ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ
Қазіргі кезеңде жасанды интеллект (ЖИ) тек технологиялық жаңалық емес, ол – білім беру жүйесін түбегейлі өзгертіп жатқан жаһандық құбылыс. Әлемнің көптеген елдері ЖИ-ді мектеп бағдарламасына енгізіп, оны оқыту мен басқарудың негізгі құралдарының біріне айналдырып отыр. Бұл үрдіс Қазақстан үшін де өзекті. Биыл елімізде цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарына ерекше көңіл бөлінуі осы жаһандық көштен қалмаудың айқын көрінісі.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу оқыту философиясын жаңарту болып отыр. Бүгінде АҚШ, Қытай, БАӘ, Эстония сияқты елдер бұл бағытта алдыңғы қатарда келеді. Мысалы, Қытайда жасанды интеллект мектептерде міндетті пән ретінде енгізіліп, оқушылар ерте жастан бастап алгоритмдік ойлау мен деректерді талдауды үйренеді. Ал Эстонияда ЖИ құралдары бүкіл білім жүйесіне енгізіліп, ондаған мың оқушы мен мұғалім күнделікті оқу процесінде қолдана бастады. Бұл тәжірибелердің барлығы жасанды интеллект болашақтың емес, бүгінгі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келетінін көрсетеді.
Мұғалімге – көмекші, оқушыға – серіктес
Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын алмастырмайды, керісінше оны жаңа сапаға көтереді. Әлемдік тәжірибеде мұғалімдер ЖИ-ді ең алдымен уақытты үнемдеу және оқыту сапасын арттыру үшін қолданады. Мысалы, АҚШ-та және Еуропа елдерінде мұғалімдер ЖИ көмегімен сабақ жоспарларын автоматты түрде құрып, әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар дайындайды екен. Бұл педагогтың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін көрінеді.
ЖИ-дің ең маңызды артықшылығы – оқушы туралы деректерді терең талдай алуында. Мұғалім әр оқушының білім деңгейін, әлсіз және күшті тұстарын нақты көре алады. Осы негізде персонализацияланған оқыту жүйесі тиімді жүзеге асады. Әлемде бұл тәсіл білім сапасын арттырудың негізгі тетігі ретінде қарастырылып отыр, себебі ол «бәріне бірдей» оқыту моделінен бас тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ЖИ бағалау процесін сапалы түрде өзгертеді. Үндістан мен АҚШ мектептерінде ЖИ жүйелері тек баға қойып қана қоймай, оқушының қателесу логикасын талдап, нақты түсіндірме береді екен. Бұл оқытудағы кері байланысты әлдеқайда тиімді етеді.
Ал, оқушылар үшін жасанды интеллект білім алудың мүлде жаңа моделін қалыптастырады. Әлемдік тәжірибеде оқушылар ЖИ-ді тек ақпарат іздеу құралы ретінде емес, жеке оқу серіктесі ретінде пайдаланып отыр.
Біріншіден, ЖИ оқушыға тәулік бойы қолжетімді. Ол кез келген уақытта сұрақ қойып, бірден жауап ала алады. Бұл әсіресе өздігінен білім алуды дамытуда маңызды. Кения, БАӘ сияқты елдерде ЖИ оқушылардың оқу процесін мектептен тыс уақытта да жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Екіншіден, ЖИ оқушының оқу қарқынына бейімделеді. Әлемде кең тараған адаптивті платформалар оқушының деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде өзгертіп отырады. Бұл тәсіл білімді терең әрі жүйелі меңгеруге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, ЖИ оқушының оқу мотивациясын арттырады. Көптеген елдерде ЖИ оқу нәтижелерін визуалды түрде көрсетіп, жетістіктерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл оқушының өз дамуын көруіне және нақты мақсат қоюына ықпал етеді.
Тағы бір маңызды бағыт – болашаққа дайындық. Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары еңбек нарығында қажет дағдылардың шамамен 40 пайызы өзгеріске ұшырайды. Сондықтан ЖИ-мен жұмыс істеу қабілеті мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы тиіс.
Астана мектептеріндегі алғадай бастама
Бүгінде Астана қаласының мектептері де осы үрдістен шет қалмай, ЖИ мүмкіндіктерін оқу процесіне енгізу арқылы білім берудің жаңа үлгісіне көшуді бастап кетті. Нәтижесінде бұрынғыдай барлық оқушыға бірдей білім беру форматы біртіндеп өзектілігін жоғалтып, оның орнына әр оқушының жеке қабілеті мен қажеттілігіне негізделген оқыту жүйесі қалыптасуда. Бұл – білім берудегі сапалы өзгерістің белгісі.
Елорда мектептерінде ЖИ ең алдымен педагогтардың жұмысын жеңілдету және оқыту тиімділігін арттыру мақсатында қолданылып келеді. Мұғалімдер сабақ жоспарларын әзірлеуде, тапсырмалар құрастыруда және оқу материалдарын дайындауда ЖИ құралдарын жиі пайдалана бастады. Бұл олардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сабақтың мазмұнын байытып, оны оқушылар үшін қызықты әрі қолжетімді ете түскен. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, ықыласы оянғанын байқаған ұстаздар ЖИ бойынша өз білімдерін тереңдетіп, сабақты түсінікті әрі тартымды өткізуге барын салуда.
«ЖИ мұғалімдерге әр оқушының білім деңгейін тереңірек талдауға мүмкіндік беретін құрал. Оқушының оқу қарқыны, тапсырмаларды орындау ерекшелігі, жиі жіберетін қателері сияқты деректер жүйелі түрде сараланып, мұғалімге нақты ұсыныстар беріледі. Осы арқылы оқытушы әр оқушыға жеке негізделген оқыту тәсілін тиімді жүзеге асыра алады. Яғни, әр оқушыға жеке көзқарас қалыптасып, оның қабілетіне сай білім беру мүмкіндігі артады.
Сондай-ақ, білімді бағалау жүйесінде де оң өзгерістер байқалады. ЖИ көмегімен кейбір тапсырмалар автоматты түрде тексеріліп, оқушыға жедел кері байланыс беріледі. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеп қана қоймай, алдындағы шәкіртінің қателігін дер кезінде түсінуіне жағдай жасайды. Нәтижесінде оқу процесі үздіксіз әрі тиімді сипатқа ие болады. Жасанды интеллектті сауатты ұстаз, білікті маман үйретсе оқу үрдісінде пайдасы өте мол екеніне көзіміз жетіп келеді», – дейді Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жапелова Зәмзагүл Тұрбекқызы.
Жасанды интеллекттің мүмкіндігі көп болғанымен, тәжірибеде оны қолдану әртүрлі деңгейде жүріп жатыр. Кейбір оқушылар ЖИ-ді шынымен қосымша құрал ретінде пайдаланады: мысалы, түсінбеген тақырыпты қайта сұрап, есептердің шығару жолын үйренеді немесе эссеге идея жинайды. Ал кейбірі керісінше, дайын жауапты көшіріп алуға бейімделіп, өз бетімен ойлануды азайтып жатады. Бұл әсіресе үй тапсырмаларында жиі байқалады. Дегенмен, мұғалімдер бақылауды күшейтіп, тапсырмаларды шығармашылыққа бағыттағанда ЖИ тек көмекші рөлде қалады. Мысалы, жобалық жұмыстарда немесе пікірталас сабақтарында оқушы өз ойын дәлелдеуге мәжбүр болады. Сондықтан мәселе ЖИ-де емес, оны қалай қолдануда. Дұрыс бағыт берілсе, ол оқушының білімін тереңдетеді, дейді бізбен пікірлескен Астаналық мұғалімдер.
«Мысалы, тарих пәнінде оқушылар ЖИ көмегімен өмірден өткен ұлы тұлғалардың – хандарымыздың, билердің, батырлардың бейнесін жасап, оларға сұрақ қойып, тіпті тарихи шайқастардың бейне нұсқасын жасап көреді. Бұндай тәжірибе олардың есінен ешқашан кетпейді. Сабақ неғұрлым қызықты болған сайын олардың сұрақтары да көбейе түседі. Білуге деген құштарлықтары да артады. Үйге барған соң өздігінен ізденіп, сол тақырып жайлы деректерді саралауды үйренеді. Сол сияқты география пәнінде әртүрлі елдер мен табиғи құбылыстар туралы көрнекі мәліметтер алып, картамен жұмыс істеуді үйренеді. Физикада күрделі заңдар мен тәжірибелерді модельдеу арқылы жақсы түсінеді. Химиядағы қауіпті тәжірибелерді ЖИ көмегімен виртуалды түрде жасап, қауіпсіз түрде білім алады. ЖИ оқушыларға түрлі қиын есептерді шығарып, қателерін түсіндіруге де көмектеседі. Ол жеке оқу қарқынына сай тапсырмалар ұсынып, білімді тереңдетуге мүмкіндік береді. Сондықтан ЖИ-ді дұрыс қолдану оқушылардың білім сапасын арттырады, таным көкжиегін кеңейтеді деп ойлаймын», – дейді Зәмзагүл Тұрбекқызы.
Астана қаласында ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу бастамалары оқыту сапасын арттыруға, білім беру процесін заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған. Мұндай қадамдар Қазақстанның жаһандық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуына негіз қалайды. ЖИ-дің білім саласындағы тағы бір маңызды артықшылығы – оқу мотивациясының артуы. Өйткені ЖИ оқушылардың білім нәтижелерін талдап, жетістіктерін көрсетіп отырады. Бұл – өз кезегінде оқушының алға мақсат қоюына және нәтижеге ұмтылуына ықпал етеді. Сонымен бірге, олар түрлі жобалар мен зерттеу жұмыстарында ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланып, шығармашылық қабілеттерін дамыта алады.
Мәселен, Астана қаласы Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Алмаз Райханның робототехника, цифрландыру жұмыстарына қызығушылығы жоғары. Оқушы бұған дейін робототехника үйірмесіне барып машыққан, қазір үйде өздігінен легодан машиналар құрастырады.
«Менің ойымша, цифрландыру – бұл болашақтың кілті. Қазірдің өзінде біздің айналамызды ақылды технологиялар қоршап жатыр. Мен робототехника үйірмесінде алған білімімді пайдаланып, үйде түрлі лего-машиналар құрастырамын. Менің мақсатым – тек ойыншық емес, адамдардың өмірін жеңілдететін, оларға қиын сәтте көмектесетін нақты роботтар жасау. Алдағы уақытта робототехника, электроника мен нағыз бағдарламалау тілін үйреніп, күрделі жобаларды бастағым келеді. Болашақ – технологияда, ал біз сол болашақты өз қолымызбен жасауымыз керек», – дейді А. Райхан.
Binom school мектебіндегі пилоттық жоба
Астана қаласының Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school мектеп-лицейі BI Education ұсынған жасанды интеллект кіріктірілген «Сөйлеу аналитикасы» атты пилоттық жобаны іске қосқан. Мектеп директоры Сәтжан Омаров бұл жоба – педагогикалық тәжірибеге үлкен серпіліс әкелген бірегей мүмкіндіктің бірі екенін айтады.
«Пилоттық жоба аясында бір айда әр ұстаз 3 сабақтан өткізіп, ал 3 ай ішінде 6 ұстаз 54 сабақ жүргізді. Әр сабақтары толықтай диктофонға жазылды. Ең қызығы – сабаққа сырттан бақылаушы қатыспайды. Соған қарамастан, ұстазға небәрі 1,5-2 сағаттың ішінде сабақтың жан-жақты, нақты әрі құрылымды талдауы электронды пошта арқылы келіп отырады. Бұл – уақытты үнемдейтін, бірақ сапасы өте жоғары кәсіби кері байланыс алу тәсілі», – дейді С. Омаров.
Сөйлеу аналитикасы арқылы алынған талдау тек жалпы пікірмен шектелмейді екен. Әрбір сабақ бірнеше бағыт бойынша терең сараланады: сабақ мақсатының айқындығы, мұғалімнің сұрақ қою дағдысы, оқушылардың ойлау деңгейі, мәтінмен жұмыс сапасы, сыныптағы белсенділік, эмоционалдық ахуал, дифференциация, сөйлеу мәдениеті, формативті бағалау мен рефлексия.
«Бұл жобаның ең үлкен артықшылығы – мұғалім өз сабағын «сырт көзбен» көреді. Сөйлеу аналитикасы әрбір сөзіңді, әрбір сұрағыңды нақты дерек арқылы көрсетіп береді. Осы арқылы мұғалім өз жұмысындағы күшті және әлсіз тұстарын анық байқай алады. Сонымен қатар, жоба нақты мынандай жақсарту жолдарын ұсынады: сабақ мақсатын нақтылау, оқушыларға ойлану уақытын беру, кері байланысты жүйелеу, рефлексияны тереңдету. Бұл ұсыныстарды жүйелі қолдану – сабақ сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект арқылы жұмыс жасалғандықтан, жаңа промптар арқылы сабақтарды өзара салыстыру мониторингісі іске қосылады», – дейді мектеп директоры.
Ең маңыздысы – мұндай форматтағы жоба Қазақстанда әлі кең таралмаған. BI Education-ның бұл өнімі – білім беру саласына заманауи технологияны, оның ішінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға серпіліс берген.
Жалпы алғанда, жасанды интеллект мектеп өміріне жаңа серпін беріп отыр. Ол мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқушының білім алу мүмкіндігін кеңейтеді. Ең бастысы – бұл технологияны дұрыс әрі тиімді пайдалану. Себебі ЖИ – тек құрал, ал білім берудің өзегі әрқашан адам, яғни мұғалім мен оқушы болып қала береді.
Астана мектептерінің ЖИ арқылы білім берудің жаңа үлгісіне көшуі – болашаққа жасалған маңызды қадам. Бұл үрдіс алдағы уақытта одан әрі дамып, білім беру сапасының артуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Ең бастысы – ЖИ-ді тек технология ретінде емес, білім сапасын арттыру құралы ретінде дұрыс пайдалану. Сонда ғана біз әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыра аламыз.

Ерден ӨМІРБЕК,
Астана





