РЕКВИЗИТСІЗ РОМАН

Роман атаулының бәрінде реквизиттің көптігі соншалық, аяқ алып жүре алмайсың. Кітаптардың беттерінен реквизиторды жиі кездестіруге бойымыз әбден үйреніп кеткен, осы бутафорияның бәрі айырықша маңызды деп құлығымызға құйып тастады, сондықтан қазір азды-көпті бақылай білетін кез-келген сауатты адамды жазушылардың қатарына қоса салатын болдық, көбінесе сауаттылығына да қарамаймыз.
Роман туралы әңгіме қозғағанда ең алдымен оны қай жанрда қарастырамыз – ермек ретінде ме әлде өнер туындысы ма – осыны анықтап алу керек, өйткені олардың мақсаты да, сол мақсатқа жету жолдары да екі басқа. Таңғы асқа пісірілген жұмыртқа немесе таңертеңгі газет мәңгілік құндылық болсын деп ешкім талап етпейді ғой. Жұрттың бәрі және әр адам тұтына беретін романның арзан сабыннан, әтірден немесе жиһаздан ешқандай айырмашылығы жоқ. Сапаны емес, санды ғана ойлап, ұзақ мерзімге шыдауын емес, алуан түрлі болуын көксейтін, бірінің орнын екіншісімен алмастырып, өз кезегінде ол да көп ұзамай жарамсыз болып қалғанда лақтырып тастай салатын адамдар үшін жазылған дүниені әрлеп-нәрлеп жатудың керегі шамалы. «Вулворт» дүкенінің сөрелерін әр данасы он центтік грек мүсіндеріне толтырып қойса халық оны үндістердің алабажақ мүсіндері тәрізді талап әкетеді деп ешкім ойламайтын шығар? Еріккенде ермек ету бір басқа да, шынайы өнер туындысынан ләззат алу екі басқа.
Кез-келген шынайы суреткер «бақылаушылық» пен «сипаттай білуді» өзінің техникалық құралдар сақтайтын қоймасындағы қарапайым аспаптар ғана деп есептейді. Онсыз болмайды, әрине, сонымен қатар, қарабайыр да ортақол жазушылар бақылағыш келеді. Гоголь туралы ғажайып очеркінде Мериме: «Түптеп келгенде, табиғаттың өзі тарту еткен шетсіз-шексіз, мың құбылған түстердің бәрін ажырата біліп, дәлме-дәл бейнелегеннен гөрі солардың арасынан біреуін ғана таңдап алу әлдеқайда күрделі өнер» деп бекер айтпаған шығар.
«Реализм» дегеніміз айналадағы заттардың бәрін түгел тізіп шығып, механикалық үрдістердің мәнін, фабрикалар мен басқа да өндіріс салаларын басқару тәсілдерін түсіндіру, сосын, әрине, алуан түрлі сезімдерді егжей-тегжейіне дейін сипаттау деп жаңылысу бұл күндері кең таралып отыр. Ал, реализм, ең алдымен, жазушының материалға көзқарасы, таңдаған тақырыбының қыр-сырын ашуға дайындықпен кірісуі – іріктеу емес, кірісу! Әйелінің сыртынан басқа біреумен ашына болып, нақсүйерінің еркелігін көтеру үшін қаржылық алаяқтыққа барған, сөйтіп жүріп бар байлығынан айырылған банкир туралы әңгімеде банк ісін, несие беру жүйесін, биржалық операцияларды шеберлікпен суреттегеннен көркем туындының құндылығы арта түсе ме? Әрине, әңгіме нашар болса ондай шұқшия суреттеу сәл де болса пайдасын тигізетін шығар, ет сатып алсаңыз да артық кесек қосқанда салмағы ауырлай береді ғой. Бірақ сол биржалық операциялар мен банк ісі туралы жазудың қаншалықты керегі бар? Ондай нәрселердің көркем қиялға қатысы қанша?
Онда Бальзакты қайтеміз деп өре түрегелуіңіз мүмкін, әрине. Ия, Бальзак өз шығармаларында сөзсіз шыншылдыққа қол жеткізуге тырысқан (музыкалық драмада сахналық шыншылдықты ұстануға тырысқан Вагнер секілді ол да біраз жерге барды). Ол мұны алғаш жаңалық ашқан адамның құштарлығымен, білмекке құмарлықтың жалынды өршілдігімен істеді, оны мойындау керек. Тұрмыстағы әр түрлі заттар оның буырқанған ақыл-ойының сұрапыл жалынында қайнап-пісіп, нақты пішінге ие болды. Парижді сол қалпында суреттеп, ондағы үйлерді, төселген кілемдерді, ас та төк тағамдарды, ағыл-тегіл шарапты, ләззатқа шомылу ойындарын, іскерлік және қаржылық қитұрқылықтарды қағаз бетінде қайта жаңғырту – жазушының жоспары аса ауқымды болғанын көрсетеді, бірақ соның бәрі… шынтуайттап келгенде, нағыз суреткерге лайықсыз қылық. Кітаптарының беттеріне кірпіш пен сылақты, жиһаз бен ішіп-жемді толтырып, банкрот болудың қалай жүретінін шұқшия сипаттаған сайын біртіндеп түпкі мақсаттан қашықтай берген. Біздің жадымызда ол өзінің ашкөздік пен сараңдық, атаққұмарлық пен тәкаппарлық меңдеп, адами құндылықтардан айырылған кейіпкерлері арқылы сақталып қалды, сол кейіпкерлерге қызығушылық әлі де басылған жоқ. Ал оларды қоршаған материалдық ортаға — жазушы үшін соның бәрін сипаттау қаншама қиынға түссе де – назар аудара бермейміз. Бальзактың заманынан бері неше түрлі интерьерлер мен «іскер адамдардың өмір тарихы» әбден тойдырып жіберді. Оның қағаз бетіне салып кеткен қаласы қазірдің өзінде қирап-бүліне бастады. Бальзакты замандас жазушыларының бәрінен жоғары бағалаған Стивенсон оның «сипаттамаларының» басым көпшілігін оқымастан өте берер едім деген. Ал Мерименің новеллаларынан ең болмағанда бір сөйлемді сызып тастай алатын адам табылар ма екен? Карменсита мен құрбылары фабрикада сигараны қалай толтырғанын егжей-тегжейлі сипаттау кімге керек? Әлде романның жаңа типі сондай ма? Бұрынғыдан бұл қаншалықты артық?
Бұл орайда тағы бір ұлы жазушыға тоқталмай кете алмаймыз. Толстой да материалдық заттарды сипаттау тұрғысынан Бальзактан кем түспейді: тағамдарды қалай дайындайтыны, кімнің қалай киінетіні, үйлердің жабдықталуы секілді жәйттерге ол да баса көңіл бөлген. Бірақ бұл жерде елеулі айырмашылық бар: көне Мәскеудегі әйдік үйлердің естен кетпес жабдықталуы мен кейіпкерлердің киген киімдері, жеген тағамдары автордың санасынан ғана туындамайды, сонымен қатар, кейіпкерлердің эмоциялық әсерленуі жағынан адамның басынан өтетін жәйттердің ажырамас бөлігін құрайды, осының бәрі біріге келіп, таңғажайып қорытпа болып шыққан. Осылай біріккен кезде шыншылдық жай ғана шыншылдық болып қалмайды – болмыстың құрамдас бөлігіне айналып кетеді.
Романды көркем қиялдың жемісі десек, бізге оның журналистік дәлдігі қаншалықты жарқын әрі жанды болса да текке керек емес. Автор өмірдің мың құбылып, ұшқын атқан сан қырлы ағынының арасынан өнер туындысын құрайтын мәңгілік материалды ғана алуға тиіс. Қазіргі кейбір нышандардан үміттенеміз, жастардың шығармаларында қарапайым өмірге ұқсастықтан арылып, заманауи көркемөнер туындылары секілді кейіпкерлерінің материалдық және әлеуметтік сипаттарын қиялының сүзгісінен өткізіп, осы жәйттерді түгелдей санамалап жатпастан жай ғана ишара білдірумен шектелуге бейімдік бар. Өнер туындысы неғұрлым биік болса, соғұрлым қарапайым болады. Жазушы жазып үйренгеннен кейін жазуды ұмытуы керек; қазіргі суретшілер сурет салуды үйренген соң өздері жетілген әдіс-тәсілдерден қашан толық бас тарта алатынын, қай кезде шынайы да жоғары әсерге бағындыру керектігін зерттейді. Осы бағытты ұстанар болсақ, роман жанры бүгінге дейін өмірге келген толып жатқан шығармалармен салыстырғанда әлдеқайда икемді әрі мейлінше жетілген өнер туындысына айналар еді.
Әдебиетке енді ғана келген талапкерлерге үлгі ретінде ертеректе жазылған романдардың бірін ұсынар едім. «Алқызыл әріптегі» (1804-1864 жж.. өмір сүрген Америка жазушысы Натаниэль Готорнның 1850 жылы жарық көрген романы – аудармашы) оқиға өтетін орынды суреттеген кезде автор өнердің шынайы рухын дөп басқан. Болашақ уағыздарын пысықтаудан қолы босамай жүрген колледж түлегі басқа дәуірге ежелгі пуритандардың әдет-ғұрпымен, киім-кешегімен, үйлерін қалай жабдықтағанымен танысу үшін бармаған болар. Шығармада материалдық заттарды сипаттау жоққа тән, көшедегі концертті көруге шақырғанда айтылатын арзан сөздерді естімейсіз, дүкен сөресіндегі ойыншықтың механикалық қозғалысын көрмейсіз, бірақ соның бәрінің астарында суреткердің көзге көрінбейтін, қатқыл қолы жатқанын аңғарасыз. Кітап беттерінде тұнып тұрған бұлыңғырлау мұң мен айырықша реңктегі бояулардың тасасынан кейіпкерлерді қоршаған заттарды көру қиын, олар тым күңгірт, сондықтан шамалап қана білесіз.
Шығармашылықтың мәні бақырайтып көрсету емес, ишаралау ғана. Романда, драмада, поэзияда аталып-түстелмеген заттардың болуы, құлақпен естіп емес, ішкі түйсікпен танитын дауыстар, сөз арқылы бейнеленген көңіл-күй, фактінің, құбылыстың немесе әрекеттің сезімдерден көрініс табуы – өнер туындысының шынайы құндылығы міне, осындай шеберлікте жатыр.
Материалдық әлемді шыншылдықпен суреттеуден, ақыл-ойдың әрекетін немесе тән арқылы танылатын сезімдерді шыншылдықпен бейнелеуден пайда жоқ. Сезімдер тым көп сипатталған романның реквизитке толы романнан айырмасы шамалы, каталогқа ұқсап кетеді. Адамның қуаныш пен қайғыны бастан өткеруі мен сезім органдарының әсерленуі арасындағы айырмашылықты түсіну үшін Дж.Г.Лоуренстің «Кемпірқосақ» деп аталатын кітабын (Дж.Г.Лоуренстің 1915 жылы жарияланған бұл романы 1925 жылы «Брэнгуендер әулеті» деген атаумен орыс тілінде басылған – ауд.) мысалға келтірсек жеткілікті. Онда әр түрлі сезім органдарының сенсорлық құралдарға жауабы қандай болатынын зерттеуге арналған зертханалық тәжірибелер сипатталады, ондай адамдар біртіндеп адами келбетінен айырылып, ақыры айуанға айналып кетуі ықтимал екен. Ал егер Ромео мен Джульеттаның арасындағы махаббатты Дж.Г.Лоуренс осындай прозаға көшірсе одан өткен қандай сұмдық болуы мүмкін?
Реквизит атаулының бәрін лақтырып тастап, сонымен бірге тәніміздің не сезетіні туралы мән-мағынасыз айтыс-тартысты, бәрімізді шаршатып біткен ескі пішіндерді түгел ұмытып, бөлмені грек театрындағы сахна немесе тақуаның құжырасы секілді босатып қойсақ, үлкенді-кішілі барлық тартыстар осы ашық сахнада өтсе қандай тамаша болар еді! Ал онда не болса соны тықпалай берсек, балаларға арналған ертегіні де, қасіретке толы трагедияны да біржола құртып тынамыз. Дюма-әке айтқан қағидатқа сәйкес, драма туғызу үшін адамға құмарлық-құштарлық пен төрт қабырға болса жетіп жатыр.

1922 жыл.
Орыс тілінен аударған Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ