МАЛАЙ БАТЫР

Қайқының асуына шыға келгенде тура көз алдың, маңдай тұсыңнан көрінетін басынан мәңгілік қар кетпейтін ақ шаңқан таулар жанарыңды жасқайды.
Сала-саласын мұз құндақтаған, ұшар басы ақша бұлтпен ұштасқан жалаң қабат, найза шыңдар мен мұндалайды. Жарықтың жасыл жайлаудың ыстық та емес, суықта емес жанға жайлы керімсал самалы аймалайды. Көзіңді көк жайлаудың сұлулығы арбайды, тынысың ашылады, көкірек кере дем аласың. Өзіңді жалқы сәт болса да ұлар ұшқан ұлы таудың биік тұғырында, аспани әлемде тұрғандай сезінесің. Әлгінде ғана итпектеп жүріп өткен қаптал жолға, сай табанында көзге көрінер-көрінбес болып, алтын бұрымдай жылтырап аққан нәзік бұлаққа мардымси қарайсың. Аз ғана сәт болса да аял етіп, жан-жағыңа сұқтанасың.
Жол бір аунап, ары қарай еңіске қарай тартады. Екі жағын қалың көк балауса көмкерген күре жол сәлден соң екіге айырылады. Осы жол айырығына жеткенде оң жағыңызда, не болмаса батыс тұста сонандайдан сұрғылт түсті көне кесене көзге түседі. Күн бұлыңғыр сәтте өз нобайын өзі жасырғандай болып, қылыңытып қана көрінетін кесене былайғы ашық күндері ажары айқындалып, анық көрінеді.
Осы маңға аты мәлім Малай батыр кесенесі сол. Көгілдір таулар, көк сулар көмкерген таулы аймақтың жалғыз қорғаушысындай маңқиып тұрған кесене айтар әңгіменің азығы, ел мақтанышы.
Сәлден соң батырдың кесенесіне келіп жеттік. Салынғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де батыр кесенесі еш бүлінбепті. Әлдебір жанашыр қол, ыстық алақанның табын сезінгеннен бе, көне жәдігер ертеңгі күнге ұмсынғандай бойын тіктей түседі. Кесененің айналасын қоршаған темір шарбақтың жасыл түсі оңа қоймапты. Кесененің кірер тұсына жазылған батыр жәйлі мәлімет, неше алуан өрнек тасқа түскен таңбадай болып, мөлдіреген қалпы көз жасқайды.
Келгендер ә дегеннен батыр бейнесін еске алысты. Оның өшпес рухына арнап бата бағыштап, бет сипасты. Өздері үш адам, екі еркек, бір әйел. Мұнда күн санап болмаса да апталап, айлап батыр рухына тағзым етушілер келіп жатады. Бұлар да солардың қатарынан болатын. Келгендер батырдың бейнесіне бас иіп, көне кесенені алақанымен сипап, мінажат қылып, енді кетуге айналған. Осы сәт қайдан келгенін кім білсін, қолына ақ құман ұстаған, ақ сәлделі, аппақ сақалы омырауын жапқан, көгілдір түсті жамылғысының алдын ашып тастаған, бойшаң шал пайда бола кетті. Көгілдір түсті жамылғысының алдын ашып тастаған, кесененің арт жағынан шыға келгені. Бұлар кім дегендей ажырая қарайды. Келгендердің сәлемін алған соң үнсіз қалпы қойнынан жайнамазын шығарып, көк құрақтың үстіне жайып жіберді де намаз оқуға ыңғайланды.
– Оу, пенделер, бері таман келіңдер, Бешін намазын оқылық, – деді бұларға.
Келгендер дәреті бар, тәні де, жаны да таза адамдар болатын. Ақ сәлделі шалдың арт жағына шығып, қаздай тізіліп намазға жығылды. Бұл араға келгендер аузында Алласы бар, көбіне дәрет алып жүретін, тіпті кейде жеті нан пісіріп, не болмаса ыстық асын әзірлеп келетін тақуалардан болушы еді. Бұлар да сол иман жолындағы ізгі пенделер. Аузынан Алласы түспеген пәруаналар желсіз күнгі қамыстай мүлгіп, келіншек талдай иіліп, намазға ұйыды. Намаз да оқылып бітті. Елес-шал кезекті парызын өткергеніне тәубе еткендей болып аз бөгелектеді де кесененің көлеңке тұсына жайғасты. Аппақ түсті шағын текеметті жайып, түйенің жүнінен қабылған төр көрпені төрт қабаттап, текеметтің үстіне төседі де малдас құрып отыра кетті. Отыра сала қыл қобызын кесе ұстап, аңыратып қоя берді. Елес–шал қайдан пайда болды, кім өзі, әулие ме, ел кезген дәруіш пе, ол жағы мүлдем белгісіз. Елес-шал өз сезімін құмарынан шыға әуектеп, қобыз күйін ұзақ аңыратты. Бірінен бірі әсерлі, бірінен бірі құдіретті күйлердің тиегі ағытылып кетті. Өңі де күй құдіретіне балқып, неше алуан құбылады. Бірде жылап жіберердей болып, иегі кемсеңдеп, өз-өзінен пұшайман болса, енді бірде айдарынан жел есіп, ақиланып шыға келеді. Көзі оттай жанып, сақалы шошаңдап, әлдекімді ұрып жіберердей халге түсіп, айбат шегеді. Бір-екі мәрте отырған орнынан қопарыла қозғалып, әлде қайда жүгіріп кетпектей болып, әлденеге қаһарын төгіп, сәлден соң сабасына түскен. Елес-шал өз-өзінен ағылып та төгіліп, қобыз күйін едәуір күңірентіп барып тыным тапты. Жүргіншілер ләм деп ауыз ашпады. Әу бастағы томсырайған репетін бұзбай, тапжылмай отыра берді.
– Оу, екі аяқты пенделер, – деді шал тілге келіп. – Әуелі мынаны айтқым келеді. Жұма мүбәрак болсын. Мен сендердің бойларыңнан ізгілік пен парасат көріп тұрмын. Адамдық асыл қасиетті сезгендеймін. Әманда өздеріңдей ізгі ниетті жандардың келуін қалаймын. Және сондай адамдар тезінен келсе екен деп жол бойына телміремін. Пауқияда келе қалса тәңіріме мың мәрте алғыс айтып қуанамын. Алланың ақ жолындағы пенделерді көріп, солармен сұхбаттасып, мауқымды басып, арқамның қыртысы жазылып, рақаттанып қаламын. Ондай жандарды риза еткім келіп, барымды саламын. Малай батыр ғұмыр бойы қойнынан тастамаған құранды оқимын, не болмаса Малай батырдың жан серігі болған қара қобызды аңыратамын. Мынау ақ киіз, торғын көрпе, жайнамаз бен таспих кімдікі дейтін боларсыңдар. Мұның бәрі қасиетті Малай батырдың көзі тірісінде тұтынған заттары. Ақ жайнамаз бен таспихты қойнынан тастамаған. Қандай қиын жаугершілікте жүрсе де қыбын тауып намаз оқып, таспих тартудан жаңылмаған. Ақ киіз – өлгенде батырдың тәнін ораған бұйымы.
Құдай-ау, мына пірадар не деп отыр? Сонда қолындағы қобыз бен текеметтің арғы жақ шетінде жатқан көк бұйра матамен қапталған қалың құран кітап та Малай батырдікі болғаны ма? Қобыздың күйін тыңдады, ал қасиетті құран көз алдарында жатыр. Бас шұлғып, иә-иә дегізгендей бұлтартпас шындық жүргіншілерді бір қилы бейалаң күйге түсірген. Әйтсе де ешқайсысы тіс жарып, ләм деген жоқ. Шалға да керегі осы секілді. Бұлар қайыра сұрақ қойып, мазаламаған сайын өзін еркін сезініп, сыр сандығын молынан ақтарып, аша түсті.
– Иесіз ел, киесіз жер болмайды. Не нәрсенің де иесі мен киесі бар. Қыл аяғы судың да сұрауы, иттің иесі, қасқырдың құдайы бар, – деп Елес-шал әңгімесін соза түсті. – Құдай жаратқан әр нәрсенің өз дәргегі болады. Соны естен шығармаңдар. Мына көк мұнар таулар мен жап-жасыл жондардың да тәңірі бар. Оның бәрі басқа емес, маған аян. Осы тұста нендей оқиға, тарихи сілкіністер болмады дейсің. Соның бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда. Ең өкініштісі сол, осы арада болған, осы өңір үшін күрескен небір батырлар, көмейі бүлкілдеген шешендер мен ақпа тілді ақындар, абыздар мен әулиелердің көбісінің аты ұмытылып кетті. Кейбірінің ғана аты аталмаса көпшілігі көңілден ұмыт, көзден бұл-бұл ұшқан. Бірер батыр, бірер ақын, ел қамын ойлаған абыздың ғана аты аталады. Сонда осынау ұланғайыр аймақ үшін тер төгіп, табаны тесілгенше тіршілік еткен солар ғана дейсіңдер ме? Саусақпен санағандай ғана жандардың қолынан не келеді? Айтайын дегенім сол, осы өңірде тірлік еткен жақсылар мен жайсаңдардың көбі ұмытылып, азы ғана есте қалып отыр. Мынау күнгей беттегі ауылды көрдіңдер ме? – деп сұрады ол шағын елді мекенді көрсетіп. – Жалаулы деп аталады. Әйгілі Райымбек батыр кезекті бір шайқаста жауын жеңіп, мол олжамен оралған екен. Сол жеңістің құрметіне ауылдың ту сыртындағы биік тас тұғырға ту тігіпті. Содан ауыл Жалаулы деп аталған. Ал, енді ана ауылға қарай жүрсеңдер, – деп түстік тұстағы селдір сағымға оранып жатқан аумақты ауылды нұсқады. – Алдарыңнан Үйгентас деген жер ұшырасады. Бұл ретте де батыр жауын жеңіп қайтып, соның құрметіне бір орынға әдейілеп тас үйдірген. Әр жауынгер көтергенінше тас алып, шоғырлап үйе беріпті. Аталған аймақ содан кейін Үйгентас деп аталған. Айта берсең, осындай тарихпен ұштасып жатқан оқиғалар жиі ұшырасады. Көне көздердің көбінің аты ұмытылып, азы қалды дедік қой. Солардың бірі Малай батыр, – деп сәл тыныстады. Санасында сан түрлі ойлар сапырылысқан әулие сол деректердің қайсысын айтарын білмей, ой тұңғиығына сүңгіп кеткендей. Келгендер де батыр бейнесін көз алдына елестетіп, мәңгіріп отырып қалған.
* * *
Малай өз заманында барша қазақтың бас батырларының бірі болған. Талай мәрте шешуші соғысқа қатысып, талай мәрте жеңіс туын желбіреткен. Жекпе-жектерінде қисап жоқ. Соғыс болған сайын ұрандап, әр жолы жекпе-жекке шыққан. Малай батыр ұлы жүз, оның ішінде албанның аққыстығы, маясар тармағынан шыққан. Маясар тек аққыстық қана емес, күллі албанға аты мәлім іргелі ауылдардың бірі болған. Бұл аталы ауылдан небір дүлдүл ақындар мен күміс көмей әншілер, ғұмыр бойы қолынан найзасы түспеген батырлар шыққан. Малайдың әкесі Қарабас, арғы аталары Қарасай мен Ханкелді де ту ұстаған батырлар. Әсіресе, Ханкелді батыр бүкіл саналы өмірін құба қалмақпен соғыста өткізген. Ата жауымен ымырасыз соғыс жүргізген. Құба қалмақты қуа-қуа Іле бойынан ығыстырып шығарған. Ақыры өзі де Іле бойына тұрақтап қалған. Шелек өңірінде Сабыншы деген ауыл бар. Ханкелдінің ескі жұрты сол. Ал, Малай батырдың кіндік қаны тамған туған жері күні бүгінге дейін Қарабас Малай деп аталады. Бір жақсысы Малай батырдың туы да, таңбасы да күні бүгінге дейін жеткен. Маясар ұрпақтары бұл тарихи жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, әспеттеп отыр. Елін ардақтап, батырын құрметтеген аққыстықтар ата жұртын өле-өлгенше қалмақ пен қара қытайдан қызғыштай қорғап өткен біртуар батырға арнап 1994 жылы қазіргі Кеген ауданы, Жалаулы ауылына, көк мөлдір өзеннің жағасына үлкен күмбез орнатқан.
…Сол жылы жаз шыға құба қалмақ тіптен қағынып, желігіп кеткендей еді. Осыған дейін әр-әр жерде қазақтармен қақтығыс санасын суытып, жүрегіне мұз құйған қалмақтар ендігі жерде қалайда ежелгі жауының мысын басып, қайта бас көтертпестей етпекке бекінген. Қыс бойы құр жатпай, дамыл-дамыл бірде ашық, енді бірде жабық жиын өткізіп, жан-жаққа шапқыншы жіберіп, жаппай қол жинаумен айналысқан. Өздері үшін жылдың төрт мезгілінде шашылып жатқан ен қазынадай сезілген қазақ жерінен ажырамасқа бекінген. Егер ажырай қалса енді қайтып мұндай жасыл жон, құйқалы қара қырқалар жуықпанда кезіге қоймасына кәміл сенген. Адамына ырыс, малына шұрайлы жер қай қалмақтың болмасын қалың қасіретіне айналған. Қайткенде бұл өлкені қолдан шығарып алмаудың қамына кіріскен. Сол үшін де көктемнің соңын ала, ел еңсесін көтеріп жасыл жайлауға жетпей қазақтардың тас ошағын талқан етіп, шілдің құмалағындай шашып тастауға бекінген.
– Қазақтарды көк жайлауға жеткізбей жер жастандыру керек. Егер қазақ жасыл жонға бір жетіп алса бой бермесі айдан анық. Сол үшін де көктем түгеспей жатып, адамында әл, малында қоң жоқ, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсын қалт жібермеген жөн. Мүбада осылайша оларды жарым жолда жайратып салсақ жайлау да біздікі, жаз қызығы да біздікі, – деген Бас ноянның сөзіне қатты ден қойған. Жаугершілік, сұрапыл соғыс жылдарында қайралған қылыштай болып, әбден шыныққан қазақ елі қарап жатсын ба! Қарап жатпаған. Қайта өздерінің жаушы, жансыздары арқылы осының бәрін күні ілгері біліп, соған орай айла-тәсіл қамдап, тас түйін бекініп жатқан…
Жаздың алғашқы күндері тым мазаң, алакөбең басталды. Пәлен жерде қалмақтар шепті бұзыпты, түген ауылды қан-қақсатып шауып кетіпті, ана бір ауылды тал түсте шауып, адамдарын құлдыққа айдап әкетіпті тәрізді алыпқашпа сөздер күн сайын дүңкілдеп естіліп жататын. Және осы тәрізді сөздер саябырсып, жоғалудың орнына сәт сайын жиілеп, азапты шақты жақындата түскен.
Бас сардар Малай батырдан да көптен бері маза кеткен. Ойы онға, санасы санға бөлініп, өз-өзінен май ішкендей бір кеселді шаққа ұрынған. Күн демей, түн демей ойлайтыны ел қамы, жұрт тыныштығы. Қалың ел қайткенде тыныш болады деген ой батырды сең соққан қайықтай етті. Және осы тыныштық құба қалмақты қирата жеңіп, өз жерінен қуғанда ғана орнайтынын анық білген батыр осы жолғы соғысқа барын салып, шындап кірісті. Батыр ордасы тігілген маң күндіз-түні шапқыншыдан босамайды. Бірінен соң бірі келеді де жатады. Түрлі мәліметтер әкеледі.
– Шұбартал асуы әзірше тыныш.
– Есеннің қайқаңынан көз алдымызды түгел шалдық, басы артық ештеңе көре алмадық.
– Көміршінің асуынан айналған екі жансыз ұсталды. Мандымды ештеме айтпаған соң, екеуінің де басы шабылды.
– Айғайтас маңы әзірше тыныш. Аумағы жүз шақырымға қойылған күзет дәл қазірге дейін еш қауыптің бетін байқаған жоқ.
– Іле өзені бойында жаяу жүргіншілер көбейіп кетті. Кімсіңдер десек салшылармыз, тараншымыз дегенді айтады. Бірақ оларды ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда ұстап отырмыз.
Осы тәрізді мәліметтер ауық-ауық келіп жатады. Бас сардар өз кезегінде шабармандар мен жаушыларға жаңа тапсырмалар беріп, не істеу керегін бүкпесіз ашып айтып, қатаң талаптар қояды. Ерте демей, кеш демей әскери жиын өткізіп, бар әскерді арнайы бөліктерге бөліп, бәрін де алдағы күні болатын соғыс жағдайына реттеп қойған. Қай әскер қай кезде шабуылдайды, қалай шабуылдайды, қай тұстан лап қояды, соғысқа күндіз кіре ме, түнде кіре ме, ол жағы да тап-тұйнақтай шешіліп қойған. Қалың әскердің жаттығуы жақсы, қаруы сай, тек сұрапыл сойқанды күтіп қана тұр еді.
Бұл күндері жасы жетпісті алқымдап қалған, үйелмендей мол денелі, иықты, сарышұбар өңді, шегір көзді мосқал батыр ертеңгі шайын ішіп, қостың алдына шыққаны сол еді, екі жасауыл екі жағынан атпен қақпақылдап ортаға алып екі тұтқынды дедектетіп әкеле жатыр екен. Екі тұтқында сықпыт жоқ. Өздерін әбден сабап, ит рәсуәсын шығарыпты. Киімдері өрім-өрім, бой-бой болып жыртылған. Дойыр қамшы оңдырмай осып кеткен жалаң бастарынан қан сорғалайды. Бет әлпеттері де кісі танымастай түрге еніпті. Қосқа жақындаған сайын ажалын анық сезінгендей болған қос тұтқын жүргісі келмей, табантақтап қалып еді. Әбден есі кеткен сорлылар үрейі ұшып, өліп кетудің алдында тұр. Атты жасауылдар қарап қалмады. Екеуі екі жақтан дойыр қамшымен осып- осып жіберді. Тұтқындар жер бауырлай жаздап, бүкшең қақты.
– Тоқтат! – деп ақырып қалды Бас сардар. – Тоқтатыңдар ұрғанды. Екі қолы байлаулы дұшпанды ат үстінен таяқтау батырлыққа жата қоймас.
– Бұлар, – деп алқына тіл қатты шикіл сары өңді, көзі тұздай, пісте мұрын балаң жігіт, – қалмақтың жансыздары. Сөзсіз жансыздар.
– Мен бұларды білемін, – деп оның сөзін толықтырды екіншісі. – Керек десе сырттай танимын. Аттарын білмеймін. Алайда әрекеттері таныс. Олай дейтінім, барлау барысында бір-бірімізді бірде алыстан, бірде жақыннан талай көргенбіз. Сыдық рас айтады, бұлар құба қалмақтың жансыздары.
– Екеуміз екі жақ қапталға шығып, сай бойын тінте қарап жатқанбыз. Әуелі көк ағаштың бұтағы көзге түсті. Алғашында онша мән бере қоймадым. Кәдімгі ағаштың бұтағы болар деп топшыладым. Соның арасында әлгі ағаш бұтағының бірі өз-өзінен қимылдап, орнынан өрескел қозғалып кеткені. Жүрегім шым ете түсті. Қалт етпей тағы қарадым. Ағаштың бұтағына жан біткендей болып, алға қарай қозғалақтай бастады. Ар жағы айтпаса да белгілі… Сумақай неме дәл өкпе тұсқа тақалғанда төбесінен тық еткіздім де үнін өшіре қойдым. Екіншісін Сыдық сұлатып салды.
– Бәрекелді, – деп күж ете түсті батыр, – жақсы іс тындырыпсыңдар. Осы істерің үшін сендерге алғыс айтамын.
– Рақмет, бас сардар, адал қызмет етуге әзірміз.
– Қали қайда? – деп сұрады батыр жан-жағынан қаумалаған топқа барлай қарап.
– Мына екі тұтқынды соған апарыңдар. Істің мәнісін анықтасын. Екеуі де бұлбұлдай сайрайтын болсын…
Әзір тұрған екі сардар қос жансызды Қайдың шатырына қарай сүйрей жөнелді…
Бір сұрапыл шайқас болатыны анық. Соны сезген батыр сыртқа сыр білдірмесе де іштей қатты толқып жүр. Әскер санын қайта-қайта есептеп,, соғыс болар тұсты көз алдына елестетіп, қай тұс орынды, шабуылды қалай бастағаны жөн, дұрысы қайсы екенін ой елегіне сап, қиялы қымырандай іриді. «Атаңа нәлет ит қалмақ сырттан келген неме ғой, – дейтін оңашада ой қорытып, – сондықтан олар жер жағдайын біле бермейді. Белгілі бір тұсты сырттай белгілеп алады да сол тұста соғыс салады. Біз жергілікті тұрғынбыз. Жер жағдайын өте ұтымды пайдалану керек. Ұрыс барысында жалт бұрылып, басқа арнаға түсіп кету, не болмаса қаша ұрыс салып, дұшпанның тұмсығын тасқа тіреу, иәки сырт көзге қашқан болып көрініп, жауды тұйыққа тіреу, тіпті ұрыс үстінде жауды адастырып кету секілді дала соғысы тәсілдерінің бәрін мұқият қолданған жөн. Сонда ғана жеңіске жетеміз».
Ертесіне сиыр сәскеде Қали тергеуші қос жансызды дедектетіп Бас сардардың алдына әкелді. Бас сардар әлгінде ғана тартқан қылқобызын бір шетке қойып, қос тұтқынға түйіле қарады.
– Құпиясын айтпақ түгіл не ішіп, не жегеніне дейін ақтарып салды. Сөз осыларда, батыр, – деді тергеуші.
– Сөйлеңдер! – деп тұтқындарға қарап иек қақты батыр. – Тек шындықты айтыңдар. Айтпақшы бұлар тіл біле ме?
– Білгенде қандай, қазақша сөйлегенде өзіңді жаңылдырады…
– Біз, – деп сөз бастады қос тұтқынның бірі суырыла сөйлеп, – сіздер сезіктеніп отырғандай, жансызбыз. Аңшы да, жолаушы да, ел кезген кезбе де емеспіз, құба қалмақтың барлаушыларымыз. Оны сіздердің барлаушыларыңыз дәл түстеп айтып отыр. Қали тергеушіге бар шындықты айттым. Сізге де сол шындықты бүкпесіз айтпақпын. Мүмкін осы тірлігіміз үшін басымыз шабылатын шығар. Әйткенмен, шындықты айтсақ, ар алдында өзімізді жеңіл сезінетін болармыз. Қазақта «…ұсынған басты қылыш кеспес» деген ескі қағида бар ғой. Бәлкім, сол шындық ажалдан арашалап, жанымыз қалар.
Біз Нарын, Сарын, Шарын, Дарын деген ағайынды төртеу едік. Алдыңғы екеуі мерзімінен бұрын көктей солды. Әбден кемеліне келіп, толымына толғанда жер жастанды. Жар да құшпады, перзент те сүймеді.
– Не себепті? – деп сұрады Малай батыр.
– Не болушы еді, – деп сөзін жалғастырды тұтқын, – олар да бір кезде біз секілді барлаушы болған. Себебі, жас кезімізде қазақтың арасында өстік. Қазақтың тілін жақсы меңгердік. Әдет-ғұрып, салт-санасын құлағымызға құйып өстік. Руға, атаға, ауылға бөліну жоралғысын да жетік меңгердік. Қай жерде қазақтың қандай руы мекендейтіні де аян. Осының бәрі қалмақ әскеріне барлаушы болуымызға түрткі болды. Бұйрық қатты, жан тәтті. Бастық айтты – бітті, орындауға міндеттіміз. Барлау үстінде екі ағамыз мерт болды. Ендігі кезек бізге келді.
– Жарайды, – деді батыр жүзі жылымастан. – Көп сандалмай негізгі сөзіңді айт.
– Үш күннен кейін сұрапыл соғыс болады, – деді тұтқын, – оны өздерің де сезіп, біліп отырған боларсыңдар. Атты әскер осы екі таудың арасында, Сарыжаздың жазығында атой салады. Оған қосымша күш ретінде Қайқы асуының артындағы Шарын шатқалымен екі мыңға тарта жаяу әскер келеді. Бәрі тегіс қаруланған, әккі жауынгерлер. Олар бүгін түнде Шарын шатқалының аяққы айырығына келіп жетеді. Күндіз жүрмейді. Терең шатта паналап жатады. Кеш болып, ымырт үйірілгенде ғана ит бүлкекке салып, жолға шығады.
– Саны қанша дейсің? – деп қайталап сұрады батыр.
– Екі мыңнан асады, – деді тұтқын, – олар соғыстың үшінші күні таң бозында Қайқы асуынан асып түсіп, қазақ жасағына ту сыртынан лап қояды.
– Осы айтқандарың рас па? – деп сұрады батыр қатуланып.
Тұтқын шыбындаған жылқыдай бас шұлғыды.
– Айтқанымның бәрі рас, батыр. Зәредей өтірігі жоқ. Алдыңғы екі ағамыздың өлгені де жетер. Ал, біз өлгіміз келмейді. Сөзімізге сене көр, батыр. Бұрын да қазақ ішінде өскенбіз. Егер жанымыз сауға болса, тағы да сол елдің ішінде тірлік ете бермекпіз.
– Барлаудағы белгілерің қандай?
– Түнде бір жерден алау көтерсек, жағдай жақсы деген белгі. Екі алау көтерсек, сақтаныңдар, алға жүрмеңдер деген белгі. Ал, қос алауды қатар ұстап, ілгерінді-кейінді жүгірсек, қоршауда қалдыңдар, дереу соғысқа аттаныңдар дегенді ұқтырады.
– Жаның аман қалуы айтқаныңның шындығына байланысты, – деді батыр. – Түнде дүрк көтеріп, мыңнан астам сарбазды Шарын шатқалын қоршауға аттандырамын. Егер айтқаның рас болып, құба қалмақтың екі мыңнан астам сарбазы торымызға ілігіп, ауға түскен балықтай қырылса екеуің де аман қаласыңдар. Сол адалдықтарың үшін қазақ арасында қалуға рұқсат етемін. Ал егер жалған сөйлеп, өтірік айтсаңдар өз обалдарың өздеріңе. Менен жақсылық күтпеңдер…
– Қали, – деді содан соң қасындағы көп нөкерінің ортасында тұрған әскери тергеушісіне қарап, – мына екеуін бөлек орында, қамауда ұста. Қашан Шарын шатқалындағы шайқас біткенше қатал бақылауда болсын. Қалғанын кейін айтамын.
…Сол түні мыңнан астам әскер түн жамылып, Шарын шатқалын қоршауға аттанды…
Құба қалмақпен соғыстың бүгінгі үшінші күні де сәтті аяқталды. Түске дейінгі екі бетпе-бет шайқас та, түстен кейінгі соқтығыс та қазақ сарбаздары үшін жеңіспен аяқталды. Қалмақ жасағы алғашқы күнгідей емес, кейінгі екі күн салғырт, салқын қимылдады. Әу бастағыдай қыл шашақты туын көтеріп, кең жазықты даңғазаға толтырып, жекпе-жек деп айғайламайды. Ешбір батырдың атын атап, ат үсті шайқасқа шақырмайды. Аяқ астынан сау етіп шыға келіп, ұрыс салумен болды.
Түстен кейін қалмақ жасағы соғыс даласынан сырт беріп, мүлдем теріс айналғандай еді. Жылқының жусауындай жалқы сәт болса да беймарал тыныштық орнаған. Батыр мұны жақсылыққа жорыды. Түтініміз түзу ұшты, асығымыз алшысынан түсті, енді жеңеміз деген желікпе ой көңіліне мықтап ұялай бастады.
Батыр Түп жайлауындағы айналасы ат шаптырымдай кең жазыққа, өзен бойына тігілген қосынан шығып, айналаға көз жүгіртті. Сонадайдан Қайқы асуы мен мұндалайды. Басын көк ірткі мұнар торлап, мұңға батқандай үнсіз мелшиеді. Асудың бергі жақ баурайы қыбырлаған тіршілік. Жайылған мал, ары да бері андыздап шапқан жүргінші, кейде екіден, кейде топ-тобымен жүрген атты жолаушылар шоғыры көзге шалынады. Әр- әр тұстан жанған оттың түтіні нәзік толқып, баяу ырғатылады. Батыр қостың сыртындағы шағын көк белеске шығып, тағы ойға батты. Жалғыз адамды қашан да ой мазалайды. Сол ой толқыны Бас сардарды қазіргі шақта тіптен асау толқындай қақпақылдап әкеткендей еді. Есіне осыдан үш күн бұрынғы шайқас түсті. Бұл жасанған жаумен болған алғашқы беташар шайқас еді. Екі жақтың әскері де кернейін тартып, дабылын қағып, бір-біріне қарсы беттеген. Межелі жерге келіп тоқтағанда құба қалмақтың бас батыры Төребат Доржы көк буырыл атын ойнақтатып ортаға шығып:
– Жекпе-жек, жекпе-жек! Малай, Малай! – деп бебеулеп қоя берді.
Соғыс даласын көріп, денесі бір қызып, бір суып, өз-өзінен әбігерленген батыр қарсы алдында басқаның емес өзінің атын атап, атой салып тұрған қалмақ батырын көргенде шоқ басқандай ыршып түсті. Ыстық қаны басына шауып, денесінде намыс оты жарқ етті. Көзі оттай жанып, қынаптан қылышын қалай суырып алғанын өзі де сезбеген.
– Тоқта! – деді түз тағысындай күж етіп. – Тоқтай тұр, есер неме. Мені шақырғаның – ажалыңды шақырғаның, о дүниеге асыққаның екенін біліп қой. Білдірермін саған! Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар. Әуселеңді басып, көмейіңе құм құймасам Малай атым құрысын!
Батыр осыны айтып, сар жирен аттан дік етіп түсті де құранды ердің тартпасын нықтап тартып, белін бекем буып, әзірлене бастады.
– Батыр-еке, не істеп тұрсыз? – деп нөкерлері шу ете түсті. – Мұныңыз не?
– Көрмей тұрсыңдар ма?! – деп кіжінді батыр. – Жекпе-жекке әзірленіп жатырмын.
Қаумалаған нөкерлері басу айтты.
– Қойыңыз, Батыреке, босқа елірмеңіз.
– Сөйткеніңіз жөн, Малай батыр.
– Ойбай-ау, жасыңыз жетпістен асқанда мына түріңізбен қалай жекпе-жекке шықпақсыз? Қойыңыз, сабырға келіңіз!
– Бас сардар, әр нәрсенің жөні бар, – деп әскери тергеуші Қали сөзге араласты. – Соғыстың да өз жобасы, реті бар. Жекпе-жектің сұлбасы жасалып қойған. Бірінші жекпе-жекке кім шығады, екіншісіне кім шығады, оның бәрі күні ілгері реттелген. Соғыс тәртібін сақтаңыз. Өмір барда қаза бар. Сіз жазым болып кетсеңіз, мына қосынды кім басқарады? Кімге қалады бұл дүние?!
Осы тұста құба қалмақ сардары тағы айғайлады.
– Жекпе-жек, жекпе-жек!.. Малай! Малай!
Оған қарсы жауап ретінде қазақ жасағы атойлады.
– Жекпе-жек, жекпе-жек!
Нөкерлері қанша айтса да Малай батыр айылын жимаған. Қайта тоқтау айтқан сайын жаралы жыртқыштай шабынып, морт ашуға долырып, көкайылданып алды. Батырдың жасы жетпістен асса да әлі тың болатын. Еменнің діңіндей шымыр да кесек дененің қыры сынып, қырқылжың тарта қоймаған. Батырға біткен тұрпат, үйелмендей мол пішін кемімеген кескіннің айғағындай. Қара бұжыр өңі сұп-сұр болып, аялы сары шегір көзі қатты ашудан ақшия қалыпты. Жаратылысында бірбеткей, намысшыл адам еді. Енді аямасқа шындап бекінген екен.
Аққыстық Малай батырды қаумалаған топ басу айтып, ұлардай шулап жатты.
– Батыреке, аялдаңыз!
– Бас сардар, райыңыздан қайтыңыз, соғыс жоспарын бұзбаңыз.
– Жетпістен асқан шағыңызда ала тайдай бүлініп, желіккеніңізге жол болсын?
– Малай батыр, сіз ел адамысыз, елдің сөзін қаперге ілер болар.
– Бәрекелді, жөн айтасың, сабазым.
Ақыры ешкімді тыңдамай, алапат ашуға мінген батыр атын ойнақтатып, қылышын жарқылдатып, майдан даласына шыға келді. Жасы жетпістен енді ғана асқан батырдың бұл әрекеті біреулердің намысын жаныса, енді біреулердің көңілінде аяушылық сезімін туғызды…
Жекпе-жек басталып кетті. Отыздан жаңа ғана асқан қалмақ нояны салған жерден тап берді. Малайдың кім екенін және жас шамасы қаншада екенін сырттай топшылап, анық білген батыр өзінен әлдеқайда үлкен, мосқал тартқан қазақ батырын ә дегеннен жүндеп тастағысы келген. Жекпе-жек жүріп жатты. Екі жақтың әскері де айғайға аттан қосып, Сарыжаздың кең жазығын даңғазаға бөледі. Қылыштар сарт-сұрт етті. Қалқандар қағысып, ұрандаған үндер естілді. Осындай бір апыр-топырда қолдарындағы бар сайманынан айырылған батырлар ат үстінде жалаң қолмен айқасып қалып еді. Қатарласа бере өзінен сәл озып тұрған құба қалмақ батырының тоқпақтай шашы көзге түскен. Төребат батыр өзінің ежелгі зымияндығына салып, еңкейе бере құранды ердің шап тартпасын қиып жіберіп, енді төс тартпаға қарай ұмсынып еді. Осы ішмерез арамдықты сезген және бір оңтайлы сәттің туғанын байқаған Малай батыр көз ілеспес жылдамдықпен әлгі тоқпақтай бұрымды тақымға басып үлгерді. Добалдай басты тақымға басқан бойда құлақ түптен түйіп-түйіп жіберді. Төребаттың қолындағы алмас кездік жарқ етіп ұшып түсті. Әккі батыр енді аттың басын қиғаштай тартып, ағызып қоя берген. Басы қазақ батырының тақымында қалған қалмақ батыры тым шарасыз еді. Сол шарасыздық ақыры оның түбіне жетті. Ат ойнатқан батыр қиғаштай шауып, үшінші рет соғыс майданын айналғаннан кейін қалың құба қалмақ әскерінің алдында есер неменің басын тоқпақтай шашынан сол қолымен тұқыртып тартып тұрып, оң қолымен ұзын сапты селебесін суырып алып, тура қыр желкеден шауып түсірді. Үйелмендей өлі дене жерге жайрап түсті. Малай батыр қалмақтың обадай басын сол тақымға басқан қалпы атын жетекке алып, өз сарбаздарының алдына келген. Қазақ қолы жер жаңғыртып, ұрандап жатты.
Қай соғыста болмасын батырдың жекпе-жекте жеңгені мың мәрте қуаныш. Сапта тұрған әр сарбазға ғаламат күш, жасымас жігер береді. Жетпістен асқан Малайдың жекпе-жектегі жеңісі қазақ қолының мәртебесін арттырды. Әр сарбаз бойына төтенше күш, қуат құйылғандай сезініп, қанаттанып, сілкініп алған. Жасы жетпістен асқан батырдың жекпе-жекте жеңгені қазақтарды мейлінше қуаттандырса, жау жағының әптігін басып, көңіліне үрей туғызды.
Қазақтар жағы Малай батырды аттан көтеріп алды. Жапырласып ортаға алып, айналып та толғанып жатыр.
– Есіл ерім-ай! – деп құшақ жая ұмтылды замандасы Қайыр датқа. — Есеңді жібермей жауыңа, жеттің бе өз ортаңа. Намыс үшін отқа да түскен, суға да түскен сабазым-ай. Елі үшін жанын шүберекке түйіп, аждаһаның аузына жасқанбай барған жанкештім менің. Айналдым сенен, айналдым, – деп Малай батырды құшақтаған күйі өксіп-өксіп, жылап жіберді. Датқаның сөзі естіген құлаққа қатты әсер етсе керек. Қаумалаған топтың көпшілігі жанарын жасқа шылап алды…
…Сол күнгі соғыс итжығыспен тең аяқталды. Бұдан кейінгі екі күнде де жекпе-жек болмады. Малай батыр өз батырлары жекпе-жекке қанша тіленсе де майданға шығара қоймады. Сірә, аяқ асты жазым болудан сақтанса керек. Осы жекпе-жек есіне түскен батыр миығына күлкі жүгіріп, насаттанып қалды. «Тәңірі жебеді, – деп күбірледі ішінен, – жаратушының жаны ашыды. Аққа құдай жақ деген осы. Төребат батыр атымды атап шақырды деп, сынаптай лыпып, жекпе-жекке шыққаныма жол болсын. Жас болса келіп қалды. Жетпіске келіп, жар таяна бастаған шақта жекпе-жекке шығып нем бар. Әй, бір қызбалық болды-ау. Тегінде арты қайырлы болды. Жасы отыздағы атпал азаматпен жетпістегі шалдың айқасуы қисыны келмейтін дүние ғой. Алты Алаштың рухы жебеп, ақыры жауымды жайратып салдым. О, тәңірім, ризамын саған, мың мәрте ризамын…»
Осыдан кейін Малай батыр қырандай сілкініп, түрленіп алған. Әскери қостың алдында өзін сырттай бақылап тұрған нөкерлерін қол бұлғап, дөң басына шақырып алды. Төбе басына кілем төселіп, ас әкелінді. Жиылғандар сыңғытып қымыз ішіп, семіз тайдың жылысы мен жұмсағынан тояттап, ындынын басты. Айшықты әзіл, қылықты күлкі белең алды. Алқақотан отырғандар бірінен соң бірі болып өткен соғысты әңгіме етіп, неше қилы әсерлі сыр шертті. Кейбірі Малай батырдың Төребатты қалай жеңгенін тілге тиек етті. Батырдың қиын шақта жол тапқан шеберлігіне, құба қалмақты ойламаған жерден кетпектей айдарынан ұстап, тақымға басып шыңғыртқанына қайран қалысты.
Дөң басындағы отырыс жалғаса түскен. Бір Малай батыр емес, оның қасындағы қазақтың жақсылары мен жайсаңдарының да көңілі тоқ, көкірегі шаттыққа толған. Онсыз да мерейі асып, мейманасы тасып отырған топтың көңілін жан-жақтан дамыл-дамыл келіп жатқан шолушылар әкелген хабар да демдей түскен. Бірде ана тұстан, енді бірде мына тұстан келіп жатқан шабармандар атын анандай жерге, мама ағашқа асығыс байлайды да еңкейе жүгірген қалпы Бас сардарға келіп мәлімет береді.
– Бас сардар мырза, Шілікті кейкеңінің асты тыныш. Қосымша келіп жатқан жат жүргінші көзге шалынбады.
– Мәртебелі Малай батыр, Мойнақ асуының арғы жақ-бергі жағы түгел тыныш. Жау қарасы көзге шалынбады.
– Бас қолбасшы, Айғайтас алқабы да тыншу. Мал қайырған, ары-бері жүрген жүргінші болмаса, бөгде жан көзге түсе қоймады. Айғайтас шоқысындағы қарауыл тіптен қатаң. Қара қарғаның ұшқанына дейін қадағалап отыр.
– Малай батыр, осы жолы ит қалмақтың тауы шағылды білем. Сіздің жекпе-жектегі жеңісіңізден кейін-ақ жүні жығылып, бордай тозып қоя берді.
– Бас сардар, Көмірші, Қызтекше, Басқарағай алабы да тыныш. Қарауыл күшейтілген тәртіпте қызмет етіп жатыр…
Осы тәрізді ақпарат беріліп жатқанда Қайқы жақ тұстан жұлдыздай ағып, жалғыз атты келе жатты. Батыр да, өзгелері де қадала қарап, елеуреп қалған. Өйткені өзге хабарға қарағанда Қайқы мәліметі тым бағалы, маңызды болатын. Осы жолғы Сарыжаз соғысының жеңісі тікелей Шарын шатқалына байланысты. Жау жасағының күре тамырындай болған үш мың жаяу әскер талқандалса, жаудың саудасы біткені. Егер ондағы жағдай басқаша өріс алса, бұл соғыстың тағдыры тіптен қиындап кетері даусыз. Дөң басындағылар өстіп, ойы онға бөлініп, көкірегі күпті болып отырғанда шапқыншы да келіп жетті.
– Сүйінші, сүйінші! – деп айғайлады шынашақтай ғана ықшам денелі, ақсары жігіт дауысы тарғылданып. – Сүйінші, батыр. Шарын шатқалының асуға бет алар ауызғы ашық алаңқайында құба қалмақтың үш мыңға тарта жаяу әскерін талқандадық. Жалғыз алауға алданған сорлылар өздері келіп, оққа байланды. Соғыс таң бозында басталып еді, тал түске жетпей аяқталды. Екі жақ қапталға тізіліп алған садақшылар сұр жебені аңыратып еді, ессіз немелердің өлігі төбе-төбе болып үйіліп қалды.
– Соғыстағы олжа қалай болды? – деп сұрады батыр.
– Олжа жетеді, – деді хабаршы. – Үш мыңға тарта әскердің қаруы, аты қолды болды. Бар керектісін сыпырып алдық. Және ең кереметі сол, жаудың бар әскерін түк қалдырмай жусатып, қырып тастадық. Бір адам тірі қалмады. Сол керек сүмелектерге! Өз кезегінде бір замандарда олар да солай істеген. Қоршауда қалған біздің әскерлерді түгел жамсатып салған. Біз де қарап қалмадық, соның есесін қайтардық.
– Тегіс қырып тастаңдар деп бұйрық берген кім?
– Сатай сардар, – деді хабаршы. – Сатай сардар бұйрық түсірді. Біз айтқанын орындадық. Қалмақтардан тірі қалғаны жоқ, теп-тегіс қырып тастадық. Қырылып қалды бәрі.
– Бәрекелді, – деді батыр жай ғана. – Енді одан өзге не айтамыз.
– Жауды аяған жаралы деген, батыр. Бір есептен, осы да дұрыс.
– Оларды кім шақырды? – деді Қали тергеуші алақанын жайып. – Келген өздері, соқтыққан тағы өздері. Өз ажалын өзі іздеп келген соң, олай етпекке не шара.
– Тегі жаудың қырылғаны дұрыс, – деді енді бір ақылгөй тебірене сөйлеп. – Қарасы өшсін сол қан жауғырлардың. Тұқымы тұздай құрыса, тіптен көрім болар еді. Ол күн де жуықтап қалар…
– Әне, ананы қараңдар! – деді хабаршы бір орында тыпыршып. – Шарын шатқалының сарбаздары келе жатыр. Жеңіс туын желбіретіп, ұрандап келеді. Беу деген, құтты болсын жеңістері…
Бәрі орындарынан өре түрегелген. Қуанысып, мәз болған қалыпта Қайқы асуынан бері қарай құлдап келе жатқан мың сан әскерге сүйсіне қарап қалыпты.
– Құрбандық, құрбандық шалайық, – деді Қайыр датқа. – Бұл біздің кезекті, бәлкім түпкілікті жеңісіміздің басы. Осыдан үш күн бұрын жасы жетпістегі Малай батырымыз жекпе-жекте жеңіске жетті. Алласы жебеді сабазды. Тезінен құрбандық шалып, Жаратушыға тәубе етпесек болмайды.
Датқаның бұл сөзін өзгелері де қызу қуаттады. Бір ауыздан жөн десті.
– Қайыр датқа дұрыс айтады.
– Қайырдікі жөн сөз.
– Тегі соғыс жағдайында әрбір жеңістен соң құрбандық шалу ата салтымызда бар нәрсе ғой.
– Дәл айтады, Райымбек батыр соғыс үстінде құрбандыққа шалар малын мойнына ақ жіп тағып, жетектеп жүретін. Қай арада жеңіске жетсе немесе бас батыры жекпе-жекте жеңіп, жаны аман қалса соның дәргегіне құрбандық шалған. Соңы әскери ойын, түрлі тамашаға ұласқан. Бізге неге сөйтпеске.
– Біз де сөйтеміз, – десті жиылғандар, – біз де сөйтеміз…
Бәрі ойға түсіп, құрбандық шалу қамына кірісті.
* * *
Шарын шатқалында болған қырғында қазақ жасағының жеңісіне арнап құрбандық шалынды. Бұл игі іс бір жерде емес, күллі Албан жасағы орналасқан өңірдің бәрінде іске асырылды. Сай-саланың аңғарында лапылдап от жанып, қазан көтерілді. Қазандар бүлкілдеп, жаңа сойылған малдың еті пісіп жатты. Төбе-төбенің басында алау оты маздады. Үлкен астың жоралғысы Малай батыр қосынында жасалған. Қос-қостап сойған ұсақ малмен қатар ірі қара, ту бие де құрбандыққа шалынды. Ел көңілін тосын қуаныш кернеді. Бәрі де алда болатын жаңалықты, жеңістің иісін сезгендей болып, соған масайрап, баладай мәз болды. Бұған бәрінен бұрын есі кете қуанған Малай батыр еді. Денесінің мол біткен ірілігіне қарамай жас балаша жайраң қағады. Бір орында байыздап отыра алмай, біресе өзі әңгіме, әзіл айтып, енді бірде өзгенің айтуын тілеп, мәз болысты. Қаумалап алған қалың топтың ортасында қара қобызын аңыратты-ай. Бір емес, әлденеше күй тартты. Өзі қобызды тартып бола бере басқаға ұсынып, соның шашбауын көтерді. Ара-арасында жасы жетпісті алқымдаса да әлі қайраты кетіп, еті қаша қоймаған мол, кесек денесін тез икемге келтіріп, асықтай үйіріліп, билеп те алды. Көне «Қара жорға» күйі тартылғанда тіпті тізе бүгіп отыра алмады. Күйді қобызшыға бір емес, қайта-қайта қайыра тартқызып, өзі де содан жан шуағын тапқандай болып, мұзбалақтай сілкініп, мияттанып жүр.
– Қали! – деді осындай дырдудың орта тұсында әскери тергеушісін шақырып. – Оу, тергеуші, қайдасың?
– Мұндамын, – деді Қали. – Не айтпақ едіңіз, сардар?
– Әлгі екі тұтқын қайда?
– Қамауда отыр.
– Өздері тірі ме?
– Тірі.
– Ендеше сол екеуін осында әкел.
– Құп болады.
Айтып ауыз жиғанша екі сарбаз қос тұтқынды бебеу қақтырып, батырдың алдына алып келді. Малай батыр жөткірініп алып:
– Екеуіңе рақыметтен өзге айтарым жоқ, – деді. – Адалдықтарыңа тәнті болдым. Шындықты айтыпсыңдар. Біз қазақ деген елміз, елдікті де, ерлікті де танып, бағалай білеміз. Ал, мен бір сөзді адаммын. Берген уәдемнен танбаймын. Екеуің де азатсың. Бұдан әрмен қазақ арасында жүре беруге, тірлік етуге ұлықсат.
Екі тұтқын басын жерге жеткенше иіп, зарлап қоя берді.
– Айтқаныңызға құлдық, батыр. Жаздық та жаңылдық. Біз пақырға кешірім етіп, жанымызды қия көрмеңіз
– Жаның арыңның садақасы, – деді батыр. – Адалдықтың ала жібін аттамадыңдар. Сол қылықтарыңа ризамын. Түптеп келгенде бәрін дұрыс істедіңдер. Мен сендерді түсіндім. Бір әкеден төртеу екенсіңдер. Алдыңғы екеуі осындай шолғында жүріп, мерт болыпты. Енді сен екеуің өлсеңдер бір атаның тұқымы үзіліп, шамы сөніп қалмай ма? Сендер ұрпақ жалғастығы, өмір үшін күрестіңдар. Солай ма?
– Солай, батыр, нақ солай. Алдымыздағы ағаларымыз секілді біреудің боданына кетіп, мерзімінен бұрын өлгіміз келмеді. Тірлік етіп, жар құшып, ұрпақ сүйгіміз келеді.
– Бәрекелді, ізгі ниеттеріңді мен де қолдаймын.
– Рақмет, Бас сардар, рақмет.
– Ал, шын мәнісінде, сатқынсыңдар, – деді батыр дауысына зіл беріп. – Бұл істегендерің, басқа бір қырынан қарағанда, сатқындыққа жатады. Сендер мені сатқынмен сабақтас болды демеңдер. Сатқындықты ешкім жақсы көрмейді, ешкім кешірмейді. Шыңғыс ханның не істегенін білесіңдер ме? Отырар үшін болған шайқас алты айға созылып, ақыры сыртқы қысымға шыдамаған ала тақиялы Қараша сұлтан бір түнде Суфи дарбазасын ашып, қасына қисапсыз нөкерін ертіп, ұлы Қаһанның алдына барады. Мені өлтіре көрме, тірі қалдыр деп етегін сүйіп, еңкілдеп жылайды. Басын жерге тоқпақтап, кешірім өтінеді. Ұлы Қаһан кешірді ме? Жоқ, кешірмеді. Қарашаның бетін тіліп, көзін ойып, асау аттың құйрығына байлап өлтірді. Нөкерлерінің де бірін қалдырмай басын қырқып тастады. Міне, сатқындықтың жазасы. Ал, мен олай істемеймін. Өйткені, мен Шыңғыс хан емеспін. Заманым да, жолым да басқа. Өз дәргегім бойынша, сендерге берген уәдемді орындаймын. Айтпағым осы.
Жиылған топ бұл шешімге ризашылық білдірді. Малай батырдың үкіміне қуана қол соқты. Екі тұтқынның қолын шешіп, қоя берді. – Бұл екеуіне ешкім ешқандай жағдайда тиіспейтін болсын. Бұл менің пәрменім, – деді батыр. – Қайда барғысы келеді, не кәсіпті қалайды, ойларына не келсе сол іспен айналыса берсін.
– Ал, Сарын, айта қойшы, қайда барғың келеді? – деп сұрады Қали тергеуші.
– Оны кәзір айта алмаймын. Алайда қазақтың бір руын паналарым сөзсіз.
– Сонда қайсы руға бүйрегің бұрып тұр?
– Бәлкім, аққыстық болатын шығармын.
– Ей, оттама! – деп біреу ақырып қалды. – Көп сандалма. Аққыстық кімнің руы екенін білесің бе? Білмесең біліп қой, ол Малай батырдың елі.
– Ұқтым, ұқтым, – деп міңгірледі Сарын. – Менің білетінім, қазақта не көп, ру көп. Не болса да соның бірі болатын шығармын. Алжан, айт болып қалармын.
– Болмайды, – деп бір дауыс шаңқ ете түсті. – Ол аталы ауылда саған орын жоқ.
– Жарты болсам ба деген де ойым бар.
– Сандырақтама! – деген өктем дауыс саңқ ете түсті дәл бүйірден. – Әулие тектес жарты сен секілдіні еш уақытта қабылдамайды.
– Онда құсық болайын. Адам ішіне жақпаған асын құсып та тастайды ғой. Тегі басқа болмаса да құсқан ас құрлы қадіріміз болатын шығар.
Қалың топ мына сөзді естігенде ду етіп күлісіп алған.
– Құсықтар сан жағынан аз еді. Енді көбейетін болды, – деп қағытты әлдекім. – Тегінде ненің де көп болғаны жақсы ғой.
Дөң басындағы отырыс аяқталып, бәрі қосқа беттемекке айналғанда ойламаған жерден шабарман келіп, шаужайға оратыла кеткені.
– Бас сардар, тосын мәлімет айтқалы келдім. Құба қалмақ соғысты тоқтатыпты. Осы түннен қалмай қашпаққа бекініпті.
– Дұрыс айтады, – деді Сарын тұтқын. – Олардың бар сенгені Шарын шатқалы болатын. Бұл ойлары күйреп тынды. Енді қашудан өзге амалы қалмады. Одан да кешікпей артынан қууға дайындалыңдар.
– Сарын бұл ретте де жөн айтып тұр, – деді батыр. – Ендеше не тұрыс? Таң қараңғысымен құба қалмақты қууға аттаналық.
Батыр осыны айтып, шұғыл қосқа бет бұрды. Қостың алдына келгенде де әскер басыларына жедел, шұғыл тапсырмалар беріп жатты. Қайсысы не істеуі керектігін жеткізе айтып, тәптіштеп түсіндірді. Үстемелеп, тың тапсырмалар берді.
Қосқа кіріп, төсегіне киімшең қисайған соң көпке дейін кірпігі айқаспады. Ендігі істің не боларын ойлап, сүлесоқ күй кешті. Ақыры желбегейін жамылып, тысқа шыққан. Ай орталанып қалған екен. Түн аспаны тұңғиық тартып, жұлдыздар тіптен биіктеп кетіпті. Жұлдыздар неғұрлым биіктесе, соғұрлым сұлу көрінеді. Жетіқарақшы солтүстікке қарай аунап, аспан әлемінің сол жақ өңіріне қарай қиғаштай шаншылып тұр. Жетіқарақшыға жақын қоныс тепкен бір шоғыр жұлдыз сәулесі сөніп, бозамық тартып, күл өңдене бастапты. Түп жайлауының алыс қойнауынан салқын самал есіп, түнгі әлемді аймалап сүйгендей болып, баяу қоңырлайды. Әр-әр жерден, тау сілемдерінің арасынан жанған оттар бірде маздап, бірде шалқып жанып, үмітті болашаққа мезгейді. «Шіркін туған жер,- деді батыр іштей тебіреніп, – сенде туған, сенің құшағыңда өмір сүрген адамда арман жоқ шығар, сірә. Мен де сондай пенделердің бірімін. Алла жарық жалғанды ұзағынан сүюді нәсіп етсін… Дәл осындай аспаны жұлдызға толы, құшағын самал жел аймалаған мақпал түндерді көруді молынан ұшыратсын. Алла ұлық, Алла ұлық, Алла ұлық!..»
Отырғандар ақ сақалды, жаратылысы ерекше сұлу да келісті Елес-шалдың сөзіне еріксіз құлақ тікті. Шал өзі ғана сөйлеп отыр. Өзгенің сөзге араласуын суқаны сүймейтін тәрізді. Келгендер оның кім екенін, қайдан келгенін, нені мансұқ еткенін білгісі келіп қанша ынтызар болса да сұраудың қисыны келмеген. Елес-шал әңгімесін алыстан тартып, әріден қозғап келеді де сәл ойға батып, аз мүлгіп алып, үзілген тұсынан қайта жалғап кетеді.
– Міне, ата тарих осылай сыр шертеді, – деді үніне өксік араластырып. – Беу, дүние-ай, айта берсең сөз көп қой. Көптігі сонша, тіпті айтып тауысу мүмкін емес. Мен сендерге осы көкшіл таулар арасында болған жәйттің бір парасын, тек Малай батырдың оқиғасын ғана баян етіп отырмын. Ал, бұл өлке жаратылғалы қаншама замандар өтпеді дейсің. Небір сұрапыл соғыстар болып, адам қаны судай аққан кездер де, атан жілік, атпал батырлар да болған. Бәрі де болған. Малай тектес сандаған батыр өткен. Бірақ соның бәрінің аты өшті, бәрінің ерлігі тарих шаңына көміліп қалды. Атын да, ерлігін де уақыт жұтып қойды. Күндер өтеді, заман өзгереді, сол шақта бұл күндер де ұмыт болады. О, бүгіні бар, ертеңі жоқ қу жалған-ай десеңші. Қайтіп тебіренбейсің осыған, қайтіп күйінбейсің! Уақыт деген айдаһар, бәрін жұтып қояды, бәрі де жоқ болады із-түзсіз кетеді бәрі де… Ал, мен осынау жасыл жондар мен жалпақ жазықта не болғанын, қандай оқиғалар болып өткенін түгел білемін. Бәрі де көңілімде сайрап тұр. Мыңжылдықтар шежіресін төгілтіп айта аламын. Өйткені мен көне тарих шежіресімін. Бірақ адам шіркін еш уақытта өткенге құмартпайды, өткенін білгісі келмейді. Кеңірдектен мелдектей тойып, кебеже қарнын сипағанда ғана есінеп қойып, өткенін еске алады. Аспаннан әр-әр жерге тамшылап түскен жетім тамшыдай жартымсыз әңгіме айтады. Қадау-қадау тарихи тұлғалардың атын атап, бірер ерлігін не болмаса бірер аталы сөзін айтып, сонымен тынады. Ойласаңдаршы, жарқындарым-ау, сонымен бәрі бітті ме, айтылар сөз таусылып, су аяғы құрдымға сарқылғаны ма? Әсте олай емес. Жаратқан иеміз адам баласын өткенді ұмытып, алға ұмсынуға жаратқан. Адам әманда алға ұмтылады. Қызықтың бәрі алда деп топшылайды. Бәлкім онысы да дұрыс шығар. Бірақ сол алға ұмсынудың өзі де тіршіліктің екі күндік қызығына алданып, ажал деген алып аждаһның тойымсыз көмейіне жұтылып бара жатқанын біле ме екен? Әй, білмейді-ау, себебі жаратылыс солай, Аллатағала пендені екі күндік қызыққа алдану үшін жаратқан. Солай, бәрі де солай, білсеңдер.
Елес-шал қобызына қол созған…
…Ауыл Атшабар деп аталатын. Жүріп бара жатып тастаған қойдың құмалағындай шашырап, әр жерге ұйып, ұйысып орналасқан шағын ауыл. Бұл араны сырт көз көбінесе бекет, кент деп атайды. Олай дейтіні, аядай ауыл тоғыз жолдың торабына орналасқан. Ары өткен де, бері өткен де осы араға соқпай кетпейді. Ұзыннан ұзақ, бір-біріне иықтап, шұбалтып салынған төбесі түгіл төрт керегесі де қамыспен қаланып, қара балшықпен сыланған жатаған, тайпақ қамыс үйлер сол келушілерге арналған. Бір үйін баспана етіп паналаса, келесі үйінен ас ішеді. Үй иесі сол қызметі үшін жүргіншілерден нәпақа алып, талғажау етеді. Атшабарды, негізінен, қазақтар мекендейді. Сонымен қатар, бірер үйлі кірмелер де бар. Анығын айтқанда, Дүңгіржап тәрізді жалғыз үйлі қалмақ тірлік етеді. Бұл араға қашан келгені, қайдан келгені, тағдырдың нендей тауқыметімен ауа көшкені белгісіз жалғыз үйлі келімсек көп жылдардан бері осы араны мекен етеді. Қалмақ дегені болмаса, қазаққа бергісіз. Қазақша сөйлегенде анау-мынау қазағыңды жаңылдырады. Тілді де, әдет- ғұрып, салт-дәстүрді, ұлттық ырымдарды түгел білетін Дүңгіржап бекетшілікті кәсіп етсе, әйелі Төрегене оның серіктесі. Сырттан келген жолаушының асын әзірлеп, тамағын пісіріп, жатын бөлмесін қамдаумен айналысады. Балалары да әкесіне қолқабыс етеді. Бірі жүргіншінің атын күтсе, екіншісі атқораны тазалап, келушінің түрлі қаракетіне қол ұшын береді. Дүңгіржап та, әйелі Төрегене де кезекті болып жатқан соғыстан толық хабардар еді. Соғыстың қашан басталғанын, қай арада болып жатқанын сырттай түйсініп, ішінен өз қандастарына тілеулестік білдіретін. Қиыр жайлап, шет қонған қазақтарды өздері шашылып мекен еткен көгілдір тау, жасыл жондардың арасында жүндей түтіп, талқандап тастауын қалайтын. Бұл тілекке екеуі де қосылатын. Дүңгіржап үйге кірсе де, шықса да соғыс жайын ойлап, мазасы кететін. Сырттан келген жүргіншілерден әуелі сұрайтыны сол соғыс жәйі. Амандықтан соңғы айтар сөзі осы болатын да реті бар, Төрегене әйгілі Төребат батырдың тумаластарының бірінің қарындасы болатын. Әкелері бөлек болғанымен түп атасы бір, бәрі де Көкшіл Доржының ұрпағы. Дүңгіржап пен Төрегене айлап болмаса да жылын құр қалдырмай сол ауылға, атап айтқанда Хангай тауына бір барып қайтады. Өздерімен қоса балаларын да жетектей жүреді. Барған сайын ата қонысын еркін аралап, рақаттана бой жазады. Төребат батырға апарған сыйлығын табыстап, бергенін алып, көңіл демдейді. Осы жолы қазақ даласына қол бастап келген сол батырдың жағдайы не болып жатыр екен дегенді ойласа ұйқысы шайдай ашылады. Дүңгіржап өзіне қайынаға есебінде келетін қалмақ ноянының әр сәтіне оң қадам тілеп, өздерінің соғыс құдайы Сүлдеге күн сайын сыйынады. Сол себепті де ол:
– Оу, тұрғылас, қазақтар мен біздікілер тағы да шекісіп қалған көрінеді. Соғыс қалай болып жатыр екен? – деп суыртпақтап сыр тартатын. Жүргінші: – Жасанып келген жау емес пе, құба қалмақ қазақтардың екі аяғын бір етікке тығып, тықсырып жатқан көрінеді. Әй, жеңіс солар жаққа аумаса неғылсын, -– десе ерлі-зайыпты екеуі сырттай сыр білдірмегенмен, іштей қуанып, жайраң қағатын. Іштей қуанғаны сол, үйде барын әлгі адамның аузына тосып, іш те же деп қалбалақтап қалатын. Мүбәда келген жолаушы бұл сұраққа:
– Сырттан қаңғып келіп, өзі соқтыққан немеде не күш болушы еді. Аяғын туған жерге, арқасын елге тіреген жалпақ жұрттың жеңері анық. Қазақтар өз жерінің, елінің, қала берді Алты Алаштың амандығы үшін азаттық соғысында жүр. Қазақтардың бұл соғысын адам түгіл көк тәңірінің өзі де қолдайды. Қазақтар жеңеді, оны басыңдағы бөркіңдей көр, – десе, келімсек бейбақтың демде түрі өзгеріп, өңі бұзылып шыға келетін.
– Әй, соғыс деген жаман ғой, – деп өзінше ештемені елемегенсіп, білмегенсіп, сырт көзге суық рай танытатын. Алыстан келген жүргіншінің бұдан арғы сөзін тыңдағысы келмей, немкетті түр білдіреді. Асы да суып, дастарқаны да тезінен жинала бастайтын…
Ерлі-зайыпты қос келімсек өстіп іштей емексіп жүргенде аяқ астынан:
– Төребат соғыста өліпті, Малай батырмен жекпе-жекте жер жастаныпты, – деген суық хабар жетті. Желмен жарысып жеткен бұл хабар Төребатты да, Төрегенені де сойылмен соғып өткендей болды. Екеуі де есеңгіреп, іштей үгіліп, суынып қалған. Қасіретін былайғы көзден жасырып, сырты бүтін, іші түтін халге түскен. Әсіресе, қанша дегенмен бір бәйтеректің бұтағы емес пе, бұл хабарға Төрегене қатты қайғырды. Басым сынып, ауырып тұрмын дегенді сылтау етіп, сұлық жатып қалды. Оңаша қалған шақтарында жүрегі елжіреп, көп жылады. Сол жылаумен қатар, өз дәстүрлері бойынша күн санап шырақ жағып, түрлі ырым жасаған. Төребат ноянның о дүниеде жаны жәннатта болуын тілеген. Өзге қолынан келер дәрмені жоқ байқұс әйелдің ақырғы ишарасы осы еді. Оның басындағы қайғысын бөлісіп, мұң тарқатар бір-ақ адам бар. Ол – Дүңгіржап.
– Тағдырдың басқа салғаны сол шығар, қой енді, жылауыңды доғар. Төребат құдайдың сүйген адамы екен. Өйткені оны көк тәңірі батыр етіп жаратты, соғыс даласында өлді. Батырдың үй іші, от басында емес, қан майданда өлгені ләзім. Біздің Төребат тәңірінің сол қалауын орындады. Иманы жолдас болсын, – деп жұбайына басу айтты. Дүңгіржаптың қолынан келер бұдан өзге шарасы жоқ еді…
Өстіп жүргенде құба қалмақ соғыста жеңіліпті, қасқырдан қорыққан қояндай қашып келеді екен деген хабар ел құлағын елең еткізді. Дала соғысының өз заңы, жазылмаған қағидасы бар. Жеңілген жау үдере қозғалып, үрке қашқанда жеңген жақ соңына түсіп, түре қуатыны бар. Қуып жетіп, уысына түскен дұшпанын қолды етеді. Не істесе де, тіпті өлтірсе де ерікті. Атын тартып алып, өзін шешіндіріп, қатал жазалауға қақысы бар. Ал, жеңілген жау қарсылық көрсетпеуі керек. Қарсылық көрсетсе, одан да қатал үкімге тап болады. Бұл реттегі соғыста жау жағы бұрынғыдай қолға түсіп, қара көрсете қоймаған. Шарын шатқалында болған қанды сойқан есін кетірсе керек. Басқа емес, дәл осы жолы қолға түссе оңайлықпен тірі қалмасын білген Төребат ноянның жасағы түн болысымен балапан басына, тұрымтай тұсына деп жан сауғалап, қырғидан қашқан торғайдай тоз-тоз болып, берекеті шыға қашқан. Тегінде қашқан жауға Малай батыр онша тізесін батырып, қылышын сумаңдата қоймайтын. Сондықтан жау пәлен жерде кетіп бара жатыр, түген сайға тығылыпты, ана тұстағы көк өзеннің жағасын сағалапты деген тәрізді алып қашпа хабарға дендеп мән бере қоймайтын. Құлағының сыртымен ғана естіп, ат басын бұрмастан төтелеп тарта береді. Бұл жолы да сол әдетіне басқан Малай батыр бастаған қуғыншы топ араға апта салып, Атшабар маңына таяп қалып еді.
– Малай батыр жауын қуа-қуа пәлен маңға тақап қалыпты.
– Бүгін болмаса да ертеңдері осында болатын көрінеді.
– Тегі қашқан жауды көрмедік қой, сонда бұлар кімді қуып келе жатыр?
– Ей, қашқан жау көзге көрініп қашушы ма еді. Олар күндіз жарықтан қорыққан тарақандай қай жер қолайлы, сол жерді пана етеді. Түн баласы бөрі бүлкілге салып, зытып отырады.
– Бәрекелді, дәл айтасың. Және олар сен ойлағандай жолмен қашпайды. Тек қана жолсызбен, құла дүз, қу медиенмен қашады.
– Е, солай де, енді ұқтым. Тегінде кім жаудан қашып көрді дейсің, – деген сықылды сөздер тау-тастың, жасыл жондардың арасын құйындай құйқылжып, тезінен аралап шығып еді.
Малай батыр бастаған жасақтар бүгін кешке Кіші өзеннің жағасына жетеді екен деген хабар естілгенде Атшабар ауылы тік көтеріле қопарылып, солай қарай ағыла бастады. Дала соғысының және бір салты сол, қуғыншы жасақ қай ауылдың маңына келсе сол атыраптағылар барын алып, бақанын көтеріп жеңімпаздардың алдынан шығады. Жәй ғана күтіп алмай, қуғыншы топқа арнап ақбоз үй тігіп, мал сойып, қазан-қазан ыстық қаумет әзірлеп, абыр-сабыр болады. Жасақты тамақтандырумен қатар, түрлі ойын-сауық ұйымдастырып, оларды қорғау, күзету мәселесін де өз міндеттеріне алады. Кетерде қозы көш жерге дейін қаумалап шығарып салады. Ауыл маңы тегіс Кішісу бойына ақтарылғанда Дүңгіржап пен Төрегене не істерін білмей аласұрған.
– Ішім күйіп барады, – деп үздікті Төрегене. – Не істесем болады? Әлгі қанқұйлы Малай деген неме жел айдаған қаңбақтай болып, өзі келді алдыма. Бәлкім есер немені ажалы айдаған болар?
– Қой, Төрегене, өйтіп аптықпа, – деді ері байсалды тіл қатып. – Не үшін келе жатқанын өзің де білесің ғой. Жатқан жыланның құйрығын баспаған жөн болар.
– Сонда не айтпақсың, таптап өте берсін дегің келе ме?
– Онсыз да таптап өтеді.
– Жоқ, сен ойлағандай ынжық, ез емеспін мен. Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар деген. Қарап қалмаспын.
– Қалың қазақтың арасында арпа ішіндегі бір бидай секілді жалғыз үйлі екенімізді есіңнен шығарма. Қандай да бір жамандықтың иісін сезсе қазақтар бізді балшықтай езіп, шалшықтай шашып жібереді.
– Мен – сен емеспін. Кешегі Көкшіл Доржының ұрпағымын. Біле білсең, Төребат ноянның қарындасымын!
– Айтқаныңның бәрі дұрыс, бәріне қосыламын. Әйткенмен, арыстан айға шауып мерт болыптының кері болмасын.
– Бір сілкінерім сөзсіз. Қалай болғанда да Малайға қарсы бір әрекет етпей тынбаспын.
– Не істейтінің белгілі, ұғып тұрмын. Бірақ қазақ батыры сен ұсынған кесені қолына алып, ішіндегі салқын сусынды іше қояр ма екен? Міне, мәселе қайда жатыр.
– Ол сусынды басқа да жолмен беруге болады.
– Сол сусының өзіміздің түбімізге жетіп, суымыз сарқылып, талқанымыз шашылып жүрмесін.
– Ол жағына алаң болма, қанша дегенмен, тәжірибем бар емес пе. Сол білгенімді осындай кезде іске асырмағанда өлгенде қимылдамақпын ба?
– Бұл үшін қазақтардың арасынан сенімді біреу тап. Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы деген.
– Ол жағын да ойластырып қойдым. Осы ретте маған сенімді серік Айнаш болатын түрі бар.
– Кім білсін, адам аласы ішінде деген. Ол әйел маған да оң тәрізді көрінеді. Бірақ мұқым сеніп кетуге болмайды. Әуелі сыр тартып, сыбызғысын түйіп көр.
– Сыр тартатын ештемесі жоқ. Тура іске көшеміз.
– Қой, олай деп асықпа. Айнашпен бірігіп, талай дұшпанға у беріп өлтіргендей сөйлейсің ғой. Ол қазақтың әйелі, абай бол.
– Айтқаныңның бәрі дұрыс, Айнашпен бірігіп біреуге жамандық жасамасақ та талай аштықта, талай жоқтықта бірге болғамыз. Бүтінді бөліп, жартыны жарып жеген күндеріміз болған. Көрші болғаннан бастап күні бүгінге дейін әй десіп, дауыс шығарып көргеміз жоқ. Тек сыйластықпен ғана келеміз. Басқа емес, тап осы жолы бетімнен қақпас.
– Ол сыйластықтың жөні де, жолы да басқа. Ал, мынау мүлдем басқа шаруа. Сол екі арасын ажырата біл.
– Ұқтым, беретін сыйым да мол. Алтын көрсе періште жолдан тайған дейді. Дүние құрғыр кімді қызықтырмаған. Айнашты да қолымнан келгенше алдап-арбап көрмекпін.
– Ең соңғы айтарым – сақ бол, өзіңнің амандығыңды, біздің ертеңімізді ойла…
Сол күні кештетіп Кіші өзеннің жағасындағы кең алаңқайға Малай батыр бастаған қазақ жасақтары ат басын тіреді. Бас-аяғы екі жүзге тарта жауынгер өзгеше бір келісті шоғыр екен. Соларға арнап отыздан астам ақ үй, сол шамада жеңіл қос тігілді. Ақжал сары ат мінген кесек денелі, мол бітімді батырды аядай ауыл алақанына салып тосып алды.
– Қош келдің, батырым, – деді ауыл ақсақалы Қадыр қария барша жиылғандардың атынан тіл қатып. – Мүбәрак жүзіңді көргенімізге бек қуаныштымыз. Бұрын атыңды сырттай естуші едік. Енді міне, жаратқан ием жар болып, сәтін салып, өзіңді де көріп отырмыз. Аллатағала осындай ыстық кездесулерден жазбасын.
– Рақмет, – деді батыр Қадыр қарияға да, өзге жиналғандарға да мейірлене тіл қатып. – Қошеметпен қарсы алғандарыңызға ризамын. Біздікі әншейін сіздердің, елдің қамы ғой. Мына құба қалмақ деген неме жай жатпай, тосыннан тиіспесі бар ма. Біз де қарап қалмадық. Сонау Шарын шатқалы, Сарыжаздың жазығында ит-рәсуасын шығарып, ойсырата жеңіп, енді соларды қуып келе жатқан бетіміз.
– Жөн, жөн, – деді қарт әжім торлаған, жұтаң жүзіне күлкі табы жүгіріп. – Жеңілген жауды қуғаннның өзі бір рақат шығар. Жауың тыраңдап тұс-тұсына қашып бара жатса өкшелей қуғанның өзі неге тұрады. Бәрекелді, құдай алған беттеріңнен оңдасын.
Осы кезде сойыс малы да әкелінген. Әлденеше жерде бір-біріне матастырып байлаған ұсақ мал, жеке-жеке ұстаған ту сиырлар мен төңкерілген нән биелер ұстаған қолдың уысында үнсіз мүлгіп тұрған. Қаржау имам ақ сақалы желкілдеп, Аллаға қолын жайып, ақ бата берді. Жасақтар үйді-үйге орналасып жатты. Үй маңы қыбырлаған адамға, лек-легімен келушілерге толып кетті. Кермеге топ-тобымен жарау аттар байланды. Қатар-қатар қойылған қазандарда былқып ет қайнап, жарқылдап от жанып, шұбатылған көк түтін түзу ұшып, көккке лықсыды. Мұндай кеш әнсіз, бисіз, әзілсіз өткен бе, аздан соң-ақ қос іші жанданып қоя берген. Әсіресе, үкілі қоңыр домбырасын қайда барса да тастамай өзімен бірге ала жүретін Тоқмолда ақынның дегбірі кеткен. Алдыңғы сөйлегендердің не айтқанын шала тыңдап, тек өз мәулетін ғана асыға күтіп отыр. Өз-өзінен тықыршыған ақын қолайлы сәт келгенде бір тізерлеп отыра қалып, домбырасын қағып-қағып жіберді де аңыратып қоя берді. Отырған жері дәл Малай батыр орналасқан еңселі үйдің бір жақ шеті еді. Осы кеш түгелдей батырдың құрметіне арналғандықтан әдейілеп сол тұсты таңдаған. Батыр да, өзгелері де бәрекелді десіп, құныға құлақ тұрген. Ақын ә дегенде кешегі сайын сахарада болған небір алапат соғыстар, етігімен қан кешкен хас батырлар, суырылған шешендер мен көш бастаған көсемдер турасында құйқылжытып, төгіп өтті. Одан қыза- қыза келе кешегі Абылай хан мен Қабанбай, Райымбек пен Наурызбай төңірегінде айта келіп, сәл баяулап, салқын сабырмен дәл осы шақтың батырларына ауысты. Ендігі жырға кеше ғана болып өткен Шарын шатқалы мен Сарыжаз соғысы арқау болған. Осы соғыстың мәні, ел еңсесін көтерген биік рухы туралы айта келіп, Малай батырды үлкен сүйіспеншілікпен ауызға алды. Батырдың туған жері, өскен ортасы, ата қонысы, руы жайын айта келіп, жаңаша бір қисынды жыр шумағын төгіп тастады. Сондағы жыр жолдарының үзіліп-үзіліп, ел жадында сақталғаны мынау еді.
Айналайын, Малайым,
Өзің жәйлі сөз қозғап,
От боп лаулап жанайын.
Қара өлеңнің шаң басқан,
Дарағын сілкіп қағайын.
Елі үшін тар кезде,
Еңіреп кеп туған ер.
Елінің кеткен есесін
Жау қанымен жуған ер.
Ежелгі залым дұшпанын,
Жетісудай жерінен,
Албандай байтақ елінен,
Есін ала қуған ер, – дей келіп, сөз соңын батырға Алланың амандығын тілеумен аяқтаған.
Айналайын, Малайым,
Талмасын әсте қанатың.
Әр ісіңе жақ болып,
Көзі түсссін Алланың.
Кішісуға кеп қапсың,
Құтты болсын қадамың.
Сарыкерейдің сайранын,
Түні бойы көріп қайт.
Тілеулес болған жандарға,
Ақ батаңды беріп қайт.
Асықпай баппен дәм татып,
Қызығын кештің көріп қайт.
Атағың кетсін алысқа,
Желмаядай желіп қайт.
Қырандайын қалықтап,
Көк аспанда ұшып қайт,
Алты Алаштың баласын,
Құшағыңа ап құшып қайт.
Аман болғын Малайым,
Нұрға толсын алабың.
Басыңнан бақ кетпесін,
Астыңнан тақ кетпесін,
Өзің жәйлі толғанып,
Осынау жырды арнадым.
Абыройың аспандап,
Арта берсін салмағың.
Мерейі тасып еліңнің,
Шуаққа толсын жан-жағың.
Әр ісіңе әманда,
Нұры жаусын Алланың!
Кішіөзен бойындағы сайран сәт сайын белең алып, қызған сайын Төрегененің шарасы шайқалып, мүлдем тағаты кетті. Дүңгіржап айтарын айтып бітті. Енді оны мазалаудың реті жоқ. Қанша дегенмен Төребат өз қаны емес пе, сол үшін Дүңгіржаптың қандай жағдайда болмасын тілеулес болары, тізе қосары даусыз. Ал, өзге жұмысты қалай тындырмақ? Дүңгіржаптың «…сол ойыңды іске асырамын десең қазақтардың өзінен бір адам тап. Соның қолымен от көсе, сол ұтымды болады. Қажет болса бар пәлені соның басына аударып, тайқып шыға аласың. Қазақ деген мал мінезді момын ел ғой. Ноқтаға басын оңай иеді. Осы жағын мықтап ойластыр» деген сөзінде үлкен гәп бар. Төрегене үшін бұдан ары аял етудің қажеті жоқ еді. Үйдің түстігіндегі шағын шұқанақты айналып өтіп, Айнаштың үйіне келген. Басқасының бәрі Кішіөзен бойындағы сауыққа кетіп, үйде жалғыз Айнаш қана қалыпты. Жай емес, Айнаш та кешкі думанға бармақ болып, киініп жатыр. Аққұба өңі нұр құйғандай албырап, жүзі тосын қуаныштан бал-бұл жанады. Бір қарағанда жарқ етіп көрінетін мойылдай қара көзі ұшқын ойнайды. Дауысы сергек, өзі бір түрлі шаттықтың шанасына мінгендей құлпырып алыпты. Табиғатында ажарлы, сымбатты да сұлу келіншек тойға киер киімін киіп, жасанған сайын тотыдай түрленіп, ерекше көз тартады.
– Сен сұлусың, – деді Төрегене салған жерден жағына сөйлеп. – Жасанбақ түгіл қарапайым киіммен барғанның өзінде талайды артқа тастап, шаң қаптырып кетер едің. Ол жағын өзің де білетін шығарсың.
– Сенен сұлу емеспін, – деді Айнаш қуақылана тіл қатып. – Егер қатар жасанып, сұлулық салыстырсақ, қолыңа су құйғанға да жарамаспын. – Қойшы, – деді Төрегене, – қай-қайдағыны айтпай. Одан да бері таман жақындап, тізеңді бүк. Саған айтарым бар…
– Не айтпақ едің? – деді Айнаш жұлып алғандай. – Елдің бәрі Кішісудың бойына барып, әйгілі Малай батырды көруге асығып, бір қолын екі ете алмай жүрсе не айтпақсың соншама?
– Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар деген. Сол секілді жағдайым жақсы болып, жетісіп жүрсем екі кештің арасында саған келіп нем бар.
– Не демексің сонда?
– Айтпағым қиын да күрделі мәселе. Сенің көмегің керек.
– Айта бер.
– Айтсам былай, – деп Төрегене сәл күмілжіді. – Мына қарғыс атқар Малай деген тірідей таптап кеткелі тұр. Бәрінен бұрын соның қорлығы өтіп барады.
– Иә, қайтіп? – деп көршісі таңданыс білдірді. – Не болып қалды?
– Болғаны сол, бұл атаңа нәлет әуелі менің бауырым Төребатты өлтірді. Сонысымен тоқтамай, өзгелерін де қойға тиген қасқырдай етті. Шарын шатқалының қырғыны әне, анадай болып аяқталды. Үш мыңға тарта әскерден тігерге тұяқ қалмай, тегіс жер жастандырыпты. Соның бәріне Малай кінәлі. Сол Малайды, әттең қолымнан келсе, жүндей түтіп, тірідей отқа үйіткім келіп тұр. Оған керегі жалғыз-ақ нәрсе – өлім. Сенің көмегіңмен осы түннен қалдырмай қалай да Малайды өлтіруім керек.
– Иә, айта бер.
– Айтса былай, – деп оның осы сөзін келістіге жорыған Төрегене сөзін сабақтай түсті. – Мен саған не істерімді бүркемелемей, турасын айтып тұрмын. Екеуміз бірігіп, Малайды жер құштыруымыз керек.
– Иә, тағы не демексің? – Бар сырымды айттым. Бұл тілекті саған өзім деп, пәлен жылғы көршім деп әдейі құпиялап айтып отырмын. Ал, мынау соның қарымтасы, – деп өзімен бірге ала келген үлкен түйіншекті ашып, Айнаштың алдына тастады. Неше қилы әдемі мата, қымбат киім, асыл тастар көздің жауын алып, жарқырап жатты.
– Бұл саған берерімнің бір шеті ғана, – деді Төрегене құпиялай күліп. – Қалғанын істі тындырғаннан кейін аласың. Одан кейін де берерім көп. Тек менің жетегіме еріп, айтқанымды орындасаң болғаны.
– Осы ма айтпағың? – деді Айнаш. – Осы, – деді Төрегене. – Басқа өтінішім жоқ. Осы тілегімді орындасаң саған өмір бойы қарыздар болып өтермін. – Сонда нетпек ойың бар?
– Баяғы тәсіл ғой, – деді Төрегене жұмсақ жымиып. – У бергеннен өзге біздің қолымыздан не келуші еді.
– Ей, бетсіз! – деп шаңқ ете түсті Айнаш. – Осының бәрін қалай дәтің барып айтып тұрсың?! Нағыз жүзіқараның өзі екенсің. Бұрын да іш жиып, секемденіп жүруші едім, бетпердеңді өзің сыпырып тастадың. Осы сөзді айтуға қалай аузың барды?! – деді біреу төбеден қойып қалғандай үнсіз сілейіп тұрып қалған Төрегенеге шабынып. – Осы арам пиғылыңды нақ маған айтқаныңа жол болсын? Сонда сенің өз халқың үшін ішің ашиды, жүрегің сыздайды, жаның ауырады, ал менде ондай сезім жоқ болғаны ма?! Төребат деген қанішер сенің тумаласың болса, Малай батыр менің әз ағам. Және сол жексұрын немені кім шақырыпты, шақырған біреу бар ма өзін? Қан тілеп, ажалына асығып келген өзі. Соғыста жекпе-жекке шығып, басы кесілгені де шындық. Енді бізге не қыл дейсің? Мен ұлы жүз, албан, оның ішінде қыстық, белгілі онтағардың ұрпағымын. Сен әуелі менің кім екенімді біліп қой. Содан кейін сөйлес. Қазақта ит құтырса иесін қабады деген сөз бар. Міне, соның кері келіп тұр. Сен тойғанына масайған бұралкы ит, қаңғыған кірмесің, сендейлерден не сұмдықтың бәрін күтуге болады. Ит құтырса иесін қабады, балақтағы бит басқа шықты деген тағы осы. Көрсетермін көресіңді!
– Шаптықпа! – деді Төрегене. – Мен саған өз ойымды ғана айттым.
– Неге айтасың? – деді Айнаш. – Бұл қай сасқаның? Жоқ мені түк білмейтін дүлей деп ойладың ба? Әлде айтқаныма көніп, айдағаныма жүре беретін жетесіз деп пе едің? Жылтырақ тас, бес құлаш кездемеге алданатын алаңғасарды тапқан екенсің! Не десең де мен сені түстеп тани алмай тұрмын.
– Ә дегеннен аптықпа, – деді қалмақ әйелі әлі де әлденеден үміт етіп. – Мен сенің пәлен жылғы көршіңмін. Екеуміз талай рет бұл өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңғанбыз. Алдымыздағы асты сен іш-мен ішпен әрең тауысқан шақтарымыз болған.
– Сен маған күнделікті тірліктің күйбеңін айтпа, – деді Айнаш. – Ол өз-өзінен болып жататын нәрсе. Сен бүгін мүлдем өңі басқа әңгіме айтып тұрсың. Қарабет тірлікке итермелейсің. Көрші ақысы – тәңірі ақысы дейді өзінше. Көршіліктің кепиеті ұрсын! Ақ нан, адал асымыздың қасиеті ұрсын!.. Естіріңді естіп болсаң, кет енді! – деп сөзін түгесті.
Төрегене тегі Айнаш бүйтіп қарсы келеді деп ойламаса керек. Состиып тұрды да қалды. Не істерін білмеген қалпы бар. Айнаш шұғыл орнынан тұрды да ораулы түйіншекті қайтадан байлап, Төрегененің бетіне лақтырып жіберді. Түйіншек әйелдің бетіне тиіп, жерге домалап түсті. Айнаш түйіншекті көтеріп алып, әйелді желкесінен ұстаған күйі есіктен итеріп шығарып, ұстаған затымен Төрегенені бастан салып қалды.
– Қаңғыған қара ит! – деді жүні жығылып, сүмірейіп кетіп бара жатқан әйелге. – Ендігәрі көрмегенім сен бол, қараңды батыр! Кішісу бойындағы сауықтан көрмейтін болайын. Көрсем болды, құрыдым дей бер. Не істемек болғаныңды жалпақ елге жайып саламын. Топты жігітке айтып, қойын-қонышыңды тінткізіп, сол уды өз аузыңа құямын. Өз ажалың өзіңнен болады. Кет, жоғал!
Төрегене қарасын батырды. Жай кетпеді, жаратылысында қыңыр неме басына тиген соққыға қарамай, көкайылданып, ішіне кек сақтап кетті. «Оңбаған Дүңгіржап! – деп іштей ерін күстәналады. -– Қазақтардың арасынан біреуді тап деп шатыстырғанын қарашы… Айнашқа бекер айттым. Тірі жанға айтпауым керек еді. Қараптан қарап істі насырға шаптырып алғаным-ай! Енді у беруге мүмкіндік болмайтын шығар. Бәрі де күн ілгері қожырап, құрып барады. Енді мен бұл оқиғаға араласа алмаймын. Малай батыр кешіне де бармаймын. Бітті, бәрі де бітті…»
Алайда бұл әрекет Төрегене ойлағандай мүлдем бітпеп еді. Тосын оқиға Кішісу бойындағы дырду аяқталып, ошақтағы оттар сөніп, Малай батыр боздатып тартқан қобыз үні саябырси келе сап тыйылып, айнала мүлгіген тыныштыққа шомып, әбден тыншу тартқан шақта басталды. Төрегене үйіне бір кіріп, бір шығып, ұрынарға қара таппай, ақыры беліне соққы тиген жыландай кирелеңдеп, төсегінде дөңбекшіп жатқан. Әлдекім есік ашып, дауыстай тіл қатты.
– Сізді Дүкең шақырып жатыр, – дегені.
Төрегене басын қақшаң еткізіп, төсегінен ұшып тұрды.
– Кім шақырып жатыр дейсің? – деп қайталап сұраған.
Келген адам қайталап жауап берді.
– Сізді Дүңгіржап, Дүкең шақырып жатыр.
– Жарайды, – деген әйел қуана тіл қатып. – Жақсы. Қазір барамын.
Дүкеңнің тектен-тек шақырмағанын іші сезе қойған әйел тез киініп, «әлгі затын» да өзімен бірге ала шықты. Сөйтті де таң қараңғысын жамылып Кішісу бойына қарай үкідей ұшты. Дүңгіржап бәрін күн ілгері әзірлеп қойыпты. Батырдың қосына кірмек түгіл, маңына жолай алмасын білген Дүңгіржап бәрін басқаша шешкен екен. Және ең оңай жолын қарастырыпты. Төрегене келген бойда шұғыл іске кірісті. Малай батырдың құранды ерінің алдыңғы қасы мен қамшысының бүлдіргісіне, тізгін ұшына сіңбе уды бипаздай жағып, тайып тұрды. Төрегененің келгенін ерінен өзге тірі жан сезбей қалды…
Малай батыр бастаған арнайы жасақ Атшабар бекетінен ары қарай құба қалмақты қууды тоқтатып, ат басын кері бұрған. Кешегі жүрген жолдарымен кері қайтты. Ертеңгі астан соң көңілі тоқ, жағасы жайлау жасақ бірде бөрі аяңға салып, бірде сары желдіріп, кейде түйдек-түйдек болып шоқырақтай шауып келеді. Өз ауылдарының тұсына келгенде жасақ құрамындағы сарбаздар батырмен қош айтысып, бөлініп-бөлініп қалып жатты. Алғашқы күні түс ауа батырдың денесі бір қызып, бір суып, сыр бере бастаған. Ә дегенде бойынан осындай жайсыздықты сезген батыр ләм деп аузын ашпады. Қасындағы жүргіншілердің көңілін алаңдатқысы келмеген. Денесінің әшейін бір ойнамалы құбылысы, ұшпа тұмау болар деп ойлаған. Денесі сал тартып, ұйи бастағанын да елең қылмай, өзін сергек ұстады. Қызу әңгіменің, ат үсті желікті сөздің ырғағын бұзғысы келмеген. Алайда батырдың бойын құрсаған дерт сәт сайын қоюлап, қалыңдай түсті. Тек кешке ғана қасындағыларға сырқаттанып келе жатқанынан хабарлады. Жорық дәрігері Аққозы қолынан келгенін істеп, ем жасап бақты. Әлсін-әлі тамырын ұстап, білгенінше шарапатын тигізген болады. Шөп дәрі қайнатып берді. Денесін түгелге жуық жыланның майымен майлап, сылап шықты. Тіпті қара лақтың өкпесімен қағып, ұшықтап та көрді.
– Батыреке, ауруды жасырғанмен өлім әшкере етеді деген сөз бар. Сол айтқандай жан дүниеңізде болып жатқан репетті жасырмай толық баян етіп отырыңыз, – деді сөз арасында. – Байқауымша, кәдімгідей сырқаттанып қалғансыз.
– Оның рас, – деді батыр емшінің сөзін қоштап. – Бұл сөзіңнің жаны бар. Қай жерім ауырғанын дәп басып айта алмаймын. Бірақ бүкіл ағзам ұйып, шөгіп бара жатқан секілді.
– Шикі ет ауырмаққа деген батыр. Шыдаңыз, өз алабымызға жетсек сауығып кетерсіз. Емші де көп, дәруіш те көп қой. Бірі болмаса бірінің емі қонар.
– Шіркін-ай, сол ауылға жететін күн бар ма, жоқ па. Алдым тұман, артымнан зіл қараңғылықты сезгендеймін.
– Тұмаудың әсері ғой, әлі-ақ дүр сілкініп, сауығып кетесіз.
– Айтқаның келсін! Аузыңа май, емшім…
Әйткенмен, сырқат сәт санап жеңілдеудің орнына күшейіп бара жатты. Арада екі күн өтіп, үшінші күні кешке таяу ат үстінде жүруге шамасы жетпей, жатып қалды. Есі кіресілі-шығасылы күйге жеткен. Не айтып жатқаны да беймәлім. Ерні қыбырлап, көкірек тұсын сипалай береді. Есі бір кіргенде батыр қай жерге келгендерін сұрады. Аққозы емші жер жағдайын мүдірмей айтып берді. Батыр соңғы сөзін айтты.
– Осы көк өзеннің жағасы су ішерім сарқылған жер болар. Одан әрмен апарамын деп әуре болмаңдар. Мені ата-анам қаумалап қоршап тұр. Солармен бірге әлдебір жаққа кететін сықылдымын. Не де болса, киелі қазақ жерінен топырақ бұйырған екен.
Малай батыр осыны зорға айтып, денесі қатты ширығып, бір бүктеліп, бір жазылып, сырқатпен ақтық айқасқа түсті де жан тәсілім етті.
Батырдың өлі денесін шамның шырағымен шұқшия қарап, ұзақ үңілген емші кейістене басын шайқады.
– Батыр уланған, – деген қорытынды шығарды ол. – Малай батырды біреу улаған. У мұқым денесінен өтіп, сүйекке сіңіп, қолқа жүректі қапқан.
Бұл сөзді естігендер мына сұмдықтың түбіне жете алмай таңқалысты. Емші сөзінің растығына да көздері жетпей, күрсіне бас шайқасып, азалы күй кешті.
Бұл уақытта Кеген атырабын мүлгіген өлі тыныштық басып, қою қараңғылық тұмшалаған болатын. Атырап түгел қара түннің құшағына енген…
Малай батыр жасағын бастап кеткен күннің ертесіне түс ауа Айнаш шұқанақ сайда Төрегенемен ұшырасып қалды. Шұқанақтың арғы жақ қапталында тұр екен, қолында екі құмыра суы бар, бұған сықсия қарайды. Іштей арбап, тепсініп тұрған сияқты.
– Ей, байқұс келімсек, неге шұқшия қалдың? – деді Айнаш салған жерден шүйіліп. – Неге қарайсың соншама?
– Жылағаныңды көргім келеді. Төребаттың басына келген зауал қас қағып үлгірмей Малайдың да басына келеді. Осыны біліп қой.
– Мұнымен не айтпақсың?
– Айтарым сол, өзекті пендеге бір өлім. Малайдың да соңғы сағаты соқты.
– Ей, келімсек, не тантып тұрсың?!
– Кімнің тантығанын уақыт көрсетеді.
– Қасиетсіз сұр жылан, сөзіңе қарасам уыңды шашқан тәріздісің ғой, солай ма?!
– Оны да уақыт көрсетеді. Уақыт бәрін реттейді.
– Құдай жамандығынан сақтасын, егер батыр бір пәлеге душар болса, менен жақсылық күтпе! Ажалың менен болады. Осыны ұмытпа!
– Асықпа, Айнаш. Оны да уақыт көрсетеді…
Төрегененің сөзінен бір сұмдықты сезген Айнаш мазасыздана бастады. Қалмақ келіншектің айтқанын ой таразысына салып, екшеп көрген. Сөзінің астарына қарағанда, қалай да бір сұмдық болған секілді. Сонда не болды, түсінсе бұйырмасын. Айнаш тезінен іске көшті. Жақын бауыры Жантасты атқа қондырып, жолға салды. Шапқыншының міндеті – у қайтаратын дәріні Малай батырға жеткізу еді. Жантас оларды қуып жетпек болып қанша шапқыласа да жете алмай қойды. Сарыжаздың жазығынан өтіп, Кеген өзенінің жағасына тірелгенде айнала қап-қараңғы түн еді. Жантас қалай қарай жүрерін білмей қатты дағдарды. Қанша айғайласа да тырс еткен дыбыс естімей, әбден қор болды. Содан бір тастың ығын қалқалап, таң бозара атқа қонған шапқыншы өзен жағасында қыбырлаған көп адамның қарасын көрген. Бұл Малай батырды соңғы сапарға аттандыру қамында жүрген адамдар еді. Шапқыншы өзімен бірге ала келген у қайтаратын дәріні батырдың моласына төкті…
Қалмақтардың қашан да түнде көшетін әдеті. Соғыс жылдары, сойқанды шақ былай тұрсын, қарапайым, беймарал күндердің өзінде түн жамылып, үдере тартады. Ертесіне таң ағарып атып, шуақты шақ туғанда былайғы жұрт көшкен қалмақтың қаңырап қалған жұртын ғана көреді.
Түн жарымы ауа үдере көшкен топ қашқын әудем жер жүріп, Қызылкемер кейкеңінен асқанда Атшабар ауылы айлы түннің бозамық сәулесіне батып, көзден таса болып еді. Қызылкемер асуы жалпақ елге мәлім, жолы қиын, азапты асу. Қатпарлы қара қырқасы көп. Бір қыратына шыққанда екіншісі мен мұндалап, шақырғандай болады да тұрады. Жолы тар, әрі қияс болумен қатар жықпыл-жықпыл шұңайт, бұралаңы көп, жау жатағы. Бұл арадан қашқан құтылып, аңдыған жау алмай қоймайтын. Дүңгіржап бастаған қашқындар әдейі осы жолды таңдаған.
* * *
…Ойламаған жерден қазақтарға соқтығып, батырының өліміне себепші болғаннан бері Дүңгіржап пен Төрегененің бар тіршілігі құйын ұшырғандай алай да дүлей. Істерін істеп алып, енді артын ойлап, қатты шошынған. Үнемі бірін-бірі айыптаумен болған.
– Төрегене, осы істің бас себепкері түптеп келгенде сенсің, бәрі сенің кесапатың. Қазақ жері біз үшін жұмақтың жайлауындай, құт қоныс еді. Пәлен жыл жайлап, күн кешіп едік. Ешкімнен кем болмадық, ештеңеден тарынбадық. Қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық күн өткеріп едік. Ендігі тірлік не болмақ? – деп Дүңгіржап кейістік білдірсе, әйелі ереуілдей қарсы шығады.
– Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді деген. Нардай болып аталас бауырым өліп жатса қайтіп қарап қалмақпын? Бәрін біліп тұрып қалай шыдайын? Жаралы жыландай ширығып, уымды шашқаным рас.
– Жарайды, бұл сонымен бітсін. Алдағы күніміз не болмақ?
– Не болушы еді. Ол жақта да жер сауып, мал қайырған халық бар. Ел іші алтын бесік. Өз еліміз ғой, өзекке теппес. Көкшіл Доржы өңіріне бір іліксек, арты жаман болмас.
– Қашанғы кірме болып жүрмекпіз? Өз үйірімізге қосылу менің де көптен бергі арманым. Малайдың өлімі түрткі болып, ақыры ол жаққа да аттанып барамыз.
– Құдай жолымызды оңдасын. Құдай деген пенде құры қалмайды деп қазақтар айтпаушы ма еді. Солар негізі босқа айтпайды.
Дүңгіржап пен Төрегене өстіп көңілдерін кеңге салып, шағын шүңейт сайды кесіп өтіп арғы бетке шыға бергенде жоғарыдан да, төменнен де шуылдаған дауыс естілді:
– Қашқындар, қашқындар!
– Қарақшылар келе жатыр.
– Ұстаңдар, соққылаңдар!
– Көздерін құртыңдар, біреуін де тірі қалдырмаңдар, қырып тастаңдар! — деген аттанды айғай шықты. Соның арасында жол торушылар тұс-тұстан анталап, топты қашқынды қоршап алған. Қоршаған бойда қол жұмсап, шеткілерін оңдырмай таяқтап, соққыға жығып та үлгерді. Аумағы жиырма шақты қашқын қасқырдан қорыққан қойдай ұйлығысып, ұлардай шулап, сайдың бойын азан-қазан еткен. Жас балалар шырылдап жылап, аналарының бауырына тығылды. Үлкендер жағы не істерін білмей шарасыз күйде жан-жағына жасқана қарап, сауға тілеген. Өстіп шуласып тұрғанда қарсы алдарынан Айнаш бастаған атты жасақ шыға келді.
– Қазақта қатын бастаған көш оңбайды деген сөз бар. Бұл көштің иесі Төрегене болар? – деп иіріліп тұрған топқа шүйіле қарады. – Төрегене, шық бері!
Осы сөзді күтіп тұрса керек, Төрегене аттан ырғып түсіп, адымдай басып, тура Айнаштың алдына келіп тізесін бүкті.
– Жігіттер! – деді Айнаш саңқ етіп. – Ана тұрғандардың бәрі аттан түссін. Он қадам алға шығып, бір тізерлеп отырсын.
Айнаштың айтқаны орындалды. Қашқындардың бәрі аттарынан түсіп, он қадам алға шығып, Төрегененің арт жағына жайғасты.
– Қайталап айтамын, бұл көштің иесі кім? – деп сұрады Айнаш екінші рет. – Тез айтыңдар!
– Көштің иесін, әрине, біліп тұрсың. Ол – мен, – деді қалмақ келіншегі. – Не айтпақсың? Айта бер, бүгінгі билік сенікі.
– Айтсам былай, Малай батырға қалай қастандық жасағаныңды айтып бер.
– Ішер асына у салмадым. Таң қараңғысында бұқпалап барып, құранды ерінің алдыңғы қасына, қамшысының бүлдіргісіне, тізгін ұшына у жақтым.
– Саған тапсырма берген кім? – деп зіркілдеді Айнаш.
– Маған ешкім тапсырма берген емес, – деп жауап қатты қалмақ келіншегі. – Бәрін өз қалауыммен істедім. Бұл әрекетіме бәрі қарсы болды. Бәрінен де қасарысып қарсы шыққан Дүңгіржап еді. Ондай іске барма деп азар да безер болды. Тіпті жүрер жолыма жатып алды. Бәрібір алған бетімнен қайтпадым.
– Неге?
– Неге болушы еді! Біріншіден, кек итермеледі, екіншіден, шайтан түртті.
– Қылмысыңды мойындайсың ғой?
– Мойындаймын. Қайталап айтамын – бұл істі өзім ғана жүзеге асырдым. Сол үшін тәңірі алдында мені ғана жазалауды өтінемін.
– Төрегене, – деді Айнаш, – өлер сәтің жақындап қалғанын өзің де сезетін боларсың. Не тілегің бар, айтарыңды айтып қал.
– Өлім алдындағы соңғы тілегім сол, бұл үшін мені ғана жазаға кесуіңді өтінемін. Байыма да, балаларым мен келін, немерелеріме де тиісе көрме. Екінші айтарым, ажал алдында осы топтасып, ұлардай шулап отырған ет жақындарымды маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп қоштассам деймін. Пәлен жылғы көршімсің ғой. Көрші ақысы деген бар.
– Жақсы, – деді Айнаш, — бұл тілегіңді де орындаймын. Қалағаныңды істей бер.
Төрегене орнынан шұбатылып тұрды да ет жақындарына ұмтылды…
– Енді саған мынаны бұйырамын, – деді Айнаш.
Төрегене бас изеді. Айта бер дегені.
– Айтсам былай, бұл сұмдықтың бәрін өз қолыңмен жасаған екенсің, бар ауыртпалықты да өзің көтер. Арам қаныңа ақ найзамды былғағым келмейді. Сен өзіңді өзің өлтіресің.
Төрегене тағы да басын шұлғыды. Келіскені. Соның арасында бір сарбаз Төрегенеге жүзі жалаңдаған алмас кездік берді. Төрегене алмас кездікке қарап сәл бөгелді де жанұшыра айғайға басып, кездікті кеудесіне тақап етпетінен құлап түсті. Қалмақ әйелінің денесі соңғы әлін жинап, шалқалап жатуға ғана жетті. Ай жарығы астында өлі дене ағараңдап, сұлап жатты. Дүңгіржаптың беті тілініп, жүзін қан жуды. Қалғандары бірін-бірі жетелеп, әлдеқайда ілбіп бара жатты…
Қазақ жасақтары алмас қылыштары ай нұрына шағылысып, ұрандай шауып, кері қайтты. Бәрінің алдында ақ боз атты ойнақтатып, ақ найзасы ай сәулесіне әнтек жарқ етіп келе жатқан – дұшпанын өлтіріп, Малай батырдың кегін алып, көңілінде күн шыққандай болған аққыстықтың онтағар атты аталы ауылынан шыққан батыр, өрелі қыздардың бірі Айнаш еді…
* * *
Малай батырдың зиратына тағзым етушілердің қайтатын мезгілі де таяды. Елес-шал бұл жолы да қобызын күңірентіп, ұзақ толғап барып тоқтады. Тоқтаған бойда жылдам көтеріліп, орнынан тұрып, келгендерге бір түрлі қимас көзбен қарады.
– Біліп отырмын, кетуге асығып тұрсыңдар, – деді Елес-шал. – Екі аяқты пенде әманда солай келеді. Қашан болмасын, асығады да жүреді. Сол асыққан күйі уақытының қалай өткенін бағамдамай, ажал атты аждаһаның аранына жақындай түседі. Әрбір сәті соңғы сәт екенін, оның енді қайтып оралмайтынын, өзі де жарық жалғанға қонақ екенін пайымдамайды. Сендер де осында жалқы сәтке келген қонақсыңдар. Енді қайтқалы тұрсыңдар. Алла жолдарыңды оңдасын, бәрімізді Малай батырдың рухы қолдап жүрсін. Әумин!
Келгендер шалдың батасына ризашылық білдіріп, бет сипасып, қайта қараған. Әулие шалды кетерінде және бір көріп қалғысы келіп еді. Алайда ешкім көзге көріне қоймады. Келгендер бұл құдіретке таң қалысты. Сол тәңірінің кереметіне таң қалған күйі шетелдік жеңіл машиналарына отырып, жолға шыққан. Аз ғана мезетте Қайқы асуына келіп жетті. Жол бойы бір-біріне ләм деп ауыз ашпады. Елес-шал көз алдарынан кетпей, соны ойлаумен болған.
Қайқының асуына шыққанда түстік алаптан басын ақ шаңқан қар көмкерген найза шыңдар алыстан ереуілдегендей болып, мен мұндалаған. Ұшар басын ақ шағи қар өбектеген жалама құздар жүргіншілерге ақ қалпақ киіп, ақ сауытын қымтап, ақ найза ұстап алыста тұрған Малай батырдай сезілді.
Қайқы асуына шыққанда жүргіншілер өздерін тәңір таудың тұғырына шыққандай сезінді. Сәл қатқылдау тау самалы бойларына суық леп болып тарап, аздап жаурата түскендей. Сонау алыста, асудың батыс жақ бүйірінде иіріліп аққан көк өзеннің жағасында маңқиып тұрған Малай батырдың кесенесі көзге түседі. Осы бір таулы алапты қалтқысыз күзетіп тұрған қатал күзетші секілді. Жүргіншілер Қайқы асуынан жан-жаққа қызықтай көз тастап, тәңірлі тау табиғатына сұқтана қарап, риясыз, үнсіз кейіпте тұрып қалды…
Дәнеш
АХМЕТҰЛЫ





