ҚАШАҒАННЫҢ ҚҰСТАРЫ (Қ. Күржіманұлы поэзиясындағы орнитологиялық символика)

Бұл мақалада Қашаған Күржіманұлы поэзиясындағы орнитологиялық символика кешенді түрде қарастырылады. Ақын шығармаларында құс атау­лары табиғат көрінісін беретін бейнелеу құралы әрі тұтас дүниетаным­дық, әлеуметтік, моральдық, эстетикалық және поэтикалық код қызметін атқаратыны дәлелденеді. Қашаған поэзиясындағы бүркіт, сұңқар, қырғи, қаршыға, ақсұңқар, бидайық, дуадақ, дегелек, аққу, қаз, үйрек, бозторғай, бұлбұл, қарға, жапалақ, күйкентай, байғыз, шақшақай, шымшық, құзғын, қарақұс сияқты құс атауларының қолданылу жиілігі мен мағыналық жүктемесі сараланады. Зерттеу нәтижесінде Қашағанның құс символикасын төрт ірі поэтикалық арнада пайдаланатыны анықталды. Біріншісі – адам мінезі мен қоғамдық дәрежені сипаттау; екіншісі – ақындық қуат пен батырлық рухты бейнелеу; үшіншісі – табиғат, заман және апат философиясын беру; төртіншісі – фольклорлық-мифологиялық ойлау жүйесін жаңғырту. Мақалада Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық бейнелердің қазақ жыраулық дәстүрімен, саятшылық мәдениетімен және халықтық таныммен сабақтастығы айқындалады.
Қазақ поэзиясында табиғат нысандарының, жан-жануарлар мен құстардың символикалық қызметі ежелден айрықша орын алған. Соның ішінде құс бейнесі – еркіндік, рух, асқақтық, көрегендік, тектілік, сұлулық, тағдыр, хабар, тіпті қасірет пен апаттың да көркем коды ретінде жиі қолданылған әмбебап образ. Жыраулар поэзиясында бұл дәстүр ерекше тереңдеп, құстар дүниесі қоғамдық ойды астарлап жеткізудің, адамды бағалаудың көркем құралына айналды.
Осы тұрғыдан алғанда Қашаған Күржіманұлы шығармалары – қазақ поэзиясындағы орнитологиялық жүйенің ең мол әрі ең күрделі үлгілерінің бірі. Оның жырларында құс атаулары өте жиі ұшырасады және олар мағыналық қызметіне қарай әр алуан қабат түзеді. Бірде ақын өзін қыранға, сұңқарға, бидайыққа, ақсұңқарға балайды; бірде қарсыласын жапалаққа, қарғаға, күйкентайға теңейді; бірде бұлбұлды сөз шеберлігінің, тастүлекті батырлықтың, бозторғайды нәзік күйдің, қаз бен үйректі бейбіт тіршіліктің белгісі ретінде алады; енді бірде құзғын мен қарақұсты апаттың, өлімнің, қайғының ишарасына айналдырады.
Қашаған поэзиясындағы құс бейнесі тек эпитет немесе теңеу деңгейінде қалмайды. Ол ақынның дүниені жіктеу тәсіліне, адамды тану өлшеміне, эстетикалық талғамына, моральдық бағалау жүйесіне және тарихи-философиялық ойлауына тікелей қатысады. Сондықтан Қашаған мұрасындағы орнитологиялық символиканы арнайы қарастыру – ақын поэтикасының ішкі құрылымын танудың маңызды жолы.
Бұл мақаламыздың мақсаты – Қашаған поэзиясындағы құс атаулары мен құсқа қатысты образдардың көркемдік, идеялық және символикалық қызметін жүйелі түрде талдау.
Зерттеу нысаны ретінде Қашаған Күржіманұлының жекелеген жыр-толғаулары, айтыстары, сөз қағысулары және дастандарындағы құсқа қатысты үзінділер алынды. Материалдық негізді ақынның «Тойбастар», «Қонақкәде жыры», «Сақыпқа айтқаны», «Берекет ақынға айтқаны», «Нұрым мен Қашаған айтысы», «Қашаған мен Ізбас айтысы», «Қоштасу», «Мен қыранқұс едім желдеген», «Байұлы, шаршың толғасын», «Атамекен», «Жұт жылы», «Топан», «Адай тегі», «Қарасай-Қази» сияқты туындыларынан алынған мысалдар құрады.
Қашаған поэзиясында құс атаулары саны жағынан да, қызметі жағынан да ерекше мол. Бұлар екі үлкен топқа бөлінеді:
1. Жыртқыш, текті, биік құстар:
– бүркіт, сұңқар, қаршыға, қырғи, ақсұңқар, бидайық, тастүлек, қарақұс.
2. Әлсіз, ұсақ, төмен, тұрмыстық немесе жағымсыз реңкті құстар:
– қарға, жапалақ, байғыз, күйкентай, шақшақай, шымшық, шөже, торғай, тауық.
Бұлардан басқа үшінші бір аралық топ бар:
3. Сұлулық, бейбіт өмір, әсемдік, нәзіктік символдары:
– аққу, қаз, үйрек, бұлбұл, бозторғай, тоты, дуадақ, дегелек, шағала, қызғыш.
Қашаған осы үш қабат арқылы қоғамның да, адамның да ішкі иерархиясын жасайды. Яғни құс бейнесі оның поэзиясында натуралистік деталь әрі тұтас поэтикалық классификацияға айналған.
Қашаған өз болмысын, өнерін, жырдағы қуатын көбіне қыран құстар арқылы бейнелейді. Бұл – жыраулық поэзиядағы дәстүрлі тәсіл, бірақ Қашағанда ол өте жиі әрі жүйелі қолданылады. Мысалы:
«Мен қыранқұс едім желдеген,
Жел түбінде өрлеген.
Сызғырсам күшті суылым,
Қанатын қайшы сермеген…»
Бұл жолдарда ақын өзін аспан кеңістігінің еркін иесі ретінде көрсетеді. Қыранның «жел түбінде өрлеуі» – ақындық шалқуды, табиғи қуатты, еркін биікті меңзейді. Сол сияқты:
«Мен – бидайық, қырғимын,
Шабытым келсе, шүйілемін…»
Мұнда ақын шабытты сәтін қыранның шүйілуімен теңестіреді. Яғни сөз айту – оның танымында шабуыл, серпіліс, биіктен түсетін қуатты қимыл. Тағы бір жерде:
«Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын…»
Бұл тармақта сұңқар ақынның рухани және сөздік үстемдігін білдіреді. Мұнда қыран бейнесі әрі әсем теңеу, әрі поэтикалық билік белгісі. Қашаған айтыста қарсыласын жапалақ деп кемітіп, өзін сұңқар деп көтеру арқылы символдық басымдық орнатады. Сондай-ақ:
«Көп қарғаның ішінде
Көк барлаған сұңқардай…»
Бұл бейне ақынның өз ортасынан іріленіп, биік көкжиекке қарайтын ерекше тұлға екенін танытады. Қарға – көптің ішіндегі қарабайырлықтың белгісі болса, сұңқар – сол ортадан бөлек асыл сипат. Осы қатарға «ақсұңқар», «қаршыға», «қырғи», «тастүлек», «бала бүркіт» сияқты образдар да кіреді. Мысалы:
«Өмір, Темір сықылды
Бала бүркіт пішімді
Жаңа талап жастар мол…»
Мұндағы «бала бүркіт» – әлі толық толыспағанмен, болашақта биікке самғайтын жас қуаттың белгісі. Демек, Қашаған поэзиясында қыран құстар – ақынның өзіндік «менін», ақындық қуат пен шабытты, батырлық рухты, тектілік пен асқақтықты, рухани басымдықты білдіреді.
Қашағанның сатиралық поэтикасында құс бейнесі ерекше өткір қаруға айналады. Ол қоғамдағы надан, парықсыз, тәкаппар, арсыз, әлсіз, орынсыз көкіген адамдарды құс арқылы түйрейді. Мысалы:
«Құс азғыны – жапалақ,
Кесіртке, тышқан ілдім дер,
Қырандығым білдім дер…»
Жапалақ мұнда өз дәрежесін білмейтін, ұсақ жемге мәз болып, өзін үлкен күш иесі санайтын пенденің символы. Бұл – айтыстағы қарсыласқа берілген моральдық баға. Сол сияқты:
«Қарға деген азғын құс,
Қасиеті оның жоқ болар…»
Қарға Қашаған поэзиясында жиі жағымсыз реңкте келеді. Ол – арсыздықтың, өлексешілдіктің, төмен деңгейдің нышаны. Тағы бір мысал:
«Күйкентай деген құс болар, –
Далада жүріп мақтанса,
Қайраты батпан пұт болар…»
Бұл жерде күйкентай – болмысында салмақ жоқ, бірақ сырттай лепіріп көрінетін жанның карикатурасы. Ол кейде өзінен әлсіз жәндіктерге түсіп, өзін күшті сезінеді. Шағын жыртқыш құс болғанымен, оның күші мен айбары бүркіт немесе сұңқармен салыстыруға келмейді. Қашаған күйкентайды мақтаншақ адамның символы ретінде қолданады. Яғни кейбір адамдар өз шамасын білмей, әлсіз болса да өздерін күшті етіп көрсеткісі келеді. Ақын сондайларды әшкерелейді.
«Қырғидың күшін көрмесе,
Жапанда жапалақ жүрер есіріп…»
Бұл жолдардан Қашағанның моральдық философиясы айқын көрінеді. Әлсіз бен ұсақ өзінен күштімен кездеспеген кезде ғана есіріп жүреді. Яғни жапалақтың есірігі – шынайы қуат жоқ жерде туған жалған менмендік.
Осылайша ақын жапалақ, қарға, күйкентай, шымшық, шақшақай, байғыз бейнелері арқылы ұсақтықты, надандықты, жалған даңғойлықты, рухани жұтаңдықты, әлеуметтік аласалықты әшкерелейді.
Ақын қырғи мен жапалақ бейнесін салыстырады. Қырғи – жыртқыш, шапшаң, айбарлы, өткір, батыл аңшы құс ретінде белгілі. Ал жапалақ – ұсақ аңдарды ғана ұстайтын, әлсіздеу құс. Қашаған осы айырмашылықты пайдаланып, адамдар арасындағы айырмашылықты бейнелейді.
Жапалақтың «есіріп жүруі» – оның өзінен күшті қарсыласпен кездеспегенінің белгісі. Яғни әлсіз адам тек өзінен әлсіздер арасында жүргенде ғана өзін күшті сезінеді. Ал шынайы күш иесі пайда болған кезде оның дәрменсіздігі бірден көрінеді. Қашаған бұл ойды өте қысқа, бірақ өткір образ арқылы жеткізеді.
Бұл жерде жыраудың айтыс поэтикасына тән ерекшелік байқалады. Айтыс үстінде қарсыласты кемсіту немесе оның құлқын әшкерелеу үшін ақындар көбіне жануарлар мен құстардың бейнесін қолданған. Қашаған да осы дәстүрді жалғастыра отырып, жапалақты жалған даңғойлықтың символы ретінде көрсетеді.
Қашаған құс бейнелерін тек сатиралық немесе батырлық мақсатта ғана қолданбайды. Оның поэзиясында нәзік лирикалық, эстетикалық, әсемдік қыр да анық көрінеді. Мысалы:
«Кейбір қызға қарасам,
Тауға ойнаған бұлбұлдай…»
Бұлбұл мұнда нәзік сұлулықтың, әуезділіктің, қимыл көркемдігінің бейнесі.
«Кей қыздарға қарасам –
Көктемдегі қырмызы
Тауда ән салған бұлбұлдай…»
Бұл мысалда бұлбұл ән, әсемдік, жастықтың шалқу символына айналған. Сондай-ақ:
«Тоты құстай таранып,
Бойыңды түзеп сәнденген…»
Тоты құсы – көрік, әшекей, салтанат, сән-сымбат рәмізі. Ал қаз, үйрек, аққу бейнелері көбіне – сұлулық, көл мәдениеті, бейбіт өмір, табиғаттың молшылығы, жарасымды тіршілікпен байланысты беріледі. Мысалы:
«Сабасының түбінен
Үйректер ұшып ұядан,
Қаңқылдаған қаз болып,
Қу серуендеп саз болып,
Ұша алмай мамыр балапан
Балшығын шайнап мәз болып,
Қараұлы қазақ баласы…»
Бұл шумақта қаз бен үйрек – тұрмыс берекесінің, табиғат байлығының, қоныс құтының белгісі. Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символика – әлеуметтік-психологиялық мағынамен астасқан ерекше үлгілерінің бірі. Бұл жолдарда ақын құстардың табиғи тіршілігін суреттеу арқылы адам қоғамындағы құбылыстардың көркем метафорасына айналдырады. Ал серуендеген қу – табиғаттағы еркін қозғалыстың, жайбарақат тіршіліктің көрінісі. Әлі қанаты қатпаған «мамыр балапанның» мәз көңілді образын тек орнитологиялық сипаттау үшін қолданбаған. Әлеуметтік мағына беріп, табиғаттағы құс бейнесін алаңсыз, тіпті бейқам халыққа телиді.
Қашағанда бұлбұл, тоты, аққу, қаз, үйрек, дуадақ сияқты құстар – әсемдік, жарасым, нәзіктік, молшылық, салтанат, поэтикалық көркемдік рәміздері.
Берілген үзінділер Қашаған Күржіманұлының айтыс поэзиясындағы орнитологиялық символиканың айрықша жүйелі әрі өткір қолданылғанын көрсетеді. Бұл жолдарда құстар бейнесі ақындардың әлеуметтік беделін, рухани деңгейін және айтыстағы күш теңдігін бейнелейтін көркемдік құрал ретінде қызмет етеді. Қашаған қарсыластарымен сөз қағысқанда құстар әлеміндегі табиғи қарым-қатынасты өте дәл пайдаланып, поэтикалық салыстырулар арқылы өз үстемдігін көрсетеді.
Қашаған Қалнияз ақынмен кездесуінде салыстыру тәсілін қолданады:
«Теңестіріп бола ма
Жабы менен тұлпарды,
Қарақұс пенен сұңқарды?!»
Бұл жолдарда екі түрлі салыстыру қатар беріледі. Біріншісі – жабы мен тұлпар. Қазақ мәдениетінде жабы – қарапайым, ауыр, жүйріктігі төмен жылқы, ал тұлпар – батырдың аты, жүйріктіктің, асқақтықтың символы. Екінші салыстыру – қарақұс пен сұңқар. Қарақұс көбіне өлексемен қоректенетін, ауыр ұшатын құс ретінде бейнеленеді, ал сұңқар – биікте ұшатын, текті қыран. Қашаған осы екі параллельді салыстыру арқылы адамдар арасындағы айырмашылықты айқын көрсетеді: тұлпарды жабыға, сұңқарды қарақұсқа теңестіру мүмкін емес. Бұл жерде де құстар ақындық беделдің символына айналады. Келесі жолда бұл ой күшейе түседі:
«Порымы бүркіт құсаған…»
Мұнда бүркіт бейнесіне ұқсату арқылы адамның сыртқы кескінімен қоса оның рухани болмысын білдіреді. Қазақ поэзиясында бүркіт – батырлықтың, биіктіктің, еркіндіктің белгісі. Сондықтан бұл теңеу – оның тұлғалық айбары мен беделін сипаттайтын жоғары баға.
Қашағанның Ізбасқа айтқан сөздерінде орнитологиялық символика айтыс сатирасының өткір құралына айналады. Ақын қарсыласын жапалаққа теңейді:
«Сен бір жүрген жапалақ,
Көріп пе едің жүргенін
Жапалақ құстың аң алып?»
Жапалақ – көбіне түнде жүретін, ұсақ аңдармен қоректенетін құс. Қазақ поэтикалық дәстүрінде ол әлсіздік пен дәрменсіздіктің символы ретінде қолданылған. Қашаған бұл бейне арқылы қарсыласының қабілетсіздігін меңзейді. Жапалақтың үлкен аң ала алмайтыны сияқты, қарсыласы да үлкен өнер иесі емес деген астар бар. Бұл ой келесі жолдарда одан әрі күшейеді:
«Сен бір қарға, мен – сұңқар,
Тоғыңды шайқап бүлінбе…»
Қарға мен сұңқардың қарсы қойылуы – айтыс поэзиясында жиі кездесетін символдық қарама-қарсылық. Қарға – төменгі деңгейдің, сұңқар – биік рухтың белгісі. Қашаған өзін сұңқарға теңей отырып, қарсыласына өз орнын білуді ескертеді. Ақын қарсыласының әрекетін тағы бір образ арқылы сипаттайды:
«Қабыланға тиген қарғадай
Сен бір қара маңдайсың…»
Бұл жерде қарға бейнесі тағы да әлсіздік пен орынсыз батылдықтың символы ретінде көрінеді. Қабылан – күшті жыртқыш аң, ал қарға – әлсіз құс. Мұндай салыстыру қарсыластың өз шамасын білмей, өзінен әлдеқайда күшті қарсыласпен айтысқа түскенін білдіреді. Келесі жолдарда Қашаған құстар әлеміндегі түрлі бейнелерді бірінен соң бірін келтіріп, қарсыласының тұрқы мен құлқын әшкерелейді:
Қашаған бұл бейнені жалған мақтанның символы ретінде қолданады. Ақын бұл ойды қарға бейнесі арқылы да жалғастырады:
«Қарға деген азғын құс,
Қасиеті оның жоқ болар…»
Қарғаның өлексемен қоректенуі, қарқылдаған үні сияқты қасиеттері оны төмен құс ретінде сипаттауға себеп болған. Қашаған бұл бейнені қарсыласының рухани деңгейін төмендету үшін қолданады. Жапалақ бейнесі де осы қатарда жалғасады:
«Құс жаманы жапалақ,
Кесіртке, тышқан жедім деп,
Қырғидың күшін көрмесе
Ол-дағы жүрер есіріп…»
Бұл жерде ақын жапалақты мысалға келтіріп, жалған батырлықтың мәнін ашады. Егер жапалақ қырғымен кездессе, оның әлсіздігі бірден көрінер еді. Бұл салыстыру арқылы ақын қарсыласының шынайы өнер иесімен кездеспегендіктен ғана өзіне «сенімді» болып жүргенін меңзейді. Келесі жолдарда шөже бейнесі қолданылады:
«Шөже деген бір торғай
Ұясында жатқанда
«Көкті тіреп жатыр» деп
Аяғын жимас көсіліп…»
Бұл бейне қазақ фольклорында кең тараған мысалдың бірі. Ұясында жатқан шөже өзін әлемнің тірегі сияқты сезінеді. Бірақ бұл тек иллюзия. Қашаған осы бейне арқылы адамның өз ортасында ғана «батыр» болып көрінуі мүмкін екенін көрсетеді. Бұл иллюзияның күйреуі келесі жолдарда көрінеді:
«Қырғи құсқа тап болса,
Төрт бөлініп төс еті,
Қанаты қалар кесіліп…»
Қырғи – өте шапшаң жыртқыш құс. Ол ұсақ құстарды оңай ұстайды. Сондықтан шөженің қырғимен кездесуі оның әлсіздігін бірден ашып береді. Бұл – табиғаттағы күш иерархиясының көрінісі. Қашағанның Ізім шайырмен айтысында да орнитологиялық символика ерекше байқалады. Ақынның «Ажалды қарға ойнайды бүркітпенен…» деген сөзі – халық арасында кең тараған мәтелдік бейне. Мұнда қарға мен бүркіт тағы да қарама-қарсы қойылады. Бүркіт – ең биік қыран, ал қарға – әлсіз құс. Сондықтан қарғаның бүркітпен «ойнауы» – өзінің ажалына өзі ұмтылған әрекет. Қашаған бұл бейнені қарсыласына ескерту ретінде қолданады.
Бұл үзінділер Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символиканың айтыс өнеріндегі негізгі көркемдік құралдардың бірі екенін көрсетеді. Ақын құстар әлеміндегі табиғи бағыныс жүйесін дәл пайдаланып, адамдар арасындағы рухани, әлеуметтік және шығармашылық айырмашылықтарды бейнелейді. Сұңқар, бүркіт, қырғи сияқты қыран құстар – күштің, еркіндіктің және өнердің символы болса, қарға, жапалақ, шөже сияқты құстар – әлсіздіктің, жалған мақтанның және рухани төмендіктің бейнесі ретінде көрінеді. Осылайша Қашаған құстар бейнесі арқылы айтыс поэзиясын ерекше өткір әрі әсерлі көркемдік деңгейге көтереді.

* * *
Қашаған поэзиясының ерекшелігі – құс бейнелерін әр түрлі контексте қолдана отырып, олардың мағынасын үнемі өзгертіп, тереңдетуінде. «Бастапқы сөз» деп аталатын жырында ақын қоғамдағы адамдарды сын тұрғысынан бейнелейді:
«Байларым, басың құралса
Ат пенен айғыр, атан-нар,
Құс, жүйрігін мақтасып,
Қызарақтап боқтасып,
Қарқылдасып күлесің,
Алдарыңда не барын
Қашан ғана білесің?»
Қазақ қоғамында жүйрік ат пен қыран құс – мәртебенің белгісі болған. Бірақ Қашаған бұл дәстүрді сынай отырып, байлардың тек сыртқы сән-салтанатты мақтан ететінін, ал болашақ тағдыр туралы ойламайтынын меңзейді. Мұнда құс бейнесі әлеуметтік сынның құрамдас бөлігіне айналады.
«Алашаның келіншегіне айтқаны» атты үзіндіде жапалақ бейнесі тағы да жағымсыз мағынада қолданылады:
«Мен емес қой, келінжан,
Үш қатынның бірі етіп
Қосақтаған сені жаманға,
Жапалақ құсқа жем қылып…»
Бұл жерде «Жапалаққа жем болу» – адам тағдырының ауыр жағдайға түсуін білдіретін астарлы тіркес. Ақын осы сөзімен әйелдің тұрмыстағы қиын жағдайын бейнелейді.
Ал «Тойбастар» өлеңіндегі құс бейнесі мүлде басқа сипат алады:
«Тоты құстай таранып,
Бойыңды түзеп сәнденген,
Өтейін деп отырсың
Балдырлы балқаш көлдерден…»
Тоты құс – сұлулықтың, сәннің символы. Қазақ поэзиясында тоты көбіне әдемі киінген, көркем келбетті адамға теңеу ретінде қолданылады. Бұл жолдарда ақын тойдағы қыз-келіншектердің сәнді бейнесін сипаттау үшін осы образды пайдаланады.
«Оразмағамбет ахунға» арналған өлеңде құс бейнесі тағы бір ерекше мағынада көрінеді:
«Үстің – көрпе, астың – құс,
Ойласаң, ұйқы – жаман іс…»
Бұл жерде «құс» сөзі жайлылықты білдіретін метафора ретінде қолданылған. Қазақ тілінде «құс төсек» тіркесі жұмсақ, жайлы төсек мағынасын береді. Ақын бұл бейнені пайдаланып, адамның тым жайлы өмірге беріліп кетпеуін ескертеді. Келесі жолдарда құс бейнесі ақындық өнердің символына айналады:
«Шешендер де көп өтті
Бұлбұл құстай сайраулы…»
Бұлбұлдың сайрауы ақынның немесе шешеннің көркем сөйлеу қабілетіне теңеледі. Қашаған бұл бейне арқылы бұрынғы шешендердің өнерін жоғары бағалайды.
«Байұлы, шаршың толғасын» атты толғауында бұлбұл бейнесі тағы да ақындық өнермен байланыстырылады:
«Асылық сөзді сөйлемейд
Асылы бұлбұл болғасын…»
Бұл жолдарда бұлбұл – асыл сөздің иесі, көркем сөйлеудің символы. Ақын шынайы өнер иесінің бос сөзге бармайтынын меңзейді. Келесі жолдарда да бұлбұл бейнесі жалғасады:
«Бақшадағы бұлбұлдай
Мен бабында бұрын сайраған…»
Ақын өз өнерін бұлбұлдың сайрауымен салыстырады. Бұл – жыраудың өз ақындық қуатын сипаттайтын дәстүрлі тәсіл.
«Сағындыққа айтқаны» атты өлеңде бозторғай бейнесі көрінеді:
«Уа, бозторғай ұя салар шөп басына,
Шошыма бір түрікпеннің бопсасына…»
Бозторғай – нәзік, бірақ еркін құс. Қазақ поэзиясында ол көбіне үміттің, еркіндіктің символы. Ақын бұл бейне арқылы әлсіз көрінгенімен, рухы мықты болуға шақырады.
«Қашағанның бітім сөзінде» құс бейнесі ерекше метафоралық сипат алады:
«Қолдағы бұлбұл домбыра
Сағасымен өкпелеп,
Өз алдына көкіп жүр…»
Мұнда домбыра бұлбұлға теңеледі, домбыраның үні бұлбұлдың сайрауына ұқсас деп бейнеленеді. Бұл – қазақ поэзиясындағы музыкалық метафораның жарқын үлгісі.
Қамауға алуға келгендерге айтқан сөзінде ақын өзін қыран құсқа теңейді:
«Ағиық қыран мен едім –
Жетпіс жылдай желпініп,
Мұзға салған ұясын…»
Ақиық қыран – ең биік, еркін құстардың бірі. Бұл бейне ақынның еркін рухын, батылдығын білдіреді.
Өлер алдындағы «Қоштасу» сөзінде құс бейнесі тағы да ерекше мағынада көрінеді:
«Бұлбұлға мәуе емес, басқа қонып,
Бұл күнде күйім кетіп күркілдедім…»
Бұл жерде бұлбұл бейнесі ақындық қуаттың әлсіреуін білдіреді. Бұрынғы сайраған бұлбұл енді үнін жоғалтқандай күйге түскен.
«Алқаңда саятшы едім – қыраныма
Айдыннан қу алдырып дабыл қаққан…»
Бұл жерде ақын өзін саятшыға, ал өнерін қыран құсқа теңейді. Бұл – жыраулық поэзиядағы кең тараған символдық құрылым.
Інісі Бәйекеге арналған жолдарда қыран бейнесі тағы да қолданылады:
«Қарт қырандай түледім,
Мейірленді жүрегім…»
Қыранның түлеуі – оның жаңару кезеңі. Ақын бұл бейне арқылы өзінің өмірлік тәжірибесін, рухани өзгерісін білдіреді.
Бұл үзінділер Қашаған поэзиясында құс бейнесі бірнеше түрлі мағынада қолданылатынын көрсетеді. Біріншіден, қыран құстар – еркіндіктің, батырлықтың, ақындық қуаттың символы. Екіншіден, жапалақ пен қарға сияқты құстар – әлсіздік пен кемшіліктің белгісі. Үшіншіден, бұлбұл – көркем сөздің, шешендік өнердің бейнесі. Төртіншіден, бозторғай, қаз, үйрек сияқты құстар табиғаттың тыныштығын, туған жердің көркемдігін бейнелейді. Осылайша Қашаған орнитологиялық образдарды өте кең мағынада пайдаланып, қазақ поэзиясында ерекше символдық жүйе қалыптастырады.

* * *
Енді Қашаған Күржіманұлының «Жұт жылы», «Топан» және «Адай тегі» дастандарынан үзінділер келтірсек, жырау поэзиясындағы орнитологиялық символиканың тек жеке өлеңдерде ғана емес, эпикалық кең тынысты шығармаларда да жүйелі түрде қолданылғанын көреміз. Бұл дастандарда құс бейнелері бір жағынан табиғат көрінісін бейнелеу құралы болса, екінші жағынан әлеуметтік күйзелісті, тарихи апатты, халық тағдырын білдіретін күрделі поэтикалық символдарға айналады. Қашағанның ерекшелігі – құстар әлемін тек көркем деталь ретінде емес, оқиғаның ішкі динамикасын түсіндіретін философиялық модель ретінде пайдалануында.
«Жұт жылы» дастанындағы алғашқы жолдар көшпелі қазақ қоғамының дәстүрлі өмір салтын көрсетеді:
«Ит жүгіртіп, құс салып,
Ат шаптырып бәйгі алып
Қызық көрген ел едім…»
Қазақ қоғамында қыран құспен аң аулау – еркін өмірдің белгісі болған. Қашаған бұл тіркесті пайдалана отырып, жұтқа дейінгі халық өмірінің сән-салтанатты, молшылық кезеңін еске түсіреді. Мұнда құс бейнесі – дәстүрлі мәдениеттің, бай өмірдің символы. Келесі жолдарда ақын Сарыарқа табиғатын ерекше әсерлі суреттейді:
«Құрбақасын құрлатып,
Бозторғайын шырлатып,
Қоңыр қазын ақыртып,
Үйрегін нардай бақыртып,
Шағалаларын шақыртып,
Қызғыш құсты шулатып…»
Бұл жолдарда бірнеше түрлі құс қатар беріледі. Бозторғай, қаз, үйрек, шағала, қызғыш – бәрі де дала мен көл табиғатының тұрақты бейнелері. Ақын бұл құстардың дауыстары арқылы табиғаттың тірі әлемін бейнелейді. Бозторғайдың шырылы – жазғы даланың әуені, қаз бен үйректің дауысы – көлдің тынысы, шағаланың шаңқылы – су кеңістігінің белгісі. Қашаған бұл орнитологиялық детальдарды пайдаланып, табиғат пен адам өмірінің біртұтас әлем екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, бұл табиғи үйлесім кейін жұттың салдарынан бұзылады:
«Балқашты анау көлдерге
Байларым жылқы жапқан жер,
Бар бақытын тапқан жер.
«Ит» деген жұттың зарпынан
Күндердің күні болғанда,
Адыра қалып жатқан жер…»
Бұл жерде бұрын құстардың үнімен жанданып тұрған табиғат кенеттен қаңырап бос қалғандай әсер қалдырады. Орнитологиялық бейнелер табиғаттағы тіршіліктің бар екенін көрсетсе, жұт сол тіршіліктің күйреуін білдіреді. Келесі жолда ақын құс бейнесін әлеуметтік метафора ретінде қолданады:
«Бүгінгі адам нәмісі
Лек-лек құсқа ұқсайды…»
Мұндағы лек-лек құс – топ-топ болып ұшатын құстарды білдіреді. Ақын бұл бейне арқылы адамдардың намысы тұрақсыз, желмен бірге қозғалған құстар сияқты құбылмалы екенін меңзейді. Бұл – қоғамдағы моральдық күйзелісті сипаттайтын философиялық ой.
«Топан» дастанында орнитологиялық символика одан әрі күрделене түседі. Мысалы:
«Мырзалары болыпты
Құбарлан ертіп құс салған,
Лашын, сұңқар ұстаған…»
Мұнда лашын мен сұңқар – дәулетті өмірдің белгісі. Бұл құстарды баптау тек бай адамдардың қолынан келген. Сондықтан олар әлеуметтік мәртебенің символына айналады. Дастанның ең қызықты эпизодтарының бірі – бозторғай мен бүркітке байланысты өрбитін оқиға:
«Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты…»
Бозторғай – әлсіз, нәзік құс. Бірақ дәл осы құс үлкен оқиғалар тізбегінің басталуына себеп болады. Бұл жерде Қашаған табиғаттағы кішкентай себептің үлкен апатқа әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Келесі жолдарда оқиға динамикалық түрде дамиды:
«Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды…»
Бозторғайдың әрекеті табиғаттағы қозғалысты бастайды. Оның шырылдауы мен ұшуы оқиғаның қарқынын арттырады. Бұл қозғалыс кейін бүркітпен қақтығысқа ұласады:
«Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен сонда тайсалмай…»
Мұнда табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады, яғни әлсіз торғай күшті бүркітке қарсы шығады. Табиғи тәртіптің бұзылған соң оқиға әрі қарай күрделене түседі:
«Қара бүркіт құтырды,
Әлгі бозторғайды қағып жеп…»
Бүркіт – ең күшті жыртқыш құстардың бірі. Бірақ ол да тынышталмайды, керісінше одан әрі қозғалысқа түседі. Кейін бүркіт су әлеміне араласады:
«Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нән балық –
Салған екен соған шеңгелді…»
Бұл жерде аспан әлемінің құсы мен су әлемінің балығы түйіседі. Табиғаттағы әр түрлі стихиялар бір-бірімен байланысады. Оқиға шарықтау шегіне жеткенде балық бүркітті жұтады:
«Желігіп келген бүркітті
Жұтып салып жалманды…»
Бұл – табиғаттағы күштердің бір-бірін жұтып жатқан күрделі тізбегі. Қашаған бұл эпизод арқылы апаттың қалай өрбитінін символдық түрде көрсетеді. Дастанның келесі бөлігінде құс бейнесі тағы бір ерекше теңеуде көрінеді:
«Дуадақтай салқыған,
Қудай даусы саңқыған…»
Дуадақ – дала құстарының ішіндегі ірі, айбарлы түрлерінің бірі. Оның салмақты жүрісі мен зор даусы ақын үшін ерекше әсерлі бейне. Мұнда дуадақ бейнесі халықтың күйзелісін, елдің ауыр жағдайын бейнелеуге қызмет етеді.
«Адай тегі» дастанында құс бейнесі тұрмыстық және тәрбиелік мәнде көрінеді:
«Құс мамықты төсектен
Таңертең бірге өреді…»
Бұл жерде құс мамығы – жайлы өмірдің белгісі. Қазақ дәстүрінде құс мамығынан жасалған төсек жұмсақ әрі бағалы саналған.
Келесі жолдарда құс бейнесі қауіптің символына айналады:
«Жемтігі болып қалмасын
Қасқыр мен түлкі, қарғаның…»
Қарға – өлексемен қоректенетін құс болғандықтан ол әлсіз, қорғансыз тіршілік иесінің үстіне түсетін қауіптің символы ретінде бейнеленеді.
Бұл дастандарда құс бейнелері бірнеше маңызды қызмет атқарады. Біріншіден, олар табиғат көрінісін бейнелейді. Бозторғай, қаз, үйрек, шағала, қызғыш сияқты құстар далалық өмірдің табиғи ортасын сипаттайды. Екіншіден, құстар әлеуметтік және мәдени символдарға айналады. Үшіншіден, орнитологиялық бейнелер философиялық мағынаға ие болады. Бозторғайдан басталған оқиға тізбегі табиғаттағы себеп-салдар байланысын көрсетеді. Төртіншіден, құстар адамның тағдырын бейнелейтін метафора ретінде қолданылады.
Осылайша Қашаған поэзиясында орнитологиялық символика – көркем детальмен қоса эпикалық ойлаудың маңызды элементі. Құстар арқылы ақын табиғатты, қоғамды, адамды және тарихи оқиғаларды біртұтас поэтикалық жүйеде бейнелейді.

* * *
Қашаған Күржіманұлының «Қырқадан қырға қараған» атты жырындағы және Бітеген жыраумен сөз қағысуындағы берілген үзінділер жырау поэзиясындағы орнитологиялық символиканың батырлық, әлеуметтік және эстетикалық мағыналарын айқын көрсетеді. Бұл жолдарда құстар бейнесі батырлық рухтың, ерлік қасиеттің және ақындық беделдің символына айналады. Қашаған құстардың табиғи қасиеттерін өте дәл байқап, сол ерекшеліктерді адамды бейнелеудің поэтикалық тәсілі ретінде қолданады.
«Қырқадан қырға қараған» жырындағы алғашқы жолдарда таулы кеңістіктегі жыртқыш құстың бейнесі беріледі:
«Тау басында – тастүлек
Қиғырса да алыстан,
Таудың аңы жым болар…»
Тастүлек – жас бүркіт, енді ғана түлеп, күш жинап келе жатқан, бірақ табиғатынан аса қуатты жыртқыш құс. Оның «қиғырған» даусы – аңдарға қауіптің белгісі. Ақын бұл көрініс арқылы табиғаттағы жыртқыштық иерархияны көрсетеді. Тастүлектің өзі көрінбей тұрса да, оның дауысын естіген аңдар бірден тығылады. Бұл – жыртқыш құстың табиғи үстемдігін білдіретін бейне.
Қашаған құстар әлемінің ерекшеліктерін жақсы білген. Сондықтан ол тастүлекті жас бүркіт ретінде нақтылап, поэтикалық бейненің мағынасын айқындайды. Жас бүркіт – күшке толы, бірақ әлі толық жетілмеген қыран. Бұл бейне жас батырдың немесе жаңа қалыптасып келе жатқан ердің символы ретінде қабылдануы мүмкін. Жырдың келесі жолдарында қаршыға бейнесі қолданылады:
«Қаршыға құстың баласы
Қанатын қақпай қу алған…»
Қаршыға – өте шапшаң жыртқыш құс. Ол көбіне ұсақ құстарды немесе аңдарды жылдам шабуылмен ұстайды. Ақын қаршығаның «қанатын қақпай қу алу» қасиетін ерекше атап көрсетеді. Бұл – шапшаңдық пен дәлдіктің белгісі. Сол арқылы Қашаған батырлық қасиетті сипаттайды. Осы ой келесі жолда тікелей батырлық ұғымымен байланысады:
«Хас батырдың белгісі –
Сескенбей жаудан ту алған…»
Бұл жерде қаршыға бейнесі батырлықтың символына айналады. Қаршығаның батыл шабуылы мен батырдың жаудан тайсалмай ту алуы арасында көркем параллель жасалады. Осылайша орнитологиялық бейне батырлық эпостың поэтикалық құрылымына енгізіледі.
Қашаған мен Бітеген жырау арасындағы сөз қағысында құстар бейнесі айтыс поэзиясының өткір құралы ретінде қолданылады. Ақын қарсыластар арасындағы айырмашылықты көрсету үшін салыстыру тәсілін қолданады:
«Көп қарғаның ішінде
Көк барлаған сұңқардай…»
Бұл салыстыру өте әсерлі. Қарға – қазақ поэзиясында көбіне төменгі деңгейдегі құс ретінде сипатталады. Ал сұңқар – ең биік қырандардың бірі. Сондықтан «көп қарғаның ішінде сұңқар» болу – көптің арасындағы ерекше тұлғаны білдіреді. Сұңқар бейнесі асқақ рухтың, биік мақсаттың символы ретінде көрінеді.
Бұл үзінділер Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символиканың бірнеше маңызды қырын көрсетеді. Біріншіден, қыран құстар – батырлық пен ерліктің символы. Тастүлек, қаршыға, сұңқар бейнелері батылдық пен күшті білдіреді. Екіншіден, құстар арасындағы иерархия адамдар арасындағы әлеуметтік немесе шығармашылық айырмашылықты көрсету үшін пайдаланылады. Қарға мен сұңқардың салыстырылуы осының айқын мысалы. Үшіншіден, орнитологиялық бейнелер ақынның өзіндік поэтикалық стилінің бір бөлігіне айналған.
Қашаған табиғатты, әсіресе құстар әлемін терең бақылаған ақын болғаны анық. Ол құстардың болмысын, ұшу ерекшеліктерін, аңшылық қасиеттерін жақсы білген. Сондықтан оның поэзиясында орнитологиялық образдар тек көркем теңеу емес, табиғаттың нақты бақылауына негізделген поэтикалық жүйе ретінде көрінеді.
Қашаған поэзиясының ең қызық сипатының бірі – ол құстар арқылы қоғамның әлеуметтік және рухани картасын жасайды. Оның дүниетанымында барлық құс бірдей емес, дәл сол сияқты барлық адам да тең емес. Құс атаулары адамдық сапаның өлшеміне айналады. Мысалы, «Сақыпқа айтқанында»:
«Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қарақұс,
Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне…»
Бұл жерде табиғи иерархия – қоғамдық дәрежелік жүйенің моделі. Қарға да, қаз да, үйрек те, қарақұс та бүркіттің орнына таласпайды. Яғни әр нәрсенің, әр кісінің өз орны бар.
Бұл – Қашаған Күржіманұлы поэзиясындағы орнитологиялық символиканың айқын көріністерінің бірі. Ақын бұл жерде құстар әлеміндегі табиғи иерархияны суреттей отырып, адам қоғамындағы моральдық және әлеуметтік тәртіп туралы астарлы ой айтады. Жырдағы бейнелер нақты табиғат құбылыстарынан алынғанымен, олардың поэтикалық қызметі әлдеқайда кең. Қашаған құс бейнесі арқылы әлсіздік пен күштің, дәреженің және шама-шектің арасындағы табиғи шекараны көрсетеді.
Мына үзіндіде негізгі назар «балапан үйрек» пен «бүркіт» арасындағы қатынасқа аударылады:
«Алыстан көрсе қарасын,
Балапан үйрек баласы,
Көзі түссе жаутаңдап,
Қысса да қайрат қаусаңдап,
Қорқып, келмейтін еді ғой
Бүркіттің, сірә, шеміне…»
Мұнда «балапан үйрек» бейнесі – әлсіздіктің, дәрменсіздіктің және қорғансыз тіршіліктің символы. Қазақ дүниетанымында үйрек көбіне бейбіт тіршіліктің, көл маңындағы тыныш өмірдің белгісі ретінде көрінеді. Ал «балапан үйрек» – сол бейбіт тіршіліктің ең әлсіз, ең қорғансыз сатысы. Қашаған дәл осы образды таңдау арқылы табиғаттағы әлсіз жаратылыстың өз шама-шегін инстинктивті түрде білетінін көрсетеді.
Жырдағы «алыстан көрсе қарасын» деген тіркес ерекше мәнге ие. Бұл жерде «қарасын» сөзі бүркіттің алыстан көрінген бейнесін білдіреді. Бүркіт – аспан иесі, жыртқыш құстардың ең айбындысы. Ол – биіктің, күштің, үстемдіктің символы. Сондықтан үйрек балапаны бүркітті алыстан көрген сәттен-ақ оның қаһарын сезеді.
Келесі жолдарда бұл психологиялық күй тереңдетіледі: «Көзі түссе жаутаңдап». Мұнда ақын құсты адам психологиясына жақындатып суреттейді. «Жаутаңдау» – қорқыныштың, әлсіздіктің, шарасыздықтың белгісі. Бұл жерде балапан үйректің көзі бүркітке түсісімен оның бойын үрей билейді. Табиғаттағы инстинкттік қорғаныс механизмі поэтикалық тілде дәл берілген.
Ал «қысса да қайрат қаусаңдап» деген жолда Қашаған тағы бір маңызды деталь енгізеді. Балапан үйрек өз әлінше қайрат көрсетуге тырысқанымен, оның күші қауқарсыз. «Қаусаңдау» сөзі – әлсіздіктің, тозған күштің белгісі. Ақын осылайша күш пен әлсіздік арасындағы айырмашылықты нақты көрсетеді. Табиғатта әр тіршілік иесінің мүмкіндігі шектеулі, сондықтан әлсіз тіршілік иесі күштіге қарсы тұруға дәрменсіз.
Үзіндінің соңғы жолы бұл ойды түйіндейді: «Қорқып, келмейтін еді ғой / Бүркіттің, сірә, шеміне…» Мұндағы «шеміне келу» тіркесі – қарсы келу, бетпе-бет шығу деген мағынаны білдіреді. Ақынның айтуынша, үйрек балапаны ешқашан бүркіттің қарсы алдына келмейді. Бұл – табиғи заңдылық. Табиғаттағы әлсіз жаратылыс өзіне қауіп төндіретін күшке қарсы ұмтылмайды.
Алайда бұл жолдар тек орнитологиялық бақылау ғана емес. Қашаған бұл көрініс арқылы адам қоғамындағы қатынастарды меңзейді. Ақынның поэтикасында бүркіт көбіне күшті, беделді, биік тұлғаның символы болып келеді. Ал үйрек балапаны – әлсіз, дәрменсіз, кейде рухани тұрғыдан төмен адамның бейнесі. Сондықтан бұл үзіндіде табиғаттағы құстар арасындағы қатынас арқылы адамдар арасындағы иерархия көрсетіледі.
Қашағанның негізгі ойы – табиғаттың өзі тәртіпке құрылған. Әлсіз тіршілік иесі өз орнын біледі, ал күшті жаратылыс өз табиғи үстемдігін сақтайды. Осы тұрғыдан алғанда, ақын табиғаттағы үйлесімділікті қоғамдағы тәртіптің үлгісі ретінде ұсынады. Яғни әркім өз шамасын, өз дәрежесін білуі тиіс.
Қашаған жақсы қанық болған бүркіт пен үйрек арасындағы қатынас нақты табиғи бақылауға негізделген. Дала өмірінде бүркіт – ең айбынды жыртқыштардың бірі. Оның көлеңкесін көрген ұсақ құстардың үркіп кетуі – табиғаттағы қалыпты көрініс. Ақын осы табиғи құбылысты көркем образға айналдырып, әлеуметтік-философиялық мазмұн береді.
Сонымен қатар бұл жолдар Қашаған поэзиясының тағы бір ерекшелігін танытады. Ақын табиғат суретін бейнелегенде оны тек декоративтік элемент ретінде қолданбайды. Әрбір образ белгілі бір идеялық қызмет атқарады. Құс бейнесі арқылы ақын адамның болмысын, қоғамдағы орнын, моральдық қағидаларды бейнелейді.
Қашаған жырларындағы құстар бейнесінің өміршеңдігі де осында – олар тек табиғаттың суреті ғана емес, адам болмысының көркем метафорасы. Осы жалғаста:
«Қаршыға аққуды алғанда,
Құс жаманы жапалақ
Тышқанды басып қалғанда,
О да арланбайтын еді ғой
Өз дәрежесінің кеміне…»
Бұл – аса терең жолдар. Мұнда ақын табиғаттың өзі дәрежені білетінін, шама мен шекті сақтайтынын айтады. Тек адам ғана кейде өз орнын ұмытып, жөнсіз таласқа түседі. Осыдан Қашаған поэтикасындағы маңызды заңдылық шығады, құс әлеміндегі табиғи тәртіп – қоғамға да үлгі болатын моральдық тәртіп.
Берілген үзінділер – Қашаған Күржіманұлы поэзиясындағы қыран құстар бейнесі арқылы жасалған батырлық-ақындық символиканың айқын көрінісі. Мұнда ақын қара бүркіт пен қаршығаның табиғи болмысын суреттеу арқылы күш, қайсарлық, рухани үстемдік және ерлік қасиеттерін бейнелейді. Бұл жолдар Қашағанның орнитологиялық бейнелеуді тек табиғат сипаттау үшін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік-психологиялық және поэтикалық мағына жүктейтін күрделі символ ретінде пайдаланғанын көрсетеді.
«Қара бүркіт, қаршыға,
Қартайып жасы жеткенше,
Бұйрықты күні біткенше
Алатын аңын қоймаған…»
Осы ой арқылы ақын бүркіт пен қаршығаның өмірлік табиғатын сипаттайды. Қыран құстардың басты ерекшелігі – олардың өмірінің соңына дейін аңшылық қасиетін жоғалтпайтыны. Мұндағы бүркіт – күштің, тұрақтылық пен табандылықтың символы. Қашаған осы табиғи қасиетті ерекше атап көрсетеді. Қыран өз міндетін өмірінің соңына дейін атқарады.
Жырау үшін қыран құс – нағыз ердің, нағыз ақынның бейнесі. Қыран қалай қартайғанша аңшылық қасиетін жоғалтпаса, нағыз батыр немесе нағыз жырау да өз рухани қуатын өмірінің соңына дейін сақтауы тиіс. Осылайша табиғаттағы құстың болмысы адамдық қасиеттің символына айналады.
Келесі жолдарда қыран құстың жыртқыштығы ерекше детальдар арқылы беріледі:
«Ашуы келсе, аң алып,
Төс етін жемей, төрт тартып,
Жемсауын қимай, бір қарпып.
Жеген жемге тоймаған…»
Мұнда Қашаған қыранның аң алу сәтін көз алдыңа әкелетіндей етіп суреттейді. Бүркіт аңды алған кезде оның етін толық жеп отырмайды, көбіне бір-екі рет шоқып, жемсауын толтырып алады. Ақын осы табиғи әрекетті дәл сипаттай отырып, қыранның күшін, тәбетін, еркіндігін көрсетеді.
«Жеген жемге тоймаған» деген жол ерекше назар аудартады. Бұл жерде қыранның тойымсыздығы – ашкөздік емес, қайта оның табиғи қуаты мен шексіз энергиясының белгісі ретінде көрінеді. Қыран әрдайым әрекет үстінде, әрдайым аңшылық үстінде. Ол ешқашан әлсіреп, тоқтап қалмайды. Бұл қасиет жыраудың өз жаратылысымен де астасып жатыр. Қашаған поэзиясында ақындық қуат та дәл осындай тоқтаусыз, тынбайтын күш ретінде бейнеленеді.
Келесі жолдарда орнитологиялық сипаттаудан әлеуметтік-поэтикалық мағынаға ауысады:
«Адай түгіл, Байұлы,
Байұлы түгіл, Алшында
Жеңемін деп жарысып,
Мерекелі жерлерде
Ешкім жоқ бізбен ойнаған…»
Бұл жолдарда ақын құс бейнесінен біртіндеп айтыс поэтикасына өтеді. Бүркіт пен қаршығаның күшін сипаттау арқылы ол өзінің ақындық беделін меңзейді. Қазақ айтыстарында ақын-жыраулардың өздерін көбіне қыран құстарға теңейтіні – дәстүрлі поэтикалық тәсіл. Қашаған да осы дәстүрді жалғастыра отырып, өз сөзінің қуатын қыранның күшіне балайды. Ақын өз беделінің тек бір ру немесе бір өңір шеңберімен шектелмейтінін көрсетеді. Мұндай тәсіл жыраулық поэзияда жиі кездеседі, ақын өзінің өнерін кең кеңістікке қатыстырып, беделін күшейтеді.
«Мерекелі жерлерде ешкім жоқ бізбен ойнаған» деген жол айтыс өнеріндегі үстемдікті білдіреді. Мұнда «ойнау» сөзі айтысқа түсу, сөз сайысына шығу мағынасында қолданылған. Қашаған өзін қыран құсқа теңей отырып, қарсыластарының онымен тең дәрежеде айтыса алмайтынын меңзейді. Бұл үзіндінің маңызды ерекшелігі – онда табиғат суреті мен әлеуметтік мағына бір-бірімен тығыз байланыста беріледі. Алғашқы жолдарда қыран құстың табиғи болмысы сипатталса, кейінгі жолдарда сол образ ақынның жеке тұлғасын сипаттайтын символға айналады. Осылайша Қашаған орнитологиялық бейнені поэтикалық өзіндік сипаттаудың құралы ретінде пайдаланады. Бүркіттің аң алу тәсілін, оның жем жеу ерекшелігін дәл беру – ақынның табиғатты жақсы бақылағанын аңғартады. Қашаған осы мәдени кодты өте шебер пайдаланады. Қыран құс оның поэзиясында бір мезетте бірнеше мағынаға ие болады. Ол – табиғаттағы жыртқыш құс, батырлықтың символы, ақындық қуаттың белгісі және рухани үстемдіктің көркем бейнесі.
Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символика күрделі құрылымын айқын көрсетеді. Қара бүркіт пен қаршыға бейнесі арқылы ақын күш, ерлік, табандылық және ақындық бедел идеяларын қатар береді. Табиғаттағы қыран құстың қасиеті адам мінезінің метафорасына айналып, ақынның өзіндік поэтикалық тұлғасын айқындайтын маңызды символдық құрал қызметін атқарады.
Қашаған айтыстарында құс бейнесі ерекше ұшқыр, өткір, қысқа, есте қаларлық қаруға айналады. Айтыс үстінде ұзақ түсіндірмеден гөрі бір ғана құсқа теңеу қарсыластың шын бағасын беріп тастайды. Қашаған мен Ізбас айтысындағы:
«Сыртымнан жаман күндейсің,
Өз-өзіңді білмейсің.
Қабыланға тиген қарғадай
Сен – бір қара маңдайсың,
Сен кімнің арың арлайсың?»
деген жолда құс және аң бейнесі қабаттасып, қарсыластың орынсыз ұрынғаны нақты көрсетілген.
Айтыс поэтикасында мұндай орнитологиялық образдардың артықшылығы – тез ұғынылады, халыққа таныс, визуалды, есте қалады, қарсыластың орнын дәл көрсетеді.
Қашаған Күржіманұлының Берекет ақынға қарата айтқан жырынан алынған бұл жолдарда ақын табиғаттағы құбылыстар мен құстар әлемін бейнелей отырып, күш пен әлсіздік, шынайы қуат пен жалған даңғойлық арасындағы айырмашылықты астарлы түрде көрсетеді. Қашаған поэзиясының маңызды ерекшелігі – ол табиғат көріністерін тек көркем бейнелеу құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге моральдық-философиялық ойды жеткізудің символдық жүйесі ретінде пайдаланады. Осы үзіндіде де ақын орнитологиялық образдарды адамды бағалау мен әлеуметтік қатынастарды сипаттаудың поэтикалық тіліне айналдырады.
Жырдың алғашқы жолдары табиғаттағы күштің салыстырмалы сипатын көрсететін метафоралардан басталады:
«Азда қайрат жоқ десең,
Бүкіл тоғай өртенер
Бір зередей жасыннан…»
Бұл жерде Қашаған кішкентай құбылыстың үлкен апатқа себеп бола алатынын көрсетеді. «Бір зередей жасын» – көлемі жағынан өте шағын, бірақ қуаты жағынан орасан күшті табиғи құбылыс. Ақын осы мысал арқылы сырт көзге әлсіз көрінетін күштің де белгілі жағдайда аса ықпалды болатынын меңзейді. Бұл – Қашаған поэзиясына тән философиялық пайым. Табиғаттағы шағын элементтің өзі үлкен өзгеріске түрткі бола алады. Келесі жолдарда бұл ой құстар арқылы жалғастырылады:
«Мың қарғаға – бір кесек,
Ортасына түссе, қашырған…»
Мұнда қарға бейнесі маңызды символдық мәнге ие. Қашаған поэзиясында қарға көбіне көпшіліктің, бейберекет топтың немесе ұсақ мүдделердің белгісі ретінде көрінеді. Мың қарға бір жерде отырғанымен, олардың бірлігі әлсіз. Бір ғана кесек тас түссе, олар бірден бытырап кетеді. Ақын осылайша сырттай көп көрінетін күштің шын мәнінде тұрақсыз әрі қорқақ болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл бейне қоғамдағы бірліксіз топтардың психологиясын да меңзейді. Жырдың келесі жолдарында ақын ерекше орнитологиялық образ енгізеді:
«Отман таудың басында,
Дегелек деген бір құс бар,
Аспанда жүріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған…»
Бұл жерде «дегелек» бейнесі ерекше назар аудартады. Қазақтың халықтық түсінігінде дегелек – батыл, өткір, айбарлы құс ретінде сипатталады. Қашаған бұл образды символдық деңгейге көтереді. Дегелек аспанда жүріп ысқырғанда «мың орда жыланның басылуы» – оның айбарлы күшінің белгісі. Жылан – көбіне қауіптің, жаудың немесе зұлымдықтың символы. Ал дегелек сол қауіптің үстінен қарайтын күш иесі ретінде беріледі. Бұл жерде ақын бір маңызды ойды жеткізеді – табиғатта да, қоғамда да нағыз күш санына емес, сапасына байланысты. Мың қарға бір кесектен қорқып қашса, бір дегелектің айбары мың жыланды басады. Яғни шынайы күш – рухани қуатта, батылдықта және айбарда.
Ақын бірнеше бейнені бір-бірімен байланыстыра отырып, белгілі бір философиялық жүйе жасайды. Алғашында табиғаттағы найзағай мысалы арқылы шағын күштің үлкен әсерін көрсетеді. Кейін қарға бейнесі арқылы әлсіз көпшіліктің тұрақсыздығын сипаттайды. Одан кейін дегелек арқылы айбарлы күштің символын береді. Соңында қырғи мен жапалақты салыстыру арқылы шынайы күш пен жалған мақтанның айырмашылығын ашады. Бұл құрылым Қашаған поэзиясының күрделі метафоралық жүйесін көрсетеді. Ақын табиғаттағы құбылыстарды кездейсоқ таңдамайды. Әрбір образ белгілі бір идеялық қызмет атқарады. Құс бейнелері – ақынның моральдық философиясының көркем тілі.
Сонымен қатар бұл үлгілер Қашағанның табиғатқа ерекше зер салғанын да көрсетеді. Ол құстардың табиғаттағы орнын жақсы біледі. Қырғи мен жапалақтың айырмашылығын, қарғаның қылығын, дегелек бейнесінің айбарын дәл суреттеуі – оның табиғи ортаны терең бақылағанын аңғартады. Қазақтың көшпелі өмірінде мұндай бақылау күнделікті тәжірибеден қалыптасқан. Сондықтан Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық образдар халықтық таныммен тығыз байланысты.
Берекет ақынға айтқан бұл жыр – Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символиканың маңызды үлгілерінің бірі. Ақын қарға, дегелек, қырғи және жапалақ бейнелері арқылы күш пен әлсіздік, айбар мен даңғойлық, шынайы қуат пен жалған бедел арасындағы айырмашылықты көркем түрде ашады. Табиғаттағы құстар арасындағы қатынас адам қоғамындағы мінез-құлық пен моральдық тәртіптің бейнесіне айналып, жыраудың философиялық ойының негізгі құралдарының бірі ретінде көрінеді.
Қашаған мен Нұрым жырау арасындағы айтыста ақын құстар әлемін кеңінен сипаттау арқылы адамның қоғамдағы дәрежесін және күш пен әлсіздік арасындағы қатынасты бейнелейді. Қашағанның орнитологиялық символикасы дәл осындай айтыс мәтіндерінде ерекше айқын көрінеді. Ақын құстардың табиғи ерекшеліктерін нақты суреттей отырып, оларды әлеуметтік және моральдық метафораға айналдырады.
«Құс қарайтын еді қырымға,
Ит қарайтын еді жырымға.
Айтқыш деп еді бұл аға,
Алады екен ғой бүгін тынымды…»
Бұл жолдар айтыстың дәстүрлі кіріспелік сипатындағы ирониялық тонды аңғартады. Мұнда ақын өз қарсыласына қарата сөз бастайды. «Құс қарайтын еді қырымға» деген тіркес қазақтың көшпелі мәдениетіне тән бейнелі ойлау тәсілін көрсетеді. Құс – аспан кеңістігінің иесі, ал ит – жердегі тіршіліктің белгісі. Ақын осы арқылы өз жырының да кеңістігі үлкен екенін меңзейді. Сонымен қатар бұл жолдар айтыстың динамикалық табиғатын, сөз жарысының қызу сипатын білдіреді. Келесі жолдарда Қашаған құстардың иерархиялық жүйесін біртіндеп ашады:
«Құс үлкені қара құс,
Көлемі дардай, күші жоқ.
Күші жоқтығының себебі –
Бармағының ұшы жоқ…»
Мұнда «қара құс» бейнесі ерекше мәнге ие. Қазақ орнитологиялық танымында қара құс – ірі денелі, бірақ кейде аңшылық қабілеті әлсіздеу құс ретінде сипатталады. Ақын оның «көлемі дардай» болғанымен, күшінің әлсіз екенін атап көрсетеді. Бұл – сыртқы ірілік пен шынайы қуаттың арасындағы айырмашылықты көрсететін метафора. Яғни сырттай ірі көрінгенмен, шын мәнінде әлсіз адамдар да болады. Бұл ой келесі жолдарда тереңдетіледі:
«Бүркіт те жүрер қаусаңдап,
Бүркіттің жейтін жемдерін
Қырғи құс қағып кететін,
Екі көзі жаутаңдап…»
Бүркіт – қазақ мәдениетінде күштің, батырлықтың, үстемдіктің символы. Бірақ Қашаған мұнда бүркіттің де әлсірейтін сәтін көрсетеді. «Қаусаңдап жүру» – оның әлсіреген күйін білдіреді. Осы кезде оның жемін қырғи қағып кетеді. Қырғи – бүркіттен кіші болғанымен, өте шапшаң жыртқыш құс. Бұл салыстыру арқылы ақын табиғаттағы күш тек көлеммен өлшенбейтінін көрсетеді. Шапшаңдық, айла, уақытты пайдалану – бәрі де маңызды. Осыдан кейін ақын құстар әлемін кеңейте түседі:
«Шағала менен шақшақай,
Айтайын бәрін тастамай.
Шабағы менен шаянын
Бергісі келмес басқаға-ай…»
Бұл жерде шағала мен шақшақай бейнесі теңіз жағалауындағы немесе су маңындағы тіршілікті еске салады. Бұл құстар көбіне ұсақ олжа үшін таласатын құстар ретінде сипатталады. Ақын олардың мінезін адамдар арасындағы ұсақ мүдде үшін таласатын топтарға теңейді. Яғни кей адамдардың бар әрекеті шағын пайда үшін күресумен ғана шектеледі. Келесі жолдарда байғыз бейнесі беріледі:
«Байғыз деген құс болар,
Құдіретімен Алланың
Бір торғай күнде тұс болар…»
Байғыз – қазақ фольклорында көбіне түн құсы ретінде белгілі. Оның бейнесі кейде жалғыздықпен, кейде жұмбақтықпен байланыстырылады. Қашаған бұл жерде байғыздың тіршілігін бейнелей отырып, табиғаттағы әр құстың өзіне тән өмір салты, ырзық-несібесі бар екенін көрсетеді. Бұл да адам жаратылысына қатысты астарлы ойды білдіреді. Әр адам өз болмысына сәйкес әрекет етеді. Одан кейін жапалақ бейнесі беріледі:
«Жапалақ деген құс болар
Төбеде тұрып таранған.
Өзінен басқа неме жоқ,
Жан-жағына қаранған…»
Бұл жолдарда жапалақ – өзімшілдіктің, дарақылықтың символы. «Өзінен басқа неме жоқ» деген тіркес оның тек өзін ғана ойлайтынын көрсетеді. Бұл сипат адамдардың кейбір типтеріне дәл келеді – олар өзінен басқа ешкімді көрмейді, тек өз пайдасын ғана ойлайды. Келесі образ – қарға:
«Қара қарға қалбағай
Алатын жемін ала алмай,
Ұшады да қонады…»
Қашаған поэзиясында қарға көбіне әлсіздік пен тұрақсыздықтың символы ретінде көрінеді. Мұнда қарға өз жемін ала алмай, тек ұшып-қонып жүрген бейне ретінде суреттеледі. Бұл – әрекет көп болғанымен, нәтиже аз болатын адамдардың бейнесі. Ақын осы жерде айтыс логикасын қайта жалғайды:
«Қапталдағы көп жаман,
Сені мен маған келгенде
Кем болып қалар салмағы-ай…»
Бұл жолдарда Қашаған өз қарсыласын және оны қолдаған топты меңзейді. «Көп жаман» – саны көп болғанымен, сапасы төмен топ. Ақын өзін олардың бәрінен салмақты деп көрсетеді. Бұл – айтыс поэзиясындағы өзіндік беделді білдіретін дәстүрлі тәсіл.
Содан соң шымшық бейнесі беріледі:
«Шымшық деген зәредей,
Бір кішкене құс болар,
Тұла бойы менмен күш болар.
Қыранға келіп тап болса,
Жемсауына барып мыш болар…»
Шымшық – өте кішкентай құс. Бірақ Қашаған оны «менмен күш» иесі ретінде сипаттайды. Яғни ол өзінен әлсіздер арасында жүргенде батыл көрінеді. Бірақ қыранға жолықса, бірден оның жеміне айналады. Бұл бейне арқылы ақын жалған батырлықтың табиғатын ашады. Кей адамдар тек өзінен әлсіздердің арасында ғана батыр көрінеді, ал шын күшпен кездескенде олардың әлсіздігі бірден байқалады. Бұл үзіндінің жалпы құрылымы Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық жүйенің күрделілігін көрсетеді. Ақын бір ғана құсты емес, тұтас құстар әлемін тізбектей отырып, табиғаттағы әрбір құстың ерекшелігін көрсетеді. Сол арқылы ол адамдар арасындағы түрлі типтерді бейнелейді. Қара құс, бүркіт, қырғи, шағала, шақшақай, байғыз, жапалақ, қарға, шымшық сияқты құстардың әрқайсысы белгілі бір мінездің символына айналады. Бұл тәсіл Қашағанның табиғатты терең бақылағанын да дәлелдейді. Ол құстардың сыртқы бейнесін, ішкі әлемін, тіршілік тәсілін, қоректену ерекшелігін де жақсы біледі. Сондықтан оның жырларындағы орнитологиялық образдар өмірлік шындыққа негізделген.
Нұрым мен Қашаған айтысындағы мысалдар – Қашаған поэзиясындағы орнитологиялық символиканың ең бай үлгілерінің бірі. Мұнда ақын құстың әр түрін сипаттай отырып, күш пен әлсіздік, айла мен шапшаңдық, жалған менмендік пен шынайы қуат арасындағы айырмашылықты көркем түрде ашады. Табиғаттағы құстар иерархиясы адам қоғамындағы орны мен әлеуметтік қатынастардың метафорасына айналып, Қашағанның поэтикалық дүниетанымын айқындайтын маңызды құрал ретінде қызмет етеді.
Қашаған Күржіманұлы мен Ізбас ақын арасындағы сөз қағысуда да орнитологиялық символика айрықша айқын әрі жүйелі түрде көрінеді. Бұл айтыс үлгісінде Қашаған құстар әлемін кеңінен пайдаланып, қарсыласының болмысын және әлеуметтік деңгейін бейнелейді. Айтыстың басты ерекшелігі – қарсыласты кемсіту немесе өз артықшылығын көрсету үшін жануарлар мен құстардың бейнесін қолдану. Қашаған осы дәстүрді өте шебер пайдаланып, әрбір құс бейнесін белгілі бір қасиеттің символына айналдырады.
«Шөже деген бір торғай,
Ұясында жатқанда,
Көкті тіреп жатсын деп
Аяғын жатар көсіліп.»
Бұл жолдарда шөже – кішкентай, әлсіз құс. Бірақ ол өз ұясында жатқанда өзін үлкен күш иесі ретінде сезінеді. Ақын бұл бейне арқылы кейбір адамдардың шынайы өмірде әлсіз бола тұра, өз ортасында өзін аса маңызды тұлға ретінде көрсетуге тырысатынын меңзейді.
Ал келесі жолдарда бұл иллюзияның қалай күйрейтінін көрсетеді:
«Қырғи құсқа жолықса,
Төрт бөлініп төс еті,
Қанаты қалар кесіліп.»
Қырғи – өте шапшаң, батыл жыртқыш құс. Ол ұсақ құстарға оңай түседі. Сондықтан шөженің қырғиға жолыққан сәті оның әлсіздігін бірден ашып береді. Бұл жерде Қашаған тағы да табиғаттағы құстар иерархиясын пайдаланып, адамдарды бейнелейді – әлсіз адам шынайы күшпен кездескенде өзінің дәрменсіздігін бірден көрсетеді.
Айтыстың келесі бөлігінде ақын құстардың табиғи тіршілігі арқылы Құдайдың құдіретін де еске салады:
«Су бетінен қаймақ жеп,
Естуіңіз жоқ па еді,
Балапан тапқан қаз бен қу.»
Бұл жолдарда қаз бен қу бейнесі беріледі. Қазақ фольклорында қаз – тазалықтың, пәктіктің, табиғи сұлулықтың символы. Қашаған мұнда табиғаттың ғажайып жаратылыстарын мысалға келтіріп, адамға ой салғысы келеді.
Осы ойды ол тағы бір бейнемен толықтырады:
«Топырақ пен күлге аунап
Жұмыртқа тапқан тауық бар
Құдіретін бір Құдай
Көрсеткен жоқ па көзіңе?!»
Бұл жерде тауық бейнесі қарапайым тұрмыстық құс ретінде беріледі. Ақын ең қарапайым тіршілік иесінің өзі Құдайдың құдіретін көрсететінін айтады. Табиғаттағы әрбір жаратылыс – Құдайдың құдіретінің дәлелі. Осы арқылы Қашаған қарсыласына тек мысқыл айтып қана қоймай, өмірдің мәні туралы да ой салады.
Жалпы алғанда, бұл айтыс үзіндісінде Қашаған құстар әлемін ерекше кең әрі жүйелі түрде пайдаланады. Қарға, сұңқар, күйкентай, жапалақ, шөже, қырғи, қаз, қу, тауық сияқты түрлі құстардың бейнесі арқылы ақын адамдар арасындағы айырмашылықтарды көрсетеді. Әр құс белгілі бір қасиеттің символына айналады. Сұңқар – асқақтықтың, қарға – төмендіктің, жапалақ – жалған мақтанның, шөже – әлсіздіктің, қырғи – шынайы күштің белгісі ретінде көрінеді.
Бұл тәсіл Қашаған поэзиясының маңызды ерекшелігін көрсетеді. Ақын табиғаттағы құстардың тіршілік ерекшеліктерін жақсы біледі және оларды адам болмысын бейнелеудің көркем тіліне айналдырады. Осылайша орнитологиялық символика Қашағанның айтыс поэтикасының негізгі құралдарының бірі болып табылады.
Қашаған Күржіманұлының «Топан» дастанынан келтірілген бұл үзінді ақын поэзиясындағы орнитологиялық символиканың ең күрделі әрі философиялық үлгілерінің бірі болып табылады. Мұнда құстар бейнесі тек табиғат көрінісін беру үшін ғана қолданылмайды, ол табиғаттағы тепе-теңдік, апаттың пайда болуы, әлеуметтік күйзеліс және адам тағдыры сияқты терең мағыналарды жеткізетін көркемдік құралға айналады. Қашаған бұл дастанда құстарды оқиғаның динамикалық тетігі ретінде пайдаланып, бір кішкентай себептің қалайша үлкен апатқа ұласатынын поэтикалық жүйе арқылы көрсетеді.
Дастанның алғашқы жолдарында құстар бейнесі далалық өмірдің молшылығы мен еркіндігін білдіретін образ ретінде көрінеді:
«Баққан қойы бүркіттей…»
Бұл жерде «бүркіттей» деген теңеу малдың көптігін айбарлы, ірі, айқын көрінетін күйін білдіреді. Бүркіт қазақ дүниетанымында тек жыртқыш құс емес, күш пен айбынның символы. Сондықтан қойдың көптігін бүркітке теңеу – даланың кеңдігін, малдың молдығын, тіршіліктің қуатты екенін көрсететін көркем тәсіл.
Келесі жолдарда саятшылық мәдениетінің көрінісі беріледі:
«Құбарлан ертіп, құс салған
Лашын, сұңқар ұстаған…»
Бұл жолдар көшпелі өмірдің бай мәдени дәстүрін сипаттайды. Лашын мен сұңқар –ерекше бағаланатын қыран құстар. Оларды ұстау мен баптау қазақ қоғамында мәртебелі іс саналған. Қашаған бұл құстарды бейнелеу арқылы елдің дәулетін, еркіндігін, сән-салтанатын көрсетеді. Мұнда құстар – дәулетті өмірдің, еркін далалық мәдениеттің символы.
Дастандағы келесі жолдар табиғаттың тыныш күйін бейнелейді:
«Балқашын орып мал жеген,
Аралас үйрек-қаз жеген…»
Бұл жерде үйрек пен қаз бейнесі көл жағасындағы бейбіт тіршіліктің белгісі. Қазақ поэзиясында қаз бен үйрек көбіне молшылықтың, тыныш табиғаттың, тіршіліктің үйлесімінің символы ретінде беріледі. Қашаған бұл құстарды табиғаттың қалыпты күйін көрсету үшін қолданады.
Алайда дастанның келесі бөлігінде оқиға күрт өзгереді. Ақын апаттың басталуын өте шағын себептен өрбітеді:
«Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты.
Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты…»
Бұл жерде бозторғай бейнесі ерекше мағынаға ие. Қазақ дүниетанымында бозторғай – нәзік, әлсіз, бейбіт құс. Ол көбіне дала тыныштығының символы ретінде қабылданады. Бірақ Қашаған осы бейнені күтпеген бағытта пайдаланады. Бозторғай ағаштағы құртты жеп, оның әрекеті үлкен оқиғалар тізбегін бастайды.
Келесі жолдарда бұл қозғалыс динамикалық түрде беріледі:
«Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Көкке қарай зырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды…»
Бұл жерде ақын құстың қозғалысын өте тірі суреттейді. Бозторғайдың «шырлауы», «зырлауы», «пырлауы» сияқты етістіктер оқиғаның қарқындылығын арттырады. Табиғаттағы кішкентай қозғалыс біртіндеп үлкен әрекетке айналып келеді.
Келесі кезеңде оқиға жаңа деңгейге өтеді:
«Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай…»
Бұл жолдар ерекше символдық мәнге ие. Бозторғай – әлсіз құс, ал бүркіт – ең айбынды жыртқыштардың бірі. Әлсіз құстың күштіге қарсы шығуы табиғаттағы қалыпты тәртіптің бұзылғанын білдіреді. Қашаған осы арқылы апаттың алғашқы белгісін көрсетеді: табиғи иерархия бұзылды.
Келесі жолдарда бұл бұзылу одан әрі жалғасады:
«Қара бүркіт құтырды,
Әлгі бозторғайды қағып жеп…»
Бүркіттің «құтыруы» – табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылғанының белгісі. Бұл жерде бүркіт тек жыртқыш құс емес, үлкен күштің символы. Ол кішкентай торғайды жегенімен, оның әрекеті тоқтамайды.
Оқиға тағы да кеңейеді:
«Құтырып бүркіт желденді,
Еділге қарай еңменді…»
Бұл жерде бүркіттің қозғалысы кеңістікті кеңейтеді. Дастанның географиялық ауқымы үлкейіп, оқиға Еділ бойына жетеді.
Келесі эпизодта табиғаттағы тағы бір күш пайда болады:
«Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нән балық,
Салған екен соған шеңгелді…»
Бұл жерде бүркіт пен балық арасындағы қақтығыс бейнеленеді. Бүркіт – аспан әлемінің иесі, ал балық – су әлемінің өкілі. Екі түрлі стихияның түйісуі табиғаттағы үлкен қозғалыстың белгісі.
Оқиғаның шарықтау шегі мына жолдарда көрінеді:
«Нән балық жанын қарманды,
Желігіп келген бүркітті
Жұтып салып, жалманды…»
Бұл жерде табиғаттағы күштердің бір-бірін жұтып жатқан тізбегі көрсетіледі. Әлсіз торғайдан басталған қозғалыс бүркітке, одан балыққа ұласады. Әрбір әрекет жаңа оқиғаны тудырады.
Келесі жолдарда апаттың кең ауқымы көрінеді:
«Нән балық та құтырып,
Суға сыймай сандалды…»
Бұл – табиғаттағы толық тепе-теңдік бұзылған сәт. Судың өзі тыныштықтан айырылады.
Дастанның қорытынды бөлімінде бұл табиғи қозғалыс әлеуметтік трагедияға айналады:
«Ғаламат мұндай тұс болды,
Алтындар азып мыс болды.
Әлпештеген арудың
Кеудесіне қара құс қонды…»
Бұл жолдарда «қара құс» бейнесі өлім мен қайғының символы ретінде беріледі. Қазақ поэзиясында қара құс көбіне апаттың, өлімнің, қайғының белгісі ретінде қолданылған. Мұнда ол бейбіт өмірдің күйреуін білдіреді.
Қашағанның «Топан» дастанындағы бұл орнитологиялық жүйе ерекше құрылымға ие. Оқиға бір кішкентай құстан – бозторғайдан басталады. Кейін ол бүркітке, одан балыққа, ақырында бүкіл табиғатқа әсер етеді. Бұл – табиғаттағы себеп-салдар байланысын көрсететін поэтикалық модель.
Сонымен қатар бұл дастанда құстар бірнеше символдық қызмет атқарады. Біріншіден, олар табиғаттағы қозғалыстың бастауын көрсетеді. Екіншіден, табиғаттағы иерархияның бұзылуын бейнелейді. Үшіншіден, әлеуметтік апаттың метафорасына айналады.
Осылайша Қашаған орнитологиялық образдарды тек табиғат көрінісі ретінде емес, күрделі философиялық жүйе ретінде пайдаланады. Оның поэзиясында құстар – табиғаттың ғана емес, қоғамның, тағдырдың және өмір заңдылықтарының символы. «Топан» дастанындағы бозторғай, бүркіт және қара құс бейнелері осы күрделі символдық жүйенің маңызды элементтері болып табылады.
Қашаған Күржіманұлы жырлаған «Қарасай-Қази» дастанының берілген үзінділері жырау поэзиясындағы орнитологиялық символиканың батырлық эпос деңгейінде қалай қызмет ететінін айқын көрсетеді. Бұл жерде құстар бейнесі тек табиғат суреті ретінде емес, батырлық рухты, тарихи күресті, тағдырды, тіпті рухани әлемнің қозғалысын білдіретін күрделі көркем жүйе ретінде көрінеді. Қашаған бұл дастанда құс бейнелерін бірнеше мағыналық қабатта қолданады: батырлықтың символы ретінде, әлеуметтік-тарихи метафора ретінде және мифопоэтикалық кеңістіктің белгісі ретінде.
Дастанның алғашқы жолдарында батырдың шапқан сәті қыран құстың қозғалысына теңеледі:
«Астында мінген тұлпары
Қабан құлақ қараша ат
Дұшпанға қарсы шапқанда,
Қаршыға құстай парлаған…»
Бұл жерде қаршыға бейнесі батырдың жылдамдығы мен айбындылығын білдіреді. Қаршыға – өте шапшаң, аңға бірден шүйілетін жыртқыш құс. Сондықтан батырдың шабуылын қаршығаның парлауымен салыстыру оның ерлігін, жауға қарсы батыл қимылын айқындайды. Қазақ батырлық эпосында батырды қыран құстарға теңеу – кең тараған дәстүр. Қашаған да осы дәстүрді жалғастыра отырып, батыр бейнесін орнитологиялық символ арқылы күшейтеді.
Келесі жолдарда ақын замана өзгерісіне байланысты философиялық ой айтады:
«Бұл күндері болғанда,
Ақсұңқар құстың баласы
Құладын болып кетті ме?»
Ақсұңқар – қазақ дүниетанымында ең текті қырандардың бірі. Ол биіктіктің, асқақтықтың, еркіндіктің символы. Ал құладын – қыран құстардың бір түрі болғанымен, оның беделі сұңқардан төмен саналады. Қашаған бұл салыстыру арқылы заманның өзгергенін меңзейді: бұрынғы асыл тектілердің орнына әлсіздеу, төмендеу сипаттағы адамдар пайда болғандай көрінеді. Яғни бұл жолдарда орнитологиялық бейне әлеуметтік өзгерістердің символына айналады.
Дастандағы тағы бір маңызды бейне – құладын. Мысалы:
«Буыршын мен бесті атан
Құладын құсқа да шалдырма!»
Бұл жолдарда құладын жыртқыштықтың белгісі ретінде көрінеді. Батыр өз малының да, елінің де жау жеміне айналуына жол бермеу керек екенін айтады. Мұнда құладын – қауіптің, жаудың, басқыншылықтың символы.
Дастанның келесі бөлігінде табиғат пен туған жерге қоштасу мотиві беріледі:
«Қоштасқанмын шығарда
Асу асқар беліммен,
Мамыр үйрек, қаз бен қу,
Шағалалы шалқар көліммен…»
Бұл жерде құстар бейнесі лирикалық сипат алады. Үйрек, қаз, қу, шағала – көл мен даланың бейбіт тіршілігінің символдары. Батыр жауға аттанарда туған жердің табиғатымен қоштасады. Бұл көрініс қазақ эпостарындағы дәстүрлі мотивтердің бірі. Құс бейнелері арқылы туған жердің көркем бейнесі жасалады.
Келесі жолдарда құс бейнесі тағы да батырлық символикаға көшеді:
«Мен – бидайық, қырғимын,
Шабытым келсе, шүйілемін.
Қалмақ шіркін – қаз, торғай,
Құстарды келдім қуарға…»
Бидайық пен қырғи – жыртқыш, шапшаң құстар. Бұл жолдарда батыр өзін осы қырандарға теңейді. Ал жау «қаз» бен «торғай» бейнесінде беріледі. Мұндай салыстыру батырдың үстемдігін көрсетеді: ол – қыран, ал жау – әлсіз құс. Бұл айтыс поэзиясына да тән тәсіл, бірақ эпикалық контексте батырлықтың көркем формасына айналады.
Дастандағы ерекше көріністердің бірі – құстардың жаппай қозғалысын бейнелейтін эпизод:
«Торға қарай құстар түйілді,
Қанаттарын қомдап, шүйілді…»
Бұл жолдарда құстар шайқас алдындағы қозғалыстың символы ретінде көрінеді. Құс бейнесі табиғаттағы ғана емес, соғыс алдындағы рухани қозғалыстың да белгісіне айналады. Қанатын қомдаған құс – шабуылға дайын тұрған күштің бейнесі.
Дастанның соңғы бөлігінде құс бейнесі тіпті космостық сипат алады:
«Көк те Аллалап келеді,
Шөп те Аллалап келеді,
Тас та Аллалап келеді,
Тау да Аллалап келеді.
Аспандағы ұшқан құс
Бұ да Аллалап келеді…»
Бұл жолдарда табиғаттың барлық элементтері біртұтас рухани кеңістікке айналады. Құс бейнесі бұл жерде тек тіршілік иесі емес, бүкіл жаратылыстың бір бөлігі ретінде көрінеді. Ақын бүкіл табиғатты Алланы мадақтап тұрған тірі әлем ретінде бейнелейді. Ұшқан құс та осы ғаламдық қозғалыстың қатысушысы.
Бұл эпизод Қашаған поэзиясындағы мифопоэтикалық ойлаудың көрінісі. Табиғаттағы барлық құбылыс – көк, тау, тас, шөп, құс – бір ортақ рухани ырғаққа бағынады. Бұл – исламдық дүниетаным мен халықтық поэтикалық дәстүрдің синтезі.
Жалпы алғанда, «Қарасай-Қази» дастанындағы орнитологиялық бейнелер бірнеше қызмет атқарады. Біріншіден, олар батырдың ерлігін сипаттайтын символ ретінде қолданылады. Қаршыға, бидайық, қырғи сияқты құстар батырлықтың, жылдамдықтың, күштің белгісі болып табылады. Екіншіден, құстар туған жердің табиғатын бейнелейді. Үйрек, қаз, шағала бейнелері арқылы көл мен даланың бейбіт тіршілігі көрсетіледі. Үшіншіден, құс бейнелері тарихи-әлеуметтік мағынаға ие болады. Ақсұңқар мен құладын салыстыруы арқылы заман өзгерісі меңзеледі. Төртіншіден, құс бейнесі мифопоэтикалық кеңістіктің элементіне айналады: ұшқан құс бүкіл жаратылыстың рухани қозғалысына қатысады.
Осылайша Қашаған жырлаған «Қарасай-Қази» дастанында құстар бейнесі батырлық эпостың поэтикалық құрылымына терең енген. Олар тек табиғаттың бір бөлшегі емес, батырдың тұлғасын, халықтың тағдырын, тарихи оқиғалардың рухани мәнін бейнелейтін маңызды символдық құрал қызметін атқарады.
Қашаған тек айтыс пен мінездеуде ғана емес, тарихи-философиялық толғауларында да құс символикасын терең қолданады. Әсіресе «Топан», «Жұт жылы», «Атамекен» секілді дастандарда құстар заманның өзгерісін, табиғаттың бүлінуін, тіршіліктің астан-кестеңін аңғартатын тетікке айналады.
Мысалы:
«Бүгінгі адам нәмісі
Лек-лек құсқа ұқсайды..»
Бұл жерде құс үйірі – тұрақсыз, бытыраңқы, үркек, жел айдаған көпшіліктің метафорасы.
«Топандағы» бозторғай – бүркіт – балық тізбегі де өте маңызды. Бір құртты жеген торғай құтырады, оны бүркіт жейді, бүркітті балық жұтады, содан бүкіл кеңістік бүлінеді. Бұл – бір ұсақ бұзылыс үлкен апатқа ұласатынын көрсететін философиялық модель.
Сол сияқты:
«Әлпештеген арудың
Кеудесіне қара құзғын құс қонды…»
Мұндағы құзғын – өлім мен қасіреттің символы. Кешегі сән-салтанатты тіршілік бір күнде құзғын қонған өлік әлеміне айналған. Яғни Қашағанда құстар – заманның бұзылуын, апаттың келуін, тіршіліктің құлдырауын, ажал мен жоқтауды білдіреді.
Қашаған поэзиясындағы кейбір құстар нақты табиғи болмыстан асып, мифологиялық мән алады. Мысалы, дуадақ, аққу, құзғын, қарақұс, дегелек, бозторғай тәрізді құстар кейде астарлы белгі, жұмбақ таңба, әруақтық ишара ретінде көрінеді.
«Адай тегі» дастанындағы:
«Шауып шықты төбеге,
Бала жатыр шырылдап,
Қара қарға, құзғындар
Келе алмай жүр қырындап…»
деген жолдарда әлдебір киелі сәби жатқан кеңістікке жыртқыш құстардың жуымай қалуы – мифтік қорғаныс мотивін аңғартады.
Сондай-ақ:
«Қара судан қаймақ жеп
Балапан тапқан қаз бен қу…»
немесе
«Топырақ шашып күлге аунап,
Жұмыртқа туған тауық бар.
Сана берген адамға
Осының бәрін парықтар.
Пікір ет те, шүкір ет –
Енді қандай қауіп бар?!»
тәрізді жолдарда ақын жаратылыс құпиясын мысалмен түсіндіреді. Бұл жерде құс – Құдайдың құдіретін дәлелдейтін жаратылыс айғағы.
Қашағанның құс әлемін соншалық дәл суреттеуі оның халықтық саятшылық мәдениетіне жетік болғанын көрсетеді. Ол құстарды тек атымен ғана атамайды, әрқайсысының дәрежесін, қозғалысын, күш-қуатын, аң алу, тіпті жеміне дейінгі ерекшелігін өте нақты біледі.
Мысалы, қырғидың күшін, жапалақтың тышқан алуын, қаршығаның аққуға түсуін, бүркіттің ірі жемге иелік етуін, қарақұстың салмағы бар да, қуаты шамалы бейне болып келуін дәлме-дәл беруі – тұрмыстық-этнографиялық білімнің де көрінісі.
Сондықтан Қашағанның орнитологиялық символикасы таза әдеби шарттылық һәм халықтық өмір тәжірибесінен туған көркем таным.
Жинақтай айтқанда, Қашаған шығармаларында құс бейнесі мынадай модельдер бойынша жұмыс істейді:
– Өзін-өзі таныту моделі: Ақын өзін қыран, сұңқар, бидайық, ақсұңқар арқылы танытады.
– Қарсыласты төмендету моделі: Қарсыласты қарға, жапалақ, күйкентай, шымшық, байғызға теңейді.
– Әсемдік моделі: Қыз-келіншек, жас сұлулық, сән-салтанат бұлбұл, тоты, аққу, қаз, үйрек арқылы суреттеледі.
– Қайғы-қасірет моделі: Құзғын, қарақұс, қарға, балапаннан айырылған ақсұңқар образдары арқылы жоқтау мен күйзеліс беріледі.
– Тарихи-апаттық модель: Құс бейнесі арқылы жұт, тасқын, заманның тозуы, берекенің кетуі баяндалады.
– Мифтік-танымдық модель: Құс жаратылыстың, құдіреттің, тылсымның дәлелі ретінде жүреді.
Қашаған Күржіманұлы поэзиясындағы орнитологиялық символика – ақын поэтикасының ең қуатты, ең жүйелі қабаттарының бірі. Құс бейнелері оның шығармаларында теңеу, эпитет пен табиғат көрінісі қызметінде, ең бастысы – тұтас дүниетанымдық модель дәрежесінде көрінеді.
Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар жасалды:
Біріншіден, Қашаған поэзиясында құстар адамның жан дүниесін бағалаудың тұрақты өлшеміне айналған. Қыран құстар – асқақтық пен тектіліктің, ал ұсақ не жағымсыз құстар – надандық пен төмендіктің белгісі.
Екіншіден, ақын өз поэтикалық «менін» қыран құстармен сабақтастырып, ақындық өнерді биіктік, шүйілу, қырағылық, еркіндік ұғымдарымен байланыстырады.
Үшіншіден, құстар арқылы Қашаған қоғамдық дәрежелік жүйе жасайды. Бұл реттік құрылым табиғат заңдылығына сүйенгендей көрінгенімен, оның астарында терең моральдық-философиялық ұстаным жатыр: әркім өз шама-шарқын, өз орнын білуге тиіс.
Төртіншіден, Қашағанның орнитологиялық әлемі тек сатиралық емес, лирикалық, эстетикалық және трагедиялық қырларға да бай. Бұлбұл, тоты, аққу, қаз, үйрек сияқты құстар арқылы сұлулық пен жарасым берілсе, құзғын, қарақұс, қарға арқылы қайғы мен апаттың символикасы жасалады.
Бесіншіден, Қашаған поэзиясындағы құс бейнелері қазақтың саятшылық мәдениетімен, фольклорлық танымымен, мифопоэтикалық ойлау жүйесімен тығыз байланысты.
Осы тұрғыдан келгенде, Қашаған мұрасын «орнитологиялық символикасы аса дамыған поэтикалық жүйе» ретінде бағалауға толық негіз бар. Қашаған жырларындағы құс бейнелері – оның көркем ойының бір саласы әрі бүкіл дүниені тану тәсілінің өзегі.

Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,
Yessenov University аға оқытушысы,
PhD докторант




ПІКІР ЖАЗУ