«Ферзь» (2 актілі пьеса)
Кейіпкерлер:
Алдаш Махатович
Дәмеш – Алдаштың әйелі
Арлан – Алдаштың көмекшісі
Қорлан – Алдаштың қызы
Лиза – Дәмештің құрбысы
Ермек – Алдаштың досы.
Бәтима – Арланның шешесі
Серік – Арланның немере ағасы
І бөлім
1-көрініс
Қымбат жиһаз бен техникаға толы үйдің іші. Оң жақтағы диванда халат киген Дәмеш пен құрбысы әңгімелесіп отыр. Ортада үлкен плазмалық телевизор тұр. Содан әрі, сахнаның тереңінде екі ер кісі шағын журнал столының екі жағында отырып шахмат ойының қызығына батқан.
Лиза: – Әй, Дәмеш, қалай десе де сен бақыттысың ғой. Мынадай кең сарайдай үйің бар. Не ішем, не кием демейсің. Шалың бар тапқанын алдыңа әкеп тосып отыр.
Дәмеш: – Ой, Лиза (қолын бір сілтеді, Дәмеш құрбысының айтқаны көңіліне жағып тұрса да өтірік тыржиып. Содан соң ерлері естімесін дегендей даусын бәсеңдетіп сөйледі) Осының бәрі оңай тиді дейсің бе маған? Есіңе түсірші Алдаштың маған үйленейік деп сөз айтқан кезін. Бірге ЖенПИ-де оқып, бір бөлмеде тұрушы едік қой сонда. Есіңде ме, бөлмеге келгенде ескі, жамау-жамау шұлығын жасырып тұрушы еді сүмірейіп, не айтып, не қойғанын білмей? Мен ғой соны адам қылған. О-ой, қанша тер төктім десеңші?! Кіммен қалай сөйлесу керектігін, кіммен дос болып, кімнен алшақ жүру қажеттігін мен емес пе сол байғұсқа үйреткен?! Мен болмасам жүрер еді қазір көптің бірі болып.
Лиза: – Оның рас. Тіпті киноға шақыруға ақшасы жетпей, жатақхананы айналып, сағаттап кезіп жүруші едіңдер ғой екеуің қол ұстасып. «Осыны да жігітім бар деп жүр ғой», – деп қыздармен күлуші едік. Сөйтсек нағыз сары алтынның кенін сен тапқан екенсің. Ха-ха-ха (екеуі жарысып күлді.)
Дәмеш: – Әй, сен де құр алақан емессің ғой. Анау шалың білдей бір мекеменің басшысы болды. Не өкпең бар құдайға? (шахмат ойнап отырғандарға басымен меңзеп сөйлейді).
Лиза: – Оның ол жерге басшы болғаны кеше ғана емес пе. Сенің Алдашың болса, осы уақытқа дейін бірнеше жерде бастық болып үлгерді ғой.
Дәмеш: – Ничего. Сенің Ермегің де осы алған бетінен қайтпаса, талай төбеден көрінері анық. Бастысы – біздің қатарға қосылдыңдар ғой. Енді осындай ортаға үйренісе бер. Қалғаны орын-орнымен келе береді. Үй-жай, машина дегеннің неше түрін ауыстырасың әлі.
Осы кезде Алдаш: – Ал мынау шах және мат, – деді де орнынан түрегелді. Ізінен іле-шала Ермек те орнынан тұрды.
Алдаш: – Оу, қыздар, бізге шәй бермейсіңдер ме? Біз болдық, – деп дивандағы Дәмеш пен Лизаға қарап сөйледі. Содан соң жанындағы Ермекке: – Солай, Ереке, бұл ойынның сен меңгеретін қыр-сыры көп әлі. Тұнып тұрған тактика мен стратегия ғой бұл шахмат дегенің, тура өмірдегідей. Әрбір адымыңды аңдап баспасаң әп-сәтте жеңілесің де қаласың, – деді маңғаздана.
Ермек: – Ия, сіздей ойнау қайда бізге?! Дегенмен, жаңағы жерде менің пешкам аяғына дейін жетіп, ферзіге айналғанда, ойын басқаша болар ма еді, кім білсін?..
Алдаш: – О-о, оған сөз бар ма?! Сол сенің пешкаңды ферзіге шығармас үшін бақандай екі фигурамды құрбан еткен жоқпын ба?! Оған мен өлсем де жол бермес едім ғой. Өйткені, ондай жағдайда бүкіл ойын системасы бұзылады. Ойын тақтасында әр фигура өз қызметін атқарғаны дұрыс. Ал егерде кез келген пешка ферзя бола берсе не болмақ? Онда бүкіл стратегияң әдірам қалмай ма?! Ойын мүлде өзгеріп, әп-сәтте ұтылып қалуың ғажап емес.
Дәмеш: – Ау, отағасы, болдық деп едіңдер, әлі жалғастырып жатқан сияқтысыңдар ғой өзі. Болды, кәнекей, отырыңдар стол басына, шәй қайнап тұр.
Бәрі столға жақындап жайғаса бастағанда сыртқы есіктің қоңырауы естілді.
Алдаш: – Әп, бәрекелді. Қорлаш шығар келген институттан, – деп орнынан тұрды да, барып есікті ашты.
Қорлан: – Сәлем, папа, – деп бетінен сүйді де, ішке кірді. Қонақтарға да амандасып дастархан басына отырды. – О-о, менің сүйікті тортым ғой мынау. Маған да салып беріңдерші. Күні бойы институтта нәр татқан жоқпын, – деп құмарлана торт жеуге кірісіп кетті.
Қорланның ізінше үйге Алдаштың көмекшісі Арлан кірді. Үй иесімен де, қонақтармен де сыпайы амандасып, – Алдаш Махатович, міне, мынау – бағана сұратқан қағаздарыңыз, – деп қағаз салынған папканы Алдашқа ұсынды.
Алдаш: – А, иә-иә. Дұрыс болған. Ертеңгі жиналыста сөйлейтін сөздерім еді ғой. Үйде отырып бір пысықтап алайын деп едім, – деп папканы босағадағы аяқ киім қоятын сөреге тастай салды. – Қорлашты да сен алып келдің бе?
Арлан: – Иә, жолай болған соң соға кеткен едім институтына.
Алдаш: – Жарайсың, батыр. Олай болса бүгінге боссың. Қайта бер, – деп қош айтыса беріп еді,
Қорлан: – Папа, осы сен неге Арланды ешқашан дастарханға шақырмайсың? – демесі бар ма. Әкесі қызының аяқ астынан қойған сұрағына не деп жауап берерін білмей мүдіріп қалды.
Алдаш: – Білмеймін… Басқа шаруалары болмаса… – деді сөзінің аяғын жұтып. Стол басында бір сәт үнсіздік орнады. Ыңғайсыз жағдайды Арланның өзі реттеп жіберді.
Арлан: – Жо-жоқ, менің әлі де біраз шаруаларым бар, – деп шығып кетті. Артынан есікті іліп алған Алдаш дастархан басына қайта оралды. – Көмекшім ғой, қағаздарымды әкеп берген. Жақсы бала өзі. Төрт жыл болды жанымда жүргеніне. Бір көңіл қалдырған кезі болған жоқ. Жұмысына да ұқыпты, басқа да шаруаларды орындауға епті.
Ермек: – Ия, ондай көмекші табу қиын қазір. Өңшең бір шала-пұла, алаңғасар бірдемелер көбіне. Ал мықты, тиянақты көмекші біздің жұмыста керек-ақ.
Алдаш: – Айтпа деймін. Өзім де осы баланы тапқаныма қатты риза болып жүрмін. Тіпті бар ғой, өз баламдай болып кетті қазір. Әттең, құдай Қорлаштан басқа бала бермеді ғой. Қайтейін. Әйтпесе ұлым осындай болса арман болмас еді ғой.
Қорлан: – Олай болса. папа, бала қылып алмаймыз ба Арланды?
Алдаш: – Әй, қызым-ай. Арлан асырап алатын жастан әлдеқашан шығып кеткен. Тіпті өзі де отау тігіп, балалы болатын жасқа жетті емес пе?! Осы бала үйленем десе бар ғой, тойын өзім жасап беремін.
Дәмеш: – Өйдөйт деген! Өз қызыңның тойын жасап ал бірінші. Сосынғысын сосын көре жатарсың.
Ермек: – Е-е, несі бар? Адал көмекші қазір дефицит. Рас, сондай жақсы болса, көмектескен де жөн балаға.
Алдаш: – Жоқ, рас, Ермек. Бұл баланың жалғыз шешесі ғана бар. Оның өзі де жұмыссыз-ау деймін. Осы Арлан қашан көрсем де бір костюм-шалбармен жүргені. Соған қарағанда тіптен жағдайлары жоқ сияқты. Сен былай қылшы, Дәмеш, – деп әйеліне бұрылды, – ертең анау шкафтағы менің ескі костюмдерімді шығарып қой. Келесі келгенде беріп жіберейін жаңағы балаға.
Дәмеш: – Әй, сенің костюмдеріңнің бәрі шетінен итальянский емес пе? Әрқайсысы кемінде 3-4 мың доллар тұрады. Ол не жомарттық сенікі.
Алдаш: – Ештеңе етпес. Мен оларды бәрі бір кимеймін енді. Сыймайды. Өткен жылдан бері біршама қоң жинап, толып кетіппін, – деп кеңкілдеп күлді қарнын сипалап.
Дәмеш: – Алдаштікі осы, әнекей. Көрінген жарлы-жақыбайға көмектеседі де жүреді.
Алдаш: – Ол көрінген біреу емес. Менің көмекшім. Әрі-беріден соң менің өзім ғана емес, көмекшім де шыттай болып киініп жүруі тиіс. Көрген жұрт «анау Алдаш Махатовичтің көмекшісі» деп сынамай ма?
Лиза: – Ой, Алдаш Махатович, сіздей қамқор басшысы бар ол бала да бақытты ғой, бақытты!
Ермек: – Ал, Әлеке, рұхсат болса біз тұрайық енді. Уақыт та біраз болып қалды. Ертең жұмыс дегендей, – деп орнынан түрегелуге ыңғайланды.
Алдаш: – Олай болса, мен сендерді шығарып салайын, таза ауа жұтып сергімесек болмас, жаңағы етке әбден тойып алып едім. Шамалы жүріп тоқтық басып алмасам, ұйықтай алмаспын тіпті. Ал, жүріңдер, – деп қонақтарды ертіп шығып кетті.
Дәмеш дастархан жинауға кірісті. Стол басында әлі отырған Қорлан шешесінің қимылдарына қарап отырады да бір кезде:
Қорлан: – Мама, мен тұрмысқа шығамын, – деп қойып қалады.
Дәмеш: – Не?… Қалайша?… Қашан?… – деп састы шешесі.
Қорлан: – «Что? Где? Когда?» хабарының знатогіне ұқсап кеттің ғой, мама.
Шешесі қызының жанындағы орындыққа тізе бүкті.
Дәмеш: – Кімге, Қорлаша? Дұрыстап айтып түсіндірмесең, мына шешең алжып қалар аяқ астында, – деп сұрайды сасқан күймен.
Қорлан: – Арланға.
Дәмеш: – Тұра тұр, не боп кетті өзі? Ол кім Арлан деген?
Қорлан: – Мам, саған не болған өзі, ойлау қабілетінен қалғансың ба? Кәдімгі өзіміздің Арлан. Папаның көмекшісі.
Дәмеш: – Қызым-ау, ол… Онымен қашан ым-жымдарың жарасып жүр? Мен ондайыңды байқамаған сияқты едім ғой…
Қорлан: – Ой, Мама, «көрмес түйені де көрмес» деуші еді, сен нені байқаушы едің?! Өмірі сән салоны мен подружкаларыңнан қолың босамайды. Қашан көрсең телефонды құлағыңа қыстырып, тырнағыңды егеуден шаршамайсың.
Дәмеш: – Әй, не деп тұрсың сен өзі? Сонда сені бағып-қағып өсірген кім екен?
Қорлан: – Марқұм әжем, кейін – Асыл тәтем. Әйтеуір сен емес, – деді де, қызы орнынан шалт тұрып, өз бөлмесіне кетіп қалды.
Сәл абдырап қалған Дәмеш айналасына көз жүгіртті, иегімен қызы кеткен жақты меңзеп:
Дәмеш: – Көрдің бе қазіргі жастарды… Әке, шеше дегенді сыйлауды да білмейді бұлар.
Осы сәтте қонақтарын шығарып салған Алдаш та кірді үйге. Көңіл-күйі көтеріңкі.
Алдаш: – Иә, қалайсыңдар? – деді аяқ киімін шешіп жатып. Бұл сұрағына ешкім жауап бере қоймады. Жауапты күткен бұл да жоқ. Әншейіндегі үйге кіргендегі амансыңдар ма дегенді білдіретін сұрағы еді. Костюмін киім ілгішке іліп, өзі диванға жайғасты. – Вот… Қонақ деп осыны айт. Әңгімеміз де жарасты Ерекеңмен, отырыс та дұрыс болды. Араласатын орта, дәреже бір болған соң солай болады ғой өзі. Ертең, бетін әрмен қылсын әрине, қиын жағдай туып жатса, көмектесуге де жарайтын жігіт. Сондықтан осындай адамдармен ғана араласып тұру керек. Ал анау жолғы Хадиша сықылды аннан қашқан, мыннан қашқаныңды үйге ертіп келгеніңді қой енді, – деп, Алдаш әйеліне бір жағынан ақыл айтқандай, екінші жағынан кейігендей сыңай танытты.
Дәмеш: – Ау, бір класта оқыған құрбым емес пе?! Үй көрсетпеймін бе? Не болды сонша?
Алдаш: – Әй, соны ғой сен 25 жыл көрген жоқсың. Іздеген де жоқсың. Оның да сені қажет қылғаны шамалы. Енді мен осындай қызметке тағайындалғанда іздеп тауып келіп отыр. Сол жәйдан-жәй деп пе едің?.. Көр де тұр. Ертең-ақ бір бұйымтай айтып келеді. Болмаса қарызға ақша сұрайды.
Дәмеш: – Сұраса ше? Құдайға шүкір кедей емеспіз.
Алдаш: – Дұрыс айтасың. Кедей емеспіз. Дәрежеміз де баршылық. Сондықтан да кім болса сонымен араласуыңды қой. Адам дегенді таңдай білу керек қой.
Дәмеш: – Алдаш, сен менің құрбыларыма тиіспестен бұрын өзіңе қарап ал әуелі…
Алдаш: – Иә, мен не істеппін сонша? – деп, әйеліне қарамастан мойнындағы галстугін шеше бастады.
Дәмеш: – Не істемедің? Анау көмекшіңе ие болмайсың ба?! Біздің қыздың басын айналдырып алыпты. Жаңа «Арлан екеуміз үйленеміз» деп мені шалқамнан түсіре жаздап кетті қызың.
Алдаш: – Не? Не дейді?… Қалай сонда? Әзілің бе, шының ба?
Дәмеш: – Қайдағы әзіл? Әне, бөлмесінде – қызың. Сенбесең сұра өзінен.
Алдаш: – Тұра тұр… Сонда олар не, бұрыннан сөз байласқан ба екен?
Дәмеш: – Көмекші сенікі емес пе? Көз алдыңда жүрген ол оңбағанның не істеп жүргенін сен білмесең, мен қайдан білейін?
Алдаш: аң-таң күйде қолындағы жаңа ғана шешкен галстугімен маңдайын сүртті: – Әй, ол сүмелекті мен ғой, «әкесіз өскен жетімек» деп аяп жұмысқа алдым. Адам қатарына қостым. Жанымда болсын деп көрші үйден шешесі екеуіне бір бөлмелі пәтер алып бердім. Ал оның істеп жүргенін қара. Асырап отырған қолды тістейін деген екен, оңбаған. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы да. Бергенді азсынып, босағадан төріме секірейін деген екен, күшік. Күйеу бала болам деген ойы бар де. Көрсетейін мен оған туысқандықты. (Алдаш орнынан сілкіне түрегеледі де шығып кетеді).
2-көрініс
Жасауы жұпыны 1 бөлмелі пәтердің іші. Қабырғадағы кілем де, жиһаз да тозған. Жиһаз дейтіндей көп дүние де жоқ. Бір көне шкаф пен бетіне ескі клеенка жайылған стол, екі-үш орындық. Ескі диван мен телевизор. Бар мүлік осы ғана. Теледидардан түрік сериалдарының кезекті сериясын көріп болып Арланның шешесі орнынан тұрды.
Арланның шешесі – Бәтима: – «117-бөлімнің соңы» дейді. Қаншасы қалды екен өзі? Жаңағы Ильхам анау Хюремнің арбауына алданып қалмаса игі еді. Онда Зухраның да сорлап қалатыны анық, – деп сериалдағы кейіпкерлерге жаны ашып сөйлеп отыр. – Қой, менікі не отырыс? Баламның да келетін уақыты болып қалды, шәй қойып, ас дайындайын. (Бәтима газ плитаға беттей бергенде есіктің қоңырауы шырылдайды) – Е-е, әнекей өзі де келді.
(Барып есікті ашса, марқұм күйеуінің немере інісі Серік екен).
Серік: – Ау, жеңеше, қалайсыздар, амансыздар ма? – деп ішке кіргенмен, теріс бұрылып есіктің ар жағына қарайлай берді. – Мына подъездеріңізде жарық жоқ қой. Баспалдақта аяғымды қайырып ала жаздадым. Өткенде келгенде де болмап еді. Әлі сол тастай қараңғы күйінде. Әй, КСК-ларың да оңбайды ғой, оңбайды. Осыларды кім ойлап тапты өзі. Бір мекеменің үстіне бір мекемені мінгестіреді де жатады, содан бітіп жатқан шаруа шамалы. Ақшаны жинайды да, түк бітірмейді. Құдайдың арзан бір шамын бұрап қоюға болады ғой.
Бәтима: – Қайтесің соларды, Серік-ау, кел, төрлет. Иә, жай жүрсің бе, не жаңалық?
Серік: – Не жаңалық болушы еді. Аманшылық. Өздерің ше? Арлан қайда, жұмыстан келген жоқ па әлі?
Бәтима: – Келетін уақыты болды. Көп кідіре қоймас.
Серік: Менің білейін дегенім… – деп сәл ыңғайсыздана сөйледі, – Сен оған анау жолғы менің шаруамды айттың ба? Өзің түсінесің ғой, мен өзім үлкен басыммен баланың алдында кішіреймей-ақ қойсам ба деп едім… Оның үстіне сенің сөзің өтімділеу болар деп едім…
Бәтима: – Айтуын айттым ғой, тек… тек әзірге жұмыстың реті болмай тұр дегендей болды. Бәтима қипақтап қалды. Артынша асығыс сөзін жалғады. – Бірақ, «мүмкіндігінше көмектесуге тырысамын» деп уәде берді.
Серік: – Е-е, бәсе, сүйтсінші. Анау-мынау емес, АЛДАШ МАХАТОВИЧТІҢ көмекшісі емес пе?! Ол дегенің оңай қызмет емес.
Бәтима: – Иә, оңай тиіп жүрген жоқ. Қатты шаршап жүр өзі. Қазір келе қалса, сен мазасын ала берме оның, жарай ма? Кейін тағы бір реті келгенде есіне салармын бұйымтайыңды.
Серік: – О не дегенің… Айттым ғой, мен үлкен басыммен оған жағдай айтып отырмаймын. Айтсам, жеңгем деп саған айтам.
Есік ашылып, ішке Арлан кірді. Портфелін кіре берістегі орындыққа тастай салды да, жоғары шығып үйдегілермен амандасты.
Арлан: – Амансыз ба, мама? О-о, ізін суытпай көкеміз де келіп қалыпты ғой, – деді немере ағасына кекесінмен. – Сағындыртпайсыз, әйтеуір. Амансыз ба?! – деп онымен де амандасты немқұрайлы. Сосын столдан бір бауырсақ алып аузына зытырып жіберді де, шешесіне қарап, – Жүзіңіз сынық ғой, бір жеріңіз ауырып тұр ма?
Бәтима: – Бүгін ауа райы бір түрлі боп тұр ма қалай өзі, күні бойы басым сырқырап жүр.
Серік: – Иә, жеңгей, менің де басым таңертеңнен сынып тұр. Қан қысымым тарылып тұр-ау деймін, – деп алақанымен маңдайын ұстады. – Бәрі сол үкіметтің кесірі. «Экономика, экономика» деп экологияны тіпті ойлаудан қалды. Қалаң да, далаң да көк түтінге айналып болды. Кеудені керіп дем алу мүмкін емес тіпті. Бәрін жүйелі ойлау керек қой. Есептеп, өлшеп дегендей. Жоқ, бір нәрсені дұрыстай алмай жатып, екінші жағын құртып жатыр. Вот, біздің кезімізде…
Арлан: – Басталды…
Бәтима: – Әй, Серік-ай, сенің-ақ ел-жұртқа артар кінәң таусылмайды екен.
Серік: – Несі бар? Біздер кезінде алдымен жұмысты ойлайтынбыз. Ал қазір ше? Командамен жұмыс істеу деген желеумен өңшең туыстарын жинап алған бәрі, сыбайлас жемқорлық деген сол, әнекей. Сол жемқорлықпен шындап күресер болса, алдымен таныс-тамырлықты жою керек.
Арлан: – Сонда мамамды ортаға салып, «жұмыс тауып берсін» деп жүргеніңіз ше? Ертең реті келіп, орын тауып берсем, оны қалай атаймыз, аға?
Серік: – Ол – басқа нәрсе… – деп мүдіріп қалды, – Ол басқа. Менің қолымнан шаруа келеді. Мен… мен дегенің кез келген жұмысты жандырып жіберем.
Арлан: – Ия, – деді кекесінмен – Жандырамын деп өртеп жібермесеңіз болғаны.
Серік: – Керек десең, мен кез келген қазіргі топ менеджерлеріңнен артық жұмыс істей аламын, білдің бе?!
Арлан: – Сонда басқалардың туысқанын жұмысқа алғаны – сыбайлас жемқорлық та, менің сізді орналастырғаным – кадр мәселесін күшейткен болып есептеледі екен ғой.
Серік: – Айналайын, Арлан, сен түсін, олар, – деп бас бармағымен артындағы біреулерді нұсқағандай көрсетті, – олар, – деді даусын бәсеңдетіп, – түкті де білмейтін аннан қашқан, мыннан қашқандарды жинап жүрген жоқ па? Ал мен көпті көргенмін. Біраз нәрсені білем. Саған да қолқабыс болам.
Арлан: – Ал өзіңіз қай саланы қалар едіңіз, соны айтыңызшы?
Серік: – Кез келген салаға бейімделе берем. Тек баратын жерді айтсаң болды.
Арлан сәл үнсіз отырды: – Сәке, ұлылардың біреуі айтқан екен «бәрін білем деген адам түк те білмейді», – деп. Сіз соның кері болып тұрсыз ба деймін.
Бәтима: ұлының тым қатты айтқанын сезіп араларына килікті. –Болар енді, қоя қойыңдар. Жүріңдер, шәй ішейік.
Үшеуі стол басына отырды да, Бәтима шәй құюға кірісті.
Арлан: – Айтпақшы, мама, көкемізді көріп есімнен танып қалып, басты жаңалықты айтпаппын ғой саған. Сәкеңнің де келіп қалғаны жақсы болды. Құдалыққа дайындала берсеңдер болады.
Бәтима: – Не дейді? Рас па? Құдайым-ау, бұл сөзді де еститін күн бар екен-ау. Шүкір, шүкір, мың да бір шүкір Аллаға!
Серік: – Бәрекелді… Жарайсың, азамат! Бұл бір жақсы жаңалық қой. Әкең марқұм, менің ағам ести алмай кетті-ау осы бір сөзіңді. Арлан-ау, төбеден жай түсіргендей қылдың ғой. Ал, айтсаңшы енді, келін бала кім, қай жақтың баласы?
Бәтима: – Рас-ау, есімнен танып қалыппын ғой тіптен. Аты кім? Әке-шешесі кім?
Арлан: – Аты – Қорлан. Ал әкесі.., – деп сәл кідіре қуланып, – әкесі –Алдаш Махатович!
Бәтима: – Астапыралла! – деп екі қолын кеудесіне қысты.
Серік: – Әп, бәрекелде! – деді де, столды алақанымен тарс еткізді. – Жарадың, бала! Тура тоты құсты түсірген екенсің торға. Оны қалай түсіріп жүрсің-ей? Ал әкесі ше, көне ме?
Бәтима: – Ойбай-ай, балам-ау, бастығың емес пе әкесі? Қаһарына ұшырап жүрмесең игі еді. Басқа қыз табылмады ма маңайыңда? Соған қарап қалды ма әлде бәрі? Әкесі батасын бермесе қайтесің?
Арлан: – Көнбегенде қайда барады!?
Бәтима: – Қайдам, балам, «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деуші еді. Өзіміз қатарлы бір үйден тапса деп едім келінді…
Арлан: – Мама, – деп кіжінді, – Олардың несі бар бізден артық? Дүниесі ме? Түкірдім мен олардың дүниесіне.
Серік: – Бала дұрыс айтады, Бәтимаш. Ол Атамбаевтардың біздің Атамқұловтар әулетінен еш артықшылығы жоқ. Тек соңғы буыны болмаса… Бірақ, сен, Арлан, өйтіп дүниесінің қажеті жоқ деп шорт кеспе. Өзің сұрама, ал бергеннен бас тартпа. Бұл дегенің – қолыңа келіп қонған бақ қой! Кім біледі, Махатовичпен құдандалы болып жатсақ, ертең менің де мәселем оңай-ақ шешіліп кете ме?!
Бәтима: – Балам-ау, сені біреуден кем деп жатқан жоқпын. Тек… тек ертең үйленген соң мына ел-жұрт «Бәтиманың келіні» демей, «Атамбаевтың күйеу баласы» деп жүре ме деп қорқам.
Арлан: – Қорықпа, мама, мен өз абыройымды ешкімге таптатпаймын.
Осы сәтте есіктің қоңырауы шырылдады. Арлан барып есікті ашты да, аң-таң күйде тұрып қалды. Босағадан аттап Алдаш Махатович кіріп келді
Арлан: – Алдаш Махатович…
Алдаш: – Иә, мен. Не, танымай қалдың ба бастығыңды? Кіргізесің бе үйіңе, әлде босағаңнан қайтарасың ба?
Арлан: – О не дегеніңіз?.. Жоғары шығыңыз! Мама, танысып қой, бұл менің бастығым – Алдаш Махатович.
Бәтима: – Ой, – деп састы да қалды, – төрлетіңіз, Алдаш Махатович. Мен қазір шәй қойып жіберейін.
Алдаш: – Әуре болмаңыз, мен көп отырмаймын. Бастық басымен неғып келді деп тұрған шығарсыздар? Айтатын әңгімем кеңседе айтылатын шаруа емес. Сондықтан осында келдім. Көп созбай сөздің тоқетеріне көшейін. Мына балаңыз, шешей, жақсылықты түсінбейтін бір жетесіз екен. Мен мұны адам қыламын деп сүйрелеп жүрсем, бұл жұмысын ойлаудың орнына, менің қызымның басын айналдырып жүрген көрінеді. Алдап-сулап үйімізге кіріп алмақ. Ол ойы бола қоймас. Сондықтан былай. Біріншіден, сен – Арлан, ертеңнен бастап, жоқ, бүгіннен бастап жұмыстан өз еркіңмен кетесің. Екіншіден, Қорланнан аулақ жүресің. Жүз метр жерден, жоқ, бір километр жерден айналып өтетін боласың. Ал олай болмаса, маған ренжімейсің, өз обалың өзіңе! (Әңгіменің аяқталғанын білдіріп ол орнынан тұрып, есікке қарай жүреді).
Арлан: – Жұмыстан босату, әрине, сіздің еркіңізде, ал Қорлан жөніне келер болсақ… Қорлан баласын жалғыз тәрбиелеп өсірсін десеңіз, оны да өзіңіз білесіз. (Есікке жетіп қалған Алдаш жалт бұрылады.)
Алдаш: – Не?… – Аң-таң күйде Арланның жанына жетіп келіп, өзінен бойы ұзын жігіттің көзіне төменнен жоғары қарай тесіліп қарады. Қадалып біраз тұрды да көзін алмастан, – Шешей, сіз жаңа шәй жөнінде бірдеңе деген сияқты едіңіз, – деді.
3-көрініс
Алдаштың үйі. Айна алдында бетіне маска жасап, иығымен телефонның тұтқасын тіреп біреумен сөйлесіп Дәмеш отыр.
Дәмеш телефонға: – Ол көйлекті мен оның үстінен Тоқтарбаевтардың тойында да көргем. Бір көйлекті қатарынан екі тойға киіп, жарымай жүргені де… Құдайға шүкір, біздің ондай әдетіміз жоқ.
(Үйге «Дәмеш, Дәмеш!» деп дауыстап Алдаш кіріп келді. Әйелінің телефон құлағына жармасып отырғанын көріп, «Таста телефонды!» деп баж ете қалды).
Дәмеш: – Жарайды, жақсы, кейін хабарласам, күйеуім келіп қалды, – деді де, телефонды асығыс қоя салды, – Не болып қалды сонша айғайлап? – деп содан соң Алдашқа маска жабыстырылған бетімен бұрылды.
Алдаш: – Не болушы еді?! Болары болып, бояуы сіңіп болған жоқ па?!. Тойдың қамына кірісу керек.
Дәмеш: – Қой, қайдағыны айтпай. Жәй әзілің шығар? Ол бала біздің Қорлашаға тең емес қой. Сен әкесі болып сөйлессейші. Ақыл айтып түсіндіру керек оған.
Алдаш: – Түсіндіретін уақыттан кешіккен сияқтымыз ғой…
Дәмеш: – Қалайша? Неге?
Алдаш: – Неге дерің бар ма? Сол. Кешіктік. Бүлінетін нәрсе бүлініп болды. Енді үйлендіруден басқа амал қалмады бізде.
Дәмеш: – Солай де… – таңырқаған әрі шарасыз күйде отырып қалды. Біраздан соң ес жиып, – Ал анау оңбаған не дейді? Ойын білдің бе өзінің?
Алдаш: – Не деуші еді. «Үйленуден бас тартпаймын» дейді.
Дәмеш: – Қарай көр өзін. Бас тартпаймын дейді. Біздей отбасына күйеу бала болудан бас тартатын адамды көрсемші… Ал өзіңнің не ойлағаның бар?
Алдаш: – Не ойлаушы ем? Көнеміз де. Бір жағынан дұрыс та шығар. Алыстан арқалағанша, жақыннан дорбалаған артық. Қалай дегенмен, бес жыл жанымда жүр ғой. Бір адамдай сырын біліп қалдық. Шаруаға епті. Өзгеге тапсыра алмайтын істерімді талай рет осы балаға тапсырдым емес пе. Бір жерде шикілік танытқан емес. Шешесі де күйеуі жоқ, жалғыз басты әйел. Шалқайғанға шалқаятын шамасы жоқ. Қарапайым. Басып тастаймыз оны. Амандық болса, әлі-ақ баланы өз жағымызға шығарып, күйеу бала емес, қол бала қылып аламыз, – деп алақанын уқалады. – Бағанағы зілі ме маған көрсеткен… Көрсетермін мен оған! Өзі-ақ безіп кетер. Тек мына абыройсыздықтан құтылсақ болды. Сен Қорлашаны шақыршы, сөйлесейік. Оның да ойын білейік.
Дәмеш: – Қорлаш, Қорлаша, бері шығып кетші. Әкең сөйлесемін дейді.
(Өз бөлмесінен Қорлан шықты. Бет жүзінде абыржығандық байқалады. Қорқасоқтап жандарына келді).
Қорлан: – Не болды? Неге шақырдыңдар?
Алдаш: – Қызым, мамаң маған бір жаңалық айтты, сол рас па?
Қорлан: – Иә, папа, – деп басын жоғары көтеріп, өрлене жауап қайтарды қызы шегінетін жер қалмағанын сезіп. – Біз Арлан екеуміз солай шештік.
Алдаш (Қорланды тап қазір Арланнан бас тарт деп көндіру бекер әурешілік екенін бірден түсіне қойды да, әңгімені басқа арнаға бұрды): – Ал оны мен неғып соңғы адам болып естимін? Әлде мені адам құрлы көрмеймісің? Мен ғой осы екеуің үшін жанымды беруге дайынмын. Осы тірнектеп жиған-тергенімнің бәрі, – деп айналысын қолымен көрсетіп шықты, – сендер үшін!. Сенің бақытың – менің бақытым емес пе! Әлде мен сенің үй болып, тұрмыс құрғаныңа қарсы болады дедің бе? Жоқ, айналайын, сенің айтқаның – мен үшін заң. Кіммен бақытты болам десең де, кіммен отау құрам десең де – біз тек қуана қабыл аламыз.
Қорлан: – Ой, папа, рахмет саған! Дәл сенен мұны күтпеп едім. Қарсы болатын шығар, қарауындағы қызметкердің күйеу бала болғанын қаламайтын болар деп қорқып жүр едік Арлан екеуміз. Рахмет саған! – деп әкесін құшақтай алды.
Алдаш: – Бірақ, қызым былай болсын. Алдымен сен оқуыңды бітір. Арлан да оған дейін қарап қалмас. Қашанғы менің жанымда жүрер дейсің. Алдымен оны бір бөлімге жетекші етіп қоямын. Содан соң анау Ерекеңмен сөйлесіп, өз алдына бір мекеменің бастығы қылам оны.
Қорлан: – О-ой, папа, бұл айтқаныңның бәрі қашан болады? Тым ұзақ қой. Бәлкім, оның бәрін кейін шеше жатарсың, а-а?
Алдаш: – Қызым, біз сенің дегеніңе көндік, сен де біздің көңілімізге қарасаң болмай ма? Біздің араласатын өз ортамыз бар. Олардың ішінде бізді сынайтындар да жетерлік. Солармен санасуымыз керек. Ертең басқа жігіт құрып қалғандай өз көмекшісіне күштеп үйлендіріпті деп өсек таратады. Ондай абырой саған да, бізге де қажет емес. Ал егерде Арлан шағын болса да бір мекеменің басшысы болып отырса – әңгіме басқа. Онда ешкім де «жалаң аяқ жарлыға қызын беріпті» деп көзге шұқымас.
Қорлан: – Түу-у, сендердің-ақ осындайларың қалмайды екен. Анау өйтіпті, мынау сүйтіпті… Кімнің қандай шаруасы бар кімнің кімге үйленгенінде?!
Алдаш: – Кімнің аузына қақпақ болып жүреміз, балам? Одан да бәрін рет-ретімен істейік. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ қой. Солай емес пе, мамасы? – Алдаш әйеліне қолдау сұрағандай қарады.
Дәмеш: – Әрине. Папаң дұрыс айтады. Тұрмыс құру деген оңай шаруа емес. Бізге де досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін дұрыстап дайындалу керек.
Қорлан: – Жарайды, дегендерің болсын, – деп әке-шешесін бір-бір сүйіп, қуана-қуана өз бөлмесіне беттеді.
Алдаш: – Ұнатасың ғой оны, ә? – деді ізінен (Қорлан есікке жете бере тоқтап қалды. Бірақ бұрылып әкесіне қарауға ұялды да, төмен қарап басын шұлғыды) – Ал несімен ұнады ол саған?
Қорлан: – Білмеймін, папа… Ол басқалар сияқты емес, байсалды, ұстамды. (Қорлан енді бұрылды) Сосын бар ғой, ол өр мінезді, айтқанынан қайтпайды. Нағыз жігіт. Тіпті бар ғой…
Алдаш: – Жарайды, жарайды, бара ғой, – деп тоқтатты Қорланды әкесі. Сосын қызы кіріп кеткен есікке қарап тұрды да, – Иә, қайтпайтын жігіт де… Жөн… Оны да көрейік. Көп болса, Қорлаш босанған соң қуып шығам ол сүмелекті, – деді жәймен. Сосын әйеліне қарап сөйледі, – Ал, не отырыс? Уақыт созбай, тойдың қамына кірісейік. Ұзату тойын дүрілдетіп өткізіп, бұл тақыр кедейлерге әу бастан орындарын көрсетіп қоймаймыз ба!
4-көрініс
Арланның пәтері. Сырттан дабырлап ішке Бәтима мен Серік кірді. Соңдарынан самарқау күйде Арлан ілесіп келеді.
Бәтима: – Балам, не болды, құдалықтан шыққалы жабырқаусың ғой. Онда да қара түнек болып қабағың бір ашылмады. Бір нәрсе ұнамады ма әлде?
Арлан: – Несін ұнатасың олардың? Кіргеннен шешесі қыр көрсетіп, менменсіген кейіп танытқан жоқ па?! «Біз сендерді мүсіркегеннен қабылдап отырмыз, сендер ешкім емессіңдер» дегендей, тіпті, мына Сәкең амандасып, сөз бастағанда теріс қарап, сіңілісімен әңгімесін үзген де жоқ.
Серік: – Қайдам, мен ондай ешнәрсе байқамадым. Мен сөйлесем, Алдаш Махатовичқа қарап сөйледім. Соған түсіндірдім келуіміздің себебін. Ол өте мұқият тыңдағандай болды. Сосын төрге шығарды, – деді болған жайды еске түсіргендей. – Жоқ, бәрі дұрыс болған сияқты. Ойдағыдай өтті құдалық. Оның бекер, бала.
Бәтима: – Әй, балам-ай. Қай-қайдағыны көңіліңе алатын болыпсың. Маған да бәрі рет-ретімен болғандай көрінді.
Арлан: – Бәрі ретімен болса, неге дастархан басында сөзді алдымен саған бермей, өз жолдастарының соңынан берді? Сыйламағаны ғой ол!
Бәтима: – Енді.., енді өз ойлағандары болған шығар. Әйел адамның еркектерден бұрын сөйлегенін ерсі көрген болар…
Арлан: – Олай болса, олар сенің жалғыз басты бейшара әйел екеніңді бетіңе басқысы келді. Әйтпесе отырған жоқ па мына Серік ағамыз әкеміздің орнына әке болып…
Серік: – Түу-у, Арлан-ай, сен де… не болса, соны айтып… Бәрі де дұрыс болды деймін. Өйтіп тырнақ астынан кір іздей берме, болды. (Сосын Бәтимаға бұрылады) – Күйеу баланың алғашында қайын жұртын жатсынатын әдеті емес пе? Бәріміздің басымыздан өткен нәрсе ғой. Уайымдама, жеңеше, бәрі ойдағыдай болды. Одан да енді тойға дайындалайық.
Бәтима: – Иә. Қарыздансақ та тойды жақсылап өткізген дұрыс. Сондықтан сен, Серік, ресторан жағын қамда. Құдалардың осал емес екенін байқадың ғой. Сондықтан жөні түзу бір мейрамхананы тап. Бірақ бағасы тым қымбат болмасын. Жағдайымызды білесің…
Серік: – Жақсының бәрі қымбат қой, жеңеше,– деп тосылып қалды. Сосын қолды бір сілкіп, – Жарайды, бір амалын табармын. Ертеңнен кірісемін. Ал, мен қайтайын. Үйдегі абысыныңыз да күтіп қалған шығар, – деді де, қоштасып шығып кетті.
Арлан терең ойға батып диванда отырған күйі орнынан тұрмастан ағасымен селқос қоштасады.
Бәтима: – Ал, балам, шешінген судан тайынбас. Кәне, нендей жоспар құрамыз, не ойың бар, тойға кімдерді шақырамыз? Бәрін ақылдасайық, – деп баласының жанына отырды.
Арлан: – Той болмайтын шығар, мама…
Бәтима: – Қой, ондай сөзді айтпа, балам. Қыздың әке-шешесінің алдынан өттік. Келісімін алдық…
Арлан: – Келісімін алғанмен, ризашылығын алған жоқпыз олардың.
Бәтима: – Не дейін, балам… Айтқан тілді алмадың. Өзімізбен жағдайы қарайлас, қарапайым біреуді тап деп едім, тыңдамадың.
Арлан: – Ал мен қарапайым болғым келмейді, мама. Қарапайымдар қара табан қара тобырға айналып бара жатқан жоқ па?! Менің қаратабан болғым келмейді. Болмаймын да. Адам баласын, мама, байлық қаншалықты аздырса, жоқшылық та соншалықты бұзады. Жоқшылық қажытты мені. Анаған тартсаң мынаған жетпейді, мынаған жұмсасаң тағы бір нәрседен тарыласың. Қарызданасың. Сосын «қарызын қашан сұрап қалар екен» деп, қаралай жұрттан қуыстанып жүресің. Өтірік күлесің, өтірік сөйлейсің. Алдайсың, арбайсың, әйтеуір өзіңнің бишара күйіңді жасыруға тырысып бағасың. Бәрінен де өкініштісі сол – жоқшылықтың кесірінен ойыңдағы мақсаттарыңды жүзеге асыра алмайсың. Бәріне қол байлау болатын – сол баяғы ақша. Сондықтан сол тығырықтан шығудың амалын іздейсің. Неге болса да барасың, тайынбайсың. Осы бір адам еңсесін жерге басатын таршылықтан құтылу үшін мен өзім дәл қазір бәріне де дайынмын, мама.
Бәтима: – Айналайын, балам-ай. Не болса соған басыңды ауыртып қайтесің. Осы тіршілігімізге қанағат. Осыған да шүкіршілік ету керек.
Арлан: – Неге, мама, неге мен мына бейшара күйімізге шүкіршілік деуім керек?! Неге небір сұмпайылар байлыққа масайып жүреді, ал мен өз интеллектім мен ақылыма сай ауқатты өмір сүре алмаймын? Осы сіздердің шүкіршіліктеріңіз бәрін құртқан.
Бәтима: – Олай деме. балам. Шүкірлік пен қанағат болмаса… – дей беріп еді. Әбден толқып кеткен Арлан шешесіне қарамастан сөзін жалғай берді.
Арлан: – Маған байлық жатып ішіп семіру үшін емес, көкірегімдегі армандарымды орындау үшін қажет. «Ақша деген – қолдың кірі» дейді біреулер. Далбаса! Нағыз ақшаны ұстап көрмеген, ұстаса да жөндеп жарата білмеген сорлылардың сөзі ол. Ақша – мақсат-мұратқа жетудің құралы. Ал ол құрал Алдаш Махатовичта бар. Мен сол құралға қалайда қол жеткізем.
Бәтима: – Қарағым-ау, сонда сен анау байғұс Қорланның басын соған бола айналдырып жүрсің бе?
Арлан: – Айттым ғой. Қажет болса, мен бәріне де барам. Өз дегеніме жету үшін сол үйдің отынын тасып, күлін шығарамын, әкесінің аяғын жуып, шешесінің малайы боламын.
Бәтима: – Арлан! – деді Бәтима қатқыл дауыспен, – сұрағыма ашық жауап бер! Сен Қорланды сүйіп қосылмақсың ба, жоқ әлде жаңағы пасық оймен үйленбекшісің бе? Олай болса, қазірден басын ашып алайық. Мен ондай опасыздыққа бара алмаймын, саған да жол бермеймін. Өз баламды да, өзгенің баласын да бақытсыздыққа қиып отыра алмаспын. Қазір барып бәрін тоқтатам.
Арлан: – О не дегенің, мама? (шешесінің ашуға мінгенін байқап тартына сөйлейді). Әрине, Қорлан маған ыстық. Екеуміз көңіл жарастықпен қосылмақпыз. Оған күмәнің болмасын. Менікі жәй әншейін әңгіме ғой. Бірақ махаббатқа бақ-дәулет те қосылса жаман емес қой, – деді қулана күліп.
Бәтима баласына күдіктене бір қарады да, – Онда қонақтардың тізімін жазайық, – деп қаламсап пен қағаз алды.
5-көрініс
Алдаш Махатовичтің үйі. Дәмеш пен Лиза шәй ішіп отыр.
Дәмеш: Сол біздегі жаңалық. Клараның сән салонына көйлекке тапсырыс беріп қойдым. Керемет көйлек шығатын түрі бар. Мына жағы ашық болады, – деп иығын көрсетті, – Ал мына жерге сол түстен шашақтар түседі. Сосын мойныма өткенде Франциядан әкелген бриллиант алқамды тақсам, құлпырған сұлу келіншек болып шыға келмеймін бе, – деп мәз болып күлді
Лиза: – Мәссаған! Байқа, сол құлпырған күйіңде қызыңның тойынан өзіңді алып қашып кетіп жүрмесін, – деді құрбысына әзіл мысқылы аралас.
Дәмеш: – Қыз ұзаттым деп кемпірлердің қатарына қосылар жайымыз жоқ әзірге. Шүкір, жаспыз әлі. Әлде, анау жаман Атамқұловтардың баласын бағып отырады деп па едің? – деп шашын қолымен көтеріп-көтеріп қойды.
Лиза: – Айтпақшы, күйеу бала қалай? Тойдың қамымен жүр ме?
Дәмеш: – Ей, қойшы соны! Қайбір оңған той жасар дейсің солар? Амал жоқ, мына қызымыздың көңілі үшін бәріне көнеміз де. Әйтпесе маңымызға да жолатпас едім сол жетімекті.
Лиза: – Ондайың бар, Қорлашаны көндірмедіңдер ме ебін тауып?
Дәмеш: – Құдай-ау, талай зар илеп қақсадым ғой ол сорлыға. «Теңің емес», – дедім, «Сен молшылықта өскен баласың, ертең өзің қиналып қаласың»,– деп те айнытуға тырыстым. Әкесі де бір адамдай-ақ көндіріп көрді. Тыңдамайды. «Мен тек сонымен бақытты боламын!» деп тұрып алған жоқ па! «Айтқаным болмаса кетем үйден!» деп шықты ғой аяғында. Қайтеміз енді? Әйтсе де, бір мәнісі болар. Әкесі адам қыламын деп ізіне ертіп жүр ғой күйеу баланы. Жақында бір досымен сөйлесіп, оны шағындау болса да өз алдына бөлек мекеменің басшылығына тағайындатты. Енді қайтеміз? Қызын көмекшісіне беріпті деген күлкіге қалатын жай жоқ. Енді, міне, қарауында бірталай қызметкері бар білдей бір мекеменің басшысы ол да. Енді ұялмай жұртқа көрсетуге болады күйеу баланы.
Лиза: – Дұрыс болған екен онда. Кейін өзі бірте-бірте алып кетер, ақылсыз емес сияқты ғой күйеу жігіт.
Дәмеш: – Не-е? Қайдағы ақыл? Алдаш болмаса, отбасы түгілі, өз басын да алып жүре алмайтын нағыз сорлы емес пе ол?! Жүрген шығар қазір де соңында «Алдаш Махатович, Алдаш Махатович» деп.
Дәмеш пен Лизаның әңгімесін телефон даусы бұзып жіберді. Дәмеш үй телефонына жақындап тұтқаны көтерді.
Дәмеш: – Алло. Ия… Тыңдап тұрмын, – деді де телефон тұтқасын алақанымен жауып Лизаға қарап сөйледі. – Алдаштың хатшы қызы ғой, жұмысынан. – Содан соң қайтадан телефонға: – Алло, иә, иә, айта бер, Айжан, не болып қалды?.. Не-е?!. Не деп тұрсың сен? Ұстағаны қалай? Кім? Жылап-сықтамай, жөндеп түсіндірші өзің… (Дәмеш бір орында есеңгіреп тұрып қалды да телефонды қолынан түсіріп алды).
Лиза: – Не, не дейді? Япырмау, түрің боп-боз болып кетті ғой? Не болды, айтсаңшы?
Дәмеш: – Алдашты қаржы полициясы ұстап әкетіпті.
Лиза: – Ұстағаны қалай, не үшін?
Дәмеш: – «Парамен ұсталды» деді.
Шымылдық. Бірінші бөлімнің соңы
ІІ бөлім
1-көрініс
Түрменің іші. Бір адамдық камера. Алдаш Махатович екі қолын артына салып торланған терезеге қарап тұр.
Алдаш: – Бұл қалай болды? Қай жерден мүлт кеттім?.. Ешкімнің қорасына түспеген сияқты едім ғой. Жоқ. Мүмкін емес. Бұл бір қателік шығар. Бәрі анықталған соң босататын болар. Босатуы тиіс. Мен бір айдаладан үйірге қосылған байтал емеспін ғой мына қасқырларға жем болатын. Сол үйірден шықтым. Ортада қалыптасқан ережені бұзғаным жоқ.
Қап. Өзім қабылдап нем бар еді сол ақшаны? Әдеттегідей Арланды жіберуім керек еді. Қырсыққанда «тойға сақина аламын деп», сол күні әлгі неменің сұранып кеткенін көрмеймісің?.. Сақинада басы қалғыр. Мені отырғызса, көрер едім жетісіп той жасағанын? Ақымақ неме… Жүрмей ме аяғына дейін жанымда!
(Есік сықыр етіп ашылды да күзетшінің ар жағынан ішке Арлан кірді).
Алдаш: – А-а-а, Арлан, сенбісің? Жақсы болды ғой келгенің. Тоқтай тұр. Сен қалай кірдің мында?..
Арлан: – Амалын тауып кірдім ғой, әйтеуір. Менің юрист мамандығым бар екенін ұмытып та қалған шығарсыз. Әуелде мен адвокат боламын деп юрфакты бітірмеп пе едім. Соның көмегі енді тиді, мінекей.
Алдаш: – Ой, айналайын, Арланжан-ай! Дұрыс болған екен. Қаншама уақыт болды мында хабар-ошарсыз отырғаныма. Ал айта бер, не болып жатыр ана жақта?
Күзетші: – Сіздерге он-ақ минут уақыт берілген. Одан артық сөйлесулеріңізге рұқсат жоқ.
Арлан күзетшіні көзімен шығарып салды да Алдаштың жанына жақындау отырып дауысын бәсеңдетіп сөйледі: – Жағдай мәз емес, Әлеке. Мекемеде тексеруден тексеру. Тергеушілер барлық документтерді көтертіп, тінтіп жатыр.
Алдаш: – Не дейт? Ол жер дұрыс па еді өзі?
Арлан: – Ол жағына алаң болмай-ақ қойыңыз. Соңғы екі жылда мен емес пе қағаздардың бәрін реттеп жүрген. Құжаттардан шикілік шыға қоймас.
Алдаш: – Оған да шүкір.
Арлан: – Мәселе сол кешегі күнгі оқиғада болып тұр. Оның өзі сізді кемінде 7-8 жылға соттауға жетіп жатыр. Тергеушілер мықтап кіріссе, тіпті, 10 жылға да кетіп қалуыңыз ғажап емес.
Алдаш орнынан атып тұрды: – Он жыл! Мүмкін емес! Жоқ, мүмкін емес олай болуы. Қап! Қап… Енді кәйттім? Сенің де со күні жұмыстан кетіп қалғаныңды қайтерсің?..
Арлан: – Ау, онда мені әкетер еді ғой? Онда мына сіздің орныңызда мен отырар едім ғой…
Алдаш: – Әй! Сен түкті де түсінбейсің. Оларға сен емес, мен керек болдым. Мені аңдыды олар. Қашан сүрінер екен деп күтті. Сен бейшараны қайтсін? Оның үстіне менің орнымда сен болсаң, мен анау жақта жүріп, – деді терезені көрсетіп, – сені оп-оңай шығарып алар едім. Менде таныс та көп, мүмкіндік те молырақ.
Арлан: – Білмеймін… Білмеймін…
Алдаш: – Сен былай қыл, бала, жұмыстағы менің сейфімде біраз ақша жатыр…
Арлан: – Ол ақшаны тергеушілер сол күні-ақ тәркілеген. Естуімше, енді сіздің үйіңізге де тінту жүргізбек. Үйіңізді де тәркілеуі мүмкін дейді.
Алдаш: – «Үй-й-и» дейді? Енді қайттік? (Алдаш біршама ойланып қалады). – Онда былай істе. Біздің үйде, жатын бөлмедегі айнаны алсаң, соның артында да сейф бар. Сондағы бар ақшаны алып бір тасалау жерге тығып таста. Сосын анау жолғы біздің үйде болған Ермек деген кісі есіңде ғой? Соған барып бар жағдайды түсіндір. «Іс насырға шаппай тұрғанда бір амалын тапсын деп сәлем айтты» дерсің. Түсіндің бе?
Арлан: – Ол сейфті мен қалай ашам?
Алдаш: – Тыңда. (Біреу естіп қоярдай жан-жағына сақсына қараған Алдаш Арланның құлағына сейфтің жасырын кодын сыбырлады. Арланның бір сәтке екі көзі жарқ етті де, миығына білінер білінбес күлкі үйірді. Алдаш болса қайта тіктеліп тұрды) – Ал, давай, осы айтқанымды бұлжытпай орындасаң, бәрі дұрыс болуы тиіс. Мен осы бір қарғыс атқан жерден шыққаннан кейін Қорлаш екеулеріңнің тойларыңның қамына дұрыстап кірісеміз.
Содан соң жігіттің иығынан қағып, шығарып салмаққа ыңғайланып еді, есікке жете бере Арлан тоқтай қалып, Алдашқа бетін бұрды. Жүзінде аяқ астынан бір менмендік пайда болып, бұрынғы бастығына зіл тастап қарады. Көмекшісінің жүзінен секем алған Алдаш еріксіз кейін шегінді. – Саған не болды, Арлан? – деді кібіртіктеп.
Арлан: – Айтпақшы, айтуды ұмытып барады екенмін ғой. Той болмайтын болды енді (тісін ақсита ыржиды).
Алдаш (оның сөзін жете түсіне алмай): – Ә-ә, ия, ия. Ол туралы әзірге ертелеу ғой әңгімелесу.
Арлан: – Жоқ, сіз түсінбедіңіз. Той мүлдем болмайды.
Алдаш: – Қалай сонда? Болмағаны қалай?
Арлан: – Солай. Керегі жоқ маған қызыңыздың.
Алдаш: – Не? Не деп тұрсың сен?
Арлан: – Қызыңызға үйленбеймін деп тұрмы-ы-ын. Керең болғанбысыз. Маған беделді, өзім арқа сүйей алатын адамның қызы керек болатын. Ал сіздей парақор түремщиктің қызы маған беш тиын. Түсіндіңіз бе? Әлде қалай түсіндірейін сізге?..
Алдаш: – Не деп тұрсың, ей, сен оңбаған, сүмелек?! (Арланның жағасына жармасты Алдаш. Бірақ Арлан оның екі қолын қысып қайырды да, орындыққа итеріп жіберді. Өзінен әлдеқайда жас жігітке әлі келе қоймасын сезген Алдаш қайта ұмтылып әлек болмады).
Арлан кимінің жағасын жөндеп тұрып: – Тым жақсы италияндық костюмді бүлдіре жаздадыңыз. Өзіңіз сыйламап па едіңіз осыны?.. Енді келіп жағасын жыртпақсыз, – деп кекете сөйледі.
Алдаш: – Сен иттің баласына костюм сыйлап жүрген мен де ақымақпын, – деп тісін шықырлата ашуланды.
Арлан ентелеп келді де, төбесінен қарап тұрып: – Жә, мүжілген, кәрі тісіңізді қайрағаннан түк шықпайды. Өйтіп айбат шеккеніңізден қорқатын мен емес. Қызыңыздың абыройын ойлаған түріңіз бе бұл? Жаңа ғой осы, үйіңізді тәркілеп, тінту жүргізеді дегенімде қызыңыз бен әйеліңізді ойлаған жоқсыз, далада қалады деп қиналмадыңыз. Алдымен сейфтегі ақшаның тағдырын уайымдап азар да безер болдыңыз. Енді келіп өтірік намыстана қалуын… – деді галстугын жөндеп жатып. – Жә, уайымдамай-ақ қойыңыз. Мен кектенсем, сізге, сіздейлерге, өзінен өзгені елемейтін, дәрежесі төмендерді адам құрлы көрмейтін тоңмойын тоғышарларға өшіктім. Ал қызыңызға тиіскем жоқ. Бала түгілі бәле де жоқ онда. Әке-шешең біздің бірге болғанымызды қаламайды, ақ батасын бермейді. Сенің аяғың ауыр десек қана анық көнеді деп сендірдім Қорланды. Так что, мен сіз ойлағандай хайуан емеспін. Оным да дұрыс болған екен. Әйтпесе қазір амалсыздан үйленуге тура келер еді. Солай емес пе, Әлеке?
Алдаш: – Ы-ым, опасыз сұмырай, мұндай ит екеніңді білгенде, күшік кезіңде тұншықтырып тастар едім. Нағыз арам ниетің енді шыққан екен сыртқа. Бұрын қалай байқамай жүргем мұндай зымияндығыңды?..
Арлан: – Мен бұрыннан осындай болды деп па едің? Жоқ. Мен мұндай емес ем. Кез келген жасқа тән арманым асқақ, көңілім кіршіксіз таза болатын. Сен, сен сияқтылар тұнығымды лайлап, көңілімді бүлдірген. Сен менің үмітімді өшіріп, осындай опасыз етіп қайта илеген. Бес жыл… (алақанын жайып саусақтарын едірейтті) – Бес жыл болды жаныңда жүргеніме. Не көріп, не үйрендім мен осы бес жылда? Айналаңдағы адамдардың айтатындары – өтірік, армандайтындарың – ақша, аңсайтындарың – мансап. Көлденең келген табысқа масайып жүргендерің. Қарын тоқ, көйлек көк болса, болды. Тастарың өрге домалап тұр. Әйеліңде, қызыңда, өзіңде – бас-бастарыңда бір-бір мәшине. Қызметтік «мерседес» тағы бар. Қазірдің өзінде бір емес, бірнеше пәтерің бар туысқандарыңның атынан алып қойған. Ол аздай шетелден де үй алып қойдың. Басқа білмесе де, бес жыл жаныңда салпаңдап еріп жүрген мен білемін оның бәрін. Құжаттарын реттеп жүгірген мына мен емеспін бе?! Соншама дүние бар бір басыңда. Сонда да қанағат жоқ. (Арлан енді күрсініп, «сеннен» «сізге» көшіп сөйлейді). Байыған сайын ашкөзденіп, келген, кеткендер не әкеледі екен деп, қолдарына қарағаннан басқа қасиет қалмады ғой сізде қазір. Кезінде, мен алғаш келгенде айналамдағылардың бәрі сізді өз ісінің тамаша маманы десетін. Сол қасиеттер, кәсіби біліктілік қайда кетті? Бес жылдың соңғы екі жылында тіпті жұмысты ойлаудан қалдыңыз. Бар қызметіңізді мына мен атқарып жүрдім емес пе?! Тіпті қажетті шешімдер мен бұйрықтарды да мен дайындап беретін болдым. Көмекші де – мен, хатшы да – мен, орынбасар да – мен, тіпті барып кел, шауып кел атқосшы да мен болдым. Ал сол еңбегімді сіз қалай бағаладыңыз? Осы бес жылда дастарханыңызға шақырып бір шәй бердіңіз бе маған? Жоқ! Себебі сіз мені адам құрлы көрген жоқсыз. Теңім емес дедіңіз. Босағада жүріп, қалған-құтқан ескі киімдеріңізді тоздырғанға мәз болар деп есептедіңіз. Өтірік пе? Рас! Оны ішіңіз сезеді. Шын мәнісінде осы екі жылда мекеменің бүкіл жүгін мен арқалап жүрдім. Сіз болсаңыз еш нәрсеге басыңызды ауыртқыңыз келмеді. Қазір тергеуші келіп жұмыстың мән-жайын сұрай қалса сізден, оңды жауап бере алар ма екенсіз? Әй, қайдам. Ал неге осындай бишара халге түскеніңізді білесіз бе? – деп сұрады да Арлан, өзі жауап берді өз сұрағына. – Сізді аздырған – байлық. Сол байлықтан шел басты көзіңізді. Өйткені сіз ол ақшаның қадір-қасиетін түсінбедіңіз. Байлық адамды не аздырады, не тәрбиелейді. Сондықтан да байлықты көтере білу үшін адам жетіліп, пісуі керек, оны игеру үшін саналы түрде дайындық керек адамға. Ал сізде ондай дайындық болған емес. Сол себептен сіз азып-тоздыңыз. Рухани азып-тоздыңыз. Іштей іріп-шірідіңіз. Қаржы қашан да белгілі бір мақсат-мүддеге қызмет етуі тиіс! Ал сізде мақсат та жоқ, мүддеден де мақұрымсыз. Ішіп-жеп, семіргенге ғана мәз болған адам азбай тұрмайды. Шыныңызды айтыңызшы, сол байлықтың неге қажет екенін бір ойланып көрдіңіз бе өзі? Сіз оны нендей мақсатқа жұмсау керек екенін де білмейсіз.
Алдаш: – Сен данышпан білетін шығарсың қалай жарату керектігін!?…
Арлан: – Мен бе? Мен білем. Мысалы, жаңағы сіз айтқан сейфтегі ақшаны мен сіз айтқандай жерге көміп қоймаймын. Ол ақша басқа мақсатқа жұмыс істейді.
Алдаш: – Ах, зымиян! Арамза! Тиісуші болма ол ақшаға! – деп қайта ұмтылды Арланға. Бірақ Арлан бұл жолы да оңай қайтарып тастады оны.
Арлан: – Сабыр, сабыр сақта, көкесі. Ол ақша менің үлесім. Бес жыл бойғы адал еңбегімнің ақысы.
Алдаш: – Мен сенің ақыңды жеген жоқпын. Бар жағдайыңды жасадым емес пе осы уақытқа шейін. Пәтер әпердім…
Арлан: – Пәтер? Шешем екеуміз тұрып жатқан анау ұяшықты пәтер деп атауға қалай дәтіңіз барады? Сонда менің бес жылғы еңбегімді, қалтқысыз қызметімді сіз 25 кв. метрге бағалаған екенсіз ғой?!
Алдаш: – Әлі де талай жақсылықтар жасар едім ғой сәл шыдасаң.
Арлан: – Сізден жақсылық күту – бос әуре. Қасқырға шөп жегізіп, сүт сауамын деп дәмеленгенмен бірдей. Оған менің бес жылда көзім әбден жетті. Талай рет басқа қызметке сұрандым ғой сізден. Небір ұсыныстар түсіп еді кезінде. Бірде-біріне жібермедіңіз. Өйткені, сізге бүкіл жұмысыңызды мойнына артып қоятын мен сияқты адам керек болды. Жә, ол үшін мен сізге өкпелемеймін. Әркім өз мансабын діттейді. Өзіне ыңғайлап шешеді мәселені, – деді де, сағатына қарады. – Қой, мен кетейін рұқсат болса, басеке, – деп қайта кекетті бұрынғы бастығын. Бізге берілген он минут аяқталды. Ал менің басқа да шаруаларым бар. Жаңа қонысыңыз жайлы болсын, басеке!
Алдаш: – Тоқтай тұр, Арлан. (Дауысы құмығып шығады). Иә, сенің айтқаныңның бәрі дұрыс. Кезінде елеп-ескермеген шығармын сені. Қолыма түскен бақ-дәулетті де бей-берекет шашқан болармын. Тоқшылықтан көзіме шел бітіп, майланып, масайып, масаттанып кеткенім де рас. Бірақ менің сенен бір артықшылығым бар. Менің қателіктерім білместіктен болды. Осындай тоғышар халге қалай түскенімді мен байқамай да қалдым. Ақымақтықтығымнан алдымен тоғышар болдым, артынан қатыгезге айналдым. Мені осыншама тоңмойын қатыгез қылған – байлық. Ал сен байлыққа қол жеткізбей жатып мынадай хайуанға айналдың. Ар жағы не болмақ сонда? Бақ-дәулетке жеткен соң қандай жауызға айналар екенсің?
Арлан: – Мен үшін қам жемей-ақ қойыңыз. Бақ пен дәулетті құдекең адамға сынақ үшін жіберген демеуші ме еді. Сіз ол сынақтан өте алмадыңыз. Енді мені сынап көрсін (шығып кетеді).
2-көрініс
Алдаш Махатовичтің пәтері. Диванда қойнына жастық құшақтап мұңлы күйде Қорлан отыр. Шешесі Дәмеш әрлі-берлі жүр мазасызданып.
Дәмеш: – Қайда енді жаңағы оңбаған неме? Әлдеқашан келетін уақыты болды ғой. Бірге еріп баруым керек еді онымен.
Қорлан: – Мама, сізді ол жерге кіргізбейді деді ғой Арлан. Сабыр сақтап отырсаңызшы.
Дәмеш: – Қалай ғана сабыр сақтарсың?! Қаншама дос-сымақтар теріс айналып кетті осы күнде. Қайсысына барсаң да ат-тонын ала қашады алапесті көргендей. Осы үйден талай ас-су ішкендер де араларын аулақ салып жүр. Не деген арсыздар десеңші. Енді отырысымыз мынау, жәмән көмекшіге күніміз қарап. Ой, Алла, не жазып едік сонша?…
Осы сәтте есіктің қоңырауы шырылдады.
Қорлан: – Арлан келді, – деп орнынан атып тұра сала есікке қарай жүгірді. Ашса, расында да Арлан екен. Бет жүзі суыт, көздері Қорланға түспестен алақ-жұлақ етіп ішке кіріп келді. Артынан еріп немере ағасы Серік кірді үйге.
Қорлан: – Не болды саған, Арлан? – деді үрке. Арлан оған жауап берместен бір нәрсесін жоғалтқандай жан-жағына қарай берді. Содан соң Серіктің қолындағы дипломатты жұлып алды да, жатын бөлмеге беттеді.
Қорлан: – Арлан, не болғанын түсіндірсеңші қорқытпай бізді?
Дәмеш: – Сенен сұрап тұр ғой, керең болып қалғанбысың? Айтсаңшы не боп, не қойғанын?
Арлан: – Не болушы еді, отыр түрмеде жолдасыңыз. Мені мына бөлмедегі сейфтен бір құжаттарды алып, жеткізіп бер деп жіберді. Соған келдім, – деді де, басқа бөлмеге кіріп кетті.
Дәмеш: – Ол не қылған құжаттар соншама? – деп ізінен бармақшы болып еді Дәмеш, жолын Серік бөгеді.
Серік: – Сіз алаң болмаңыз. Ол құжаттарды тек Алдаш Махатович пен Арлан біледі. Менің білуімше, бүгін-ертең сіздің үйде тінту болмақ. Сондықтан ол қағаздарды тез арада әкету керек. Әйтпесе Әлекеңе қиын болады. Өзіңіз түсінетін шығарсыз, мұндай істе артық айғақтардың көзін жойған дұрыс,– деп, Арлан кіріп кеткен бөлмеден Дәмешті қолтықтап әкетті. Ұзақ кідірместен қолына дипломат ұстап шыққан Арлан қарсы алдына келіп қалған Қорланды қағып кете жаздап сыртқа беттеді.
Қорлан: – Арлан, Арлан деймін, не болды саған? Менімен сөйлескің де келмейді ғой тіпті.
Арлан: – Айтатын не бар?! Әкеңнің шаруасы бітті, білем. Әзір, 7-8 жыл көлемінде күтпесеңдер де болады.
Дәмеш: – Сен, бала, қалай-қалай сөйлейтін болғансың өзі? Күтпегені несі? Әлі ешнәрсе де шешілген жоқ. Ал сен, оңбағанның, осы қылығыңды, осыдан Алдаш шықсын, есіңе түсірем ертең.
Арлан: – Ертең де, оның арғы күні де күйеуіңізге ешкім көмектесе алмас енді. Оның шаруасы бітті. Ал мен енді қайтып келмейтін шығармын.
Қорлан: – Мен ше? Мен ше, Арлан? Біздің тойымыз ше?
Арлан: – Той мәселесі белгісіз уақытқа шегеріледі, Қорлан (дауысында кекесін бар).
Қорлан: – Қалайша?
Дәмеш: – Не деп тұрсың-ей, сен? Белгісіз уақыты несі тағы? Сен өзі үйленуден қашпақпысың?
Серік: – Арлан-ау, айтсаңшы бар шындықты, – деп інісіне кейи сөйледі. Содан соң Арланды қолымен ығыстырып алға шықты.
Серік: – Вобшым былай. Той болмайтын болды.
Дәмеш: – Не дейт?
Қорлан: – Арлан, не деп тұр мына кісі?
Арлан Серіктің қолына дипломатты ұстатты да, иығынан ептеп итеріп есікке нұсқады: – Сіз бара беріңіз, мені сыртта күте тұрыңыз. Мен өзім бәрін түсіндірем. – Арлан ағасы шығып кеткен есікке аз ғана қарап тұрды да, кейін бұрылып, Қорлан мен шешесіне тіктеп қарай алмай басын төмен салып сөйледі. – Бүгінгі қалыптасқан жағдайда үйлену тойын жасау ерсі болар, оған келісесіздер ғой деймін. Алдаш Махатовичтің мәселесі біржақты болмайынша, ол туралы сөз қозғамай-ақ қойсақ деймін.
Қорланның шешесі ашуға булығып жарылардай болды.
Дәмеш: – Сен не деп тұрсың-ей?! Сонда анау іштегі бала некесіз тусын дегенің бе бұл? Оның не жазығы бар еді? Айналайын, көп сөзді қой. Әрі-беріден соң үйлену – парызың, білдің бе?!
Қорлан: – Арлан, жаным, маған түктің де керегі жоқ. Тойдың да қажеті жоқ. Тек сен жанымда болсаң болғаны. Сен мені тастап кетпейсің ғой? – деп жалына қарады жігітке. (Басын көтеріп алған Арлан қыздың жасқа толған бет-жүзін көріп, шыдай алмай көзін тайдырып әкетті). – Айтшы, жаным. Уәде берші тастамаймын деп. (Қорлан Арланға жақындап келіп мойнына асыла бергенде, жігіт басын теріс бұрып бір адым кейін шегінді. Қорланның қолдары осы сәтте ауаны қармап қалды).
Дәмеш: – Бейшара-ау. Не деп қиылып тұрсың сен бұл сұмырайға? Айтпап па едім кезінде, «сырты – бүтін, іші – түтін» деп бұл оңбағанның. Біз әйел емеспіз бе?! Еркектің шын сүйетін, сүймейтінін аңғара аламыз ғой. Бұл жетімек әу баста саған емес, әкеңе, әкеңнің дәулетіне үйленбек болған жоқ па еді. Сен емес, мына дүние керек болды оған.
Қорлан: – Рас па, Арлан? Неғып үндемейсің? Айтсаңшы өтірік деп.
Дәмеш: – Ал, айтшы. Кеудеңде жаның, көкірегіңде намысың болса, айт дәл қазір бар шыныңды!
Арлан: – Жарайды, айт десеңіз айтайын! – деп айғайлап жіберді Арлан. – Қорлаш, мен саған шын көңілмен қосылғым келген…
Дәмеш: – Иә, соқ өтірікті!
Арлан сөзін бөлген Қорланның шешесіне жақтырмай бір қарады да, әңгімесін жалғады. – …Шын көңілмен қосылғым келген, – деп қыздың екі қолын қысып кеудесіне тақады. – Айналаның бәрі, қызметтестерім де, мына әке-шешең де мені мансап үшін үйленбекші десе де, мен «кім не десе, о десін, сені өзіме жар етемін» деп шешкенмін. Алайда, кез-келген ер азаматтың отбасылық арманынан басқа да мақсат-мұраттары болады. Менің де сондай мақсат-мұратым бар. Ол – осы бейшара қалпымда қалып қоймай, өсіп-өрлеу, шыңға шығу. Талабым мен ақыл-ой дәрежеме сәйкес қоғамдағы өз орнымды тауып, кеудемді жаншып басқан мұқтаждықтан құтылу еді. Жасыратыны жоқ, осы жолда сенің әкең, менің бастығым Алдаш Махатович те қолғабыс етсе қарсы болмас едім. Бірақ ол сүрінді. Өзінің енжарлығы мен тоқмейілсіген тіршілігінен сүрінді. Алайда, Әлекең бәйгеден шығып қалды екен деп, мен де өз болашағыма балта шаба алмаймын ғой. Ол кісімен қазіргі жағдайда туысқан болу маған абырой әпермесі анық. Абырой тұрмақ менің өсуіме, жоғары көтерілуіме тұсау болады. Сондықтан да сен мені кешір, Қорлан, біз бірге бола алмайтын шығармыз. Оған мен емес, әкең кінәлі. Хош! (Осыны айтып ол қыздың жауабын күтпестен асығыс шығып кетті).
Дәмеш: – Ах, оңбаған! Бәріне біз кінәлі екенбіз ғой… Жоғалт көзіңді! Қараңды көрсетуші болма ендігәрі!
Қорлан болса сөз айтпақ түгілі, көзінен аққан жасты сүртуге де шамасы жетпей үнсіз орнында қалды.
3-көрініс
Ермек Аяғановичтың жұмыс орны. Кабинеттің төрінде, қымбат столдың басында телефонмен сөйлесіп Ермектің өзі отыр.
Ермек: – Ия, мұқият тексеріп, маған дайын күйінде алып келіңдер, – деп телефонның тұтқасын орнына қойды да, алдында жатқан қағаздарға үңілді.
Хатшының даусы: – Ермек Аяғанович, сізге Арлан Тіленшиев деген азамат келіп тұр.
Ермек: – Кім?
Хатшының даусы: – Арлан Тіленшиев…
Ермек әлі де таңырқаған күйде: – Кірсін, кірсін, – деді.
Ішке адымдап Арлан кірді. Қолында қара дипломаты бар. – Қайырлы күн, Ермек Аяғанович.
Ермек: – Ә-ә, ия, ия. Сен екенсің ғой. Кір, төрлет. Иә, Арлан, не шаруа?
Арлан: – Мен көп уақытыңызды алмаймын, Ереке. Сіз, әрине, Алдаш Махатовичтің жағдайын естіген боларсыз?
Ермек: – Иә, иә, шет жағасын естуім бар.
Арлан: – Ол кісінің жағдайы қазір мәз емес. Қамауда. Құзыретін асыра пайдаланып, мемлекеттік қаржыны басқа мақсатқа жұмсаған деген айып тағылып отыр. Өзіңіз білесіз, бұл ауыр қылмыс болып саналады.
Ермек: – Иә, білем, білем. Ал мен қалай көмектесе аламын?
Арлан: – Мен көмек сұрайын деп келген жоқпын. Ол кісіге енді ешкім де көмектесе алмайды.
Ермек: – Менің білуімше, адамның кінәсін бізде тек сот орындары ғана белгілей алады. Ал әзірге тергеу ісі жүріп жатқан жоқ па?
Арлан: – Ермек Аяғанович, мен ол кісімен бес жыл қоян-қолтық жұмыс істедім емес пе?! Маған сенуіңізге болады. Бұл жолы Алдаш Махатович мықтап орға түсті. Дәл қазір біздің мекемеде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тергеушілер Махатовичтің талай былығын ашатынына менің өз басым еш шүбә келтірмеймін.
Ермек: – Онда неге келдің?
Арлан: – Менің ұсынысым бар.
Ермек: – Иә, айта бер ұсынысыңды, тыңдап отырмын.
Арлан: – Мен сіздің қарауыңызда жұмыс істегім келеді.
Ермек: – А-а, солай де… Ал, егер ертең тергеу ісі түк таппай, бастығың аман-есен қызметіне оралса ше?
Арлан: – Оралмайды. Қайтып келгеннің өзінде де мен ол кісімен бұдан арғы жерде жұмыс істей алмаспын. Алдаш Махатович тоқырауға шалдыққан. Ішкен жегеніне мәз болып, әбден божырады. Айналасындағы процестерді оңды бағалаудан қалған адам. Ондайлардың келешегі жоқ. Оның жанында жүрсем, менің де болашағым бұлыңғыр болатыны сөзсіз.
Ермек: – Тоқтай тұр. Сен осы бес минутсыз күйеу бала емес па едің ол кісіге?
Арлан: – Иә, солай болатын. Бірақ мені ол отбасы әу бастан қабылдамады, қыздарына лайық деп санамады. Алдаш Махатович та, Дәмеш Рүстемовна да мені тек дәулеттеріне қызыққан қара табан тақыр кедей деп есептеді. Және ретін тауып, жақтырмағандарын маған үнемі байқатып жүрді.
Ермек: – Ау, Алдаш осы сен туралы әңгіме бола қалса, осындай балам болса деп отырушы еді ғой?
Арлан: – Мен де сөйтіп ойлағам. Бірақ ол кісіге күйеу бала емес, барып кел, шауып келге жарайтын қол бала қажет болған екен. Бір сөзбен айтқанда, үй шаруасы мен қызметке жарайды екенмін де, қыздарына күйеу болуға жарамайды екенмін. Олардың осы пейілін байқаған соң менің де көңілім қалды.Туысқан болсақ, Алдаш Махатовичпен бірге мақсатымыз да, мүддеміз де бір одақтас боламыз ба деп едім. Олай болмады. Оған одақтас емес, отынын тасып, күлін шығаратын малай қажет болған екен. Мен ондайға көне алмадым.
Ермек: – Е-е, солай де. Ал маған қандай қызмет сұрай келдің? Көмекші ме?
Арлан: – Жоқ. Көмекшілік қызметте мен біршама істедім ғой деп ойлаймын. Ол деңгейден әлдеқашан өсіп кеттім. Сіз келіссеңіз мен сізге орынбасар, не, тым құрығанда бөлім меңгерушісі болып келсем деймін. Менің кәсіби біліктілігім мен іскерлігімді көмекшіліктен басқа, әлдеқайда биік мақсатқа пайдалануға болады емес пе? Шаруаға ұқыпты әрі тындырымды екенімді сіз жақсы білесіз. Егерде келіссеңіз, адал қызмет етуге уәде беремін. Ал мынау сол адалдығымның белгісі. (Арлан Ермек Аяшевичтің алдына ақша салынған дипломат сумканы қойды).
4-көрініс
Алдаш Махатовичтің үйі. Столдың үстін жинап жүріп Дәмеш өз-өзімен сөйлеп жүр.
Дәмеш: – Заман қалай аяқ-астынан өзгеріп сала береді десеңші. Кеше ғана осы дастархан басынан адам арылмаушы еді. Дос-жаран, жора-жолдас дегеннен көп нәрсе жоқ еді. Аға-көке, апа, жеңгей деп сумаңдап, жалпылдап тұратын алдымызда. Енді солардың біреуі де жоқ жағдай сұрап келген. Жалған мадақтауды – абырой, өтірік мақтауды – құрмет санаппыз ғой осы уақытқа дейін. Енді, міне, қара басым қалқиып шәй ішіп отырысым – мынау. «Шәй іш» деп шақырмайды да ешкім. Ой, Алла, басыңнан бақ тайса, тірі жанға керек болмай қалады екенсің-ау… Ендігі күніміз не болар екен?.. Алдаштың жағдайы анау – темір тордың тесігінен сығалап отырысы. Қыз болса, ол қалды байсыз, құрсағындағы баласымен. Құдай-ай, не жаздық осыншама қор қылып, өңшең кұзғынға жем қылатындай?! Әлде сол пәтуәсыз сөзге сеніп, жалған абыройға масаттанғанымыздан таптық па осының бәрін? Сірә, солай болар. Тым дандайсып кетіп едік асып-тасқан шағымызда. Осыдан бәрі оңалып, Алдаш аман-есен құтылып шықса, астамсып көкірек керуді қою керек.
(Осы кезде сыртқы есік ашылды да, ішке Алдаш кіріп келді. Бет жүзі қуарған, жанарынан әбден шаршағаны білініп тұр).
Алдаш: – Мына есік неғып ашық тұр? Әлде бұл үйде кәнпескелейтін дүние қалмады ма?
Дәмеш: – Ой, ой, құдай-ау, Алдаш, сенбісің?
Алдаш: – Немене, байыңды танудан қалғанбысың аз уақыттың ішінде? Көріп тұрған жоқсың ба?
Дәмеш: – Ой, Алдаш-ай, жаңа ғана құдайға сыйынып, аман-сау оралғаныңды тілеп отыр едім. Қабыл алған екен ғой Алла тілегімді. Мың да бір шүкір Аллаға, мың да бір шүкір!
Алдаш: – Жейтін бір нәрсең бар ма, әкелші тездетіп. Түрменің сылдыр суынан асқазаным бүріп барады.
Дәмеш: – Әрине, әрине, жаным, қазір, қазір мен демде… – деп әбіржіген күйде қылпылдап ас үйге кетті. Сол жақта жүріп сұрақтың астына алды Алдашты. – Қашан шықтың, қалай босатты, не деді, уақытша жіберді ме, жоқ әлде біржола ма?
Алдаш: – Соны өзім де түсінбей қалдым. Тергеуші өзіне шақыртып бір парақ қағазға қол қойдырды да, «Сіз боссыз», – деп қоя берді.
Дәмеш: – Ол қалай сонда? Ештеңе түсіндірмеді ме?
Алдаш: – Айтып отырмын ғой, «Сіз боссыз, бара беріңіз» деп шығарып салды.
Дәмеш: – Ой, құдай-ай. Сұрастырып білмедің бе енді, –деді күйеуінің алдына ас қойып жатып.
Алдаш: – Әй, айналайын…не деп тұрсың сен? Тергеушіге сұрақ қоймақ түгілі, аман-есен құтылғаныма қуанғаннан зытып отырдым емес пе ол жерден.
Дәмеш: – Жарайды, жарайды. Тамақтанып ал әлденіп, сосын айтарсың бар мән жайды.
Алдаш: – Айтатын дәнеңе де жоқ, сол бар болғаны. Қорлаш қайда, үйде ме?
Дәмеш: – Үйде ғой, қайда болушы еді. Жатыр бүк түсіп бөлмесінде.
Алдаш: – Енді неге әкесін қарсы алмайды?
Дәмеш: – Арлан сұмырай масқара қылып кеткен соң ол қазір өз басының қайғысымен әлек.
Алдаш: – Иә, ол жексұрын бәрімізді сан соқтырып кетті.
Дәмеш: – Сан соқтырғаны былай тұрсын, жерге қаратып кеткен жоқ па, ел-жұрттың алдында қара бет қылып.
Алдаш: – Жә!.. Қара аспанды төндіретіндей дәнеңе де болған жоқ.
Дәмеш: – Болмағаны қалай? Сен өзі түрмеде қалған-құтқан ақыл есіңнен айрылғанбысың? Екіқабат қылып тастап кетіп отырған жоқ па қызыңды анау жетімек сорлы?!. Онысымен қоймай үйге келіп: «Қорлан, біз бірге бола алмаймыз. Оған мына әке-шешең кінәлі», – деп, бар кінәні бізге артып кетті ғой ол жетесіз неме!
Алдаш: – Менің ақыл есім сау. Ақылым орнында. Ал мына сен не соқырсың, не жалғыз қызымыздың сырласы бола алмаған сорлы шешесің. Баламыз ол бәледен дін аман. Жүкті болған түгі де жоқ. «Қызың жүкті» дегенді шығарып жүрген ана сүмелек екен, бұл сол сүмелектің ойлап тапқан айласы екен.
Дәмеш: – Ох, оңбаған, айлекерін қарай гөр бұның, бәрімізді ақымақ қылып. Бұл қорлығын аяқсыз қалдыруға болмайды, Алдаш! Қалайда сазайынын тарттыру керек!
Алдаш: – Дұрыс айтасың. Ол оңбағанды жөргегінен шығармай тұншықтыруым керек еді. Нишего… Әлі қан жылайтын болады ол жетімек!
(Екеуінің әңгімесін есік қоңырауының сыңғырлаған үні бұзды).
Алдаш: – Бұл кім? (Алдаштың өңі бұзылып, қолындағы нанды қоя салады).
Дәмештің де түсі бұзылып кеткен: – Білмеймін. Сен қамалғаннан бері біздің үйді бәрі сырт айналып өтетін болған. Кім келсе де барып ашайын.
Алдаш: – Тоқта, тағы да тергеуші болса қайтесің?!
Дәмеш: – Қойшы, қайдағыны айтпай. Түске дейін босатып, түстен кейін қайта қамайтын олар да ерігіп жүрмеген шығар, – деді де есікті ашты. Сырттан үйге Ермек Аяшевич кіріп келгенде, Алдаш пен Дәмештің ауыздары ашылды да қалды.
Дәмеш: – Ермек Аяшевич… Сізбісіз?..
Алдаш: – Ереке… Расында бұл сенбісің?
Ермек: – Немене, танымай қалдыңыздар ма, әлде қатты өзгеріп кетіппін бе?
Алдаш: – Жо-жоқ. О не дегенің. Төрлет, төрге шық, – деп орнынан тұрып, басқа орындық жоқтай өзінікін ұсынды сасқалақтаған Алдаш.
Ермек те қаз қатар тұрған орындықтардың біреуіне де тоқтамастан Алдаш ұсынған орындыққа жайғасты. Әлі де жанында тік тұрған үй иесіне төменнен жоғары шалқая қарап, «отыра бер» дегендей ишарат білдірді. Сырттан қараған адамға қонақ пен қожайынның тұрысы емес, бастық пен қол астындағы қызметкердің тұрысындай көрінер еді бұл жай. – Иә, не жаңалық? – деп сұрады Ермек еш нәрседен хабарсыз адамдай.
Алдаш: – Өзің де хабардар шығарсың, Ереке… Бұл бір төбеден жай түскендей ыңғайсыз жағдай болды.
Ермек: –Төбеден жай түскендей де… Ал меніңше, бәрі заңды болған сияқты. «Не ексең – соны орасың». Сенің соңғы уақытта аяғың жерге тимей кетті білем. Болар-болмас бағындырған төбеңді басқалар жетпес асудай көрдің. Жеткен биігіңнен ешкім сені итеріп тастай алмас деп ойладың. Жан-жағыңды, айнала ортаңды саралап, екшеуден қалдың. Нәтижесі – міне, осындай болды. Енді аяғы не болатынын білемісің?
Алдаш: – Жоқ. Бағанағы тергеуші де түсіндірмеді мән-жайды.
Ермек: – Олай болса, қос анау телевизорыңды.
Алдаш: – Онда не бар? – деп телевизордың пультін қолына алды.
Ермек: – Қоссаңшы бол. Жаңалықтарға қой.
(Бәрі телевизорға назар аударды).
Жаңалықтардың дикторы: – Кеше жоғары лауазымды шенеунікке пара ұсыну кезінде Арлан Тіленшиев деген азамат құрықталды. Бұл жөнінде ақпарат таратқан Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәлімдеуінше, Тіленшиевтің пара ұсынғаны жайлы ақпарды жоғары лауазым иесінің өзі хабарлаған.
Алдаш пен Дәмештің ауыздары ашылып таңырқаған күйі Ермекке қарады.
Ермек: – Солай, мінекей. Неменеге маған бажырая қалдыңдар? Неге бұлай болды деп отырған шығарсыңдар? Оның еш сыры жоқ. «Ескі дос – жаңа екі достан артық» демейтін бе еді? Оның үстіне ол жылпостың ертеңгі күні дәл сені сатып кеткендей мені де тақырға отырғызбасына кім кепіл. Өмір деген тартыс, керек десең жан беріп, жан алысатын кескілескен шайқас. Аламан бәйге өмір деген. Ал сені сол бәйгенің қақ ортасына жеткізбей-ақ ертоқымыңмен қоса аударып кете жаздады жаңағы бала.
Алдаш: – Ереке-ау, кім білген жанымдағы көмекшімнің осындай опасыздық жасап кететінін?!
Ермек: – Жә, қоя ғой, Әлеке. Бос сөзді қайтесің?! Сен болмасаң, сенің қолдауың болмаса, ол боқмұрынның жалғыз өзінің қолынан келе қоймас ондай қыруар қаржыны жымқыру. Қажет десең тексеруді жалғастырайық анық-қанығына жетіп.
Алдаш: – О не дегенің Ереке, қажет емес. Мен бәрін түсіндім.
Ермек: – Түсінсең, солай. Бүгінгі таңда күнара біреу ұсталып кетіп жатыр. Біреуі параны беріп, екіншілері алып тұтылып жатқаны. Сондықтан, –деп шошайтты саусағын Ермек, – ең бастысы сақтық керек бәрімізге. Сақтықта қорлық жоқ демейтін бе еді.
Алдаш: – Дұрыс айтасың, Ереке, айтқаныңның бәрі дұрыс. Айдаладағы біреуге сенемін деп артым ашылып қала жаздады ғой тіптен. Егерде сен болмағанда қалай боларын кім білген?
Ермек: – Вот-вот. Соны ұмытпасаң болды.
Алдаш: – О не дегенің, Ереке, мен жаңағы анау Арлан секілді ақымақ емеспін ғой жақсылықты түсінбейтін, – деді ыржалақтап. Сосын әйеліне қарап, – Әу, Дәмеш, шай қоймайсың ба, неғып отырсың?! – деп еді, Дәмеш «Ойбүууй!» –деп, ас бөлмеге кетті.
Алдаш: – Ереке, шай қайнағанша бір партия шахмат ойнап тастамадық па?
Ермек: – Шахмат деймісің?… Өткен жолы ойнағанымызда осы шахмат ойынын өмірдің өзіне теңеп, стратегия мен тактика жайында біраз ақыл айтқан сияқты едің. Ал енді не дейсің? Өмірде пешкің ферзіге өтіп кете жаздаған жоқ па, қалай болды, Алдеке?!
Екеуі де қарқылдап күліп, құшақтасып, шахмат столына қарай кетті.
Шымылдық.
Мұхтар Түменбай




