ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің» осы айдағы дәрісін француз жазушысы, Нобель сыйлығының 1952 жылғы лауреаты Франсуа Мориак жүргізеді.

Жазушылардың басты қасиеті – кішіпейілдік деп айта алмайсың. Тіптен олар Жаратушы деген аттан дәмеленеді. Жаратушы! Құдай-тағаланың өзімен бәсекелес!
Іс жүзінде, кәдімгі маймылдар сияқты.
Шығармашылықты жоқтан бар жасау десек, өздері ойлап тапқан кейіпкерлерін олар жаратқан жоқ. Біз жараттық деп масаттанып жүргеніміздің бәрі күнделікті болмыстан алған элементтерден тұрады; басқаларды бақылау арқылы түсініп-түйгеніміз бен өз-өзіміз туралы азды-көпті білгенімізді жымын білдірмей қиюластырып жібереміз. Романның кейіпкерлері жазушы мен болмыстың некелесуінен өмірге келеді.
Осы некенің жемісі ретінде өмірге келген шығармадағы жазушыға тән нәрселер мен болмыстан алынған жәйттердің ара-жігін ажырату қиынға түседі. Бұл орайда әр жазушы өзі туралы ғана айта алады, сондықтан менің де ортаға салғалы тұрған ойларым өзіме ғана қатысты.
Бұл жерде біз тасасына жасырынған адамның кім екені ап-анық көрініп тұрған селдір бетперде бүркеніп, өзі жазған кітаптарының жалғыз-ақ бас кейіпкері болып жүрген жазушыларды қозғамаймыз, бұл түсінікті шығар. Шынтуайттап келгенде, әр жазушы өзінің мөлдіреген жан дүниесін сипаттап, метафизикалық немесе ғашықтық тұрғыдағы ерліктерін айтудан бастайды (бірақ көбінесе алғашқы тәжірибесі жайында жұмған аузын ашпайды). Он сегіз жасар жас жігіт өмір туралы не білсе соны яғни өзінің арман-қиялы мен көзіне елестегенді ғана жазады. Жұмыртқадан жаңа шыққан балапан жұмыртқаның қабығынан басқа не туралы жазатын еді. Ондайлардың өзгелерді бақылауға қолы тимейді, өзінен басқаларға назар аударуға уақыты жоқ. Тек өз-өзімізден алшақтауды қолға алған кезде ғана бойымызда жазушы қалыптаса бастайды.
Өз өмірінен алынған оқиғаларды ғана сипаттайтын жазушыларды қоя тұрайық, бірақ айналадағы ортаны бақылаудың нәтижесіне сүйеніп, типтік кейіпкерлердің көшірмесін жасайтын, сөйтіп шындыққа азды-көпті ұқсастығы бар бейнелерді өмірге әкелетін жазушыларды да қарастырмаймыз. Бұл менің тікелей Лабрюйерден (Жан де Лабрюйер, 1645-1696 жж.. өмір сүрген француз жазушысы, апсихолог, моралист – аудармашы) және француздың ұлы моралистерінен басталатын романның бұл түрі құрметтеуге лайықсыз дегенім емес. Алайда бұл жазушылар – мемуаршылар мен портретшілер – батылырақ айтсақ, жаңа нәрсе жасамайды; олар көшіріп алады немесе қалпына келтіреді, Лабрюйер айтқандай, халықтан нені алса соны қайтарып береді; олардың кім екенін оқырмандар да біледі: кейіпкерлердің қайсысы кімнің көшірмесі екенін анықтауға тырысып, әрқайсысына ат қойып алады.
Романның біз тілге тиек еткелі тұрған түріне – суреткер мен болмыстың құпия одағының жемісі ретінде өмірге жаңа кейіпкерлер келген романдарға қатысты ондайды ешкім істей алмайды. Нағыз жазушының қаламынан туған бұл кейіпкерлер өмірдегі нақты тұлғалардың көшірмесіне жатпайды, егер өзінің айналасында – жалпы жұртшылықтың, кім екені белгісіз толып жатқан оқырмандардың емес, өзінің отбасында, жақындарының арасында, туып-өскен қаласында немесе ауылында – жазушы басынан аяғына дейін өзім ойлап таптым деп жүрген кейіпкерлердің бойынан өзін көруге дайын тұрған адамдар табыла кетпесе автор оларды жоқтан бар қылған өзімнің шығармашылық қуатым болар деп үміттене алар еді. Тап осы жақындарының арасынан шығармаға көңілі толмаған немесе жәбірленіп қалған оқырмандар әманда табылады. Жазушы бала кезінде арасында өскен немесе жастық шақта бірге жүрген, бірақ кітабын жазып отырғанда ойына да алмаған сол бір тамаша адамдарды өзі де білместен ренжітіп алады немесе көңілін қалдырады, онсыз бірде-бір кітап жазылған емес.
Жазушы ондайды мойындамай, қаншама қарсылық білдіргеніне қарамастан олар оның кітабынан өздерін немесе жақындарын көріп жатса бұл оның кейіпкерлерін сомдауға пайдаланған материалды өмірдің өзі қат-қабат қылып жинай берген образдар мен естеліктердің ауқымды қорынан өзі де білместен суырып алғанын дәлелдеп тұрған жоқ па? Сауысқандар жылтыраған әдемі зат көрсе іліп әкетіп, ұясына жасырып қояды дейді, сол сияқты жазушы да бала кезінен бастап адамдардың келбетін, сұлбасын, сөздерін жинап жүреді; өзін таң қалдырған образдар да, ескертулер де, қызық оқиғалар да сол қорға қосыла береді… Соншалықты таң қалмаса да кейбір оқиғалар жадында жатталып қалады, басқа адамдардай ұмытып кетпейді оларды; соның бәрі, өзі байқамаса да санасының бір түкпірінде жасырынып жата береді де керек кезінде жарқ етіп шыға келеді.

Алыста қалған балалық шақта, бөгде адамдардан үйлерін қызғанып, жақындата бермейтін, бөтен ешкім келмейтін, ештеңе болмайтын шалғайдағы бір түкпірде өзінің сатқындығын білмейтін, бірақ әрі тыңшы, әрі сатқын бала тұрып жатты; ол күрделі де күрмеуі қиын күнделікті өмірден көргені мен естігенін еркінен тыс түгел жаттап алады. Ешкім күдіктенбейді одан, өйткені ол да басқа балалар сияқты. Бәлкім оған: «Бар, балалармен ойна! Қасымыздан шықпайсың ғой… Үлкендердің не айтатынында шаруаң қанша!» — деп жиі ұрысқан шығар.
Кейін оның кейіпкерлерінен өзін танығандар ашуға толы хат жолдағанда ол шынымен таңданып, мұңайып, өкпелеп қалады… Жазушы білмегенсіп тұрған жоқ: өйткені өз кейіпкерлерін жақсы біледі, абайсызда ренжітіп алған әлгі жақсы адамдарға мүлдем ұқсамайды олар. Дегенмен ар-ұятының алдында сәл де болса айыпты екені рас.
Өзіме қатысты айтар болсам, жазушы мен оның кейіпкерлерінен өздерін таныған оқырмандардың арасындағы әлгіндей түсініспестіктің басты себебі ап-анық көрініп тұр. Мен болашақ шығармамның оқиғасы өтетін үйдің әр түкпіріне дейін көз алдыма елестетіп алмай тұрып романымды ойластыра алмаймын; бақшадағы адам жүрмейтін көне сүрлеулерге дейін және үйдің айналасындағы нәрселерді түгел, егжей-тегжейлі білуім керек. Кейбір әріптестерімнің айтуынша, олар болашақ романдарының оқиғасы өтетін орын ретінде бұрын өздеріне бейтаныс болып келген шағын қалашықты таңдап, кітапты жазып біткенше сондағы қонақүйде тұрады екен. Бұл менің қолымнан келмейді, ешқашан! Бөтен жерде ұзақ уақыт тұрсам да түк тындыра алмас едім. Оқиғасы өзім бауыр басып кеткен өңірге қатысты болмаса ой-санамда ешқандай драма тумайды. Кейіпкерлеріммен бірге әр бөлмені аралап шығуым керек. Олардың бет әлпетін анық ажырата бермеуім мүмкін, жалпы сұлбасын ғана білемін, бірақ олар жүріп өткен дәліздегі тұрып қалған иісті анық сеземін, күндіз немесе түннің қай мезгілі болса да кіре берістен далаға беттегенде, есік алдына шыққанда не сезіп, не еститіні маған жақсы мәлім.
Осы ерекшелігіме байланысты кітаптарымның бәріндегі ахуал амалсыздан бір сарынды болып қала береді. Ең бастысы, мен бала кезімде өзім тұрған немесе содан бері жақсы таныс үйлер мен бақшаларды ғана суреттей аламын. Бірақ қазір өз үйіміз бен туыстарымыздың мекен-жайы тарлық етіп жүр, сондықтан көршілердің иелігіне өтуге тура келеді. Сөйтіп мен провинциялық жерлердегі сәнді үйлердің абрикос иісі сіңіп қалған күңгірт ас үйінде түс қайта сағат төрттерде қай-қайсысы да өзін ел анасына лайықты ұстайтын құрметті кемпірлер бір шоқ мускат жүзімін, тәтті крем, айвадан жасалған мармелад пен бадам жемісінен қайнатылған, сәл-пәл тұтқырлығы бар тосап беріп еркелететін — Тереза Дескейру (Ф.Мориактың алғаш рет 1927 жылы жарияланған, әлемдегі 100 үздік романның қатарына енген, осылай аталатын шығармасының кейіпкері – ауд.) беретіндей мышьяк емес — бала кезімде ешқандай арам ойсыз-ақ сол үйлерде болып жататын сұмдық оқиғалар туралы қиялдайтынмын.
Сол бала ержетіп, жазушы болғанда бір кезде қасында жүрген адамдар әлгі сұмдық оқиғалар туралы кітапты оқып, өз үйі мен бақшасын таниды. Жазушы өзінің қиялынан туған драманың шексіз буырқанысты болуының өзі осы оқиғадан қандай да бір ұқсастық тауып, түсінбеушілік туындауына жол бермейді деп үміттенген болуы мүмкін. Әлгі құрметті адамдардың үйлерін сипаттағанда сол адамдар ойдан шығарылған кейіпкерлердің қызбалығы мен жасаған қылмыстарын бізге жауып отыр деп ойлауы ол үшін ақылға сыймайтын жәйт.
Бірақ бұл шалғайдағы елді мекенде орналасқан, әулет мүшелері ешқашан тастап кетпеген және әрдайым сол әулеттің меншігі болып қала беретін қара шаңырақтың қадірін жете бағаламау болар еді. Бір пәтерден екіншісіне көшіп жүре беретін қалалықтар провинциядағы үй, атқора, кір жуатын шошала, артқы аула және бау-бақша дегендердің бәрі сол үйдің тұрғындарының бойына ұлудың қабыршағы тәрізді мәңгі жабысып қалатынын ұмытып кеткен. Бірдеңені қозғап қалсаң бәрі қопарылып түседі. Үй мен бақшаны ғана жаздым ғой деп үстірт ойлаған жазушы соның бәрін біріктіріп тұрған отбасылық хал-күйді – тұтас бір ахуалды ескермей, тұтас әулет кие тұтатын қасиетті нәрсеге қол сұққанын аңдамай қалған. Кейде сол ахуалдан кіре берісте ұмыт қалған шетен қалпақ секілді әлдекімнің есімі ғана есте қалады, жазушы ойланып жатпастан өз кейіпкерлерінің бірін сол есіммен атай салады, сөйтіп осыны әдейі істеді-ау деген күдік одан әрі күшейе түседі.
Сөйтіп жазушы өзінің балалық шағы өткен үйге сол үйдің тұрғындарына мүлдем ұқсамайтын, әжесі мен анасы балалары мен құдайды ойлап, шамның жарығымен іс тоқып отыратын отбасылық қонақ бөлмедегі үйреншікті тыныштықты өрескелдікпен бұза беретін бейтаныс біреулерді қоныстандырады. Ал осы басқыншылардың жазушы бір кезде жақсы таныған, өмірдегі нақты адамдарға қаншалықты қатысы бар?

Маған келсек, менің кітаптарымдағы екінші деңгейлі кейіпкерлер ғана тікелей өмірден алынған. Ереже деп есептеуге болатын бір жәйт: шығармадағы кейіпкердің салмағы неғұрлым жеңілдеу болса оның өмірден өз қалпында алыну ықтималдығы соғұрлым арта түседі. Бұл түсінікті шығар: әңгіме театрдағыдай, «халықтың алдына шығатын рольдер» туралы. Олар әрекет үшін керек болғанымен романның негізгі кейіпкерінің алдында солғындау көрінеді. Оларды қайта қарап, жаңадан кейіпкер жасауға суреткердің уақыты жоқ. Сондықтан олар жадында қалай жатталып қалса сол күйі көшіре салады. Шығармасындағы қызметші қызды немесе шаруаны бейнелеу үшін ізденудің керегі жоқ оған. Есінде қалған бейнелерді сәл-пәл өңдеп, кітабына енгізіп жібереді.
Ал басқалары – әдетте бейшаралау болып көрінетін бірінші деңгейдегі кейіпкерлер – өмірдегі адамдарға қаншалықты ұқсас? Бояп, өңделген фотосуреттерге ұқсастығы қай шамада? Бұл сұраққа нақты да дәл жауап беру қиын. Жазушы өмірден кейіпкерлердің сұлбасын, драмалардың өрбуін, басқа жағдайда шиеленісіп кетуі ықтимал күнделікті кикілжіңдерді ғана алады. Жалпы айтқанда, өмір жазушыға бастапқы нүктені береді, одан әрі нақты өмірдегі оқиғадан ерекшеленіп тұратын өз жолымен жүруге тиіс. Ол тек болуы ықтимал оқиғаларды болғандай қылып көрсетеді; бұлыңғыр мүмкіндіктерді жүзеге асырады. Кейде өмірде болған оқиғаларға мүлдем кереғар бағытты таңдауы мүмкін. Оқиғаға қатысатын адамдардың орындарын ауыстыра алады: жұрттың бәрі білетін оқиғадағы жендеттің бойынан құрбандықты, құрбандықтың бойынан жендетті іздеуі ғажап емес. Өмірдегі деректерді ала отырып, сол өмірдің өзімен тартысқа түседі.
Мысалы, менің «Тереза Дескейруді» жазуыма түрткі болған жәйттердің бірі он сегіз жасымда сотта көрген, екі жандармның арасында тұрған шаршаңқы жүзді әйел болса керек, әлгі бейбақ күйеуіне у беріп өлтірмек болыпты. Куәгерлердің айтқан сөздерін есіме түсірдім, айыпкердің у табу үшін рецепті өзі жазғаны жайындағы оқиғаны пайдаландым. Өмірден тікелей алғаным сол ғана. Бірақ мен шынайы болмыстағы материалдан мүлдем басқа әрі неғұрлым күрделі тұлғаны сомдап шықтым. Шын өмірдегі айыпкердің не себепті қылмысқа барғаны түсінікті болатын: ол басқа адамды сүйіп қалған. Қылмысқа не үшін барғанын өзі де білмейтін менің Терезамның драмасы одан мүлдем бөлек.
Ал сонда жан дүниесі күңгірт, бірақ құштарлыққа толы, не істеп, не қойғанын өзі де түсіне бермейтін бұл Тереза автор бұрыннан білетін адамдарға мүлдем ұқсамай ма? Парижде тұрамыз, араласып тұратын шағын тобымыз бар, айтатын әңгімелеріміз, оқитын кітаптарымыз, баратын театрымыз көптеген адамдарға өздерінің кім екенін тануды, тілек-мұқтажын ажырата алуды, құштарлық атаулыны түгелдей өз атымен атай білуді үйретті, бірақ біз ауылдың өмірін түсіне бермейміз, ондағы әйелдер жан дүниесіндегі құбылыстар үйреншікті нормадан сәл-пәл ауытқыса болды, өзін-өзі түсінуден қалады. Сондықтан қандай да бір нақты әйелді қаперімде ұстамастан өмірде өзім бақылаған жәйттерді ғана басшылыққа алып, өзімнің Терезама белгілі бір бағытты нұсқадым. «Ордалы жыланның» (Ф.Мориактың 1932 жылы жарық көрген романы – ауд.) бас кейіпкері де сондай: оның драмасының жалпы сұлбасы, беткі қабаты ғана жадымда қалған оқиғаға негізделген. Соны қоспағанда, менің кейіпкерім өмірде болған адамнан өзгеше ғана емес, оған тура қарама-қарсы тұлға болып шықты. Өмірде болған жәйттерді, қалыптасқан әдеттерді, мінез-құлықтарды алдым, бірақ жан дүниесін мүлдем басқаша бейнеледім.

Менің сомдағаным оның жан дүниесі ме сонда? Кейіпкердің құпия өмірі неден тұрады? Романның кейіпкерлері жазушы мен болмыстың некесінен дүниеге келеді деп жоғарыда айтқанмын. Бірақ өмірден алынған пішіндер мен жадымызда сақталған образдарды өз бойымыздағы қасиеттермен немесе өзіміздің бір бөлігімізбен толықтырамыз. Қандай бөлік ол?

Бұл күндері сәнге айналған теорияларға сәйкес, біздің кітаптарымыз өзіміз тежеп ұстайтын тілек-қалауымыздан, ашу-ызамыздан, құштарлық-құмарлығымыздан арылуымызға көмектеседі… біздің кейіпкерлеріміз – өзіміз жасамаған күнә атаулының бәрін көтеретін құрбан-текелер немесе, керісінше, біздің шамамыз жетпейтін қаһармандық істерді жүзеге асыратын құдіретті адамдар, жартықұдайлар дегенге ұзақ уақыт бойы мен де сеніп келдім және шынымен солай шығар деп ойлайтынмын; қолымыздан келмейтін ізгі істер мен ішімізді өртеп бара жатқан құмарлықтарымызды солардың мойнына іліп қоямыз. Егер осы гипотезаны қабыл алсақ, онда жазушы – өзін емес, ойдан шығарған кейіпкерлерін әлдебір жексұрынға немесе қаһарманға айналдырып жіберетін құбыжық қана. Сөйтіп ізгі адам немесе қылмыскер болуды өзімізге емес, кейіпкерлерімізге жүктей саламыз, біздің мамандықтың айқын көрініп тұрған артықшылығы сол – бізге өмір сүрудің қажеті жоқ, кейіпкерлеріміздің арқасында ондай қажеттіліктен арылғанбыз.

Дегенмен мұндай түсіндірмеде қирату мен ұлғайтудың сұрапыл қуаты ескерілмеген сияқты, ал ол біздің өнеріміздің негізін құрайтын басты элемент қой. Кейіпкерлеріміздің басынан өткен қиындықтар біздің санамыздағы арпалыстың болымсыздау бір бөлігі ғана. Тек кейбір сәттерде ғана жүрегіміздің түбінен әлдебір ұшқын бой көтереді, кейін ол кейіпкердің жан дүниесін дүр сілкінткен сұрапыл сезімге айналады, сол сезімнің күштілігі соншалық, осынау буырқанған дауыл мен жазушының жүрегіндегі бір мезеттік толғаныстың арасында ешқандай ұқсастық қалмайды.
Жұмысын аяқтап, әлгінде ғана қаламынан шыққан оқиғалардың әсерінен әлі арыла қоймаған жазушы кешкісін дастархан басында отыр делік, балалар күлісіп, дауласып, мектепте көргендерін айтып жатыр. Жазушы кенет томсарып, торығып қалады… Өз жұмысы жайында айта алмайтынына қамығады… Бір мезет өзін ешкімге керексіз болып, жалғыз қалғандай сезінеді… Бірақ сәлден соң шаршағаны басылып, әлгі сезімнен арылады, тамақтанып болғанда бұл ренішін ұмытып та кетеді. Жазушының міндеті – осындай болмашы ғана өкпе-ренішті үлкейткіш әйнек секілді бірнеше мәрте ұлғайтып, «Ордалы жыландағы» әулет басшысының алапат ашу-ызасының деңгейіне дейін жеткізу. Сәл нәрсені өлшеусіз ұлғайту қабілетінің арқасында жазушы бір сәттік жайсыз сезімді ессіз құштарлыққа айналдырып жібереді. Сонымен қатар, әлдебір ұсақ сорақылықты өлшеусіз ұлғайтып, жоқтан бар жасап, қорқынышты құбыжықты туғызумен шектеліп қалмай, бойымыздағы соған қарама-қарсы өзге сезімдер көлегейлеп, басып, жұмсартып тұрған ондай сезімдерді оқшаулап та тастайды. Бұл орайда кейіпкерлеріміз біздің кім екенімізді білдірмек түгіл бізді сатып кетеді, өйткені жазушы ұсақ-түйекті ұлғайтып көрсетумен қатар оны қарабайырландырып жібере де алады. Кейіпкеріміз ессіз құштарлыққа бой алдырған, оған қарсы тұру қиын – ес жиғызбай еліктіріп әкетер әзәзілдің арбауына енді тап боласыз! Ондай типті дүниеге әкелсең сыншылар жарыса мақтай жөнеледі, жазушы жақсы біледі оны. Бұл оған оп-оңай болып көрінеді! Жазушының қабілеті осындай қосарлы сипатқа ие: шығармаларында өзінің жан дүниесіндегі білінер-білінбес ұсақ сезімді өлшеусіз ұлғайта алады, сосын оны өзгелерден оқшаулап, бөлектеп тастайды – тағы да қайталаймыз, кейіпкерлер автордың қандай адам екенін көрсетпейді, керісінше, үнемі дерлік оны сатып кетуге тырысады.

Осы жерде жазушының ешкім түзете алмайтын шарасыздығына куә боламыз. Елдің бәрі әрі мақтап, әрі даттап жататын бұл өнерге қатысты мынаны айтуға тиіспіз: егер ол мақсатына жетіп, адам өмірін бүкіл қатпар-қатпарымен тұтас көрсете алса, онда ол құдайдың деңгейіне дейін көтеріліп, құдіретті өнерге айналып, теңдесі жоқ күшке ие болар еді, көне аңыздағы жыланның уәдесі орындалып, біз, жазушылар, құдай теңдес болып кетер едік. Бірақ – өкінішті – ондайға жету қайда бізге! Жазушылардың жаңа ұрпағының қасіреті сонда, олар мынаны түсінді: адамның мінез-құлқын классикалық романдардың үлгісімен сипаттау мен нақты өмірдің арасында ортақ ештеңе жоқ. Толстой, Достоевский, Пруст секілді ең ұлы жазушылар да миллиондаған тірі талшықтар тоғысып жатқан жанды ағзаға — адам тағдырына жақындап қана барды, бірақ қол жеткізе алмады. Күндердің бір күні осынау ұлы мақсатқа жету өзінің ғана маңдайына жазылғанын ұққан жазушы ешқандай көзсіз сенімге бой алдырмай, қиялшылдыққа ұрынбай, үйреншікті формулаға сәйкес түкке тұрғысыз оқиғалар туралы жазып шығады немесе Джойс пен Вирджиния Вулфқа ұқсап, бір ғана адамның санасындағы аса ауқымды, шатысып-бытысып жатқан, үнемі өзгеріп тұратын және ешқашан қозғалыссыз қалмайтын әлемді сипаттауға мүмкіндік беретін тәсілді (мысалы, ішкі монолог) жасап шығаруға тырысып, әлгі адамның синхронды бейнесін сомдаймын деп бар күшін сарқып алады.
Бұл да түк емес: бірде-бір адам өзгелерден оқшау өмір сүріп жатқан жоқ, бәріміз адамдардың арасында жүрміз. Жазушы жеке тұлғаны зерттейді деген – бос сөз. Бейшара бақаны зертханаға алып келген биолог тәрізді жазушының жеке тұлғаны өзгелерден бөліп алған себебі – бұл оған қолайлы және кейіпкерін бейнелеу оңайға түседі.

Егер жазушы өзі таңдаған өнердің мақсатына қол жеткізіп, өмірді шынайы бейнелемек болса, онда ол бәріміз қатысып жүрген және барлық тағдырлар бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен тоғысып жатқан осынау адамзат симфониясын сипаттауға тырысуы керек. Бірақ!.. Осы мақсатқа ұмтылған адам қаншама таланты тасып, елден асқан кемеңгер болса да жеңіліп тынар еді. Бұл бағытта, меніңше, Джойс қана барынша талпынып көрді. Өз ойымша, сөз өнеріне, романға тән ішкі қайшылықты жеңу бірде-бір суреткердің қолынан келмек емес. Бір жағынан, ол адам туралы ғылымға ұқсайды – адам деген жан дүниесін алуан түрлі құмарлық пен құштарлық кернеген, сол қалпынан өзгермейтін, бірақ сәт сайын құбылған тұрақты да тұрақсыз тұтас бір әлем ғой, сол әлемнен Горио әкей немесе әкелік махаббат, жиен апай Бетта немесе қызғаныш, Гранде әкей немесе сараңдық тәрізді бір ғана құмарлықты, бір ғана ізгілікті, бір ғана кемшілікті жұлып алып, үлкейткіш әйнекпен қарауға болады. Екінші жағынан, роман әлеуметтік өмірді бейнелеуге тырысқанымен, онда тек жеке адамдар ғана қарастырылады, оларды қоғаммен байланыстырып тұрған тарам-тарам тамырлар түгелге жуық шауып тасталған. Бір сөзбен айтқанда, жазушы жеке тұлғаның бір ғана құштарлығын оқшаулап көрсетіп, сол құштарлықты ішкі қозғалыстан айырады, ал қоғамды бейнелегенде жеке тұлғаның өзін оқшаулап, ішкі қозғалыстан айырады. Сөйтіп өмірдің бейнесін сомдауға тиісті суреткер оған қарама-қарсы нәрсені жасап шығарады: жазушылық өнердің болашағы жоқ.

Бұл тұжырымды ең ұлы жазушыларға, мысалы, Бальзакқа да қатысты айтуға болады. Ол қоғамды бейнеледі дейді: іс жүзінде ол шығармашы ретінде таң қаларлық күш-жігер жұмсап, Қалпына келтіру және Июль монархиясы дәуіріндегі барлық әлеуметтік топтардың толып жатқан өкілдерінің бейнесін сомдады, бірақ сол типтердің әрқайсысы дербес жанған жұлдыздар тәрізді өз алдына бөлек әлем болатын. Оларды бір-бірімен қақтығысқа түсудің білінер-білінбес нәзік тіні немесе қарабайырлықпен ұштасып жатқан құштарлық қана өзара байланыстырып тұр. Адамдарды оқшауландырмай-ақ және ішкі қозғалыстан айырмастан бейнелеу тұрғысынан өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда озық тұрған Марсель Пруст қана романға тән осы кереғарлықтан үстем түскені даусыз. Түптеп келгенде, өнер атаулының бәрі әдебиеттен бастау алады деп тұжырым жасаушылармен келісуге тиіспіз. Шындығында оның өзегіне адамның өзі алынатындықтан бұл орынға одан басқа ештеңені қоя алмаймыз. Алайда олай емес деушілерді де кінәламаймыз, өйткені әдебиет өзінің өзегін құрайтын сол адамның барлық былық-шылығын жайып салады және оның бар өмірі жалғандыққа құрылғанын әшкерелеп береді.

Дегенмен біз, жазушылар, кейбір шығармаларымыз өзгелерімен салыстырғанда жандырақ болып шыққанын сеземіз. Кітаптардың көпшілігі өмірге өлі күйінде келіп, келісімен-ақ ұмытылады, бірақ жадымызда жаңғырып тұра беретін, әлі де ақырғы сөзін айта қоймаған, соңғы нүктесін өзіміз қойып, біржола аяқтауымызды күтіп жүрген кітаптар да бар.
Бұл феномен, ештеңеге қарамастан, жазушының батылдығын оятып, назарын аударуға тиіс. Мұражайға қойылған әйгілі картиналар секілді әдебиет тарихында сақталып қалған романдардың әйгілі типтеріндей емес, біздің кейіпкерлеріміздің өмір сүру қабілеті мүлдем ерекше. Бұл жерде әңгіме Горио әкейдің немесе мадам Боваридің мәңгі өмір сүретіні туралы емес, олар адамзаттың жадында сол күйі сақтала береді, кітаптарымыздағы пәленше деген кейіпкер, түгенше деген әйел кейбір оқырмандарды әлі де қызықтырады екен, қиялдан жаралған сол бейнелер олардың өзін-өзі түсінуіне көмектесіп, жан құпиясын ашып береді деп үміттенеміз – өкінішті! – біз мұның ұзаққа бармайтынын сеземіз және соған мойын ұсынып, көндігуден басқа амалымыз қалмайды. Басқаларымен салыстырғанда өміршең болып көрінетін кейіпкерлердің сұлбасы әдетте бұлыңғырлау болады. Өзгелердей емес, олардың құпиясы көп, жұмбақтау, мүмкіндіктері де жетіп жатыр. Тереза Дескейру не үшін күйеуін у беріп өлтірмек болды? Оның қасіретке толы тұлғасының әлі де ойымыздан шықпауының себебі, көп тұрғыдан алғанда, нақ осы сұрақта жатыр. Кейбір оқырман әйелдер өздерінің тағдырына үңіліп, Терезаның тұлғасына қарап өз құпиясының сырын ашпақ болады; бәлкім іштей оны жақтайтын да шығар. Ондай кейіпкерлер өз бетімен өмір сүріп жатқан жоқ: оларды оқырмандар қолдайды, өз жүректеріндегі мазасыздық арқылы оятып алады оларды, сондықтан әлгі кейіпкерлер бір сәтке қайта тіріліп, кітапқа үңілген жас келіншек отырған шалғайдағы үйдің қонақ бөлмесінде жанып тұрған шамды айналып жүріп алады.

Мақсатына жете алмай, өмірді бейнелеу қолынан келмейтінін мойындаған жазушы өзін-өзі ақтау үшін және іштей демеу ретінде былай деп жұбанады: кейіпкерлерім қандай болса да бар ғой әйтеуір, адамдарға ықпалын тигізіп жүр. Сол кейіпкерлер оқырманға айтарлықтай ықпал ете алмаса да жан дүниесіне түрткі салып, ойлануға септігін тигізді, бұл да аз емес. Жазушының жеңіліс таптым деп есептеуі оның тым талапшыл болуынан туындайды. Егер ол кейіпкерлеріне өмір сыйлайтын құдай болудан бас тартып, өз өнерінің ең қарапайым әрі шартты құралдарының көмегімен кейбір замандастарына әсер етуді ғана місе тұтса, онда өзінің қарым-қабілеті соншалықты нашар еместігін аңғарар еді. Жазушы кейіпкерлеріне белгілі бір міндет жүктейді. Ұлы мақсат жолында құрбан болып, ең ұлы әлеуметтік заңдардың сәнін келтіретін, өзгелерге үлгі боларлық кейіпкерлер де бар. Бұл орайда автор өте сақ болуға тиіс. Өйткені кейіпкерлеріміз бізге бағынбайды. Тіптен олардың арасында біздің пікірімізбен келіспейтін және оны қолдағысы келмейтін қырсықтар да кездеседі. Солардың кейбіреулері менің бүкіл идеяларыма қарсы, нағыз антиклерикал, олардың айтқан сөздерін тыңдағанда бетімнен отым шығады. Жалпы, егер кейіпкерлеріміздің бірі біздің ойымызды айтар болса, бұл жақсылықтың нышаны емес. Ол біздің күткенімізді түгел орындап шығатын болса, бұл оның өз өмірі жоқтығын, біздің қолымыздағы жансыз қуыршақ қана екенін білдіреді.

Ұзақ ойластырып, өсу жолдарын ұсақ-түйегіне дейін белгілеп қойған бас кейіпкерлерім жалпы нобайын алдын-ала сызып қойған бағдарламама тек жансыз құр сүлдер болғандықтан ғана кіретіні, сөзсіз бағынып жүргені де сондықтан екенін жұмыс барысында қанша рет байқадым. Керісінше, өзім соншалықты мән бере қоймаған екінші деңгейдегі әлдебір кейіпкер бұзып-жарып алға шығып, өзімен бірге мені де күтпеген бағытқа жетектей жөнеліп, өзгенің орнын тартып алған кездер де болған. Мысалы, «Махаббат шөліндегі» дәрігер Куррежді қосалқы кейіпкер, бас кейіпкердің әкесі ретінде жоспарлағанмын. Ал ол бүкіл романды бір өзі толтырып жіберді; сол кітабым туралы ойласам әлгі бейшараның қасіретке шомған жүзі басқасының бәрін басып кетеді, баяғыда ұмытылып кеткен парақтардан жадымда тек сол ғана қалыпты. Жалпы, мен кейіпкерлеріме мектептегі қатал мұғалім секілді қарауға тырысамын, бірақ сол мұғалім басқаларды соңына ерте алатын, өжет те асау мінезді шәкірттерін іштей жақсы көруін қаншама тежеуге тырысқанымен, оларды айтқанынан шықпайтын, қарсылық көрсетуді білмейтін жуастардан әлдеқайда артық санайтыны байқалып қалады.

(Жалғасы келесі санда)

Орыс тілінен аударған
Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ