КЕРТОЛҒАУ

 

Өзім бұл дүниеден көшкенше әкем мен шешемнің өшпейтін ескерткішін жүрегіме орнатып алғанмын.
Автор

Тарихтың сәтсіз кезеңінде
өмірлерін өткізіп,
сұрқай ғұмырларын еншілеген
әкем Сегізбай мен анам Бәтидің
рухтарына бас идім.

Кіріспе

Қолыма қалам ұстағалы журналистиканың «отымен кіріп, күлімен шығып­пыз» дерліктей ұзақ жылдар болмаса да ол салаға жастық шақтың біраз айтағасын уақытын арнаппыз. Жаныңда жүрген Оралхан, Ақселеу, Бексұлтандар алғашқы әңгімелерін, Қуанышбай, Кеңшілік, Жұматайлар өлеңдерін жазып, республикалық баспасөздерден көріне бастаған соң, біз де әдебиеттің ауылын жағалай бастадық. Алғашқы әңгіме, алғашқы кітап, кітап артынан кітап…
Көп те жазбаған сияқтымын, аз да жазбаған сияқтымын. Көздің нұры тайған, қуат-қабілетің ортайған шақта жүріп өткен жолыңа көз салсаң, көркем проза дегеннің біршама ірілі-ұсақты салаларына қалам тербеппін. Туған елдің, оның ішінде туған жердің таңғаларлық табиғатына, айналадағы алуан мінезді, жақсылы-жаманды жаратылысты кешегі, бүгінгі азаматтарына сөз арнаппын. Жасы бар, жасамысы бар, жақсысы бар, жасығы бар. Бәрі туралы жазғым келіпті, бәрі туралы жаза алмаппын.
Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған мынау «Кертолғау» дейтін шығарма – мені ұзақ жылдар толғаттырып барып, айналасы екі-үш айда қағазға түскен дүние. Себебі, жарты ғасырдан астам ғұмырын қой соңында өткізген әкемнің, сонша уақыт оның адал серігі болған анамның осынау әділетсіз өмірден жарқыратып өңі түзу бір көйлек кимей, тым болмағанда бір күн демалыс дегенді білмей, тозаққа бергісіз азапты өмір кешкендерін білсем де, көрмеген – соқыр, естімеген – керең болып жүре бердім. Олардың пешенесіне жазылған тағдырлары солай болуға тиіс деген пікір менің болмысыма әбден кірігіп кеткендей. Әке-шешемнің және сол кісілер сияқтылардың өмір ақиқатын жазсам, бүкіл қоғамға, бағынышты бодандардың қожайыны болып отырған билікке көңілімнің толмайтынын көрсетіп алар едім. Ондай әрекет жасаған болсам, «Е, мына байғұстарға обал болған екен» деп жағдайларын жақсартудың орнына оларды да, мені де ағаш атқа теріс мінгізетіндері анық.
Біздің, біздің әке-шешеміздің қандай-қандай өмір сатыларынан өткенімізді, «ішкені – артында, ішпегені – алдында» тұрған бүгінгі, ертеңгі уайымсыз ұрпақ біле жүрсін деген оймен соноу «ақтар қашып, қызылдар қуған» ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталған алақұйын кезең, 1932-39 жылдарға жалғасқан «қырып сал» ашаршылық, ел ішінде қаптап кеткен «халық жаулары» мен капиталистік елдердің «шпиондарын» атып-асу, жер түбіне айдау, одан орыс-немістің ғазауат майданы – бәрі-бәрі маңдайының соры бес елі қазақтың (әке-шешем сияқтылардың) тағдырына жазылған ауыр сынағы, қара таңба болатын.
Естумен ержеттірген сол зұлматтың біразын еске түсірдім. Сондықтан да бұл хикаяда бір-біріне ғашық болған немесе қосыла алмай арманда кеткен махаббат, былайша айтқанда, сүйіспеншілік дейтін нәзік сезім мәселесі мүлде жоқ. Немесе отбасында болып жатар жақсылы-жаманды хикіметтерден де ада. Шығармадағы оқиғаның өрістеп барып-барып байыз табуы, ағыл-тегіл шиеленіс, қарама-қайшылықтар жоқтың қасы. Шымыр сюжет, балталасаң кетпейтін қапысыз құрылған композицияны да таба алмайсыз. Оқиғалар тізбесі өз билігің өзіңде болмаған, қорлықпен, зорлықпен өткен, бағынышты, жалынышты толайым жылдар – өмір шындығы. Олардың өмір жолдары, тағдырлары қандай ауыр кезеңге тап келген?! Оған кім кінәлі еді?! Айтары осы ғана.
Автор

Ақтүтек

Ғазауат майдан аяқталғалы бір-екі жылға уақыт өтсе де есін жия қоймаған уақыт. Ертеңгілік қыстаудан алысқа ұзамайтын бір топ қарға қанаттарын оң мен солға қисаңдатып, жерге қонбай қарқылдай ұшулары жаман еді, тілсіз мақұлықтар келе жатқан боранды сезген екен ғой. Құс екеш құстың табиғаттың тылсымын сезе қоятын қасиетін тағы бір сынап көрейін дегендей Серкебай қой қораның қақпасын ашқан. Қораның жылы буы бет шарпыды. Таза ауаға шығып, өріске бет алуды аңсап тұрғандай қамаудағы отар сыртқа ақтарылды. Бірін-бірі таптап кетердей бәрі де қақпа аузына кептеліп, сыртқа шығып үлгермегендерін итере алға ұмтылады. Отардың жалғыз көсемі іспетті қоспақ мүйіз ақ серке маң-маң басып, тұз салған науаға беттеп еді, төрт-бес шек-шектің тұқымдары мен біраз қой оның соңынан ілесті. Таза ауаға шыққан соң қойлардың біразы пысқырынып, үйреншікті әдеттеріне басқан. Күндегі көрініс. Ұлы тауға жеткенше қолат-қойнауларына колхоздың отар-отар қойларын қыстатуға арналған қыстауларды жасырған сансыз быдырық-быдырық көп жоталарға ертеңгі күн сәулесін түсірді. Осы уақытта жан біткендей жалғыз салт аттының алдындағы аппақ қармен астасып, көзге көп шалынбайтын бір отар қой өріске беттеді.
Месторы басына іліп қойған атдорбасын сілкіп оқыранды. Таңғы асы сияқты дорбасына салған екі-үш уыс сұлысын жеп болғанынан белгі берген түрі. Қойшы ішін тартып, мазасызданып тұрған атының басынан атдорбасын алып, сауырынан сипап қойды. Күндегі әдеттері. Бірақ аты бір орнында тұра алмай тыпыршып, үстіне ер-тоқымын салған кезде де қозғалақтап, тіпті қос құлағын жымырып, иесінің тері шалбарының сыртынан тістеген сияқты хайуанға тән ғана қарсылық білдірді. «Е, жаман торым, сен екеуімізде ерік бар ма еді? Қалаған уақытымызда өріске шығып, қаламаған уақытымызда сен ат қораңнан, мен жылы үйімнен шықпасақ қандай қолайлы болар еді. Бірақ ондай еркіндікті екеуімізге кім бере қойсын?!» Ол он шақты жылдан бері қысы-жазы қойшы өмірінің ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан месторысына көкейіндегі сырын, оған қоса қордаланып жатқан мұңын «түсіндіріп» болған соң, үйге бет алған. Алдынан биыл күзден бері колхоз көмекші қойшы ретінде бекітіп берген, соноу жылдардан бері туысындай сарыкідір болып кеткен Әкпар қарсы жолыққан.
– А, Секе, айналаның құлаққа ұрғандай танадай болып, құстардың шуылдай ұшып жүргенінен бір түрлі күдіктеніп тұрғаным. «Қазір монтансып тымпиғаныммен, тулағыңның шаңын қағып беремін» деп тұрған жоқ па, мына күнің? – деп ол Көкбастау жақтағы доғал жотаға, одан жоғары бір шөкім бұлты жоқ көгілдір аспанға қараған. Серкебай:
– Өзім де мына құстардың шуылынан күдіктеніп тұрмын-ау. Оның үстіне мына жаман торы да жымыраңдап, ер-тоқым салдырғысы келмей, қайта-қайта ішін тартып тұр. Алысқа ұзай қоймаспын, Қарашағылдың етегіне апарып жаярмын. Сен бүгін үйде қалып, демала бер. Күн райы бұзыла бастаса, атыңа мініп, соңымнан келерсің, – деген.
Ол бүгін бұрын-соңды көрсетпеген мінез көрсетіп тұрған атының шылбырын шешіп, қанжығасына байлап, үзеңгіге аяғын салған. Көлігі тағы да мінез көрсетіп, иесі көтеріліп, ер-тоқымға мінгенше тыпыршып, қозғалақтай берді.
– Өй, «Мәстек боп туған тұлпар бол өлмейді», саған не көрініп тұр бүгін? – деп иесі ер-тоқымына жайғасып, тізгінді шаужайлап қолына алған соң, көлігінің сауырынан сипай қамшы сілтеген. Бүгін ерекше мінез көрсетіп, күндегідей отар соңынан ілесуге өзінше қарсылық көрсетіп тұрған атына ескерту жасаған түрі.
Бидайдың кебегі мен бірер кесе қара ұнды араластырып қайнатқан қатықсыз қара көжені қанағат қылған Дөңгежат пен Жетер де күндегі әдеттерімен аттың қасына келген. Тоя тамақ ішіп көрмесе де, сол аз қоректерін адалдап ішейік дегендей әдеттегідей өз «қызметтеріне» даяр екендерін танытқан түрлері. Екеуі де өрісте бытыраған қойларды қайыру, малға шабатын ит-құстан отарды қорғауға өз көмектерін аянбай көрсетсе, екіншіден, тоя тамақ жеу дейтін, әсіресе айран-іркіт дейтін ас түрлері қыс баласы бола бермейтіндіктен, қос төбет те өз нәпақаларын өрістен табатын. Қой-ешкі тау қойнауларындағы бітік өскен бетегені қармен араластыра жайылған кезде екі ит те бытырай жайылатын отырдың айналасынан-ақ қосымша қоректерін тауып жеуге үйренген. Қар үстінен шоқайып отырып алып, қалың бетеге арасынан өз қоректерін іздеп, жортып жүретін қара жон тышқандарды ұстап алатын. Бір шайнамнан асатын еті болмаса да, күн ұзаққа екі иттің әрқайсысы ұстайтын алты-жеті дала шиқылдақтары күн сайын берілетін ыстық қара көжеге жә деген қатық болатын. Сондықтан да олар иелеріне «иттік» адал қызметтерін көрсетумен бірге, өз қамдарын да күйіттеп, өріске қойлармен бірге шығуға ынталы болатын.
Ол ырғалып-жырғалып, месторысына мінген кезде Әкпар да науадағы тұзға ұмтылып жүрген қойларды өріске қарай айдай бастаған.
Әкпар есіне әлдене түскендей аға қойшының жанына келді. Бірақ ол оған емес, екі итке қарап сөйледі:
– Жетер, Дөңгежат, барыңдар, анау малдың алдын қайырыңдар, – деген отарды өріске қарай бастап, сумаң қағып бара жатқан ала бүйір қара ешкі мен қоспақ мүйіз ақ серкені нұсқап. Оның не айтқанын нақтап түсінбесе де, таяғымен нұсқап, отардан бөліне жортып бара жатқан ақ серке мен қара ешкінің өте жиі жортаңдап кеткен кездерінде олардың алдарын орап, арсылдай үріп, қайырмалау екі төбеттің әбден игеріп алған міндеттері болатын. Қос төбет шұбатыла өріп бара жатқан отарды жанасалай шауып барып, қос саяқтың алдарынан шығып арсылдаған соң, екеуі де артқа қарай шегіне қашқан.
– Секе, деймін де, – деген көмекші қойшы есіне аса бір маңызды әңгіме оралғандай.
– Ие, – деп Серкебай атының басын іріккен.
– Үнемі ойлап жүремін де. Сен осы Қызылқырқа қыстауын мекен еткеніңе жаңылмасам, әй бір он, он бес жыл болды-ау деймін осы, – деген алғаш кездескен кездегі «сіз» деп сөйлейтін әдетінің қажеті жоқтығын Серкебайдың өзі айтқаннан бері аға шопанның бір мүшел жасы үлкен болса да, қазір «сен» деп қайрылатын әдетімен.
– Иә, солай. Оныменен не айтқың келіп еді?
– Сонда деймін де, Секең батыс жағында өрісі тар Қызылқырқа қыстауынан неге айырылмайды екен деп ойлаймын да.
– Е, онда тұрған не бар екен? Батысымда өрісім тар болғанмен, шығысымда өрісім анау Қарашағыл қыраты мен Үйдене өзеніне дейін созылып жатқан кең жайылым бар емес пе. Бір отар қой емес, екі отар қойды да асырай алатын бұл қыстаудан неге безінейін. Оның үстіне, бұл мекен заманның заманында біздің ата-бабаларымыздың құт мекені болған жер емес пе.
– Оны білемін ғой, Секе деймін де. Қыстаудың батыс жағындағы үш-төрт қана қолаттың сай-саласындағы аз ғана өріске мал атаулыны жолатпаймыз. «Мал төлдеген кезге қажет» дейсің.
– Е, онда тұрған не бар екен?! – Секең көмекшінің не айтқысы келіп тұрғанын түсіне алмағанын білдіре сөйлеген.
– Егер бүгін боран соқса деймін де… Батыс жақта жайылған мал шығыс жақтағы қораларына бораннан ықтап-ақ келер еді. – Секең өзінің ес жинап, қозы бағып, қой бағып жүрген ұзақ ғұмырында Әкпардың мұржасы қисық болғанымен, түтіні түзу әңгімесінің дұрыстығын мойындаған.
– Ой, Әкпаржан-ау, өмірі ойланып көрмеген гәп екен мынауың, – деп көмекшісінің сөзін мойындай сөйлеген. Желдің де, күшті дауылдың да көбіне батыс жақтан соғатыны рас-ау. Сондықтан, сөзіңнің жаны бар. Қалайда батысымыздағы аз өріс қозылар аяқтанғанша қойларға жайылым болып тұр. Бүгін де құдай сақтар деп, малды үйреншікті өрісімізге салайық, – деп ол атының басын шұбап бара жатқан отардың соңына қарай бұрған.
– Жарайды, Секе, күн райы бұзылғандай болса, соңыңнан мен де жетермін. Қозыүйде тұрған бес-алты ақсақ-тоқсақ, арық-тұрақты қыстау маңына шығарып жаярмын. Әлгі зәпперме Сайын барлық отарды қойғанда, осынау азын-аулақ өріске шыға алмайтын малға қажетті пішенді де түсіртіп беремін дегеніне де бірер айдың жүзі болды, – деп ол бүгінгі атқарар шаруасын да ескертіп, ферма басшысының орындамаған уәдесіне де ренішін айтып үлгерді.
– Жарайды, мен жүрейін, – деп аға шопан торыны тебініп қалып, үздік-создық шұбырып бара жатқан қойдың соңынан ілескен. Ақ серке мен қара ешкінің жорта жөнелген жүрістеріне тоқтау салғаннан кейін екі төбет те иелерінің соңынан еріп келе жатты. Ол тағы да соңына бұрылып, жауын-шашынды, қатты желді жеткізетін аспанға көз салған. Ызғарлы суықты жеткізіп тұрған желемік болмаса, аспан әлемі кіршіксіз, тым момақан көрінді. Қыстауды айнала оңды-солды қиқалақтай ұшып жүрген қарға-сауысқандарға қарап: «Шуылдаған пәлекеттер, өз бастарыңа көрінсін!» деп, осы қыстаудан қыс баласы ұзамай, күлтөкпені аңдып жүретін құстарға өз үкімін айтқан.
Күн сайын өріске барарда, одан қыстауға қайтарда айналаның шөбін іскектеп, қарлы даланы ақ шиыр ғып тастағандарын жақсы білетін ақ серке мен қара ешкі бастаған отар екі төбеттің ескертуін ұмытқандай бастарын жерге салмай, тоқтаусыз жортып барады. Ақ серке көсем болып отарды бастағанда, ол шіркін хайуанға ғана тән түйсікпен қай маңның оты мол екенін жақсы білетініне қойшы шүбә келтірмейді. Сондықтан да ол біразға дейін ақ серкеге ерік берген. Бірер айдан бері Қарашағылдың арғы-бергі жағындағы қолат-қойнаудың киіздей қалың бетегесін бір айдан астам уақыттан бері көп ауыз сиретіп-ақ тастаған. Алайда шөбі ала жаздай шүйгін өсіп, мал тұяғы жапырмай, еркін жайқалған өріс оты әлі де бір отар қойды кемі жарты айдай асырай аларына аға шопан сенімді.
Осылайша ол шұбырған қойдың соңынан ілесіп келе жатқан кезде көсем серке: «Мен оты мол өрісті жақсы білемін» дегендей қыс бойы мал ізі түспеген жұқа қарды кешіп, үйреншікті сүрлеуден бұрылып оңға қарай ойысып барады екен.
– Дөңгежат, Жетер! Аналарды қайырыңдар, – деп еді, екеуі тапсырманы түсініп, арсылдай үріп, жүгіре жөнелді. «Қайда барсаңдар да бізден аулағырақ жүріңдерші» дегендей, қойлар екі ит жақындағанда да үрке қимылдап, екеуіне жол аша берді. Екі төбеттің үнін естіген ақ серке мен қара ешкі «бұлар тағы да біздің қате бағытымызды жолға салуға келе жатыр» деп түсініп, бұрынғы сүрлеуге қарай шұғыл бұрылған. Егер ақ серкені оңға қарай, барғысы келген жаққа қарай жіберсе, әлі мал тұяғы тимеген Саятерек өзені бойындағы ағаштардың арасындағы қау болып өскен қалың шөпке ауыз салмақ. Ол да отар иесінің ақпанның соңына ала күйек түсер алдындағы саулық қойға сақтап жүрген сыбағасы. Тоя жайылуға болатын шұрайлы өрістің өздерін тосып жатқанын ақ серке де біледі. Оның ол жаққа қарай ындыны қанша құрыса да, бағынбаса тірсегіне ауыз салудан ерінбейтін иттерден қорыққанынан амалсыз Қарашағылдағы өріске қарай жөңкіле жүгірген.
Онсыз да аяғын санап басатын месторы қорадан шыққаннан-ақ жануарға тән қарсылығын білдіріп еді, қазір де қарды теуіп, көрінген бетегелерді іскектеп, бас көтерер емес. «Шу-ей, мес неме, күндіз-түні аузың босамаса да, бір тойып бермейді екенсің» деп, атының қара санына сипай қамшы салып еді, мұндай қоқайды момын иесінен күнде көріп жүрген соң, қыңған да жоқ. Сепсиген шолақ құйрығымен екі санын бір-бір сипап қоя салды… «Е, сен екеуімізден енді өнер шыға қоймас-ау» деп ойлаған ол атының басын отардың бытырай жайыла бастаған жағына қарай бұрды.
– Шу ей, жануарлар, – деп қолындағы бишігін үйіріп, қойларды айдай бастады. «Біз де айдасайық» дегендей қос төбет те жер тістегендей қар астынан көрінген бетегеге ауыз салған қойларды арсылдай үріп, айдай бастаған.
Күн түске тармыса алдымен ертеден бері соғып тұрған сұп-суық жел күшейіп, қарды үрлей бастады,. Қыстың әртүрлі мінезінен әбден запы болған табиғат та әлдебір өзгерісті күткендей тым-тырыс күйде тұрғандай. Манағы қыстауда шуылдап, оңды-солды ұшып жүрген қарға-сауысқан отардың соңынан жеткендей Қарашағылға қарай асығыс ұшып барады. Қойшы әлі де бір үміті бардай аспанға қараған. Жаңа ғана көкпеңбек болып тұрған аспанның түсі өзгеріп, қаптаған бұлт болмаса да, біртүрлі қанын ішіне тартқан адамдай сұрланып көрінді. Ол отарын қыстаудан ұзатып алып кеткеніне өкінді. Аспанның былайша сұрлануын ол бірінші рет көріп тұрған жоқ. Ауыл маңында мал жайылардай шөптесін өріс қалмаған соң, отардың алдынан шығып, тоқтатпақ еді. Қазір екі иті қосылып, қойды қыстауға қарай айдағанмен, әзірге ақырын соққан желге қарсы, оның үстіне арандары ашылған қойлар ауылға қарай аяқтарын баспайтындары анық. Әкпар айтқандай, отарын жел соғар жаққа өргізгенде, оларды ықтата айдау оңай болар еді. Өкінгенмен, бәрі де кеш болатын. Ендігі мақсат қойды Қарашағыл жотасының арғы баурайындағы ықтасынға апарып қоралау. Жаңа ғана суық желін үрлеп, енді күш алып келе жатқан тау ішінің мінезі, әсіресе ес білгелі қой соңында келе жатқан бұған таңсық емес.
Айтқанындай, әне-міне дегенше, аспан ақсұр түске боялып, жел қараған-бұтаны бебеулетіп, билете бастаған. Ол әлі де бұталардың түбін теуіп, тапқан қоректерін талмап жүрген қойларды алға қарай айдай бастаған. Бір қолайсыздықтың боларын сезгендей, екі төбет те әдеттегідей тышқан аулауды ұмытып, қойларды үркітіп, иесіне көмектескен болып жүр.
Ол табиғаттың тымырайып, суық желін үрлей бастаған мінезінен-ақ сезіктеніп қалған. Бірақ осыдан бірер ай бұрынғы аудан басшыларымен болған қиямпұрыс әңгімеден кейін, әлдебір қыңыр шешімге тәуекел деп, соларға егескендей малды сыртқа шығармай, қораға қамап ұстағысы келмеген. Малға жем-шөп түсірмегендерін айтпағанда, колхоздың барша кәрі-жасын қуалап, таудан шапқан ақтық шөп пен ойдан шапқан көк пішеннен бір машина түсіріп бере алмаған сол қаратаяқтарға әбден егескен де сияқты.
Қаңтар биыл жылдағыдан қатқылдау мінез танытып келген. Ол айдың алғашқы онкүндігі өтпей жатып, аспан ішін тартып, жиі дауылдата берген. Жел, дауыл соқпаған күндері қызылшұнақ аяз қайта-қайта буып, адамдардың да, малдың да күйісін кетіріп болған. Қайта жазда жайлауда, күзде күзеулікте жақсы жайылып, қапысыз қоң жинап, қысқа кірген саулықтар жүдей қоймаған. Егер қазіргі жем-шөбі жоқ, тек қана жайылымдағы қар астынан тауып, қорек қып жүрген бетеге қойлардың арық-тұрақтарының көбеймей, аман-сау келе жатуларына себепші, әрі жазғы, күзгі күндері дұрыс қоңдануларының арқасы еді.
Иә, осыдан берер ай бұрынғы сол келеңсіз оқиға қой баққан ғұмырында бұрын-соңды болмаған еді. Ол оқиға тағы да ойына оралған. Онда да түн ортасы ауа соққан жел бірте-бірте күшейіп, таң ата жаяу борасындатып барып, әрі ат құлағы көрінбейтін дауылға ұласқан. Қойшының тастан жинап тұрғызған жаман үйінің мұржасынан ұшқан түтіннің қақ жартысы үйдің ішін көк түтінге толтырса, мұржадан шығып үлгерген жартысы биіктеп ұшудың орнына жер бауырлап қалған. Жөпшөңкі желге ыға бермейтін месторы да қой қораны ықтап, мойнын ішіне салып, қимылсыз қалыпты.
Әрине, мұндайда қорадағы қойды далаға шығару оған ие бола алмайсың деген сөз. Ақпанның тууына төрт-бес күн қалғанда соққан боранның ашуы қатты болмайтын. Көп жылғы тәжірибесінде ақпанның бел ортасынан ауа соғатын боранның екі-үш күнге созылмай тыншуы мүмкін емес еді. Серкебай бүгін малды өріске шығару туралы ойлаудың өзі барып тұрған ақылсыздық екенін білгендіктен, боранның тоқтауын немесе бәсеңдеуін күтпек болды.
Боран «Ал, қайтесің?!» дегендей тыныс алмай, үшінші күннің алакөлеңке әлсіз сәулесі кешкі қараңғылыққа ұласар шақта да тыншымаған. Қораның ығында бұйығып жатқан қос төбеттің бірі басын көтеріп алып, бөгде біреу келе жатқан кездегідей арсылдай үріп, қой қораның сырт жағындағы күре жолға қарай ұмтылды. Бұйығып жатқан екінші төбет те орнынан атып тұрып, сыңарының соңынан арсылдай жүгірген.
Екі иттің де «жау жеттілеп» арсылдай үрулері кештетіп біреулердің келе жатқандарын әйгілеген. Серкебай батыстан қатты соққан желдің бетке ұрған қиыршық қардан жүзін қалқалап, жолаушылар жаққа қырындай көз салған.
Дөңгежат «Сені алға қарай жібермеймін» деген пиғылмен кекіліне мұз қатқан баран аттың тұмсығына шапшиды. Үлкен тұлып тонға оранған ат үстіндегі кісі ебедейсіз қозғалып, арсылдаған итті қамшысымен жасқаған болады. Ал Жетер болса сол аттың құйрығына жармасыпты. Екеуі де кешкілік берілетін қара көжелерін ақтап ішейік дегендей бар өнерлерін салып-ақ жүр.
– Дөңгежат, Жетер! Болды, тоқтатыңдар! – деген иелерінің зілді бұйрығын естісе де, «Мына ақтүтек боранда не іздеп жүрген адамдар? Жібермеу керек!» дегендей қос төбет атты кісіден шегінсе де, байбаламдаған үрулерін тоқтата қоймаған.
Жолаушылар үш кісі екен. Өздерінің де кірпік-қастарына мұз қатып, жолдан қажып келе жатқандарын сездіргендей. Қойшы жолаушылар алдымен сәлем берер деп дәметкен. Колхоздың сіңірлі айғырларын мініп келгендеріне қарағанда, бұлардың тегін жолаушылар еместігін мөлшерлеген. Өйткені, тоқпақ жал торы мен екінші жолаушының астындағы аппақ жалы тізесіне түскен ақжал айғырды таныған. Бұл көліктерді қыс айларында колхоз басшылары мен ферма меңгерушісі міне беретін. Бірақ мінген аттарын танығанмен, олардың өздері бейтаныс кісілер еді. Тек үшінші жолаушы айына бір-екі дүркін көрініп тұратын ферма меңгерушісі, батыр тұлғалы Абзалбек екенін үстіндегі етегі тізесіне дейін жауып тұрған сеңсең жағалы көлкемедей қызыл тұлыбынан таныған.
– Әй, шал, қой қайда? – деді тоқпақ жалдың үстіндегі «ассалаумағалейкүмнің» орнына. «Мал ашуы – жан ашуы» деп үшінші тәулік ашыққан қойлар бірінің жүнін бірі жұлып жей бастағаны үшін жаны күйіп тұрған қойшы да қитыға жауап бергені.
– А, қойларды сұрайсың ба? Оларды ашықса да үсіп өлмесін деп қалтама салып алғанмын.
– Әй, Абзалбек, мына қойшыңның есі ауысқан ба? Не оттап тұр өзі?!
– Мен оттайтын мал емеспін. Мына ақтүтек боранды көріп тұрып, өзің не оттап тұрсың?
– Тарт тіліңді! Мен кіммін саған?
– Жылы үйде жатып, жылы кеңседе отырып, малмен бірге мал болып кетудің аз-ақ алдында тұрған жұртта жұмысың жоқ, елді тексерген болып, текіректеп жүрген көп қаратаяқтың бірісің де. Жеміңді төгіп, пішеніңді үйіп қойғандай, «Қой қайда?» дегеніңе жол болсын.
– Әй екеуің, Садық, Абзалбек! Куә болыңдар, ертең милиция қызметкерлерін жіберіп, бұны соттатамын. Үкімет адамына тіл тигізгеннің қандай болатынын көрсін! – деп атын борбайлата бір салып, бұрыла берген. Торы мінгеннің өктем сөйлегенінен-ақ өкімет адамы екенін білдіріп тұрған бейтаныс пен Садық есімді екінші жігіт те үндемеген қалпы оған ілесе жөнелсе, өзіне бұрыннан етене таныс Абзалбек сәл кідіріп, бұған зілдене тіл қатқан.
– Әй, сен, «озат шопан, озат шопан» дегенге аудан басшыларына тіл тигізетін дәрежеге жеттім деп ойладың ба? Қитықпай, қырсықпай жөнімен сөйлесең қайтер еді? Өзің «көп қаратаяқтың бірісің» деп тұрғаның ауданның екінші басшысы. Ал енді екі көзіңді түрмеден жылтыратар күнді күт! – деп, ол да атын тебіне бергенде, Серкебай да тіл қатып үлгерген.
– Көзі шыққыр, мына ат құлағы көрінбейтін ақтүтекте қой өрісте деп ойлады ма? Адамша сәлемдесіп, жөн сұрағанның орнына «Қой қайда?» деп санасыздың сауалын қояды. Соттаса соттасын! Аянып қалар жайым жоқ. Мына азапты өмірді көргенше, түрмеде-ақ шіриін.
– Сенің бұл қырсықтығыңнан біз де «сыбағасыз» қалмаспыз.
– Жә, бұл келістерің қай келіс? Құдайдың боранын тыя алмасаңдар, кімді, нені тексеріп жүрсіңдер?
– Әй, Серкебай, тіліңе шоқ түссін! – деп ол да айғыр мінгендердің соңдарынан шаба жөнелген.
Үш күн, үш түн тынбай соққан сол дауылдан соң отардан елу шақты қой іш тастап, бес-алты қой арам қатып, зобалаң аяқталғандай болған.
Боран басыла бастықтар мұны орталыққа апарып, аудандық атқару комитетінде тәртібін қарап, аға шопандыққа көмекші қойшы Әкпарды бекіткен. Боранда өлген қойларды еңбегімен төлейтін етіп жаза кескен. Алайда, колхоз бастығы Арыс пен ауылдық кеңестің төрағасы Мәскеудегі жоғары кеңесінің депутаты болып, түкірігі жерге түспей тұрған Ырымкүл дейтін бұрынғы сауыншы әйел әңгіменің қалай туындап, қалай өрбігенін білген соң, Секеңді ақтап, аудан басшысының өзін кінәлі ғып шығарыпты. Сөйтіп Секең қайтадан аға шопандығын алып, шығын болған малдарды төлейтін жазадан құтылған.
Колхоз бастығына соңғы сөгіс беріп, ферма меңгерушісі Абзалбекті жұмыстан босатып, малшылардың жағдайларын елеусіз қалдырып, саулық отарына уақтылы жем-шөп жеткізбегендері үшін жазаланыпты. Ал Абзалбектің орнына Садық деген жігітті бекітіпті. Боранды күні қыстауға үшінші болып келген ол жігіт бұрын колхоздың бас есепшісінің көмекшісі болған екен.
Сол дүмпудің әсерінен колхоздың бес-алты отар саулығы қыстауларына шынжыр табан трактормен бір-бір шана шөп түсіріпті, Серкебай ол келген шөпті мал төлдеген кезде және өріске шыға алмайтын бірлі-жарым арық-тұрақтар үшін деп көздің қарашығындай сақтап қойған.
Бүгін де отарды өріске шығармаса, сол азғантай қорды тауысып алармын деп ойлаған. Басшылар, әсіресе малдың төңірегіне барып көрмеген, қойдың көңін иіскеп білмеген, биіктеу орынға келіп қалған мал баққанды оңайға санайтындар малшы жанын, оның қызығынан гөрі қиындығы басым болатынын қайдан білсін. Күні кеше бүкіл батыс жақты өрт алғандай қан майдан басталғанда ауылдың жас жігіттері мен Серкебай шамалас жер ортасына келіп қалғандар да Отан қорғаймыз деп қан-соқтаға араласып, көбінің орнына бір жапырақ «қара қағаз» келген кезде де, мұның жанын осы қойшылық жұмысы алып қалған. Колхоздың азды-көпті отарларын, бір-екі табын сиыры мен төрт-бес үйір жылқысын бағатын жан қалмай бара жатқан соң, шаруашылық пен аудан басшылары арнайы «бронмен» екі-үш адамды алып қалды емес пе. Ол қан майданға бара қалса, қайтадан елге оралар ма еді, оралмас па еді, кім білсін. Алланың жазуымен суішерлігі болған шығар, оның үстіне есін жиып, етегін жапқаннан бастап, мал соңына ергендіктен, алдына салған маңырағанның жайын мұнан артық кім білген…
Ол қойды Қарашағылдың шығыс жаққа қараған етек жағындағы қоралау тасқа қарай икемдеген. Жануарлар жайылып үлгермесе де, заулап келеді. Бәрін өздерінің доғалдау түйсіктерімен мөлшерлеген қос төбеті де отардың алды-артына шығып, көмектескен болып жүр. Қойларды қайырған әлде иесіне үн берген түрлері ме, әйтеуір арсылдаған дыбыстары жиі естіледі. Жатаған төбелерге өскен қараған, бұталарды бебеу қақтырып, қыстаудан шыққалы тынбай соғып тұрған суық жел аздай, енді аспан мен жердің арасын тұмшалап, қар түсе бастады. «Түсе бастады» дегеннен гөрі, көлденеңдей ұшып келіп, қойны-қонышқа тығылды деген дұрыс шығар.
Секең: «Қап, амалым барма! Топалаң келгір, бір отар түгел қырылып қалса да, қорадан аттап шықпауым керек еді. Өкінгенмен не өзгерер? Не болса да шыдап бағайын» деп ойлады. Сол кезде әлдекімнің айқайлаған үнін соққан қатты жел үзіп-үзіп жеткізген. «Айналайын-ай, Әкпар да жеткен екен ғой» деп ойлаған сәтте-ақ ол бүгінгі ақ боранның азабынан мүлде құтылғандай сезінген. Өзі де бар дауысымен айғай салып, дыбыс берген. Ол көп малдың ізімен тауып келе алмасын жақсы біледі. Өйткені, мына қарлы дауылдың ізді қас пен көздің арасында жауып тастайтыны белгілі. Соңынан соққан қатты желдің дыбысты да оған жеткізбейтіні анық. Тек қана Әкпардың өзі де бір-екі рет көрген Қарашағыл биігінің етегіндегі қоралауға бұлардың барып, бой тасалайтындарын да білсе керек. Сөйткенше әлде жауған, әлде жел ұшырған қалың қардың арасынан атты кісінің сұлбасы көрінген. «Әй, азаматым-ай, таптың-ау бізді» деп ойлады Серкебай. Баяғыда өлім аузынан арашалап алған Әкпарға сүйсіне қарап. «Темір мен темірді көмір қосады, адам мен адамды өмір қосады» дегенді бабаларымыз қалай дәл айтқан. Өмір қосқан Әкпардай азаматтан айналып кетсе болмас па» деп ойлады ол.
Ақ боран сәл басылған сайын екі қойшы да «а, құдайлап», қуана бастағанда, бұта-бүргенді зар еңіретіп, жел тағы да ұли жөнелді.
– Ай, Секе, бүгін қойды қорадан шығармай-ақ қоюымыз керек еді, – деп көмекші қойшысы Әкпардың айғайлаған сөзінің кейбірін ғана естіген. Серкебай: «Обалымыз болса колхозда, оның басшыларында болсын. «Былай жүрсең өгіз өледі, былай жүрсең арба сынады» дегендей, қойды қорадан шығармаса, аштан қырылады, шығарсаң бораннан қырылады. Осындай күндерге деп аздаған пішен түсіріп қойса, мұндай сұмдыққа ұшырамас едік.
Қазіргі мұның «дәтке қуат» дейтіні іңір қараңғылығы түскеннен бері долы жел сәл саябыр тапқандай. Қойлар да тыным тауып, бірінің бауырына бірі басын тығып, түрегеп тұр. Қайсыбіреулері жатып қалыпты. «Әй, байғұс жануарым-ай, қор болдыңдар-ау!» деп ойлаған аға қойшының жүрегі қан жылады. Қоралаудың ішіндегі жартастардың қалқасында иірілген отардың арғы шетінде тұрған Әкпардың кер атының сұлбасы әзерге көрінеді. Оның өзі де тұлыбына қымтанып, атының қалқасында отырған болар. Әйтеуір, екеуі де бір-біріне дыбыс беріп, есен-саулықтарын, оған қоса үкіметтің сеніп тапсырған шаруасын адал атқарып тұрғандарын білдірейік деген түрлері.
Серкебай жылы тұлыбының сеңсең жағасына тұмсығын тығып бұйыға қалса, тұла бойын балбыратып ұйқы-дұшпан иектейді. Жаңа ғана отарды айнала шапқылап келген екі төбеті қасына келген. Екеуі құйрықтарын бұлғаңдатып, бірдеңе бер дегендей көздерін сатып, иесінің бетіне қарайды.
– Жә, барыңдар! Малға қараңдар, – деп ол иттерге емес, кісілерге тапсырма бергендей сөйлеген. Иелерінің қас-қабағынан-ақ оның қандай тапсырма беріп тұрғанын ұға қойған олар отардың екінші шетінде жүрген көмекші қойшыға қарай жүгіре жөнелген.
– Әй, мың болғырларым-ай, сол. Сендердің еңбектеріңді қалай ұмытайын, – деп күбірледі.
Ол атының шылбырының бір ұшын ұстаған күйі қойтастың қасына келіп, Әкпарға өзінің ұйықтап қалмағаны және оның да сақ отыруын ескерткендей «Айт, айт-айт» деп айғайлап қойды. Сөйтті де, біраз отырып демалмақ болып, тұлыбын қымтанып, тастың үстіне тізе бүккен. Қараңғы түсе жаңа ғана айналаны ақтүтек қып, қарыс жерді көруден қалдырған жел саябырлағанмен, қар әлі жауып тұрған сияқты. Оны бетіне келіп сұп-суық болып жабысқан қар түйіршіктерінен сезіп тұр. Күндіз-түні басын жерден алмаса да тойып бермейтін месторы ғана ұзын шылбырды жиі-жиі тартқылап, ауыздығын сылдырлатады. Бұта-бүргеннің түбінен нәпақасын тауып жүргені сөзсіз. «Апыр-ау, осы менің жолым сонша неге ауыр болды? Алланың еншіме берген тағдыры неліктен ешкімге ұқсамайтын алабөтен». «Атан өлсе, тайлақ бар, қомы жерде қалмайды». Мына боранда мен өлсем, колхоздың түгі де кетпейді. Қойлары бағусыз қалмас. Бұл күнде «Баласы әке таяғын қолына ұстады» деп дәріптейтін болыпты. Бір ұлым ауруды осы қойдан тапты, екіншісі әлі – сарыауыз. Жаным ұяда болса, оны малға жолатпаспын. Бар қазақ бұл дүниеге қойшы болу үшін тумаған болар…» Ұйқысы шайдай ашылып, жағалауы көрінбес ой теңізіне қайық салған еді.

* * *
Еміс-еміс есінде. Серкебайдың қос әпкесі Мәкен мен Тоты ағыл-тегіл жыласын-ай. Бірін-бірі құшақтап, «Тәтетай, неге тұрмайсың?» деп шырылдаған олардың дауысынан шошынған жаңа-жаңа тәй-тәй басып жүрген інісі Көбей бақырып қоя берді. Екі әпке, бір бауырының шошына жылаған үндеріне бұл да есінен тана бақыра жылағанын біледі. Бұдан бес-алты күн бұрын әкелерінің де орнынан тұрмай қойғанда бәрі де осылай дауыс салған. Бірақ ол кезде ұлы қамқор аналары-тәтелері бірге жылаған болатын.
Төрт бала аналарының суып қалған денесін құшақтаған күйлері әбден талықсып барып, ұйықтап кеткен. Аузы-басын ақ байлауышпен таңып алған көрші үйдегі апай келіп, төртеуіне тамақ берді. Оның өзі де жиі-жиі көз жасын тия алмай отырғанын да ақыл тоқтатып қалған Серкебай жақсы біледі. Апыр-ай, тастан қалап салған қоржын үй аз ғана уақыт бұрын ақар-шақар, өз базары, өз қызығы өзінде қайнап жатар еді. Үпір-шүпір бес баланы кезек-кезек бауырына басып, аймалайтын ақ кимешекті әжелері, түлкі тұмақты аталары болушы еді, қазір олардың біреуі де көрінбейді. Өздерінің үлкен әпкелері де жоқ. Бәрін де үш-төрт ағайлар келіп, кілемге, ақ киізге орап әкететін. Ең жаманы олардың бір де біреуі қайта оралмады. Ең сұмдығы таңертеңнен бері орнынан тұрмай қойған тәтелерін де үш-төрт ағайлар келіп, көтеріп бара жатқанда екі әпкесінің олардың аяқтарына оралып: «Тәтемізді әкетпеңдерші! Бұл да келмей қояды ғой» деп жан дауыстары шыға жылағандары мұның өмір бойына жадынан өшпестей болып жазылып қалыпты. «Бақ – баянсыз, өмір – тұрлаусыз» екен, төртеуі де жылай-жылай талықсып ұйықтаған соң, кешкілік мүлде бөтен ауыл, бөтен үйде, бөтен ағайлар мен апайлардың жанында естерін жиған.
– Тәтемді қайда әкетті? Біз қайда келдік? – деп Мәкеннің жылап отырып айтқан сауалына төр алдында отырған қара мұрт, қара сақалды ағай оны бауырына басып, былай деген:
– Жыламаңдар, құлындарым. Тәтелерің әкелерің кеткен жаққа кетті. Оны іздеп, тауып әкеледі. Оған дейін біздің үйде боласыңдар. Әке-шешелерің келгенше жыламаймыз деп уәде беріңдер, жарай ма?
– Жарайды, – деп бәрі үшін Мәкен жауап берген.
– Қайран да менің сорлап қалған құлындарым-ай, сол! – деп басына кестелі кимешек-шылауын киген бәйбіше әлі ештеңенің байыбына бара алмай, ағасы мен әпкелері жыласа қоса жылап, олар тынышталса өзі де тынышталып, әркімге бір жалтақтап отырған Көбейді бауырына басып, дауыс салып жылап жіберген. – «Бақ адасса батпаққа қонады» деуші еді. Бұл елді қу тағдыр батпағына батырды-ау. Қайтейін енді? Алла-ай, осынша зарлатардай бұл сорлылар неден жазып еді?!
– Бәйбіше, балаларды шошыта берме. Бізге де жаратқанның тірлігімізге салған бір сынағы болар. Сарыауыз, бозөкпе сәбилерді ешқайда да жібермей, өзіңнің ұл-қызыңмен бірге бақ, бәйбіше. – Қара мұрт, қара сақал қойғанмен, әлі де отыз бес-қырықтың шамасындағы, төрде отырған тіршілік түйткілдерін көп көрмей өскендігі әркенді жүзінен көрініп тұрған үй иесі орнынан тұра берген. – Басқаларға да айтарсың, ешқайсысы бұларға жетімдік тауқыметін көрсетуші болмасын. Айт, бәріне жылатпасын, жазықсыз сәбилерді. «Бақ – баянсыз, өмір – тұрлаусыз». Осыны ұмытпасын бәрі де.
Рас, Серкебай да, әпкелері мен інісі де балалық шақтарында әке-шешенің алғаусыз ықылас, мейіріміндей керемет қарым-қатынас көрмесе де, «Жетім қозы – тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей, олар тұлдыр жетімдіктің зардабын сезінбей өсіп жатты. Киімсіз жалаңаш, ас-сусыз аш қалған жоқ. Себебі, барша жұрт Дәкің деп атап кеткен Дәулетжар есімді отағасының тікелей қамқор-бақылауының арқасы екені даусыз. Қанатының астына жетім балапан сынды балаларға қамқорлық жасап жүрген бұл кісінің әкесі өзінің атасымен бірге туысқан немере атасы екенін де кейінірек білген. Жалғыз отбасы мен қыстаудағы көршілер ғана емес, ат жетер жердегі ағайындарға жиі қатынап, өзі де ат үстінен көп түспей, айналадағы қыста қыстау, жазда жайлаудағы жұртты жиі аралайтын. Кейде бұлардың үйіне салтатты біраз азаматтар жиналып, жер-су, көші-қон, өріс жайлы, тіпті біреулердің қуанышы мен реніші туралы мәселені де бірлесіп шешетін. Серкебайдың бір байқағаны сөз тізгінін көбіне Дәкің атасы ұстайтын. Оның айналасына сөзін жүргізіп, мәселенің тізгінін ұстап, шешімін айтар болыс дейтін атақ-лауызымы барын бұл шіркін кейінірек білген. Тағы да бір қыстауды иеленіп отырған әке-шешесі Мырзаш пен Тәттібаланың, олар ғана емес, бір шаңырақ астындағы атасы мен әжесінің екі бірдей ұлы көршілес отырған атамыздың үйленбеген бір інісі, төрт баладан бөлек бір ұлдың, басқа да біраз туыстарының он тоғызыншы ғасырдың соңын ала қарғыстай болып тиген оба дейтін дерттің бұлардың қыстауларындағы ғана емес, айналадағы біраз ауылдың көбіндегі үлкендерін жайпай қырып салғанын да кейінірек білген. Басқасын айтпағанда, бір үйлі жанның ішінен солардың сарқытындай төрт жетімді ғана қалдырған емі табылмайтын дерт мамырдың соңына қарай саябыр тартып еді.
Отағасы ел билеген, жоқшылық дегенді көрмеген кісі дегенмен, сол кездегі мөлшер бойынша да, «Құдай көп көрмесін» дегендей, алды-арты толық – үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған толымды отбасы болатын. Оған төрт бала қосылған соң, толымдылық одан әрі толыға түскен. Әрине, топты бала қарап отырмайды. Қыздар шешелерінің қолын ұзартып, келген қонақтарды қарсы алып күту, ас әзірлеу, ісі тігу сияқты үй шаруасына жұмыла кіріссе, ұлдар жағы малды күтіп-бағу сияқты сыртқы жұмысқа кірісетін. Отағасының Серкебаймен жасы шамалас, ұлдардың тұңғышы Үсен екеуі көбіне бірге ойнап, бірге жүретін. Екеуі жеті-сегізге келгенде жазда қозы бағатын әдет тапқан. Аталары бұлар он жасқа толған кезде молда жалдап, балалардың сауатын аштырған. Бірақ Серкебай тамағымды адалдап ішейін дегендей, бірер жыл бұрын бастаған қойшылық шаруадан бас тарта алмаған. Оның екі әпкесі мен Дәкіңнің бойжеткен қыздары кезегімен тұрмыс құрып кеткен. Ал Секең болса, қаршадай кезінен қозы бақса, тоғыз-он жасынан қой соңына ілесіп, қойшылықтан басқа ер азамат айналысар шаруа бар деп ойланып көрмепті. О баста әкесін жоқтатпай, әке орнына әке бола білген Дәкіңнің қойын бақса, жаңа заман орнап, кедей-кепшіктің үкіметі келді деген кезде де, сол күзде етек-жеңін жинар уақытта қоймен бірге қыстау деп, көктем жазға ауысар тұста жайлау деп, оның сыртында күзде күзеулік деп, көктемде көктеулік деп, бүкіл саналы ғұмырын қоймен бірге өткізіпті. Сондағы өмірден алған ең үлкен сыбағасы Дәкің атасының арқасында азапты ғұмырының ыстық-суығын бірге көтеріскен Бәтилә атты адал жар тауып, өлісі бар, тірісі бар, бес-алты ұл-қыздың әкесі атаныпты. Қысы-жазы, күндіз-түні демалыс күндері, еңбек демалысы дегенді естіп-білмей, колхоздың «еңбек күн» дегенді белгілеп жыл бойы жазғанмен, айлық, ақша шіркінді көрмей, тек «прәдөгің» деп айына естеріне түскенде он бес-жиырма килограмм арпа, киімдерің деп бес-алты метрден бір-екі түрлі мата үлестіргендері болмаса, қойшылық өмірден көрген рақаты жоқтың қасы еді-ау. Сонда да ерлі-зайыпты екеуі сол өмірлеріне наразылық білдірмепті. Бұлардың қар төсеніп, мұз жастанып жүріп еткен еңбектерінің ақысы да, өтеуі де қой сүтінен өндірген азық-түлігі ғана болатын. Қой бағудан кетсе, аштан өлердей сезінетіндері де содан екен.
Бір жылы хан жайлаудың үстінде отырған болатын. Қозысымен мыңға жуық маңырағанды бағып жүріп, өздері де, балалар да әбден қызылсыраған еді. Қырсыққанда бір қой ауырып өлсе, бас-сирақ, ішек-қарын, өкпе-бауыр дегендей, сұрпы етінен басқасын асып, сорпа-су ішер еді. Зайыбы Бәтилә отағасына ойда-жоқ бір ұсыныс айтқан.
– Әй, Серкебай, колхозыңның бір тышқақ лағына зиян тигізбейміз деумен ғұмырымыз өтіп келе жатыр. Балалар да сорпа-суды әбден сағынды. Бүгін өрісте бір семіз марқаны сойып, үйге жақындатып тығып қой. Түнде барып аламыз. Арамза туып жатқан қозылардың бірін кірістете саларсың, –деген. Сол-ақ екен, Секең аяғымен шоқ басқандай баж ете қалған:
– Өй, сен не айтып тұрсың?! Екі жастың біріне келгенде ардан аттап, ұрлық жаса деп тұрсың ба? Айналаңдағы адамдардан жасырарсың, төбеңде тұрған Алладан қалай жасырарасың! – деп, от алып, қопаға түскендей ашуланған.
– Ойбай, батыреке, қойдым. Адалдығың ас болсын ендеше, – деп бәйбішесі өзінің де қате басқанын мойындағандай үнсіз қалған.
– Қой бақсақ жиырма-отыз сүтті саулықты сауып отырмыз. Солардың арқасында айранын ішіп, құрт-ірімшік, сары май, сүзбесімен жылдық азығымызды қамдап жүрміз. Қызылсырасаң, ағарғанмен араныңды бас, – деп өз уәжін айтып, бәйбішесінің ұсынысын мүлде қабылдай алмайтынын білдірген.
– Мен не дейін, Серкебайым, қырық жыл қой бақсаң да, өзімдікі деп басын ұстайтын меншігіңе бір тышқақ лақ бітпегеніне ренжимін де, – деген.
Осымен «қызылсыраудың» әңгімесі ажалы жетіп, бір қой өлгенше біржола тұйықталған болатын.

* * *
Жаңа ғана ат құлағы көрінбестей борай да орай соққан ақтүтектің жыны басылғандай әп-сәтте тына қалды. Ептеп қана аспан төрінің әр жер-әр жері көгеріп, жұлдыздар көріне бастады. Серкебай ұйып қалған аяғын жазып, тұлыбын сүйреп, орнынан тұрды. Таяқ тастам жерде ауыздығын сылдырлатып, тұмсығымен бұталардың түбін түрткілеп, месторы нәпақасын тауып жеп тұр. Буаз бие сияқты шеңбірек атқан қарнын нығай берудің қамы. Екі төбет те күн райының дұрыстала бастағанына қуанғандай құйрықтарын бұлғаңдатып, әлдене дәметеді. «Сендер де ашықтыңдар-ау, байғұстарым», Жүрек жалғар жарытпай алған бес-алты малтаны сендерге берсем, өзім аш қаламын ғой» деп ойласа да, екі итіне екі малтаны қақшытты. Өзі малтаның біреуін аузына салып, ащы құрттың қышқыл дәмін алып, бір-бірінің бауырына бастарын тығып, түрегеліп тұрған қойларға қарады. «Апыр-ай, хайуан екеш хайуан да ұрпағының қамын ойлап, буаз саулықтар қар үстіне жатпай тұрғандары мынау» деп ойлады. Ол қар жұққан бөрігі мен шапанын қағып, Әкпар отырған отардың арғы жағына қарай қозғалған. Көмекшісінің іңір қараңғылығында қалқайып, тік тұрғаны көрінді.
– Оу, інім, боран басылып, отар тынышталған кезде жантайып, аз да болса демалмадың ба?!
– Иенде тұрған малға ит-құс шаба ма деп тұрғаным ғой. Ол қандыауыздарға сенім бола ма?!
– Аллаға шүкір, әйтеуір боранның басылғанына қуандым, інім. Малды түнделетіп ауылға қарай беттетсек деп ойлап тұрмын. Буаз қойлар ақ қар үстіне жатудан сақтанып тұрғандай.
– Бір шай қайнатым уақыт күтейік. Ақ түтек қайта соқса, жол ортада қалып қаламыз ғой.
Айтқандарындай, шай қайнатым уақыт өтпей-ақ бұта-бүрген тағы да ызылдап үн шығарып, жел қайта тұра бастады. Жай ғана жел соқса да немесе қарлы боран тұрса да, отарды ауылға қарай жылжыту мүмкін емес еді. Серкебай да тұлыбын сүйретіп, орнына қарай қозғалды. Тек орнынан қозғала беріп:
– Әкпар, бүгін бізді бұл жер жібермейін деп тұр. Мұндайда ит-құс та жатпайтын. Сақ болайық, – деген.
Ит-құс демекші, өткен жылы ғана ол «дала қарақшыларының» бірі бұған ұмытпайтындай белгісін қалдырған. Кешкілік өрістен қайтқан соң малды қораға қамап, күндегі әдетінше шайын ішкен соң, төсегіне жатып қалған. Бәтилә да жылы киімін киіп, жылы қой қораның кіреберіс босағасына қойған орындығына отыруға шыққан. Төсегінде пырдай болып ұйықтап жатқан кенже ұлы Керімбегі әке құшағына кіріп, ұйқыға кіріскен. Бір кезде Бәтиләнің бажылдаған дауысынан шошып оянған.
– Қасқыр, – деді ол үйге кірген соң шошына дауыстап, – қораға қасқыр кіріп кетті!
– Не дейді? Ол қалай кіріп жүр? Қораның төбесі жабық, есігі берік сияқты еді ғой. Мен киінгенше Әкпарды оята бер, – деді ол.
– Тез, – деді Бәтилә. – Малыңды қырып жатыр!
Серкебай пимасын аяғына қоңылтаяқ сұғып, иығына ішігін іле салып, тұра жүгірген. Қолына оқтау ма, әйтеуір бір келтек ағашты ұстай салып, сыртқа ұмтылған. Жеңіл-желпі киінген Әкпар да қораға тез жеткен. Сен қолыңа салмақты бірдеңе алып, қораның қақпасының алдында тұр. Мен қолшамды алып, ішке кірейін, – деген Серкебай серігіне қақпаны ашып жатып. Бұл кезде қолына ұстаған күрегі бар Бәтилә да жеткен.
– Қап, Зейнептің де болмағанын қарашы. – Науқастанған соң, екі-үш күн бұрын дәрігерге кеткен Әкпардың әйелі болғанда, қораға қасқыр кірмейтіндей Бәтилә түнде өзімен бірге қой күзетіне шығатын Зейнептің болмағанына өкінді.
Серкебай қораның қақпасын ашып, ішке кіргенде көп малдың демімен жылылық лебін бірден сезінсе, біресе оңға, біресе солға бірін-бірі жаншып, дүр-дүр үріккен қойдың дыбысын естіп, бір сұмдықтың болып жатқанын білген. Бұл да бар дауысымен ақырып, өзіне қарай жапырыла үркіп келе жатқан қойлардың ортасына кірген. Сол кезде ол үріккен малдың үстімен жүгіріп келе жатқан бір мақұлықтың жап-жасыл болып жанған көзін көрген. Ол да мұны көре салып, кері бұрылып, қораның бұрышына қарай ұмтылған. Кісі бойынан сәл биіктеу қораның төбесіне қарай секіріп, шамасы өзі қазған төбенің тесігіне тұмсығын тығып, сыртқа шығуға тырмысып жатқан көкжалдың артқы бір сирағынан ұстап үлгерген. Бұл кезде көкжалдың да алдыңғы екі аяғы мен кеудесі тар тесіктен тысқа шығып үлгерген екен. Жарты денесі тыста, жарты денесі іште қалған бөрі тырмысып, бөксесін жоғары тартады. Серкебай сыртқа толық шыға алмай, тар тесікке кептеліп қалған бөрінің белі мен құймышағын келтек ағашымен құлаштап тұрып ұра берген. Бөрінің екі саны мен шонданай сүйектері бір кезде мылжаланып, денесі жансыз болып қалған еді. «Әй, пәлекет, енді өлген боларсың» деп, оның сыртқа шығып үлгерген денесін төменге қарай сүйреп түсірген. Оның денесі ішке түсіп келе жатып, «өлген» қасқыр арс етіп, Серкебайдың білегін қауып үлгерді. «Кегін алмай жан бермек жоқ» – бөрінің серті. Ең соңғы қайратын жинап, азуын басып үлгеріп барып жан тапсырды. Тірі қойдың біраз құйрығын жұтқан қасқыр соңғы күшін жинап қапқанда, білектің бір кесек етін жұлып алыпты.
«Қасқырдың тісінің уы бар» деген сөздің жаны бар. Өлген қасқырды ауыз үйге тастағанда, Серкебайдың оң білегінен аққан қан бір өңірін жуып кеткен еді. Тағының тісі тиген жара әп-сәтте қап-қара болып, талаурай қалыпты. Бәтилә құрым туырлықтың етегінен біразын кесіп алып, пештегі әлі сөне қоймаған қоламтаға бір аунатып, киіз бықсып жана бастағанда жалынын үрлеп өшіріп тастап, ыстық құрымды жараның үстінен жаба қойды да, орамалын екі бүктеп алып, білегін таңып тастаған.
Ол кезде дәрігер атаулы мал фермаларын қойып, колхоз орталығында да болмайтындықтан, дәрі-дәрмек дегенді ешкім біле бермейді. Қойшылардың қойды тоғытқанда пайдаланатын креолин деген жақпа майды кез келген жараға жағатын. Басқа дәрі болмаған соң, жараға ертеңінде сол креолинді жаққан. «Серкебайдың қорасына қасқыр түсіпті» дегенді естіп, ферма меңгерушісі Садық келіп, біраз қойдың жараланғаны болмаса, шығынның жоқтығына «шүкірлік» айтқан. Кетерінде тұздап, іліп қойған арланның терісін алып, қоржынына салған. Қасқыр ішік тіктіруге бір терінің жетпей тұрғанын айтып қуанған. Кетерінде:
– Пәлекеттің өзі де арланның айтулысы екен де. Тіпті тұрқы кісі бойындай болар-ау. «Қасқыр қарызын терісімен төлейді» деген осы, – деп мақалдаған. Сонан соң Серкебайға қараған. – Айтпақшы, Секе, жараланған қойлардың біреуін сойып, сорпалан. Актісін мал дәрігерге айтып, өзім жасаттырып беремін.
Құдай алқұлымдап, Секеңнің жарасы бірер аптада жазыла бастағанмен, білегінде тыртық қалып қойған.

* * *
Қандыауыз шіркін бір қойды өлтірмесе де, мәліш құйрық сарық деп аталатын меринос қойдың бес-алтауының қос жұдырықтай ғана құйрығын жұлып алып, жұта беріпті. Жаралы саулықтарды емдеу Әкпарға қосымша жұмыс болған. Сөйтіп, қолын жаралап, талай қойын қан-жоса қылған қандыауыздың сыпырылған терісі Садықтың қанжығасына байланды.
Е, ойлап отырса, Серкебай осынау қойшылық ғұмырында талай қауіп-қатерді бастан өткізіпті. Бәрібір: «Е, Алла, бергеніңе шүкір» деп қанағатшылдықпен өмір сүріп келеді екен.
«Меншігіне бір тышқан лақ бітпеген» деген сөзді Бәтиләнің аузына құдай салды ма, бұлардың босағасына алғашқы меншік мал «отар журналына» «бір бас қозы Серкебайдың меншігі» деп, жайлау үстінде тіркеліп еді.
Бір күні Серкебай ертеңгілік ертемен кенже ұлы Керімбекті оятып:
– Ұлым, біраз уақыт қойды ауыл маңына жая тұршы, басым ауырып, көтертпей тұрғаны, – деген. Ұл да оянып, айранын ішіп, тысқа беттеген. Іңір қараңғылығына дейін жайылған қойлардың алды «өріске шығар уақытымыз болды ғой» дегендей, шөпектеп, жайыла бастапты. Ол ауыл маңында тұсаулы жайылып жүрген Ақжалды да әкелмей, қойды өргізген. Жұрт маңының оты сирей қоймаған кез болған соң, отарды қалың бүргенді терең шатқалға түсірмес үшін алдыға түсіп алып, Күркелінің нуына қарай сумаңдай жөнелген ақ серкеге: «Әй, кемелек келгір, қайт былай!» деп айғайлап еді, ол мұндай бұйрықтың өзіне ғана айтылатынын сезіп, сәл кідірген. Бала жүгіріп барып, оның алдыңғы жағынан шығып еді, серке белегірдің үстімен өтетін көш жолына қарай бұрылды.
Таз, Сәмен, Көктекше сияқты Сауырдың биіктеріндегі төр жайлауларға кеңес көсемдерінің есімдерін иеленген шағын колхоздардың малшылары көшіп барып, қыркүйектің басында-ақ жауып қалатын алғашқы қарға дейін отыратын. Он-он бес күн бойы сол колхоздардың отар-отар қойлары, табын-табын сиырлары өткен. Жол жиегіне жайылып баруға шамаларын келтірмей, иіре айдап өткендіктен, көш жолының шүйгіні көп таптала қоймаған.
Керімбек қойлардың алды Қиынсуға қарай еңістете құлдап бара жатқандарын қайырмалап, артына қарай бұрыла бергенде, қойдың алды әлі жете қоймаған қалың бүргеннен жас лақтың маңыраған жалынышты үнін естіген. Ол жүгіріп, қалың бүргеннің шет жағына таяу жерден шығып жатқан үнін естіп, әрі-беріде-ақ кішкентай бөрте лақты тауып алған. Туғанына ұзаса бір аптадай ғана уақыт болған тым жас лақ екен. Алдыңғы бір аяғы айырма болып, құрттап кетіпті. Бұлардың отарында бір ағайындары қосқан төрт-бес, колхоздың үш-төрт ешкісі бар еді. Олардың бәрінің де жалқы, егіз тапқан лақтары марқаланып қалған. Керімбектің білгенінде мұндай жас лақ туып, оны жоғалтып үлгерген ешкі бұл отарда жоқ екені анық. Әбден әлсіреп қалған лақты ол көтеріп алған.
Қойды түсте үйге әкелгенде әкесі лақты көріп, төр жайлауға көшкен бір малшының төлі екенін бірден айтқан. Құрт кеулеген бақайын құрттаруышпен тазалап, креолин жағып, таңып тастады. Бір-екі күн бұрын ғана лағы өлген бір ешкіні емізіп, әбден ашығып, шөлдеген лақтың есін жидырған. Тіпті ертеңіне сол ешкіге жағындырып еді, екі-үш сағаттан соң оны өз төліндей көріп, бауырына алатын болған.
Сөйтіп, жайлау күндері аяқталуға жақындап, қыркүйектің басында-ақ қар түсіп қалатын төр жайлауда отырған басқа колхоздың қойшылары малдарын шұбыртып, көш жолымен қайтадан етекке қарай түсе бастайтын. Әкесінің әмірімен Керімбекке жұмыстың жаңа бір түрі тапсырылған. Төменге қарай малын айдап бара жатқан әрқайсысын тосып алып, айтатыны бір-ақ сөз. Сәлем берген соң, бұл: «Жоғары жайлауға көшкен кезде лақ жоғалтқан жоқсыздар ма?» деп сұрайды. Олардың бәрі де бір-бірімен келісіп алғандай: «Жоқ, балам, жоғалтқан жоқпыз» дейді. Кейін мұның үйреншікті сұрағын қойып, жауабын алған соң, «Тым ерте көшіп бара жатқан жоқсыздар ма?» деп үлкен кісімсіп, сұрақ қоятын да кездері болады. Ондайда қайсыбіреулері: «Күн суыта бастаған соң, малдың өзі төменге қарай кеткісі келіп тұрады» десе, ендібіреулері: «Түн баласы аюы мен қасқыры малға шаба бастаған соң, амалсыз көше бастадық» дейді.
Айналасы бірер аптаның ішінде жоғары жақты жайлаған қойшылар орындарынан дүрк көтеріліп, биіктегі сары жұрттарын келесі жылға дейін иен қалдырып, көшіп үлгерген.
Бұл кезде аяғы жазылып, қарыны тойып дегендей шұнаң қағып, қатарға қосылған бөрте лақ тамағына біткен қос түймесін былғаң қақтырып, уайымсыз өсіп, марқаланып қалған.
Әр айдың соңында ферма басшысы, есепшісі, мал дәрігері мен зоотехник келіп, отардың санағын жүргізіп, колхоз малын түгендеп кететін. Бұл кезде бірер жылдан бері ферма меңгерушісі болып, Абзалбектің орнына келген Садық малды санап, ауру-сырқауларын мал дәрігері қарап, осы айда арамза туған қозылардың санын отар журналына түсіріп болған соң, аға қойшы Серкебай Садыққа былай деген:
– Шырағым Садық, мына ұлым ел жайлауға шығып жатқанда бір жас лақты тауып алып еді. Ол төр жайлауға шыққандардың лағы екені даусыз, бірақ иесі табылмады. Марқаланып қалған лақты колхоз малына кірістейсің бе, қайтесің? – деген.
– Әй, ағасы-ай, – деп Садық күлген. – Сіздің ұлыңыз тауып алған жалғыз лақсыз да колхоздың мыңғырған малы жетеді. Ол лақты колхоз малына кірістейін, бірақ оның орнына бір қозыны «тауып алған» деп, журналға меншік мал ретінде сіздің атыңызға тіркейін. Осы уақытқа дейін меншігіңізде бірде-бір ұсақ малдарыңыздың болмағанына таңғалдым.
– Баяғыда колхоз «Қызыл жұлдыз» болып ұйымдасқан кезде болыс көкем берген екі қыл кұйрық, бес-алты сиыр баласы мен жиырма-отыз қой-ешкімді ортаққа қосқанмын. Одан бері меншігіме мал бітіп көрген жоқ, – деп Секең шындығын айтқан.
Серкебай ойлап отырса, сол бөрте лақтан басталған ұсақ малдары көбейгенде жиырма-отыз басқа жетіпті. Ең бастысы, өздерін содан бері қызылсыратпаған әрі үкіметтің ет салығын төлеуге сол малдар жетіп отырады екен…
Түн ортасынан ауғанша батыс жақтан соққан суық жел қарды қуалап, борандатпаса да, бір тынбай үрледі де тұрды. Әйтеуір, қойлар желден ығып кетпей, орындарынан тапжылған жоқ. Екі төбет те сонша адалдық көрсетіп, жиі-жиі дыбыс беріп, отарды айнала шапқылап, тыным таппады. Ұйқы – дұшпан, Серкебай тізе бүгіп отыра қалса, ұйқы албастыдай иектей берген соң, қараңғыда сүрініп-жығылып, анда-санда дыбысын шығарып, айғайлап қойып, отарды айнала берген. Қойшылардың, отарды түнде күзеткен әйелдердің бар дауыстарымен айғайлап қоятындары торуылдап жүрген ит-құс болса, «біз бармыз, иттерімізбен күзетте тұрмыз» дегендері.
Ол аспанға қарап еді, жұлдыздар батыс тұстан жымыңдады. «Ә, жауын-шашын, қар бұлтының көбесі сөгілген екен» деп ойлады. «Боран басылса енді екі-үш сағаттан соң, таң да сібірлеп ата бастар, кішкене отырып демалайын. Әкпар да дыбыс беріп жүр ғой».
Отыра қалып еді, жылы тұлып, жылы төсекке ұқсап, қолма-қол бір тұңғиыққа қарсыласуға шамасын келтірмей, сүйрей жөнелген. Құлағына көмекшісінің айғайы мен екі төбетінің «келіп қалды» деген байбалам үрулері емес, «біз бармыз» дегендей бейбіт үндері естіледі. «А, құдай, пәле-жалаңнан сақтай гөр» деп күбірлеген.

Үйде де боран
(Бірінші шегініс)

Отағасы бір қора қойын шұбыртып, Үйдене өзеніне қарай бет алған сәтте-ақ, Бәтиләнің жаны жай таппады. Күнде отағасы отарын өргізіп кеткенде тастан қалаған ерсілі-қарсылы қосқоржын үйдің бөлмесінің біреуі бұлардың иелігінде болатын. Қарсыдағы бөлме Әкпар мен Зейнептің иелігінде. Бөлме деп әлдеқандай ғып атағанмен, сығырайған жалғыз көзді терезе, тақтайларының жіктері ашылып, жылуды ұстамайтын болған соң, ескі текеметпен қаптап, ілдалдап қойған жаман есік, тұрғындарын күндіз-түні суыққа бермей жандарын сақтап отырған бөлменің бір бұрышынан жиған абажадай тас пеш. Әйтеуір былтыр қыс бойы төскейге апарып, жалдап жиналған қойдың сары қиы мол. Таудың бір қуысындағы иен қыстауда жинаулы тұрған мол отынға жан баласы тиіспейді. Әлде жұрт обал-сауапты ойлай ма, әлде көліктері болмаған соң, алып кете алмай ма – әйтеуір, мынандай заманда отынның молдығы дәтке қуат.
Бәтилә қозы жүнінен басылған ақ киізге оранып, ұйқы соғып жатқан ұлы Керімбектің жамылғысын қымтап қойды да, қи салып әкеліп жүрген қараала қапты алып, тысқа шыққан. Жаңа ғана қарды үрлеп, айналаны мың сан ақ жыланға толтырып, борандата бастапты. «Әттеген-ай, бағана оны өріске жібермеуім керек еді» деп ойлады. «Сақтай гөр, Жаратқан ием, соры қалың байғұсымды». Ол боран күшеймей тұрып, отынын әкеп алмақ болып, етегін желге жұлқылатып, беткейдегі жалдап жинаған отын жаққа қарай жүгірді. Қиды қапқа салып жатып та, оны көтеріп үйге келе жатып та бір Аллаға сыйынумен болды. Басқадай көмек сұрай қоятын адам баласы жоқ еді. Ол отынын үйге кіргізе салып, көршісінің бөлмесіне кірген. Зейнеп те балаларымен бетіне қуырылған арпа сепкен ертеңгі шайын ішіп отыр екен.
– Бәтиләш-ау, мына құдайдың күні не болып кетті? Әкпар да бағана атына мініп, қойдың соңынан кетіп еді. Колхоздың, топалаң келгірлерінің қамы деп жүріп, өздері бір кеселге ұрынбаса болар дағы! – Онсыз да шыбын жанына сабыр таба алмай дызақтаған Бәтиләні көршісінің сөзі одан әрмек шошыта түскен.
– Кел, отыршы, бірер кесе шай ішші! Әкпар да ыстық суын дұрыстап іше алмай кетіп еді, – деп ол Бәтиләнің жүзіне тіктеп қарап, бағанадан айта алмай тұрған сөзіне бостандық берген.
– Серкебай да қызық! Колхоздың малы үшін жандарын қимақ па сонда? Мына ақтүтекте терлеп-тепшіп, ішіп отырған сорпа-сулары болса екен-ау. Бүйткен жұмысы бар болсын! Азығың деп берген бес-алты келі арпасын бұлдай ма бұл колхозың? Осыдан аман келсе, күні ертең орталыққа көшеміз. Аштан өліп, көштен қалсақ та, боранда үсіп өлгеннен тәуір болар. Әкпар байғұс ағайдың алдында әлі күнге дейін құрдай жорғалайды ғой. «Сабақ оқитын балаларға да мектептеріне бара алмай обал болды. Колхоздың кез келген жұмысын істерсің, орталыққа көшейік десем, бетімен жер басып, аузымды аштырмайды. «Баяғы ашаршылықта жанымды алып қалып, өмірге қайта әкелгендей болған кісінің қасында өмірбақи боламын» дегенінен танбайды. Бәтилә апай-ау, енді не істейін, айтыңызшы, – деп Зейнеп көз жасын іркіп алған. – Бір күні боранда үсіп өлсе, өмірі бағым ашылмаған мен қайтпекпін?»
– Әй, Зейнеп-ау, күйіп тұрған жанымды одан әрмен күйдірмеші. Одан да екеуінің соңдарынан барамыз ба? Не істейміз? Соны айтсаңшы, қара аспанды төндіре бермей. «Калхоз-калхоз» деп естері ауған қос жындымен бірге өлейік дейсің бе?! – Бәтилә Зейнептің сөзін әрі қарай тыңдай алмай, есіктерін сыртынан жапқан.
Мына дүниенің не болып, не қойғанынан хабары жоқ Керімбегі әлі тәтті ұйқы құшағында. Оны оятқанда не істейді? Өзінің де уайымы жетер.
Ол түнімен оты сөнбеген пешке екі кесек қи тастады. Пештің аузынан шыққан жылуға елтігендей, екі тізесін құшақтап отырып, ойға батқан. «Құдай-ау, бойжеткен шағымда, қыз дәуренімді қызықтатпай, алды-артыма қаратып үлгертпей, Серкебайдың етегінен ұстатып жіберді. «Әке-шешесі жоқ, жетім жігіт, отбасыңда алдыңнан шығып, ақылгөйситін ешкім жоқ. Қайта бағың бар екен, қарсылық көрсетіп жүрме» деп еді жеңгелері. Қарсылық көрсетер бұл шіркіннің жағдайы болды ма? Әке орнына әке болып жүрген әкесінің інісі Әбіл Дәкіңнің – Үсеннің әкесінің, «Сүйекке сүйек жалғайық», «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген ұсынысына бірден келісіп, Бәтиләні де Қатираға абысын етіп, ұзататын болған. Үлкендердің шешіміне қарсылық айтар күн қайда? Өзі әлі өңі-түсін де көрмеген, әке-шешесі де жоқ, тіпті, естуінше, атасы мен әжесі де, аға-бауыры да, бір үйлі жан түгелдей ана жылғы оба дертінен түгел қырылып қалса керек. Дәкіңнің асырап, ержеткізген жетім қалған шиеттей төрт баланың бірі Серкебайға ұзатылатын болған. Қалыңмалы төленіп, құдалық рәсімдері тәмамдалып болған соң, өзін алып кетуге келгенде болашақ жарын бір-ақ көрген. Серкебай орта бойлы ғана, көп сөзі жоқ, момын жігіт көрінген. «Айналайын, болашақ жарың тойған қозыдай томпиған салмақты жігіт көрінеді. Бағың бар екен, тасыр мінезі де көрінбейді. Жолың ашылсын!» деп жеңгелері мұның көңілін демдеген. Өз тағдырын бір Жаратқанға тапсырғаннан бөгде қыз жазғанда басқа ерік бар ма, іштей көніп, бұлыңғыр да бұлдыр ертеңіне амалсыз мойынсұнған.
Дәкің дейтін болашақ қайнатасы отырған үйге келінін жеңгелері әкеліп, сәлем салдырып таныстырған. Өңі-түсі де, киім кию салтанаты да жұрттан айбарлы көрінетін болашақ атасы бұған алақанын жайып, батасын берген.
– Бақытты бол, айналайын. Алысқа кеттім деп қамықпа, қызым. «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас», қатар жатқан елміз. Оның үстіне, біздің шаңыраққа жақында ғана келін болып түскен Қатира әпкеңнің қасында жүріп, бір үйдің келіндері боласыңдар, – деп келінінің маңдайынан иіскеген. Сонан соң босағаға таяу жерге төселген сырмақта қатар отырған екі жігіттің оң жағындағы Серкебайды нұсқап: – «Құдай қосқан қосағың, болашақ жарың мына жігіт болады. Оның жанында отырған жігіт Серкебайға серік болып келген менің Қали дейтін кенже ұлым. Қатиражанның туған, Бәтиләнің немере қайнысы болады. Анау отырған Әбілхан – Әбекең құданың, Қатира екеуіңнің әкелерің мен анаңның және осы ауылдағы бұрымбет ақсақалдарының рұқсатымен, ақ батасымен ұзатылғалы отырсың. Келіп, сәлем бергеніңе рақмет. Бара ғой, айналайын, – деп қызды әкеліп, көрсеткен жеңгелеріне қалтасынан алып, бір уыс күміс ақша таратқан. – Көрімдіктеріңнің жоралғысы болсын, айналайындар.
Болашақ атасы орнына ата болып отырған кісінің рұқсатымен бұл тізесін бүгіп, ибалық көрсеткен соң, қос жеңгесі қолтықтап, оны тысқа шығарды. Айтқанға болмаса, екі тізесі дірілдеп, үлкен бір сын тезінен шыққандай терлеп-тепшіп, әлсіреп қалғанын сезген. Анасы Мәтіқыз осы әңгіменің шеті шығып, сөз піскен соң, перзентіне ақыл-кеңесін айтып, «қыз шіркінің жатжұрт үшін жаралатынын, туған ата-анаға балалық қызығын ғана көрсетер уақытша қонақ екенін, өздерінің ендігі қолдарынан бар келерлері перзентінің бақытты болуын ғана тілеу екенін» біраз түсіндіріп баққан. Ал, қазір құдалармен төрде отырғанмен, анасы Мәдіқыз бас құдаға; «Баламды бір Құдайға, одан кейін, құда, сізге тапсырдым» деген бір ауыз сөзден басқа тіл қатпаған…
Бәтилә пешке тағы да екі-үш кесек сары қиды тастап қойып, сол бір тым алыста қалған күндерді ойша аралаған. Ондағысы мына ақтүтек боранда отағасы мен Әкпар екеуінің қандай күй кешіп жүргендерін уайымдай бергенше, сол бір алты қырдың астында қалған күндерін тәтті қиялмен еске алуға ұмтылу еді…
Қонақтар отырған Бәтиләнің әкесі Әбілханның үйінен шыға бере бір жеңгесі құлағына сыбыр ете қалған.
– Біздің отау үйге кіре бер. Ауылдың жастары бүгін кешке сонда жиналып, сауық құрамыз. Оған дейін күйеубаланы сонда ертіп әкелемін. Жүздесіп, тілдесіп дегендей, үйренісе беріңдер, – деп, ол қызды өз отауына кіргізген. Жиынның осы үйде болатынынан хабардар болған біраз қыз-жігіттер жиналып-ақ қалыпты. «Оңаша отырып, танысып, білісіңдер» деген жеңге сөзі шындықтан шалғай шықпағанын Серкебай қыздың сол жеңгесі Қали екеуін үлкендер отырған үйден ертіп шығып, өз отауына жақындата бергенде-ақ білген. «О, күйеу! Күйеу жолдасымен келе жатыр, күйеу келе жатыр» десіп, бір топ қыз-жігіттер есік алдына шығып, қарсы алған. «Шашу-шашу» деп шуласқан қыздар мен жас келіншектердің ортасынан біреуі үйге тақап қалған күйеу жігіттің басына арасында қант-кәмпиті бар бір тегеш құрт-ірімшікті шаша салған. Мынау шашу атты «шабуылды» сезгендей Қали шегіне берген. Жалғыз қалған Серкебай басына жауған қатты құрт-ірімшіктен қорғанып үлгермей де қалды. Екі қолымен бетіп қорғай берген. Басына тиген қатты құрттар әдейілеп жаудырған тас кесекией болған.
– Ойнаймыз деп, жезделеріңнің басын жарып алмаңдар. – Егделеу бір келіншек жастарға ескерту айтқан. Оған мән берген жүрген жастар жоқ, шуылдасқан күйлері көгалға шашылған шашуды таласа-тармаса теруге кірісіп кетісті.
– Қалыңдығың мөлдіреп, өзіңді тосып отыр. Бұл – қарқарадай қайнағаңның отауы. Иіліп, сәлем беріп кір, – деп, бір қыз Серкебайға есікті нұсқады. – Қане, қыз-жігіттер, күйеу жігітке алдымен жол беріңдер. Біз кіргенше қалыңдығымен көрісіп, сәлемдесіп үлгерсін. Сендер сонан соң кіресіңдер. Күйеу жолдас, сен де кір.
«Қайын жұрт не айтса, соларын орындай берейін» деген оймен табалдырықтың сыртына екі бүктеп төсеген жүндес теріге бір аяғын қойып, ілгері аттай бергені сол еді, аяғының астындағы жер жылжып кетті ме, бұл шіркін шайқалақтап барып, шалқасынан түскен. «Алғаш келген күйеу жігітті әртүрлі ойындармен біраз мазақ қылады» дейтін балдыздардың жосықсыздау әзілі болады екен» сияқты әңгімелерді Үсеннен естігені бар еді. Секең өзіне дәл мұндай дөрекілеу әзіл қолданады деп ойламаған. Ій жаққан теріні екеуі бүктеп, табалдырыққа төсеп қойып, жездесімен ойынды былайша бастайтынын білсе, шіркінді баспай, аттап өтер еді ғой. «Бүгін бір емін-еркін күлкіге қарық болайық» дегендей қызықшыл балдыздары шуылдай жөнеліскен. Жігітті бір келіншек қолтығынан демеп, орнынан тұрғыза бергенде, бұл да осынау шуылдақ балдыздарға алғашқы әзілін арнаған.
– Тым-тым оспадарлау ойындарыңа ашуланып, «Бір жақсы жігіттің етегінен ұстадым-ау» деп шаттанып отырған әпкелеріңді де алмай кетіп қалып жүрмейін, байқаңдар, – деген. – Барлығың ұнап жатсаңдар, болашақ тоқалды да орталарыңнан таңдармын деген де ойым бар еді… Ойланатын болдым. – «Екі әйелді қойып, біреудің өзін Дәкің әкесінің арқасында алғалы отырғанын білсе де, «Бөрі арығын білдірмес, желке-жүнін күдірейтер» дегендей, өзінің тұлдыр жетім екенін бір сәтке болса да ұмытқан түрі еді.
Күйеу жігіттің әзіліне риза болса керек, жаңа ғана мұны қорғаштай сөйлеген егделеу келіншек:
– Е, бәрекелді, қыздарым, жезделеріңнің жауабын естідіңдер. Анау ій жаққан сеңсеңді алып тастап, жезделеріңді үйге кіргізіңдер, – деген.
– Күйеу жолдас сен де жүре ғой. Айтпақшы, сен күйеу жолдас емес, Үсен күйеубаланың туған інісі екенсің ғой. Онда сені «құда бала» дегеніміз дұрыс болар.
– Анау үлкен құда «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп, барлық балаларына біздің елден келін алғалы жүрген шығар, – деген бір қыздың сөзін екіншісі іліп әкетті.
– Қыздар, мына жігіттің түрі қыз сияқты әдемі екен, құда түсе қалса, көп қарсы болмаңдаршы. – Бойы сындардай, жүзі нұрлы Қали мына сөзден кейін әдемі жүзі алаулап, шынында ұялып қалған еді, бірақ мынау шуылдаған қыздарға жауап беруді жөн деп тапса керек.
– Көп дәмелене бермеңдер, бойжеткендер. Қос бірдей қыздарыңның маған жеңге болатынын қанағат қылыңдар. Ал, менің айттырып қойған қалыңдығым мені күтіп, сарғайып, даяр отыр, – деген.
Серкебайды қолтықтаған бір жеңгесімен бірге босағадан аттай салып: «Ассалаумағалейкүм» деді кез келген жайға кіргенде үйде кісі болмаса да, шаңыраққа сәлем беретін әдетімен. Алайда, оң жақтағы өрешенің алдындағы жайылған текеметтің үстінде отырған екі әйел заты оның сәлемін алған жоқ. Алакөлеңкелеу үй ішінде отырғандардың бірі өзінің болашақ келіншегі екенін білген жігіт оның жоғары жағына тізе бүгіп отыра беріп, қызға алғаш рет көз тоқтатып қараған. Ашық жүзді, талдырмаштау келген, атжақтылау, қойкөзді қызды көріп, болашақ жарым сен боларсың деп ойлаған. Қара көзге де, көк көзге де келмейтін қой көзді қыздың отырған қалпына қарап, сұңғақ бойлы боларсың деп мөлшерлеген. Жаңа үлкендердің алдында отырып, болашақ жарына бірер дүркін ғана көз жүгірткені болмаса, «Сен осындай ма едің?» дегендей бажайлап көз салуға ыңғайсызданған.
– Ие, күйеу жігіт, бір қызымызға қолың әрең жеткелі отырып, оның үстіне табалдырығымыздан аттаймын деп тайып жығылып жүріп, тағы да осы елден тоқал алайын деген дәмең қандай зор еді?! – деп, басына кимешек шылауыш киген жас келіншек те іркілмей жеңгелік «шабуылын» бастаған. – Анау інісі болса, «қалыңдығым бар» деп бұлданады.
– «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген емес пе? Ол жайды кейінірек мына Бәтилә екеуіміз ақылдаса жүріп, шешеміз ғой. Иә, Бәтилә?!» деп Секең әлі үнсіз отырған қалыңдығының бетіне қараған.
– «Асатпай жатып құлдық» демеңіз. Алғашқы асағаныңыздың бойыңызға сіңуін ойлаңыз.
– «Мына шіркін көптің бірі дейтін можантомпай емес көрінеді» деген ой келген Серкебайға.
– Жаңа «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегенді айттыңыз. «Белден қазып» болмадыңыздар ма? Бір-екі ай бұрын ғана қайынсіңіліміз Қатипаны алып едіңіздер, енді немере ағаңыз Үсенмен бажа болғалы отырсыз. Қазақта «қанағат» дейтін сөз бар ғой. Біздің елдің бойжеткендерін алып болсаңыздар, қанағат қылыңыздар енді.
Серкебай да бұл сөзге уәж айтып қалды.
– Біздікі Қатира жеңгем жат жерде жалғызсырамасын деп жасаған жақсылығымыз ғой.
– Қалай, танысып, табыса алдыңдар ма? Сендерді оңашалай берер уақытымыз жоқ. Алдарыңда үлкен өмірлерің бар, асықпай білісе жатарсыңдар. Қане, жігіттер, қыздар, үйге кіріңдер, – деп қолына қара домбырасын ұстап, үкілі тақия киген толықтау жігіт бүгінгі отырыстың тізгіншісі өзі екенін білдіре сөйледі. Соңынан ілесе сайдың тасындай жас жігіттер, үкілі тақия, келісті сәукеле киіп, бүгінгі қызыққа арнайы даярланып келген қыздар мен жас келіншектер бір-бірімен әзілдесе кірді.
Жұрт жайғасып отыра бергенде отырыстың тізгінші жігіті қалақтай қара домбырасын қағып-қағып жіберіп, әндете жөнелген.

– Ақ дидарың көргенде тұра алмаймын,
Сенсіз жерде еш дәурен құра алмаймын.
Сен есіме түскенде беу қарғашым,
Кемесіндей дарияның бұраңдаймын.

Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер
Келіп-кетіп жүрсеңші ойнағыңа, –

деп барлығының мұңын жеткізгендей болды.
– Бәрекелді, тусаң-ту. «Жатжұрттыққа жаралған қыз» шіркін, біздің қызығымызға қарамайды екен ғой, – деді жігіттердің біреуі. – Мына тұрған қыздарымыз да күні ертең «хош-хош» айтып, басқа жұрттың отын жағып, ұрпақтарын көбейтуге кете барар.
– Бұл табиғаттың қатал да қайырлы заңы. Бұлар кетсе, өзіміз де бөтен-бөгденің қыздарын әкеліп, көркейіп, көбейіп отыр емеспіз бе?! – Жігіттердің біреуі салиқалы сөз айтқан. – Жігітім, «Қарғашың» ауыздың дәмін алуға ғана жарады.
Ол жігіт те ауыздығымен алысқан жүйріктей даяр тұр екен. Домбырасын қағып-қағып жіберіп, шырқай жөнелген.

– Ей, ақ қурай, қызыл қурай, қурай, қурай,
Құдайым, қызды ауылмен сыбай қылғай.
Әкесін ала жаздай ауру қылып,
Шешесін түк естімес саңырау қылғай.

Домбырам басы бал қурай,
Басына қонған бозторғай.
Қалампыр мен насыбай,
Насыбайым болмаса,
Ауырады басым-ай.

Әнші жігіт екі көзін ойнақтатып, қолды-аяққа тұрмайтындай үй ортасында еркін қимылдап ән салғанда отырғандар шулап, бір мәз болысып қалды. Қымыз сапырылып, жұрт шай дастарқанына отырғанша төрт-бес өлеңнің басын қайырып тастаған.
Бір келіншектер үйге кіріп, дастарқан жайып еді, екіншісі әкеліп бауырсақ төкті. Келесі сырлы ағаш шарамен қымыз әкеліп, қос басты ағаш ожаумен құлаштай сапыра бастап еді, үйдің ішін сусынның хош иісі алып кетті. Бәрі де қымыздан бір-екі тостаған ішкен соң, дастарқан басынан шегінісіп отырған.
– «Ауылдың алты ауызы» айтылды, енді күйеу жігіттің өнерін көрейік. Егер «қонақ кәдені» орындай алмаса, қызымызды бермей де қоярмыз. Солай емес пе, қыз-жігіттер, – деп бағанағы жиі сөйлеп отырған келіншек тағы да көсемсіген. – Солай емес пе, Бәтилә?
Келіншек қалыңдықтың бетіне қарап еді, ол үндемей құтылған. Тағдыры толайымымен шешіліп қойған соң, енді суырылмайын деген оймен басын изей салған.
– Пәлі, біздің бойжеткеніміз болашақ күйеуіне жанашыр болып отырған сияқты. «Бірі атып, бірі қаққан» жастар жоқ жерден күлкі шақырып, үйдің ішін көңілді думанға толтырған.
– Қане, домбыраны қолына беріңдер.
Ол ұсынған домбыраны ұстап отырып, думанды кештің ұйытқысы болып отырған жігітке қарап былай деген:
– Замандас, мен мына өңшең хор қызындай сұлулар сұрап отырған соң, бірер ауыз ән салып көрейін. Домбырашылық өнерім жоқ еді, әнімді өзің сүйемелдеп отырарсың, – деп домбыраны иесіне қайта ұсынған.
Серкебайлар қалыңдықты алып келуге шығарда немере ағасы Үсен де бірге бармақ ниеті барын жұқалап, әкесі Дәкіңе білдірген. Әкесі ұлының өз тілегін жөн көрмеген.
– Ұлым, қазақта «Жаман күйеу – қайынсақ» дейтін сөздің бар екенін білесің ғой. Салтымызда қызын алғанына екі-үш ай болмай жатып, күйеу жігіт қайын жұртына жылтыңдап бара бермес болар және келіншегінсіз жалғыз бару тағы да жараспайды. Ал келіншегіңнің төркіндеп өз жұртына тек сәбилі болған соң немесе бір жыл өткеннен кейін ғана баруына болады. Сонда ғана сән-салтанатыңмен, жол-жоралғыларыңмен барасыңдар. Ал Серкебайдың жанына Қали ілессін. Келіншек алудың жөн-жоралғысын үйрене берсін, – деп өз шешімін айтқан. Серкебай болса немере ағасы Үсен мен жеңгесі Қатирадан бұл сапарда өзінің қалай жүріп, қалай тұруы керектігін сұраған. Сонда жеңгесі: «Біздің ауылдың қыз-келіншектері, сенің болашақ балдыздарыңның жасайтын біраз хикметтері болады. Әзілдеріне әзілмен жауап беруің керек. Ауызға су толтырғандай үндемей отырсаң да ауыр сынға қаласың. Бұл жерде «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дейтін тәсіл жүрмейді. «Үн шығармайтын өгіздей екен» деп мінеулері мүмкін. Бір қағар әзіліңнің бар екенін байқадым, әсіресе қыз-келіншектердің қалжыңдарына әрдайым кідірмей, от алатын ақ мылтықтай даяр тұр, – деген. Ал Үсен қалайда бір-екі өлеңді жаттап алуына ақыл қосқан. Бұл отырыста алдын ала даярлап, оңашада жаттыққан әннің бірнешеуін бастауға тәуекел еткен. Жұртты таң-тамаша қалдырардай әнші болмаса да, бір отар қоймен бірге өрісте жүргенде айтатын әндеріне ең алдымен өзі риза болар еді. Алты қырдың арғы жағына жетердей биік үні болмаса да, әдемі ғана қоңыр дауысы барын біледі.
Домбырашы жігіт аспабын бірер дүркін бебеулетіп алып, мұның бетіне қараған. «Бастай бер» дегені. Секең де әрі қарай кідірмеді. Отырғандардың бәрі «Күйеу жігіт нені, қалай айтар екен?» дегендей сынай қараса, Бәтилә болашақ қосағының мына жұрттың алдында ұятты болып қалмауын барынша тілеп отырған. Ол тым биік те емес, тым төмен де емес, сәл толқынды дірілі бар, жағымды қоңыр дауысымен жұрт көп айта бермейтін бір әнді бастаған.

– Айт дегенде өлеңді аңырмаймын-ау,
Көлден ұшқан аққудай мамырлаймын, дүние-ай.
Қайда жүрсем жақсының жанындамын-ау,
Іздегенге жаманға табылмаймын, дүние-ай!

Ел екенбіз-ай,
Берекеміз-ай,
Арта берсін, ағайын, мерекеміз-ай.

Жібек арқан-ай,
Көңіл дарқан-ай.
Осының бәрі, ағайын,
Сенің арқаң-ай!
Әншілердің серігі домбыра ма-ай?
Тарта берсе домбыра болдыра ма, дүние-ай!
Домбыраны баппенен қолға алсаң, дүние-ай,
Тартатын бір әнге сал, қолбырамай, дүние-ай!

Серкебай әннің қайырмасын айтқан кезде қыз-жігіттер «бәрекелді» десіп көтермелеп қойған. Ол осымен құтылмақ еді, бәрі де: «Тағы, тағы! Жарадың, жездеке!» десіп, мұның екінші шумақты айтуын міндегендей болған. Ол әрі қарай жалғастырды. Жұрттың қошаметіне өзі де арқаланғандай:

Қонған жері ауылымның ой болса екен, дүние-ай,
Қора толы ақтылы қой болса екен, дүние-ай.
Ағайынға тілекті мен тілейін-ай,
Күнде осындай үйіңде той болса екен, дүние-ай!

Серкебайдың өзі де ойламаған жерден осынша қошамет, қолдауды естіген соң, жұрт арасына кең тараған тағы бір-екі әнді айтып, балдыздарын риза ғып, Бәтиләні қуандырған. Секең өзінің мұндай өнері барын еш адамға көрсетпепті. Ұстаз алдын ескіше де, жаңаша да көрмей, Дәкіңнің басқа балалары сияқты сауат ашып, «әліпті» таяқ деп білмесе де, жыршылардан естіген батырлар туралы ұзақ дастандарды екі-үш дүркін естісе, жаттап ала қоятын тамаша қабілеті барын жақсы білетін. Кейінгі жылдары оның осындай өнері барын естіген Дәкің әкесі де сыйлы қонақтары келгенде Серкебайды шақырып, «Алпамыс», «Қобыландыларды» жырлататын. Сондықтан да ол: «Шуылдақ балдыздарым, менің сол өнерімді естісеңдер, қадір-қасиетімді біле жүрер едіңдер. Тіршілік болса ол өнерімді келесі келгенде көрсетермін» деген өз-өзіне көңілі толған бір мақтанышқа ұқсас ой келген.
Бірақ тағдыр Серкебайдың ол ойын хош көрмепті. Қайын жұртқа келуінің алғашқысы да, соңғысы да осы сапары екенін тағдыр маңдайына жазып қойыпты…
Тастан қалаған пештің қызуы Бәтиләнің денесін де қыздырған соң ба, маужырап, қалғи бастаған. Жаңа ғана шалғайдағы жалғыз жанашыры Серкебайының өрісте қандай күй кешіп жүргенін ойлап, уайымдап отырған еді. Бұлардың отбасы ғана емес, барша малшы, қойшыларға табиғаттың көлденең салған ауыр сынағы мынау ақтүтек боран бір күн, бір түнді өткізіп, тағы бір таңның ататын уақыты болғанын сезсе де, әйнегін жабағымен тұмшалап тастағандай кішкентай терезеден түсер сәуле көрінбейді. Сары қиды текшелеп жинап, үстіне туырлық жауып, текемет төселген төсекте жатқан кенже ұлы Керімбек болса, ештеңеден хабары жоқ, жыл он екі айдың жартысына жуығын аудан орталығындағы ауруханада өткізетін, қазір де сонда жатуға кеткеніне жарты айдай болған жалғыз ағасы Қыдырханы қандай күйде; екінші тәулік бір отар қоймен бірге ақтүтек боранның ызғарлы құшағында кеткен әкесі Серкебай өлі ме, тірі ме – бәрінен де хабары жоқ, тәтті ұйқы құшағында жатыр.
Түннің бір уағына дейін Серкебайын алғаш көрген сәтін, қалыңдықты әке орнына әке болып жүрген болыс қайнағасы Дәкіңмен бірге алып кетуге келгендегі мұның ұзатылу кезіндегі думанды сәттерді ойлап, қазіргі уайымды екі-үш минутқа ұмытқандай еді. Дәл қазіргі сәтте тұла бойы түгел қалжырап, ұйқы-дұшман тыныштық әлеміне жетелей жөнелген сәтте: «Құдай-ай, біз жазғанды осынша азапты тіршілік кештірердей неден жазып едік, қандай жазығымыз үшін қинап қойдың?» деп ойлағандай еді, қос жанарынан тамшылаған ыстық жас бетін жуды.
Ояу отырғанда тіршіліктің азапты түйткілдері жанын жегідей жеп, қалғып кетіп еді, жастық шақтың тым шалғайда қалған көңілді кезеңдері көз алдына тізбектелген…
Мұны ұзатарда ат шаптырып, балуан түсіріп дейтін ұлан-асыр той жасамаса да, көрші ауылдардың қарттары бас ұстап, бата беруге келсе, жастары күнді түнге, түнді күнге жалғап, ұмытылмастай думандатып, хош-хош айтып, шығарып салған.
Дәкің атасы да дүрілдеген той жасамаса да, шағын той жасап, Үсен мен Қатираның отауларының жанынан шағындау ғана үй тігіп берген. Әсіресе, Қатираның қуанышы айтып жеткізуге келмейтін ерекше сезім еді. Мұны аттан түскеннен құшақтап, бауырына қысты. Бір жылап, бір күліп, сағынған төркін жұрты түгел көшіп келгендей шаттанған. «Бәрін де, бәрін де, тіпті әке-шешем мен бауырларымды айтпағанда, Терісайрықтың суы мен топырағына дейін сағындым. Қыз байғұс күйеуге шыққан соң, уақыты жеткенше төркініңе сапарлағанды айтпағанда, соңыңа қарай алмайтын ашық абақты екен» деген. Бәтилә да анасын, бауыры мен сіңлілерін сағынбауға бел буған. Баруға болатын күн туғанға дейін шыдауға, елінің кішкентай ғана бөлшегіндей болып, көз алдында Қатираның жүргенін қанағат қылуға тура келген.
Бір қуаныш, бір шаттығы жары Серкебайының өзі армандағанындай көңілінен шығуы еді. Жұрт не айтып, не қойып жатыр? Онда жұмысы жоқ. Жазда таң бозынан Дәкің мен ағайындардың бір отарға жуық қойының соңынан кетіп, түсте оралғанда бір шай қайнатым уақыт мызғып алады да, түстен кейін өргізген малын қас қарая ғана қоралайды. Ал қыста қоймен бірге ерте кетіп, кеш келу әдеті. Өзінің қайдан жаттап, кімнен үйреніп жүргеніне жіп тағу қиын, әйтеуір, Бәтиләға біраз қиссаларды әдемі келте әуенге салып айтып беретін. Ертегілерді біреуден естіген бе, кейде өзі шығара ма, ол өнері де Бәтиләні риза ететін. Серкебайдың жыршылық өнерін білетін ауыл жастары кешкілік бұлардың қоңырқай отауларына келуге құштар еді. Әсіресес Қатира «Жездемнің қисса, ертегісін тыңдайықшы» деп, күйеуі Үсенді де ертіп келетін.
Шіркін, бұл да бір ұмытылмас уайымсыз, қайғысыз күндер екен ғой. Өкініштісі сол, қызықты дәурен барша жұртты алды-артына қаратпай, аласапыранды күндер басталып-ақ кетіпті. Айтыстары – ішкертінде төңкеріс болып, ақ патшаны төңкеріп, кедей-кепшікті қолдайтын жаңа үкімет орнапты дейтін әңгіме Сауыр, Тарбағатай баурайларына жетіп, желдей ескен.
Арада бір-екі жыл өтер-өтпесте «ақтар қашып, қызылдар қуған» атты зобалаңды күндер туып, қашқандары да, қуғандары да «қойын құрттап, айранын ұрттап» өздерімен өздері тыныш жатқан ауылдарды алатайдай бүлдіріп, байына да, кедейіне де жауша тиген. «Әскер келе жатыр екен» дейтін суық хабар жеткен бойда жұрт мал-жандарын жасырып, әсіресе қыз-келіншектерді қалың орман, үңгірлерге тығып амалдаған. Зардап шегіп, зорлық көрген ауылдар аз болған жоқ. Зобалаңды заман онымен де тынбапты. Қашқандар мен қуғандар тынышталған соң, әңгіменің зоры басталған. Кедей-кепшіктердің үкіметі оларға жасаған жақсылығы болмаса да, «анау бай болған, анау би болған» дегендерді қыспаққа алып, малдары мен дүние-мүліктерін тәргілей бастаған. Сөйтіп, аласапыранның сұмдығы енді басталған. Қолынан келгендері бүкіл ауылымен қотарыла түн жамыла қытай еліне қарай көше бастады. Жаңа өкіметтің билігі ояз би бастаған мықтылар әскерлерін ертіп, көштерді тоқтатуға ұмтылған.
Дәкің: «Жұртқа жасаған жамандығым жоқ. Бір отарға толар-толмас қойым мен бір үйірге жетпейтін жылқым болса, бәрі де өз еңбегіммен құралып, бала-шағам бағып өсірген түлігім. Ешкімнің ақысын деп, ешкімге зияным тиген жоқ. Болыс болсам, ол лауазымды ешкімнен сұрап алғаным жоқ, халқымның өзі сайлаған. Ешқайда қашпаймын да, ешқайда үрікпеймін» жеп келер күннің кесірін сабырмен қарсы алған. «Қандай өкіметі келсе де жазығым жоқ, маған не істей қояр дейсің?» деген ойға келген.
Серкебай Дәкің мен басқа да айтулы бай емес, бірақ байшікештер қатарына жатқызылғандардың тәргіленген малдарынан құралған басқа бір отардың қойшысы болып шыға келген. Тек ендігі мал иесі әкесіндей болған Дәкің емес, жаңа құрылған мойынсерік еді. Оған «Қызыл жұлдыз» шаруашылығына басшы болып көрші ауылдың пысықай жылқышысы Қойбағарды тағайындаған. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей астына жуан сіңір ат мініп, ойламаған жерден аспаннан түскендей атаққа ие болған Қойбағар үзеңгі бауын төрт қабаттап, ысқырып шыға келген. Бұрын Дәкің түшкірсе «жәрәкім Алла» деп, иіліп тұратын жігіт адам танымастай өзгеріп шыға келген. «Дәке, өкіметтің заңына бәріміз де бағыныштымыз. Мен сізді сыйлағандықтан ғана бір сиыр, бір құлынды бие және бес қой қалдыртайын. Әйтпесе, «малын түгел өткізбеді» деп, итжеккенге айдауы мүмкін», – деп қайырымды ағайын болып тіл қатқан. – Мен жоғары жаққа «Болысымыз жаңа өкіметті қолдап отыр, тіпті мал-жанын түгелдей мойынсерікке өткізді» деп айтайын деп отырмын.
– Е, көппен көрген ұлы той ғой. Балаларым аман болса, аштан өліп, көштен қалмаспыз, – деп Дәкің еш қарсылықсыз сабырлылық танытқан. Бірақ ол мына дүниенің астаң-кестеңі шығарын білгендей, «Қалған тіршілігімде ендігі дүниенің келбетін көрмей-ақ қояйын» десе керек, бір-ақ күн ауырып, о дүниеге аттанып кеткен.

* * *
– А, Құдай-ай, біз міскінге мейіріміңді түсіре гөр, – деп Бәтилә соқыр терезеден түске таяғанда түскен сәулені көріп қуанған. Жүгіріп Зейнептің үйіне кірген. Ол да суыңқырап қалған пешіне от жаққалы отыр екен.
– Зейнеп-ау, күн ашылып келе жатқан сияқты. Мен Керімбекті оятып, шайын бердім. Әлгі бейшараларды іздейін. Сен Керімбектің жанында бола тұр. Тапсам, өзім малда қалып, оларды үйге жіберейін, – деген.
– Тірі болса жарар еді! – Ол жұқалтаң біткен ернін бір сылп еткізіп, орнынан тұрған. – Біздің Әкпар бұл жерден өліп бір-ақ кететін болар!
– Тек, олай демеші, көрші! «Жақсы сөз – жарым ырыс». Қос азаматтың амандығын тілейік. Жарайды, мен кеттім, балаға көз қырыңды сала сал, – деп, ол көршісінің соңғы сөзін тыңдамай, тысқа шығып кетті.
– Құлыным, мен кешеден бері ыққан қоймен бірге кеткен әкеңді іздейін. Қорықсаң, Зейнеп апаңның жанына барып отыра ғой.
– Әкемді үйге жібересің бе? Ол тоңып қалмап па? – деп Керімбек ықылық атып, жылап тұрса да естияр сөз айтқан.
– Оны тауып, үйге жіберем. Қазанға көже пісіріп қойдым. Жанын шақырсын байғұс.
Бәтилә есік алдына шыққанда жарықтық табиғат ештеңе, ақтүтек дауыл, долы боран болмағандай айнала жарқырап тұрды. Мал қора мен жалғыз үйдің ығына жиналған үрінді қар өрмелеп, төбеге тақап қалыпты. Жел қуалап, түйіршіктелген қар күн сәулесімен ойнап, жалт-жұлт етеді. Бір күн, бір түн тынбай соққан бораннан кейін қыстауды жан-жағынан қоршап жатқан тоқал төбелер де ық жақтарына үрінді қарды үйіп алып, бүк түсіп, шаршап жатқандай.
Ол шәлісін байлап, өріске қарай бет алмақ болып, үйді айнала бергені сол еді, кер атын боз қыраулатып Әкпар келеді екен.
– Ой, бауырым, амансыңдар ма?! – Бәтилә аттың шаужайынан ала түскен. – Шыдамай, сендерді іздеп шыққан бетім ғой.
– Аманбыз, жеңгей, аманбыз. Әйтеуір, құдай алқұлымдап, боран басылды ғой. «Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға сын…» Бұл боран Секең екеуімізге Жаратқанның жіберген ауыр сыны болды ғой, жеңгей. Мен кішкене жан шақырып, ыстық бірдеңе ішіп, ішегіме су жүгіртіп алған соң малға барып, Секеңді жіберемін. Бармай-ақ қой, қазір өзім барамын, – деп ол үйге қарай бет алған.
Өріске барарын да, бармасын да білмей біраз кідірді де, Зейнептің отағасына даярлап отырған ыстық тамағы жоғын есіне түсірген соң, жеделдете басып, үйге бет алған. Қалайы аяққа толтыра арпаның қара көжесін құйып, үстіне бір кесек сары май салып, Әкпарға жеткізген. Әбден суық сорып, оның үстіне ашыққан ол сыртқы киімдерін шеше салып, көжеге бас қойған.
– Қайран жеңгем-ай, осы жақсылығыңды қалай ұмытармын, – деп ол суық сорып, қуқыл тартқан жүзімен Бәтилаға ерекше ризалықпен қараған. – Еш уайымдама, Секеңдер ыстыққа да, суыққа да әбден шыңдалған жан ғой. Екі күн бойы таң атқанша айғайын салып, аяғынан тік тұрып шықты ғой… Әй, сен неғып бұла-бұла болып отырсың? – деп ол пеш түбінде ықылық атып жылап отырған әйеліне қараған. – Мені өліп қалды деп жоқтап отырсың ба? Міне, өлген жоқпын. Тірімін.
– Бүйткен тіршілігі де, жұмысы да құрып қалсын. Соттап жіберсе де мына қорлықты көргенше, орталыққа көшеміз.
– Көшірерің көшірсе көшерсің. Тез, шайыңды бер. Секеңді үйге жіберейін.
Бәтилә өз үйіне бара жатып, «Шынында бұл не қылған тозақ өмір? Колхоз ғой, бұрын соғыс кезі деді, шыдаңдар деді. Соғысы түскірі тоқтағанына екінші жылға кетіп барады. «Тұрмыс түзеледі» дегендері қайда? Елдегі ер азаматтардың көбін соғыс жалмады. Ол жазғандардың бастары қайда қалғандарын да ешкім білмейді. Колхоздың екі-үш қойшысын мал бағуға қажет деп, соғыстан алып қалғандағы қуаныштары ерекше еді. Қанды майданнан қалғандағы көрген жақсылықтары осы ма?» Ішкертіндегі өткен қырғынының салқыны «аяққа тартсаң басқа жетпейтін, басқа тартсаң аяққа жетпейтін шолақ көрпе сияқты» колхоздың еңсесін бір көтертпей-ақ қойды. Жыл сайын етке деп төлден өскен төрт түлікті айдап әкетіп, күн демей, түн демей жүріп, сабағынан тартқандай ғып өсірген астықтың тұқымдығын ғана қалдырып, сыпырып-сиырып алып кететін болды. Алып жатыр, әкетіп жатыр. «Болды, өздеріңе де қалсын» демейді. Егістіктің шет-шетінде орақ тимей қалған масақты тергендер де «халық жауы» аталып, жазаға кесіледі. Меншік тышқақ лағы жоқтарға ет, бір сауын сиыры жоқ колхозшыларға май салығы салынады. Бәрі де «Ұлы Отанды қорғаушыларға» деп тасылып жатты. Бірер сиыры барлар жыл сайынғы бұзауы тайынша болған кезде етке, сүтін пісіп, алған майын салыққа деп өткізетін еді. Тіпті май таппағандар арам өлген малдың, суыр, борсықтың майын шыжғырып өткізетін болған. Бәтиләнің бар өнері жаз бойы қырық-елу сүтті саулықтарды қосақтап сауып, сол сүт тағамдардан сары май, құрт-ірімшік, сүзбе жинап, балаларын ашықтырмай, үкіметтің май салығынан құтылып жан бағар еді. Өткен жазда аурулы-сырқаулы болып, азық-түлік жинай алмай, ашығудың аз алдындағы тірліктері үшін Зейнептің жылағанын түсінуге болатын.
Бәтилә қанша ой теңізінде малтығанмен, осынау өмірді қанағат тұтудан басқа жолды таба алмаған.
Ол шәугіміне еселеп су құйып, отқа қойған. Отағасына көжесі де, ыстық шайы да даяр тұрсын деген ойы. Ес тоқтатып қалған кенжесі қылқиып, жанына келіп отырды.
– Тәте, Әкпар аға әкемді келеді деді ме? Солай дегенін естіп қалдым. – Ол да кешелі-бүгін соққан қарлы дауылдан әкесінің аман қалғанын біліп, қуанышын жасыра алмаған түрі. «Құрттай ұлыма дейін уайымға салып қойған қу өмір-ай» деген ой Бәтиләнің жүрегін бір шымшып өтті. Қазіргі тіршіліктерінде «тәубе!» деп, дәтке қуат қылар ештеңе болмаса да, өткен мұңсыз-қамсыз күндерін ойлап, көңілін жұбатар еді. Сағынған төркін жұртын, анасын, аға-әпке, сіңлілерін есіне алып, бүгінгі уайымға толы тіршіліктерін ұмытуға тырысар еді. Тағы да сол күндер. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қамсыз күндер. Дәкің атасы да тірі. Құдай оңдағанда оның қос келіні… – Ойы үзіліп қалды.
Сөйткенше, иттің үрген дыбысы естілген. Бұл иттер әбден ашыққан соң, бұрынырақ үйге жетіп, өздерінің келгендерінен хабар беріп тұрған түрлері. Бәтила да шыдамай есік алдына жүгіріп шыққан. Ақжалдан аунап түсіп жатқан отағасының қолтығынан демеген ол:
–Тө-өһ, байғұс-ай, өле жаздадың-ау! Не қылған сұмдық бұл! – деген ол қазіргі заманға, жарымай қойған колхозға, ең соңында пенде шіркінге жаны ашымайтын табиғатқа деген өкпе-ренішін осы бір ауыз сөзге сыйдырып.
Серкебай үн қатқан жоқ. Тұлыбын сүйретіп, үйге бет алды.

Кәдірбек
СЕГІЗБАЙҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ