ДОМБЫРА ХИКАЯСЫ

Замандар өткен бұрынғы,
Тіпті көне бұлынғыр.
Қазақ қазақ болғалы,
Аспабы бар бір сыңғыр.
Бабалардан қалған сол мұра
Бізге жеткен күмбірлі.
Ұлттың төріндегі домбыра,
Асқан шебер күйшінің
Қолындағы домбыра,
Қазақтың қаны, жаны –
Бойындағы домбыра.
Ұлы думан мереке
Тойындағы домбыра.
Ел көшкенде түйенің
Қомындағы домбыра.
Сал-сері мінген жорғаның
Жанындағы домбыра.
Ар-намысқа тұрарда
Жалындаған домбыра.
Қуаныш болса жайраңдап
Күлімдеген домбыра.
Қайғы-қасірет келгенде
Күңіренген домбыра.
«Харам» деген жат дінге
«Жепсің» деген домбыра.
Мәдениет өнерден мақұрым
Тексіз деген домбыра,
Елі сүйген аспапқа
Тіл тигізген ұятсыз,
Бетсіз деген домбыра.
Бұл мұраның осындай
Жөні көп те, мәні көп,
Сан ғасырлар бойында
Оқиғасы, хикаясы және көп,
Соның біреуін айтып қарайын
Сізге оны арнайын
Құлағың сал, ағайын!…

* * *
Ұлы қолбасшы Шыңғысхан
Дүлей дауыл жосылып
Дүркірей соққан шығыстан
Одан жарты дүние ығысқан
Үлкен ұлы Жошыхан
Содан да елдер шошыған
Мәскеуді езіп жаншыған
«Алтын Орданы» орнатып
Құрғандардың бірі – осы хан.
Осы Жошының бір ұлы
Құйрығы айырылған тентек-ті
Әкесіне ұқсаған әнтек-ті
Әкесі елдерді жаулап қақсатқан
Баласы аңдарды аулап оқсатқан
Содан бір күні
Жошыға айтпай жасырын
Нөкерлерді ертіп ақырын
Аңға аттанды пақырың
Ол кезде сары далада
Көп жайылады құландар
Түк зияны жоқ бұл аңдар
Адам, қасқыр кездессе
Қорқып қашып бұлаңдар
Әне хан баласы көрінді
Зәресі қалмай олардан
Аяқтарына сеніп тыраңдар

Нөкерлерді бастап кеп:
«Сендер осында қалыңдар,
Жалғыз өзім барайын
Күш қайратымды бағыңдар
Менен үлгі алыңдар!» –
Деп мақтана ол құтырды.
Тебініп ілгері ұмтылды.
Көзді ашып жұмғанша
Құландарға салды зықырды
Садақпен атып жебелеп,
Найзамен түйреп төбелеп
Құландар құдды көбелек
Құлап жатыр дөңгелеп
Бишараларды аямай
Былай да былай жығады
Қан сасыған иістер
Айдалада шығады.
Осы тобыр ішінде
Бір ақсақ құлан бар еді.
Осы балаға арналған
Көкірегі оның зар еді.
Тұра қалып кенеттен
Екі құлағын жымыйтып
Қанталаған көздерін қылитып
Кісінеді бір әдеппен
Тірі құландар дереу қосылды
Осылай қарай жосылды.
Баланы қағып құлатты
Қара жерге сұлатты.
Ханзада құлаған жерге кеп,
Әрі-бері тапады,
Басқа қимыл таппады
Тұяқпен теуіп қиратты,
Аңның жауы «пиратты»
Барлығы секіріп дайындады
Оған құм астындағы зиратты.
Шапқылағанда көп құлан
Шаң көтерілді боп тұман.
Қара түнек орнады
Көзге көрініс жоқ бұдан
Біраз уақыт өткен соң
Торлыған тұман басылды,
Жарқырап күн ашылды.
Нөкерлер келіп қараса,
Құландар кеткен шығынып.
Ойбай-ойбай! Бала жоқ!
Қайда қалған тығылып?
О, құдай-ай!
Жүздеген тұяқ тапаса
Не қалар ол баладан
Не табылар даладан?
Бәрі іздеп, сабылды
Аралады көп шағылды.
О, ғаламат! Бір кезде
Бір шынашағы ғана табылды
Нөкерлер енді сасады
Жандарын үрей басады
Жошының жайы белгілі
Қандарын судай шашады
«Ордаға әзір бармайық
Сырттан сығалап барлайық,
Мүмкін біреу кездесер,
Бізден бұрын хабарлап
Баланың өлімін сөз етер,
О, құдай-ай, солайша
Ажалымызды өзгертер»
Деп өздерін жұбатты.
Байғұстар қайтты үйіне,
Болған оқиғаға күйіне.
Ей, браконьер-перілер!
Масайрап жөнсіз жүргендер
Жазықсыз жануар жазасы
Сендерге де көрінер
Тентек ханзаданың қазасы
Сендерге де берілер
Ойланыңдар «бөрілер»!

* * *
Жошыхан отыр тағында
Айбарлы ашу шағында
Екі күн болды, бала жоқ
Оны табу қамында
Халыққа жарлық етеді:
Жақсы хабар айтқанға
Бағалы сыйлық бар
Жаманат айтқандарға
Бір «тәтті» сұйық бар
Көмейіне олардың
Балқыған қорғасын құйылар
Осыдан кейін ордаға
Қай ақымақ жоласын
Тентек баланың өлімі
Бұларға қасірет болмасын!
Меңіреу тыныштық орнады,
Бүкіл аймақты індет жапқандай
Үнсіздік торлады.
Сол кезде ханның алдына
Бір қария келді жасқанбай
Қолында әдемі домбыра
Үндеуге әзір қазтаңдай.
Хан жақтырмай жекірді
Өктем дауыспен өкірді:
«Кәне, бала жөнінде
Не білесің?» – деп өтінді.
Қария өзі сөйлемей
Домбырадан төкті бек үнді,
Жошыхан тура естіді
Шапқан тұяқтар дыбысын
Садақтан атылған жебенің
Ызылдаған сыбысын.
Осыдан ол дәметіп:
«балам тірі ме?» – деп сұрайды
Бірақ күйші жақ ашпай
Тартады екінші күйдің тынысын,
Япыр-ай, бұл күйде
Домбыра шіркін мұңайды
Ыңқылдаған ағаштан
Кім түсінген мұндайды
Ол күрсініп, сөйлейтіндей сыңайлы:
«О, хан ием Жошыхан!
Бекем болшы осыған
Балаң өлді тосыннан,
Құланды қырып босынан
Содан олар кектеніп
Балаңды тапап жосыған
Қиылды өмір осыдан
Енді басқа амал жоқ
Қайырын сұра, Жошыхан!»
Ойпыр-ай сұмдық ғаламат!
Жошы айқай аһ ұрды
Ызаланып ақырды
Жендеттерін шақырды
– Өй атаңа нәлет мына шал
Балаң өлді деп тұр ғой!
Өзіне ажал кеп тұр ғой!
Төңкеріңдер аузына
Қорғасыны бар бақырды
Жендеттер қартқа тап берді.
Оларға қария қолдарыңды тарт, – деді
О, хан ием айтатын сөзім бар
«Дат!» – деді
Датың болса, айт деді.
О, құдіретті қолбасшы
Көзіңіз бар көрдіңіз
Сезіміңіз бар білдіңіз
Мен аузымды ашқам жоқ
Тілімнен сөз шашқам жоқ
Сөйлеген мына домбыра,
Балаңыздың өлгенін
Естірткен осы домбыра!
Жошыхан түсінді,
Түсінді де, күрсінді.
– Дұрыс айтады мына құрғыр шал
Онда қорғасынды
Домбыраға құя сал!
Қайран домбыра,
қорғасынға шашалды
Шанағы қаусап шашылды.
Жан досына жаны ашып
Кербұға көзіне жас алды.
Тағы Жошы айқай салады
Кербұғаға зілді қарады
«Сенің де күнәң бар деді.
Домбыраны сен сөйлеттің
Қолдарыңмен сөз үйреттің
Жазалаймын сені де.
Апарыңдар үңгір кеніне
Айдаһардың жеріне
Сол айдаһарға жем болсын.
Уф! Күйігіме медет дем қонсын
Жендеттер кетті сүйрелеп
Күйші жанұясымен қоштасты
Тағы бір домбырасы бар еді.
Соны алып жүрейін
Өлсем де домбырамды тартып өлейін.
Адамның айбынын көрдім ғой
Енді даланың аюын көрейін
Кетті сөйтіп үңгірге
О, құдай-ай, не болмаған өмірде.

* * *
Сонау ерте ғаламнан
Ұмытылған заманнан
Динозавр ұрпағы
Соның қалдық торпағы
Айдаһар шықты жорғалап
Адамды келген жұтуға
Сілекейі сорғалап
Бірақ Кербұға одан сескеніп,
Отырмады қорғалап,
Домбырасын шалды ормалап
Күмбірлетті аллалап,
Міне, қызық, ойпыр-ай!
Айдаһар кілт тоқтады
Күйдің үнін ұққаны,
О, ғаламат, мынау не дыбыс?
Мынау менің даламда
Естілмеген бұл тыныс
Шіркін-ай, мынау керемет!
Түсінгенге керек ед
Кербұға күйді шалқытты
Айдаһарды балқытты
Бұл мақұлықты бей-жәй қып,
Мажыра қылып қалғытты.
Не бір сезім себелеп,
Жалыну сөзін танытты.
«Ая, ая, айдаһар»
Сеннен аяу болмаса
Жанымыз қалай жай табар?
Сезіммен мүлгіген айдаһар,
Сергіп бір сонда оянды.
Оянды да ойланды
Үңгіріне қайта енеді.
Бұл оның қорғап тұрған кені еді.
Жалтыраған бір тасты
Күйшіге сыйлап береді
О, ғаламат!
Бұл ат басындай алтын еді!
О заман да, бұл заман
Домбыраны осылай еледі.
Сөйлемесе де айдаһар,
Қолыменен ымдады.
Күйші түсініп тыңдады
Рахметін жаудырып
Күлімдеуден тынбады
Домбыра шіркін дуылдап
Күмбірлетіп ыңдады.
Қорқыныштан кейін қуаныш
Болады деген жөн екен!
Күтпеген баққа кенеттен
Кербұға шексіз қуанып
Енді үйіне жөнелген
Сонымен бұл домбыра
Ханнан көрді қорлықты
Оның билігінен зорықты
Бірақ Алланың құдіретімен
Дала игілігіне жолықты
Аңнан көрді сақи-молдықты
О, ғаламат заман-ай,
Дүл-дүл осы домбырада
Осындай бір хикая болыпты.

* * *
Аяқталса да хикая, осымен
Қоймай тұрмын нүктені.
Себептер бар өйткені,
Ортаға салар ойлар бар.
Жариялайтын жайлар бар,
Соған құлақ салыңыз,
Қалдырмайық бүкпені.

* * *
Халық шығарады аңызды
Тәлімді керемет маңызды
«Ат басындай алтын»
Деген уағызды
Абыздар есте қалғызды
Бұл домбыраның қымбат құны еді
Домбыраны да сыйлаған пұл еді.
Қазіргіше айтқанда
«прейскурат тарифы».
Әнеки, сол аңыздың тарихы
Бірақ сан ғасырлар өткенде
Оның бәрі ұмытылды.
Ұмытшақ деменциямен жұтылды.
Сөйтіп, шіркін домбыра
Өзінің меншікті тарифынан ұтылды.
Еш ақысыз әншейін күйге тұтылды,
Ал басқалар мұрғамға батып жүр.
Анау айтыс, бокс, жағалас
Сыйлықтың дәмін татып жүр,
Әсіресе, айтыскер дегендер
20-30 машина иемденіп бағып жүр
Үйлерінде автосалон құрып
Ал енді…домбыраға
Сымбылдың сирағы да жоқ,
Тырнаның тырнағы да жоқ.
Құр мақтаған сылдыр сөз
Жақсылықтың жұрнағы да жоқ.

* * *
Кеңес заманындағы
Қазақ поэзиясының бір классигі
Қасекең-Қасым Аманжол
Алматыдан үй ала алмай
Жүргенде шығарыпты
бір шумақ жол:
«Берсең бер, бермесең қой
баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды,
Өлеңнің отын жағып жылытармын.
Өзімді, әйелімді жас баламды».
Содан бергі мезетте
Дәл осындай наз өкпе
Домбыраның атынан
Осы автордың хатынан
Басылып еді
Орталық бір газетте:
«Берсең бер, бермесең қой
сыйлығыңды,
Сонда да тастамаспын сырлы үнімді.
Күйімнің отын жағып, мәз етермін.
Жұртымды, өнер сүйген күллі елімді».

Баяғы жар тас бір жартас
Кеңестік шенеуліктер жартыбас
Түк түсінбей қайрытпас
Олар ешкімді жарытпас.

Айтыс деген қызық қой,
Мата даңқымен бөз өтер
Ата даңқымен қыз өтер
Баяғы айтыс даңқымен
Бәлду-бәлду сөз өтер
Басшы ағалары тұрғанда
Әлі талай сыйлықтарға қол жетер
Машинаға тойсаңыз
Кекірек атып тұрсаңыз.
Енді самолет-такси алуға көз жетер
Анау алыс Қытайда
Сол шығып жатыр дейді ғой.
Енді соны ұтуға кез жетер
Бірақ автопарк тұрған аулаға
Самолет енді сыймайды-ау!
Сөйтіп жанды қинайды-ау!
Бірақ мынада болсын ойыңыз
Самолетті ұшырып, үйіңіздің
Төбесіне қондырып қойыңыз
Әрі қарай аран ашылса
Яхта, катер және бар
Содан да сізге дәме бар,
Кешіріңіз ағайын достарым
Әз әзілдер айтылды
Бұл күлкі үшін қосқаным
«Юморист» деген де есть атым
Сондықтан да, так что
Өкпелемессіз босқа тым.
Сіздерді кемсіткендей,
Оллаһи, жоқ менің мақсатым.

* * *
О, ғанибет!
Қазір айтыс көбейді.
Оған ынтық көп дейді
Бұрынғы өткен заманда
Тек аз ақындар айтысқан
Суырып салып, шайқасқан.
Шығыста Жамбыл атамыз
Кеудесін сөз кернеген
Батыста дүл-дүл Қашаған
Ешкімге дес бермеген
Ал қазір?
Ауданда, облыс, аймақта
Ақын деген толып жүр
Бәрі айтыскер болып жүр
Жақсылар бар, әрине
Айтыста көп шыңдалған
Тізбектеп машина, жүлде алған
Бірақ бәрі ондай емес-ау
Біразы соның кеміс-ау
Біреулер суырып салам деп
Күні-түні жаттайды
Бірақ айтысқа келгенде
Ұмытып қалып онысын
Бастайды шатыс «болтай»-ды.
Бұл да өзінше қызық-ау,
Күлмесіңе қоймайды.
* * *
Айтыста «Алтын домбыра»
Деген атақ бар
Осы арада бір шатақ бар
Себебі бұл атақ
Айтысқа үйкеспейді
Үш қайнаса да сәйкеспейді.
Домбыра негізінен күйдің құралы
Бұл шедевр шығармалардың тұрағы

Ал айтыста шіңкіл-шіңкіл түрткілеп
Сүйемелдеп қана тұрады
Біреулер домбыраны
дұрыс шала алмай
Әуенді дұрыс ала алмай
Домбыраны босқа ұрады
Соған да жұрт мәз болады,
Ой Алла-ай!
Сондай домбыраның несі алтын?
Айтарымыз енді біз –
«Алтын домбыра» деген атақты
Берсе жолынан
Бермесе қолынан
Айтыскерлерден қағармыз.
Күй додасына тағармыз
«Күйшілер одағына» салармыз.
Айтыста жүрген көп ақын
Өздеріне басқа атақ тауып
алмаспа-ай
«Алтын домбыраға» жармаспай
Ол тұр ғой сізге жараспай

* * *
Енді «Күйшілер одағына» келейік
Бұл одағымыз қайда осы?
Баяғы жібергендей Сібірге айдауға
Жатыр «одақ» шеткі оралда
жіпсіз байлауда
Кім тықты оны мұндай пушпаққа?
Аппендициттей іш шапқа?
Ал сол Оралда
Бір нарық бар
Сараңдық, я тарлық па?
Мерей тойлар болып жатса,
Келсін дейді қонаққа
Самолетпен емес, поезбен
О, құдай-ай! Баяғы заманда
Той-садақаға шақырса,
Кел деген бе, атпен емес есекпен,
Отырады екен олар
Сондай құрған есеппен
Қазақстанымыз кең байтақ,
Қалай жетеміз о шеттен бір шепке
Қазіргі жылдамдық заманда
Поезд деген мәстекпен.
Аты бар да, заты жоқ
Сондықтан да, әрине,
Жұмысқа еш зауқы жоқ.
Қаржысы нөль.
Болмаған көк тиыны
Сол ғой істің қиыны
Япыр-ай, осындай болар ма,
Асыл өнердің ұйымы.
Домбыра қазақтың қаны,
жаны дейді екен.
Ал, қан мен жан қайда екен?
Жүректе!
Қазақстанның жүрегі қай мекен?
Астанада ғой басқала
Неге «күйші одағы» сол жүректе
Астанада тұрмасқа?
Министрдің жанында болмасқа?
Мәртебелі биліктің
маңына бармасқа?
Құмырсқаның илеуіндей
Салынып жатқан көп үйден
Одақтың офисі мен басшысына
Бір-екі пәтер қимасқа?
О, қарақтарым!
Бизнесмендер қайдасың?
Осындайда кездесіп,
Тигізер ме екен пайдасын.
Сонда жүрер еді-ау,
«Күй одағының» жұмысы
Тоқырап қалған бар ісі

* * *
Ақындар айтысынан кем емес
Күйшілердің тартысы
Тарихта көп оның үлгісі…
Міне, айтуға енді кез келді,
Әңгіменің мәнді маңызын.
Қағып қорытынды қазығын –
Күйшілер тартысын қалай жүргізу
«Күйшілер одағына» кеңес бергізу,
Қандай тартыстарды енгізу.
Ақындар айтысын
ұйымдастыру оп-оңай
Екі ақын шыға келіп сахнаға
Басталады «әләуләй»
Ал, күйшілер тартысы қиын-ды
Сценарий, сюжет жиыны
Күй деген үйірілген құйын-ды
Қайда менің дәулескер достарым
Және жалындаған жастарым
Қосылсын кәне бастарың
Күй тартысын бастағың
Ал, не тартамыз дегенде
Тарихта көп оның мысалы
Шедеврлер нышаны
Соның бірнешеуін айтайық
«Домбырашылар одағы» құлақ сал,
Жоспарыңа қосып ал!

Осы хикаяның басындағы оқиға
Дайын тұрған қойылым
концерт қой,
Дәмі керемет десерт қой!
Жошы, Кербұға, Айдаһар
Эй, сол замандағы
Бір қасірет қой.
Бір қызығын айтайын,
Айдаһардың муләжі
Танаудан түтіні бұрқырап
Ауызынан оты жарқырап
Өзі алтын сыйлап арқырап
Пай, осындай көрініс
Бірде Ақтауда болған еді.
Соған бір көңіл толған еді.
Енді бұл астанада болар ма еді.

«Үш ананың айтысы»
«Ана» деген не мұнысы?
«Ата» емес пе дұрысы
Жо-жоқ! Ата да анадан жаралған
Ұлтты өндіріп өсірген
Ананың құрсақ қуысы
Сіз айтып күлерсіз осы арада
Ержігіттің де бар деп үлесі.
Иә дұрыс бірақ та
Егер ана болмаса
Нәтижесіз болар жігіттің жұмысы.
Сондықтан Ана ұлттың ұлысы
Кіші жүздің үш туысы
Әлім, Жетіру, Байұлы
Солардан үш домбырашының тартысы.
Бұл шеберліктің шарпысы

«Нар идірген».
Ботасы өлген Нар мая кімнің
домбырасынан ииді.
Шал-кемпірдің қызы соған тиеді.
Қыз жігіт идіреді деп сенеді.
Бірақ шал иітіп қыздың
арманы күйеді.
Дегенмен шал ақылды парасат,
Махаббат жастарға жарасады
Оларға жол беріп бата береді киелі,
Осыларды сахнадан көргенде
Көңілге қуаныш себеді.

Сахнада екі күйші сөйлеседі
Сөздері бір біріне үйлеседі.
Біреуі айтты:
Мен шертпе күйінің шеберімін.
Бірақ төкпені де төгемін.
Екіншісі: мен төкпе күйді түпеймін,
Бірақ шертпеде де дөкеймін.
Осылайша көп күйші таласады.
Шертпе төкпеменен салысады
Бұл қазақтың екі қос күйі
Атам заманнан дос күйі
Домбыраны көкке көтерген хош күйі.

Адай мен түрікмен тартысқан,
Өскінбай мен Құлбай ғой бірін бірі
Жаңылдырам деп шабысқан.
Әуелден көрші достар ғой
Әзілдері жарасқан
Жаңылтпаштарымен таласқан.

Бір күні жолаушы Қазанғап
бір үйге кіреді.
Төрде бір домбыраны көреді
Сағынып жүрген Қазанғап
Домбыраны алып шалады.
Бұл Үсентөренің үйі еді.
Ол кіріп келіп айқай салады
Рұқсатсыз домбыраны неге ұстайсың
Артыңды неге қыспайсың?
Ал ұстаған екенсің,
күй тарт шырағым.
Егер ұнамаса таусылады шыдамым
Құйрығыңнан бір теуіп,
Үйден қуып шығамын.
Қазанғап сонда өкінді
Кешірім сұрап өтінді
Мынау аға тыңдаңыз
Көңілдің күйі «Көкілді».
Үсентөре ризалықпен
Құшақтап онымен танысты
Қонақ қылды құрметті.
Пай екеуі түнімен
Талай күйлерді гүрлетті.

Бір жігіт кемпір болып киінді
Басына кимешек, жаулық үйілді
Қолындағы ұршықты
Зырлатып бір үйірді
Қыз бен жігітке қыр қылып
Үш саусағы фигура болып түйілді
Жігіт ұялып сасады
Кебісін тастап қашады
Күлкіге қарық болған халайық
Көңілдері тасады.

Мұңды күйлер де жақсы ғой
Адамға түрлі ой салар
Кел, соларды тартайық
«Жетім бала» мен «Салтанат»
Өттің дүние салауат
«Естірту» деген жаман ат
Ойбай, ойбай! Тоқтаңыз!
Халықтың қабағы түсіп кетті.
Уфлеп бет жүздері ісіп кетті.
Енді қуаныш күйлерін тартыңыз
Шаттықпенен шалқыңыз
Пай-пай! Содан кетті ғой
Сарқырама «Сары арқа» сарқырады
«Адай» күй жалындап жарқырады.
Шалқыма салтанатпен шарқ ұрады.
Балбырауын бал дәмін таттырады.
Маңғыстауда «Ақжарма»
Ақ түйенің қарнын жарып тұрады
Ой шіркін,
Халықтың қошыметін қараңызшы
Браво бис деп айқай салып
Аямай алақандарын қатты ұрады.

Күйдің керемет саздың ыңылы
Соған қоса сәнді болсын
Қолдың қимылы
Сонда көрінер шеберліктің
нағыз шындығы
«Кербез керік», «Жима» бар
«Науск» тартқан Дина бар
Кім бұларға қиналар
«Терісқақпай», «Бөгелек»
Қолдар құдды көбелек
Пернелерде ұшар көлбеңдеп
Кім осылай тартар көркемдеп.

Жиі-жиі қойылады концерттер
«сағындырған әндер-ай!»
Неге-неге болмайды концерттер
Сағындырған күйлер-ай!
Сағынып жүр ғой бұл халық
Көп күйлерді күтіп шөліркей
Ал домбырашылар дайын тұр
Оларды тартып берерге.
Япыр-ай «Күйшілер одағы»
Осыған көңіл бөлер ме!
* * *
Бірнеше нұсқа келтірдік
Келешек сахнаға баптарға
Мұндай нұсқалар тіпті көп
«Қазақтың мың күйін» ақтарса.
Бұл кітап жақсы болды ғой
Домбыра өнеріне жарық жаққандай
Дегенмен осы кітапта бір гәп бар
Келмейтін тіпті мақтарға
Кітап қалың, тіпті ауыр
Мына біздің Ақтаудағы құрылыс та
Ракушка кірпіш тас қандай
Бұл кітап міне тап сондай
Шрифттері ұсақ құрт-құмырсқа
Лупамен сығырайып баққандай
Мұның бір пайдасын айтайын
Егер сізге шабуылдаса хулиган
Осы кітаппен басына бір соқсаңыз
Бейшара құлап талып жатқандай
Ауырлығы жөнінен
Гинеске тапсырыс берілсе
Рекордын содан тапқандай
Ұлы Ахаң Жұбанов айтқандай
Күйлердің жеті мектебі бар
Мың күйді томпақ томға топтамай
«Мың күй» деген ортақ бір атпен
Жеті жеңіл кітап етіп шығарса,
Пах шіркін осы мәп қандай
Ой, құдай-ай!
Енді оған сәт қайда-ай?
* * *
Па, шіркін! Сахнаны жайнатар
Домбыраны шалып, сайратар
Кім дейсіз бе, халайық?
Елімізде, барлық аймақта
Облыстарда, жан-жақта
Дүл-дүл достарым көп сырласқан
Және де шәкірттер көп із басқан
Келешегіміз солар біздің сол жастан!
Бәрі келсе, құралып
Сахна кетер нұрланып
Күмбір-күмбір домбыра,
Бабына түсер сырланып
Рахатқа батар бұл халық
Енді маған келсеңіз –
Тоқсанға жақын жасым бар
Көпті көрген басым бар
Кетіп қалды ағалар
Текті жайсан жағалар
Жаннатта болсын жандары
Сол жолмен кеткен бабалар
Енді бір үлкені мен болып
Ақ сақал дейді балалар
Сондықтан сөйлеп отырмын
Сөзімді жұртым бағалар…
* * *
Біз жоғарыда көп айттық
Сыйлық, жүлде бір кем деп
Сіз ойлап қалмаңыз
Бұлар сұраншақ,
қызғаншақ екен деп
Біз домбыраның
мәртебесін жоқтадық
Соны қорғап мақтадық
Ғасырлар бойы бұл шіркін
Келе жатыр сыйлықсыз деп
Иә, құдайым бұйыртса
билігіміз бұйырса,
Астананың төрінде
Күй додасы жайнаса
Дүлдүлдерім ойнаса
Сахна сән-сәулетке малшынар
Концерттері толған аншлаг
Домбыраның әуелден де
Асқақ абыройы бар шығар
Құрметті сыйлы басшылар
Бұл аспапқа ырыс-несібе тапсырар
Олигархтар, айдаһар
Қоржындары ашылар
Шарапат шашу шашылар
Сол марапаттар ортасында
Домбыра тұрып шаншылар
Әй, бірақ та халайық!
Бұл болсын, болмасын
Негізінде байлық емес
оның сын сипаты
Домбыраның басқа ғой
сыр сымбаты:
Саздағы сырбаз сұлулық
Жан-жүректе майпаз жылулық
Хикая аңыздар да айтылған бұлдылық
Баға жетпес қымбат құндылық
Өнерде шырқау биік ұлылық.

Жаса! Жаса! Жасай бер Ұлы Домбыра!
Сен мәңгілікке жаралған
мол мұра!

 

Сержан ШАКРАТ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
дәулескер күйші, профессор




ПІКІР ЖАЗУ