ӘУЛИЕ ӨНЕРДІҢ ӘДІЛ САРБАЗЫ
«Әдебиет пен өнердің мұраты – адам жанын ізгілендіру» деген сөз бар. Адамның мына қым-қиғаш оқиғалар мен қым-қуыт өзгерістерге толы аласапыран заманда, ала-құла қоғамда қалайда адам қалпында қалуына, әу баста жүрекке егілген адами қасиеттерді сақтай алуына, тұңғиығына бойлап болмайтын өз жанының түкпір-түкпіріне, шүңейт-тереңіне үңілуіне, яғни өзін-өзі тануына әдебиет пен өнердің тигізер ықпалы орасан. Мұны түсініп, бағалайтындар бар, елең қылмайтындар да жеткілікті.
Қазір кітаптың жақсысы қайсы, нашары қайсы, екеуіне де жатқыза алмайтын ортақол әрі-сәрісі қайсы – ажырата білмейтін оқырман көп. Оқырман түгілі, кейде соны осы сөз өнері маңайындар жүргендер мен әдебиеттің жарық көруіне, таралуына, насихатталуына жауап беретін лауазымды қызметтегілердің өзі дұрыстап айыра алмайтындай көрінетіні бар. Себебі бір қайнауы ішінде қалған, көркем әдебиетке қойылатын талаптардың талайына сай келе бермейтін, оқиға қуалап қана оқитын жұртшылықтың орташа талғамына сүйенген дүниелер алдыңғы лекке шығып кетеді де, сапалы, мазмұнды, ойлы кітаптар көлеңкеде қалып жатады. Мемлекеттік сыйлықты талантты жазушы да, әйтеуір бұрқырата беретін қарапайым жазарман да ала берген соң, былайғы оқырман жақсы мен жаманды қалай ажыратады? Тіпті жаңағы билікке жақын жүріп, кітап тағдырын шешуге араласатындардың «Мынау қандай жазушы?», «Бұл жақсы кітап па?» деп сұрап жүргендері…
Кітаптың асылы мен жасығын салмақтап, оның әдебиетке, оқырманға, қоғамға берер олжа-пайдасын безбендеп, сөз өнеріндегі көркем құндылықтарға қаншалықты сай, лайық екенін таразылай білетін, сол талдау-түсіндірулері арқылы, зерттеу-зерделеулері арқылы әдеби туындының шынайы бағасын беретін, шығарманың қарапайым оқырман байқамауы мүмкін қырық қыры мен сексен сырын қолмен қойғандай алақаныңа салып беретін сыншы деген қауымның қадірін осындайда ұғынасыз.
Әдебиетіміздегі сондай қара қылды қақ жарар әділ сыншы, сол турашылдығымен кейде туғанына да жақпай жүретін майталман әдебиеттанушы – Әмірхан Меңдеке.
Сыншы әділ болмаса болмайды. Бұра тарту, көңілжықпастыққа салыну, сипай қамшылап өте салу, нашар туындыны көпе-көрінеу көтермелеу, керісінше, жақсы шығарманың лайықты бағасын бермеу – өзін-өзін сыйлайтын сыншы үшін өліммен тең. Сондықтан сын жазатын адам ең алдымен әділ де адал болуы керек. Содан кейін барып оның кәсіби әдебиетшілігін, жазу шеберлігін, байқампаздығын, көрегендігін, қырағылығын, тағысын тағы дарын-қабілеттерін даралай түссек болады. Осының бәрі бола тұра, бойында әділдік, сөз өнеріне деген адалдық болмаса, оның үлкен сыншы болып қалыптасуы қиын.
Мен Әмірхан Меңдеке ағамен «Жас Алаш» газетінде, сосын Ұлттық аударма бюросында қаншама жыл қатар қызмет еттім. Яғни жазған зерттеулері мен мақалаларын оқып қана қоймай, оны адам ретінде де жете тани түсуге мол мүмкіндігім болды. Сонда ол кісінің қай мәселеге де сын көзімен қарауға тырысатыны, әдепкі көзқараспен назар салғанда «екі жердегі екің төрт болатыны» секілді түсінікті жайттың өзіне күмәнмен үңіліп, астарына бойлауға ұмтылатыны аңғарылатын.
Әрине, Ә.Меңдеке өмірде, қоғамда кез келген адамның пікірімен санасуға, тыңдауға, талқылауға құмбыл. Кейде тіпті «сіздікі жөн шығар» деп «жеңіле» салуы да ықтимал. Ал шығармашылыққа келгенде, ұлтқа, халыққа, өнерге пайда-зиянына қатысты әңгіме туғанда – оны танымай қаласыз! «Екі туып бір қалғаны» болса да, айтқанынан қайтпай, қатады да қалады. Өйткені Әмірхан Меңдеке үшін уақытында айтылмаған әділ сөздің, дер кезінде жазылмаған өзіндік пікірдің құны көк тиын. Ол кісінің ұстанымынша, «кемшілікті айту айып емес, қайта жанашырлық». Расында да, бір адамның көңіліне қараймын деп, бүкіл сөз өнерін, әдебиетті, қоғамды былғауға бола ма? Одан да бір ғана адам ренжісін. Әдебиетке нұқсан келмесін. Көмейге келген пікірді кері жұту жөн емес, ол – мәкүрік. Ал жекелеген адамдардың реніші екі-үш күннен кейін басылар, оңаша қалып ойланар. Кейбіреуі тіпті сырттай ғайбаттар да. Ол – әркімнің арына байланысты нәрсе. Сыншылықпен айналысқан адам ондай-ондайға дайын болмаса да болмайды.
Әмірхан Меңдеке – ондайға қашанда дайын қаламгер. Себебі сын болған жерде реніш болмай тұрмайтынын түсінеді. Оның үстіне, бізде қазір сын қабылдау мәдениеті де төмен. Мен әлдебір жұмыспен өткен ғасырдың 80-жылдарындағы қазақ баспасөзін шолып шыққанмын. Сонда Рамазан Тоқтаровтың «Ғасыр наны» деген романын «Қазақ әдебиеті» газетінің айқара бетінде Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Дүкенбай Досжан тәрізді жазушылар ашық сынап тастағанын оқыдым. Газеттің келесі санында Р.Тоқтаровтың уәжі жарық көрген. Сонда, байқап отырсам, сынаушылар да артық кетпеген, автор да өзін сынағандарға реніш білдіріп, бұрқылдамаған. Бәрі де шығарманың идеясына, сапасына, көркемдік деңгейіне қатысты қызу пікір алмасқан. Жеке бастың емес, әдебиеттің дүниесі, сөз өнерінің мәселесі деп қараған.
Қазір сынға осылай жаймашуақ қарайтын автор көп пе? Керісінше, сын жазған адамды ғұмырлық дұшпан тұтып, жау санап, оның жазғандарынан кемшілік іздеп, қалайда сүріндіруге, осал жерін тауып омақастыруға ұмтылып жүретіндердің аз еместігін аңғарып қаламыз. Демек, «Топ шеңгелге келсең кел, өзіңе өзің сенсең кел» дегендей, сын жанрына қандай бопсаға да қаймықпай шыдайтын «қарағайға бітер қарсы бұтақтар», яғни сөз өнерінің нағыз адал жауынгерлері ғана тәуекел етсе керек.
Оның үстіне, қазір сын жазу да, шығарма деңгейін бағалау да оңай емес. Бүгінгі ақын-жазушылар жазу техникасын керемет меңгеріп алған. Бір қарағанда, өте сауатты жазылады, сөз-сөйлеміне тиісе алмайсың, идеясы да дұрыс секілді, оқырманды да оқуға жетелеп отыратындай. Бірақ… кейде әйтеуір бірдеңе жетіспей тұрады. Ол не? Міне, осыны нағыз сыншы тап басып аңғарады, біздің өреміз жетпей тұрған, таппай тұрған кемшілікті дөп табады. Ол – шығармада жанның жоқтығы.
Әмірхан Меңдеке өз талдау мақалаларында осыған ерекше мән береді. Яғни шығарма тәуір жазылған, оқылады, бірақ жан жоқ. Жүрегіңді қозғамайды, лүп еткізбейді. Себебі «апырмай, әне бір тұсында күшті тауып кеткен екен-ау, мынау бір айтылмай жүрген, біз ескермеген нәрсе екен-ау» дейтіндей оқшау ой, елжіретер ештеңе жоқ. Яғни әдебиеттің дүниесі емес, таза машықтың нәтижесі. Мұндай нәрсені әдебиет деуге бола ма? Әрине, болмайды. Ә.Меңдекенің күресетін кемшіліктері – осындай сырт көзге білінбейтін «литературщина» мен халтура. Мұндайға жаны қас сыншы сын садағын аямай түйрейді.
Қазір бізде сынның екі түрі қалыптасып барады. Бірі – ақын немесе жазушы әлдебір мерейлі жасқа толғанда жазылатын жаппай мадақ-одалар. Екіншісі – қайнағасының атын атамайтын әдепті келінше ешкімнің аты-жөнін атап көрсетпестен, «кейбір авторлар…» деп басталып, солай бірсарынды да солғын стильде жазылатын сынсымақтар. «Бұл кісі кімді меңзеп отыр, не айтқалы отыр?» деп өзіңнен-өзің балгерге айнала жаздап, аңырып отырасың.
Әмірхан Меңдеке айтарын ашық айтып, сын қарауылына іліккен автордың аты-жөнін атап, өзі аңғарған кемшіліктерін қадап-қадап көрсетіп жазады. Өйткені оның басты мақсаты – әдеби туындының лайықты бағасын беру. Сол ғана, басқа ештеңе де жоқ. Нашар ма – несімен нашар екенін дәлелдеп беру, ашып айту. Мықты шығарма ма – несімен ерекше, несімен мықты екенін талдап-таразылап, көрсетіп беру. Марқұм Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыз айтушы еді: «Әдеби сын деген жылына қанша кітап шықты, қандай шығармалар жазылды, кімнің қанша жылдық мерейтойы өтті – соны түгендеумен шектелмейді. Сын – құр сынап-мінеу де емес. Сын әдебиеттегі жақсы шығарманың, талантты шығарманың лайықты бағасын беріп, оның тууының әлеуметтік мәніне, жазылу себебіне үңілуі керек. Біздегі қазіргі сынның деңгейі – «мына әңгіме немесе өлең жақсы екен» дейді де қояды. Жақсы деген жай сөз. Сын шығарманың жақсы екенін айтып қоя салмай, несімен жақсы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп беруі керек…»
Осы ұстанымға адал сыншының бірі, бірі ғана емес, бірегейі – Әмірхан Меңдеке. Ол мақалаларына өзі талдап отырған шығармадан үзінді (цитата) келтіруге аса әуес емес. Келтіргеннің өзінде аса қажетті тұстарында, оқырманға автор сөйлемінің өзін оқытып барып таразыламаса болмайтын кездерде ғана ұсынады. Оның өзінде бірер сөйлеммен ғана шектеледі. Ал қазіргі кей сыншының он бет мақаласын оқысаң, соның жартысы цитатамен-ақ толып жатады. Ал Ә.Меңдекенің цитатаға әуес болмайтын себебі – біріншіден, ол оқырманға да жауапкершілік артады, қажетті үзіндіні оның өзінің тауып оқуына емеурін білдіреді, екіншіден, онсыз да қат бет, қауырт уақытты сол үзіндідегі ойды талдауға, идеяны ұғынуға, автор мақсатын жеткізуге жұмсағанды жөн көреді.
Бұл күнде сыншыларымыздың дені жалпылама сынға құмар. Ал Ә.Меңдеке әр мақаласында нақты бір міндетті көздейді. Әлгі Қ.Мұханбетқалиұлы айтқан мұраттарға ұмтылады. Мына шығарманы жазуға авторды не мәжбүрледі, не түрткі болды, оның бүкіл жан-жүрегін неге басқа емес, осы мәселе, осы тақырып, осы уайым тебірентті? Бұған не себеп? Жазушы да – қоғамның бір бөлшегі, оны осы идеяға берілуіне айналадағы өзгерістер, оқиғалар, көңіл күй әсер етті ме? Міне, осылай әр шығарманың туу себептері, соған жетелеген әлеуметтік мотив-түрткілер, автордың тұлғалық ерекшеліктері мен бойындағы шығармашылық құбылу-жетілу-даму үдерістері – Ә.Меңдеке сынды нағыз сыншы микроскоппен үңілетін ұңғыл-шұңғылдар.
Басқасы басқа, оның бір ғана сөйлемді аса көлемді арнайы бір мақалаға жүк етуі керемет емес пе? Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан қысқартылып кеткен бір ғана сөйлемін талдайды, оның неге қысқартылғанын сөз етеді, сол кездегі солақай саясатты, біліксіз басшыларды, әдебиет пен өнер табиғатын түсіне алмайтын шолақ ойлы шенеуніктердің тайыздығын сынайды. Шығармашылық адамына рухани жалғыздық мәселесіне тереңдейді, жалпы жалғыздық философиясына үңіледі.
«Заман азды» деушілер аз емес. Ә.Меңдеке заманды жасайтын адам екеніне ерекше назар аударады. Яғни заман неге азады? Өйткені оны жасаушы адам аза бастады. Адамның пиғылы бұзылды, арманы арзандады, мақсаты аласарды, пейілі тарылды, ойы тайызданды. Егер заман өзгеріп жатса, демек, ең алдымен адам жанында бір қайшылықтар болып жатыр деген сөз. Осы ойдың түпқазығы ретінде сыншы бір мақаласында Ф.Достоевскийдің: «Қоғам мен заманның қайшылығы – адам санасындағы қайшылықтардың көрінісі», – деген айтулы сөзін келтіреді.
«Балталасаң бұзылмайтындай боп әбден орнығып қалған әдеби схема бойынша, қазақ қаламгерлерінің дені адам жанының қайшылығын қоғамнан, қоғамның қайшылықтарынан іздейді. Біздіңше, қазақ әдебиетінің үлкен қасіреттерінің бірі де осы» деп жазады Әмірхан Меңдеке «Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей» атты мақаласында («Жалғыздық, сені қайтейін…» кітабы, 130-бет).
Сыншы үшін мол білімнің орны ерекше. Ә.Меңдеке – Батыс пен Шығыс әдебиетін, философиясын, тарихын жете меңгерген білікті қаламгер. Бірақ өзінің көп білетінін көрсетіп қалуға тырысып, қажеті болсын-болмасын, реті келсін-келмесін оқыған-тоқығанын әйтеуір жазған-сызған дүниесінің арасына тықпалай беретіндердің қатарынан емес. Батыс пен Шығыс ғұламаларының ойларын, афоризмдерін, көзқарастарын ең бір зәру тұстарда, айтылған пікірді нығыздай, нықтай түсу керек болған кездерде ғана орын-орнымен, мөлшерімен ғана қолданады. «Шын палуанға оңы-солы бәрібір» дегендей, қажет болған жағдайларда Әмірхан ағамыз хадистен де, Хайдеггерден де мысал келтіруге еш қиналмайды. Өйткені өз тақырыбына сай ізденістерін ешқашан тоқтатқан емес.
Мақалаларын оқығанда, сыншының туынды табиғатын тани білетіні сүйсіндіреді-ақ. Кейде автордың өзі тереңдеп ойлана қоймаған нәрселерге мән береді, айқын аңғарады. Ақын немесе жазушы шабыт қайнарында отырып, әлдебір тылсым рух жеткізген, муза үні сыбырлаған, жүрегіне шуақ түсірген дүниені жазып отырып, оны дәл солай сезінбеуі мүмкін. Әйтеуір сондай құпиялы күйде қаламының ұшына қонған, санасына сәуле шашқан ойды, туынды жазып шығады. Мұны сезінетін – нағыз сыншы ғана. Өйткені сыншы да – жазушы. Сыншы да – ақын. Көзі қиядағыны шалатын қырағы жазушы, жан-жүрегі көкте қалықтаған қыран ақын, байқағыш, аңғарымпаз, тылсым сыр иесі. Сондықтан да сыншының кейде автордан артық біліп тұруы, шығарма болмысын тұтас танып тұруы – түсінікті жайт.
«Сөз өнері – әулие өнер» дейді Әмірхан Меңдеке. Өзі әулие тұтқан өнердің әділ сарбазы боп сапқа тұрған күннен бастап, ол осы ұстанымынан айныған емес. Әйтпесе сөз өнері саласында дос-жаран, әріптес-қаламдас, ағайын-туған ол кісіде де жетіп-артылады. Солармен қанаттаса, қатарласа, сыйласа жүріп, бәрібір жазуға келгенде сол әділдігінен айнымауға барын салады.
Біз өлеңнің, әңгіменің, хикаяттың сыртқы формасы, айтар ойы, түпкі мақсаты деген мәселелерге көбірек мән береміз де, прозадағы қарапайым сөйлемнің астарына жасырынған, өлең жолдарының ара-арасында аңғарылмай қалып қойған құпия мәндерге көңіл бөлмей, өтіп кетіп жатамыз. Әмірхан Меңдеке, кәнігі археологтар секілді, біз абайламай басып өтіп кеткен, жапырып кеткен шөптің түбіне қайта шұқшиып, шығарманың біз аңғармай зуылдата оқып өткен тұстарына жіті көз жіберіп, мүлде өзгеше көзқараспен саралай, сараптай назар салады. Ішкі мәнге үңіледі, жай хабарлы сөйлемнің қырыс-қатпарларын қазады, ондағы жасырын ақиқаттарды аршиды.
Қаламгерге жазу қабілетін Жаратқанның өзі береді. Оны қалай алып жүреді, қалай дамытады – оның ақын-жазушының өз тағдыр-талайы біледі. Қаламгер оқу-тоқу, зерттеу-зерделеу, тану-түйсіну арқылы сол Құдай сыйлаған қабілетін әрі қарай дамытар, бірақ түпкі дәнді шығармашылық адамына Жаратушының өзі егеді. Туынды табиғатын тану, бүге-шігесіне дейін зерттеу, бәрін тарата талдай алу қабілетіне қарағанда, Әмірхан ағамыздан мықты шебер жазушы шығуы да мүмкін еді. Бірақ ол сын жанрын таңдады. Өз бойындағы мүмкіндік, қарым-қабілет, дарынның барынша ашылар, мейлінше қажетке жарар сала – осы сын саласы екенін сол Жаратушының өзі сездірген де болар.
«Бір қария үш ұлына жілік ұстатып тұрып: «Мынаны қайсың түк қалдырмай, тазалап аршып, мүжи алсаңдар, соған беремін» депті» деген әфсана бар ғой. Үлкен ұлы «Маған беріңіз, мен мұны құмырсқаның тіліне ілінетіндей ештеңе қалдырмастан тазалап мүжимін» депті. Ортаншысы да «Бұл жілікте бір заманда ет, сіңір болған екен дегенге кісі сенбестей етіп жалтыратып беремін» деп ұмтылыпты. Ал ең кішісі «Әке, жілікті маған беріңіз, мен мұны алдымен жақсылап мүжимін, сосын ішіндегі майын тазалап жеймін, сосын сүйекті шағып, атала ғып ішемін» деген екен. Сонда «Міне, жіліктің нағыз иесі табылды» деп әкесі риза болған екен.
Сыншы да әдеби шығарманы әр тұсынан келіп, әбден талдайды, таразылайды, жілікше шағып, майын алып, ақырында атала ғып ішуге әзір етеді. Өйткені сыншы да – ақын, сыншы да – жазушы, сыншы да – шығармашылық адамы. «Азаптана алмайтын, азаптана білмейтін, адамның өнерде жүруі – бекершілік» дейді Ә.Меңдекенің өзі бір сөзінде. Бұл жерде ол шығармашылық азапты, танымды жетілдірудің азабын, талғамды кемелдендірудің азабын айтып тұр.
«Жалғыздық, сені қайтейін…», «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір!» секілді кітаптары, жалпы әр жазғаны осы шығармашылық азабына тәуекел еткен кез келген қаламгерге үлгі боларлық сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке – сол тәтті азапты таңдап алған һәм соның жолында адал еңбек етіп жатқан қаламгер.
Сакен
СЫБАНБАЙ





