БОЛМАҒАНМЕН ӨҢІМДЕ, ЖОҒАЛМАШЫ ТҮСІМНЕН…

(«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында
жарық көрген «Түсіме салынған үй» поэзиялық кітабынан үзінді)

ИМАНТАУ КӨЛІ

Бір қарасаң жылап тұрған,
бір қарасаң күле қалады
Имантаудың* ортасы – жүрек аралы.

Аралары көп елесті алып ұшқан,
Пайда болған
жер ме екен ғашықтардың
Ішіндегі әлдебір жарылыстан.

Имантаудың жан-жағы орман дейді,
Қасіретінен құс ақсақ болған дейді

Орман іші көп жүрер жаралы елес,
Көл ортасында орын бар –
маған емес.

Су ұқсайды сұлудың күлкісіне,
Топырақ кіріп суыйды құрт ішіне.

Адамзаттың алғашқы армандары,
Мына арал алдымен жұмақ болған,
Содан кейін қалғандары.

Қалың ұйқы есінер кәрі ағаштан
Қарағаштан қаншама жалаңаш тән

Суға қарай жүгіріп түскен сынды,
Түскен сынды бір бұғы ішкен суды
Ішті бұғы суда тұрған өз бейнесін,
Бірде жүрек, ал бірде көз кейде – су.

Рудакидың бір жырын оқымаған,
Өлең жазып жүр дейді соқыр адам.

Әкетіп өзге әлемдік кезге сені,
Сен емес, ол сенімен кездеседі.

Келген түрің білмеймін
кімге қалай, –
Қайтып бара жатады үйге қарай.

Өзіме солай бір сырды
ашып қалдым,
Қай жерде аяқталды басталмастан
Дастаны ғашықтардың?

Мына жер шыныменен
бар ма жоқ па?
Дейді жұрт бір кездері
тамған көп қан

Сол қаннан көл жағалай өскен жидек,
Көз жасынан бұл арал
көшкен Үй боп,

Көрген түстен күн сайын
ұзын болдық
Келмек ойдан келесі бұрын қондық,
Имантау Айыртауда сұлу өзен,
Су бетіне салынған сұлу қорлық!
Аралы!

* * *
Сен мені атам мен әжеме туа сап
берсең де,
мен сені ұзақ тастап
кете алмадым,
жүрдек пойыздай.

белгісіз бекеттен
қозғалып болмайтын,
түсі жоқ үзілісті арамыздағы
өрмекші торлаған
үнсіздікке жалғап,
ол торға.

саған айта алмаған
сөздерім шырмалған.
қозғалыс сүйетін көзқарасым
саған келгенде сараң,
менің қазір құдай берген.

үш қызым бар,
төртіншісі боласың ба Анам?
(Жарым да бар ғой,
балаңа айналса ол жаман.)
қасымда болшы
қызғанса да Ата-енең,
сені қорғай алсам ғой.

сүреңсіздеу өмірден,
қатыгездеу әкеден.
шошып оянып
сені іздегенде
өлілер қолдаған,
содан бері
мен өлгендердің.

тірі жалғасымын,
жантәсілімдегі соңғы сәтімін.
көп сәтің есімде болмаса да
келмейді ұмытқым,
жансыз жиһаздар ғана.

емдейді адамның
жанды жарасын,
…түсімде.
сенің шын екеніңді білу үшін.
бетіңнен сүйем деп,
естелігіңді сүйіп тұрыппын ғой, Анашым.
өзіңді тапқан тұманда,
өзіңді жоғалттым.

болмағанмен өңімде,
жоғалмашы түсімнен,
сені жинап алғым келеді
балалық шағымдағы.

ойыншық толы себеттің ішінен.
мен сені түсінем.
түсінгіш келеді ғой
мұңы бар жан,
сен қасымда болмаған күннен бері
өзімді ішімнен іліп алғам.

* * *
Алтыным,
Шығарып қап-қара тірліктің
ағарған сүйегін,
Ішімдегіні түсінбеген сайын
мен сенің ішіңнен сүйемін.

Әлі де келеді арқама көтергім,
Сен бақыттан айқайлаған кезде
Жаныңда тұрып қасыңда
болмаған екенмін.

Қуаныш жасайын жаныңа,
қанымнан
Тәнің – жалғыз үйім ғой
көзіме салынған.

Есігі табылмас түстерде адасып,
айналдым жындыға
Есімің – өзімді-өзіме
қайтарар бір дұға.

Шырағым,
Сені сүйетініме өзім куәмін.
Бақыт мойынын
кездейсоқ бұрған кезде
Жарқырып сенің
көздерің тұрады.

Өзімнен ұшамын,
құшағыңа құлаймын,
Жай ғана сен сүйген
құдаймын.

Тек сені үнемі
қасыма ертейін,
Таңның ақ шапағын
шашыңа өртейін,
Тұру үшін тек
мәңгі қара боп,
Сенің есіміңмен атауға
лайықты қала жоқ.

Білдің бе,
Босатпай қойғанда мұң мүлде,
Сені ренжітіп алған сайын
түнімен түсімде
ағып шығады
мұрыны кесілген бір мүрде.

Ұйқы Мұхитына
жіберіп құм толы бір кеме,
Өлсем өлейін өзіңмен бірге мен.

Бола ма, айтуға?
Енді ешқайда ешқашан
кетпеймін жай,
тура келмес үшін
ешқашан ешқайдан қайтуға.

Енді мен,
Өзімді өзіңе сөндірем.

Ұғыншы,
Сезіміңе ең алғашқы
соңғы боп келсем де,
«Мен сені сүйем» деп
айтамын бірінші.

* * *
Көше басындағы алғашқы бұрылыс
Әлдебіреудің күзгі
жөтеліне ұласады, –
Сары түске шалынып құлас күз.

Келгенін білмей қалған неге ертерек,
Қыркүйек жылытады өзін-өзі
Менен құлаған қысқа көлеңкеге.
Жалыныма өртеніп ұмытардай,
Мен отырмын сөзімді суыта алмай.

Күз менің алтын тісті ақымағым, –
Аспанды алмастыра
салатын жапырағы.

ЕШТЕҢЕ
Бесін-ді.
Әлдебір көшелердің
қиылысындағы
арзан кафеде отырсыз.
Бағдаршам салтанатты түрде
«қызылды-жасылды»
көздерін жағады.
Сіз ештеңені көрмейсіз.

Соқырсыз
Даяшының сізге әкелген тамағы –
Сіздің Францияда
отырмағаныңызды білдіреді.

Болашаққа деген сағынышты
көп сақтайды жады…
Есепшот еріксіз күлдіреді.

Бұл жердің
Лондон емес екенін
мәлімдейді тағы
Сол жағыңызда
минстрліктер үйі,
оң жағыңызда ұлттық музей.

Немесе керісінше.
Бәрібір түкте өзгермейтін
бақыт –
Қиялыңызбен ойыңыздың
Өрісінше.

Төңкеріс жасауға
ең қолайлы уақыт.
Шексіздікке жұтылған
көшелер, адамдар
Өзінен безінген.

Болашақты ойлауға да
миыңыз бата алады.
Сіздің бойыңыздан бұрыннан
геометрияға деген әлсіздік сезілген

Ол –
«Жалғыздық»
деп аталады.
Оқу да жоқ,
жұмыста жоқ
біз бе дейсіз,
Енді қайтіп өмір сүрдік
ботам-ай?..

Жоқ,
сіз осы жолы ешкімді
іздемейсіз, –
Өйткені
тірі жандардан гөрі,
елестер мен арxитектураны
шақыру оп-оңай –
Миыңызда.

Әділет
ШОПЕН




ПІКІР ЖАЗУ