіп ұстаздан дәріс алыпты. Сөйтіп жиған білімі бойына дарып, сұңғыла жан болып ержетсе керек. Бірақ Бұқарадағы білімін сол күйі аяқтай алмайды. Баласын әмірші ретінде көргісі келген әкесі Әбуәлі Хасан ұлын ертерек шақыртып алып, Сайрамға хан етіп қояды. Ахмед хан білімпаздығымен қоса бойына қасиет қонақтаған дегдар жан еді. Содан болар келер қауіпті алдын ала сезіп, біліп, халқын тосын апаттар мен оқыс жағдайлардан сақтандырып отыратын көрінеді. Онымен қоса, Қарабура дейтін түйесімен ел аралап, жер кезіп жүреді екен. Қызығы сол, Қарабура тізгіндеген хан бүгін Сырдың бойында жүрсе, ертең-ақ Ұлытау топырағын таптап кетіп бара жатады дейді. Бірте-бірте оның Ахмед есімі көмескіленіп, халық оны біржола Қарабура әулие деп атап кетеді. Сол Қарабура әулие зындан түбінде азап шегіп жатқан қызының түсіне кіріп, аян бере сөйлеп: «Балам, ақиқатын айтшы, күнәдан аман екенің рас болса, жан жарыңа адалдық танытсаң Тәңір өзі жәрдем беріп, тән жараңды да, жан жараңды да заматта жоқ етеді. Ал күнәлі болып, жаза бассаң жазаңды Құдай Тағаланың өзі берер» дейді.
– Бұл аңыздың бір нұсқасында былай да айтылады, – дер еді аңызды тұнжырай баян етіп отырған атасы немересін бауырына қыса түсіп. — Қарабура әулие күйеу баласы Санжар ханның да түсіне кіреді: «Адам ақ-адал жар етіп алған әйеліне жазаны ақ-қараны айырып барып қолданбас па? Егер кінә менің қызымнан болса, онда сол айыбының жазасын тартып, өмір бойы қорлыққа батып өтсін, ал егер адал болып шықса, оған араша түсе алмаған еліңді жылан жұтсын» дейді де жоқ болады. Әмірші ұйқысынан шошып оянып, жандайшаптарының бірін дереу зынданға, әйелін көруге жұмсайды. Барса ай десе аузы, күн десе көзі бар Бегім-Сұлу сол баяғы сұлу қалпында жарқырай қарсы алыпты. Жандайшап алқына жүгіріп әміршіге жетіп, көргенін бүкпесіз баяндайды. Мұны естіген ханның есі екеу, түсі төртеу болып, не істеп, не қоярын білмей әбігерге түседі. Үстін суық тер басып, ізінше қызуы көтеріліп, тілден айырылып, сандырақтай бастайды. Жарқ-жұрқ еткен Жанкент шаһарын қалауынша билеп отырған ханның жағдайы белгілі болған соң-ақ ел іші бүлініп, билікке талас күшейеді. Айдың-күннің аманында дүрбелең туады. Сөйтіп жатқанда жылан дегенің аспаннан жаңбырша жауыпты деседі. Қара шұбар, ала шұбар жыланның санында есеп жоқ. Сәлден соң жыландардың құрсауында қалған Жанкент жер бетінен тып-типыл болған көрінеді. Халқы түгел қырылып қалады. Ханның уәзірлері бой тасаламаққа тырысып, ханның ат-арбасына әміршіні жатқызып, жыланнан қашып елсіз далаға бет түзейді. Алайда жол-жолдың бәрін торуылдаған ордалы жылан шаһар қақпасынан енді ғана шыққан хан арбасының алдын кес-кестеп, әуелі Санжар ханды шағады. Одан кейін бүкіл уәзірі мен нөкерлерін де сеспей қатырады.
– Ал Бегім-Сұлудың тағдыры не болды? – дейді ынтыққан бала.
– Әміршіге өкпесі қара қазандай Бегім-Сұлу Жаратушының құдіретімен аппақ құсқа айналып, шырқай ұшып кете барыпты. Сол ұшқаннан ұшып отырып теңіз жиегіндегі аралдардың біріне келіп тұрақтайды. Сол құс тұрақтаған жерде қазіргі Бегім-Ана мұнарасы пайда болған. Көрдің бе, қандай құдірет? Біздің жер де қасиетті ғой, жарықтық. Сен зерек баласың, Шырынбекжан, осының бәрін біліп жүр. Біреуге істің байыбына бармай жатып әлдене істемек тұрмақ, ауыр сөз айтудың өзі үлкен күнә. Күнәсінен бөлек, әлгі адамның көңілінде наза қалады. Назалы адамның назы оңайлықпен тарқамас.
Атасы аңыз айтуға құмар.
– Айшоқыда аңыз көп, – дейді ол. – Бірі білсе, бірі білмейді, біреуге керек, ал біреуге қажеті шамалы, біздің жасымызда оны сендерге айтқаннан басқа не қалды? Ал бауыры күмістей әппақ құсқа айналған Бегім-Сұлу Айшоқының аспанында ұшып жүріпті. Тіпті қазіргі күнге дейін арагідік көзге көрініп қалады деседі. Ол пейілі таза, жаны кең адамға көрінеді дейді. Біздің пейіліміз тарылып көрген кезі жоқ. Бірақ сол құсты байқамадық. Кім біледі, күндердің бір күнінде келетін шығар. Бізге көрінбесе, ұрпағымызға көрінер… Иә, ол құстың бұл өлкеге тағы бір келмеуі, тағы бір ұшып өтпеуі әсте мүмкін емес.
Бала ерте оянды. Тұра сала жүгіріп үйдің артына барды. Нығыздала жиналған көк майса шөп түнде ешкімді көрмегендей, білмегендей бейқам жатыр. Бала теріс айналып, қайтадан есік алдына келді. Атасы ертерек тұрып Тілеубайдың үйіне кеткен-ау. Кеше «теңізге соның қайығымен шығайық, өзін де ерте кетелік» деп отырған. Сірә, қазір келіп қалар. Бұл сылағы қашқан жаман сарайдың қозғала бастағаннан-ақ сақыр-сұқыр етіп, ойбайлай жөнелетін есігін жұлқып ашып, қармақтарын түгендеуге кірісті. Кенет үй жақтан гүрілдеген дауыс шығып, әлгі дауыс зорая түсті де бұларға жақын маңға келіп, тырқылдай тоқтады. Бала мойнын шығарып қараған. Мәметжан екен. Құм үстінде ойнап отырған қызы Ләйлә әкесінің келгенін көріп, ойынын тастай сала мотоциклге қарай тұра жүгірді. Ләйләнің жасы 4-те. Сөйлей алмайды. Туа бітті солай. Мәметжан қызына қайырылған да жоқ.
– Әй, қарап отырмай, көмектес, – деді мотоциклді айдап келген бозбала жігітке. – Қәне, түсіріп тастайық.
Сөйтті де қаптал арбаға тиелген қаптардың бірін әуп деп көтеріп алды. Бет-аузы қыртыстанып, бөркі бір жағына қарай ауып кетіпті. Қаптардан қызыл қан сорғалап тұр. Бозбала да мотоциклінен түсіп, қаптардың бірін иығына қарай ыңғайлап, үйге қарай алып кетті. Мәметжан әуелгі жүгін аударып тастады да ентіге жүгіріп қайта келді. Екіншісін иығына лақтырды. Қап ішіндегі жүк буылтық- буылтық болып, бөлек-салақ домалайды. Жерге түсіріп, қайта көтерді.
– Атаңа нәлет-ай, – деп боқтап қояды. Алдынан кес-кестей берген қызын қолымен жасқап жіберіп:
– Әй, тұршы былай жағаласпай, – деп итеріп тастады. Ләйләнің қуанышы су сепкендей басылып, қайтадан шеге құмның үстіне келіп отырды. Көзін бірақ әкесінен айырған жоқ. Үйден жаулығын жүре түзеп Сәлима шықты.
– Сүмірейіп неғып тұрсың? – деп зірк етті Мәметжан: – Тасы аналарды!
Қолымен нұсқап мотоциклдегі қаптарды көрсетті.
Сәлима таңғала қарап, көлікке беттеп жүре берді де дағдарып қалды.
– Мәметжан, мынау не тағы?
Күйеуі мықшыңдаған күйі жауап бермей үйге кіріп кетіп, қапты тастап, қайта шықты.
– Мұрның иіс сезбей ме, немене?
– Ет пе?
– Әй, сен сұрақты көбейтпей, тасы жаныңның барында. Әйтпесе, құримыз…
Сәлима амалы құрып, қаптың біріне қол салды. Арқасына аспақ болған, әлі жетпеді. Сылқ еткізіп жерге қоя салды. Бозбала жанына келіп:
– Жеңеше, тастай қойыңыз. Өзім-ақ, – дей беріп еді, Мәметжан ақырып:
– Тасысын! – деді. – Осылардың өңешін толтыратын азық емес пе! Тасиды өзі!
Мәметжан Сәлимаға оқты көзімен қарады. Қаптал арбада әлі 4-5 қап жатыр теңкиіп. Сәлима енді көтермесе Мәметжаннан таяқ жейтінін біледі. Әкесі шешесіне айғайлаған сайын кішкентай Ләйләнің көзі үрейге толып, мазасы қашады. Ол назарын құмға бұрып, шеге құмды алақанымен сауылдатып төгіп, мағынасыз ойынын ойнай берді. Бала осының бәрін үнсіз бақылап, қораның тозып, жамау-жамау болған есігінен сығалап қарап тұр. Мәметжан сөйлемей-ақ, ақсаңдап жүрген сайын жаны жабығып, жүрегі қан жылайды. Сәлима ақыры намысқа тырысып, жеңілдеу деген бір қапты өйтіп-бүйтіп жүріп иығына салды-ау. Бала да уфф деп демін алды. Әйел арық денесі қушиып, тыртаңдап, кейде қаптың салмағымен біресе оңға, біресе солға ауып кетіп, табалдырыққа жете бере құлап түсті. Қапты ұшынан тартқылап, әрі қарай сүйретіп алып кетті.
Мәметжан ырсылдап, әлдебіреу ізінен қуып келіп, мына қаптардың бәрін қайта өңгеріп кететіндей жанталасып жүр. Ара-тұра баланың үй жағына қарап қояды. Сірә, реті келсе, бұған да тасытып қоймақ шығар. Бірақ мұны іздейуге уақыты тапшы сияқты. Үсті-басы қара тер. Өзінің де әлі құрып, соңғы қапты көтере алмай, сүйретіп апарды да бар күшімен ішке қарай лақтырып жіберді. Бозбала жігіт аяғымен сілкіп тастап, мотоциклін гүр етіп оталдырды. Мәметжан Ләйләнің жанына таяп келіп, шеге құммен қолының қанын сүрткілеп, тазалап алды. Сосын тіркемеде жатқан кішілеу бір қапты нұсқап:
– Ал, Мантайжан, мынаны шешеңе апар. Аз күн ас-қатық қылыңдар. Ағаң барда тарықпайсыңдар, – деді ебедейсіз ыржаң-ыржаң етіп. Сосын насыбайын алып, алақанына қағып, шалқайып тұрып тілінің астына тастап кеп жіберді. Көзін жұмып біраз тұрды.
– Сөйт, жөнел! – деді жолды нұсқап. – Көрдім-білдім болмасын, Мантайжан! Лажы болса мені өліп қалыпты десең де мәрхәбәт, – деп қарқылдап күлді.
– Қош боп тұрыңыз, аға, – деді әлгі жігіт. Сөйтті де мотоциклін көше жаққа бұрып, ақшаңдақ жолға түсіп алып, келген ізімен заулап кері қайтты. Мәметжан насыбайын былшылдатып түкіріп аз тұрды да үйге кіріп кетті. Бала сарайдан лып етіп шығып, Ләйләнің жанына барды. Ләйлә қуанып кетті. Өйткені бала үнемі ойнатады. Қамқор болады. Өзінің қарындасы еміс-еміс қана есінде. Оны қатты жақсы көріп, шашынан сипаушы еді. Енді қарындасы жоқ, есесіне Ләйлә бар. Ол да сүп-сүйкімді. Бірақ аздап жылауық. Бәлкім, сөйлей алмайтын болған соң шарасыздықтан жылай беретін шығар. Бала солай топшылайды.
– Ләйлә, – деді бала жанына жүгіріп барып. – Ойнап отырсың ба? Бетіңді де, шашыңды да құм қылыпсың.
Баланың сөзін түсінген сияқты, әуелі бетін, сосын шашын ұстап, бұған қарап күлімсіреді. Сосын құмды шашып жіберіп, кел, ойнайық дегендей ықылас білдірді.
– Ойнасақ, ойнайық, – деді бала да жайраңдап. – Атам келемін дегенше сені ойната тұрайын.
Екеуі құмның үстінде асыр салып ойнады. Ләйлә сөйлей алмаса да, жөндеп естімесе де баланы жақсы түсінеді. Екеуі тәп-тәуір ұғыныса алады. Кейде баланың Ләйләні алыс бір қойнауға қарай, теңіз мейлінше жақын жатқан тұстарға ертіп алып кететіні бар.
– Ләйлә, қарашы теңізге, көрдің бе қандай алып, қандай терең? – дейді ондайда сұқ саусағын шошайтып. Ләйлә да сұқ саусағын шошайтып, бірдеңе деп дыбыс шығарғысы келіп, баланың істегенін айнытпай қайталайды. Сосын екі қолын шапаттап, бір орнында секіре береді.
– Бұл теңізде үлкен-үлкен кемелер жүзеді. Қайықтар да жүзеді. Бірақ қайықтар кішкентай. Екеуміз сенің әкең мен шешеңнің, менің атамның жанында қандай титімдей болсақ, қайықтар да кемелердің жанында сондайлық кішкентай ғана. Олар сонда да кемелерден қалыспай, тез жүзе алады. Менің көкемнің сондай қайығы болған. Бірде мені де ертіп шыққан теңізге. Көкемнің қары ешқашан талған емес, діттеген жерге жеткенге дейін есе береді, есе береді. Мен де есіп көргім келді. Бірақ маған «сен әлі баласың, ержеткен соң қайықты да есерсің, кемені де айдарсың» деген. Тезірек ержетіп, есейгім келеді. Сол кезде кемеге отырып, шешем кеткен жаққа тартып отырар едім. Барамын да әй-шайға қаратпастан шешемді отырғызып алып, кері қайтушы ем. Оның әлгі күйеуіне де қарамаспын. Уайымдама, сендерді де ала кетем. Сені, шешеңді мінгізіп аламын. Әрине, атам отырады каютада. Әкеңді ме? Әкеңді… иә, мүмкін, әкеңді де ала кетерміз. Ол кісі жалғыз қалады ғой… Әрі сен де оны жақсы көресің. Солай ма? Иә, солай. Бірақ мен өскенге дейін әлі қанша-а-а-а уақыт бар! Өте көп. Ал мен оған дейін күткім келмейді. Шешем тезірек келсе екен. Атам толқын жағаға ұрып, теңіз қайта арнасына толған кезде шешең де оралады деген. Сондықтан күні-түні Құдайдан толқынның оралуын тілеймін. Жатпай-тұрмай тілеймін. Атам маған сөйлеп жатқанда да, балық жеп отырғанда да, шәй ішіп отырғанда да сол тілегім толас тапқан емес. Өйткені Құдайдың қай кезде қабыл етіп қоярын білмейміз ғой. Сондықтан тілей беремін, тілей беремін, – дейді бала арман-шерін кіп-кішкентай Ләйләға ақтарып. Ләйлә әлденені түсініп тұрған адамша басын изейді. Сосын жәй ғана күлімсірейді.
– Кел екеуміз шұңқыр қазып, соған су толтырайық, сөйтіп үлкен теңіз жасаймыз, – деді бала құмды үңгіп қаза бастап. Ләйлә түсініп, қуанып кетті. Ол да екі қолымен үңгіп, қазуға кірісті. Бірақ Ләйләнің қолы кішкентай, құмды көбіне шашып, әлсіз тырмалайды. Бала тез-ақ аршып, ойық жасады.
– Қазір су алып келемін, – деп үйге қарай жүгіріп кетті де лезде жарты шелек су көтеріп келді. Сосын оны абайлап ойыққа құйды. Ойық шүпілдеп толды.
– Міне, теңіз дайын болды, – деді бала шаттанып. – Менің кішкентай қайықтарым бар. Білесің бе? – деді сосын Ләйләға қулана қарап. Бала бос уақытында ағаштан кесіп кішкентай қайық жасаушы еді. Оған атасы баулыған. Өткен жолы кеме жасауға аңсары ауды. Бірақ кемені қалыптау қиынырақ екен. Қалтасынан кішкентай екі қайық алып шықты. Атасы оған талдың қаттылау шыбығынан ескек жасап берген. Бала екі қайығын суға қоя берді. Олар кішкентай суда аз қалтаң-қалтаң етті де біраздан соң бойларын түзеп алып, жүзіп берді. Бұған екеуі де ерекше мәз-мейрам болды.
– Ал енді балық аулайық, – деді бала. Сөйтті де теректің ұсақ жапырақтарын жыртып- жыртып, судың бетіне шашып жіберді.
– Міне, мыналар балықтар, о, ішінде жайын да бар, сазан да бар, міне, мына біреуі көксерке болсын, жарай ма?
Ләйлә баланың айтқанына басын изей береді. Кішкентай тоғанда қалт-құлт етіп жүзіп жүрген қайықтарды кезек-кезек ұстап көріп, мәз болады.
– Мынау сенің қайығың болсын, – деді бала кішілеуін көрсетіп. – Қәне, бізде әлі су көп. Олай болса мына жақтан тағы бір теңіз жасаймыз. Оны ашық теңіз деп атаймыз, Ләйлә. Атам айтады, теңіздің айдыны кең тарапын ашық теңіз деп атайды екен. Ашық теңіз өте үлке-е-е-е-н болады және онда сирек кездесетін балықтар жүзеді. Тіпті акула, кит дегендер де болуы мүмкін. Ашық теңізде жүзетін кемелер ғажайып үлкен болады дейді.
Бала кішкентай теңіздің жанындағы құмды үңгіп қазып, оны мейлінше тереңдете түсті. Сосын қаңылтыр шелектегі азғантай суды соған құйып еді, ол да шімпілдей толды.
– Пай, мынау шынымен ашық теңізден аумай қалды ғой, – деді өзінің тапқырлығына риза болып. Ләйлә кішкентай қайығын көтеріп алып, ашық теңізге салды.
– О, ашық теңізде жүзгің келе ме? Дұрыс, кел, жүзе ғой.
Бала шыбықпен өзінің қайығын сәл түртіп жіберіп еді, ол жылдамдық қосып теңіздің біресе ана басына, біресе мына басына келіп соғыла бастады. Бұған екеуі де рақаттанып, күледі. Ләйлә да көргенін қайталап, енді қолына шыбық алып, өзінің қайығын түртіп қалды. Қайығы ашық теңіздің арнасы кең айдынында қалқып кете барды. Ләйлә қайығын біресе ашық теңізге шығарады, біресе кішкентай теңізге қарай қақпайлайды. Бала да сөйтті. Енді бірде екеуінің қайығы ашық теңізде қатарласа жүзді. Екеуі осылай күні бойы ойынның қызығына әбден батты. Әрі де, бері де армансыз жүзген қайықтар тіпті теңізде толқындарды да туғызып жібергендей, су беті шиырланып кетті.
– О, міне, міне, – деді бала теңіздің мына жағына қарай аттап шығып. – Теңізде толқын соға бастады. Толқын келсе менің шешем де келеді дедім ғой, Ләйлә. Есіңде ме? Қәне, екеуміз толқынды көбейтейік. Міне, былай.
Бала кішкентай теңіз бен ашық теңіздегі суды саусақтарымен жағаға қарай итере шайқап, қолдан толқын жасай бастады. Шынымен, лезде теңіз беті толқынданып шыға келді. Кәдімгідей, жал-жал толқындар бірінің үстіне бірі еркелей мінгесіп, жағаға келіп құлайды. Бұл Ләйләға да ұнады. Ол да етпеттеп жата қалып суды шайқауға кірісіп кетті. Шайқаған сайын толқын жағалауға соғады. Тіпті жағадан асып, шашырап кетеді. Ләйлә тағы бір мәрте суды қаттырақ ұрып қалғанда сумен бірге балшық қоса шашырап, өзіне құп жарасқан әппақ көйлегі тарам-тарам болып былғанып қалды. Мұны көріп қыз шошып кетті. Көйлегіне бір ауық қарап отырды да бақырып жылап жіберді. Мына жақта ойын қызығымен әуре болып жатқан бала селк ете қалды.
– Ләйлә, Ләйләжан, не болды саған? – деді бәйек болып. Ләйлә көйлегін көрсетті.
– Ә-ә, көйлегің бүлініп қалды ма? Қап-ай, ә! Сен жылама, Ләйлә. Оны шешең әдемілеп жуып береді. Болмаса аздан соң кеуіп кетеді.
Ләйлә бұған уанар емес. Шырқырап жылай берді. Енді лас-лас қолымен бетін одан сайын айғыздап, көзін уқалап жылады.
– Ләйлә, қой деймін, қоя ғой. Ақылды қыз жылай ма екен? Қәне, бетіңді жуайық.
Шелектегі артылған судан алақанына құйып алып, қыздың бетін жуды. Бірақ Ләйлә солқ-солқ етіп жылауын тоқтатпады. Керісінше, былғанып қалған көйлегіне қарайды да одан сайын үдете түседі.
– Ә, таптым, – деді бала жымың етіп, – Қазір келемін.
Түнеукүні Тоқмұраттың әйелі баланы оңаша шақырып алып, қолына бір уыс мұзкәмпит ұстатқан. Жұрт «Тоқмұраттың одыраң әйелі» деп атайтын осы бір дүңкиген қара келіншек бұған әйтеуір жылы қарайды. Баланың есіне сол кәмпит түскен. Берген бір уыс тәттінің бір-екеуін жеді де артылғанын жастығының астына жасырып қойған. Жүгіріп барып соны алып келді.
– Мә, Ләйлә, тәттіні сала қойшы аузыңа. Жылауың бірден басылады, – деді күліп. Шынымен, мұзкәмпитті көрген Ләйләнің солығы азайып, тәмпіш танауын тартқылап қойды. Кәмпиттің қағазын ашып, оны «ашық теңіздің» үстіне қарай шиіріп жіберді де тәтті кәмпитті таңдайына басты. Сосын көзі күлімдеп, кіп-кішкентай бетінде күлкі табы ойнап шыға келді.
– Міне, енді дұрыс болды, – деді бала да көңілденіп. – Мұндай кәмпиттің менде әлі бірнешеуі бар. Саған күнде біреуін беріп тұрамын, жарай ма? Тек сен жылама.
Үйден күнқақты болған ескі халатын киіп Сәлима шықты. Алаңсыз ойнап отырған екеуіне қарап, риясыз жымиды. Сосын алақанының қырымен маңдайын көлегейлеп, теңіз жаққа көз салды. Одан қайта бұрылып, үй жанындағы ескі қайықтың қалдығынан қалған ағаш жаңқасына жамбас қойды. Түрі қайта бұзылды. Сәлиманың нендей күйде, қандай бейнеде екенін арқасын беріп отырып-ақ сезетін бала жас әйелдің бет-әлпетін кинолентадай көз алдына елестетті. Манадан бері бүкіл көңілі Ләйләға құлаған баланың сезім ауаны енді Сәлимаға қарай ойысты. Орнынан тұрып, жанына барғысы келді. Бірақ іштен Мәметжан шыға келе ме деп қауіптеніп, ол ойынан айнып қалды. Сөйтіп тұрғанда Сәлима мұны өзі шақырды.
– Ағаң ұйықтап жатыр, – деді ә дегеннен. Онысы алаңсыз сөйлесе берейік, уайымдама дегені сияқты. Бала не айтар екен деп жас әйелге қарап, міз бақпай тұр. Ойына кешегі түн оралды. Тұрған орнынан бір қадам қырындай жылжып, Сәлиманың шашына қарады. Бейшараның бұрымы, расымен, шолтиып қалыпты. Онысын орамал ішіне жасырған болыпты. Бірақ ұштанып кеткен шашы дудырай шығып, көрініп тұр.
– Мәметжан алдыңғы жылы Тілеубайдан тартып алған атты ақыры ұрлап, сойып әкеліпті, – деді Сәлима біраз үнсіздіктен соң.
– Қазанға ет салып қойдым, – деді сосын теңіз жаққа мағынасыз бетін тосып. – Кешке атаң екеуің келіңдер. Мәметжан өзі айтты. Келсін дейді.
– Жарайды, – деді бала.
– Атам екеуміз қазір теңізге шығамыз. Бүгін ол мені бірінші рет балық аулауға үйретеді, – деді бала сосын.
Сәлима жылап тұр екен. Көз жасын көрсеткісі келмей, жүзін бұрып әкетті. Шырынбек жасап берген «ашық теңізде» қайығын жүздіріп, алаңсыз отырған Ләйләға қарай бұрылды. Мейірлене жымиды. Сосын қайтадан бұған қарап, үнсіз ғана баланы бауырына қысты. Сәлиманың үстінен әп-әдемі бір иіс бұрқырап тұр. Бала да оны құшақтап алды. Мейірімге әбден шөліркеген бала көңіліне бұл ерекше бір бақыт сияқты сезілді. Бір сәт іштегі бүкіл сауалын ақтарып, Сәлимамен сөйлескісі келді. Мәукенмен қашан танысты? Сол екеуі үйлене ме енді? Үйленсе қайда кетпекші? Сонда мен… Мен қайтемін? Аузын ашса болды, көп сұрақ ақтарыла кеткелі тұр. Бала ернін жымқыра түсіп, үндемеді.
Атасы сол күні кештеу келді. Жанында Тілеубай бар.
– Мына Тілеубай шәй іш деп жабысып, жібермей қойғаны, – деді далбалақтай сөйлеп, кешіккені үшін немересінен ыңғайсызданып. Тілеубай темір қайығын үнемі теңіздің бері қарай сұғына кірген кішкентай бұғазына арқандап, байлап қоятын. Соның түйінін ағытып, үшеуі теңізге түсті. Бала бүкіл жабдығын сайлап қойған. Атасы Тілеубайдың үйінен су жаңа қармақ ала келіпті.
– Мынау ағаңның саған сыйлығы, – деді риза бола сөйлеп.
– Иә, бала, – деді Тілеубай да көңілдене күліп. – Тұңғыш теңізге шыққан балаға қармақ сыйлау – ежелгі дәстүр. Жолың ақ, ауың берекелі болсын!
– Айтсын, қалқам, айтсын, – деді ақсақал кеудесін кере демалып.
Бала жап-жаңа қармақты сипалап ұстап, қатты қуанды. Бірақ қуанышын сыртқа шығарған жоқ. Бұған дейін теңізге сыртынан, жағадан ғана қарап тамашалап жүрсе қазір сол ұлы судың үстінде қалт-құлт етіп жүзіп келеді. Көңілінде қорқыныш жоқ, ептеген қобалжу бар. Бүкіл ғұмырын осы теңізбен өткізген атасы, ес білгелі несібесін теңізден теріп келе жатқан Тілеубай өздерін тіпті емін-еркін ұстайды. Тілеубай толықшалау келген, маймұрын кісі. Селдір шашын көрсетуден ұяла ма, үнемі кепка киіп жүреді. Өзі заманға бейім-ақ. Орысшалау киімдерге құмар. Ел білмейтін джинсы шалбарды да бұл өлкеде алғаш киген осы Тілеубай. Баланың көкесімен түйдей құрдас және тірлікте жан аяспас дос болып еді. Содан болар, әйтеуір шалға да, балаға да елжіреп, қолында бір бөлке нан болса соның жартысын бөліп беруге дайын тұрады. Ара-тұра келіп жағдай ларын сұрап, жоқ нәрселерін түгендеп кететіні бар.
Өзі Мәметжанмен араз. Бірақ жұмсақтығына салып, пәлен деп дау көтеріп, өсек термейді. Бос сөзге жаны қас. Керісінше, Мәметжанның өзі шымшылап тиісіп, шабын түрткілеп отырады. Анда-санда болмаса, соның өзінде Тілеубай Мәметжанның көп айыптауын жауапсыз қалдырып, шәй ішіп терлеп, пәруайым отыра береді. Мәметжан осыдан бірер жыл бұрын Тілеубайдың жүйрік атын тартып алған. Қорасында тұрған жерінен шешіп, жетелеп кетіпті. «Мұның не?» деген Тілеубайға «колхоздастыру кезінде сенің аталарың менің аталарымның түйесін зорлап кооперативке қосқан. Кейін бұзаулы сиырын да бұдан былай колхоздыкі болады деп көпе-көрнеу алып кетіпті. Бұл соның өтеуі» деп қарап тұр. «Ау, колхоздастыру қайда, біз қайда? Қай замандағы дауды қуалайтын болсақ, онда бүкіл қазақ бір-бірінің қорасын адақтап кетсін де» деген екен, Мәметжан оған пысқырмапты да.
Тілеубай ашуланып «ауданға барамын, полицияға арыз жазамын» деген екен, Мәметжан: «құрдас-ау, аз уақыт міне тұрайын, мініс атым жоқ, аяғым болса ақсақ, аясаң қайтеді» деп аунап түсіпті. Көңілі кең Тілеубай сылқ ете қалса керек. Бірақ Мәметжан кейін ауыл арасында ішіп отырып: «Әкем НКВД-ны дірілдеткен, кезінде елдің марғасқасы деген талай мықтыны жаутаң қақтырған дүлей еді. Соның тұқымы мен қалай мықты болмайын. Керек болса, сол полиция дегеніңде де тамырларым бар. Ізіне түсу керек болса мұның да ізіне түсемін. Қанша балықты үйіне тасып жүр, қаншасын комбинатқа беріп жүр, соны да тексертермін» деп күшеніпті.
Тілеубай Айшоқының балық трестінде істейтін. Ондағы тәртіп бойынша кемемен апталап теңіз кезіп, балық аулайды. Келген соң ауланған балықтың есебін өткізеді. Үйлеріне 5-6 балық апаруға ғана рұқсат. Қалғанының бәрі комбинаттың меншігі. Мәметжан соны меңзеп отыр. Бұл әңгіме Тілеубайға да жеткен. Бала-шағаның қамы деп расымен, кейде үйіне артықтау апаратыны рас па екен, әлде дау қуған дауға жолығады деп мән бермеді ме, әйтеуір Мәметжанның соңынан содан қайтып арызданған жоқ.
Баланың көкесін қызғанып суға кетірген, тіпті «Ленинград» деген нар түйесін сойып, сатып жіберген деп ауыл Мәметжанды әңгіме етеді. Бірақ соның да ақ-қарасын біле қоятын пенде жоқ. Көкесі барда Мәметжан басқа адам еді. Қолдарында дәлелі болмаған соң ауыл адамдары құр кінәлаудан, онда да сыртынан сөз етуден аса алмайды. Мәметжан содан кейін жарытып балыққа шыққан емес. Аяғын оңдырмай жаралап алғаннан кейін соны сылтау етіп, үйкүшік болып алды. Аңдығаны – Сәлима. Ішіп-жем керек болса ұялмай, үй жағалап балық сұрайды. Анда-санда теңіз жиегіне барып, қармақ салады. Ара- тұра жолдастарымен бірігіп қайықпен ау тастайды. Оның өзінде аулаған балығын жеп бітіріп, соңынан арақ ішіп, үйін әрең тауып оралады. Былтырдан бері комбинатты күзеткен. Оны да жарытып істей алмады. Биыл колхоз бастық Аманбай шопырлыққа шақырған екен, бармапты. Жас кезінде көлік дегеніңді шебер меңгерген, білікті механик болған. Сонысына бола көп адам «шопырлық Мәметжанның қолынан келсе, келіп те қалар» деп топшылайды. Бірақ өзі жалқау. Жата берсем, ішіп-жем өз аяғымен келіп тұрса дейтіннің нағыз өзі.
Әлгінде Сәлимадан естіген әңгімесін осылар да айтар ма екен деп күтіп еді, атасы да, Тілеубай да ләм-мим деп жақ ашпады. Теңізді айтудан, кезіндегі тайдай тулаған балықтарды айтудан әрі аспады.
– Шалеке, қайда барамыз? – деді Тілеубай кетік тісін көрсетіп, көзін сығырайта, күле қарап. – Білем, білем, – деді сосын, –Изендіге тарт дегелі тұрсың.
Екеуі де қарқылдай күлді. Шалдың жүзінде әлдебір ғажайып көңілділік ойнап, лезде жадырап шыға келді.
– Ал, бала, қармағыңды теңізге таста, – деді Тілеубай. – Межелі жерге жетемін дегенше бәлкім бірен-саран торта, шабақ ілініп қалар.
Балаға атасы балық аулаудың қыр-сырын әбден үйреткен. Күннің қай мезгілінде суға түсу керек, балықты немен аулау керек, ауды қай кезде тастайды, қармақты қай кезде ұстайды, балаға бәрі де сырттай таныс ұғымдар мен түсініктер. Енді соны өз қолымен істеген сәттегі сезім басқаша екен. Бала өзін балықшы сезінді. Тілеубай қос құлашын серпи лақтырып, қос ескекті ұлы теңізге шым батырып, қайта шығарумен келеді. Өзі шаршау дегенді білмейді. Шіркін-ай, тап осылай жүзгеннен жүзіп отырып шешем жүрген жақтан бір-ақ шығар ма еді деп қиялдады бала. Бірақ онда қайықпен жете алмасын сезеді. Кеменің өзімен бір-екі күн жүріп, әрең баратын қыстақ деседі. Кеме деген Құдайдың құтты күні қатынап жатыр, неге солардың біріне мінгесіп атасы екеуі шешесінің ізінен бара қоймайды? Не болмаса, шешесі өзі неге бір келіп кетпейді? Атасы екеуі сол жаққа барып, шешесімен бірге тұрса не болады екен? Әлде күйеуі жақтырмай ма? Ана жақта балам бар еді, сағындым, барып қайтайын десе жіберетін шығар? Өзі сонда сағынбағаны ма? Оңаша қалса болды, шешесі төңірегіндегі осындай ойлар қаумалап, есін шығарып жібереді. Балаға бәрі жұмбақ. Өңкей шешімі жоқ, жауабы мардымсыз осындай сауалдарды өз-өзіне қойып, басы қатып отырғаны.
– Батыстан жел соқты, шал, – деді Тілеубай ыржиып. – Балық жағынан қамсыз болайық.
– Сәтімен… Сәтімен ғой, – деді атасы елеңдеп.
Темір қайық Изендіні бетке алып келе жатыр. Изенді бұлардың ауылынан онша қашық емес. Балық тұнған берекелі арал. Сірә, Тілеубай сол жерге барып ау тастамақшы. Қайықтың тұмсығындағы кішкентай есігі бар шкафында балық аулауға қажетті құралдың неше атасы жатыр. Тілеубай солардың арасынан қалағанын суырады да теңізге тастайды. Тілеубай теңізбен тұтасып кеткен жан сықылды. Теңіз мұны жатсынбайды. Бұл да оны жатырқамайды. Атасының «Тілеубайдың теңізбен кіндігі байланып туған. Мұндай ерлер ілуде біреу ғана кездеседщі» деп тамсанып отыратыны әсте тегін емес. Бала да осы сәт Тілеубайды алғаш рет көргендей кең кеудесіне, сом білекті қолына қызыға қарап қалыпты. Тілеубай көз алдында биіктеп сала берді. Өзінің көкесін де одан кем көргісі келмейді. Бірақ тірі адамның аты тірі адам, көрмеген соң көкесінің бейнесі көмескі тартайын деген бе… қанша көз алдына әкелгісі келсе де сәлден соң-ақ көлбеңдеп алдынан Тілеубай бейнесі шығады. Ақыры бала жеңіліп тынды. Қарсы алдындағы Тілеубайды көргенін місе тұтып отыра берді.
Тілеубай бір уақытта қайықтың бір сарынды жүрісін тежеп, жан-жағына байқастай қарады. Атасы да орнынан қомпылдай көтеріліп, балаға қарап иегін қағып қойды. Кәрі жанарынан әлдеқалай бір сәуле шашырайтын сықылды.
– Қәне, шал, – деді Тілеубай бір қолын ескектен босатып, сол босаған қолымен қайық түбінде жатқан ауды меңзеп. – Қол жалғап жібер.
Шал еңкеңдеп қайық түбіндегі ауды құшағына толтыра жиып, бір ұшын Тілеубайға ұстатты.
– Мына ауың судырап тұр ғой, тегі, – деді шал.
– Зәрипа екеуміз түнімен тазаладық. Әбден бытысып қалыпты. Теңіз қайтқан соң ба, шөп-шалам, бәле-мәтер көп жабысатын болып жүр.
– Бәрекелді, – деді қария. – Зәрипа шырағым балыққа адал ғой, шіркін.
– Жаман келініңді мақтайсың да отырасың, – деді Тілеубай күліп.
– Ойпырмау, – дейді қария ондайда кеңкілдей күліп. – Жақсы адамды неге мақтамасқа…
Бала бұларға сыртын беріп, бір қырындай, қайықтың ернеуіне кішкентай екі алақанымен тырмысып жабысқан күйі теңізден көз алмай отыр. Қария әлгі сөзім көңіліне тиіп кетпеді ме деп селк ете қалды. Сырттай білдіре қойған жоқ, ішінен кіп алды. Бірақ бала бұлардың әңгімесінен хабарсыз сияқты. Тілеубай «әне-міне түнемелік таяп қалады, ау салайық», дегенде барып жалт бұрылды. Жүзіне лезде күлкі жүгірді. Бетінің ұшы қызылданып, көз жанары жарқ етті.
– Беріңізші, мен ұстайын, – деді сосын жалма-жан қолын созып.
– Ойпырым-ай, онсыз да сен саласың, бүгін сенің теңіздегі тұсаукесерің емес пе, – деді Тілеубай ауды қолына жинақтап жатып.
– Теңізге шомылып па едің? – деді сосын көзін сығырайта қадап, езуіне күлкі жиылып.
Атасы Тілеубайға аңтарыла қарап қалыпты. «Не айтып тұрғаныңды енді түсіндім» дегендей басын қайта-қайта изеп, қолын сермей берді.
– І-і-і, шомылған, шомылған, – деді көмейіндегі сөзі ытырыла шығып. – Өзім апарып, Көк теңіздің суына ырымдап түсіріп алғанмын. Ондай дәстүрлі сынақтан өткен бұл бала.
– Ә, бәрекелді, – деді Тілеубай жымиып. – Әйтпесе, апандай кеме емеспіз, қас қарайып барады, су суымай тұрып шомылдырамыз ба деп отыр едім.
Тілеубай ауды шумақтап, бір пұшпағын жинақтап баланың қолына берді. Сосын өзі екінші ескекті де қоя салып, аудың қалтқыларын түзеп, салмақтап, қолына қайық табанында жатқан ауыр темір – зәкірді алды.
– Қәне, бала, – деді орнынан тұрып, асау толқындары жуасып, үнсіз ағып жатқан ұлы теңізге жанарын тігіп. – Біссіміллә, төгіп жібер ауыңды. Қәне, екеулеп тастайық. Әрі қарай мен айтып отырамын, сен істейсің. Шал, сен аздап есіп жібер.
Тілеубай қолдап, бала қайықтың шығыс жақ беткейіндегі тұмсығына таяп келіп, ауды теңізге жәйімен төге бастады. Торлама ау лезде-ақ су астында алаңсыз асыр салып жүрген балықтардың жайын аңдамаққа теңіз бетіне жата-жата қалысты.
– Міне, осылай төгіп отырасың…
Енді Тілеубайдың өзі ескекке отырып, атасы баланың жанына қарай орын ауыстырды. Қанша жүргендерін де білмейді. Бала мұрнын пыш-пыш тартып қойып, әлсін-әлсін айналасына қызығушылықпен қарайды. Әлгінде, ауды алғаш төге бастағанда бұлардың тура алдында тұрған Шулыған жартасы бір бүйірлеген қалпы, қырынан аунап қалыпты. Баланың бойын ғажайып сезім биледі. Өз-өзін ұстай алмайтын сияқты. Қаны тулап, бойын әлсіз діріл билейді. Аудың әр бөлігін теңізге тастаған сайын өзін үлкен балықшы сезінеді. Бір кезде әкесі де Көк теңіздің үстінде осылай балық аулап жүрді емес пе! Міне, ұлы да соның жолын жалғастыруға кірісті. Шіркін, осы сәтімді шешем көрер ме еді деп ойлады бала. Білсе «жігіт болыпсың ғой, құлыным-ау, кеше ғана құлдыраңдаған сәби едің» деп көңілі босап, мейманасы тасыр еді ғой. Ал ол болса алыс қиырда. Бұлардың не істеп жүргенінен де, өлі-тірісінен де бейхабар. Бұлар да ол туралы ештеңе білмейді. Әлгінде ғана үлпіреген нәзік сезімдердің қамауында тұрған бала кенет қатқылданып, жігері қайнап шыға келді. Мұрынына тәтті иіс келді. Теңіз иісі. Осынау жұпар дәм тура шешесінің иісі сияқты. Мойнынан шығатын иіс. Бала шешесінің мойнына тұмсығын тығып ұйықтағанды жақсы көретін. Тура сол иіс. Теңізді құшырланып иіскей бергісі келді. Иіскеген сайын құмары қанар емес. Суға тұмсығын жақындатқан сайын «саған керегі теңіздің иісі ме, міне, қалағаныңша жұта ғой, мейіріңді қандыр» дейтін сияқты теңіз-ана. Бала солай мастанған қалпы қайықтың ернеуінде тұрып бүк түсіп еңкейіп қалғанын аңғарған жоқ-ты.
Үш еркек – атасы, немересі, балықшы үшеуі қас қарая Көк теңіз айдынында алаңсыз жүзіп бара жатқан осы сәтте Байқоңырдағы ұшырылым алаңында қарбалас шақ орнаған…
(Ықшамдалған нұсқа)
Абай АЙМАҒАМБЕТ





