Тотияйын тілді тарландар
МЕЙМАНДОС ТОЛСТОЙ
1942 жылдың күзінде соғыс жағдайына байланысты орыс халқының бір топ өнер, әдебиет қайраткерлері Алматыға уақытша қоныс аударғаны белгілі. Солардың ішінде орыстың атақты жазушысы Алексей Николаевич Толстой да бар еді. Толстойды Сәбит Мұқанов үйіне қонаққа шақырып, алдына бас тартады. Алексей Толстой тілек айтып, қысқаша сөз сөйлейді:
– Құрметті достар! Қазақстанға келем деп бекінгеннен кейін, Ташкенттің кітапханасынан алдырып, жеті кітап оқыдым. Демек, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын білмей, босағасын аттауға ұялдым. Мына басты қалай ұстаудың жөн-жосығын со кітаптардан оқып үйрендім. Артық-кемі болса өздерің байқап, айтарсыңдар!», – деген екен.
МЕЙРАМХАНАДАҒЫ «ГЕНЕРАЛ»
Шоқан Уәлиханов туралы «Оның өмірі алда» деген фильмнің біраз көріністері Ленинградта түсірілгені белгілі. Шоқанның рөлінде – Нұрмұхан Жантөрин, фильмді түсіруші режиссер Мәжит Бегалин еді. Шоқан туралы кино түсіріліп жатқанын естіп, Сәбит Мұқанов та зайыбымен осы қалаға келген бойда: «Мәжит, Нұрмұхан! Тез бізге келіңдер. Біз «Астория» қонақ үйіндеміз», – деп асығыс хат жазып, біреулерден беріп жібереді. Содан Нұрмұханның үстінде Шоқанның әскери формасы белінде қылыш, аяғында шпор, «Астория» мейрамханасының есігінен Сәбең мен Мәриям апайды көрген бойда, аяғын паркет еденге сарт-сұрт еткізіп, сол қолына бас киімін ұстап, әскери адамша рапорт береді. Мейрамханада түскі ас ішіп отырған қаптаған адамдар ауыздарын ашып, таң-тамаша болады. Сәбең де рапорт қабылдағандай орнынан көтеріледі. Аз уақыт сөйлескеннен кейін, Мәжит пен Нұрмұхан сол әскери жүрісімен сатырлатып, мейрамханадан шығып кетеді. Бұлар кеткен бойда барлық столдың адамдары Сәбеңді қоршап алып: «Бұл келген кісілер кімдер?», – деп, сұрап, жан таптырмайды. Мұндай ғажайып сәтті тегін жіберетін Сәбең бе: «Бұл Шығыстың алыс түкпірінде жатқан бір елдің батыр генералы, маған арнайы сәлемдесе келіпті, ал қасындағы Мәжитті әлгі генералдың тілмашы», – деген екен.
СІЛКІНЕ БЕРСІН, СӘБЕ…
1946 жылы бұрынғы КазПИ-дің 2-ші аудиториясында Жазушылардың қалалық жиналысы болады. Мәжілісті Сәбит Мұқанов ашып, біраздан кейін сөзді ақын Қасым Аманжоловқа береді. Қаршыға тұмсық, көздері жалындап от шашқан, қайсар ақын өлеңді төпей жөнеледі. Жұрттың бәрі әйгілі ақынға ынтыға қарайды. Көпшілік өлеңге елтіп отырғанда, аяқ астынан жер сілкініп кетеді. Төбедегі шамдар теңселе бастайды. Сол кезде Сәбең өзі де біртүрлі сескенгендей болып:
– Қасым, өлеңіңді доғара тұрасың ба, жер сілкініп жатыр ғой, – дейді.
Сонда Қасым:
– Сілкіне берсін, Сәбе, талай сілкінуді көріп келіп тұрған жоқпыз ба, қайта жер сілкініп тұрғанда өлең оқыған жақсы болады, – деген екен.
ЖАС КЕЛІННІҢ ЖҮГІНДЕЙ…
Бір сапарға шығарда ақын Ғафу Қайырбеков Ғабит Мүсіреповтің жары Хұсниға: «Мына үш бірдей шабадан да Ғабеңдікі ме, мұның бәрін қалай алып жүреміз», – дейді. Сол кезде Хұсни күлімсіреп тұрып:
– Ой бұй, ағаңды білмейді екенсің ғой, мұның біреуі – киімдер, біреуі – иіс май, иіссу, опа-далап, сүлгі, орамал деген секілділер, ал үшіншісі – түгелімен тартатын темекісі, соның құрал-жабдықтары және қымбат коньяктары», – деген екен.
МЕНІ СЕН ТЕППЕГЕНДЕ, КІМ ТЕБЕДІ…
Сонау жылдары, Сәбит Мұқанов Жазушылар одағын басқарып тұрған кезеңде, Жақан Сыздықов қызулау күйінде басшыдан отын сұрап па, ақша сұрап па, әйтеуір бір жәрдем сұрап бара қалады. Сәбең сол сәтте ашуланып отырды ма, кім білсін, «қазір соған беретін көмегім жоқ» деп суық сөйлеседі. Сәбеңнің салқын қабағын, сөз ләмін жақтырмай әрі іштегі қызу қойсын ба, Жақан оны боқтап та жібереді. Шамалыға апши қоймайтын Сәбең де тұра ұмтылған кезде «ой, шертиген қарныңды»… деп тағы бір боқтап, мұнымен де қоймай, қағылез Жақан ішінен теуіп жіберіп, тұра қашады. Содан үйіне келгесін, қызуы тарқағасын зәресі ұша бастайды. Сәбиттің ол кезде тіпті дүркіреп тұрған шағы, кенеттен милиция жіберіп, жаптырып тастауы да мүмкін-ау деп, Жақанның тамағынан ас өтпей, қаралай пұшайман болады. Сонымен, арада үрейге толы бір-екі апта өтеді.
Бір күні телефон шылдыр ете түседі. Тыңдаса «Жақанбысың, әй?» деген Сәбиттің қырылдаған таныс дауысы. Жақанның тілі байланып қалады. Біраздан кейін өлеусіреген дауыспен «мен ғой» дейді. Содан Сәбең рахаттана күліп алып:
– Сен ит хабарласар деп біраз күттім ғой, анадағыға ұялып жүрсің бе, әлде қорқып жүрсің бе?, – дейді.
Екеуі де бар, – дейді Жақан күмілжіп.
Енді Сәбең бастырмалатып:
– Әй, тәйірі-ай, соған бола, сөйте ме екен, мен Сәбит болсам, сен Жақан болсаң, сен теппегенде мені кім тебеді, қой сөзді, қазір түсте үйге кел, Мәриямға дәм істетіп қойдым, екеуміз отырып жеп алайық, – деп, телефон тұтқасын қоя салады.
Сол жерде Жақанның көзіне жас толып кетеді. Елжіреп, егіліп тұрып: «Мұндай кешірімшіл, кеңпейіл, дархан басшыны кім көрген? Менің иттігімді он күнге жеткізбей, өзі сылап-сипап жазып алды-ау! Әй, айналайын, бүйтпесең Сәбит болармысың!», – деген екен.
ТАМАША «ТӘСІЛ»
Сонау жылдары Жұмекен Нәжімеденов «Жазушы» баспасында редактор болған кезінде қолына Әбулақап Райымбековтың қомақты қолжазбасы түседі. Қолжазбаны мұқият оқыған Жұмекен қынжыла отырып, мынадай пікір жазады:
«Әбулақап Райымбеков жинағында арнау өлең өте көп. Автор өз өлеңдерінің алдына құлаш-құлаш алғы сөз жазып, анаған да, мынаған да арнай берген, арнай берген. Кейде көңілі түскен адамдарын (әрқайсысына жеке-жеке арнау жазудан жалыққан да шығар) тізіп ап, бәріне бір-ақ өлең арнау тәсілін де тапқан. Мысалы:
Есмағамбет, Бейсембай, Әлкей, Сәбит,
Әбділда, Мәлік, Ханғали, Әбілхамит,
Белгібай, Мұрат, Хайролла, қолдап Серік
Ғылымға мені әкелген өзі Ғабит.
Міне, Әбулақап Райымбеков келе-келе осылай сілтейді», – деген екен.




