ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

(Жалғасы. Басы өткен санда)

* * *
Кейіпкерлеріміз неғұрлым өміршең болса соғұрлым бізге бағынбай кетеді. Солай! Кейбір жазушылар жолы оңғарылмаған сорлы болып жаралған: олардың жан дүниесін өмір бойы жеңуге ұмтылып, аластауға тырысып келгенімен ешқашан үстем түсе алмаған өз бойындағы ең лас, ең пасық қырлары еркінен тыс жайлап алған, шабыты мен шығармашылық қуаты солардан бастау алады, бұл жайында Жозеф де Местр (1753-1821 жж.. өмір сүрген француз жазушысы әрі философ – ауд.) былай деген: «Жексұрынның ар-ұяты қандай болатынын қайдам, бірақ дұрыс адамның ар-ұяты қандай екенін жақсы білемін: нағыз сұмдық!»
Сорына қарай, кейбір романистер шығармасының осы түпсіз түнекте өмірге келгенін өздері де аңғарады. Жаны былғанып, күйінгеннен ашуы қозған оқырман әйел: «Мұндай сұмдықты қайдан тауып аласыз?» деп сұрағанда әлгі байғұс: «Өз бойымнан, мадам», – деп жауап береді.
Дегенмен, ондай кейіпкерлердің бойынан өз бейнемізді көру әділдікке жатпас еді, өйткені біз оларды өз бойымыздағы пасықтықтан, жан дүниеміздегі өзіміз мойындағымыз келмейтін лас-қоқыстан жарата отырып, сол кеселдерімізден арылуға тырысамыз. Кейіпкерлерін солай дүниеге әкелген жазушы олармен күресуден таң қаларлық ләззат алады. Бірақ олар өміршең келеді, табандылықпен қорғанып бағады, жазушы олардың жанын жаралап аламын-ау деп қорықпастан ішкі әлемінің өзгеріске түсуіне жәрдемдесіп, бітеу жаралған кеудесіне жан үрлеуге, дұрысы, кеудесінде жаны бар екенін өздері-ақ түсінуіне мәжбүр етіп, жеке тұлғасына нұқсан келтірместен, құтқарып қала алады. Әйтеуір өзім «Ордалы жыланда» осыған қол жеткізуге тырысқанмын.
Маған: «Жағымды кейіпкерлерді сомдасаңызшы», – дейді.
Бірақ менің жағымды кейіпкерлерім ешқашан толымды тұлға болған емес.
Маған: «Кейіпкерлеріңіздің моральдық деңгейін сәл де болса көтеріңіз», – дейді.
Көтеруге тырысқан сайын кейіпкерлерім тырмысып жатып алады, аздап болса да көкірегіне адамгершілік шуағын құяйын деген әрекетімнен түк шықпайды.
Алайда адам кейпінен айырылып, азғындықтың ең төменгі деңгейіне дейін құлдыраған бейбақтарды зерттей келіп, ең болмағанда бастарын сәл көтеруге септігің тисе одан артық не керек? Жарық дүниені түнек деп біліп, соқырлардай қолымен сипалап қозғалатын сорлыларға қол ұшын созып, өзімізге жақындатып, Паскаль армандағандай, құдайдың атын да естімеген бейшараның көкірегінен шыққан күрсіністі есту, бірақ соны жасанды айла-амалдармен немесе ақыл үйрету мақсатында емес, адам бойындағы барша кір-қоқысты ақтарып, жан дүниесінің терең түкпірінде сақталып қалған, болмауы мүмкін емес бастапқы ұшқынды табу үшін істеу – осының өзі бақыт емес пе?
«Ордалы жыланды» отбасылық драма деуге болады, бірақ шын мәнісінде, ол – адамның биікке көтерілуі туралы хикая. Бір адамның тағдырын зерттей келіп, өмірдегі барлық былық-шылықты белшеден кешкен бейбақтың әу бастағы саф таза бастауын таппақ болдым. Кітаптың соңында менің қара түнектен жаралғандай көрінетін кейіпкерім жарық дүние мен таза махаббатқа, бір сөзбен айтқанда, Құдайды тануға құқылы екенін сезінеді.
Сыншылар мен туралы өз кейіпкерлерін аяусыз жек көреді, онысы садизммен ұштасып жатады, сондықтан қара бояуды аямай жағады деп жиі айтады. Олардың пікірі солай қалыптасуына жазушылық өнерімнің әлсіздігі мен қауқарсыздығы кінәлі. Өйткені, шындап келгенде, мен өзімнің ең сорлы кейіпкерлерімді де жақсы көремін, олар неғұрлым бейшара болса, жақсы көруім соғұрлым күшейе түседі, анасы балаларының арасындағы ең сорлысына жан жылуын көбірек төкпей ме, сол сияқты. «Ордалы жыланның» кейіпкері мен күйеуіне у берген Тереза Дескейру қаншама жексұрын болса да адам бойындағы өзім шын мәнісінде жек көретін және төзе алмайтын жалғыз-ақ сипат – өз-өзінен бұтқа толып, өзіне-өзі ғашық болуды білмейді. Олар өздерін жақтырмайды, түкке тұрғысыз бейшара екендерін жақсы біледі.
Жан Шлюмберженің таңғажайып «Әулие Сатюрненін» (1877-1968 жж.. өмір сүрген француз прозаигі әрі сыншысының аталмыш романы 1931 жылы жарық көрген – ауд.) оқығанда кейіпкерлердің арасындағы ең жағымдыларынан жиренетінімді байқадым, бірақ соның себебін түсінбедім. Кітаптың соңғы парақтарына келгенде ең жағымды кейіпкер: «Жалқаулыққа салынған селтеңбайларды соншалықты қатты жек көрмеуге келісім берейін, тек өзіме деген құрметіме нұқсан келмесе болды» дегенде ғана бәрін ұқтым.
Егер менің кейіпкерім болса, мен оны өзін-өзі құрметтеуден бас тартып, керісінше, өлердей жек көріп кеткенше, әлемдегі бірде-бір адамды дәл өзіндей жек көрмейтіндей болғанға дейін уысымнан шығармас едім. Сөйтіп оны біржола жеңіліп тынуға, содан кейін қаншама түкке тұрғысыз пасық болса да ізгіліктің не екенін білуге тырысатындай етер едім.

* * *
Жыл сайын жаңа кейіпкерлермен арпалысуды ғана білетін жазушы күндердің күнінде бұрынғы кейіпкерлерінің кейбіреулері бір кітаптан екіншісіне көшіп жүретінін аңғарады. Әдетте мұны бірінші болып сыншылар байқайды. Жазушының өнердегі жолында кездесетін ең қауіпті сәт осы, енді оны өзін-өзі қайталайтын болыпты деп кінәлай бастайды, мүлдем сарқылып қалмай тұрғанда басқа салаға ауысқаның жөн ғой дегенді сыпайылап ишаралайды.
Романист ондай талаптарды көңіліне алмауы керек. Әрине, таланты тасқындаған мықтылар, ең алдымен, өздері ашқан типтерінің көптігімен ерекшеленеді. Дегенмен Бальзактың да, Толстойдың да, Достоевскийдің де, Диккенстің де ашқан типтерінің саны жазған романдарының санына жетпейді: айтайын дегенім, сол кітаптардағы адам типтері бірінен екіншісіне ауысып кете береді. Достоевскийдің нақұрысын алыңыз – ұлы романистің кез-келген шығармасынан тап соның көшірмесі болмаса да туған інісін тауып бере алатыныма ант етуге дайынмын. Ондай алыппен салыстыруға да келмейтін болымсыз бір авторды мысалға келтірейін: «Ордалы жылан» мен «Ана» романдарының бас кейіпкерлері егіз тамшыдай ұқсас, бірақ солай болып шығады деп ойлаған емеспін.
Бұл менің өзімді-өзім қайталағанымды білдіре ме? Нық сеніммен айта аламын – жоқ. Сол кейіпкер болуы мүмкін, бірақ бұл жолы өмірдегі басқа жағдайға тап болған. «Анада» ол бет қаратпайтын әміршіл анасымен сайысқа түссе, «Ордалы жыланда» үйлі-баранды адам, отағасы, ата, әулет басшысы. Өз басым жазушыны өзін-өзі қайталады деп кінәламай, жасанды тәсілдер арқылы жаңа кейіпкер тауып беруді, өзіне тән жазу мәнерін өзгертуді талап етудің орнына бір романнан екіншісіне көшіп жүре беретін, сол арқылы тағдырын өзгертіп, тірі адамдардай емес, жаңа жағдайда өмірін жаңадан бастай алатын кейіпкер сомдау қабілетіне сүйсінген болар едім.
Өз қолыммен сомдаған бейнесі соңымнан қалмай, кітабымның соңында өлтіріп тастасам да қайта тіріліп келетін сол кейіпкерге басқа тағдыр, бұрын болмаған бала-шаға мен немерелер беруден не үшін бас тартуым керек – бұл менің қолымнан келіп тұрған жоқ па? Тағы бір мүмкіндік берейін… Бұл соншалықты көп емес, келісіңіз… Бірақ романның кейіпкері – бір жаманы, бәріміз де сондаймыз! – өзі де бақытсыздыққа ұшырап, өзгелерді де сорлатудың сан алуан әдісін біледі! Оның бәрін жазып шығуға кітап жетпес еді.
Менен жаңалық күткенде өз-өзіме былай деймін: тереңдей түсу керек, жаңалықтың мәні сонда; тереңдеген кезде өмірге көзқарасыңды өзгертпей-ақ алға жылжуға болады. «Ордалы жыланның» кейіпкері, жағдайдың мүлдем басқа екеніне қарамастан «Анадағы» кейіпкерге ұқсап кеткені көңіліңізге жақпаса ондай сыныңызға пысқырмаймын: өйткені соңғы романымда сол кейіпкерімді түсіну мақсатында біршама алға жылжып, табиғатына тереңдей енгенім анық. Мен оның жан дүниесіндегі сырт көзден тысқары қатпар-қалтарыстарын қопардым.
Бұрынғы жазғанымызға мүлдем ұқсамайтын жаңа кітап жазсақ деген арманға, әрине, бәріміз де елігеміз. Кейде өз-өзіме мынадай сұрақ қоямын: оқырманды алдандырып, ширықтырып ұстау үшін детектив немесе шытырман оқиғалы роман жаза алар ма едім? Жазып шығуым мүмкін, бірақ соны еріксіз істер едім де ол кітап сондай жұмысқа машықтанған жазғыштардың шығармаларынан әлдеқайда нашар болып шығар еді.
«Халық туралы жазбайсыз ғой», – деп жазғырады мені кейбір арзан атақ қуғандар. Өзім білмейтін жәйттерді не үшін жазуым керек? Іс жүзінде, сахнаға кімді шығарсаң да: герцогиняны ма, буржуа әйелді ме, көшеде дәмдеуіш шөп сатып тұрған саудагер әйелді ме – ешқандай айырмашылық жоқ, ең бастысы, адами ақиқатқа жету; Пруст ондайға Германттар мен Вердюрендерді суреттегенде қол жеткізген; барон де Шарлюстің ақиқатын қалай ашса, Комбрада туып-өскен қызметші әйел Франсуазаның (Марсель Прустың «Жоғалған уақытты іздеу» деп аталатын жеті романнан тұратын шығармасындағы кейіпкерлер – ауд.) ақиқатын да солай ашады. Адамға тән жәйттердің терең қатпарлары дерлік бұл шындықтарды ашу үшін жазушы көп еңбектенуге тиіс, олардың сыры ақсүйектердің де, қара халықтың да ізденіске толы өмірін терең зерттегенде ғана ашылады. Қай-қайсымыз да оның бәрін өзіміз туып-өскен жерден іздейміз. Ақсүйектердің немесе халықтың жазушысы деген жоқ, нашар жазатын және жақсы жазатын қаламгерлер бар. Сонымен, әркім өз жерін, тым шағын болса да мейлі, тек оны өз қалауымен тастап кеткенге дейін қопарып шықсын, сосын – Лафонтеннің бір кейіпкерінің сөзін қайталайық – «еңбекті жерге сіңіріңіз, жер ешқашан алдамайды» («Шаруа мен балалары» деп аталатын мысалдан алынған).
Дегенмен, мойындайық, жазушы кейде іс жүзінде бір ғана кітапты жазып жүргенін, осы уақытқа дейін жазғанының бәрі – сол шығармасының сұлбасы екенін және сол кітапты ешқашан жаза алмайтынын түсініп, қиналып кетеді. Енді ол жаңа нәрсе іздеуді емес, керісінше, өзін-өзі сабырға шақырып, әдебиетке келгелі табандылықпен ұмтылып келген мақсатына жетудің сәл-ақ алдында тұрмын деген үміті оянғанға дейін бәрін қайтадан бастауды ойластырады. Жазушылар мақтансүйгіш келеді, бірақ жұрттың бәрі ойлайтындай өзімшіл емес. Өз басым жазған кітаптарының арасындағы жақсысы қайсы деген сұраққа жауап бере алмайтын талай романисті білемін, өйткені олар жарық көрген шығармаларының жоспары азды-көпті қызықты болғанымен сәтсіз шыққанын біледі, оларды болашақ жауһар шығармасының аяқталмаған нобайы ғана деп ойлайды, бірақ сол шығармасын ешқашан жаза алмауы мүмкін.

* * *
Ең объективті жазылған романның да сыртында – егер әңгіме шынымен маңызды, ұлы туынды туралы болса – әрдайым өз бойындағы жын-перілермен және сфинкстермен жалғыз өзі күресетін жазушының өмірлік қиындықтары жатады. Бірақ, даналықтың шырқау биігіне шыққан шығармадан автордың жеке басындағы драма сырт көзге байқалмауы мүмкін. Флобер өзінің әйгілі сөзі: «Бовари ханым – менмін» дегенді не үшін айтқаны баршаға мәлім, бірақ соны жете түсіну үшін уақыт керек, – бір қарағанда сондай кітапқа автордың өз басының қатысы бар екенін ұғыну қиын. Өйткені «Бовари ханым» – жауһар шығарма, тұтас дүние, ерекше әлем, өзін өмірге әкелген автордан бөлек, өз бетімен өмір сүретін туынды. Шығармамыз неғұрлым шикілеу болған сайын соғұрлым өзіміз айқынырақ аңғарыламыз: романның жықпыл-жықпылының арасынан бейшара автордың әбден қиналып біткен жан дүниесі жылт етіп көрініп қала береді.
Дегенмен кемеңгер қаламгердің өз шығармасымен тұтасып кете алмай, жарым-жартылай қол жеткізген табысының өзі әсем кіріктірілген, бірақ жан жылуынан жұрдай, құдды бөтен біреу жазғандай болып тұратын туындыдан немесе өз шығармасына толық сіңіп кете алмайтын немесе соны қаламайтын яки сөйтуге батылы бармайтын жазушының қолынан шыққан туындыдан әлдеқайда артық.
Әлдебір кітапты оқып отырғанда немесе жазушының шығармашылық дамуын бақылағанда авторға: «Өзіңді ұмыт, сезіміңе жүгін, есеп-қисапты лақтырып таста, аяма өзіңді, оқырман туралы, ақша туралы, сый-құрмет туралы ойлама!» – деп қанша рет жекіріп тастағым келді екен.
Қандай жазушының да бар өмірі – егер ол шынымен ірі жазушы болса – түптеп келгенде өз туындыларымен бітіспес күреске айналып кетеді. Шығармасы қаншалықты қуатты болса, жазушы соншалықты оның құлына айналады. Кейде сол шығармашылық жазушыны қатал тәртіпке көндіреді, сөйтіп бір кезде жазуға құлшындырған нәрсе ақыр түбінде оны өлтіріп тынады. Флобер сияқтыларды ол өмір бойы қамауда ұстады, Пруст секілділер оған өле-өлгенше қызмет етіп, ақтық демін де соған арнады. Паскаль бір кезде: «ауру – христианның табиғи күйі» деп еді; осы сөзді жазушыларға қатысты да айтуға болады. Флобер талма ауруына шалдыққан болатын, Пруст өмір бойы демікпеден зардап шекті, екеуі де бар өмірін төсек пен жазу үстелінің арасында өткізді. Біріншісі өмірдің қызығы кітап жазу деп білсе, екіншісі аядай ғана бөлмесінде, төрт қабырғаның ортасында бүкіл әлем жасырулы тұрғанын, тынымсыз жөтелуден селкілдеуі тоқтамаған көкірегінде мың жылдық естеліктер жатқанын, тұла бойында тұнып тұрған алуан қилы дәуірлер мен қоғамдық таптарды, жыл мезгілдерін, далалық жерлер мен шым-шытырық жолдарды, қысқасы – өзі білетін, сүйетін, жүрегінің сүзгісінен өткізген жәйттердің бәрін жарқыратып көрсете алатынын жақсы түсінетін; соның бәрі оған табалдырығынан аттап шықпаған тар бөлмесінде тарту етілді.
Бірақ жазушының ауруға шалдығуы жұмыс істеуге қолайлы өмір салтын тудырумен ғана шектелмейді. Достоевскийдің талма ауруы оның барлық кейіпкерлеріне әсер етті, өзіндік ерекшелік сыйлады, оларды бірден танисың, ол сомдаған адам мінездерінің жұмбақ сырлы болатыны сондықтан. Егер суреткер кемеңгер болса, оның кемшіліктері мен қалыптан ауытқуы да шығармашылыққа қызмет етеді, өзіне дейін ешкім аяқ баспаған, өйтуге батылы бармаған жұмбақ әлемнің есігін ашып, құпиясын жайып салады. Әулет мүшелері тұқым қуалаушылық заңына бағынады, бұл заң жазушы мен оның рухани перзенттеріне де жүреді; бірақ – уақытым болып, батылым барып жатса тап осыны дәлелдеп берер едім – әдебиет әлемінде шығармашылық иесінің кемшіліктері өзі өмірге әкелген кейіпкерлерге зиян келтірмейді, көбінесе олардың тұлғасын толықтырып, байыта түседі.
Оның есесіне романистің мінезі орнықты, денсаулығы мықты болса, мысалы Бальзак сияқты, онда оның шығармашылығы өзін тудырған иесінің түбіне жетіп тынғанша күшейе береді. Бальзактың өз қолымен жасаған әлемі ақыр аяғында өзін жаншып кетті. Ал егер шығармашылығы суреткердің көзін жоя алмаса, онда оны өзгелерден әлдеқайда биік тұратын құдіретке айналдырып жібереді, өмірдің әдеттегі қалпына сай келмейтін талаптар қойып, қол жетпеске ұмтылуға мәжбүр етеді: үйленген кезде Толстойдың өзгелерден айырмашылығы жоқ еді, бірақ ол ұлы суреткерге дейін өсіп, өзінің гуманистік ілімі кеңірек таралған сайын бүкіл әлем өзінің күнделікті ұсақ-түйек іс-әрекетіне дейін бақылап отырғанын сезе бастады, сөйтіп отбасылық өмірі тозаққа айналып кетті.
Дегенмен сарыуайымға салынбайық, ондай тағдыр аса ірі жазушыларға ғана тән, ал көпшілігіміздің жазып жүргеніміз, шынын айтқанда, әшейін-ақ нәрсе, еш қауіп жоқ бізге. Ол бізді құрдымға кетірмейді, керісінше, гүл шоқтарымен көмкерілген даңғыл жолмен қарыштай адымдап, оқырмандардың құрмет көрсетуіне және атақ-абыройға бастайды. Шығармашылық деген құбыжықты баяғыда қолға үйретіп алғанбыз, ол қаншалықты әлсіз болса бізге соншалықты жеңіл… Солай! Көп жағдайда соның өзі тірі ме әлі деп сұрауға тура келеді. Жалпы, одан қорқатын ештеңе жоқ. Картоннан жасалған кейіпкерлерді сериясымен шығаруды меңгеріп алған романистің жаны тыныш. Ол бұрын жанды кейіпкерлерді өмірге әкелген болуы мүмкін, бірақ біздің кейіпкерлеріміз көбінесе өзімізден бұрын өліп тынады, ал біз әлдеқашан ұмытылып қалғанымызды байқамастан сый-құрметке бөленіп жүре береміз.

* * *
Осы жолдар оқырманның көкейінде роман мен романистке қатысты күрделі – өмірдің өзіндей күрделі сезімді оятқанын қалар едім, ал біздің кәсібіміз сол өмірді бейнелеуден тұрады. Сол бейшаралар, арасында өзім де бармын, аз да болса аяушылық білдіруге, бәлкім сәл-пәл сүйсінуге татитын болуы мүмкін, өйткені олар осындай есуастықпен шұғылданып, кітаптарында уақыт пен іс-әрекетті тоқтатып қоймақ болады, сезімдер мен құштарлықты дәлме-дәл сипаттап беруге тырысады, шындығында біздің сезіміміз күніне қырық құбылады, құштарлығымыз да айнымалы. Прустың іліміне қарсы шығып, махаббатты абсолютке теңемек боламыз, ал нақты өмірде ең сүйікті адамдарымызға да титтей көңіл бөлмейміз, оның есесіне, ұмытылу заңына қарама-қайшы келгенімен, жүрегімізде тұтанған махаббат отының бірде-бір ұшқыны ешқашан өлмейді, мәңгі жасай береді.
Монтень – күрделі де құбылмалы тұлға (1533-1592 жж.. өмір сүрген француз философы, «Тәжірибелер» деп аталатын шығармасымен танымал – ауд.), біз оны да белгілі бір конструкцияға айналдырып жібердік те бөлшектеп-бөлшектеп талдай беретін болдық. Біздің кейіпкерлеріміз шетінен ақылды, ойлары айқын да анық, қисынды болып келеді, ал нақты өмірдегі іс-әрекетімізді, негізінен, ойланбастан жасаймыз, көптеген әркетімізді не үшін жасағанымызды өзіміз де білмейміз. Өмірде болған оқиғаны сол күйі қағазға түсірсек, сыншылар да, оқырмандар да бұл шындыққа сәйкес келмейді, адам сенгісіз деп шыға келеді. Романдағы кейіпкерлердің тағдырын шешетін адами қисын мен шынайы өмірдің қатал заңдылықтарының арасында ортақ ештеңе жоқтығына осының өзі дәлел бола алады.
Егер біз романға тән кереғарлықты жеңе алмасақ, өзіміз бейнелеуге ұмтылған өмірдің күрделі тұстары мен алуан қырын тиісінше суреттеуге шамамыз жетпесе, осы бір алынбас кедергіден қарғып өту қолымыздан келмесе соншама қиналмай-ақ, сол кедергіні айналып өтуге болмай ма? Бұл, меніңше, қазіргі романистердің өздерін артық бағалап жүргенін ашық мойындау болар еді. Әңгіме өмірмен бәсекеге түсуден шарасыздықпен бас тарту туралы. Бұл жерде өнер түрлерінің бәрі өзінің табиғаты бойынша жасанды екенін мойындау керектігі айтылып тұр, болмысты барлық қым-қуыт күрделілігімен қоса суреттеуге шамамыз жетпесе де өткен замандардағы ұлы классиктердің театрда өлеңмен жазылған бес актілі трагедияның шартты формасын пайдаланғаны секілді адамзатқа тән ақиқаттың белгілі бір қырларын бейнелеуге болады ғой. Мойындайық, роман өнері – ең алдымен, болмысты қайта жаңғырту емес, өзгертіп суреттеу (транспонировка). Жазушы өмірдегі жанды құбылыстардың бәрін қамтуға тырысқан сайын жасандылық көбірек сезіліп тұратыны таңданарлық құбылыс емес пе? Джойстың ішкі монологының негізіне алынған идеялардың сәйкестігінен өткен жасандылық пен бұрмалаушылықты тағы қайдан көруге болады? Біз театрда болып жатқан нәрселерден сабақ алуымыз керек. Дыбысты кино табиғат аясындағы адамдарды сол күйінде көрсете бастағаннан бері қазіргі театрдың реализмі, өмірге мейлінше ұқсауға тырысу жасандылық пен жалғандықтың шыңы болып көрінеді; театр өзінің шынайы табиғатына – поэзияға қайта оралса ғана құрып тынудан аман қалатынын түсіне бастадық. Театрда адам туралы шындықты айтуға болады, бірақ тек поэзия арқылы ғана.

* * *
Қазір роман жанры да тығырыққа тіреліп тұр. Өз басым Марсель Прустқа тәнтімін, оған деген құрметім жыл сайын арта түспек, соған қарамастан, оның таңдаған жолымен жүру ешкімді де ұшпаққа шығармайтынына сенімім кәміл. Романдардың кейіпкерлері ет пен сүйектен жаралған кәдуілгі тірі адамдар емес, олардың өзгертіліп, белгілі бір стильге түсірілген бейнесі екенін мойындауымыз керек. Шындыққа тек бұрмаланған күйінде ғана қол жеткізе аламыз. Өнердің шарттылықтар мен өтірікке құрылатынымен келіспесек болмайды.
Болмысты мейлінше дәл бейнелегеннің өзінде кейіпкерлер өзара түсінісіп, өздері туралы әңгімелейді, бұл да романның өтірікке құрылуы екенін ойлай бермейміз. Адамның нақты өмірінде, әсіресе қиындықты көп көрген адамдардың өмірінде сөздің атқаратын міндеті болымсыз ғана. Тірі жанның драмасы үнемі дерлік үнсіздікте өтеді және үнсіз шешімін табады. Өмірде басты нәрселер ешқашан айтылмайды. Тристан мен Изольда ауа райы туралы, таңертең көрген әйел туралы айтады, Изольда сүйікті жігітінен кофе шынымен дәмді ме деп қана сұрайды. Тұтасымен өмірден көшірілген роман, түптеп келгенде, ылғи көп нүктеден тұрар еді. Өйткені, барлық кітаптардың өзегін құрайтын махаббат, менің пайымдауымша, құмарлық-құштарлық атаулының арасындағы ең үнсіз түрі. Романның кейіпкерлері өзге планетада өмір сүріп жатқандай – ондағылар өзара түсінісуге тырысып сөйлесе береді, бір-бірінің алдында жан сырын жайып салады, қолдарына қалам алып, өздерінің ішкі әлеміндегі құбылыстарды талдайды, өзара шарпысып қалудан қашқақтаудың орнына ондайды әдейі іздеп жүреді, енді ғана бүр жарған, не екені әлі анықтала қоймаған сезімдерін контекстен жұлып алып, қарабайырландырып жібереді де микроскоппен шұқшиып қарай бастайды.
Дегенмен осындай жасандылықтың арқасында талай-талай ұлы ақиқат ашылды. Ойдан шығарылған, шындыққа сәйкес келмейтін кейіпкерлер біздің өз-өзімізді түсініп, кім екенімізді біле түсуімізге көмектеседі. Романның кейіпкерлері өмірді қайталауға тырыспайды, керісінше, тірі адамдар ұлы романистердің шығармаларын талқылап, одан сабақ алып, біртіндеп өзгеруге тырысуы керек. Кемеңгер романистер бізге Поль Бурже (1852-1935 жж.. өмір сүрген француз жазушысы, 1883-1885 жж.. жарияланған «Қазіргі психологиядан очерктер» деп аталатын бастапқы шығармаларын позитивизм ағымында жазған) өзінің алғашқы кітаптарының біріне жазған алғысөзінде «моральдің анатомиясын айшықтай түсу» деп атаған нәрселерді берді. Әдеби кейіпкер бізге тірі тұлға болып көрінгенімен романист оның бойындағы бір ғана сезімді, жалғыз-ақ құштарлықты үлкейтіп көрсетеді, сөйтіп оны жақсылап зерттеуге мүмкіндік туғызады; әлгі кейіпкерлер қаншама жанды адам сияқты көрінгенімен әрдайым белгілі бір ойды таратуға ғана қызмет етеді, біз олардың тағдырынан сабақ аламыз, олар бізге мораль үйретеді, ал ондай ұстазды кереғарлық пен қарама-қайшылыққа толы нақты өмірде ешқашан кездестірмес едік.
Ұлы жазушылардың кейіпкерлері, автор ештеңені дәлелдеуді де, бейнелеуді де ойына алмағанның өзінде әрқашан біз білмейтін, бірақ әрқайсымыз да танып, өмірде қолдана алатын ақиқатты ашып береді. Шамасы, біздің ақылға сыйымсыз әрі біртүрлі кәсібіміздің мәні де сол мінсіз әлемді өз қолымызбен жасау болса керек, соның арқасында өмірдегі нақты адамдар өздерінің жан дүниесіне үңіліп, бірін-бірі түсініп, жан шуағын шашатын болады.
Жазушыға үнемі қатер төніп тұрады, сол үшін-ақ оған көп нәрсені кешіруге болар еді. Роман жазу қауіпсіз жұмыс емес. Қателеспесем, баяғыда оқыған бір кітап «Бет-жүзін жоғалтқан адам» деп аталатын. Сол сияқты романист те сәт сайын өз басын, өзінің «менін» бәске тігеді. Рентгенолог тәнін қатерге тіксе жазушы өзінің тұлға ретіндегі тұтастығынан айырылып қалуы мүмкін. Ол өзінің барлық кейіпкерлерінің өмірін бастан кешеді, періге де, періштеге де айналып кетеді. Ізгілік тұрғысынан да, пасықтық жағынан да қиялымен түпсіз тереңге сүңгиді. Осындай толып жатқан, өзара қарама-қайшы кейіпкерлердің бәрі болып ойнап шыққан соң оның өз табиғатынан не қалады? Жанды-жансыздың бәрінің бейнесіне кіре беретін Протей (ежелгі грек аңыздарындағы теңіз құдайларының бірі – ауд.) іс жүзінде ешкім емес, өйткені ол бәрі де бола алады. Сондықтан жазушыға, басқалардай емес, сенімді тірек керек. Ол өзін тұтастықтан айырып, бөлшектеп тастамақ болып үздіксіз – мен «үздіксіз» деп тұрмын, өйткені романист ешқашан, тіпті демалып жүрсе де жұмыссыз отырмайды – әрекет ететін күштерге одан да қуатты басқа күшті қарсы қоюға; ішкі тұтастығын қайтадан қалпына келтіріп, толып жатқан қайшылықтардың арасында қара жартастай мызғымас негізде тәртіп орнатуға тиіс; өз болмысындағы бір-бірімен тайталасып жүрген күштерді ешқашан өзгермейтін Жаратушы иеміздің төңірегіне топтастыруы керек. Іштей быт-шыт болып, құрдымға кеткелі тұрған жазушы Бірлікке оралса ғана аман қалып, бір Құдайға қайту арқылы өзін-өзі қайтадан табады.

1933 жыл.
Орыс тілінен аударған
Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ