ЗАМАНА ШЫНДЫҒЫ – ЖАЗУШЫ ҚАЛАМЫНДА
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Атырау облысының және Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев биыл 85 жасқа толып отыр. Мерейлі жасына толағай табыстармен жетіп, толымды туындылар берген қаламгерді Қазақстан Жазушылар одағының және «Жұлдыз» журналы ұжымының атынан құттықтай отырып, шығармашылығының бел-белестеріне тоқталу үшін сөзді белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиеваға береміз.
«Кемел» романы туралы толғаныс
Жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Кемел» романы – соңғы кезде жазылған сүбелі туындылардың бірі. Суреткер осы туындысы арқылы өзі өмір сүрген қоғамның, тұтас бір дәуірдің шындығын бейнелеген. Сонау ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының басынан бастап күні бүгінге дейін қамтитын бұл шығармада қазақ елінің басынан кешкен алмағайып заман, сол заман көшіндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қамтылған.
Романның бас кейіпкері Шалқар – соғыстан оралмаған жауынгердің ұлы. Оның қайсар да жігерлі мінез-құлқы арқылы өмірдің қат-қабат қиындықтарынан шыңдалған, ерте есейген жастар суреттелген. Шалқардың табынатыны – шындық қана, жалтақтық, бұғып қалу, жағымпаздық оған жат. Осындай табанды ұл тәрбиелеп шығарған Мархабат ананың да образы кесек сомдалыпты. Жан жарының соңында қалған жалғыз ізін, асылдың сынығын, тұлпардың тұяғын арлы азамат етіп тәрбиелеу жолында талай арпалысты күндерді басынан кешкен Мархабат ана бейнесі – типтік бейне. Оны бүкіл қазақ аналарының жиынтық бейнесі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, табандылық, бірсөзділік, ұрпақ тәрбиесіндегі жанкештілік тәрізді қасиеттер барлық аналарға да тән.
ХХ ғасырдың аяғындағы тоқырау жылдары, Алматыдағы желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік алған алғашқы жылдар да жазушы қаламынан тыс қалмаған. Бір адамның басынан кешкен өмір шындығы арқылы тұтас халықтың сол кезеңдегі өміртанымы мен тыныс-тіршілігі шебер бейнеленген. Сонымен қатар, романда Шалқарды аяғынан шалмақ болған қулық-сұмдығы мол Тұрған, Арын секілді жағымсыз образдар да бар. Әрине, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, ізгілік пен зұлымдықтың күресі – мәңгілік, соны жазушы тапқырлықпен айшықтаған. Туындыда Тәуелсіз қазақ елі, Елбасының бейнесі айырықша шебер сомдалған. Бұл романның қазақ жастарын патриоттыққа тәрбиелеуде маңызы зор екені даусыз.
Қандай да бір көркем дүниенің іргетасы – оның тақырыбы. Бұл – академик Зейнолла Қабдоловтың анықтамасы. Қолымыздағы буы бұрқырап тұрған, ыстық-суығы әлі басылмаған, сиясы кеуіп үлгірмеген романның тақырыбы – қоғам шындығы, тәуелсіздік тағылымы. Аталған туынды – кең тынысты, полифониялық шығарма. Сондықтан, басты тақырып аясында ондаған қосымша тақырыптар қамтылған. Махаббат, сезім тақырыбын алайық. Роман 1960-шы жылдардағы жастар өмірін кеңінен қамтыған. Сол жылдардағы жастардың дүниеге көзқарасы, оқу-білімге талпынысы, сезім сергелдеңін бастан өткізуі өмір шындығымен тығыз қабысып жатыр.
Шалқар мен Самалдың бір-біріне деген кіршіксіз көңілі, алғаусыз пейілі мен адалдығы әр оқырманды да бей-жай қалдырмайды. «Кеш келген сезім» тарауында Сәнімгүл мен Шалқар арасындағы пәк сезім көрініс тапқан. Иә, «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының студенті Сәнімгүл өндірістік практикадан өту кезінде жас ферма меңгерушісі Шалқарды ішінен ұнатып қалады. Шалқардың ойында еш нәрсе жоқ, Алматыдағы аталған жоғары оқу орнында сырттай оқитын ол ауылдан әкелген базарлығымен қызды қуантпақ болады. Сәнімгүл қанша ұнатса да өз жарын шын сүйетін Шалқар адалдықтың ақ туын жықпайды. Сәнімгүлді курстасы Айдархан ұнатады. Қазақтың ақиық ақыны, Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның «Жаным деген жігітті жек көрмеңдер, Өзі сүю – қыздардың соры ғана» деген атақты өлең жолдары оралады тіл ұшына.
Романда туған жер тақырыбы да көтерілген. Алпысыншы жылдардың ортасынан басталған ауылдарды біріктіріп, үлкен ұжымшар құру науқанына қарапайым халықтың көзқарасы қандай болғанын да жасырмайды. Шығармадан адам саны аз, шағын ауылдардың тұрғындарын орталыққа күштеп көшіруге қарсылықты көруге болады. «Қимастық» деп аталатын тарауында Қалит ақсақалдың туған жер туралы толғанысы берілген. Атамекенді қимай егілген ол өкіметтің саясатына қарсы тұра алмайтынын сезеді. Сондықтан, өзі туып-өскен шағын ауылды қоршаған құм тауларымен, өзен-көлдерімен, майда самалымен қоштасады. Қалиттың ішкі монологы өте сәтті шыққан. Онда бүкіл қазақтың атакүлдікке деген сағынышты сезімі, көзқарасы, махаббаты тоғысқан.
Зұлымдық пен адалдықтың күресі, қызғаныш пен кеңпейілдікке де орын берілген. Мәселен, «Ішкі егес» тарауында зоотехник Тұрғанның ферма меңгерушісі болып жаңадан тағайындалған жас маман Шалқарға ішкі қыжылы, әдейі ұйымдастырған қысастығы суреттеледі. Сол арқылы бас кейіпкерді ширатып, ширықтырады, алдағы күресті күндердің жеңімпазы болуының алғышартын дайындайды. Кейіпкердің өз үстінен жазылған «домалақ» арыздар — жала екенін дәлелдеп шығуы шынайы түрде, қажетті детальдар арқылы бейнеленген.
Партия бюросында тәртібі қаралып, жұмыстан ығыстырылуы да шынайы өмірмен сабақтастырылып, ұтымды берілген. Ақырында ақтығы сарапқа салынып, анықталып, қайтадан сенім артылады. Бас кейіпкер Шалқардың басына түскен барша ауыртпалықты теңдей бөлісіп көтерген жары Самал бейнесі де оқырманды өзіне тарта түседі. Қазақ халқында Домалақ ана, Ұлжан, Зере сияқты еріне сүйеу, еліне тіреу болған аналар аз емес. Самал – осы аналар галереясына қосылған қазақ әйелінің типтік бейнесі.
Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің басшылығына Колбиннің келуін қарапайым еңбек адамдарының да тосырқай қарсы алғаны нанымды детальдармен өрнектелген. Одан әрі халықтың желтоқсан оқиғасына көзқарас ауыл тұрғындарының пікірімен нанымды суреттелген.
Еліміздің тәуелсіздік алуы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облысына сапары «Көктем көкжиегі» бөлімінде баяндалады. Жазушы Елбасының толғанысын ішкі монологпен бере отырып, философиялық тұжырымға жетелейді. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық таңы атқанын, еліміздің баянды болашаққа бет бұрғанын пафоспен жеткізе білген. Роман – формациялар ауысқан тұстағы өліара шақтың адам өміріне, рухани жан дүниесіне қалай әсер еткенін шыншылдықпен суреттеген туынды. Сонысымен де құнды.
Жазушының жанайқайы
Өмірзақ Қажымғалиевтің «Кемер» хикаятын талдамас бұрын осы жанрдың ерекшелігіне тоқтала кетейік. Қара сөзбен жазылған әдеби шығарманың орташа көлемді эпикалық түрі – хикаят, әдебиет зерттеушілерінің пікірінше, мағынасы мен көлеміне қарай бірде әңгіме, бірде роман деген ұғымды берген. Бұл сөзді термин ретінде анықтамақ болсақ, оның тамыры тереңде жатыр. В.Шкловский орыс шежіресінде және «Игорь полкі туралы сөзде» «хикаят» (повесть) деген атау бар екенін, екеуінде де бұл термин «болған оқиға жайлы әңгіме» деген ұғымда қолданылған дей келіп, ХҮІІІ ғасырдың елуінші жылдарында Тредиаковский бұл сөзге анығырақ сипат бергенін, французша «роман» — орысша «повесть» деп түсіндіргенін айтады.
Повесть туралы заманауи пікірлер де әр түрлі. Мәселен, В. Сорокин «үлкен әңгіме немесе кішкене роман» десе, Ф. Головенченко повестің бұл секілді аралық сипатын мойындай тұра Пушкиннің «Капитан қызы» повесі Лермонтовтың «Біздің заманның геройы» романынан үлкен екенін тілге тиек етіп, повестің жанрлық ерекшелігі көлемінде емес, мазмұнының тереңінде жатқанын еске салады.
«Повестің талдайтын тақырыбы, – депті бір жолы Гоголь жанрға теориялық анықтама бермек болып, – кез-келген кісінің басында шынымен болған не болуы мүмкін жайлар, психологиялық жағынан бір түрлі қызық жайттар; осының өзі кейде біреуге бірдеңе үйрету үшін емес, әр нәрсені байқап, байыптай алатын адамның көңілін аударып, көзін тоқтату үшін жазылады. Повесть қилы-қилы. Оның поэзиялық қасиеті аса биік болатыны сондай, кейде тіпті повесть емес, поэма атанып кетеді…». Бұл арада Гоголь повестің аса құнды қасиеттерін – мазмұны мөлдір шындықтан туатынын, оқиғасы адам мінезін ашуға ғана қызмет ететінін, идеясы жалаңаш емес, тереңде жататынын, көркемдік дәрежесі биік болатынын саралап айтқан», – дейді академик Зейнолла Қабдолов.
Бұл тұжырымда, әсіресе, повесте «психологиялық жағынан бір түрлі қызық жайттар» суреттелуге тиіс деген байлам бар. Бірақ бұлайша кесіп-пішудің қажеті жоқ сияқты. Әрбір нұсқалы повесть өмірге өзіне тән өзгешелігімен келеді. Осыны ескерсек, орта көлемді эпикалық түрдің үлгісі болып табылатын повестің жұрт таныған кейбір жанрлық сипаты — мұнда шағын эпостағыдай бір емес, бірнеше оқиға, адам өмірінің бір, не бірер эпизоды ғана емес, алуан кезеңді құбылыстары кеңірек, біраз дамытыла суреттеледі. Осы тұрғыдан алғанда біз зерттеп отырған «Кемер» хикаятының (повесінің) негізгі желісі – бас кейіпкерлер Балшырын мен Қайсардың тағдыры.
Жазушы бұл туындыда бүгінгі қоғамның бітеу жарасы саналып отырған суицид тақырыбын қозғапты. Иә, бүгінде елдің жанайқайы болып отырған көкейтесті мәселе – жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы – қоғамның бейдауа дертіне айналып отырғаны баршаға белгілі. Суреткер өз заманынан алшақ өмір сүре алмайды. Өзі өмір сүрген дәуірді, ондағы адами қарым-қатынасты, өмір шындығын қаламына арқау етеді.
Шығарманың жалпы тақырыбы суицид болғанымен, онда махаббат, достық мәселелері де кеңінен сөз болған. Бас кейіпкерлер – Балшырын мен Қайсар. Осы екі жастың айнымас адал махаббатын арқау еткен хикаятта бүгінгі таңда бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған жәйттер де қамтылыпты. Идеясы – шын сезімді құрметтеу, махаббатқа адалдық. Хикаяның прологы «-Мен бейбақ не істедім?! – деген Сілем қиылған қамыстай қисайғанда тіреу іздеген қолы ербеңдей ауаны қармап, өз қимылы мен қылығына есеп беруден айырылған күйде еденге құлап түсті…», – деген жолдармен оқыс басталады. Жазушы осы деталь арқылы оқырманның қызығушылығын оятады. Әрі қарай қандай оқиға болатынын білмекке құмарланған оқырман кітаптан бас алмай, бір демде оқып шығары сөзсіз.
Экспозицияда Балшырынның ата-әже тәрбиесін көрген, ауылдың ибалы қызы екені, қарапайым отбасында туып-өскені айтылады. Бір айта кетерлігі, жазушы бұл отбасының билігі отағасында емес, керісінше отанасы Сілемде екенін аңғартады. Халқымыз азаматтарды отбасының ғана емес, бір ауылдың, қала берді рулы елдің тірегі деп санаған. Осы салт-дәстүр қашан бұзылды? Баршаға белгілі, Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік дәуір қазақы психологияның тас-талқанын шығарды. Міне, осы жағдай Қауыс пен Сілемнің жанұясынан да көрініс береді. Қиюы кеткен нәрсенің қайта құралмайтыны секілді, бұл отбасында да береке мен бірлік жоқ екенін қаламгер тікелей айтпағанымен, сюжет желісі арқылы ұқтырады. «Әйел бастаған көш оңбас»деген халық даналығына сол арқылы көз жеткізуге болады.
Мектепке дене тәрбиесі пәні мұғалімінің келуі Балшырынның өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Суреткер оны: «Пән үшін емес, Қайсарды көру үшін ынтызарлық танытып жүрді. Оның сабағы болатын күні көңіл-күйі көтеріліп қалатын», — деп алғашқы мөлдір сезімнің ырқына түскен балғын қыздың толқымалы көңіл-күйін дәл сипаттайды. Бұл ынтызарлық сезім біржақты емес екен. Ұстазы Қайсар да махаббат жалынына өртеніп жүр: «Күндегі уақытынан кешіксе бір нәрсе іздегендей дегбірі қашып мазасызданады. Ол кіріп келгенде жан-жағы жарқырап, көңілі тойып марқаяды. Сәлемдескендегі оған қадала қараған жанарын тайдырып әкетуге күші жетпейтін». Міне, жазушыны тектен-текке адам жанының инженері деп атамайтынына осы детальдар арқылы көз жеткізуге болады.
Одан әрі шығарма сюжеті ширығып, дами түседі. Балшырынның республикалық сайыстан жүлдемен оралуы, Қайсардың қуанышы екі ғашықты одан әрі жақындата түседі. Жазғы каникулда Кавказ тауында орналасқан сауықтыру орнына екеуінің тәрбиеші болып бірге сапар шегуі де сүйген жүректердің табысуын тездеткендей. Екеуінің жұртқа жария болмау үшін сезімдерін тізгіндеп, құпиялап ұстауы да ауыл жастарының инабатты мінезіне сай суреттелген. Мектеп бітіргеннен кейінгі екі жастың өзара серт беріп, сөз байласуы араларында мөлдір сезім оянғанына оқырманды иландырып, иіріміне одан әрі тарта түседі. Балшырынның грантқа оқуға түсуі, Қайсардың жұмысын облыс орталығына ауыстыруы нанымды суреттелген. Жайық жағасындағы қалада бас қосып, оңаша қалған екеуі одан әрі сезімнің жетегінде кетеді. Екі ортада Қайсар бір бөлмелі пәтер алады, оның бұл тірлігі үй болуға, өзі сүйген адамымен тағдырын табыстыруына салған жол іспетті. Бірін-бірі шексіз сүйген Балшырын мен Қайсар осы үйде өмірдің жаңа баспалдағына қадам басады. Бәрі жақсы еді.
Екеуінің үй болып, тату-тәтті жанұя құруына барлық жағдай жасалған сияқты. Бірақ, ортада көзге көрінбес кедергі тұрды. Бөгет — қыздың анасы Сілем, ауылдан аттап шығып көрмеген, күйеуіне өктемдік жасап, отбасы билігін тартып алған ауылдың долы әйелі. Күйеуін жеңген соң балаларын бір шыбықпен айдап, бір ізбен жүргізуді көздейді. Оған мойынсұнбайтын отбасындағы жалғыз адам — Балшырын. Қызының өзіне айтпай, күйеуге шықпақ болған әрекеті Сілемге ұнамайды. Сосын өз әдісіне басып, қызын қаталдықпен жеңуді ойластырады. Қызынан мәңгілікке айырылып қалатынын қайдан білсін! Туындының шарықтау шегі – Балшырынның өзіне-өзі қол салуы. Люстраға асылып қалған қызын көргенде шашын жұлып, өкініш өзегін өртегенмен енді не амалы бар? Жастарды суицидке итермелеудің бір жолы – ата-аналардың өз баласының жанын түсінбеуі екенін автор осылай ескерткендей. Бауыр еті баласын қаталдықпен емес, түсіністікпен тәрбиелеп, қорқытып емес, мейіріммен бас игізу керектігін айтып отыр.
Жан-тәнімен құлай сүйген Балшырыннан айырылып қалған Қайсардың да жағдайы мәз емес. Жаңа өмір белесіне шығып, Балшырынмен бірге тағдырдың тәттісін ғана татпақ болып еді. Бірақ өмір оған басқа сый әзірлепті. Қайсар ондай ауыртпалықты көтеруге психологиялық жағынан дайын емес екен. Сүйген жарымен бірге кешкен естеліктерді санасымен сараптаған ол да өзегін өртеген өкініштен, сарғайтқан сағыныштан құтылудың бірден-бір жолы – өлім деп түсінеді. Бұл қорқынышты ойдан оны ешбір адам құтқара алмайды. Күзетіп жатқан жолдастарын алдап соққан ол түн ортасында үйден ұрланып шығып, Балшырынның бейітінің басына келеді. Сол жерде тамырын кесіп, бақилық болады. Артында ата-ана, бауырлары, туған-туыс, достары аһ ұрып, аңырап қалады. Шығарманың шешімі осы. Қайсар да сүйгенінің соңынан жанын қиды. Махаббатына адал болып қалды. Алайда, суреткердің айтпағы – қазіргі жастардың сезімге берілгіштігі, тағдырдың сынағына шыдамай, тез күйрегіштігі. Екі жастың мезгілсіз қаза табуының негізгі себепкері – қыздың анасы Сілем, бірақ олар соңына дейін күреспейді. Қиындықтан оңай құтылудың жолын іздейді. Осы психология қазіргі жастардың көпшілігіне тән десек, қателеспеспіз. Оны қалай қалыптастырдық? Бұл қатерден арылудың жолы қандай? Кітапты оқығаннан кейін ойлы оқырман осындай ойларға беріледі. Жастарды қиындықпен бетпе-бет келгенде жасымай, сынбай, өз идеясы үшін күресе білетін, тағдыр тауқыметін көтере алатын күрескер етіп тәрбиелеген дұрыс. Ол үшін қазіргі ата-аналардай «ұл мен қызым қиындық көрмесін» деген оймен бар ауыртпалықты өздері арқалай бермей, салмақтың бір бөлігін жастарға түсірген дұрыс. Жапондықтарда «балаңды жетіге келгенше патшадай күт, жеті жастан он бес жасқа толғанша құлыңдай жұмса, он бестен асқанда досыңдай сырлас» деген даналық тағылым бар. Жазушы да осыны ескертіп отырған сыңайлы.
Киелі мекен, қасиетті өлке
Ғасырлар, жылдар, күндер жер бетіндегі тірлікті өткен шақ қойнауына сүңгітіп, зымырандай зулап барады. Мәртебелі уақыттың өзінен басқаны мойындамай, пенде біткеннің жалған дүниедегі сапарын сағымға айналдыратыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Асқақ басып, менменсіген, аузымен құс тістеген талай тақ иелері жермен-жексен болып, атаусыз қалғаны ақиқат. Асау аттай арындаған дәуірінің жалына жармасып қаншама батырлар өтті бұл дүниеден? Мың құбылған замана желінің ыңғайын тап басып таныған қаншама билер мен абыздар ел аузында аңыз болып қалды? Иә, аспандаған таулар үгітіліп, құмға айналып кеткенін, талай түпсіз тұңғиық теңіздер мен мұхиттар суалып, тамшы суға зар шөл далаға айналғанын әжімді тарих талай рет басынан өткерген. Бір кезде атағы аспандап, азуын айға білеген империялар мен қуатты державалар күйреп, олардың орнын басқалары басқаны да шерлі шежіреге таңсық емес. Аузы дуалы ақын-жыраулар мен абыз-қариялардың Еділ-Жайық аралығын жеті жұрт жайлаған жер дейтіні содан да шығар.
«Жеті жұрт бізден бұрын олар да өткен» деп толғайды Нарын бойында өмір сүрген Шынияз Шанайұлы. Ал, осы жеті жұрт кім екенін, қай жерлерге қоныстанғанын, шамамен қай ғасырларда өмір сүргенін білетін, кейінгі ұрпаққа таратып айтып беретін адам саусақпен санарлықтай. Сонда кейінгі ұрпақ өз өлкесінің тарихын, онда өмір сүрген елге аты белгілі шайырлар мен билер, данагөй ақсақалдар мен ел қорғаған батырлар туралы қайдан біле алады? Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Ағатай» баспасынан 2020 жылы жарық көрген «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты танымдық-тағылымдық-ақпараттық кітаптың бас редакторы Өмірзақ ағамыз болатын. Редакция алқасының құрамында есімі елге белгілі тұлғалар Сәрсенбай Еңсегенов, Таңатар Дәрелов, марқұм Өтепберген Әлімгереев болса, редакциялық ұжым да осал емес, танымал қаламгерлер Жұмақай Ғұмаров, Нұрлығайын Нұғыманов, Асқар Ғұмаровтармен бірге бұл күндері ердің жүгін, елдің жүгін жұмыла көтеріп жүрген Сағынжан Рахимов, Болат Жүгінісовтей азаматтар да кітаптың жарық көруіне атсалысқан.
Жалған дүниеде бәрі де өтпелі. Мансап, лауазым, атақ, шен-шекпен, байлық – бұрынғы ата-бабалар айтып кеткендей, қолдың кірі ғана. Сондықтан, кейінгіге тастап кетер рухани мұра болғанға не жетсін! Жоғарыда айтып өткендей, жеті жұрт кетіп, жеті жұрт қонған киелі мекеннің тарихы тым-тым әріде жатыр. Халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды ұрпақ жүрегіне ұялату жолында осынау кітаптың – тұтас энциклопедияның алатын орны зор екені даусыз.
Өмірзақ Қажымғалиев бұл кітапта өлкетанушы ретінде танылып, «Жеті жұрт жайлаған жер» деген толғау-эссесінде Нарынды жайлаған жеті жұртты тарихи деректерге сүйене отырып түгендеп шыққан. Мақалада сақтар, массагеттер, яксарттар қоныстанған өлкеге ғұн тайпаларының ығысып келуі, ғұн тайпалар одағының құрылуы баяндалған. Әуелі қазіргі Моңғолия жерінде құрылып, құлашын кеңге жайған түрік қағанаты да бұл жерді өз мекендеріне айналдырған. Одан кейінгі Хазар қағанаты, оғыздар мемлекеті, ноғай ордасы… Осылайша жеті жұрт көшіп, жеті жұрт қонған киелі мекеннің дәуір дауылдары ұйтқытқан кездегі ғасырлар қойнауына жасырынған шежіресі аталмыш мақалада рет-ретімен, жік-жігімен қаттала көрсетілген.
«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық-ақпараттық кітабы бес тараудан тұрады. «Дәуір демі» аталатын тарауда Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова мен Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының маманы Фархад Байдәулетовтің «Көрінген сонадайдан Нарын еді…» деп аталатын мақаласы беріліпті. Онда Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы ежелгі қоныстар шежіресі әдемі өрілген. Сонымен қатар, ұланғайыр қазақ даласындағы қойтастар мен сандықтастардың, қорғандар мен тұрақтардың тарихы талданып, ата-бабамыздың ежелгі қоныстарынан үзік сыр шертіледі. Ал, Атырау облысы тарихи мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиевтің «Жағалай қонған жайсаң ел» тақырыбындағы жазбасы Құрманғазы ауданындағы жер-су аттарының пайда болу тарихын қамтиды.
«Киелі адамдар, қасиетті жерлер» тарауы Асанқайғы, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз жыраулардан басталыпты. Ел киелі санап, тәу етіп, зиярат жасайтын әулиелер мен пірлер туралы ел аузындағы аңыздар мен тарихи деректер бір арнаға тоғыстырылған. Ноғайлы әулие сонау Ноғай ордасы кезеңін еске салады. Батыр, тарихи тұлға Шора Нәрікұлы туралы мәлімет те аса қызықты. Жылағанды жұбатып, құлағанды демеп тұрғызған киелі әруақ иелері Сейіт баба – Сейіт Мұхаммед Құлбайұлы, Таз молда – Сардар баба Айдаболұлы туралы да құнды материалдар келтірілген. Сейіт бабаның көріпкелдігі мен даналығына Бөкей хан да тәнті болған деседі. Бүгінде бейіттері қатар орын тепкен қазақтың қос тұлғасы, бірі хан, бірі әулие пір атанған данышпан Ресейге қарасты Кіші арал дейтін төбеде мәңгілікке дамылдап жатыр. Самай биден басталып, Қарлығаш, Қазыбек, Қаби, Серікбай, Дәметкен сынды жеті атасынан сынықшылық қасиет үзілмеген әруақты ата-бабалардың жүріп өткен ізі де кітапта сайрап жатыр.
Біз әңгіме етіп отырған энциклопедиялық жинақта әр округтің әріден тамыр тартқан тарихы, жер-су аттарының шежіресі, ежелгі заманнан бергі ескерткіштер, қасиетті данагөй абыздар мен ел анасы атанған асыл жандар жөнінде де түсінік берілген. Осынау ізгі бастамаға мұрындық болып, оны қолдаған облыс әкімшілігіне аудан тұрғындары риясыз көңілден алғыс айтты. Редакция алқасының қызметіне мүмкіндік жасаған аудан әкімінің рухани құндылықтарды бағалауға деген көзқарасы биік екеніне тәнті болдық. Құрманғазы ауданының шежіресінен сыр шерткен жылдар жылнамасы бір кітаппен ғана шектелмегені де қуантады. Бірінен кейін бірі жарық көрген аталған серияны жалғастырған кітаптар – соның айғағы. Ол кітаптарда аудан өмірінен ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғалар, жазушылар мен ақындар, дәуірді өз қолдарымен құрған балықшылар мен малшылардың өмірі, тыныс-тіршілігі қамтылған. Ұрпаққа берер ұлағаты мол, шерлі де нәрлі шежіренің шашылған парақтарын жинап, оны келешекке асыл мұра ретінде ұсынуға бел шешіп кіріскен Өмірзақ Қажымғалиев ағамыз бұл күндері халықтың алғысына бөленген абыз деңгейіне көтерілген ардақты тұлға. Ғасырлар қойнауына жасырынған тарихи шындықты өскелең ұрпақ қазынасына айналдыру – өте қиын да күрделі, абыройлы қызмет десек, бұл еңбекті елдің алдындағы перзенттік парыздың өтелуі деп нық сеніммен айта аламыз.
Гүлзада
Ниетқалиева





