САФ ӨНЕР. САҢЛАҚ ТҰЛҒА

МІНЕЗІ БӨЛЕК ТҰҒЫРЛЫ ТҰЯҚ

Кинода 50, дубляжда 500-дей рөль сомдап, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына бар ғұмырын арнаған, ұжымға сыйлы аға болған Мәкеңнің жасы да, міне, 100-ге келіп, ғасырға жетіп жатыр екен. «Мәкең» деп отырғанымыз – Мәкілқожа Құланбаев.
Мәкеңнің туған әпкесі Бибіза, жездесі Файзолла, інісі Ақыл Құланбаев, қайынағасы – «әуе толқынындағы қазақтың дауысы» атанған Әнуарбек Байжанбаев, Әнуарбектің баласы Жан Байжанбаев – қазақтың мәдениеті мен өнерінде орны бар белгілі тұлғалар. Бибіза Құланбаева Балалар мен жасөспірімдерге арналған театрда актриса болып, осы театрдан зейнетке шықты. Бибіза апа Шәкен Аймановтың фильмдеріне түсті. Жақсы әнші еді.
Күйеуі Файзолла Тоқтарбаев ағамыз да аталған театрда актер болып, зейнет жасына дейін қызмет қылды. Ұзақ жасады. Екеуі де атақ-дәреже қумай, қатардағы артист болды. Тұтас ұжым екеуін ерекше сыйлайтын.
Мәкілдің інісі Ақыл Құланбаев өнер жолын театрда бастап, одан ары қарай қызметін радиода режиссер-актер болып жалғастырды. Оған да атақ тиген емес. Біраз фильмдерде ойнады.
Мәкеңнің немере ағасы, белгілі Алаш қайраткері – Халел Ғаббасов еді. Ізіне түсіп зерттейтін талапкер жастар табылып жатса, құнды тақырыптардың бірі осы – Халел Ғаббасовтың өмірі болатыны даусыз. Мәкіл ағамызбен өмір бойы бір театрда қызмет істеген Әмина Өмірзақова апамыз да осы елдің тумасы.
Мәкіл ағамыздың мінезі жұмсақ, жайсаң жан еді. Өнердегі атақ пен мансапқа өлермендене ұмтылған кезі болған емес. Содан да шығар, 50 жылдық мерейжасына орай берілуі тиіс «ҚР еңбегі сіңірген» құрметті атағы ол кісіге араға жылдар салып барып бұйырды.
Бір театрдың кірпішін қалауға қайрат қылған ақсақал актер болса да, «Халық артисі» атағына жете алмай өмірден өтті. Осының бәрі оның жан тазалығынан туған жағдайдың көрінісі. Алайда екпін түсіріп ерекше айтарымыз: актер Мәкіл Құланбаевтың көп жылғы еңбегінің ерекше жемісі мен жеңісі – Әуезовтың «Алуа» қойылымындағы Назарбек рөлі болды. (Аталған пьесаны 1984 жылы режиссер Райымбек Сейтметов сахналады).
Бұл қойылымның тағы бір ерекшелігі – Ләйла Мұхтарқызының өзі көріп, бағалап, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғаны және Жастар театры өз алдына театр болып, Мемлекеттік сыйлықты алғаш алуы еді.
Мәкеңнің өткен өмірі мен еңбегіне көз салсақ, ол – алғаш ашылған балалар мен жасөспірімдер театрының (1948 жыл) негізін қалаған аға актер. Жастар театрын құрған – есім-сойы сол кездегі Одаққа белгілі КСРО халық артисі, педагог, режиссёр Наталия Ильинична Сац. Ұстазы – әйгілі Асқар Тоқпанов. Әр өнер адамына бұйыра бермейтін тарихы осындай ерекше жанның бірі – Мәкілқожа Құланбаев.
Мәкіл ағамен ширек ғасыр бір театрда қатар қызмет атқардық. Өзім көріп, бірге ойнаған рөлдері – «Ақан сері – Ақтотыдағы» Қоңқай болды. Мәкеңнің бұл Қоңқайын Ғабаң (Мүсірепов) жоғары бағалап, батасын бергенін-ді. Сол сияқты театрдағы талай жақсы рөлдері өз алдына.
Мәкең – ұзын бойлы, келбеті келіскен, өзгелерге көп ұқсамайтын бітімі бөлек актер болды. Сахнада үні құлаққа жағымды естілетін, әрі сөзді анық айтатын. Сөздің астарына үңіліп, мағынасын ашып, кейіпкерінің мінез-құлқын дөп басатын. Осының көбі өмір мектебін бала жастан көргендігінен де болар. «Өнер мектебі – өмірден» деуіміздің сыры да осында.
Ауылда туып, қалада қалыптасса да, ол қазақи болмысын жоғалтпай, үлкенге – іні, кішіге – аға атанып, жүрген ортасында өте сыйлы жан болып, өмірден озды.
Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев ағаларымыз оны киносынан қалдырмай шақырса, театрда Асекеңнен (Тоқпанов) бастап талай режиссёрлар басты рөлдерді Мәкіл ағамызға қорықпай беретін. Бұл да талантқа деген зор сенім. Оның басты дәлелі – театр мен кинода Мәкіл Құланбаев ойнаған рөлдер көрерменнің есінде, өнер тарихында қалды. Сонда да болса, қазақ театр өнерінің бір кемшілігі – өмірден өткен мықты таланттарды зерттеп-зерделеп жазатын мамандардың тапшылығы мен жоқтығында дер едім.
Театр өнеріндегі Мәкілқожа Құланбаев кім десек, ол – атауы бас әріппен жазылуға қақылы «Актер» деген құрметті атқа ұят келтірмеген, алдыңғы ардагер ағалардың соңынан ерген асыл тұяқ. Мен көрген Мәкең осындай еді…

Ерсайын Төлеубай,
ҚР халық артисі, режиссер, драматург

СӘУЛЕЛІ СӘТТЕРДІҢ
АРАСЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТ

1983 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет иниститутын бітірген бетте, курста бірге оқыған К.Нұрланов, Р. Қалиолдина, Е.Абдрешов және мен бар, қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрына жолдамамен келе қалдық. Менің жолым болып, Мәкіл Құланбаев, Атагелді Ысмаилов ағалар отырған гримдеу бөлмесіне орналастым. Содан аузым ашылып, аңыз адамдармен бірге отырғаным рас па, өтірік пе дегендей әңгімелерін тыңдаймын. Бұл кісілер көп оқыған, білімдері терең актерлер ғой. Кейінірек етім үйрене бастағаннан кейін аздап әңгімелеріне араласып, арасында әзіл де айтып қоятын болдым.
Содан бір күні Мәкіл ағаның: «Бала, шахмат ойнай аласың ба?» – деп сұрағаны. «Иә» дедім, «ендеше, кел, отыр, мыналардың бірде біреуі шахмат ойнауды білмейді», – деді Мәкіл аға. Сөйтсем, шахматты тәп-тәуір ойнайды екен, менің де шахмат теориясымен айналысқан тәжірибем бар, не керек, бос уақытымызда ит жығыс түсіп, ойынның қызығына кіріп кетеміз.
Бірде сахнада «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклі жүріп жатқан. Мәкіл аға Қоңқай деген кейіпкердің рөлінде ойнайды, мен – Сейітті. Арасында жарты сағаттай екеуміздің бос уақытымыз бар, бастап қойған партияны бітіре салайық деп ойынның қызығына еніп кеткенбіз ғой. Бір кезде Мәкіл ағаның жұбайы Гуля апайдың (ол кісі режиссердің көмекшісі болатын), «Құланбаев!» деген ащы дауысы естілгенде, Мәкіл ағам бөлмеден қалай атып шыққанын байқамай қалды-ау деймін. Сөйтсек, ол кісі сахнадағы ойнын сәл өткізіп ала жаздапты. Сөгіс еститін болдық деп, мен де қосақ арасында кететін болдым деп, әлгі оқиғадан кейін қатты абыржығаным есімде.
Мәкіл ағаны ойласам, осындай сәттер, естеліктер ойыма орала береді. Бір сәт және бүкіл ғұмыр… Сол сәттердің арасында үнемі Мәкіл ағаның жарқын бейнесі жүреді.

Бақытжан Әлпейісов,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

МӘКІЛ АҒА МЕКТЕБІ

Мәкіл ағамен бірге жұмыс істеу қызық болатын. Бала сияқты аңғал, әпенділеу мінезі ол кісіні өзгелерден даралап тұратын. Ғ.Мүсірепов театрында бірнеше спектакльдерде бірге ойнадық. Гастрольдік сапарларда, облыс, аудандарда да бригадамен (бірер спектаклмен шығатын шағын топ) бірге жүрдік. 90-шы жылдардың басында Мойынқұм, Талас аудандарын С.Балғабаевтың «Қазақша күрес» деген комедиясын бір айға жуық ел аралап көрсеттік. Жарықтық Мәкіл ағамыз сол кезде жетпістен асып қалған… Небір алыс жолдарда қаққан қазықтай отырып әңгіме айтып отырар еді. Кейбір ауылдарда дастархан жайылып, сол жердің басшылары «мына спектакльдеріңізді тездетіп ойнаңыздар, дастарханға барайық» дейді ғой. Оларға, әрине, артистермен бірге отырып дастархан басында сырласу, көңіл көтеру қызықтырақ. Ондайда спектакльдің кейбір тұстарын қысқартып жіберіп, тезірек бітіруге тырысамыз. Бірақ, Мәкіл аға жүрген жерде ол қулығымыз іске аспайды, құрғыр. Өйткені жаңағы тастап кеткен жердің сөзін қайтадан бастап түгел ойнап шықпаса, ағаның көңілі көншімейді. «Айналып кетейін, Мәкіл аға-ау, бағана осы елдің жігіттері өтініш жасап еді ғой» десең, «халықты алдауға болмайды, өнерге адал болу керек» де-е-еп қарап тұратын.
Сол жылдары сабын деген таптырмайтын дүние болып еді. Бір күн демалыс ұйымдастырып, Мойынқұмдағы моншаға бардық топырлап. Сабын болмаса да, буланып, жылы суға жуынып алайық дестік. Әйтеуір, барымызбен базар жасап, жуынған болып жүрміз. Қараймыз, Мәкіл ағаның үстінен көбік көрінеді. «Мына ақсақалды қара, жасырған сабыны бар екен ғой» деп, жақындап келіп сұрасақ, кір жуатын ұнтақпен жуынып отыр екен. Аз-аздан сұрап алып, кәдімгідей болып қалдық. Бірақ, ұнтағы бар болғырдың түшкіртетіні жаман екен. Сөйтіп «жуынып» жүргенімізде, ыстық судың бітіп қалғаны. Ортамыздағы Айтжаны ағаның (қарынды кісі еді, жарықтық) – үсті-басы ақ ұнтақ. Ағаны суық сумен жуынғанынша жуындырып, содан кейін жабыла сүлгімен сүртіп әлекке түстік. Әлгі ұнтағы құрғыр оңайлықпен кетпейтін жабысқақ пәле екен, әрең дегенде тазаладық ағамызды. Ертесінде қарнының, денесінің біраз жері қызарып, бөртіп, қышып мазалаған көрінеді: «Қайдағы жоқты шығарасыз да жүресіз», – деп Мәкіл ағаға ренжіді Айтекең.
Бір ауылға бара жатқанымызда, сонау алыстағы көлден аппақ құстар көрінді. «Аққулар! Қараңдар аққулар!» – деп Мәкіл аға дауыстап жіберді де, керемет бір әсерге бөленіп, Сәкен Сейфуллиннің поэмасын оқып кетті дейсің саңқылдап:

Ағаның тебіреніп отырғаны бәрімізге әсер етті. Мен домбырамды ала салып «Аққу» күйін шерттім, Күләш апамыз ыңылдап, үнімен қосылды. Сөйтіп, әп-сәтте автобустың ішін думандатып-ақ жібердік. Тек бір өкініштісі, жақындап келгенде байқасақ, «аққу» деп даурыққанымыз қоқиқаздар болып шықты. Е, мейлі дестік.
Театр сахнасында Мәкіл аға өте көп образдар жасады. Олардың бәрін атап шығу артықтау болар. Менің есімде қалғаны – Мәкіл ағамыз жас буынға мейіріммен қараушы еді. Берілген рольдің тетігін таппай қиналып тұрғаныңды байқаса, тез арада ақылын айтып, көмектесуге тырысатын.
Көптеген жылдар Мәкіл аға, Атагелді аға, Мұхтар аға, Алтынбек ағалармен дубляж залында бірге талай таңды атырып, талай кешті батырдық. Соның бәрі кейінгі толқын біздер үшін үлкен мектеп болды. Сол сәттерді қатты сағынамыз.
Ол жылдары театр басшысы Райымбек Сейтіметов ағамыздың бастамасымен мектептерді, жоғары оқу орындарын, мекемелерді аралап жүріп, арнайы барып кездесулер өткізетінбіз. Кездесу барысында монологтар оқып, ән салып, спектакльдерден үзінділер көрсетіп, жастарды театр деген әлемге еліктіріп қайтатынбыз. Сондай шаралардың бәрінде де Мәкіл аға ортамызда жүретін. Театр өнеріне шын берілген, өмірінің бар маңызын содан тапқан адам еді ол.
Мәкіл ағаның қожанасырлығы да бір басына жетіп артылатын. Ол туралы басқалар айта жатар. Бір білетінім – анда-санда ернін күйдіріп алатыны еді. Бар ықыласымен әңгімеге беріліп кеткенде, шылымының шоқ жағын ерніне салып алғанын талай көрдік.
Кәстөм-шалбар киіп, галстук тағып, үйдегі тәбішкесімен театрға келгені туралы да әңгіме бар. Гүлшахра апамыздан жасырып жүрген ақшасын тышқанның қалай тауып алып қашқаны туралы әңгімесі де күлкілі еді.
Қалай десе де, қазақ театры мен кино өнерінде өлшеусіз із қалдырған тұлға еді Мәкіл аға. Сол кісілердің атаусыз қалып бара жатқаны өкіндіреді. Осы ретте, ел жадынан ұмытылып бара жатқан өнердегі ардақтылардың бірі – Мәкіл ағаны еске алып отырған «Жұлдыз» журналының ұжымына рахмет айтқым келеді.

АЛТЕКЕҢНІҢ ТАНАУЫ

Театр сахнасында жүріп жатқан репертуармен қатар алыс аудандарға шығып өнер көрсетіп жүретін шағын бригадалар болады. Құрамы бес-алты, кейде одан да көп актёрлардан тұратын топ он бес-жиырма күн бірге жүріп, бір спектакльді көрсете беруден қатты жалығатынбыз. Өйтпей ше? Ертелі-кеш көз алдыңда бір адамдардың ғана бейнесі. Кешке келіп қонатының – қонақүй. Ол болмаса, ауылдық жерде бір үйге тобыңмен түсіп қонып шығасың. Көңілі дархан ел іші барынша сыйлап, қонақ қылып шығарып салады. Таң атқанша думандатып отыратын сәттер қанша ма? Бірақ, осының бәрінен мезі болып кететінің сонша – мына сапардың тезірек аяқталып, отбасыңа, Алматыға жетуді аңсайсың. Ондай сәттерде көңіл көтеріп жүретін әзілкеш қыз-жігіттердің орыны бөлек, әрине. Сондай жігіттің бірі ортамызда – Бақытжан Әлпейісов болды.
Ұмытпасам тоқсаныншы жылдардың соңы болатын. «Кубань» деп аталатын қыста – суық, жазда – ыстық автобуспен Жамбыл облысының алыс аудандарын аралап, спектакль көрсетіп жүргенбіз. Кеңес өкіметі жаңа ғана ыдырап, халықтың әл-ауқаты жұтаңдай бастаған кез еді. Кейбір ауылдарда дастархан жайып қонақ етпек тұрмақ, «Неменеге келдіңдер? Мына заман спектакль көріп, арқаны кеңге салып отыратын заман ба?» деген сөзді де естіп қаласың. Содан да болар, «бара жатқан еліміз қалай қарсы алар екен?» деген сұрақ көңілімізді алаң ететін.
Бірде бәріміздің жабырқау жүзімізге қарап алған Алтекең (Алтынбек Кенжеков) жарықтық:
–Танауымның жыбырлап отырғаны-ай,ә?! – дейді. Сол-сол-ақ екен Бақытжан елп ете түседі:
–Танауыңнан айналып кетейін сенің!
Оған қалғандар жапа-тармағай қосылады:
– Осындай жақсылықты сездіріп отырған танаудың иесінен айналдық!
– Әкелші танауыңнан сүйіп қояйын!
– Құдай танауыңның тілеуін берсін!
– Құдай танауыңа ұзақ өмір берсін сенің!
Ал, енді танауға көрсетіліп жатқан осынша құрмет пен қошаметтің сыры неде дейсіз ғой? Алтекеңнің, «Танауым жыбырлады» дегені, «Өнерге сусап отырған ауылға бара жатырмыз. Барған жеріміз көл-көсір дастархан жайып қарсы алады екен», – деп тұспалдағаны. Кейде айтқаны тура келіп, сол күн жақсылыққа толы болса, Алтекеңнің танауы делдиіп, аспандап кетеді. Тіпті ертесіне автобуста келе жатып:
– Әй, бұл танаудың қадірін білмей келген екенбіз-ау! – деп қояды. Содан кейін іле-шала мынандай сөздер өрбиді:
– Қолымда билік болса, осындай танауларға өз қолыммен ескерткіш орнатар едім.
– Бұрын осы танау біртүрлі… пұшықтау көрінуші еді… Сөйтсек, нағыз ерге лайық танаудың өзі екен ғой!
– Жолдастар, бұл танауды аялайық! Ардақтай білейік!
– Иесін… Сол танаудың иесін ұмытып кетіп жүрмеңдер! – дейді Алтекең танауын жоғарырақ көтере түсіп.
– Әрине! Әрине, Алтеке! Сен болмасаң бұл танау біздің ортамызда отырар ма еді осылай таңқиып? Бүкіл он екі мүшеңнің ішіндегі ең асылы осы танауың үшін құрбан болуға дайынмын, Алтеке! Тек бұйырсаңыз болғаны, Алтеке, – деп тізерлей кетеді Бақытжан. Осындай қолдан жасап алған спектакльдерімізді ойнап отырып, өз көңілімізді өзіміз көтереміз. Сөйтіп отырып келесі ауылға да жақындаймыз.
– Алтеке, бүгін не дейді танауың? – деп сұрайды Айтжан Айдарбеков ағамыз шын ықыласымен қарынды денесін түгел бұрып.
– Біртүрлі кеулеңкіреп отырғаны. Бірақ жыбырлап отыр ма? Сол жағы сәл түсініксіздеу болып тұр.
Бәріміз Алтекеңнің танауынан үлкен үміт күтіп, соның жыбырлағанын тілеп телміре қаламыз. Алтекең түшкіріп қалады. Түшкіргені – жыбыр­лағаны ғой. «Оһ!» деп санын шапалақтап қуанып қалады Айтжан аға. Қалғандарымыз іліп ала жөнелеміз. Бұл бір ғана танаудың төңірегіндегі әңгіме. Ал, осы сияқты қолдан құрап алған сценарийлеріміз қанша ма?.. Қандай кезеңде де шабыт шақырып, арқаланып жүретін сол жандарды қалай аңсамассың бұл күнде!? Қалай құрметтемессің?
Алтекеңнің танауы жыбырламақ түгілі қышыма ауыруына шалдықса да, өнерімізді керек етпейтін, тіпті азар да безер болып, қарсы алмақ тұрмақ спектакль қойдырмай ат тонын ала қашатын басшылар да болады. Ондай кезде салымыз суға кетіп, амалсыз аудан орталығындағы қонақүйге қайтамыз. Күні бойы аш құрсақ жүрген, енді түнделетіп босқа өткен күн үшін күйініп келе жатқан біз тағы да «спектакль» ойнаймыз. Тағы да Бақытжан бастайды баяғы:
– Қайда әлгі әулиесымақ танау? Көрсетіңдерші көзіме! – дейді ызбарланып. Алтекең үнсіз ғана танауын төмен салып отыра береді.
– Ой, қойшы сол танауды. Қасиеті кетіп алжыған танау ол! – дейді Айтжан аға кейіген үнмен.
– Ондай өтірікші танауларды сотқа беру керек, адамдардың асқазанын алдағаны үшін! – деп өзеурейді Ерсайын Төлеубаев. Бұл кезде Бақытжан Алтекең отырған тұсқа жақындап келіп, қолын қалтасына салып, үкім айта бастайды:
– Шығар бері қылмыскер танауды! Кесіп тастаймын. Кесіп алып терезеден лақтырам. Жатсын ит-құсқа жем болып. Адал достарын алдаған ондай танауға біздің арамызда орын жоқ!
Алтекең араша сұрағандай әркімге қарайды. Сол кезде бағанадан үнсіз отырған, жасы жетпістен асқан Мәкіл Құланбаев ағамыз орынынан тұрып:
– Ағайын, араша! «Жаңылмайтын – жақ, Қателеспейтін – танау болмайды» деген. Бүгін жаңылысса, ертең оның орнын толтырады. Бүгінше кешірім жасайық. Ол үшін жетпіс жасаған қарт танауымды кепілге қояйын, – деп әзілге араласа кетуші еді.
Ешқандай көрермені жоқ өзіміз үшін ойнаған спектаклімізге өзіміз қол шапалақтап, мәз болып қалушы едік.
Қазір әңгімелеп отырсам, осының бәрі баланың ісі сияқты. Менің бұл әңгімем ешкімді қызықтырмас та, бәлкім. Бірақ сахнада патшаны да, батырды да, ақынды да сомдап жүретін Ұлы дарын иесі Актёр – деген халықтың ел біле бермейтін осындай кездері де болады.

Байғали Есеналиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын»
мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

«ҚАРАТАЙ» АҒАЙ

Біз оны көбінесе «Менің атым Қожадағы» Қаратайдың рөлі арқылы жақсы білеміз. «Қымбатты, Милләтжан! Ер-азаматсыз қиын ғой…» деп жиі қайталанып келетін сөздері де жадымызда. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар, өзі салт басты азамат, Қожаның шешесін шын жақсы көретіні де сезілетіндей. «Милләтжанмен» үнемі шүйіркелесіп сөйлесуі, оған сөз салуға бата алмай, үміт те үзбей үйірсектеп жүруі… бәрі шынайы. Бірақ біз Қожаның әлеміне кіріп кеткенбіз, Қожаға қосылып оны жақтырмаймыз, «осы Қаратайдан-ақ құтылмадық-ау» деп матасекілін бір тебетін балақайға болысқымыз келіп тұрады…
«Алты жасар Алпамыста» (немесе «Алпамыс мектепке барады») ол Алпамыстың әкесінің бейнесінде көрінді. Тағы бір белгілі рөлі – «Жүйрік болсаң, озып көр!» фильміндегі желаяқ балаларды (оның ішінде Гуляны да) баптайтын жаттықтырушы ағай. Мұнда да басты рөл емес, бірақ бейнесі жадымызда сақталып қалды. Жаңылыспасам, «Балалық шаққа саяхатта» да ойнайды, бірақ ондағы рөлі қазір нақты есімде жоқ.
Негізінде Мәкіл аға – театр майталмандарының бірі. Сонау соғыстан кейінгі жылдардан бастап, өзі өмірден өткенге дейін (1993) Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында жұмыс істеді. «Еңлік-Кебекте» де, «Ақан сері – Ақтоқтыда» да, «Мөлдір махаббатта» да ойнады… Дубляжға да көп еңбек сіңірді, Қазақ радиосында да біраз жыл қызмет етті. «Ерден атайдың ертегілері» естеріңізде шығар? Сол «Ерден атайымыз» – осы Мәкіл Құланбаев болатын…

Сәкен Сыбанбай,
жазушы-драматург




ПІКІР ЖАЗУ