ҒАСЫРЛАР ҮНІН ЖЕТКІЗГЕН ЖЫРАУ

Өткен 2025-ші жыл – еліміздің өмірінде, қазақ қоғамында Абай жылы ретінде тарихқа енді. Себебі, өткен жылы қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, хәкім Абайдың жүз сексен жылдық торқалы тойын мемлекеттік деңгейде, ұлттық ауқымда атап өттік.
Міне енді биылғы 2026-шы жыл – жыр алыбы Жамбыл жыраудың да жүз сексен жылдық мерейтойы ұлттық деңгейде аталып өтетін жылымыз. Атақ-даңқы әлдеқашан әлем жүзін аралап кеткен, қолымызда қалған мәңгілік рухани мұрасы алыстан көз тартатын айыр көмей, абыз ақынның, жыр жампозы, жырау Жамбылдың мерей жасын Алты алаштың баласы түгел бас қосып, атап өтетініне күмәнім жоқ.
Қазақ ұлты, қазақ елі қай ғасырларда болмасын дарындарға, таланттарға кенде болған емес. Әсіресе, әдебиет және өнер саласында. Осы бағытта қазақ руханиятының бай да байтақ тарихын мақтанышпен айта аламыз.
Ұлт руханиятының ұлы ұстындары болады. Сол ұстындардың бірі әрине сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ әдебиеті.
Ал қазақ әдебиетінің алтын діңгектері – Абай, Жамбыл, Махамбет. Бірнеше мыңжылдықтардан тамыр тартатын ұлттық поэзиямызды, яғни түркілік поэзияны халық ауыз әдебиетін, фольклорды, ұлан ғайыр жыраулық мұрамызды аттап өтіп әңгіме өрбіту мүмкін емес…
Мұхиттай терең халық ауыз әдебиетін, әлемдік деңгейге кетіп қалған ұшы қиыры жоқ бай фольклорымызды айтпағанның өзінде бес ғасырға жуық дәуірлеген жыраулық поэзиямызға ғана тоқталсақ туған әдебиетіміздің терең тарихы көз алдымызға келеді.
Жыраулық поэзияның біздегідей көтерілген деңгейін бірде-бір бүгінгі түркі халықтарының әдебиетінен таппайсыз. Бұл – бұлтартпас шындық. Жыраулық поэзияның классикалық үлгісін тек қана қазақ жыраулары мен жыршылары дүниеге келтірді.
Он бесінші және жиырмасыншы ғасырлардың арасында шарықтап көтерілген, қазақи дүниетаным мен қазақи поэтикалық көркемдік қабылдаудың еңбір ғажайып туындыларын туғызған қазақ жыраулары өткен ғасырдың ортасында өздерінің тарихи миссиясын аяқтады.
Жыраулық поэзия әсіресе өз алдымызға бөлек мемлекет болып өркендеген хандық дәуірімізде айырықша жарқырап көрінді. Сыпыра жыраудан бастап Асан қайғы, Ақтамберді, Бұқар, кешегі Махамбет жырау, Жамбылға дейінгі алыптарымызды санамалап шыққанның өзінде әдебиетіміздегі осынау феномендік көркемдік құбылыс болған поэтикалық үдерісті ой елегінен өткізуге болады. Біз соның бір белесіне ғана, яғни жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығына ғана сабақтастырып әңгіме өрбітуді мақсат еттік.
Осы орайда Жамбылдың алдында жыраулық өнердің баға жетпес үлкен мектебі жатқанын да ұмытпауымыз қажет. Соның бірі Жетісу ақындық мектебінің алтын діңгегі болған (Мұхтар Әуезовтің бағасы) Сүйінбай ақынның да әсер-ықпалын аттап кете алмаймыз.
Сүйінбай Аронұлының тұтас қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі, қазақ поэзиясындағы тарихи орнын бағалағанда оның қазақтың сан ғасырлық жыраулық дәстүріндегі өлшеусіз еңбегін ұмытпауымыз керек.
Сүйінбай, әрине қазақ әдебиетінің өлең, жыр және айтыс жанрында үлкен мектебін қалыптастырды. Бұл мектептен тәлім, тағылым алған, үйренген, шығармашылығына дарытқан қаншама айтулы қазақ ақындары өз туындыларында жаңа табыстарға қол жеткізді.
Сүйінбай ақын Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан елін түгел аралап, күллі қазақ жұртын өз өнерімен сусындатты. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың дәстүрін тереңдете меңгерді.
Аға буын ақындардан Қабан жырау (Қабылиса), Жанақ, Түбек, Шөжелермен қатар ғұмыр кешті, талай өнер сайыстарына қатысты.
Өзімен тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған сияқты өнер майталмандарымен жолығысқан, біразымен айтыс өнерінде сайысқа түскен. Осынау әдеби орта Сүйінбай шығармашылығына, әсіресе оның жыраулық дәстүрдегі туындыларына ерекше әсер еткен. Айталық, Сүйінбай ақын халық батырларын биік көркемдік деңгейге көтеріп, олардың дара образдарын сомдап, бейнелеп, елге үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын.
Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботпай, Бөлтірік, Жабай, Мүйізді Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Жыраулық дәстүрдің басты белгілерінің бірі – авторлары, яғни жыраулар өз туындыларын таңды таңға ұластырып, күнді күнге жалғап, сөткелеп жатқа жырлайтын болған. Ел сілтідей тынып жыраудың өнерін жалықпай, сүйсіне тыңдауды өздеріне абырой санаған.
Хандық дәуірде әсіресе өнердің осы түрі елге кең жайылды. Атақты жырауларымыздың әйгілі эпостық жырларды, «Көрұғылы», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», тағы да басқа күллі түркі жұртына ортақ көркемдігі аса құнды айтулы эпостық туындыларды түгелдей жырлап бере алған.
Осы дәстүрді Сүйінбай заманында да әйгілі жыраулық дәстүрдің туын биік ұстаған, болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстаған бір шоғыр ақындарымыз да осынау жыраулық дәстүрімізге адал болған. Сондықтан да қазақ поэзиясында, жалпы қазақ әдебиетінде Сүйінбай ақын қалдырған жыраулық дәстүр оның шәкірттерінің шығармашылығында да жаңаша түрленіп, жаңа поэтикалық арнада жалғасын тапты. Соның бірі – Жамбыл шығармашылығы.
Мен мақаламды ұстазым, Жамбылтануға теңдессіз үлес қосқан, олжа салған саңлақ ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековтің бір ауыз сөзімен бастағым келіп отыр. Тура осыдан отыз бес жыл бұрын Мырзатай ағамыз Жамбыл шығармашылығынан докторлық еңбегін қорғады. Бішкек қаласында. Алматыдан арнайы академиктер Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев ағаларымыз барып сөз сөйледі, баталарын берді. Жамбыл туралы тұңғыш қорғалып жатқан докторлық жұмыс болғандықтан.
Сонда ұстаздарының шапанын көтеріп, бірге ілесіп орта буыннан ғылым докторлары: Рымғали Нұрғалиев, Сейіт Қасқабасовтар да жүрді. Оларға ілесіп бір топ шәкірттері, жас ғалымдар Жанғара, Зейнол, мен және Қамбар Керейқұлов бірге бардық. Қырғыздың төрінде, Бішкектің аспанында Жамбыл бабамыздың есімі, атақ, абыройы, жырлары асқақтап қол жетпес шырқау биікке көтерілді.
Қырғыз Ұлттық ғылым Академиясыда қырғыз-қазақ ғалымдары бас қосқан сол Алқалы жиында мінберге көтерілген Мырзекең өз баяндамасын былай деп қорытындылады: «Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер, жыраулықтың көшпелі академиясы, ойшыл, данышпан ақын, туған халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы.
Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ең ұлысы. Жамбылдың құдыреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таң қалдырған болатын.
Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл!», – деді.
Әрқашан тереңін қазып, тамырын аршып шешен сөйлейтін, төгілте баяндайтын, тосыннан қиыстыра білетін Мырзекең Жамбыл феноменінің алтын өзегін дәл ұстап, дәнін қолға ұстатқандай айтты. Сүйсінбеске амалың жоқ…
Жамбылдың жыраулық дарынын, жыраулық поэзияға қосқан баға жетпес олжасын ақынның өнерпаздық қырының ең басты қасиеті ретінде неге айшықтап айтамыз? Оның сыры тереңде…
Жамбылтану ғылымы ешқашан тоқтамайтын, суалып бітпейтін, таусылмайтын мәңгілік тақырып. Оның мұхиттай терең түбіндегі інжу-маржанын әр ұрпақ, әрбір замана көшіне келетін келесі буын өз биігінен зерттейді, зерделейді. Өзіне керегін алады, үрім-бұтағына аманаттайды. Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы біздер де өз сөзімізді айтамыз, саралаймыз, жүрек көзінен өткіземіз.
Бәрімізге белгілі, ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласы – телегей-теңіз жыраулық поэзия. Сақ, ғұн дәуріндегі ар жағына бармай-ақ, берідегі Түркі империясы тұсындағы Йолығ-тегін, Тоныкөк, Қазақ хандығы салтанат құрған жүз жылдықтардағы жырауларымыз: Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтанберді, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Махамбет, Шөже, Майкөт, Марабай, т.б. Жыраулар көшін ары қарай да жалғастыра беруге болады, оның тамырын түркілік мың жылдықтарға тереңдетуге негіз бар.
Қазақ жыраулары тарихты түптеп таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын құдыреттер, ұлы даланың ұлы тарихын таңнан таңға ұрып, сөткелеп, сағаттап жырлап, тыңдарманын үйіріп, селт еткізбей уысында ұстап отыра алатын сөз сиқырының иелері.
Жамбыл да күллі мұсылман жұртына кең тараған, әлемдік рухани мұраның үздік үлгілері болып табылатын Шығыстың қисса, дастандарын, лиро-эпостық жырларын, әйгілі туындылар «Көрұғылы», «Манас батыр», «1001 түн», «Шахнаме», «Ләйлі-Мәжнүн», «Орақ-Мамай», «Сейіт-Баттал», «Тотыкамал», «Қыз Жібек», «Едіге», «Шора Батыр», «Қабанбай», «Бөгенбай», «Ерназар мен Бекет» және өзінің төл дастандары «Сұраншы батыр», «Өтеген батырды» да ұзақ-ұзақ жатқа айтатын болған.
Жыраулардың барлығына табан астында суырып салып айта жөнелетін төкпелік, тапқырлық, көріпкелдік, данагөйлік, яғни импровизаторлық өнер тән. Керек болса Жамбыл әрбір дастанын жырлағанда шабыт орайына қарай, тыңдарман ортасына байланысты дастандарының бірнеше нұсқасын айтатын болған.
Осы орайда ақындық өнер тарихын терең зерттеген біртуар ғалым, академик Есмағамбет Ысмайыловтың төмендегі пікірінде жыраулық поэзияға кең, ауқымды баға берілген. Профессор: «Жыраулар да ақын, көркем сөз шығарушы, өнерпаз, ауыз әдебиетінің өкілдері.
Жыраудың ақыннан өзгешелігі шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде. Адам баласындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеуметтік, елдік мәселелерді көтеру, болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері», – деп атап көрсетеді.
Сондықтан да бүкіл ел жыраулардың айтқанына құлақ түріп, әрбір сөзіне тоқтайтын болған. Ханнан бастап қарашаға дейін. Рухани байлықтың, ақындық өнердің ең биік шыңы жыраулық поэзиядан көрініс тапқан.
Ел тағдыры, ұлттық мүдде, елдің ауызбірлігі, тұтастығы, халықтың болашағы туралы айтылатын жыр-толғаулар да жыраулық поэзияның тұсында шарықтау биігіне көтерілген. Қазтуғанның, Ақтанбердінің, Доспамбеттің, Бұқар жыраудың, Махамбеттің, Сүйінбайдың толғауларында, өлең-жырларында елдік, ұлттық тақырыптан басқа тақырыптарды таппайсыз. Ұлттық сарын, ұлттық рух, ұлттық мүдде, тәуелсіздік үшін күрес – жыраулық поэзияның ең басты арқауы. Алтын діңгегі.
Ал енді Жамбыл жырларын, әсіресе толғаулары мен дастандарын алсаңыз да дәл осылай. Жамбыл ақындығының ең басты арнасы, алтын жүлгесі – ұлт тағдыры, ел тағдыры.
Жамбыл өз шығармашылығына елдік мүдде, ұлттық сана, ұлттық құндылықтар биігінен көз салады, толғанады, алдымен халық тағдырын жырына арқау етеді. Ақынның суреткерлік таным көкжиегі кейде одан да биік деңгейге, жалпы адамзаттық құндылықтар деңгейіне дейін көтеріледі. Бейбіт өмірді мұрат ететін, күллі адамзаттық аңсарды, гуманизмді жырлайтын әйгілі «Ленинградтық өрендерім» жыр-толғауының әлем тілдеріне аударылуы соның бір ғана мысалы.
Әлемдік деңгейдегі шынайы гуманист тұлғалар – қазақ жыраулары болған. Солардың бірі, әрі бірегейі – ұлы жырау Жамбыл.
Даналықтан тұратын, данагөй жырдың тұнығын ғана ағыл-тегіл төгетін табиғи таланттың иесі Жамбылдың барлық жанрдағы туындыларын алып қарасаңыз ақынның әр алуан тақырыптарды толғағанын аңғарамыз.
Өсиет, ұлағат, тәлім, тәрбие, тағылым тақырыбын былай қойғанда, бір ғана – ерлік, батырлық, халықтық тақырыпты көтеретін Жамбылдың қос дастаны: «Сұраншы батыр» мен «Өтеген батыр» эпостық жырлары жыраулық поэзияның ең үздік үлгілері. Екі дастан да тұнып тұрған тарих. Ел тарихы, ұлт тарихы.
Автор эпостық таным, эпостық поэтика биігінен биігінен ой толғап, өз туындыларында халық тағдырын тарихи ретроспектива аясында суреттейді. Тарих көші мен ұлтының жүріп өткен жолын бас кейіпкерінің тағдыр жолымен тұтастыра, тоғыстыра бейнелегенде бір халықтың тарихи тағдыры көз алдымыздан өтеді.
Метафоралық теңеулер арқылы қазақ даласындағы барлық тарихи жерлер мен тарихи оқиғаларды қамтып, айшықтап жеткізетін дастан жолдарын тебіренбей қабылдау мүмкін емес…

– деген жыр жолдарымен аяқтайды.
Ақтамберді, Қазтуған, Жиембет, Марқасқа, Бұқар, Майлықожа жыраулар үлгісімен, жыраулық сарында, философиялық астармен толғап, адам өмірінің әрбір белесін өлең жолдарына түсіреді.
Жалпы жыраулық поэзияда замана көшіне, яғни уақыт пен кеңістік аясындағы қоғам дамуына, сол қоғамда тіршілік кешетін адам пенденің өз ортасымен, тарихи оқиғалармен қарым-қатынасына, өмір белестеріне құрылатын өлең-толғаулар, сюжетті дастандар көп кездеседі. Сондай өлең-толғаудың үлгілерін Сүйінбайдан да жиі кездестіреміз. Мысалы, бір толғауында:

деп өз өмірінің әрбір белесіне поэтикалық, метафоралық сөз тіркестеріне жүгіне отырып мағынасы терең ой өрбітеді. Адам тағдырын табиғат құбылыс­тарына теңейді.
Замандасы Майлықожа Сұлтанқожаұлы да алдыңғы аға буын жыраулардың салып кеткен дәстүр арнасын жалғастырып:
Жиырма жасқа келгенде бұлақтайсың,
Жиырма бес – жанып тұрған шырақтайсың.
Отыз жас – ер жігіттің дер кемелі,
Мысалы, көлге біткен құрақтайсың.
Отыздан отыз беске келгеніңде,
Мысалы, байлаудағы пырақтайсың.
Қырықтан қырық беске келгеніңде,
Байлауда мінілмеген құр аттайсың… деп адам жасының әрбір кезеңіне тоқталып өтеді.
Осыдан кейін Жамбылдың жыраулық поэтикалық дәстүрді жалғастырушы тұлғасы, жаңаша, жаңғырта, түрлендіре тереңдеткен, өркендеткен ақындық қасиетін де еріксіз мойындайсыз. Сыпыра жырау, Қазтуған, Ақтанберді, Доспамбет, Бұқар, Махамбет жыраулардың қолтаңбасы Жамбыл жырларында қайта тіріледі, қайта көктейді, жаңа заман, жиырмасыншы ғасыр көгінен қайта үн қатқандай көрінеді.
Сондықтан да Жамбылдың жыраулық поэзиясын жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында барлық қырымен жарқырай көрінген, күллі адамзаттың өркениет биігіне көтерілген, көркемдік, әдеби құбылыс, немесе тұтас ғасырдың феномені десек артық айтпаймыз.
Осы пікірімізді терең ғалым, фольклорист, академик Сейіт Қасқабасов та шегелей түседі. Өзінің «ХХ-ғасырдың ұлы жырауы» атты Жамбылдың күллі поэзиясын талдайтын, саралайтын көлемді мақаласында: «Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең – екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылғы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді.
Ол Қазақ хандығының жойылғанын, елінің отарлыққа түскенін, қазақ даласына Ресейдің әкімшіл-отаршыл басқару жүйесін орнатқанын, сонымен қатар көрші жатқан Қоқан хандығы жасаған жаугершілігін көрді.
Қызыл империяның шовинистік қатыгез саясаты мен Алаш арыстарының көпе-көрнеу, жазықсыз атылғанын көрді. 1920-30 жылдары үш миллион қазақтың қолдан жасалған аштықтан қырылғанын көрді.
Сол себепті Жамбылдың «Кең жатқан байтақ-ұлан шежіремін, тарихтың домбырасын қолына алған», – деп айтуы тегін емес. Осы көргені мен білгенінің бәрін Жәкең өз поэзиясына арқау еткен, оны бірде жырау болып, бірде жыршы ретінде, бірде ақын болып жырлаған, толғаған, суреттеген», – дейді. Ғұлама ғалымның осы тереңнен қамтып, дәл тауып айтқан ауқымды сөзі Жамбыл феноменіне берілген әділ баға.
Төкпе ақын, айтыс өнерінің де ақтаңгері, толғау, терме жанрының да шебері Жамбыл жыраудың басқа да бағыттағы құнды мұрасын тереңдеп қамтып айта беруге болады. Біз осы жолы осынау асыл мұраның бір ғана қырына – ақынның жыраулық өнеріне ғана ат басын бұрдық. Телегей теңіз мұраның қалған қырла­рын әдебиет тарихы, әдебиеттану ғылымы әлі де ұзақ жылдар зерттейтін болады.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
ф.ғ.д., профессор




ПІКІР ЖАЗУ