ЖАН-ЖАНУАРЛАР ЖАҒДАЯТЫ немесе ақсақалдың танымдық әңгімесі
Арнау
Ей, қазақша білетін, білгісі келетін; қазақша оқитын, оқығысы келетін балаларым! Мен жазайын, сендер оқыңдар! Мен де атам мен әжемді тыңдап, өзге аталар мен апалардан үйреніп өскен адаммын. Көп білетін адам болады, бірақ бәрін білетін адам болмайды. Сондықтан өзгенің білгенін оқу, үйрену арқылы ғана адам әрі білімді, әрі мәдениетті болады.
Ал бастадым.
Жаны бар нәрсенің бәрін қазақ жануар (жаны бар) дейді. Сол тұрғыдан қарап, ғылым адамды жануарға жатқызады. Жер бетіндегі жалпы адам баласын адамзат дейміз. Адамзаттан өзге жануарлар айуанға, яғни хайуанатқа жатады. Хайуанаттың асырандысын мал, жабайысын аң дейді. Қазақтың малы төртеу-ақ: түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі, оларды «Төрт түлік» дейміз. Аң мен құсты қазақ етін жеуге болатын адал және етін жеуге болмайтын арам деп екіге бөледі. Қазақ құрт-құмырсқаның бірде-бірін жемейді. Ал балықтың бірін жесе, кейбірін көрмеген де шығар. Соның бәрін сөз ету арқылы қазақтың қандай халық екенін де біле түсерміз деген ойдамын.
Қазақ – астарлап сөйлегенді ұнататын халық. Сондықтан оны түсіне қою оңайға түспейді. Мен қазір сексеннен астым. Сексен деген сегіз жыл емес, әжептәуір ғұмыр. Бір көргенімді айтайын.
Орта жастағы кезім. Мен сықылды орта жастағы біреу қазақты сөкті. «Адамның ақылына сыймайтын нәрсені айта салады», – деді. «Нені?» – дедім мен түсінбей. «Мысалы, шалдар: «Топырақтан жаралдық, топыраққа барамыз», – дейді. Адам жаны жоқ топырақтан қалай жаратылады? Соны да сөз деп», – дегенді айтты. Қатты ренжіп айтты.
Ал сендер қалай ойлайсыңдар? Сол ағаларыңның айтқаны дұрыс па?
Менің ойымша, ол замандасым қазақтың сөзін түсінгенмен, сөзінің пәлсәпалық (философиялық) мәнін түсінбеген. «Топырақ» деп қазақ жалпы жердің бетін айтып отыр. «Жердің бетінде жаралдық, енді жердің астына барамыз» деп отыр. Демек оның сөзінде ғылыми да, қазақи да қателік жоқ.
Сондықтан, балалар, сөздің сыртына ғана емес, ішіне де үңіліп үйрену керек. Адам сонда ғана білімді болады.
Әңгімемізді жануарлардың ең ақылдысы Адамнан бастайық.
Адам
Дене құрылысы мен мүшелері
Адам саналы жануарға жатады. Оның өне бойы немесе тұла бойы жалпылай дене деп аталады. Ал дене ірілі-ұсақты көптеген бөлшектерден тұрады, оның әрбірі – жеке мүше. Қазақ: «Денім сау болса», «Басым аман болса», «Топырақтан тысқары болсам», «Қол-аяғым аман болса», «Құдай бұйыртса» деп отырады. «Барам», «Келем», «Көрем» деп кесіп айтпайды. Адамның бүкіл денесін сыртынан тері қаптап тұрады. Терінің астында еті, еттің астында сүйектері болады. Кей жерде көк еті, етке ұштасқан шандыры, буын-буынды біріктіріп, байланыстырып тұратын сіңірі мен тарамысы тағы болады. Адамның денсаулығы үшін соның бәрі маңызды, бәрінің де өзіне тән қызметі мен қасиеті бар.
Мүше жан-жануардың бәрінде бар. Олардың адамдікіне ұқсайтыны да, ұқсамайтыны да бар. Адамның дене құрылысын, жан-дүниесін жақсы білген жан өзге жануарлардың да жағдайын жаңылмай түсінеді. Өйткені адамда бар жан жануарлардың бәрінде де бар. Сондықтан адамның өзін өзі танып білуі білімділіктің басы саналады. Білгісі келмейтін, білімді болуға тырыспайтын адам бұл өмірде бола қоймас деп ойлаймын. Ал, балалар, білуге қарай оң аяғыммен бір адым аттайын. Кісі бетін солтүстікке, яғни Солтүстік мұзды мұхитқа немесе Темірқазық жұлдызына қаратып тұрған кезде, күншығыс жағы – оң жағы (оң қолы, оң жамбасы, оң аяғы, оң көзі, оң құлағы, т.с.с.), күнбатыс жағы – сол жағы; ал солтүстікке қарап тұрған жағы – бет жағы немесе алды; оңтүстікке қарап тұрған жағы – арқа жағы немесе арты болады.
Оң қолымен жазатын, сызатын, жақсы лақтыратын, ұстайтын адамды оңқай, ал керісінше соның бәрін сол қолымен жақсы істейтін адамды солақай дейді. Қазақ оңқай болғанды ұнатады.
Кез келген нәрсенің басы мен аяғы болады. Адам да сондай: басы, аяғы бар. Басы мен аяғының ортасында денесі бар.
«Бас» сөзі – көп мән сөз. Оның негізгісі – адамның басы. Қалғаны – туынды сөздер: бастау – судың басы, жерді басу, ел мен жерге бас болу – басшы, бастық болу, т.т.
Бас. Адам денесінің ең үстіңгі, жоғарыдағы мүшесі. Оның сыртқы бітімін құрап тұрған – бас сүйек. Ал оны қастерлі етіп тұрған сырты емес, ішкі миы. Ми бастың ішінде «оң жақ жарты шары», «сол жақ жарты шары» деп аталатын екі жарты шардан тұрады. Сыртында жұқа қабығы бар: миқап. Ми адам бойындағы бүкіл тыныс-тіршіліктің бәрін орталық жүйке жүйесі арқылы басқарады. Адамның қандай адам екенін милы немесе мисыз екеніне қарап айтпаймыз ба? Милы адам – ақылды адам. Отбасын да, халық пен мемлекетті де ақылды адам басқаруы керек. «Милы адам» деген – миы жақсы істейтін адам. «Мисыз адам» деген «миы жоқ» деген сөз емес, миы нашар жұмыс істейді дегенді білдіретін сөз.
Адам миының орташа көлемі 1250-1400 грамм аралығында.
«Балық басынан шіриді» деген халықтың сөзі мемлекеттің нашарлануы мемлекетті басқарушының нашарлығынан басталады дегенді білдіреді. «Еркек – бас, әйел – мойын» деген де бар. «Бастан құлақ садаға» деген де бастың артықшылығын айтып тұр.
Адамның бойындағы ең жоғарғы нүкте төбе, оған шыққан шаш – төбе шаш. Қатты қорққан кісі: «Төбе шашым тік тұрды», – деп жатады. Төбе шаштың дәл ортасында солға қарай бір иіріліп, оралып тұрған шашты орай дейді. Орайы дәл төбесінде емес те, екі орайы бар адам да кездеседі. Төбе шаштан төмен – маңдай шаш, оны қырмай, алмай, әдейі өсірсе, оны кекіл, ал төбе шашты алмай қоя берсе, онда ұлдікін – айдар, қыздікін тұлым дейді. Әрбір адамда төбе шашпен қатар маңдай шаш, желке шаш және самай шаш болады.
Ми – адамның ас қорытуын, тыныс мүшелерінің қызметін, қан айналымын, көңіл күйін, естуін – бәрін бақылап, басқарып отыратын орталық. Шындап келгенде, басты бас қылып тұрған да осы ми.
Төбенің артқы жақ астында – қарағұс. Ол – бас сүйектің ми тұрған сопақша сүйегінің тұсы. Оның астында тұрған сүйек – шүйде. Сондықтан шоқпармен соғысқан заманда батырлар бір-бірін шүйдеден ұруға ұмтылған.
Шүйденің асты – желке. «Желкеңді үзіп жіберейін бе?» – деп кіжінейтіндер бар. Өкпелеген адамына: «Енді сені желкемнің шұқыры көрсін!» – деп ренжиді. Себебі ешбір адам өзінің желкесіндегі шұқырын көре алмайды.
«Айдарынан жел есіп», «Тұлымшағы желбіреп» деген сөз тіркестері соған байланысты айтылады.
Маңдай шаштың астындағы шашсыз жер – маңдай. Маңдайы кере қарыс кісіні мақтап, қушық маңдайлыны даттап жататын әдет бар. «Ашық маңдай», «жазық маңдай», «кең маңдай» деген тіркестер бар.
«Аққан тер маңдайымнан тамшылады», – деп әндетеді Қанапия Басықара деген әнші.
Төбе мен маңдайдың ортасындағы шеміршек сүйек еңбек деп аталады. Баланың еңбегі бірер жасқа дейін қатпай былқылдап тұрады.
Маңдайдың екі жақ шеті – шеке. «Екі шекесі торсықтай», – деп, жас балаға сүйсінеді. «Шекесін шеруен атқандай қылдым», – деп те айтады. «Содан шекең қызса, көрермін», – деген де сөз бар. Жазда қыздар шекесіне гүл қыстырып сәнденеді.
Шекенің құлақ жақ үсті – құлақ шеке. «Құлақ шекесінен ұрдым», – деп жатады.
Бас сүйектің бүкіл сырт жағын көмкеріп тұрған тері – құйқа, бастың құйқасы.
Маңдайдың астыңғы жағы – қабақ. Екі қабақтың үстіне шыққан қылшық жүн – екі қас. Аталарымыз өз баласына Қабақ деп те, Қас деп те ат қойған. Кіші жүз ішінде Қабақ атты ру бар. Қабақ деген кісі, шамамен, XVII-ғасырдың соңы мен XVIIІ-ғасырдың басында өмір сүрген.
«Сұрасаң руымды, Тілеу – Қабақ,
Керілер әнге салсам, қас пен қабақ», – деген ән бар. «Қыз Жібек» жырындағы Бекежан батыр – осы Қабақ руынан шыққан адам. Оның балалары – Тайлақ, Қайрақ, Байрақ батырлар – 1729-жылы көктемде өткен Аңырақай шайқасына қатысқан. Ал Қас деген әжеміз үйсін күнбиінің бір қатыны болған деседі. Іле дариясының бас жағындағы Қас өзені, сол әжеміз мекен еткен жер болғандықтан, сол кісінің атымен аталған деген аңыз дәйек айтылады.
Балуан Шолақ бабамыз «Ғалия» дейтін әнінде «Оң қабағым тартады күлімдесең», – демей ме? Ашуланған кісінің қабағы түсіп, тұнжырап кетеді. Адамдар бір-біріне қас-қабағына қарап, сыйласып жүреді.
Қабақ пен қастың астындағы – көз. Аспанның астындағы, жердің үстіндегі бүкіл тіршілік пен құбылысты адам көзі арқылы көреді. Ақын Қасым Аманжолов:
«Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы», – демей ме? Ең жақсы көретін адамына: «Көзімнің ағы менен қарасындайсың», – дейді ғой қазақ. Көздің ішіндегі аласын – ағы, қарасын – қарашығы дейміз, баламызды: «Қарашығым!» – деп құшақтаймыз, «Жанарым!» – деп аймалаймыз.
«Ажарың аппақ екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай», – дейді ғой Сегіз сері өзі «Гауһартас» деп атаған Мақпал сұлуға.
«Көкем, көкем!
Көкем-ай!
Қасы-көзі қиылып,
Қай жерде отыр екен-ай!?» – деп шырқайтын Қазақстанның халық әртісі Рәбиға Есімжанова.
Бота көз, қара көз, жайтаң көз, қой көз, бадана көз, құралай көз, қыли көз, шүңірек көз, көк көз, ежірейген көз, сығырайған көз, сықсиған көз, қыран көз, жіті көз, көреген көз, боз көз, күлім көз, тағы – тағы түрі көп.
Қабақ пен көздің асты қарауытқан белдеумен шеңберленіп тұрса, ондай көзді «қораланған көз» дейді.
Көздің үстіңгі және астыңғы шетінде өсіп тұрған ұзын қылшықты кірпік дейді. «Жеңешемнің кірпігі-ай,
Жуандығы соншама,
Әрбір талы шырпыдай», –
деп таңданған ғой Оспанхан Әубәкіров ағамыз.
Түнімен қой күзетіп ұйықтамаған қойшы: «Кірпік қақпай күзеттім», – дейді.
Одан кейін – көздің асты, көздің екі шеті – қиық; адам жан-жағына «көзінің астымен», «көздің қиығымен» қарайды.
Әдепті әйелдер бөтен еркекке тіке, бедірейіп қарамайды, көзінің қиығымен ғана барлайды. Қиықтап қарау – байқатпай қарау.
Қыздың әдемісін қиғаш қасты, қолаң шашты деп суреттейді. Бұрынғылар «қолаң шаш» деп ұзын шашты айтады. «Қолаң» дегені – ұзын дегені. Бұрынғы дәстүрге берік қазақтар әйелдің шашын кесуді жаман ырым санаған, өйткені тұтқынға түскен әйелді жаулары шашын кесіп күң еткен. Шашын өрмей, жайып жібергенді де жөн көрмеген, өйткені күйеуі өлген қатын ғана шашын жайып жіберіп жылаған, жоқтау айтқан.
«Сүмбіл шаш» деп жіңішкелеп өрген, ұшы сүйір шашты айтса керек.
Қабақ пен қастың, екі көздің сырт жағы – самай. Қартайған кісінің алдымен самай шашы ағарады. «Зергер бұйым соғады қалайыдан, Аққан тері сорғалап самайынан», – дейтін өлең бар. Самайдың артқы жағында, желкенің алдыңғы жағында қалқайған құлақ бар. Құлақ – бүкіл тіршіліктің үні мен тынысын еститін, ең керекті мүшенің бірі. «Құлағыңа жетті ме шыққан даусым?», – деп жатамыз. Қалқанының көлеміне қарап, «қалқан құлақ», «сақ құлақ», «жалпақ құлақ», «тік құлақ», «шұнақ құлақ» деп ерекшелеп айтамыз. Дулаттың алғашқы әңгімесі «Шойынқұлақ» деп аталған.
«Көз көрмеген, құлақ естімеген сұмдық!» – дейтін оқиғалар болған. Тарихта «құлдық дәуір» деген кезең бар. Сол кезде құлдан басқа адамдарды ажырату үшін, құлдардың құлағын кесіп, «ен» салып қояды екен. «Құлақ кесті құл» деген – сол заманды елестететін сөз.
Құлақтың алды, құлақтың арты, үсті, іші, ұшы болады. Үстіңгі жағында шекемен жалғасқан жерін «құлақ шеке» дейді. «Құлақ шекеден ұрдым», – деп жатамыз.
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй», – деген ғой Абай.
Сан алуан дыбыстарды, ән мен күйдің, сөздің әуезділігін тек құлақ арқылы ажыратамыз. Айналадағының бәрін естіп қоятын кісіні «сақ құлақ», бәрін естуге әзір тұратын құлақты «түрік құлақ» дейміз.
Тарихқа 552-жылдан бері белгілі Түрік бабамыздың аты да, «Түрік» деп, ал оның ар жағында біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген бабамыздың да атының «Сақ» болуы осы сөздердің өте мәнді екенін білдірсе керек. Алты баласы «Алты Арыс» аталып келген Арыс бабамыз (Анарыс, Анахарсис) сол сақ дәуірінде өмір сүрген.
Құлақтың ең төменгі жұмсақ еттен ғана жаралған бөлшегін сырғалық дейді. Қыз-келіншектер оны тесіп, сырға тағады. Ал құлақтың ішіндегі жұқа әрі сезімтал, дыбысты естігіш үлдіректі жарғақ деп атайды. «Жарғақ құлағым жастыққа тимей» деген сөз тіркесі бар. Айтқан сөзін ұқтыра алмаған адамға: «Саған айтқан сөз оң құлағыңнан кіріп, сол құлағыңнан шығып кетеді», – деп ренжіп жатады. Сыртқы пошымы құлаққа ұқсағанмен, ештеңені естімейтін өсімдікті қазақтар «Саңырауқұлақ» деп атайды. Аса шабандоз адамды «Аттың құлағында ойнайды» деп мақтайды.
Құлағының жарғағы зақымданған кісі нашар естиді немесе мүлдем естімей қалады, оларды «керең», «саңырау», «тас керең» деп дәрежелейді.
Әлемде бар иістің бәрін сезетін, ауаны ішке кіргізетін де, шығаратын да мүшеміз – мұрын. Қыруар аң мен мал бір-бірін де, жемтігін де иіс арқылы ажыратады. Адам да көп заттың қасиетін иісі арқылы біледі. Хош иісті гүлдей тәнті болып, бір-бірімізге ұнау үшін, үстімізге әтір құйып, денемізге иіс майын жағамыз.
«Мұрның барда бір сіңбір» дейді, мүмкіндігің барда ойыңдағы істі атқарып таста дегенді білдерді.
Мұрын қабақтың қақ ортасынан басталып, екі көздің дәл ортасымен төмен созылады. Ауа кіретін, шығатын, яғни дем алатын екі тесігі – танау. Оны көмкеріп тұратын жұқа, майысқақ сүйек – шеміршек. Қабақтың ортасынан танауға дейін созылып жатқан қуыс – кеңсірік. Адамның әдемі көрінуі де, көп жағдайда, мұрынның тұрқына байланысты.
«Ер жігіт мұрынды келеді, жүйрік ат ерінді келеді» деген сөз бекер айтылмайды.
Мұрын болған соң, оның сан түрлісі кездеседі, мысалы: шоң мұрын, су мұрын, тәмпіш мұрын, келте мұрын, жалпақ мұрын, т.т.
«Мұрыныңды бет қылып жіберейін бе?» – деп, кіжініп жатамыз ғой.
Жігіттің әдемісі қыр мұрынды, қыздың әдемісі пісте мұрынды келеді. «Пісте» деген – ұшы сүйір, түбі доған, ішінде шағып жейтін дәні бар жабайы жеміс. Түркістан облысының Түлкібас ауданында ғана өседі. Сол өңірде туған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың ауылы «Пістелі» деп аталады.
Көне жырлардың біразын бізге жеткізген Мұрын жырау атты бабамыз болған. Найман тайпасынан тарайтын Мұрын руы Бәйдібектің сол аттас қызынан тарайды деген пікір де бар.
Мұрын сөздің дұрыс айтылуына да көп үлес қосады. Әртүрлі аурудың салдарынан мұрны пұшық болып қалған адамның үні бұзылып, мыңқылдап шығады.
Мұрынның астында, жігіттердің жүзіне көрік беріп тұратын қылшық жүнді мұрты болады. Мұрт – есеюдің бір белгісі, өйткені ол бала кезде шықпайды, ал әйел баласында мүлде болмайды. Мұрттың оң жағы және сол жағы бар, дәл ортасын суағар, ал екі шетін шалғайы дейді. Орбұлақ шайқасының бір батыры, Елтінді батырдың досы Ұзын мұрт Ұзақ батыр мұртының екі шалғайын екі құлағына қыстырып қояды екен.
Құлақ пен мұрынның ортасындағы садақтың адырнасына ұқсас ішке қарай иілген имек сүйекті жақ дейді. Сол ұқсастыққа байланысты, «садақ аттық» дегенді «жақ тарттық» деп те жатады. Сол екі жақты да көмкеріп жатқан еттің сырты бет болады. Алманың жұмыр әдемілігіне ұқсатып, «екі беті алмадай» деп сүйсінеді. Беттің ұшын «беттің қызылы» деп те айтады.
Бет жан-дүниеңнің айнасы секілді, соның құбылуына, өзгеруіне қарап, кісінің көңіл күйін де аңғарады. «Бет моншағы үзілген» деп ұяты барды, «екі беті табақтай» деп ұнатпаған адамын айтып жатады, «екі беті бедірейген», «екі бетінің кіріне екі ит тойғандай», «бетінен қақпай өсірген бала», «беті қалың кісі екен», «бетіне кісі тура қарай алмайтын адам», «бетінен сідігі шығып тұрған долы» деген бейнелі сөздер бар. «Бетім барда кім шыдар?» – деп, бетінің ажарын өз пайдасына жарататын әйелдерді сөгеді. Ауруға ем қона бастағанда, «Беті бері қарады», – деп хабарлайды.
«Бет» дегенді аңғартатын бірмән сөздер біршама: жүз, дидар, өң, түр, түс, пішін, келбет, кескін, ажар, ұсқын, шырай, сүдіні, кейіп, сұс, пошым, бет бітімі, орал, әлпет, бет бейнесі, түр-тұрпаты, т.т.
Беттің көркін мұрынның астындағы ауыз да кіргізеді. Қазақ қыздың қылықтысын «Оймақ ауыз, күлім көз» деп мақтайды. Дәу ауызды «жайын ауыз» десе, кішкентай ауызды «шөкімдей» дейді. «Аузың қисық болса, айнаға өкпелеме» деген мәтел бар. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген де бар.
«Айтылған сөз – атылған оқ» деп, аузыңнан шыққан сөзіңді қайтарып ала алмайсың, сондықтан байқап сөйле дегенді ескертеді.
Ауыздың көркі ерінге де қатысты. Қызыл ерін, үлбіреген ерін, дүрдік ерін, бота ерін, салпы ерін, жұқа ерін, тағы басқа да түрлері болады.
Ауыздың екі жақ шеті – езу. Екі езудің арасы алыс болса, ол – дәу ауызды адам. Піскен астың үстіне келген кісіге «аузы салымды екен» дейді. «Алма, піс! Аузыма түс!», – деп, жалқауларды келеке етеді.
Қуанған кісіні «Екі езуі құлағына жеткенше күлді» деп бейнелейді. Екі езудің құлаққа қарайғы сырт жағы – миық. Сыпайы адамдар аузын ашпай, миығынан ғана күледі.
Ауыздың астында доғаша иіліп тұрған – иек. «Дәметпе» дегенді бейнелеп айтқанда, «иегің қышымасын» дейміз.
Иектің үстіне айнала шыққан қылшық жүн – сақал.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» деген сөз адамның одан ары есейіп бара жатқанын аңғартады. Мұртқа жалғастыра иегін орай қойған сақалды қазақ қыпшақ сақал дейді.
Самайдан иекке дейінгі аралыққа өскен сақалды жақ сақал десе, жақ сақалы мен иек сақалын қоса жіберген сақал қаба сақал аталады. Иек сақалы шелектің түбіне ұқсап, ал жақ сақалы оның тұтқасына ұқсап тұрса, ондай адамды қауға сақал десе, астыңғы еріннің дәл ортасына ғана шығып, иектегі сақалға қосылмай тұрған бір топ кішкене сақалды ата сақал дейді. «Ата сақалың аузыңа түскенше (шыққанша) ақылың кірмепті», – деп жатады. Ал сақалын өсірмей, қырып тастап жүрген кезі – қырма сақал кезі. Иегінде ғана шошайып тұрған сақалды шоқша сақал дейді. Түсіне қарай «ақ сақал», «қара сақал», «бурыл сақал», «боз сақал», «сары сақал», ал тұрқына қарай «ұзын сақал», «найза сақал», «дөңгелек сақал» дегендер де болады.
Иегіне мүлдем сақал шықпайтын да еркектер болады, оларды көсе дейді. Соның бірі – ауыз әдебиетіміздің әйгілі кейіпкері Алдар көсе.
Иектің астынан тамаққа дейінгі жерді бұғақ дейді. Бұғағы салбырап жүретін жандар да кездеседі. Жақтың құлақ астынан иекке қарай иілетін жерін шықшыт дейді. Қатты ұрғанда, шықшыттың орнынан тайып шығып кетуі мүмкін.
Жеген тамақ, жұтқан ауа – бәрі ішке ауыз арқылы барады. Даусымыз, сөзіміз, түкірігіміз – бәрі сыртқа ауыз арқылы шығады. Ауыздың іші – жеген асымызды өңдейтін, жұтуға әзірлейтін зауыт.
Әр адамның аузында отыз-отыз екіден тіс болады. Оның жартысы ауыздың астына, жартысы үстіне орналасады. Ауызды ашқанда, дәл алдында тұратын екі үстіңгі жалпақ тіс – қасқа тіс. «Қасқа тісіңді қағып түсірейін бе?» – деп, төбелескен кісілер алдымен ауыздан ұруға ұмтылады. Қасқа тістің екі жағындағы бір-бір тіс және астыңғы тістің төрт, алты өткір ұшты тісі күрек тіс деп аталады. Ауыздың түп жағындағы қалған тістер азу тіс деп аталады. Олардың беті жалпақ, түбі мықты болады, өйткені жеген астың бәрін адам азуымен шайнайды. Қасқырда, итте болатын имек әрі өткір ұшты азу тіс адамда болмайды.
Біліктілігі де, білімі де, сөзін тыңдайтын, пікірін қолдайтын елі де бар адамды «азуы алты қарыс» деп бейнелейді.
Кештетіп, адам ересек тартқан кезде шығатын азу тісті ақыл тіс деп атайды.
Жас баланың тісі сүт тіс болады. Жасы жетіге келгенде бала пісейді, яғни сүт тістері түсіп, оның орнына жаңа әрі тұрақты тістері шығады. Қатайған кісінің тісі ептеп сарғая бастайды. Үлкендердің жастарға: «Ақ сақалды, сары тісті бол!» – деп бата беріп жататыны содан.
Алды-артыңды ойлап, байқап сөйлеу керегін ескертіп, бұрынғылар: «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды», – деген.
Тістер айнала орналасқан тұғырды қызыл иек дейді. Қызыл иегі мықты адамның тісі де мықты болады.
Астыңғы тістердің дәл ортасында, қасқа тіске қарай созылып тіл жатады. Оның ұшы – сүйір әрі жан-жағына, жоғары-төменге емін-еркін қозғалып тұрады, ал тілдің түп жақ асты қозғалмайды. Адам тілі арқылы сөйлейді, үн шығарады, ән айтады. «Тіл» сөзінің тағы бір мағынасы халықтың, ұлттың қай тілде сөйлейтінін де білдіреді, мысалы: қазақ тілі, түрік тілі, қырғыз тілі, т.т. Адамға зор зиянын тигізетін, бірақ үні бар, сөзі жоқ табиғи апаттарды қазақ «тілсіз жау» деп атайды, мысалы, олар: боран, суық, сел, жер сілкінісі, т.т. Ал жануарлардың бәрінде де тіл бар, бірақ адамнан басқасы сөйлей алмайды.
Тілдің үстінде – таңдай, ол ауыздың өргі жағында, сөйлегенде, тілдің ұшы кейде тиіп, кейде оған тимей кетеді. Сөзшең кісі таңдайы тақылдап сөйлейді. Ұлбике ақын: «Өлеңнің таңдайымда ұясы бар», – деген. Астың дәмін адам тілі мен таңдайы арқылы ажыратады, дәмсіз болса, «Таңдайыма татымады», дәмді болса, «Таңдайымды суырып ала жаздады», – деп бағалайды.
Ауыздың екі жақ бүйіріндегі үстіңгі қызыл иек пен астыңғы қызыл иектің арасын ұрт дейді. Ұрты томпайып та, қабысып та тұратын адамдар болады.
Тіспен шайнаған, тіл мен таңдай дәмін татқан астың, яғни тамақтың бәрі тамақтан өтеді. Қысқасы, тамақтың барар жері де тамақ. «Сені ойлап сағынғанда тамағымнан ас өтпейді», – дейтін жағдай бар.
Тамақтың дәл үстіңгі ортасында төңкерген конус сияқты кішкене ғана тілшік бар, оны бөбежік дейді. Суық нәрсе ішкеннен немесе суық нәрсе жегеннен тамаққа суық тиіп қалса, әлгі бөбежік қисайып, түсі қызарып, тамаққа жабысып, кісінің қызуы көтеріліп, ауырып қалады. Ондай аурудың қазақша аты – баспа, ғылыми аты – ангина.
Тамақтың қуысы – көмей, айналасы – көмекей.
Адамның үнін шығаратын солар. Адам үнінің зор болуы, бәсең шығуы – бәрі көмейдің кеңдігі мен кемдігінен.
Атақты Майра әнші:
«Қызы едім Уәлидің атым – Майра,
Отыз тіс, көмекей мен тілім, сайра!» – дейді ғой.
Сазгерлігі мен әншілігі Майрадан бір де кем емес Шолпан Жанболатқызы атты Сыр бойының өнерпаз келіншегі өзінің «Ах! Ау!» – демей» деп аталатын әнінде:
«Ах! Ау!» – демей,
Тіл мен көмей,
Жанған жүрек басылмас,
Сәулем келмей», – деп шырқайды.
Тәшкенде Әбубәкір Диваев өткізген ән байқауында бірінші орын алған Шолпанның бұл әнін алғаш шыққан дауыс жазғышқа жазып алынған екен, әлі жетілмеген техниканың анық шықпаған үнінен жұрт бұл әннің «Ах! Ау!» – демей» дегенін «Ахау, Семей» деп таратып әкетеді де, кейбіреулер әлі күнге дейін солай айтып жүр. Шолпан жайында Айтбай Ханелдін деген ағамыз «Қараторғай» атты шығарма да, мақала да жазған. Ол ағамыз – Шолпанмен ауылдас болған, сан рет кездесіп, сөйлескен кісі. Шолпанды шешесі еркелетіп «Қараторғайым» деп атап кетіпті. Шолпанның шешесіне: «Құс болсам, жібектен бау тағар едің, Мәпелеп, сылап-сыйпап бағар едің… Салайын мен әніме «Қараторғай», – деуі содан. Шолпан жайында А. Затаевич те жазған, «Қараторғай» әнін нотаға түсірген.
Тіспен шайнаған тамақтың да, мұрын мен ауыздан кірген ауаның да адам ішіне қарай өтетін және жүретін жолы – жұтқыншақ. Жұтқыншақта екі тесік болады, бірі мұрын мен ауыздан кірген ауаны ары қарай жібереді және кері қарай өткізеді, оны ары-бері тасымалдайтын – кеңірдек: бұрандалы сақина секілді шеміршек түтік. Оның төменгі ұшы екі ашаланып, бірі оң жақтағы, екіншісі сол жақтағы өкпеге жалғасады. Өкпе ауаны ішке де тартады, сыртқа да айдайтын көрік секілді. Асыққанда «екі өкпемді қолыма алып жүгірдім» деп жатамыз. Қатты жүгіргенде, «өкпем өшіп кетті ғой», – деп те айтамыз. Адамның тынысын, дем алысын жүзеге асырып тұратын, тынымсыз жұмыс істейтін мүше.
Ал жұтқыншақтағы екінші тесік кеңірдек секілді шеміршек өңеш болады. Ол арқылы ішкен ас асқазанға барады. Ол – ішкен астың жиналатын қазаны, оны қарын деп те атаймыз. Ал, шын мәнінде, ол – асқазан, қарын емес. Қарын негізінен малдарда болады, іші түкті, сырты шандыр секілді домалақ болып келеді. Асқазан болса, сопақша имектеу мүше. Оның сырт жағын «қарын» деп те, іш деп те айта береміз. «Қарны қампиып», «іші томпайып» деп жатамыз. Оның ішінде астың қортылуын қамтамасыз ететін бірнеше нүктелер мен тетіктер бар. Сопақша қарынның соңғы жағы жіңішкере келіп ұлтабарға жалғасады, ол – он екі бунақты жуан ішек. Ол, бір жағынан, аш ішектің басы болып табылады. Ол ішектің ұзындығы алты метрге жетеді. «Аш ішекше шұбатылған» деген сөз бекер айтылмаған. Аш ішек әрі қысқа, әрі жуан тоқ ішекке жалғасады. Өңештен өткен ас тоқ ішекке жеткенше қорытылып, бойға сіңіп бітеді. Сіңбегені көтен ішек арқылы сыртқа шығып кетеді. Ол ішекті дәрігерлер осы күні «тік ішек» деп жүр.
Адам ағзасының құрылысын, қызметін білген адам өзіне қай тамақтың жағатынын не жақпайтынын жақсы біліп, тамақ жеудің дұрыс тәртібін өзі қалыптастырып алады.
Адамның басы мен денесін жалғастырып тұрған жұмыр дене – мойын. «Өлеңді жатып та айтам, тұрып та айтам. Мойнымды бір жағыма бұрып та айтам», – депті ғой Иса Байзақовтың ұстазы Құдайберген Әлсейітұлы.
Мойынның төменгі екі жағы екі иыққа ұласады. «Екі иығына екі кісі мінгендей», – деп, ер жігітті мақтайды.
Адамның арқасы мойынның астынан басталады. Арқадағы екі иықтың сырт жағы – екі жауырын. Балуандардың жауырыны қақпақтай жалпақ болып келеді. Ешкімнен жығылмайтын балуанды «Жауырыны жерге тимеген» деп мақтайды, «Жауырыны қақпақтай» дейді. Екі иық пен тамақтың асты – кеуде. «Кеудесі аяқ қаптай» деп те «кеуделі жігіт» деп те жатамыз. Оны бейнелеп «көкірек» деп те атайды. «Өркөкірек» деп менмен адамдарды, «көр көкірек» деп түк білмейтіндерді айтады. «Өр кеуделі» деп өжеттерді бағалайды. Кеуденің екі шетінде екі емшек, еркектікі – бедеу емшек, ал әйелдікі – баланы асыраушы. Әйел емшегінің сүт жиналатын жерін үрпі, сүт шығатын жерін ұшы дейді. Бала үшін ананың ақ сүтінен артық азық жоқ. Екі иық пен тамақтың астын кеудемен қоса жинақтап омырау деп атайды. Омыраудан төменде – кіндік, ол – адам денесінің ең ортасы, одан өргісі – жоғарғы жақ, кіндіктен төмені – төменгі жақ. Кіндіктің ішкі оң жағында – өт, одан сәл төменде зәр жинайтын орын – қуық. Оның зәр өтетін жолында қуық безі болады. Без адамның біраз жерінде бар. Құлақ пен жақтың ұштасқан жерінде сілекей безі, тамақта, емшектің ішінде де без бар, ұлтабардың астында ұйқы безі, қолтықта, тағы басқа жерлерде де без бар. Қазақ безі бар жерлерді айрықша күтеді, суықтан, бір нәрсеге соғып алудан сақтайды, «безі шошымасын» дейді. Еш бір безді жемейді.
Адамның әр жерінде қап-қара болып бадырайып қал, көрінер-көрінбес мең болады. Оларға тиіспейді, емдемейді де, құпиясы көп нәрсе деп қарайды. «Меңсұлу», «Қалдығыз» деп қыздарға ат қояды.
Екі иыққа жалғасқан екі қол бар. Қол, жалпы, екі бұғана мен жауырыннан басталады. Екі қолы болмаса, адам – кемтар, қор болмай ма? Қолмен ұстамай, көзбен көрмей, мұрнымен иіскемей, қай заттың қәдірін білуге болады? Адамды сабырға шақырғанда, «Сол қолыңды оң қолың ұстасын!» – демейміз бе? «Қолмен істегенді мойныңмен көтер!» – дейміз. Қолымен әр нәрсені жасай білетін кісіні ісмер, шебер, ұста деп дәріптейміз. «Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі, Өзіңе бір сөз айтсам күлдіргелі», – деп әндетеміз.
Қолдың ұзыны да, қысқасы да, жуаны да, жіңішкесі де, ептісі де, ебедейсізі де болады. Оң қол оң иықтан, сол қол сол иықтан төмен қарай созылады. Иықтан төменгі ара – тоқпан жілік, оның бұлшық еті адамның күшін айқындап тұрады. Балуандардың бұлшық еті ойнап тұрады. Қолдың ішке қарай иіліп тұрған жағы – қолдың қары, сырты – шынтақ. Қолдың одан төменгі бөлігі – кәрі жілік, кәрі жіліктің сырты – білек. «Білегі күшті бірді жығады, Білімі күшті мыңды жығады» деген бар. Білектің жіңішке ұшы – білезік. Қыз-келіншектер білезік тағатын жері.
Жас кезінде оқи алмағанына өкінген Абай: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деген ғой. Білектен төмен қолдың басында – бес саусақ. Өмірі жұмыс істемеген, еңбек етпеген адамды ақсаусақ дейді. «Қолы ұзын» деп билігі бар, жақсылық жасауға да, жамандық істеуге де мүмкіндігі бар адамды, ал «қолы қысқа» деп соған керісінше жағдайдағы кісіні бейнелеп айтады.
Боксшының қолы қатты, балуандікі қарулы келеді.
«Мен сені танымаймын, тоның жаман,
Қарға тұяқ секілді қолың жаман», – дейтін өлең бар.
Қолынан іс келмейтін, түк істей алмайтын, икемсіз кісіні қолапайсыз дейді, ақын-жазушылар оқырмандарына кітабін қолтаңба жазып сыйлайды. Қолмен жасалатын барша бұйымдарды қол өнер деп жүрміз.
Бір жаққа баруға мүмкіндігі жоқ адам «қолым тимейді», ал жаман бір нәрсені істегісі келмесе, «қолым бармайды» дейді. Ұрының бір аты – суық қолды адам. Қолды суықтан, жарақаттан сақтау үшін сыртынан киетін киім – қолғап, оның сан түрі бар: жүн қолғап, тері қолғап, былғары қолғап, синтетике қолғап, т.т.
Оң қолдың да, сол қолдың да басындағы бес саусақтың әрбірінің өз аты тағы бар. Бірінші тұрған әрі қысқа, әрі жуан саусақты басбармақ, екіншісін сұқ қол, үшіншісін ортан қол, төртіншісін аты жоқ қол, бесіншісін шынашақ дейді. Бұларды бейнелеп былай да атайды: 1. Басбармақ, 2. Балалы үйрек,
3. Ортан терек, 4. Шылдыр шүмек, 5. Кішкентай бөбек.
Бес саусақты ішіне қарай жұмып тұрғанда, сырт жағын жұдырық, іш жағын жұмырық деп айтады. Әлдекімге бағынышты, соның ықпалынан шыға алмайтын кісіге қарап: «Ашса, алақанында; жұмса, жұмырығында», – деп жатады.
Бес саусақтың түбінен қолдың қызтоймасына дейінгі аралықтың ішкі жағын – алақан, сырт жағын – қолдың сырты десе; ал шынашақтың бүйір жақ тұсын қолдың қыры дейді. Басмармақтың сырт жақ түбіндегі ойпаң шұңқырды қызтоймас деп атайды. Оның мәні қыз бала тамақты аз ішуі керек дегенге саяды. Бала қуанғанда, алақанын соғып қуанады, үлкендер шапалақтайды; қайыршы алақанын жайып көмек сұрайды, қайыр тілейді. Балгерлер алақаныңа қарап бал ашады. Жақсы көрген кісілер бір-бірін алақанымен сипайды, мейірін алақанының жылуы арқылы білдіреді. Әке-шеше баласын алақанына салып мәпелейді. Қазақ қол беріп, алақанға алақанын тигізіп амандасады.
Қолдың қары мен дененің түйіскен асты – қолтық. Адам әр нәрсені қолтығына қысып әкете береді.
Әр саусақтың сырт жақ ұшында тырнақ өседі, оны әлсін-әлсін алып тұрмаса, тырнақ пен саусақ етінің арасына кір жиналып қалады.
Тырнақ пен саусақтың бір-біріне жабысып тұрған арасын көбе, тырнақтың көбесі дейді. Көбесі сөгілсе, тырнақ тырнауға жарамай қалады, бірақ оның орнына жаңадан тырнақ өсіп шығады. Әр саусақтың бүгіліп-жазылатын жері буын болады. «Буынсыз жерге пышақ ұрма!», – деп, ең жанды жеріме тиме дегенді аңғартады.
Адамның басынан басталып, бүкіл арқасын алып жатқан ең ұзын мүше – омыртқа. Оның жоғарғы жағы – мойын омыртқа, ал мойын омыртқаның ең жоғарғы шеті – ауыз омыртқа, ең төменгі жағы құймышақ. Ойыны бар, шыны бар, оны «құйыршық» деп те, «құйрық» деп те айта береді. Әр омыртқа бір-бірімен жұмсақ шеміршек арқылы жалғасады. Мойын омыртқа – жетеу, кеуде омыртқа – он екі, бел омыртқа – бесеу, сегіз көз – төртеу, құймышақ омыртқа – төрт-бесеуден болады.
Әр омыртқаның жан-жағында жұқа-жұқа қанаттары, ал бүкіл ішкі қуысында созылып жатқан – жұлын, ол бастың миына ұқсас жұмсақ әрі ұзын, ішекше созылған нәрсе. Ми орталық жүйкенің жұмысын басқарса, жұлын бүкіл дененің жүйке жұмысын басқарады. Жұлын омыртқаның бас жағынан басталып, беломыртқаға (белдемеге) дейін созылады.
Беломыртқаның астында – жамбас. Жамбас сүйегінің бас жағы – мықын. Ол жамбастың жарты бөлігін алып жатады. Мықын біткен жерде жамбастың дөңгелек шұқыры болады, оған ортан жіліктің басы кіріп тұрады, оны ұршық дейді. Сол ойық шұңқырдың ішкі жағы – шат, сыртқы жағы – шонданай, екі ортасында – сегіз көз. Омыртқаның екі қанатында төрт-төрттен тесігі (көзі) болғандықтан, солай аталған.
Мықынның сырт жағын, дөңгеленіп тұрған бұлшық етті бөксе дейді. Әсіресе қыз-қырқынның бөксесі әдемі болады. Ал мықын мен бөксенің үстіңгі жағы, яғни шалбар мен дамбалдың рәзіңкесі ұстап тұратын араны ышқыр деп атайды.
Бел омыртқадан бастап, одан төменгілердің ішінде жұлын жоқ, тек шеміршек бар.
Шыңғыс хан заманында жауларының омыртқасын, белін үзіп өлтірген. Жұлыны үзілген жануар атаулы өмір сүре алмайды. Баласын қазақ: «Құлыным! Жұлыным!» – деп жақсы көретіні содан.
Адамның қаншалықты мықты, күшті болуы белінің мықтылығына қарай.
Бір кісінің бойы ұзын болса, бірінікі қысқа болып жатуы омыртқаның көптігі мен үлкендігіне де байланысты. Әр адамда орташа есеппен 30-32-ден омыртқа болады, кей біреуінікі одан да көбірек болуы мүмкін.
Адамның кеуде тұсындағы майлы, кемікті шеміршек сүйекті төс дейді. Сол төстің оңы мен солынан шығып тұрған он екіден – жиырма төрт – қабырғаның бәрі омыртқаға барып тіреледі. Төстің ең үстіндегі жуан қабырғадай сүйек екі ашаланып иыққа барып бітеді, оны бұғана немесе бұғана қабырға дейді. Бұғананың басы ұршықтың басындай қозғалып тұрады. Әлі ержете қоймаған баланы «әлі бұғанасы қатпаған» дейді. Байқамаса, ұясынан шығып, бұғананың тайып кететін жағдайы да кездеседі.
Қазақ халқында төске байланысты біраз әдет-ғұрып бар: құда мен құда, сағынысқан адамдар бір-бірімен төс қағыстырып амандасады немесе жақынынан айрылған адамды төсіне басып көріседі; шеше жылаған баласын төсіне басып жұбатады; күйеуге немесе жездеге төс тартады; жігіт пен жігіт дос болғанда, төс қағыстырып ант береді, т.т. Өйткені төс – әрі біріктіруші, әрі қорғауыш мүше: қабырғаның басы төске бітсе, аяғы омыртқыға жалғасады, қабырғаның ең үстінде тұратын бұғана иыққа барып жалғасады, қабырғаның төменгі жағын алып жатқан сүбе өкпе мен бауырды және бүйректі жауып тұрады. Күйеу мен жездеге де төс тарту – төске ұқсап екі елді әрі біріктіріп, әрі қорғап тұрса деген тілектен туған жақсы салт. Отыз омыртқа, жиырма төрт қабырға бірі артынан, бірі алдынан төсті де, төстің қасындағы өзге мүшелерді де қоршап, қорғап тұрады.
Адам бойында 62 тамыр бар деседі. «Алпыс екі тамырымды иіткен», – деп, баласына еміреніп отыратын аналарды көрдік. Сол тамырлардың ең үлкені және бүкіл денені аралап өтетін негізгісі – күре тамыр. Күре тамырдан жан-жаққа қан таситын тағы талай тамыр тарап жатады. Соның бәрін қозғайтын, бәріне жан кіргізетін мүше – жүрек. Ол үнемі соғып, дем алмай қанды адамның өне бойына айдап тұрады. Жүрек соғуын тоқтатса, адамның өмірі де тоқтайды. Сондықтан жұдырықтай жүректің қызметі – тіршіліктің көзі. Абай қатты налығанда, «Жүрегім, соқпа, қой, тоқта!» – деп түңілген ғой. «Қайран менің жүрегім!» – деп, бірі өлеңін жазып, бірі әнін шығарып, өмірден Нұрғиса ағамыз бен Тұманбай ағамыз да өтпеді ме? Абайдың: «Жүрегімнің түбіне терең бойла!» – дегеніне өмір бойы құлақ асып келеміз.
Жүрек адамның сол жақ кеудесінде болады, оның қанды кіргізіп, шығарып тұратын қақпақшалары бар. Ештеңеден қорықпайтын кісіні «жүректі адам», керісінше қорқақты «жүрексіз», «қоян жүрек» дейді қазақ.
Жүректің оң жағы, сол жағы болады. Оның қақпақшаларынан шыққан қан қолқаға, одан өкпеге барады. Адам ағзасының аса бір қажеттісі. Қазақ жақсы көрген адамына: «Сен менің қолқа-жүрегімсің», – деп, жүрек екеуін қосарлай сөйлейді. Оның бағасы содан да байқалады.
Қазақ атаулының аузына ең көп түсетін, ең жиі айтатын сөзінің бірі де, жүрек қатарлы ең қымбат мүшесі де бауыр. Америка жеріндегі үндістердің білімпаздары адамның жүрек соғысын тоқтатып, оның қызметін бауырға істететін ілім жолын біледі екен. Сонда адам өлген сияқты, бірақ бауырымен дем алып жатады екен де, білімпаздың «әмірімен» бір кезде қайтадан тіріліп кетеді екен. Бауырдың қаншалықты қымбат екенін содан-ақ аңғару қиын емес. Бүкіл жеген асымыз бен ішкен тамағымызды өне бойымызға сүзіп тарататын бауыр екен. «Бала – адамның бауыр еті», – деп бекер айтпаған ғой. Бірге туғанды да, бірге тумаған қимастар мен сыйластар да бір-бірін «бауырым» деп бағалайды. Қаза болған кісіні қазақ «бауырымдап» жылап жоқтайды.
Бауырдың салмағы – бір жарым келі.
Қабырғаның астында, бауырдың қасында көк бауыр бар. Ол – қан жинайтын да, қан сақтайтын да мүше.
Оның қасында өт бар. Ол – алмұрт секілді түтік, ас қорытуға көмектесетін адам ағзасы. Бауыр да, өт те адамның оң жақ бүйірінде орналасқан. Өт бауырдан шыққан заттардың қышқылдығын да реттеп отырады, оның ішіндегі сұйық у секілді, жарылса, адам ағзасын улап жібереді. Сөз көтере алмай ашуланып қалған кісіге: «Немене, өтің жарылып кетті ме?», – деп, жазғырып жатуымыз содан.
Зәрдің адам бойынан дұрыс шығуына, дұрыс сүзілуіне бастан-аяқ бүйрек «жауап береді». Бүйрек те адамның тыным таппай істейтін мүшесі. Жақсы көрген біреуге бүйрегің бұрып тұрады. Кейбіреулер бүйректен сирақ шығарып, бәле қуады.
Бүйрек екеу: сол жақ және оң жақ бүйрек, екеуінің де көлемі жұдырықтай ғана. Бүйректен шыққан зәр қуыққа жиналады, содан ары сыртқа шығады. Қуыққа 300-500 мили литр зәр сияды.
Қуық астында без бар, ол ауырып асқынса, адамның зәр шығаруы қиындап, тіпті зәр шықпай қалуы да мүмкін. Адамның зәрі мен ұрығы бір өзекшеден өтетіндіктен, ол безді күту – адам үшін өте қажет.
Ғалымдардың айтуынша, адам денесінде 200-ден (екі жүзден) астам ірілі-ұсақты сүйек, алты жүзден астам үлкенді-кішілі бұлшық ет болады екен. Әрбірінің өз орны, өз қызметі бар.
Адамды тік тұрғызып, ары-бері жүргізіп тұрған мүше – екі аяқ. Оның адамды апармайтын жері бар ма? Бәрін аяқтың арқасында аралаймыз, барамыз, көреміз, көргенімізден ой түйеміз. Аяқ – денеден төмен қарайғы жер, оны жамбастан басталады деуге де болады. Өйткені адамның ең ұзын жілігі ортан жіліктің басы – ұршығы – жамбастың шұңқырына кіріп тұрады. Қазақ жамбасты да «жамбас жілік» деп атап, жілікке жатқыза беретіндіктен, одан кейінгі сүйекті «ортан жілік» деп атайды. Ортан жілікті ішкі-сыртқы бұлшық еттерімен қоса сан десе, бұлшық еттерін ерекшелеп, «сан еттерім ауырып қалыпты» деп те отырады, кейде соның бәрін бір ұғымға сыйғызып, «бұт» дей де салады. Ал сол екі бұттың бір-біріне қарама-қарсы ішкі жағы – тақым. «Жалғыз ұлы атқа шапса, шешесі үйде тақымын қысып отырады» деген сөз бар. Жігіттер көкпарды тақымына қысады.
Санның бітетін жері – тізе. Тізенің астыңғы жағы – тірсек. Мұздаған адам: «Тірсегіме тірсегім тимей кетті ғой!», – деп жатады. Тізесінің ішке бүгілетін жағы – аяқтың қылтасы. Ал тізенің ішіндегі қозғалмалы сүйек – тізенің ұршығы.
Тізеге жалғасатын сүйек – асықты жілік, бұлшық еттерімен қоса айтқанда, балтыр немесе сирақ. Бізден бұрынғы қазақтың қыз-келіншектері сирақтарын ашып жүрмеген, ондайларды «сирағын сидаңдатып» деп сөгер болған.
Асықты жіліктің арт жағында жіңішке шыбығы болады, ол жілікке сіңір мен бұлшық ет арқылы бірігіп тұрады. Ол асықты жілікпен бірге бұлтиып тұрған сүйек – толарсаққа – барып жалғасады. Бұрынғы батыр бабаларымыз «толарсақтан саз кешіп» елді қорғаған. Толарсақ – асықты жіліктің басында томпайып тұрған домалақ сүйек. Толсарсақтан төменгі табанға жалғасатын сүйек – жіліншік. Ол кішкентай ғана, айналасын сіңір қаптаған, буын аралығындағы сүйек.
Жіліншік пен аяқтың ең төменгі жағын жалғастырып тұратын мүше тобық.
«Мінгенім астымдағы торы құнан,
Ақсайды торы құнан тобығынан.
Ат болып торы құнан шыға келсе,
Әкемнің қалмас едім жорығынан», – дейтін қара өлең бар.
Аяқтың жерді басып тұратын ең төменгі әрі бүкіл денені көтеріп тұратын бөлігі – аяқтың басы. Оның жерге тиіп тұратын асты – табан, оның бас жағында бес башпайы немесе бақайы бар, іш жағындағы ең үлкені – бас башпай, одан кейінгілері сыртқа қарай бірте-бірте қысқалау бола береді. Аяқ басының ең артқы жағы – өкше, ол сірі болып қалған мүйіз секілді ет. Жіліншік пен өкшені жалғастырып тұрған қатты сіңір – тілерсек. Ол кесіліп не үзіліп кетсе, адам жүре алмай қалады. Аяқтың басы мен өкшенің дәл ортасында, табанның ішкі жағында жарқабақ тәрізді ойыс бар, оның кілдіреген жіңішке сүйегі болады, сол араны үзенгілік дейді. Атқа мінгенде, аяқты үзенгіге үзенгіліктен ары кіргізуге болмайды. Өйткені оқыс бір жағдайлар бола қалса, аяқ үзенгіден шықпай қалып, ат адамды сүйреп кетуі мүмкін.
Кей адамның табанында үзеңгілік болмай, табаны түп түзу жалпақ болса, ондай кісіні тобанаяқ деп атайды. Ондайлар өз денесін көтере алмай, жүре алмай қалады, сондықтан ондай кемістігі бар адамдар ерте бастан емделуі қажет.
«Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» деген де бар. Жылқының жүріскерін «төрт аяғын тең басқан» деп мақтайды.
«Кәрілік ә дегенде аяқтан алады» деген бар. Әркімнің кәрілігі әр түрлі болатын да шығар.
«Басасың аяғыңды ырғап-ырғап,
Ырғалып құлағыңда алтын сырғаң», – деген ғой өзі «Гауһартас» деп бағалаған Мақпалға Сегіз сері де.
Екі санның ішкі жағын шап, екі санның түйіскен түп ортасын шат дейді. Оқыс талтайып жығылған кісі: «Шатым айрылып кете жаздады», – деп жатады.
Желкеден белге дейінгі аралықты арқа десе, одан төмен құймашаққа дейінгі жерді бөксе, ал иықтың жауырынға жалғасып жатқан тұсын жота дейді. Ауыр затты жігіттер жотасына көтеріп әкете береді.
Адамның айта да бермейтін, көрсете де бермейтін ең ұятты мүшесі – абұйыр. Бұл – адамның жыныс мүшесі. Онсыз ешқандай тіршілік өсіп-өнбейді.
Аталық мүше мен аналық мүшенің басты айырмашылығы сол: аталық мүше ер адамда, аналық мүше әйел адамда болады.
Кісінің көзінше адам абұйырының атын естіртіп айту әдепсіздікке жатады. Сондықтан жас баланың мүшесін ғана «насыбай», «әпшу» деп ишаралайды. Насыбай атқан адам «әпшу» деп түшкіреді ғой, ол ат соны меңзейді.
Қыз баланың басты тәрбиесі – тыйым. Сондықтан оған қалай болса солай сөйлей салуға жас кезінен жол бермейді: ол айтпайтын сөздер, ол істемейтін қылықтыр өте көп. Кез келген ата-ана қыз балаға: «Ойбай, өйтіп айтпа!», «Бөтен кісінің бетіне тесіліп қарама!», «Төсіңді жап!», «Абұйырыңды жауып жүр!», «Кісінің алдына барып тоңқайма!», «Етегіңді тізеңнен жоғары көтерме!» деп безек болады. Қазақтың ұғымында қыз баланың құпиясы көп болуы керек. Құпиялы қыз – қадірлі қыз.
Ананың жатырында пайда болған шақалақ нәресте тоғыз ай, тоғыз күн толғанда анасы толғатып, жарық дүниеге шығады. Ана құрсағында кіндік арқылы дем алып келген нәрестенің кіндігі кесіліп, содан былай өз бетінше дербес өмір сүруі басталады. Кіндігі кесілгеннен кейін нәрестенің азығы емшектен шыққанша анасының сүті болады, ал ананың сүті емшегіне жиналады. Емшекті бір жасқа дейін, одан да көп уақыт еметін балалар болады. Бала әуелі еңбектейді, сонан соң жүрмей, қозғалмай, бір орында қаз-қаз тұрып үйренеді, көбінесе бір жастан асқан соң, тәй-тәй басып жүре бастайды.
Қысқаша айтқанда, адам денесінің жалпы құрылысы мен орналасуы, атаулары осындай. Бастан-аяқ тоқталып өттік.
Жалпы сипаты
Адам деген ат Адам ата, Хауа анадан басталады. Оның ақылы, білімі, мәдениеті, ой өрісі, сезімі бар. Сөйлейді, оқиды, ойлайды, жазады, жылайды, күледі, ән айтады, сурет салады, еңбек етеді, мемлекет құрады, туған жері, ұлты, Отаны, отбасы, туған-туысы, ата-бабасы, бала-шағасы болады. Екі аяғымен тік жүреді. Керек бола қалса, еңбектей де, жер бауырлап жылжи да алады. Миының салмағы 1250 – 1400 грам аралығында. Ақылды адамды «милы», ақылы азды «мисыз адам» дейтін дағды бар.
Әрбір адам өзінің өне бойын, бүкіл денесін күтіп ұстауы керек. Кез келген күтілмеген нәрсені кір басады. Кір басқан нәрсенің түр-түсі де, қызметі де өзгереді, нашарлайды. Шын мәнінде, ешбір адам нашар, өзгеден кем болғысы келмейді. Ал өзгемен тең болу немесе өзгеден кем болу ақыл мен мидың, білім мен оқудың аз-көбіне байланысты.
Аса милы, ақылды адамды дана, данышпан дейді. Ол атқа арғы заманда өмір сүрген Арыс бабамыз, орта заманда өмір сүрген Фараби бабамыз, бергі замандағы Абай атамыз әбден лайық.
Адам өзінің дүниеге келген жерін туған жер дейді. Әке-шешесі, ата-бабасы өмір сүрген жерді атажұрт, атақоныс немесе атамекен дейді. Өзі дүниеге келген елді мекенді туған ауыл, сол ауылда өзімен бірге өмір сүріп жатқан адамдарды ауылдастар немесе жерлестер деп атайды. Елді басқару жүйесіне лайықтап бөлуге байланысты, әрбір адамның туған ауданы, туған қаласы мен туған аймағы – обылысы, туған отаны болады.
Бір тілде сөйлейтін, бір тұрақ-мекенде өмір сүретін, қаржы-қаражаты ортақтандырылған, салт-дәстүрі ортақ, мінез-құлқы ұқсас адамдардың бірлігін ұлт дейді. Қазақ өзінің ұлттық тілін Ана тілі деп атайды.
Бұрын халықты сақ, құн дәуірінде шәнүй, үйсін мемлекеті кезінде күнби, Шыңғыс хан заманында хан, ал бірнеше хандықтың одағын қаған басқарған.
Халқымыз Оғыз хан, Шыңғыс хан дәуіріне дейін тәңірге табынған. Адамзатты хан билеген, тәңір жаратқан деген ұғыммен еліміздің ең биік тауын Хантәңірі атаған. Ол тауды сақ дәуірінде Арыс бабамыз мекендеген. Қазір Алматы облысының Нарынқол ауданына қарайды.
Ханның ел басқаруға көмектесетін серіктерін уәзір деген. Әскерді басқаратын адамды қолбасы, қолбасшы деп дәріптеген. Әскер басшыларын жалпылай сардар деп, ал олардың қол астындағы әскерлерді сарбаз деп атаған. Он мыңға жететін әскерді түмен, сардарын түменбасы, мың әскердің сардарын мыңбасы, жүздікін жүзбасы, ондікін онбасы деп атаған. Жаудан елін қорғайтын, жауды жеңіп жүретін ержүрек адамдарды батыр санаған, солай атаған.
Ерте кезде, біздің дәуірімізге дейінгі, яғни 1-жылға дейінгі заманда, халқымыз сақ, құн деген тайпалық одаққа, Үйсін, Қаңлы, Құн мемлекеттеріне біріккен.
Біздің дәуіріміздің 552 – жылы Бумын қаған («Тумын» деушілер де бар) бабамыз Ұлы түрік қағанатын құрып, содан бері түрік атанғанбыз. Одан беріде Көктүрік, Түргеш, Қарахан, Оғыз елі атанғанбыз. Шыңғыс хан заманына дейін халқымыз ұйғыр (ой-қыр, ойғыр), татар атанса, Теміршың (Шыңқұз хан – Шыңғыс хан) бабамыздың тұсында моңғол, мұңұл немесе моғол болғамыз, мемлекетіміз Моғолстан (дұрысы – Моңғолстан) атанған. Тарихты бұрмалаушылар ол кездегі еліміздің «мұң ұл» – «мұңғұл» атын қалмақпен шатастырған, өйткені олардың қазіргі «моңғол» деп отырған халқы – халха моңғолдар, оларды қазақ ежелден «құба қалмақ» деп атаған. Ал қазақтың ешқашан қалмақтармен туыстығы болған емес, бұл екі халық 1758-жылға дейін, яғни «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламағаның» аяғына дейін бір-біріне атажау саналған. Сол қалмақ мемлекеті жойылған соң, әлсіреген қазақ та орыс патшалығына бодан болып қалды. Содан кейін 1917-жылдан 1991-жылға дейін Советтік Социалистік Республикалар одағының – КСРО-ның – құрамында болдық.
ХV-ғасырдың ортасында Керей хан мен Жәнібек бабамыз қазақ хандығын құрған.
Екеуі де Шыңғыс хан бабамыздың ұлы Жошы ханның ұрпақтары. Елімізді үш жүз жыл бойы билеген хандардың бәрі – Шыңғыс хан ұрпақтары, яғни төрелер. Жошыға дейін Шыңғыс хан бабамыз Бөртеден бір ұл сүйген, бірақ одан бала қалмаған, оның аты – Биін.
1917-жылдың 25-қазанында төңкеріс болып, патша өкіметі құлады да, оның орнына кейін «Советтік социалистік республикалар одағы» деп аталатын (қысқаша – ССРО айтылуы – Ес-Ес-Еро) мемлекет құрылды. Оған он шақты ұлт бірікті, халықтар достығы негізінде құрылған мемлекет боламыз деп жарияланды. Алайда бірте-бірте «халықтар достығы» дегенінің астарында өзге халықтарды бір халыққа айналдыру саясаты бар екені әйгілене бастады. 1986-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанды басқарып отырған қазақты орнынан алып, оның орнына Қазақстанда туып-өспеген бір орысты басшы етіп тағайындағанға қазақ жастары үлкен қарсылық білдіріп, Алматы қаласының орталық алаңына шықты. Оны Мәскеулік басшылар аяусыз жазалап, жастарды қуғын-сүргінге ұшыратты. Оған қатысқан Ербол Сыпатаев ауруханада, Ләззат Асанова белгісіз жағдайда, ал Қайрат Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты.
Мұндай наразылықтар Қазақстаннан кейін Естонияда, Литвада, Латвияда, Грузиндерде жалғасын тапты. Ақырында 199-жылы тамызда Мәскеудің ішінде төңкеріс болды да, ұзамай Ресей мемлекетінің басшысы Ельцин, Украина басшысы Кравчук, Беларус басшысы Шушкевич – үшеуі біріккен келісім негізінде 8-желтоқсан күні ССРО мемлекеті іс жүзінде жойылды. Ал 1991-жылдың 25-желтоқсан күні ССРО Бас хатшысы, ССРО-ның ең тұңғыш әрі ең соңғы президенті М. С. Горбачев өз қызметін тоқтататынын ресми жариялады.
Кеңестер одағының мемлекеті ыдыраған соң, қазақ халқы 1991-жылдың 16-желтоқсанында өзінің тәуелсіз мемлекет құрғанын жариялады. Ал жеке мемлекет құрылуы жайындағы декларациясын сол жылдың 25-қазанында жария еткен-ді.
Біздің қазіргі Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан. Ол – дербес мемлекет, оның ресми аты – Қазақстан (айтылуы – Қазағыстан) Республикасы. Оны Президент басқарады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақтар өз халқының неге «қазақ» аталғанын сан қилы түсіндіреді.
XV-ғасырда өмір сүрген, «Тарих – и рашиди» атты кітап жазған Мұхамед Хайдар Дулати бабамыз «қазақ» дегенді ешкімге бағынбайтын, еркін өмір сүретін адамдар деп түсіндіреді. Сол дұрыс болу керек. Өйткені ата-бабаларымыз өзінің рулық, тайпалық одақтарын мағынасы нашар атпен атамаған. Мысалы, бабаларымыздың ең алғашқы одағы немесе мемлекеті «сақ» деп аталған. «Сақ» сөзі қазақ тілінде қазір де бар, қырағы, сергек деген мағынаны білдіреді. «Сақтық», «сақтаған», «сақшы» сөздері сол «сақ» деген түбірден туындайды.
Ақын Олжас шүмер халқының одағын да бабамыз санайды. Ол да шындыққа сай келеді. Өйткені олардың тіліндегі «бау», «қу», «кемел», «шер», тағы басқа сөздері қазіргі қазақ тілінде әлі сол мағынасымен қолданылады. Сақтан кейін белгілі тайпалық одақ «құн» аталған. «Құн» сөзі де әлі күнге дейін қазақ тілінде бар, әр нәрсенің парқын, құнын, бағасын білдіретін сөз. Оның қарсы кермән мағынасы – парықсыз, құнсыз, бағасыз. «Құнды», «құнсыз», «құны» (бар) сөздерінің түбірі – осы «құн» сөзі.
Үйсін мемлекетінің аты «үй» сөзінен өрбіген болу керек, бір жерге, бір орталыққа үйілуді, бірігуді білдіреді. Қазіргі «үй» сөзі де бір шаңырақтың астында бірігуді, бірге тұруды білдіреді. «Бір жерге үй!» деген мен «Бір жерге жина!» дегеннің мағынасы қазір де бірдей.
Үй+сін тәрізді сөзжасам түрі тілімізде көптеп кездеседі: күй+сін, сүй+сін, ал+сын, кел+сін, бер+сін, түй+сін, тағы сол сияқты (т.с.с.)
«Үйсін» сөзі «ұйысу» деген мағынаны да білдіреді. Ежелгі қытай жазбаларында сақ мемлекеті «се» деп аталса, үйсін мемлекетін «ұсұн» деп жазған. «Үйілу», «үйлену», «үйлесу», «үймелеу», «үйір» сөздерінің түбірі де, тегі де «үй» сөзі. Бір жерге жиналған тасты «үйген тас» деп жазуымыздың төркіні де бірігу мағынасын білдіреді.
«Түрік» сөзі де түрік мемлекетінің сипатына сай келеді. Ол сөз де тілімізде әлі бар: сақ, құлағы түрік, сергек деген мағынаны білдіреді. Түрік аталған тұста ата-бабаларымыздың аса қуатты болғаны байқалады. «Түрік тілі» деген сөз сол заманнан қазірге дейін сақталып келеді. Түрік тілді халықтың бәрі бір-бірін бауыр, туыс санайды, тарихы мен тегі бір екенін бәрі біледі, бәрі мойындайды. Қазақ, өзбек, Анадолы түріктері, қырғыз, түрікмен, әзірбайжан, шуаш, тыба, сақа, татар (бұлғар), ұйғыр, қақас, қарайым, ғағауыз, теле, теленгіт, төленгіт, телеуіт, башқұрт, құмық, ноғай, қарашай, қарақалпақ, балқар, мардыба, марый, шор, бестермен, салар, долған, хатон, тофа, сойот, табасаран, азых, құмандықтар, тат, болған, ұранқай, барна, тағы басқа ірілі-ұсақты елдер түрік текті болып табылады.
Көне тарихи жазбаларға қарағанда, Шыңғыс хан (Шыңқұз хан) заманында қазақтар мұңұл (мұңғұл), моғол, жете, татар деп те аталыпты. Тіпті бүкіл түрік халықтарын татар деп, ал ортақ мемлекетін Татария (Тартария) деп атапты. Өйткені қазір біз «Түрік шежіресі» деп жүрген Әбілғазы баһадүр бабамыздың кітабі түпнұсқасында «Татарлар жайындағы түп-тұқиян тарихы» деп аталады, орысшасы – «Родославная история о татарах».
Біздің ұлт болып қалыптасу кезіміз қазақ хандығы құрылған тұсқа тура келеді.
Қазіргі «қазақ» сөзінің ежелгі түбірі «қаз» болу керек: тік, тура, түзу, қақайып, қаз тұру деген мағынаны білдіреді. Ол сөз тілімізде қазір де бар: жаңа жүре бастаған, аяғын енді-енді тік баса бастаған баланы «қаз-қаз» деп қошеметтейміз, «Қаз тұрды!» – деп қуанамыз.
«Қаз-қаз, қаз басқан,
Екі аяғын тең басқан» – дейді ғой қазақ.
Ал «тік тұру» мен «тік жүрудің» арғы мағынасы өз тізгінін өзі алып жүру, яғни еркіндік, тәуелсіздік емес пе? Тарихшы бабамыз Мұхамед Хайдар Дулатидың да айтып отырғаны сол мағына емес пе: еркін жүретін, ешкімге бағынбайтын, біреуге басыбайлы болуға төзбейтін халық болғамыз.
«Қаз» сөзінің бір мағынасы тік тұруды білдірсе, екінші мағынасы төмен қарай шұңқыр қазуды да білдіреді, ол да тік төмен қазылады.
Жасалу жолына қарағанда, «қаз» бен «қазақ» сөзі – өте ертедегі сөз. Өйткені жасалу жолы өте көне. Мысалы, сол тектес жасалған «қон+ақ», «тұр+ақ», «ор+ақ», «сұра+қ», «қала+қ», «құра+қ» сөздерінің қалыптасыу жолы тым әріде жатыр. Өйткені олардың «қаз» деген түбірі мен түбірге жалғанған – ақ жұрнағын ажырату қазір тіптен мүмкін емес.
Ең тура, әділ сөзді айтатын адамды қазақтар «қазы»дейді. Ол сөздің де негізінде «қаз» сөзі тұр. Тура жүретін, тіке айтатын, ешкімге бас имей әділ сөйлейтін қазақтың ұрпағы болу қандай бақыт?!
Қазіргі орыс халқының ішіндегі «казак» аталатын топтың да аты біздің осы «қазақ» сөзімізден тарайды. Олар да өздерін ешкімге бағынбайтын, еркін өмір сүретін халық санайды. Олардың арғы тегі – орыстанған түріктер, нақты айтқанда, қыпшақтар. Әбілғазы бабамыз солай дейді.
«Қаздиып отыр» («тік отыр»), «қаққан қазықтай» сөздерінің түбірінде де «қаз» сөзі жатыр. Шыңғыс хан заманында, яғни ХІІ-ғасырда бабаларымыз қазақ арба мінген. Ондай арбаның болғаны тарихта жазылып қалған. Қазақ шежіресі бойынша, арбаны алғаш жасағандар – қаңлы тайпасы. Арбаның дөңгелегінен шыққан дыбыс қаңқылға ұқсағандықтан, арбаның «қаңқылы», оны жасаған адамдарды «қаңлы» деп атаған.
Жер бетінде жүздеген ұлт пен халық өмір сүріп жатыр. Әрбірінің тілі де, мәдениеті мен салт-дәстүрі де алуан түрлі. Сол сияқты қазақтың да өзіне тән ұлттық ерекшеліктері бар, оның бәрін айтып та, жазып та тауысу оңай емес. Әйткенмен негізгілерін атай кету, әрине, артық болмайды.
Ұлттың өрісі
Халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін мемлекеттің заңы мен діни талаптар қалыптастырады.
Қазақ халқының ата-баба діні – тәңір діні. Көк тәңіріне табынған. Аспанды көк деп атаған, әлі де солай атайды. Орта ғасырда құрған мемлекетін «Көк түрік» деп атауы да тегін емес.
Ертеде бабаларымыздың өз жазуы болған. Оны ғалымдар «сына» немесе «таңба жазуы» деп атайды. Сақ, яғни Арыс бабамыздың дәуірінде де, үйсін кезінде де өз жазуымыз болған. Сол сына жазуымен батыр бабамыз Күлтегіннің басына қойған құлыптасқа Йолықтегін атты бабамыз тарихи жыр жазып қалдырған. Ол кез – сегізінші ғасыр. Тоғызыншы ғасырлардан бастап қазақ жеріне мұсылман діні тарай бастаған. Қашқарлық бабамыз Махмұт Қашғари ХІ-ғасырда «Түрік сөздігін» арап әрпімен жазды.
Қазіргі қазақтың көптеген әдет-ғұрпы осы екі діннің талап-тәртібі нәтижесінде алғаш қалыптасқан.
Әр мемлекеттің ішкі-сыртқы қызмет жүйесі сол мемлекеттің белгілі бір заңы арқылы басқарылады. Соның нәтижесінде де әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы қалыптасады. Сақ, құн, үйсін, қаңлы дәуіріндегі әдет-ғұрыптар әзірше терең де, таяз да зерттелмеген. 1155-жылы туып,1227-жылы дүниеден қайтқан Шыңғыс хан өз мемлекетінің басқару заңын «жосық» деп атаған. Қазіргі қазақтың «жосықсыз адам» деп тәртіпсіз, мәдениетсіз адамды; «жөн-жосықты білмейтін кісі» деп ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата бермейтін кісіні атайтыны – сол Шыңғыс хан заманынан қалған әдет.
Содан кейін қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» аталған заң болған. Қасым хан – Шыңғыс ханның ұрпағы, бейіті қазіргі Атырау облысында. Оның заңы – Шыңғыс ханның жосығын жаңғыртқан заң.
XVII-ғасырда «Есім ханның ескі жолы» аталған заң болды. Есім хан да Шыңғыс ханның ұрпағы. Оның да заңы Шыңғыс ханның жосығын өз заманына сай жаңғыртты.
XVIII-ғасырда әз Тәуке хан «Жеті жарғы» заңын шығарды. Тәуке – Есім ханның баласы. «Жеті жарғы» заңын жасауға қазақтың атақты үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке (Айтық) – қатысты деген ауызша дерек бар. Қожаберген жырау да үлес қосқан деседі.
Қазақстан Республикасының негізгі Ата заңы «Қазақстан Республикасының Конститутциясы» деп аталады. Ол заң қабылданған күн 30-тамыз жыл сайын айрықша атап өтіледі. Қай елде, қай мемлекетте болмасын, мемлекеттің заңын бұлжытпай орындау әрбір адамға міндет саналады. Мемлекеттің заңы – ханға да, қараға да бірдей міндет.
Халықтың табиғи мінез-құлқын білмей тұрып, ол халықты сыйлау да, сүю де мүмкін емес. Сондықтан әр ұрпақ халқының мінез-құлқын біліп өсіуге міндетті. Біздің мақсат – соған көмектесу. Сондықтан біздің адамды таныстыруымыз – бұрынғы қазақты бүгінгі қазаққа таныстыру.
Қазақтың ауызша тарихы саналатын шежіреге жүгінсек, қазіргі бүкіл қазақ Арыс бабамыздың үш ауылынан тарайды. Арыс бабамыздың шын аты – Анарыс. Ол біздің дәуірімізге дейінгі алтыншы-жетінші ғасырлардың бірінде өмір сүріпті. Сақ деген тайпа одағын басқарған ақсүйек әулетінен шығыпты. Оның шешесі, яғни біздің ұлы анамыз грек қызы болыпты. О кісі Анарысты еркелетіп «Арысым!» дейді екен, содан Анарыс бабамыз Арыс аталып кетіпті. Біздің бұл күнде айтып жүрген «арыстай азамат» деген сөзіміз – сол заманнан келе жатқан сөз, ол «үлкен», «зор» деген мағынаны білдіреді.
Арыс – өмірде болған тарихи тұлға. Оған дәлел – тарих атасы саналатын грек оқымыстысы Геродоттың жазып кеткен мағлұматы. Ол Анарысты Анахарсис деп жазады. Тегі сақ екенін, Грекияға олимпияданы көру үшін келіп, сонда ұзақ уақыт қалып қойғанын жазады. Ақсүйек әулетінен екенін, қазасы өз бауырының қолынан болғанын, грек елінде әйгілі жеті шешеннен кейінгі шешен болғанын баяндайды. Грек оқымыстылары мен пәлсәпәшілері бабамыз жайында жеті ғасыр бойы жазып тұрған. Одан бұрын Грекияға сақ елінен Тоқсары атты кісі келгенін, оның грек жерінде әйгілі емші болғанын, Анахарсис пен Тоқсаридтың туыс екенін солар жазып қалдырған. Арыс бабамыздың тапқыр, табан астында қиын сұраққа жауап қататын білгір болғанын гректің бірталай оқымыстысы сүйсіне жазған.
Ата тегі
Қазақтың шежіресі бойынша да Арыс бабамыз ел басқарған әулеттің, яғни сақ патшасының ақсүйек тұқымы болған. Шешесінің шет елдік екені айтылғанмен, грек екені шежіреде анық айтылмайды. Ілім-ғылым үйренем деп, шет елге туысқаны Тоқсары деген кісімен бірге кеткен деп айтылады Ата шежіреде. Шет елде үйренген ілім-білімін өз елінде жүзеге асырамын деп, өз бауырының қолынан қаза табады. Патша бауыры оның ол қылығын сатқындық деп түсінеді.
Арыстың алты ұлы болыпты. Екі үлкені Ақ пен Пан аталады, екеуін еншілеп «Үлкен ауыл», яғни «Ұлы йозы» атайды. «Йозы», «йазы», «йузі» сөздері айтыла келе «жүзі» болып өзгерген. Әр кезде әр нұсқада айтылған бұл сөздер бұрын «ауыл», «мекен» деген мағынаны білдірген. Ұйғыр халқы әлі күнге дейін ауылды «йазы» дейді. Үлкен ұлдың ауылын сол ұлдың атымен Ақ Арыстың ауылы деп атаған, сол кездің сөзімен айтқанда, «Үлкен йозы» немесе «Ұлы йозы». Келе-келе оны «Ұлы жүз» деп кеткенбіз. «Ақ Арыс» дегеніміз «Арыстың баласы – Ақ» дегенді білдірген. Қазір «Ақ Арыс – Ұлы жүз» дейміз, онымыз «Ақ Арыс – үлкен ауыл» деген сөз болып шығады. «Үлкен» дегенді бабаларымыз бұрын «Ұлы» деген.
Ақ пен Пан қыс ішінде жылқы күзетінде жүріп, Хантәңірінің түбінде үсіп өледі. Ағайынды екі бауыр өлген айды қазақтар «Екі ағайынды өлген ай» деп жүріп, «Екі ағайынды» атап кетеді. Келе-келе «Ақ пен Пан өлген ай» деп жүріп, ол ай «ақ+пан» – ақпан аталып бізге жетеді. Ақпан айы – қазір қыстың соңғы айы.
Арыстың өзара еншілес екі ортаншы баласы Жан және Бал аталған. Ортаншы екі ұлдың үлкені Жан болғандықтан, олардың ауылын «Жан Арыс ауылы», яғни «Орта жүз» немесе Ортаншы ұлдардың ауылы аталған, «Жан Арыс – орта жүз» дейтініміз содан қалған.
Екі кіші ұлды да бір-бірімен еншілес қылып, Бек пен кенже Болдың ауылын «Бек Арыс ауылы», яғни «Кіші ұлдардың ауылы» – Кіші жүз деп атаған.
Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз – үшеуі де Арыс бабамыздың алты ұлына қараған ұрпақтардың ауылы. Тарихта шығу тегі дәл мұндай анық, нақты айтылған халық әлемде тек қазақ қана. Ата шежіреде Арыстың ар жағындағы бабаларымыз да айтылады. Бірақ олар туралы Геродот секілді әйгілі тарихшылар жазба дерек қалдырмаған. Ауызша деректе азды-көпті ауытқу болуы мүмкін, ал хатқа түскен дерек – сенімді дерек. Қазақтың бүгінгі үш ауылы – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз – сол Арыстың ұрпақтары, яғни бүгінгі барша қазақ – осы үш ауылдың шаңырағына біткен бір ұлт. Ұлы жүзді жалпылай «үйсін» деп те атайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп бабаларымыз бекер ескертпеген, ол «Бәрің бір атаның баласысыңдар, бір-біріңнен бөлінбей өмір сүріңдер!» – дегені. Оны орындау – әр қазақтың қасиетті міндеті. Әйгілі ақын Мұқағали Мақатаев та:
Мен – Үйсінмін,
Қауға берсең, қауға бер,
Қан ағызып, үйренгем жоқ жаулап ел.
Дауы да жоқ, жауы да жоқ, тып-тыныш,
Бауырларым, біздің асқар тауға кел!
Мен – Үйсінмін,
Мал бақ десең, мал бағам,
Еш жамандық көргенім жоқ қауғадан.
Мен – Үйсінмін,
Ұлы жүзбін, ұлымын,
«Ұлымын» деп ұлыққа да бармағам.
Ортадан да, Кішіден де кішімін,
«Ұлымын» деп көрсетпеген қысымын.
Ел басына екіталай күн туса,
Екі інімнің найзасының ұшымын.
Мен – Үйсінмін.
Ұлы десең, ұлымын,
Кісіліктің, кішіліктің құлымын.
Бөлінбеген еншім даяр, екі інім,
Желпілдетіп жетіп келсе тұлымын, – дейді.
Бұл өлең – қазақтың бірлігіне ұран болатын өлең. Әлдекімдердің бауырлар арасына от тастап араздастыруына, ары тарт – бері тарт деп бөлінуіне қарсы жазылған өлең. Абай атамыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – десе, Мұқағали бүкіл қазақтың бір-біріне бауыр екенін жыр етеді.
Арыстың екі үлкен баласы өлген соң, төрт баласы қалмай ма? Міне сол кезде «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз дүниеге келген болу керек.
Халық арасында «Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой, Орта жүзді қамшы беріп, дауға қой. Кіші жүзді найза беріп, жауға қой!» деген мәтел сөз бар. Мұқағалидың өлеңі – сол мәтел сөздің тарихи мәнін ашатын өлең.
Қысқасы, қазақтың бүкіл тіршілігі «Бірлік барда – тірлік бар» дегенге саяды. Ұлттың бірлігі әр ұл-қызының бірлігінен құралады.
Болмысы
Әр адамның ғұмыры балалықтан басталады, сондықтан біз де әңгімемізді баладан бастаймыз.
Қазақ баласын еркелетіп ботақаным, құлыншағым, қошақаным, сары (қара, ақ) лағым деп өзі бағатын, өзін асырап келе жатқан төрт түлік малдың баласына теңеп жақсы көреді. Сонан соң барып күшігі Шыңғыс хан Түрген, Сөгеті тауларында аң аулап жүрген шағында оны керей ханы шабады. Екі жақ Іленің сол жақ жағалауында шайқасады. Керейлер жеңіліс табады. Сол ұрыстан кейін Шыңғыс хан баласы Үкітайды таба алмай қалады да, тау ішінде нөкерлерімен түнейді. Ертесі бір серігі жаралы Үкітайды мінгестіріп әкелгенін көргенде, Шыңғыс ханның көзінен жас шығып кетеді. Жұрт қатыгез санайтын әйгілі ханның бұл қылығы қазақтың балаға деген жандүниесін барынша жақсы көрсетеді: хан да, қара да балалы өмірді ең бақытты өмір санаған. «Жаным!» десең, жан семіреді», – дейді қазақ. Баласын «жаным» деген қазақ «сен менің бойымдағы жаныммен бірдейсің» деп жақсы көреді. «Айым, Күнім, Жарығым!» – дегені – жарық дүнием сенсің дегені. Сөздің ең асылын баласына арнаған қазақтай халық бар ма, жоқ па, – білмеймін. Маған жоқ сияқтанады. Айым, көгершінім, бөпем, алтыным, жарығым, сәулем, күнім, көкетайым деп, тағы басқа да түрлі-түрлі атпен ардақтайды. Халқымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Бала – адамның бауыр еті» десе, Абай атамыз: «Адамның бір қызығы – бала деген», – деп жырлаған.
Шыр етіп дүниеге келген баланың кіндігін, егер жаугершілік кез болмаса немесе айдалада басқа ешкім қасында болмаса, тек әйел адам ғана кеседі, оны «Кіндік шеше» деп құрметтейді. Әрбір қазақ баласы өз кіндік шешесін біліп өседі және өле-өлгенше сыйлап өтеді.
Жаңа туған балаға алғаш кигізген жейдені итжейде, ал үсті-басын ораған матаны жөргек деп атайды. Шыңғыс ханның екінші үлкен ұлы Жошы (Жолшы) жол үстінде дүниеге келгендіктен, оны қамырға орап жергөк еткен. Жеті күннің ішінде баланың азан шақырып атын қояды, шілдехана, яғни шілде тойын жасайды. Ал қырық күннен кейін нәрестені қырқынан шығарып, шашын, тырнағын алып, қырық қасық тұзды суға күміс салып шомылдырып, сол күні бесікке бөлейді. Ал баланың аяқ-қолын, үсті-басын орап ұстауды құндақтау дейді. Баланың бәрі, ұл-қызына қарамастан, шыр етіп жарық дүниеге келгенде қызыл шақа болады. Біздің бала-шаға деп жүргеніміз сол «шақа» сөзінің үндестік заңына сәйкес өзгеріп айтылуынан. Жаңа туған баланы «шарана» деп те жатады. Әрбір жаңа туған ұл-қыз перзент аталады, жөргөктен шыққанша нәресте, сонан соң бөпе, бүлдіршін, одан кейін бөбек, сәби саналады. Адамның еркек баласын ұл, ұрғашы баласын қыз дейді. Он үш пен он алты жас аралығында ұл – бозбала, қыз – қыз бала, он алтыдан кейін ұл – ержеткен, қыз – бойжеткен.
Қыз бала шашын қақ айырып өріп, ұшына әшекейлі шашбау тағады да, арқасына қоя береді. Ондай өрген шашты бұрым дейді. Қолаң шаш деген – ұзын шаш деген сөз. «Құралай көз, қолаң шаш, Сүйген сәулем Қарлығаш», – дейтін Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» атты әні бар. Жасының ұлғаюына қарай ер бала өсе келе жігіт атанады. Сол арада үйленеді. Қосағы бар жігіт жігіт ағасы, отағасы аталады. Одан ары орта жастағы адам, қарт кісі, егде адам, шал, қария, ақсақал деген атқа ие болады. Елдің сөзін сөйлеп, қамын жеп жүретін жігітті азамат деп, ал ақылгөй, елдің сөзұстары данагөй ақсақалды абыз деп бағалайды.
Жас мөлшеріне қарай күйеуге жаңа тиген әйелді келіншек, жас әйел, одан кейін орта жастағы әйел, сары қарын әйел, егде әйел, бәйбіше, кемпір, кейуана дейді. Бұрынғы кезде аталарымыз өз зайыбын «жұбайым» немесе «қатын» деген. Ол өте беделді сөз саналған. Тарихта жақсы әйелді «қатын атына ие болды» деп жазады.
Қазақ халқы адамның өмір жасын он екі жыл сайын бір белеске бөліп, оны мүшел деп атайды. Бірінші мүшел он үш жастан басталады. Он үш жасында ұл да, қыз да дене құрылысы мен жыныс жағынан да, ақыл-ойы жағынан да пісіп жетіледі. Сондықтан «Он үште отау иесі» деп есептейді. Бұрынғы кезде ата-бабамыз он үш жасында үйленіп, отау құратын болған. Мәселен, Шыңғыс хан он үш жасында Бөртеге үйленген. Он төрт жасында тұңғыш ұлын сүйген. Кейін ол ержету мен бойжету жасы он алты жасқа жетсе, кейінірек он сегізге тоқтаған. Осы күні он сегіз кәмелетке толған жас саналады. Жасы ұлғайса, ұлым үйленбей қала ма, қызым тұрмыс құрмай қала ма деп, «Тең теңімен, тезек қабымен» дегендей, әр ата-ана өзі деңгейлес жандармен құда болуға тырысқан.
Қазақ халқының басына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты зобалаң туған кезде, яғни он сегізінші ғасырда, он алты жастағы жігітті бес қаруын асындырып, жауға салтанатты түрде аттандырып салатын дәстүрі болған.
Он үштен кейінгі мүшел он екі жыл сайын айналып келіп отырады. Ал сол он екі жылдың реті мен аты мынандай: 1 – Тышқан жылы, 2 – Сиыр, 3 – Барыс, 4 – Қоян, 5 – Ұлу, 6 – Жылан, 7 – Жылқы, 8 – Қой, 9 – Мешін, 10 – Тауық, 11– Ит, 12 – Доңыз.
Егер бала тышқан жылы туса, келесі тышқан жылы ол он үшке толады. Бірінші мүшелдің он үш жаста болатыны содан. Он үш жасында, мәселен, 22-мамырда туған адам, сол күні мүшел жасқа кіреді де, келесі жылы он төртке толғанда, 22-мамырда мүшелден шығады, яғни мүшелге толады.
Қазақ күнтізбесі бойынша, әр жылда он екі ай бар, олар мыналар: наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Қазақ әр жаңа жылды наурыз айының 22-сінен бастайды. Сол күні басталған жыл келесі жылғы 22-наурызда бітеді. 22 – Наурыз ұлыстың ұлы күні саналады. Сол күні түн мен күннің ұзақтығы бірдей болып, екеуі теңеседі. «Нау» деген – «жаңа» дегенді білдіретін көне сөз, ал «рыз» деген – «ырыс», «ырыздық», «ырызық» сөзінің үндестік заңының ықпалымен өзгерген түрі. Сонда «Наурыз» сөзі «жаңа ырыс», «жаңа күн» дегенді білдіреді.
Көкек айын «сәуір» деп кеткеніміздің себебі кеңес заманында өтетін партия жиналысын «көкек пленумы» деуден қашу болды.
Екінші мүшел – жиырма бес жас. Жігіттік пен жастықтың ең жалындап тұрған шағы саналады. Жас жігіт жиырма беске толғанда ер жігіт екенін білдіріп, мұрт қояды. Жиырма бес жасты мадақтап жыр жазбаған ақын-жырау қазақта кемде-кем.
«Айхай, жиырма бес!» – деп, Жамбыл атамыз да 25-ті аңсап әнге қосқан. Зілғара Қаратоқаұлы атты сазгер әйгілі «Жиырма бес» әнін шығарған.
Баласы Қаратоқа Зілғара едім,
Алмаған әке тілін бір бала едім.
Кешегі жиырма бес қайтып келсе,
Төрт бұрышын дүниенің шырмар едім, – дейді ол. Бұл әнді Е. Брусиловский «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясы етіп пайдаланады.
Жалпы, қазақ ерте тұрмыс құрған қыз бен ерте үйленген жігітті жақсы көрген.
Үшінші мүшел – отыз жеті жас. Бұрын бұл жас орта жас саналған. Қазіргі күнде жігіт ағасының жасы саналады. Отыз жас, жалпы, орда бұзатын жас деп бағаланады.
Бұрынғылардың айтуынша, әрбір адам мүшел жасында әрнәрседен сақтанып, байқап жүруі тиіс. Себебі мүшел жасында адамның ішкі, сыртқы құрылыстарында өзгерістер болады, қаны жаңаланады. Мысалы, бала көтермей жүрген келіншек бала көтереді, сауыға алмай жүрген жігіт сауығып кетеді, ал егер сақтық жасалмаса, бәрі керісінше болып кетуі де мүмкін.
Төртінші мүшел – қырық тоғыз жас. Бұған адам аса үлкен дайындықпен келуі керек. Ерте қартаю, әртүрлі ауруға шалдығу осы мүшелден басталады. Бұл мүшелге толған адамға аса үлкен күтім қажет, мезгілсіз шау тартып қалмау үшін, еркек пен ұрғашы өз қамын өзі жасауы тиіс.
Бесінші мүшел – алпыс бір жас. Адамның ақылы әбден толысады, ой өрісі жететін жеріне жетеді. Өзі егде тартып, өзінен туған, өзінен өрбіген бала-шағаның қызығын көре бастайтын, адамның кемел шағы. «Балаңды ер жеткенше бағасың, немереңді өле-өлгенше бағасың» деген сөз бар қазақта. Бұл мүшел – немере бағатын, немеренің қызығын көретін жас. Бала-шағаның әке-шешесіне қарасатын кезі де осы кезден басталады.
Қазақ 63 жасты пайғамбар жасы дейді. Өйткені сүнит мұсылмандар ең соңғы пайғамбар санайтын Мұхамед пайғамбар осы жасында дүние салған.
Алтыншы мүшел – жетпіс үш жас. Мұны «Кәрілік мүшел» дейді. Біреу ерте, біреу кеш қартаяды дегенмен, жасы ұлғайған сайын адам бойында өзгеріс жасаруға емес, қартаюға бағытталады.
ХІХ-ғасырда өмір сүрген Қолан ақын деген кісінің «Әудем жер» атты әні бар.
Әудем жер жүре алмаймын аяғымнан,
Ұстаймын екі қолдап таяғымнан.
Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім,
Кәрілік, келіп қалдың қай жағымнан? – деп аңырайды сол жарықтық. Кәрілік келетін кезінде рұқсат сұрамай-ақ келе салады. Кәріліктен құтылатын жол жоқ, оны тек ұзартатын ғана жол бар, оның бастысы – ешкімге қиянат жасамай, жақсы өмір сүру.
Жетінші мүшел – сексен бес жас. Ол жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Біреуге арман болған, біреуге артта қалған жас.
Болғанда артым – жетпіс, алдым – сексен – депті Кәкітай ақын.
Қит етсе, «Кәкітай қылды» деуші едіңдер,
Ал мен кеттім, орныма егін ексең, – деген көрінеді. Өлгелі жатып олай деу, әрине, ерлік. Қазақ өлімнен қорықпаған, оған өзін дайындаған. Жасы келген адамдар: «А, құдай, бала-шағамның алдында ал!» – деп сыйынып отыратын болған. Сексенге келіп, селкілдеп жүретін де, секіріп жүретін де кісі көп. Тәніңді таза күтсең, жаныңды таза ұстасаң, сексеннен де секіріп өтесің.
Сегізінші мүшел – тоқсан жеті жас. Одан артық жасайтын жандар да болады. Дені сау адам – ұзақ жасайтын адам. Ұзақ жасау үшін, тек дененің саулығы емес, жанның саулығы да қажет. Жамбыл – Жәкеңнің «Тоқсан бес» аталатын әні бар.
Мен өзім тоқсан беске биыл келдім,
Өмірдің алуан-алуан сыйын көрдім.
Сәулетті Сталиннің заманында,
Келеді әлі талай жасай бергім, – дейді.
Демек заманның жақсылығы мен жайлылығы да адам өмірін ұзартады.
Тоқсан жеті жас, сірә, ең соңғы мүшел саналады. Себебі одан кейінгі мүшел жүз тоғыз жас болуы керек, бірақ ол мүшел жайында қазақта ешқандай әңгіме жоқ. Алайда қазақта жүзден асқан адамдар жайында азды-көпті әңгіме сақталған. Бұқар жырау бабамыз осы мүшелге жетіп қайтыс болған деген сөз бар. Сол рас та шығар. Өйткені тоқсаннан асқан кезінде де о кісі Абылайдың жорығына қатысып, жанында жүрген.
Ұзақ жасағанды кім ұнатпайды дейсің, қазақ та ұнатқан. Сәлем салған келіндеріне, қолына су құйған балаларға қарт кісілер: «Көп жаса, қарағым!» – деп бата береді. Алайда жасы келіп қалған, егде тартқан кісілер: «А, құдай, адал ақ өліміңді бер!» – деп тілеп отырады. Соған қарағанда, қазақ – бәріне, барға да, жоққа да шүкіршілік ете білетін халық. Өмірдің қызығына да, қиынына да көне білетін халық. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады», – деп, тойымсыз, шүкіршілік жасай білмейтін жандарды сөгіп отырады. «Барымен базар болып» отырғанды жақсы көреді.
«Ертеде Ұлықман хәкім деген адам мың жасаған екен», – деген әңгіме бар. «Апырмай, мың жасаған да адам болған екен-ау!? – деп, біреулер таң қалады. Сонда қарттар: «Жақсымен бас қосып сырласқан әр күнін бір жасқа санаған көрінеді», – деп жауап беретін. Соған қарағанда, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бекер айтылмаған.
«Ұлықман» деген «үлкен адам» дегенді білдірсе керек. «Ұлық» деген – «үлкен», «басшы» деген мағынаны білдірсе, «ман» деген «адам», «кісі» дегенді білдіреді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мәтел үлкен қызметке қолың жетсе де, кішіпейіл бол дегенді айтады.
Ұлықман емші, дәрі жасай білетін де адам болыпты. Өзі ұзақ жасаумен қатар өзгенің өмірін ұзартуға да көп үлес қосқан кісі болса керек. Түрікмен ақыны Мақтымқұлы:
Зұлқарнайдай алсаң да әлем қаласын,
Ұлықпандай тапсаң дерттің дауасын,
Сонда да бір жермен жексен боласың, – дейді. Демек туғаның, өмірге келгенің қалай хақ болса, түбі бір өлетінің де хақ. Пәни дүниеден бақи дүниеге бармайтын адам болмайды. Сондықтан бұл өмірде қанша жасасаң да, ешкімге қиянат жасамай, ешкімнің обалына қалмай өмір сүруден артық бақыт болмайды. Жақсы өмір сүру – білімді мен ақылдың ғана қолынан келетін бақыт.
Көзің қара ағаштың көміріндей,
Бойың түзу мылтықтың теміріндей,
Сеніменен өткізген жарты күнім
Жаманның өте шыққан өміріндей, – деп, жақсы адамды қазақ осылай бағалаған.
Алманың көгінен де ағы жақсы,
Жаманның барынан да жоғы жақсы.
Жаманға бір сөз айтсаң, қорс етеді,
Балқыған қорғасындай қайран жақсы, – деген де қара өлең бар. «Қорс етеді» дегені – қорс ететін хайуанмен бірдей дегені.
Өнердің бәрі – ән де, өлең де, әдебиет те, сурет те – жақсы адамды үлгі етеді.
«Ұлттың ұлы ұстазы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлы:
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған.
Дегендер: «Мен жақсымын» – толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған, – депті. О кісінің бағалауынша, ең үлкен жақсылық – ел үшін жасалған жақсылық.
Бұрын ерлі-зайыптылар қазақта ажыраспаған. Некені бұзу үлкен қылмыс саналған, ол тек әйелдің бөтен еркекпен төсектес болғаны дәлелденген жағдайда ғана жүзеге асып, еркек әйелді талақ ететін болған. Талақ ету – діни рәсім, мұсылман дінінің талабы. Ал халқымыз тәңірге табынған кезінде ажырасу жағдайы мүлдем тарихта кездеспейді. Өйткені еркек те, әйел де бала-шағасын тірі жетім етуді құдай-тәңір алдындағы ең үлкен күнә санаған. Бала-шағаны жетім ету оларды өлімге қиғанмен барабар саналған. Сондықтан соғыста өлген бауырларының бала-шағасы бағусыз қалмасын деп, тірі жүрген бауырлары олардың шешесін нәмеңгерлік жолмен өзіне әйел етіп алатын болған. «Нәменгерлік» сөзінің мәні «намы» дегеннен шығады. Жесір, яғни күйеусіз қалған әйел сол әулеттің намынан шықпай, өзі қалаған біреуіне тиюге тиіс болған. «Намынгер», «нәменгер» деп, тіліміздің үндестік заңына сәйкес құбылта жүріп, ақырында бұл сөз «әмеңгер» болып қалыптасқан.
Мысалға алсақ, інісі Оспан өлген соң, алдында ағасы Тәңірберген тұрса да, Абай келіні Еркежанға оның өз қалауы бойынша үйленген. Жесір әйелге: «Өз жаныңды өзің бақ», – деу қазақ үшін өте ауыр қиянат, әрі обал, әрі адамгершілікке жат әрекет саналған. Әмеңгерліктің мәні – әйелге қамқорлық әрі ұрпақты бағу-қағусыз қалдырмау.
(Жалғасы келесі санда)
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ





