ТҰЛПАР ТҰЯҒЫНАН БАСТАЛҒАН ӨРКЕНИЕТ

Қазақ халқының айрықша қадір тұтатын жануарларының бірі – жылқы. Жылқы десе елең етпейтін қазақ кемде кем. Жалпы, жылқының қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде, өмір сүру әдеті мен мәдениетінде және рухани дүниетанымында алатын орны ерекше. Ең бастысы, қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық болмысы жылқымен етене жақын. Көшпенді өмір салты мен кең байтақ далада тіршілік ету жылқысыз мүмкін емес еді. Сондықтан да, жылқы көлік құралы ретінде еркіндіктің, тағамдық азық ретінде байлықтың, табиғи тазалық пен тектіліктің арқауы ретінде рухтың символына айналған. Ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналған жылқыны құрмет тұтып, жылқы шаруашылығын дамыту – экономикалық тұрғыдан маңызы зор әлеуметтік шара, ал мәдени мұра ретінде сақтау мемлекеттік жауапкершілік.

Адамзат өркениеті тұлпардың тұяғынан басталған деп ұғатын халқымыз үшін жылқы – жеті қазынаның бірі саналған қасиетті мал. Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдерде, ертегілерде жылқының мінез-құлқына, жүрісіне, табиғи қасиеттеріне қатысты даналық мол. Осыдан қазақ халқының жылқыны өмір пәлсапасының бір бөлігі ретінде қабылдағанын байқаймыз. Жылқыға қатысты мәліметтердің барлығы, оның қазақ даласында ежелден қолға үйретілгенін және көшпелі тұрмыс-тіршілікте кеңінен пайдаланғанын дәлелдейді.
Бүгінгі таңда жылқы – әлемдік деңгейде де жоғары бағаланатын әрі экономикалық маңызы зор мал түрі. Заманауи технологиялардың дамуына байланысты, жылқы өніміне деген, оның ішінде терең өңделген жылқы еті мен бие сүтінің өнімдеріне де сұраныс артып келеді.
Еліміздің президенті ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше мән берді. Жылқы өсіру, оның санын арттыру және жергілікті тұқымдарды асылдандыру жұмыстарын жандандыру, әсіресе ғылыми зерттеулерге пәрмен беріп, өндірістік іс-шараларды күшейту бойынша мемлекеттік міндеттерді айқындады.
Осы орайда, соңғы жылдары жылқы саласындағы жұмыстарды бір жүйеге шоғырландыру мақсатында дербес жылқы ғылыми-зерттеу институты құрылды, отандық жылқы тұқымдарымен жүргізілетін ғылыми ізденістер бағдарламалы мақсатты қаржыландыру жобасы бойынша ғылым мен өндірістің интеграциясы қарастырылған жаңа кезеңге қадам басты.
Осы батыл қадамдар халқымыздың жылқыға деген құрметі аясында жылқы саласының мемлекет үшін стратегиялық маңызының айқын көрінісі. Әлбетте, қазақ халқы ежелден жылқыны адам мен табиғатты байланыстыратын киелі жануар ретінде қастерлегені белгілі. «Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз… қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз» деген Мұхаммед Хайдар Дулати атамыздың сөзі әлі күнге өзекті. Қазақ халқының жылқы малына қатысты ерекше ықыласы, еліміздегі орасан зор табиғи жайылымдар, жылқының қысы-жазы өрісте жайылып, өздігінен азықтануы және басқа факторлар ежелгі қазақ даласында жылқының көп өсірілуіне ықпал етті. Осы зор мүмкіндік әлі де өзекті.
Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген арғы бабаларымыз – көшпелі тайпалар адамзат тарихында ең алғаш жабайы жылқыны қолға үйретіп, оны міну көлігі ретінде де және оның өнімдерін маңызды тамақ ретінде де пайдаланғаны ғылыми айғақтармен дәлелденген дерек. Мысалы, Ботай қонысында археологтар жүргізген қазба жұмыстарының негізінде ДНҚ зерттеулері сүйектердің үй жылқысына тиесілі екенін, жылқы тісіндегі темір іздері жылқыға ауыздық салынғанын дәлелдесе, ыдыстардан табылған бие сүті жылқы байлап, қымыз ашытқанның бұлтартпас айғағы.
Археолог Виктор Зайберт бастаған халықаралық ғылыми қауымдастық жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жылқының б.з.д. IV мыңжылдықта қазақ даласында қолға үйретілгені дәлелденді. Ғылыми қауысдастық құрамында зерттеу жүргізген жетекші ғалымдар: палеозоолог, профессор Шандор Бекени; жылқының тістеріндегі ауыздық іздерін анықтаған америкалық танымал ғалым Дэвид Энтони; жылқының сүйегінде қолға үйретілгенін дәлелдейтін морфологиялық белгілерге қатысты остеологиялық өзгерістерді айқындаған белгілі неміс ғалымы Фриш Бенеке; ыдыстардың сынығынан қымыздың нәлін тапқан атақты ағылшын ғалымы Алан Оутрам. Осылай ең алғаш жабайы жылқының қолға үйретілген жері қазақ даласы екені ғылыми танылды.
Ежелгі қазақ халқы үшін жылқы малы байлық өлшемі болғаны белгілі, осы тұрғыдан жылқы бүгінде әлемдік деңгейде бәсі жоғары, экономикалық маңызы зор мал ретінде танымал. Тарихқа үңілсек, ғалымдар Қазақстан аумағында жылқының негізінен үш түрлі бағытта өсірілгеніне мән береді: күнделікті мініске ыңғайлы әрі ет және сүт өнімдерін беретін шаруаға жайлы жылқы түрі, ұзақ жүруге шыдамды қазанат жылқы және сән-салтанаттың көркі арғымақтар мен тұлпар аттар. Дегенмен, бабаларымыз қолданылу мақсатына сай жылқыларды негізінен арғымақ, қазанат, қарабайыр деп жіктегені тарихтан мәлім. Біздің арғы бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, бұл малды ерекше қастерлеп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналдырғаны да көрегенділік. Ең бастысы, бабаларымыз жаңа жайылымдарды игеруге, сол арқылы тіршілік тынысын кеңейтіп, жаңа байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы малын аса жоғары құрметтеп, жан серігі санаған.
Бірнеше табиғи аймақтар орналасқан қазіргі қазақ даласында жайылымды ұтымды пайдаланып, шаруашылықты көшпелі жүйе бойынша жүргізу барысында жылқыны пайдалану, әлбетте, көпқырлы болды. Осы орайда, әр өңірдің ерекшелігіне бейімделген, пайдалану мақсатына лайықты жылқы түрлерін өсіру өмір қажеттілігі еді. Қазақ даласында жылқылар жер сипатына орай Адай, Шекті, Алтай, Найман, Жетісу, Сауран, Іле деп аталған. Әрине, бұл қазақ жылқысының аймақтық түрлері.
Бабаларымыз жергілікті биелерді, көбіне, салт міністі бағыттағы асыл тұқымды таза қанды айғырлармен будандастыру тәжірибесін жиі қолданды. Тарихи деректерге сүйенсек, асыл тұқымды таза қанды айғырлар халық арасында «арғымақ» деп аталған. В. Фирсовтың /1895/ жазбасында «Қазанат – қазақы биелерді асыл тұқымды таза қанды айғырлармен шағылыстырудан алынған будан мал» деген дерек келтіреді. Қарабайыр жылқы арғымақтан түскен немесе қазанаттан алған будан жылқы екені деректерде жазылған. Дегенмен, жылқы жыл бойына жайылымда болатындықтан, қолайсыз кезеңдерде күтімді қажет ететін малға қосымша жемшөп беру кеңінен қолданысқа енбеді. Сонымен, тұқымаралық будандастыру қазақ жылқысының жергілікті жылқы топтарын түбегейлі тектік тұрғыдан өзгерте алмады. Тек түрікмен елімен шектес Маңғышлақ түбегінде адай жылқылары жәуміт және теке айғырларының ықпалынан дене бітімі жақсарып, салт мініс жылқысы ретінде қалыптасты, әрі жергілікті жағдайға бейімділігін сақтап қалды.
Қазақ даласында негізінен қазақы жабы жылқы кеңінен өсірілді. Жабы жылқысы жыл бойына жайылымда бағылып, қалың қар, көк тайғақ мұзда тебіндеп шығатын шаруаға қолайлы жергілікті жылқы. Абай атамыз «қар тепкенге қажымас қайран жылқы» деп айтатын жылқы осы жабы тұқымы. Жабы жылқысы мезгілінде тез ет алатын, оңайлықпен арымайтын, ыстық-суыққа және аштыққа төзімді мал. Осы жылқының мезетінде қажетті қоректі бойына жинай алатын, қолайсыз кезде жинақталған қорды үнемді жұмсап, қоңын түсірмейтін қасиеті халық селекциясының жасампаз жетістігі. Ұлы дала төсінде еркін өніп-өскен жабы жылқысы, бірден-бір, табиғаттың төл тумасы.
Қазақстанның орасан зор табиғи жайылымдары – жылқы өсіру үшін үлкен әлеует. Қазақстан аумағында 272,5 млн гектар жердің 184 млн га астамы жайылым алқаптары. Еліміздің ұлан ғайыр даласында бірнеше аймақтарда жатқан әр түрлі жайылымдар, негізінен, жылқы түлігін өсіруге өте қолайлы. Биологиялық жаратылысына орай жылқы түлігі басқа малдарға қарағанда еліміздегі табиғи жайылымда өсетін шөптесін өсімдіктердің басым көпшілігін, яғни 416 -дан астам түрін жей алады, мысалы, 91 түрлі жусанның 39 түрін, 181 түрлі сораңның 48 түрін пайдалана алады.
Елімізде жер бедеріне орай жайылымдардың 70 пайыздан астамы қуаң аймақтарда, оның ішінде 25 пайызы құмды жерлерде орналасқанын ескерсек, шалғай жатқан су көздерін тек аяқты мал жылқы түлігі еркін игере алатыны анық. Сонымен бірге, жақ сүйектері мен тіс ерекшеліктеріне орай жылқы малы шөпті тістеп жейтінін ескерсек, қуаң далаға тән жатаған шөптердің кәдеге жарауыда толық жүзеге асатыны анық. Осы жағдайлар шалғай жайылымдарды толық игерудің алғышарты. Осы тұрғыдан, жылқы шаруашылығын дамыту – әлі де игерілмей жатқан шөл және шөлейт аймақтардағы жайылымдарды ел игілігіне жаратудың тиімді, әрі төте жолы.
Қазақ даласындағы жылқы өсіруге қатысты мәліметтер, табиғи жайылымдардың молдығы, жылқының жайылым шөбімен коректенетіні және ақ қар, көк мұзда тебіндеп жайылатын қабілетіне орай бұл түліктің қазақ даласында кең таралғанын айқындайды. Мысалы, қазақ даласында ХIХ ғасырда 20 миллионға жуық жылқы, ал 1880 жылдары Орынбор өңірінде ғана 1,8 млн жылқы, XX ғасырдың басында қазақ даласында 8 млн астам жылқы өсірілгені жайлы деректер кездеседі. Совет Одағы кезінде, ұжымдастыру науқаны басталған 1928 жылы қазақ елінде 4,5 млн астам жылқы болса, 1939 жылғы санақта осы жылқының 300 мыңы ғана қалғаны да тарихта таңбаланған деректер.
Қазіргі уақытта, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша әлемде 57 млн астам жылқы бар, оның 10 млн астамы АҚШ мемлекетіне тиесілі. Жылқы өсіретін алдыңғы қатарлы елдердің қатарында көршіміз Қытай мен Моңғол елі бар. Соңғы жылдары Қазақстан мемлекеті де жылқы саны жағынан осы тізімдегі алғашқы ондыққа енді.
Байлық пен дәулетін жылқымен өлшеген, «жылқы малы көбейсе, елдің ырысы артады» деп сенген қазақ халқы үшін осы меже жылқы өсіру әлеуетінің орасан зор мүмкіндіктерін айғақтайды. Бүгінде, Алтай мен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ен даланың 88 млн астамы игерілмей жатқан табиғи жайылымдар. Сондықтан, жергілікті жердің жайылымына үйренген, климатына төзімді отандық жылқы тұқымдарының санын арттыру – бүгінгі таңда өте өзекті мәселе.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және өнімнің өзіндік құнын арзандату жөніндегі мемлекеттік саясат аясында да жылқы шаруашылығын өркендетудің маңызы зор. Өйткені, жыл бойы жайылымда бағылып, күтімді аса қажет етпейтін төрт түліктің төресі де осы жылқы малы. Осы орайда, жылқы шаруашылығын дамытуға пәрмен беру барысында асыл тұқымды мал басын көбейтуді және олардың сапалы өнім беретін өнімділігін жетілдірудің өзегі асыл тұқымды мал басын өсіруді жүйелі арнаға тоғыстыру мемлекеттің басты назарында болғаны абзал. Ең бастысы, қара мал шаруашылығы сияқты жылқыны шеттен тасып, жерсіндірудің қажеті жоқ. Елімізде алуан түрлі табиғи аймақтардың климаты мен азық қорына бейімделген жергілікті жылқы тұқымдары және халқымыздың үйірлі жылқы өсіру тәжірибесін заман талабына орай, технологиялық тұрғыдан жаңғыртса жеткілікті. Оның үстіне, жылқы өсіру Ұлы дала төсіне жат үрдіс емес.
Мал шаруашылығында мал тұқымын асылдандыру мен оның өнім беру қабілетін арттыру, ең алдымен тұқымдық малды сапалық жағынан жетілдіру арқылы жүзеге асады. Мал асылдандыру жұмыстарының ең маңызды бөлігі – малды аталықіздер бойынша өсіру. Өйткені, сұрыптау заңдылықтары бойынша шаруашылыққа қажет пайдалы белгілердің тұқым қуалау үрдісі негізінен аталық мал арқылы бекиді, яғни тектік әлеует аталық малдың сапасына тікелей тәуелді. Тұқым қуалау қабілетінің нығаюы да аталық малды іріктеп алуға байланысты. Айталық, ондаған, кейде жүздеген айғырдың ішінен тек біреуі таңдалып алынады. Осылайша, таңдаулы айғырлардың ұрпағы негізінде әуелі өнімі жоғары зауыттық аталықіздері қалыптасады, тұқымдық қасиеттері жақсы жетілген аталықіздерден зауыттық және тұқымішілік типтер түзіледі. Өндіріске қажетті пайдалы белгілері біркелкі қалыптасқан типтер негізінде жаңа тұқым қалыптасады.
Қазақ мемлекетінде арнайы «Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» құрылған 1933 жылдан бері өнімді, яғни етті-сүтті бағыттағы жылқы шаруашылығында 66 селекциялық жетістіктер өндіріске енді. Осылай жылқының 3 жаңа тұқымы, 8 тұқымішілік типі, 10 зауыттық типі және 45 зауыттық аталықіздері отандық жылқы шаруашылығының тектік қорын молайтты. Осы селекциялық жетістіктерге қомақты үлес қосқан «Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» қызметкерлері. Өнімді бағыттағы жылқы шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктердің жалпы санының 53 пайызы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Осы ретте, «Ақтөбе тәжірибе станциясы» қызметкерлерінің де еңбегі зор: олардың еншісінде 15 селекциялық жетістік бар, бұл жалпы жетістіктің 23 пайызын құрайды.
Совет Одағына дейін әлемдік тәжірибеде етті-сүтті бағыттағы арнайы мамандырылған жылқы тұқымдары болған емес. Көп елдерде негізінен салт мінетін, желісті тұқымдар және ауыр жүк тартатын жылқылар өсірілді. Кей мемлекеттерде, әсіресе Совет Одағы құрамындағы республикаларда, орман, дала және таулы жерлерге бейімделген жергілікті тұқымдар өсірілді.
Өткен ғасырдың 30-жылдары Совет Одағы жылқы шаруашылығын дамыту барысында Қазақстан аумағында табынды жылқы зауыттарын ұйымдастыра отырып, Совет Армиясының атты әскер бөлімдерін жұмыс жылқысымен қамтамасыз етуді ұйымдастырды.
Жаңадан құрылған табынды жылқы зауыттарында аналық топ жергілікті тұқымдардың ең таңдаулы биелерімен жасақталды. Дегенмен, жергілікті биелердің бойы аласалау, бітімі олқы болғандықтан, іріктеу барысында жарамсыз деп танылатын. Сондықтан, табынды жылқы зауыттарының аналық топтарын қалыптастыру үшін жақсартушы тұқым ретінде асыл тұқымды айғырларды пайдалану арқылы талапқа сай келетін будан аналықтар алу жолы таңдалды. Алғашында, орлов және орыс желісті тұқымдарының аталық айғырлары қолданылғанымен, туылған будан жылқылар атты әскерге лайық мініс атына сай талапқа толық сәйкес келмеді. Осыған байланысты, аналық топтарды таза қанды салт мінетін айғырлармен және жартылай қанды будандармен шағылыстыру қолданылды.
Будандастыру тәжірибесі көрсеткендей, жылқыларды жайылымда бағу жағдайында жақсартушы тұқым қанының үлесі артқан сайын будандардың дене бітімі әлсіреп, далалық өрісте жайылуға бейімі мен төл беру қасиетінің төмендегені байқалды. Осы кемшіліктерді түзету мақсатында табынды жылқы зауыттарында дон тұқымының айғырларын қолдану жүзеге асты.
Күрделі қайтара будандастыру мен атты әскер талабына сай келетін жылқыларды қатаң сұрыптау және жарамды типтегі будандарды «өз төлінен» өсіру оң нәтиже берді. Будандар табын жағдайында еркін өсіп-жетіліп, жұмысқа қабілетті болып, дене бітімі мен сырт тұрпаты бойынша салт міністі және арбаға /әскери көлікке/ жегуге арналған зауыттық жылқыларға сәйкестігімен сипатталды.
Өткен ғасырдың 50 жылдары атты әскердің құрылым ретінде таратылуы жылқыны жұмыс малы ретінде пайдалану қажеттілігін азайтты да, жылқы шаруашылығында селекция бағыты өзгеріске ұшырады. Сонымен, ғалым-селекционерлердің алдына етті-сүтті бағыттағы мамандырылған жаңа тұқымдарды шығару және үйірлі жылқы шаруашылығын осы бағытта дамыту мақсаты қойылды.
Осы орайда, жаңа тұқымды шығару жұмыстары Орал және Ақтөбе өңірлеріндегі табынды жылқы зауыттарында жүргізіліп келген селекциялық жұмыстарды ары қарай жалғастырумен ұласты.
Орал өңіріндегі селекциялық жұмыстарды профессор Барминцев Ю.Н. және «Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ғылым кандидаты Борисов М.Н. ғылыми-әдістемелік тұрғыдан басқарды. Ақтөбе өңірінде осы бағыттағы жұмысқа «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» директоры, ғылым кандидаты Беляев А.И. және ғылым кандидаты Рзабаев С.С. жетекшілік етті.
Сонымен, сонау 1930 жылдардан басталған селекциялық жұмыстар 1963 жылы көшім жылқысының тұқымдық тобын апробациялаудан өткізумен қабысып жатты. Жаңа тұқымдық топтың жылқылары бойшаң әрі дене бітімі сымбатты, конституциясы мықты және жыл бойына жайылымда бағуға бейімді қасиеттерімен қатар тірілей салмағының жоғары болуымен ерекшеленді.
Жаңа тұқымдық топ жылқыларын жетілдіру жұмыстары 1976 жылдың 15 сәуірінде Қазақстанда өнімді бағыттағы жаңа жылқы тұқымын ресми селекциялық жетістік ретінде танумен жалғасты, бұл әлемдік жылқы шаруашылығы тарихындағы айрықша күн болды. Өйткені, осы күні Совет Одағының Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Қазақ Республикасында шығарылған жылқының жаңа «Көшім» тұқымы ресми түрде жаңа тұқым болып бекітілді. Сонымен, Көшім тұқымы – отандық әрі әлемдік зоотехникалық тәжірибеде алғаш рет етті-сүтті бағыттағы мамандырылған жылқы тұқымы ретінде танылды.
Апробациялау кезінде көшім жылқыларының жалпы саны 30,9 мың басқа жетті, оның 3,8 мың басы – асыл тұқымды саналып, асыл тұқымды биелер 1 322 басты құрады. Көшім тұқымының авторлары ретінде Борисов М.Н., Барминцев Ю.Н., Беляев А.И., Нұрғалиев А.Н., Губашев Б.И., Рзабаев С.С. танылды.
Селекциялық жетістік жоғары бағаланып, 1980 жылы оның авторлары «Көшім ет-сүт бағытындағы жаңа жылқы тұқымын шығару және халық шаруашылығына енгізу» тақырыбындағы көп жылғы зерттеу жұмыстары үшін Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Жаңа тұқымның апробациялау кезіндегі дене өлшемдері олардың аналық тегі жергілікті жабы жылқысынан едеуір артықшылығын айқындады. Мысалы, көшім тұқымының айғырларының орташа дене өлшемдері: шоқтығына дейінгі биіктігі – 160,1 см, тұрқының қиғаш ұзындығы – 160,9 см, кеуде орамы – 192,2 см, жіліншік орамы – 20,9 см, тірілей салмағы – 540 кг болса; биелерінде: шоқтығына дейінгі биіктігі – 154,1 см, тұрқының қиғаш ұзындығы – 156,8 см, кеуде орамы –183,5 см, жіліншік орамы – 19,3 см және тірілей салмағы 492,0 кг тартты.
Көшім тұқымының басты артықшылығы, жоғары ет өнімділігі. Қазақстандағы жергілікті жылқылармен салыстырғанда бір центнерге дейінгі артық салмақ басады. Сонымен бірге, жас малдың жетілу қабілеті жоғары, сойыс шығымы орташа 54%, ал жекелеген мал топтарында 58%-ға дейін жетеді. Көшім жылқылары қуаң дала аймақтарының жыл бойғы жайылымына жақсы бейімделген.
Көшім тұқымында табиғи-климаттық жағдайға орай және мал өсіру жүйесінің айырмашылығына байланысты екі экологиялық (аймақтық) тип қалыптасты: Ақтөбе облысы аумағында «ақтөбелік экотип» және Батыс Қазақстан облысы аумағында «оралдық экотип».
Негізгі шаруашылыққа пайдалы белгілері бойынша көшім жылқылары біршама біркелкі. Дегенмен, жекелеген топтарда сырт тұрпаты, дене өлшемдері, тірі салмағы және тебіндеуге қабілеті бойынша айырмашылықтар байқалады. Осыған орай Көшім тұқымы негізгі, шомбал және салт міністі деп үш типке жіктеледі.
Негізгі тип жылқылары қазақ жылқысынан дарыған жайылымда бағуға төзімділігін зауыттық тұқымдарға тән ірілік пен сымбатты дене бітімі секілді құнды белгілермен сәтті ұштастырған. Бұл жылқылардың етті-сүтті өнімділігі жоғары және салт мінуге, арбаға жегуге жарамды.
Бұл типке тән басты белгілер: дене бітімінің ірілігі, конституциясының мықтылығы, бұлшық еттерінің жақсы дамуы және жыл бойы тебіндеп жайылуға төзімділігі.
Шомбал тип денесі ірі, тұрқы ұзын, көкірегі кең әрі кеудесі терең, етті пішіні айқын дамыған жылқылар. Үйір ұстаған «Марш» айғырының толысқан жасындағы тірі салмағы рекордтық 711 кг жетті. Шомбал типтегі жылқылар үйірде ұстауға және далалық қуаң аймақтың қатаң климатына төзімді және конституциясы тығыз.
Салт міністі типке жататын жылқылар негізгі және шомбал типпен салыстырғанда дене бітімі жинақы, сырт тұрпаты ықшамды келеді. Мұнда таза қанды салт міністі тұқым мен дон тұқымының белгілері көбірек байқалады, жүрісі мен аяқ алысы мініс аттарға тән ширақ. Бірақ, табындық жүйемен жыл бойы жайылымда бағуға бейімі бойынша алғашқы екі типтен осалдау.
Салт міністі типтегі жылқылар, көбіне, жаппай ат спорты түрлеріне, ұлттық ойындар мен салт мінуге қолданылады. Салт міністі жылқы тобы күнделікті және ұзақ жүрістерге төзімді, тәулігіне 276-300 км қашықтықты еркін еңсере алады. Мысалы, 100 км қашықтыққа жіберілген атжарысында рекордтық уақыт 4 сағат 11 минут болған. Көкшетау-Ақтөбе бағыты бойынша 21 күндік атжарыста 1 360 км жол жүріп, жұмысқа қабілетін сақтап, төзімділік танытқан.
Көшім тұқымын жетілдіру жұмыстары зауыттық аталықіз негізінде «таза тұқым өсіру» әдісі бойынша жүргізілуде. Соңғы жылдары отандық ғалым-селекционерлердің үйлестіруімен көшім тұқымының «Жанақала», «Мамыр-Ақтөбе» және «Жәнібек» тұқымішілік типтері апробацияланды.
Республикамызда қалыптасқан ауыл шаруашылығы жануарларын аудандастыру жоспарына сәйкес көшім жылқысын өсірумен негізінен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының мал шаруашылықтары айналысады. Соңғы жылдары, тұқымның таралу аймағы кеңейді: бүгінде оны Атырау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Алматы мен Жетісу облыстарының шаруашылық құрылымдары өсіре бастады.
Өкінішке орай, республикамызда орын алған жекешелендіру науқаны кезінде көшім жылқыларының саны күрт төмендеді. Статистика деректері бойынша 1990 жылғы 1 қаңтарда республикадағы шаруашылықтардың барлық санатында көшім тұқымының 56 844 бас жылқысы болған, оның ішінде 9 679 таза тұқымды, ал таза тұқымды биелер 3 162 бас еді. Ал бүгінгі күні Республикалық асыл тұқымды мал тізілімінде 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 7 045 көшім жылқысы тіркелген, оның ішінде биелер 4 992 бас. Яғни, тұқым саны бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 8 есеге азайған. Дегенмен, саны қысқарса да, тұқымның өсірілетін аумағы едәуір кеңейді: бұрын батыста екі облыста ғана өсірілсе, қазір республикадағы сегіз әкімшілік облыстың шаруашылық құрылымдарында таралған. Бұл – оның танымалдығына және сұранысқа ие екеніне айқын дәлел.
Осы тұста, айта кететін жайт сонау 1931 жылдардан бастау алған табынды жылқы зауыттары жүйесімен жүргізілген селекциялық жұмыстардың бір тармағы Актөбе өңірінде «№52 Ембі табынды жылқы зауыты» негізінде басқа бағытта өрбіді. Зауыттық жылқыларды өсіру аясындағы селекциялық жұмыстардың осы тармағы жылқыларды «өз төлінен» таза өсіру әдісімен жүргізіліп, 1998 жылы қазақы жабы жылқысының негізінде жетілдірілген жаңа «Мұғалжар» тұқымын апробациялаумен аяқталды.
Бұл тұқымның 25 жылдық мерейтойы 2023 жылы Ақтөбе өңірінде «Мұғалжар жылқы зауыты» шаруашылығының базасында арнайы Республикалық ғылыми-өндірістік конференция форматында аталып өтті. Ал, 2025 жылы 10 шілде күні БҰҰ жаңадан қабылдаған «Дүниежүзілік жылқы күні» мерекесі алғаш рет «Мұғалжар жылқы зауыты» шаруашылығының базасында шетелдік ғалымдардың қатысуымен республикалық ғылыми-өндірістік конференция түрінде аталып өтті.
Соңғы жылдары Қазақстанда жылқы шаруашылығы қайта жанданып, жылқының саны артып, бүгінде 5 миллион басқа жуықтады. Жылқы өнімдерінің (жылқы еті, қымыз, саумал, ұлттық деликатестер: қазы, қарта, жал, жая, шұжық және т.б.) өндірісі мен сатылымы да артып келеді. Саумал-терапия мен иппотерапияға қызығушылық күшейіп, ат туризмі мен атқа салт міну қызметтері де дамуда. Ұлттық ат спорты ойындарына, тәуліктік атжарыстарына және ұзақ марафондарға халықтың қызығушылығы жыл сайын артуда.
Соңғы жылдары салт міністі жылқы тұқымдарын ипподромда дайындау үрдісі қайта жандана бастады, қолтума сәйгүліктердің халықаралық деңгейдегі беделді атжарыстарына қатысуы жиіледі. Ат спорты мектептері мен секцияларының жұмыс жасауы қолға алынып, классикалық ат спорты түрлеріне шабандоздар даярлануда. Сондай-ақ, иппотерапия бағыты – церебралды сал, аутизм және невроз сырқаттары бар балаларды оңалтуға арналған әдіс ретінде кең таралып келеді. Қысқасы, республикада жылқы шаруашылығын әртүрлі бағытта қарқынды дамытуға барлық алғышарттар қамтылған.
Дегенмен, елімізде қамбар ата тұқымы бес миллионға жуықтаса да, шалғай шетел Латын Америкасы және Монғол еліннен жылқы етінің тасымалданатыны қынжылтады. Әлбетте, шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен өзіміздің жылқының еті дәмді, ал сүтінің шипалы екені ғылыми дәлелденген. Осы орайда, жылқы етінің адам ағзасына сіңімділігі, 17 түрлі ауруға ем болатыны және жайылымда семірген мал етінің экологиялық таза екені ескеріліп, халқымыздың тамақтану үрдісінде жылқы етінің үлесін арттыру соңғы кезде мемлекет тарапынан қолдау тапқаны жылқы шаруашылығы саласының дамуына серпін беретіні анық. Үкімет пәрменімен жылқы етінің «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне» енуі, мемлекет қамқорындағы балабақша, мектеп, сауықтыру орындары және әскери қоғамның тамақтану рациондарында жылқы етінің қолданылуы денсаулыққа ықпал етумен қатар, жылқы етінің нарықтағы үлесінің артуына ықпал етеді.
Осы орайда, еліміздегі жылқы етінен өндірілетін өнімдердің әлемдік ет нарығындағы бәсекелестік бәсі де жоғары. Өйткені, алуан түрлі аймақтарда табиғи жайылымдарда тек экологиялық таза өнім өндіріледі және мамандырылған тұқымдардан алынатын өнімнің қоректік құнарлығы да сапалы. Сонымен бірге, адамдардың заманауи тамақтану үдесіне сай жеңіл қорытылатын әрі сіңімді жылқы етінің қасиеті жылқы өнімдерінің сапалық кепілі. Бүгінгі таңда, өнімді бағытта мамандырылған жылқы тұқымы тек Қазақстанда өсіріледі, бұл өндірісті дамыту тұрғысынан артықшылық. Осы факторлар қоректік құнарлығымен ерекшеленетін жылқы етін өндірудің алғышарттары.
Заманауи талапқа сай, алдағы уақытта ғылым мен өндіріс алдында сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтерілу, яғни «мәрмәр» жылқы етін өндірудің тиімді жолын қалыптастыру өзекті мәселе болмақ. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мамандырылған жылқы тұқымдарынан алынатын және жылқы етін өндіретін әртүрлі технологиялық әдістер ескерілген, қосымша құны жоғары, терең өңделген жылқы өнімдеріне арналған мемлекеттік стандарттарды /ГОСТ/ әзірлеу өзекті. Экологиялық таза, қуаты мен қоректілігі құнды, терең өңделген жылқы етінің стандартты ассортиментін қалыптастыру саланың тиімділігі мен тұтынушылардың сұранысын арттырып, өнімдердің экспортқа шығару әлеуетін ұлғайтуды ынталандыра түседі.
Әрине, нарыққа жылқы етінің өнімдерін жыл бойына тұрақты ұсыну үшін арнайы жылқы бордақылайтын жүйенің қалыптасуы шарт, сонда ғана далада жайылып жүрген малды мезгілінде бордақылауға қойып, олардан сапалы ет өнімін алуға болады. Жүзеге асырылатын осы қарапайым шаруалар нарық талабы аясында шектеліп қалмай, мемлекет тарапынан пәрменді қолдау тапса ғана, жылқы етінің артықшылықтарды ел игілігіне айналады.
Бие сүтінің ана сүтін алмастыра алатын қасиеті мен қымыздың жанға дәру шипасы осы өнімдерді балаларды жастайынан тамақтандыру үрдісінде қарқынды пайдалану және жалпы адам денсаулығын сауықтыру мақсатында кеңінен қолдану мүмкіндіктері биеден өндірілетін сүт өнімдерінің нарығын дамытудың алғышарты. Ғылыми тұрғыдан елімізде бие сүтінен өндірілетін өнімдер мен қымыз дайындау технологиялары жақсы дамыған, тек осы әзірлемелер негізінде өндірілген өнімдер ассортиментін тұтынудың аясын кеңейту шаралары мен олардың нарық сөресінде тұрақты түрде сатылуы шешімін тапса, осы бағыт та жылқы саласының кешенді дамуына қосымша демеу болады.
Осылайша жылқыдан алатын өнімдерді мемлекеттік көзқарас аясында кешенді жүйемен дамытса, жылқы саласынан түсетін табыстар еселеп артып, жылқы жылы жылқы шаруашылығының қарқынды дамуына серпін берілер еді.
Жылқы шаруашылығын жандандыру бағытында сүтті немесе етті өнімділігі бойынша мамандырылған тұқымдарды заманауи генетикалық әдістер арқылы көбейту саланы дамытуды жеделдетудің алғышарты. Бүгінгі таңда, генетикалық ізденістер малдың шығу тегін анықтаумен шектеліп тұр. Әлемдік тәжірибеде, етті және сүтті бағыттағы сиыр мен қой малының ет және сүт өнімділігін тектік деңгейде айқындайтын гендер тобы анықталып, оларды селекциялық үрдісте қолдану іске асырылуда. Өнімді бағыттағы жылқы шаруашылығы тек Қазақстанға тән болғандықтан, бұл мәселеге әлемдік ғалымдар тарапынан назар аударылмады. Осы орайда, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғалымдары еті мол және сүттілігі жоғары жылқыларды іріктеу мақсатында осы белгілерге жауапты гендерді зерттеуді, яғни геномдық селекция әдістерін өндіріске енгізуге ден қойды. Институт базасында жұмыс жасайтын аккредитациядан өткен ғылыми зертхана ISAG (Халықаралық жануарлар генетикасы қоғамы) ұйымының жылқы бағыты бойынша генетикалық зерттеулерді жүргізуге өкілеттілігін растайтын куәлігіне ие және ISBC (Халықаралық асыл тұқымды мал комитеті) ұйымының тізіміне енген.
Осы бағыттағы ғылыми әзірлемелер өндіріске жетсе, ет және сүт өнімі жоғары малдарды жауапты гендердің негізінде ерте жастан іріктеп, шаруаға қажет малдардың өсіп-өну қарқынын жеделтуге серпін берілер еді. Геномдық селекция жылқылардың тектік тұрғыда тез жақсаруына және ұрпақ аралық кезеңнің қысқаруына ықпал етеді, сондықтан жылқының тұқымдық сапасының артуына кепіл беретін заманауи төте тәсіл. Әрине, мал басын көбейтудегі факторлардың бірі мал ауруының алдын алу шаралары. Осы орайда, Институт ғалымдары әлемде жылқы тұқымдарында кең таралған тұқым қуалайтын генетикалық ауруларды зерттей отырып, қазақ жылқыларында мұндай қауіптің бар жоғын анықтау мақсатында SNP- генотиптеу әдісі бойынша зерттеулерді жүргізуде.
Мемлекеттік тұрғыдан жылқы шаруашылығын тек өнімді бағытта ғана емес, әр түрлі бағытта дамыту орынды. Көпшілік тарапынан қызығушылыққа ие бағыттардың бірі бәйге, атжарыс және жорық. «Адай» жылқысын әлемге таныту атты Президенттің тапсырмасына орай 2023 жылы халық селекциясының жарқын көрінісі адай жылқысы ғылыми тұрғыдан дербес тұқым ретінде рәсімделгені белгілі. Осы орайда, Қазақстандағы салт міністі Қостанай және Адай тұқымдарының танымалдығын арттыру мақсатында геномдық селекция ізденістері осы тұқымдардың жетістігін жетілдіруге ықпал ететіні анық. Институт ғалымдары осы бағытта жылқылардың әртүрлі қашықтыққа жүгіру қабілеттерін анықтау мақсатында MSTN генінің генотиптерін зерттеуді бастады. Зерттеу нәтижесінде жауапты гендер бойынша генетикалық панель құрастырылып, ерте жастан қысқа қашықтыққа, бәйгеге қабілетті және жорыққа төзімді жылқыларды іріктеу жұмысын геномдық селекция әдісімен жеделдету жүзеге асырылады.
Жылқы шаруашылығының орнықты дамуы, әлбетте, заманауи ақпараттық жүйелердің жұмыс атқару әлеуетіне, яғни мал асылдандыру үрдісінің жүйелі болуына, асыл тұқымды мал басының шынайы есебін жүргізуді цифрлік негізде автоматтандыруға байланысты, сонымен қатар жылқылардың асыл тұқымдық құндылығын заманауи индекстік әдіс негізінде бағалау жылқыларды кешенді бағалаудың сапалық деңгейін арттыра түсетіні өзекті мәселе. Осы мәселелер «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғалымдары тарапынан зерделеніп, жылқыларды кешенді бағалаудың индекстік әдістері сынақтан өтуде.
Қорытындылай келе, жоғарыда аталып өткен жылқы шаруашылығына қатысты барлық шараларда: жылқы өнімдерінің өндірісі, спорттық және сауықтыру бағыттары бойынша Көшім жылқысының әмбебап тұқым ретінде атқаратын рөлі де, орны да ерекше. Осы орайда, биылғы жылқы жылына орай келген көшім тұқымының 50 жылдық мерей тойы тарихи маңызы бар күн. «Өнімді және әмбебап бағыттағы жылқы тұқымдары жөніндегі Республикалық палата» мен «Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы», ғылыми ұйымдар және көшім тұқымын өсіруші жылқышылар қауымы үшін бұл тарихи маңызы бар айрықша мерейтой. Осы тұрғыда, әлемдік тәжірибеде алғаш рет етті-сүтті бағытта мамандырылған жаңа тұқым ретінде Көшім жылқысының қалыптасуы мен даму тарихы, оның жылқы шаруашылығы саласында алатын маңызды орны жан-жақты талданып, өскелең жастарға таныстырылса, олардың аға буын ғалымдар мен тәжірибелі жылқышылардың қажырлы еңбектеріне құрметпен қарап, мақтаныш тұтып, жылқыға деген сүйіспеншілігін жандандыратын анық.
Осы орайда, Қызылжар қаласына кіре берісте жылқының алғаш қазақ даласында қолға үйретілгенін айғақтайтын «Ботай» ескерткіші бой көтерсе, енді жылқы жылы әлемдік тәжірибеде алғаш рет өнімді етті-сүтті бағытта мамандырылған тұқым ретінде танылған көшім тұқымына Орал өңірі жұртшылығының қалауы бойынша арнайы «Асыл тұқымды көшім жылқысы» деген ескерткіш орнатылса, еліміздің жылқыға деген құрметінің тағы бір айғағы болар еді.
«Жылқы малы көбейсе, елдің ырысы артады» деген қазақ ұғымына сүйенсек, елімізде жергілікті қазақы жабы жылқысының негізінде етті-сүтті бағытта қалыптасқан мамандырылған жылқылар «Көшім» мен «Мұғалжар» тұқымдарын барынша қарқынды өсіруге және Қостанай мен Адай тұқымдарының өнімді бағыттағы тармақтарын дамытуға пәрмен берілсе, жылқы шаруашылығының әлеуеті артып, ел игілігіне қосар үлесі қомақты бола түседі.
Биылғы жылқы жылы «2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын кешенді дамыту» бағдарламасы аясында бабалар қадір тұтқан түліктің бағы жанатын игілікті істерге демеу болып, игерілмеген жайылымдардың сай-cаласы, қолтық-қонышы жылқы үйірлерімен толып, қала мен елді мекендер маңы сетерлеп мініс аттарды дәріптейтін спорттық дүрмекке толса, жылқының бағы жанып, ұпайы түгелденер еді.
Жылқы жылы күнтізбелік мереке емес, қазақ елі үшін тұтас өмір философиясы ретінде қызу тірліктің, батыл қадамдардың, сенімнің және биік рухтың символы ретінде мағыналық маңызы зор өзгерістерге толы, жаңа бастамаларға жол ашатын жыл болсын!
Жылқы жылы табысты болсын!

Айбын ТӨРЕХАН,
ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,
«Қазақ мал шаруашылығы және
жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» басшысы




ПІКІР ЖАЗУ